Адам қарады: 13 | Жарияланды: 2020-06-12 03:34:45

Адасу

Қаныпезер желөкпелер желігіп,

Тайраңдады тажал жандар керіліп.

Зілді қоғам суық күлді тасбауыр,

Шындық, теңдік күңіренді егіліп.

 

Тұлпар, мәстек, ақыл, сұмдық матасып,

Бір-бірімен бал жаласқан атасып.

Салтанатын құра берді мәңгүрттік,

Асыл арман жер жастана адасып.

Ішімдік пен шегімдікке төселдім,

Жеңістерге рюмкані төседім.

Хошамет пен мақтаулардан шеп бұзып,

Алақанмен қызыл шоқты көседім.

 

Сең соққандай ғасыр бойы адастым,

Адастырды, талай түпсіз жар бастым.

Соқыр тұман әудем жерді көрсетпей,

Күреңіткен бір жарыққа жармастым.

 

Бойымдағы “бес парызда” жоғалды,

Харам аспен жүрек зорға соғады.

Тіл мүгедек, өктемдіктен өкірген,

Еңсем түсіп, ғазиз жаным тоңады!

Қазақ тілінде жазылған