Адам қарады: 39 | Жарияланды: 2019-08-27 02:36:14

Қу дүние

Қу дүние болмас адал жолдасың,

Белгілі ғой құлқынның еш толмасы...

Жинағанмен, серік болмас байлығың,

Жер қойнына тигенінде жамбасың.

 

Болсадағы бермектің де алмағы,

Қу дүние қанша жанды жалмады.

Байлық қуып жүргеніңде тойынбай,

Жаншып тастар тонналаған салмағы.

 

Қу дүние шайтан болып арбайды,

Уайым жеп, қырау шалар самайды.

Елітеді, есіртеді буы оның,

Нәпсі-қармақ бір-ақ сәтті қармайды.

 

Қу дүние опа бермес ешкімге,

Ойлан бүгін, ертең болар кеш мүлде.

...Қанағатшыл жанға түбі береді,

Жаратушым бәрін біліп, естуде!

 

Өтер жалған дәм таусылса бірдемде,

Не жетеді мәнін оның білгенге.

... Жаратқаннан жан байлығын тілейік,

Бір күн болсын жерді басып жүргенде.

 

Мейлі, мейлі, басыңа бақ орнасын,

Мансап болсын, байлық болсын – ол да сын!

...Пенделікпен адассақ та қаншама,

Жүректегі иман гүлі солмасын.

 

Қазақ тілінде жазылған