Адам қарады: 241 | Жарияланды: 2020-05-04 05:06:49

Не?

Осы бүгін алақандай ауданда Бөдешті танымайтын тірі пенде жоқ. Енді ше? Білдей бір аудандық газеттің тілшісі. Қазіргі Бөдеш бұрынғы Бөдеш емес. Әжептәуір «кісі» болып қалған. Әсіресе, ауылдың қатындары оны басылым бетінен байқап қалса болды: «Жұрттың баласы өстеді. Мектепте мына боқмұрын қабырға газетіне шығуға жарамай жүруші еді, сойдақ тіс, қазір тісінен тілі ұзын тілші болды!» деп көре алмастық танытады. Не десе де, Бөдеш қызметіне барынша адал. Жұмысына ерте барып, кеш қайтуға дағдыланған. Ұжымдағы басшының да Бөдеш батырды көргелі іші жылып жүр. Жазған дүниелері қыздың жиған жүгіндей тиянақты. Күн дүйсенбі еді. Екі күн есін жинап тыныққан Бөдеш жұмысқа ертерек келген. Келісімен бісмілла деп бастықтың кабинетіне қойып кетті. Редактор әдеттегісінше әркімге тиесілі тапсырмасын жүктеп отыр екен. Кенет, қасында тұраған қара телефон іші ауырған баладай шарылдап қоя берді. Тұтқаны көтерген басекең «әрине, мақұл!» деген сөзден басқа ештеңе айтпады. Так, әріптестер, біреулеріңіз осы қазір «Дардай» шаруа қожалығы өткізетін жиналысқа қатысып келуге тиіссіздер. Күллі бір елді жұмыспен қамтып, ауданның гүлденуіне үлес қосамыз деп отырған шаруашылықтың тыныс- тіршілігімен танысу бізге де маңызды деп санаймын. Әрі қожалықтың басшысы Нетіпәлі мырза халық қалаулысы болуға бар күш-жігерін салып жатыр. Істеген ісінен елдің жүгін абыроймен көтеруге қаншалықты дайын екендігін байқарсыздар. Сосын, ескерту. Жиналыста ұйықтағандар ұйықтай берсін. Бірақ, барған адам қалғып-мүлгімей өзін өзі түрткілеп оятып отырып, басшының аузын бақсын! Редактор сақа журналиске қарап, иегін көтеріп еді, әшейінде шақырған жерден қалмайтын ол безілдеп қоя берді. - Мен бармай-ақ қояйыншы. Өткен жылғы жиналыста Нетіпәлі мырзаның тілін түсінбедім. Тілін емес тіпті дымын ұқпадым.

 - Неге? Қай тілде сөйледі?

- Қазақ тілінде.

- Енді?

- Не ғой, не дегенде...

- Так, кімнің барғысы келеді? Үн жоқ. Барлығы бүлдіріп қойған баладай жер шұқып отыр. Бөдеш шыдай алмай кетті. Орнынан атып тұрып: «Мен барамын!» - деді. Дауысының тым қатты шығып кеткенін өзі де байқамай қалды.

- Бәрекелді! Бөдештен үлгі алыңдар. Қызметке кеше ғана келсе де тырысып жүр. Түбі осыдан бірдеңе шығатынын сеземін. Кеудесін қуаныш кернеген Бөдекең апыл-ғұпыл жиналып, диктафонын төс қалтасына сүңгітті де жиналысқа тартып кетті. Есік алдындағы қарауылға мән-жайды түсіндерген Бөдеш алшаңдай басып жиналыс өтетін орынға жетті. Ол ішке кірісімен мұндағылар құдды бір журналистің келгенін күтіп отырғандай отырысты бастап кетті. Әр жылдың соңында өз өздеріне есеп беру «Дардайлықтардың» әдеті екен. Ауыл шаруашылығы жастайынан малмен араласып өскен Бөдекеңнің оң жамбасына келетін, көксеп жүріп жазатын тақырыбы. Құдай қаласа бағана өзін мақтаған редактор кешке бұның арқасынан қағатын болар. Басшының рұқсатымен сөз алған бас маман он минуттық баяндаманы қағазға да қарамай жатқа сарнатты. «Биыл жемөшөп жеткілікті болды. Жүз сиырдан тоқсан бұзау алдық!» тағысын тағы, қысқасы - бәрі тамаша. Ештеңені жазып үлгермеген Бөдеш аң-таң. Осыншама дүниенің бәрін қалайша жатқа айтуға болады? Қасында отырған бейтаныс қыз. Таңданбаңыз. Мен бұл баяндаманы естіп келе жатқаныма осымен үшінші жыл. Ішіндегі бір де бір сөзі өзгермейді деп мырс етті. Баяндама аяқталысымен қожалық басшысы әңгімеге араласты. «Не ғой, не болғанда жыл басында сіз баяндама неткенде жүз сиырдан жүз бұзау нетемін дегенсіз». Ал енді бұзаулардың саны неге нетіп қалды? Былтырғы несиеге нетілген бұқаларды сиырға неге нетпедіңіздер? Әлде малшылар неге немқұрайлы нетіп жүр ме? Сіз өзіңіз тікелей бұл нені түбегейлі неғыласыз. Немесе орныңыздан нетемін! Сіз нетпесеңіз ертең мені жоғарыдан нетеді. Түсінікті ме?»- деп үстелді жуан жұдырығымен қойып қалғанда отырғандар жер сілкінгендей селк етті. Бас маман ақырын ғана басын изеді.

- Сұрақтар бар ма? Зал тым-тырыс. Отырыс аяқталды. Есікке қарай беттеген адамдардың арасынан жол тауып шаруашылық басшысының қасына жеткен Бөдеш сұрақтарын жаудыра бастады. - Нетіпәлі мырза, «Керемет» газетінің тілшісі едім. Ісіңіз оңды болсын! Қарамағыңызда қанша адам жұмыс істейді? Алда қандай жоспарларыңыз бар?

- Негізі менің Азан шақырып қойған нем - Несіпәлі. Неге екенін өзім де әлі күнге нете алмай жүрмін. Барлығы мені Нетіпәлі деп нетіп кеткен. Сіз тағы бір жолы нетерсіз. Мен уақытымды неғылмай нете берейін. Алдағы сайлауда абыройлы нетуім үшін тағы да нелерге неткенді не деп санаймын. Сау болыңыз! Жиналыстан дым түсінбеген Бөдеш жұмыс орнына оралған бетте мақаласын жазуға кіріспек еді. Бірақ, абдырап қалды. Не жазбақ? Жазу құрылғысын тыңдап еді «неғып, нетіп, не істеп неғылыптан» басқа ештеңе ести алмады. Не боп кетті өзі. Не?

 

Қазақ тілінде жазылған