Кореяның Инчхон қаласында ІІІ халықаралық журналистер конференциясы өтті

Просмотров: 128 | Опубликовано: 2018-09-24 05:27:56

Кореяның Инчхон қаласында ІІІ халықаралық журналистер конференциясы өтті

Тамыз айының соңында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында ІІІ халықаралық журналистер конференциясы өтті. Инчхон қаласының билігі, Инчхон туристік компаниясы ұйымдастырған жиынға Қазақстан, Ресей, Вьетнам, Камбоджия, Өзбекстан, Қырғызстан,Жапония секілді, жалпы 12 елдің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 

Бұл жолы әлемдік медиа саласының өкілдері негізінен Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея арасындағы қарым-қатынас жайын сөз етті. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері бір-біріне қырғи-қабақ танытып келе жатқан бауырлас екі елдің арасындағы өзекті мәселені талқылау үшін Инчхон қаласы текке таңдап алынған жоқ.

Өйткені, осы Инчхон қаласы маңындағы Канхва кентінде Ханган өзені бойымен Солтүстік және Оңтүстік Кореяны екіге бөліп тұрған шекара сызығы өтеді. Өзеннің ең жіңішке бөлігінде қос мемлекеттің ара қашықтығы екі шақырымнан аспайды. Журналистердің басқосуында даулы аймақтағы тілшілердің этикасы, олардың жеке басының қауіпсіздігі, екі бауырлас елдің арасындағы жағдайды шешуге бұқаралық ақпарат құралдарының қосар үлесі, тағы басқа тақырыптар талқыланды. Конференцияда Ким Ен Хен Батыс теңізіндегі бейбіт ынтымақтастың дәуірі туралы, Incheon & Media жобасының бұл шараға қосар үлесі туралы жеке пікірін білдірді.

 

Оңтүстік Кореяның танымал фоототілшісі Чой, Бен Кван «Түбек және жаңа үміт» деген тақырыппен екі ел арасындағы әскери демаркациялық сызық туралы айта келіп, өзінің шекара маңында түсірген фотосуреттерінің топтамасын көпшілік назарына ұсынды.

Оңтүстіккореялық Ким Ен Ми ханым Таяу Шығыста болған іссапарында жинаған тәжірибесімен бөлісті. Комбоджиядан келген тележүргізуші әрі репортер Nou Maneth Athana Корей түбіндегі ахуалға шетелдік репортердің көзқарасы деген тақырыппе өз пайымын жеткізді. Қырғызстаннан барған журналист Айжан Қазақбаева Корей түбегіндегі саяси ахуалды жақсарту жолында БАҚ-ның атқаратын рөліне тоқталды.

Сонымен қатар, басқосуда Инчхон қаласының басшылары Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасындағы өзара экономикалық және мәдени байланыстарды жақсартуға бағытталған жобалармен таныстырды. Жергілікті ғалымдар екі ел біріге қалса, қос Кореяның экономикасы, мәдениеті, ғылым қалай дамитыны туралы болжамдарын ортаға салды.

Осы журналистер басқосуынан кейін дүниежізіне жағымды ақпараттың тарағанын атап өткен жөн болар. Күздің алғашқы мамыражай айында Корей түбегіндегі қауіп сейілді. Солтүстік және Оңтүстік Кореяның көшбасшылары Пхеньян декларациясына қол қойды. Бұл құжат екі ел шекарасындағы әскерилердің санын азайтады. 

 

Былтыр «АҚШ-қа зымыран жаудырам» деп сес көрсеткен Солтүстік Корея басшысы зымыран және ядролық полигондардан біржола бас тартатынын ресми түрде мәлімдеді. Мун Чже Ин үшін Пхеньян – ыстық қала. Себебі осыдан он бір жыл бұрын дәл осы шаһарда сол кездегі оңтүстіккореялық көшбасшы Но Му Хенмен кездескен. Одан бөлек, осы өңірде оның ата-бабасы өмір сүрген. Мунның әкесі Хамхын қаласынан Корей соғысы кезінде көшіп кеткен. Сол себептен болар, оңтүстіккореялық президенттің үш күндік іс-сапарында ресми келіссөздерден бөлек, түрлі мәдени жоспарлары болды. «Оннюгван» мейрамханасында пхеньяндық кеспенің дәмін татып, «Самджиен» ансамблінің концертін тамашалады. Ең бастысы, екі ел басшылары бір тудың астына бірігіп, біріккен Корей елін құруды басты мақсат еткен. Мун мен Кимнің келіссөзі бірнеше сағатқа созылды. Нәтижесінде Пхеньян декларациясына қол қойылды. Онда тараптар арада шиеленіс болмас үшін қолдан келгендерін істейтіндері жазылған. Қорғаныс министрлері қол қойған қосымша келісімге сәйкес, шекара бойында он шақырымдық аймақ құрылады. Бұл артиллериялық атысуға және әскери жаттығуларға тыйым салынады деген сөз. Дәл осындай сексен шақырымдық аймақ екі Кореяның теңіз шекараларында да пайда болады. Ал жылдың соңына дейін аймақтағы 11 күзет бекетін таратады. Сондай-ақ Ким Чен Ын АҚШ-тың көптен күткен шешімін жариялады. Ол Сохэ зымыран полигоны мен Ёнбён ядролық орталығын жабатын болды. «Біз кескілескен текетіресті аяқтаған әскери келісімге қол қойдық. Бұл Корей түбегін ядролық қарудан ада бейбіт аймаққа айналдыруға септігін тигізеді»ғ деді КХДР Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Ким Чен Ын.

 

 

Ал Корея Республикасының Президенті Мун Чже Ин Оңтүстік және Солтүстік Корея ядролық қарусыздандыру жоспары бойынша алғаш рет ортақ келісімге келгенін, бұл – өте маңызды нәтиже екенін, Солтүстік Корея басшылығы Тончханри сынақ полигонын жабу шешімін қабылдағанын атап өтті.

Ядролық қарудан бас тарту жолындағы ортақ шешімді сарапшылар Пхеньян саммитінің ең маңызды қорытыныдысы деп отыр.

Ядролық сынақ өткізетін шахталар жабылады немесе сарапшылардың қатысуымен жарып жіберілетін болды. Сондай-ақ екі көшбасшы осы жылы теміржол мен автомобиль жолдарын біріктіру бойынша келісімге келді. 2032 жылы жаздық Олимпиада ойындарын бірігіп өткізуге өтінім беретін болды. Сондай-ақ Корей соғысы салдарынан екі елге бөлінген отбасылар кездесетін орталық ашуға келісті. Тағы бір айта кететін жайт, Төртінші корейаралық саммит осы жылдың соңына дейін Сеулде өтпек. Солтүстік Корея басшысы оған қатысуға өз келісімін берді. Егер барлығы жоспарға сай жүзеге асса, Ким Чен Ын Корея Республикасына аяқ басқан алғашқы көшбасшы болмақ.


Караван жаңалықтары - https://kaz.caravan.kz/zhangalyqtar/