Адам қарады: 710 | Жарияланды: 2020-06-18 02:50:26

  Аспанкөл,  ғарыштан  келгендер  және  ержүрек  үш  бала

хикаят 

   Ауыл шетінденгі үйден әтеш  шақырды. «Ку-ка-ре-ку-у-у-у!» – деп таңғы мүлгіген тыныштықтың шырқын бұзған барылдақ дауыс  Асанға етене таныс болатын. Онсыз да ұйқылы-ояу жатқан. Түні бойы алдағы жорықтың жоспар-ын пысықтаған ойша. Достары Қайсар мен Айдын да бұған сенгендіктен ғана бірге бармаққа сөз беріскен. Сонда бұлар қайда бармақшы еді? Әлі-әзірге ол туралы үшеуінен басқа жан баласы білмеуге тиіс. Тағы да әтеш шақырды. Бұл мүлде басқа дауыс. Сыбызғының үніндей сызылып шықты. Нақ бір симфони-ялық оркестр ойнағалы жатқандай. Шиқылдаған және бір әтештің ащы даусы алыс-та-ан құмығып естілді. Асан лып етіп төсегінен жеңіл көтерілді. Қашанғы үйренген дағдысымен алдымен төсегін жинады. Мұздай сумен жуынды. Сосын аяғының ұшымен жүріп, кеше күндізден  қамдастырып қойған жорық жабдықтарын қолына ұстап, ауладан шықты. Көшенің екінші басынан өзіне қарай келе жатқан екі адамның сұлбасынан достары Қайсар мен Айдын екенін Асан бірден таныды. Достар бір-бірлерімен төс қағыстырып амандас-ты. Сыбырласып сөйлесті.

  – Кешегі айтқан нәрселердің бәрін түгел алдыңдар ма?–деп сұрады олардан Асан.

 –Иә.

 –Бәрі тастай!

 –Ендеше жолымыз болсын. Кеттік!

   Үш дос ауылдан шыққанша аяқтарының тықырын білдірместен жүруге тырысты. Әйтпесе ауылдың шәуілдек иттері үріп, мазаны алады. Үлкен кісілердің ерте оянатындары болса, бұлардың жорықтары сәтсіздікке ұш-ырауы да мүмкін ғой. Өйткені ауыл балаларына үш дос беталған тұсқа қарай баруға қатаң тиым салынған. Балалар түгілі ол жаққа ауылдың үлкендері де бара бермейді...

   –Күн шыққанша Ұлартаудың етегіндегі орманның шетіне ілігуіміз керек,–деді Асан достарын асықтырып.

   –Түске дейін жетсек те жақсы ғой,– деп Айдын өзінің жағдайын аңғартқандай болып еді, бірақ оның сөзін Қайсар бөліп жіберді.

   –Айдын, жүгіңді ауырсынып келе жатқан болсаң, Асан екеуміз бөлісіп алайық. Денең ауыр болған соң аз қимылдайсың, сосын тез ентігіп қаласың. Солай ма?

   –Қайсар, Айдын қыз емес, ұл ғой. Оның үстіне иығындағы жүгі де біздікінен ауыр емес. Тек мына таңғы таза ауамен еркін тыныстап, ширақ қимылдасақ жолдың қашықтығы білінбей де қалады. Сен оның толықтығын бетіне басып айта бергеніңді қойсайшы. Алдағы оқу жылынан бастап менің Айдар ағам мектебімізге қазақша күрестен жаттықтырушы болып жұмысқа орналасатын болды. Айдын спортпен, оның ішінде Айдардың қоластында қазақша күреспен айналысатын болады. Солай ма Айдын?

   – Дәл солай.

   –Міне, естідің бе, Қайсар. Ендеше ауылымыздың болашақ чемпионымен дос екенімізді мақтаныш етейік.

   –Асан, сен шын айтып келесің бе?

   –Әрине шын айтамын. Менің өтірік айтқанымды қашан көріп едің?

   –Олай болса мен де жазыламын күреске. Қазір ұлттық спортқа дұрыс көңіл бөліне бастады ғой.

   –Бірақ сен күрестен гөрі төбелеске бейімсің ғой. Бокспен әйтпесе спорттың басқа түрімен айналысқаның жөн сияқты...

  –Сен не, Асан, менен палуан шықпайды деп айтпақшымысың сонда?– деп Қайсар досына ренжігендей бұрылып қарады.

   –Жоғ- ә. Олай демедім. Тек сен Айдын екеуіңнің салмақтарың тең емес қой. Сондықтан екеуің кілемде бір-бірлеріңмен кездесе алмайсыңдар ғой. Әйтпесе...

   –Иә, әйтпесе не болмақшы?–деп Қайсар одан сайын қызына түсті. Бірақ Асан сабырлы күйін бұзбастан Қайсардың жүзіне сынай қарады.

   –Неге үндемейсің, Асан?–деді Қайсар одан сайын шыдамсыздыққа бой алдырып.

   –Әйтпесе Айдын сені ұршықша үйіріп, аяғыңды аспаннан келтіре допша лақтырғанда бір жеріңді майып қылады ма деп қауіптенемін.

   –Сен де айтасың-ау, Асан. Бұл аюдың қопал қонжығындай қорбаңдап мені ұстаймын дегенінше-ақ мен мұның өзін қапы қалдырып, кілемге басымен қадармын-ау,–деп Қайсар енді сол жағында келе жатқан Айдынға бұрылып, қарқылдай күлді.

   –Оны уақтысында көре жатармыз. Әлі оған дейін біраз уақыт бар ғой алда. Күшіңді сарқымай тұра тұр,–деп Айдын да мырс етіп күлді де қойды.Бірақ оның сабырлылығы Қайсардың одан сайы қыдығына тигендей болды.

   –Әлде қазір-ақ күресеміз бе?–деді ол.

   –Несі бар, күрессек, күресейік!–деп Айдын да шап ете қалды. Екі дос кілт тоқтай қалып, иықтарындағы жолдорбаларына жармаса бастап еді араға Асан келіп килікті.

   –Сендердің естерің дұрыс па ей? Тапқан екенсіңдер күш сынасатын жерді.  Алдағы түні бізді не күтіп тұрғанын кім біледі?! Жә, онан-дағы жолымызды өндіріп алайық жылдамырақ жүріп. Қане, басыңдар аяқтарыңды!–деді даусын қатқылдау шығарып.

    Шығысқа қарай бет түзеген түйелі керуен сияқты өркеш-өркеш болып созылып жатқан көз ұшындағы көгілдір таудан бірнеше құлаш бойы Күн көтерілген кезде он үш-он төрт жастар шамасындағы үш бала тау етегіндегі жасыл орманның шетіне іліккен болатын.

   –Осы арадан бір шақырымдай жерде сандық тастар кездеседі. Сол маңда бұлақ бар. Суы тастай, тастың астынан қайнап шығып жатыр. Сонда жетіп аялдаймыз,–деді Асан. Сөйтті де жоғарыға қарай өрмелей жөнелді. Қалың ағаштардың арасындағы жалғызаяқ соқпақпен бірінің соңынан бірі  жүріп отырып, олар бір кезде Асан айтқан бұлаққа да келіп жетті. Айналасына қызыға да таңдана көз жіберген Қайсар мен Айдын таңданыстарын жасыра алмады.

   –Мына жер шынында да керемет сұлу ғой ә! Нағыз жер жәннаты біздің жақта екен-ау!

   –Жұрттың ауыздарының сілекейі шұбырып айтатын әлгі Швейцарияң да осындай-ақ болар-ау. Шіркін, осындай көз тоймайтын сұлу табиғаты бар біз қандай бақытты балалармыз!–деп Айдын да досының сөзін қостай сөйледі.

   –Біз ертегідей ғажайып өлкенің шет пұшпағын ғана басып тұрмыз. Әлі Ұлартаудың басындағы Аспанкөлге жеткенімізде нағыз жұмақты көресіңдер! Енді бір сәт аялдап, жүрек жалғап алайық,–деді Асан. Балалар иықтарындағы жолдорбаларындағы үйден ала шыққан тамақтарын жеуге кірісті. Тасбұлақ-тың мұздай мөлдір суынан ішіп, рахаттанды.

   –Мына тастарды кәдімгі жүк жиғандай етіп қолмен қалағандай екен ә,–деп таңданды Айдын нанын жеп отырып.

   –Қыздың жиған жүгіндей де. Сенен де бұрын осында болғандар бұл сөзді талай айтқан болар. Оған мына тастардағы қолтаңбалар куә. Қарашы қаншама адамдардың есімдері жазулы тұр. Біз де қолтаңба қалдырсақ қайтеді, Асан?

   –Болмайды! Ол әдепсіздік болады. Біріншіден, ол ерлік емес. Ал екіншіден, басты мақсатымызды естен шығармаңдар. Қане, қозғалайық!–деп Асан сөзін келте қайырып, жолдорбасын иығына асынды да жоғарыға қарай сергек көңіл күймен адымдады. Жол бастапқыға қарағанда қиындай түсті. Жаяу жүргінші болмаса, мына арадан аттылы адам өте алмастай екен. Жыланша ирелеңдеген жалғызаяқ сүрлеуді жол деп айтуға да келмейтіндей. Кей жерлерде найзадай шаншылған үшкір тастардың арасынан бір қырыңмен қысылып өтуге тура келсе, кей жерлерде тізеңді тіреп, төрттағандап көтерілесің. Мұндай жерлерге келгенде етжеңді Айдын қатты қиналды. Асан әрдайым оған қолұшын созып, көмектесіп отырды. Өйткені ол мұндай жерлермен бұрын да талай жүрген. Ағасы Айдармен және қалада тұратын туыстарының институтта оқитын ересек балаларымен келгені бар. Оның үстіне Асан бауыры Айдарға еліктеп, бала күнінен спортпен шұғылданды. Бір сөзбен айтқанда шыныққан шымыр бала.

   Әншейінде өзін шымырмын деп құрдастарына күш көрсетуге және олардан үстем болуға тырысып жүретін Қайсардың да жағдайын мына қияметтің қыл- көпіріндей көрінген тау соқпағы әшкерелеп бергендей болды. Бірақ азамат екен, әзірге сыр алдырмай келеді. Онысын Асан ғана сезген. Тек ештеңені байқамағандай үнсіз жоғары өрмелеп келеді. Балалар биіктеген сайын тау баурайының ғажайып сұлулығы барынша жарқырай көрініп, көзіңді арбай түскендей. Сыңсыған ормандағы құстардың нешетүрлі сайраған үндеріне құлағыңды түріп, қиялдың қанатында тәтті сезімге берілгің келеді. Биік қайың-қарағайлардың басында жүрген тиындар да бағана бұлардың алақандарынан нанның уағын жегелі бері қалмастан жарысып келе жатқандай.

   –Біздің тимейтінімізге бұлар да сенген сияқты. Көрмейсің бе, тіпті үркейін де демейді ә,–деп Қайсар бір сәтке қарағайдың төменгі бұтағына дейін түсіп, бұларға қарап отырған сұп-сұр тиынды тамашалағандай тұрып қалды. Айдын оған жанқалтасындағы бір түйір құрттың малтасын ұсынды. Оның алақанындағы малтаға тиын алдыңғы екі қолын созып, біраз иіскелеп  тұрды да лып еткізіп азуына сала қойды. Сөйтті де ағаштың ұшар басына қарай көз ілеспейтін жылдамдықпен өрмелей жөнелді.

   Таудың бас жағынан ұлар сайрады. Жоғарыға қарап, таңғалғандай бір сәт үнсіз тұрып қалған Асанға Қайсар тіл қатты:

   –Асан, саған не болды, қорқынышты бірнәрсе  көзіңе түсті ме?

   –Ұлардың сайрағанын естіп тұрсың ба?

   –Ұлар дейсің бе, кекілік болар бәлкім.

   –Жоқ. Бұл ұлардың сайрағаны. Олар біздің келе жатқанымызды сезді ғой. Өте сақ құс. Олар жайылған кезде міндетті түрде біреуі қарауылдап тұрады. Көрдің бе, ендігі олар бой тасалап та үлгерген шығар. Адамдардың көзіне көп түсе бермейді. Бұл тауда ұлар көп. Олар адам аяғы бармайтын биік тауларды мекендейді. Ұлартау деп бекер айтылмаса керек. «Ұлартауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?» деп ата-бабаларымыз тегін айтпаған. Өйткені ұлардың еті адамға өте ем болады. Әрине оны ұстау да оңай емес...

    Балалар енді таудың басына қарай емес қиялай жүріп отырып оң қапталға қарай бет түзеді. Ескі сүрлеуді мүк басыпты.  Бұрын-соңды адамның табаны мүлде тимегендей, жүрісті баяулатып жіберді. Әлде адамдар мұнан басқа соқпақ салып алды ма екен деп ойлап қойды Асан іштей. Әйтпесе Аспанкөлге келетін туристердің соңғы кезде саны көбейген деп естіген біреулерден. Қалай болғанда да енді біраз жер жүрсе көлге де жетіп қалмақшы. Бұған Асанның көзі анық жетеді. Төбе жақтан тас домалады. Жұдырықтай бір тас балалардың басынан асып төмен барып тарс етіп құлады.

   –Біреу бізге әдейі лақтырған сияқты. Жоғарғы жақта біреу бар!–деді Қайсар. Балалар таудың ұшар басына көз жүгіртті. Бірақ қалың ағаштардың тасасынан ештеңе көрінбеді.

   –Аю шығар мүмкін,–деп Айдын да өз ойын білдірген.

   –Аю да емес, адам да емес. Бұл тау арқары. Олар суға түскен болса керек. Енді жоғары өрлеп бара жатыр,– деп Асан арқарларды көріп тұрғандай сенімді сөйледі.

   –Сен оларды көргендей айтасың ғой тегі. Қане, қай жерде кетіп бара жатыр?–деді Қайсар қалың қарағайдың арасына үңіле түсіп. Осы кезде балалардың артжағынан тағы да тастар ыршығандай болды.

   –Ал келіп қалды, Қайсар!–деп Айдын досының қолынан шап беріп ұстай алды.

   –Кетшей әрі!– деді ол Айдынның өзін кейін итеріп. –Қаңғыған тас басымызға келіп тисе көрерсің жылағанның көкесін!

   –Енді қорықпауларыңа болады. Көрдіңдер ме тастар артжағымыздан домалап жатыр. Демек олар өтіп кетті. Таудың көркі ғой бұл жануарлар. Әт-тең жаулары көп демесең. Екі аяқтысы да, төрт аяқтысы да жетеді.

   –Бұл тауда марал да, бұғы да бар дейді ғой ә, Асан?–деді Айдын.

   –Иә, болған. Бүгінде олардың да саны кеміп кетті ме әлде басқа жаққа ауып кетті ме екен әйтеуір көрінбей кетіпті. Толымбай ата былтырғы жылы менің атам қайтыс болғанда екі-үш күндей біздікінде қонып жатқан. Сонда нағашы атам екеуі әңгімелесіп отырғанда айтқаны бар. Өткен замандар жайындағы әңгімелерді көп біледі екен.

   –Енді сол әңгімелерден бізге де айтып берсей,–деп Қайсар Асанды қолқалады.

   –Иә, Қайсар, дұрыс айтасың. Айтып берші, Асан,–деп Айдын да оның сөзін қостап қойды.

   –Дегендерің болсын, жарайды айтам. Тек көлге жетіп алайық. Көл туралы да Толымбай атам талай қызықты әңгіме айтқан. Сәл шыдай тұрыңдар. Әне, көлге де жетіп қалдық,–деді Асан алдыңғы жаққа саусағын шошайтып.

Балалар Асан нұсқаған тұсқа қарап еді құмыра сияқты қазан шұңқырдың түбінде тостағандай ғана айнадай жылтырап жатқан көлді көрді. Көлдің айналасы сыңсыған қалың орман екен. Бұлар төбеден енді төменге қарай жүрді. Таудың қызыл түсті қиыршық тастары аяққа батып, кей жерлерден табан тайып, балалардың жүрістері қиындады. Бірақ бұл олардың көлге жетсек деген құмарлықтарын жеңе алмады. Бұлар жүріп келе жатқан соқпақтың екі жағы тобылғыға тұнып тұр екен. Әр жер әр жерден тасжидек кездеседі. Жемісінің исі танауды қыдықтап, мұрын жаратындай.

   –Охо! Мынаны қараңдар!–деп Айдын екі-үш түйірін жұлып аузына салды да қайта түкіріп жіберді.–Қышқылын-ай бәтшаһардың! Аузымның ішін ұйытып жіберді-ай!

   –Әлі мұның пісетін уақыты болған жоқ қой, – деді Асан.

Көлдің суы гранит тастармен, ұйыса біткен қалың көк шөптермен бауырласып жатыр екен. Судың бетін жапырақтар басып кеткен бе әлде астынан өсіп шыққан балдыр шөптер ме әйтеуір шөп басып кеткен сияқты. Кәдімгі қаттап қаланған кітаптар сияқты гранит тастар қоршап тұр екен. Көлдің суы жаңа әлгінде ғана  қоңырқай болып көрінген сияқты еді, енді тіпті көгілдірленіп, мүлде басқа түске айналып кетті...

   –Ассалаумағалейкум! – деді Асан бар даусымен айғайлап. Оның дауысынан тау жаңғырықты.

   –Ей, сен жындандың ба? –деді бұған Қайсар.

   –Мен көлдің иесімен амандасып тұрмын... Мына қызықты қараңыз: табиғат селк етіп ұйқысынан оянғандай, салқын лепті самал есті. Көлдің беті толқынданып, айналадан бір  сусыл естілгендей болды. Бұл құбылысқа бала- лардың үшеуі де куә болды.

   –Сен бақсы шығарсың, Асан! – деп таңданды Қайсар.

   –Мен шынында да мына көрініске сенер-сенбесімді білмей тұрмын, Асан! – деп Айдын да аң-таң.

   Бірақ достарының сөзіне мән бермегендей Асан  оларға жауап қайтарған жоқ. Үнсіз иығындағы жолдорбасын жерге қойып, айналаны көзімен шола бастады.

   –Ана бір тегістеу жерге жайғасайық. Шатырымызды сол араға тігеміз, –деп өзі солай қарай беттеді. Айдын мен Қайсар да оның соңынан ерді.

   –Алдымен суға түсіп, біраз салқындап алсақ қайтеді, – деді Қайсар үнсіздік-дікті бұзып.

   –Түссек, түсейік. Сен не дейсің, Асан?– деп оны Айдын да қолдай кетті.

   –Сәлден кейін шомыламыз. Қазір аздап тамақтанып, терімізді басып алайық. Әйтпесе мұздай су... деп келе жатқан Асанның сөзін Қайсар бөліп жіберді.

   –Әйтпесе не болушы еді? Су перілері тартып әкетеді ме?

   –Адамның дене қызуы көтеріліп, терлеп тұрып мұздай суға түскенде аяқтардың тамырлары тырысып, тартылып қалатыны бар. Бұл туралы талай естігем. Бұл көлге күннің көзі көп түсе бермейді. Қараңдаршы айналаға. Кәдімгі ұра сияқты емес пе, айналасын қалың орман қоршап, мына тіп-тік жартастар күннің көзін қалқалап тұрған жоқ па? Бұл бір жағынан көл суының булануына да, құрғап кетуіне де жол бермейді.

   –Шынында да бұл көл қашан және қалай пайда болды екен ей... Бұл сұрағының жауабын кім айтар екен дегендей, Айдын екі досына кезек-кезек  қарады. – Әрі десең не бұған ағып келіп құйып жатқан өзен жоқ не болмаса бұдан ағып шығып жатқан өзен де жоқ. Қызық ә.

   –Ғайыптан пайда болмаған шығар. Қардың, жаңбырдың суынан жиналған су емес пе. Әйтеуір бір замандарда суалып, құрғайтын шығар, –деп Қайсар оның сөзіне байланысты өз жорамалын айтты. Осылай деп айтуын айтса да ол Асанға қарап, жауап күткендей үндемей тұрып қалды.

   – Сенің болжамыңмен келісуге де болады, Қайсар. Дегенмен бұл көлдің пайда болу тарихына байланысты бірнеше варианттан тұратын аңыз да бар. Көздің шарасындай болған бұл көл аналардың көз жасынан пайда болған екен деген де әңгіме бар. Ерте бір замандарда бұл өлкеде үлкен шайқастар болған екен. Жоңғарлар елімізге жиі шапқыншылық жасапты. Сондай бір шайқастардың бірінде жаудың күші басым болып, қазақтар жеңіле бастапты. Көп адам жаудың қолынан мерт болып, жаралылары да көбейіп кеткен соң олар құдайға жалбарыныпты.

   –Ата жауымыздың жерімізді таптатып, әйелдеріміздің, аналарымыз бен балаларымыздың амандығына қауіп төндірген арам ниетіне тосқаул қойып, осы шайқаста мерт болған және жаралы болғандарымызбен бірге бәрімізді тасқа айналдыршы! – деп аспанға қарап, алақан жайса, Жаратқан иенің қазақтарға ықыласы ауып, тілектерін қабыл қылған екен. Сөйтіп айналаны қоршай осы тастар пайда болып, жаудың әскері шыға алмайтындай мықты бекініс қорған болыпты. Ал тасқа айналған ұлдарының қайғысына аналары қан жұтып, көз жастарын төккенде осы көл пайда болыпты...

     –Енді бұл сөзге бесіктен белі шықпаған жас сәби де сене қоймас, Асан.

   – Қайсар дұрыс айтады, Асан. Шынында да сенімсіздеу сияқты.

   –Оны өздерің біліңдер. Мен Толымбай атадан естіген әңгімені айтып отырмын сендерге. Қалай болғанда да бұл көлдің тарихы болуы керек. Кім білсін, бәлкім бір замандарда жанартау атқылап, соның ошағында пайда болған көл шығар бұл... Оның үстіне бұл көлдің түбі де жоқ дейді ғой. Тереңдігін өлшеген де ешкім жоқ. Өткен жылы қаладан келген бір топ адам көлдің тереңдігін өлшемекші болған екен. Бірақ олардың жоспары күтпеген жерден бұзылыпты...

   –Сонда не болған?

   –Көл тартып кеткен шығар.

   –Айдардың айтуынша тасқа байлап қойған екі жүз метрлік арқандарын белгісіз бір нәрсе судың түбіне тартып әкетіпті...

   –Ол қалай сонда?

   –Су перісі бар шығар немесе әлдебір құбыжық болар...

   –Құбыжығыңды білмеймін, бірақ суперісінің бар екеніне сенгім келеді.

  –Оны да Толымбай ата айтты ма саған?

   –Иә. Ерте замандарда мұнда аңдардың неше түрі болыпты. Адамдар ол уақытта аңға садақпен шығады екен ғой. Қазіргідей мылтық атып, аңдарды үркітпеген. Олар көбінесе арқарлардың марқасын не тоқтысын, немесе киік, қарақұйрықтың марқа төлдерін садақпен атып алатын болған.Аңды сойған соң оның қарнына толтырып тау пиязын, жабайы жуа мен тұзды қоса салып, жайдақ жақпар тастардың қазан сияқты шұңқыр жерін тауып, үстіне от жағып пісіргенде ет кәдімгі қазанға пісіргеннен анағұрлым дәмді болады екен...

   –Сен суперісі туралы айтамын деп едің, не айтып кеттің өзі?– деп Қайсар Асанға тақырыптан ауып кеттің ғой дегенді аңғартты.

   –Мен тақырыптан ауытқыған жоқпын, Қайсар. Міне, сол уақытта осы өлкеде байдың жылқысын бағатын бір жас жігіт болыпты. Өзі тартқан садағының жебесі мүлт кетпейтін асқан мерген әрі әншілігі бар сері жігіт екен. Бұл өңірде оған ғашық болмаған қыз қалмайды. Бірақ оның көңілі байдың қызына ауып, онымен кездесіп, тілдесудің сәті түспей жүріпті. Содан күндердің бір күнінде жігіт алдынан қашқан маралды қуып келе жатса ол лездің арасында көзден ғайып болады. Бұған аң-таң болған жігіт жүріп келе жатып, тау басындағы айна көлге кез болады. Шыңның басында сандық таста отырып, сыбызғы ойнаған перінің қызындай сұлу қызға көзі түседі. Жанға жайлы сыбызғы үніне айнала төңірек түгел елтіп тұрғандай. Сөйтсе жаңа әлгінде ғана алдынан қашқан марал судың ортасында тұр екен. Ол да сыбызғы әуеніне ұйып қалыпты. Содан жігіт маралды атуға батпайды. Енді ол да сыбызғы үніне құлақ түреді. Қанша уақыт өткені белгісіз, бір кезде жігіттің астындағы аты кенеттен осқырынып қалады. Екі құлағын қайшылап, ащы дауыспен кісінейді. Жан-жағына қараса, әлгі қыз отырған жартасқа қарай арыстан өрмелеп барады екен. Жігіт дереу атынан секіріп түседі де садағын қолына алып, қызға қарай ұмтылады. Жүз қадамдай жерден садағын шірене тұрып тартып жібереді. Ысқырып оқтай зымыраған жебе арыстанды қызға жеткізбестен тоқтатады. Ол арс етіп артқа серпіледі. Оның ақырған дауысы тауды жаңғырықтырады. Енді ол жігітке қарай кері бұрылып, қарсы шаппақшы болады. Бірақ жігіт те оған жақын келіп қалған еді. Қорамсағына тастан тасқа секіріп келе жатып-ақ қол салып үлгірген мерген келесі жебесін арыстанның екі көзінің ортасынан қадайды. Аспанға секіріп барып мерт болған арыстан биік құздың басынан төменге қарай құлап түсіпті. Осы көрініске куә болған бойжеткен қашан жігіт қасына жеткенше қозғалмастан қалшиып тұрып қалыпты. Бұл жігіттің қолы жетпей жүрген байдың күндей сұлу қызы еді...

   Содан кейін қыз бен жігіт осы шыңның басында оңаша кездесіп жүреді. Екеуінің көңілдері жарасып, өмірлік бірге болуға уәделеседі. Бірақ екеуінің  көңіл жарастығын сезіп қойған бай қызын  үйқамақта ұстап, басқа бір баймен құда болып, тез ұзатып жібермекке бекінеді...

   Жігіт қызбен кездесуге күн сайын келеді. Бірақ қыз келмей қояды. Ғашық-тық дертіне шалдыққан жігіттің жайынан суперісі де хабардар еді. Бірде жар-таста отырып мұңды ән айтқан жігітке суперісі шығып, былай деп тіл қатады:

   –Сенің ғашығың енді мүлде келмейді! Оны әкесі зорлап байдың баласына ұзатқалы жатыр. Бірақ қыз сені ғана жақсы көреді. Сен қамықпа. Ол келеді. Тек сенімен қоштасу үшін келеді. Мен сендерге көмектесемін!

   –Сен бізге қалайша көмектеспекшісің?– деп сұрайды суперісінен жігіт оның сөзіне сеніңкіремей.

   –Екеуің қол ұстасып бірге секіріңдер! Қорықпа, өлмейсіңдер!  Менде сендерге арналған арнайы сарай бар. Сонда тұратын боласыңдар...

   Айтқанындай-ақ келесі күні қыз келеді. Сағынысқан екі ғашық мәңгі бірге болу үшін құздың басынан көлге секіреді...  Содан бері олар осы көлде бақытты өмір сүріп жатыр екен. Олар түнде судан шығып, суперісімен бірге көл бетінде сайран салады дейді,– деп Асан әңгімесін бітіргенде айналаны көйленке басып, көл жағасынан уілдеп жел тұра бастады. Әп-сәтте аспанға қара бұлттар жиналып, күннің райы нілдей бұзылды.

   –Бұл қалай болғаны?–деп Қайсар аң-таң.

   –Мен де түсінбедім, Асан. Бұл не?

   –Біздің келгенімізді ұнатпады. Жаңа шатырымызды көл жағасынан алысыр-ақ апарып тігуіміз керек еді...

 –  Онда не өзгереді дейсің? Қорқып тұрсаң,  кетейік бұл жерден,– деді Қайсар.

   –Мен қорқатын болсам, сендерді қолқалап, мұнда әкелмес едім ғой. Онан-дағы сен өз міндетіңді атқаруға кіріс. Фотоаппаратың қайда?

   –Жолдорбамда.

   –Сен оны не үшін алып келдің? Көл бетіндегі құбылыстарды түсіреміз деп келіскен едік қой. Ал түсір мына ауа райының қалай тез өзгеріп жатқанын.

   –Ғарыштан келгендерді түсіреміз дедік қой. Біраз күте тұрайықта...

    Қайсар мен Айдынның суға түсіп салқындайық деген жоспарлары орындалмады. Көлдің беті толқынданып, жел күшейе тісті. Желдің суықтығы балалардың денесін мұздата бастады. Құрғақ ағаштарды жинастырып, от жақпақшы болған әрекеттерінен де ештеңе шықпады...

    Айналаны қараңғылық басты. Үш дос шатыр ішінде үнсіз отыр. Қолшамның жарығымен бірінің бетіне  бірі сұраулы кейіпте қарағыштайды. Бірақ сұрақ қойған да ешкім жоқ. Жауап берген де ешкім болмады. Бұлай отыра беруге болмайтынын түсінген  Асан достарының көңілін басқа нәрсеге аударғысы келді.

   –Баяғыда Алдаркөсе сияқты бір қу адам болыпты. Атын ұмытып отырмын. Бейнелі түрде  Айдын дей салайын.

   –Неге Айдын болуы керек? Қайсар деуге қорқасың ба?

   –Алдарға ұйқастырып Айдын болсын дегені шығар енді. Онда тұрған не бар ей.

   –Жарайды енді. Айдын да, Қайсар да болмай-ақ қойсын.Тек ренжімеңдер-ші. Сонымен әлгі кісі ылғи да байлардан зәбір көріп жүреді екен. Байлар жыл сайын әр ауылдардың қожа-молдаларын шақырып, осы көлдің жағасына жиналып, мал сойып, қымыз сапырып дегендей, қызық думан жасайды екен. Табақ-табақ үйме еттен дәметіп келген әлгі кедей байғұсты дастарқан басына жолатпай қуып жібере беріпті. Олардың өзіне көрсеткен озбырлығына ыза болған кедей байлар мен қожа-молдалар тағы бірде жиналғанында үстіне ешкінің терісінен жасалған кебінді жамылып, иегіне қарнына дейін жететін ұзын сақал жапсырып, биік тастардың арасынан шыға келіпті де, түсініксіз бірнәрселерді айтып айқай салса керек. Оның дауысынан тау жаңғырығып кетеді. Үрейлері қашқан қожа-молдалар бірінен кейін бірі жарыса дұға оқи бастапты. Бірақ үстіндегі киімі мен сақал-шашы жалбыраған әлгі адам кейпіндегі құбыжыққа ешқандай дұға әсер етпейді. Ол биік тастан бері қарай айқайлап түсіп келе жатады. Молдалардың бірі: «Ойбай, шайтан!» деп орнынан домаланып тұра салып қаша жөнеледі. Басқалар да жылан шағып алғандай, алды-арттарына қарамастан жөнеп береді. Жайылған мол дастар-қандағы былбырап піскен ет те, шара-шара қымыз да сол күйі қалады. Қарны шұрқыраған кедей сорлы қарнын әбден тойғызып алады.

   –Шіркін, сол ет қазір болса ғой!– деді  Айдын.

   –Үйден алып шыққан тамағың да аз емес екен ғой.  Қарның ашып отырса, бізден ұялмай-ақ жей берсейші енді!– деп Қайсар оны кекете сөйледі.

   –Ол еттен сен де бас тартпас едің - ау, ә?

   – Болса, әрине ешқайсымыз да жемеймін деп айтпас едік...

    Аспанда нажағай жарқ-жұрқ етті де артынша күн күркіреді. Аспан қақ айрылғандай болды. Тамшылап басталған жауын бірте-бірте күшейіп, кәдімгі нөсер жаңбырға ұласты. Балалар отырған туристік шатыр шелектеп құйған жаңбырға қалқа бола алмады. Жел де күшейіп, кәдімгі дауылға айналды. Үш бала сонда да қозғалмастан отыра берді. Бір кезде балалар отырған шатырдың төбесінен күшті соққы келіп тиді. Біреу сом балғамен соққандай! Балалар бір-бірлеріне қарасты.

   –Бұл не болды екен?!

   –Біреу жүрген сияқты...

   –Босқа дүрлікпейік. Жаңбыр да басылар...

    Бірақ жаңбыр да, дауыл да басылатын емес. Қайта одан сайын үдей түскендей. Тағы да балалардың төбелерінен біреу ұрғандай болды.

   –Асан, шынымен-ақ сыртта біреу бар! Шығып қарасақ қайтеді?– деді Қайсар.

   –Мүмкін артымыздан іздеп келген біреулер болар бізді қорқытып тұрған,– деді Айдын шынымен сыртқа шықпаққа ұмтылып.

   –Отыр!– деді оған Асан жекіп,– сәл сабыр етейік. Бізді баласынып, сынағы- сы келген болар көл иесінің...

   Сырттан мысық мияулағандай болды. Мұны желдің уілдегені деп ұқты балалар. Жаңбыр тоқтамады. Әлден уақыттан соң шатырдың төбесінен біреу тағы да ұрғандай болды. Бұл жолы да балалар анық сезді соққыны.

   –Қап мынының қорлығы-ай! – деп Қайрат сыртқа атып шықты. Асан да, Айдын да оның соңынан ерді. Бірақ сыртта ешкім болмады! Тіпті қыбырлаған қарайған да жоқ! Айнала меңіреу түн. Қап-қара қаратүнек! Көл жақтан соғып тұрған желдің ызғары адамның сүйегінен өтеді. Жаңбыр шелектеп құйып тұр. Үш дос күркелеріне қайта кірмекші болып кері бырыла бергендерінде таңғаларлық бір құбылыс басталды: Аспанкөлдің үстінде жарқырап, қызыл - сары түсті шарлар пайда болды!

   –Қайрат! Фотоаппарат! Бол тез! – деп Асан айғайлап жіберді.

   –Жылдам қимылдасай!– деді Айдын да мына көріністен көз жазып қалатындай шыдамсызданып.

   Балалар жауынның астында ұзақ тұрып қалды. Үстерінің шылқып су болғандарын да, тоңғандарын да елемеді. Қайсар болса  фотоаппаратын шыртылдатып түсіріп жатыр, түсіріп жатыр. Бір кезде көл бетіндегі көп шарлардың ортасында ерекше үлкен екі шар пайда болды. Кәдімгі екі кесені бір-біріне беттестіріп қойған сияқты... Жарты сағаттай уақыт көлдің бетінде қимылсыз тұрып қалған әлгі қос шардың біреуі бір кезде балалар тұрған тұсқа қарай қозғалды. Қорқыныштан гөрі қызығушылығы басым түскен үш дос сол тұрған орындарынан қозғалмастан тұра берді...

   –Асан, фотоаппаратым істемей қалды! – деді Қайсар сасқалақтап. Қайта-қайта тетігін басса да аппарат үнсіз...

  –Күркенің ішіне  тастай сал!– деді оған Асан сыбырлай сөйлеп. Сосын сөзімді біреу естіп қоймасын дегендей, жан-жағына елегізе қарады. Мұн- дайда сөз айтудың өзі орынсыз екенін түсінгендей әрі  неге болсын тәуекелге бел буғандай, үш дос бір-бірінің қолдарынан тас қылып ұстасып алды. Үш баланың төбесіне жақын келіп, биік қарағайлардың арасынан бұларға өзінің қызыл-сары сәулелерін жарқ-жұрқ еткізіп, сығалап ұзақ қадалған үлкен шар бір кезде көзді ашып-жұмғанша ғайып болды! Үш дос түс көргендей сол орындарынан тапжылмай, селтиіп-селтиіп тұрып қалды. Үшеуінде де үн жоқ...

   Күркедегі заттар түгел суға шыланыпты. Жаңбырдың басылатын түрі көрінбейді. Мезгіл түн ортасынан ауған сияқты. Бір кезде көл жақтан оқыс дыбыс естілді. Алыстағы тасүңгірлердің ішінен арыстан ақырғандай күңірене шықты. Әлде Аспанкөлдің терең түбінен шыққан дыбыс па кім білсін. Көлдің беті толқынданып, шарасынан асып-төгіліп кететіндей қатты толқыды.

   –Біздің бұдан әрі мұнда қалғанымыз жөн болмас. Оның үстіне таңды күтсек мына түрімізбен суық өтіп, ауырып та қалармыз. Төменге қарай жылжиық,– деді Асан.

   –Қайтсақ, қайтайық!

   –Аспанкөлдің құпиясын ашамыз дегеніміз қайда?– деп Айдын екі досының жүзіне кезек-кезек қарады.

   –Көрмедің бе не болғанын? Әлде бұл саған аз ба!– деп жекіді Қайрат оған.

   –Зерттеуіңді жалғастырғың келсе, онда өзің жалғыз қала бер осында!– деді Асан заттарын жинастырып жатып. – Көлдің иесі бізге барынша қарсылық білдірді. Қарашы Аспанкөлдің ашуланып жатқанын! Біздің ендігі батырлығы-мыздан  ештеңе шықпас!

   Үш дос малмандай су болған заттарын тез-тез жинастырды да тастай қаранғы қалың орманның арасымен жүріп отырып, көлден алыстай бастады. Мына қызықты қараңыз: балалар Аспанкөлден алыстаған сайын жел де, жауын да басылғандай болды. Ал Ұлартаудың етегіне түсіп аялдаған үш дос бұл жерге мүлде тамшы да тамбағанын көріп, таңғалысты. Түннің қалың пердесі түріліп, рауандап таң да атып келе жатты.

   –Аспанкөлдің құпиясын ешкім де аша алмайды! – деді  Асан.

   –Иә, аша алмайды екен! – деді Қайсар да досының сөзін қостап.

   –Енді не істейміз?  Кейін тағы да келеміз бе мұнда? – деп Айдын екі досына кезек-кезек қарады.

   –Егер пленкасы күйіп кетпесе біраз сурет түсірген сияқтымын...

   –Біз бір нәрсеге келсіп алып, анттасайық, достар! Осы жолғы көзімізбен көріп, куә болған оқиғалар арамызда құпия болсын! Үшеуміз ғана білетін құпия болсын! Сол үшін бір-бірімізге ант берісейік! – деді Асан.

   –Түсірген суреттерді не істейміз?

   –Сенімді бір жерге жасырып қой!

   –Жарайды, сенің айтқаның болсын.

   –Иә, сонымен ант берісеміз ғой?

   Қайсар да, Айдын да үнсіз бас изесті.

   –Олай болса Аспанкөлдің құпиясын ашпауға ант беремін! – деп Асан оң қолын жүрегінің тұсына апарып, сосын екі досына ұсынды.

   –Ант етемін! – деп Қайсар да Асанның істегенін қайталады.

  –Ант етемін! – деді Айдын да. Үш дос білектерін айқастырып, төс қағыстырды. Бұлар бір-бірлерімен құшақтасып тұрғанда  ауыл жақтан Асанның ағасы Айдар бастаған іздеуші топ та жақындап келіп қалған еді.

                                                                                                    

   

  

  

  

 

 

  

  

  

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған