Просмотров: 419 | Опубликовано: 2018-09-15 16:57:45

Достарым - асыл қазынам

 

Мен бүгін қатты торықтым,

Торықты жаным, өзімнен-өзім қорықтым.

Өмір атты таусылмайтын жорықтың,

 Ең қиынына қалай ғана жолықтым.

 

Осынау сордан құтқарып алар жан бар ма,

Сенімімді шыңдап, бастайтын биік заңғарға.

Қапалымын өмірде кейбір заңдарға,

Әділеттікті аттап, бастайтын бip лаңдарға.

 

Кеудемде толқын буырқанып жатқанда,

Түсе қоймаспын әлдекім құрған қақпанға.

«Еңсеңді көтер, сілкініс керек, қамықпа,

«Жылай ма жігіт» деген сөз бар емес пе халықта.

 

Бақытыңды ізде, таусыла көрме, жалықпа,

Мұндайда жаным, еш босаңдық танытпа,

Кетерсің әлі жұлдыздай болып жанып та!»-

Дегендей болып бip тылсым күш демейді.

 

Ашылып аспан, тынысым кенет кеңейді,

 Демейді  достар, о, олар қандай көп еді!

 Сәл қабақ шытсам жаны ауыратын анамдай,

 Қиын минуттарда аңқылдай жетіп келеді.

 

Мен солар барда күлемін дағы шаттанам,

Тұнжырап жүру, уайымға бату жат маған.

Қақырата бұзып кіл ауыр ойдың қамалын,

Осындай әділ, ақ жандар үшін мақтанам.

 

Мен осылайша күллі күнәмнан ақталам,

Кеудемдегі бар жақсылықтарды ақтарам.

Мен осылайша күллі аурудан жазылам,

О, достарым менің - асыл қазынам!

 

Қазақ тілінде жазылған