Адам қарады: 69 | Жарияланды: 2020-07-05 03:34:03

Ақиқат жаршысы

   Абай Құнанбайұлы рухына арнау

 

Аспан қақпасын ашады дұға –

Тілеген жер мен ел амандығын...

Тасқа жазуы қашалып тағы,

Келешек шаққа жолдаған жырын.

 

Абайдың әзиз рухына бүгін,

Құран бағыштап, еске аламыз...

Көңілдің нәзік құлпырған гүлі –

Жырмен сусындап өскен, қараңыз...

 

Абайды оқып жатыр барлығы,

Оқиды аспан, оқиды жер де...

Оқиды жүрек қоңырқай түнде,

Шындық иісі аңқыған сөзден...

 

Бастауы болды қара өлеңнің,

Шөлін қандырған қаншама шайыр...

Абайын сүйген далама мені

апарыңдаршы аңсаған сайын...

 

Сағынғанда, «Көзімнің қарасын»,

Тербеліп айтар қара көз ару...

Қарашық –

жыр мен сезімнің арасы,

жалт етіп өткен бала кез, қайран!

 

Қара жер беті – «Қара сөз» ұқсаң,

Сөйлейді жер де өз шамасында...

Ділсізде тіл бар шарасын тапсаң,

Махаббат қана көзқарасында...

 

Абай сезінген ақиқат нұры,

Шағылысты қара өлеңінде...

Құраннан тауып табиғат сырын,

Мән берді әрбір зат әуеніне...

 

Бір айна жұтса Күннің болмысын,

Жаны сіңірген ғаламды түгел...

Жазып өкпесі менен алғысын,

Қас қарайғанда қаламға төнген...

 

Абай боп бүгін толғанады тау,

Ойланады және Абай боп дала...

Күрсінген сонда жалғанға мына,

өлең көзімен қарайлап қана...

 

Түседі еске ақын сорабы,

Абай мен жыры – қазақ дегенде...

Жырынан сезші Хакім дананың,

Құшақ ашқанын ғажап әлемге...

 

Қазақ тілінде жазылған