Адам қарады: 68 | Жарияланды: 2019-09-02 01:58:19

Архетип

Қар астында көкшілденер сезігім,

есім қалқып ауада,

бу секілді бұрқырайды санада

қызғылт сары қауырсын.

Сен шалғайдан

естілген

жүрегіңнің дүрсілінен ауырсың!

Сұр бөлмеңде көлбеңдеген Елестер –

өлгендердің түсіндегі бейнесі,

бұлдыр шақта бұйыққаның емес пе ол?!

Шыңырауға сүңгіп бара жатырмын...

Мұздай тұнық болашағым ішінде,

түссіз кейпім үшін де

сүйіп тұрдым өткенімнің өңінен.

Қолдарыңды сипап едім...

сезбедің...

Жеткенімді жеткізе алмай желпіндім,

тастап кеткен тәнімдегі еркімнің

боз еңсесі бұртиды,

енді қайтіп жанарыңа шалынам?!

Жалған шүбәм –

жазылмайтын сырқатым,

жаңа өмірден шаршаған да шығармын,

бар өмірді құртатын?!

...Түс ауғанда түсінісер Түс-жолым,

cәтке сыйған ғүмырымдай күшті едің?!

Тарғыл түнде тұманытқан тылсым сол,

дидарыңнан ойыңды оқып отырмын,

терезеңнен қалай көрмей тұрсың сен?!

Табан тиген тас сөзіне иланып,

тәтті уілге елтідің,

Жел - әуенің ең әуезді әуені,

Айдынданған көзіңнен

бір тамшы жас қимадың,

...Көгершіннің не жазығы бар еді?!

 

 

Қазақ тілінде жазылған