Адам қарады: 673 | Жарияланды: 2019-09-17 09:49:52

Таразы өмір. 1 бөлім

  • Сабина, мен саған киініп шық деп жатырмын!
  • Ну, мам! Қойшы! Жаурамаймын.
  • Сабина, ертең ауырып қаласың. Мына үстіңдегі не? Ашық-шашық. Күннің көзі шығып тұрғанымен, далада аяз бар. Аяғыңа  шұлық ки дедім ғой, кидің бе?
  • О-ой, кешігіп жатырмын, мама. Жарайды, тек шұлықты киемін. Әпере салыңызшы - соңғы сөздерге келгенде сәнді киінген он сегіз – он тоғыздардағы қыз аңдаусыз әрекеті кенеттен әшкере болғанын сезіп, сөзін қипақтай жалғастырды - Бөлмемдегі суырмада. Әлгінде ғана қыр қабаққа қарай қиғашынан қағылған қияқ қас қиылған қалпына оралып, бүрі ашылмаған гүлдей бұртиған қаймыжық ерін жым-жылас жымырылып, күңкілдей шыққан үн күмілжи кетті. 
  • Не деген адамсыңдар! Ки десем, суырмаға салғаны несі. Міне! - деп жеки сөйлеген анасының сөзін үнсіз жұтып, еңкейе бергенде кең етегі жалбырап еденді сипаған өңірі ашық, тізеден келер-келмес сүт түстес жұқа пәлтесін шұғыл қимылмен мыжа бүріп, күйкідей көрінген шұлықты апыл-ғұпыл кие сап, көзден таса болуға асықты.  

Білдей мекеменің бөлім меңгерушісі қызметін атқарып, басшылық алдында беделі бекем, ұжымда сыйлы, айналасына сөзі өтімді Жанардың есейіп қалған балаларына айтқан ескертпе сөздері жүрдім-бардым тыңдалған құлаққа енбей, кеңістік жазықтығында жоғалып, жетесіне жеткізбек болған қатты сөзі өкпе мен реніштен қабатталып, шамданған көңілдің терісінен өтпей, кірпіше жиырылған тоң мінез бен бөтен, суық көзқарасқа тірелгенде, тас қамалға атылған оқ тәрізді сөзі ғана емес, бағытым тура, ісім нық деген сенімі де бордай үгіліп, дәрменсіздік күтпеген тұсынан тұзағына іліктірген еді.  

Балаларды жетілдіріп, ұшпаққа жеткізсек, адал еңбегің мен тасыған қайратыңды отбасыңның игілігіне жұмсап, сырт көзге қадірің артқанға не жетсін, күйбіңдеген тірліктің қарасы әне бітер, міне бітер деген үмітпен өзін жетелеп жүргенінде қайшылықтың қай кезде басталғанын сезбеген екен.

Сырт көзге тәлім-тәрбиесі келіскен, отағасымен сіз-біздігі жарасқан, таралған аққудай сылаңдаған екі бойжеткені бар, төрт құбыласы тең отбасы.

Беттен алып, төске шауып тұрған балалар жоқ, әрине.

Ата-анаға ізеті, үлкенді-кішіге сый-құрметі бар-ау. Тек өз таңдауымда өзгенің ұстанымынан тәуелсізбін, басқалар өз қалауын мүжбүрлеп тықпалауға  құқы жоқ, жеке кеңістігіме құрметпен қарауын талап етемін деудің де өлшемі бар шығар. «Сенің жеке басыңа, ар-ұжданыңа, пікіріңе сыйластықпен қарауға міндеттілігімді қабылдай отырып, бұрыс әрекетіңе сын-ескерту білдіруге, теріс ісіңді жөндеуіңді талап етуге құқылы екенімді сен де қабылдағайсың, достым. Таңдауда еріктісің, тек еркіндіктің бір ұшы жауапкершілікте жатыр. Екеуі пара-пар, тең дәрежеде жүрмегі лазым. Қаншалық деңгейде жауапкершілік жүгін алуға дайынсың еркіндіктің көлемі соған пара-пар сол мөлшерде болуы керек. Құқық жерген жүрде міндет те болады. Тапқырлыққа саятын епсектілік саналылықпен қатар жүрмесе, дара күйінде қолдану, түбінде айналып келіп  зияндыққа ұласатыны сияқты.

Оралымың келген тұста өзгенің алдын орап, дүниені белден кешіп жүргеніңде тесіктен сусаған құм құсап, күнің, әрің, күш-қуатың суыртпықтап ағып, енді бейнетімнің зейнетін көріп, құрметке бөленетін жасқа жеттім дегеніңде алдыңнан жас кезіңдегі көшірмеңдей болған пысықай шығып, тазға отырғызып кетсе, әй, бұның не деуге таза ар-ұят қана мүмкіндік береді, дәуірлеген дәуреніңнің тәтті елесінен ләззат алудың орнына өткеннің қателігі тіліңді буып тастаса, қауқарсыз шағыңда бұдан өткен азап жоқ.

Әлде емін-еркіндікте өсудің пайдасы зор деп тым еркінсітіп жіберген кінә өзімізде ме?   Оның үстіне батыстық тәриенің жемісі мол деген ұғымның салдары ма екен? Еуропа елдерінің озық үлгісін алу керек, баланы ой-өрісі, Мен-дік көзқарасы қалыптасуында шектемеу керек, ойы озық, замана талабына сай азамат қалыптасады деп, өзгенің сәтті тәжірибесін алып келіп, басқа мәдениетке қаншалықты сәйкестігін ескермей, дәл сондай нәтиже бере қалады деп үміттенеміз. Елдер арасында мәдениет алмасу үздіксіз жүріп отыратын тарихи үрдіс. Тек ол өзге ортаға сай бейімделіп, ыңғайланған қалпында енеді. Біз тым асығыспыз. Айна-қатесіз қалпында тез арада қабылдап, оп-оңай жемісін көре салғымыз келеді. Ал ол тәжірибенің жетілген ортасы соны қабылдау үшін іштей пісіп жетіліп, қоғам әзір болған тұста ғана қабылдаған шығар. Біздер оны қабылдауда алғышарттары болғанын -  зәрулігі мен әзірлігі, тарихи және экономикалық  жағдайы, даму деңгейі, ділі бөлек  екендігін ескермей, жарым-жартылай, бір үзік бөлігін алып: «Неге бізде болмайды, жемісін беріп отырған әлемдік тәжірибе, артқа тартып отырған жаңашылдықты қабылдаудағы кертартпалығымыз бен қорқақтығымыз, жаһандану процессі  біз қалайық-қаламайық, жүзеге асады» дейміз.

Айталық, Еуропа, Америка елдерінде бала кәмелеттік жасқа келгенде «өз өміріңе өзің жауаптысың, ата-анаң ретінде қол ұшын беру үшін шартыма келісуге дайын бол» деулері олар үшін кәдуілгі жағдай екендігін теріс көреміз. Өзім ата-ана махаббаты шартсыз болу керек деген сенімдемін. Не ішем, не кием, ол қалай, қайдан келіп жатыр деп ойламаған, дайын дүниеге ешбір міндетсіз ие болған бала заттың парқын қайдан білмек?

«Иә, кез келген қателігіңді ақтар себеп болса да, ерте ме, кеш пе оған жауап беретін мерзім туады екен» деп ойға шомған Жанар соншалықты жазасын тартатындай айыбым жоқ еді деп өзін өзі аяғанымен, өткеніне есеп беруден қашпады.

Сәбидің қалауына келгенде пайымнан қалып, көңіл-күйдің әсеріне бой алдырып, тіпті кенже қызын шектен тыс еркелететін жары Сәрсеннің өзі ақыл-естілікке жүгінген кезде жеңістік бермей, балалардың ықпалында кететін. Олар ересек өмірге қадам баса бастағанда ғана қауашағында бір «шертпек» тырс етіп, «олар енді сәби емес, талап басқаша болу керек» деген қалыпқа көшкендей болды.

«Бастысы санасына берсін, күнұзын жұмыста болған ата-ананың тәлім-тәрбиесін сіңіре білгенбіз деп жұмысбастылықтан жетіспеген назар мен көңілдің орнын басқаша толтыруға, кемшіліктеріне көз жұма қарап, істемеген жұмыстарын бітіре салып, оның үстіне кезінде өзі қатал шешенің талабын шектен тыс деп санағандықтан, өз балаларымды ұрыссыз мейіріммен тәрбиелеймін деп жүріп талаптың тізгінін босаңсытып алған тәріздімін.

Кезінде әке-шешеміз қасымызда болмаса да, адам болған едік деп арқаны кеңге тастап, кеңестік жүйенің өзіндік саясатының қауқарын елемеген екенмін. Ол заманда жалпыға ортақ көзқарас пен ұстанымдағы қоғам азаматын қоршаған орта мен теледидар-газет арқылы қалыптастыруға саясаттың өзі мүдделі еді де, соған бейімделген баланы тәрбиелеуде отбасы тәрбиесінің жүгін жеңілдеткен екен де.

Қиқарлық пен бұзықтық ол заманда болмады емес. Тек «Әй!» деп зекігеннен сап тиылушы ек. Айтқанды тыңдамасаң, таяқ та жеп жатасың. Енесі тепкен құлынның еті ауырмас дегендей оның өзі көңілімізге дық түсіріп көрмепті. Қазір ұрмақ түгелі, сөз айтып көрші. Мамандарың бала құқығы, еріктілік, даралық ерекшелігі деп балабақша кезінен шамадан тыс әспеттетеді де, ертең жетекке ермей жатса, тәрбие дұрыс болмаған деп тағы байбалам салады. Не мына, не ана шекке ұрынбайтын тепе-теңдікті қалай тапса болады?

Көзқарастың түйіспейтін түбірі неде екен? Әлде ата мен баланың арасында орын алатын екі ұрпақ арасындағы ежелгі шиелініс пе?

Бұл жеке менің ғана емес, әрбір отбасының жан-айқайы, әр заманда орын алатын құбылыс па екен?

Сыйласпай үлкен-кіші - мұят (әдеп) кетті,

Сырдаңсып, қыз-қатыннан сияқ кетті.

Қарамас мүрит пірге жалынышпен,

Ғаламат сұмдық заман болды, достар, - деп ХΙΙ-ғасырда Қожа Ахмет Яссауй, біздің заманымызға дейінгі Ι-ғасырдың өзінде рим саясаткері Цицерон «О, времена! О, нравы!» (*«Не заман! Неткен әдеп!») деп өз кезеңіндегі моральдық ұстанымның төмендеп бара жатқанына қапаланса, кейінгі ұрпақ «адамгершілік құндылығы биік тұрған неткен заман еді», «адамдары қандай ізгі еді» деп өткен шақты дәріптеуге құштармыз. Соған қарағанда, өз заманында белес алатын теріс қылықтарды көзге шұқып айыптау арқылы адамдық қасиеттен қол үзбеуге тырысатын шығармыз. Адамның әлсіздігіне байланысты орын алатын теріс қылықтан мүлдем ада болу үшін саналылық керек-ақ. Сол саналылықты баршамыз қамтамасыз ете білсек, адамзаттың даму деңгейінің келесі сатысына көтерілер ме едік, кім білсін.  

Есіктің кілтін өзі бұрап ашып, ішке кірген ұзын бойлы, талдырмаш қыз:

  • Мам, аласыз ба? Міне! Нан, сүт, - деп дәлізде тұрып дауыстады.
  • Неге сонша кешіктің?
  • Үйдің қасындағы дүкенде сүт болмады, сосын Рахат жаққа барып келдім.
  • Кірмейсің бе, енді?
  • Жоқ, мам. Кешігіп жатырмын. Қыздармен кездесеміз деп келіскенбіз. Сөмкемді алып бере салыңызшы.
  • Шәй ішіп шықпайсың ба?
  • Жоқ, ішкім келмейді. Қыздармен тамақтанамыз ғой, бәрібір. Мен кеттім, мам.

“Иә, біреуі он градус аязда бас киімсіз, мойны ашық кетеді, екіншісі таңғы асын ішпей аш кетеді. Бұларға не дерсің? Әкелеріне жексенбі күні де демалыс жоқ. Қой, үйді жинау керек. Менің де шәй ішкім келіп тұрғаны шамалы”, - деп шешкен Жанар көңілі орнына түскенше уақытын бекер өткізбес үшін үйді жинауға кірісті.

Өзімнің қателігім ғана емес, керек десе, заманның дерті бұл деп ақталғанымен, бала санасында бекіп үлгерген нәтижесі дүдәмәл көзқарасты өзгертуге келгенде  шарасыздығын мойындаудан пайда болған бір қыжылдан арыла алмады. Түсінуге тырысқанымен кінәрәт күй өздігімен тарап кетпей, іркілдеп тұрды да қойды. «Жо-о-қ, сөзім өтеді, беделім түсіп бара жатқаны мүмкін емес, қайта тәжірибем артып  келді емес пе, әлде де түзеп аламын» деген ой дем беріп, әрі қарай ынталана қозғалып, тоңазытқыштың ішін тазаламақ болып, есігін жұлқи аша бергенінде, мұздатқышы мұз қатырмай тұрғаны, сервистік қызмет көрсететін фирманың шеберлері келеміз дегеніне екі күн өтіп кеткені есіне түсіп, сынаптай сыпсып уыста ұстатпай бара жатқан жастардың ырқын игеруге жетер қабілетін тексеріп, өктемдігін өткізуді сынап көретін нысанның табыла кеткеніне қуана кетті.

  • Кім екенімді білмегесін, қарашы бұларды! Қызметімді білсе ғой, құрдай жорғалап, сол күні  жетіп келер еді. Жоқ, сендерді жүгіртіп жіберуге шамам былай да жетеді. Сендер түгелі министрліктегілерге сөзім жүреді. Оқымаған сендерді шыр көбелек айналдырып, көздеріңе көк шыбынды үймелетейін, - деп өзін-өзі қамшылай түсті.

Сымтетіктің арғы жағындағы жанның ақталған сөзі де, кешірімі де маңызды емес еді, тіпті оны тыңдап жатқан бұл жоқ. Бастысы, кез келген адамға сөзі өтетініне көз жеткізгенімен қоса, сыртқа ашу-ызаңды төгу арқылы іштегі кілткілден босап, жағымсыз күйден арылса. Ар жақтағы адам жағымсыз эмоцияңнан босау үшін қапелімде қолға түскен қолайлы нысан. Ауыр сөздерді еститіндей кемшілігі бар да шығар, тек тұтынушының осындай күйге түсуіне себепкер емес.

Ух-х! Қызыма сөзімді өткізе алмағаныма ашынамын деп, айдаладағы біреулермен сонша ұрыстым ғой. Бар киімді кимей, адамды сонша ашуландырады. Ертең сосын қиқылдап жүргені сол, ауырып қалғанын айта алмай.

Ойпырмай, ғаламтордың арқасында білмейтіні жер астында, еркіндіктің дәмін кәміл татып, именуден қалып бара жатқан мына іштен шыққан ақылгөйлерді қалай жөнге саламыз? Біздерді нақты өмірден түсінігі жоқ, қиял құшағында жүрген Сервантестің кейіпкеріне баламасына кім кепіл? Жо-жоқ, мыңдаған жыл сынын жоғалтпаған даналықтың бір мезгілде құнсыздануы мүмкін емес. Тек жеткізудің амалын табу керек. Жастар қабылдайтын, соларға түсінікті тілде. Иә, біздің жел диірменіміз  – ол  әлемді күн санап емес, секунд сайын жаулап жатқан ғаламдық желі. Оның қауқарына төтеп бере алатын тәсіл бар ма десей. Шексіз тасқын болып аққан ақпараттың қуатына бала тұрмақ, өзіміз дес бере аламыз ба? Қой, бұлай ойламау керек. Әйтпесе үмітіңдегі жарқын болашақ күңгірттеніп көрінеді. Бұл да жасымыздың экваторлық белдеуден аттап өткенінің белгісі болар. Аумалы-төкпелі заман туғанда бұрынғылар да болашаққа осылайша мазасыздана қараған шығар. Өгізге туған күн бұзауға да келіп, енді міне, біз отырмыз алда не заман күтіп тұрғанына алаңдап. Ғарыштық заманның шаңына ілесе алмағандықтан. Балаңмен бірге есейіп, тартыса жүре ысылып, немереге келгенде е-е-е, былай екен ғой дер ме екенбіз? Біздің қазіргі алысып жүрген жел диірменіміз балалар да емес, осы төрткүл дүниені шырмауықтай шырмаған ғаламтор арқылы жүріп жатқан жаһандану үрдісі шығар шошытып жатқан. Қалыптасқан көзқарасқа, ділге өзгерістер енуде.

Мүмкін жаһандану үрдісіндегі екі мәдениеттің арпалысы шығар?

Қоңырауды қағысынан үй ішіндегілер емес екенін бірден сезген Жанар “А-а-а, шеберлері келген болу керек. Осылай ұрыспасаң қимылдамайды өздері» деп бұрқылдап, киімін ауыстыруға бөлмесіне кіріп кетті.

  • Не деген адамдар өздері? Екі минутқа шыдамайды. Өздерін екі күн күттім. Қазір, қазір! - деп түймесін жүре қадай дауыстап, есікке бет алған Жанар қоңырауды дігерлей басқан адамды орнына қою үшін түсін суытып, әдеті бойынша қасын кере қарағаны сол еді, басын көтерген күйі қатып қалды.

Таңқалып, өз көзіне сенбеді. Шарбұлақ ауылындағы мектепте он жыл бірге оқып, сонда тұрақтап қалған Жігердің үйіне келіп, есігін қағып тұрғанын түсінбеді. Иә, арада жиырма жылдай өтсе де,  бірден таныды.

Келген адам да бұны танып, аман-саулық сұрауда «Қалайсыңнан» аса алмай, абыржып қалғанын жасыру үшін күлімсіреуге тырысқаны өзіне арсыз күлкідей көрініп, әрі қарай не кірерін, не кірмесін білмей, есік алдында кібіртіктеп тұрып қалды. Сонда ғана Жанарға жан бітіп, келеді-ау деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмейтін қонағын “Қайдан жүрсің? Кірсей үйге” деп ілтипаттық ишарасын өзіне мәлім себептерге байланысты дөрекілеу түрде жасады. Қолында дипломаты бар, жұқа күртеше киген орта жастағы жігіт қолайсыз күйде ішке бас сұға:

  • Мұздатқыш бұзылып қалды дегесін келген едім, - деп жәйін түсіндірді.

А-а. Иә. Мен едім хабарласқан. Кірсейші. Жарайды, жөндерсің. Төрлет. Қазір, шәй қояйын, - деп қалбалақтай қалған Жанар шәугімнің астына от жағып, үстелге тоңазытқыштан қолына түскенді алып қоя бастады.

Өз ісінің мамандарын әлгіде ғана дәрежесі төмен жандардай менсінбей, жоғарыдан қараған ойына ұялып, «Не айтқан ем өзі, тым артық кеткен жоқпын ба? Туһһ! Салғырттықтарын сабырмен де жеткізуге болар еді ғой, мәдениетті адам болған сиқым сол ма» деп аяқ астынан ұрлығы ашылып қалған жандай қолайсыз күйге түсті. Осындай жағдайда жолыққандарына Жігердің өзінен бетер ыңғайсыз жағдайда екенін аңғарған бойда, бірден өзгеріп салып, жайдарлы қалыппен тіпті таңырқайтындай да жағдай емес, көптен көріспеген танысыңды ойда жоқта кездескеніне қуанып қалғандай ахуал тудыруға тырысты.   

  • Кел, отыр. Қашан қалаға келгенсің? Бағана өзіңмен сөйлестім бе?
  • Жоға, со жердегі жауаптысы ғой. Қалаға келгеніме көп болмады. Әзірге шеберханаға орналастым. Негізі үйлерге бармаймын. Өтініп қоймағасын ғана келістім. Әзер таптым ғой.
  • А-а-а, мен.......анау.... Өздері ғой. Үш күн бұрын жөндеп кеткен. Былай істеп тұр, бірақ мұз қатырмайды. Сосын ұрысқан едім.
  • Иә, - деп жымиды Жігер әлі сол баяғы әдетің қалмаған екен. Барлығының аяғын бір етікке тығатын.
  • Жо-о-қ, – деді Жанар ірімшікті турап тұрып – солай да болады ма екен. Жөндемеген болса, неге ақысын алып кетеді?
  • Өздері алаяққа ұрынып қалған. Алдында істеген шебер жұмыстан шығып кеткесін, осы жас баланы алған екен. Тексеріп те үлгермепті. Істей аламын, алдында істегенмін дегеніне сеніп қалған.  Енді соның кесірін көріп жатыр. Әйтпесе, үйлерге бармаймын, қаланы білмеймін деп басында ескерткенмін. Айқай-шу болып кеткесін көмектесейін деген ем. Өзің осында тұрасың ба?
  • Иә, жолдасыммен, бала-шағамен осында тұрамыз. Жеке үйің болғанға не жетсін. Бірақ қала ішіндегі жер телімінің бағасы ұшып тұр. Шеттен алайын десең, балалар қиналып қалады. Өзіңнің осында келгеніңді естімеген екенмін.
  • Айға жуып қалды. Қайсар шақырғасын келгенмін. Әзірге соныкінде тұрып жатырмын.
  • Иә, үй-іші қалай? Қарындасың оқуын бітірді ме?
  • Бітіргені қашан. Ауданда істейді. Тұрмысқа шықты.
  • Қойшы, естімеген екенмін. Иә, жақсы жаңалық екен. Құтты болсын. Ауылға бармағаныма да біраз болды. Жұмыс, жұмыс деп жүргенің сол.
  • Иә, жұмыс істеген дұрыс қой. Қайсар қаланың шетінде жаңа зауыт іске қосылайын деп жатыр деген. Соған бастық боп барады екен. Мені шақырған. Қаржылары уақтылы аударылмай, кідіріп қалды. Сосын қарап отырмайын деп, уақытша болса да осы жерге кіргенім ғой.
  • Қайсар, жараған екен. Хабарласып құттықтау керек екен. Жарайсыңдар. Жақсы болыпты. Өзің... ауылда бәрін өзің жөндейді дейді.
  • Иә, сол, оны-мұны шұқылап дегендей. Өзіңдікі. Ешкім араласпайды. Тып-тыныш. Әйтпесе мал ұстап та, бордақылап сатып да көрдік. Болмады. Былай күнкөріске болады енді. Тек шаруаны ұлғайтайын десең, жүгіруге тура келеді. Қағаздарын туралау керек. Тексеруі көп. Келгендері бірдеңе дәметеді.

 

Ол кеткесін терезеден далаға қарап отырған Жанар Жігермен ескі жақсы танысындай еркін сөйлескеніне таңқалды. «Жастық кездегі сезімге алданып, онымен жүздесуден бекер қашып жүріппін. Күнсұлуға сәлем айт дегенді расымен шын көңіліммен айттым. Барлығы өткеннің еншісінде қалған екен. Ештеңе де болмағандай. Бұл да дұрыс шығар. Осы күнге дейін өзімді Сәрсеннің алдында айыпты сезінетін едім. Қарадай қашып жүруші ем. Міне, кездестік, түк болмағандай. Қатты өзгермепті. Шынымен жақсы көрмеген екен. Мені ұнатады дегенді қайдан ойлап таптым десей. Адам қиялының апармайтын жері жоқ екен-ау. Соның кесірінен қанша қиналдым. Егер басында білгенімде ғой ұнатпайтынын, ол туралы ойламас па едім? Менің орным ол үшін ерекше деген ой ғана мені оған итерген. Не деген балалық... Адамға естелік ойлар қымбат екен-ау. Уақытында өкінішке толы болып көрінсе де. Қазір сол кезеңнен ыстық елес қана қалған. Жағымсыз әсері мезгіл шіркіннің бойына желдей таралып, еңсеңді езетін сиықсыз бейнесінен арылыпты. Бейғам балалық шақтың кіршіксіз таза, езу тарттыратын аңқау сәттерінің жаңғырығы қазір бойыңды жылытады. Бейкүнә албырт сезімнің із-түзсіз жоғалғаны ма? Хы, бір кездері қалай жақсы көрген едім. Кейін көңілім Сәрсенге ауды. Шынымен Сәрсенге ғашық болдым ба? Білмеймін. Бірақ,  қызғанғанда жарылып кете жаздайтын едім ғой. Тіпті ажырасуға дайын болдым. Қызғаныштан».

Есіне көп жыл бұрынғы оқиға түсті. Кішкентайы екіге толғанда балаларды анасына қалдырып, Сәрсен екеуі Ыстықкөлге демалуға барған. Судың салқындығы  көңілді түсіргені болмаса, алғашқы күндері жаман өткен жоқ. Бұның несін Ыстықкөл дейді, шілдеде суы қоңырсалқын ғой деп суға түсуден бас тартып, ұзақ күнді жағалауда өткізді. Парашют, гидроцикл, банан сияқты саймандарға мінуге  жүрегі дауаламаған, не шомылып жарытпаған жарының көңілін көтермек болған Сәрсен оны кешке демалыс орнының  біріне алып барды. Сол жақтан бұрқан-талқан болып оралды. Иә, қазір ол оқиға болмашыдай, тіпті шатақ шығаруға тұрарлықтай көрінбейді.

Қалай болған еді?

Жазғы дәмхананың кешкі самалында музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен  ән салып  отырған топты байқаған  екеуі босаған үстелдің біріне жақынырақ келіп жайғасты. Ұзынша орындықта қатарласып отырған екі жігіттің гитара мен домбырада аккордтарды алуы кәсіби музыкант екендерін аңғартады. Мосқалдау келгені ұлттық аспаптың қарымын толық пайдаланбай,  астыңғы ішекке ғана салмақ салып, тызылдатып ойнауы  домбыраны гитараға айналдырып жібергендей алғашында Жанарға оғаш көрінгенімен, артынан жоғары деңгейде  меңгергенде ғана бұлай шерте алатынын қабылдады.

Орталарына жайғасқан  жас қыздың орындауындағы попурри әндер құлаққа жағымды естіледі. Әдемі көріністі оңтайлы тамашалау үшін қарама-қарсы бетке жайғасқан жас жұбайлар көңілді сауықтың үстіне түскеніне қуанып қалды. Домбыра мен гитараның  үні керемет үндестік тапқан. Әншілерінің де даусы сыңғырлап шығады. Жаңадан қосылған тыңдаушыларына пейілдерін жандандыра түскен өнерлерімен білдірді. Жас жұптың көңілін көтергісі келген болу керек, ойнақы әндерін махаббат тақырыбына ауыстырды. Разы болған екеуі ілтипаттарын жылышыраймен білдіруге тырысты.

Ұзақ күткен кәуаптың тұзды болып шыққанына наразылығын жеткізбек болған Жанар кейісін жолдасы мәз-мейрам күйде басын шұлғи мақұлдағанынан сөз төркінін байыптамағанын аңғарды. Даңғараған музыкадан дауысы анық естілмегендіктен әңгімеге құлықсыздық танытқанын байқап, үндемей қоя салды. Оның үстіне музыканттардың өздеріне көбірек көңіл бөліп отырғандарын байқап, ши шығаруды артық көрді. Әсіресе әнші қыз көңілі тасып отырған болу керек, жан-жағына жиі көз тастап, еш қымтырылмай, өзін емін-еркін ұстауда. Қасындағы өнер майталмандарының жастары үлкендеу. Қыз көрікті. Жасы жиырмаларда. Бетіндегі шұңқыры әсерлі екенін сезетін шығар, әннің арасындағы іркілісте жұмсақ жымиыспен төмен көз тастап, ырғаққа сай әсем қимылдайды. Музыкаға жан-тәнімен беріліп, шадыман сезімнің жетегінде кеткен қыздың көркі көрер көзді еліктіреді. Ел аузындағы әндерімен тыңдармандарының жүрегін баурап алғаны аздай, ерке-бұлаң, тартымды қимылымен қарама қарсы жыныс өкіліне ұнауға тырысып отырған қырағы көзге ұрып-ақ тұр.  Бұлар жаққа немқұрайлана тастаған көзқарасы Сәрсенге келгенде тіктеліп, кідіріп қалады. Көздері жиі түйісіп қалуда.

Сымбатты қыздың өзіне айрықша назар аударғанын Сәрсен де аңдып қалған тәрізді. Көзқарасы қыздың бар қимылын елеп отыр. Бұл да әнге беріліп, нақышпен аяғын ұрып қояды. Тек әсерлі әуезді ғана емес, ән иесінің  қылықты тартымдылығын, ықыласын қабыл алған кейпі сезіліп тұр. Бар әрекетін қоштағаны байқалады.

Қыз барынша бейтарап күй танытқанымен, қазыққа байланғандай айналшықтап жүрген назарын ұстап алған жалғыз Сәрсен емес-ті. Сезімталдығының арқасында жігіттің жары бұл көзқарастың мәнісін  күйеуінен артық түсінбесе, кем ұққан жоқ. Жас әйелдің жаны шығып кетті.  Мейрамханаға баруға аса зауқы соқпағандықтан сәнденбей шыға салған еді. Оның қасында мұнтаздай қырынып, аямай сепкен әтір исі бұрқыраған, түсті жейдесімен үйлесе түскен көкшіл түсті брендті кепкасын кері айналдырып киіп алған Сәрсеннің сәні  жарасымды көрінеді. Сымбатына сенімді болғандықтан қыздың әрі жүр демейтініне көзі жететін тәрізді.

Екеуінің арасындағы мылқау әңгіменің куәсі болған Жанар «мен кеттім» деп орнынан тұрып кетті. Әрі қарай отыруға ән мәтініндегі әрбір «сүйемін» деген тектес сөздер кеудесіне қанжардай сұғылды.

  • Не боп қалды? Қайда?, - деп әбігерге түскен Сәрсенге ренішін жеткізейін десе, жүрегі аузына тығылып, «Қалғың келсе, қала бер» деп нығыздай айтқан сөздерден басқаға мұршасы келмеді.

Артынан ұмтылған жолдасының дәмнің ақысын төлеуге опыр-топыр болғанын байқаса да, «Жанар! Жанар!!» деп дауыстағанына қарамады. Сәрсеннің адалдығына сенетін Жанар «қыздың өзі ниет білдірсе, әрі кет емес екен, қасында болмасам анаған жоқ дейтін түрі көрінбейді ғой» деген күтпеген жағдайға көзі ашылып, күйіп барады. Сонша уақыт шыдап отырғаны есіне түскенде, араларында үшінші артық болғаным ғой деген ой одан бетер күйдіре түсіп, артынан жүгіріп келген Сәрсеннің ақталуына мұрша бермеді.

Керістің кесірінен демалыстарын кілт бұзып, екеуі автобустың екі басында отырып қайтқан. Ұзақ жолда шөлден қысылған Жанар қалтасында көк тиіні болмаса да  Сәрсен ұсынған бөтелкедегі судан қырсығып бас тартты.

Басында қызды кінәламаған еді. Жас көрінгендіктен екеуін жұбайлар емес, дәмханаға келген таныстар деп те ойлап қалуы кәдік. Оқиғаны көз алдына келтірген сайын енді оған да ашуы қайнап барады. Серігімен келген жігітке көңіл  аударуы ниетінің таза еместігін білдіргендей. Жаман ойы болмаса да, ұнауға тырысып өшіп отырғаны несі. Қызбен келген жігітке. Екеуінің назары қалай түйісіп қала бергені есіне түскенде шыдай алмай кетеді. «Жасанды немқұрайлығыңа басқаларды иландырсаң да, мені алдай алмайсың. Әйелдің қулығы қырық есекке жүк болғаны тегін емес. Еркектер қарсылығымызды қабылдаудан бас тартқанына ызалансақ, енді бірде бәлдене «жоқ» деген сөзімізді бірден ақиқатқа балай қалса да, ішімдегіні таппадың деп қиғылыққа саламыз. Әрекетімізді логикаға салып әуре болудың қажеті жоқ. Еркек түгелі түгелі, қылығымызды өзіміз әркез түсіне бермейміз. Оны тек сезіне білу керек. Әшейінде тұспалдап айтылған сөздердің астарына жете бермейтін Сәрсеннің қылымсыған қыздың лебізін тілге келмей-ақ түсіне кеткенін айтсайшы». Бір-біріне деген әуестігін жеткізу үшін сөз де, ишара да керек емес екен. Арада отырған Жанар іштейгі көкейкөзімен бір-біріне бағытталған толқындарды ұстап алғандай болды.

Иә, бұны да бастан кешкенбіз. Ажырасамын дегенімде, мүлдем кетіп қалмайтынымды, кетпейтінімді білдім. Бірақ қалай ақымды аларымды білмедім. Не сезгенімді түсіндіре алмадым, қалай жеткізерімді білмедім. Сені жақсы көремін, енді өйтуші болма деуге намысым жібермей барады. Өзім қиналғандай ол да солай қиналса екен дедім. Қайдағы бір желөкпеге бола отбасынан, балалардан айрылып қаласың деп қорқытпақ болдым. Көрер едім, сол қыздың үйленуге бірден көне қалатынын. Қатардағы қызметкерлердің бірі екенін білсе. Қалталы біреу деп дәмеленген шығар. Тіпті, мәселе ол қызда да емес. Неге дәл мен сияқты ойламайды, мен сияқты сезінбейді, адалдыққа мен сияқты қарамайды деп өкпенің соңы қосымша айыпқа жалғасып кеткен тәрізді. Әйтпесе, неге ажырасып кеттіңдер, не боп қалды деп Майраш сұрағанның өзінде не деп жауап берерімді білмес едім ғой. Бір қызға қарағанына бола дер ме едім. Апамды айтпағанның өзінде, Майраштың өзі ақымақсың дер еді. Апам болса, көзбен мыңды сүйер, көңілмен бірді сүйер деген, бір шүйкебасқа қарады деп тоңқаңдағаны несі, әдірем қалғыр, мына бұрқылдақ мінезіңді Сәрсеннан артық көтеретін біреу табылса, мұрнымды кесіп берейін деп қуырар еді. Неге сол кезде солай әсер етті екен. Өзіме сенімсіздік танытқаным ба? Былайынша өзіме нық сенімдімін ғой. Мүмкін босанғаннан кейін босаңсып кеттім бе екен? 

Иә, расымен жақсы көремін Сәрсенді. Қазір біреуді ұнатып, көз тастаса болды, бәрі бітті, қирады деген сезім жоқ енді. Ерлі-зайыптылық өмірде бәрі болады. Қарамақ түгелі, одан зоры да болған шығар деген күдік те болды. Бәрі өтті, кетті. Оны қабылдауды да үйренесің. Тіпті қиналтып бара жатса, сезіміңнің пәрменін шектеуге де барасың. Жас кезіңде біреуге қызыға көз тастағанның өзін сатқындыққа жатқызсаң, жасың келе тартымды тұлғаға көңілдің аууы табиғи жағдай екенін сабырлықпен қабылдай бастайсың. Елемей емес, философиялық көзқараспен қарай бастайсың. Әлде бұл жаныңды жаралайтын жайттың әсеріне қарсы санаңның қорғаныс әрекеті ме екен?

 

Жиырма жыл бұрын

 

Үйдің іші тым-тырыс. Күн сәулесінің қауқары қайтып, маусымынан ауытқи ерте түскен аптаптан сауғалау үшін бүркелей жабылған мәуіті пердеден бөлме іші қарауыта бастағанын аңғармаған Жанардың керуеттің үстінде қимылсыз отырғанына бірталай уақыт өтті. Зейінін еріксіз үй тапсырмасына аудармақ болып оқулыққа үңілгенімен, шырайсыз ойы мектепте болған оқиғаға айналып келе береді. Жігер бұған сыныптастарының алдында қарсы шықты. Бетке ұстар озаттардың қатарында болмағанымен, табанды екпінділердің арасынан табылатын біртоға, тұйықтау жеткіншек, ұлдар арасындағы қақтығысқа да, оқу белсенділерінің өзара ықпал таластарына да араласа бермейтін. Оның қасында Жанар түсініспеушілік пен дау-дамайға өзі кіріспесе әділ шешілмейтіндей, ортасында жүріп, төрешілік міндетін алып, дегеніне көндіреді. Шешімімен келіспейтіндер біраз уақыт сыныптың ішкі істерінен шеттетілумен шектелсе оңай құтылғаны. Ащы тіліне ілік беріп, тауып айтылған қағытпа теңеуі албырт та қызбалық шақта жарты күнін партаның алдында қимылсыз өткізуден жалығып, жыбыршып, тыным таппай отырған әулекілердің құлағына іліксе солғын ахуалға адыраңдық әкелудің реті табылғанына жерден жеті қоян тапқандай желіге жөнеледі. Келемеж сөзбен қатарласының көңіліне салған қаяуды бойлаудан гөрі қияңқылық пен ұрыншақтыққа тартып кететіні жасөспірім шақтың бір алаңғасарлық сәті.

Бүгін осындай қаһарына ілінгендердің бірі Күнсұлуға Жігер ара түсіп, оны жақтап шықты. Бұл оқиғаға сегізінші сыныптардың  арасында сахна көрінісінен өткізілетін жарыс себеп болған еді. Қандай көрініс қоямыз деп сабақтан кейін талқылауға қалған оқушылардың басым көпшілігі  сөмкелерін партаға қойып жастанып, сынып қоғамшылдарының улап-шулап бір тоқтамға келуін тағатсыздана күтіп отырған. Әдебиетте өздері оқыған “Еңлік-Кебек”, “Айман-Шолпан”, “Қыз Жібектің” бірінен үзіндіні жаңаша қоюды ұсынғандар мен тарихи туындыларды бұрмалауға үзілді-кесілді қарсы  шыққан екі топ түпкілікті тоқтамға келе алмай таласып жатқанда, Күнсұлу:

  • Жазда қалаға барғанда ше, лагерьде болдым ғой. Тәтем билет пе, жолдама ма, сондай бірдеңе әперген. Со жақта әйбәт көрініс жасады. Жарыста. Қызы-ы-ық болды. Тыңдасай, ей, - деп кеше көрген фильмдегі оқиғаны артқы партадағы серіктесіне сыбырлай баяндап отырған Байғожаның атыс-шабыс жеріне келгенде дауысы шығып кеткеніне наразыланып, арқасынан сызғышымен нұқып жіберді – Сосын... Иә... Бөренелерді тасу керек. Бір жерден екінші жерге. Жұмысшылар тасиды. Өздері үшеу ма, төртеу ма, сондай. Сосын тағы режиссер мен көмекшісі болады. Кім еді-ей? Ә-ә, әссистент. Иә, ассистент. Солар бөренені қалай көтергенін түсіреді. Ой, көтермейді, басқа жаққа апарады дегенім ғой. Бірақ қалай жүргендері режиссерге түк ұнамайды. Ұрыса береді. Қолдары ауыр болмаса да, ауыр затты көтеріп келе жатқандай түрмен ойнау керек дейді. Сосын балдар қиналып, шаршағандай тасиды. Режиссер болса, жоқ, сенбеймін, сендердің түрлерің қайғырып жүрген адамға ұқсайды. Болмайды дейді. Сосын күліп тасу керек. Режиссер болса қайтадан ұрсады. Қазір ұмытып қалдым. Әйтеуір төрт рет пе, бес рет пе тасиды ғой. Біресе жәйме-е-ен – ырбиып, біресе тез –  жүгірі-і-іп жүреді. Бәрі де режиссер балаға ұнамайды. Сенбеймін деп айқайлай береді. Тағы көмекшісі берген таяқты сындыра береді, - деп куәсі болған қызықты оқиғамен бөлісті.
  • Иә-иә, Станиславский сияқты. Ол актерлердің ойындары көңілінен шықпаса, осылай таяғын сындырады екен, - деп білгішсінді Жарас.
  • «Біздің сүйікті дәрігер” деген кинода бір режиссер дәл солай істеген. Сенбеймін деп таяқтың бәрін сындыра береді, - деген Жазира да оларды қоштай кетті.

Көбісіне күлкілі қойылым ұнап қалған болу керек, не айтар дегендей топ жетекшісіне қарады. Күнсұлу өзіне жүктелген тапсырмаға жүрдім-бардым қарап, ескерту алған тізімде жүргендіктен Жанар ойланбастан “болмайды” деп тікесінен қайырды. Тәп-тәуір көрінген ұсынысты өрескелікпен тойтарып тастағанын дөрекілікке жатқызып үнсіз қалған ұжымға қарсылығының әділдігіне көз жеткізбесе бүгінгі талқылаудың баянды өтетініне нүкте қоюға болатынын сезген Жанар кесімін ақтап алуға тырысты:

  • Мәні бар көрініс жасауымыз керек. Оның үстіне қазылар бағаны әдемілігіне, киген киімге қарай береді. Бұл жұпындай бірдеңе ғой. Бастауыш сыныптағылар қоятын. Бұндай ойынмен үшінші орынға да ілікпейтін шығармыз.

Жанардың сынынан кейін, бұл ұсыныстың тағдыры шешілді деп тұрғанда, Жігер:

  • Неғып ылғи кітаптан қоюымыз керек? Қайта тың тақырып болады, басқаларға ұқсамаймыз, - деп килікті.
  • Болмайды, киімге де баға қойылады. А бұл, қалай болса солай дайындалған бірдеңе сияқты болады. Жетім қыздың жасауындай.

Көбінесе, таластың ушыққанын жақтырмайтын Жігер, Жанардың мінезін біле тұра, бұл жолы  бірбеткейлік танытты:

  • Неге? Көрнекті етуге болады ғой. Жұмысшыларды бірдей қылып киіндіріп қояйық, режиссердың қолына таяқ ұстатып қоямыз. Басына кепка ма, шляпа ма бірдеңе кигізейік, – деп сабырлы үнмен бастаманы жетілдіру жөнінде пікірін қосты.
  • О! Сомбреро кигізіп, қатып кеткен қоюшы жасаймыз. Мәселенки, мексикандық режиссер болады. Мүштік ұстатамыз. Дәуленнің балақты шалбарын кигіземіз. Самаладай боп шыға келеді. Ал Дәуленнің шалбары ортақ іске үлес қосқаны үшін иесіне бес қою керек. Ән сабағынан,  - деген Сержан тартыстың арнасын әзіл-оспаққа аударды.  

Егер, ұсыныстың идеясын Күнсұлу емес, басқа біреу айтқанда, Жанар қыңыр талапшыл мен құбылмалы әпенділердің бейнесін жасау үшін ұшы-қиырсыз қиялды пайдаланудың мүмкіндігіне қуанар ма еді, өзіне қарсы шыққанға ашуланып, ендеше өздерің дайындаңдар, жұмысшыларыңды соңғы үлгімен киіндіріп қойсаңдар да еріктерің деп сыныптан шығып кетті.

Үйге келгесін, өзін не ашуландырғанын, не себепті маңызды іске қолын сілтеп кетіп қалғанын түсіне алмады. Бірақ жауапкершіліксіз танытып, сыныптастарының алдында беделіне түскен нұсқаннан гөрі, басқа ой маза бермеді. Ненің көңіліне қаяу салып, күрт тұлдандырғанын өзі нақты айыра алмауда. Жігердің қарсы келгені ме, жоқ, Күнсұлуды жақтағаны ма ажырата алмай, ызасы ұстап, жайсыз жағдайды ұмытуға тырысқанымен болар емес. Сыныптастары не істеді екен деп дебгірін алған сауал зейінін басқаға аударуға келтірмеді. Әр минуты сағатқа созылған мимырт уақыт та асықпайды. Кітапқа қанша үңілгенімен, жетекке ермеген сай-санасы осы жәйттың шырмауынан шыға алмай, айналып келіп қайта ойланып отырғанын бір-ақ байқайды. Сабаққа ешбір құлқы болмады. Үйді жинайын деп оқталғанымен, оған да қолы бармады. Орнынан тұрғысы келмей, бүк түсіп жатып алды.

Барлығы не шешті екен? Арай неге келмей жатыр деп бар алаңы сонда болды.

Есік жақтан сытыр еткен дыбысқа жалт қарағанда үйге анасының кіріп келе жатқанын көріп, “қап” деп, қолына сіріңкені ала жүгіріп, үндеместен далаға шықты. Бірден самаурынның күлін төгіп, шелектен су алып құйып, шырпы ағашпен тез тұтатуға тырысты. Әбиүр болғанда, ағаштарды кеше майдалап дайындап қойған еді. Әпкесі Майраш екінші  ауысымда оқитын болғаннан бері, асты анасы жұмыстан келіп өзі дайындайтын. Басқа тірлігінде ентелеп жүрсе де шайға келгенде жапондықтардың шай баптасынан кем емес күйін келтіріп ішуі шешесінің қалыптасқан дағдысы. Сондықтан жұмыстан келетін уақытына самауырды қайнатып қояды. Анасына таң қалатыны күн ұзаққа тамақтанбаса да жүре беретін сияқты. Оған шәйдың орны бөлек. Сүт қатып қоюлатып ішпесе басы ауырып қалады. Әсіресе қызуы бірден басыла қоймайтын самаурынның шәйіне аузын күйдіре отырып ішпесе, шөлі қанбайтындай. Соны жақсы білгендіктен мектепте кідіріп жатқанында құрбысына не басқа біреуге өтініш жасап, үйіне жұмсап жіберетін.

Жаңыл әшейінде күні бойғы жаңалығын айтып тауыспайынша аузына тыныштық болмайтын қызының сынық жүзіне секем ала қарады. Қандай жағдай болмасын ашық айтатын. Сенікі дұрыс болмаған дейтінін білсе де, ішіндегісімен бөліспесе көңілі көншімейді. Ерегісіп, өзінікін дәлелдеп бағады. Ерке қызының тік мінезді, қызбалау екенін білгенімен, өз түсінігіндегі әділдікке ынтасымен беріліп, жан-жағындағылардан қолдау таппаса жабырқап селқостана қалатын баласына алаңдаушылығы жүрегін шым еткізді.

Дамылсыз дене жұмысынан  қолдарының тамырлары білеуленіп тұратын, қырықтан асқанымен күнге тотыққан жүзі әжімсіз, өңді келген әйел жұмысқа да, қонаққа да барса үстінен түспейтін, тарамыстау денесіне пішімі қонымды, түсі оңыңқыраған көк-боз киімін ауыстырып, тысқа шығып “Не болды, құлыным, көңілсізсің ғой” деп сүт кенжесінің көңілін аулай сөзге тартты. Артық кеткен тұстарында себебін түсіндіру үшін болған жайды жасырмаушы еді. Бұл жолы үндемеді.

Осы кезде, сырттағы қақпадан аптыға кіре амандасқан Арайды көріп «Саламат бол, қызым, үйге кір» деген  Жаңыл елгезек қыздың жайдары күйін байқап тәуір хабармен келген болар деп үміттенді. Алабұртқан ана көңілі кез келген аз-кем жағымды жағдайды баласының жанын жайланғандыратын жайтқа болжайды.

«Е, жаратқан ием, қарғаларымның жүздерін жарқын ете гөр» деген тілегін іштей күбірлеп, өзіне айта алмағанын құрбысымен бөлісер деп жұбанып, «тыныш, естіп қоймасын», «түсіндім, кеттік» дегендей сырт көзге жеке істерін бүркелеуге тырысқан екі қыздың ымы-жымы қимылдарына сүйсіне қарады. Астыртын қимылдаушылар бір-бірінің артынан ілесе үйге қарай тапырласа жөнелді.

Ішке кіре сала Арай: «Сен кеткесін, апай келді. Не қоятындарымызды сұрады. Ешкім үндемеді. Анау, бөренелер туралы ойынды ешкім ұйымдастырмады. Сен ренжіп қалғасын, барлығы Сержанға жабылып кетті. Ол жүр, мен не дедім, не дедім, маған ғана әлдерің жетеді деп. Қыздар саған уайымдап жатыр, айт деді Сержанның жанын шығардық деп. Бірден келетін ем, Жібек апай балабақшадан қызын әкеліп беруді өтінді,” деп соңғы жаңалықтарды шұбырта жөнелді.

Осал емес міндеттерді мойнына іліп алуға асық көпшілік жұмысына ынталылардың сыныптарында ат төбеліндей-ақ екені рас. Рөлдерді кім ойнайтынын, қандай киім киіп, қалай ойнау керек екеніне дейін Жанар шешетін. Шектен тыс көтермелеуден туындайтын қысымына наразылардың ұжым ықпалын қолына алып кетуіне алаңдаған еді. Әсіресе Бағымнан күдіктенген. Өңшең ұл балалардың арасында бетінен қақпай көрмей шолжаң өскен қыз өз отбасының қоңды жағдайын мақтан тұтып, оқудан өзге жағдайларда алға шығып кетуге тырысып бағады. Шақтас алақанның көлемінен аспайтын бүлдіршіндей бетінде шағын пісте мұрын, оймақ ауыз, қарақат көз аса бір сәнді келісіммен шүпірлескен. Қарғаның қанатындай кекілі өзі бір уыс жүзін жартысына дейін төгіле жауып тұратын әдеміше қыз жетекшілікке ынтықтық танытқанымен, сөз бағатын әдеті, кей тұстардағы арандатқыш іс-қимылы ақылгөй сөздерін өктемдікке ие еткізе алмайтын. Өзінен артықшылығы бар жандарды бақталас санап, қасына бөлек топ жинап алуға құмар үзеңгілесінің аса беделі болмағанымен осындай сәтті құр жібермес деп сенімсіздік білдірген Жанар керуен кері айналғанда ақсақ түйе алға шығады деген осы шығар деп іштей кейінген еді.

Алайда топ басшысының ренжіп кеткенін көргесін, нәтижесі айқынсыз істі ала салып, істей салуға өзге атқарымпаздар желпіне қоймаған тәрізді. Бұл оның көңіл-қошын жайлатқанымен, жүктің қайтадан өз мойнына түскенін ұқты. Жарыстан бас тарта алмайсың, ал, таңдаған басқа көрініс жеңіс әкелмесе ше. Әшейінде барлық ісіне сенімді Жанардың бұл жолы көңілі байыз таппады.

Күнсұлу өзінен көрсін. Ұсынған екен, соңына дейін жеткізбей ме? Неге мен ұйымдастыруым керек деп іштей онымен ұрыса бастады. Бір жағынан оның шабандылық танытқанына риза. «Байқауда ұтпаса да, дегені болғанына дандайсып шыға келер еді ғой. Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас деген. Кейін айтқаныма құлақ аспай қояды» деп қауіптенді.

Сондықтан не болса да, босаңсымай шапшаң қимылдауы керек. Жөпелдемеде ойына ештеңе келмей, жарайды, ертеңге дейін ойлап табармын деп сабағына кірісті. Сыныптастары бұны іштарлық танытты деп жазғырып, Күнсұлуға жандары ашып, соның сөзін сөйлеп жатқан шығар деген қобалжуы сейілгеннен кейін кеш бойы еңсере алмаған үй тапсырмасы жеп-жеңіл көрініп, салмақ болудан қалды. Шиеліскен есептің шешімі өздігінен тарқап кеткендей. «Жазатын сабақтарды істесем болды, ауызша сабақтарға уайымдамасам да болады». Оқулықтағы қызықты үзінділерді оқып, жалпылама көз жүгіртіп шығу бос уақытындағы басты ермегі. Сондықтан, әсіресе, әдебиет сабағына дайындалып жатпайтын. Жаттау бермесе болғаны. Бірде қосымша сабақта қырық өтірікті жаттап келуге бергенде, кітап бетін ашпағанына өкініп қалған еді. Сыныпаралық жиналысқа қатысамын деп құтылып кеткен. Әйтпесе, жаттаудың сөздері оңай болғанымен, екі беттегі өлең сөздерін сабақ үстінде жаттап алу мүмкін емес еді.

«Таптым. Осы тазша баланың қырық өтірігін қойсақ қайтеді? Қап-қара, бәкене бойлы Сержан осы рөлге жақсы келеді. Өзі тез сөйлейді. Тазша баланың өтірік өлеңін жаттатып қоямыз. Ал мен Тойшыбек атадан сойылған қойлардың басын сұрап аламын. Көрші атай күн-ара бас қайнатып жейді. Екі аптаның ішінде ең болмаса бес-алтауы жиналып қалар. Оны өтірік айта алмағаны үшін өлтірілген адамдардың басы сияқты етіп, таяққа кигізіп қоямыз. Дәу Ералхан хан болады. Ал Арай ханның қызы болсын. Оған әдемі қазақша көйлек кигізіп қоямыз. Тек ханның киімін қайдан алсақ екен?... Сержанның бетіне күйе жағып, шашын алдырып тастау керек. Онсыз да жазда осы тақырбастанып жүреді ғой. Үстіне ескі матадан жыртық қөйлек тігіп береміз. Балалардың қайсысы қазақша көйлек тапса, солар ханның уәзірлері, қызметшілері, қарауылдары болады» деп шешті.

«Мына қыз кідірді-ау, қараңғыға қалып» деп Жаңылдың ойлай беруі мұң екен тор шарбақтың аржағынан сөмкесінің бауын иығына екі орап, аяғын әрең басып келе жатқан үлкен қызын байқады. Сөмкесін қорадағы қара ағаштың бұтағына іле сала, самайынан ағып, кеберсіп қатып қалған ащы терді шаймақ болған Майраш бірден қол жуғышқа беттеді. Ішіне суды толтырыңқырау үшін жақындаған шешесіне: 

  • Әкем бүгін келмейді. Кеше суды бермей қойған екен. Кезекті күтіп қаламын деді. Ана сушы ағай біздің кезек болса да, Естайдың атасы осыдан түйнектер қурап қалса, өндіріп алам десе, соны кезексіз өткізіп жіберіпті, - деп шаршаңқы дауыспен жайын жеткізді.
  • Егістік басына бардың ба?
  • Иә, кітап әкеп берсін деген екен.

Салқын су күш бергендей аққұбалау қыз бетін сүртіп тұрып, жылы жүзімен келіспейтін үнмен әрі қарай бастырмалата жөнелді - Сол  шалдан бәрі қорқа бере ме? Ылғи өстеді. Әкеме сіз де ұрыссаңызшы десем, қоя бер, Жәкеңнен ұят  дейді. Ол ұрысқақ шалды емес, анау су беретін ағайды ұрысу керек қой. Ана пияз еккендерде ше? Оларда ешқашан бұндай болмайды. Егесіп, улап-шулап жатқанын көрмеппін. Судың қысымы да оларда бірқалыпты. Біздікі көзі қисайып алып, бәрін құртады да жүреді. Адал істесе, бәлеқор атайдан қорықпас еді. 

  • Е-е-е, жұрттың Ыбырайы Ыбырай да, біздің Ыбырай сұмырай болды ғой.
  • Аты Ыбырай емес қой, Жақ.... Жас... жоқ..
  • Жақайым ғой.
  • Неге ендеше Ыбырай дейсіз?
  • Мұрапшыны айтқаным да. Енді қашан келемін дейді әкең?
  • Екі-үш күн боп қалуы мүмкін. Басқалар өз кезегін беріп қоймайды ғой. Барып айтсаңызшы. Өстіп жүре бересіздер ме?
  • Е-е-е, күн сынайды, күдері бел шыдайды. Қайтесің енді? Суға бола, жақыныңмен жыртысасың ба?
  • Осылай дей бересіздер. Айтпақшы, күшті жаңалықты ұмытып кетіппін ғой. Бағландардың пияздары қурап қалыпты.
  • Тәйт! Бұның несі жақсы хабар. Жұрт естіп қалмасын.
  • Ол ұрлықшыларға сол керек. Біреудің затын ұрламайтын болады. Өздері бармайды да айдала деп, ылғи біреуді жалдайды. Қарамағасын қурап кеткен солай. Арамтамақтық қой. Қораларына кіріп кеткен қойды ұялмастан сойып алғаны аздай, алдыңғы күні дүкендегі апайға  шағымданып тұр. Маралдар сол қойға он бес мың ақша сұрады деп. Мен болғанымда қойымды тауып бер дер едім.
  • Жарайды, жастарыңа жетпей ақылдысыңдар осы, - деген әйел қызының ерні шүртиіп, ашына бастағанын байқап -  Жәй сөйле, көршіден ұят-ты, - деп белдемшесінен тартып қалды.
  • Өсте бересіздер, ұят, ұят деп. Сосын бәрі бастарыңызға шығып алған. Жанар қайда? Соған айтпасам.
  • Бөлмесінде. Біреумен шекісіп қалды ма, көңілі жоқ. Абайлап сөйлес.
  • Кім тиіскен? Барып жанын шығарайын осы.
  • Осы ашуларың мұрын ұшында тұрады екен сендердің. Бастарыңа бәле тілеп қайтесіңдер. Қайта басудың орнына. Ақыл – таяқ, ашу – пышақ. Жона берсең несі қалады екен? Үлкені болып, қой деудің орнына, - деген Жаңылдың үні қатқылдана бастады. 
  • Жарайды, апа, әшейін айтам ғой. Қашан біреумен барып ұрысқан едім. Тек өздеріңіз ғой. Қой, қой дей бересіздер. Соған айтамын да.

 

Шешімін іштей пысықтаған Жанардың, уақыт түннің жарымынан асып кетсе де, ұйқысы қашып, әрі-бері дөңбекшіп жатты да қойды. Басқа уақытта осындай кер-тартыстар болғанда, өз қылығын ақтау үшін әпкесі Майрашқа баратын. Бұл жолы біреумен бөліспек түгелі, көңілінің құлазыған себебін өзіне де мойындағысы келмеді. Сағының суға кетіп, жабырқағаны Жігердің Күнсұлуға болысқаны екені туралы ойды тіпті жақындатқысы келмеді. Кеше сабақтан бірге қайтып бара жатқанын көрген. Көршілес болғандықтан, көңіл бөлмеген еді. Енді бүгінгісі мынау, Күнсұлуға бола бәрінің алдында қарсы шықты. Әшейінде оңайлықпен қайтпайтын Жанар ештеңе айтпай, сыныптан шығып кеткеніне таңқалды. Бұрындары ащы тілімен Жігерді шағып алғанында үндемей көтеруші еді. Жоқ әлде, осылай құтылғанды жөн көретін бе еді, әлде, тілінің өткірлігіне сүйсіне ме, әйтеуір, үнсіз күйде, зілсіз қарап, салқын мырс етіп тұра береді. 

Қою қасты, қыр мұрынды, сұңғақ бойлы бозбалаға қырындай тиіскен әзілқой қыздардың қалжыңдарына жауап беруге балаң жігіт бұйығылығынан аса алмай, абдырауын сездірмес үшін бейтарап ынжықтықпен құтылады. Бірдеңе ұнамаса, суық қабақпен қарағаны болмаса, қақ-соқтан алыс. Әшейінде ұл балалар кімнің күші басым екенін анықтауға құмар тұрады ғой. Бойынан жасқана ма, әлде, жарыстарда оңай жеңіп кеткенін көргесін бе, ешқайсысы онымен қақтығысуға бара қоймайтын. Өзі де өзгелермен жұғысып кетуге болымсыз, сабақтан кейін бірден үйіне қайтады. Үйінде денсаулығы дымкес анасы мен кішкентай қарындасы ғана бар екенін біліп, ешкім жолын бөгемейтін. Әкесі Қамшыбек үш жыл бұрын қайтыс болған.

Ыждаһатты бейнеттің ақысын еселеген сауабымен қайтаратын жомарт табиғат жер бетіндегі тіршілік иесіне шарапатын ағыл-тегіл төккенімен, тұтынушы екенін ұмытып, жер бетін табындырып болып көкті де бағындыра алғанына масаттанып, өзін әлем қожайыны ретінде сезінгені сонша, ғарыш кеңістігінде қолайлы ғаламшар табылса, жансыз планетада тіршілік көзін жандандыра алатынына дәмелі адамзат нәсілінің асылықтарын басу үшін оқтын-оқтын дүлей күшін көрсетіп тұрады. Ырқын ұстатпайтын бұндай сынақтар дәрменсіз пенделерді сабасына түсіріп, нәтижесінде жанды-жансызы астамшылықтың құрбанына айналып кете барады. Бас имейтін долы күш жазықты-жазықсыздың ірге-жігін ажыратып жатпайды. Көзіне іліккенді түп-тамырымен тып-типыл ете шығады. Әлде кеңпейілді көнтерілері өзгелердің күнәсін артуға бейім тұра ма, ауырдың үсті, жеңілдің астымен құтылатындар бар сияқты, бейнетке бойсұнатын көнбіс жандар да болады. Қарапайым тұрмысында олардың кең жүрегі, адамгершілік қасиеті, намысшылдығы табиғи жуастығынан байқалмауы мүмкін. Кейбіреулер тәрізді жаманын жасырып, жақсысын асырып, игілікті істерін паш етуге тырыспайды. Бірсарынды қоңырқай шаруаның бір пұшпағын мойнына артып жүре береді. Тек тосын жағдай туғанда ғана елеусіз жатқан асқақ жан-дүниесі паш болады.

Бірнеше күн нөсерлете жауған қалың жаңбырдан арнасынан тасып буырқынған асау өзен талай жыл мызғымай тұрған жуан ағашты шөпшек құрлы көрмей жұлып алып, қора-қопсаны асай-мүсей, ірілі-уақты мал басымен жайпап әкеткен. Күшейе түскен нөсерден мал-жанды аман алып қалу үшін ауылдағы қолы бос еркек атаулының барлығы жұмылды. Төбелерінен шелектеп төпелей аққан төкпе су батпақты ағынмен араласып, апталдай азаматтардың өзін сүйреп барады. Аспан түбі тесіле құйындатып, жер-көктің астан-кестенін шығарған табиғат апаты төтеп бергізер емес. Басқа уақытта шикіөкпе балалардың өзі бір жағалауынан арғы бетіне еркін кесіп өтетін жайдақ өзен телегейленгеніне есіре түскендей, қарға адым жасауға мұрсат бермей, жөңки аққан қоңырқай-қара судағы бөрене-таяқ, қалдықтардан аяқтары шалынып, құлағандары жетерлік. Қолдарынан келгенше әрекеттенгендер соңында сілесі құрып, жанымыздан артық па, кеткен дүние кетті деп алыстап бара жатқан ұсақ-түйек малдардың артынан көздерін сүзіп қала берді. Лайсаң су ауыз-мұрындарын жауып, шашалып-сүрінген адамдардың өздеріне жәрдем қажет болды. Оңбай құлаған Жексенді сүйемелдеп алған жігіттер, бірін-бірі сүйрелей жауыннан сағалау үшін тұралап қалған Камазға қарай ұмтылды. Қамшыбекке де қайт, болды деп айқайлағандарымен табанды жігіт жарты жолдан тая қоймады. Тасқында  қарайласатын жан қалмағанын байқаса да шегінуге беттемеді.

Лайлы суда бір шығып, бір батқан уақ малды жағаға лақтырған Қамшыбек күші сарқылғанын аңғаруға мұршасы болмай, соңғы ұмтылғанынан қайта шығуға дәрмені қалмады. Тырбыңдаған тіршілік иелерін құтқару керек деп мұздай суды белден кешіп жүріп өз өмірін құрбандыққа қиғанын байқамай қалса керек. Өкініштісі олардың ерліктері де өздері сияқты елеусіз қалатыны. Өмір жолы дәріптеліп, ісі марапатталып, атақ-даңқтарға ие болмайды. Тек дос-жаран, туған-туыс, таныс-біліс адамдардың жүректерінде ізгілік сезіммен қалып, дұға-құрандарына қосып, жылы сөзбен еске алып отырады.

Бүйрегінде туа біткен кінәратынан әлжуаз, күн көзінен шет қалып, көлеңкеде өскен өсімдіктей боз өңді, ұзын бойлы, жауқазындай жас жары мезгілсіз қазаны көтере алмай, жатып қалған. Жігердің қарындасы ол кезде бар-жоғы алты айлық болатын. Содан бері үйдің шаруасы түгелімен бала Жігердің мойнына түсті. Қорадағы жұмыстарды істеп  жүрген кезінде, Күнсұлу оның қарындасын үйіне алып кетіп, ойнататынын, төсектен тұра алмаған күндері анасына ас-суын дайындап беретінінен Жанар хабарсыз болатын.

Таңертең мектепке келген Жанар қарсыластарының жағына мойнын бұрмастан өз жоспарымен сыныптастарымен бөлісті. Бетке ұстар белсенділерінің райынан қайтқанына қуанған әрқайсысы киім тауып әкелетін болып шешті. Сапарғали қырдағы атасының үйінде сап-сары оюлармен өрнектелген қымбат шапаны бар екенін айтып, жексенбіде қалай да сұрап әкелуге уәде берді.

Қауырт дайындықпен жарыс күні де келіп жетті. Жанардың сыныптастарының тырысқаны сонша, сол күні барлығы дерлік ұлттық киімдерді тауып әкеліпті. Қойдың қу басы ілінген ұзын таяқпен қыздарды үркіткеніне мәз болған Жармахан қорқақ жауды тырқыратқан батырлардай қоразданып жүр. Бір кездері недәуір көріністердің әжетіне жарап, талай байқаулардан қалған көнетоз сахна костюмі денелі пішініне құйып қойғандай. Қырғи қуған бөденедей жан-жаққа жамырай қашқан қыздар қураған мал сүйегі бейнебір адам басына  айналып кететіндей бажылдай жөнеліп, сонау жаққа ұзап кеткеннен кейін сүйріктей сыпсыңдаған тілдерден «қазтабан, қалқанқұлақ, дәубас» деген небір ащы тіркестер жаңғалақ батырдың басына пулеметтің оғындай жаууда.  

Көрпелердің іштерін сөгіп жүріп, әрең тапқан ескі матадан әдейі олпы-солпы, кейбір жерін жыртық етіп тігілген киім киген Сержан да әдеттегі қу тілімен “Ойбай, үстім қышып жатыр, мен шынымен тазша балаға айналатын болдым”,  - деп қазандай қайнап, әбігерге түскен ортаны у-шуға бөлеп, ажарын ашты. Оны қостаған балалар: “Айгүлдің үйіндегі көрпеде бүрге болу керек, солар ғой сені шағып жатқан”, деп анасынан сөз естіп жүріп, матаны тауып әкелген құрбыларын да әзілмен қағып, мәз-мейрам болысты. Қойылымның қалай өтетініне елегізген Жанар:

  • Үстің қышымақ түгел, жара болып кетсе де, көрініс біткенше, шешпейсің. Шыдайсың енді, қышымай тұр үстіңді, - деп Сержанның зейіні ойын-күлкіге алаңдағанын қаламай, тынышталдырмақ болды.
  • Шынымен қышып жатқан шығар, қаси берсін де, тазша бала да қотыр болған ғой, - деген Арай Сержанға жаны ашып, Жанарды баспақ болды. Оны естіген балалар қүлкінің келесі сыбағасына қарық болды.

Басқа сыныптағылар көтеріңкі көңілдерінің себебін білгісі келіп, не қоймақ болғанын қызықтап келген. Жанар “Кезегіміз келген кезде, көресіңдер. Бөгет болмаңдар” деп қастарына жуытпай қуып шықты. Жылдағыдай, көрініс үйреншікті тақырыптың аумағында өтіп, ерекшеленген сынып болған жоқ.

Ертегінің авторлық кіріспе сөздерін Қайсармен бірге кезектесіп оқыған Жанар тазша баланың шығатын кезі келгенде, оны сахна төріне шығарып, өздері ығысып алаңнан шығып кетті. Сержанның актерлік өнерден құр алақан емес екенін ешқайсысы сезбепті. Ортадан сарайға дейін жеткенінше бірталай қасынып, керіліп, қолындағы шыбығымен қойларды айдап жүргендей, ысқырып қойып, жан-жағына асықпай қарап қояды. Сарай халқын, жұртшылықты бейнелеген ала-құла көпшіліктің арасынан «тым жас екенсің, сенен алғыр жандар қыршынынан қиылған, есің барда кері қайт» деген ескертулерге құлақ аспай, қойдың ілінген бастарын көріп шошынса да, алған бетінен қайтпайтын кейіп танытып, сарайға жеткенінше көрсеткен өнерінің өзінен мектептегі мәжіліс залының іші дуылдап кетті. Образға кіру қабілеті ауылдың кіші-гірім жұлдызы Бекенге ізбасар болуға жарайтындай. Үнді фильмдерін айнытпай дыбыстап, әндерін шебер орындайтын жергілікті әртісі де, әншісі де, асабасы да болып табылатын бесаспап өнер иесі көңілшектіктен ішкілікке салынып кетпегенде сахна төрінде ойып орын алуға әлеуеті бар жан еді.

Көріністің ұнағаны сонша, ең соңында ханның бар талабын орындап, өтірікті майын тамызып айтқан Тазша бала хан қызына қол жеткізіп, екеуі қол ұстасып, сахнадан кетіп қалса да, ду қол соққан көпшілік алдына қайта шығып, бастарын иіп, қуаныштарын жасыра алмай, көңілдері өсіп қалды.

Әрине, еңбек есе кеткен жоқ.  Актерлік ойын шеберлігін, көп адамның жұмылдырылғанын, сонымен қатар, бұрын мектеп қабырғасында қойылмаған көріністі көрсеткендері үшін бірінші орынға ие болды. Ал Сержанға содан бері тазша бала деген атақтан құтылуы қиын болды. 

Сегізінші сыныпта ұйқысын қашырған осы оқиғаны есіне түсіріп отырған Жанар бүгін де сол кездегі мазасыз күйді кешті. Ішінде ыстық бірдеңе жанып жатқандай.

Бұлар мектеппен қоштасу кешіндегі соңғы қоңырауда вальсті билеуге дайындықты бастаған. Араларында осы мектепке ауысып келгеніне екі жыл болған Талғаттың жоқ екенін байқаған Жанарды онсыз да ер балалар жетіспей жатқан маңызды шарадан бұлтарып кеткен жауапсыз сыныптасына ашуы қысты.  Талай рет жасалған ескертулерге қарамастан толқынды шашын қысқартпаған төртпақ бала келмей жатып, ұл балаларды «тәртіпке салуымен» аты шыққан. Оған дейінгі ер балалар арасындағы беделі мықты Қайсарға, қыздарға беймәлім жолмен басымдылығын мойындатқан ба, оның ықпалы бұрынғыдай болмай қалған сияқты. Есесіне қыздар үлгерімі де, тәртібі де мұғалімдерді алаңдататын баланың қайсарлығына іштартып қалған болу керек. Тіпті Арайдың өзі, қайдан іздесең де, тауып кел деп Сержанға тапсырып жатқан құрбысына:

  • Қайтесің, Жанар. Қазір көндіргенмен, ертең керек кезде келмей қояды. Бекер әуре боламыз. Билемеймін деген, - деп Талғаттың шешіміне қарсы болмай-ақ қойған жөн екенін ептілікпен жеткізуге тырысты.  Сыныптастарына әмірі жүргеніне үйреніп қалған Жанардың қиқар баланы жұдырығында ұстай алмай-ақ қойғаны.  Қолын сілтегеннен басқа амалы қалмады. Қолайсыз тапсырмадан құтылған Сержан:
  • Кім кіммен билейтінді ұлдар таңдасын. Бір-бірімізді енді қашан көреміз, тарап-тарап жан-жаққа кетеміз ұшып, ең болмаса қыздар, өздеріне он жыл бойы кімнің ғашық болғанын біліп кетсін, – деп  әдеттегідей қылжақайлығымен балаларды ду күлдірді.    
  • Әй, Сержан-ай, әр сыныпта бір қызға ғашық боласың, енді кіммен билер екенсің. Қой, одан да бой-бойымен тұрайық. Болсаңдаршы енді,  қашан дайындалып үлгереміз, – деген толық денелі, сабырлы Бегайша, Сержанның ұсынысынан кейін ыңсайсызданып тұрып қалғанын көріп, бәрін асықтыра бастады.
  • О не дегенің? Сонда не, бойым жетпесе, ешкіммен билемеймін бе? Е, олай болмайды. Ендеше соңғы махаббатым Айгүлмен билеймін!, – деп, қитұрқы әзілінен қайтпай,  қызға бір қолын созып, басын беліне дейін иіп, “и-и-и, кетші әрі” дегеніне қарамай, қолынан қоймай тартып ортаға шығарып,  бірінші жұпты құрды.

Осыдан кейін біреулері қасында тұрған қыздарға бұрылып қарап, кейбіреуі парталас болған қыздарды биге шақыра бастады. Ұзынтұра  Бахтыбек бойымыз сәйкес келеді деген болу керек, шетте тұрған Алмагүлге серігі болуын ұсынды. Бірден қимылдай қоймаған Жігер қасында тұрған Күнсұлуды шақырды. Кімге барар екен деп, бір қиығымен  бақылап тұрған Жанар оның Күнсұлуды таңдағанын көргеннен кейін, “болсаңдаршы енді” деп әлде де шетте топтасып тұрған балаларды, екеуден қосақтап, Қайсарға “бірге билейміз” деп жұпқа бөлуді аяқтады. Парталарды артқа тасытып, сыңар жетпей қалған үш қызға «артқы партаға отыра тұрыңдар» деп, жұптарды төрт қатарға бөліп, бидің қимылдарын көрсетуді Арайға тапсырды.

Сол кезден бастап тынысы тарылып, аласұрған жан дүниесі үйге келіп, бөлмесіндегі төсегіне кіріп алғанда, «енді мені ешкім көріп, естіп тұрған жоқ» дегендей бұлқынған жүрек әміріне ырық беріп, жиналып қалған сезім толқынысын шектемеді. “Неге ол, жоқ” деп сенбейін десе көңілін тыншытатын жұбаныштың болмауы жай таптырмады. Аһ ұрғанда көкірегіне тығылған ауыр өксік өзегін удай ашытып, еңсесін көтертпей тастады. Тыс көзден таса жерде көңілін босатпақ болғанынан ештеңе шықпады. Жастықты құшақтаған күйі «шынымен де соны ұнатады ма, жоқ, мүмкін емес» деп шатасқанын мойындағысы келмеді.

Ақыры жанын жаралағанын қойып, шырт мінезге ұрынбай, мән-жайды сабырмен саралау үшін ойын өткенге жүгіртті. Тоқсан жолдың торабы Римге барып түйіседі деген секілді барынша сыни көзқараспен пайымдағанымен іштейгі үміті алдамайтындай. «Түйсігім, ішкі сезімім мені, мені ғана  жақсы көреді дейді. Ұнататынын сезбеу мүмкін емес. Сабаққа жауап берсем де, біреуге сөйлесем де, тапсырмаларды берген кезде де көзқарасын аңғарамын. Басқаларға солай қарағанын байқаған емеспін».

Қандай жұмысты тапсырмасын бас тартқан емес. Оны тіпті Арай да байқаған. Бірде, мамыр мейрамына байланысты түрлі-түсті шытырлақ қағаз керек болып, дүкендерден шарқ ұрып іздеп таппағанда, “Жігерге алып кел деп тапсырсайшы. Сен айтқан нәрсенің бәрін тауып келеді ғой. Көресің, орталыққа барып келуден тайынбайды” деген. “Кетші әрі, қайсысы тапсырмамды орындамай жүрген еді, жандарын шығарамын ғой,” – деп іштей тулап кетсе де сыр білдірмеген. Құрбысының бетін қайтарғанымен, өзі де аңғаратын. Сондықтан басқалар жөнді бітіріп келмейді-ау деген тапсырмаларды көбінесе, Жігерге жүктейтін.

«Мүмкін биге шақырсам, бас тартады деп ойлады ма екен? Осы вальске сонша үміт артқан едім. Маған деген көңілін білгім келген еді. Жоқ, ол мені ұнатады. Өзім ғой мені шақырса жақсы көретіні рас дегенді ойлап тапқан. Оның үстіне Сержанның сөзі де қамшы болды. Биге шақырғанда не тұр? Үйленуге ұсыныс жасағандай қиналғаным несі?  Бірақ неге Күнсұлуды таңдады. Басқа біреу болғанда, сонша әсер етпес еді. Соны жек көремін. Жабысып соңынан қалмайды. Адасып кететіндей, кейде сабақтан соң күтіп тұратынын қайтерсің. Шидей аяқтары тағы түп-түзу өзінің. Жұп-жұқа шаштарын дұрыстап өрсе болады ғой, жоқ, бос өрсем әдемі көрінемін деп ойлай ма? Анау айтқан ару болмасам да, одан бәрібір әдемімін. Сабақты тәуір оқығанымен, менімен салыстыруға болады ма? Жігер жылы шырайдан артық пейілін білдірмегесін, мен де оған деген ықыласым ерекше екенін сездірмеуге тырысамын. Алайда ол Сержан емес қой. Мен сияқты ол да сезімге салмақпен қарайды. Неге екенін білмеймін, бірдеңе айтып,  жақындаса басымды тік көтеріп, қасынан тез өтіп кетемін. Бірақ балалардың көзінше оған тиісіп, мазақтағанды ұнатамын. Бүгін жаңа көйлек киіп келіпті, ауылда той болады дегенді естіп едім, соған дайындалып келген сияқты ғой деп біресе шашын алып келсе, біресе жаңа киім киіп келсе, сылтау тауып, келемеждеп болса да оған назар аударғанды қалаймын.    

Қапқа кіріп, секіруден жарыста дене шынықтыру ағайы екеумізге бір қап беріп, қатарға тұрғызып қойғанда,  Қайсармен бірге жарысамын деп, артта тұрған баланың қасына барып тұрып алдым. Неге бас тартқанымды өзім де білмеймін. Бірге болғым келгенімен қасына жақындауға жүрексінемін. Тәкаппарлығым ба, әлде жүрегімнің дүрсілін сезіп қояды деп ойлаймын ба, әйтеуір, қасынан қашып кетемін. Кейін артынан, неге солай істедім деп ұзақ өкінемін. Бірақ күтпеген жағдай болып қалса, бетімнің алаулап кететінінен қорқамын. Сондықтан  қырсығып, барынша немқұрайлы түрмен қасынан өтіп кетемін. Ешбір ыңғай білдірмегенім рас қой. Сондай қырсықпын. Қазір де биге шақырсам, бәрінің көзінше бас тартады не әдеттегідей сөйлеп тастайды деп ойлаған шығар. Өзім бәріне кінәлімін».

Іштей өзін жазғырған Жанар «өзімді батыл, өжетпін деп жүрсем, ұялшақ болғаным ба сонда» деп қайран қалды.

Расымен де санаға бағынбайтын үркек балауса сезім тырс еткен дауыстан шошып кеткен еліктің лағы сияқты қашып кетуге дайын тұратын. Бұл жолы іштей әзірленіп, бірге билесе, аяушылықты үнемі таныта бермейтін әлемдегі үңіле қадалған жат көзден қорғаштап, өзге түгелі, өзіне де дауыстап айта алмайтын қарлығаштың балапанындай ұяң сезімін бүкпелемей, жасанды салқын кейпінен бас тартып, табиғи еркелігімен келмек болған. Алайда, ойы іске аспады.

Көңілі құлазып, ештеңеге қарағысы келмені сонша қоштасу кешіне бармаймын деп шешті. «Отырыста да Күнсұлуды биге шақыратын шығар, сонда соларға қарап отырамын ба? Жігер болмаса ешбір кештің қызықтығы жоқ» деп сыныптастарының алдында өзгере алмасын ұғып, қарсыласының көзінше тағы соққы алуға намыстанды. Жігердің қалаға оқуға баратынын білгендіктен, сол жақта кездесуге мүмкіндік туар, бірге оқығасын еркін араласа аламыз ғой деп үміттенген. Күнсұлудың апама көмектесу үшін аудан орталығындағы техникумда оқимын дегеніне арқа-басы кеңіп қалғандай болды.  

Шешімін оңайлықпен өзгерте қоймайтын Жанар сол күйі соңғы отырысқа келмеді. 

Бұл қылығын сыныптастарының көпшілігі түсінбей, бұнысы несі, менсінбегені ме деп ренжіп қалғандары шықты. Арай ғана шыр-пыры шығып, ауырып қалды деп құрбысын ақтап алуға тырысты. “Ауырса жазып аламыз. Кеттік, ендеше, Жанардың үйіне” деген балаларды “Апасы қалаға апармаса болмайды, үлгерсек, кешкі автобусқа отырамыз деп отырған” деп амалсыз өтірікті үсті-үстіне жалғастырып, “не болды сонша, көшіп жатқан ешкім жоқ. Әлі талай отырармыз. Оқуға түскен кезде тағы да бас қосармыз,” – деп әрең дегенде тоқтатты. 

Жанардың келмей қалғанына алаңдағандардың бірі Жігер еді. «Шынымен-ақ қатты ауырып қалғаны ма?  Алдыңғы күні ғана сау еді. Келмейтіндей не болды? Әлде, біреуге ренжіп қалды ма? Сабақта бұрынғыдай белсенділігі де, қызулығы да байқалмайды. Мектепті қимай жүр ме? Тілдесудің реті келер емес. Отырыстан кетіп, үйіне барсам ше? Ең болмаса, үйінде әпкесі бар шығар.  Жағдайын білуге келдім деймін».

Көңілді отырған топтың арасында үнсіз отырған Жігердің шығып кеткенін балалар бірден байқамады. Қыздың үйіне келуін келгенімен, кіруге ыңғайсыздана бастады. Апасы үйінде болып қалса не деп ойлап қалады деп есікті қағуға жүрексініп, шарбақтың сыртынан терезені бақылап, үйде жарық болғанымен, ешкімді байқай алмай, ұзақ тұрып, кері қайтты. Жанар өзін несімен жаулап алғанын түсінбесе де, оның жан дүниесін, қандай жан екенін сезетін.

Оның барлығын ойдағыдай істегісі келетінін, өзін түсінбегендерге, нені қалап тұрғанын бірден ұғып кете алмағандарға тез арада ашуланып кететініне кешіріммен қарайтын. Өзінің дегені болғанша шыдамсыз. Көбісі оның ойының түбірін, ниетін артынан ұғады. Пайымының тереңдігін, іс-әрекеттерге байыптылығын ұнататын. Өзіне Жанардың орны қай кезден бөлек болғанын ұққаны есінде жоқ. Алтыншы сыныпта оқып жүргенінде басқаша қарай бастағаны есінде.

Бір күні мектепке сабақтан кейін киімін ауыстырып келу керек болды. Мектеп ауласына гүл егеміз деп шешкен. Сол күні сабаққа ылғи бұрымымен келетін Жанар шашын екіге бөліп, резинкемен көтеріп жинап алған. Маңдайын жауып тұрған кекілі өзіне жарасып тұрғанын білмесе керек, қолымен бір жағына қарай сілки аударып жібереді. Екі-үш қадам істеп үлгермей жатып, жібектей шашы төгіліп, қасын қайтадан жауып алады. Қасында бір-бірінен екі елі қалмайтын шүңгіл көздері тостағандай, алма беті бөпенікіндей бұлтиып тұратын құрбысы Арай бар. Жүзі ашулы. Тізеден келетін ақ көйлегі мен тілімдей жолақтары айқасқан жеңіл аяқ киімі өзіне құйып қойғандай жарасымды. Ширақ қадамын тақ-тұк басып, екпінді жүрісімен өздерінен бір сынып жоғары оқитын бір топ қыздардың қасына жақындады. Темір шарбақпен қоршалған алаңда арық қазып тұрған бұл сөздерін айқын ести алмады. Бірақ сыныптастарының қазанды төңкеріп жіберуге дайын тұрған жүздерінен бір кикілжің болатынын ұқты. Күрегін тастай сала, жақындап келгенде құлағы шалғанынан ұққаны клубта Сәулемен ерегісіп қалған болу керек. Серейген қыздың қасында сыныптастары тұрғанын көрсе де өрепкіленген күйін баса алмаған Жанардың  “Мен де ол киноны көріп қойғанмын. Бірақ сен құсап алдын ала не болатынын айтып отырған жоқпын. Өзің ұятсыз. Үйде отырғандай. Кинода қалай отыруды білмейсің. Мені Айша апайға ұрыс шығарды деп айтыпсың”, - деп жазғырып тұрғанын естіді. Сәуле де сөзден қалысатын емес. Сыныптасы Ақмарал: “Жарайды, қойыңдар, бәрі қарап тұр,” – деп қызара бөрткен қыздарды сабырға шақырды. Сірә, құрбыларының сырын жақсы білсе керек, неге өзіңнен үлкенге дауыс көтеріп тұрсың деп керісті бастаушыны сөге қоймады. Бір жағынан, бір сынып төмен оқығанымен Жанар мектептің қоғам жұмыстарына белсене қатысып, көзге түсіп жүрген оқушылардың бірі. Жігер оның тайсалмай барып, біреудің теріс қылығын бетіне басып айтқанына қызығып қалды. “Өзі батыл екен” деп ойлады. Артынан не болар екен деп алаңдап, бірнеше күн үзілістерде сыртқа шыққан Жанардың артынан ілесіп жүрді. Ол, керісінше, Сәулені көргенде өзі тиісіп бірде “өсекші”, біресе “мәдениеті жоқ адамдар да болады екен” деп қағытып,  қасынан жай кетпейді.

Жігердің көзіне оның шәлтек мінезі де монтанақтай түріне жарасатын еркеліктің назындай көрінетін.  Қою кірпіктерін қағып қойып, өзіне жарасымды шалт қимылымен қызу таластың ортасына қойып кеткенде дәйекті сөздерімен анау-мынауға көнбейтін шәлкез мінезді қиқарлардың өзін орнына қоя білетін қабілетін ұнататын.

 

Мектепті үздік бітірген Жанарға өзі таңдаған дәрігерлік мамандығы бойынша оқуға түсу қиынға соқпады. Сыныптастарының қалаға барамыз, оқуға түсеміз дегендерінің барлығына бірдей қалаға келу жазбапты. Кейбіреулері аудандағы техникумға құжаттарын тапсырды. Физика-математика бағытындағы жоғарғы оқу орнына барамын деген Жігер де аудандағы техникумға оқуға түсті.

Іштей қалаған тілегінің орындалмағанына Жанардың көңілі су сепкендей басылып қалды. Оқуға да ынтасы түсіп кетіп, сабақ басталғанға дейін екі ойлы болып жүрді. Артынан, мейлі, әйтеуір ауылға барамын ғой, сол кезде кездесерміз деп өзін жұбатты. Анасы ауырып жатқанда қалаға кете алмағанын, ауданнан үйіне қатынау жеңілдеу екенін мойындады.

Ал, өзі «ой-хой қызықты студенттік өмір-ай» дегенді басында көре алмады. Мектепте осылай титықтағаны есінде жоқ. Бұл жерде түске дейін сабақ, түстен кейін кітапхана, түнімен конспект жазып, ұйқысы қанбай, сүрнігіп, армандаған қаласын аралауға мұршасы келмеді. Кешке жатақханадағы кейбір бөлмелердегі көңілді отырыстарды байқағанда қалай уақыт табады деп таңқалады. Ұғымтал болғанымен, берген тапсырмаларды орындауға уақыт жеткізе алмай қиналды. «Өзіме тым талапшылмын ба, әлде қаланың оқушыларынан деңгейім төмен болғандықтан талабы биік оқуға бейімделіп кете алмағаным ба» деп қабілетіне күмәндана бастады.

Осылай, курстартарымен тіл табысып, жаңа достар тапқанына қуанып, білімнің ауыр тасын арқалап, студенттік өмірдің қызық-шыжығын уақыт өте келе басынан кеше бастады.

 

“Жігер үйленіпті” деген хабардан кейін “Өмірде ешнәрседен тайсалмау керек, барлық қиыншылықтарды жеңуге болады, адам баласы барлық қиындықтарды жеңе білген, сол жеңісінің арқасында адамзат бүгінгі даму шырқауына қол жеткізді» деп кеше ғана институтта өткен диспутта қарсыласын бұлтартпас дәлелдермен аузын аштырмай, жеңіске жеткен Жанарға өзінің кешегі сөзін бүгін біреу қайталап айтса, “оның бәрі жалған” деуге де шамасы келмес еді. Өмірде бұндай соққы болады дегенді елестете алмаған. Қанша кітап оқитын, әсіресе, соғыс кезінде өз жасындағы жастардың шеккен азаптары мен қаһарман ерліктері көз алдына келіп, олардың орнында болғанда шыдай алар ма едім деп, батырлық жасауға өзін іштей қайрайтын.  Қиын жағдайға түскенде барлық сыннан өте алатынына сенімді еді. Енді міне, бір хабар, бұны дауылдан құлаған терек секілді алып ұшырды. Өмірге деген үміттен, сенімнен айрылғандай. Өзінің Жігермен бірге болатынына күмәнданбаушы еді. Қыңыр, тәкаппар мінезінен бір-бірімен түсінісе алмағандарын түсінетін. Өздерін бір-біріне лайық жаралған жандай көретін. Тек Жігер өзімді ұнатады деп қателесетін шығармын деген сенімсіздік маза бермеуші еді. «Бәрін ойлап тапқан шығармын. Мені жақсы көрмейді. Майрашқа ұқсағанымда жақсы көруге болатын еді. Әпшемнің мінезі де жұмсақ, ақшылдығы да әкеме ұқсаған. Мен апама ұқсағанмын. Қара торымын ба? Әлде, ақшыл сұрмын ба? Көзім де оныкінен кішкентай. Майраның көзі менікінен үлкендеу, әжеге тартқан қой көзді дейді. Бірақ одан өзімнің қарашығы үлкен домалақ көзім ұнайды. Әкем құралайым менің дейді. Неге атымды Құралай қоймады екен? Сопақпын ба, домалақпын ба оны да білмеймін. Сәл дөңгелектеу жүздімін. Сыныпта кімнің ерні әдемі дегенімізде көбісіне шие тәрізді томпиып тұратын Бағымдікі ұнайтын. Тек Зульфия менің ернімді мінсіз деп айтты. Арай әдемісің дейді. Рас па екен? Әлде тек сүйкімдімін бе? Аяғым бұдан да ұзындау, өзім аппақ болғанымда ғой» деп келбетіне көңілі толмайтын. Оның үстіне ұрысқақ, қырсық, өзімшіл адамды қалай жақсы көруге болады деген күдік өзін басып тастайды. Мектепте бір жағдай болып, бір-бірін түсінісе алмай, ренжісіп қалғанда, ниетінің тазалығына күмән келтіргенде “болды, сенімен достаспаймын” деп шорт кесетіні бар.  Бірақ біреуді ренжіткен себебін, теріс қылығын анасына асыра айтып өзін түсінуін қалайтын. Өзін ақтау үшін емес, тек соған себеп болғанына көзін жеткізу үшін. Ал оқыстан дау туындаса, оған көзін жұмып қарап отыра да алмайды.  

«Неге адамдар бір-бірінің ойын біле алатын құрылғы ойлап таппайды екен. Қазір неше түрлі аппарат ойлап тауып жатыр ғой. Мысалы, өтірік айтқаныңды тексеретін құрылғы бар. Адамның ойын оқитын аппарат болса ғой, шіркін. Адамнан кешірім сұрағын келеді, бірақ, намысың жібермейді. Адамға жаның ашиды, тек білдіргің келмейді. Жақсылық ойлайсың, бірақ білмейсің қалай істеу керек екенін. Осының барлығын, бір-біріңнің ішіндегі ойыңды білсең, шешілер еді. Қандай, рахат! Лекция жазудың да керегі жоқ. Ойлап, түсінсең болды, аппарат ойыңды қағазға өзі түсіреді. Керемет емес пе? Бірақ, жаман ниетті адамдарға бұл ұнамайтын шығар. Жоқ, бәрібір керек. Керісінше, жаман ойлайтын адамдар азаяды.  Себебі, адам тек теріс істері мен орынсыз қылығына ғана емес, жаман ой-пиғылы үшін де жауап беруі керек».

Істің болып кеткен оқиға екенін қабылдау қызға оңайға соққан жоқ.

Сабаққа қарамай жатып алды. Қасындағы құрбылары тамаққа әзер шақырып, шыр-пырлары шықты. Сабаққа, тәртіпке келгенде алдына жан салмайтынын байқағандықтан ауырып қалғанына сенімді қыздар дәрігерге сүйрегендей алып барды. Үй ішіне хабар бермекші де болған еді, жүрек дертіне ем таппай сұлқ құлаған қыз апамды алаңдатуға болмайды, өзі ауырып қалады деп әрең қойдырды.

Өзін қандай жағдайда да қолдар, ыстық төсіне басып жұбатар жанды іздегенімен бара алмасын ұқты. Өртенген арман отын қайта тұтандыра алмағанымен, ең болмаса қам көңілін ұғып, жан жарасына сеп болар шынайы ықыласты іздеді. Міндеріңе көз жұмып, кемшілігіңмен қабылдай білетін, ешбір шартсыз жақсы көретін анадан артық кім бар? Тек тым уайымшыл. Неге аналар осындай екен? Барлығын жүрегіне жақын алатыны несі? Бір ауыз сөз айтпасам да түсініп, құшақтаса, аяушылық танытып, жұбатса болғаны. Артық керек емес. Неге бірдеңе істеу керек деп ойлайды? Маған тек жұбатқаны, қайғыма ортақтасқаны керек. Уайымдап, қайғы-мұңға батқанын қаламаймын. Ақылды да тыңдай алмаймын. Ешбір сөздің керегі жоқ. Тек ішімдегі өкінішті түсінсе болды. Болды, болды. Сол-ақ. Өкініш ішімді жандырып барады.

Арасында өзіне қапаланғаны сонша, кінәсін бетіне басып, жер-жебіріне жетіп, ұрысатын адамды іздейді. Бәрі  қолында бола тұра, асылық танытқаны... Жегідей жеген күйінішпен жалғыз арпалысуға шамасы жетпей, демеу іздеп, шарқ ұрғанымен  аласұрған сезіммен бөлісер адам таппады. Қасындағы жақында танысқан қыздар аңқылдап, ықыластарын төгуге дайын тұрғанымен,  жүрегін сыздатқан жан сырын ашуға дайын емесін біледі.

«Осы оқудың керегі не? Неге бұл мамандықты таңдадым? Дәрігерлікке табиғи икемділік болу керек, өмірлік борышым ретінде қарай аламын ба» деп таңдаған бағытының дұрыстығына шүбәланды. Қай мамандықты қаламасын, бәрін жете меңгеріп кете алатынына сенімді еді. Қай кезде дәрігер боламын деп шешкенін де білмейді. Осы мамандыққа құжат тапсырамын деген шешіміне ешкім қарсы келмеді.

«Жігердің анасы ауырып жатқасын, дәрігерлікті таңдадым ба екен? Өзімді соның отбасында көретін едім. Соған дайындалған сияқтымын. Ал, енді, бұл оқудың керегі не? Менің арманым ба? Кім болғым келеді? Не істегім келеді? Маған ештеңе керек емес. Ештеңе де...........

...Таң атып келеді. Әлі ұйықтай алар емеспін. Жүрегім өрекпіп, шыдай алмай барамын. Дем ала алмаймын. Осы қалпымда өле қалғым келеді. Өйткені әрі қарай бәрі бекер. Бекер, бекер...... Өзгертуге болғанда ғой. Оған өзін жақсы көретінімді, онсыз өмір сүргім келмейтінімді айтқым келеді..... Ең болмаса, елесімде........ қиялымда сырымды ашсам. Ол қуанып, мені жанындай жақсы көретінін айтар еді. Қол ұстасып қызғалдақ толы қырда жүгіріп жүрер едік. Қайда қашсам да, ол қуып жетеді. Маған жайқалған керемет жауқазынды сыйлайды. Иіскесең, жұпар иісінен басың айналады. Жо-жоқ, аппақ бәйшешекті ұсынады. Сезімім осындай мөлдір таза дейді. Мен сияқты қыз бүкіл әлемде жоқ екенін айтады. Қандай ақылдысың деп құшақтайды. Жан дүниеңнің таза екенін, ең жақсы, мейірімді адам екеніңді білемін дейді. Тек мен сияқты қыздар ғана өзіне ұнайтынын айтады. Сені ешкімге айырбастамауым керек еді, сенсіз өмір бос екен деп өкінеді. Жарайды ештеңе айтпай-ақ қойсын. Тек қасымда болса. Бірге үндемей  жаяу ауылға дейін барсақ та бақытты болар едім. Маған көп нәрсе керек емес еді, неге арманым орындалмайды?».

 

Өмір өз дегенін алды. Сұлаған теректей морт омырылдым деген еді, жас қайыңдай дауылдан кейін жапырылып қалғанымен, артынан бойын қайта тіктеп, орнына келді. Жастықтың да ерекшелігі сол шығар. Маған енді ештеңе керегі жоқ. Ештеңе армандамаймын, бәрі бітті дегенімен, өмір тоқтаусыз жалғаса берді. 

Бір айдан кейін жатақханаға келген Арай Жігердің үйленгені жөніндегі тосын жаңалықты майын тамыза талқыға салмақ болған. Оның үстіне сыныптастардың арасында бірінші болып отбасын құрған біз екенбіз, бір отбасының жандарындай болған едік, құрдастар ұйымдастық танытып, қолдарсыңдар деген жаңадан түскен келіннің салмақ сала мойнына асып жіберген батпандай қолқасы бар. Жігітке көңілі турасында тіс жарып айтпаса да, іш тартатындығын сезіп,  әңгімені әріден бастады.

  • Ұлдар ауыртпашылықты қашанда өз мойнына алады. Оқып жүргеннің өзінде апайлар жебіріне жетіп ұрысса да, біздер кітап толы сөмкемен ұрсақ та бәрін көтеруші еді ғой. Оның қасында біз қатты сөз айтпақ түгелі көз алартып қараса, көңілге қатты аламыз. Олар сондай. Жауапкершілік бар мойнында. Басқа амалы бар ма еді, - деп  алыстан орағытты.

Жігіт әрекетін осалдыққа балаған қыз уәждерді тыңдауға құлық танытпай, олар туралы тыңдағысы келмейтінін айтып, қатқыл үнмен үзіп тастады. Сыныптасының бұл қадамға не үшін барғанын айтқанымен не пайда, болар іс болды. Тек намыстанып, жанына батпаса екен, Жігер туралы жаман ойламасын деп жағдайды түсіндіргісі келген. Тәкаппар досының  мінезін жақсы білетін сыр мінезді қыз реті келгенде тағы бір көрермін деп ол тақырыпты жылы жауып қоя салды. Хабардың қатты батқанын көргенімен бала күнгі құрбысын қалай жұбатарын білмеді. Жігердің үйленуіне қатысты мән-жайды нақты білмегенімен, соған әкелген жағдай сезімтал ақ жүректі қызға айдан аян. Сыныптасының денсаулығы әлсіз анасының күзге қарай жағдайы төмендеп кетіп, төсектен тұра алмай қалғанын ауылдың бәрі біледі.

Ағайындары азық-отындарына көмектескенімен бар ауыртпашылық үйдегі бас көтерер Жігерге түсті.

Қуыс бөлме, шағын төр мен кіре берістегі астына сәкі төселген асүйден тұратын қоржын тамның орнына үлкен үй көтеремін дейтін әкесі ниетіне жете алмай кетті. Қабырғасы мен еденіне дейін ыстық көрінетін кетік тамды барынша жамауға тырысқанымен, Жігерге оның жұпындылығы қатты бататын. Үйді қайта көтеріп салуға бозбаланың шамасы жетсін бе. Барынша жөндеуге тырысып, сыртын қайта сылақтап шыққан. Дегенмен үйдің берекесін, де сәнін де келтіретін әйел қолы емес пе? Анасы да, бірінші сыныпқа енді баратын қарындасы да қолдарынан келгенше таза ұстауға тырысқанымен үйдің іші жылдан жылға ескіріп бара жатты. Созылмалы науқас анасы төрпе-төсекті қайдан жаңаласын. Басқа жаққа көшуге көнбейтінін де біледі. Әкесінің жылынан кейін нағашы жұртының сөзіне еріп көшейік дегеніне «әкеңнің шаңырағын қалдырып қайда барамын» деп ошағын тастап кеткісі келмеген.

Сол күні кешке анасының жағдайы нашарлап кетті. Дәрігер аурудың жанында жақындарының табылғанын сәттілікке балап, кейбір кездерде ұстаманың соңы неғайбіл жағдайға әкелетінін жасырмады. Күнсұлу үйдің алдында тұрған ауыл фельдшерінің машинасын терезеден байқап, ұшып жетті. Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық деп бекер айтпаған болу керек. Марқұм Қамшыбек өмірінде жуас, қолы ашық, жаны жомарт жан еді. Ортаң қолдай азаматтың өмірден аяқ астынан кеткеніне ауыл болып қабырғалары қайысқанымен, артында қалған отбасына түскен тауқыметтің шарасыз куәсі болған іргелес көршілері қоңсыларының ауыр жағдайын өз бастарына түскен қайғыдан кем қабылдамады. Десе-дағы барымен бөлісіп, қолдан келген көмегін аямағанымен Жамал қызы бой түзейтін жасқа келе бастаған шағынан көрші үйге барғыштай беретініне қолайсыздана бастады. Шаруақор балаға көзқарасы тура болса да, бірге оқиды ғой, көрші хақы деп ақтаса да, сұқ назарға іліге бастайтын қырмызы шағындағы баласының сырт көздің сынына қалуына алаңдады. Оның үстіне сөз көтермейтін жолдасының құлағына анау-мынау сыпсың сөз шалынса, таяқтың ауыр басы өзіне тиеді.

Қазір де ұзақ кідірген қызын қайтармақ болып келген-ді. Ішке кірісімен үй ішіндегілердің сөз сарындары бәсең болғанымен, ойлары жараспай, тәйт десіп көрмеген анасы мен баласының ара-қатынасы ушығып тұрғанын байқады.  Төсек тартып жатқан көршісінің «ол жерде де адамдар жатыр» деп күбірлеуіне баласының жүгін жеңілдетпекке тырысқаны мәжбүр етсе керек. Терезеден тысқа қарап тұрған жігіт «ота жасаймыз десе алып барамын, ал дәріні уақтылы беріп, жағдай жасауды үйде-ақ істей аламын» деп дегенінен таймай тұрғанға ұқсайды. Қызының «араласпай-ақ қойыңыз» деген ишарасын байқап, бөле-жара біреуінің сөзін жақтауға дәті бармай, бұндай жағдайда ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ешкім де кесіп айта алмас, Алла тағала өздеріне жол сілтесін деп іш-бауыры езіліп кері қайтты. Аурудың басында отырған Күнсұлу түні бойы көз ілмеді. Жігер оған қайта бер демеді.

Дәрігердің сөзінен кейін тек анасына емес, өз өміріне қатысты маңызды шешім қабылдау керек екенін ұқты. Мұндай ауруды үкімет қарауына өткізуге болады деген ұсынысты тітіркенумен қабылдады. Жатып емделгені жақсы болады дегенімен жарты жыл бойы төрт қабырғада сарсылып бөтен жандардың арасында жатқанын қаламады. Анасыз үйі қаңырап қалатындай көрінді. Қарайған орнының өзі көңілге демеу.

Үй шаруасын қолына алып, анасына бас-көз болу үшін шаңыраққа келін түсіру жөнінде жауыр болған әңгімені туған-туыстары биылғы жылы жиі көтеріп, ығырын шығарған еді. Ниеттері түзу болғанымен қолайлы келін талдаған ұсақ сөздерімен пәк таза арманның тұнығын лайлағандай көреді. Бастары қосыла кеткенде алысты-жақынды жекжаттардың құлаққа түрпідей қадалатын кергісулерін естігісі келмей сарай жақтан шықпай қоятын. Жағдайларын етене жақын білетін анасының сіңлісі Орынша әпкесі: «Тең-теңімен, тезек қабымен деген, Мәжиттің қызы дұрыс, қарапайым, жұқана шаруасы бар, қызы да момын, ертең анауың жоқ, мынауың жоқ деп табаламайтын болады» деп ескереді. Жәмиға жеңгесі: «Екі-үш жаста тұрған ештеңе жоқ, ағаң менен кіші деп кім айтады» деп көздеген қызы жәйлі суыртпықтап жеткізсе, қауқылдап қалған үйіндегі отағасы Бахтыбай: «Біздің Жігер мынау деген азамат, Ибрагимнің қызына құда түсу керек. Қазіргі кезде әйелі үлкен деген не тәйірі, ертең күйеу баласын майлы жерге орналастырады. Оқуды ойнап жүріп бітіріп алады. Құдағиына қараспайды дейсің ба? Емге керек десе, құстың сүтін тауып берер. Осы донор бүйректі табуға болады дейді ғой. Сондықтан, тарылмауымыз керек. Осындайда көмектеспесек, ағайындығымыз не, марқұм Қамшыбектің қайыры маған өтпеді дейтіндерің бар ма» деп өзеурегенінен бұл отбасылық шешім екені білініп-ақ тұр.

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, - деген өлең шумақтарын еске тұтар естияры қалмаған ба? Неге бұдан ана қыз жарай ма деп мал таңдағандай сұрайды.

«Жоқ, ағайынның сөзіне құлақ асқанмен, өмір бойы біреудің ақылымен жүріп-тұрмаймын. Ешкімнің мойнына асылғым келмейді. Шешімді де өзім қабылдаймын, нәтижесіне де өзім жауап беремін. Бұл шаңырақтың иесі мен. Анама да, қарындасыма да өзім қараймын. Бұндай жағдайға түсуім бірінші емес. Бұдан да шығамын. Тек қазір қандай да бір  байламға келуім керек. Расымен ержетіп қалғаным ба?».

Балалықпен ерте қоштасқанымен, отбасын құру туралы шешімге дайындалып үлгермеген еді. Шаңырақ көтеру адам өміріндегі маңызды қадамның бірі ғой. Оның өзі қалағаныңдай бола бермей ме? Өмірдің өзі адамды кез келген сынаққа дайын болатындай ысылдырады екен-ау. Кеше ғана бұл әңгімеден ат-тонын ала қашып еді. Енді солардың сөздері өмір шындығы екенін мойындау керектігіне көзі жетіп отыр. Отбасын құру сияқты маңызды істің тығырыққа тиелген шақта шешу қажеттілігі баламның ел қатарлы азамат болғанын көрсем, бір-біріне сүйеу болатындай жақсы қызбен бас қосып, немеремді бір иіскетсе арманым болмас еді деген ана тілегімен де тиектесіп жатыр. Уайымы да, үміті де біздің ертеңіміз, көңілі тоқ болса, сауығып кетер ме еді деген сенімі жоқ емес.

Жігер сияқты ісіне тиянақты азаматқа қыз да табылар-ау. Бірақ дәл қазір ондай ниет сүйген жарға қосылу емес, өзіне басқа арнада көрініп тұрғаны анық. Сондықтан Күнсұлу жігіттің жай-күйін қызға біткен сұңғылалықпен айтпай түсінді. Жанарға деген ықыласын да сезеді. Тек дәл қазір менмен қызға ұсыныс жасауға намыстанатынын біледі. Өзі ибалығы шамалы, үй шаруасына жоқ, көкірек қызға Жігерді қимайды. Егер бетін қайтармаса, Жанарға деген көңілін өзіне аударуға шамасы жететініне сенімді. Сондықтан өз бақытын қолдан шығармауға тырысты.

Сабағын жазып отырып, үстелде ұйықтап кеткен қабағы жабырқаңқы кішкентай қызды төсегіне апарып жатқызып, қайта жатып кеткенінше арқасынан қағып, шашын сипап отырған сыныптас досының ниеті жігітке анық. Бірақ үйдің ішін жиыстырып, кешкі асты пісіріп, анасының аузына қасықтап сорпа құйып отырған бойжеткеннің көңілінің шынайылығы құрметтен, ризашылықтан артық ынтызарлық сезім тудырар емес. Жүрегі құрғыр басқа деп соғады. Тек қазір жүрек машахатын күйттейтін жағдай ма? Жауапкершілік жүгі мойнына ерте түсіп, отбасы тірегі болуға тиіс жанға мұқтаж анасына қамқор болғаннан артық міндет бар ма? Бір үйірлі іні-сіңлілерінің шыж-быжын шығармай бас-көз болып игеріп отырған, іс-қимылы жинақты көрші қыз ана көңілінен шықса да, ұлының ыңғайын жүрегімен сезіп, қалауымен салмақ артпауға тырысқаны да жанға батады.

Қарама-қайшы сезіммен қыз қимылын баққан Жігер ләм-мим деместен бөлмеден шығып кетті. Асүйде өзіне құйылған асты көргенімен тәбеті тартпады. Терезе алды табаншасында жатқан газеттердің бірімен тәрелкенің бетін бүркей сала сыртқа ұмтылды. Үй қабырғасына жапсарлас дөңкиіп жатқан бөренеге жайғасып, қажет шешімді басынан қалай да шығаруға әрекеттенгендей жалпақ алақандарымен самайын сығып жіберердей қыса түсіп, ойға шомды.

Сыртқа адам шыққанын сезгендей мал қора жақтан жануарлардың бірді-екеуінің пысқырынып-түшкірген дауыстары келіп жетті. Ел аяғы жата бастағанымен мал тұяғының қыбыры басыла қоймағанынан абыр-сабыр әлекпен жүріп, жем бермегені есіне түсті. Ертесімен астарын тазалап, шөпті молынан салыңқырармын деп шешті.

Биыл өздеріне бөлінген жердегі шабындықтың қалың жерлерін өзім-ақ шауып, қалғанын Ерден ағайдың артынан қалмай жүріп тракторымен ордырып алу керек. Онсын да қара малды сатамын деп отырмын ақыры, ақысын тауып берермін деп іштей тұжырып қойды. Бір істі ойша пысықтап бітпей жатып, басқа шаруалардың да басы қылтиып шыға келді. Күйбің тіршіліктің қамы болғанымен бұл жұмыстарды кейінге ысыра да алмайсың. Үйдің сыртына қарап тұрып, әне-міне деп созып алған шаруаларын іштей түгендеп кетті.

«Жаңбыр құймай тұрып, төбені қайта жауып шығу керек. Әр жерін жамаған болмайды екен. Су бірде ана, бірде басқа тұстан кезек сорғалап берекені алып бітті. Тананың ақшасы жетіп қалу керек шатырға.  Қолда тек ұсақ малды қалдырамын. Бірақ шөпті бәрібір уақыт тауып орып алу керек. Өздері беріп тұрғанда. Қойларға бәрібір жем-шөп қажет. Боранбай аға күнде сұрайды бардың ба деп. Оқуды қоя тұру керек-ау. Өтініш жазып бір жылға қалдыру керек».

Жұлдыздар жымыңдап шыға бастапты. Күнқағардың астына ілінген электр жарығына жиналған түнгі көбелектер мен шіркейлер жасанды жарықты ай нұрына балап, сәуле бір қапталдан түсуі тиіс деген оймен лампаны шыр айнала ұшуда. Кім білсін, мүмкін кенеттен пайда болған жарықты туннельдің соңындағы сәулеге балап кең дүниеге шығатын жол таптық деп адасып жүр ме?

Күңгірт жарықтың астындағы томар ағаштың үстіне жайғасқан жігіт әрі қарай ойға шомды.

Көңілі ауған жанға жүрегін ашуға тағы бір кедергі бар.

Мен оны бақытты еткім келеді. Көңіліне жақпаған сөзді, қимылды бірден байқауға болады, бар толғанысы жүзінде ойнап шыға келеді. Көзінде жазулы тұрады. Нәзік те әсерленгіш. Бірден жұбатып, еркелеткің келеді. Келеңсіз жайттардан қорғағың келеді. Қамқор болғым келеді. Сонда менің қорғағаным үйге әкеліп қамап қою ма? Басқа не ұсынбақпын? Дәл қазір. Сені бақытты етемін дегім келеді. Барымды саламын, соған сен деп айту үшін де пәрмен керек екен. Ол менде жоқ болып тұр. Жетіспейді. Бұл шырмауықтан шығармын-ақ. Ал әзірге шырбалақ тірлікке байлап қойған тағдырға не істерсің?

Оның үстіне жары ерінің айтқанымен жүру үшін оның дәрежесі жоғары болу керек. Абыройды сұрап алғанды жек көремін. Сейсен қарт құсап жасын бұлдап құрметті талап еткенше, тұрарлықтай әрекетіңмен ие болғанға не жетсін. Беделді қарызға алуға болмайды. Тек жұбайы болғасын ғана қадір тұтқаны емес, сыйлағанға лайықты екеніңді іс жүзінде дәлелдеу керек. Мейлі былай-ақ сыйласатын шығар ерлі-зайыптылар, бірақ мен, мен көндіге алмаймын оған. Төмен тұрғанды қабылдай алмаймын. Олай болмау керек. Осы мен-ақ әрдеңені ойлап табамын. Басқалар тәрізді болса болмас па еді? Ел қатарлы ойлап. Күнсұлу айтқандай, отыздан асып кеткен біреу сияқтысың, жүрмейсің, көңіл көтеруді білмейсің дейді. Расымен менде жастық максимализм мүлдем жоқ па? Олай емес сияқты. Армандамадым ба, мамандық алып, көздегеніме қол жеткіземін деп. Кейде бәріне қол сілтеп, басқалар сияқты қайғы-мұңсыз күліп-ойнау басыма келмеді ме? Тек жан-жағыңа қарасаң, ақиқаттың басқаша екенін көресің ғой. Сонда адам артын, соңы не боларын ойласа бұрыс болғаны ма? Қазір де, ештеңе ойламай Жанарды тартып әкетсем не болады? Сөзіміз жарасып, үйге әкелдім делік. Сосын ол оқуда, мен осында, ол неғылған отбасы? Оқуыңды таста, қоя тұр уақытша деймін бе? Кімге жақсы болады? Жанарға ма? Жарайды оны бақытты ету үшін барымды саламын. Ал анам ше? Бірбеткейлігіне, еркелігіне, мінезіне мен іштартқаныммен анама жайлы бола ма? Осы жағдайда үйге әкелсем, отбасында байланып қалса, бақытты болар едік, қол ұстасып оқып жүрер едік деп анамды кінәламас па? Жоқ, алдымда перзенттік парыздан бөлек, адамгершілік борышым тұр. Ер-азаматтық іске жата ма бұл? Қызды ықтиярсыз, амалсыздан қайырлыққа мәжбүрлегенім. Шаңырақтың иесі емеспін бе? Ер жігіт тұғыр болу керек. Қалайда шығамын бұл тығырықтан. Көтеремін жаңа шаңырақты. Жөндемеймін төбені. Жамамаймын ескіні, бәрін жаңадан бастаймын. Ақымақ! Төбеңнен су сорғалап тұрсын сол. Көктемнің салқын жауынында осы сумен арпалысып анаң ауырып қалған жоқ пе еді? Жан-жаққа қарау керек қой. Үйді көтеріп тастауға қауқарың жететін адамдай ойлайсың. Шарқыңа қарасай. Қаласаң болды, өздігінен бола қалады деп ойлайсың ба? Көтергенің дұрыс. Тек оны қамданып барып бастау керек. Басы-аяғы жоқ, далбасалай бермей. Биыл іргетасын көтерсем да шүкір ету керек. Әзірге осыны паналаймыз. Жағдайға шынайы қарай білу керек.

Жарайды, үйленуді кейінге қалдырсам ше? Орынша апамнан сұрансам, қыздарының бірі біздің үйде жүре тұрса қайтеді екен? Қыздары оқуда. Мектепті ауыстыру керек болады. Оған да бас-көз болып, мойныңа бар жауапкершілігін алу керек.  Қолымнан келе ме? Болмайды. Ми ашып кетті.

Көз алдына Жанардың оқуын тастап, осы тозығы жеткен ескі үйде, ауру анасының қасында отырғанын келтіріп, «жоқ» деп шешті. Сөзіміз жарасқан күнде, оның болашағына балта шапқым келмейді. Ол алғыр, от басы, ошақ қасында отыратын қыз емес, болашағы зор болатынына сенімдімін. Алар белесі көп, оған дәл қазір не ұсына аламын. Жоспарын бұзып қайтемін. Бақыт сыйлаймын деп жүргенде, бағын байласам ше? Анамның жүгін жеңілдетем деп, ұнататын адамыңның жолын бөгеген де дұрыс емес.  Сабақты жиі қалдырып кеттім. Биыл оқуды жалғастыра алмайтыным туралы өтініш жазу керек. Өзім оқи алмадым, оны да артқа тартып қайтемін. Техникумды бітіре алсам дұрыс болар еді. Ал, анамның жақсы болып кетуі үшін, қиналмасы үшін Күнсұлудан артық ешкім табылмас. Орынды шешім осы. Анамның жағдайын жасай білген жан мен үшін ең тартымды адам болу керек. Қазір өзімнің қалағанымды ойлаған өзімшілдік. Сосын, сосын... Жанарға Қайсар ұнайтын шығар. Көбінесе соны таңдайтын. Соны  байқағасын ба, Қайсардың достық ниетіне жылы шырай білдірген  емеспін. Басқа жағдайда қанша жерден оны таңдаса да оңайлықпен шегіне қоймас едім. Ешкімге бермес едім. Төбелескенде Қайсарды жеңіп кеткен едім ғой. Бағымның жеңілтек сөзіне бола алысып қалдық. Мені Қайсардан күшті деп айтыпты. Соған намыстанып істі айқындау үшін бірге бір шығуды ұсынды.  Ауылдағы қырқаның артында күш сынастық. Арық болғаныммен, етімнің сіңірлі екенін, көк өгізді бір қолыммен арқандайтынымды білмесе керек. Жеңіп кеттім. Оған кек сақтаған емес. Жаман жігіт емес екенін мойындау керек. Адамгершілігі бар. Мен сияқты қысқа жіп қолды күрмейтін жағдайда емес. Ал мен.... мен оны, Жанарды, шын жүрегіммен ұнатамын. Қылығын да, алған бетінен қайтпайтын тік мінезін де, барлығын. Бұл махаббат па, әлде тәнтілік пе? Келпі періштедей, жан-жағына  бейкүнә көзбен қарайды, өмірдің барлығы тек өзі үшін жаралғандай, бірақ онысына дандайсып кететіндей емес, керісінше соған лайықты болайын дегендей жүзі адамды өзіне сонша тартып тұрады. Ондай жанға бақыт тілей алмасам ендеше өресі тар парықсыз біреу болғаным. Жанарды жақсы көретінім рас болса, тіпті Қайсардан қызғанбауым керек. Бақытты болса болды. Ұмыта аламын ба, жоқ па білмеймін. Тек өмірде бақытты болғанын тілеймін. Ал өзім Күнсұлудың пейіліне лайық қорғаны бола алсам. Бірақ, бірақ .........бірақ, ойым басқада бола тұра, ниеті таза, көнбіс қыздың сезімін пайдаланып үйленгенім опасыздық емес пе? Алайда......, Жанарға деген көзқарасымды біледі ғой. Бір кезде соған бола ренжісіп қалғанбыз. Әй, Күнсұлу-ай, сені білем. Жанардың алдын орап кеткеніңе қуанбасаң, ренжімейсің. Тек оның жақсы қыз екенін түсінгің келмейді. Отбасында адалдық пен сыйластық маңызды деуші едің. Егер сені осы қанағаттандыратын болса, бұл талабың аса ауыр емес».

Осылай шешкен Жігер, Жанардың басына ақ орамал тартып, осы үйдің тірлігін істеу, аяулы жар ғана емес, келін болуы бақыт екенін армандаудың өзі бос қиял деп шешті. Алдына үлкен мақсат қоя алатын жанды өзі шыға алмай жүрген шырмауық ортаға әкелгенін көк аспанда еркін шарықтайтын бозторғайды тар қапасқа қамап қоятындай көрді.  Жақсы көрген адамың үшін бар дүниені, тіпті өміріңді сарп ету бақыт шығар деп түсінгенімен, жанынан артық көрген жанның құрбандыққа баруын қимағанынан бөлек, тіленшектік жағдайға әкелдіретіндей қорықты. Іштегі арынды сезім бұндай құрбандықты қабылдауына жібермеді. 

Өмірімді өзгертуге барымды саламын деп құлшынғанымен, дәл қазір қолы байлаулы. Болашаққа тым құрығанда қиығымен бір көз тастай алмағасын, алдыңда не күтіп тұрғанын болжау қиын. Қазіргі міндеті қолынан келгенше анасының жағдайын жеңілдету, демеу бола білу керек екендігін ғана нық біледі. «Анамды өзім қорғай аламын, айдалада жат адамдардың қолына қарап қалмайтын болады» деп қабылдаған шешімі өзін ширатып, бойына қайрат берді. 

 

Арай қайтып кеткесін, Жанар бұл жағдайға төтеп бере алатынын ұқты.

Демалысында ауылға барған. Жігер асыл тұқымды малды өсірумен айналысатын шаруашылықта істеп жүр екен. Кешке, сол баяғы мектептегі әдеті бойынша, үйіне тіке қайтып, бітпейтін тірлігімен айналысады. Иә, үй шаруасы қашан біткен. Жанар оның үйін орағытып, айналып өтіп бара жатып бірде қорасын жөндеп жатқанын, біресе шатырының төбесінде жүргенін байқаған.

Қарашаның жаз айына бергісіз мақпалдай мизам шуақ бір күнінде Арай үйіне сыныптастарын шақырды. Сол кезде келді. Жанарға алыстан қарап отырды. Көзқарасы көп нәрсені аңғартқандай, бірақ неге өзі жақындамайды деп қитығып отырды. Көпшілік дастархан басынан тұрып, бірсыпырасы сыртқа кіріп-шығып жүрген оңтайлы бір тұста оқуы туралы сұрады. Қыз “жақсы, қалада оқуға барлық жағдай бар  ғой. Үйленген екенсіңдер. Құттықтаймын” деп барынша жайбарақат жауап беруге тырысты. Онымен жағдайды сұрасқаны болмаса, Жігер сол күйінше тұйық қалпында отырып қайтты.

 

Жалғасы келесі бөлімдерде

Қазақ тілінде жазылған