Димаштың Кремльдегі жеке концерті «НТВ» телеарнасынан көрсетіледі

Адам қарады: 229 | Жарияланды: 2019-05-02 05:29:22

Димаш Құдайбергеннің Мәскеудің Кремль сарайында өткен жеке концерті 12 мамыр күні «НТВ» телеарнасынан көрсетіледі. Бұл туралы әншінің ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі фан-клубының парақшасында жазылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Танымал қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің (Dimash) концертінің телевизиялық нұсқасы. Димаш 24 жасында Қытай мен Британияда аса танымалдылыққа ие болып, халықаралық деңгейдегі жұлдызға айналды. Көптеген белді сыйлықтардың иегері Мәскеудегі алғашқы жеке концертін елдің басты сахнасы - Мемлекеттік Кремль сарайында өткізді. Баритоналды тенордан бастап колоратуралы сопраноға дейінгі бірегей дауысымен миллиондаған адамды арбап алған жас жұлдызды қолдауға тәлімгерлері мен достары ғана емес, Ресейдің Халық әртісі Игорь Крутой да келді», - делінген телеарнаның сайтында.

«Бірегей дауыс, ерекше диапазон, тамаша шеберлік. 12 мамыр күні НТВ-да Димаш Құдайбергеннің концерті», - деп хабарланады телеарнада көрсетіліп жатқан аңдатпа-видеода. Видеода Димаштың концертінен үзінділермен қоса, И.Крутойдың сөйлеген сөзі де берілген: «Мен үшін аса талантты орындаушымен жұмыс істеу үлкен құрмет. Бүтін әлем оның жаңа бағдарламаларын асыға тосатынына сенімдімін», - дейді ол.

 

Еске салайық, Димаштың 22 наурыз күнгі Кремльдегі «D-Dуnasty» атты жеке концерті аншлагпен өтті. Билеттер сатылымға түскен алғашқы күндерде-ақ өтіп кеткен болатын. Әншіні қолдау мақсатында концерттен бір күн бұрын Мәскеуде «pre-party» ұйымдастырылып, оған 56 елден 400-ден астам жанкүйер жиналды.

Ал 8 сәуір күні жас талант Ресейдің Халық әртісі, әнші Алла Пугачеваның мерекелік кешінде ән айтты.

Д.Құдайберген алдағы 29 маусымы күні Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана Арена» стадионында жеке концертін береді. Бүгінгі күні билеттің 80 пайызы сатылып кетті.Билеттерді Қазақстан, Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия, Жапония, Түркия, Нидерланд, Румыния, Польша, Бразилия, Мексика, Африка, Канада, Аустралия елдерінен сатып алуда.

Ал күзде әншінің шоу-концерті Нью-Йорктегі әйгілі «Madison Square Garden» алаңында жоспарланған.