Адам қарады: 91 | Жарияланды: 2019-09-17 09:49:43

Таразы өмір. 3 бөлім

Жалғасы. Басы алдыңғы бөлімдерде 

Үшінші бөлім.

Жиырма төрт сағатқа созылатын күннің үштен бір бөлігі арсыз да болса, ағзаның тынымсыз тірлігіне қажетті ұйқыға тиесілі болса, тағы бір сегіз – он сағатты адамзат игілігіне арналған әрекетке бағыштаймыз. Біреуге ол отбасын материалдық қамтамасыз ету, біреуге икемділігін, қабілетін іске асыру, яғни бұл өмірге адам болып келгенін тануға және танытуға бағытталған саналы іс-қимыл. Бұл әрекеттен әйел заты да қалыспайды. Бұдан мыңдаған жылдар бұрын нәзік жандылар ошақтағы отты сөндірмей, сәби тәрбиесін өз мойындарына алса, табиғатынан қара күшке иелері азықпен қамтамасыз ету, жақындарын қорғау, ержете бастаған ұрпақты аңшылыққа баулумен айналысып, міндеттерін бөліп алған еді. Одан бері мыңдаған жылдар өтті. Білгендерін жинақтау қабілеттерінің арқасында адамзаттың өркендеу жетістігі мол табысқа қол жеткізді. Күн көруден басқа қосалқы кәсіптермен айналысуға мүмкіндік берді. Ендігі жерде өмірдегі мақсатын тек отбасын асырау деп емес, тума нышанын, табиғи дарындылығын айқындап,  алғырлығын, зор қабілетін, жүйріктігін әйгілеп, әлемге паш ету деп түсіне бастады. Бұл ретте осал жандар да шеберлігін, талабын, зеректілігін игілікке жаратуды заңды құқығым деп танып, қоғамдағы өз орнын дәлелдеу үшін белсене әрекетке көшті. Дегенмен жаратылысынан тағайындалған ана болу, отбасының берекесін сақтау жүгі мойнынан шешілмеді. Сондықтан бірі табиғатынан жүктелген міндетті әділ табандылықпен, енді бір нәзік жандылар үй мен түздегі міндетті ауыспалы табыспен, ал аса қабілеттілері екі жақты қызығарлық икемділікпен игеріп алып кетті.

Жанар өзін соңғы топқа жатқыза алмайтынына өкініп келе жатты. «Жұмыс деп отбасыма толық көңіл аудара алмадым. Таңертең жұмысқа кетерде отбасыммен бір-екі ауыз тіл қатысып үлгереміз. Кешке жұмыстан келгесін ас әзірлеу, кір-пір жуып, киімдерін дайындау, басқа да үй тірлігі деп жүріппін. Балаларыммен тек дастархан басында бір-екі сағат бас қосамыз, одан кейін әрқайсысы өз бөлмесіне кетеді. Заман қайда қарай бет бұрғанынан хабарымыз бар ма? Төрт қабырғада тығылып, тек экран арқылы өмірді көрудеміз. Шынайы өмір қайда? Ауылда барлығымыздың іс-әрекетіміз көз алдымызда еді. Кім не істеп жатыр, кім не деді. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін адамдардың берген бағасынан, айтқан сөзінен білуші едік. Қазір балаларым немен салыстырады? Шетел киноларына, музыкасына әуес. Бірақ ол біздің түсінікке, ата-бабаларымыз дәріптеген ұстанымға сәйкес келе ме? Кішкентай кезімде әкем қайда барса да, артынан қалмаушы едім. Ал қазір қонаққа балаларды ертіп бармаймыз. Қонақ шақырсам, биік үстел басына барлығы симайды деп балаларға бөлек дастархан жаямын. Ауылда дастархан басында үлкендердің әңгімелерін тыңдаушы едік. Ал қазіргі тойда тек музыка тыңдап, билеп қайтамыз.  Адамдар қоғамдағы көзқарасты қалыптастырады ма, әлде ортаға сәйкес адамдар соған бейімделе ме? Заманға лайық болуға тырыса ма? Арай ортаны өзіміз қалыптастырамыз дейді. Былай қарасаң, әрине адамдар қалыптастырады. Бірақ мына жеңіл музыка табыс әкеліп жатқасын, жастар қиналып қайтеді? Сұранысқа лайық өлең жазады. Жеңіл әуен, арзан сөз. Уақытша дүние. Бірақ сұранысқа ие. Табыс әкеліп жатыр. Егер адамдар оны қабылдамаса, ол өркендемес еді. Сондықтан мына жастар тұтынушылардың сұранысына сай өлең жазуда. Соған сәйкес әрекет жасауда. Ендеше жастар ортаға сәйкес әрекеттенуде ғой. Сонда бұл ортаны нақты кім қалыптастырып жатыр? Адамдардың талғамы неге төмендеп барады? Біз тыңдап өскен әндер кұнды, өшпес дүниелер. Ал дами тұра, талғамымыздың төмендегені несі? Кез келген елдің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, өнердің дамуымен де бағаланса керек. Шетелде биік өнер мен жастардың әуестігі араласпайтын шығар. Біз бәрін араластырып жіберген сияқтымыз. Қателесіп жүріп төл өнерімізді жоғалтып алмасақ болғаны». 

Жұмыстан сегізде келіп, жатқанға дейінгі үш-төрт сағатты жұлмалап, отбасына арнауға тырысып, уақытпен алысқан Жанар қанша тартсаң да созылмайтын уақытты бір мезгіл достарыңа бөлу негізді деп шешті. Үйдегі бір тірлікті бітірудің орнына көңіл көтергенге айыпты сезіне бастаса да, өмір деген қатып қалған бағыттан тұрмайтын шығар деп өзін жұбатты.  Әңгіменің төркіні күйбің тірлікті сапырудан ауыспай, келелі мәселелерді шешуге бағытталмаса да, біреумен ішіңдегіні, өткеніңді бөлісудің өзі өмірдің мәні мен шыжығына айналған. 

  • Арай, мен өзімшіл сияқтымын. Шын айтам. Мектепте оқып жүрген кезімде мені апам көбірек еркелететін. Майра да маған кішкентай деп қарайтын. Мен оқуға түскенде, ол төртінші курста оқып жатқан болатын. Ол әр жексенбіде ауылға барып тұрды. Мен болсам, оқу көп деп айлап үйге бармаймын. Барсам, қайта қонақ болып қайтамын. Апам бар тәтті тамағын істейді. Жақсы құрт, жент болса, маған сақтап отыратын. Ал Майра үйге барса, үйдегі жұмысты істеп қайтатын. Мен де соған үйреніп қалған екенмін. Есімде, бізді үшінші курстың басында алма теруге жіберетін болды. Майра соңғы курста еді. Ол апамның қасында болсаң қайтеді, сұрансаң қайтеді деп өтінді. Маған курстастармен бірге барған қызық болды, олардан қалғым келмей, апама қарадым. Апам  Майраға ұрысты. “Тиме, бара берсін. Оқуына зияны келіп жүрер” деп ренжіді. Мен сұранбағаныма осы күнге дейін ұялам. Апам ауырыңқырап жүрген екен. Ақыры, Майра, сабағынан сұранып, дәрігерге қаратуға қалаға алып келді. Өзі емтиханға дайындалып жүрсе де соны істеді. Әлі күнге дейін сол кездегі жалтақтығымды ұмыта алмаймын. Майраға ішімше әпше, сіздей алтын адам жоқ деймін. Ал, өзіне айтуға ыңғайлы сәт түспейді. Ыңғайсызданамын. Сәрсенге де айтқанымды істетемін. Дегенім болмай қалса, бұрқан-талқаным шығады. Бірақ қанша еркелесем де, шектен шықпайтынымды білемін. Осы қылығыма назар аудармай келіппін. Өткенде қызым “мама, сіз өзіңіз үшін тырысасыз” дегенде, басында ренжісем де, артынан ойланып қалдым. Шынымен мүмкін бәрі өз қалағанымдай болуын талап ететін шығармын. Менікі дұрыс, бәрің менің айтқаныммен жүріп, тұрыңдар деп. Қыздарым үшін тырысып жүрмін деп ойлаймын. Оларға былай істе, былай істеме деп, ақылымды айтамын. Олар өз қалағандарын істегісі келеді. 
  • Сонда нені өзің үшін істейсің дейді?
  • Сабина ма? Ыдысты дұрыстап жумапсың деп ұрысқанмын.  Жуған қазанының сыртындағы майы кетпеген. “Дұрыстап жумаған ыдыстарың ертең сыбасып кетеді. Сосын біреу болмаса біреу айтады, қыздарына үйретпеген бе, айтпаған ба” десем, “Мама, вас волнует, что про вас скажут другие” дейді. Не айтарсың? Мен оған алаңдасам, ол өзіңізді ойлайсыз дейді. Қалай түсіндірерсің.
  • Айтпадың ба, ешкім айтпаса да, ыдыстары май болып тұрғаны өзіне жақсы ма?
  • Соны айтам ғой. Бірақ айтайын дегенім, Сабина емес, өзім туралы. Бұл жерде ……маған “сіз ылғи солай айтасыз. Өзіңіз туралы басқалар жақсы айтқанын қалайсыз” дейді.
  • Қойшы, өзімшіл емессің. Бала күніңнен білемін. Өзіңнен бұрын, сыныптың абыройын ойлайтынсың. Апаңды да ойлайтынсың.
  • Иә, бірақ бәрібір Майрамен салыстырғанда өзімшіл болып өскен сияқтымын. Қиялымда тек өзімді ойлаймын. Жоқ, балаларымды жақсы көремін, оларға бар жақсылықты тілеймін. Бірақ іштей армандағанымда өзім жүремін. Қиялымда өзім бақытты болып жүргенімді елестетемін.

 

  • Райхан, түскі асқа қайда барасың?  Жүр, Мегаға барып қайтайық. Маған хабарлама келді. Жаңа киімдер келіпті. Акция болып жатыр екен. Үшінші қабатында тамақтанып алсақ болады. Тамақтары жаман емес, - деген Айнұр жұмыстағы құрбысына сызыла сөйледі. Оның қылымси сөйлеу мәнерінен хабарсыз біреу кіммен сөйлесіп тұрғанын көрмесе, сүйіктісіне еркелеп тұр ма деп ойлап қалуы кәдік.  Кербездігі әріптесінен асып түспесе, кем жатпаған Райхан да қолын айқастырып, ойланып барып:
  •  Жарайды, барайық. Жасыл жейде алғым кеп жүр еді. Өткенде алған сөмкеме лайықты ештеңе жоқ екен, - деп келісті.

Қайнаған күнде дүкен аралау сәтті ұсыныс деп ойламағанымен өтінгеннің көңілін қалдырмайтын, кез келгеннің пікіріне қосыла салатын көңілшек құрбысының меселін қайтарғысы келмеді.

Дүкенді аралап болып, қағазқапшыққа сатып алған бұйымдарын қастарындағы үстелге қойған екеуі тапсырыс келгенше әдеттерінше жұмыстағы қызметкерлерді сөз қылуға көшті. Райхан өткен жолы «бойдақ екен» деп көпмәнді көзқарасымен тың хабарды жеткізген құрбысын естіген жаңалығымен таңқалдырмақ болды.

  • Ана Жігер уақытша істеп жүр екен, - деді.
  • Қой. Мүмкін емес.
  • Айтып тұрмын ғой. Өткенде жиналысқа апарғанда өзі айтты.
  • Маған бастық таңертең Прагаға баратындардың тізімін берді. Ішінде Жігер бар, - деген Айнұр әріптесінің хабарының растығына күмәнын басын шайқай жеткізді.
  • Қызық екен. Маған кетемін дегенге келтірген еді.
  • Бастық алып қалған шығар. Бекер жіберіп жатқан жоқ қой. Бастықпен қатынасы жақсы. Қалай ойлайсың? Орынбасары ғылып алуы мүмкін бе?
  • Жоқ. Орынбасарды қайтеді, өзі барда. Оған дублер керек емес. Сәрсен Қадырбайұлыны білмейді екенсің, ол ақшаны бекерден бекерге шашпайды. Пайдасын жақсы біледі.
  • Жаңа компания ашып жатыр. Ендеше сол жақта орын ұсынбақ шығар.
  • Иә, мүмкін.
  • Сен білесің бе?, - деген Айнұр құрбысына қалай әсер етер дегендей жайымен сыбырлай сөйлеп, - жаңадан келген жігіт сені орнына қоя алады. Ешкім көндіре алмаған ұсынысты айтқан екен, сөзге келместен көніпті. Сені Жігердің айтқанын екі етпейді деп жүр ғой.

Бірдеңе шағып алғандай ұшып түскен Райхан:

  • Кім айтып жүрген?, - деп басын жұлып алды. Тынысы тарылып, мұрнының ұшы қусырылып кетті. Ашулы отты көз алдында тұрған адамды жалынымен шарпығанда жатқан жыланның құйрығын баспақ түгелі, алыстан тәу еткен дұрыс-ау  деушілердің ниетінің дұрыстығына көзің жетеді. 
  • Жарайды, ашуланбашы. Мен өсек екенін бірден білдім.
  • Кім айтып жүр?!
  • Білмеймін, қайдан алғандарын. Өзім қабылдау бөлмесіндегі Шайзададан естідім.

Басына қан жүгіріп, неше түрлі ойлар кіріп шыққан Райхан бақталас сезіп жүрген құрбысына сыр алдырмас үшін өзін сабырға шақырды. Әрі қарай әңгіме онша өрби қоймады. Айнұрдың неге шақыра қалғанын енді түсінді. «Алғаны, болмайтын нәрсе. Қарашы өзін, мысық құсап мүләймсіп, анық-қанығын білмек болған екен ғой. Шайзададан сұрау керек. Жоқ, енді қалғаны хатшы қызға барғаным ба? Жігер айтуы мүмкін емес. Ондай адамға ұқсамайды. А, иә, иә, өткенде жиналыста Ержан отырған. Соның ісі. Сол таратқан осы өсекті. Жұмысын жарытпайтын менен естімегені жоқ еді. Сол, сол. Қара, бұларды. Мені орныма қоймақ екен. Істеп көрсін ендеше өзі бәрін».

Ашуға булыққан ол кабинетінен шықпайтын жас қыздың құлағына дейін жеткен өсекті айыздары қана іліп әкеткен әріптестеріне ызасы қайнады.

Тараған сөздің негізсіз екенін дәлелдегісі келген Райхан жобалардың құжаттарын дайындаудан бас тартып отырып алды. Іштей Жігердің бұл істі игере алмайтынын біліп, өзі алдына келгенін қалады. Сондықтан бастығы талап еткен кезде де жұмыстарының көп екенін желеу етіп сіресіп көнбеді.

Оның қыңырлығына ашуланған Сәрсен жобаны біріктіруді қаржы бөлімінің бастығы Айнұрға тапсырды. Сондай-ақ ешкімге дабыра етпеуін ескертті.

Қол астындағы қызметкердің жұмысқа кедергі болатын мінезін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Нағашбекпен талқыламақ болып жұмыстан кейін шақыртып алды. Тіпті аса қиқарларын жұмыстан босату ойы бар екенін жасырмады. Бастығының ығына жығылған Нағашбек те қызметкерлердің арасындағы келеңсіздіктермен бөлісіп, қатаң шара басқаларға сабақ болатынын жеткізді. Тек сауатты маманды жұмыстан шығару оңай емес екенін құлаққағыс ете кеткенді жөн көрді. Райханның орнына маман табу оңай болмайтынын біле тұра Сәрсен күрделі жұмыстар алдында тәртіптің босаңсығанын қаламады. Сонымен қатар мекемеде штаттық құрылымда маңызды өзгерістер болатынын ескертті. Көп ұзамай консалтингтік қызмет бөлек шығып,  өз алдына істейтін жеке мекеме болып қалатыны туралы хабар Нағашбектің бойын ширатып, толқуы мен үміті аралас қиялы қыр-қырды шарлап кетті. Сол себепті жаңа мамандарға хабарландыру жариялап, ал Райханға қатысты шараның заң талабына сәйкес жүзеге асыруын тапсырған бастығының алдында салмақты  көріну үшін бар ынтасын салды. Қысқартылатын бөлімдер мен жаңадан құрылатын құрылымдар жөнінде мәліметтерді беріп, жаңа штаттық кестесінің жобасын дайындауды міндеттеген Сәрсенге жиналысқа дейін барлық құжаттарды дайындап үлгеретінін жеткізді.

*

  • Сабин! Бинка, - деген Жанат қасына жақындап келсе де байқамаған сіңлісінің бүйірінен түртіп қалды. «Ай!» деп селк ете қалған қыз құлаққабын төмен түсіріп, не болды дегендей басын шұлғыды.
  • Ақша сұраған едің ғой. Міне.

Қопадай, ырыққа көне қоймайтын қалың шашын жапон елінің қыз-келіншектеріне тән сән үлгісімен төбесіне түйреуішпен түйрей салған, шолақ шалбарлы, жеңсіз нымшалы қыз: - О-ой, рахмет, - деп тыңдап отырған музыкасын өшіріп, ұсақ алмалардың қалдықтары жиналған алдындағы тарелкені аласа шкафтың үстіндегі суретінің қасына қоя салды. Жиектемеге салынған суреттегі кекілі қасын жапқан, дөңгелек жүзді, көздері қап-қара моншақтай алты-жеті жасар қыздың екі шекесіне бөлінген шаштары шыршадай жайқалып тұрысынан қайратты, қою болатыны байқалып тұратын. Балаң жасөспірім шағындағы өзіне ұнамайтын етті мұрны қазір таралып, сүйірлене түсіп, балалық әлпетінен томпақ беті, қарашығы жақұттай жанған көздері, қалың шашы өзгеріссіз қалған.

  • Сабин, мүмкін, қайткенмен, мама-папаға айтарсың?, - деген әпшесінің жайсыз тақырыпты бастағаны өзіне де жақпайтыны тұнжыраңқылау реңінен аңғарылды. 
  • Ыңғайлы кез болмай жатыр. Тек сен әзірге ештеңе айтпа, - деп мазасыздана талап еткен қыз ақшаны сөмкесінің ішкі қалтасына сұға салды. 
  • Айтпаймын, айтпаймын. Білесің бе, пападан, да мамадан да сөмкеге деп сұрадым. Дұрыс сөмкені әрең таптым. Енді мама бағасын біліп қоймасын деп қорқып отырмын,

     Өз кінәсін сезгендіктен басын көтермей, көзін жерден алмаған қыз жеңсізін төмен тартып түзегендей болып:

  • Пападан ақша алғанда қайтып беремін, - деп ыңғайсыздана жауап қатты.
  • Папа жаңа фирма ашып жатыр екен ғой. Мама айтты.
  • Білем. Сосын сұрай алмай жүрмін. Бірдеңе қылып құтыламын. Қазір шыдасам болды. Келесі семестрде стипендияға ілінсем ғой.
  • Оқып жүргеніңді көрмеймін, қалай ілікпексің?
  • Жоға, рейтинг болады. Тек бір қырсық шал қоймай жатыр.
  • Неге?
  • Әшейін, әзілдеп айтқанмын. Дмитрий Маркович деп.
  • Не болыпты?
  • Маркович, Марк әкесінің аты. Әзілдеп Мар-кооооо-вич деген едім. Екпінді керісінше қойып. Соны естіп қойды. Соңымнан түсіп алды қырсығып. 
  • Енді сабағын жақсы білсең, не істей алады?
  • Үлгерімге емес, өткізіп алған күндерге.
  • Сабаққа бармай жүрсің бе?
  • Дайын болмаған кезде бармай қалғам. Енді қырсығып дұрыс балл қоймай жатыр.
  • Ал керек болса! Жөндей аласың ба енді?
  • Білмеймін. Мүмкін бір жерге даяшы болып кірермін?
  • Қойшы! Одан да мамаға айт. Ұрысады, ұрысады, есесіне білетін болады. Сенің кінәң жоқ қой. Не деген қырсықтық десейші. Нең бар еді доллармен алып.
  • Қайдан білейін, доллардың көтеріліп кететінін. Кейде алмай-ақ қоям, мамаға жоғалтып алдым дегім келеді. Бірақ алдай алмаймын.
  • Сондықтан айт.
  • Не үшін сырғаны ломбардқа өткіздім деймін?
  • Саған қанша рет айттым. Болмайтын нәрселерден аулақ жүрші деп. Күйдіргісің ғой. 
  • Ну, Жанка, айттым ғой, енді олай істемеймін. Шын айтам. Сол кезде Айкамен ерегіскеннен солай болып қалды. Ол жындыны мұздай суға секіріп кетеді деп ойламадық. Балалар бізді бассейндегі суға лақтырып ойнаған кезде қорыққанынан мүлдем кетіп қалатын. Ал енді келіп, суға өзі секіріп кетті. Сосын жақын жердегі ломбардқа бара салдық. Қырсықтар екен, тек доллармен береміз деді. Басқасына барып жүреміз ба, жарайды деп көне салған ем. Керек акшаны ғана алуым керек еді. Бекер шыққан ақшаның бәрін алыппын. Сенесің бе, бір аптадан кейін доллар ұшып кетті. Қайта түсетін шығар деп күтіп жүрсем, одан бетер көтеріліп кетті. Енді амал жоқ, күйіп кетпесі үшін процентін төлеп жүрмін. Бахада да ақша болмай жатыр. Сатып әперемін деген еді.
  • Саған мүлдем бриллиант алып бермеу керек. Осымен екінші сырғаны жоғалтып жатсың. Пападан ұят. Қоймай басқасын әперген еді. Енді не істейміз?  Өткен айда саған стипендиямды берем деп қиналып қалдым. Папаның бір аптаға берген ақшасы кейде жетпей қалады. Тағы жақсысы, мама жол пұлымды береді.
  • Мені Баха әкеліп тастайды.
  • Осы сенің Бахаң маған ұнамайды.
  • Қойшы, - деген Сабина әпшесін ренжіткісі келмегендіктен барлығы жабылып айтқан ескертуден  бірден тыз ете қалмай, жайбарақат қалуға тырысты. –  Сен оны мүлдем білмейсің. Білмейтін адам туралы жамандауға болмайды. Біз бала емеспіз. Ата-анамыз болса, бізді әлі оқушылар ретінде санайды. Мектепке барады, тамағын ішеді, сусын алады, сосын бірден томпаңдап үйге қайтады. Аптасына берген он мың тенге бәріне жететіндей көреді. Ал біздің кафеде отырып қалуымыз мүмкін ғой. Сондықтан ақшаны өзіміз табуымыз керек. 

Онсыз да қиын жағдайға түсіп қалған сіңлісін ренжітіп алғанын сезген Жанат бірден басылып, ымыралық ниетпен басқалардың да кемшілігін көрсету арқылы көңілін ауламақ болды. 

  • Мама сұрағанымызды әпереді ғой. Біле білсең, қымбат киімдер алады. Бірақ папаға бағасын өтірік айтатынымыз дұрыс емес сияқты.
  • Бекер көңілін түсіргісі келмейді. Еркектер киімге не үшін сонша ақша кететінін түсінбейді ғой.
  • Аха. Біздің топтағы балалар да сондай. Оларға салсаң, бәріміз сұр не ақ киініп жүрер едік. Тағы қара, қоңыр, болды. Әлем күңгірттеніп сала берер еді. Оны түрлі-түсті қылып тұрған біз ғой. Ал өздері ше? Әртүрлі ұтыстарға қанша ақша қалдырып жатқандарын байқамайды. Қайдағы Португалия үшін кеше сегіз мың теңге қойды. Солай ұшып түсті. Тағы бізді сынайтынын қайтерсің.
  • Эх, ақшаны салатын бизнес болғанда, болмашы нәрсеге жұмсамас едік. Америкада, мысалы, жастар акцияны қорықпай сатып алады. Үстіндегі өсімінен табыс көреді, ақша керек кезде қайта сатып жібере алады.
  • Бізге де істеп көру керек шығар.
  • Қайда саласың? Форекске бір-екі рет көргенмін, барлығы күйіп кетті. Тәжірибе, білім керек дейді. Кіммен араласып, сұрауға болатынын білмейсің. Интернетте қайдағы бір ақылгөйлер. Нарықты білу керек, үнемі қарап отыру керек деушілер кілең. Америкада не бәрі бірдей білгіштер ме? Барлығы да қаржылық есептерді талдай білушілер ме екен. Меніңше, олар қандай компаниялар сенімді екенін біледі, солардың акцияларын сатып алады, болды. Ал біз оларды білмейміз. Бізде кімдердің акцияларын сатып алуға болатынын білесің бе, мысалы?
  • Халықтық IPO бар ғой.
  • Сен содан дивиденд алған біреуді есіттің бе? Олар пайдасын бірден бере қоймайды, айналымға жіберуі мүмкін. Біздің акцияларды үстінен ақша қойып, қайтадан сатып та жібере алмайсың.
  • Иә, бұл бізде дамымаған.
  • Міне. Ақша табасың, сосын оны қайда жібересің? Жазда папа берген ақшаны бір іске салып көрмек болдым. Ешнәрсе жоқ. Депозитке апарып қатырып қоймаймын ғой. Кейін бәрін киім-кешекке жұмсадым.
  • Иә-ә. Шынымен ақшаны салатын жер болғанда, мен де жинап көрер едім. Өзіміз ақша табуға тырысар ма едік, иә?
  • Далбаса. Бізде ештеңе таппайсың. Тек сатып ал да, сатып жібер болды. Көктемде бір ой келген. Студенттерге арналған карточка. Әке-шешелері ақша салады, қосымша сыйақы түсіп тұрады. Тек белгілі сомаға сауда жасай аласың, қаржы жағынан тәртіпке үйретеді. Басқалай да мүмкіндіктері бар. Мүмкін соңына дейін ойластырмаған шығармын. Бастысы, идея ғой. Кейін апардым, апаратын жерге. Олардың талаптарына сай келмеді. Бізде солай, бір үлгіні бекітеді де, соған қатып қалады. Өз беттерінше әрекет ете алмайды. Себебі, желкесінде тұрған біреу бар. Тексеруші болып, ақша алып отырған біреу. Ол да ойланып жатпайтын еріксіз біреу. Оған нені айтты, соны ғана орындайды. Өзінің басы жоқ. Тағы бір жерге барған едім, қайдан келдің, кімсің дейді. Студент екенімді білгендерінде, қайда жолдағандарын білесің. Идеямды сататын жер таппадым. Америкада, Қытайды бұлай істемес еді.
  • Берілмеу керек еді. Қабілетің болса, папаға барып көрмейсің бе?
  • Папаны көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты істер қызықтырады. Ал технологияларды жақсы түсінбейді. Қияли нәрсе деп ойлайды.. Қайдағы бір Райхан дегенге жіберді. Ол өз ақылын айта бастады. Әй, бәріне қолымды сілтей салдым. Егер еркек болып туғанымда, бәрін тастап, кетіп қалар едім.
  • Қайда?
  • Америкаға. Сандырақ ойларды да жүзеге асыруға қорықпайтын жерге. Онда шығармашылық әлеуетіңді қолдануға еркіндік бар. Сондықтан ол жақта миллионерлер де көп.
  • Сабина, бәрі оңай деп ойлайсың ба? Қаласаң болды, ақша төбеңнен құйыла қалады дейсің бе?
  • Мәселе сонда! Бәрі оңай емес. Бірақ ақшаны солай табасың. Құрдымға да кетуің мүмкін, бірақ қиындыққа төтеп бере алсаң, өмірді де түсіне білесің, қалағаныңа да қол жеткізесің.
  • Сабина, сені мүлдем түсінбеймін. Саған Бахаң ықпал етіп жүрген сияқты.
  • Айнанып келгенде, тағы сол әңгіме. Жарайды, тілалғыш қыз болайын. Университетті бітіремін, күйеуге шығамын, бала туамын. Сол ма. Сені бәрі қанағаттандырады. Дұрыс еместі көрсең де. Мен өйте алмаймын.
  • Бинка, сен ренжіме. Әшейін сен қырсықтаусың.
  • Ал сен ыңғайшылсың.
  • Сен тұрпайысың, - деп күлген Жанат сіңлісін төмпештеп, ойнай бастады.

Кешке өз-өзімен қалған Жанар интернеттің ішіндегі дүниеге кіріп кеткен жолдасына қарап отырып ойға шомды. Өмір қайта тоғыстырған Жігер турасында қорытынды шығармай тұра алмады. «Сәрсеннің орыс мінезді болғаны қандай жақсы. Ұл-қыз деп бөлмейтін. Кейбіреулер үшін алаңдатарлық жайға қатысты Сәрсеннің сөзін есіне алды: «Әй, ана Мәкеңнің көрегенділігін айтам-ау, ана ..... ше, - деп араласқанын құрмет тұтатын кісілердің бірін айтып, -  Төрт қызының барар жерін өзі таңдап берді ғой. Қандай-қандай жерлер десейші. Бір құдасы білім басқармасын ұстап тұр ма, екіншісі ауыл шаруашылығы саласында білдей қызметте. Үшінші күйеу баласы прокуратурада, соңғысын жер комитетінде әжептәуір қызмет атқарады деп естідім. Әй, не дегенмен азамат-ақ қой. Шахмат жүрісіндей ғой әр қимылы. Қыз деп қынжылып отырған ол жоқ. Күйеу балалары ашса қолында, жұмса жұдырығында».

Дегенмен қартайғанда екеуміз ғана қаламыз ба екен? Не істер екенбіз? Шетелдің зейнеткерлері ұқсап әлемді шарлап жүрмейтін шығармыз. Қартайғанда ауылға, жер үйге бару керек шығар. Құдай қаласа, немерелер келіп тұратын. Аз-маз бірдеңе егіп, үйрек-қаз ұстаса болады. Бірақ бұндай тірлік Сәрсенге ұнамайды. Кейбір еркектер үй шаруашылығына мүлдем жоқ. Сәрсен де сондай. Өмірге көзқарасымыз екі түрлі. Ұстанымымды ескірген демей-ақ қолдағанында ғой, Сәбина да құлақ асар ма еді сөздеріме. Бізде үйде екі қыз едік. Бірақ әкем қыз бала деп кемсіткен емес, жеті атама дейін жатқа үйретуші еді. Есімде ме екен? Әкем Өмірбай, атам Сейталы, сосын Меңдібай, кейін Мүсірәлі., сосын, сосын... і-і-і.. А! Жылқыбай, кейін Сүгір. О! Есімде. Қызық, Сәрсен ұл бала болса да, жеті атасын білмейтіні таңқаларлық. Ол отбасындағы тәрбиеге байланысты болса керек. Бірақ қазір кім жеті атасын біледі? Ақша табу мені қызықтырмайды, мені толғандыратын тақырып оны зеріктіреді. Бас қатыратын нәрсе емес, ол үшін ойланатын тиісті адамдар бар дейді. Сонда қоғамдағы жағдай тек мамандардың ісі ме? Бәрімізге қатысты емес пе? Түпкі ойымыздың сай келмейтіні-ай. Бұл жағынан маған неге Жігер сияқтылар ұнайды екен? Былайынша қазақпын деп кеудесін ұратын жан емес. Бірақ қарапайымдылығымен, намысшылдығымен қазаққа көбірек ұқсайтын сияқты. Ауылды жақсы көретіні болмысынан байқалады. Ауыл ол – туған жер. Көзқарасымызда ортақ бірдеңе бар. Өткенде Сәрсеннің ауылға қатысты айтқан сөзіне мен ұялып үндемей қалдым. Әдептілік танытқан Қайсар да үндемеді. Жігер ғана көтере алмады. Әлде ауылда тұрғасын ба? Маған нағыз қарапайым адамдар ұнайды. Мейлі, кім болса да. Жер жыртсын, ән айтсын, бірақ нағыз қазақтар. Осындай қарапайым халық қазақты сақтап қалған. Ал Сәрсеннің кінәсі не? Тек ақша таба алғаны үшін кінәлі ме? Иә, ол айтыс көрмейді, қазақша ән-күйді ұнатпайды. Оны тек экономика саласындағы жаңалықтар қызықтырады. Ол дұрыс қой, еліміз тек солай дами алады. Бірақ мен неге ондай емес екенмін, а? Осы Майра айтпақшы, қуып кеткен біреу шығармын». 

Үйдегі тым-тырыс тыныштықты есікті жайымен қаққан дыбыс бұзды. Келген жас солдат екен. Орта бойлы, жылтыраған қара көзді, иегін әлі түбіт шалмаған жігіт ұялыңқыраған дауыспен: «Кешіріңіз, тамақ бар ма?» - деді. Жанар таңданғанынан «Үйге кір» деп жауап берді. Сәрсен де шықты ішкі бөлмеден.

  • Не болды? - деп қатқыл сұрады. Сыртқа шығарып, жөнін сұрап жатқанын естіді. Қай бөлімде істейтінін,  неге кешке жүргенін анықтай бастады. Артынан есікті жауып, әйеліне «Кез келген адамды үйге кіргізе бересің бе?» – деп ұрыса жөнелді.
  • Қазақ емеспіз бе?
  • Жігіт емес пе? Әскери қызметіне ұят келтіріп жүр. Кез келген жұмысты істеуге болады. Ақша тапқысы келген адам, жұмыс сұрайды. Нан сұрамайды қайыршы құсап. Аяқ-қолы бүтін. Тілі бар.
  • Білмеймін, адам әртүрлі жағдайға түсіп қалады. Қол ұшын созбасақ адамдығымыз қайда?
  • Осылай қарайсыңдар да, кейін нағыз жігіттер қайда дейсіңдер. Сен сияқты бес-алтауы басынан сипап, нан берсе, жігіттікті көрсетіп қайтеді? Осылай бишара боп жүре береді.

 

Күтпеген тапсырманы алған Айнұр толқыныста жүрген еді. Бастықтың міндетіне кірмейтін тапсырманы беріп сынағаны не жұмысына көңілі толмаушылық па, не соңғы өзгерістерге байланысты жоғарылатпақ ойы бар екенін білмей дал болды. Адамның түпкі ойын тез аңғаратын құрбысымен дүдәмалымен бөлісейін десе, құпияда ұстау жөніндегі ескерту тағы қинады. Оның үстіне түйсігімен экономикалық бөлімнің жұмысын өзіне тапсырғаны құрбысы үшін жайлы жағдай емес екенін сезді. Бірақ Райханның көмегіне жүгінбесе тапсырылған істі уақтылы еңсере алмайтыны өзіне белгілі. Бастықтың талабы сондай болса менің кінәм жоқ қой деп өзін-өзі ақтады.

Қымбат уақыттың кетіп жатқанына алаңдаған Райхан Жігердің жайбарақаттығына күйіп-пісті. Осы уақытқа дейін қалай істеу керек еді деп бір келмеді. Өзі баруға намыстанды. Ақыры байыз таппай Сәрсенге кіріп шықты. Әдеттегіден тұйық отырған ол жаңа жобалардан маңыздырақ шаруалар бардай, алдында ғана кезек күттірмейтін іс деп санаған жұмыс жөнінде әңгімені қозғамады. Бастығының әдетінше істі ушықтырмай шешіп, тапсырманы өзіне жүктеуге тырыспағанын түсіне алмады. Салқын қабылдағанына ренжіп, қолы қалт еткенде жобалардың есептеулерін жалғастырып жүргенін мойындағысы келмеді. Жарайды, шадыр мінезді екенмін, бірақ басшы деген көреген болу керек қой, менің ештеңем кетпейді, өзінің пайдасын ойламай ма деп іштей кейігеннен басқа амалы қалмады.

Бұл жағдай жұмысқа деген құлшынысын көтермесі анық еді. Дегенмен хошың болған-болмағанына қарамастан, жұмыстың аты жұмыс. Міндетіңді біреудің атқарып бермесі де айқын. Тек күйің келмегенде ойды жинақтап, өзіңді  іске бағыттау қандай қиын. Біреумен бөліскенде жеңілдеп қалар ма еді. Сырласуға Айнұрды лайық көріп хабарласпақ болғаны сол еді, өзі кіріп келе жатқанын көріп қуанып кетті. Келеңсіз ойлардан сергіп қайту үшін, «жүр, шәйға» деп шақырды. Алайда бас қосуға желеуді өзі іздеп жүретін Айнұр қолы еместігін айтып, бас тартқаны көңілін түсіріп жіберді. Лайықты сөз айтып жұбата алатынына сенімі аз еді. Енді тіпті мәмігерлікке лайықты адамдардың қатарында ең соңғысы ғой қомсынды. Құрбысының шаруасынан хабарсыз Айнұр қасына жайғасып, жаңа бағдарлама жөнінде қайтадан қазбалап сұрастыра бастады. Осыған дейін әрнәрсені сұрап мазасын алған әріптесінен күдік алмаған болатын. Өзі  үшін қызықтап жүрген болар деп, қысылшаң шақта өзін қалдырып кетпегеніне риза болып, білгенімен ықыласымен бөліскен. Қазір іші қылп етті. Әлдебір суық ой зу етіп, санасына жайсыз сезік тұмандана кірді.

  • Сен бұл бағдарламаны қайтесің?, - деді жұлып алғандай.
  • Ой, білмейсің бе, осы бағдарламаға бәрі көшті ғой.
  • Әрине білемін. Барлық бөлімдер істейтін болады. Сендерге қатысы қанша? Бухгалтерияда 1-С-ка емес пе?
  • Бізді тек айлық есептейді дейсің бе? Шығыстарды да жүргіземіз ғой. Барлық шығысты білуіміз керек. Осы бағдарламада санаған жеңіл дейді.
  • Жарайды, мекеменің шығысы. Жоба шығынының қатысы қанша?
  • Енді өзіміз атқаратын болғасын шығар. Есептеңдер дейді ғой.

Әзірге құжат жүзіндегі жобаның бухгалтерияға қатысы шамалы екені белгілі. Бизнес-жоспарды біріктіруді осы Айнұр істеп жүрген жоқ па, бірақ неге сонысын мойындамайды деп байыбына жете алмады. Бірақ бұл жорамалының қисыны жоқ сияқты. Қу түлкідей құйрығынан ұстатпаған бухгалтердің жауабын қанағат тұтпаған Райхан күдігін басқадай әдіспен сейілтпек болды.

  • Жігер, түстен кейін нысанның басына барып қайтайық. Түскі асты бізден ішерміз, - деген Сәрсен Жігерді үйіне тамақтануға шақырды. Қатынастарының жұмыспен шектелгенін жөн көрген ол бас тартуға ыңғайлы себеп таппады. Келген кездерінде Сәрсен әйелінің үйде жүргенін көріп таңқалды.
  • Ә-ә-ә. Жанар, үйдемісің?
  • Иә, бүгін жұмыста мазам болмай қайтып кеткен едім.
  • Не болды? Дәрігер шақырайын ба?
  • Жоға, қазір тәуір болдым. Қоя бер.
  • Сен жата бер. Біз өзіміз шай қойып ішеміз. Бүгін объектінің басына барып қайтпақ едім. Соған киімді ауыстырып шығуға келдім. Кепкамды көрмедің бе?
  • Қазір, қазір. Өткенде Жанка киіп жүрген еді.
  • Өй, дәу ғой, қалай кимек?
  • Айтсам, тыңдамайды ғой.
  • Алаңдама. Өзім тауып аламын.
  • Мынадай аптаған күнде барғанша, кешірек бармадыңдар ма?
  • Кешке ешқайсысын таппай қаламыз ғой. Өңің бозарып кетіпті, дәрігер шақырайын да.
  • Керегі жоқ. Өзі қояды.  

Асүйде отырған Жігердің көңіл-күйі түсіп кетті. Бірнеше ай бұрын Қайсар Жанар келе ме деп өтініп жатыр дегенде қолдан келгенін істеуге жетіп барған. Шын ниетімен көмектесуге тырысты. Бір жағынан жаңа кеңістік шабыт еркіндігіне жол ашып, ырқынан тыс желкіндіріп әкетті. Сәрсеннің адамдармен тез жанасқыш, жайдары мінезінің арқасында әр ұжымға тән өз ұстанымдары қалыптасқан, жас шамалары мен көзқарастары әралуан ортаға сіңісіп кете алды. Жаңа танысы өзіне тәуелді жандарға үстемділік жүргізгенінен ләззат алатын немесе тізгінді босатып алсам, төбеме ойнақтап кетер деген сақтылығынан маңғаздылық бетпердесінен ажырамайтын әлдебір шікірейген бастықтардай емес. Кейбіреулер тәрізді таңертең жайғасқан былғары орындығынан жамбасын кешке әрең көтеретін бастықтарға да ұқсамайды. Қабылдау бөлмесіндегі қыз орнынан табылмай қалған кезде кабинеттерді аралап, қызметкерлермен тілдесіп шығатын әдеті бар екен.  Сәрсеннің кісілік қасиетіне риза болғаны сонша, бар ынтасымен жұмысы жүріп кетуіне тілектес еді. Қазір ерлі-зайыптылардың жылы қатынасы көңілді сүйсіндірудің орнына ішін бұдырлы кесекпен қырнағандай әсер етіп, сұрықсыз тұжырымдар санасын түртпінектей бастады.

Қаңбақтай ұшып соңғы кездері не істеп жүрмін деп ойлады. Әйелімен ара-қатынасы қарындасын ұзатқаннан кейін суый бастады. Кез келген отбасының арасын жіпсіз жалғайтын бала екенін сол кезде аңғарды. Күнсұлумен отбасылы болғанның екінші жылында әйелінің алыс ағайындарына қыдырып бармақ болып, бір жарым күндік сапарға шықты. Тоғыз айлық баламен жолға ойланбай шыққан екен. Поезда бала ауырып, шырқырағанда жан даусы шықты. Тоқтаған станцияда бір қазақ кемпір мына бала көзіккен екен, арқасының бәрі қап-қара болып кетіпті. Түсіп қалыңдар поездан немесе маған қалдырыңдар, қайтарда алып кетерсіңдер деді. Туған баласын танымайтын біреуге қалдырып кететіндей естері орнында. Келесі станцияда оларды дәрігерлер күтіп тұрды. Темір жол қызметкерлері хабарлаған болу керек. Баланың жағдайы нашарлап кеткесін сол станциядан түсіп қалды. Ішке алып кеткен дәрігерлер әлден уақыттан кейін құтқара алмадық деп қатып қалған баланы қолдарына әкеп ұстатты. Жастық па, ақымақтық па, баланы сол жақтағы зиратқа барып жерлегенде, басына белгі қою да ойларына келмепті. Ессіз тірліктерімен пәк періштенің кепиетіне ұшырады ма, әйелі одан кейін бала көтермеді. Алланың бермеген перзентіне бола әйелін жазғырып, бетіне басқан емес. Екеуден екеуі абажадай үйде қалғанда бір-бірімен шүйіркелесіп кете алмады. Даңғарадай шаңырақтың қуысына дейін толықтыратын сәби үнін сүйікті қарындасының назды күлкісі жоқтатпаған екен. Содан болар, әйелі соңғы кездері бала асырап алайық деген өтінішін басында жұқалап, артынан жылап жеткізген. Тілектерін аяқсыз қалдырмаушы еді. Жұрттан қалмайық, орталықтан жер алып, үй салайық деген кезде де қарсылық білдірмеген. Тұрмаса да, артықтығы жоқ деп шешкен. Бұл қолқасын қабылдай алмады. Балажан сияқты еді, бірақ қаны бөлек баланы қабылдауға дайын болмай шықты. Әйел затына перзенттің орны бөлек шығар. Ақыры әйелі кетіп қалды. Ың-шыңсыз айрылысты. Аудан орталығындағы үйді Күнсұлу иемденді. Неге көнбегенін білмеді. Іштегі үміт оты сөнбеді ме, әлде, бөтен адамды бақытсыз етемін бе деген сенімсіздік биледі ме? Артынан қарындасы жеңгесінің бала асыруға құжат тапсырып жүргенін жеткізген. Отбасының қайта жарасып кетуінен үміт үзбеген ет бауыр жақын жанның жайлап болса да, алдын-ала дайындап қоюға жасаған әрекеті. Кейіннен Күнсұлудың өтініші қабыл алынбағанын естіді. Бұл оған ауыр соққы болып тисе керек, қолдауды төркінінен іздеді. Күні кешегі өз шаңырағына келмеді. Бөтен баланы қабылдау туралы дайындығы пісіп жетілмегесін жақын жандарының демеуіне зәру болған кешегі жарын жұбатуға жарамады. Жазғырған көзқарастардан, өзін түсіне алмаған әйеліне деген өкпеден қайда қашарын білмей жүргенінде Қайсардың ұсынысына суға кеткен жанның тал қармағанындай жармаса кетті.  Өмірде кез келген оқиға бекер болмайды дейді. Неге Жанарды кездестіріп қалды екен? Әлде әлі ұмыта алмағандықтан ба? Не себепті мына жұмысқа бірден келісе кетті. Ұнайды деп өзін алдарқатпақ па? Кәдесіне жарағанға әжептәуір тоқмейілсіп қалғанын жоққа шығармақ па? Жоқ, олай емес десе, қазіргі Сәрсеннің өз әйеліне қамқор сөздері жүрегіне батқаны не сонда? Біреудің бағына деген қызығушылық па, әлде ұнататын адамына көңілін білдіре алмаған шарасыздығынан туындады ма, ақылға бағындыра алмаған кіржің сезім ішін тырнап әкетіп барады. Бәрі басқаша болуы мүмкін еді деген ой жанына тыныштық берер емес. Қолда тұрған асылынан қарап отырып айрылып қалғандай, тек соған қол жеткізсем болды, өмірде басқа ештеңе керек емес деген арсыз тілектен арылу мүмкін емес сияқты. Сонда сұр жылан тәрізді араларына кіріп, ұйыған отбасына іріткі салмақпын ба деп шіміркенді.

Қырықтың қырқасына жақындап қалдым. Не бітірдім бұл өмірде? Әкем жаққан отты өшірмеймін деген қауқары жоқ анамның өзінің рухы мықты болған екен ғой. Туған бауыры балаларыңды ойламайсың ба деп жазғырса да, сөзге ермей жаман тамда қалып қойғанында гәп те емес, үлкен мағына бар екен ғой-ау. Әкем армандаған үлкен тамды көтергенімнен не пайда, қаңсыратып кеткеннен кейін? Әке-шешемнің сүйегі жатқан,  туып-өскен жерімнен ыстық, жақын бірдеңе қалды ма менде? Барыңнан айрылған өзіңді жұбатып, күш беруге, мейірімін төгуге дайын. Баладан, жардан, бауырдан, әке-шешеден айрылсаң да туған жерің қала береді. Қашан да сені құшағын айқара ашып күтіп отырады. Аспан төңкеріліп айналса да, ешбір жағдай, ешбір күш өзгерте алмайтын ақиқат сол емес пе?  Құбылмалы әлем дүниедегі тәртіпке, ұстанымыңа, танымыңа  көзқарасыңды өзгерткенімен, билігің де, басқаң да атамекеніңмен байланысыңды үзуге қауқарсыз. Сондықтан Жерді анамен теңестіретіні асқақ сөз емес, айнымас шындық. Енді қайда барамын, қайда қашып тығыламын дегенде адасқан баласын кешіріп, бойына сенім беруге, дәм-тұзың таусылғанда қойнына алуына да дайын. Ал бұнда не істеп жүрмін? Сарай артына тығылған түлкі құсап біреудің жарына көз сүзіп жүрмін бе? Асын ішін, аяғына тепкеннің нағыз өзі болам ғой. Сүйікті жанға қамқоршы болғысы келетін арманын сырт көзден жасырғанымен, өзінен қайда қашып құтылады? Қазір оның ондай қайырға мұқтаж еместігінің куәсі болып отыр.

Мен сияқты адасып жүргендер көп пе екен? Осы адамдар қайда асығып барады. Өмір сүруге ме? Оларды мен сияқты ештеңе толғандырмай ма? Одан да тәнің ауырса ғой. Денеңнің ауырғанын жазуға болады. Денемнің қақсағанын қалаймын. Біреудің тұмсығын бұзсам ба екен. Мына бір сөлгірлік жайымды сілкіп тастағым келеді. Не істесем екен? Біреумен сілкілесіп алсаң. Бір топ жанға қақтығысып тиіссем қайтеді. Ұрып тастасын мейлі. Мынадай азаптан, денеңнің ауырғаны жақсы. 

Өзіне өзі ызаланғаны соншалық шәй құюға келген Жанармен жөндеп амандасуға жарамады. Қастарына жайғасқан оған бас көтеріп қарамастан, тым салқын отырды. Қайта кетіп бара жатқанда Жанарға ашулы көзбен қарағандай болды.

Ол кеткеннен кейін ойға шомған Жанар қалай ренжітіп алғанын түсінбей, себебін таппай «әрқайсының көңілін табамын деп өлемін бе, жұмыста бірдеме болса, менің қатысым не?» деп ашуланды. Солқылдаған басы ойлануға мұршасын келтірмей, дәрінің тағы біреуін аузына салып, төсегіне қисайды. Біраздан кейін жібере бастаған сау баспен болған жайтты қайта есіне түсіргенде жағдайды ұғына бастады. Әйелге біткен сезімталдықпен Жігердің ойын түсінгендей болды. «Бір кездері өзіме сенімсіз болған шығармын. Енді қателесіп тұрған жоқпын. Мына үнсіздік, мына көзқарас тегін емес. Бұл қалайда мені жақсы көреді. Мен ақымақтық істедім. Бекерге жұмысқа шақырттым. Әдейі шақырғандай көрген шығар. Қап. Сосын үміттеніп қалған. Мені сондай арамдыққа баратын жан деп ойлай ма? Қызық екен. Басқа-басқа, ол мені білу керек қой. Реті келгенде, ниетімнің таза екенін, расымен тек жұмыспен көмектескім келгенін, жұбайыма деген ыстық ықыласты білдіру керек. Отбасылық қатынаста мен үшін адалдық маңызды екенін біліп жүрсін.

Арайдан Күнсұлу кетіп қалыпты дегенді естігенімен, кез келген отбасының арасында болатын уақытша араздық деп санады. Жанұясында кикілжің жанап өткен шаңырақ кемде-кем шығар. Бәрі болады. Өкпе-реніш те, айқай- шу да. Біріміз жылап-сықтаймыз, екіншіміз басыламыз. Құдды табиғаттағыдай.  Дауыл болады, жауын жауады, артынан күн қайта шығады. Жастау кезімде Сәрсенге ренжіп төркініне кетіп қалған кездерімді қазір тіпті балаларға білдіруге ыңғайсызданамын. Оны да отбасымен жарастыру керек. Салт басты, сабау қамшылы болып жүре бермек пе?».

 

Институтта өтетін пікірсайысқа дайындалып отырған Жанат «Сабина, көмектесші енді, мен саған көмектесемін ғой» деп сіңлісіне тыныштық бермеді. – Жастарға арналған ұран сөз ойлап тапшы. Сабина деймін.

  • Айттым ғой: Жастар нашақорлыққа қарсы. Жастар салауатты өмірді қолдайды. Тағы не керек?
  • Ой-й-й. Оның бәрі болған. Басқа бірнәрсе керек.
  • Біз қаламызды сүйеміз. Біз ауылды сүйеміз. Білмеймін, болды.
  • Ну, Бина, сен ойланғың келмейді. Қарашы, міне мынаған. Осылардан бірнәрсе құрастырсам қайтеді? «Ізгілікті болашақ. Парасатты болашақ. Саналы әрекет – орынды сөз – жүйелі ой – игі ниет. Негізі керісінше. Ниет, ой, сөз, әрекет. Дұрыс қой, иә. Бірінші ниет, сосын ой болмай ма? Ниетіңе қарай ой болмай ма?
  • Жанка, оның бәрі саған не үшін керек?
  • Білмейсің бе, қазір жастар өмірде өздерін таппай жүр. Басқа ағымдарға кіріп кеткен. Барлығымызға ортақ идея керек деп ойлаймын. Соны таппай жатырмын. Тіпті мамадан сұраған жоқпын. Мама тарихты айтып кетеді. Сенің пікірің бірқилы өзгеше ғой. Сен аңғарғышсың ғой, басқалардай емес, ойың ерекше ғой. Бірдеңе ойлап тапшы. Бізді не біріктіруі мүмкін?
  • Білесің бе, мама бір жағынан дұрыс айтады. Өткенге жабысқанымен. Біз осы жерде дүниеге келдік. Қазақ екеніме мақтанамын. Кең даланың, өз тегімнің тәкаппар қызымын. Біреу әзірбайжан, біреу грузин екендігімен мақтанады. Казказдықпын, тауда туып-өскенмін дейді.
  • Иә, біреу таудың баласы, біз кең даланың.
  • Бізді біріктіретін де сол деп ойлаймын. Қай жерде туып өстік, сол жердің рухын сіңірдік.
  • Ой, Сабинка, сен үшін сонша қуаныштымын. Әйтпесе, сенде ұлтжандық сезім мүлдем жоқ па деп уайымдаушы едім.
  • Сен қызықсың, маған бірдеңе ұнамаса, ызаландырса, ұнайды деуім керек пе? Сол кезде ұлтжанды болғаным ба? Біреу ақылға қонымсыз бірдеңе айтса, жасын сыйлағаннан ғана тыңдауым керек деп ойламаймын. Ақымақ біреулерді көрсем, жек көремін, ал мама біздің аумақта тұрғандар туралы, көшпенділер туралы айтқанда мақтан тұтамын. Мама маған Соловьевтың кітабын берді, ғұндар туралы.
  • Біз олардың тікелей ұрпағы емеспіз-ау.
  • Олар біздің жерде өмір сүрді. Олардың түсініктері, рухтары бізге ұқсас. Сосын олар жауынгер көшпенді халық. Мүмкін осы тақырыпты аларсың. Бәрібір басқа дін ойлап таппайсың.
  • Ой, айтпа, қазір дін туралы айту қауіпті болып қалды ғой. Бәрі сақалдылардың кесірінен.
  • Иә, лаңкесшілерге бола.
  • Айтпа, бірде бір дін зорлықты насихаттамайды. Ал олар болса, өздерін мұсылман санайды. Ұятсыздар. Исламның атын жамылып алыпты тағы.

 

Бөгде ойы болмағанын жеткізбей тыным таппасын ұққан Жанар нақты жоспары болмағанымен жұмыстан кейін Сәрсен істейтін мекемеге бет алды. Жолы болған тәрізді. Кабинетінде Жігер де отыр екен. Жөн сұрасып, азды-мазды жұмыс барысын біліскеннен кейін әңгіменің ортасында: 

  • Жігерге баспанамен көмектесу керек болар, - деп байсалдылықпен достық пейілін білдірді. – Бірден көшіп келмесе де, отбасысы келуіне жағдай жасалғаны дұрыс шығар. 
  • Иә, иә. Қай жақтан қатынап жүрсің? Хатшыға тапсырайын, агенттерге хабарласып, жақын маңнан жалға берілетін пәтерлер бар ма екенін білсін. Көшіп келуге көмек керек болса, ол жағын айт. Машина, басқасы жағынан уайымдама.
  • Жоқ, әуреленудің керек жоқ. Өзім табамын ғой, - деді ыңғайсызданып қалған Жігер – Қайсар Жанар класстастарына әлі күнге дейін староста сияқты қарайды. Шақырса бар жұмысты тастап, жетіп барамыз деген еді. Рас екен ғой, - деп әзілдегендей болды. Қарқылдап күліп алған Сәрсенмен басқа да қызықтарымен бөлісті.
  • Сабақты оқымай келсек, апайдан емес, Жанардан қорқушы едік. Апай ана сыпыпты мақтап кетті, олар озып кетті деп сабақтан кейін қайтармай қоятын.
  • Жәкең сондай, - деген Сәрсен көзін орамалмен сүртіп, күлкісін әрең басты.
  • Жағдайға қарап көрермін. Әзірге көрермін.
  • Бірден көшіп келмегенмен, әйелің келетін шығар. Күнсұлуға да қаладан жұмыс қарастыруға болады ғой. Қайсардасың ба? Қанша дегенмен, біреудің үйінде қиын шығар, - деген Жанар еркектердің жұмысына барын салатындары сонша отбасына қатысты маңызды шешім қабылдауда сөзбұйдашылыққа, созып жүріп алатындарына қынжыла сөйледі.  

Тек Жігердің өзіне жалт қараған ызғарлы көзқарасы абдыратып тастады. Біреудің өміріне араласқаны шектен шыққандық екенін кеш аңғарған ол әрі қарай бұл тақырыпты жалғастырмақ түгелі, келгендегі шаруасын тия қойды. «Ой ақымақ басым-ай. Қандай адамға мүсіркеген ұнайтын еді. Жағдайын көзге шұқығандай болдым-ау. Артық қыламын деп тыртық қылды деген осындай болатын шығар».

Өз ағаттығынан туындаған қынжылықты оқиғаның ұнамсыз кірбіңі басыла бастағанда не дегенмен мені ұмытпаған екен деген ойдың ұштығы көңіліне жағып қалды.

 

  • Сабина, бүгін Әдемінің туған күні. Екеуміз барып қайтайық. Папаң жұмыстан шыға алмаймын дейді. Жанка Жайдарманға дайындалып жатыр екен.
  • Әдема ма? Жарайды. Қаншаға кеп жатыр?
  • Онға келді ғой.
  • Ух, рас па. Өсіп қалыпты ғой. Жақында ғана бала-бақшаға апарып жүрген сияқты едім.
  • Иә. Туған күніне не алатынымды да білмеймін. Бұрын бізге торт әкеп берсе соған мәз болушы ек.
  • Сәнді киім әперейік те. Брендті киімдердің бірін.
  • Әдемі әлі бала сияқты. Әлі ойыншықтармен ойнайды. Мөлдірге киім әперсең қуанып қалар еді. Әдеміге өткенде жүр, киім әперейін десем, бармаймын деп көнбей қойды. Мамасы күледі.
  • Өзінен сұрайық та немес Майра әпшеден жайымен біліп алайық.
  • Ой, мамасының миын ашытып, күшік сұрап жүр екен.
  • Жақсы ғой. Біз әперейік те.
  • Пәтерде күшік ұстаған оңай дейсің бе? Жер үйде болса, болар еді. Оны кім ертең далаға шығарып жүреді. Әдеміге ойын керек. Ертең Майра сол күшіктің артынан жүгіріп жүреді. Болмайды.
  • Ой, мам. Ұстайтындар бар ғой. Жақын тұрғанымызда мен-ақ барып шығарып жүрер едім.
  • Бір ай, екі ай қарарсың. Күшік жаны бар жануар ғой. Жалыққанда ойыншық сияқты лақтырып тастай алмайсың.
  • Ой, мам. Тіпті қиын түссе, ауылға апаға апарып тастаймыз.
  • Иә, апаң соны сосын қарап жүрсін. Ауылда онсыз да ит бар, сол жетеді.
  • Ендеше мысық алайық.
  • Сабина, болмайтын нәрсені айтпашы.
  • Мысықты далаға шығарудың керегі жоқ. Айкалар тіпті шығармайды екен. Құмы, астауы болса болды.
  • Қай атаң мысық ұстаған еді? Болды. Ақшалай бере салармыз.
  • Ой, мам. Ол ақшаны мамасы алып қояды. Өзі жарата алмайды ғой. Одан да оны қыдыруға алып барайын. Паркке, Мегаға, аттракционға ма.
  • Ой, жаным сол. Ең дұрысы сол.
  • Мам, көк бандамкамды көрмедіңіз бе?
  • Жоқ. Сөрелерді қарасай. Бикош, сен не, осылай шықпақсың ба? Киін бар, сандарыңды жалтыратпай.
  • Ну, мам. Қойыңызшы. Папа барда да шортымен жүремін ғой.
  • Папаң енді папаң. Үйреніп қалған. Ұзындау шалбарыңды ки. Бойжеткен қызсың. Бегалы көкеңнен ұятты.

 

Кешкі сағат тоғыздарда қоңырауды безектеткен адамның кім екендігінен хабарсыз Айнұр есіктің ар жағынан қызметтес әріптесін көргенде не болып қалды екен деп абдырап қалды. Қолындағы  тоқашын ұсынып, оның толқынысын байқамағандай сыртымен күлімсірей табалдырықтан аяқ аттаған Райхан:

  • Тоқаш пісірген едім. Саған дәм татқызуға келдім, - деді. Алаңғасарлау көретін құрбысына басқа желеу ойлап әуреге түспеді. Екі кештің арасында келген қонақтан ыңғайсызданып қалған Айнұр:
  • Ескерту керек еді ғой. Жалғыз болмасам қайтер едің. Қанша дегенмен басы бос әйелмін, - деп күтпегенін жасыра алмады.
  • Қойшы, біреуің пайда болса, сол заматында айтар едің. Білемін ғой, теледидардың алдында ішің пысып отырғанын.
  • Олай деме. Біз кеше жақсы отырыста болдық. Салиқалы адамдармен таныстық, - деп наздана қастарын керді.
  • Салиқалыларың біз сияқты отызға келіп қалғандарға көзін сүзеді дейсің бе? Оларды жиырмадағы қуыршақтар қызықтырады. Ал үйлерінде шәй беретін бәйбішелер бәрінде бар, - деген Райхан өзін әлдеқайда жоғары бағалағанымен, ренжітпес үшін біз деп екеуін қосып қойды. Өзінен екі жас кіші әріптесін не тартымдылығы, не пайымшылдығы жағынан келіскен жандардың қатарына жатқыза алмайтын. Өз кезегінде Айнұр өзінің биязы, жұмсақ мінезі мен майда тілі жігіттерді көбірек үйіріп, араласуға ықыластылау ететінін сезіп, осы артықшылығын мұңдас құрбысының сымбатынан құндылау көретін.
  • Жүр, асүйге, бәлішіңмен шәй ішейік, - деп тосын мейманын дастарханға шақырды. Оның шәйнекті қойып, асүйде жүргенін пайдаланған Райхан үстел үстіндегі қағаздарға көз жүгіртіп үлгерді. Артына ілеспей, төрге беталған әріптесінің қимылын байқаған Айнұр:
  • Қонақ күтпеген соң, үйді жинауға да уақыт жоқ, - деп шашылған қағаздар мен бума папкілерді бейберекет бір бірінің үстіне асығыс қойып, қоңқайған үйіндінің бетіне шақтас қызғылт ноутбугін жайғастыра салды.
  • Жұмысты үйге әкеп істейтін болғансың ба?
  • Иә, еншілес компания ашамыз деп миымызды қатырып жіберді ғой. Күн-түн демей тырысқанымызға ең құрығанда сыйақы беретін шығар.

Айнұр қағаздарды жинап үлгергенімен, Райхан сұңғыла көзбен құжаттардың нобайын бірден аңғарды.

  • Айтпақшы, өткенде ренжіп қалмадың ба? Мазам болмай отырған еді. Флешкада бағдарламаны әкелдім. Ноутбугыңа құрып берейін. Қолымыз боста көрсетейін қалай істеу керектігін, - деп үстелге қарай сылаң басқан келіншектің жолын тығыншықтай, бойы аласаулауы бөгеп қалды. 
  • Жоқ, жоқ, Сергей құрып берген. Қойшы сол жұмысты, өлеміз бе күн-түн демей. Жүр, жүр, одан да шәй ішейік, - деген жас әйелдің көңіл-күйі байқала бермейтін мәрмәртастай бетіне әрең тартқан күлімсіреуі абыржыған көзқарасымен үйлеспей онсыз да әрі шамалы өңін реңсіздендіріп жіберді. Сыншыл көзге дабырлай сөйлеген сөздері мен шұғыл қимылы әлденеге қобалжуын билей алмағандығын  байқатады.

Райхан қонып қаламын деген оймен келгенімен, күдігіне көз жеткізгесін сөзшең құрбысының бос әңгімесін тыңдауға құлқы болмады. Жалғыз қалғысы келді.

Маған айтқан алғыстары осы ма? Осы жобаны мен сияқты дайындай алатын маман бар ма еді? Білікті маман толып жатыр деп ойлай ма? Тік мінезімді бекер көтеріп жүр ме? Деңгейімдегі маманды осы қалада таба алмайтынын жалған мақтанышсыз айта аламын. Сонша еңбегімді бағаламай ма? Жобалардың идеясын да мен айтқанмын. Бизнес-жоспарын түгел өзім дайындадым. Жарайды, маркетологты алдыртты. Олардан сонша пайда келді ме? Өзімізден сұрап алып, баршаға мәлім ақпараттарды әдемі қорапшаға салып, кері қайтарып берді. Ашқан жаңалықтары жоқ. Барлығы менің еңбегім. Енді келіп, кешегі келген біреуді сонша көтереді. Соның арқасында деп. Бар ойлап тапқаны бәрін біріктіру мүмкіндігі бар екенін айтқаны ғана ма? Инвесторлар бар дейді. Олармен менің арқамда танысқан шығар. Енді келіп, айлық есептеуден басқа ештеңе білмейтін біреуге менің еңбегімді бере салғаны ма? Жоқ, мені білмейді екенсіңдер.

Райхан түннің ортасына дейін көз ілмеді.

Өз қызбалығын қынжылыссыз еске түсіре алмай қала алмады. Осы бір кемшілігі кейде опық жегізсе де басынан сөз асыра алмайтын мінезін тежей алмайды. Айнұрдың  ештеңе айта алмағанын жақсы түсінді. Алып бара жатқан қабілеті жоқ. Тек бухгалтерлік жұмысын жетік біледі. Қолы бостау болғасын, соған жүктеген. Өз басын әрең алып жүрген оның жазығы да жоқ. Бастықтың сөзінен қалай асып кетсін. Тек өз қателігі бойын жегідей жеп барады. Ұмытуға тырысқан оқиғаны басынан есіне түсіргенде жайсыз жағдайды қайта кеше бастады. Бастықтың ұжымның алдында бұның еңбегін атап өтпек түгелі, жылы лебіз білдірмегені өршіл кеудесіне ауыр тиді. Қалайша кеше келген біреумен сонша жыл істеген өзін салыстыруға болады. Еңбегінің бәрі босқа кеткендей көрінді. Жоқ, мені білмейсіңдер. Мен өзімді қорғай аламын.  Кез келген жағдайға қарсы тұра аламын. Жұмысын игере алмай, басқалардың арқасында күн көріп жүрген біреу болса екен-ау. Ондай ынжықтар жетеді, қабілеттеріне сенімсіз болғандықтан бір ауыз қарсы сөйлеуге бата алмайтындар. Ал негізгі жұмысты тартатын – өз ісін нық білетін, кәсіби білікті, білімді санаулы мамандар ғана. Тіпті бастықтың өзі атқара алмайды олардың міндетін. Сәрсен басқалардың зеректігінің, қабілеттілігінің арқасында ақылды көрініп жүрген парықсыз жандай көрінді. Оны қаралау үшін икемділігін былқылдақтыққа, шешімді ұзақ қабылдайтынын бостығына балады. Жұмыста тараған өсек, еңбегін бағаламаушылық, құрбысының сатқындығы бірінен соң бірі есіне түсіп, бойын кернеген ашу қалай да бір әрекет істеуге итермеледі.

«Өз еңбегімді алып кетуіме толық құқым бар. Бірақ алып кеткенде не істеймін, бәрінде көшірмесі бар. Жоқ, қалайда есемді аламын. Сатып жіберемін. Әлі инвестор іздеп жүгіріп жүр ғой. Мені білмейді екенсің. Қандай жерлерде істегенімді білесің бе? Менің ортам әлдеқайда ауқымды. Кімдермен қызметтес болмадым. Тоқта, осы Сұлтан ше. Жақында кездесіп қалдық. Ақшасының арқасында көпіріп жүр. Осыған жобаларды сатып жіберсем қайтеді?

Қой, Райхан ашуыңды бас. Оның арты не болатынын білесің бе? Ал, не болады? Не болады? Жалғыз Сәрсен бе ақылтапқыш. Басқаларға да сондай ой келуі мүмкін емес пе? Бәрібір осыдан кейін бұл жұмыста қалмаймын. Неге дайын жұмысымды оларға тастап кетуім керек екен?

Жоқ, қазір ешқандай шешім қабылдамаймын. Таңертең асықпай, бәрін сабырмен ойлау керек».

Ертесіне жұмысқа келген Райханға барлығы өзіне қырғи қабақ танытып, жақтырмай отырғандай көрінді. Тіпті қол астындағы қызметкерлері де тапсырмасына сұлық қарайтын тәрізді. Айнұрдың опасыздығына ренжігені сонша, оған тіпті қарағысы келмеді. Ақыры барлығына міншіл көзбен қарап отырғанын сезіп, Сәрсенге кіріп, ашық сөйлескенді жөн көрді.

 

  • Жанка, не боп қалды? Неге жылап отырсың?
  • Ештеңе емес, мама. Әшейін.
  • Жаным сол, - деп жастықты құшақтай басын бұрып алған қызының үрпиген балапан шаштарын сипап үнсіз отырды.  – Мамасының қызынан, әлі бала екен ғой. Мен бойжеткен қыз болды десем, әлі кіп-кішкентай екен. Мамасының кішкентай ғана қызы, - деп бұрымынан иіскеді. Көңілі басылғанын сабырлықпен күтіп, қазбаламай өзінің бастауына мүмкіндік берді. Біраз үндемей жатқан қыз бір уақытта шешілгендей болып:
  • Мен енді ешқашан конкурсқа қатыспаймын, - деді. 
  • Жай ма? Байқаудың қорытындысын өзгертіп жіберді ме не? Жеңбесең де менің ең әдемі, ең сұлу қызым болып қаласың. Жеңіп шығу міндетті емес.
  • Жо-оқ. Өзгерткен жоқ…… Есіңде ме? Айтқан едім ғой. Ұтқан кезде бір журналист келіп сұхбат алды деп.
  • Иә, жақсы жауап бердім деген едің ғой.
  • Жо-оқ. Ол газетке шығады деген еді. Оған шықпапты. Газеттің өз сайты бар екен, соған шығарыпты. Афишадағы жаңалық қылып, біздің университет туралы да жазған.
  • Не деп жазған екен?
  • Тіпті білмеген екенмін. Көрші топтағы Гауһар айтқанда ғана білдім. Интернеттен тауып алып, оқыдым.
  • Иә, иә, - деп Жанар толқи сұрады.  Оның белгісіз журналистке деген ашуы бойын билей бастады. – Не деп жазыпты?
  • Жоқ, жақсы жазған, бірақ мақаланың астындағы пікірлерді көрсеңіз ғой. Мақалаға менің суретімді де шығарған екен. Бұл қыз қалай жеңген, сұлу да емес деп жазыпты. Біреулері ақша беріп ұтып алған депті. Университетте сондай конкурсты ұйымдастырғаны үшін ризамын деп айтқан едім, әдейі жағымпазданып, ұтып алған байқауды депті. Тіпті жүретін қыз деген. Енді ешқашан конкурсқа қатыспаймын. Мені білмейді де, танымайды да, неге сонша жамандайды?

Жанар не деп жұбатарын білмей, ойланып қалды.  – Не барлығы да жамандап жазған ба?

  • Жоқ, жақсы жазғандары да бар.
  • Ал сен неге тек теріс пікірлерді ғана ойлап отырсың? Оларды жазған адамдар сені расымен білмейді ғой. Сосын қателесіп жазған.  Оған бола көңіліңді түсіруге болмайды.  Білесің бе, қанша адам болса, сонша пікір болады. Барлық адамның көңілінен шығу мүмкін емес. Сені жақсы танымайтындардың пікіріне сонша ренжіп отырсың. Олар жағдайды жақсы білмеген соң солай жобалап отыр.  Ал бірақ…. ертең сен ұжымда жұмыс істейтін боласың, үлкен ортаға түсесің. Қазақта бес саусақ бірдей емес деп бекер айтпаған. Адамдардың көзқарастары бірдей бола бермейді, біріне ұнаған зат, екіншісіне ұнамайды. Егер адамдардың барлығының талғамы бірдей болса, онда адамдар бірдей киінетін еді, бірдей зат алады. Ерекшелігі сонда. Әркім әртүрлі. Әркімнің қабілеті де әртүрлі. Сондықтан бір жағдайға байланысты әртүрлі пікір болады. Сендер ертең біздің орындарымызды басасыңдар. Бір жиырма, отыз жылдан кейін қазіргі бастықтар, министрлердің орнына өздерің сияқты жастар келеді. Бір мекемеге бастық болсаң, қол астыңдағы барлық адамның көңілінен шығу мүмкін емес. Барлығының көңілінен шығу үшін әрқайсысының пікіріне бола, күнде өз шешіміңді өзгертпейсің ғой.
  • Сонда маған жартысы өкпелеп жүре ме?
  • Жоқ, қандай шешім қабылдасаң да ол ұжым үшін пайдалы болу керек. Міне, папаңның жұмысын алайық. Егер сондай мекемені басқаратын болсаң, ылғы бір шешім қабылдауың керек. Мүмкін уақытша айлықтарын азайттың делік. Сен бәрін шақырып алып, біз үш ай айлықтарыңды азайтсақ, ұжымды түгел сақтап қаламыз. Үнемделген қаражатты басқа бір жобаны жүзеге асыру үшін жұмсаймыз. Сонда қосымша табысқа қол жеткіземіз. Кейін айлықтарыңды қайта көтеретін боламыз. Тіпті үлкен тапсырыс тапсырыстар алып, жобамыз сәтті болса, онда сыйақы да береміз дейсің. Ал егер, айлықты азайтуға көнбесе, амал жоқ, онда штатты қысқарту керек болады деп айтасың. Егер адамдарға түсінікті етіп жеткізсең, барлығы риза болады. Білесің бе, бұрынғы қазақтарда билер болған. Адамдар даулы жағдайда, әділдігін сұрап, соларға жүгінетін болған.
  • Жүгінетін деген не?
  • Не деген адамсыңдар? Сендерге сол үшін айтамын ғой, кітап оқыңдар деп. Қарапайым сөзді білмейсіңдер. Ұрысып жатқаным жоқ, жәй айтып жатырмын. Жүгінетін дегеніміз қаралатын деген, мысалы, қазір сотқа жүгінеді. Обращается.
  • А-а-а, түсіндім.
  •  Сосын….. Иә, жүгінетін. Билер әділ шешім айтпаса, ешкім оларға келмейді ғой. Сондықтан, олар екі жаққа да түсіндіріп айтқан. Себебі, талас туған жағдайда, мысалы, бір затқа екі адам таласса, бидің шешімімен біреуі жаңағы талас затқа ие болады, ал екіншісі, құр қол қалады ғой. Би құр қол қалған адамға өз шешімінің неге негізделгенін айтып береді. Кез келген шешім, қазіргі сөзбен айтқанда, логикалық дұрыс болу керек.

Осы кезде есіктен қоңырау шалынғанға «жата бер, өзім барамын, ой жаным сол» деп келген адамның кім екенін білмек болып орнынан тұрды.

Жанаттың бірге оқитын құрбысы Айсұлу екен.

– Саламатсыз ба, апай, Жанатқа келген едім, телефонын алмай жатқасын, - деген қызға, - А-а-а, қалайсың, оқуың қалай? Кіре ғой, мен қазір Жанкаға айтайын, - деп жалпаңдай қабылдады.

  •  Жанка, саған кеп тұр.  Әне, көрдің бе, құрбыларың алаңдап жатыр. Орныңнан тұра ғой, - деп қызына жеңіл емес сәттерінде қолдайтын шынайы достары барына қуанып, серпіле түсуіне ыңғайлы сәт түскеніне шүкіршілік етті. Төсегінде тұрмай: - Осында келе салшыншы, - деген қызының тілегін ерсі көргенімен қарсылық білдіре алмады. 

Бөлмеге әсем жеңілдікпен құйғыта кірген пысық қыз құрбысымен мәймөңкелесіп жатпай, нық әрекетпен өз дегеніне көндірмек болды.

  • Жанка, қәне тұр. Бұның не? Ана жақта біздің ақ-тер, көк-теріміз шығып жатыр. Сенің жайбарат жатқаның мынау. Сәлім жүр, сен болмасаң, Жайдарманға қатыспаймын деп.
  • Қатысқым келмейді.
  • Жанка, сені осындай әлсіз деп ойламаппын. Кәне, тұр. Қайдағы бір сәтсіз жандардың сөздеріне неге көңіл аударуың керек. Олар тек отырып жазғанды ғана біледі. Ал өмірлерінде ештеңеге қатыспаған да, қол жеткізбеген де. Ондайларға биіктен қарау керек. Тіпті пысқырмау керек. Өздері де, сөздері де түкке тұрғысыз. Өздерінің қолдарынан келмегесін біреудің жетістігін көре алмайды. Оны өзің жақсы білесің. Ит үреді, керуен көшеді деген. Ал біздің мақсатымыз бар. Әлі скетч ойлап табуымыз керек.
  • Қайғырып жатырмын дегенді түк түсінбейсің. Айт, Сәлімге Жанкада траур деп.
  • Неден аза жасауды ойлап тауыпсың.
  • Шынымен тұрғым келмейді.
  • Жанка, ақымақ болма. Жүр кеттік. Балалардың барлығы тек сені күтіп отыр. Сәлім мені қуып шығады.
  • Ах, олар маған шынымен жаман екеніне сенбейді ғой. Мені ылғы көңілді жүреді. Көңіліне ештеңе тимейді деп ойлай ма? Айт Сәлімге, жақсы көретін тышқаны бар екен, сол белгісіз жағдайда өліп қалыпты. Соған қайғырып отыр екен де. Дәл солай айт. Соған ол сену керек. Жетісін өткізіп барамын.
  • Жанчи-и-и-к. Міне, жарайсың. Білем ғой сені. Кез келген проблемаға осылай қарайсың. Сондықтан мәселелер сенен қорқу керек. 

 

  • Папа, маған жұмыс бар ма Сізде?
  • Жұмыс? Жай ма? Қандай жұмыс?
  • Бәрібір, кез келген. Сабақтан кейін барып жүре алатын.
  • Сабина, сен маған бірнәрсе айта алмай отырсың ба? Кәнекей, мойында. Не үшін жұмыс сұрап жатсың?
  • Пап, қалжыңсыз айтам. Ақша керек еді.
  • Қанша?
  • Жүз жиырма мың.
  • О-о-о. Бірдеңе алғың кеп пе еді?
  • Құпия.
  • Жарайды. Жарайды. Менде бір материалдар бар еді. Ағылшынша. Соны хатшы қыз аударып бітіре алмай жатыр. Саған берейін.
  • Ух! Қиын ба? Қандай тақырып?
  • Енді күрделі. Экономикалық мәтінде ғой. Қаржылық терминдерді қазақшаға аудару оңай емес. Шайзада сосын үлгермей жатқан шығар.
  • Ой, пап. Мен қазақшаға аудара алмаймын. Орысшаға бола ма?
  • Екі жұмыс болады ғой. Жарайды. Болады.
  • Алақай!!! Менің әкем ең күшті!
  • Ақша қашан керек еді?
  • Бәрібір, қашан берсеңіз де. Бітіргесін берсеңіз де болады.
  • Ай, қуым-ай. Әмиянымда ондай ақша шықпайтын шығар. Карточканы берейін, шешіп алып кел.
  • Ертең Сіздің жұмыс жақтағы банкоматтан алайын да.
  • Жарайды, сабақтан кейін маған кел. Дегендей Шайзададан қағаздарды алып кетесің.

«Алақай, алақай, алақай» деп секірген қыз қуаныштан бір орнында тұра алмады.

Сол бір келеңсіз жағдайдан кейін Жанар Жігер туралы ойға тым жиі орала беретінін байқады. Жігердің көзқарасы өзін беймаза сезімдерге қайта бөлей бастады. Одан да ашық сөйлескендері дұрыс еді. Түсініссіздік қайтадан басқа арнаға бұрып, тұнып жатқан сезімді толқытып жібергендей болды. Бұл жағдай өзін ыңғайсыздыққа душар еткен Жанар жолдасынан оны ертіп келме деп айтуға да бата алмады. Ал, бар ойы жаңа жобаның қызбасымен әлек болған Сәрсен әйелінің көңіл-хошын байқаудан алыс еді.

Жан мазасын бөлісетін пікірлес адам іздеп, Арайға келді. Ойы айқын, пікірін ашық айта алатын жанның өзін не түсінгенін, не естияр сөздерімен аздырма сезімнен айықтыруын қалады. Алайда айта алатын да, сыртқа шықса, бөтен құлаққа түрпідей естілетін жағдайлар да болады екен. Өзін зерделі, парасатты санайтын құрбысының алдында қайдағы бір елікпелік сезімін білдіру жеңілтектік әрекеттей көрінді. Отбасыңда арыстай азаматың, бүгін-ертең қияға ұшатын бойжеткен қыздарың бар шағыңда желіктік сезіміңмен бөліскеннің өзі таза ақымақтық шығар. Сондықтан әңгімені махаббат жайында бастағанымен, ашыла алмай, өзін қазіргі жастардың болашағы қатты алаңдатып жүргендей, бейтарап тақырып шеңберінде шерін тарқатты.

  • Еркін екеуіңнің махаббаттарың маған ұнайды. Сонша кедергі бола тұра табыса алдыңдар?
  • Кедергі емес, мүмкін емес нәрсе еді ғой. Әйелі, баласы бар адамға қандай да қыз көне қоймас.
  • Сол қалай болды? Сені қалай жаулап алды.
  • Бір бөлімде істейміз. Соңымнан қалмады ғой. Жақсы көремін деп.  Біреудің отбасын бұзу мүмкін емес нәрсе ғой. Әйеліммен бірге тұрмаймын, ажырасып кеткенмін десе де, балаларың үшін қайта қосылуларың керек дейтінмін.
  • Ал қалай ойың өзгерді?
  • Біреу жақсы көремін десе, шынайы сезімін көрсең бейжай қалудың өзі қиын ғой. Бірақ қызығы қызметтестердің алдында ештеңе айтпайтын. Кабинетте өзіміз қалғанда ғана көңілін білдіреді. Қасымда қағазды оқып отырып бетімнен сүйіп алады. Мен басын итеріп жіберемін. Тек артық сөзі жоқ жігіттердің алдында ғана жақсы көретінін жасырмайтын. Менің абыройымды ойлайтын шығар. Өзім әйелімен татуласып кеткенін қаладым. Екі жыл көнбедім. Оны жақсы көріп қалғанымды, жұмысын ауыстырмақ болғанда бірақ сездім. Жарайды, мені қойшы. Қызыңмен өткізген кешің қалай болды өзі? Енді байкерлерге барып, оларды да көріп қайтасың ба?
  • Жоқ, бармаймын. Маған осы кеш те жетіп жатыр. Былай қарасаң, киімдері, сырт пішіні, өздері де әп-әдемі. Ішіп алып құлап жатқан ешкім жоқ. Талғамдары жоғары. Қазақша сөйлеп отырғандары жоқ демесең. Ұнамағаны  қыздар жігіттердің мойнына асылып алған. Еркіндік, ашықтық деп ойлай ма, түсінбедім. Арсыздық, намыссыздық болып көрінбей ме өздеріне. Оларды көріп өзімнің қыздарым періштедей көрінді. Жігіттерге не керек, қыздар өздері асылып отырса. Түсінген сияқтымын қазіргі жастардың жағдайын. Оларға іштегі тасып жатқан энергиясын шығаратын бірнәрсе керек. Барлығы бар болғасын, жаңа әсерді, өзгеше қызықты іздейді, әрине. Білесің бе, кеше теледидардан көрдім, құмар ойындарын ұйымдастырғандарды ұстап алыпты. Ішім ашып кетті, жас-жас қазақтың жігіттері. Өмірлерін құртты. Түрмеге түскеннен артық сорақы не бар?
  • Несіне жаның ашиды, сол керек өздеріне. Білесің бе, құмар ойындарынан қанша ақша істейді. Солардың кесірінен қанша отбасы бұзылып жатыр. Бізде істейтін әйелдің күйеуі сондайға салынып кеткен. Ата-анасына айтып, туысқандары да арасына түсті. Ештеңе шықпады. Ақыры ажырасып тынды.
  • Жоқ, Арай, ондай жігерсіздер бар. Бірақ құмар ойындарына тек солар ғана бармайды. Адамдарға эмоция керек. Ақша табады, оны жарататын жер керек. Табиғат еркектерге қара күш берген. Енді оны қолданатын жер керек. Спортпен екінің бірі айналыспайды. Біреуі ерінеді, біреуге ыңғайлы жағдай жоқ. Сосын тасып бара жатқан күшін төбелесуге жұмсайды. Агрессиясы көп деп кінәлай алмайсың. Табиғат берген бойына. Ерте заманнан аңшылықпен айналысып, отбасын қамтамасыз ету үшін берілген.
  • Енді сол кезбен салыстырмай-ақ қойсай. Жабайы өмір мен қазіргі заманды салыстыра аласың ба? Жуан жұдырықпен ештеңеге жетпейсің. Сондықтан эволюциялық заң бойынша топас күш те азаю керек.
  • Жоқ, азаюға болмайды. Еркек болып жаралғасын күш-қуат керек. Бәрін техника істемейді.
  • Еркектердің күші жоқ болса, әйелдерден не айырмасы болады дейсің бе? Балаларды онсыз да қазір пробиркамен туып жатыр, - деп мысқылдаған Арай Жанардың жақтырмай қалғандығын сезіп басыла қалды – Жарайды, жарайды, әшейін айтқаным ғой. Айта бер.
  • Сол, бойында күш бар. Ал оны пайдаланатын жер жоқ. Сосын біреуі төбелеседі, біреуі мотоциклді көзіне қарамай есіре айдайды. Сосын түрмеге түсіп жатады. Мысалы, күші тасып жатқан біреуі әлсіздеу біреуді ұрып тастайды, анау қарап тұрсын ба, қайтып айналып келіп, ақысын алу үшін пышақ тығып алады. Сосын біреуі өледі, біреуі түрмеге түседі. Осылай ақымақтықтан талай жастар қор болып жатыр. Онсыз да жол апатынан өліп жатқандары қаншама. Тағы да сол жастар, ұшыртып машина айдайды. Не үшін? Бойындағы тасып бара жатқан қуатты қайда енді жұмсасын. Заңмен шектегеніміз дұрыс. Бірақ бәрінің түбірін де зерттеуіміз керек қой. Ақшаны не үшін табады? Өміріне қажеттілікті алу үшін. 
  • Анау, ұрлап түрмеге түскендер, ақымақтар. Ақылы аздығынан, көзі тоймағандықтан солай істейді. Білесің бе, қара күші бар, бар дейсің. Ал соңғы кездері еркектерге көтерісіп жіберші деші, буаз әйелдерден бетер белін ұстап, грыжам бар дейді. Бесінші қабатқа жаяу екі рет көтерілсе, тілдері салақтап кетеді. Қазіргі криминалға күштің қатысы жоқ. Эмоция керек болып жатыр десең, келісемін. Ал зұлымдық болмаса бәрі жақсы болады дегенмен келіспеймін. Барлығы жақсы болса, жанашырлық сезім қайдан пайда болар еді? Қастандықты көрген адам жиіркеніп, қарама-қарсы сезім туады. Керісінше әрекет жасағысы келеді. Осылай мейірімділік пайда болады. Өмірде бәрі қосарланып жүреді. Дуализм. Күн мен түн. Жақсылық пен жамандық. Эмоцияны шығаруға тіпті ұрыстың өзі де пайдалы. Бір әрекетке екі түрлі көзқарас болады. Ол дұрыс. Өйткені бірін-бірі толықтырып тұрады. Есіңде ме, мектепте екеуміздің таласқанымыз. Досың біреумен жанжалдасып қалса, оны қолдау керек пе, әлде әділдікті жақтау керек пе дегеніміз. Сен ауыр болса да, шындықты қолдау керек дедің. Мен досыңды қандай жағдайға түспесін қолдау керек дедім. Сөйте тұра, тоғызыншы сыныпта мен журналдағы бағаны жөндеген кезде мені сатып кетпедің. Сол кезде дұрыс істемегенімді білемін, бірақ сол кезде маған болыспағаныңда, не боларын білмеймін. Сондықтан мынау дұрыс, мынау бұрыс деу қиын шығар. Бірақ бәрібір жақсы қасиеттер көбірек және олар жаман ниеттерден гөрі күштірек.
  • Білмеймін. Аадамгершілік қасиеттермен бүркеніп жүрген сияқтымыз. Теріс жағымыздан гөрі жақсы жағымыз көбірек деп өзімізді жұбатамыз. Кейде шектен кезде ғана ғана ес жиып, ақылға келіп, түзелуге тырысамыз. Бірақ қайтадан уақытша. Адамгершілік қасиеттердің құнсызданып бара жатқанын қайтесің?

 

Құрбысынан қайтқан Жанар онымен кез келген тақырыпты сөз қыла алғанымен, ақтара алмаған ішіндегі жан сезімін өзімен ғана бөлісіп келе жатты.

Ғылым. Әлемді игеремін дейміз. Әлемді логикамен, математикалық есеппен түсіндіргіміз келеді. Сол тұрғыда дәлелденген ұғымды ғана қабылдауға көнесің. Сезім, түйсік – ол заңдылыққа бағынбайды, шеңбері одан ауқым. Біз тек бес сезім мүшесі арқылы, оймен жеткен нәрсені ғана мойындаймыз. Ол шектеулі. Әзірге адам тек даму үстінде болса, ендеше әлі ашылмаған заңдылықтар бар ғой. Ол оған дейін, ешбір дәлелдемемен түсіндіре алмайтын  түйсікпен ұғынатын пайымдарды қабылдаудан бас тартасың ба? Бір ауыз тіл қатпастан мені сүйетінін, мен туралы не ойлайтынын, бәрін түсінемін.  Маған ойлы көзқарасы, жылы жүзі ұнайды. Мейірімді көзқарасы еркелетуге дайын сияқты.

Сырт көзге қарасаң, Сәрсеннен артық ешкім жоқ. Бірақ менің жаным неге басқа біреуді іздейді. Неге тыныштала алмайды. Адамның жаны қай жерде орналасады екен? Жүректе шығар. Ақыл мен жүрек таласқа түскенде кім жеңіп шығады? Адамның қандай екені осыдан байқалатын шығар. Ақыл жеңсе, басқа адамсың. Жүрегіңе бағынсаң, басқасың. Ақылмен шексіз дүниені игере алмайсың. Ақылмен ойласаң әрбір адамның ой-санасына, өрісіне байланысты белгілі шегі бар. Ал жүрекке шек жоқ. Жүрегіңмен бүкіл әлемді қамтып шығуға болады. Барлық адамды жақсы көргім келеді. Ендеше жүректі тыңдаған дұрыс. Бірақ ол жақын жандарыңа зардап әкелетін болса, ендеше дұрыс емес. Миым қатып кетті. Жүрегім, жоқ, әлде жаным ба, неге маған тыныштық бермейсіңдер. Бұлқындырып, бір жаққа жетелейсіңдер. Ал ол жол дұрыс емес. Сендерді тыңдай алмаймын. Ал бірақ сендерсіз өмір де сүре алмаймын. Тек ақылмен өмір сүретін болсам, ендеше өмірдің мен үшін қызығы жоқ. Не деген адаммын? Неге Сәрсенді солай сүйе алмаймын. Оған сезімім жылы, оның орны бөлек. Ол үшін тіпті құрбандыққа бара аламын. Бірақ ол ғашықтық емес. Ол жүрегім аңсаған, жаным ұмтылған сезім емес. Ондай сезім Жігерге. Былай қарасаң, қызығарлық түгі жоқ. Сәрсенмен салыстырғанда ұтылады. Анау айтқан қызметі жоқ, жігерлі деп те айтпас едім.

Бірақ мені өзіне тартатын жаны бар. Сондықтан сөзі де, қимылы да, әрекеті де, бәрі ұнайды. Ендеше адамның жаны көзге көрінбейтін, қасиетін зерттеуге қабілетіміз жетпейтін тылсым дүние болса керек. Денеміз оны қоршап тұрған қабықшасы ғана. Жігер екеуміздің жанымыз ұқсас шығар. Сырт көзге қарапайым, мүмкін жігерсіз көрінгенімен іштегі арынды сезімін, буырқанған күш иесі екенін сезе аламын. Көнбіс, момын көрінгенімен, қатып қалған принципі бар. Өз дегенімен жүреді. Оны қайтарып көр, сол кезде көресің сезімінің сыртқа қалай шыққанын. Көзі айтып тұр ғой. Көзқарасымен тікірейе бір қарағанда, өзім де жылмың ете қалғанымды байқамай қалдым ғой. Мысы қандай десеңші. Момын, момын дейсің. Тиіп көр намысына, сол кезде ғана сыртқа көріне бермейтін буырқанған сезімі қайнап шыға келеді. Не байлығы, не атағы жоқ. Алға ұмтылушығы, мансапқұмарлығы жоқ. Өзінің ішінде жазылып қойылған бір принципі бар. Адамгершілік, қарапайымдылық. Қысқаша айтқанда, ауылдағылар ма, жоқ, жоқ, жалпы қазақтар ұлықтайтын қасиеттер. Көптеген тұсы орайлас болғандықтан бір-біріне жақындықты сезінетін шығар адамдар. Еш ақылға қаратпайтын сезім осы. Ал қайсысы жеңіп шығады? Сезімді ақылға жеңдіре аламын ба? Жеңдіру керек. Мен жиырмадағы желектеген қыз емеспін. Жауапкершілік болу керек. Сонда сезім жеңіліс табатын болса, өмір әділетсіз болып кетеді ғой. О, құдайым! Маған жол сілте! Шатастым әбден.

Мені бар болмысыммен қабылдайтын,  кемшіліктерімнен арылтуға көмектесетін жан бар ма екен? Осы күйімді біле тұра жақсы көретін. Өрескелдігімнің артында жарақаттанғыш көңілім тұрғанын байқай алатын. Жігер осыған қабілетті тәрізді. Көздері сондай мейірімді. Шуақ шашып тұрады.

Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз бастықтың бос емес екенін айтқанда, Райхан оны қалайда күтуге шешті. Қағаз басып отырған Шайзада өзіне тікелей қадалған көзқарасты байқап, қымсынып кетті. Қасына сылтау тауып келгіштей беретін Ержанның күлкі етіп айтқан сөздерін аңдаусызда Айнұрға жеткізіп қойғанына қатты қысылатын. Айнұрдың өзін жақын тартқанына еріп, әңгімесін үзбеу үшін артқы ойсыз айтып қалған еді. Дұрыс болмағанын артынан сезді. Ешкімге айта қоймас, жақын араласатын досы ғой деп үміттенген.

Іштен ұйымдастыру бөлімінің бастығы Нағашбай шыға салысымен есікті қаққан Райхан:

  • Сәрсен Қадырбайұлы, мүмкін бе?, - деп сұрады.
  • Кіріңіз, - деген Сәрсен алдындағы қағаздан басын көтермеді. Жасанды былғарыдан жасалған қытайдың қара жұмсақ креслосына асықпай жайғасқан Райхан:
  • Мен жаңа жоба бойынша келген едім, - деп келген жайынан хабардар етті.
  • Оған алаң болмаңыз. Өз жұмыстарыңызды бітіре беріңіз. Ол істі басқа біреуге тапсырдым.
  • Білемін. Бухгалтерлік бөлім істеп жатыр екен. Қалай болар деп алаңдаймын.
  • Оның әдемі болғаны керек емес. Бастысы есебі дұрыс шықса болды.

Райхан іштей қателік жіберіп алғанын түсінді. Расымен ойдағыдай болмай, қисайтып істесе де Айнұр бірдеңе бітіреді. Ал есептерді түзетуге Жігердің де, Сәрсеннің де қауқары жетеді. Амал жоқ, ол жұмысты мен істейін деп айтуы кеш екенін ұқты. Шығып кетуге болмайды деп бар жігерін жинап: 

  • Өткендегі кәсіпорын қайта хабарласты. Біздерге тапсырыс бергісі келеді. Қара малды бордақылау жөнінде, - деп ілігуге қарманатын басқа жол іздеді. 
  • Жоқ, жаңа тапсырыстар алмаймыз. Барын аяқтап бітіру керек. Үлкен тапсырыс түссе ғана ойланып көруге болады. Қазір ұсақ-түйекке уақыт жоғалта алмаймыз. Қанша бизнес-жоба қалды бітпеген?
  • Үшеу. Тағы баспа ашамын деген Көркем фирмасы да бар. Бірақ ақшасын әлі түгел аударған жоқ.
  • Осыларды бітіріңіз.

Әрі қарай әңгімені жалғастырудың ебін таба алмаған Райхан:

  • Жарайды, бітіруге тырысамын, - деп кабинеттен шығып кетті.

 

Өзіне келісімен, бойын қайта ашу керней бастады. Өзін тек пайдалана беретін бұны кім деп санайды. Жаңа жұмысқа ойы кеткен екен ғой. Тапсырыстардан бас тартқанына қарағанда, сервистік  қызметтен бас тартпақ ойы бар ғой. Бірақ ірі ұсыныстардан айрылғысы келмейді. Қарай гөр өзін. Оны кім істейді екен? Маған істетпек пе? Істесін басқалары. Бөлімімдегі балалардың бірі менсіз бірдеңе бітіре ала ма екен.

         «Иә, Райхан, Райхан........», - деген келіншек өз өміріне көз жүгіртіп өтті. Осы күнге дейін не таптым. Қызметім, үйім, көлігім бар. Бірақ бақыттымын ба? Маған не керек осы? Өз деңгейіме лайық адамдарды табу қиын. Бастық деген Сәрсеннің өзін де менсіне қоймаймын. Жаңа жылдық корпоративтегі барлық суретте менімен бірге түсіпті деп әйелі сөйлепті дейді. Соның қозықарын, майлы күйеуіне мен қарайтын сияқты. Қызғанатыны бар, соңынан ілесіп жүрмей ме? Ал өзім ше? Осылай жүре беремін бе? Маған бір ақылды, жас, келбетті миллионер келіп, қолын ұсына ма? Оның қиял екенін білемін. Ал кім бар басқа? Қандай адамдар ұнайды өзіме?

Ақылдымын, көріктімін, сымбаттымын, бірақ неге бақытымды әлі таппадым. Иә, оқимын деп жүргенде уақытымды жіберіп алған сияқтымын. Сәл ақымақтау болғанымда кез келген азды-көпті ұнайтын біреуге тұрмысқа шығып кетер едім. Әйтеуір бір жетістігі болғанда. Адамдар солай отбасын құрады екен ғой. Ақымақ кездерінде бір-бірімен танысады да, көздеріне айдай көрініп, махаббаттан басы айналып, үйленіп алады. Ал қазір қайдағы ондай алдамшы сезім бар санамды жаулап алатын. Ақыл-еске қаратпайтын сезімге сенетін жастамын ба? Шын ғашық болатын адам өзі бар ма екен десей? Жоқ, адамдар ақымақ емес. Махаббат деген айтқанға жақсы. Ал түптеп келгенде бәрі өзіне теңді іздейді. Көріктілер түрі келіспегендерді таңдамайды. Әркім дәрежесіне, біліміне қарай таңдайды. Сұранысын, іздегенін, қалағанын қанағаттандыратын серіктесін іздейді. Сол дұрыс. Он сегіздегі қыздың алпыстағы бай біреуге ғашықпын деуіне сенуге бола ма. Жоқ. Ол шал да біледі, оны ақшасына бола таңдағанын. Өзі сол ақшаға сатып алып тұр ғой. Оқымаған еркек білікті әйелді алмайды. Әйелдің өзі де ондайға тимейді. Сондықтан ғашық болдым деген бос сөз. Екеуміз бір-бірімізге лайықтымыз немесе сен менің талабыма сай келесің, сондықтан отбасын құруға болады деп мойындаған дұрыс. Ғашықтық – гормоны ойнап тұрған албырт жастардың айтатын сөзі. Ол кезде олардың барлығы бір дәрежеде.

Мама неге әкеммен бірге бола алмадың? Екеумізді де жақсы көретін еді ғой. Сен бақытты болғаныңда, мен де отбасын құруға тырысар ма едім. Сен сияқты өмір кешкім келмеді. Сондықтан оқуға бар ынтамды салдым. Білікті маман болдым. Өмірде өз орнымды табуға тырыстым. Өз ісімді бастау керек пе еді. Неге ақылды бола тұра, біреулердің жұмысын істеп, тағы сөз естуім керек. Не жеке өмірімде, не жұмыста жарқын келешек көрінбей ме?

Жоқ, сол үшін, қиялы ойларды доғарып, нақты өмір сүру керек. Алдымен мен үшін не маңызды екенін білуім керек. Қалталы біреу ме, жоқ әлде ақылды жан ба? Жоқ, ол адам менен ақылды болмаса, әңгімелесуге жарамаса, мен үшін орны бос. Ақшаны өзім де таба аламын. Ендеше, түсінікті болды, ол ақылды болу керек. Менімен ой жарыстыра алатындай. Құқық бөліміндегі Мұхтар алысқа баратын жігіт, өз пайдасын жақсы біледі. Тек тым ұсақ-түйекшіл. Қатындар сияқты тайталаса да жүреді. Сүрбойдақ болып жүргені содан шығар. Бастықтың маған деген ықыласын көре алмайды. Еркек болғасын Досекең сияқты кең, парасатты болса. Ертең үйленсе, әйеліне асатын етті өзі өлшеп беретін шығар. Иә, басы бос жігіт те қалмаған. Мына, Жігер ше? Бойдақ. Ақымақ болмағанымен, өзін өзі бағалауы тым төмен. Бұндайларды сүйреп жүру керек. Сол кезде ғана жоғары дәрежеге көтеріле алады. Өзіне салсаң, өмір бойы біреудің жұмысын істеп жүре береді. Оның қасында Сәрсен пысық, өзінің миы жетпесе де, осындайларды пайдалана біледі. Жарайды, ол жігіттің әлеуеті бар. Дұрыс жол сілтеп, іске асыруға болады. Сымбатын да, келбетін де жаратуға болады. Бетіндегі ойдым әжімдері ғана келіспейді екен. Бірақ айтарлықтай көзге ұрып тұрған жоқ. Қанша дегенмен, еркектер біз сияқты өздерін күтуді де білмейді. Тек әжім де, ақ шаш та олардың сәнін қатты бұза қоймайды. Әй, соның талғамы да анау айтарлық емес. Үстінен тастамайтын бір костюм-шалбары бар екен өзі. Арзанның аты арзан. Қолпаңдап, көрініп тұр. Өзіне жаңа көрінетін шығар. Мақұл, бұған да көнейік, киіндіріп қойса болады. Бойы ұзын, көрікті, қасында ұялмай жүруге болады. Запастағы бір вариант болсын. Көңілімді тапқысы келе ме, әйтәуір әжетіме жарап қалуға тырысады. Есті еркекті ақылды әйел қызықтырмауы мүмкін емес. Дегенмен, көркі, не сымбаты келіскен әйелдерге еркектердің барлығы құлап тұрады. Әлсіз тұстары. Егер нашар адам болсам, осы артықшылығымды пайдаланып, басқаша өмір сүрер едім. Жоқ, өз ақылыммен күн көріп келдім. Маған ешкім көмектескен жоқ. Осы дәрежеге өз қабілетімнің арқасында жеттім. Еркектер менен өздерін ақылды санап жүр ме? Көрсетейін оларға, қаншалықты қалыспайтынымды. Жобаны Сұлтанға сатамын. Еркектер осылай нық істейді. Әйелдер сияқты қалай болады деп мың ойланып, толғанбайды. Болды. Сұлтанның телефоны бар. Кешке кездесемін. Мені ешкім алған бетімнен қайтарып, жолымды бөгей алмайды.

Есіне екінші курста оқып жүргендегі бір оқиға түсті. Студенттер арасында интеллектуалды сайыс ұйымдастырылды.  Қызығып кетті. Бір жағы шетелдік оқуға бір айға барып келуге мүмкіндік беретін бәйгесіне қызықса, екінші жағынан өзін сынап көргісі келді. Курстастары жоғары курс студенттеріне қарағанда мүмкіндіктері аз екенін ұғынып, қатысудан бас тартты. Дегенмен құжат тапсыруға барғанда үміткерлер саны үш жүзден асып кеткенін көріп, өзі де жүрексініп қалды. Сонда да бағын сынамақ болды. Достары уақыттарын бос жоғалтқысы келмеді. Райханды ұтпасаң да, қатысқанның өзі жеңіс деп олимпиадалық жұбату сөзімен демеді. Бірінші деңгейден сүрінбей өтіп, іріктелген елу үміткердің ішіне ілікті. Достары осы жетістігін алақайлап құттықтағанда, бірінші белес айтарлықтай ауыр көрінбеген ол өзін барынша сабырлы ұстады. Өзіне сенімді болғандықтан ішінен мені білмейсіңдер, мен үшін бұл тым аз деп ширықты. Келесі сатыға жоғары ұпай жинаған он үміткер шығатын болды.  Сайыстың шарты бойынша деңгейді үміткерлер таңдады. Екі жүз сұрақ таңдаған сайыскер жетпіс пайызына дұрыс жауап беру керек. Тиісінше нәтижелі жауап үш жүз сұраққа – алпыс пайыз, бес жүз сұраққа – елу пайыздан кем емес дұрыс жауап болу керек. Жауап компьютерде есептеліп нәтижесін электронды түрде қолдарына алып шығып жатты. Қитұрқы сұрақтардан шатасып, көбісі өту деңгейіне жете алмады. Дегенмен араларында Райхан оннан астам студент екі жүз сұраққа жүз пайыз дұрыс жауап беріп, қуанып шыққандарын байқады. Сондықтан өз мүмкіндігін ұлғайту мақсатында максималды нұсқаны таңдады. Қорытындысы бойынша бес жүз сұрақтың екеуіне ғана қателескен екен. Осы екі қате қуанышын тоқ қылмағанымен, тек бір өзі ғана қиын вариантты таңдағаны кеудесін мақтаныш сезімге бөледі. Осылайша сайыскерлер арасында ерекшеленіп, жюрилердің оң көзімен қарағаны арқасында бесінші курс студенттерін артқа тастап, бас бәйгені жұлып алды. Бұған көрсетілген жеңілдік қарсыластарын әрине ызаландырды. Оған еш назар аудармаған өзі жеңіске жету үшін тек білім емес, мінездегі қайсарлық, батылдық керек екенін ұққан.

Тыным таппаған Жанар туған әпкесіне ғана сырын аша алатынын ұқты. Бала кезіндей өзін түсінгенін қалады. Өзін толғандырған сезіммен тек сонымен бөлісіп, бауырымен ғана жақын адамын талқылай алар еді. Жабырқаңқы көңілін аулайтын, өмірге құлшынысын арттыруға түрткі болатын әрекеттің жоқтығына наразылығын білдірді.

  • Сәрсеннің достары көп қой. Солармен араласып тұрмайсың ба?
  • Сәрсен дәрежесі бар адамдармен араласқанды жөн көреді. Әңгімелері кім қайда барып демалды, балаларын қай жерге жіберді. Бастары қосылып кетсе, әйелдерінің айтатын сөзі ананың үйінде қанша ыстық тамақ әкелді. Он ба, әлде он алты ма?
  • Қойшы енді. Сонша тамақ ішпейтін шығар.
  • Рас айтам. Бәкең құдалық шақырғанда он екі тамақ әкелді. Болаттың әйелі іші тар екен, түк көрмегені көрініп тұр. Құдасына дубайский бриллиант тақты. Осындай әңгімелер.
  • Осы екі тамақ әкелсек, жеп тауыса алмайды. Сонша қандай ас істейді?
  •  Ой, олар бәрін санайды. Екі-үш негізгі тамақ болады. Ал қалғандары қой, үйрек етінен кәуап, астында шырақ жанып тұрады. Кейін балық, теңіз шаяндары. Енді неше түрлі ғой. Аттарын да білмеймін. Үстелдің үстіне үлкен тәрелкемен екі жерге қояды. Қалағаныңды алып жейсің. Өткенде Сағиланың үйінде құдалары  Италиядан әкелген матадан, сыртында оюы бар себет әкелген. Соған таласқандарын көрсең. Ырым болсын дей ме, жұғыстық па? Күйеу баласына құндыздан үй тәпішкесін тіктіріпті, құдаларының шапандарына есімдерін алтын жіппен тіктірген. Кімнен кім асып кетеді. Фантазиясы неге жетеді, соның бәрін ойлап табады. Қол сүртетін майлығының өзі италияндық жібектен тігіліп, моншақпен әшекейленген. Сандығы ақ былғарымен апталған.
  • Әйтеуір ысырап болмаса болыпты. Бақталас заман боп кетті ғой. Сәрсен де қайбір ұнатып бара жатқаннан араласады дейсің.
  • Сәрсен романтик емес. Алдына мақсат қояды да, соған жеткенше тыным таппайды, - деп күйеуінің бітпейтін жұмысына шағымданды.
  • Жаным-ау, енді оған не істе дейсің?
  • Сен мені түсінбейсің. Адамның жаны болу керек қой. Адам өмірге жағдайын жасап, тамақ ішу үшін келе ме? Онда мысықтан айырмамыз не? Ол да тамағым, жылы төсегім болса, тұқымымды жалғастырсам дейді. Ал сезім ше? Сенің көңіліңді бір сезімдер әрекетке итермелемей ме? Өмір деген керемет қой. Әрбір жапырақ, құмырсқаға дейін. Көшедегі ағаштарды байқамайсың ба? Соншалықты әдемі ғой. Міне, сен де менімен сөйлеспейсің. Сәрсенге де тек жұмысы қызық. Кеудеме бір сезім симай бара жатса не істеуім керек?
  • Не дейін? Өлең жаз. Басқа не істейсің?
  • Ақын болу оңай дейсің бе? Қаласаң болды, ақын боп шығасың ба?
  • Әкеміз де өлең жазған ғой. Тырыссаң үйреніп кетерсің.
  • Ой, Майра, ол үшін тырыспау керек. Ол өзінен өзі келетін дүние.
  • Жанар, сен кітапты көп оқып арманшыл болып кеткенсің. Ондағы оқиғалар жазушының қиялынан туындаған дүние екенін ұмытпа. Ал, өмірде бәрі басқа. Сондықтан басыңды қатыра берме. Қияли болып кетесің.

Әпкесінен де қолдау таппаған Жанар оған наразылығын тек іштей білдірді. «Майра да мені түсінбейді. Ешкім мені түсінбейді. Сырт көзге қарағанда олардікі дұрыс. Майра бәрін дұрыс істейді. Тұрады, жұмысқа барады, келіп тамақ істейді. Жарылып кетпей ме екен?».

«Жүрегім кеудеме симайды, енді бірде қысылып, әлденені аңсайды. Елегізиді. Неге Майра мені түсінбейді. Әркез өзіңді серпілту қиын. Өмір қызық, өмір сүру керек. Серпіліс сені қайдан алсам? Өміріңде көңіліңді елеңдетер, жүрегіңді дүрсілдетер жайт болмаса, қайдан серпілісті алуға болады. Түңіліп кетемін бірсыдырғы өмірден. Өзімді өзім жігерлендіруге тырысамын. Мен біреудің өміріндегі кірпіш болғым келмейді. Біреуге өмірімді арнасам, сол жеткен жетістікке себепші болғым келеді, ең құрығанда. Бос орын болғым келмейді. Мені бөтен адамға ауыстыруға болатын еді дегенді қабылдағым келмейді. Тек мен, мен болғасын ғана өмірім толық, бекер болмады дегенді қалаймын. Өзім жетістікке жетпесем де, соған себепші болғанымда ғой. Сәрсен, ол бәріне өзі қол жеткізеді. Мен оның өмірдегі бағалы картинасын толықтырып тұрған бір бөлшекпін. Ал мен сондай үздік туындыны өзім салмасам да, сондай өнерді тудыруға себепші жан болғым келеді. Өмірді жақсартуға тырыспасақ, ендеше өмірге неге келдік? Біздің осы өмірге келуімізге себеп болу керек қой. Басқа емес, дәл мына мен келдім осы дүниеге. Егер ештеңе тындырмай кетсем, өкінішті шығар. Арайға жақсы.  Интернетте көп отырғасын, көп нәрседен хабары бар. Әлеуметтік жағдайды жақсы біледі. Қисық тұстарға пікірін білдіріп, титімдей болса да адамдардың санасын өзгертуге үлесін қосады. Ай, осының бәрі кімге керек? Ең дұрысы Майраның өмірі. Тып-тыныш. Ешкімге наразы емес. Өз тірлігін істейді. Саясатпен жұмысы жоқ. Адам өмірде үш нәрсе істеуге міндетті дейді. Бала тәрбилеу, үй салу, ағаш егу. Расымен осының өзі жеткілікті ме екен? Маған ол аз сияқты. Неге үнемі өзіме риза емеспін». 

 

 

Райхан өткен сенбіде «Көзілдірік әлемі» дүкенінен сатып алған «Диор» фирмасының алтын жиекті көзілдірігі көңілінен шықпай, «осы сізге өте жарасымды» деген елгезек сатушының ығына жығылып қалғанына өкініп, басқасына ауыстырып алмаққа шешті. Алдында асты-үстіне түскен сатарманның жарамсақтығын өзіне ғана арналған қошемет деп қабылдаса, ендігі жерде беймаза жабысқақтыққа балап, «тіпті десе, ауыстырмақ түгелі, өткізіп жіберуге құқым бар» деп  қадалып қалғандығын ендігі жерде жаратпай барады. Сәнді зат алып көңілін көтермек ниетте еді. Қайта, керісінше, бәріне риза емес көңіл-күйді одан әрі қоздатып жіберді. Тиіп тұрған жерге көлігімен бару әдеті болғанымен, орталық көшеде көлікті қоятын орынның мәселесі шешілмегендіктен екі көше жерге жаяу шықты. Бір қиылыстан өтіп, керек көшесіне түсе бергенінде алдынан басын төмен салып келе жатқан Сәрсеннің әйелі Жанарды көзі шалып қалды. Алғашында танымағансып, өте шықпақ ойда еді, кенеттен не түрткі болғанын өзі байқамады. Жүріс-тұрысы байсалды, кеудесін тік ұстап, бір ауыз сөзсіз жоғарыдан төмен, тінтіп те емес, бірақ сұқ көзқарасымен-ақ жұрттың мысын баса алатын, тәкаппар әйелдің мына келпі өз жағдайына ұқсастық туытқандай, «Жанар! Қалайсың?» деп дауыстап, тоқтатты. Ойдың үстінде келе жатқан әйел дәл қасынан барқ ете шыққан өз атын естігенде, селк етіп, жүзін шырамытқан жанға емпең ете жауап қайтара бере кім екенін танығанда бет ажары өзгеріп сала берді.

  • Жерден көз алмайсың. Сен бе, сен емес пе десем?
  • Ойланып кеткем екен.
  • А-а, - деген Райхан, әйелдің жиырылып қалғанын сезсе де, ойына сарп еткен ниетінен қайтпады – Кездеспегелі көп болды. Қайда бара жатырсың?
  • Жұмыстарыммен жүргенім. Мына сәулетханадан құжаттарымды алайын деп.
  • Асығыс болмасаң, отырайық.

Райхан өзі жақтырмаса да, Жанардың жетелі, ақты ақ, қараны қара деп айыра білетін ұғымталтығын бажайлайтын. Айнұрдың  әрекетін түсініп, достық қатынасты жалғастыруды көңілі қалағанымен, оның ісі сатқындық емес пе, кешіруге лайық па, лайық емес пе деген ой маза бермей, аяқ астынан кездестірген осы әйелдің пікірін білгісі келіп кетті. «Бұл қалай шешер екен, кешіре ала ма, кешіре алмай ма бұндайды. Ағаттық болса да, бұрыс істерге келгенде шырт мінездігі бар еді». Өзара бақастық қатынастағы осы қарсыласына өзге кезде сыр тарту ойына келмес еді.

Мүлдем күтпеген ұсыныстан Жанар бас тарта алмай, алғышында не айтпақшы екен деп аңырқап, артынан Сәрсен туралы бірдеңе айтпақ па деп абыржи қалды.

Жұмыс, үй-іші жайлы сұраққа Жанар бұның тек сыпайыгершілік үшін қойылатын кезекші сұрақтар қалпында қабылдап, өзін шақыру болған себепті білгісі келгенімен, Райхан үндемеді. Мына әйелдің өзіне сынай қараған көзқарасын, сырбаз кербездігін жақтырмай, біреудің жолынан қалдырып, айтары болса, айтпа ма деп түйіле қалды.

  • Сабинаның оқуы қалай?
  • Жақсы, - деп жауап қатқан Жанар өз даусының жасандылығын байқап, «біреуді кербез деп мінеймін, өзім де өзгеріп сала бердім ғой, даусым осындай ма еді? Неге біреуді кездестіре қалсақ, жағдайымызды, ісімізді ойдағыдай деп әсірелеп айтуға, тәкаппарси қалатындығымыз не сонша? Мендегі жасандылықты байқап ашыла алмай отырған болар, бұл да сырбаз көрінуге тырысып отырғанымен, көзінде бір тұнжыраңқылық байқалады». Осы ой келе салысымен, арадағы салқындықтың кірбіңін азайту үшін Сабина екеуінің арасындағы таласты, жастардың тәрбиесін тілге тиек етті.

Тек содан кейін ғана әңгіме өрісі өрбігендей болды. Айрылысарда Жанар жылы қоштасқанымен Райхан жайсыз күйден арыла алмады.

«Бекер шақырдым. Не деп ойлады екен? Сондағы айтқаны: «Әр жағдайды әркім солай көреді. Оған солай көрінген шығар, өз ойына қарай пайымдайды. Бастысы, өзің олай емес екенін білесің. Жұрттың бәріне дәлелдеу мүмкін емес. Басқаны өзгерте де алмайсың. Оған сол оқиға солай көрінеді. Бір жағдайға бәрінің көзқарасы бірдей бола бермейді. Тіпті қате болғанымен, ол оның пайымы». Бұл нені мегзегені. Бір кездегі қателескенін мойындағаны ма?    

 

Кешке жұпар иісі аңқып, гүлдей жайқалған келіншекті көрген Сұлтан қорбаңдаған түріне қарамай, аса жылпылды қимылмен есікті ізетпен ашып, кірген кезде қолтығынан демеген болып, қасына жақындай түсті. Оның ойын сезгенімен, Райхан қарсылық білдірмеді. Ішінен дәмесінің зорын деп қана ойлады. Отбасылы еркекті кездесуге шақырған сұлу әйелдің қасында талтаң басқан Сұлтан қалтасының арқасында дүниені шалқып жүре алатынына паңданып қалды. Жұмыс барысы, ортақ таныстарды біраз еске алысқаннан кейін Райхан батылдығын жинап, келген шаруасына көшті.

  • Сұлтан, қазір немен айналысып жүрсің?
  • Өй, ең мықты мәшинелерді біз әкелеміз ғой. Экс-класс, люкс, бәрі бар. Новороттардың қандайы керек. Бәрін тауып беремін.
  • Сен өз мүмкіндіктеріңмен алып-сатудан жоғарылайтын жағдайға жеттің ғой.

Дәрежесін төмендеткеніне ренжіген Сұлтан:

  • Неге, ресми дилер болайын деп жатырмыз. Біздің мәшинелерді кез келгеннің қалтасы көтермейді, - деп күпіне жеткізді.
  • Не дегенмен, сенің деңгейің жоғары деп санаймын. Одан да үлкен істермен айналыса аласың.
  • Солай десей.
  • Саған ұсынысым бар. Мені білесің. Бизнес-жоспар дайындаумен айналысамын. Саған барлығы есептелген дайын жобаны ұсынғым келеді. Сен алып кетесің. 
  • Иә, не жұмыс?

Жобалардың барысымен сырттай таныстырып өткен Райхан енді басты мәселеге көшті.

  • Бұл көптің қолынан келмейтін тірлік. Ойлары болғанымен, есептеп, қалай қимылдау керек екенін жобалау оңай емес. Сондықтан бұл есептер арзан тұрмайды. Бәрі дайын құжат.
  • Қанша?
  • Он бес миллион.
  • Ойланып көрейін.

Сұлтан ойға да, іске де жүйрік емес-ті. Айтылған ұсынысқа қызыққанымен бұл саладағы істерден хабарсыз болғандықтан  шөпшең қимылдап, жоқ не бар деп үзілді-кесілді жауап беруге шеберлік таныта алмады. Сондықтан жауабын сенбі күні айтатын болып келісті.

 

Келесі кездесуде қасына сом денелі, шашы тықыр біреу еріп келді. Толық аты Жаннұр екенін отбасысы білмесе, достарының арасында Жан аталып кеткен орта жастағы жігіт сөйлеу мәнеріндегі өктемдігін іскерлікке баласа керек, маңғаздана отырды. Істің жай-жапсарын түгендеп сұрап, бағасына келгенде, тым артық екенін жеткізді.

  • Қайдағы қағаздарды сонша ақшаға сатып алатын ашықауыздарың біз емес.
  • Қайдағы қағаздармен білдей мекеме жарты жыл бойы айналысқан. Тіпті шетелден маман алдырған.
  • Жарайды, бір мекеменің құжаты сенде қайдан жүр деп сұрамай-ақ қояйын. Бірақ айтқан бағаң іске аспайды.
  • Өзіңнің бизнестің қай саласынан хабарың бар?
  • Осы қаладағы ең ірі сауда орталығын мен салғанмын.
  • Ендеше ғимаратты салу үшін жобалау-сметалық құжатына қанша ақша төленетінінен хабарың болу керек қой. Әлде сол сызба үшін ақша төлейтіндер ақымақ па?

Үлкен сауда орталығын мен салғанмын деп күпілдеген етжеңді жігіттің құрылыс саласындағы тәжірибесі беделді туысқанының арқасында атқаратын мердігерлік жұмыстармен шектелетін. Сондықтан айтылған құжаттардың құны жөнінде дөп басып білмегенімен, ақшаға қатысты істердегі әккілігінің арқасында жобалай білді. Ұзақ салғыласқан олар жеті миллионға келіп тоқтады.

 

  • Жігер Қамшыбекұлы, Сізді Айнұр іздеп, екі рет келіп кетті.

Жігерге қызметкерлер арасындағы кейбір ресми қатынасқа бірден көндігіп кетуі оңайға соқпады. Орынды-орынсыз жерлерде әкесінің атымен шақырғаны құлағына түрпідей қадалды.

  • Әй, олай демей-ақ әшейін Жігер ағай десең де болады ғой.

Зарарсыз күлкісін жасыра алмаған Ержан: - Жарайды, ендеше Жәке дейін. Тым қарапайым болмасаңызшы. Бәрі басыңызға шығып алады ғой. Әне, Айнұрдың өзі маған кіріп кетсінші дейді. Өзі Сізден әлдеқайда жас. Біртүрлісіз. Демалысыңызда жұмысқа шығасыз. Оны бастық тіпті білмейді де. Жарайды, ол үшін ешқайсымызға төлемейді. Бірақ сол арқылы бонус жинайсың ғой.

  • Ол қандай бонус?
  • Жақсы көрініп қаласың. Ертең басқалай қайтады деген сияқты да. Айнұрға хабарласасыз ба?
  • Соған айтқан ем. Маған бере сал деп сол қағаздарды.
  • Қалай берсін. Бастық содан сұрайды ғой.
  • Енді, жұртты да, өзін де қинап. Ана бағдарламасынан хабарым жоқ. Өзімнің қағаздағы есебім қайда түсінікті. Қоймайды, бір жерден қате кеткен деп. Менде бәрі тура. Қайдан білейін, компьютері нені есептеп жатқанын.
  • Иә. Негізі бастық эконотделға беру керек еді. Айнұрдың ол жұмыстардан хабары жоқ қой.
  • Әй, Ержан, Айнұр өтінді ғой. Ешкім білмей-ақ қойсыншы деп. Айтып қойып жүрме, ренжіп жүрер.
  • Білесіз бе, бұл тегін емес. Демек, бастықтың бір көздегені бар. Айнұрға экономотделды бермек пе екен? Бірақ білімі болғанымен, тәжірибесі жоқ қой. Одан да Досекеңе бермей ме. Ана Райханды жаңадан ашылатын фирмалардың біреуіне жіберсе ғой.
  • Не болды?
  • Құлағымыз тынышталатын еді. Әр дүйсенбіде аппарат жиналысында сол тағы не шағым айтар екен деп тызақтап отырасың. Интернет істемей қалса да, бағдарлама қатып қалса да біз кінәлі боп шығамыз.

 

Кездесуден қайтқан Райхан үйге құлазыған сезімде оралды. Үлкен табыс таптым деген ой қуантатын емес. Дұрыс істедім бе, жоқ па деген беймаза сұрақ өкпесін қысып барады. Сыр беріп көрмеген жүрегі жаншылғандай.  Өрекпіген көңілін басуға ешқандай дәрінің көмегі болмасын ұқты. Жатып қалды. Тек үш сағаттай қатты ұйқыдан кейін тұрғанда тынығып, бойы жеңілдеп қалғанын сезді. Қою кофе ішіп отырып, соңғы кездері күйзеліске тым беріліп кеткенін аңғарды. Өміріне көңілі толмай, шорт өзгерісті бірден жасамақ  болған екен. Қазір ғана қызулыққа беріліп кеткенін мойындады.

Жоқ, арыммен саудаға бармаймын деп шешті. Қанша дегенмен, әйел екенімді мойындаймын. Ондайға бара алмайды екенмін. Тек осыдан кейін өзінің жеті миллион теңге тапқаны, тырыйып келген екі жігітті айналдырып отырып, өз дегеніне көндіргені көңілін көтертті. - Болды, маған басқа ештеңе керегі жоқ. Табамын десем, таба аламын. Істеймін десем, істей аламын, қолымнан бәрі келеді, тек өзім қаламайтын болғасын ғана бас тартамын, - деп бөлменің ішін айналып, қабілетіне масаттанып кетті.

Тоқта, олардан қалай енді құтыламын. Қап, не істеп қойдым.

Біраз уайымдап, кейін өзін тынышталдырды. Не болыпты? Ақшалары күйіп кеткен жоқ. Қаласа, кафенің ақшасын өтеп берейін. Әдемі келіншекпен отырған болады. Өзінің қайсарлығы шырғалаңдардан оңай алып шығатынын жас кезінен білетін. 

Аяқ астынан машақат тауып алатын қызына зығырданы қайнаған Жанар қымбат телефонынан айрылып қалған Сабинадан бір сұрағанын қайта-қайта сұрап өзін әрең басты.

  • Қалай ғана жоғалтып жүрсің?
  • Қалтамнан түсіп қапты.
  • Қалтаға да сала ма екен?
  • Ну, мам. Мен ылғи сонда салып жүремін.
  • Әлі қосылмады ма?
  • Жоқ. Ноутбуктен де кірдім. Тек сұр түс. Қай жерде соңғы кезде қосылғанын көрсетіп тұр. Бұғаттап қойдым.
  • Құжаттарының бәрін алдың ба? Қалып кетпесін. Жеке куәлігіңді де ал. Телефон сенің атыңда ғой. Арызды сенің атыңнан жазамыз. Кодпен тауып алуға болады дейді ғой.
  • Мам, балалар айтады, оны донорға жіберуі мүмкін деп.
  • Ол тағы не?
  • Енді.... бөлшектеп сатып..
  • Болды. Табылмаса, енді айфон әпермеймін. Тіпті жақсы болды. Көзің ауырмайтын болады. Айтқанды тыңдамай, кітапты содан келіп оқисыңдар. Ноутбугың бар ғой. Сол жетеді.
  • Ну, мам.
  • Сабина, телефон сөйлесуге арналған. Басқа қызметінің бәрі артық. Жазда өзің жұмыс істеп сатып аласың. Сонда ақшаның қадірін білетін боласыңдар. Кеше қаншама қалың дәптерді қоқысқа лақтырып тастағансың. Обал емес пе, ақшаға келген дүние ғой. Өздерің ақша тауып, соған алған болсаңдар, олай оп-оңай шаша бермес едіңдер. Папаңнан жаңасын сұраушы болма. Қазір онсыз да бар қаржысын жаңа ісіне салып жатыр. Осындай кезде қолдауымыз керек.

Істің насырға шауып кетуінен Сұлтанның көмегі тигенін Райхан сезген жоқ. Ықпал жүргізетін аймағында қақтығыстарды шешуге араласатын адамды араға салған Сұлтанның өз басы пәлеге ілігіп қалды. Енді қатындармен ісім болсын ба деп күйінді. 

Мені пайдаланып, лақтырмақсың ба, мен бұны былай қалдырмаймын дегесін, амал жоқ, Райхан туралы бар білгенін айтып берді. Келіншектің жаңсақтығын өз мойнына алып Жаннан тиіспеу жөнінде келісімін алғаннан кейін ол қызмет атқаратын мекеменің немен айналысатынын, бастығына дейін кім екенін біліп берді. Сәрсеннің немен айналысып жүргенін білу үшін бар танысын араға салды. Барлығы бір қоңыраумен шешілетін заманда, шектен шыққан сәт туғанда ғана пайдалалатын ықпалды байланыстарын қосу арқылы қажетті мағлұматты сымтетік арқылы біліп алуына беделі жетті. Бірақ керек деректерді біліп алғанымен, ісі заңмен жүретін Сәрсенге тісі батпады. Оның үстіне жолында кесе көлденең тұрмаған адамға қиянат жасауға бата алмады.

Көпшіліктің көзқарасымен сәйкес келе бермейтін Сұлтанның өмірге деген өзіндік түсінігі болатын. О дүниеге барғанда ол жақта сен жұмақтан келдің ғой, соны білмедің бе, өмір сүріп келген дүниең жұмақ болатын деп айтатындай көрінетін. Сондықтан бұл өмірде өкінбейтіндей бар қызықты көріп кету керек деген қағиданы берік ұстанатын. Қалталы ағайының, өзінің саудаға ебінің арқасында ісі өрге басып, жора-жолдастардан да, абыройдан да кенде емес. Көп уақытының көңіл көтеретін орындарда өткеніне өкінген емес.  Кісіліктен жұрдай емеспін деп қоғамдағы әдеп құлықтарын барынша ұстанатына сенімді болатын. Жазықсыз жанды аяқтан шалу, қолын байлау, тіпті бизнесін тартып алу үшін ор қазу сияқты әрекетке қолы бармады. Өз ынсабым таза, қалғаны Жанның мойнында деп шешті.

 

Бұл жағдайға нүктені Жігер өзі қоймаса істің насырға шабатынын ұқты. Жұмыстан ғана емес, қаладан кетпекке шешім қабылдады. Сәрсеннің ұсынысына келіскенде, тек Жанарды көргісі келіп қана келісім бергенін сезді. Шешімін өз аузымен жеткізбек үшін Жанарға кездесуді ұсынды.

  • Жанар, мен ауылға қайтуды ұйғардым.
  • Қала өмірі ұнамады ма? Үйренісе алмадың ба?, - деп күтпеген шешіміне таңқалған Жанар алаңдаушылығы басым қамқор үнмен жәйін абайлай сұрады. Алаңсыз жастықпен әлдеқашан қош айтысқан  адамның бөтен ортаға бейімделуі оңай емес-ау деген ой өзіне келмегеніне өкінді. Жанашырлыққа қоса төмен қарап қалған жүзінде қимас сезім белең еткендей болды.
  • Кез келген жерге бейімделуге болады ғой. Жан-жағыңа еліктеп, әрекетің өзгергенмен, іштей сол баяғыдай болып қала береді екенсің. Болмысыңды өзгерту қиын.
  • Сәрсен біле ме кетіп жатқаныңды?
  • Жоқ, енді айтамын. Жұмысты бітіріп кетем ғой.
  • Ойланып көрмедің бе? Сені жақсы маман деп мақтаған еді.
  • Қолдау үшін айтқаны болар. Жұмысын өзің менен артық білесің.
  • Рас айтам. Сен туралы жақсы көзқараста. Сенің білгеніңнің мен оннан бірін білмеймін.
  • Жоқ, менің өрісім ауылдың төңірегінен асып кете алмайды.
  • Ол жаман ба? Әркім өзінің тұрып жатқан жерін көгерте алса, соның өзі елімізге жақсы емес пе?
  • Мектепте бәріміз қара басымызды ойласақ, сен мектептің абыройын ойлап шыр-пырың шығатын еді. Өзгермепсің.
  • Өзім де білмеймін неге сөйтетінімді. Нені өзгерткім келетінін өзім де түсінбеймін. Өзіңе керек әлемді өзің таңдайсың, қандай болмағы өзіңнің қолыңда дегеннің бәрін түсінемін. Өмірді керемет десең де, әділетсіз десең де қателеспейсің. Жақсы десең, тамаша жағын көресің, жаман десең кемшілігін байқайсың. Бірақ өзіңді алдап өмір сүрген дұрыс па? Қате тұстарды жөндеу керек емес пе деп қырсығам. Ал кейде қорқамын, бұның бәрі кімге керек? Одан да отбасымды ойламаймын ба деп, - деген Жанар не өзгеге, не өзіне ме екені белгісіз қапалығымен бөлісті. Мұңдас жанды тапқандай неге ашылғанын өзі түсінбеді. 
  • Оның дұрыс қой. Тек ол бәрінің қолынан келмейді, - деп жұбатып, көңілін ауламақ болған Жігер мектепте болған жайтты есіне алды –  Есіңде ме, физикадан ауданаралық жарысқа қатысып, орын ала алмай қалғаныңда Салтанат апайға ренжігенің. Ауданды жерге қараттым деп намыстанып жылап едің.
  • Иә, неге сені жібермеді деп өкінген ем.
  • Апай сендегі өжеттікті менен көре алмады. Шындығында апайдың өзі көп нәрсені білмеуші еді. Мен оны кейін ұқтым. Өз бетіммен физиканы оқи бастағанда. Сондықтан сенің кінәң жоқ.
  • Иә, қанша уақыт өтіп кетті.
  • Бізге алып кете алмайтын талап қойып,  өреміз жете қоймайтын нысанаға ұмтылушы ең. Апай шығыстың жұлдыздары туралы айтқанда, сенің де сондай жұлдыз болып кететініңе сенімді едім. 
  • Тым биіктетіп жіберіпсің. Үмітіңді ақтай алмаған екенмін. О кездегі армандарымыз қалды ғой. Жер-көкті бағындырамын деген. Қазір ол Жанар емеспін, - деп бір жағынан ыңғайсызданып қалса, екінші жағынан  кінәлі болған жандай көңілі босап кетті.  
  • Жоқ, сен өзгермегенсің. Мен де өзгере алмадым. Саған деген көңілім де өзгерер емес, - деген Жігер қамкөңіл болған Жанарды жұбатамын дегеннен соңғы сөздердің аузынан қалай шығып кеткенін байқамай қалды.

Күтпей қалған Жанар не естімегендей, не түсінбегендей кейіп танытып, ештеңе демеді. Оның қарсылық білдірмегені, жазғыра қарамағаны жігіт бойындағы толқыған сезімді тежемек болған бөгетті жұлып әкеткендей болды.

Біреудің отбасын бұзбаймын, опасыздық танытпаймын, достық сезімге сызат түсірмеймін деген шешімдерінің бәрі қайда кеткені белгісіз. Сонша күннен бері алысып тоқталған парасатқа толы ізгі ниеттері қайда? Қиналып таппаған шешім бір мезетте алдынан шыққандай. Өмір бойғы арманы екенін, өзімен бірге кетуін, балаларын қабылдауға, қай жаққа болса да баруға дайын екенін айтқанда дұрыс шешімді енді тапқандай көрді. Балаларыңмен бірге қабылдаймын дегені аңдаусыз айтылған сөз емес, шынайы тілегі екені, биік әрекеттерге бара алатындығын өзі сезгенде әрекетінің дұрыстығы дәлелденгендей көрінді. Біреудің баласы бөтен емес, оның қамқорлыққа мұжтаж екендігі, қаласа жақыны бола алатындығына көзі енді жеткендей.

Бағанадан бері тілі байланып қалғандай болған Жанар өзіне жақындаған жігітке қарашығы шарайнасынан шыға үрке қарап, кімнің сөйлеп тұрғанын шатастырып алғандай, әлсіз көтерген қолы сермеуге келмей, өз аузын жапты. Аңсаған сөздерін естігенмен араларында өтпес өткел тұрғаны анық. Көңіл білдірген адамға құлай кетеді екен деп ойлап қалар деген күдік пе, әлде қаны түгел сүйекке дейін біткен адалдық сезім бе бірден ажыратпаса да бұл жағдайдың әрі қарай өрбуіне жол бермеу керектігін біледі. Бала кезгі арманы қол жетімді жерде тұрғанымен жағдайды ушықтырмау өзінің қолында ғана екенін сезді. Осының өзі шектен тыс бақыт секілді. Бұндай сөздерді естіп тұрғанының өзі опасыздық емес пе? Олай айтпа деуге шама жоқ. Тәкаппар суық жүзімен-ақ екі-ұшты пиғыл танытпақ болғандардың аптықтарын қайнап тұрған отқа мұздай су құйғандай басушы еді. Инабаттылықпен шынайы сезімдерін білдірмек болғандарға қатты кетпей, байсалды көзқарасымен «үмітің барына сенесің бе дегендей» миығынан езу тартып тоқтата білетін. Кез келген қатынасқа байыппен қарайтынын ойлы көзқарасымен аңғартып, осы күнге дейін іштей жылы тартатын қызметтестерін ара қашықтықта ұстап келген. Әзілден ары бармайтынын сездіре, бөтен ойды бойына дарытпайтын. Сезім болмаса, ешқандай жеңіл қатынасқа, тәлімсушілікке аттап баспасын біледі. Тек сонысы жұбайына немесе жас кезіндегі шынайы сезімге деген адалдық па екенін өзі де түсінбейтін. Енді ғана Жігерге жоқ, мүмкін емес дегенінде, сезім болсын, болмасын, аттап өте алмайтын санасындағы тосқауылды анық сезді.

Штаттың өзгеруіне байланысты қызметтен қысқартылуы жөнінде ескерту алған Райханның бұрқан-талқаны шықты. Мен сонда жұмыстан шығарып жібергенше жүруім керек пе? Жоқ. Ақшасы да, басқасы да керек емес. Ешқайсысын да көргім келмейді. Өтінішімді жазып ертең шығып кетемін. Тоқта, мен неге өтемақыдан бас тартуым керек? Жоқ, өтініш те жазбаймын. Жұмысқа да бармаймын. Білгендерін істесін. Өздерінің ұяты білсін. Мен адамгершілікке барып, өз жобамды сатып жіберген жоқпын. Сатпаймын да. Мен олардан әлдеқайда биікпін.

 

*

  • Сәрсен Қадырбайұлы, Райханның жұмысқа шықпағанына екі күн болды. Телефоны жауап бермейді. Қандай шара қолданайық?, - деген ұйымдастыру бөлімінің бастығы Айтбаев Нағашбек алдын ала болжалданған жаңалықты бастығына тезірек жеткізуге асықты.
  • Ештеңе керек емес. Шыққан күндеріне ақшасын төлеңдер. Өтемақысын да аударып жіберіңдер.
  • Сәрсен Қадырбайұлы, айдың соңына дейін істемей еңбек тәртібін бұзғаны үшін шығарып жіберуге болады. Сонда өтемақы төлемесек те болады.
  • Қажеті жоқ. Жұмыс іздеп жүрген шығар, кім білсін. Айдың соңына дейін күтіп, ақшасын аударып жібер.

 

Адамға өзгелерден артықшылығын бағалағаны ерекше жақса керек, Жанарға басқалардан ерек қабілетің бар деген Жігердің пайымы айрықша әсер етті. Өзіңді жақсы көруге себеп болғаны соған лайықты болғаным ғой деген ой кімге болса да қанат бітіріп, тәтті елестің самғап ұшары анық. Шарықтаған көңілді басып әуре болмады. Қайта жанына майдай жаққан қиялдың бітпеуін тілеп, барынша созылуын қалады. Неге, неге бір ауыз сөз айтпадың сол кезде? Адамға керегі бір-ақ ауыз сөз екен ғой. Бір ауыз сөз. Сенің қолыңнан келеді деген. Бұл өмірде жетіспейтіні жүректен шыққан жылы сөз. Мейлі қаржылай да, жетектеп те көмектеспей-ақ қойсын. Бірақ бәрінен бұрын демеу болар сөз айтса. Саған сенемін, сен жетесің, сен лайықтысың деген шын көңілден айтылған қолдау сөздер. Сол сонша қиын ба? Әр адамның жақсы тұсы бар ғой. Сонысын қадап айтып, адамның өзінің көзін жеткізіп, бойына сенім ұялатса болды ғой. Өзің бағалайтын, құрметпен қарайтын жаннан қолдау сөзін есту рухтандырып, қанат бітірер еді. Сенімін ақтағың келер еді. Бойыңа күш береді. Жігерлендіреді. Сол адамның бір ауыз сөзі алдыңдағы кедергіні, қиындықты жеңуіңе күш беріп, ең соңында қалайда жеңіп шығатыныңа сенімді болар едің. Әшейін сөздің өзі қайрат берер еді. Бір-бірімізге қия алмаймыз ба? Неге ұмытып кете береміз. Қыздарыма сендерге сенемін, сендердей нәзік, ақылды, жігерлі жан жоқ деп неге айтпаймын. Неге тек ұрыса беремін. Сәрсенге сенің қолыңнан келеді, сен сияқты жұмысына жауапкершілікпен қарайтын жан жоқ десем, көңілі көтеріліп, сенімділіктің арқасында осы күнге дейін инвесторлармен бір мәмілеге келер ме еді? Осыдан он жыл бұрын жұмысымды мінсіз естіп, барлығынан мақтау сөз естіп жүрген кезде өзімді ақылды санайтынмын. Ал қазір...... қазір өзімді ақылдымын деп айта алмаймын. Ақымақ емес шығармын деп үміттенемін. Жылдар өте келе, аптығыңды басып, білетініңнен білмейтінің көп екенін аңғара бастайсың. Менен расымен барлығы үміттенген еді. Қазір де жұмыста менен ақыл-кеңес сұрап келеді. Бастықтардың өздері тексерушілер келсе тек мені шақырып алады. Сауатты екенімді, өз жұмысымды бес саусақтай білетінімді, жауапкершілікті екенімді біледі. Ұсынысымды, пікірімді аяқсыз қалдырған емес. Барлық жиналыстарға мен барамын. Тіпті шетелге оқуға да мені жіберді. Өзінің жәй жетістігін тым әсірелеп жібергенін сезген Жанар ештеңеге қол жеткізген жоқпын ғой, несіне мәз боп отырмын деп аспандап кеткен көңілін басты. Бірақ балдай тәтті ойлардан, шарықтаған сезімнен қуат алғандықтан, керемет едің деген пайымды қоя салып, сені жақсы көрген едім дегенін есіне түсіріп кетті. Сол бір сәтті көз алдына қайта-қайта келтіргеннің өзі қандай керемет. Өзін құшақтап алғандағы иісі, қуатты қолдары есінен мүлдем шықпайтын шығар. Қызарып кеткен Жанар не болды маған он сегіз жастағы қыз құсап деп қысылып кетті. Өз ойларына ұялып, сабырға келді.

Мамық бұлттардың арасында қалықтап жүрген алып-ұшқан көңіл кәдуілгі айналаны құлпыртып көрсетеді.

 

Таудан құлаған сеңдей ырыққа көнбеген долы күш осыған дейінгі лебізін елемей келген Айнұрдың үйіне қалай жетелеп апарғанын Жігер байқамады. Адам қисайын десе, оңай екен-ау бұл қалай болды деп таңқалып кетеді. Шындап келген кезде ырықсыз сезімнің моральдық қағидасының белшесінен басып кететін әлсіздігін мойындағысы келмеді. Жобаны желеу етіп шақырғаны көрер көзге сылтау екенін сезгенімен, желік іздеп барған жоқпын деп өзін сендіргісі келеді. Адамның ақыл-ойы өзін-өзі ақтап алуға шебер ғой. Көңіліндегі түйткілінен келіншектің өзі кет әрі емес еді деп құтылуға асық. Мазасын алған ожданын осылайша тынышталдырмақ. Таңертең тұрғанда ақкөңіл келіншектің бетіне қарауға дәті шыдамасын сезіп, тәтті ұйқысын бұзбас үшін шусыз қимылмен таңсәріден үйінен шығып кетті.

Үйдегі ойды, түздегі нарық бұзады демекші, әжептәуір саналы жоспары аяқ астынан бүлінді. Қара шаңырақтың отын түтетіп, Күнсұлумен татуласпақ та ниеті болған еді. Шешімді өзін қайрап қабылдамақ болғанын, өзінен қашып құтыла алмасын сезді. Жанардың қарсылығы сабырға келтірудің орнына, көңілінің алай-түлейін шығарды. Қой десе, адамның өршелене түсуі неліктен екен? Анау айтқан қырсық болмағанымен, тыйым адам бойында қарсылықты тудырады екен. Одан оңайлықпен бас тартпасын ұқты. Отбасылы. Шақырса, жетекке еріп кете беретін жан емес. Ашуланған жоқ қой деген ойдың өзі көңіліне әлдебір үмітті ұялатқандай. Мүмкін емес дегенін жақсы түсінеді. Егер тәуекелге бел буса, жер-көкті айналдырып өкінбесі үшін барын салар еді. Әлемді төңкеру керек болса, оған да дайын. Еркектер қандай жетістікке қол жеткізбесе де, оған себепші әйелдер болса керек. Солар үшін қырық пышақ болып қырқысуға, биікті бағындыруға, үздік екенін, қолынан бәрі келетінін дәлелдеуге дайын. Тек соның сүйіспеншілікпен қарайтын көзқарасы үшін, таңқалдырып, жүрегін жаулап алу үшін. Сананы билеп, көңілге тағандап алған сезім таңды көз ілдірмей қарсы алдырады. Ішіңе сыймаған қуатты құлшыныс шабыттандырып, тасыған көңіл жыр болып төгіледі. Ән-күйге жақындығы болмаса да, көңіліне әлдебір шала ұйқастар келе берді.

Сезім қандай таза едің,

Мөлдіріне таң шығының

Шомылғандай.

Жоқ, жоқ, әлде, былай  десем қалай болады екен?

Асыл арман

Адастырмай,

Қайта әкеліп тоғыстырған.

 

Ваин түсіретін әртістер мен аз-маз ақшаға жарнама жасауға тілек білдірушілердің арасында дәнекерлік іскерлігі арқасында жоғары курс студенттері арасында да, тіпті мұғалімдермен өзін еркін сезінетін, осындай жылпостық қабілетінің арқасында білім алушылардың оқуға қатысты әурелерін шешуде белсенділік танытатын жұқа сары, селдір шашты, бойының ұзындығынан аздап еңкіш тартқан жігіт университеттің ұзын дәлізіндегі терезеге тақап қойылған үстелде көңілсіз отырған қыздың қасына жақындап: - Бинка, неге көңілсізсің? Проблема бар ма? Зачет қоймай жатыр ма?, - деп жанашырлық таныта сұрады.

  • Жоға, - деген қыз күрсініп, курстасымен өз жағдайымен бөлісті. - Жұмыс тауып алғым келеді. Ақша керек.
  • А-а-а.  Қаласаң, көмектесейін.
  • Қалай?
  • Клубта жақсы танысым бар. Ұсынып көре аламын.
  • А не жұмыс?
  • Клиенттерді тарта білу керек. Бардың қасындағы үстелшенің жанында билеп тұру керек. Күнделікті алады.
  • Ой, не деп тұрсың! Жалаңаш қыздарды айтасың ба?
  • Артта қалған монтаны біреу екенсің ғой. Жағажайға басқаша киініп барасың ба не? Бұл стриптиз емес. Біле білсең, онда бәрін ала бермейді. Іріктеу қатаң. Сымбатты мүсінің, ырғақты қимылың болу керек.
  • Әлде көрсем бе екен? Көмектесесің бе?

 

Жанардың өзінен аластатуға тырысқан ойы да, сезімі де хош иісті балға үймелеген ара тәрізді алыстап кете алмай шырмалып, ырқына бағынбады. «Неге сол кездегі сезім қайта оянып кетті? Оны қаламаған едім. Сезім деген шоқ сияқты екен-ау. Сәл үрлеп жіберсең, алаулап кете беретін. Ақыл тоқттаттым деген кездің өзінде осылай әсер етеді. Жас кезімде өртеніп кетпегенімді айт. Иә, барлығы өзімді ұстай білетінімнің арқасы. Әлде қызғаныш сондай жалынды сөндіруге көмектесе ме екен. Жоқ, ол қайта май құйғандай әсер етеді. Басқа біреуді артық көрді деген ой намысымды оятып, іштегі алауды басуға жәрдемдесті. Қазір отбасылымын. Сәрсеннің салмақты, жайлы мінезінің арқасында түсініспеушіліктерде бітісуіміз тез болатын. Анам екеуің тауып қосылғансыңдар, сенің мінезіңді тек Сәрсен ғана көтере алады деуші еді. Татуласпай жатып ұйықтап қалдың, мені жақсы көрмейсің деп болмайтын нәрседен шу шығарып, апама кетіп қалғанымда, артымнан өзі келетін. Тағы ешқашан құр қол келмейді. Сол кезде қуанып кететін едім. Бірден келе қоймаса анам құлағымның құрышын жеп бітіруші еді. Жаман әйел төркіншіл болады, төсегін арқалап кетіп қалады деп. Мен бір отбасының ауыртпашылығынан қашып келгендей, өзі ғой. Иә, болмайтын нәрсеге өкпелейтін едім. Қызғаншақтау едім. Өзіме ұнамай қалған келіншекпен амандасса да, көңіліме жақпаушы еді. Бірақ бәріне бірдей емес қой. Сәрсеннің хатшысы жап-жас, әдемі қыз, бас бухгалтері де жақсы келіншек. Оларға қызғанбаймын ғой».

 

Әке-шешесінің үйде жоқтығын пайдаланған екі қыз музыканы даңғыратып қойып, қытырлақ картопты коламен итеріп қойып, ара-арасында үстіне шоколад үгітілген балмұздақты кішкентай қасықпен ауыздарына салып, еркіндікке рахаттанып отыр. 

  • Мама хард склизды, қатып қалған үлгімен өмір сүруді таңады, ал қазіргі әлемде софт скилз талап етіледі. Қазіргі адамдар ақпаратсыз өмір сүре алмайды.  Айтшы, Жанка, интернетсіз ең құрығанда үш күн жүре аласың ба?
  • Ха-ха. Денем қақсай бастайды.
  • Тіпті қирағаның аздай, әлемде аласапыран туады. Барлығы ақылынан адаса бастайды.
  • Иә, елестетудің өзі қорқынышты. Білесің бе, мен Сәлімнің мамасымен таныстым.
  • Қойшы! Қандай екен?
  • Кәдімгідей. Мәдениетті. Біздің мамадан толықтау.
  • Тамақты жақсы жейтін шығар. Сен тамақ істей алмайсың ғой.
  • Неге, кеше бауырсақ пісірдім. Өзім. Мама тек қамырын дайындап берді.
  • Ал мен Бахамен ұрысып қалдым.
  • Не болды?
  • Неге сөзінде тұрмай, маңғазданады? Телефонды да сонымен ұрсамын деп жоғалтып алдым. Өзіне сенімсіздер ғана қызғаншақ болады.
  • Жарайды, қойшы. Әлі достасып кетесіңдер. Білесің бе Сәлім екеуміз болмашыға ұрысып қаламыз. Өткенде астаналық футболшылар қайдағы бір Галатасараймын ойнаған екен. Соның есебін неге білмейсің? Қалайша өзіңді патриотпын деп айта аласың, егер Қазақстан үшін жанкүйер болмасаң дейді.
  • Қайдағы Сарай тағы?
  • А кім білсін? Қайдағы бір футбол командасы. Түріктер сияқты. Соны білмейсің деп менімен екі күн сөйлеспеді соған бола. Кейін татуласып кеттік. Енді қарап жүрмін футболды. 
  • Бірге оқисыңдар ғой. Қаласаңдар да, қаламасаңдар да кездесесіңдер. Сондықтан татуласып кету оңай.
  • Не, келмей жүр ме?
  • Иә. Бірақ ешқашан өзім бірінші болып хабарласпаймын.
  • Бинажан, қой енді, қыздар жұмсақтау болу керек.
  • Қойшы соны. Ол туралы айтқым келмейді. Жанка, саған бір нәрсе айтайын ба?
  • Ия?
  • Мен клубта істейтін болам. Жақсы ақша төлейміз дейді.
  • Қандай клуб?
  • Кәдімгі түнгі клуб. Уайымдама, түнге қалмаймын, бір қызбен келістім, мені ауыстыратын болады. Аптасына үш рет.
  • Есің дұрыс па? Қайдағы клуб?
  • Салмақты клуб. Не деген қатып қалған таптаурын? Болмашы ақшаға сатушы болып орналассам болады да, а клуб болса, бірден жаман ба? Барлығы адамның өзіне байланысты.
  • И онда не істейтін боласың?
  • Қорықпа, стриптиз емес. Тек барменге көмектесемін. Әшейін қасында билеп тұрасың. Тек киімің ғана аз демесең. Жоқ емес, бірақ тым тар.... және қысқалау енді...
  • Сабина, сен ол жақта істемейсің. Қаласаң, стипендиямды түгел беріп отырайын. Тек қайтадан ақымақтық істемеші.
  • Жа-а-ан, онда тұрған не бар? Тәуір жұмыс. Қыздар да жақсы. Тек билеймін, болды. Би де өнер.
  • Ішіп алған адамдардың алдында билегенді өнер десең, сені түсінбеймін. Менің арым жібермес еді ондайға.
  • Онда ішкіштер бармайды, ондайларды кіргізбейді де.
  • Папа көріп қойса ше?
  • Папа ондай жерге бармайды. Тек жастар жүреді. Көңіл көтеру үшін. Менің міндетім тек тапсырысты көбірек бергізу. Шынымды айтсам, бармас та едім. Тек қарызымды қайтаруым керек.
  • Тағы қандай қарыз? Өткенде пападан ақша алдым дедің ғой.
  • Телефонға керек.
  • Мама өзінікін саған беремін деген еді ғой. Өзіне арзан телефон аламын деді.
  • Қойшы, сол ескі-құсқыны. Абыройымның төгілгенін қаламаймын. Папасының компаниясы бар, а қызында айфон да жоқ десін бе? Саған бірнәрсе көрсетейін бе?
  • Ол не?
  • Негізі мен әлдеқашан сатып алдым. Телефонсыз қалай жүрер едім? Міне.
  • О-о! Күшті ғой!
  • Жүз сексен мың тұрады. Жеңілдікпен алдым. Енді маған ақша керек. Көп істемеймін. Тек қарызымды қайтарып берсем болды.

 

Жанар Жігерге кете бер деп айтқанымен, іштей өзін қоярға жер таппады. Онымен мейлі, кездеспей-ақ қояйын. Бірақ кетіп қалмасыншы. Неге дос болып қала алмаймыз. Бірақ өзін қанша сендіргісі келгенімен бұл игі ниетті талпыныстың нәтижелі болуы екі-талай екенін мойындамасқа болмайды. Жігердің өзін жақсы көргенін өз аузынан естігеннен бері, жазылды деген жүрек дерті қайта қозып, дәрменсіздік қалпына түсті.  Өзін қанша басқысы келгенімен, сезіммен арпалыса алмады. Ойының қайтадан ала-сапыраны шықты. Неге бәрі махаббатты жақсы сезім деп ойлайды. Оның біреуге опасыздық әкелетінін, біреудің жүрегін ауыртатыны туралы неге ешкім ойламайды. Отбасылы бола тұра, біреуді ұнатып қалатының махаббат емес, опасыздық па? Бір кездергі пәк сезім екені рас. Отбасылы болғаннан кейін онымен араласудан бас тарттым. Сол кезде Сәрсенге бекерге жұмысқа алуға ұсынған екенмін. Арам ойым болған жоқ еді. Сәрсенге де, Жігерге де көмектесейін дедім. Қолыңнан келіп тұрса көмектесуге тырысу керек деп ойладым. Ақыры, міне арты не болып шықты. Жан күйзелісі қайта қинайтынын білген жоқпын. Барлығы өтті, кетті деп ойлаған едім. Жолдас ретінде араласа аламыз деп ойладым. Жоқ, бұл мүмкін уақытша шығар. Әлі басылар. Шынымды айтсам, маған оның жақсы көргенінің өзі жеткілікті сияқты. Тек ерлер бұған басқаша қарайды-ау. Олар жақсы көрсе, бірге болу керек деп ойлайды. Біз сияқты сырттан ғашық болып жүре бермейді.     

Жанар барлығын сарапқа салып, ақымақтыққа бой алдырмауым керек деп шешті. Іштей өзін сөге бастады. Не деген адам едім, басқаларға шыншыл болу керек деймін. Ал өзім ше, желкілдеп, бар жауапкершілікті ұмытып, не ойлағаным бар менің? Сәрсенді, балаларымды, анамды, Майраны ұмытып, бәрін қалайша сатып кетпек болдым. Осылайша өзін-өзі жерден алып, жерге салып, ар-ұятын тынышталдыра алғанда барып жұмысына кірісе алды.

 

Үстелдің басында отырған төрт жігіттің бұл жердің тұрақты келушілері екені даяшыларға дейін аян. Емін-еркін көңіл көтеріп отырған топқа келіп қосылған Жан ғана көңілсіз еді. Осы тендерді ұтып алатынына сенімді болатын. Конкурсты ұйымдастырушы мекеменің басшысы аяқ астынан өзгеріп, майлы шелпектен айрылып қалды. Қағылған үлестің ызасын зәрлі сумен қайтармақ болды. Бас көтермей қасындағылардың ырду-дырду әңгімесіне құлықсыз отырды. Араларындағы ересектеуінің көзіне тапсырыс қабылдайтын орында тұрған еліктің лағындай, қимылы жасқаншақ қыз түсіп:

  • Мына қыз кім?, - деп сұрады. Даяшының білмеймін дегеніне «Сеняны шақырып кел» деп талап етті.
  • Әкімшіні айтасыз ба? Қазір ол жоқ. Рүстам ғана бар.
  • Шақыр, бар! Қайсысы болса да. Әлде қожайыныңа звондайын ба?
  • Муха, не болды? Жаңа қызға көзің түсіп тұр ма? Әй, мынау, Сәрсеннің қызы ғой. Құдай біледі, сол, - деген орта бойлы, ат жақты, жасы отыздардағы келісті жігіт таңданысын жасыра алмады.
  • Қайсы Сәрсен?
  • Алтын қамбадағы. Е, анау ше, өткен жылы Марқакөлде шошқа фермасын ашпақ болғанда, барған ек қой. Құжаттарын туралап берген жігіт ше. Құдай біледі, соның қызы.
  • Ие, ол, әжептәуір жігіт сияқты еді. Оның қызы мұнда неғып жүр. Шатастырып тұрсың да.
  • Үйінде болғам. Сыбағадан апарып бергенмін. Тәуір жігіт. Үйіне шақырған. Отбасымен таныстырды. Содан білемін. Сол, сол. Соның қызы.

«Алтын қамба» дегенде құлағы елең еткен Жан «Қай Сәрсен?» деп тәптіштей сұрай бастады. Бүгінгі күнді бекер сәтсіз деп ойлаған сияқты. Тағдыр оған басқа жағынан сый дайындаған екен. Бұдан бір пайда түсерін ұқты. Қызды жалма-жан сымтетігіне видеоға түсіріп жатқанда, жолдасы:

  • Әкесі өзіміздің адам. Тиіспе, - деп ескертті.
  • Ештеңе болмайды. Бұндай жерде жүруге болмайтынын ескертем, - деген Жанның ішкі есебі түгел еді.

 

                                         * * *

Майрадан қайтқан Жанар үйге дейін жаяу жүргісі келді. Он-он бес шақырым болып қалу керек. Жарайды, шаршағанша жүрейін, кейін такси ұстармын. Не деген керемет ауа-райы. Қандай рахат. Барлық жерде осындай болса ғой. Барлық адамдар жаяу жүрсе. Бірақ қасыңда бір адам болса, екеуің үндемей келе жатсаң. Сөйлеудің қажеті жоқ. Қасыңда болса болды. Жігер. Неге Жігер? Адам қол жетпеген нәрсеге неге сонша таңсық болады екен? Онымен бірге бола алмаймын, бірақ ойлауға да болмай ма? Әрине, болмайды. Ол да екіжүзділікке жатады. Жүрегіңде басқа біреу болса, ал өзің басқа біреумен болсаң. Ойламай тұра алмаймын. Егер расымен адал болғым келсе Сәрсенге бәрін айтып беруім керек. Тек жүрегін бекерге жаралап қайтемін. Бәрібір Жігермен ешқайда бармаймын. Болды, оны ойламаймын.

Мен Сәрсенмен кетіп бара жатырмын. Осы Сәрсенді шын жақсы көрдім бе екен? Адамгершілігіне, сезімінің тазалығына, беріктілігіне қызықтым. Сонысы үшін жақсы көрдім. Келмей қалса, көңіл-күйім түсіп кететін. Ол үшін барлығына дайын сияқты едім. Ол қай жаққа барамыз десе, көнер едім. Түсінбеймін, басында ол ризашылық сияқты, кейін үйреніп кеттім, оның орны мен үшін бөлек болды, ол жоқ жерде жалғыз қалатындай сезіндім. Махаббат деген не? Осынша жасқа келіп, әлі түсіне алмаймын. Ал қыздарыма не айтамын. Сабина әлгі жігітті шын жақсы көретін болса ше? Қазір қарсы болсам, ол кейін мен сияқты өкініп жүрмей ме екен? Махаббат қалай пайда боласың? Қай жақтан шыға келесің? Неге бір адамға жабысып қаласың? Неге қалаған адамыңа сезім ояна қоймайды? Жоқ, адамгершілігі бар адамға шынайы жылы қатынас болады. Бірақ бүкіл жаныңның барлығын орап әкететіндей, бар әлемді ұмыттыратын құштарлық емес. Ол ризашылықтан, жақсы адамға деген парасаттылық ниеттен пайда болған ізгі сезім. Ал махаббат сен басқасың. Сен ақыл-еске қаратпайсың. Кемшілігін көре тұра, көзге ілдірмейсің. Барлығына кешіріммен қарайсың. Ол кіршіксіз адам болғандықтан емес. Себебін әлі түсіне алмаймын. Әлде көзге көрінбейтін, біз білмейтін импульс бола ма екен? Тіл қатпай-ақ арада тұрып ұқсастықты толқын арқылы оқып, өзіңе жақын жан екенін сезетін. Сол арқылы нақ сол жан саған ыстық көрінетін шығар. Егер таңдаулы жандарды жақсы көру шүбәсіз десе, неге Сәрсенге сондай алып-ұшқан сезім жоқ? Адамгершілік қасиеті, абырой-беделі бар, тіпті қоғамдағы орны да жоғарырақ. Бірақ Жігердің ой-өрісі маған жақынырақ. Жоқ, адамдар бір-бірінен кем болмайды. Сәрсен сен Жігерден нашар емессің. Тек біреудің бір жағынан артықшылығы болады. Ол ақшамен де, дәрежемен де есептелмейді.

Сәрсен, сен мені қызғанбашы деп іштей ақталып келе жатты. Бұл сезім сені кездестірмес бұрын оянған болатын. Ол сезім мені көкке көтермелеп, ерлік жасауға, асқар биіктерге жетелейтін. Жан-жағыма шуақ шашып, кеудемде орын алған шапағатпен бөліскім келетін. Айналамды аяулауға итермелейтін. Жан-жағымдағыларға жақсылық жасасам, көмектессем, демеу болсам, жылы сөзбен жұбатсам, сабырлыққа шақырып, райынан қайтарсам, жігерлендіріп, қуантсам деп қиялдайтынмын. Оның таза болғаны сонша сол сезімге лайықты болу үшін, оның шынайы екенін дәлелдеу үшін  қиялымда әлдебір қатігез, түйсіксіз, дүлей күштермен алысып, ешкім кедергі бола алмайды деп өмірімді қиюға да дайын болатынмын. Кейде мұның бәрі менің қиялымдағы арман, ойлап тапқанмын деп өзіме тоқтау айтып, сезімімді тежейтінмін. Бірақ күлімсірей қараған бір жылы көзқарасын байқасам көңілім қайта ұшып сала береді. Жүрегім алдауы мүмкін емес деп үміт оты қайта жана жөнеледі. Оның мен үшін барлығына дайын екенін көзқарасынан сезетінмін. Бірде сыныпқа кірер кезде екеуміз есікке қатар келіп қалдық. Ол маған жол беріп, бөгеліп қалды. Ыңғайсызданып, аяқ киімінің бауын жөндегендей болып кідіріп қалды. Кішіпейілділігін ашық білдірмейтін. Сонысымен ұнайтын. Бірде плакат дайындауға екеуміз ғана қалып қойдық. Ол суреттерді салып, мен сөздерді жаздым. Менің ойымды үнсіз түсінгендей. Әр жылда сондай стен-газеттің талайын шығарғанымызбен, дәл сол плакат есімде қалып қойды.

Маған оның жақсы көргенінен артық ештеңе керек емес сияқты көрінетін. Тек мені жақсы көрсе, мені түсінсе, жан-дүниемді ұғынса болды. Бұл сезімнің ұяңдығы соншалық қабырғаға мылтықпен тақап қойып сұраса да ешкімге мойындамас едім. Басында байқап қоймаса екен десем, артынан онымен бірге болуды аңсай бастадым. Мектеп бітірерде сезімін білдірер деп үміттендім. Алайда олай болмады. Өзімді алданғандай сезініп, одан қашқақтай бастадым. Арланып соңғы кездесуге де барған жоқпын. Арман қуып қалаға келгеніммен үмітімді үзе алмадым. Барлығы елес болуы мүмкін емес деп, артымнан іздеп келуін күттім. Ол болса басқа біреуге үйленіп кетті. Осылайша бір-бірімізден ажырап кеттік. Сол кезде махаббаттың тек тәтті сезім ғана емес, жүректі аяусыз жаралайтын қатал да қатыгез болатынын ұққан едім. Көңілімнің қалғаны соншалық ешкімді жақсы көрмеуге бел будым. Алайда тағдыр маған өзің сияқты шыдамды, түсінігі мол, игі жанды жолықтырды. Құлай сүймегеніммен, адамгершілігің жүрегімді баурап алды. Үй болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Беттен алатын, шайпаулық мінезім болмағанымен ойға алған ісімді орындағанша тыным таппай, еркелеп те, өкпелеп те дегенімді істететін, өз дегенім болмаса аспан көкті айналдырып жіберетін шыдамсыз мінезімді өзің ғана көтере алдың... Қазіргі сабырлығыма қарап, расымен сол мен бе едім деп таңқаламын. Жас кезіңде күш-қайратың тасып, кез келген істі жүрек қалауыңмен істейсің. Есейе келе ғой, сан ойланып, ақылмен істеуге тырысасың.

Иә, бұл сезім бірде асқақ армандарға жетелесе, бірде сыздаған мұңдылықтан көзіңе жас толтырады. Сағыныштан жүрегің шымырлап, кеудең тарылғанымен, мұңды әуенмен жан дүнием үйлесіп, өзіңді біреу аялап, еркелеткендей сезінесің.  Сонда бұл қалайша опасыздық болады? Қызық махаббат екен. Тіпті қолымызбен ұстасқан емеспіз. Сіз-біз дегеніміз болмаса, ашылып сөйлескен де емеспіз. Өткендегі кездейсоқ құшақтап алғаны болмаса көріскенде де қол беріп амандасқан емеспін. Қашықтықтағы махаббат. Тіпті арадағы алшақтық та, уақыт та әсерін жоймаған сезім болды ғой. Шынайы болғаны ғой. Бірақ болмайды. Өкінішті. Мүмкін шын ғашықтар қосылмайды деген рас шығар. Бір ауыз сөзі мені қанаттандырып, ұшырып әкетті. Өзіме ие болар емеспін. Жасыма да қарамаймын. Көңіл қартаймайды деген рас-ау. Көңіліммен баяғы мектептегі қалпымдамын. Есейіп қалған балаларыма қарамастан.

Қызық, біржақты махаббат болады дейді. Ол да жаман. Біреуі жақсы көріп, екіншісі ықылассыз болса. Немесе біреуді сүйесің, ал ол басқа біреуді жақсы көреді. Үшбұрыш. Ал екі адамның жақсы көріп тұрып, мүмкіндіктері болған кезде қосылмағанды не дейміз? Тағдыр ма, әлде екі ақымақ па? Екеуміз де оңып тұрған жоқпыз. Тым өркөкіректілігім үшін тағдырдың маған берген жазасы шығар. Ол мені сыртымнан тон пішіп асау шыңды бағындыратын қыранға теңепті. Қызық, қабілетім жоқ емес еді. Неге самғай алмадым? Күш-жігерімді ең болмаса ғылымға да жұмсамаппын. Қызметте жаман емеспін, бірақ керемет дәрігер бола алмадым. Жоқ, негізі қатардағы болса да, мұғалімдікке баруым керек пе еді. Ең болмағанда шәкірттерімнің арасынан мен қол жеткізе алмаған істерді атқарғандары болғанда өмірім бекер өтті ме деп өкінбес едім ғой. 

Махаббат неге сонша ауыр болдың. Бүкіл әлемнің керемет екеніне дәлелдей білетін жалғыз сезімсің. Адам өмірін толықтыратын, мәнді ететін өзіңсің. Шыңға да жетелейсің, қияға да ұшырасың. Сенен биік қандай сезім бар екен? Ол Отаныңа, туған жеріңе деген ыстық сезім ғана биік болуы мүмкін. Сосын ана махаббаты шығар. Сүйген адамыңа деген махаббат үшінші кезекте тұр. Бірақ бұл сезім болмаса өмірдің мәні жоқ. Бүкіл әлем жетімсіреп қалады. Өмір бос. Балаңа деген махаббат табиғи сезім, өз ұрпағыңды, тұқымыңды сақтап қалудан туған шығар. Туған жеріңе деген махаббат ол өткеніңе, жер анаға  құрмет. Аллаға деген махаббатты бұлардың арасына қоюға болмайды. Ол жаратушының өз пенделеріне деген шапағатына лайықты болуға тырысу. Біздің қателігімізге кешіріммен қарап, имандылық арқылы адамдардың бір-біріне, табиғатқа қайырымды болуын, адамзатқа берген бақытын табу үшін жол сілтеген иеміз.

Жаныңа нұр сыйлайтын  сезім ол махаббат қана. Барлық әрекеттер өткеннің еншісінде. Олардан тек естелік қалады. Сезім алаулап күшті болған сайын естелік  соғұрлым айқын. Сол себепті көңіл-күйді, сезімді бағалай түсеміз. Олартың тереңдігіне мән береміз. Кей кездері бір сәттік көңіл-күйдің артынан қуалап кететініміз бар, оның әсері лезде болғанымен, іздері тез өшеді, үстіртін. Маңыздысы жылдар өтсе де көңілден кетпейтін терең, шынайы сезімдер, олар суық та әрсіз күндері бойыңды жылытады. Қанша рет есіңе түсірсең де, әркез қуаныш сыйлайды. Сол күйді қайта-қайта бастан кешесің. Жастық кезең сондай сезімдерді бастан кешуге берілсе, қарттық шақта соны еске алу арқылы бойыңды жылытасың.

Жанымызға жетпеген дүниені тағам арқылы не басқалай орнын басуға тырысамыз. Жаның әлденені талап етеді. Жанның қажеттілігін өтей алмағандықтан тәннің қажеттілігімен алмастыруға тырысамыз. Ал жаның болса, алға шыққысы келеді, өзін жақсы жағын көрсетуге талпынады. Сондықтан өз жартымызды тапқымыз келеді, дәл өзіміздің жанымызды түсіне білетін, бағалай білетін адамды. Жаны өзіңнің жаныңа ұқсайтын, сен сияқты сезінетін, дүниетанымы ұқсас жанды іздейсің. Әртүрлі жағдайға көзқарасы қандай, неден аттап кете алмайды, қандай әрекеттерге бармайды, ішкі сенімі, адамгершілік қасиеттері қандай? Өмірлік тәжірибем аз болғандықтан Сәрсенді танып біле алмадым, бірақ оның бекзаттылығы, мейірімді ісі өзімді жаулап алды. Басқасын көре алмадым. Әй, еркектер-ай. Тәкаппар, асау қыздарды қалай өздеріңе қаратып алуды білмейтіндер. Қыздар қиялшыл болып келеді ғой. Қияылындағы бір әрекетін жаса. Солай өз қолдарыңа түседі. Сіздерге сатып алған жеңіл, ырқын жаулап алғаннан гөрі. Қыздарды сатып алып, артынан неге ұсақшыл деп таңқаласыздар. Дүниемен сатып алып жатқанда, ол әрекет сіздерге жаман көрінбеген еді. Жүректі жаулап алғаннан, ақшамен сатып алған жеңіл көрінді. Басқалар жаулап ала алмаған жүрегімді өзіне қаратып алу Сәрсеннің қолынан келді. Оның  табандылығы, маған деген шынайы ыстық ықыласы. Сәрсен терең сезімге жоқ болғанымен көптеген нәрсе оған қолжетімді.

 

“Сабина алтыншы ауруханада жатыр. Дәрі ішкен”.

Миына удай қадалған бұл сөздер Жанарды шайқалтып жіберді. Менің қызым!! Не болды?! Алла тағала кешіре гөр мені. Кешір. Мені жазала. Қалай жазаласаң да ризамын. Тек қызыма ештеңе болмасыншы. Мен бәріне кінәлімін. Мен. Тек мен. Не болып қалды менің қызыма. Барлығы менің күнәһарлық ойларым үшін болды. Бірақ бұлай жазаламашы. Өтінемін. Менің қателігімді кешіре гөрші. Бәріне өзім кінәлімін. Отбасымды көпсінгенім үшін осылай болды, деп ауруханаға жеткенше іштей жеп таусылған Жанар ішке кіргенде қайда беттерін білмей басы қарауытып тұрғанда, қасынан өтіп бара жатқан медбике «Сізге не болды? Ауырып тұрсыз ба?», - деп алаңдаушылық танытты.

  • Жо-жоқ. Қызым осы ауруханаға түскен екен. Тізімдер қайда екен?, - деп қыздың қолына сүйеніп, өрекпіген жүрегін басуға тырысты. Осы кезде «Жанар, Жанар!» деп дауыстаған Сәрсенді байқады. «Сабина қайда? Оған не болды? Қалай? Қайда жатыр?» деп енді Сәрсенге жармасты.
  • Тыныштал. Сабина аман. Қазір бәрі жақсы. Өзіне келді.
  • Қайда, жүр, тез барайық. Өзін көргенше, мен....., - деген Жанардың санасына «Сабина аман» деген сөз енді ғана жеткендей болды.

«Аман, аман» деген ол Сәрсеннің кеудесіне басын тығып, өксіп жылап жіберді. Тілегім қабыл болар ма екен деген  қорқыныштан қатып қалғаннан өзіне рахымшылық танытқан тәңірдің шексіз пейілінен жеңілдеп сала беруіне лайық еместей сезініп әлі құрып кетті. «Не болды, қорқып кеттің бе? Қой, қой, енді» деп тынышталдырмақ болған Сәрсен оны шеттегі орындыққа отырғызбақ болды. Жанар тек әлден уақыттан кейін ғана өзіне келді. Оның басылғанын көрген Сәрсен су әкелмек болып сыртқа жүгіріп шығып кетті. Орындықта басы қисайып отырған Жанар өксігі басылғанымен жасын тия алмай «Алла тағала мың да бір рахмет өзіңе. Кешіргеніңе рахмет. Бәрін енді түсіндім. Маған бұл дүниеде кім қымбат екенін енді білдім» дегенді қайталай берді. «Енді Жігер туралы еш ойламаймын. Оған мүлдем жақындамаймын. Енді қателеспеуге тырысамын» деп іштей бекінді.

  • Міне, су ішіп ал. Мен де естігенде осында бірден жүгірдім. Дәрігерге жолықтым. Асқазанын шайдық дейді. Мен келгенде барокамерадан әкелген екен. Қазір дәрі тамызып жатыр. Жүр. А, тоқтай тұр, мына халатты киіп ал, - деп Жанардың иығына халатты жауып,  қолынан демеп, екеуі екінші қабатқа көтерілді.

Палатаға кіргенде өңі бозарып кеткен, сұлқ жатқан қызын көргенде Жанардың өкпесі аузына тығылып сала берді.

Өзіңді сабырлы ұста деген Сәреннің сөзін ескеріп, іштейгі жеткізе алмаған сөзі көзінен жас болып парлап ақты.

«Сені жанымдай көремін. Әрдайым қасыңда боламын. Мүмкін күнделікті көрсете алмай жүрген шығармын, қаншалықты жақсы көретінімді. Бірақ бәрінен сен артықсың. Өзіңмен бірге өлуге дайынмын, қызым. Сен жалғыз қалып кетпесең болды. О дүниеде бір өзің қалғаныңа шыдай алмайтын шығармын» деп іштей егілді.

Өзіңді ұста дегендей Сәрен әйелінің білегінен қысып: «Бәрі жақсы. Ұйықтап жатыр. Қазір тыныштық керек. Дәрігерге жолығып шығайық», - деп палатадан алып шығуға тырысты. Сыртқа шыққасын:

  • Жанар, қызымызға қазір демеу болуымыз керек. Өзіңнің мына жайыңды көріп, ол да босап кетеді ғой, - деді.
  • Дұрыс айтасың. Соңғы кезде бәрі үсті-үстіне болып кетті ғой. Телефоныңды жоғалттың деп ұрысқаным, басқасы есіме түсіп кетіп.... Кешір. Не болғанын білесің бе? Ол қандай адамдар бопсалап жүрген?
  • Бәріне мен кінәлімін.
  • Кімнен естідің? Қалайша сенің жұмысыңда болды?
  • Анығын әзірге біле алмадым. Бірақ менің жұмысыма қатысты.
  • Сабинаның қандай қатысы бар жұмысыңа? Полицияға арыз жазу керек шығар?
  • Оған алаң болма. Бұл мәселені өзім шешемін.
  • Не болды? Қалай болғанын білесің бе?
  • Маған Жігер айтты.
  • Не?! Жігер? Ол қайдан жүр?
  • Сабина менің жұмысыма барыпты. Маған звондаған болатын. Ала алмадым. Қасымда адамдар бар еді. Хабарламаны да кеш көрдім. Сағат үштерде Жігер звондады. Сабина кабинетімде құлап жатыр екен. Бірден сонда бардым. Сені алаңдатпау үшін айтқан жоқпын.
  • Неге сенің жұмысыңа қатысты?!
  • Міне, маған мынадай хабарлама жіберген екен. Папа, олар жаман адамдар. Сіздің компьютеріңіздегі бизнес-жоспарды әкеп бер деді. Мен бермедім. Кешіріңіз мені. Мен бәріне кінәлімін. Түнгі клубта жұмыс істедім. Олар сонда суретке түсіріп алыпты. Инвесторларға көрсетеміз. Әкеңмен ешкім жұмыс істемейтін болады деді.
  • Не деген адамдар! Қайдағы клуб? Тек Сабинаны қазір алаңдатуға болмайды. Не істейміз?
  • Айттым қой. Бұл мәселені өзім шешемін. Сабина өзіне келсін. Кейін жәйімен сөйлесемін, не адамдар екенін, неге клубқа барғанын. Бәрін өзім реттеймін, алаңдама.

*

Сырт көзге бөтен шаңырақ мінсіз көрінеді. Үй болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды дегенімен келеңсіз оқиғалар кімге болса да әбиір әкелмейді. Отбасындағы айқай-шу, ұрыс-керіс, сойқанды кім де болса сырт көзге білдірмеуге тырысады. Ұрыс-керіс жиі орын алатын шаңырақ өздерін сәтсіз отбасымыз деп ұғып, жан-жағындағы айрандай ұйысқан тату-тәтті отбасыларына қызыға қарайды.

Жігерге Сәрсеннің отбасы ынтымағы жарасқан құтты шаңырақтай көрінген. Қыздары сыпайы, тәрбиелі, сүп-сүйкімді. Сәрсен сабырлы жігіт. Жанардың айтпаса да естияр жан екенін бала кезінен біледі. Осындай отбасының бір мүшесі өзіне қол жұмсауға баруы ақылға қонбайтын жағдай сияқты. Өзіндегідей жайсыздықтар бұл отбасыға мүлдем таныс еместей көрінетін.

Демалыс күндері де жұмысқа баратыны әдет болып кеткен. Қайсардың үгіттегеніне қарамастан жеке пәтерге шығып кеткен. Енді осы төрт қабырғаға сыймай кетеді. Қорапшадай қуыс бөлмеде көйлек-көншегің салынған айналы шкаф, жататын төсек-орын, киім үтіктейтін тақтайша, теледидар сияқты жиһаздардан айналатын жер жоқ. Екі аттасаң асүйдесің. Ыдыс-аяқтары мен ескі орындығы бар үстелден аяғыңды қарыстап аттай алмайсың. Қуыстай екі бөлмеде аяғыңды жазып жүретін жер жоқ. Үйде отырғанда не істейді? Теледидардан басқа. Араласатын достары жоқ. Сондықтан жұмысқа келген. Ұзақ отырып қалғанын тек қарны ашқанда байқады. Түсте жүрегін жалғаған құрғақ печенье тамағынан өтпей қалды. Бірінші қабатта дәмхана болушы еді. Бірақ жексенбі күндері істемейді. Жиналып шығып, мезі болған жұмыртқа мен шұжықты қуыруға көңілі соқпай, ыстық тағам дайындайтын жерге бармақ болып ұйғарды. Қабырғаларының жартысы әйнектен істелген есіктің алдындағы бекетте отырған күзетші баланың да жүрегі сазған болу керек. Қолындағы тіске басарын қарпып асап отыр. Жас жігітті әурелегісі келмеген Жігер:

  • Сыртқы есіктің кілтін бере сал. Жауып келейін, - деді.

Қолын мегзеген жігіт,  аузына оңдырмай салып алған нанын асыға жұтып: – Іште бастықтарыңның қызы отыр. Сабина бар. Бара беріңіз, - деді езуін қолымен сүртіп.

  • Оу, ол неғып отыр? Байқамадым ғой.

- Әкесін күтіп. Бағана келген.

- Сәкең келмейді ғой. Таңертең болған. Кездесуге кетті. Келе қоймайды-ау сөздеріне қарағанда.

  • Енді қызы білетін де, келетін-келмейтінін, - деген күзетші тапжылмай отырғандықтан ұйып қалған етшең толық денесін жазбақ болып, кері қарай шалқая жайғасты.

Жігер не істерін білмей тұрып қалды. Ішіндегі бір сезім құр күтіп қалады-ау, біле тұра айтпағаным ыңғайсыз-ау десе, шұрылдаған ішегі тездетіп жүр деп жолынан қалмауына сүйрелейді. Әрлі-берлі тұрып, шешесіне ұқсаған қызды бір көргісі келіп кеткен тілегі екі ойдың алғашқысының салмағын арттырып жіберді. 

Әкесінің кабинетінде отырған болар деп, үшінші қабатқа көтеріле сала, оңға қарай бұрылды. Жәйімен қабылдау бөлмесіне басын сұғып, әрі қарай Сәкеннің аты-жөні жазылған былғарымен қапталған есікті тартып көрді. Расымен ашық екен. Басын сұғып еді, көзіне ешкім ілікпеді. Әрі қарай кірмей-ақ, шығып кетпекке ойы болғанда лакталған жылтыр үстелдің шетінен көрініп тұрған жіңішке қолға көзі түсті. Шошып кетіп, жүгіре жөнелді. Қыз сұлап жатыр. Көтеріп алып, қайда барарын білмеді. Қабырға жақтағы қатарынан тізбектелген орындықтарға жатқызып, күзетшіге айқайларын не жедел жәрдемге хабарларын білмей далбалақтап қалды. Жедел-жәрдемге не болғанын, неден ес-түссіз құлап жатқанын білмейтінін айтуына тура келді. Тез келе қояр ма деп уайымдап, әрі қарай Сәрсенге қоңырау шалды. Бірден ала қоймағасын, жүргізушісіне хабарласып, бар білгенін асыға-үсіге жеткізуге тырысты. Әкесі артынан көп ұзамай хабарласты. – Қазір тез жетемін, - деп қатты қобалжыған Сәрсен жедел-жәрдемге өзі қайта хабарлайтынын жеткізді. Күзетшіні шақырсам ба екен деген Жігер қыздың тынысын тексеріп, өзін сабырға шақырды. Жанарға хабарды қалай айтсам екен деген екі-ойлы болып, Сәрсеннің өзі жеткізген болар деп шешті. Түрегеліп, үстел үстіне көз жүгірткенінде бір шетінде дәрінің қаптамаларының шашылып жатқанын байқады. Сосын қайтадан жедел-жәрдемге хабарласып, дәріден улану мүмкіндігін хабарлады. Қандай дәрі екенін анықтап сұраған қызметкер дәрігерлердің шығып кеткенін жеткізді.

Жас қызды бұндай халге душар ететіндей не жағдай болды? Тіпті ақылға қонар емес? Не болса да, отбасысына байланысты болуы мүмкін емес. Жүрегін жаралаған махаббат па екен? Неге әкесінің жұмысында болды? Түсініксіз.

*

Психолог дәрігердің сөздерінен кейін Жанар аздап тынышталғандай болды. «Аса қорқатын ештеңе жоқ. Бұл өзіне көңіл аудару мақсатында істелген әрекетке ұқсайды. Жасөспірімдерге күрделі мәселені шешу жолын көре білу қиын. Осыдан басқа жол жоқ деп ойлайды. Бірақ әкесіне хабарлап айтқанына қарағанда бұл демонстративтік әрекетке келеді. Тек бір мәселе бар. Ол бала ата-анасына сенім артуы керек. Қандай жағдайда болмаса. Тыйым қарсылық әкелуі мүмкін. Әңгімелескенімнен ұққаным сіздерді жақсы көремін, әкемнің маған бола қиын жағдайға қалғанын қаламадым дейді. Қыздарыңыздың суретін алып бопсалаған жанды жауапкершілікке тартуларыңызға болады. Тек бұл жағдайда бір нәрсені ескеріңіздер, балаңыздың қалауын. Сол жағдайды қайта бастан кешуге дайын ба? Негізгі ауыртпашылықты өздеріңізге алып, ата-ана қашанда мені қолдайды деген сенімді ұялату керек».

Иә, менің анам да көп нәрсеге тыйым салушы еді, қарсылық білдіруге де мұрса бермейтін, себебін де түсірдірмейтін. Мен одан әріге бардым. Тыйым салғаныммен, өз ойларын білдіруге рұқсат етемін, тек дәлелдерін келтіре бастағанда, мен о-о-о өз дәлеліммен көмілдіріп тастаймын. Ол үшін тәжірибемді пайдаланамын. Ежелгі грек софистерін сөздан ұту қиын болғаны сияқты, мені сөзден ұстау қиын.  Сарыауыз балапандардың шамасы қайдан жетсін. Ішімше өз жеңісімнен рахаттанамын. Неге кейде олардың да жеңуіне мұрсат бермеймін. О, менменшілдік! Кейде саналықты жоқ қылып жібересің ғой. Бірде анаған, бірде мынаған тыйым саламын. Ол олар өз жолдарымен жүргенді қалайды. Мейлі тіпті қате болсын. Ол өз жолдары. Тыйым арқылы әлемді тану мүмкін бе? Мүмкін оларда жалғасы басқаша болар, нәтижесі де өзге болса ше? Барлығы жағдайға байланысты ғой. Ата-анасына ұқсағанмен олар өзге жандар ғой. Дүниетанымдары бөлек.

Аллаға құлшылығымды қартайған кезімде жасармын деген ниеттегі Жанар оған да мүмкіндік туар деп намаз сөздерін жаттап алған болатын. Соңғы жағдайлар оны үй-ішіндегілер ұйқыға кеткенде намазға шын ниетімен жығылуына әкелді. 

Жанар ішінен балаларынын, отбасының амандығын тілеп, бақытты сезіне білетін сана, жүрек бере гөрші деп жалбарынды. Неге екені белгісіз ойына бір кезде бұрынғы әріптесі есіне түсіп кетті. Ойын қаншама рет тек Аллаға ғана бағыштаймын дегенмен, бөтен ойларға, естелікке, алдағы ісін жоспарлауға бөлініп кеткенін соңыра аңғарып, тез арада кешірім сұрауға, өзіне жол сілтеуге бағышталған ойларда ұстап тұруға тырысып, бар санасымен жүрегін тазартуға пейілін салады. Бірақ әлгі әріптесі туралы ойдың өте бір жайлы болғанын, өзіне көтеріңкі көңіл-күй сыйлағанын аңғарып үлгерді. Не деген бақытты болғанмын, қандай адамдармен істес болған едім деп тұжырып қойды. Сол кезде келесі ой жалғасып, расымен де өте қатты сыйластық қатынаста болған әрістестері есіне түсіп кетті. Артынша Алладан қазір ғана бақытты сезіне білетін жүрек тілегені есіне түсіп кетіп, шошып кетті. Бір намаздың үстінде тілек қабыл болғаны қалай, рас па деген ой бір жағынан қатты тебірентіп жіберсе, бір жағынан соған лайықтымын ба, тілегімді қабыл етуге лайықты жанмын ба беген ой өзіне қорқыныш, әлде осындай нәрсе болуы мүмкін бе деген аралас ойлар сапырылысып кетті. Тіпті толғанғаннан көңілі босап, тұрарлық та болғаным шығар деп, бір жағынан лайықты болсам ғой деген үміт тебірентіп, көңілі босап кетті. Артынан намаз оқып отырғанда көзіне жас келсе, тілегі қабыл болады дегенді оқығаны есіне түсіп, бақытты екені туралы ойға саналы түрде қайта оралды. Расымен бақытты болдым ғой. Әрістестерім мені сыйлайтын да, жақсы көретін. Қаншама адам шынайы көңілін білдірген едім. Соны бір бағалап та көрмеппін. Қатыгездік де танытқан кезім болды. Бала кезімнен үйдің еркесі болдым. Мектепте де бәрі жақсы көретін. Мұғалімдер, сыныптастарым. Тіпті Жігердің өзі мені жақсы көрген екен. Неге  бақыттың ортасында кенеліп жүргенімізді сезіне алмайды екенбіз. Намазды бітіре сала, алқынған жүрегін әлі де баса алмай, терезеге үңілді. Даланың  қара көлеңкелігіне қарамастан ауа өте жұмсақ екен. Таңғы салқын әлі түспепті. Тек тәніңді ғана емес, жаныңды да мәпелейтіндей таза ауаны терең жұтып, «міне, осының өзі қандай керемет, бақыт қой» деді ішінен. Ана ағаштардың басы жәй ғана самалмен тербеліп тұр. Жанар осы көңіл хошы жалғаса бергенін қалап, әлі ойларды басынан қайтадан бір шолып өтті. Таң жәйімен бозараңдай бастады. Қалалық жерде әтештің қызметін өзіне алғандай қараторғай шымшықтар «таң атып кетеді, таң атып келеді» дегендей бір-бірімен жарыса, дамылсыз шықылықтауда. «Иә, кейде осындай күйді кешетініміз рас, бақытты сезіне білетініміз де рас. Бірақ осы күйге тез көндігіп кетіп, артынша жоғалтып алатынымыз-ай. Қалайша осы күйді тұрақты ұстап тұрса болады екен? Осындай ауа үнемі болады, мына ағаштар күнде көз алдымда. Мына аспан да, мына әлем түгелімен осы күйде қалады. Өткен оқиғаларды да ешкім өзгерте алмайды. Мен бақытты болған екенмін. Бірақ неге бағалауды, осылардың маған сыйлаған күйін ұмытып кетемін?

Ұйқысы шайдай ашылғандықтан әрі қарай жатпады. Асүйге беттеп, шәугімді газге қойып, басынан кешкен керемет жағдайды қайта-қайта есіне түсіру арқылы, кешкен толғаныс сезімін жібермеуге тырысты.

Жұмысқа бара жатып, жан-жағын алғаш рет көргендей, ағаштардың жасыл түсін, таңертеңгі ауаның сергектігін, аспанның тұңғиықтығын тамашалап, тіпті балабақшаға анасы сүйреп бара жатқан ұйқысы ашылмаған баланың мазасыз даусының өзі көңіл-күйін түсірудің орнына, жыбырлаған әлемнің қозғалысындай көрініп, «міне осының өзі бақыт қой» деді. Иә, мына әлем үнемі осы күйде қалады деп таң алдында тұжырымдаған ойына дәлел тапқандай болды. Барлық адамдар тамаша, өзіне бір жақын жандай сезінді. Жақындығын өзіне растау үшін бәрі де жерлестерім ғой деу арқылы қандай да бір ұқсастықты іздеді. Қандай сүйкімді еді, бәрін жақсы көремін, дәл осындай болғандары үшін деп, ішіне сыймаған сезім сыртқа қарай лықа төгіліп артылды. Бақыт сезімінен арылмауға тырысты. Сол кезде ғана бақыт өз ішіңде дегенге ұқсас сөздер есіне түскендей болды. Осы бәрі солай айтушы еді ғой. Бақытты табу үшін өз іштеріңе үңіліңдер, бақыт іштеріңде деуші еді.

Бақыт адамның жүрегінде. Ішкі сезімінде. Егер қабілетіңді толық пайдалана алатын іспен айналыссаң, оның баршаның игілігіне арналатынын сезсең, бақыттысың. Игілік – ол басқалардың ізгілікке ұмтылғаны. Соған қол жеткізе білсең, сенің іс-қимылың басқаларды ізгілікке шақыратын болса, сен бақыттысың. Адамзаттың мұраты сол. Жер бетінде ізгілік орнату. Ол қашан орнайтынын білмейміз. Тек соған ұмтылудамыз. Қателіктер де оған көмектеседі. Қателіктер арқылы көзіміз ашылады. Жамандықтан жирене түсесің. Қайда бұрылу керек екенін білесің. Аттап өтіп, келесі деңгейге көтеруге көмектеседі. Бір деңгейде қалып қоймай, әрі қарай биіктеуге, қинала өзіңді жеңе отырып, жоғары көтерілуге итермелейді.  Ол сені ізгілік жолының бір тармағын ұстап алуға көмектеседі. Адасқан сәтіңде, өзіңді іздеп таба алмай жүргенде, өмірдің мәнін іздейміз. Не себепті келдік өмірге? Не үшін жаралдық? Не үшін бар табиғат біздің еншімізде? Жан-жануар, өсімдік неге біздің қорегіміз. Бұл өмірдегі үйлесімдіктен шебер қолдың ізін байқаймыз. Не үшін бізді жаратты? Не үшін бізді шексіз жақсы көреді. Тәубаңа келсең, неге кінәмізді кешіруге дайын. Жер бетінде жұмақ орната аламыз ба? Тән еншімізде болғандықтан, оның қажеттілігін өтеу қажет. Физиологиялық тұрғыда. Тән мен рух бірлесіп, үйлесімдік таба ала ма? Рух адамды жоғарыға тартады. Тәннің ғана қалауын өтеп, одан аса алмай қалсақ, мақұлұқтан айырмамыз не? Тәннің құштарлығынан шыға алмай жатқандар көп. Олар ішкі дауысты естуден қалды. Толығымен тәнге тәуелді. Рухани байлық сананың дамуына жетелей ме? Тек ізгілікке ұмтылмай, тәннің де қажеттілігін өтей білу керек. Себебі рухани биікке көтерілгендер дүниеден баз кешіп, екінші жағын үйлестіре алмай жатыр. Іште жарық бар. Таразы секілді. Адамилықтың, адамгершілік қағидаларын қадағалайтын таразы. Ол іштей жазылған. Қағазға түсіру мүмкін емес, оны тек сезінесің. Басқаларды ұятына шақыра аласың, сенің ісің адамгершілікке жатпайды ғой деп. Себебі ол таразы онда  да бар. Кез келген ісімізді таразыға салып көреміз. Бұрыс әрекетімізді қаншалықты жұрт көзінен тасалағанмен, іштей оны сезінесің. Дұрыс емес екенін білесің. Ол таразыны жұлып алып тастай алмайсың. Қимылымызды, ниетімізді, бізді түзеп, бағалап отырады. Іштегі үнге құлақ түреміз. Онымен байланысты үзсек, тыңдаудан қалсақ, үйлесімдік жоғалып, беймаз күй кешеміз. Бақыт қайда деп іздейміз. Тек ішкі дүниеңмен келісім орната алған жағдайда ғана, жанымыз жай табады. Ізгіліктің ұшқыны ішімізде қайта тұтанған кезде. Ол әртүрлі жолмен келуі мүмкін. Махаббатпен де, игі іспен де, қайырымдылықпен де. Бастысы сырт көзге емес, өзің сенетіндей шын жүректен істелген әрекет немесе ниет, ой. Бастысы ол ұшқын маздап жанып тұруы керек. Себебі уақытша игі ниет пен іс-қимыл сәйкесінше уақытша тыныштық пен жаның жай табатын сезім сыйлайды. Кейін қайтадан жоқ болып кетеді. Өзіңді адасқандай сезінесің. Неге алдап кетті, неге уақытша сенім сыйлады деп күйзелесің. Жоғалып кеткенде істеген әрекетің бекер болғандай, бәрінен түңіліп кетесің. Адамға тек материалдық қанағаттану аз. Оның танып-білуге ұмтылуы несі? Кеудедегі сәуленің әсері ме? Адамдар ұятына бағынатын болса, өмір жалғаса береді деген сөз.

«Бұл менің түйсігім бе қосылған әлде саналы түрде қабылданған шешім бе? Таңдауда баламның жағына шықтым. Баладан артық ештеңе жоқ екенін түсініп тұрмын. Оның өміріне қатер төнгенде одан басқаның бәрі көмескі тартады.. Бұл аналық сезім бе? Ертең бәрі жайына келсе, өзімді құрбан еттім деген ойдан жапа шекпеймін бе? Осыны анықтап алу керек. Міне, міне енді түсінгендеймін. Таңдауды саналы түрде қабылдағанымды сезінген сайын, өзіме құрметпен қарай бастадым. Со ғұрлым игі ойлар келе бастады. Өзіме өзім ұнай бастадым. Өзімді іштей біле бастаған сайын, жақсы сезіне бастадым. Не дегенмен жаман адам болмағаным. Жоқ, өзімді әрдайым  үлгілі, жағымды, салмақты жанмын деп есептейтінмін. Бірақ соңғы кездері көзім ашылғандай болды. Өзімнің мінсіз емес екенімді аңғардым. Балаларға ақыл айтсам, ерімнің көзіне шөп салмасам, салауатты өмір сүрсем, опасыздыққа бармасам, енді кемшіліктерім бар шығар, қызбалаумын, кейде шыдамсызбын, кейде идеализмге де ұрынатын шығармын, бірақ жалпы алғанда ұнамды жанмын деп ойладым. Бірақ өзіме тереңірек үңіле келе, былайынша айтқанда, қорықпастан шымылдықты түгел ашып тастағанымда өзімді бақытсыз сезінетінімді ұғындым. Өзіме көңілім толмады. Балаларым өзім сияқты болса, жолдасым терең сезімге қабілетті болса, ал өзім тұлға ретінде қалыптасқанымда ғой дедім. Иә, иә, соңғысы жабырқататын. Тек жағымды болғанымды емес, былайынша айтқанда мені жақсы көріп, мақтан тұтып, менмендігімді қанағаттандырғаны емес, расымен жақсы адам болғанымды қаладым. Сырт көзге емес, өзіме. Өзімді өзім сыйлай бастағанымды қаладым ғой.

 Менің жұмысым рухани өсуіме алып келді ме? Үнемі өзіме көңілім толмаушы едім ғой. Дұрыс емес нәрсе, қанағаттандырмайтын іспен айналысып жүргенімді сезетінмін. Қызым да айтпасам да сезбейді дейсің бе, іштей кейістікті балалар сезе біледі. Өз ісімді қанағат тұпаушы едім де, балаларыма бірдеңе үйретпекшімін. Менен басқа болыңдар, ақылдырақ, бақыттырақ болыңдар деймін.

Өзім толығымен әлеуетімді, қабілетімді іске асыра алмай жүріп. Егер мүмкіндігімді толық пайдалана алғанымда көңілім толар еді. Сондықтан Жігермен бірге болсам, бақытты боламын деп шештім. Жанымның қалауы сол деп ұқтым. Бірақ ол кезде әлі түсінбеген екенмін жанымның нені қалайтынын. Бастысы сүйіспеншілікті қалайтынын ғана білдім. Жақсы көргім келді. Енді махаббаттан  биік нәрсе бар екенін көріп тұрмын. Балаларымды жақсы көремін.  Олар үшін бәріне дайын екенімді білмеппін. Оларға үнемі өзімнің соларды жақсы көретінімді айтатынмын. Бірақ олар сенбеді. Енді өзім сенген кезде, балаларым да маған сенетін шығар? Өзімді қинап емес, балаларымды жақсы көргендіктен, соларды таңдаймын. Жаным расымен соны қалайды.  Шын жүрегіммен қалаймын. Көңілім тоқ. Бұл маған көтеріңкі асқақ көңіл сыйлауда. Жаным жай тапты. Бақыттымын. Жанымды байсалдылық, тыныштық күй билеуде. Оны ешкім бұза алмайды. Ол менің жаным. Ол баянды да берік. Ешқандай сыртқы жағдай оған әсер ете алмайды. Жанымды осындай көңіл-күйдің билеуіне қол жеткізе алдым. Осыған дейін жақсы көретін жанмен бірге болсам ғана сондай болады деп ойлаған едім. Сол кезде бақытты боламын деп ойладым. Бірақ, жоқ. Әлі де жақсы көремін. Барлығын. Осы күй мені бақытты сезімге бөлеуде. Жеке басымның бақытынан бас тартсам, өзімі құрбан ретінде сезбеймін. Тек бақыттымын. Осы көңіл-күйді жоғалтып алғым келмейді. Енді жоғалтпайтын сияқтымын. Өзіме ұнайтын іспен айналысатын боламын, әлеуетімді толық пайдалана алатын іспен. Бақыт оған қосымша ретінде жүреді, бастысы емес. Бастысы өзін өзі таныту. Қуаныш жүрегімді шаттық сезіміне бөлеуде. Жүрегім сыймай бара жатқандай, тынысым тарылып кеткені несі?

Бастысы адамда мақсат болуы керек. Оның қасында бәрі күңгірт тартатындай мақсат. Маңыздысы сен іспен қамтылғансың, өз мұратыңа аяқ басудасың, мүмкін тым баяу болар, тіпті сәтсіздік те ұшырасар. Бірақ сені жетелейтін мақсатың саған дем береді. Қайтадан күш алуыңа көмектеседі. Ол үшін мақсатың соған сай маңызды болуы керек. Әркім өз мұратын әліне, табиғат берген әлеуетіне қарай таңдайды. Ол шамшырақ тәрізді. Сен соған қарай барасың. Тіпті кедергілер де қуантуы мүмкін, себебі оларды қалай жеңгеніңді сезесің. Өзіңді күштірек, ақылдырақ, даналау етіп көруіңе көмектеседі. Сені дәл қазір не қоршап тұрғаны емес, қайда бара жатқаның маңызды. Бұл сезім саған жылулық береді. Өзіңді толыққанды сезіне білесің. Және де ҚАШАН мақсатқа қол жеткізгенің емес, ҚАЛАЙ жеткенің маңызды. Жайымен, саналы түрде, қуанышты сезімде. Міне сол бақыт. Мақсатқа қол жеткізгенде бақытты боламын деген дұрыс емес, себебі мақсатың жақындаған сайын өсе беретіні қалыпты жағдай, ал сен ендеше өзіңді үнемі бақытсыз сезінетін боласың. Маңыздырағы қалай бара жатқаның. Өзіңді, кедергілерді жеңу арқылы. Сәрсенді жан-тәніммен сүйіп кетемін бе әзірге білмеймін,  бірақ бақытты екенімді сеземін. Бастысы кеудедегі үміттің өшпеуі.

 

*

Жақындарынан айрылу не екенін жақсы білетін Жігер үшін адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ  еді. Ол өмірмен қоштаспақ болған қызды құтқарып қалу тек дәрігерлердің ғана емес, жақындарының қолында,  бастысы оның ойын өзгерту деп ұқты. Жас қыз бір кездегі Жанарды есіне салды.  «Ол қызды құтқаруым  керек. Бақытты болғанын қалаймын. Соған әзірмін». Бір кездегі орындалмай қалған, батылдығы жетпеген арманын жүзеге асырады. Қыздың есендігін білу үшін ауруханаға бармаққа шешті.

  • Саламатсың ба? Саған кіріп шығайын деген едім.

Торсыйған қыз басын иіп амандасқаны болмаса үндемеді. Пакеттегі алма, мандарин, сусындарды аласа шкафтың үстіне қойған Жігер:

  • Жақындарыңа өте керексің. Сондықтан оларды ойлау керексің, - деп сөзін салмақпен бастады.
  • Айтпасаңыз да оларды ойлаймын.
  • Сенсіз олар қандай жағдайда қалар еді? Әкеңнің сені ойлап, жүз шақырым жерден бір сағатқа жетпей жетіп келгенін білесің бе?
  • Сіз білмейсіз! Әкем үшін осыған бардым. Оған жақсы болса болды.
  • Анаң ше? Бауырың ше?

Біраз үнсіздіктен кейін Сабина: - Сіз енді келмеңіз. Білемін, мамамды жақсы көресіз, - деді. - Папам мені бәрібір құтқарып қалар еді, - деді сөзін жалғастырып.

Жігер іштей әкесі  хабарламасына  жауап бермесе де бұған әкесі үшін артық жан жоқ болғаны ғой деп ойлады. Жанарға соншама ұқсас қыздың бақытты болғанын қалаймын. Ал ол тек ата-анасымен бірге болса ғана бақытты болатыны рас қой.  Жанар, әрине, қызын таңдайды. Өйткені ол - ана. Ал мен қыз баласын қорғауым керек. Кім болса да ол. Бастысы кімнің қызы емес. Бастысы ол қыз бала.

*

Жолға шығар бұрын Жігер қарындасымен хабарласты.

  •  Аға, аға..... Білген едім. Сіздің осылай істейтініңізді, қайтып келетініңізді білдім....

«Періштем-ай. Ағаңның не істемек болғанынан хабарсызсың ғой. Пәк қарындасым-ау, ағаңның қандай «ерлікке» бармақ болғанын білмейсің. Адасып, өзімді жоғалтып жүрдім ғой. Алла өзі, жолға салмағанда, бүгін қайда болар едім.

Шаң басқан автобустың ішінде терезеге таман бұрышты иемденіп, басын бұрып алғанымен, қасындағы қуақыл кемпір өз ойымен қалуға мұрса бермеді. Әу бастан жүзін шырамытқан ол «Е-е, Қамшыбектің шетке кетіп қалған баласы ма едің» деп бір дүңк еткізіп қойды. Артқы орындықтағы екі қария да жол бойы әлдебір тақырыпты бір-біріне жеңістік бермей қызу талқыласып келді.

«Иә, ауылда осы қариялардың ең құрығанда он-он бесі қалса, қазақтың ізін өшірмейді. Осылар ғой бәрін түгендеп, тізіп отыратын. Міне, мына шалдар өз әулетіне қатысты оқиғаны баспаға шығаруды көздеп отыр. Тарих осындайдан құралмай ма? Не деуші еді. Әрбір отбасы мемлекеттің ұяшығы деуші ме еді.» Жолдан түсіп, әке-шешесінің басына барып келуді ұйғарды.  

Ауылға қайтып келгенінде, күткен ешкімді байқамады. Барлығы өз тіршілігімен әуре. Әне, ана бала бұзауды сүйрелеп әлек. Аспандағы шымшықтар ғана бұны ұмытпаған болу керек. Шықылықтап, қуана қарсы алды. Күнсұлу қыз баланы асырап алған екен.

Ауыл күнделікті тіршілікпен жүр. Кіммін, қайда бара жатырмыз деген толғандырады дейсің бе? Жемді қайдан алсам екен? Мына баланы қалай оқытсам екен? Күйбің тіршілік. Дегенмен қандай тіршілік кешпесін, ұстайтын ұстанымы бар. Тіршілігінде бір бағыт бар. Сонымен жүреді. Сонымен балаларын тәрбиелейді. Тәрбие дегенің отырып ақыл айту емес. Жүрісі, тұрысы, сөзі бәрі тәрбие. Сәлем берсе, ол да балаға тәрбие. Үлкенді көрсе атып тұрады, қасында отыра беру жоқ. Соңғы кездері  сол тәрбиені көре алмадым. Жастарың беймарал отыра береді. Бірақ әрбіріміз отбасында балаларымызға дұрыс жол сілтеп отырсақ, өз тірлігімізбен үлгі болсақ, біздің міндет сол емес пе? Тарихты істейміз деген нақты жұмысты атқару емес қой. Тіршілігімен-ақ тарихқа жазылады.  Елдің негізі – халық. Қандай болмасын. Ақылсыз десін, арасындағы есерсоқтарына бола, дана десін, сабырлығы мен көрегенділігі үшін. Бәрібір. Бары сол. Басымдылық қай жағында, сол маңыздысы. Ал ізгілікке ұмтылу ол бармашыздың мақсатымыз.

Соңы

Қазақ тілінде жазылған