Адам қарады: 57 | Жарияланды: 2019-08-27 02:50:40

Топан су

поэма

 

...Кеме таудай толқын арасынан аман қалып, су қайтқан соң тау басына тоқтады. Бұл тау туралы аңыздарда Әл-Жуди тауы деп айтылса, тағы бір аңыздарда кеме Арарат тауына, қазақ  қисса-аңыздарында Қазығұрт тауының басына тоқтағандығы баяндалады.

Аңыздардан.

 

***

 

 

– Ата, баяғыда жерді топан су басқанда мынау дүние екінші рет қайта жаратылыпты-мыс дейді аңыздарда. Сонда алғашқы Адам да біз сияқты болған ба?

 

Немерем Елдардың әңгімесінен.

 

- Ім... ім...

Ол да болған өзіміздей,

... Мұрыны, құлағы бар,

көзі біздей.

- Кемесі қапты Нұхтың Қазығұртта,

... Немерем қойды сауал сөзін үзбей.

 

                                       І

 

... Күмілжіп,

Кей сауалға таппай жауап,

Кідірдім,

Саз балшыққа батқандай-ақ.

Әрнеге әуес болған әй, немерем,

Әкелді әлімсаққа қақпайлап ап.

 

Қанатын қақпақ қайтіп қайран арман,

Ашкөздік Адам көзін байлап алған.

Алланың әмірімен Жер-Анамыз,

Төрт миллион жылдай бұрын пайда болған.

 

... Ол жайлы бұрынғының бар дерегі,

Оңаша ойлап-пішіп әрнемені.

Адамның жүрегіне ұқсас етіп,

Жаратқан шығар жерді Алла әуелі.

 

Алладан басқа ғалам тектісі жоқ,

Әзәзіл Албастының ептісі көп.

Жендет жүр Жер үстінде,

қолдан келсе

Доп қылып жұмыр жерді тепкісі кеп...

 

Әлемге Алла әмірін таратқанда,

Әзәзіл жалбарынып Жаратқанға,

Төменге тастап көзін таң қалыпты,

Домалақ жерді көріп таң атқанда.

 

Төңкеріп төбесіне көкті сосын,

Ай мен күн...

Жұлдыздардың жекті көшін.

Жаратып жан-жануар...

Ну орманды

Таулары жұмыр жердің көк тіресін.

 

Аллам-ай!

Жан бітірген қара жерге,

Жануар... жәндік мына... ана белде...

Ағаштың бұтағына қонып алып,

Алуан құс сайрап түрлі салады әнге.

 

Хауа Ана-Адам Ата болмаған кез,

Алартып Әзәзіл тұр оңбаған көз.

- Енді осы жұмыр жерге еге болар,

Беремін Адамды!

... Алла толғаған сөз.

 

Селк етті естіп мұны тақылдаған,

Әзәзіл жерге таман жақындаған.

Алла айтты: - дүниені дұрыстайтын,

Аямай беремін деп ақылды оған.

 

Алланың  айтқанын кім мақұлдамас,

Асрафил аң-таң қап тұр.

Ақылға мас.

Әзәзіл болса әнекей білген алғаш,

Қайдағы Адам жайлы хақында оғаш.

 

Секем ап сонан бастап Әзәзілің,

Жоқ онда Адам десе маза бүгін.

Қарайды күмәнменен Адамзатқа,

Адам ба, сақтайтын жер тазалығын?!

 

Алланың ап қуат-күш дәрменінен,

Ғайыптан ғаламат ес, жан берілген.

Кәдімгі топырақтан жаралыпты,

Алғашқы Адам Алла пәрменімен.

 

Солайша Адамға ақыл,

бергенде ойын

Деді ме,

салсын кеңге пендем пейілін.

Өстіп Адамды Алла

Топырақтан

Жаратты екі миллион жыл Жерден кейін.

 

Жетіқат көк төсінде жан баспаған,

Жаратқан кешті ғұмыр...

алғашқы Адам

Тұқымын жаратқанда,

күйіп-пісіп,

Көнбепті Әзәзіл мен Албасты оған.

 

- Оу, Аллам!

Неткен нәзік жүрегіңіз,

Жаратты жұмыр жерді тілегіңіз.

Енді сол жер үстінде топырақтан,

Адамды жаратпақсың,

білеріміз.

 

- Е, неге?!

Аңтарылды Алла оларға,

Өмірі бүйтіп Алла таң қалар ма?!

- Келешек Адам Ата – Хауа Ананың,

Тұқымы билік етсін бар ғаламға!

 

... Зар илеп екі жақтан екеуі кеп,

Сөйлесе дауыстары кетеді үдеп.

- Адамзат пайда болса,

Жердің үсті

кетеді жын-сайтанның мекені боп...

 

- Тәйт әрі!

Алла асасын алды нұқып,

Таяқтың кетті ұшында әлгі күдік.

Хас жауы Адамзаттың бұл екеуі,

Болашақ болатынын қалды біліп.

 

Әуелі жаратқанда жерді жұмыр,

Алланың құлағына келді дүбір.

Сол дүбір Адам Ата – Хауа Ана екен,

Жасайтын топырақтан ендігі бұл.

 

                                 ІІ

 

Маймылдан жаралғам жоқ!

Қарсы болам!

...Баласы Адамзаттың болсын аман!!!

... Алланың бұйрығымен ал мінекей,

Аздан соң дайын тұрды балшық Адам.

 

Алланың мейіріміне ел бөленген,

Құлақ... көз орнатып,

бас дөңгеленген.

Қолменен екі-екіден аяқ беріп,

Орасан оймен қоса зерде берген.

 

Алланың қалауы бұл ілгері өрді,

Басыпты балшық Адам күнде жерді.

Жақсы сөз айтсын деген Жаратқаным,

Оймақтай ауыз, отты тіл де берді.

 

Ми берді,

Біразырақ берді ақылды,

Сүйсін деп жүрегіне ең жақынды,

Ойланып жұдырықтай жүрек берді.

Дүрсілдеп кеудесінде ол да тұрды...

 

Адамға жан бітіріп... берді бәрін,

Әзәзіл мұны әрине,

көрді залым.

Тағы да ғұмыр берді,

Тым көп емес...

Таянып Алла біраз енді жағын.

 

Әзәзіл емес жоққа, барға да ырза,

- Үш жүз жыл бергенше үйбай, қарғаңызға.

Болғаны Адамзатқа жүз жыл берген,

Жол болсын жаратушы Алламызға!

 

Алланың айтқан сөзі болады да,

- Аз ғұмыр бердім міне, Адамыма.

Өмірдің мәні ұзақ жасауда емес,

Жетеді соның өзі саналыға...

 

Жетеді Адамда ақыл,

жетеді ерік!

Ғұмырын жасамайды бекер ол ұқ!

Сол Адам топырақтан жаратылған,

Қайтадан топыраққа кетеді еніп...

 

... Иә, Аллам Әзәзілге деді солай,

Ойсызға емес еді онысы оңай.

Адамзат, жаратқанға жан бітірген,

Аллаға болма күпір теріс олай.

 

                                      ІІІ

 

...Хауа-Адам сонан бастап жер тұрағы,

Баса алмай махаббаттың өртін әлі.

Аумайтын екеуінен тұқымдары,

Жамырап... жердің үстін   толтырады.

 

Өткенде өсіп-өніп жыл мыңдаған,

(Со жағы Адамзаттың бұлдыр маған).

Паналап тас үңгірді...

Қауымдасып

Үйреніп от жағуға үлгірді Адам...

 

Жаратқан:

- Көбейіңдер! – депті қадап,

Әзәзіл жерді қарап... көкті қарап

Жүргенде тіміскілеп,

Жер үстіне

Тұқымы Адам Ата кетті тарап...

 

Тарыдай жер бетіне шашыраған,

Тұқымы  күллі әлемді басып Адам.

Жан-жағын қоршап алды көз алартып,

Қаншама өтті бері ғасыр онан...

 

Ұмытып бір-бірінің нақты есімін,

Шегендеп шекарасын,

жапты есігін.

Әзәзіл нәлет атқыр!

Жіміскі оймен

Жүрді Адам арасына сап кесірін.

 

Алланың тарс ұмытқан өсиетін,

Жоғалтқан ізгілік пен қасиетін.

Тұқымы Адам Ата-Хауа Ананың,

Пенделік бастан кешті қасыретін...

 

Қаһары қатты Әзәзіл қарғыс атқыр!

Өмірі Алласынан алғыс ап бір,

Көрмеген көрдемшені-ай!

Адамзаттың

Тұқымын бұзбақ енді жанды сап бұл...

 

Ойы арам Әзәзілдің,

жіміскілік,

Ұшады жер үстінде жұмыс қылып.

Түседі төбесінен ұрғашымен,

Жатқанын ұрғашының жыныс құрып...

 

Әртүрлі Әзәзілге ой келеді,

Қалайша Алла бұған бой береді?!

Көргенін жіпке тізіп Алла алдында,

Тұр еді аузын ашып сөйлегелі...

 

                          ІV

 

...Тым-тырыс.

Тірелгендей тұйыққа шын,

Жай тауып,

Қайтіп тыныш ұйықтасын?!

Асрафил – Ақырзаман хабаршысы,

Алланың алдында тұр иіп басын.

 

Аузына сөз түспейді бірақ дұрыс,

Ол үшін үрей... дүлей... мұратты ұлы іс.

Қаһарын төгер еді,

Қолында жоқ

Алланың құзырында жұмақ тыныш...

 

...Бұрылып Асрафил бүгежектеп,

Аспаннан жерге көзін тігеді ептеп.

Алладан жасқанады Асрафил

Қолынан келсе... жерді түнек етпек...

 

Алланың хабаршысы көктен барып,

Қараңғы түнді...

Күнді еткен жарық.

Ал, қазір Асрафил топан суды,

Ағызып,

Қасіретін шеккен халық...

 

Тіршілік болмайды түк ырымға енді,

Асрафил жан боп ұшқан шыбын көрді.

Тазартып топан сумен арамдықты,

Жаратпақ екінші рет жұмыр жерді.

 

Алланың әміріне қарсы кім бар?!

Асрафил,

Құлағыңды салшы мұндар!

Тұқымын Адам ата түлен түртті,

Ол жайлы жасырмаймын жан сырым бар!

 

Былғанған

Жерді басты босқа Адамың,

Адал мен білмейді істің еш харамын.

Түбіне жетті байлық...

Толтыра алмай

Көз деген түбі тесік тостағанын...

 

Бақ-дәулет бір-ақ күндік...

Оны бақыт

Атама!

Қалады алтын,

Соңына ақық.

Жалаңаш кетеді Адам...

Сол байлықтан,

Уыстап ұстай алмай қолына түк...

 

Топырақ көміп тастап түйме көзін,

Құс болып кетеді ұшып бейне сезім.

Қалады жер үстінде

Жылап-сықтап

Аршын төс аруы да сүйген өзін...

 

...Асрафил ағыл-тегіл ағытты сыр,

Ақындай нөсерлеткен шабытты жыр.

Адамның жіпке тізіп жамандығын,

Аянбай Алла алдында қағытты бір.

 

- Қағида жоқ пендеңді қақпайлаған,

Қыздары көбелектей отта ойнаған.

Ұрғашы-еркегі жүр...

Жапырақпен

Ұятты жерін неге жаппайды Адам?!

 

Сөйлесем сөге көрме сонша асыға,

Тиым сал, сабақ болсын баршасына.

Еркекпен сол ұрғашы бірге отырып,

Түседі тыр жалаңаш моншасына...

 

...Айырмай жер үстінен тіпте көзін,

Бөлмеді Алла Асрафил түк те сөзін.

- Артық па, теңесем мен Алдиярым,

Адамды мақұлыққа біткен өзін...

 

Шалатын бірін-бірі күліп іштен,

Шараптың шайқап үріп,

уын ішкен...

Жаратқан жер мен көкті жалғыз Аллам,

Сақтай гөр Адамзатты ібілістен...

 

...Күншілдік,

Ынсапсыздық.

Мақтаншақтық.

Әдетін тия алмайсың аттан сап түк.

Бір кезгі бір Адамның балалары,

Жасайды бір-бірінен жоқтан сақтық.

 

Доғармай дүние-боққа таласуды,

Көр де тұр,

Қоймайды Адам адасуды...

Тозақтың отына сап шыжғыратын,

Әнекей, Әзірейіл әлі ашулы...

 

Асрафил хабаршысы Ақырзаман,

Аспаннан түсіп жерге жақындаған.

Ажалдың қаға берер қоңырауын,

Біткенше жер үстінде ақырғы Адам.

 

- Жә, жетер!

Жер-жаһаның қапылды онда!

...Аспанды шатырлатып ақырды Алла.

Асасы жұмыр жерді дүр сілкінтіп,

Пайғамбар Нұхты айқай сап шақырды Алла.

 

- Нұх қайда?!

...Жетті лезде Нұх пайғамбар.

Пенделік Адамзатты құртқан жайлар.

...Алланың пәрменімен сол заматта,

Жайылды жерді жарып шыққан қайнар.

 

Жол тапқыш о кезде де пасық көп-ті,

Әуелі солар тауға қашып кепті.

Түк емес топан суға

Жолындағын

Ағызып тау басынан асып кетті...

 

... Біреуге сор,

Біреуге бақ береді,

Ғайыптан сақтады Алла ақ кемені.

Жалында ақжал толқын жалғыз кеме,

Шарасыз шайқалақтап шақ келеді...

 

...Мәліктен туған аңыз,

тіпті әрі бұл,

...Тереңге кетті батып ыққаны бір.

Ғаламат тілсіз жаудың беті жаман,

Ғаламды он сегіз мың жұтқалы тұр...

 

                             V

 

- Болмайды Адамға жер тұрақты ірге!

Болсын бұл тіршілікке сынақ мүлде.

... Береді кеме жасап Нұх пайғамбар,

Алланың әмірімен бір-ақ түнде...

 

...Азанда

Иә азанда Нұх бәріне,

берді әмір,

Жұрт қарасты шыққан үнге.

Жұп-жұптан жан-жануар отырғызды

Кемеге,

...Қосты Адамды жұпқа бірге.

 

Адамнан басқа да алуан жұп болатын,

Кемеге кетті мініп,

Нұх баратын.

... Біртіндеп жүзді кеме ақ дауылда,

Апаттан тіршілікті құтқаратын.

 

...Бұл жайлы бір-бірінен асады аңыз,

Іске асты Нұх пайғамбар,

о шараңыз.

...Кемесі Нұхтың тұңғыш су бетінде,

Адамзат тарихында жасаған із.

 

...Балық таң.

Су бетінде билейді о не?!

Табаны су түбіне тимейді, әне!

...Қақ жарып құс тұмсығы ақ толқынды,

Үдере тартады алға үйдей кеме.

 

Күтеді бақ па, сор ма?!

Ертеңі не?!

Қоймайды көзге әзір жер көріне.

Қиғылық салады жел оқтын-оқтын,

Кеменің жармасып ап желкеніне.

 

Су шайған қарап кеме палубасын,

Көзінде тұрған жігіт жалын басым.

Келеді жалбарынып Жаратқанға,

Сүйеген сол жігітке ару басын.

 

...Көлеңке түсірсе бұлт күн бетіне,

Алланың келтірме шек құдыретіне.

Жақсылық жасарына түптің түбі,

Үміт арт,

Сенім білдір,

Үмбетіне!

 

Дүниені топан судан жақындаған,

Осылай құтқаруды мақұлдаған.

Аузынан тастамайды аман қалған,

Алланың он сегіз мың атын ғалам.

 

Тоғыз балл соқты дауыл тоқтамастан,

Көз жасын төкті жаңбыр...

...жоқтап аспан.

Толқында батып-шығып бара жатып,

Ауызға ап Алланы Адам көп таласқан...

 

Кемеде бардай дауыл тіптен өші,

Атой сап...

Жері шығар біткен осы.

Апаттан тіршілікті алып қашып,

Жүзеді топан суда Нұх кемесі.

 

Кемесі Нұх пайғамбар адасар ма?!

Жүзеді тау толқынмен таласа алға.

...Топан су басқан түгел төңірегін,

Қай жаққа көз тоқтатып қарасаң да.

 

...Үркітіп жан-жануар ап тынышын,

Аспанда Зевс жарқ-жұрқ сапты ұрысын.

... Келеді күліп-ойнап

ер мен әйел

Кеменің паналаған тап бұрышын.

 

Адамда құрып қап па асыл өңге?!

Әйел де сезімге ынтық...

ғашық ер де...

Тұқымы Адамзаттың

бір-ақ сәттік

Кіргенше сезім құмар басы көрге...

 

Ойландым осы жайлы жазарда өлең,

Ол барда қашады Адам, мазаң неден?!

Адамзат махаббатын

Ақырзаман

Ала алмас апат түгіл,

Ажалменен!

 

Қайтадан жаралса да Жер жаңғырып,

Қолыңа бақыт деп біл қонған күліп.

Өлсең де өзің бір күн,

Жасай берер

Адамзат жүрегінде ол мәңгілік!

 

Жаратқан жебеп бір күш егер берсе,

Жетемін мұратыма!

Сенем!!

...Сен ше?!

...Қоғамда бақуат жоқ Бірлігі жоқ,

Адамда ақуат жоқ

...Өле-өлгенше!

 

                             VІ

 

Жылытып мейірімі кең Алла жүзін,

Кемесі Нұхтың суда салған ізін.

Тереңге батып кетпей сол кемеңіз,

Сапарын топан суда жалғады ұзын.

 

Мүк басқан терең суда төсін кеме,

Алысқа бағыттаған көшін кеме.

Келеді ақ дауылмен арпалысып,

Ізінде Асрафил кесір неме.

 

Асрафил хабаршысы Ақырзаман,

Тізесін неге өшігіп батырды оған?!

...Айнала алай-дүлей,

төбесінде

Зевстың от қамшысы шатырлаған.

 

Жамандық Асрафил ісі емес пе?!

Айналған аңыздағы сұсы елеске.

Аспан жақ күркіресе

«Ақырзаман...»

Дейтұғын Өтеп көкем түседі еске...

 

Толқында доптай кеме ойнақшыған,

Қаншаға жетер екен қайрат, шыдам?!

Рахмет, баласына Адамзаттың,

Шыдаған ақ дауылда айлап бұған.

 

Айдын су кеме астында...

тіпті терең,

Қорқытып келеді жел жұртты үдеген.

Тулаған толқындарға қойып кетіп,

Бір кезде судан аман шықты кемем...

 

Кеме тап болған кезде көп қысымға,

Адамның жаны ұқсайтын тек шыбынға.

Алланың назасына ұшыраған,

Баласы Нұх пайғамбар кетті суға...

 

Жеңеді Ар мен Намыс күштілігі,

Сенімге түк емес жел ысқырығы.

Аждаһа апатыңнан аман қалған,

Бұлардың бар екен су ішкілігі.

 

                           VІІ

 

Алланың бұйрығынан не күшті бар?!

Ашылды аспандағы тегіс мұнар.

Тартылып телегей су,

табанында

Қара жер жатты Адамның пейіш құмар.

 

Жұмбағын шемен тарих,

шешеді аңыз.

Алдымнан ашқан сайын көшеді әр із...

Төрт мұхит, көл мен теңіз,

керек болса

Қалыпты топан судан деседі аңыз.

 

Ойыма осы дерек қона қалар,

Тасиды топан судай...

толады Арал...

Ғалымдар айтуынша

жаһандағы

Су жерді жеті мәрте орап алар.

 

...Адамға салда түнеп,

таң атырған,

Жаратқан аян беріп,

ара тұрған.

Тазарып топан судан Жер-Анамыз,

Тіршілік екінші рет жаратылған.

 

...Тұс-тұсқа таудан сонан  бұлақ өрген,

Топан су тартылғанда...

жырақ елден,

Ғайыптан түпсіз теңіз тереңінен,

Асқақтап асқар таулар шыға келген.

 

Өр, биік әрқашанда өресі Адам,

Аулақ бол, апаттардан келесі онан.

Әуелі Жуди тауын бетке ап...

сосын

Тоқтапты Қазықұртқа кеме сонан...

 

Тамаша Жер-Анамыз... көктемгі алап...

Тірлікке тоймайды күн көктен қарап.

Дүниенің тұс-тұсына осы жерден,

Тұқымы Адамзаттың кеткен тарап...

 

Жұмыр жер бәріне ортақ,

сұра, Отанын!

Бейбіт күн қарсы ап бірге құба таңын,

Біртіндеп Батыс... Шығыс боп бөлінді,

Баласы әу бастағы бір Атаның.

 

Қайда екен Алғашқы Адам қайран ізі,

Аңыздан асып түскен кей маңызы.

«Басында Қазығұрттың кеме қалған...»

Қазақтың қадым заман дейді аңызы.

 

...Жап-жасыл жер көрінді күліп алдан,

Жарқырап төбесіне күні қонған.

Екінші Адам Ата атаныпты,

Әлгі Адам топан судан тірі қалған.

 

Жасарып жайнап шуақ, нұр себелеп,

Ажары жердің қайта кірсе керек.

Баласы Адамзаттың,

Үр жаңарған.

Қадірін Тіршіліктің білсе деп ек...

 

Көбейіп бірте-бірте баласы Адам,

Симайды жер бетіне бара сонан,

Қолынан келеді Адам таңғажайып,

Қарашы, көркем қала... тамаша маң...

 

Салтанат жер үстіне құрған Адам,

Сақтасын сені соғыс... зіл-заладан!

Мұхиттан терең ойың,

Мұнар басқан

Таулар бар,

Асқақ сенің тұлғаң одан.

 

Қанағат...

Ынсап...

Мүлде жоқтықтан ба?!

Ашкөздік,

Тоғышарлық,

Тоқтықтан ба?!

Дерт шалған Адамзатты алуан түрлі,

Өрт шалған ну орманды оттықтан да...

 

Ап-ашық,

Бірде жатқан бұлт көшіп,

Көз тіккен «Алла көкте» жұрт десіп.

Күнде ұшқан зымырандар зиянынан,

Шелектей түбі аспанның шұрқ тесік.

 

Қадірін Табиғаттың білгін Адам!

Сақтаңдар бал бұлақты сылдыраған!

Мәңгілік мұздақ еріп,

О, Адамзат!

Жылынып келе жатыр күллі ғалам.

 

О баста қойғанымен атымды Адам,

Ісім көп Ібіліске жақындаған.

Су тасып... жер сілкінсе

Жұрт айтатын,

Осы ма Астапыралла Ақырзаман?!

 

Сағынтты сызы бүгін сырнайлы арман,

Боқ дүние домалатып күндер қайран.

Босқа өткенін білмейді жер бетінде,

Бұл адам ар-ұяттан жұрдай болған.

 

Бір кезде жүрегінде лаулап арман,

Жанатын Адам қайда,

бар ма ол жан?!

Санасын ұят емес,

қазір Адам

Тек қана ақша, ақша!

...жаулап алған.

 

Аты өшкір,

Әзәзілдер, Албастылар!

Адамзат қыр соңынан қалмас бұлар.

Дүниеге келген Адам екінші рет,

Адамдай болмай ма екен алғашқы дәл?!

 

Арылып бәз-баяғы күнәсынан,

Жасапты шын шүкірлік бұл осыған.

Адамға маймыл мінез қайдан келген,

Жаралсақ топырақтан расынан.

 

Жаратқан бірдей етіп бәрін Аллам,

Құдай да дей алмайды оны жалған.

Жер ортақ,

Аспан ортақ Адамзатқа,

Болғанмен әрқайсының нанымы алуан.

 

Бақ берсін үйіп-төгіп оң жағыңа,

Тақ берсін жиып-теріп сол жағыңа.

Парықсыз пасықтардың әрекеті,

Адамның қырғи-қабақ болғаны да.

 

Әзәзіл,

құрт көзіңді әрі, күлмей,

Адамның ұқпайсың сен жанын үрдей.

Араздық отын жаққан сен болмасаң,

Алла үшін Адамзаттың бәрі бірдей.

 

Албасты Адамға ұқсас пішіндегі,

Қай заман көлеңкесін түсіргелі.

Қараулық...

Ұятсыздық ұясы ғой,

Адамның жын-сайтаны ішіндегі...

 

Алладан жер мен көкте не күшті бар?!

Пері емес,

Аллаға адал періште ұнар.

Жаратқан жазаларын тарттырады,

Тасжүрек жендеттердің соғысқұмар!

 

Ақыл-ой... Ізгіліктің төресі Адам,

Ойыншық па Жер-Анамыз,

о не саған?!

Сақтаңдар жұмыр жерді жұдырықтай,

Апаттан!

Топан судан

келесі аман!!!

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған