Қорқыт ата мұрасы ЮНЕСКО тізіміне енуі мүмкін

Просмотров: 94 | Опубликовано: 2017-02-21 11:22:24

Қызылорда облысының әкімдігінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне «Қорқыт ата мұрасы» көпұлттық номинациясын дайындау бойынша сараптамалық кездесу өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат. Шараға Әзірбайжан, Қырғызстан және Түркия елдеріндегі Юнесконың ресми өкілдері мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары қатысты. Кездесу барысында номинацияны дайындау жұмысының іс-әрекет жоспары бекітіліп, ағымдағы жылдың наурыз айына дейін оны бүкіләлемдік мұралар орталығына жеткізу қажеттігі айтылды. Айта кету қажет, материалдық емес мәдени құндылықтарды қорғау туралы конвенция 2003 жылы қабылданып, 2011 жылы біздің елде ратификацияланды. 2003 жылы Елбасы тапсырмасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы да қабылданды. Осылайша, Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып ауқымды жобаны жүзеге асырды. Соның нәтижесінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне көптеген ұлттық құндылықтарымыз енді. Мәселен, 1-2 жыл көлемінде бүкіләлемдік мұралар тізіміне қазақтың киіз үйі, айтыс және күй өнері қосылды. Бүгінгі Ұлттық комиссия отырысының келесі кезеңінде де Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ұсынған Қорқыттың күй-мұраларын әлемдік мәдени құндылықтардың қатарына қосу жұмысы таныстырылды.