Адам қарады: 8193 | Жарияланды: 2019-08-26 02:11:08

Ең әдемі қылмыскер

икаят

Москва 29 ноября РИА новости.Объяв ленная в розыск по подозрению в мошеничестве жительница Китая прозванная пользователями сети «самой красивой преступницей страны».Девушки по имени Цинчэнь Цзинцзин стала популярной после того , как полицейские опубликовали ее фотографию. По версии право хранительных органов  она входила в преступное сообщество , члены которого занимались мощеничеством.Их жертвами становились посетители баров и чайных домов  в городе Мяньян в провенции Сычуань... «В том , чтобы быть красивой , нет ничего плохого , но использовать свою внешность для совершения преступлений неправильно» отметили в полиции, сообщив о ее задержании.

         Том-том істерді қарап отырған Бауыржан   соңғы  кезде  баршасының бас ауруына айналған  алаяқ бойжеткен туралы ойлады. Интернеттен Қытайда  елдің бәрін алдап жүрген сұлудың ұсталғаны  туралы хабарды тыңдап , еріксіз жымиды.Әр елде бір алаяқ дегендей , біреу болса жарар еді-ау, көп болып кетті. Халқымыз да  аңқау ма, аңғал ма, не болса соған сенеді.Біреу ауруыңнан жазып берем десе , сене салады. Біреу жоғыңды тауып берем десе, қолындағысын   бере салады. Біреу  пәтер алып берем десе, бірнеше жыл жиыған тиын-тебенін ойланбай–ақ ұстата салады.Ал, анау пирамида деген ойын ше, оны  айтып түсіндіргенде-ақ көзі ашық , көңілі ояулар бірден арбау екенін  түсінуі керек. Біздің адамдар түсінбейді. Енді , пәлен адам жинап бер, олар ақша салады, олар тағы пәлен адам жинайды, олар да  ақша салады.Сол адамдардың  баршасы ақша салып  болған соң,  сіз ақшаңызды үстемемен қайырып аласыз дейді. Сонша  адам жинай алмасаң, үстеме түгелі өз ақшаңды қайтарып ала алмайсың.Іс бітті, қу кетті болады да қояды.  Жоқ.Жүздеген , мыңдаған  адам, кенттен байып кетем деген үмітпен , сол пирамидаға түсіп,жер соғып қалады.  Кезекші  телефон соқты .

         –Жолдас подполковник Сіздің шақыруыңыз бойынша ,бір қыз келіп тұр.

         –Жақсы .Жіберіңіз.

           Қағаздарын  ысырып, ноутбугін жапты.

Ішке талдырмаш денелі , қара көзілдірікті  қыз кірді. Кабинет  іші француз әтіріне бөленді. Әдемі иіс.Әдемі қыз.Тергеуші бір түрлі көңілденіп , жөткірініп алды.

         –Сіз кім боласыз?

         –Оразова Жанна.

Алдындағы шақыру қағаздарын аударыстырған  бас тергеуші  ол айтқан ат-жөнді көре алмай таң қалды.

         -Сізді  кім шақырды?

         –Сіз шақырдыңыз.Жоға , өзім келдім.

         – Не бүлдірдіңіз?

         –Ештеңе.Сіздің  жігіттеріңіз қырындайды.Маза бермейді.

         –Нақты аты-жөнін айта аласыз ба?

         –Олар көп қой .Қайсы бірін айтам.

         –Ең болмаса ,  кім, қай жерде   мазалайды ,соны айтыңыз?

         –Кез келген кафеде, барда. Ресторанда.Біз сияқты сұлу қыздарды жүргізбейді.

         –Сіз оқисыз ба,әлде жұмыс жасайсыз ба?

         –Оқимын.

         –Нақты аты –жөнін айтпаған соң,  кез келген қызметкеріме  тиісе алмаймын ғой.

         –Тиіспеңіз. Есім хатыңызды беріңізші. Енді тиссе, сізге  хабарлайын.

Бауыржан визиткасын  ұсынды.Әдемі қыз еркелей жымиды.

         –Пагон таққандардың бәрі сіздей мейірімді болса, біз сияқты қарындастарыңыз ешкімнен зәбір көрмеген болар еді. Сау тұрыңыз.

         –Жақсы . Хабарласаңыз  Сізге тиіскендермен сөйлесетін боламын. Бойжеткен басын изеді де, жеп -жеңіл басып, шығып кетті. Бөлмеде  әтірдің хош иісі қалды.

         Тергеуші  осы қыздың суретін бір жерден көргендей болған соң, сол бойы  ноутбугін ашып,  іздеуде жүрген қылмыскерлердің тізімдері мен суреттеріне көз сала бастады. Бір бойжеткеннің  түр –тұрпаты , бой өлшемі , өзінің алдында жаңа ғана болып кеткенге қатты ұқсайды. Кезекшіге  телефон соқты:

         –Жаңағы бойжеткен кетіп қалды ма?

         –Иә. Подполковник мырза.Сіздің визиткаңызды  көрсетіп шығып кетті.

         Сонда ғана Бауыржан өздері іздеп жүрген « ең әдемі алаяққа »  алданып қалғанын біліп , санын бір соқты.» «Еркек  сұлу көрсе, ешек» деп кім айтқанын  есіне түсіре алмай дал болды. Енді өзінің есімхатын талайларға  көрсетіп,  не  бүлдіретінін бір құдай білсін.

 Осы сәт  тергеушісі Мақсат кірді .

         –Келіңіз , отырыңыз.

         –Подполковник мырза, демалыс  берсеңіз.Теңіз жағасына жолдама алғам.

         –Жалғыз барасыз ба?

         –Иә, әзірге жалғызбын.

         –Япыра-й ..әә..Қызық болды. Талтүсте  алданып қалдым.

         –Кімге?

         –Әлгі ұстатпай жүрген «ең әдемі  қылмыскерге».

         –Қалайша? Қалай кірген?!

         -Шақыртты депті.

         –Өзі үріп ауызға салғандай екен. Текті әулеттен шыққан сылқым   екен деп қалдым.Біздің жігіттердің  қырындап маза бермейтіндігіне шағым айта келдім деді. Оның   айтқанына   күмәнданбадым.Жігіттердің де сыры мәлім ғой.Үйлерініен бір қадам шықса, бойдақ бола қалады.Кім , қай жерде, нақты айтпасаңыз қайдан білемін дедім. Ол маған визиткаңызды беріңізші,  олар енді тиісетін болса, өзіңізге звондайын деді. Бердім. Тек шығып кеткен соң, оны бір жерден көргендей боп ноутбугімді ашсам. Халықаралық іздеу салынған  алаяқтың өзі.Немесе сыбайласы.Әйтуір, сау сиырдың боғы  емес болып шықты.

         –Енді ұстадыңыздар ма?

         –Ұстайтынның  бірі өзің емеспісін.Жолдамам күйіп бара жатыр деп отпуска  сұрап отырсын.

         –Екі жыл бойы дем алмаппын. .Теңіз жағасына барып, аунап –қунап, сергіп келегім келеді..

         –Жарар, енді сенсіз де   бір амалын табармыз.–Ол  қызметкерінің  рапортына  қол қойып берді..

 

          

 

 

                                       ***

 

                                 

 

         Қыз  кішкентайынан  автобустың үстінде өсті . Әке-шешесі қалаға іргелес поселкеден үй тұрғызған. Бірақ, ол жерде мектеп те жоқ , бала бақша да жоқ. Бұл аумаққа  үй салынғанда жоспарға енбеген көрінеді.Шынашақтай болып  бірінші сыныптан бастап, мектепке бару үшін көзін тырнап  көлік аялдамасында тұрады.Әйтуір мейрімді адамдардың арқасында  ілігеді. Ілікпесе кетіп бара жатқан  көліктің артынан көзін сүзіп қала береді.Сөйтіп бастауышты аяқтады. Тұлымшағы желбіреп, арадан ине өтетін саңылау болса , өзі  кіріп кетеді. Жүргіншілердің қалтасы оның көзінің алдында тұрады. Бір де аш , бірде  тоқ . Тұрақты жұмысы жоқ  әке –шешесі жарытып жалақы таппайды.  Бір жетіден бері  бір жапырақ  нан  көздерінен бір-бір ұшты.Өзінен кейінгі  кіп-кішкентай  екі сіңілісі де  тамақ сұрап, қыңқылдай береді  .Кішкентайы «тәте, пшен» дейді .Бұл печение дегені.Қайдан алады? Өзінің тойып ас ішпегеніне бірнеше күн. Мектептегі сыныптастары үйлерінен  тамақ әкеледі. Әкелмегендері асханаға барып, жүрек жалғайды. Бұл сілекейі шұбырып, әрқайсының аузына қарап, жұтынады. Кейде басы айналып, мұғалімнің не айтып отырғаны  миына жетпей қояды. Қаны аз.  Бүгін де бұралып,  көлікке әрең  ілесті. Қарсы алдындағы ұзын сирақ бойжеткеннің әмияны мені ал дегендей,  джинсінің артқы қалтасынан жартылай көрініп тұр. Айсұлу жан-жағына қарады. Олардың бәрі биікте. Бұл аласада..Ешкім көрмейді.Қолын созып,  кошелекті суырып алды да, басқа жерге  ауысты. Келесі  тұрақтан анау түсіп қалды. Сөмкесінің түбіне тығып жіберген олжасын ашып қарауға қорыққан кішкене қыз сабақ бойы соны ойлаумен отырды. Ішінде нан алып жейтін тиын –тебен болса жарар еді  деп тілейді. Сабақты тыңдамағын үшін  екілікті арқалап үйіне қайтқан қыз  қайғырмады.Сабағын қадағалап, ұрысатын ата –анасы  күнкөріс қамымен күні бойы үй көрмейді.Ол шыдай алмай жолдағы  дүкенге  кірді. Түрлі тамақтан көз сүрінеді. Оған жақтырмай қараған сатушы :

         –Саған не  керек?–деп тақ етті.

         –Ештеңе. Сөмкесіндегі әмиянды  ашып қарауға қорыққан қыз далаға шығып, тасалау жер іздеді де, бір ағашты көлегейлеп,  сөмкесінің түбіне қолын тықты.Апұл-ғұпыл ашқанда, үш қызыл қағазды көріп , қуанып кетті.Бұл он бес мың ! Сіңілілеріме  талғажу алайын деп, біреуін алақанына қыстырып  ішке кірді.

         –Немене тағы келдің бе?

         –Апай , ақшам бар еді. Тек таба алмай қалғам .- Маған тоқаш пен бір кило печение беріңізші,– деп бес мыңдығын ұсынды. Көзін бақырайта қараған келіншек сұрағанын беріп,  күдіктене шығарып салды.

         Үйіне жүгіріп кіріп,  ішкі үйде ойнап отырған екі сіңілісіне пакет толы печение ұстатқанда, аналар тарпа бас салды.Қалған ақшасын қайда тығарын білмей басы қатты. Ата-анасы білсе, біріншіден ұрысады. Екіншіден, қарыздары  көп бірден жұмсап қояды. Олар білмесе ,  күніне жүрек жалғар бір нәрсе сатып алып, қарындары ашпай жүрер еді.

         Күні бойы  базардағылардың затын тасып , шаршап-шалдығып  келетін ата-анасы  қызының сабағын тексеруге де әлдері  келмей құлайды.Ол күні де солай болды. Кішкене қыздың алғашқы  қалтаға түсуі осылай  ешкім сезбеген күйде  сәтті  аяқталды. Оның есесіне  он бес күндей  мектептің асханасынан тоқаш, дүкеннен түрлі  тәтті , балмұздақ алып , бүйірі бір шығып, сіңілілерін де тойындырып  қалды. Енді ол көлікке кірген бойы кімнің әмияны қай жерде ,соны аңдуға айналды. Көлікте  адам көп болса, оның жолы болады. Бойы  артқы қалтаға тұспа-тұс келеді.Кіп-кішкентай  болғандықтан, ұрлықшы деп те ешкім ойламайды. Көбісі қамқорлап «қысылып қаласын» деп ашық жерге қарай итермелейді. Ол болса , тығылысқа ұмтылады.Осылай анда-санда  түскен олжасымен қарнын тойдырып жаман үйренгендігі сонша,   он бітіргенде  бау кеспе ұры болып шыға келді. Бір қызығы, әркімнің қалтасын қаққан қыз қазықтай  сұлу, бет әлпеті  қарасаң көз тоятындай көрікті . Былайрақ барған соң , аңқау жігіттерді алдарқатып, әңгіме айтып тұрып та , қалтасын сыпырады. Мектеп бітіріп , институтқа түскен соң, енді іріден  қамтуды көздеп , түрлі айла- шарғыларға  көшті. Пәтер алып  берем,банкіден  пайызсыз қарыз алып берем деп , қармағына ілінген аңқауларды оңай алдап кете береді.

 

                                         ***

         Осылай   олжалаған қаржысына бір бөлмелі пәтер алып, компьютер арқылы  түрлі түбіртектің көшірмесін , куәліктердің жалған түрін жасап , өз кәсібінің қыры –сырына әбден жетікті. Кейінгі  кезде  кафелер мен ресторандарды оңай алдап кетуді шығарды. Тамақтанып алып, органның адамымен деп жасанды куәлігін көрсетіп  кете береді. Онымен тіресуге өздерінің тіріліктерінің  арты ашылып қалама деп қорыққандар. « Бәледен  машайық қашыпты,» кете берсін, біз одан жарлы болып қалмаспыз деп қолдарын бір сермейді.Сөйтіп оның  әдемі көлікке де қолы жетті.Енді тіпті жолы ашылды. Қаламен іргелес қоныстанған  елді мекендердің адамдары  аңқау келеді.Несие алып берем,  пәтерге өшіретке кезексіз кіргізем десе, бірі болмаса, бірі қармаққа ілініп , қолындағы барын береді.Көрерrе көз керек  сұлудың тілі майда, айтатын дәлелдері айдан –анық , қолында ақшаға беретін жасанды  түбір тек. Оған қалай сенбейді? Тіпті  , үйленбеген бойдақ жігіттері бар үйлер ақша түгелі, балаларына ие бола алмай қалады. Сұлу бикештің соңына еріп кетуге дайын  есерлерінің етегінен басып,  берерлерін беріп құтылады.Осылай  аты аңызға айналған  «ең әдемі қылмыскер» жергілікті полицияның  бас ауруына айналып , бұғақтай алмағандары үшін әкім қарадан, басшыларынан еститін күндегі  сөгісіне айналғалы біраз болған.  . Осылай құқыққорғау органдары  дүрлігіп ,  періштедей  періні іздеп, естері шығып жүргенде, ол аспай –саспай тергеу бөліміне  кіріп, бөлім жетекшісінің есімхатын алып кеткенін білгенде,  департамент басшысы генерал Райс Сапарұлы ашудан жарыла жаздады. Тіпті «сенгенім сен болсаң »  деген сөз тіл ұшында  тұрып, айтпай қалды.

            –Ай қарадың ба, саған не болды?– деп шүйлікті  бұрынғы шәкірті Бауыржанға.

         –Айыптымын ,алданып қалдым. Өте  көрікті екен,–деді.Мұнысын ұстазының  бір кезде арыз беруші жас сұлуға ғашық болғанын меңзеп тұрғандай етіп айтты. Генерал  солай түсініп, тіксініп қалды.

         –Немене , ол саған көркін көрсетуге келіп  пе ? Қай уақыттан бері  біз сән көрсететін cалонға айналдық!.Хабарландырудан  күнде көріп жүрген аты шулы алаяқты   танымайсыз ба?. Әмияныңыз орнында  ма?

         Ондай сұрақты күтпесе керек.Тергеуші қалтасын сипалады.

         –Орнында.

         –Оған да шүкір.

         –Ол да қолды болуы  мүмкін еді.

         –Енді көздерің жетті ме, оның ұстатпауының себебін түсіндіңіздер ме? Үнсіздік.

         –Ол саспайды. Қорықпайды. Адамдардың сеніміне әбден  кіріп алған. Сыр білдірмейді. Департаментке кіріп, бөлім басшының визиткасын сұрап алып, аспай –саспай шығып кетті. Ол бізді мазақ етті. Сендер осылай жұмыс жасайсыңдар деп көзімізге шұқыды. Ешкімнен сезіктенбейміз.Анау жайылып жатқан жалпақ жұртымыз тәріздіміз.Не айтса ,соған сене  береміз.Есіктің аузындағы қарауылымыздан бастап, бәріміз сондаймыз.Ал, енді іздейік.Не істеп отырсыңдар.   

         –Іздеудеміз. Үшті-гүйлі жоқ.Жердің астына кіріп кеткен тәрізді.

         –Мүмкін ұшып кеткен шығар. Кабинетте үнсіздік.  Тек тіл ұшына оралған  сөзінен  генерал ғана ойланып қалды.

 

 

                                                  ***

         Айтқандай –ақ, келесі күні  сүйкімді сұлу Турцияға баратын ұшаққа отырып,  теңіз жағасына демалуға  кетіп бара жатты.

         Ол осындай сапарларда да  құрбандығын  тауып, қалтасын майлап  қайтатын. Жанындағы жігіттің ноутбугіне біраз көз салып отырды да , қалғып кеткен боп иығына  сүйенді. Әдемі қыздың шашының хош иісі тұла бойын балқытқан серігі оны оятып алмауға тырысты. Ұйқыдағы ару оны іштей реттеп, осал жерін біліп алғысы  келгендей,  тәтті ұйқыға кеткеннің кебін киді.Сапарласы жәйлап қана   мойнының астына жұмсақ бірнәрсе салғандай болды.Жемтігінен айрылып қалуға қорыққан ол шошыған түрмен басын кекжең еткізді.

         –Кешіріңіз , оятып жібердім  бе?–деді қасындағы серігі.

         –Ой, сіз кешіріңіз, қызметтен шаршап шыққам , қалғып кетіппін. Мазаңызды алдым ба?– деді  сызылып.

         –Айып болмаса ,қайда  қызмет жасайсыз?

         –Халыққа қызмет көрсету орталығында.

         –Шаршайтын орын. Күнделікті  клиенттері көп.

Өмірі еш жәрде қызмет жасап  көрмеген бойжеткен қиғаш қасын  керіп:

         –Әбден шаршаймыз ,–деді де, – артық сауал түсіп, ұсталып қалармын , деген оймен.

         –Өзіңіз қай саладансыз? – деді.

         –Мұнай компаниясында.

Іздегенге  сұраған нағыз байлық көзі екенсің деп ойлаған қыз  күлімдеп бір қарады да:     

            –Майлы жерде  екенсіз ғой,–деді әзілдеген боп.   

  • Бірдеңе ішесіз бе, не алдырайын?-  деп жігіт ізет білдірді.
  • Коко-кола. Болса, балмұздақ.
  • Тағамнан не алдырайын?
  • Рахмет.Ұшақта  тамаққа тәбетім тартпайды.
  • Бірінші рет келе жатырсыз ба?
  • Бұрын да болғанмын.
  • Мен бірінші рет..
  • Оныңыз қалай, байлықтың ортасында отырып,  басқа жақта

        

 дем алып жүрген шығарсыз.

         –Анталияға бірінші рет. Бұрын келсеңіз.Маған кеңесші боласыз ғой.

         –Мен ертеректе  келгенмін.

         –Тіл білесіз бе?

         –Жоқ.

         –Мамандығыңыз кім боласыз?

         – Тіл маманымын.

         –Тіл маманы болсаңыз , кез келген адаммен оңай тіл табысасыз ғой.

         –Керісінше, танымайтын адамдармен тіл табыса алмаймын.

         –Мені де танымайсыз.Тіл табысып отырсыз ғой ,– деп жігіт қалжыңдады.

         –Сіз сөзге  тартып отырсыз ғой.

         –Солай ма ? Онда  танысалық.

         –Рита.

         –Мақсат.

         –Атыңызды  ата-анаңыз орысша қойған екен.

         –Татарша.Шешем- татар.Әкем- қазақ.

         –Солай ма? Аралас екенсіз ғой. Қаны араластар сіз сияқты  сұлу болады.

         –Рахмет.

Ұшақ діттеген  жерге   түн ортасында қонды.

Екеуінің   отельдері де  бір болып шықты.

         Осы кезге дейін  біреумен  жанаса кетсе, оны алдап-арбауда осал тұсын іздейтін бойжеткеннің бойында   жаңа танысына  өзгеше сезім пайда болғандай күйде. Мектепте жүргенде  парталас  сыныптасына алғашқы сезімі оянған.Ауқатты  жанұяның  баласы оған пысқырып та қарамады.Қай  қыз  модамен  киініп, қымбат көлікпен келетін болса , соларға қырындап, солармен әзілдесіп, ғашық болып жүрген бұл байғұсты көзіне де  ілмеген.Жұпыны   киініп, жоқшылықпен    өскен қыздың  көркі аналардың барлығынан артық болса да, «аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» деген заманда , ауқаттылардың балалары бөлек жүретін. Оны сондай жақсы  көрген қыз  талай соңынан  салпылдаған. Талай рет анау әкіреңдеп, «Сен  қызға  соңымнан ерме деп ескертпедім бе », деп сөккен.Тақи болмаған соң , бір күні оңаша шақырып, жағынан тартып жіберіп, бетіне түкірген.Сонда барып есін жиған « Ләйле» «Мәжнүнінен» біржолата  күдерін үзіп, маңына жоламаған.  

         Жылай-жылай  махаббаты құм сіңді болған. Одан кейін, сол өзін менсінбеген бай-манаптардың жәбірі өтті ме, қалайда баюдың қамын ойлап,оның ебінің таза еңбекпен өнбейтінін білген соң, аңқауларды алдап –арбау жолына түсіп, оңай олжаға кенелудің қыры-сырына қанығумен біраз уақыт өткізіп алған.

         Ұшақта кездескен жігітті қалай ойламайын десе де, көз алдынан кетпей қойды.Оның бар қимылы, жүріс-тұрысы , сөйлеген сөзі өзі  күткен жүрек қалауы тәрізді.Бірақ ол кім? Бұл кім?Қыз өз ойынан өзі шошиды.Бұл– халықаралық  іздеу жарияланған алаяқ. Полицияның қолына түссе оңдырмайды.Қанша адамды жұмысқа орналастырам, пәтер алып берем, жер алып берем, ең аяғы балаларыңды балабақшаға орналастырам деп, алдаусыратып жер соқтырды. Оларға уәде беріп , айналсоқтап жүреді де, ақшасын алып алған соң,  зым-зия жоғалады. Өздерінің де обалдары жоқ. Алдайын деп алдамайды. Тамырларын басып, пәтер туралы , жұмыс туралы әңгімеге тартса болды.Қақпанға түсіп,қыбырлай алмай қалады. Мұның тілінің бізі бар. Кез келген кісінің басын айналдырып,  оп-оңай иландырады.Полицияның «особа  опасно» деп  іздеу салып жатқаны да  содан . Өткенде  әне бір  капитанды қатырды. Ол бір нәрседен сезіктенді ме, кафеде шыр айналдырып жібермей қойды. Ақыры  кабинетіне кіріп, сұрап алған подполковниктің есімхатын көрсетіп, «ол менің туысқаным, жібермесеңіз, қазір телефон соғам »дегенде,  жібере салды емес пе?   Осы жолы реті келсе, шет елде   қалып қойғысы бар.  Ұшақта қатар отырған жігіттің телефон нөмірін сұрамағынына іші удай ашиды. Қызық , джинтельмендік  жасап өзі сұрамай ма? Әлде мен ұнамадым ба? Мүмкін емес.

         Бойжеткен   жатын бөлмесінде де байыз таба алмады.Жүрегі аласұрып, ұшақта жанында отырған жігіт ойынан кетпей қойды. Оның бар кескін-келбетін, жұмбақ жымиысын ұмыта алар емес.. Мамық көпшікке басын тығып, ұйықтап кетуге  тырысқанмен,  түрлі қиялға беріліп, шымшылаған  сезімнің жетегіне ере берді.Несі бар, ол менің кім екенімді қайдан білсін.Егер басқа заманда , басқа қоғамда өмір сүрсем, керемет  артист немесе психолог болар ма едім.Бойжеткен алғаш рет өзінің  басқа қыздардай сүюге, сүйікті болуға құқының жоғын ойлап, өзегін өкініш өртеді. Неге мен басқалардай тіршіліктің тәтті дәмін татуға тиіс емеспін деген сүреңсіз ойлармен арпалысып , таңды атырды.

         Таң ертеңгілік жуынып , шайынып, теңіз жағасына беттегенде, өзіне қарам-қарсы келе жатқан кешегі жол серігін көріп,   қуаныштан жүрегі дүрсілдей  соқты..Ол да жағажайлық жеңіл киім киіп,  қара көзілдірігін қондырып , дем алуға беттеген  екен. Ілтипатпен амандасты.

         –Қалайсыз, жақсы дем алдыңыз ба?

         –Бірінші  күні өзге керуетке үйрене алмаймын. Әдемі қыз оймақтай аузын көлегейлеп, есінеді.

         –Мен де  солай, үйренгенше ,есірік ұйқы болам.

         –Ондай да ұйқы бола ма?–Қыз күлді

         –Неге болмасын. Шала ұйқы.

         –Ааа ... шала ұйқы дейсіз бе?

         –Жүріңіз , былайрақ , оңашалау жерге барайық. Жүзу білесіз бе?

         –Дұрыс білмеймін.

         –Қорықпаңыз, қасыңызда  мен бармын.

          

                                ***

         Cудан шыққан жігіт күнқағардың астына жайғасып,құмырсқадай қыбырлаған жағаға көз тікті. Осы кез өзіне қарай беттеп келе жатқан  таныс бойжеткенге көзі түсті.Суға түсер киімі бар денесін мүсіндеп,қолаң шашы қобыраған   ару  судан шыққан су перісіндей ғажайып сұлу екен.

         –Уу... су салқын екен...–деп күлімсіреді.

         –Қақталып алыңыз.

         –Сіз де салқындадыңыз ба?

         –Жоқ.Суды онша ұнатпаймын.

         –Суды ұнатпасаңыз теңізге  келіп , неңіз бар?

         –Сусыз  шөлде өстім.

         –Мен де шөлде өстім.Бірақ суды ұнатам.

         –Рита, жақынырақ танысайық.Отырыңыз.

         –Біз таныстық қой.

         –Одан  да жақынырақ таныссақ айып па?

Қызды екі ұдай сезім биледі.Жігтті жақынырақ білуге өзі де қарсы емес.Бірақ әркімнен сезіктеніп, сырын алдырмауға үйренген әккілігі алдын орап, әлденеге кежегесі кейін тарта береді.Қиянда қалған қылмысы елден елге асып,аяғына оралғы  болмайтынына сенімі де шамалы.

         –Мархаббат.– деп күлімсіреді.

         –Кешке қыдыралық.Отельдің бірінші қатарында ойын-сауық орталығы бар.

         –Жарайды.

Сол  күнен бастап он күн бойы қыз бен жігттің жұбы жазылмай, дем алыстың талай қызықтарын бірге тамашалады.Теңізге шығып, саяхат кемесінде тербелді.Екеуі де осыған дейінгі  өмірлерін мүлде ұмытқандай,рахатқа бөленіп, алаңсыз қыдырыстады. Екеуінің де жүрегін жаулап, көңілдерін көл-көсір еткен  сүйіспеншілік сезімімен ыстық құшақтары жазылмай, бір төсекке жатып , бір төсектен өретін халге  жетті..Осы бір ғажайып сәттерінен  көз жазып қалмауға тырысқандай, екеуі де  қайтуға асықпаған. Әттең, он бірінші күнгі оқиға  бәрін бұзды...

                                  ***

          Түске дейін саяхаттып, дүкен аралап, түстен  кейін  теңізге  шығып, жағажайда дем алып жатқан. Жігіт осы сапары жүрек қалауын тапқанына ризашылықпен ,  ретін тауып,  болашақтары туралы сөз бастауды ойлаған. Жігіттер  олжалы қайтыпсын деп,  сұлуымды көргенде көздерін сүзетін болды деп қиялданып, қасындағы  күннен жүзін көлегейлеп , денесінің бар бедерін бетке ұстатып жатқан  сүйіктісіне  қарап,   ду еткен құмарлығын құмықтырып, кешкі ләззатты шақтарына асығып, көзі қайта жұмғанда,, тап қасынан баж еткен ащы  үнінен, шошынып , атып тұрды. Көзілдірікті бейтаныс әйел  сүйіктісінің шашынан тартып, жұлқылап  жатқанын  көргенде, сілейіп  тұрып қалды.

         –Ах, алаяқ,  арсыз, ақыры қолыма түстің бе ?Қайда менің  отыз мың долларым? Қайда  Астанадан алып берем деген  үйің?Қашып,  осында келген екенсің ғой қара бет!

                Әйел қоян аулаған бүркіттей  сұлудың үстіне қона кеткен.Сол бойы есін жиған  жігіт алысып-жұлысып жатқан екеуді арашаламақшы болып ұмтылды.

         –Жіберіңіз , жұлдыңыз ғой ,-деп шаштан тартқан  қолына жармасты..

         –Сен де мынаумен   ауыз жаласқан алаяқпысың! Екеуіңді де ұстап берем.

                       Жиналғандардың арашасына қарамай, жемтігін жұлмалап жатқан әйел бір кез көзі аларып, құлап бара жатты. Ұйпа-тұпа болған қыз қоянның көжегі құсап , қаша жөнелді. Ес-түссіз қалған әйелді қаумалағандар жиналып қалды.

         –Ой , боже...Она уже не жилец,–деді біреуі тамырын ұстап.

         –Не ғып  абдырап қалдыңдар, дәрігер бар ма, дәрігер шақырыңдар ,-деді  қартамыс әйел.

         –Мұнда , дәрігер келе ме? Шет елде  страховой полюс керек.–деді бір келіншек.Сол арада біреу шақырса  керек, дәрігерлер де жетті. Жалма-жан кеудесін тыңдап,   носилкеге салып ала жөнелді.

         –Тірі екен байғұс.Тірі болмаса , мыналар алмайды,–деді біреу.

         –Иә, қатты ашуланғаннан қан қысымы көтеріліп кеткен болу керек.

         –Ана қыз қайда? Оңбаған, аферист біреудің ақшасын алдап алып, теңіздің жағасында дем алып жүрген болды.

         –Ой, ол мана қарасын батырды.

             Мақсат сол бойы отельге барғанда, ондағы решэпсіндер « Ондай адам бізде жоқ »деді. Рита деген есім  тізім де тіркелмеген. .Келесі отельдерге қоныс аударуы мүмкін ғой. Жалған ат жамылып жүрген жалдапты сан мыңдаған туристердің арасынан қалай  табуға болады.     Атақты Шекспир: «Бүкіл әлеміңіз–театр, ал адамдарыңыз –актерлер» деп бекер айтпаған екен.Мынау нағыз актерлік шеберліктің көрнісі болды. Ана  әйел де көрген жерден жабыса кетіп , бекер жасады. Ол байғұс өліп кетпесе болғаны. Кімнен сұрап білуге болар екен деп дәрігерлік пункітке барған тергеуші оны орталықтағы ауруханаға алып кеткенін. Әйелдің  өміріне қауіп төніп тұрмағанын анықтады.

        

          Күні бойы автобус аялдамаларын , жағажайларды аралап  ,  ешбір дерек ала алмай,  отельге  оралғанда, жағажайда қанен-қаперсіз дем алып отырған  ескі танысын көріп, таң қалды.Қасына жақындауға шошытып алам ба деп қобалжығаны сонша, анадайдан :–Рита ,–деп дауыстады. Ананың   қашатын ойы жоқ:

         –Аа...а ...сіз бе,  көрінбедіңіз ғой ,-деді.

         –Басқа отельде танысым бар еді, сонда барып келдім ,–деді Мақсат та сыр білдірмей. .

         –Анау әйелдің жағдайын  білдім. Сіз білдіңіз бе ?

         –Мен неге білуге  тиіспін-?!.Ол әйелді өмірі бірінші көруім. Ол есуас мені біреумен шатыстырды.Басымның құйқылары  әлі ауырып тұр , –деп  қабағын кіржитті.

         –Сіз , оны шынымен танымайсыз ба?

         –Әрине, танымаймын. Ол –ауру.Оның ауру екеніне көзіңіз жетпеді бе? Қояншығы  ұстап құлап қалған жоқ па? Құлап қалған аурулардың бәрі қояншық.

         –Мен қазір құлап қалсам, мен де қояншық болам ба?

         –Сіз неге құлайсыз?

         –Күн ыссы .Кім біліпті.

            Қыз  мақпал қара шаштарын сүйрік саусақтарымен кейін қайырды. Қап қара ұзын кірпігі  көлегейлеген бота көздері кең ашылды. Аппақ  жүзіне қыр мұрыны жарасып, үлбіреген еріндері сәл ашылып,  аққу мойынын  соза  қиыла қарады. Жігіт  еріксіз елжіреді. Бұл жәй сұлулық емес, сиқырлы  сұлуллық. Бір жазушы ағасы  «Сүю  өзгеге тәнің мен жаныңды құл етіп матап беретін тәтті у, сүйкімді жауыз» деген екен.  Алдында  тұрған сүйкімді жауызды, бас салып, құмарлана сүйіп, бауырына басқасысы  келгені сонша өзін-өзі  әрең тежеді. «Ол аты  аңызға айналған  алаяқ, ол ерлерді бір қарағанан жолынан тайдырады. Бір ауыз сөзімен әйелдерді алдарқатып, айтқанын істетіп , айдағанына жүргізеді.Оның жүзі  әдемі болғанмен, пейілі қара. Адамды алдаудың , арбаудың барлық сыр-сипатын біліп алған  нақ сұрқияның өзі, ол тәжірибелі психолог. Аңғармасаң, алдап-арбап қақпанына түсіреді.. ,– деген  еді генерал өздері таба алмай жүрген алаяқ сұлу туралы. Егер бұл нақ сол болса ше?!..

          Мақсат  әлденеге жымиды да, қызға қарап:

          –Біреуді сүйіп көрдіңіз бе?–деді.

         –Ақшадан басқа ешкімді сүйіп көрген жоқпын ,–деді  ол ешбір қымсынбастан.

         –Сонда ақшаға сатылдыңыз ба?

         –Жоқ. Мен сатылмай-ақ ақша жасай білемін.–деді тағы да міз бақпастан. «Мәссаған , мынаның өзі мен алаяқпын деп мойындай салса , не демекпін.Осы арада қолына  кісен салмаймын ғой. » деп іш тартып қалған жігіт оған алғаш рет  күдіктене қарады. Ол манағы оқиғадан  кейін жек көріп кетермін деп ойлаған. Жоқ. Ол бұрынғыдан да тартымды ,үн-түнсіз   теңізге қарап ойланып отыр.Шебер суретші салған суреттей көзіңді ала алмайсын. 

         –Сіз үшін келіп отырмын ,Мақсат,–деді қыз осы сәт оның не ойлап отырғанын тап басқандай..

         –Неге?!

         –Мен Сізді ұнатып қалдым.Сізді  көрмесем тұра алмаймын.Махаббат деген осы болсе ше?!Мен оны  күткем.Іздегем. Анау  әйел көріп қалса, тағы  бас салатын болар. Бірақ, маған бәрі бір. Сізді қиып кете алмадым.

         –Қорықпа, ол әйел әзір шықпайды. Оған дейін біздің жолдамамыз бітіп, елге қайтамыз.

         –Оны қайдан білдіңіз?

         –Дәрігерден сұрадым.

         –Онда осында жата беруіме бола ма?

         –Әрине.

         Қалай ойласам да  ол алаяққа ұқсамайды. Мүмкін , ана әйел шынымен  біреумен шатыстырған шығар деймін.Дегенмен, біз іздеген алаяқ осы  болса ше, күдік пен үмітке алма кезек бой алдырам.Белгілі алаяқтың дем алуға шетелге ұшып, менің жанымдағы орындықтан билет алуы кездейсоқтық болуы мүмкін бе?    Жұмбақ сұлу  жатсам , тұрсам ойымнан кетер емес.Оның сұлу жүзі , кербез жүріс –тұрысы, қалайда   « қылмыскер» деп қисық ойлауға  жіберер емес.. Жібектей есіліп, жанымды баулаған сұлу мүсінді,  көркем көрікті  есіме  алсам болды, құмарлық буын –буынымды елбіретіп, еріп кетем.. Артының не болатынан ойлаудан қалам. Екеуміз де бойымызды билеген сезімге ерік беріп,  толқындармен тербеліп, күні бойы бір-бірімізге телмірумен өтккен тамаша шақтар есімнен кетпейді.   Онымен бірге өткізген он күнім  маған он жылға  жетерлік ләззат сыйлағандай, басқа дүниені ұмытып, жанымыз бен тәніміз қосылған   шақтарға бой алдырам.. Тіршіліктің бар тынысын ысырып қойып,  қылмыстың да ,қылмыскердің де бар екендігін ұмытқандай күй кешем.

Қайтар уақыт  жақындады. Сүйіктім ерке үнмен :

         –Мақсат,жаным, осы жақта қалып қояйықшы , –деді.

         –Неге, қызметің бар емес пе?–деп күлдім.

         –Онда жасағым  келмейді. Айлығы шамалы , жұмысы көп.

                   –Менің бизнесім бар. Шет елде қала алмаймын. – деп жалтардым.

         –Сен қанадай бизнеспен айналысасың ?–деді.

         –Сауда ,–дедім .

         –Сауда болғанда дүкен бе, ресторан ба?

         –Ресторан.

         –Ресторан болса , саған барсам, әйелің қызғанбай ма?

         –Әйелімнің барын қайдан білдің ?-деп ашуландым.

         –Қолыңда  неке сақинаң бар ғой,–деп күлімсіреді..

         –Айырылып кеткенмін ,–деп шынымды айттым. 

 

 

 

 

        

                  ***

             Жігіт осы қанен-қаперсіз өмір жалғаса берсе деп іштей тілейтін.Ыстық құшақ, ыстық сүйіс.Дүниеде  жалғыз көргені де, сүйгені де сол тәрізді. Оған шаң жуытқысы келмейді.Шындығында , бір екі ай ғана  білісіп қосылған алғашқы жарына деген сезімі тез суып, ақыры    түсінісуден қалған соң , айрылысып кеткен.Мынаның жөні басқа.Өзін де , өзгені де ұмыттырды. Екеуі не болса соны айтады, не болса соған күледі.Өздерінен басқаға  назар аудармайды.Соңғы күн. Екеуі де үнсіз.  Тағдырдың мазағы ма, тозағы ма, қайтар сапарда тағы қатар отырды. Өткендегідей    иығына сүйеніп, ұйқыға кетті. Ол енді баяғы бейтаныс жан емес еді.Тәні тәнімен біріккен , жаны жаным деп соққан  жүрегінің қалауы. Жүрек қалауы сол болса, оған не амал жасамақ. Тіпті алаяқ болса ше? Онда бас тарта аламын ба?! Бір ақын «махаббат неткен қызықты, махаббат неткен бұзықты, біреу сүйсе  бұзықты, біреу сүйер ғалымды» деп бекер  жазбаған ғой. Сол сықылды менің жүрегім бұзықты сүйсе ше? Сүйкімді  сұлу  ұйықыда. Япыр-ай, осындай періште  біреуді алдай ала ма? Ол мені де алдаған болса ше? Қолынан бәрі келеді. Оған арбалып қалу, оп-оңай дегендері рас болғаны ма?. Соны біле тұра  алдандым.Өзім соны қаладым.Алмағайып сезімге бас идім. Ең қорқыныштысы– осы  сұлу  мүсін көзден ғайып болатын болса, мен де жоғалатын тәріздімін.Екеуімізді  тағдыр соқыр бір жіппен шиелеп байлап тастағандай,шешілуін  қаламаймын да.Түрлі  оймен  санасы санға , ойға онға бөлінгенде ұшақ  қонуға дайындалды. Толқуы күшейе түсті.. 

         Екеуі  қол ұстасып, баспалдақтан түсе бергенде, өткенде  теңіз жағасында тарпа бас салған   әйелді еріткен  екі полиция  , қыздың қолтығынан жармасып,  әрі қарай алып кетті де,  кісен салды. Ана әйел:

         –Ана сыбайласын неге ұстамайсыңдар!–деп баж ете қалды.

         –Ол біздің жігіт ,–деді лейтенант.

Артына   бұрылған қыз:

         –Мен бәрін білем, –деп  күлімсіреді.

         «Ең әдемі қылмыскер» алаяқ ұсталды деп, құлағындағы  радио қабылдағыш сампылдап , хабарлап жатты.

Жігіт құлаққабын жұлып тастады.

                   

 

 

 

 

 

 

                                              ***

           Генерал  көңілді отырды. Ол өзі бұр ғұмырын өткізген тергеу бөлімін тонның ішкі бауырындай  іш тартып, күнделікті лездемеде оларды мұқият тыңдайды.Бұл жолы да:

         –Бауыржан операция сәтті өтіпті.Ана алаяқтарыңды ақыры ұстапсыңдар ғой,– деді сыр тартып.

         –Ұстауын ұстадық. Ол  ана тергеушіге  жауап беруден бас тартам деп ултиматум жариялады.

         –Ал, ол қайда?

         –Дем алысы аяқталған жоқ.

         –Оны ұстап берген сол емес пе?

         –Иә, бірақ араларында не болғаны белгісіз.

         –Қылмыскер мен тергеушінің арасында не болуы мүмкін.

         –Райс Сапарович , ол қыздың қылмыскер екенін бірден білмей қалса  керек. Араларында бірдеңе бар сияқты.

         –Мақсаттың отбасы  бар ма?

         –Әйелімен айрылысқан.

         –Мм... Егер  айыпталушы тергеушіден отказь берсе , оған құқысы бар.Басқа тергеушіні бекітіңіз.

         –Мәдинаға береміз шығар.

         –Жә.. Мәдина болса . Мәдина болсын .Бірақ ана тергеуші жігітпен дұрыстап сөйлесу керек.Тұтқынды көрдіңіз бе?

         –Иә, маған кіріп есім хатымды алатын бойжеткен. Ол өте көрікті.

         –Енді оған «ең әдемі қылмыскер» деп  бекер ат қойып , айдар тағылмаған шығар.

         –Біздің жігітіміз оны  шынымен ұнатып, қалса ше?

         -Ол- ең алдымен қылмыспен күресуші.Егер оның қылмыс жасап жүрген адаммен байланысы болса, ол иә жұмыстан кетуі керек, иә сезіміне жауап беруі керек.  Сіздің қарамағыңыздағы қызметкер, өзіңіз сөйлесіңіз!

 

                                        ***

         Сылбыр басып  кабинетке  кіріп, көңілсіздеу  амандасқан жігітке сынай қараған   Бауыржан :

         –Отырыңыз, қалай дем алдыңыз? Келген соң хабарласпай,жатып алған соң, өзім шақырттым.Тапсырманы орындадыңыз.Рахмет.

         -Енді ісін жүргізесіз бе? Айтпақшы , ол сізден отказь берді.

         –Айыпталушының еркі емес пе? Басқа тергеуші жүргізсін.

         –Сіз оған қысым көрсеттіңіз бе?

         –Жоға.Ұстап берді деп кек сақтаған шығар.Бірақ мен оның алаяқ екенін білген жоқпын .Ұстап берген- жәбірленуші әйел. Ол ана жақта да , оған тарпа бас салған.Менің тергеуші екенімді білген соң. Мен ұстап берді деп сезіктенген болу керек.

         –Қалай болды? .

         –Жағажайда дем алып жатқанымызда  ана әйел шашына жармаса кетті. Біраздан соң жүрек талмасы ұстап ,  ауруханаға алып кетті..

         –Ал, ана бойжеткен қайда болды?

         –Қашып кетті.

         –Күні бойы  іздедім. Кешке отельге  келсем, жағажайда отыр..

         –Мен осындамын.Ешжаққа кеткен жоқпын. Ол әйелді  танымаймын. Мені біреумен шатыстырған болар деді.

         –Сіз соған сеніп қалдыңыз ба?

         –Иә,мен  одан алаяқтықты көрмедім.

         –Не көрдіңіз?

         –Мен сұлу қыз  көрдім. Оған ғашық болдым.

         –Мәссаған…Біз сізді  атағы шыққан алаяқты ұстап берді деп. Қызметтік мадақтауға ұсынып, мәртебеңізді  көтеріп жатсақ. Сіздің бұныңызға түсінбедік.

         –Мен өзімді-өзім түсінбейтін халдемін. Жатсам –тұрсам  ойлайтыным сол. Құдды басымды дуалап алған тәрізді.

         –Шынымен дуалап алған шығар.

         –Мен ондайға  сенгім  келмейді. Махаббат адам баласына ортақ сезім болса, біз де адам емеспіз бе?

         –Мақсат Қонысбаевич, енді Сіз ақылды  адамсыз ғой.

         –Ақылды адам адаспайды деп Сізге кім айтты?Менің де сүюге , сүйікті болуға құқым бар шығар..

         –Сұмдық болды деңіз.Сонда Сіз де   алданып қалып тұрсыз ғой.

         –Не десеңіз де, мен оны  сүйіп қалған сияқтымын.

         –«Тойдың үлкенін түйе соғанда  көрерсіздің» кебін  келтіріп тұрсыз..

          Бауыржан тергеу ісіне аса қабілетті,  ақылды да , алғыр қызметкерін жаңа  көргендей,бетіне  таңдана көз салды.

         –Сіз , бұрын үйлендім дедіңіз. Бұрынғы  әйеліңізге де осылай теп-тез ғашық болып қалып па  едіңіз?

         –Мен оған ғашық болған жоқпын.

         –Ал мынаған ғашық болдыңыз, солай ма?

         –Солай?

         –Енді не істейміз.

         –Жұмыстан шығам.

         –Сосын.Ана ең әдемі қылмыскерге  қорғаушы боласыз ба?

         –Болсам болатын шығармын.

         –Біз сізді қылмыскермен ашына болады деп ойлаған емеспіз.

         –Мен оның қылмыскер екенін білмедім.

         –Енді біліп отырсыз ғой.

         –Бәрібір мен одан бас тарта  алмаймын.Онымен жолығуға  рұқсат беріңіз.

         –Тергеуші ретінде  ме?

         –Жоқ.

Мұндай оқиғаны қалай бағаларын  білмеген бөлім жетекшісі.:

         –Сіз   білесіз бе, менен де жоғары басшылар бар.Солармен ақылдасып, сіздің мәселеңізді шешетін боламыз. Әзірге боссыз ,–деді.

 

                              ***

        Қаланың ортасындағы департаменттен көңілсіз шыққан жігіт көлігіне отырып, ысқырта жөнелді.Өзі ес білгелі  көріп жүрген  сұрғылт үйлер, ығы жығы жүргінші, тегісінен ой -шұқыры  көп тас жол. Ол қайда барарын білмегендей,  аңқытып келеді. Қызылдаған іш мерезін кімге айтарға білмей дағдарды. Осы күні адам жанын түсінетін біреу бар ма деп ойланды. Тіпті түсінгенде де , мұның  өзіне ғана тән өзегін тескен сезімді, әлі өзі де түсініп болмаған, түсінігіне әлі де жетіңкіремеген  осы күйін  кім түсінер дейсің. Әр көшені бір тіміскілеп , өз үйіне қарай бұрылды.Жаңа салынған жайлы үйлерден үш бөлмелі пәтер алған. Ішіне жиһаздар да қойып үлгірмеген. Бұрынғы  екі бөлмелі пәтерін ажырасқан әйеліне қалдырды. Онымен үш жыл тұрды. Ақыры екеуі бір- біріне жат адамдай , бір бірін түсінуден қалған соң, айрылысайық деп  шешкен. Бір жақсы жері балалары да болмады. Қайсының кінәсі екені де белгісіз болып қалды.Аулаға кіргенде,  алаңда  ойнап жүрген бала базарға   қарап күрсініп алды. Мүмкін , баласы болғанда айрылмайтын ба еді. Кім білсін. Енді міне, не істеп не қойғанын өзі  білмей,өзгелерден ақыл сұрағысы келіп жүргені. Көлігінен түсіп, есікке қарай аяңдағанда, арт  жағынан :               

         –Әй, бала, –деген дауыс шықты. Бұрын органда жасаған зейнеткер екен.

         –Аға, атым –Мақсат,– деді шамданыңқырап.

         –Айып етпе , ұмытып  қалам.

         –Саламатсыз ба?

         –Сау бол. –Ау ,тоқтасаңшы , бір екі  ауыз тілдесейік.Осы сендер не жасап жатсыздар? Газет оқысам, қылмыстан көп нәрсе жоқ.Тіпті неше түрі бар төбе құқа шымырлайды.Не істеп жатсындар?

         –Жасап , жатырмыз ақсақал.Жалғыз бізге байланысты  емес қой.

         –Сендерді   жұмыс жасамайды деп ағаш атқа мінгізеді, осы жұрт.

         –Е, ит үреді , керуен көшеді деген емес пе? Жасамасақ , қылмыс ашыла ма?Ашылып жатыр.

         –Өзің қашаннан бері жасап келе жатсын?

         –Мен жеке компанияда  заңгер болып жасағанмын.Тергеуге кіргеніме, екі жылдай болып қалды.

         –Аа ,солай ма, әлі тәжірибең аз екен ғой. Осы  сенің отбасың бар ма? Ылғи жалғыз көрем.

         –Бар болатын.Дәм-тұзымыз жараспады.

         –Ә.. ештеңе етпес.Мен де талайының басын қайырғам. Осы сәт Мақсатқа көршісі  әңгімелесуге  таптырмайтын адамдай көрініп кетті.

         –Солай ма, аға , қолыңыз бос па?

         –Бос болғанда , сол қолды қайда қоярға білмей жүр емеспін бе?Үйге де сыймаймыз, далаға да сыймаймыз.

         –Онда біздің үйге кіріп , әңгімелесек қайтеді.

         –Құп болады.Шақырғанға бармаған , шақыруға зар болар деген.Барсам барайын.

 Ұзын бойлы,  келбетті  кісі алпысты алқымдағанмен жасын бермеген, жүріс-тұрысы ширақ  бос үйге  сәлемдесіп кіріп, айналаға жіті  көз жүгіртті.

         –Кең үйің қаңырап  тұр. Жасың да жас емес.Бас екеу болмай, мал екеу болмайды дегенді қазакең білмей айтпаған.Үйленуің керек.–деді қай есікке кірер  білмей алаңдаған күймен.

         –Аға, төрге шығыңыз.Мен шай қойып жіберейін.

         –Еркек қоспын де.

         –Е.. солай болып тұр.

         Ас үйге шай жасап ,  дастархан құралын қойып, төрдегі қонағын шақырған Мақсат :

         –Аға, сіздің талайының басын қайырғанмын деген әңгімеңіз маған қызық болып көрінді.Сіз органда жасадыңыз, қалай талайының басын қайырдыңыз?

         –Енді жүрекке әмір жүрмейді  , –деген әңгіме бар. –Бірінші әйелім –ата-анама ұнады. Екінші әйелім өзіме ұнады.Үшіншісіне өлердей ғашық болдым. Қайсын айтайын?

         –Өлердей ғашық болғаныңызды  айтыңызшы? 

         –Иә, өлердей ғашық болдым. Айқай-шуы да  көп болды.Біріншісі,жуас көнбісті болатын.Екі үш жыл тұрдық. Баламыз  болмады.Соны  сылтау  етіп ажырастым. Әуелден сезімім болмады ма, оған көп онша қайғырмадым. Екінші әйеліммен қызметтес болдым. Одан бір балам бар.Сөйтіп жүргенде,осы соңғы  жеңгеңді кездестірдім.Оның өзі қызық болды.

         -Базарды тексеруге рейд жүргізетінбіз.Сондағы бутикте  тұрған бойжеткен көзіме оттай басылды. Әйелдің бірінші көзге түсетін жері көзі ғой. Көзі  күлімдеген, аққұба бойжеткенмен әзілдесіп біраз тұрдым.Қасынан кеткім келмейді. Ол да кет әрі емес тәрізді .Әзіліме әзілмен жауап беріп, магниттей тартады.Мен де тамырын басып , –Ертең келсем,қуып жібермейсің бе , –дедім.–Өзіңіз біліңіз. Әйеліңіз үйге кіргізбей қоймаса,–деді.–Әйелім барын қайдан білдің?–дедім.–Сіздің жасыңызда әйелі жоқ адам сирек қой.– деді.  Ұзын –сөздің қысқасы мен сол қызға ғашық болдым.Онсыз өмірдің мәні жоқ тәрізді.Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылдым.Әйеліме жолауды қойдым.Есіл-дертім базар. Сол қыздың күлгенін , сөйлегенін , жүрген тұрғанын қызықтап, шынымен басымнан айрылдым.Әрі-беріден соң қыз мені мазаққа айналдырып, менімен бірге  сауда жасауға қалайсыз деді.Ол бір аласапыран  кез еді. Қызметімнен де көңілім шығып жүрген.Оның үстіне әйелім үстімнен  шағынып, барлық  басшыларды алакөз қылып қойған.Арызымды жазып, әйеліммен айрылысып , біржолата басымды арашалап алдым.Базардағыға  сүйетінімді білдірдім.Сөйтіп қосылып  тындық. Әйелім затқа  кетеді. Мен бутикте  тұрамын. Сауда  жасап та үйрендім.Сөйтіп жүргенде, бұрын  қызметтес болған бір  жігіт департаментке басшы болып  келді  де, мені тергеуге қайта шақырды. Сонымен қайтып барып, сол қызметтен  зейнетке  шықтым.

         –Балаларыңыз бар ма?

         –Бар. Үш баланың басын қайырдық.

         –Одан кейін ғашық болған жоқсыз ба?

         –Тиіп-қащып... Мақсат  күліп жіберді– . Ондай да бола  ма?

         –Болатын болғаны ғой..Былай дем алысқа барған да ғой..

         –Ой, мен де жақында Турцияға барып дем алып келгенмін.Сол жақта.. бір оқиға болды.–Аға, мен соны  сізге айтып ақтарылғалы отырмын.Ақыл сұрағалы отырмын.

         –Махаббат деген ақыл айтуға келмейтін нәре.–Оны тек мына ара ғана шешеді.–Қонағы жүрегінің тұсын түртті.

         –Иә, мәселе сонда болып тұр. Бірақ , менікі  мүлде басқаша жағдай.

         –Жақсы.Ақылым жетсе , айтып көрейін. Құлағым сенде.

         –Кезекті демалысымды алып,Турцияда теңіз жағасында демалайын деп ұшаққа отырдым. Қасыма бір мөлдіреген сұлу қыз келіп жайғасты. Оның айдай ашық ажарын  ауызбен айтып жеткізу қиын , аға. Көзбен көру керек.Бір кез менің иығыма қарай қисайып , қалғып кетіпті.Қолаң шашы жүзін жауып,әдемі жымиып, тәтті ұйқыға  кіріскен. Қозғалмай біраз отырдым. Сосын мойнының астына жұмсақ көтерме сала беріп едім, оянып кетті. Жанары жәудіріп , алғыс білдірді. Таныстық. Дем алатын отеліміз де  бір. Көңілім көтеріліп, аяғым жерге  тимеді. Сол сұлуды көргенше асығып,алабұртып, жағалуға келсем.Судан  дене бітімі ерекше  , тылсым сұлулық иесі шығып , маған қарай аяңдады.Қыпша бел, тік  кеуде , алма мойын ару. Қара шашы төгіліп, қара қасы қиылып, жаныма  келгенде, еріп  кеттім, ағасы. Осыған дейін  ешбір әйел затына осылай  ынтыға, құмарлана қармаған шығармын. Шығарда жаным басқа.Айналада одан басқа тірі жан жоқтай,соның сән –салтанатын тамашалап, көр соқыр болған күйде  елжіреп,есалаң  күйге енем.Бұл мен үшін бұған дейін басымнан кешірмеген, кешірем деп ойламаған сезім.Содан бастап бейтаныс бойжеткеннің жанына жіпсіз байланып,  қасынан бір елі  шыға алмадым.Ол да мені ұнатып қалған. Сөйтіп , екеуміз бірімізді- біріміз айтпай ұғысып, жұптасып алдық. Дем алып жатқандар бізді ерлі-зайыптылар деп ойлады.Мен енді өзіңіз білесіз, әйелімнен айрылғаныма біраз болса да, көңілім ешкімге құламаған соң, сүр бойдақ болып, сыр бермей жүргенім болмаса,  төсек жылуын  аңсағаным жасырын емес,тілегенге  сұраған дей ме, қолыма түскен сұлуды құр жібермеуге тырысып, бар жағдайын жасап бақтым.Ол да  жас  емес, жақсы жаманды айыра алатын халдегі  жан. Ақыры , аңсарымыз жеңіп,  шын сүйіспеншіліктің ләззатына  мас болып, түніміздің қысқалығына , күніміздің қызығына тоймай , демалысымздың соңғы күндерін қызықтап,  жаға жайда отырғанымызда  күтпеген оқиға болды.

         Сүліктей  сұлуым , күнге қақталып,  жанымда жатқанда,  бір әйел оған тарпа бас салды. Араларына түсіп, арашалағаныма қарамай , шашына жармасып, жер жебіріне жетті. «Арсызсын деді,  алаяқсын деді. Ақшамды қайтар» деп жұлқылады. Ақыры  қан қысымы көтеріліп кетті ме, сол арада  талып  түсті. Абыр-сабырдан ес жиғанымызда бойжеткенді  көре алмадым.Сол күні кещке дейін  іздедім. Кешке қарай  өзіміз демалатын жаға жайда отырған жерінен таптым.Ол мойнына алған жоқ. Мені біреумен шатыстырды. Ол ұстамалы  ауруы бар әйел ғой деп міз бақпады. Не істерімді білмей сандалып қалдым. Ол менің тергеуші екенімді білмейді. Оның кім екенін мен де білмеймін ғой. Бірақ, әлденеге алаңдай бастадым.Сезімге  еріп,  арбалғанымды  мойындағандай  күйдемін. Бірақ,қалай іш тартсам да ол маған жексұрын боп көрінбейді.Ол кім болса да бас тарта алмайтындығымды сезініп , әрі сәрі күйге түстім. Сонымен, көрген түстей тәтті күндер өте шықты. Ұшақта  тағы қатар отырдық. Тағдырдың мазағы ма, азабы ма,білмедім. Екеуміз иық түйістіріп , үнсіз отырдық. Оның да бар сыры ішінде. Менің де ішімде ит өліп жатыр.Ұшақтан түскен соң, оның өз жөніне , менің өз жөніме  кететінімізді ойлап, жабырқау күйге түсем.Бар сұмдық ұшақтан түсекенде болды. Екеуміз армансыз жандардай арсалаңдап , баспалдақтан түсе бергенде, біздің жігіттер қасында баяғы Анталияда кездесетін  әйел  күтіп тұр екен. Менің сүйіктімді қолтығымнан суырып алды да, қолына  кісен салды. Әйел бажылдап мені көрсетті:

         –Анау  сыбайласы, ананы да ұстаңдар ,–деп мені  нұсқады. Біздің жігттер:

         –Ол біздің қызметкер ,– деді. Сүйіктім маған жалт қарады. Оның тостағандай жанары жасқа  толып, маған лағынет айтып бара жатқандай кірерге  жер таппадым.Екі иығым сылбырап, арттарынан ердім. Оны ұстап берген мен емес едім. Бірақ ,ол солай ойлады. Ол маған жауап беруден бас тартты.Қызметте  менің  алаяқпен ауыз жаласып, онымен махаббат хикаясын бастан кешіргенімді естігендер, менен іргесін аулақ салып, көз алартатындары байқалды. Басшыларымның не дейтінін білмеймін. Олар да қателесіп, алғашқыда алаяқты мен ұстап берді деп ойласа керек, мені қызметтен мадақауға ұсыныпты. Мен ат-тонымды ала қаштам. Енді басшылар менің қызметте қалу , қалмауымды шешетін болар. Ал, мен оны сүйіп қалдым , ағасы. Отырсам ойымнан , жатсам түсімнен кетпейді.Мен бұрын –соңды ғашық болып көрмеппін.Оны  құлай сүйдім. Енді қалай өмір сүруді білмей дағдардым. Ақыры қызметтен  кетем деп арыз жаздым.Алаяқпен ауыз жаласқанымды кім кешіреді дейсіз....

         –Өте қиын жағдай екен. Бұл уақытша сезім болса ше?

         –Оны да ойладым.Онымен кездесіп,  жауабын білу ғана қалды. Махабаттың уын іштім, енді рахатын көруге бейімделемін. Мен оны дұрыс жолға саламын. Сала аламын..Егер түрмеге барып ,  сүйіктінің қасында отыр десе отыруға дайынмын..

         –Ал, егер ол түзелмейтін болса ше?

         –Жоқ. Түзеледі. 

         –Япыра-ай, ә.. мені қинадың.Дегенмен , аз уақытта сен оның сырын білмейсің ғой.Сырын білмегеннің сыртынан жүрме деген.Адамның ішкі жықпыл-жықпылын білу қиын.Асыққан шайтанның ісі.Тағдырыңды талқыға салмай тұрып, қабырғаңмен кеңес, омыртқаңмен ойлас.Әйелден  айла ауыспаған деген бар. Ол сонша  адамды алдап жүрген аялаяқ болса, сені  алдамағанына кім кепіл?!Сенің тергеуші екеніңді біліп, әдейі тұзақ құрған шығар.

         –Жоқ. Ол білген жоқ .Біз екеуміз бір-бірмізге шын ғашық болдық.

         –Дегенмен .Сен сол ғашығыңмен енді кездесіп көр. Не дер екен.

       –Жарайды .Біраз уақыт болды. Жеңгең іздеп жатқан шығар. Әлі күнге қызғанады құрғыр ,–деп күлді зейнеткер.

         – Нәгізі асықпа.

             Қонағын шығарып салған Мақсат.Дем алыста жүргенде  түсірген бейнетаспаларын қайта айналдырып, біраз отырды.Бақытты күндер.Екеуі де  алаңсыз .Неге сол күндер жалғасып кете бермеді екен? Неге ол сүйген     ару алаяқ болуға тиіс?.Егер олай болса, неге соқыр болған?Махаббат соқыр деген рас па екен.Рас шығар. Тағдыры тасада тұрып оқ аттады деп кім ойлаған. Осы кез  шефі  телефон шалды.

         –Әл..леу, Мақсат , қалайсын?–деді.

         -Жақсы ,-деді  сыр бермей.

         –Ертең генерал шақырады.Кіріп шық.

         –Неге? Мен арызымды жаздым. Шығам.

         –Бүлдірген ешнәрсең жоқ қой. Генералға кіріп шық. Ол кісі өте  байыпты адам. Бір ретін табар. Шақырғасын баруға тиіссін.

         –Жарайды.

                                ***

            Жаздың жайма шуақ таңы атты.Бөлмелердің терезесінен  төгілген кун шұғыласы өмірде қайғы қасырет дегеннің бар екенін жоққа шығарғандай жарқырайды.Тез орнынан тұрып, жуынып шайынған тергеуші бүгінгі күнінің не берерін ойлай отырып, шайын ішті. Генералмен бетпе-бет келіп сөйлесіп көрген адамы емес. Сыртынан оның тергеу ісін білгіштігі туралы, жалпы адамгершілігі жайлы  талай әңгімелерге қанық.Оны  жақын білуге құмартатын.Соның сәті түскен тәрізді. Бірақ , бұлайша  кездесуді  де ойламаған.Ол орнынан тұрып,  нысанды кимін киіп, айнаға қарады.Ұзын бойлы, мұрты тебіндеп келе жатқан келбетіне  қарап, іштей риза болды. Анасы «Марқұм әкеңнен аумай қалғансын.Көрерге  көз керек, ер тұлғалы азаматтың асылы» еді ғой деп айтып отыратын.Өкінішіке орай, әкесінен жастай айрылды. Інісі екеуі  бір-біріне серік болып, анасының арқасында жетімдік  көрмепті. Ал анасынан айрылғалы –«әкесі жоқ мас жетім, анасы  жоқ қас жетім» дегендей  жетімсіреп қалды. Інісі де  алыста..Елде қалды. Ол тез жиналып , есік алдына шыққанда , кешегі  ақсақал есік алдында серуендеп жүрді. Онымен қол алсып , амандасты. «Жылқы баласы кіснескенше , адам баласы тілдескенше» , дегендей , кешегі әңгімеден  кейін тонның ішкі бауындай  жақын тартып,жан ашырын тапқандай  көңілі  жібіді.

         –Аға , генерал шақырады ,–деді.

         –Ее , естуіміше  , өте бір парасатты, іскер адам тәрізді.Жолың болсын ,–деді .– Түсіндіріп айта алсаң, ол кісінің түсінігі мол деп естідім.

         –Мен де соған  дәмелімін.

         –Жарайды , жолың болсын.

Көлігіне отырған соң , бірден  қозғалып кетпей біраз отырды. Бұл оның әр сапары алдында сәттілікті тілейтін ұстанымы.Аздап отырып, іштей ата-анасының аруағына сиынып, білген дұғасын оқып, бетін сипайтын. Бүгін де сол әдетін қайталады.

         Аспанға қарады. Алақандай  ақ шарбы бұлттар көк жүзіне көрік беріп , көк матаның үстіне салған ақ оюдай көз тартады.Бала кезінде су бетіндегі осындай көбіршіктерді саусағымен түртіп жіберіп , ойнағанды ұнататын. Әсіресе анасы  кір жуғанда қолын малып, маза бермейтін.Шіркін, ананың ақ мейірімі , енді оралмайтының-ай. Қолын қағып, жіберіп,өзі  ауырып кетті ме деп мейірленіп отыратын. Талай рет  маңдайын  тағдыр   тасына соққанда, сол бір мейірім шуағын  аңсады. Қаланың ортасындағы   бес қабат ақ үйге келіп қалғанын байқап, жүрісін байаулатты. Өзі көрсем деп жүрген көсемінің алдына осындай ыңғайсыз жағдайда  тап келгеніне өзі де риза емес. Амал қанша ? Болар іс  болды , бояу сіңді дегендей, енді  басына түскенді көріп алмақ.Көлігін қойып, кірер ауыздағы қарауылға құжаттарын көрсетіп, екінші қатарға  көтерілді. Қабылдау бөлмесі  деген есікті көземелдеп кел жатқанын да, бөлім жеткешісін  кездестірді.Іштен шықса керек, көңілді амандасты. Тергеушінің іші қылып етті, сірә жақсылық болар деп үміттенді. «Мақсат,  генерал сені күтіп отыр »деді жанынан өтіп бар жатып. Қыбалдауда  ешкім болмады. Көмекші :

         –Кіре беріңіз ,–деді. Жасқана басып кіргенде ,қағаздан басын көтерген генерал:

         –Әә .. Турциядан  келген жігітпісің? Біз осы жасымызға дейін теңізге барып дем  алған емеспіз.Қазіргі жастар пысық..–  деді қолымен алдындағы орындықты нұсқап.

         –Иә, қалай дем алдыңыз?

         –Дем алысымның шет жағасын есітіп жатқан шығарсыз..

         –Естідім. Бірақ , өз аузыңнан естігенде, басқаша болуы мүмкін.

         –Ұшақта  бір сұлумен таныстым.

         –«Ең әдемі қылмыскермен »-деңіз.Біздің жігіттер оған солай деп ат қойған. Шынында да солай ма?

 Мақсат  басшысына таңдана қарады.Қай оймен айтып отырғанын  аңғаруға тырысты.

         –Иә, Райс Сапарұлы , өте сұлу.Сондай  сұлуды қылмыс жасайды деп ойлау үш ұйықтаса түсіме кірмеді.

         –Енді түсіңіз түгел өңіңізде өте жақын болыпсыз,тергеушіде көрегендік , инстинкт деген болу керек қой. Тергеуші  иісшіл ит сияқты болу керек. Кез  келген адамның сырты  түгел ішін зерттей білуді кәсібің міндеттейді.

         –Айыптымын , жолдас генерал..

         –Енді не істемек ойың бар?

Сәл ойланып отырған Мақсат:

         –Мен оған ғашықпын ,– деді күрсініп. –Шын ғашықпын .Білмеймін не істейтінмді.То есть ештеңе істегім келмейді. Күндіз-түні соны ойлаймын.Ұлы Абай «адамның мінезін түзеуге келмейді деген адамның тілін кесер едім» деген ғой. Мен оны тәрбиелеймін.

         –Абай сол сөзін практикада көрді ме екен? Көрсе , анау оның сынағына іліккен бай-шонжарлар түзелер ме  еді. Сондай-ақ , қылмыстың тұқымқуалаушылық деген жағы болады. Оны түзеу қиын.Әке-шешесі бар ма?

         –Естуімші бар. Қарапайым адамдар.

         –Өзіңіз көрдіңіз бе ?

         –Енді іздестіріп жатырмын.

         –Сонымен, не істемек ойыңыз бар?

         –Қызметтен кетем. Оны бостандыққа шығарып  алуға тырысамын.

         –Оның сізді сүйетініне көзіңіз жете ме? Сізді де алдаған шығар.

         –Жоқ. Ол мені сүйеді.

         –Ім..жас жігіт.. сіз бізді қиын жағдайға қалдырдыңыз..Жақсы , тіпті қабылетті  тергеушісіз.Талай қылмысты аштыңыз.Сіздей тергеу ісіне берілген жанды табу оңай емес. Оның үстіне бірталай тәжірибе жинақтадыңыз.Бұл сіздің кәсібіңіз. Соны жеңіл-желпі  жүріске қалай айырбастап, кете саласыз.

         –Олай  емес. Жодас генерал, мен өз кәсібімді құрметтеймін.Сондықтан да оған кір келтірмей,  қызметтен кетем. Жүрекке әмір жүрмейді. Ол кім болса да, оны жүрегімнен жұлып тастай алмаймын. Әрине, мен де алданып қалдым. Алаяқ деп ойламадым. Соның өзінде осындай сезімімнің иесіне  ризамын.Ол маған  сүю дегеннің не екенін білдірді.

         –Біз сізді әзірше  басқа салаға жібереміз.Сіз , басыңызды ашып алыңыз.Сосын шешеміз,–деді генерал қатқылдау үнмен.

         –Құп болады,–деп кабинеттен шыққан Мақсат  өзіне –өзі көңілі толмай  ызаға булықты. Бірден қызметтен кете салуым керек еді деп ойлады.Ашу үстінде  жеетекшісіне кіріп, уақытша оқшау орында отырған сүйіктісімен  кездесуге рұқсат сұрады.

         –Дөп келдің , Мәдина жауап алуға барады. Бірге барсаңыз болады. Сосын генерал сізді  жедел топқа ауыстырды.Әзірше ,–деді.

         –Жарайды.

Уақытша  оқшау  ұстау орнындағы  жауап алу бөлмесінде кездескен екі тергеуші бойжеткен кіргенде,екеуі екі түрлі   көзбен қарады. Мәдина   құқық полицияны дүрліктіріп жүрген алаяқ қылмыскердің елден ерек  әдемілігіне қызыға –қызғана көз тікті. Мақсат бір жетіден бері көрген қоқайына себепкер  періштеге деген  лап  еткен жеккөрушіліrін жасыра алмай,  өрекпіді.   Мәдина қипақтап :

          – Мақсат Қонысбаевич, сіз сөйлесіп алыңыз ,–деп есікке беттеді.

         –Мен ол кісіге жауап бермеймін. Отказь бергенмін ,–деп айыпталушы орнынан тұра бергенде :

         –Отырыңыз ,–деді  тергеуші өктем үнмен..Екеуі  оңаша қалған соң:

         – Сіз менің тергеуші екенімді білдіңіз бе?–деді.

         –Иә. Сапарға шығардан бір жеті бұрын шефіңізге кіріп, визиткасын алғанмын.

         –Неге?

         –Керек болды.

         –Енді сізге керек емес, маған қайтарыңыз.–Қыз визитканы ұсынды.

         –Сонда  сізді дәлізде кездестіргенмін.

         –Ал, ұшаққа билетті әдейі  қатар алдыңыз ба?

         –Жоқ.Ол сәйкестік.

         –Мені алдадыңыз .Сондағы мақсатыңыз не?

         –Мен сізді алдаған жоқпын. Шынымен ұнаттым.

         –Алаяқ пен тергеушінің махаббаты қандай болмақ соны білгім  келді деңіз.

         –Ол екеуі де адам.Адамға тән сезім оларға да жат емес  екенін дәлелдегім келді.

         –Керемет дәлелдеп шықтыңыз. Сосын...

         –Сосынғыны өзіңіз көріп отырсыз.Қолыммен жасағанымды мойныммен көтерем.Неше жыл берсеңіздер ,сонша жыл отырамын.

         –Ал, сезіміңіз не болады?

         –Өз сезімім өзімде қалады. Өзгенің сезіміне жауап бере алмаймын.

         –Көмектессем, бұрынғы әніңізге қайта бассыз ба?

         –Ол маған байланысты емес.Адамдар -аңқау.

         –Солардың бірі менмін.

         –. Сіз алданған жоқсыз. Сіз өз жүрегіңіздің әміріне бағындыңыз.  Бұған ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ қой деймін.Мен сізге ешбір талап қоя алмаймын.Қайта  аз күн болса да бақытты еткеніңіз үшін, алғысымды білдіремін.

         –Онда мен де сізге алғыс айтуым керек қой. –Айыпталушы өзіңіз білесіз дегендей иығын көтерді..

         – Кім екенімді жасырып ,сеніміңізге кіргенім үшін кешірім  сұраймын.– Осы кез Мәдина  кірді. Мақсат орнынан тұрды:

         –Кешіріңіз, уақытыңызды алдым.– деді де ,  шығып кетті.

 

                              

 

                                    ***

             Е , құдай –ау,махаббат деген осы ма, деді кейіпкеріміз өзіне сонша ұсқынсыз көрінетін мекеме  көзіне жыл ұшырап, одан алыстап кеткісі  келмейтінін сезініп, енді  ен қыздан еншіме тигені елді алдап жүрген алаяқ болса, кімге өкпелеймін.Менің пешенеме жазылған періштем осы болса ше, көзіме  ыстық көрініп, көңілім алып –ұшып бір көруге  ынтыққан өзім емеспін бе, оған кім кінәлі?! Махаббат деген осы болса ше?Ана, екі әйелінен айрылып, үшіншісіне  өлердей ғаашық болған ақсақалдың басына туған күн маған да туғаны ма? Тіпті ол да, мен сияқты  алаяққа  ғашық болмаған ғой, менікі бәрінен де асып түсті.Өз басынан өткергенде,   жұрттың оған қалай болса солай  алданатынына ешбір күмәні қалмады. Сөйте тұра оны  жек көре алмайды.Онікінің бәрі  еркелік, еркіндік тәрізді.. Тіпті тағы да ,кездескісі ,бұрынғыдай  ләзатты түндерді басынан өткергісі келеді..Көрсем , сөгермін, жақсылап жер-жебіріне жетіп жазалармын дегені далада қалғандай, өзінен-өзі дал-дұл...Онымен бірге өткізген күндерін  есіне алса, тұла бойы бір ысып, бір суынады...Жындының  кебін кигендей , әр-жерге бір тоқтап, жаман түсін неге жорығысы келген жолаушыдай теңселді. Ақыры, одан қазір бас тартып, көрмей  кетсе де, оны өмір бойы ұмыта алмайтындығын мойындады.Телефоны дыз етті. Вацап:

         –Мақсат, сүйіктім кешір мені.Мен сені сүйем..

.Жігіттің қолы еріксіз клавиатураға жүгірді.

         –Сен шығарып алуға тырысам. Бірақ, бұрынғыны қайталамаймын деп уәде бер!

         –Уәде берем.

         –Тек уәдеңде тұратын бол.

         -–Уәде берем..Сен менің жарық күнімсін.Сені ғана құтқарушым деп білем.

         –Құтқарсын деп мені құрсауыңа алдың ғой..Сен мені дуалап қойғанан саумысың?!

         –.Ондайым болса , аянбас едім.Сенші маған...Жігіт телефонын өшіріп тастады. «Кімнен алды екен.Мәдинадан сұрап алған болар.Тергеуші сондай  сенгіш болуға бола ма ,  ее ..өзім қырағы болып қарқ қылдым...»Не істеуге болады. Қорғаушы табуым керек. Ана  көк долы әйелді тауып алып, келісімге  келуге үгіттеп, арызын қайтып алуға көндіру керек.Біріншісі- қиын болған жоқ. Екінші процесс айқай –шумен өтті. Арызданушының домофонын тергенн

ен  подъезде төңкеріліс басталып кеткендей . Арыз беруші екі жағындағы екі көршісін үйіне шақырып,  қарсы шабулыға дайын отыр екен.Тергеуші  ішке кіргенен :

         –Мынаның ұсқынына қарап алыңдар. Жолбарыс терісін жамылған жалмауыз. Бұл тергеушімін деп жүріп, алаяқпен  аймаласып , жағада жатқан жерлерінен үстінен шыққанмын.Өтірік десе , өзі айтсын. Бұлар сыбайластар. Халық пагон таққандардың бәрі қылмыскерлермен ауыз жаласқан. Сол себепті  қылмыс ашылмайды деп бекер айтып жүрген жоқ,–деді маған қарап сұқ саусағын шошайтты:

         –Әй, тоқтай тұрсаңшы, әуелі тыңда       йық ,–деді ірі денелі , сары қарын бәйбішеге оған ала көзімен ата қарап:

         –Әрине, сіздің ақшаңыз орнында. Бүкіл жиған-тергенінен айрылған менің орнымда болсаңыз, көрер едім көсемсігенді..

         –Сіз сияқты ашық ауыз емеспін.  Көлденең  көк аттыға көкисің де жүресін .Өзіңнен де бар. Мақтанам деп ,барыңнан айрылып қалдың,–деп  анау әйел кейіп тастады.

         –Шынында келген  кісіні тыңдайық.Мәселең шешіліп қалар,-деді жұқалтақ келген  әйел. .

         –Ой, таптыңдар шешетін адамды. Анау бикеш ақшама  жолдама сатып алып, теңіздің жағасында  мынадай еркектермен  уақытын өткізіп, бұлардың ауыздарын әлдеқашан  майлап тастаған.

         –Сол алаяқты  өзіңіз ұстап бердіңіз ғой.Ол қамауда, енді  қарызыңызды кім қайтарады?.Егер  қамаудан босатсаңыз,  пәтерін саудаға салып , сіздің қарызыңыздан құтылады..

         –Естідіңдер ме, енді оны босатуым керек екен.

         –Иә,қазір екі тараптың келісім деген бар, құжаттасасыздар.. Сіз оны  қамаудан босатасыз.Ол пәтерін сатып , сіздің ақшаңызды қайырады. Ал егер соттатсаңыз , ештеңе өндіре алмайсыз.

         -Міне,, міне мен сіздерге  не дедім?Ауыз жаласқан ұяластар. Қазір менен қол хат алып, ана сыбайласын босатады. Сосын жылы мұрныңа суық боқ. Аларсын. Тағы ол қыздың ұшарын  жел, қонарын  сай білсін. Қанша жыл ізбдеп , әрең таптым.Енді мені алдай алмайсыңдар.

         –Ешкім сізді алдамайды.Мен  кепілдікке тұрам.

         –Туу , қойшы әй бала, сенің кім екеніңді білмей тұрмын ба?Сен тек сол сұлуға есің кетіп, бостандыққа шығарып алғың келіп тұр.Менің ақшам сенің жаныңа батып тұрған жоқ.

         –Мейліңіз онда.Өзіңіз біліңіз. Мен сізге ақшаңызды қайтарудың жолын айтып тұрмын.

         –Әй , Балнұр , арпылдамай ма , ақылға келсеңші..Енді органның адамына сенбегенде кімге сенесің? Айтқанын тыңда.Оны соттатқанда саған не пайда? Онан да ақшаңды өндіртіп ал.

     –Ертең қорғаушыммен сөйлесем.Сосын шешімін айтам. Нөміріңізді қалдырыңыз,–Жәбірленуші көршілерінің сөзіне иланғандай болды.

         Мақсат сыртқа шықты.Өзі де екі ойлы. Қыздың бір бөлмелі пәтерім бар дегенін естіген. Ол солай деп алдай салуы мүмкін ғой.Мәдинамен ақылдасу керек.Кешеден бері басқа  бөлімшеге  ауысқан жігіт бұрынғы әріптестері отырған жерге рұқсатнамасыз кіре алмайды..Дәлізде  кездескен бұрынғы бастығы өзін кінәлі сезінгендей қалбалақтап, қоярда қоймай кабинетіне кіргізді.

         –Не істеп жүрсін?

         –Қорғаушы таптым.Енді әлгі  арызданушы әйелмен мәмілеге келуіміз керек.

         –Сен шынымен..Иә.. сүйесің ғой..сүйіп қалдың ғой.Мен көрдім. Өте әдемі..

         –Иә, жолдас подполковник, мынау  визиткаңыз. Енді оған керегі жоқ.Қамауда ғой. Ешкімді алдай алмайды.

         –Ну.. енді  анадай ала..яқ ..тығы болмағанда..Нағыз сұлу.

         –Уәде берді..

         –Сенемісің..  мм.. Жүрекке түскен шоқты сөндіру қиын.Шефінің қарамағындағы тергеуші Мәдинаға пәлен жылдан бері ғащық екенін бұрынан естіген Мақсат  түсіністікпен күрсінді.

         –Әңгіме  сонда болып тұр ғой.Ұмыта алмаймын.

         –Ұмыту қиын.Сенің жағдайыңда сену де қиын.

         –Тәуекел ет те тас жұт деген бар .

         –Жұта алмасаң, қақалып өл деген жоқ па?

         –Естімедім.

         –Естімесең де, ескеруің керек.

         –Қазір маған ақыл  айтушы көп.Бірақ , өзім ақылымнан адасып жүрмін.Мәдина  қайда?

         -Жауап алып жүрген болу керек.Мен сол алаяқпен тағы сөйлескім келеді.. Рұқсат  бересіз бе?

         -Ол сөйлесе ме?

         –Сөйлеседі.

         –Жарайды.Бара беріңіз.Телефон шаламын. Склэмблеріңіз бар ма?

         –Менікі сіздерде қалды.Маған оның қазір қажеті жоқ.Жауап алмаймын.

         –Мынаны алыңыз.Қайта тапсырарсыз.

         –Рахмет.

                                      ***

         Мақсат осы бір жетіде біреудің өмірін сүріп жүрген сияқтя күй кешуде.Жан-жағындағыларды біреу алмастырып кеткендей.Көбісі бұрынғыдай емін жарқын сәлемдеспей, ернінің  ұшын қимылдатады.Бұл бір қылмыс жасап қойғандай,  қырын қарап, қайқиып қалғандар да бар. Егер шынымен бір қателікке ұрынып, аяғын шалыс басатын болса, бірді –екілі адамдардан басқа  жан ашыры жоқ екеніне көзі жеткендей ,ұнжырғысы түсіп кетті.  Олар   мұны  алаяқпен ауыз жаласты деп, сыртынан тон пішіп,сырт айналуда.Неше түрлі қым-қуаттар болып жатқанда, індетіп ілік іздегендердің  қылығы қытығына тип , титықтатып жіберді..Бұл менің өмірім, менің қалауым.Жұрт не десе о десін.Мықтаса өзім жаққан отқа, өзім күйермін деген  оймен діттеген жеріне қалай  жеткенін байқамай қалды. Алдынан  Мәдина қарсы ұшырасты.

         –Мақсат  саламатсыз ба, Айсұлуға келесіз бе ? Жігіт ол кім дегендей аңтарыла қарады.

–Ау, сүйгеніңінің атын білмеймсің?

–Жоға ..ойланып  кетіппін.

–Сіз келеді деп айтқан.–Рахмет.Анда ма?–Иә.

Ашуға булыққан Мақсат :

         –Рита ханым , тағы қандай  жаңалығың бар.Маған солай дедің , тергеушіге –Айсұлу дедің.Сонда шын атың кім?    Өтіріктің құйрығы бір тұтам.Түбінде шындық жеңеді.

         –Турцияға  жалған құжатпен бардым. Халықаралық іздеуде  жүрген қылмыскер емеспін бе ? Шын атым –Айсұлу.

         –Жақсы .Ендігі жерде  алдамауға  уәде  бере аламысың?.

         –Бере аламын.

         –Бұрын ешкімге уәде берген жоқ па едіңіз.?

         – Менен ешкім уәде талап еткен жоқ.Сіз біріншісіз... .

         –Бүгін арызданушыңмен кездестім.Келісімге шақырдым.Оның ақшасын қайтару  керек.

         –Пәтер алып қойғанмын.

         –Сол пәтерді  қайтарасыз. Соның ақшасына алдыңыз  ғой.

         –Сосын қайда тұрам?

         –Біреудің ақшасын барымталап , алдап алып, өзіңе пәтер сатып алғаның қылмыс болып саналады.Келіпесеңіз , сот арқылы тиісті жазаңызды аласыз.

         –Білем.

         –Білсеңіз неге  келіспейсіз? Пәтерді еңбек етіп , өз  ақшаңызға алуыңыз керек еді.

         –Ақша табудың басқа жолын білмедім. Еңбек етіп, ондай  ақша  таба алмайсың .Жезекшөлікке арым бармады.

         –Біреудің ақшасын алдап алуға арың барды.

         –Қайтарам деп ойлағам...

         –.Қамаудан шыққың келсе, пәтеріңді арызданушыға бересің .Ол арызын қайтарып алады.

         –Сосын қайда тұрам?

         –Әке-шешең бар емес пе?

         –Олардың да   бас панасы жоқ.

         –. Олай жасамасаң  , түрмеде шірисің. Ұзаққа отырасың. Сен қазір изолятордасың .Ертең соттан кейін түрлі  қылмыс жасаған қарақшылардың ортасына барып түсесің. Зорлық пен қорлықты сонда  көресің.Мен саған ол арада  ара түсе алмаймын.Иә пәтеріңді бересін , немесе  бас бостандығыңнан айрыласың. Әзірге ол әйелден басқа арызданушы жоқ.Соны пайдаланып, тез шығып кетуің    керек. Ал,   қалғандарымен сосын есептесесің.Шешіміңді айт.

   Қыз  төмен қарады. Оның көз жасы кірпіктерін қақпаса да өзінен-өзі домалап,   құлдилап барады. Мөлдір тамшылар мәрмәрдәй аппақ бетте із тастамай , жоғалады.« Япырай, бір жазушы әдемі әйелдің жылағаны да әдемі» деп қалай тауып айтқан. Оның  осы   отырысының өзі  сүп-сүйкімді.Жылағанының өзі әдемі, Мақсаттың жүрегі елжіреді.  Жанына барып , жұбатқысы келді. Бірақ, ол аярлықпен жылап отырса ше , деген сұрақ сап еткенде ,қайта  қатайып алды. Ол сенің аңғалдығыңды пайдаланып, басыңды  шыр айналдырды ,тіпті шын атын да жаңа білдің емес пе, ендігісіне жол бермеу керек  :

  • Ана  арызданушы әйелмен  кездестіреміз. Екеуің  мәмілеге келесіндер.Сен пәтеріңді  бересің.Ол арызын қайтып алады.
  • Сосын мені босата ма?
  • Сот ісіне дейін босатады. Бәрібір шартты  түрде  сотталасын.
  • Сіз мені сүймейтін болдыңыз ғой.

         Әпсәтте қыз атып тұрып,  мойнына асыла кетті.

         –Мен сізді  сүйемін. Мені  тастамаңызшы. Мейлі  , пәтерді де  беріңіз , мені тек жалғыз қалдырмаңыз.. Мен сіздің жаныңызда болғым келеді.Маған осы кезге дейін ешкім   қамқорлық жасаған емес.Сізден басқа ешкім ақыл берген емес. Ата-анам қайыршы..Оларға даладан тиын-тебен әкелсем, ұрысудың орнына  қуанды. Мұны қалай, қайдан әкеліп жатсын деп тергемеді.Жұмыссыздық , баспана жоқтық, іні-сіңілілерімнің бір  күн аш, бір күн тоқ жүруі мені осындай  әрекеттерге итермеледі.Мен өз қылығыма бірінші рет сізді  көргенде өкіндім.Ішім ит жалағандай ұлыды. Сіздей білімді, көрікті жігітті жақсы көруге хақым жоқ екенін түсіндім. Бірақ,өзімді-өзім билей алмадым.Тұңғыш рет ғашық болу дегеннің азабы мен азарын тартым. Сізден қанша бас тартып, көзіңізге көрінбейін десем де, еркімді билей алмадым.Айрылып қалам ба деп қорықтым.Сіздің жолыңызда ойланбай-ақ өліп кетуге бармын.Сіз де  маған кет әрі болмадыңыз.Мұның бәрінің дұрыс емес екенін білдім. Сізді де алдап жүргенімді сездім. Бірақ,  бас тарта алмадым.Өмірде ондай бақытқа   кенелем деп ойламаған едім.Өмір бойы  ешкімді  көрмей, тек жалғыз сіз жанымда жүрсеңіз екен деп қиялдадым.Енді не істесеңіз де еркіңіздемін.Тек менен бас тартпаңызшы?!.Өмір бойы  құлыңыз болып өтуге  дайынмын. Мен сізге ешқандай  талап қоймаймын. Қаласаңыз, бұдан былай мені адам  санатына алмай –ақ қойыңыз.Сізге лайық емеспін. Теңіңіз емеспін.Соны біле тұра, жабыстым.Жүрегіңізді жараладым.Алаяқ екенімді жасырдым. Тек осы ардан шығарып алып, өзіңіз жазалаңыз..

         Осыдан бір ер минутта  үнсіз отырған тәкаппар ару  аяғына жығылғанда ,   Мақсат   бойындағы бар  үстемдігін пайдалынп, үрке  қарды да:

         Үстеріне кірген Мәдинаға:

         –Түсіндірген  тәріздімін. Ана арызданушымен кездестіріп, мәмілеге  келуіне ықпал етіңіз,-деді.

Осы кез қыз  ашына дауыстады:

         –Тоқтаңыз, мен бұл шешіміңізге  келіспеймін, пәтерімді бергенде,  көшеде қаңғып қаламын.Тек қана өзім емес ,  балам да далада қалады.  Соттай беріңіз ,–деді.

         –Қайдағы баланы айтып тұрсыз ?–деді Мәдина таңданып.

         –Мына сіздің тергеушіңіздің баласы. Біз Турцияда қосылғанбыз.Ол менің қылмыс жасаған алаяқ екендігімді білмеді. Мен оны  сүйіп қалдым.Ғашық болдым.Біз ол күндері  тергеуші де, алаяқ та  емес – бір- бірін  сүйген ғашықтар едік.Екі  ғашық қосылса, не болады? Ол уақытта  мен  не болатынын ойлаған емеспін.Ал ішім де,  сәбиім өсіп жатыр.Оған түрмеде дүниеге  келу бұйырса- әке-шешесі ғана кінәлі.Бірақ, баспанасынан айырғым келмейді.                 

         –Неге ертерек  айтпадың?–деп күмілжіді, түсі бұзылып кеткен Мақсат.

         –Сіздің ауыз ләміңізден байқадым. Менен бас тартыңыз, демек,  менің сіз үшін бір тиындық құным жоқ. Ал менен туған баланы -балам деп еміренуіңіз де  екі талай. Сол себепті, маған енді келмеуіңізді, мен үшін қиналмауыңызды сұрар едім.

            Жалт бұрылған тергеуші алдында тұрған Мәдинаның  зілді көз қарасынан ығысып, кейін шегінді. «О тоба, бірің алаяқпен  ауыз жаластың деп, қырын қарайсын. Бірің,   бүлдіргіні бүгін көргендей, көз алартасың..   ..Не болып  кетті бұл  дүние. Ең сорақысы – менің  балам  түрмеде дүниеге  келмекші...

           Ол  көлігіне  отырып,  есік алдында  жүретін сырлас ағасына  асықты. Оның ойынша бар түйінді сол шешетін тәрізді.                                       

 

        

          

 

               

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                           

 

Қазақ тілінде жазылған