Адам қарады: 58 | Жарияланды: 2019-08-27 02:39:51

Менің нәзік жанымды жаралама

...Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,

Менің нәзік жанымды кім түсінер.

МҰҚАҒАЛИ

Табалама, жарқыным, табалама,

Менің нәзік жанымды жаралама.

Шайтан-пиғыл жетекке алған болар,

Қайт райдан, ойыңда сарала да.

 

Қаралама, жарқыным, қаралама,

Қыңқ етпес ем ез салған жараға да.

Көңіл суып, жүрегім мұздап кетті,

Дұшпан-көзбен тіксініп қарағанда.

 

Міней берме, жарқыным, міней берме,

Мені басқа жандармен бірдей көрме.

Жүрсем еркін жүремін, еркін сөйлеп,

Түсін нәзік жанымды, тілдей көрме.

 

Сынай берме, жарқыным, сынай берме,

Есің кетіп, ашуға құлай ерме.

Шөлмек сынар бір күнде, білсең етті,

Ақын мықты дегенге оңай сенбе!

 

Сөге көрме, жарқыным, сөге көрме,

Қатты айтсам кей күні бөтен көрме.

Жібек жейде секілді тез кебемін,

Түбім жақсы болады, өтем төрге.

 

Жеки көрме, жарқыным, жеки көрме,

Сенікі жөн, дегенге беки көрме.

...Ақын деген құйын ғой соғып өтер,

Құйын соғып кетпесін, көки көрме!

                                  

НӘУРІЗЕК ҚҰС

Нәурізек құс, келші бізді қуантып,

Сенің құның алтыннан да мың артық.

Арқаға да келіп жетші, ақ құсым,

Алматыдан ұшсаң етті тік тартып.

 

Нәурізек құс, қанатың еш талмасын,

Солтүстікке жылуыңды арнарсың.

Көктемді біз жүрміз әбден сағынып,

Құс жолындай бәлкім, бізді жалғарсың.

 

Көктем биыл кешігуде Арқаға,

(Ол емес қой бататұғын арқама).

Жаным – мұздақ, көңіл мұздап,

                                        жүргенім,

Тонналаған ой мен мұңды арқалап.

 

Нәурізек құс, келсең ұшып, мәз болам,

Жаным жылып, салар едім аздап ән.

Көңілімнің бәйшешегі бүр жарып,

Жіпсір ме еді, мұзы кетіп аздаған.

Нәурізек құс, ұшып келші, мәз болам!

                                    

БАР БАЙЛЫҒЫМ

Бар байлығым – немерелер қолдағы,

Амандығы Қайратымның жолдағы.

Ақ көңілім, пәк ниетім алғаусыз,

Алаламас бар әдетім бойдағы.

 

Бар байлығым – адал тапқан шайлығым,

(Бірде жетер, бірде жетпес айлығым).

Қара шәйді терлеп-тепшіп ішемін,

Маған бақыт тыныш өткен әр күнім.

 

Бар байлығым – Алла деген пейілім,

Кейісем мен арым үшін кейідім.

Қаламым мен ақылымды серік қып,

Еңбек деген арбаға көп жегілдім.

 

Бар байлығым – еш есепсіз тұрысым,

Айламенен сүрген өмір құрысын.

Бәлкім, алтын жимаспын мен балама,

Асырайды бар кезімде жұмысым.

 

Бар байлығым – артымдағы ұрпағым,

Ойлап жүрем және өзім ұлт қамын.

Тілім барда өмір сүрем адамша,

Қазақпын деп жар саламын жұртқа мың.

 

Бар байлығым – елім, жерім, Отаным,

Әркез сонан қуат алдым, от алдым.

...Жат жерінде шалқып өмір сүргеннен,

Қадірі артық ауылдағы соқаның.

Қазақ тілінде жазылған