2018 жылғы басты мәдени жаңалықтар

Адам қарады: 172 | Жарияланды: 2018-12-28 02:58:41

 

Қазақстанның мәдениеті мен өнер саласы 2018 жылы қандай жеңістермен, жетістіктермен есте қалды? Жылдың мәдени қорытындысы туралы ҚазАқпарат тілшісі қалың оқырманға өз нұсқасын ұсынады.

Димаш бағындырған белес

«2018 жылы менің тарапымнан көп жаңалық болады» деп уәде берген еді жылдың басында Димаш Құдайберген. Расында да, әнші сертінде тұрып, биыл жанкүйерлерін біршама әндерімен, концерттерімен қуантқанын айта кету керек.

Димаш Құдайбергеннің биылғы жетістіктерін санамалап тізіп өтуге болады. 2018 жылдың қаңтар айында әнші «D-Dynasty» әлемдік турнесі кезінде Қытайдағы Фучжоу қаласында жеке концерт берген болатын.

Ал одан бір ай бұрын Димаш Чанша қаласында жарқын концерт өткізген еді. Сонымен бірге, Димаштың Қытайдағы «Global golden chart awards» салтанатты кешінде «Үздік әртіс» аталымы бойынша жеңімпаз атанғанын айтып өтуге болады.

Димаштың биылғы ең жарқын жетістіктерінің бірі - сөзсіз Лондондағы жеке концерті. Тұманды Альбион төрінде Димаш Құрманғазы күйі «Адайды» шебер орындап, өз репертуарындағы және әйгілі француз әні «S.O.S» әнін шырқады. «Indigo at the O2» залын көрерменге лық толтырған әншінің концертіне Қазақстан, Чехия, Бельгия, Ұлыбритания, Қытай, Канада, Германия, Ресей, Финляндия, Чехия секілді әлемнің 45 елінен жанкүйерлері келіп тамашалады.



https://www.inform.kz/fotoarticles/20181227155207.jpg




Даңқ шыңына жол тартқан Данэлия

Ән өнерінде жас әнші Данэлия Төлешова да биыл біршама табысқа жетті. Атап айтқанда, осы жылдың наурыз айында әнші поп-музыка саласындағы бірінші халықаралық «BraVo» кәсіби музыка жүлдесінің «Болашаққа бағдар» номинациясында жеңіске жеткен еді. Марапаттау рәсімі Кремльде өткен болатын.



https://www.inform.kz/fotoarticles/20181125224328.jpg

Данэлия Төлешова Минск-Аренада өткен «Балалар Еуровидениесі - 2018» байқауында Қазақстан намысын қорғағанын атап өту керек. Биылғы байқауға 20 елден жас орындаушылар қатысты. Бұл конкурста Қазақстан әншісі алғаш рет бақ сынады. Телекөрермендердің дауыс беру нәтижесі бойынша Данэлия 103 ұпай жинады. Бұл көрерменнің дауыс беру көрсеткішінде 3-ші орынды білдіреді. Дауыс саны мен әділқазы алқасы берген ұпай саны бойынша қазақстандық жас әнші 171 ұпаймен алтыншы орынға тұрақтады.

Жас әнші Данэлияның жарқын жеңістері әлі алда деп білеміз.


Ұлттық прокаттағы «Әміре» фильмі

«Қазақфильм» киностудиясының айтулы «Әміре» фильмінің жарыққа шығуын да 2018 жылдың мәдени жаңалықтарының қатарына енгіздік.

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясымен бірлесе түсірген «Әміре» фильмі сәуірдің басында ұлттық прокатқа шыққан болатын. Кинотуынды қазақтың тенор дауысты біртуар әншіcі Әміре Қашаубаевтың қамшының сабындай қысқа да, жарқын ғұмырын баяндайды. Фильмде басты рөлді актер Санжар Мәдиев сомдады.



https://www.inform.kz/fotoarticles/20181026160058.jpg

Айта кетерлігі, АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында қазанның 23-28 аралығында өтетін халықаралық Hollywood Film Festival кинофестивалінің бірінші кезеңінде «Әміре» фильмі Silver Screen Award жүлдесіне ие болды.



Әлемді шарлаған Алтын адам

Биылғы айтулы жаңалықтардың бірі - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігі жүзеге асырған «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық жобасы. Жоба аясында бірінші болып Мәскеу тұрғындары мен қонақтары Қазақстаның нышаны ретінде бүкіл әлемге танымал болған «Алтын адам» экспонатын тамашалауға мүмкіндік алды.



https://www.inform.kz/fotoarticles/20171202014928.jpg

Бұдан кейін «Алтын адамның» шеруі Әзербайжан астанасы Баку қаласында жалғасып, кейін ҚХР Шеньси провинциясы Сиань қаласында да өткен болатын. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» сондай-ақ Оңтүстік Корея, Беларусь, Польша елдерінде ұйымдастырылғанын атап өткен еді.



Қазақ жазушыларының еңбектері алты тілге аударылды

2018 жылы әдебиет саласы үшін де тың серпін әкелді. Рухани жаңғыру бағдарламасының «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптар таныстырылды. Философия, дінтану, антропология және журналистика бойынша 18 кітап пен оқу құралы жарыққа шықты. Әрбір оқулық 10 мың данамен басылып, барлық оқулықтардың электронды нұсқасы және соның негізінде әзірленген бейнедәрістер топтамасы Қазақстанның ашық университеті платформасы (OpenU.kz) арқылы таратылған болатын.

Сонымен бірге, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы келесі кезекте қандай кітаптар аударылып жатқанын айтып берді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақстандық авторлардың антологиялары шетелде насихатталып жатқанын да ерекше атап өту керек. ҚР Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева атап өткендей, жұмыс тобы төрт негізгі бағыт бойынша отандық мәдениетті жүйелі түрде насихаттауда. «Әдебиет» бағытында «проза» және «поэзия» жанрлары бойынша антологиялар құрылған. Әрбір антологияда 30-ға жуық автор бар және әрбір томның көлемі 600 бетке жетеді.



https://www.inform.kz/fotoarticles/20181026155452.jpg

«Қазіргі уақытта антологияларды БҰҰ-ның барлық 6 тіліне аударумен және насихаттаумен қамтамасыз ететін стратегиялық серіктестер анықталды. Ағылшынтілді аудиторияны қамту үшін біз Кембридж университетінің баспа үйін тарттық. Испанияның мәдениет министрлігі, Сервантес институты және «Visor-Libros»(Визор - Либрос) испан нұсқасының стратегиялық серіктесі болады», - дейді Аида Балаева.

Сонымен бірге, отандық суретшілердің үздік туындылары Қазақстан бейнелеу өнері антологиясына енгізіліп жатыр. Бұдан бөлек, ҚР Ұлттық музейдің, Ә. Қастеев атындағы Өнер музейінің шетелдік экспозициялық жобаларын іске асыру жұмыстары жалғасын тапты. АҚШ, Британия, Қытай, Беларусь, Әзербайжан елдерінде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруімен» бірге «Еуразия көшпенділері», «Азия мен Еуропа қиылысында» көрмелері ұйымдастырылған.



Канн фестиваліндегі Самалдың жеңісі

Биылғы жыл қазақ актрисасы Самал Еслямованың Канн фестивалін бағындыруымен есте қалары анық. Самал 71 Канн кинофестивалінде өз аталымы бойынша үздік деп танылды. Актриса ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» атты картинасында басты рөлді сомдаған.



https://www.inform.kz/fotoarticles/20180520091009.jpg

Айта кетсек, Самал 1984 жылдың 1 қыркүйегінде Петропавл қаласында дүниеге келген. Ресейдің театр өнері институтының актерлік факультетін бітірген ол бұған дейін Қазақстан, Германия, Ресей және Швейцария бірлесіп түсірген «Тюльпан» фильмінде басты рөлді сомдады. Бұл туынды 2008 жылы Каннда «Ерекше көзқарас» конкурсының бас жүлдесін, жас әділқазылардың жүлдесін, Францияның білім министрлігінің жүлдесін жеңіп алған еді.


Домбыра күні бекітілді

2018 жылдан бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді.

Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында қаулы шығарған Елбасының бұл бастамасы қазақ халқын қуантқанын айта кету керек. Осылайша, 1 шілдеде Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ұлттық домбыра күніне арналған концерт өткен еді.

Мемлекет басшысының бұл бастамасына қолдау көрсеткен Қазақстанның көптеген өңірлерінде мыңдаған өнерпаз бір уақытта домбырамен күй орындап, ұлттық мерекенің мерейін асырды.



https://www.inform.kz/fotoarticles/20180701135310.jpg

Айта кетерлігі, «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің қызметкерлері Ұлттық домбыра күні қарсаңында әріптестерін «Dombyra-информға» шақырған болатын. Мұндағы мақсат - Мемлекет басшысы жариялаған Ұлттық домбыра күні мерекесіне бұқаралық ақпарат құралдары саласынан да өзіндік үлес қосу. ҚазАқпарат көтерген бастаманы әуелі «Егемен Қазақстан» газеті іліп әкетіп, келесі кезекті «Қазақстан» ұлттық арнасына жолдаған болатын. Өз кезегінде «Қазақстан» РТРК басшысы Ерлан Қарин эстафетаны қабыл алатынын әлеуметтік желіде мәлім еткен. «Dombyra-информ» эстафестасын мына сілтемеден көруге болады.


Байғазин иемденген Голливудтың гранты

Осы жылы Венеция кинофестиваліндегі «Көкжиек» байқауының үздік режиссератағын қазақстандық Эмир Байғазин жеңіп алды. Кинофестивальдің аталған байқауына Эмир Байғазин «Өзен» фильмін ұсынған болатын. Сонымен қатар, әлемнің 6 режиссёрі «Hollywood Foreign Press Association» ұйымының бірінші резиденттік грантына ие болып, олардың қатарына Эмир Байғазин кірген еді. Жақында ғана режиссермен кездескен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Эмир Байғазиннің бұл жетістігін ерекше атап өтіп, отандық кино өнері саласында мұндай жетістіктің болмағанын айтты.


https://www.inform.kz/fotoarticles/20180803124124.jpg



Қазақ филармониялық оркестрі Еуропада зор қошеметке бөленді

Жамбыл атындағы Қазақ филармониялық камералық оркестрінің Еуропаға турнесін де ерекше атап өткіміз келеді. Ұлыбритания мен Ирландия қалаларындағы бір апталық турнесін оркестр Дублин, Манчестер және Лондондағы концерттерімен аяқтаған болатын. Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов қазақстандық мәдениетті шетелде таныту ісіне қосқан үлесі үшін оркестр мүшелеріне алғысын білдірді. Манчестердегі концертте қазақстандық дипломат еліміздің Ұлыбританиядағы ядролық қарудан азат аймақ болып жарияланған алғашқы қаламен ерекше қарым-қатынасын атап өтті. Манчестер мен қазақстандық Семей ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізуге бағытталған «Mayors for Peace» ұйымы аясында бірге жұмыс істейді.



https://www.inform.kz/fotoarticles/20181030114259.jpg

Классикалық музыканы бағалай білетін меймандар, оның ішінде аңызға айналған қазақ композиторларының туындыларын алғаш рет тыңдағандар қазақстандық музыканттар мен классикалық қазақ шығармаларының ерекше дыбысын жоғары бағалады. Концерттерге қатысқан британдық саясат, экономика және мәдени ортаның өкілдері мен дипломатиялық корпустың мүшелері классикалық қазақ музыкасына, оркестрдің шығармашылығына шынайы қызығушылық танытты.



Астана төріндегі - «Notre Dame de Paris»

Желтоқсан айында Астанада Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдік «Notre Dame de Paris» мюзиклінің қазақ тіліндегі тұсаукесері өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Qazaqconcert» мемлекеттік концерттік ұйымы ұсынған, аңызға айналған «Notre Dame de Paris» мюзиклiнiң қазақ тiлiндегi премьерасында залда ине шаншар орын болмады. Мюзикл Астанада алғаш рет қойылып жатқанын айта кету керек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, келешекте әлемдік мюзиклді Қазақстанның барлық қалаларында қою жоспарланған. Шынайы ғашықтық пен сатқындық хикаясы, сенiм мен ғажайыпқа толы қойылым кɵрермендердi тамсандырғанын залдағы келушілердің қошеметінен айқын байқалды.


https://www.inform.kz/fotoarticles/20181217161714.jpg