Тұрақты жұмыс таба алмаған ақтөбелік өмір бойы жинаған кітаптарын сатып жатыр

Просмотров: 192 | Опубликовано: 2017-08-10 01:46:09

Ақтөбе қаласындағы Тұрғындар қалашығы ауданында әлем әдебиеті, қазақ әдебиеті классикасының кітаптары сатылып жатыр. Қала тұрғыны жұмысқа орналаса алмаған соң өмір бойы жиған дүниесін сатуға шығарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұрын кез келгеннің қолына түсе бермейтін кітап бағасы өте арзан. Әрқайсысы 400-600 теңге тұрады. Соңғы 10 жылда кітап сатып, жан бағып отырған Олег өз үйіндегі шағын кітапхана қорында әлі 3 мың кітаптың бар екенін айтып берді. Ол оқырмандары іздеген авторларды тауып беру әзір. Бәрін оқыған, оқырманға мазмұнын айтып, түсіндіреді. Кітап сұрап келген оқырмандардың жасы мен қызығушылығына қарай таңдап, өз ұсыныстарын да жеткізіп отырады. Ал медицина саласында білім алып жүрген студенттердің көбі психология саласының кітаптарын сұрайды екен. «Жастардың кейбірі көркем әдебитетті емес, миллиондап табыс табудың жолдарын үйрететін кітапты сұрайды. Олар қазір оқып, ертең байлыққа кенелемін деген ойда. Мен үнемі бір жерде тұрамын, ешкімге зиянымды тигізбеймін. Полиция қызметкерлері келіп, жайма базарға тыйым салынғанын айтады, бірақ сөйлесіп, түсінісіп кетеміз. Олар мені жауапкершілікке тартып, айыппұл салған емес. Кейбірі бала кезінен таниды екен. Сол күндерін айтып, еске алады»,- деді Олег. Ол кітабын қимастықпен сатады. Кейде көшіп, басқа өңірге, елге кетіп бара жатқан адамдар Олегті тауып, кітапханасындағы кітаптарын тегін береді, өзара көтерме бағамен келіседі. Бұл оның табысы, жұмысы. «Мені ешкім жұмысқа алмайды. 56 жастамын. Қартайдың, жасың келген деп айтады. Егер кітап сатып, жан бақпасам, әкімдікке барып, жәрдемақы сұраймын. Ал мен сұрап, қол жайғым келмейді»,- деді ол. Өзі соңғы жылдары жарыққа шыққан кітаптарды оқып, оқиға желісін түсінбеген соң қайта сатуға қойған. «Кітап оқыған өте пайдалы, сауатыңды арттырады. Оқиға желісінен өмірлік сабақ аласың, оқып отырып сөздердің дұрыс жазылуын білесің. Қазір сауатты жаза алатындар аз. Бәрі кітап оқымағаннан болады. Бұрын әлем әдебиетінің кітапханасына 200 кітап енді. Соның бәрін оқып, оны жинау үлкен мәртебе болды»,- деді ол. Олег бұрын жүргізуші болып жұмыс істеген. Ата-анасы, кейін өзі 40 жыл бойы кітап жинап, бәрін оқып шыққан. Соңғы ақшасына алған кітаптарын арада ширек ғасыр өткен соң қайта сатып жатыр. Көркем әдебиетпен қатар бала күтімі, тамақ әзірлеу жолдары туралы жинақтар мен бірнеше салалық кітап бар.