Просмотров: 102 | Опубликовано: 2020-07-05 03:58:08

Өркен әлем елдерінен не үйренді?

ертегі

   Ертеде бір өнерлі отбасы болыпты. Отағасы Елбай қамшы өріп, ертоқым жасапты. Әйелі Гүлдесте қыштан құмыра жасап, сыртына әдемі суреттер салыпты. Екеуі өз қолдарымен жасаған бұйымдарын базарға апарып саудалапты. Олар өнерінің арқасында ешнәрседен тарықпай өмір сүріпті. Олардың Өркен атты жалғыз баласы болыпты. Өркен он үшке келгенше әкесі оған етік тігуді, ат әбзелдерін жасауды үйретіпті. Өркен ержетіп, қалыңдық алғысы келетінін айтыпты. Әкесі болса:

- Балам, мен өзім білетін барлық өнерді үйреттім. Бірақ өзің көріп жүрсің, қазір етік тігуші де, ертоқым, қамшы жасайтын шеберлер де көбейіп кетті. Шешеңнің қыш құмыраларынан да әдемі ыдыстар сатыла бастады. Біз жасаған затымызды арзан бағаға беруге мәжбүрміз. Сен басқа бір өнер үйренбесең, ертең отбасыңды асырай алмай қаласың ба деп қорқам. Міне, мынау біздің өмір бойы жинаған ақшамыз. Осыны алып, әлемді шарлап, жаңа өнер үйреніп кел, - деп әкесі ақ батасын беріп, жолға шығарып салады.

  Өркен күн жүреді, түн жүреді. Үшінші күні кешке әбден шаршап, үлкен қалаға тап болады. Сөйтіп, ол тынығып алмақ болып бір есікті қағады.

- Бұл кім? – деп сұрайды үй иесі.

- Атым – Өркен, алыстан шаршап келе жатыр едім, бір түнеп шығуға рұқсат етіңіз.

- Мен үйге танымайтын адамдарды кіргізе бермеймін, - дейді үй иесі.

- Өнер іздеп алыстан келе жатыр едім. Мен ақыңызды төлейін, тынығып алуға рұқсат етіңіз, - дейді Өркен. Үйдің есігі ашылып, іштен бір ақсақал шығады. Өркен амандасып, ішке кіргенде қабырға сөрелерінің бәрі кітапқа толып тұрғанын байқайды. Ақсақал жолаушыға ас беріп, екеуі ауқаттанып алады.       

- Сен сірә, қазақ жерінен келген боларсың? – дейді үй иесі.

- Иә, - дейді Өркен. – Өнер үйренбек болып әлемді шарлауға шықтым.

- Өнер деймісің? – дейді ақсақал сақалын сипап.  - Мен де сендей жас кезімде өнер үйренбек болғанмын. Жас кезімде Швед еліннен сапар шегіп, әлемді араладым. Жер бетіндегі халықтардың тілін меңгергім келді. Мен жолға шыққанда ата-анам бақилық болып кеткен еді. Сондықтан мен саяхаттай бердім. Міне, ақыры қартайған шағымда Сібір ормандарын паналап қалдым.

- Сіз қазақша жақсы сөйлейді екенсіз? – дейді Өркен. – Басқа тағы қандай тілдерді білесіз?

- Өмір бойы әлем елдерінің тілін үйрендім. Жүзге жуық елдің тілін үйреніппін.

- Бұл деген керемет қой! – деп таң қалады Өркен.  – Маған үйретесіз бе?

- Менің есігімді соңғы он жылда ешбір шәкірт қаққан жоқ. Білмеймін, саған сонша тіл білудің қажеті бар ма? Көп тіл білген жақсы, әрине. Бірақ мен көп шәкірт тәрбиелемедім. Егер мен қазір сен секілді жас болсам, жарты күнімді тіл үйренуге жұмсап, жарты күнімді шәкірт тәрбиелеуге арнар едім. Міне, оқудың соңына түсіп, отбасын да құрмадым.

- Сонда сіз қалай күн көрдіңіз? – деп сұрады Өркен. 

- Жас күнімде тілмаш болдым, патшаның жанында жүріп елшілердің сөзін аударып бердім, - дейді ақсақал.

- Ақсақал, сіз секілді жүз тілді меңгермесем де, біраз елдің тілін үйренгім келеді. Ақыңызды төлейін, маған әлем елдері көп қолданатын тілдерді үйретсеңіз, - деп өтінеді. Қария келіседі. Өркен көп тіл білетін ұстазынан үш жылда он үш елдің тілін үйреніп, ақсақалға мың алтын теңге береді. Өркен үйге қайта оралайын деп өзін-өзі тоқтатады. «Әке-шешеме тіл үйреніп келдім» десем, ақшаны босқа құрттың деп үйден қуып жіберер, қой одан да бір пайдалы өнер үйренейін» деп сапарын жалғастыра береді. Сөйтіп, ол шығысқа бет алып, жердің шетіне жетеді. Бұл жерде түрі қазаққа ұқсас, бірақ тілі басқа халықтар қайыққа мініп, аралдарға қатынайды екен. Өркен олардың сөздерін тыңдап, жапондар екенін біле қояды.

- Мені де ала кетесіздер ме? – деп өтінеді Өркен. Қазақтың жапон тілінде сөйлеп тұрғанын көрген жапондар таң қалып:

- Сен жапон жеріне не үшін бармақшысың? - деп сұрайды.

- Өнер үйрену үшін барамын, - дейді Өркен.

- Қарай гөр өзің, жапон тілін үйреніп алыпты, енді өнерін үйренбекші, - дейді  қызбалау жас жігіттің бірі. Қайық ішінде отырған жапон ақсақалы:

- Бұл жігітті өзімізбен бірге ала кетейік, бір білері бар шығар,  - дейді. Жасы үлкен кісі айтқан соң жапондар үндемей қалады. Өйткені, олар өте тәрбиелі халық еді: үлкен кісіні сыйлай білетін. Сөйтіп, олар аралдан аралға өтіп, Жапон жеріне жетіпті.  Жапон ақсақалы Өркенге жұпыны бір бөлме беріп:

- Ақшаң бар екенін білем, бірақ қымбат қонақ үйде жатсаң, ертең қайыршы боласың. Ақшаңды үнемдей біл. Ертең не боларын білмейсің. Ақшаң жоқ болса, мұнда саған ешкім баспана да, ас та бермейді, - деп ақылын айтады.  

  Өркен Жапонияны аралап, көшеде бір кішкентай баланың арба сүйреп жүргенін көреді.

- Қалың қалай, балақай? Сенің атың кім? Сен не істеп жүрсің? - деп сұрайды. Бала қанша асығып тұрса да, үлкен кісіге иіліп сәлем береді.

- Атым – Нори. Адамдардың заттарын тасып, өзіме қажетті ақша жинап жүрмін, - дейді бала.

- Әке-шешең бар ма?  

- Иә.

- Олар қандай жұмыс істейді?

- Әкем - император сарайын күзетеді. Шешем - қыштан құмыра жасайды.

   Өркен баланың жауабына таң қалады.  Мұның жасында қазақ балалары ойын ойнап жүргенін еске алады.

- О, менің анам да қыштан құмыра жасаушы еді, сенің анаңа барып жолықсам бола ма? – дейді Өркен.

- Әрине, бірақ кеш батқанда болмаса, қазір менің қолым босай қоймас. Жұмыс істеуім керек еді, - дейді бала сыпайы қоштасып.

- Иә, әрине, бара ғой, кешке осы жерде кездесейік, - дейді Өркен.

   Кешке екеуі шеберханаға келе жатып әңгімелеседі.

- Сен қалайша еңбекқор болдың? - деп сұрайды Өркен.

- Менің анам көп жұмыс істеген. Үй жұмысымен қатар егістікте істеді. Кішкентай кезімде мені арқасына матамен байлап отырғызып, тілім әлі шықпаса да, өзінің істеп жүрген жұмысын айтып отыратын.  Менімен үнемі үлкендерше сөйлесетін. Содан мен зерек болып өстім, - деп жауап береді Нори.

 Екеуі шеберханаға кіреді. Нори қазақ елінен келген қонақты анасымен таныстырады. Анасының аты - Рио екен.

- Менің шешем де қыштан құмыра жасаушы еді. Бірақ елде әдемі құмыра жасаушылар көбейіп, тауарымыз өтпей қалады. Сіздің құмыраларыңызды көрсем бе деп келдім, - деді Өркен.  

- Әрине, - дейді Рио. Өркен әдемі суреттер салынған, түрлі пішіндегі құмыраларды қолымен сипап, қатты ұнатады. Олар соншама көп еді, тіпті кең шеберхананың ішінде аяқ алып жүрудің өзі қиынға соқты. Кенет ол бір бұрышта тұрған құмыраны қағып кетіп, сындырып алады. Күл-паршасы шыққан құмыраның бөлшектерін қолына ұстаған ол:

- Айыпқа бұйырмаңыз, мен байқамай қалдым. Сізге құмыраның құнын төлейін, - дейді. Рио еш абыржымастан:

- Бұл – мен үшін аса бағалы құмыра еді. Мұны жасау үшін мен жарты жыл тер төктім. Мен мұны жасап, марқұм анама сыйға тартқанмын, сондықтан ол мен үшін анамның көзіндей еді. Мен үшін бұл құмыраның құны баға жетпес. Маған ақшаңыздың қажеті жоқ. Сіз маған тура сондай құмыра жасап бергенше қызмет етсеңіз, сіздің айыбыңызды кешірер едім, - дейді Рио.

- Бұл менің қолымнан келе қояр ма екен? Ол үшін жылдап еңбек ету керек шығар, - дейді Өркен Рионың жүзіне қарап. Жапон әйелінің ұстамдылығынан танбай, сезімге ерік бермей тұрғанына таңырқап:

- Жақсы,  мен ертеңінен бастап іске кірісейін, - дейді Өркен.      

- Сағат таңғы жетіден кешігуші болмаңыз,  - дейді Рио.

 Таңертең Өркен шеберханаға келсе, Рио қыш құмыра жасауды бастап кеткен екен.

- Сәлеметсіз бе! Кешіккенім үшін кешірім сұраймын. Сіз түні бойы жұмыс істедіңіз. Сізді қатты шаршап қалған шығар деп ойласам, - дейді Өркен.

- Жапондар кешікпейді, - дейді Рио.

   Өркен түскі үзіліс кезінде жақын маңдағы сауда орнына шие сатып алып жемекші болады. Бір қызығы, тауар бар да, иесі жоқ екен. Жұрттың бәрі саудагер қойып кеткен таразыға жемісті өлшеп, жанына ақшасын қойып кетіп жатты. Өркен жемістерді тегін әкетіп, болмаса жанына қойылған ақшаны қалтаға басып, тайып тұрған ешкімді көре алмады. Күнге кепсін деп есіктің сыртына қалдырып кеткен сырт киіміне ешкімнің тиіспегенін көріп, таң қалды.  Өркен кешке дейін құмыра жасаса да әдемі бұйым шығара алмады. Апта соңынан айлар өтті. Өркен Жапонияда жұмыс жасап, күнкөріске қажет ақша таппаса, аш қалатынын түсінеді. Содан кейін ол бос уақытында бір самурайдың бақшасын күтуші болып жалданады. Рио да шәкірті азықтан тарықпас үшін жасаған құмыраларды сатып, азын-аулақ ақша беріп тұрады. Ол Жапонияда жүріп тәртіпке, үнемшіл болуға үйренеді.

     Көктем кезі еді. Самурай бақшасын жақсы күткені үшін Өркенге өз қолымен ас пісіріп береді. Өркен аса беделді самурайдың кішіпейілділігіне тәнті болады. Тіпті, шаңның ауырлығындай тәкәппарлықты байқамайды.

    Арада бір жыл өткенде Өркен мың құмыра жасап үлгереді.  Өркен бір күні көздің жауын алатын құмыра жасап шығарады. Бұл құмыра өзі сындырып алған құмырадан еш кем түспейтін еді. Аса талғампаздықпен жасалған құмыраны көрген байлар «Маған сатшы» деп таласа бастайды. Бірақ Өркен: «Бұл құмыра сатылмайды, Рио ханымға тиесілі» дейді. Керемет құмыраны көрген Рионың жүзі жылып сала береді.  Өз ісіне адал, қажырлы жас жігітке:

- Сіз – менің көңілімнен шығатындай құмыра жасадыңыз, бұдан былай сізді ұстамаймын, - дейді. Бұл құмыраның сыртында көктемде гүлдеп тұрған шие ағашы – Сакура бейнеленген еді. 

    Өркен кемеге мініп, өнер үйрену үшін Еуропаға жол тартады. Ол немістер еліне келіп жетеді. Көше бойлап келе жатып, адамдардың аяқ киімін тазалап, ақша тауып жүрген бір бейтаныс баланы көреді.

- Сәлем! Қалың қалай, балақай?

- Жақсы.

- Сен өзің пысық жігіт екенсің?  - деп күлімсірейді Өркен.

- Сіз аяқ киіміңізді тазалатуға келдіңіз бе? – деп сұрайды бала.

- Жоқ, жұмыс іздеп жүрмін. Қазақ жерінен келдім, - дейді Өркен.

- Егер жұмыс ізтеп жүрсеңіз, сізге қайдан ақша бола қойсын, аяқ киіміңізді тегін тазалап берейін, - дейді бала.

- Рахмет, керегі жоқ.

- Егер аяқ киіміңзі шаң-тозаң болса, сізді ешкім жұмысқа алмайды.

- Солай ма? Ендеше, тазалап бере ғой, - дейді Өркен.

– Атың кім?

- Роберт.

- Сендер неге көп жұмыс жасайсыңдар?

- Көп жұмыс істесек, жақсы демаламыз. Байлыққа жетеміз.

- О, армандарың керемет екен!

   Неміс баласы Өркеннің былғары, көнетоз аяқ киімін тазалап, майлап беріп еді, күндей жарқырап шыға келді.  Өркен жұмыс іздеп бір шеберханаға келді. Мұнда шеберхана иесі жұмыс іздеп келген адамдарды іріктеп алып жатыр екен.

- Сіздің қандай ерекшелігіңіз бар? -  деп сұрайды шеберхана иесі  Герольд.

- Мен ұзақ уақыт жұмыс істей аламын, - дейді Ганс есімді үміткер.

- Бұл жақсы қасиет екен. Егер жұмыс уақытында сені қонаққа шақырса, не істер едіңіз?

- Кешіксем де жұмыстан соң барамын, - дейді Ганс.

- Жақсы, сізді жұмысқа алайын, - дейді шеберхана иесі.

 Екінші үміткер келеді.

- Сіз не істей аласыз? – деп сұрайды қожайын Герольд.

- Мен әр істі уақытында орындаймын, - дейді Шиллер есімді жігіт.

- Бұл – тамаша! Егер сіз берілген тапсырманы орындай алмасаңыз не істер едіңіз?

- Менде осы күнге дейін мұндай жағдай болған емес. Бұл мен үшін нағыз масқара болар еді. Ондай жағдайда өзім жұмыстан шығып кетемін.

- Жақсы. Сізді де жұмысқа алайын, - дейді шеберхана иесі.

   Геймер есімді жұмыс іздеушіге кезек келеді.

- Сіз не үшін бұл мекемеге жұмысқа тұрғыңыз келді? – деп сұрайды Герольд.

- Шеберханада бос жатқан заттар көп екен. Үнемдеп, көп пайда табуға болады деп ойладым. Шашылып жатқан затты суқаным сүймейді. Мен үшін тазалық – бірінші орында, - дейді Геймер.

   Бұл ұсыныс шеберхана қожайынына ұнап, оны да жұмысқа алады. Кезек Өркенге келеді.

- Сіз кімсіз? Қайдан келдіңіз? Сіздің қандай ерекшелігіңіз бар? – деп сұрайды Герольд.

- Менің атым – Өркен. Өнер үйрену үшін Қазақ елінен келдім. Менің ешқандай ерекшелігім жоқ, - дейді Өркен.

  Кенет қожайынның көзі Өркеннің аяғындағы күндей жарқыраған саптама етікке түсіп кетеді.

- Сіз жұмысқа қабылдандыңыз, - дейді Герольд. Өркен таң қалып, қожайынға жұмысқа қабылдағаны үшін алғыс айтады.

   Өркен немістердің әдемі ғимараттар салып жатқанын көреді.  

- Бұл - готикалық үлгіде жасалған әсем ғимараттар, - деп түсіндіреді Герольд. – Талабың болса, сен де үй жасауды үйреніп кетесің.

- Сіздерден көп нәрсе үйренгім келеді, - дейді Өркен. Ол екі жылдың ішінде қабырғалары төрт бұрышты, төбесі үшбұрыш болып жабылатын үйлердің талайын тұрғызды.

   Бірде неміс ханзадасы ауқатты отбасылар үшін әсем де көрікті ғимараттардан қалашық тұрғызғысы келіп, жарлық шашады. «Кімде-кім маған ұнайтын әдемі үй тұрғызатын болса, соған сыйлық беремін» депті. Сөйтіп, бұл жарлықты естіген Герман жеріндегі неміс шеберлері ашық далаға үй сала бастайды. Қала басшысы әр үйдің орнын белгілеп, қатаң бақылайды. Саусағынан өнер тамған небір шеберлер көктемнен күзге дейін жүздеген үй салады. Уақыт келгенде ханзада жаңадан салынған үйлерді аралайды. Ол бірінен-бірі өтетін көрікті, зәулім үйлерді қарап, жеңімпаздарды анықтайды. Төрт қырлы, ою-өрнекті үй салған Иохан есімді неміс 1 орынды жеңіп алады. Бетсольд есімді шеберге – 2 орын, Генрих есімді шеберге 3 орын бұйырады. Ханзада оларға мол қаражат беріпті. Үй салған өзге шеберлер де құр алақан қалмай, сыйлық алыпты. Ханзада Өркен салған үйге қарап:

- Үйіңіз жақсы екен, әйтсе де неміс шеберлеріне жету қиындау. Бірақ мені сіздің мына кішкентай үйіңіз қызықтырып отыр, - дейді ханзада тақия сияқты үйді көрсетіп.

- А, бұл киіз үй ғой, мұны мен өзім уақытша тұру үшін салып алғам. Қазақтар осындай киіз үйде тұрады. Мал бағып, жылдың төрт мезгілінде көшіп жүретін қазақтар үшін киіз үйден жақсы үй жоқ, - дейді Өркен.

   Ханзада үйдің ішіне кіріп, таң қалады.

- Тамаша! Бірде-бір тіреусіз үй салған сенің ата-бабаларын расында шеберлер екен, - деді ханзада. – Дегенмен, сен бұған көп шығындалған шығарсың?

- Жоқ, - дейді Өркен. - Шаңырақ, уық пен керегелерді қалдық материалдардан жасап алдым. Киіздің орнына сиырдың терісін жаптым. Бұл осында үй жалдап тұрғаннан гөрі өте арзан.

- О, сен бізден үнемшілдікті де үйреніпсің! Жарайсың! – дейді ханзада. – Менің бір ұсынысым бар: сен еліңді сағынған шығарсың. Егер қайтқың келсе, маған осындай үлкен үй салып бер. Қасыңа шеберлерді қосып берейін.

- Жарайды, - деп Өркен іске кіріседі. Көп ұзамай, он екі қанат киіз үй дайын болады. Риза болған ханзада Өркенге мол сыйлық беріп, құрметтеп шығарып салады.

  Өркен саяхаттап жүріп еврейлер еліне келеді. Көшеде ақ көйлек пен қара жамылғы киім, басына бірдей қара телпек киген адамдардың бір жаққа асығып бара жатқанын көреді. Олардың құлағының алдынғы жағында өскен ұзын шашын байқайды. Өркен еврейлердің иврит тілінде сөйлеп жатқанын естиді.

- Жат жерлік, сіз мұнда  не істеп жүрсіз? – деп сұрайды Ленни есімді бозбала. Өркен өзіме құралпас бозбаламен амандасып, жақын танысады.

- Елімнен өнер іздеп шықтым, - дейді Өркен.  – Сіздерден де бір жақсы дүние үйренгім келеді.

- Біз қолөнермен айналысамыз. Сауда жасаймыз. Жақын маңда сурет салуға үйрететін бір шеберхана бар.  Егер қабілетің болса, жұмысқа алып қалар, - дейді Ленни. Екеуі шеберханаға келеді. Мұнда теріге салынған суреттер, жалпақ тастарға ойылып жазылған жазулар бар еді.

- Шломо ағай, сізге шәкірт алып келдім, - деп Ленни Өркенді таныстырады.  

- Қош келдің, төрлет! Сіздің сурет өнеріңіз бар ма еді? – деп сұрайды Шломо.

- Сурет салып көрмеппін. Бірақ қыш құмыраның сыртына гүл салып көргенім бар, - дейді Өркен.

- Ендеше, байқап көрейік, - дейді шеберхана иесі.

 Өркен терінің бетіне сурет сала бастайды.

- Жаман емес, қабілетің бар сияқты. Сені шәкірт қылып алайын, - дейді Шломо. Өркен шеберден марқұм жандардың есімі жазылатын тақта тастарға қашап жазуды үйренеді.  Кешке Ленни келеді.

- Жүр, мен сені бір адамдармен таныстырайын, - дейді Ленни.

- Жақсы, бірақ мен алдымен жатын орын мен ас ішетін орын тауып алайын, - дейді Өркен.  

- Жатын орын, ішер асты Шломо ағай өзі тауып береді. Сен оған көмектессең болды.

- Жақсы, сенің маған не үшін көмектесіп жүргеніңді білгім келеді.

- Қазір бәрін білетін боласың, - дейді Ленни. Олар еврей ақсақалдары жиналған басқосуға келеді. Мұнда бір қуаныш болып жатыр екен. Әйелдер мен еркектер бөлек отырып, той тойлап, әңгіме-дүкен құрған.  Балалар үлкендерге қарама-қарсы отырып, өсиет тыңдауға көшкен. Бір кезде еврей ақсақалы жастарды орнынан тұрғызып, сұрақ қоя бастады.

-  Қане, осы аптада кім, қандай жақсылық жасады?  - деп сұрады Абрам ақсақал. –  Данил сенен бастайық.

- Абрам ата, мен жолдан өтіп бара жатқан соқырды үйіне жеткізіп салдым, - дейді Данил.

- Жарайсың! Кемтар адамдарға көмектесу үлкен сауап. Ал, Йусуф, сен не дейсің?

- Абрам ата, мен теңіз жағасында қайраңдап қалған шабақтарды қайта суға жібердім.

- Жақсы, табиғатқа қамқорлық та жақсылық. Шалам, сен қандай қайырымды іс жасадың?

- Мен жетім мен жесірлерге садақа бердім. Үйлерінің шарбақтарын жөндеп бердім, - дейді Шалам.

- Керемет! Ленни, сен неге үндемейсің? Бізге айтарың бар шығар?

- Мен бұл аптада айталықтай жақсылық жасай қойғам жоқ. Бар болғаны мына жігітке жұмыс тауып бердім. Бұл - Өркен деген жігіт. Өнер іздеп елімізге қазақ жерінен келіпті.

- О, мұны да жақсылыққа балауға болады, - деді Абрам ақсақал. – Ал, Өркен, қош келдің? 

- Рахмет. Мен сіздерден көп нәрсе үйренемін деп сенемін, - деді Өркен. Ол жат елде жүріп тосын жайттарды байқайды.

- Міне, мен тамаша бір мүсін жасадым. Мұны көрген адамдар таң қалатын болады, - деді Ленни. – Осы туынды арқылы елімізді бүкіл әлем танитын болады.

- Жақсы дүние екен. Бірақ бұл арқылы еліңді қалай танымал қылуға болуды?  - дейді Өркен.

- Біз, еврейлер, аз болсақ та күшті екенмізді дәлелдегіміз келеді. Әрбір еврей осыны ойлады.

- Тамаша! Сонда сен мұны сатасың ба?

- Жоқ. Қала орталығындағы хауыздың жанына қоямын. Шетелден  келген адамдар қарайтын болады.

-  О,  керемет ой! - деп таң қалады Өркен.

    Бірде Ленниге бір бейтаныс еврей келіп, өз кәсібін ашу үшін қарызға ақша бере тұруын сұрайды.  

- Жеті балам бар, орайы келген сәтте бірден қайтарамын, - деді әлгі кісі.

- Сізге қанша ақша қажет?

- Бастапқыда 1000 сикли бере тұрсаңыз?

- Міне, алыңыз, мұнда 2000 сикли бар, - деп Ленни қапшықтағы күміс тиындарды ұсынды.

- Алғысым шексіз, - деп басын иіп әлгі адам кетіп қалады.

- Сіз қалайша бөтен адамға сонша ақшаны сеніп бере салдыңыз? - деп таң қалады Өркен.

- Еврейлер бір-біріне көмектесуі керек. Ол бүгін кәсібін ашып, сауда жасай бастайды. Сөйтіп, бала-шағасын асырайды. Тұрмысы түзеледі. Ол кісі - менің бұрынғы көршім. Ал көршіге көмектесу керек.

- Керемет екен!  - деп Өркен басын шайқайды. Ол бір жыл еврейден қылқаламмен әрі қышқа әдемі қашап жазуды үйренеді. Қайтар кезде Ленни оған жолына азық, кәдесый салып береді.

     Сөйтіп, арада жеті жыл өткенде Өркен ата-анасының үйіне келеді. Ауылдың кішкентай балалары сүйінші сұрап, киіз үйде отырған әке-шешесі жүгіреді. Баласының аман-есен келгеніне қуанған ата-анасы ат шаптырып, той жасайды. Баласын бауырына басып, сағыныштарын басады. Той үстінде Елбай әкесі баласынан сонша жыл әлемді шарлағанда не үйренгенін сұрайды. Өркен әлем елдерінен үйренген өнерін айтады.

- Балам, жат елдің өнерін үйренгенін жақсы болған екен. Бұл сенің отбасын асырап, нан тауып жеуіне көп көмегі тиер. Әйтсе де, сен айтқан халықтардың бойындағы жақсы қасиеттер қазақтың да қанында бар. Соны түсіну үшін саған жылдар бойы жат елде тұруыңа тура келді, - дейді әкесі.

- Әке, ол қандай қасиеттер? – деп сұрайды Өркен.

- Қазақтың салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы - тұнып тұрған жақсылықтың жоралғылары. Жат елде жүрсең де өзіңнің ана тілін мен тарихыңды, дінің мен діліңді ұмытпағанын абзал болған екен. Әркім өз елінің құндылықтарын ұмытпаған да ғана мәңгі жасайды. Осы есіңде болсын,  балам!  - депті әкесі.

  Көп ұзамай хас шебер Өркен қазақ елін гүлдендіріп, жұртқа төрелік айтатын танымал тұлға болыпты.

1. Самурай – ежелгі Жапон жеріндегі ақсүйек жер иеленуші, жауынгер-сері.

2. Готика – орта ғасырлардағы  герман жеріндегі сәулет үлгісі.

3.  Сикли (Шекли) – көне еврей тиыны.

Асхат Өмірбаев

Қазақ тілінде жазылған