Адам қарады: 56 | Жарияланды: 2020-06-12 03:41:32

Ұрланған бүйрек

      Үшінші сынып оқушысы Елдостың ата-анасы шетелден тарихи Отаны- Қазақстанға көшіп келген. Қазір Алматы қаласы маңындағы ауылдардың бірінде тұрады. Елдос осындағы бір мектепке оқуға қабылданады. Ол алғашында сыныптастарын жатырқаса да, біртіндеп балдай батып, судай сіңе берді. Достары ылғи да қоршап алып, қызықты әңгімелер айтқызатын. Бірде олар:

  • Әлгі Арман досыңның жоғалып, табылғанын айтшы. Ол аман ба екен?-десті.
  • Қайдан аман болсын! Елдостың осы сәтте бал-бұл жанып жүретін ақсары өңі қуқыл тартып, жылы жанарын суық үрей билегендей болды. Достары да аз-кем кідірістен соң жақындаса ынтығысты.
  • Оның жоғалып кеткенін мектеп оқушыларының бәріне хабарлап: «Көрсеңдер бізге, ата-анасына, полицияға хабарлаңдар», -деді.Бірақ ешкім көрмепті. Ата-анасы бізге көрші еді. Біздікіне жиі келіп, зар еңірейді. Бізде қосыла жылаймыз. Мен оны қатты сағына бастадым.... Ешқайдан дерегі шықпады.Амалымыз таусылды.

Бір күні әкесі: «Бүгін тұп-тура 8 күн болды», -деп кемсеңдеп отырған. Біз солардың үйінде едік. Кенет есік ашылып, еңсесі түсіп, беті қуарып кеткен Арман баяу басып кіріп келеді. Мен қорыққанымнан қалшиып қалыппын. Әке-шешелеріміз таласа-тармаса құшақтап, бетінен сүйіп, жыласып жатыр...

  • Ол өзгеріп пе?- деді таңырқап тұрған достарының бірі тағатсыздана. Елдос көздері бажырая, қолдарын соза көрсетіп:
  • Өзгергенде қандай, арықтап кетіпті, бұрын былай семіз, дәу еді. Үлкендер «қан- сөлі қалмапты»,-дейді.

Аздан соң оның киімдерін шешіндіргенде бәрі: «Ойбай!»-деп шу ете түсті.

Үрей билеген достары бір-біріне одан бетер жалтақтаса ентелеп, танаулары желбіреп кетті:

  • Тез айтсайшы, не сұмдық болған?

Оң жақ бүйіріне ақ дәкі қойып , оны пластрмен жапсырып тастапты. Шешесі жапсырғандарын ақырын алған еді, бүйірін тіліп, оны қайта тігіп қойған екен. Тігілген жері әлі көгеріп ісіп тұр. Арманды олар ауруханаға апарып, тексертіп келді. Бәрі көңілсіз.

  • Сонда не болған өзі?
  • Не болушы еді, оң жақ бүйрегін белгісіз біреулур ұрлап алыпты.
  • Мәссаған, полицияға айтпады ма?
  • Айтты, ұрылар ақыры табылмады. Арман түстен кейін мектептен үйіне қайтқанда біреулер: «Келе ғой, мына шоколадты  же, қорықпа, машинаға отыра сал, бізде сендер жаққа барамыз,»- деп көлігіне отырғызған... Одан әрі не болғанын білмейді екен.
  • Ақыры қалай келді?
  • Қараңғы түскен кез болатын. «Жүр, үйіңе апарамыз,»-деп жақын бұрылыс көшеден көліктен түсіріп кетіпті. Ол үйінен шықпай жатты. Дәрігерлер: «Көп қозғалмасын,» - деп дәрі, укол беріп тұрды. Бірақ не болғанын есіне түсіре алмады. Қайран досым, енді не болар екен деші?! Олар да көшіп келсе, жақсы болар еді...

Елдостың жанарынан жанашырлықпен сағыныштың мөлдір тамшылары домалап кетті. Мұңайған достары да үн-түнсіз қалды.

Қазақ тілінде жазылған