Адам қарады: 147 | Жарияланды: 2020-04-30 13:39:46

Түпән талып қалды...

«Ұл туғанға – күн туады», - дейді қазақ. Айдала ауылындағы Добал ағамның жар дегенде жалғыз ұлы Түпән келін әкелді. Әкелмегенде ше? Бойы құрықтай, ойы теңіздей жігіт қатарластарының алдыңғы қатарында. Жалындаған жиырма бес жасында құшқан сұлуы да қаланың қақ ортасында үйі бар, басында миы бар, халқына сыйы бар, қалтасында ақшасы да бар, басқасы бар, қысқасы, бір байдың жалғыз қызы деп естідік. Үлкендердің: «Жиған-тергенің тойға шашылсын» деген сөзі қабыл болған екен. Добал байғұс даладай дастарқан жайып, баладай көңілімен ағайын-туыстың асты-үстіне түсті. Алыстан ат терлетіп алдырған асабасы да қамшы салдырар емес. Шіреніп келген құдалар да, «тойып» алып, «тіреліп» келген қонақтар да арынды асабаның сөзінен соң икемге келе бастады. Не керек мұндай тойды көрген де арманда, көрмегендер де арманда! Шіркін-ай, бәрінен де жас келінді айтсаңызшы. Айдын көлдің аққуы дейсіз бе, сайын даланың ақ бөкені дейсіз бе, қандай теңеу айтсаңыз да аздық ететін секілді. Ондай сұлулықты жырға қосқан әлі бір де бір ақын болмаған шығар. Оның мінсіз мүсінін ешбір шебер суретшің қыл қаламның құдіретімен жеткізе алмайды. Тоқ етерін айтқанда – «атты кісі түсіп, жаяу адам жатып қарайтындай-ақ» сұлу. Ондай әдемілікті бұрын-соңды көрсем көзім шықсын. Ауылдың бойдақ атаулысының барлығы да Түпәнннің бақытына таңданып, тақылдатып таңдай қағып отыр. Үйленген жігіттердің кейбірінің сұғына қарауға батылы бармай Құдайдан қорықса, кейбірі қасындағы жұбайдан сескеніп отыр. Асаба да мұндай келінді алғаш рет көрсе керек:

- Айналайын, екі жас, аққумен қаздай, көктем мен жаздай, тормоз бен газдай, жұптарыңды жазбай жүре беріңдер деп суыртпақтап әкетіп барады. Не керек, той тамаша өтті. Құдалар да дән риза. Риза болмағанда қайтсін. Құданың иығына жабылған шапанды көрсеңіз! Жағасында тура бір тірі құндыз тұрғандай. Күміс белдігі де мес қарнына жараса кеткен. Добалдың әйелі құдағиын да сықитып жіберді. Алтынмен аптап, күміспен қаптап, адам танымастай етіп өзгертті. Астынан су шыққандай дастарқан басында әрең отырған тойшыл қауымның белсенділері той соңында би алаңында құрыс-тырыстарын жазды. Сүмектей болып терлеген той бишілері шайханада шайды сораптады. Бақытқа шала мас болған жас жұбайлар да үстел басында отыр. Бәрінің назары ақ келінде. Шіркіннің найзадай кірпіктері қандай әдемі. Тура қарсы бетте отырған адамның маңдайына қадалардай ұзын. Кенет жас келін күйеуіне шай толы кесесін ұсына бергенде кірпіктерінің бірі жалп етіп шайға түсіп кетті. Біреу, мырс етті, біреу тырқ етті, біреу сықылықтады, соңы ду күлкіге айналды. Түпәнда жан жоқ! Қаққан қазықтай қақиып қатты да қалды. «Ойбу, кірпігі жасанды екен. Бәсе, мұндай ұзын кірпік қайдан келіпті. Албасты кімді алдайын деп отыр». Ауылдың әйелдері гу-гу әңгіменің басын жіберді. Шыдай алмаған жас келін орнынан атып тұрып, жолындағыларды баса-жанша сыртқа қарай жүгірді. Оның соңынан құдалар жағы да өре түрегелді. Түпән байғұс та тапырақтап орынан тұрып, есік жаққа ұмтылды. Сыртқа шықса жары ізім-қайым жоқ. Дәлізде тұрған тойхана күзетшісі ақ келіннің киім ауыстыратын бөлмеге кеткендігін иегімен меңзеді. Түпән ішке енсе, бөлме іші көк түтін. О, тоба! Періштедей жарының қолында шылым. Қайта-қайта сорып отыр.

- Ойбай-ау, мұның не сенің?! Неге ашуланасың! Ауылдың адамдары жасанды кірпік дегенді түсінбейді ғой! Бірақ, шайыма түсіп кеткендігі ұят болды. Абайламадың ба!

- Оңбаған ауылбайлар! Сендер ештеңе түсінбейсіңдер! Қатты долданған ол әуелі тырнақтарын бырт-бырт сындыра бастады. Бетіндегі бояуын сүртті. Басындағы жасанды шашын да жұлып алды. Кеудесіндегі, тіпті жамбасындағы жасанды дүниелердің барлығын шығарып үстелге қойды. Түпәнда түр жоқ! Кенет аузын ашты да протез тісін Түпәннің алдына лақтырып жіберді. Жаңа үйленген жас жігіт албастының апасын көргендей сылқ етіп талып түсті. Сөмкесін иығына салған жасанды келіншек бөлмеден сыртқа шықты. Дәліздің төрт қабырғасына телміріп тұрған күзетші аң-таң: Кешіріңіз, сіз кімді іздеп жүрсіз! Бұл жерде той болып жатыр. Сыртқа шығыңыз!

 

Қазақ тілінде жазылған