Просмотров: 180 | Опубликовано: 2019-05-08 02:32:23

Атамның шұлығы

   Алғашқы мүшел жасқа аттап, өзімді сондай ер жетіп, үлкен ағам Қайрат сияқты танауымды көтеріп жүретін болдым деп, мен, бүгін сондай қуаныштымын. «Он үш жас- отау иесі» деп жүретін еді атам, жасым он үшке келген соң ержеткенімді түсінген сияқтымын ба, қалай өзі? Сонда да, балалармен көшеге шығып ойнағанды жақсы көрем, анамның ыстық құшағын жақсы көрем, теледидар мен ғаламтордан әлі де балаларға арналған фильмдерді жақсы көрем...

-Әй, Бауыржан, бері кел, атаң шақырып жатыр,-деген анамның даусынан

селк еттім. Жаңадан бері ойға шомып кеткен сияқтымын.

Ұлы Отан соғысының ардагері, жасы тоқсанға келген атамның мені не үшін шақырып жатқанын да біліп отырған сияқтымын. Атамның әңгімесі бітпейді, балалық шағы, ат үстінде қалай ойнағаны, аң аулағаны, соғысқа қатысқаны, әйтеуір бітпейтін әңгіме.

-Балам, атаң ауырып жатыр, қасында бол. Жанындай жақсы көретін немересі қасында отырғанын көріп, қуанып қалсын,-деді анам тағы,  атамның дем алатын ішкі бөлмесін нұсқап.

-Жәрайды, анашым,-дедім де, ішке кірдім. Бүгін туған күнім екені есіме түсіп, әлде, атам маған сыйлық алып қойған шығар деген де ой келді. Аяғымды асықпай басып, атамның бөлмесіне келдім. Атам ұйықтап жатқан сияқты көрінді. Кейде ұйықтап жатыр деген атам, көзін ашып жатады. Сонша тауқыметті көргеннен шығар, бетін торлаған әжімнен атамның күлгенін не мұңайғанын да байқамайсың. Көздері  сығырайып, көз қарашығы шелге оранып, сұрланып кеткен. Аппақ шоқша сақалы өз орнында, қалтасынан кіп-кішкене тарағын алып, тарап отырады. Жүзі солыңқы. Атамды көрген мен, атамның сонша ғұмыр кешіп, болашақ ұрпақ үшін тер төккені есіме түсті. Менің бүгінгі қуанышты күнім де осы атамның жүзіндегі әжімдермен байланысты секілді.

-Ата, ата деймін, атааа,-деп атама еркелей, қолын алдым. Атам селк ете түсті де, қолын басыма апарды.

-Өй, тұқымың өскір, шошыттың ғой мені, фашист екен деп қалсам,-деді, қалтасына қолын сұғып жатып, кіп кішкене төрт бүктелген бет орамалын алып, көзін сүртті.- Келдің бе, балам, бүгін ер жетіп жатқан сияқтысың ғой, қане, орныңнан тұршы, бойың да өсіп кеткен сияқты ма? Қалай өзі?.

Атамның кейде ұйықтап жатып, селк етіп оянатыны бар. Сол кезде айтатыны «Өй, фашист екен деп қалдым» дейді. Бұл сөзіне бәріміз қарқ-қарқ күлеміз. Сонда атам «Өй, тұқымдарың өссін, фашисттен Алла сақтасын» деп көзіне жас алатын еді.

-Ата, мені неге шақырдыңыз,-дедім мен, тезірек кеткім келіп.

-Бау-жан, мен саған бүгін бір сыйлық бергім келеді. Ол өте құнды сыйлық, өте қымбат зат. Оны көзіңнің қарашығындай сақтап қой,-деді де, -Айнашжан, әу, Айнаш,-деп анамды шақырды.

-Ау, ата, шақырдыңыз ба,-деп келіп қалған анамды, атам сандықта жатқан қобдишаны алып келуін сұрады. Анам алып келді де, атама ұстатты.

Бұл қобдиша сонау мен ес білгелі бері, әжемнің сандығында тұрушы еді. Әжем өмірден озғалы бері, бар үйдің жұмысын менің анама табыстап қойды атам. Сол кезде осы қобдиша да анамның сандығына келіп түскен еді. Анам сандығын әр ашқан сайын, сырты ескірсе де, әдемі жасыл оюлармен көмкерілген осы қобдишаға көзім түсетін еді. Анамнан маған беруін сұрайтынмын. Жылап та, жерге домалап та сұрадым. Еш нәтиже болмады. Келіні атасына берген уадесін бұзбады. Міне сол қобдиша бүгін дәл алдымда тұр. Соны маған бермекші. Бәлкім ішінде үп-үлкен гауһар тас жатқан шығар, ә? Мен қандай бақытты жанмын.

-Балам, бұл қобдишаны саған бермес бұрын бұның тарихын білуің қажет. Сол кезде ғана сен бұл заттың қандай құнды екенін білетін боласың,-деді атам, менің әлгі қобдишаны алуға асығып тұрғанымды сезіп. –Бұл мен үшін, мына сендер үшін деп төгілген тердің жақұты. Бұл зат гауһар тастан да қымбат, балам.

-Гауһар тастан да қымбат зат болады ма,ата? ,-дедім мен таң қала. Демек бұл зат өте құнды зат болған шығар дедім ішімнен.

Атам терең тыныс алды. Қалтасындағы бет орамалын алып бетін, көзін тағы бір қайтара сүртіп алды. 

-Менің де жасым он үшке келген кезім еді,-деп бастады әңгімесін атам.

- Әлде, он үштен асқан кезім бе, есімде де жоқ. Дала баласымын. Далада балалармен асық ойнап, қозы қуалап жүрген кезім. Бірде марқұм апам:

-Әй, Орысбек, тез үйге жет, атаң хәл үстінде,-деп шақырды. Жанымдай жақсы көретін атам ауырып жатқанын білетін едім. Үйге жүгіріп бардым.  Апам, әкем, көрші қолаң жиналып қалыпты. Атамның жанына келген бойда, қария басын тіктеді. «Ә, балам» деп басымнан сипады. «Әй, жүгермек» деп миығынан күлгендей болды.

Кейін мен сыртқа шығып кеткенде, апамның «атам-ау» деп жылағанын білдім. Солай атам дүниеден озды. Ол кісі өте парасатты адам еді. Балаларына мұра қалдырып кетті. Ағайынды әкем, көкелерім үнсіз –ақ өз еншілерін алып, мұраны бөлісті. Ал, маған, қызық, атамның шұлығы тиді. Атама әжем өз қолымен тоқып берген екен. Атаңның көзі деп осы шұлықты маған берді. Ол кезде ойын баласымын ғой, мұраға шұлық алғаным намысыма тиді, өкпеледім. Өмірден қайтқан атама өкпеледім. Ең құрығанда, анау көксеңгірді қалдырса нетті? Өзінің мініп жүрген көксеңгірін маған берсе болар еді? Мен біразға дейін өкпелеп жүрдім. Жә, оны қойшы, менің намысыма тигені, бұл да емес еді. Достарымның мені мазақ етіп, артымнан әндетіп кеткені еді.

Атасынан қалған екен жүнді шұлық,

Орысбекке жол тартып, кепті бұрып.

Жүз түйеден мұра болып, жарымапты,

Орысбекке тиген екен түйе шұлық.

 Атасына ұқсап туған бек Орысжан,

Түйелерге болыпты өзі дұшпан.

Бір түйеде тимепті еншісіне,

Жүнді шұлық түсіпті түйе ұтыстан,-деген өлеңді айтып, мазаққа кенелтті.Бұл әнді шығарып жүрген, менімен құрдас, Абай деген бала еді. Аталары Ұлы ақын, Абай атамызға ұқсасын деп есімін Абай қойған екен. Ұқсамаса да, ұқсап бақ дегендей, оның да ақындыққа жаны жақын еді. Солай өз арамызда бір бірімізге ән шығарып, бізді күлдіріп, кейде мазақ өлең шығарып, қызартып жіберетін еді. Балалық қой, ол кезде, осы балалық шақ дегеннің соншалықты қызық, өтпелі кезең екенін қайдан білетін едік.

-Қой, балам, атаңның көзі, әжеңнің көзі, оған бола қаймықпа, ана көксеңгірді әкең мініп жүр ғой. Әкеңнің әр тапқан малы, сендердікі ғой. Ағаң Жақсылық, қарындасың Сәулеш, саған береді осыны. Сендер өскен соң, өз еншілеріңді аласыңдар,-деп анам да мені жұбатқандай болатын. Анамның ыстық құшағынан артық жер бар ма? Өкпемді дереу ұмытып, күлім қағып, қайта ойынға айналып кетуші едім...

Солай балалардың мазағына шалынып жүрген кезде, суық хабар жер жерді аралап, сай салаға қахарын төгіп жібергендей болды. Бұл 1941 жылдың ызғары еді. Соғыс басталыпты деген суыт хабар, әкемді, ағамды алыс әскерге алып кетті. Әкем, Сарыбай, ағам Жақсылық тума –туыспен қоштасып, бір топ ауыл жігіттерімен бірге, от майданына кетті... Осыдан кейін өмірім өзге арнаға бұрылғандай болды.

-Балам, енді үйдегі еркек, сенсің. Апаңа, қарындасыңа қарап жүр. Мал қора да сенің еншіңде. Сен енді ер жеттің. Күш жігерің мықты. Біздің ізімізді жалғастырушысың, аман есен болыңдар. Апаң мен қарындасыңды саған аманат еттім,-деді әкем сол кезде, майданға кетерден бұрын, мені жеке шақырып алып. Ол кезде майдан дегеннің не екенін түсіне де алмаған екенмін. Әкеммен, ағаммен бірге ілесіп кеткім келді. Бірақ әкемнің аманатын да қалдыра алмадым...

Ауылда самайына ақ түсіп, жетпістен асқан қария мен кемпірлер, аналар, қарындастар және балалар болып біз қалдық.

Майданға деп түйе, сиырды сойып, ет артқыштарға жіберіп те жүрдік. Ойын баласы емеспіз бе, ара-тұра, асығымызды да ойнап, Абайдың өлеңдерін оқып қарқ-қарқ күліп алушы едік. Біздің шат күлкімізді көрген апаларымыз да, көздеріне жас алып, күлім қағатын. Бір күні, Абайдың ойына бір өлең түсе қалды:

-Әкем кетті, ағам кетті, майданға,

Дәмі кетті қызыл қою шайдың да .

Ал, қанекей,

біз жігіттер, бастайықшы бастаңғы,

асыр салып, ән шырқайық, кел мұнда,-деп әгулетіп жіберді. Абайдың не айтқысы келгенін, әрине түсініп тұрған жоқпыз. Тағы не айтар екен деп үнсіз күтумен болдық.

-Әй, не қорқып тұрсыңдар, маған бір тамаша ой келді,  ауыл балалары жиналып бір кәнсірт қойып берейік үлкен кісілерге, біраз күлкіге тойып қалсын, ә?,-деді соңынан сөзін жалғап.

-Қандай кәнсірт, не істейміз?-деп шуласып қалдық.

-Мәселен, сен Наурызбай домбыра шертіп бересің, домбыра шерте аласың ғой?

-Әжемнің үйреткен күйін шерте аламын!

-Міне, ал сен Орысбек, ммм, сенде өзі қанай өнер бар?,-деп Абай маған сұрақ көздерімен қарады.

-Менде, білмеймін, мен тек ағаштардан мүсін жасай аламын ғой. Қуыршақ, орындық сияқты. Оның өзі ағамның жасағандарына жетпейді!-дедім мен, бар өнерім ұста болған әкемнің үйреткенін ғана есіме түсіріп.

-Онда сен билейсің!,-деп Абай қойып қалды. Барлық балалар ду күліп жіберді. Мен қызарып кеттім.

-Билемеймін. Мен қыз емеспін билейтін!

-Бәріміз билейміз, аналарымызды қуантқымыз келсек, бар өнерімізді салуымыз керек. Түсінікті ме?,-деп Абай үлкен адамдарша бізге тапсырма беріп, басын көтерді.-Тіпті мен де билеймін.

Алды-арты жеті бала болып, ақылдасып, кәнсірттіқалай қойып, қалай өткізетінімізді шешіп алдық.

Ауа салқындап, күздің лебі келіп қалғандай еді. Жайнаған жасыл шөп қуарып, жапырақ сарғайып, жаздай жайнап, иісін аңқытқан гүлдердің жаны кеткендей, солып, даланы суыт хабар алып кеткен жерге мұңын айтып тұрғандай көрінетін еді. Қыркүйек айларының бас кезі еді. Майдан деп, мектеп те кешеуілдетіп жатты. Соны сылтауратып қой, Абайдың кәнсірт қоямыз деп жүргені.

Кәнсірт менің үйімде болатын болды. Әкем ұста деп едім ғой. Әкемнің өз қолымен ағаштан ойып, төбесіне ауыл шетінен теріп әкелген сексеуілді жауып жасаған бір үйшігі бар еді. Сол үйшік әкем кеткелі бері қаңырап қалды. Әкем ол жерде өзінің ұсталық бұйымдарын жасайтын еді. Оның ішін тазалап, жуып шықтық. Өзімізше қыздарды қосқымыз келмейді ғой, қарындасым Сәулешті де жолатпадым. Қыздар нәзік жанды, олар үйде аналарының қасында тігін үйреніп, тоқыма тоқуы керек дейтінбіз. Расымен де солай, көп бала қыздар, анасымен бірге сиыр сауып, тоқыа тоқып, жүн иіретін еді. Ей, келмеске кеткен заман-ай!,-деген атам тынысын тағы терең алып, ойға шомғандай үнсіз қалды.

Бұл мен естімеген оқиға еді. Кәнсірт деп отырғаны қазіргі тілмен айтқанда «концерт» екенін бірден түсіндім. Өйткені, атам орысша сөздерді өзінің қазақшасымен ұқсатып айтатын еді. «Концерт-Кәнсірт», «Милиция-милиса», «Командир-комәндір» тіпті ол кезде жоқ «Интернет» атауын өздігінше «Інтірніт» деп атап алған ғой. Ішімнен, атамның кәнсірті мен мына қобдишадағы не зат екенін ойлап, атамның әңгімесіне қызыға түстім.

-Ата, кәнсіртіңіз не болды? Сонымен, билеп, өнеріңізді көрсеттіңіз бе?-дедім мен, атамның сөзін жалғастырсын деген ниетпен, терең ойланып, үнсіз қалған атама үн қатып. Атам біраз үндемеді. Көзіне жас келген сияқтанды ма, әлде өзінің көзі ауырып кетті ме, қалтасындағы бет  орамалын алып, көзін сүртті. Содан кейін, аппақ сақалын салалап отырып, сөзін ары қарай жалғастыра бастады.

- Кәнсірт дейсің бе? Сол балалық қайда, шіркін! Иа, әкемнің ұсталық үйін сәндеп қойдық. Сәндегенде, не сән дейсің? Қарындасымның мектепке тағам деген ақ пен қызыл бәнтігін алып, желбіретіп іліп қойдым. Өй, одан кейін, Сәулештің  жылағаны, апамның мені қуалап жүріп, шыбықпен сабағаны қызық болған. Ол бір өзінше оқиға!

Кәнсірт қоямыз деп, ауыл ақсақал, әжелерін, балаларын шақырып алдық. Өздерімен бірге отыратын орындық та ала келулерін ескертіп қойдық.

Ауыл адамдары біраз жиылғандай болды. Күн жексенбі еді.

-Ау халайық, армысыздар,-деп бастады Абай сөзін. Ол өзін жүргізуші деп тағайындап алған еді.

-Ау,  халқым, Отаным, барым менің,

Сііздер үшін, бабалар салды терін.

Енді бізде, салайық, қабыл алғын,

Үлес қосып, сыйлаған туған жерін,-деп Абай әндетіп кеп жіберді. Бәрі ду қол шапалақ ұрып кетті. Абайдың сондай тартымдылығы бар еді, ол сөйлесе, өлең оқыса, әндетсе, елді өзіне үйіріп әкететін еді.

-Әй, батыр, жарайсың,-деп қолпаштап жатты қариялар.

Әркім өз кезегін күтіп, халық алдында алғаш рет өнер көрсетіп тұрған соң, біраз қобалжып та тұр.  Кезек, Наурызбайға келді. ол домбырасын алып, ел алдына шықты. Орындыққа отырып алып, өзінше, үлкен адамдарша, домбыра құлағын бұрап, дыңғырлатып қояды ғой. Иығын тік көтеріп,  иегін түзеп алды да, домбырасын күмбірлете жөнелді. «ақсақ киіктің» сазды әуені қарияларды балалық шаққа жетектеп, домбыраның күңгірлеген даусы сайын даланы аралап, құшағын күздің салқын желі толтырған адамдарды жылы әуенге бөлегендей болды. Домбыраның құдіреті ғой! Қазағым, жүрекке жететін әүенді таба білген ғой, шіркін!...

Наурызбайдың кезегі бітіп, ендігі кезек менде еді. Маған Абай билейсің деп еді ғой. Ал, мен билеуді білмеймін. Әкем айтушы еді, «еркек билемейді, билеген еркек, жауға қарсы  шыға алмайды» деп. Ол сөздің мәнісін қайдан білейік. Сонда да, уаде беріп қойған соң, билеуге тура келеді. Басқа өнерім де жоқ.

-Ал, енді алдарыңызда Сарыбайұлы Орысбек өз өнерін көрсетпекші. Қабыл алыңыздар,-деген Абайдың сөзіне селт етіп, ұялып, қымтырылып сахына алдына шықтым. Алдымда отырған қариялар, әр баланың аналары тұрғанын көріп сасып қалдым. «Билей алмаймын» дедім іштей. Қолдарым дірілдеп тұр. Қолымда ұстап тұрған , өзімнің ағаштан ойып жасаған қылышым тұр. тіпті билеу үшін әуен де жоқ. Наурызбай домбырасын дыңғырлатып тұр. «Мейлі» дедім ішімнен. Не болса да, майданға кеткен әкем мен ағам үшін, билеуден де тайсалмаймын дедім. Сөйтіп, ағаш қылышымды көкке көтердім де, бар даусыммен айғайды салдым:

-Қалың елім, қазағым қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың,

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың,-деп Ұлы ақын Абайдың өлеңін оқып бердім де, жоғары көтеріп тұрған қылышымды серммеп, сермеп қалдым да, қолымды созып, көрермендерге тұра қараттым:

-бет бергенде, шырайың сондай жақсы,

Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?

Ұқпайсыз өз сөзіңнен басқа сөзді,

Аузымен орақ орған өңкей қыртың,-дедім.

-Әй, не дейді, әй не деп кетті,-деп шал-кемпірлер ду ете қалды.

-Масқара, ойбууу,-деп жатты аналар тұрған орнында. Мен үнсіз тұрдым да, басымды иіп кері қарай шегіне бердім.

Қариялар орындарынан тұрып кетуге асықты. Мен үлкен кісілерді ренжітіп алғанымды түсінгендей болдым. Ақын Абайдың кезіндегі жағдайды өз заманыма теліп жіберген секілді болдым. Әрине, Абайдың не айтпақ болғанын ол кезде білген жоқпын. Ал, қазір соғыыс кезінде, бәріміз бір-бірімізге дос, бауыр, жанашыр болдық. Майданға деп егілген егінді жинаумен күндіз-түні әйелдер еңбек ететін. Анам да тіпті үйге бір уыс бидай әкелместен, бар жиылған астық пен азын аулақ сиыр, жылқы, тіпті қойды да майданға өткізіп, соғыста қан кешіп жүрген әкем мен ағамның сыбағасы деп отыратын. Бұл бір балалық болды. Және балалығымның соңғы күні еді,-деп атам кемсеңдеп жылап жіберді. –Балалығым сол күні біткенін қайдан білейін,-деді артынша.

-Ата, сіз сонымен билемедіңіз бе,-дедім мен де қоймай, мұңайып қалған атамның көңілін ауламақ болып.

-Саған менің билегенім қызық па, ей, жүгермек?,-деп атам, жымиғандай болды.

-Мен ол кезде билемедім, одан кейін де билемеймін деп өзіме серт бердім. Және өнер көрсеткен Абай мен Наурызбай үшеуіміз сол күннен кейін тіпті жақын дос болып кеттік. Ал,қалған өнер көрсетіп үлгере алмаған балалар сәл ренжіп, кейін үйді үйіне тарасып кетті...

Қыс та келіп, Кетпен тау бөктері қар астында қалып, қайғылы шапанын жауып, мөлдіреген бұлақ, жорғалаған өзендер мұз болып, қатып жатты. Мектепке жаңа оқытушы келіп, біз сабаққа барып жүрдік. Сабаққа барғанда да, мектепке жағатын отын болмай, сұп-суық бөлмеде тоңып отырып, ежіктеп болсын оқушы едік. Ол кезде білімге деген құштарлығымызды мектепке келген Ақлима апай оятқан еді. Өзі сондай сұлу, бірақ бір аяғын сылтып басатын.   Бала кезінде, аттан құлап, мертігіп қалған. Сонысына ұялатын ба, тек ұзын етекті көйлек киіп жүретін. Бір сөзінде, білім алу парыз екенін, туған жер, Отан үшін тер төгу-нағыз ерлік екенін айтты. «Егер мына аяғым болмағанда, менде ер адамдармен бірге майданға аттанар едім. Елім үшін, Отаным үшін қасықтай қаным қалғанша, жан беруге әзірмін. » деген. Осы сөздері бізге демеу болып, алдағы майданға біздің де баратынымызға сенімді болып, өзімді іштей дайындықтан өткіздім. Мен, қан майдандағы әкем мен ағама жәрдем беруім керек деп шештім.

Бұл жолғы қыстым қатал, ызғарлы желімен келіп, айналаны қарлы  қара суық алып кетті.

-Биылғы қыс, тым суық болып жатыр,-деді анам, сол кезде үйдегі қалған жалғыз сиырды сауып келіп отырып. Сиырдың бұзауы қара суықтан тоңып өлді ме, әлде жейтін шөбі аз болып, қарны ашып өлді ме, белгісіз, бірақ таң ертең анам қораға барғанда, қатып жерде жатыр екен. сонда да, жалғыз ала сиырымыз сүтінен тарылтпады. Сүті сәл азайса да, бергеніне шүкір деп жүрдік.

...Әсте, бұл қыс та өз жөнімен келген еді. Қыстың суық болуы шарт. Биылғы қыстың өзгеше болуы, адамдардың жаралы жүректерінде еді. Бірі жарынан, бірі баласынан, бірі бауырынан айырылып, алыстан ат терлеп келген қара қағазды құшақтап, еңіреп жүрген кез еді.  Сол үшін де, жанын жылытар жандардың қастарынан табылмауы бұлар үшін суық еді. Жандарынан жылу таппай, бар кінәні қыстың суығына жауып, балап жатты.

Осы кезде атамның маған мирас еткен шұлығы жаныма демеу болды. Аяғымдағы аяқ киімім жыртылып, қар кіре берген соң, ішінен сол түйе жүн шұлығын киіп алатынмын. Жыртылған жерден, шұлығым далабайлап шығып тұрса да, жылу берген шұлық мен үшін таптырмас мұра еді.

Сондай бір қыстың суығында, шұлығым тесік аяқ киімнен шығып , мектептен келе жатқанымда, үйдің айналасында, бірталай көрші -қолаңдар жиналып қалғанын көрдім. Әкем келіп қалды ма екен деп жүгіріп үйге кірдім.

Анам көзіне жас алып, бүктелген қағазды құшағына басып зар еңіреп отыр екен. қасында отырған кішкене қарындасым да, көзін жыпылық –жыпылық еткізіп, маған бір, анама бір қарап, жыламсыраған күйде отыр.

-Бұл үйдің іргетасы сенің қолыңда, балам, енді сен осы үйдің түтінін түтететін азаматысың,-деді сол кезде көрші қария.

Не болғанын білмесем де, әкем емес, әкемнің не ағамның артынан суыт хабар келгенін сезгендей болдым.

-Қара қағаз ба,-дедім жұлып алғандай, есеңгіреп отырған анамның қолына қарап.

-Жоқ, жоқ, әкең жау қолынан мерт болды ма, әлде жау қолында қалды ма, білмейміз дейді. Із-түссіз жоғалыпты,-деп анам кемсеңдеп кеп жылап жіберді.

-Аман болсын, аманшылық болсын,-десті жұрт.

Бір күнде әкемнен суық хабар келсе, ағамнан қуанышты хат келіп, бірде күліп, бірде жылап алдық. Әкемнің қара қағазымен бірге ағамнан да хат келіп түсіпті.оны маған анам оқуға берді.

-Дауыстап оқы, жақсылығымның өз даусындай, қасымда жүргендей болсын,-деді анам.

«-Армысыздар, туған елім, ақ жаулықты анам, інім, қарындасым»,-деп бастапты ағам хатын. «Бұл майданға келгелі бері, әкемді әлі көрген жоқпын. Әкемнен хат алысып жатсаңыздар, менен де сәлем айтып қойыңыздар. Әкемнің 40-шы атқыштар дивизиясының әскер қатарына кеткенін білетін едім. Одан кейін хабарым жоқ. Қайда жүрсе де, аманшылдығын сұрап жүрмін.

Ал, өзіме келетін болсам, менің де жағдайым жақсы. Аспаннан бораған  оқтардан таса тауып, түннің бір уағында май шамның жарығымен сіздерге хат жазып отырмын. Соғыс-аждаханың аузы секілді екен. аузынан от шығып жатса да, елің үшін тайсалмай, оранған өртке қарсы шабуылдайсың. Ал отқа кімнің шамасы келуші еді. Бірақ, елін сүйген, Отанын құрметтеген әр азамат отқа да, суға да түседі. Мен сіздер үшін, артымда ілескен інім мен қарындасымның болашағы үшін, Фашисттің аждаһадай отты аузына түсуге бармын. Жақында ғана, 100-ші атқыштар бригадасы, менің ротам, Калинін түбіндегі Жас Туд деген ауылында жаумен қанды майданға түстік. Біраз жолдастарым ерлікпен қаза тапты. Менің аяғымнан жараланғаным болмаса, аман есенмін. Жарам тез жазылды.

Енді міне мына қыстың  суығынан ба, аяғым мұздап жүр. Шіркін, осындай кезде, Орысбектің түйе жүн шұлығы болса деп қаламын. Сондай жылы еді...

Апа, біз сіздер үшін, еліміздің болашағы үшін, бұл майданды жеңеміз. Сіздердің тілек-дұғаларыңызды әрқашан жүректе ұстап жүретін боламын. Әзірше, қош бола тұрыңыздар. Жеңісті күндерде кездескенше!»

Мен хатты әрең оқып бітірдім. Көзіме іркіліп келген жасты ұстай алмай, танауымды тартыңқырап қоямын. Даусым дір-дір етіп, жасымды сүртіп әлекпін. Анама қарасам, көзіне жас алып, кемсеңдеп жылап отыр екен.

-Жарығым-ай, құлыншағым-ау,-деп еңіреп қоя берді. –Аман жүргеніне шүкір, елін сүйген жүрегінен айналдым.

Біріміз қара қағазды ұстап, біріміз амандық хатты ұстап жыладық.

Сол күннен кейін, майданға барып әкемді, ағамды іздеп табу деген арман пайда болды. Ағам аман болса жеңіспен келер, ал, әкемді жау қолына қалдырғым келмеді. Артынан ерген менен үлкен үміт күткен әкемді тауып, анамды оның тірі екеніне сендіргім келді. Әкем тірі. Ол өлген жоқ.

Мектептегі мұғалім апайыма бұйымтай айттым.

-Әрине, Орысжан, орындаймыз, қані атын айтып жіберші.

-Жақсылық Сарыбайұлы.

-Жақсылық Сарыбай ұлы,-деп қайталап, мұғалім дәптерге жаза бастады. Артынша қасымдағы оқушылар да өз әкесінің, ағаларының аттарын айта бастады.

-Сабырұлы Жанәділ

-Сансызбай Рақымберді,-деген дауыстар шыға бастады.

-Бәріңнің әке ағаларыңа жазамыз, жібереміз,-деді мұғалім аты-жөнін кезек-кезек айтыңдар деген ниетпен.

Сөйтіп, менің ұсынысыммен мен мұғалімді көндіріп, майдандағы ағама хат пен атамнан қалған шұлықты беріп жібердім. Анамның қасыныда жүрген маған анамның ыстық құшағы да жетеді, ал алыстағы ағам үй жылуынсыз, қақшиған суық далада елі үшін көз ілмей, күзетте жүр. Ауылдың иісі деп, жаураған аяғына жылу болсын деген ниет қой менікі. Мен шұлықпен солай қоштастым. Мен ағамның жеңіс күні сол шұлықты киіп келе жатқанын көз алдыма елестетіп, ары қарай өмір сүре бердік...

...Наурызбайдың әкесі соғыста қаза тауып, ол «Ерлігі үшін» деген медалімен наградталып, қара қағазбен бірге жіберілген екен. Ал Абайдың әкесі, майданнан жараланып, ауылымызға екі аяғынан бірдей айырылып келді. Соғыс оғы екі аяғын жалмаса да,  жаны сірі әкесі үшін Абай қатты қуанды.

Күндер өтіп, көктем иісіне қанып, жаздың ыстығына маужырап, күзде бүрсектеп, қыста қымтанып жүріп жылдарды өткіздік. Бұл жылдар ішінде, қанша ерлік көзге түсіп, сонау майдан алаңынан жақсы жаңалықтар да жетіп жатты. Бауыржан Момышұлының ерлігі, қаһармандығы тілге тиек етіліп, өрімдей жас қыз Мәншүк Мәметованың ерлікпен көкірегін елі үшін жаудың пулеметына тосып, ерлікпен қаза тапқанын естіп жаттық. Қаһармен ер-азаматтарымыз барда, жеңістің желбіреген туы жақын еді. Қазақ жерінен Бауыржан Момышұлы ,  ұшқыш Талғат Бигельдиновтың «шабуылдаушы» ұшағымен «жойғыш» ұшағын жайратып салып, ерлік көрсеткені туралы,  пулеметші Мәншүктің үш пулемет ортасында жалғыз қалып, жауға жалғыз кеуде тосып ерлік жасағаны,  мерген Әлияның жан қиярлық  қаһармандығы бүкіл Қазақстанға тарап жатты.,

... Әкем мен ағам сол кеткеннен оралмады. Ағамнан соңғы хатты бір жыл бұрын, «Ұлы Садақ»  түбінде қоршау, барлау ұрыстарына қатысып, ерлік етіп жүргенін жазған еді. Бірақ үзілмеген үмітімді үзгім келмеді. Анам қара қағазды алып қорсылдап жылап алатын. Сағыныштың кермек дәмі, сыр тартып, сазарған дала да мұңға батқандай көрінетін.  Жұрт қыс келсе қыстың суығын қарғап, күзде толассыз жауынды сөгіп, жазда қуаңшылықты тілге тиек етсе, көктемде ызыңдаған масаға да кейіді. Десе де, осы жұрт, қай мезгіл болса да, кейісті мезгілден емес мерзімнен, заманнан көрді. Әр бір жан жүрегінде сол көктемді күтті.  Қар еріп, айнала көк ала кілемге оралып, емін-еркін, алаңсыз, жақындарының қасында асыр салатын кезді күтті.

Сол көктемнің, жеңіс көктемінің жақында оралатынын бұл жандардың жүрегі сезбеді-ақ...

 

                                                  ***

-Ата, ата, ұйқыңыз келді ме, -дедім мен атамның тағы а ұйықтап кеткені ме, әлде, ойға шомып кеткені ме, бегісіз жұмылған көзін ашпаған түрін  көріп.

Атам үн қатпады. Қария кісілер  тез шаршап, тез ұйықтап қалады емес пе? Атамның алдында тұрған қобдишаны алып көргім келді де, жүрегімде тұрған арым қолымды жібермеді.

-Бұл қобдишаның тарихын әлі білмеймін, расында не болды екен бұның ішінде?-деген ой маза бермеді. Атама мирас болып қалған шұлық па деп ойладым, бірақ ол шұлықты, атам ағасына беріп жібергенін айтты. Демек бұл жерде, шұлық емес, басқа зат болуы мүмкін. Әлде, соғыстан қалған оқтар ма екен? бірақ оқ болса, қобдишаның ішінде сыңғырлап кетуші еді. Жоқ, әкесі мен ағасынан келген қара қағаз ба екен? ойыма небір ойлар келіп жатты. Не болса да атамның бұл баға жетпес сыйлығының ішінде не бар екенін білуге асықтым...

-Бауыржан, бері кел,-деп атам шақырды. Жаңадан бері, ұйықтап кеткен  атамның мазасын алмайын деп сыртқа шығып кеткенім еді. Үлкен кісілер сергек келеді ғой. Араға он бес минут болмай жатып, атам мені тағы шақыртты. Бұл жолы тезірек келіп, атамның қобдишасының тарихын білгім келді..

-Біз тыл жұмыстарында жүрген едік,-деп жалғастырды әңгімесін атам, менің жанына келіп, қақшиып отырып алғанымды көріп.

-Наурызбай, Абай және мен. Үшеуіміздің жасымыз он алтыдан асып, он жетіге шақ қалған еді. Майданға бармасақ та, тыл жұмысына баруға асықтық. Ал менің жүрегімде, әкем мен ағамды да іздеп тауып, майдан ісіне араласу арман еді. Сол арманыма жетуім керек деп шештім. Ауылдан аттап кетіп көрмеген бізге Алматы шахарына келіп, оның қойнауына сіңіп кету қиын болды. Ауыл жетекшісіне барып сұранып, тыл жұмыстарына қатысуға ұсыныс бергенімізде, анам қатты жылаған еді.

-Әкең кетті, ағаң кетті, енді сен де мені қалдырып бара жатырсың,-деп еңіреді.

-Апа, мен ораламын. Мен өз Отаныма, туған жерім үшін өз үлесімді қосқым келеді. Мен Отанымды шексіз сүйемін. Әкемді, ағамды тауып, алдыңызға алып келемін,-деп кесіп айттым. Анам басында долданып, қиналып жібергісі келмеген еді, аяғында менің қайтпас қайсарлығымды, Отаным үшін жанқиярлық мінезімді көріп, ақ жол тілеп қала берді. Сол күннен кейін менің екінші өмірім басталып кетті...

Тылдың өз қиыншылықтары бар. Белгіленген нормада астық, ет, нанды майданға жіберіп, тігілген киім, аяқ киім, тіпті майданға кететін көлік, оқ дәрілерді де тиянақты өз орнына жеткізіп отыру керек. Алғашында үш дос болып, оқ дәрі таситын көлікте қызмет еттік. Көлік жүргізушінің қасына отырып, біріміз жүк көлігінің үстіне шығып алып, оқ дәрілерді күзететінбіз .  кейде алыс поезд жолымен жүріп жететінбіз . Сондай бір күндерде мен өзім сұранып, әскери дайындық курсына аттанып кеттім. Артымнан ерген екі досым да қалыспай, бір айлық дайындықты тамамдап, соғысқа аттандық...

Бұл кез 1945 жылдың қақаған аязын арыстанша арсылдатқан қаңтар еді...

Алғаш біз үшеуіміз келген рота, біз сияқты жастардың жиналған ротасы екен. Алғашқы таныстық қызық басталды.

-Есімің кім, қай жерден келдің?

-Атым Орысбек Сарыбайұлы, Алматы облысынан келдім.

-Охо, сонау Қазақстаннан келген екенсің ғой,-деді сонда орыс жігіті Иван.

Иван сол жерге төрт ай бұрын түсккен екен. Өзін еркін, халық батыры сияқты сезінеді.

-Сенің есімің кім?

-Наурызбай!

-Абай!

-Охо, Абай Кұнанбаев?

-Жоқ, Абай  Тағанұлы.

-Ммм. Жақсы батырлар! Соғыс атты әпжыланның ордасына тап болдыңдар. Отанды қорғау-біздің міндетіміз, тіпті парызымыз. Алдыңа  келген әр фашист –Отан жауы. 8-атқыштар дивизиясын басқарған командир Панфилов батырлары  сияқты ерлік көрсету парыз. Ұқтыңдар ма?-деді Иван  погонын нұсқап, басындағы пилоткасын түзеп қойды.

-Бауыржан Момышұлының да ерлігі бар,-дедім менде қазақтардан шыққан командірді есіме түсіріп.

-Әә, әрине!

Біз келгелі бірнеше күн окоптың жанында, зеңбіректерді оқтаумен өтті. Барлау жұмыстарын жүргізіп келген бірнеше жігіттер, жау әскерінің жүз елу шақырым жерде танктерін айдатып келе жатқанын айтты. Артиллерия командирі бізге сақадай сай тұруға тапсырма берді.

Наурызбайдың бір нәрсеге белбуып бармас бұрыс, домбырасын дыңғырлатып, күй ойнайтыны бар-тын. Майданға қара домбырасын ала келген ол, келгелі бері шерпеп еді. Бүгін сол домбырасын алып, дыңғырлатып отыр екен.

-Наурызбай, мылтығыңды қойып, домбырамен жауды жайратайын дедің бе?,-дедім мен оған.

-Жауға аттанбас бұрын, домбыраммен қоштассам ба деп,-деді ол мойнын бұрмай, домбырасының құлағын бұрап, дыңғырлатқан күйде.

-Қоштасып қайтесің, қайта жеңісті күндерде осы дөмбыраңмен ән шырқайтын боламыз.

-Қандай ән? Ә, әлгі, өлең бар еді,-деді де Наурызбай домбырасын әуенге келтіріп,

-Атасынан қалған жүнді шұлық,

Орысбекке жол болып кепті бұрып.

Жүз түйеден мұра болып, жарымапты,

Орысбекке тиген екен жүнді шұлық,-деп әндете жөнелді. Бала кезім есіме түсіп, не күлерімді білмй, не сол кезді сағынып жыларымды білмей, бір орымда тұрып қалдым.

-Әй, сен ұмытпапсың ғой. Ұмытсаңшы енді, қанша жыл өтті,-дедім мен кейіп.

-Қалай ұмытылсын, қайта осы әнді ұнатам,-деп Наурызбай күлді. Жүнді шұлықты есіме түсіргенде, әкем мен ағам есіме түсті. Аяғы жаурамасын деп сол түйе шұлықты беріп жіберген едім. Жетті ме, киді ме оны сол күйі білген жоқпын. Ағамнан хат-хабар болмады. Бәлкім жау ортасында шайқастан қолы босамай жүрген шығар.

Зеңбірек даусы гүрс-гүрс естілді.

-Келіп қалды,-деді жауынгердің бірі.

Жау тұтқиылдап келіп қалыпты. Кәмәндір бәрімізге тапсырма беріп, мылтық, зеңбіректерімізге сақ болу керектігін айтты. Бір бір зеңбірекке ие болып, атыс-шабыстың ортасына қойып кеттік.

Аспаннан қарша жауған гранат та толастар емес. Жау танкілері де жақындап келе жатыр.

-Өй, әкеңнің,-деген Абай зеңбірегінен оқ бората, тарсылдатып жатыр. Мұндай кезде жаның бар ма жоқ па, бәрібір. Бар ойың, жауды жер жастандыру. Артыңда қалған еліңе жауды жеткізбеу. Егер жауға беріліп, қорқақтық танытсаң, ертең еліің құл, қарындасың күң болатын кез келетін еді. Елде тілеуіңді тілеп қалған анаң, қарындасың үшін, жаудан тайсалмау керек.

-Анау танк жотаға шыққанда ат,-деді жолдас кәмәндір Петров. –Менің бұййрығымсыз атпаңдар.

Майданда өз дегеніңмен жүре алмайсың. Қатаң тәртіп-жеңістің кепілі. Командирдің айтқаны заң болу керек. Басшыға бағыну-батылдық, ерлік.

Окопта тығылған әскер жанына келіп жарылған снаряд бөлшектерінен қорғана, тайсалмай жауға қарсы тұруда. Жан-жақтан атылып жатқан жарылғыштардан аяқ басып жүре алмайсың.

-Орысбек жауынгер, қане,  ана неміс танкісінің көзін жой,-деді комәндір Петров.

-Жақсы, жолдас командір!

Мен қарсы алдымда жақындап келе жатқан танкті көздеп, зеңбірегімді оқтадым.

-Әп, бәлем, Отаныма кіргенің үшін сұлатпасам сені!

Зеңбіректі дырылдата, оқты жаудырдым. Танк тоқтар емес, таған қарай келе жатыр.

-Кейін, кейін шегін,-деген бұйрық келді.

-Жоқ, шегінбеймін. Мә, саған,- деп, зеңбіректен оқты жаудырата бердім.

Танк жақындап қалды. Әлде нысағана тигізе алмадым ба танк қит етпеді.

-Жауынгер, кері қайт,-деді тағы командір.

Өлген жерім осы шығар деп ойладым. Әттең ағамды іздеп таба алмадым. Әкемнің жатқан жеріне бара алмадым. Анама хат та жаза алмадым деген өкініш көкірегімді торлап кеткендей болды.

-Отан үшін алға!,-дедім де, ауаны терең тыныс ала, зеңбірегімді соңына дейін атқылай бердім, атқылай бердім. Неміс танкі тұра төбеме  келді... мен әлім кетіп жерге сұлқ құлай кеттім.

... Оянсам, көз алдыма сұп сұлу мейірбике басымды таңып отыр екен.

-Танк, танк не болды,-деймін, түсімбе әлде өңім екенін білмей.

-Танк жойылды. Жарайсыз, жауынгер Орысбек,-деді мейірбике менің таңғышымды қайшысымен қиып отырып.

Сөйтсем, әлгі танк әбден окопқа таяп, окопты таптар кезде бірақ тоқтаған екен ғой. Ішіндегі неміс жауынгері жараланса да, айдап жүре берген. Әбден әлі кеткен ол, окоп маңына келгенде-ақ жан тапсырып, танкісін тоқтатқан екен ғой. Сол мезетте де, басыма тас тигеннен менің де әлім кетіп, құлаған екенмін.

Сол күні Наурызбайдан айырылдым. Қара домбырасымен қоштасып жатырмын дегенде, мән бермеген едім. Сезген екен ғой. Батыр Наурызбай, ер Наурызбай.  Ол да, Батыр атағын алмаса да, жауға қарсы жаяу әскердің алғы шебінде бірнеше неміс-фашистерінің көзін жойып, ерлікпен қаза тауыпты. Жан досымнан айырылған соң, көзіме мөлт-мөлт жас келсе, ер азамат болып жауға жасыңды, арқаңды көрсетпеудің кебін кидім де, танауымды тартып қойып, қанымды қыздырдым.

Мен санитарлық бөлімде алты күндей жаттым. Құлан таза айықпасам да, өз аяғыммен жүріп тұра алатын едім. Сонда да, ақсаңдаған аяққа, қалтыраған қолға қарамай, мен қолыма винтовкамды қайта алдым.

Жау қайта шауып, пүлемет-зеңбіректерден оқ бытырап жатты. Комәндірдің бұйрығымен біресе танкке, біресе жау зеңбірегіне оқ боратып, жауды өз жағымызға өткізбеудің амалын қарастырып жаттық.

Бір кезде қасымда тұрған жауынгерге оқ қадалды да, олжантайып құлай кетті.

-Тірімісің?,-деймін мен, жерге жантайған жігітке қарауға мұрша болмай.

-Баяу,-деген үн шықты.

-Не баяу?,-деймін мен оның сөзінің мәнісін түсінбей.

-Сол жағыңда,байқа бір фашист баяу жермен жорғалап келеді.

-Ә, бәлем,-дедім де мен, менің маңыма тақап қалған фашистке көрінбей окоптың сол жақ шетіне жетіп барып, әлгі фашисті алдынан тоспақ болдым.

-Бұны қалай көрмей қалғам ей, а?

Жау өзін қумын деп ойласа керек. Үстіне біздің әскердің киімін киіп алып, білдірмей біздің окопка кіріп, бізді бір-бірлеп жайратқысы келген ау.

-Тапқан екенсің ақымақ қазақты,-дедім де мен,  екі қолмен оның иығынан алып, окоптың ішіне қарай сұлатып түсірдім.

-Ханде Хох,-деймін ғой. Өзімше неміс тілінде «Қолыңды көтер » дегеннің солай айтылатынын естіген мен.

Әлгі жау екі қолын жоғары көтерді де,

-Найн, найн,-дейді.

-Өй, мынауың не деп тұр,-дедім де, оның екі қолын байламақ болдым. Ышқынып, ышқынып, батырлығын  көрсеткісі келді-ау. Әлгі жау тап беріп, мені жағадан алды да, аяғымнан шалып құлатты.

-Өй, мынауың,-дегенімше, басым даңқ етіп, көзім қарауытып, құлап бара жаттым.

Есім кіресілі-шығасылы, мынау жау мені байламақ болып тұрғанда, оның артынан келген кіші лейтенант тап беріп оны жағадан алды. Солай алыса кетті. Оны тірідей ұстап алдық. Оны жетектеп, комәндірдің алдына алып бардық.

-Тік тұр

-Бос ұста,-деді кәміндір.

-Жолдас командир, баяндауға рұқсат етіңіз

-Болады

-Жолдас командир, сізге неміс жауынгерін алып келдік.  Тірідей қолға түсірідік, үстіне біздің әскердің киімін киіпті,-деді кіші лейтенант әлгі жауынгерді ертіп, мені де қоса алып келіп. –Қандай бұйрығыңыз бар?

-Так, так,-деген кәмәндір қолы байлаулы жау әскерін айналып қарап шықты да, -Киімін шешіңдер, бұл жауынгер біздің әскердің киімін киюге лайық емес. Отан үшін отқа түскен әскердің киімін шешіп алып, оны суықта тоңдырып қойған шығар.

Оны жұлқып жұлқып киімін шеше бастады. Үстіндегі шинельін (пальто) шештіріп, ішқыра киген шалбарының бауын ағытып, оны бір дамбалша қалдырдық. Тіпті аяғындағы пимасын да шешіп тастадық. Сол кезде көзіме бір нәрсе оттай басылды.

-Мынау, мынау, мынау менікі,-дедім жалма-жан әлгі жаудың аяғына жығылып.

-Жауынгер, Сарыбайұлы, тұрыңыз. Жау алдында тізерлеуге болмайды,-деп зірк етті сол кезде комәндір.

-Кешіріңіз, жолдас командир, бірақ мына жау біздің әскердің тек сыртқы киімін ғана емес, ішкі киімін де киген сияқты. Мына аяғындағы менің ағамның шұлығы еді,-дедім мен. Олай деуімнің себебі, сол шұлыққа өз қолыммен кестелеп, аға деп жазып қойған едім. Тіпті жібі де тарқамай, қаз қалпында тұрғанына таң қалдым.

Мен ағама беріп жіберген сол баяғы түйе жүнінің шұлығы мына жау әскерінің аяғында жүр екен. бұл оған қалай тап болған, ағамның аяғынан шешіп алды м а екен? әлде, ағам жетпей, жау әскері жолда пошташыларды ұстап алды ма екен. Әлде, әлде, мына киімнің бәрі менің ағамдыкі болып, оны мына қаңтарылған суықта далаға қатырып тастады ма екен деген жаман ойлар келе берді.

Комәндір оқыған, білімді азамат еді. Менің жыламсырап тұрғанымды көрген соң, ол әлгі жауынгермен немісше сөйлесе кетті.

Түсініксі тілде сөйлеп біткен соң,  маған қараған комәндір:

-Жауынгер, Сарыбайұлы, сіздің ағаңыз жау қолына түсіп, мына киімді тұтасымен мыналар шешіп алған екен. Ал, ағаңыз қатты жараланып, неміс қоршауында қалып кетіпті. Қайғыңызға ортақпыз. Ағаңыз ерлікпен қаза тауыпты!,-деді.

Мен тұрған орнымда сілейіп қатып қалдым. Егер анам болғанында, «қарғам-ау, ботам-ау» деп боздап кетер еді. Ал, мен жау алдында жасымды көрсетпеу үшін, «Рахмет, жолдас комәндір» дегеннен ары аса алмадым. Менің жай күйімді көрген комәндір менің қолыма сол түйе жүнді шұлықты ұстата салды...

Міне, менің атамның шұлығы өз иесін ақыры тауып алды. Енді сол шұлыққа не болды дейсің ғой? Сол шұлық маған пайдасын тигізбесе, кесірін берген емес.

Тағы бір ұрыс басталып кеткен еді. Жауды кері шегіндіріп, олардың қазған бекінісіне біз барып орналастық. Қолдан беріп қойған окоптарын қайта алғысы келген жау әскері, бізге қарай тағы ұмтыла оқ жаудыра бастады.

-Оқтаңңдар!

-Атыңдар!,-деген комәндірдің бұйрығын бұлжытпай, ерлік көрсетіп жатқанбыз. Бір кезде сол жақ қапталдағы зеңбіректің үні өшіп қалды. «Қап, оқ тиді-ау» деп ойладым да, сол зеңбірек жаққа қарай тарттым. Барсам, бір екі жауынгеріміздің қасында комәндір де жараланып, зеңбіректі оқтай алмай, бір жерінде отырып қалыпты. Сөйтсем, қасына келіп жарылған оқ, көмәндірдің бір қолын алып ұшыпты.

-Бар, орныңа  бар,-деп ақырды маған басшы.

-Сіз ше?

-Жауды жең,-деген комәндірім қан көп кеткеннен бе, сұлқ түсіп құлай кетті. «Жоқ-жоқ, комәндірді аман алып қалу керек» дедім мен. Қасымда ем дом жасайтын ештеңе жоқ. Аспаннан оқ борап жатыр. Не істерімді білмей дал болдым. Біресе, зеңбіректен оқ атып, біресе комәндірге қарап, оның жанын қиналғанын қаламадым.

-Өй, әкесінің,-деген менің есіме аяғымдағы түйе шұлығым түсті. Апам қан шыққан жерге киіз күйдіріп басущы еді. Киіз болмаса да, мына шұлық қан тоқтату керек дедім де, аяғымдағы шұлықтың біреуін шешіп алып, сіріңке шағып,  өртедім. Лап етіп шұлығым жана қоймады. Қыс көзі қырауда, қарда көп жүрген соң аяқтан су өтіп, нәм алып кетіпті. Сонда да, қоймай бықсыта бердім. Шұлығым жанбай, тек сызддықтап, бықсып, ери бастады. Бір кезде лап етіп жанып, қайта өшкенде шұлығым бір уыс болып, күйіп қалғанда, қолыммен алып, комәндірдің жұлынған қолына баса салдым.

-Ойбай,-деді де, комәндірдің үні тағы өшті.

 

Жаудың бетін қайтарған рота, бірі ақсап, бірі тоқсап, басы жарылып, бірінің артынан қара қағаз жазылып кетіп жатты.

Көмәндір санбөлімде бір аптадай жатты. Мен басқан шұлық, мейірбикенің айтуы бойынша, қанды тоқтатып қана қоймай, оның ары қарай тез жазылуына да септігін тигізсе керек.  Солай атамның шұлығы менің төсіме бір медаль таққызды. Бұл менің соғыс атты майдан әлемінде алған алғаш мақтанышым еді-деген атам миығынан бір күлді.

Атам тағы ұйықтап кетсе керек, пыр-пыр етеді.

-Ойпырмай, атамның әңгімесін ай. Өзің қасында жүріп, соғысқа бірге қатысқандай боласың!,-деймін ғой мен іштен. Сөйттім де, көзім тағы әлгі қобдишаға түсті.

-Түф, мынаның ішінде не болды екен ә? Атам да бір, ұйықтап қала береді!,-деп тағы өкпеледім...

 

 

-Ата, Абай досыңызға не болды, ол да сізбен майданда жүр еді ғой.

-Е, Абайма? Ол кейіннен 15-і атқыштар дивизиясына ауысып кетіп, одан хат-хабарсыз қалғаным бар. Кейіннен ғой, соғыс бітіп, ауылға барсам, ауылда бір таяққа таянып жүріп мені күтіп алды. Сөйтсем, ол жүгермек, менімен құда болып жүргісі келген ойы бар екен ғой. Анау, Жылқытөбедегі Абай атаң бар ғой, е, сол қарағым менің сол Абайжаным ғой.

-Сіздің қарындасыңыздың шалы ма?

-Иә, балам.  Сол Абай екеуіміз Жеңістің туы желбірегенде, билемеймін деген, мына атаң, бір билегені бар ма? ,-деді атам күліп.

-Мәншүк, Әлия, Бауыржан, Ыбырайым, сонау 28-ші панфилавшылар Нарсұтбай Есболатов, Асқар Қожабергенов, Әлікбай Қосаев, Мұсабек Сеңгірбаев тар елі-үшін, жері үшін жанына аямаған қазақтар ғой. Отанды сүю-ерлік. Тек жүрегінде еліне, жеріне, Отанына махаббаты болған адам ғана жетістікке жетіп, батыр бола алады. Қазіргі тәуелсіздік, тыныш заманда, жау болмаса да, Отан-өз алдында, бәрібір ыстық болып қалу керек. Отанды сүйсең, білім ал. Отаныңа тигізер пайдаң, ерлігің сол, балам. Отаныңды әлемге паш ететін, ер тұлғалы азамат болу керек. Мен батыр атағын алмасам да, Отанымды сүйемін. Сендердің осылай күліп, бейбіт өмірде сүрулерің, сол кездердегі батыл да қайратты жауынгерлердің ерлігінің арқасы. Бұл-тарих. Тарихын білген адам-далада қалмйды. Тарихты білу арқылы, сенің болашаққа деген сенімің, рухани жаңғыруың етек алмақ. Еліңе, жерің, басшыңа қызмет қыл. Отанды сүй. Батырлық –ерік көрсетумен шектелмейді. Батырлық-патриоттық борышың. Еліңе адал қызмет етуің.

Атам сөзін аяқтағандай болды. Атамның толғауына менің де жаным тебіреніп кетсе керек, орнымнан атып тұрдым да:

-Қазақстан халқына қызмет етемін. Қазақстан Республикасының адал азаматы болып, Отандық борышымды өтеуге ант беремін. Мен  елімді сүйемін! ,-деп өз алдымда тұрған, мен үшін, нағыз батыр, ержүрек атама қолымды шекеме апарып, тік тұрып ант бердім.

-Жақсы, жолдас жауынгер.  Тік тұр, еркін тұр,-деген атам мәз болды.

Атам маған жанында тұрған қобдишаны ұстатты. Ұстата тұрып:

-Сенің есімің, сол батыр Бауыржанның есімі. Сол атаң секілді батыр бол,-деді.

Қобдишаны алдым... жалпы құлпысының жасырын нөмірін атам ғана біледі екен . 1945 деген нөмірді тердім де, тырс еткізіп қақпағын аштым...

Сол күннен бері, менің Отанға деген сезімім өршелене берді. Мен елімнің, жерімнің, ата—анамның мақтанышы болуға тиіспін. Міндеттімін де. Біздің осылай тәуелсіз елде өмір сүруіміз үшін қасықтай қаны қалғанша тер төгіп, төсін еліне соқтыққан жауға тосып, ерлік еткен ата-бабаларымыз үшін, солардың ізін жалғау, мына, біздің Отан алдындағы борышымыз.

Әә, айтпақшы, ең үлкен сыйлық не болды деп отырсыздар ғой? Бұл сыйлық мен үшін, алтын, жақұттанда қымбат, бағалы болып қалды.

Атадан қалған екен жүнді шұлық,

Жып-жылы жылу силар, түйе шұлық.

Кім кимеді, немісің де қалмай қалыс,

Қайта айналып келіпті маған бұрып... Атамның шұлығы...

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Публикация на русском