Адам қарады: 67 | Жарияланды: 2020-07-31 08:31:55

Әкімнің әлектері

  Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып күн болам,-

 деп баласы даусы саңқылдай өлең жаттап отыр еді. Еңсебай оны бірден тыйып тастады:

-Жә, сампылдамай қоя тұр! Ұзақ сонар жиналыстан діңкем құрып әрең келдім. Енді сенің күн-түніңді тыңдайтын шамам жоқ. Бөлмеңе қайқай!-Баласын жанынан бездіріп жіберіп, өзі бітпестей көрінген бүгінгі күнін елестетті. Елестетті де, «бүгінгі қазақ ешқандай да қараңғы емес» деп жақтырмай күңк етті. Халық алдына есеп беруге шыққан әкім есептелгендей екі сағат емес, көпшілік алдында төрт сағат тынысы тарылған болатын. Қарша бораған сұрақтар, шешімін таппай жүрген түрлі мәселелер Еңсебайдың еңсесін езіп жіберді.Еңсесі халықты ойлап езілмеді, өзінің жұптап әкелген жауаптарының жартымсыздығынан салы суға кете жаздады. Он жылда түйінін таппаған мәселе біткенді халық шашау шығармай әкімнің алдына  үйіп-төкті. Артта қалған ауыр күн елестері Еңсебайдың көз алдынан тізіліп өтіп жатты.

   «Жиналысты есеп беру баяндамасынан бастап,бірер сұрақты алдын-ала сықситып, жетім жауаптармен елді жұбатып, тайып тұрамын» деген әкім әдейі кешіге келді.Уағдалы уақыт үш еді, бұл сағат төртте төбесін әрең көрсетті. Келе мінбеге шығып, баяндамасын маңғаздана оқуға кірістіі. Әкім лебізінде жоғары көрсеткішті сандар самсырап, жақсылық жамырап кеткендей естілді. Жерді жалмаған жұмыссыздық деген жалмауызды 9,9 пайызға қысқартқанын айтқанда, Еңсебай ертегідегі жеті басты айдаһарды құртқан батырларша  қоқилана қалды. Байқамай сайға,қырға үй салып алған ақымақтарға мемлекет тарапынан кәдімгі лашықтар берілетінін де бек сеніммен нығарлап қойды.Қалаға қатынайтын қоғамдық көліктердің жаңартылатынын, енді жанар май исі  мүңкіген ескі автобустармен қоштасатындарын айтып, қалың көпшілікті және қуантты. Әсіресе алақандары қызғанша шапалақ ұрып, шаттанып қалған алдыңғы қатарда отырған Еңсебайдың ет жақындары мен  оң және сол қолдары болатын. «Кезек халық көкейінде жүрген сұрақтарды тыңдауға келді. Әкім болып, халқыма жақын болмасам, азаматтығыма сын болмай ма?»- деп Еңсебай  баяндамасын шабыттана бітірді. Сол кезде залдың екі шетіне қойылған қос бірдей дауыс зорайтқыш лезде басшы мырзаның шабармандарының қолдарына ілініп, тырмысты да қалды. Қалайша тырмыспасын, шындықты шыңылдата жеткізетін осы екі-ақ микрофон еді ғой.Әкім  «өзектеріңді өртеп жүрген жайлар болсағ маған тура қазір жазып жіберсеңдер де болады. Мен міндетті түрде оқып, жауап беремін. Егер уақыт қысқалық қылмаса»,-деп сөзін күмілжіте аяқтай салды. Сіріңкедей ап-арық көмекшінің қолындағы микрофон еңгезердей бір мұрттының қолына ауысты. Ол «Ауыл ішінде жеңіл көліктер өте зор жылдамдықпен жүреді. Оларды тексеріп жатқан тірі жан жоқ.МАИ  қызметкерлері ауылды аптасына бір рет болса да жанай өтсе деп армандаймыз»,- деп дегбірсізденді. Еңсебай  барынша бипазданып, семсердей сұраққа суырып салып жауап берді: «Жол жоқ дедіңдер. Жол салдық. Енді сол тақтайдай тегіс жолмен ызғытпай, баппен жүруге болады ғой. Бұдан былай сөйтіңдер.» Алдыңғы қатардағыдар тегіс қол шапалақтады, соңғы лектерде сөз көбейді. Адуынды бір әжей микрофонға таяп келіп еді, дыбыс зорайтқышты зорлықпен ұстап тұрған шабарман оған:«немене, бәрің бірдей айтқыш болып қалдыңдар?! Бір парақ қағаз ал да, жазып жібер!»- деп жарбаң етті. Әңгімесін «Е, мен не көрмедім?» деп бастайтын Қазигүл әже «Сексенге кеп селкілдеген шағымда қалам ұстап қисаятын шамам жоқ. Әкел бері мына пәлеңді!»  деп тарғыл даусымен залды басына көтерді. Сөйтті де сауалын санамалады:«Әкім бала, сен  келіп, жаңа кезең туды ма деп қуанып едік. Е, мына жұмыр бас не көрмеді десеңші! Бәрін қойшы, мына қаусаған кезімде пәтер жалдап тұру жанымды жеп барады. Он балама не қалдырам, не бір пұшпақ жерім жоқ, не бір құжырам жоқ. Өлсем мені қалай, қайда көмеді деп күнде уайым шегемін.Пәтер кезегінде тұрғаныма отыз екі жылдың жүзі болды....» Әжейдің сөзін Еңсебай  бастырмалатып, үзіп жіберді: «Апа, сіз жуық арада өлмейсіз. Бала-шағама не берем деп те бекер сары уайымға салынба. Зейнетақың бар емес пе? Барлықтарыңызға белгілі, биыл зейнетақы мөлшері  9 пайызға өсті. Алаң болатындай алып бара жатқан албастыны көріп тұрған жоқпын.» Әкім осылай деп жадырай күліп еді, қошеметшіл топ  одан асып түсіп езулерін ыржитты. Залды күлкі ұзақ кернегенге ұқсайды, әжейдің орталарынан қашан кеткенін де ешкім аңғармады. Әкім үстеліне үйіліп қалған хаттардың бірін ашып, мәнерлеп оқи бастады: «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты, еңсесі Алатаудан биік Еңсебай мырза! Сіз билікке келгелі,  ішкеніміз айран, жегеніміз тек торт. Қараңғы көшелерімізде Сіз орнатқан шамдар жарқырап тұр.Жаңа мектептер салдыңыз.Оқушылар мен мұғалімдер Сізді ауыздарынан бір тастамай аңыз қылып жүр. Өміріңіз ұзақ, денсаулығыңыз тым-ақ мықты болсын!  Шексіз құрметпен: Алмасыз аулының бір топ тұрғындары.» Хат та оқылып  бітті, сарт-сұрт етіп шапалақ соғылды. Бұл кезде Берменкүл микрофонды алу үшін  шабарманға жауар бұлттай түйіліп тұр еді. Көмекші мырзасына деген адалдығын сақтап, зорлықтағы дыбыс зорайтқышты бермеуге тырысып-ақ  бақты. Берменкүл бермесіне қоймады, «ешкімнің қолына ұстатпайтының бар, бұл  байғұсты жиналысқа несіне әкелдің? Құдайға шүкір, даусым зор, айғайлап та айта аламын!» Микрофон Берменкүлге берілді, ол  асығып-аптығып сөзге кірісті: «Мен-жас маманмын, яғни мұғаліммін. Біздерге берілуге қарастырылған жер бар ма? Мұғалімдердің 99,9 пайызы елдің есігінде күнелтуде.Оның үстіне бізге, мұғалімдерге жалақы қосылмағанына бірнеше жылдан асты. Жыл сайын Жаңа жылда жалақы өсе ме деп дәмеленумен келеміз. Мына жиналған қауымның төрттен үші мұғалімдер ғой...» Микрофон қатты шыңылдап кетті.Темір болса да ащы щындыққа шыдай алмаған тәрізді. Әкім мырза бір қырымен үстелге төңкеріле түсіп, «тоқтаңыз, менің жауабым мынау-мұғалімдерге ешқандай жер берілмейді. Пәтер кезегіне тұрыңдар.Асығатын дәнеңесі де жоқ. Бала-шаға өскенше үйлі болып қаларсың. Мәскеу де бір күнде салынған жоқ қой.» Берменкүл де қояр емес, зор даусымен барылдай сөйлеп, екінші бір мәселенің шетін шығарды: «Бес  мұғалім бірігіп, қуықтай бір бөлмені жалдап тұрамыз.Біз таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыста жүргенде, менің тығып қойған тоғыз мыңымды белгісіз біреулер үптеп кетіпті. Арыз айтып, полицияңа барсам,«тоғыз мың деген сөз болып па, тәйірі?» деп мұңымды күлкіге айналдырды.» Бірінші қатарда шөккен түйедей болып отырған сақшы біткеннің саналысы деп танылған, мемлекеттік аттестаттаудан «қарнына сеніп» шаршамай өткен Өскенбек мына «күстаналауға» шыдамай, орнынан атып тұрмақ болып, ауа қарманып қайта отырды. Тағы ұмтылып, қарны жер сызып, ала көзімен мұғалім қызды атып қарап, оның қолындағы микрофонды жұлып алды: «Осы сөзіңе отвечать ете аласың ба? Қазір аудан бойынша вызыв келсе, мен шесть секунд жетіп барам. Біздің аудандағы тәртіп сақшылары шеттерінен сайыпқыран. Қылмыскерді көзді ашып-жұмғанша құрықтаймыз. Қылмыс жөнінде арыз-шағым түссе, «зерікпейтін болдық» деп қуанамыз. От пен судың арасында халық деп арпалысып жүрміз.» Баяндамасын парақтап отырған әкім жөткірініп алып,қажетті үзіндіні оқи жөнелді: «Біздің аудан қылмыстың алдын алу, онымен күрес бойынша әлемдегі үздіктер қатарына енді.Олар қылмыс орнына тез жетсін деп су жаңа көліктер берілді. Арызды қарамау оқиғасы- біздің аудан тарихында тіркелмеген ерсі құбылыс. Күн-түн демей ауыр қызметте жүрген бұл кісілерді қалай аяласақ та артық емес.» Өскенбектің өркені өсіп, ажары қайта оралды. «Қоғамдық орындардағы тәртіпті атымен түзегенім үшін жоғары жақ маған еліміздің еңбек сіңірген  тәртіп сақшысы атағын тектен-текке берді дейсің бе?»-деп қарсы алдындағы мұғалім қазға шүйліккен қырғидай қарады. Берменкүлдің уәжі де дайын, мұғалім болып жүрген бес жыл ішінде талай тексеру комиссиясының құқайына төтеп беріп, тілі шығып алған-ды. «Қоғамдық көліктерде араққа тойып алғандар жосып жүреді. Бұл қоғамдық тәртіптің қораштанғанына жатпай ма?»-деп тағы бір ақиқатты ақтара салды. Бірақ жауап орнына ұрыс естіді:«Сен шынымен мұғалім болсаң, сол арақ ішкен адамды неге тәрбиелемейсің? Бізді кінәлай бергенше бір уақ өзіңе де қара!»-деген Өскенбек сақшының сөзі қарғаның қарқылындай әсер  қалдырды. Тыныштыққа шақырған әкім мынадай кеңесімен  ұстазды орнына отырғызды: «Ұры түсе берсе, пәтеріңе темір есік сал! Жүйкеңді жұқарта берме, жігіттер айтып отыр, қолды қылғаның  тоғыз мың доллар ма деп қалсам, теңге екен ғой.Тіпті болмаса бір-біріңнің заттарыңды кезекпен күзетіңдер.» Табылған ақылға бірен-саран адам ғана қол соқты. Бұл жолы жандайшаптардың өзі халық алдында желігуге қорқасоқтағандай.Жиналысты жалғастырған да Еңсебайдың халықтан сүйінші сұраған хабарландыруы болды: «Құрметті халқым, ауданымыз жас, жаңа. Сондықтан етектен шалған мәселелер де көп.Бұл-заңды құбылыс.Енді бір айтарым-сол мерейтой құрметіне көп балалы аналарға жүз мыңдап  ақшалай көмек беріп жарылқаймыз. Менің көмекшілерім халық арасында арнайы рейд жасап, батыр аналар мен пәтерде жүрсе де дүниеге сәби әкелуден қорықпайтын батыл аналардың үйлерін аралап, тиісті жәрдем жасайды.» Біреу «сүйінші» десе, «қалағаныңды ал!» дейтін қазақтың бірі ме, әлде әкімге жақын пенделерден екені белгісіз, төбесіне ақ тақияны төңкере салған бір шал шығып, бата беруге емеурін білдірді.Оның қолына микрофон еш айқассыз оңай берілді. Жаттап алған бірдеңесін жыпылдата айтқан шал заматта бетін сипады. Әкім «маған халықтың батасынан артық ештеңе керек емес» деп елжірей қалды.

   Осы көріністерге жан бітіп еді, Еңсебай өзін жиналыста отырғандай сезініп, абыржып  кетті. Жанталасып жан-жағына қарап, үйінде екенін түйсінді: әдеттегідей төңкерілген қарнының астында сүйікті жұмсақ жастығы, үстінде қара халаты. «Ендігәрі бүгінгідей қателікке ұрынбаспын. Келесі есеп беру жиналысында мақау мұғалімдер мен ұйықтап қалған, үйлі-күйлі  зейнеткерлерді ғана кіргіземін.Ана бір  екіленген еркек пен сүйкімсіз мұғалімнің кесірінен жалған мәлімдеме жасауыма тура келді емес пе?» Бір күнінен сабақ алған, халық алдында  сасқан үйректей артымен жүзген әкім алдағы мың сан күндерін  кінәратсыз өткізуді жоспарлап  ұзақ отырды.

   Есеп беру жиналысынан кейін бес ай  алды-артына қарамай өте шықты.Халық жадынан ештеңе де ұмытылып қалмайтыны ғажап қой. Үйсіздердің үйлі болып, күйсіздердің күйлі  болғандығынан ел арасына ешбір сыбық тарамады. Ешкім ол бейбақтарға күн бола алмаған сыңайлы, әйтпесе халық арасында жақсы хабар  жасырынып жатпайтын еді. «Он балама мұраға не қалдырам?» деп қайғы жұтқан сол баяғы Қазигүл  әже де әкім уәде еткен қаржылай көмекті күтіп, үйден шығуды қойды. Шенділердің елді адақтап, көп балалы аналардың жағдайын тексеретіні жайынан  хабардар болғалы бері, әжей үйден қарыс адым аттап шықпады. Үлкен кісінің көңілінде «мен жоқта әкімшіліктен жарылқайтындар келіп,  жүз мыңдап жәрдем алатындардың тізіміне кірмей қалсам қайтем?» деген зор қаупі бар.

   Әже үмітпен, күтумен күн кешіп жүрсе, Берменкүл бәз-баяғысынша ұстаздығын жалғастырып  келеді. Тек жалдап тұрып жатқан пәтеріне темір есік салмады. Мамырдың мамыражай бір күнінде әкімшіліктен  зілді бұйрық келді:«5 сағат ішінде  аудан мектептерінің барлық мұғалімдері бес жүз теңгеден жинап берсін! Ертең ауданның орталық стадионына мұғалімдер тегіс топырлап барсын!» Бұл әуре-сарсаңның бәрі ауданның құрылғанына он жыл толу құрметіне екен.Берменкүлдің  жарлыққа мойынсұнар түрі жоқ, безілдеп қояр емес: «Бермеймін де, бармаймын да. Халықтан теңге жинайтын қандай әкім? Сол Еңсебай еңсесін тіктеп тұрып, баршамызға бақырайып қарап,«Маған халықтың батасынан басқасының керегі жоқ» деп аузы қисаймай айтпап па еді? Адам құсап айтса, адамдық сөзінде тұрсын! Бермеймін! Бермеймін!» Нәңкір-Мүңкір келіп, жанын алып жатқандай  Берменкүл ұстаз жан ұшырды.Бірақ кейбір әріптестері әкімнің олай деп айтқанын «жадыларынан өшіріп алыпты», сондықтан олар еш даурықпастан бес жүз теңгені білемдеп ұсына берді.

  Әттең, солардың бәрі Берменкүлдей қатаң қағидамен өмір сүрсе ғой! Бес жүз теңгені тиындай көріп жинай бастаған әріптестерінің жанынан Берменкүл ұзап кетпеді. Ол қыста халық батасына байыған Еңсебай әкімнің  қалтасы енді қанша мыңға қалыңдайтынын шамалап есептеп көрді. Әр нәрсені бір сылтауратып жиналар қаражаттың соңы емес бұл. Халықтың батасынан басқасын алымсынбайтын әкімнің ел-жұртына мұнша «жақындығына» іші өрттей лаулаған Берменкүл сыныбына  барып, суық су ішсе де өзектегі өрт мазасын ала берді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                                                      

Қазақ тілінде жазылған