Адам қарады: 177 | Жарияланды: 2020-05-08 09:11:38

Сандар әлемінде

Сандар әлемінде сандар бейбіт өмір сүріп жатады. Бірақ аптаның аяғына таман демалыс күні нөлдің іші пысып кетеді. Іші бос болса да басына мынадай ой келеді: "осы мен ешкім емеспін, ештеңе де емеспін. Арамыздағы ең керемет, ең күшті сан қай сан екен? Сол санды тауып, сонымен дос болайын".

   Сөйтіп Нөлеш сұрағының жауабын табу үшін жолға шығады. Өмір бойы босқа отырғанша бір іс тындырайын дейді ішінен. Шынында нөл көптен бері түңіліп жүрген еді: айналасы бос, үйі бос, жұмысы жоқ, қолы бос, тіпті ойы да бос еді. Өмірімнің бір мағынасы болсын деп осылайша саяхатқа аттанады. 

   Нөл бірінші кезекте Бірдің ауылына аттанады. Ол ауылдың аты Бірлік екен. Бірлікте бірыңғай бірлер бірге тұрады екен. Бірлік ауылына таяғанда Нөлештің алдынан бір қақпа шығады. Қақпаның үстінде мынадай бір жазу ілініп тұр екен :        

«Бірлік түбі тірлік»

Нөлеш бұл жазуға қарап біраз ойланып қалады. Бос тұрған ақылының бір бұрышына жазып қояды бұл сөзді. 

Қақпадан енді кіріп келгенде бір мезетте бір сандары бірге қарсы алады Нөлешті. Олардың түрлері біргелкі екен. Бір-бірінен айыру қиын болды. Іштерінен біреуі шығып:

- Не үшін келдің? Бірде біреуіміздің бір минут болсын уақытымыз жоқ. Бос жүргендерді ұнатпаймыз. Не шаруамен келдің? Бірден айт, - дейді 

- Салем бердік. Өздерің біртүрлі екенсіңдер. Ешкім болмасақ та босқа келген жоқпыз. Қонақты былай қарсы ала ма? - деп Нөлеш бір күрсініп қояды. 

Ары қарай Нөлеш сөзін былай жалғастырды:

- Сандардың ең күштісі қай сан екен? Соны іздеп жүрмін. Өздерің түралы бір айтып берсеңдер.

Бір кезде іштерінен біреуі шығып былай дейді:

- Ең күшті сан 1 саны. Өйткені біз барлық жұмысты бірге істейміз. Үш 1 саны бөлек тұрса күші 3-ке тең болады, қатар тұрса күші 111-ге тең болады. Бұған қоса біз күніне бір рет ұйықтаймыз және бір рет тамақ ішеміз. Біздің мағынамыз өте үлкен : Алла бір, бас біреу, отан біреу, туған жер біреу, ана тілің біреу т.б.

Бірлер біртіндеп тарай бастайды. Нөлеш Бірлікте бір күн қонақтаған соң бірлердің арасынан Біржан деген біреу нөлмен бірге аттануға шешім қабылдапты. 

Бір қызығы, кейде екеуі бірге жүргенде он санына ұқсап кетеді екен. Жолда жүріп бара жатып Біржан Нөлешке:

- Мен сенің сол жағынан жүрейін, он есе күштірек көрінейік, - деп қалжындап қояды.

Нөлешпен Біржан екілер əлемі Қосшыға жақындап қалады. 

Екілер елінің қос қақпасы көрінеді. Екеуі ішке кіріп қалаға көз салады. Екілер жұп болып қана жүреді екен. Екілер екі-екіден келіп екі қонақтың қасына жинала бастайды. Біраз уақыттан кейін 222 екілік жиналып қалады. Ішенен екі екілік шығып:

- Қош келдіңдер. Екеу болып келгендерің бізді қатты қуантты. Қандай себеппен келіп қалдыңдар? - деп екеуі қосылып сөйлейді.

- Біз ең керемет санды іздеп жүрміз. Сіздер бұл жайлы не ойлайсыздар? - деп үн қатады Біржан. 

Сонда басқа бір жұп шығып:

- Біз екілердің мағынасы терең. Барлық заттар жұп болып келеді. Оң-сол, төмен-жоғары, суық-ыстық, т.б. Оған қоса кол екеу, аяқ екеу, көп нəрсенің терісі болады: ақ-қара, көп-аз дегендей. Сондықтан екінің орны ерекше, - деп мақтанышпен əңгімесін аяқтайды.

Қосшыда екі күн болған соң оларға Жұпар деген екі қосылып, үшеуі үштер еліне аттанады. 

Жолда сиқырлы ағаш кездеседі. Ағаш оларға:

- Қайда бара жатырсыңдар? - деп сықырлап сұрайды. 

- Біз ең күшті санды іздеп жүрміз. Сен білесің бе? - дейді Жұпар.

Тап сол мезетте төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз және он сандары өздері келіп қалады. Нөлеш тұрып:

  - Әркім өз қасиетін түсіндірсе. Біз кімнің керемет екенін аңықтау үшін келдік, - дейді.

Төрт: төртеу түгел болса төбедегі келеді. Алтауы ала болса ауыздағы кетеді, - деді.

  Осы сөзден кейін алты саны ашулана бастайды. 

Бес: Бес саусақ бірдей емес, - деді.

Алты: Алтыбақан тебуді үйрете аламын. 

Жеті: Жеті атамды білемін.

Сегіз: мен сегіз қырлы, бір сырлымын, - деді

Тоғыз: тоғыз құмалақ ойнай аламын, - деп мақтанды.

Он: бір мен нөл менің досым. Онсыз болмайды менің жолым, - депті.

Сонда ағаш:

- Ең күшті санды білу мүмкін емес. Өйткені сандар шексіз. Шексіз болғандықтан бəрін аралап көру мүмкін емес. Əр санның өз ерекшелігі бар, оларды бір-бірімен салыстыру дұрыс болмайды, - деп ойландырып қояды.

- Иә, барлық сандармен көрісу мүмкін емес. Оның соңы жоқ қой - деп таңғалып айтады Нөлеш. Осылайша ол өз сұрағына жауап алады. Нөлештің өзіне деген көзқарасы да өзгереді. Еш нәрсе босқа болмайды екен.

Қазақ тілінде жазылған