Адам қарады: 148 | Жарияланды: 2020-05-04 04:59:30

Флешмоб билейсіз бе?

Дүйсенбі. Таңертең тентек ұлдың тепкіленгеніне қарамай орнынан тұрғызып, беті қолын жуғызып, киіндіріп, мектепке қарай ала жөнелдім. Жол бойы қырық сылтауының бірнешеуін айтып үлгерді. Сондағы бар ойы мектепке бармай үйде компьютермен ойын ойнау. Мектепке кірдік. Даңғыр-дұңғыр музыка. Не болғанын түсіне алмай босағада аңтарылып тұрып қалдым. Еден жуушы әйел бар дауысымен бақыра жөнелді. «Сіз неғып тұрсыз? жаттығу басталып кетті баяғыда!» түсінбей қалдым. Бұлар жаттығуды музыканың ырғағымен жасай ма? Жүгіре басқан балам қатарластарының арасына кіріп жоқ болып кетті. Неше түрлі хит деп жүрген әндер үзіп-жұлып орындалды. Бұрылып үйге кеттім. Кешкісін ұлдан сұрасам. «Қазір таңғы жаттығудың орнына флешмоб билейміз» дейді қуланып. Сейсенбі. Шыққан күннің шапағымен бірге кіші ұлды балабақшаға ала жөнелдім. Алдынан шыққан апайы мұны қолынан жетектеп, «Жүр флешмоб билейміз» деп алып кетті. Тағы да сол басы бар, аяғы жоқ дарылдаған музыка, жылаған баланың дауысы. Бұрылып үйге кеттім. Сәрсенбі. Дәрігердің қабылдауына жазылған едім. Бұл жарықтықтар ертерек бармасаңыз ұстатпайды ғой. Күн шықпай бардым. Орнында жоқ. Есігін қарауылдап ұзақ тұрдым. Қыбыр еткен пенде жоқ. Кенет музыканың дауысы естілді. Тыңдап тұрмын. Сөйтсем бұлар да флешмоб билейді екен. Ақ халаттылар да осылайша ұлт саулығын өздерінен бастамақ ойда. О, тоба! Қосылып бірге билесем бе екен. Бәлкім ауруымнан айығып кетермін. Бейсенбі. Жастармен жұмыс жасайтын белсенді бір ұйымның кеңсесіндемін. Есік алдындағы күзетші салқындау үнмен: «Бастыққа келдіңіз бе? Ол кісі кабинетінде жоқ, жастармен бірге коррупцияға қарсы флешмоб билеуге кетті» дейді. Күлейін бе, жылайын ба? Жемқорлық пен бидің арасында қандай байланыс бар? Параны бергендер де, алғандар да, ұсталмай қалғандар да флешмоб билеп жүргетіндей елестейді маған. «Шелек жалағандар тұтылып, айран ішкендер флешмоб билеп жүрген шығар бәлкім?» Жұма. «Болатын бала кітапхана жағалайды, болмайтын бала сырахана сағалайды» демей ме? Кітапханаға бардым. Ығы-жығы адам. Кітап алуға кезекте тұрған адам көп емес. Әркім өзімен-өзі. Бір уақытта кітапханашы апай келіп. «Онсыз да телефонға телміріп отырсыздар ғой. Біз кітап оқимыз!» атты флешмоб өткелі жатыр. Атсалысыңыздар деп алып кетті. Ыржалақтап тұрып биледік. Қандай кітапты бастап оқығаным да есімде жоқ. Би билеп терлеп-тепшіп үйге оралдым. Сенбі. Бұл күні тойға бармасақ ауырып қаламыз ғой. Барымызды киіп, баққанымызды алып, бір таныстың тойына кешігіп бардық. Сөйтсек бізден де кеш, тіпті, түнде келетіндер бар екен тойға. Асаба той басталды дегенше күте-күте әбіржіді. Тұрмысқа шығатын қыз тағаты таусылып, қартайып кетті. «Уф» дегенде той да басталды. Қазақта шіркін айтар тілек те, берер сыйлық та көп, дастарқан да мол, шырқалған ән де жетерлік. Бірақ ең көбі флешмоб болды. Еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін сорт-сортымызбен флешмоб биледік. Тойдың басынан соңына дейін биледік. Есімізді жисақ той бітіп қалыпты. Жалғыз-жалғыздан флешмоб билеп қуып кетіппіз. Жексенбі. Тас төбемнен біреу ұрғандай болды. Желімделіп қалған қысық көзім ашылмай жатыр. Шашымнан жұлды.

 -Әй, бұл қайсың? Көзімді сығырайтып қарасам әйелім мен балаларым. Әкесі, тұр! Ұлдарың отбасы болып флешмоб билейік деп өтінуде дейді. О, тоба! Қайда барып флешмобсыз күн көруге болады?

Қазақ тілінде жазылған