Адам қарады: 25 | Жарияланды: 2019-08-31 04:56:31

Иттің арқасында саған үйленгенім-ай, ә!

Қызықбек - өзі қызық жігіт. Жасы 33-ке жеткенше үйленбей жүріп алды. Өзіңіз ойлаңызшы, Құдай-ау, қылшылдаған кезінде қай жігіттің үйленгісі келмейді дейсің. Жігіт атаулының бәріне арман-мақсат болған осы бір қадам Қызекеңді оңайлықпен қызықтырмай-ақ қойды. Анау, шиеттей бала-шағасы бар құрдастарына бір сәт көз салып қойса бола-ды ғой. Әй, қайдам! Қызықбекте ондай ой-ниет мүлдем байқалмайды. Жұмысы дейсіз бе? Жо-жоқ, кешіріңіз, жұмыстың көкесі осы Қызекеңде. Білдей бір банкте бас маман. Жалақысы бір емес, екі отбасын асырауға жетіп жатыр. Ол жағынан мәселе туындаған жоқ. Бірақ, бұл жігіттің неге үйленуге ниеттенбейтіні біз үшін жұмбақ дүние.

Жер бетіндегі барлық әке-шешенің арманы ұлын аяқтандырып, ұрпақ өрбіту болса керек.

Мұның ата-анасы да келіннің келуін ұзақ жылдан бері есікке емініп, терезеге телміріп күтіп жүр. Көлік дүр ете қалса: «Оһо, келін келе жатыр!» - деп елеңдеп, қуанып қалады. Қанша телміріп, қанша елеңдесе де келіннің келетін түрі көрінбейді. Отыздан асып бара жатқан жігіт асықпаса, келіннің өзі кіріп келмейді ғой.

Бір күні кешкілік... иә, бір күні кешкілік әкесі қаһарына мінді. Өмірі бұлай ашуланып көрмеген кісі. Қабағынан қар жауып қатуланған күйінде Қызықбекті шақырып алды.

- Әй, әй, айналайын! Әй, осы сенің бұл жүрісің қай жүріс, а, кай жүріс? Еркек болып жаралдың ғой. Жаралдың. Қашанғы күтеміз, ә? Қашанғы? Шыдауын шыдап келеміз. Шыдамның да шегі бар емес пе? Әлде... Әлде сенің он екі мүшең бүтін емес пе? Әлде сен... Құдай-ау, қалай айтсам екен? Әлде сен, келінге дайын емессің бе? Кінәратың болса, қаралып, емдел. «Ұлы сөздің ұяттығы жоқ» деген, деп ашудан қалшылдады дейсің. Әкенің ашуын анасы да қостады:

- Әкең жөн айтады. Қашанғы сарылып тосамыз? Естіген елден, көрші-қолаңнан ұят болып бітті әбден. Ал түкті ойламай, сенің жүрісің мынау. саған әйел кажет болмаса. бізге келін керек, айналайын, - деп күйіп-пісті.

Басқа-басқа, ата-анасының мына айқайы, мынау жан күйзелісі Қызықбектің миының қиын жеріндегі тамырларына ток жүріп өткендей әсер етті. Әке-шешенің орынды уәжіне бас изеп, тұншығып, тынысы тарылғандай күй кешті. Әке ашуы басылды-ау деген тұста сыртқа қарай бет алған.

Көшеге тыныстауға шыққан бойда «Үйлену керек!» деді өзіне-өзі. «Үйлену керек!». Осы жаста кай кызға сөз айта алады. Отыздан асқан шағында қай бойжеткеннің тілін таба алады. Жастау кезінде ештеңе ойламай жүре бергеніне өкінгендей. Төңірегін түгел... түгел ұмытқан.

Кенет сол аяғының қара саны тызылдап қоя бергені. «Арс» ете қалған ит даусы қоса естілді. Ауылдың ең қабаған иті сол аяғының артқы қара санының етін оңдырмай жұлып алған екен.

Сол жерден жедел жәрдеммен ауруханаға жеткен. Дәрігерлердің емінен соң, беті бері қарады. Аяқ дұрысталды. Ендігі уайым - үйлену. Аяқтан басқа уайымы жоқ Қызықбек ауруханада жатқан қыздарға көз салып қоятын қылық шығарды. Қаралау екен деп біреуін ұнатпады. Түрін езіп ішетіндей. Мынаусының бойы сонша ұзын дейді. Енді бірі көріксіз.

Кенет, иә кенет. Дәлізді биік өкше аяқ киімімен тықылдатып жап-жас қыз өте шықты. Сұлу! Көрікті! 18-19 жаста болар әрі кетсе. Өзінің түріне қарамай Қызықбектің сол қызға есі кетті. Есі кеткенде біржолата құлап түсті. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалды. Сөйлесуге жас қыздан ұялды. «Көке, ұялсаңызшы» десе не дейді? Осы азаппен екі күн дөңбекшіді.

Үшінші күн дегенде тәуекелге бел буып әлгі қызбен танысты. Есімі - Әсемгүл. Әсем десе, әсем ғой енді. Мұның бағына орай екеуі ә де-геннен сөйлесіп кетті. Қыз бұған «көке» де демеді, «жәке» де демеді. Жәй ғана «сіз» деп сызылып тұрды. Құдай сәтін салса қиын ба?

Әлгі өзінен 14 жас кіші қыз бұған кетәрі болмай шықты. Сол ауруханада екеуі табысты.

Ауруханадан шыға сала «Көке, апа! Мен үйленемін. Келіндеріңіз дайын» дегенде, Қызықбектің ата-анасы байғұс жүректері жарыла жаздаған. Қуаныштары қойындарына сыймады. «Біздің балаға ес кірді. Көлеңкесі екеу болатын болды» деп көршілерге айта жүрді. «Ерте-кеші жоқ, мұнысы дұрыс екен» деп көршілері де мәз болысты.

Арада үш күн өткенде жалғыз көлік бебеулеп аулаға кірді. Көптеген жылдар бойы күттірген келін келді, міне! Егде тартқан жеңгелер орамал салып әуре. Өзі жас, Құдай-ау, мына келін жап-жас қой! Шуылдаған әйелдердің алғашкы сөзі осы болды.

Осылай ата-ана арманы орындалды. Қызыкбек екі нәрестелі болды. Сәбилер ата-апасына ермек. Жалықтырмайды. Қызекең сол жұмыста, банкте. Ерте кетеді, кеш келеді. Жұмыстың аты - жұмыс. Жүмыс болған соң, ұжымдастар болған соң, отырыс, куаныш, туылған күн болады. Қызекең түн жарымында қызып келетінді шығарды. Жап-жас келіншегі есік ашады.

  • Қайда жүрсің? - дейді.
  • Отырыс болды. Әріптестермен жүздеттік,.. - дейді бұл. Келіншек сенбейді.

Келесі жолы Қызекең тағы кешігеді.

- Қайда жүрсің, түнделетіп? - дейді жап-жас келіншегі.

- Отырыс болды. Әріптестермен жүздеттік... аздап, - дейді бүл. Келіншек шыдамайды.

- Өтірік! Өтірік! Сен, сен оңбаған, жүргіш әйелдерден келдің, - дейді долданып.

Ол күні бұл отауда береке болмайды. Қызекең аң-таң. Шынын, Құдайдың шынын айтып келіншегіне жақпады. Басы қатып отыр.

Келесі бір жолы тағы кешікті.

  • Қайдан келдің? - деді әдемі, жас келіншегі. Енді бұл шыдамады. Тарс кетті.
  • Қатындарға бардым, жүргіш қатындардан келдім, - деді ызаға булығып.

Келіншегі бірден жуасыды. Сол күні ұйкысы да тыныш болды.

Бұдан кейін жүмыстан кеш келсе, айтар сөзі дайын. «Басқа келіншектерден келдім» дейтін болды. Ондайда келіншегі қарсы сөз айтпай-ды. Мұның «шындықты» айтқанына көңілі толады.

Мұндай күндер де ұзаққа бармайды екен. Бір күні Қызекең жас келіншегімен ренжісіп, қалды. Екеуі бір-біріне талай ащы сөздер айтты. Бір-бірін аяған жоқ. Әсіресе, жігіт қатты кетті. Қызекеңнің «шындықты» айтамын деп шыдамы таусылған екен. Жуастың ашуланғаны қиын екен ғой, кім білген?

- Әй, әй, қатын, - деді қатты ашуланып, -әй, қатын, - деді тағы ызаланып.

- Білесің бе? Осы бар ғой. Тып-тыныш жүрген кезімде саған қайдан жолықтым, ә? Саған қайдан ғана жолығып едім, ә. Е, е, е, е! О, о, о, о, о! Иттің... Иә, иттің арқасында саған жолықкан екенмін-ау! Иттің... Иттің арқасында саған үйленгенім-ай, ә!

«Ит үреді, керуен көшеді» деген сөз бар. Құдайга шүкір, Қызекең бала-шағасы, отбасымен тұрып жатыр. Ұл-қыздары өсіп,жетіліп келеді...

 

 

Қазақ тілінде жазылған