heart transplant: кері әсерлер
«Для меня этот рассказ не только про чудо, про веру в то, что если чего-то страстно и искренне желать, то можно это получить...». Рэй Брэдбри «Пересадка сердце».
І БӨЛІМ
АSLI
Сонау көкте –қол жетпес жерде сен барсың
ПРОЛОГ
– Міне, сенің де туатын мезетің келді. Әр пенде жарық дүние есігін ашар кезінде менен өміріне қажетті бір қабілетті ала кетеді. Ол ақыл алып – жұртқа даналық үлгісін көрсету, келбет алып – сұлулық сипатын паш ету, байлық алып – дәулеттің құдіретін таныту, мейірімділік алып – қайырымдылық шарапатын жар ету, кедейшілік алып – барға қанағат, жоққа салауат мағынасын ұқтыру, қылмыс алып – қылмыс таңбасының зардабын білдіру ...
Таңдау ерік өзіңде. Бірақ ұмытпа, қалаған қабілетің аузыңнан шыққан бетте бойыңа қонады. Қайтпайды, басқа таңдау болмайды.
– Иә, Аллам, мен түсіндім. Менің ұққаным адамда бір ғана қасиет болса ол барлық жақсы қасиеттерге ие бола алады. Сол арқылы дамып, көздегеніне жетеді деп білемін. Ол – махаббат. Махаббат бар жерде бақыт бар.
– Дұрыстап ойландың ба? Өкінбейсің бе? Махаббат бір жақты болады. Сен сүйгенмен ол сүймесе қайтесің.
– Мен сүйсем жетіп жатыр. Мен өзімнің махаббатым арқылы оны да, өзімді де бақытты ете аламын. Мен махаббатты таңдадым.
1
Кештен бастап жинала бастады. Анасы сабырлы жүзбен қасын кере қарап:
– Бізден құтыла алмай жүргендей мұның не? Сабақтың басталуына әлі бірталай күн бар ғой. Неге асықтың?
– Ерте барып жатақханадан өзіме ыңғайлы орынды таңдап алсам деймін.
– Әкең пәтер сатып әперем демеп пе еді! Оның қаламасаң әпкеңнің үйі бар, сонда неге тұрмайсың?
– Жатақханадан бірге оқитын курстастарым бар, сабаққа дайындалуыма қолайлы.
– Әкең жоқта кетіп барасың, оған не деп жауап беремін, «бір қызға ие бола алмадың» деп оңдырмайды ғой.
Асыл жауап тіл қатпады, үн-түнсіз жинала берді. «Бойжеттің, енді өзің білесің, біздің ақылымыздың мүлдем қажеті жоқ» дегендей анасы ауыр күрсінді. Қызының жолға шығатынын біліп, дәмді ұйғыр лағманын дайындаған. Асылға жананға толтыра салды.
– Мама, сыртына дейін құйыпсың ғой, тоя ішуме болмайды, диетадамын. Толып кетіп өнерімді көрсете алмай жүрермін.
– А, қайдағы өнер?! «Медколледжге» тапсырдым деп едің ғой?
– Ә, ия, онда да өз үйірмелері бар екен, соған жазып қойды. Тұлғаңды сақта, ет алып кетіп жүрме деп ескерткен.
– Әкең саған «өнерге жолаушы болма, жоласаң менен жақсылық көрмейсің» демеп пе еді, мұның не?
Асыл үндемеді. Анасының көңілі үшін өзін зорлап тамақтың жартысына дейін ішті де, рұқсат сұрап өз бөлмесіне қарай жүрді. Еш қамсыз балалық шағында «тез ұйықтасам таң жылдам атады» деп ерте жатып қалатын. Сол әдетіне басып, ұялысының оятқышын қойып, ұйқыға бас қойды.
Жолкөлігі келетін уақыттта шабаданын сүйретіп тоқтайтын жерге қарай аяңдады. Қасына анасы ерді. Қайтып оралмайтындай артына қайырылып, ыстық ұясына мұңая қарады. Көзіне келіп қалған жасты тежеп, тез-тез басып жүріп кетті. Анасы ілесе алмай, кейін қалып қойды. Үйден безгендей зымырап бара жатқан қызына қаяулы сияқты. Төмен қарап самарқау ілбиді. Самарқау емес қызына не жазып қойғанын ойлап мазасызданатын сияқты. Кеше ғана тұлымшағы желпілдеген балаң қыз еді, енді міне, бір күннің ішінде есейіп шыға келді. Ата-анасымен санаспайтын секілді, өз қалауымен жүреді. Осы шыққан бетімен бейкүнә сәбиінің балалығымен қоштасып, келесі келгенде есейіп, бәлкім өзгенің құшағына оралып, салқын қабақ танытар мезетін ойлағанда жүрегі сыздайды.
Көлік тоқтайтын жерге жеткенде ғана Асыл артына бір-ақ бұрылды. Анасының кейіндеп қалағанып көріп, ыңғайсызданып қалды. Сөйткенше болған жоқ, анасы мен екеуінің ортасын бөліп, көлік тоқтай қалды. Жүргізушінің көмегімен жүктерін жүксалғышқа салып, мінер жаққа қарай жүрді. Осы кез анасы да келіп жетті.
– Ақ жол! Аман бол, жаным! – деп анасы құшағына алып, мейірлене сүйді. Асылдың көзінен жас бұрқ ете қалды. Ауыл сыртында орналасқан әкесінің ауқымды шаруа қожалығынан өтіп бара жатқанда тамағына өксік тығылып, бала шағы өткен шат мекеннің межесінен асқанда кеудесінен ауыр мұң күрсініс болып, өңешін өртей сыртқа шықты.
Әрине ол көлікті тоқтатып, жолай жүріп жатқандарымен туған ұясына қайтып оралса болар еді. Бірақ көкейіне қонып алған асқақ арманы қанатын қағып, артына еш бұрылдырмай алға қарай жетелейді. Артта көңіл көншір ештеңе қалмады. Мектеп табалдырығынан тысқа аттаған сәтте жаңа өмір алғаш қадамымен өзіне еліктіріп тартып әкетті. Бірге оқыған сыныптастары уыстан шашылған тастай жан-жаққа тарап кетті. Қарайлайтын ештеңе қалмады. Оның үстіне шет асып бара жатқан жоқ, демалыс уақытында...
– Ауылдарыңыз шөлдің ортасында орналасқан оазистен аумайды екен. Жап-жасыл ағаштары мен тіп-тік теректері сұлу қыздың тұлғасындай кербез тербеледі, – деген дауыс құлағының түбінен күмбірлеп шықты. Жақын тұрғаны сонша, аузынан шыққан лебі, аңызақ желдей күйдіре, самай шашын желпіп өтті.
– Рас па? – деп қобалжыған дауыспен жауап қатты.
Асыл көлікке мінген бетте артында отырған ересек жігітті аңлап қалған. Қолаң шашына қызыға қарап, жұпар иісімен тыныстап отырғанын да шүйдесімен сезген. Сондықтан да дұрыс орныға алмай қипыжықтап отыр еді. Ішкі түйсігімен бұған көңілі ауғанын білген. Қызға тән әдет-құлықпен оның еркінсуіне жол бермеуге тырысып, байқамаған сыңай танытса да, ол баяу жағымды қоңыр дауыспен өзіне баурап алып, Асыл қалай тіл қатқанын өзі де сезбей қалды.
Ол орындығының сүйенішіне қолын қойып, құлағының түбінен қайта сөйлеп кетті.
– Рас. Басқа ауылдарды көріп келе жатырмын ғой, дәл мынандай аулаға ұқсатып отырызылған сұңғақ бойлы теректердің аясында орналасқан, сәулеті тартымды еңселі үйді көрмеппін. Сәулелі әуен сияқты құбыла түрлі-түсті бояумен реңк беріп тұрған гүлдері қандай! Құдды жаннат бағы дерсің.
– Рас па! – Асылдың дидары шуақты күндей нұланып, – Олар менің гүлдерім ғой.
– Бәсе!
Асыл сұраулы жүзбен қарады.
– Қолаң шашыңның жұпарынан сенің ерекше жан екеніңді білген едім. Өз-өзін құрметтей білген адамның бойынан ғана осындай хош иіс аңқып тұрады.
Асыл бір көргеннен мақтай жөнелген адамнан тіксініп, еркінсіп отырған бейғам қалпынан сейіліп, жинақталып отырды. Манадан бері байқамапты, аядай көліктің ішінде әр адам бұлардың сөзін бағып отырған сияқты. Қысылғаннан көзін жұмып, сұқбат аяқталды дегендей сырт айналды.
Сонда да жігіт одан көз алмады. Қыз жүзін кіреукелеп тұрған мұңды байқады. Жап-жас сүйкімді жамалында бір мін жоқ сұлу дидарын мына кірбің шиырлайды-ау деп мазасы кетті. Көңілді әзілдер айтып, жабырқау күйден жадыратып, жүрегіндегі қаяудан серпілткісі келді. Соның әрекетін жасап, құлағының түбінен ыңылдап, әуен тербетеді. Қыз қабағын шытып, жақтырмай қарады. Артық кеткенін түсініп, кейін серпіліп отырды.
Қыбырын да білдірмей сұлқ отырған қыз ұйықтап қалғандай әсер қалдырады. Әйтсе де Асыл терең ойдың шырмауында малтулы еді. Өткен күндер жадынан кино кадрларындай сырғып өтуде. Төрт ұлдан кейін дүниеге келген немересін әжесі «Айдай сұлу Айжамалым келді!» деп еміренген екен. Бірақ бірбет әкесі «Арпа ішінде бір бидай, ас атасы нанды беретін қасиетті дақылдай қызымның аты Асыл болады. Сол дақылдай құнды, атына заты сай көркем болады»,– деп өз байламын кесіп айтты. Алла тілдеріне салған болар, айтса айтқандай, Асыл өз қатарынан ерек өсті. Ерке қыздардың әдеті емес пе, қылығы да жан баурайтын тәтті болды.
Бастауыш сыныптан-ақ сахнаға шықты. Алғашқы әні әуенімен үйлеспей бұза айтса да жасымады. Биге көп көңіл аударып, соның әсерінен сазында мін болды деп шешті. Осы күннен бастап әнді қақайып тұрып айтуды әдетке айналдырды. Әні әуезді шыққанмен, қазықтай қимылсыз тұрғаны тыңдарманға жақпады. Өзімен сахнаға қатар қадам басқан Ақмаржанға шапалақты дуылдай ұрып мерейін асырды. Әкесінен аумай қайсар мінез Асыл алған бетінен таймады. Мектеп үйірмесінде ғана емес, ғаламтор желісіне де еніп, ән салу шеберлігін үстін-үсті игере берді. Еңбегінің жемісіне жетінші сыныпта ауыл ғана емес, аудан көлемінде де танымал әнші болды. Республика көлеміндегі жоғары дәрежелі байқауға қатысар мезетте...
...Еркіндік оныншы сыныпта аяқталды. Торға қамалған бұлбұлдай күйге түсті...
2
Сағын гитараны қағып, дауысы пәс, ән айтып отыр. Асыл айнаның алдында тұр.
Жанымды өртедің,
Неге жанып кетпедім?!
Махаббаттың отын,
Лаулатып кеткенің.
Сен, сен, сен,
Сенсіз өмір кем,
Жетпейді дем,
Сен, сен, сен.
Өмірге тыным бермедің,
Әрбір атқан күндерім,
Бір өзің деп өткердім,
Тірліктің жасыл көктемін.
Сен, сен, сен,
Сенсіз өмір кем,
Жетпейді дем,
Сен, сен, сен.
Періштем-ау, аппағым,
Сенсің менің тәтті әнім.
Түгесілмес дастаным,
Шабыттан асып-тасқаным.
Сен...
Әнді бұзып Асыл:
– Қалай, киімім жарасып тұр ма?
– Ия, бәрі әдемі, жарасып тұр.
– Сенікі, как всегда, шындықты айтпайсың, жағына саласың.
– О-олай болса, андағы қысқа көйлегің мүлдем келіспей тұр, қыздардың не үшін қысқа киетінін түсінбеймін.
– Онда былай жарасатын шығар, міне былай.
Асыл ақ санын жалтырата етегін көтеріп, мықынына дейін тартты. Сағын көзін жұма қалды.
– Жынды, таза жындысың ғой, шынын айтса, міне осылай қиястанып шыға келесің.
Оның сөзін тыңдаған Асыл жоқ, бет-жүзін түзеуге қайта кіріскен.
Маэстро Ақанмен сөйлесіп келе жатып, жаңағы көріністі есік саңылауынан көріп қалған Ризабек сұрланып кетті. Осы кез, ән мерекесін жүргізушілер, концерттің басталғанын жариялады.
Ән айтуда бірінші болып сахнаға Ақмаржан шықты. Ол «Жібектің елін» сыңсытты. Асылдың ашық жүзін сәл сәт бұлт шалып қайта жадырады. «Көңілді күн» әнінің сазында еліктің лағындай ойнақши басып сахна шыға келді. Жеңіл ырғақты әуеннің иірімінде үйіріле билеп шырқады. Тәнімен жабысып тұлғасының сымбатын ашқан көйлегінің етегі делеңдеп түп-түзу мәрмәр аяғының мүсінін жасырмай толық жар еткен. Ән таусылған соң, ду шапалақ соққан елге бас иіп тұрып, өзіне тесілген жанарды байқап қалған. Мұрты жоқ, самайынан бастап жұқалтаң, иегіне келгенде кішкене шоқшитып қойған сақалы бар кісінің біздей қадалған сұғын көріп, қызып тұрған денесінің жылуы ізім-ғайым жоғалып, тұла бойы қалтырап кетті. Бұрылып кетіп қалуға дәті жетпей, арбалған қуыршақтай орнында қалшиып тұрып қалған. Сағын келіп жетектеп әкетпесе, не боларын бір құдай біледі.
Осы оқиғадан бір күн өткен соң, әкесі шешесін алдына салып, қолына бір бума киім ұстатты. Өмірі жібімейтін қабағы одан әрі сұсты.
– Бұдан былай ашық-шашық жүргеніңді көрмейтін болайын. Үстіңнен мына сықылды киім түспейтін болсын. Ұмытпа, – деп шешесіне зәрлі қарады. – Телефоныңды әкел, енді мынаны ұстайтын боласың, интернеттің шаласы көп екен, теріс тәрбиеленіп бара жатқан көрінесің.
Асыл түкке түсінбей анасына жалтақтады. Ол көздеріне тура қарай алмай, күмілжіп жер шұқыды. Киімді ашып көріп еді, жүрегі зырқ ете қалды. Хижап! Жанарына лүпілдеп жас үйірілді.
– Бұл киіммен мектепте жүргізбейді ғой, заңмен тыйым салған.
Анасы назарын тағы төмен салды. Асыл үмітін үзбей, «не боларын көрейін» дегендей қасарысып, әлгі киімді киіп мектепке барды. Мектеп ауласында жолыққан оқушылар бұған үдере қарады. Не айтарын білімей сыныптастарының тіл-ауызы байланып қалған. Әдейілеп директордың кабинетінің қасынан өтті. Тәрбие орынбасарын көріп, оған бетпе бет жүрді. Жол бермеуге дейін барды. Бірақ ол алдынан былай ысырып, соқыр-мылқау адамдай жанынан өтіп кетті. Түкке түсінбей Асыл айран-асыр. Жүгіріп сынып жетекшісіне барды. Онда да осы құбылыс қайталанды. Не істерін білмей әре-сәре күйде тұрғанда қасына Маэстро Ақан келіп:
– Міне дұрыыыс, мына киім өзіңе әбден жарасады екен. Ризабек сынды парасатты жандар ешқашан қате айтпайды. Әнді де дұрыс орындамай, нотасын бұзасың. Нота – ол нәзік те киелі. Оны кім болса сол тап басып шырқай алмайды. Оған ерекше қасиет, дарын керек. Ақмаржанды айтсаңшы, шіркін, нағыз халық әншілері сияқты шырқайды. Ал сен...
Бір күннің жүзінде не болғанын түсінбеген Асыл мәңгірген қалпында мына кісінің қасынан сырғып жүре берді. Алдынан ұшырасқан өзінің ән ұстазы, Ләтипа апай, екі иығы салбырап, сүмірейіп бара жатқан қызды құшақтай алды.
– Қайтемін енді, әкең тыйым салды, сенің ән айтуыңа қарсы. «Қызыма жолайтын болсаң, жұмысыңнан айырыласың» деді. Әкең мәслихат депутаты, ауылға беделді, сыйлы адам. Оның ақ дегенің алғыс, қара дегені қарғыс. Мектеп директорының өзі де аузын буған өгіздей үндемей отырғаны сол.
Асыл сылқ түсті. Үстіндегі киім киім емес кебінге айналды. Ішінде кеудесі қысылып, тынысы тарылып, естен ауып қалған күндері де болды. Бірақ оны елең қылған ешкім жоқ. Бетіне су шашып шешесі есін жинатып, жедел жәрдем шақыртса, ары-бері тексеріп көрген дәрігер «жүйкесі сыр берген, бір-екі, үш тынықсын» деп қорытынды шығарса, әкесі әдейі істеп жүр деп қаталдығын асыра түсті. Қарындасын жан-тәнімен жақсы көретін үлкен ағасы Қайсар мұны ести салып, қаладан ауылға жедел жетіп, әкесіне «мұның не» дегенде, ол: – Араласпа, өз қызың болғанда тәрбиелей жатарсың, әзірше бұл менің қызым, ортаны бұзбай жөніңді тап! – деп үйден айдап шықты. Сонда да жан ағасы тек кетпей, әкесінен жасырып, функциясы санқырлы смартфон алып берді. Нақ осы құрылғы жарыққа ұмтылған жанына қуат берер нұр болды. Өзімен тетелес ағасы Қасымханға қарындасының жағдайы еш әсер етпеді. Тіпті әкесін қолдады десе болады. Жалқау, тегін ақшаны жақсы көреді. Жан досы саналатын Асылбектің жанына шықпайды. Соның құйыршығы іспеттес. Асылбектің мінгені қымбат көлік, жастар үлгісіндегі «Тойота камри». Қалтасы мыш-мыш ақша. Асылға да көз салған жері бар. Қасымхан арқылы сыйлықтарды жіберіп тұрады. Ортаншы екі ағасы можантопай, сен тимесең, мен тимен. Сонда да әкелерінің қабағын қалт жібермей бағып, айтқанын орындап, қажеттерін алып жатады. Әкесінің ұйғарымымен біреуі ауданның қаржы бөлімінің бастығының қызына үйленсе, екіншісі басбухтың қызына «тиіп алған».
Ал, шешесі... Шешесі күң. «Мен» деп сөйлер дауысы жоқ. Байы айтты - заң, одан ауытқымайды. Тіпті елінің кім екенін ұмытып, туған-туыстарымен де араласпайды. Асыл нағашыларын танымайды. Жыл құсындай кей-кейде келіп қояды. Әкесі мұндай кезде «бірнәрсе сұрайын деп келген ғой, туысқандарың» деп шешесіне миығынан қарайды, әйткенмен олардың қолдарын қаққан емес, сұрағандарын беріп, сый-құрметпен шығарып салады. Көп келетін шешесінің сіңлісі Мәлике. Кейінгі кезде ол да келуін сиретті, мүлдем ұмытып кеткен сияқты.
«Үш күннен кейін адам көрге де үйренеді» деген Асылға қаратылып айтылған шығар. Ол көнді. Әкесінен аумай туған қайсар қыз, кетуіме бір-ақ жыл қалды деп, бір жылға тышқан терісі де шыдайды деп, босаң кеуілін ауажаймай жинап, тас бекініп алды. Әкесінің өнер жолына түсірмейтініне көзі жетіп, оған сездірмеу үшін, көк тиын алмай оқу керек екенін түсініп, соған байланысты пәндерді бар күшін сарп етіп жаттауға кірісті. Ән айтуды да тастамады. Ләтипа апайы екеуі келісіп, бос уақыттарды ыңғайластырып, астыртын үзбей дайындықты жасады. Хижаппен жүрудің де амалын тауып, қатар-құрбысынан кем қалмай, дайындық пен қосымша сабақтарды сылтауратып мектептен кеш қайтуды әдетке айналдырды. Сөйтіп жүріп мектепті де аяқтады. Әкесі жоқта қамаққа айналған үйден қашып шығып, міне жол үстінде келеді. Қайда барады, белгісіз. Әйтеуір нағашы әпкесінің телефонын тауып хабарласқан. Үндемес анасы да сіңлісімен сөйлесіп тапсырып қойған сияқты...
Ак шамдар арайлы, алаулаған әсем калам,
Бақыт әнін салдым саған.
Ғашықтар мекені,
Маxаббатқа толы калам.
Мекенімсің мен аңсаған.
Ғажайып көңіл-күй толкыны бәрін жалғасын,
Жайнай бер жалындап бір өзің, ару Алматым!
Ән салған жолаушылар көлігі асыл армандар мекені – Алматының алғашқы кептелісіне тіреліп, жыбырлай басуға кірісті. Жарты сағаттың жүзінде Асыл өз аялдамасына жетіп, түсуге ыңғайланды. Ол жүгізушінің соңынан еріп жүктерін алуға икемделгенде, қосарлана келіп қалған жолсерік болған әлгі жігіт іліп әкетті. Шақырайған күнді қолымен көлегейлеп аялдама маңындағыларға барлай қарады.
– Асли!
– Оййи, әпкемнің орысшатыс баллары-ай, атыма да тілдері келмейді!
– Asli! Қандай тамаша! Шынайы, пәк, таза! Ғажааап...
– Жүріңіз, бізбен бірге, бағытымыз бір шығар? Олжасик, мына кісіні жеткізіп тастайық, мақұл ма?
Олжасик жігіттің жүзіне самарқау барлай қарап мақұл дегендей басын изеді. Ал мекенжайын айтқан кезде, бетіне аңтарыла қарады, одан кейін Асылға бұрылды. Оның кір шалмаған пәк жүзіндегі бейқам күлімсіреген тұнық көздерін көріп, үнсіз көніп жүре берді. Айтылған мекенжайына келіп тоқтағанда «Cтудия «Клипмейкер» деген жазуды оқып, Асыл жігітке аңтарыла қарады. Ол «Талғам Самғат» деп қолын созды, «Асли» деп қалай жауап қатқанын да сезбеді. «Бос уақытыңда келіп тұр» деп қос саусағына шекесіне қоя ізет жасай сермеп қала берді Талғам. Жігіт нөпір көліктің қалқасынан көрінбей кетсе де, қараңғы түнектен жарқ етіп жанған сәулені көргендей Асыл артына бұрылған қалпында үңіліп қимылсыз отыр.
3 .
– Әкең бізге көп жақсылық жасады. Ата-анадан ерте айырылып сансырап қалған кезімізде сенің шешеңді сағаладық. Назарынанан күлкінің сәулесі көрінбейтін әкеңнен шошынсақ та, барар жер, басар тау болмаған соң көндік. Бірақ ол бізге қысастық көрсеткен емес. Әсіресе мені өте құрметтейтін. Қалағаным алдымда, не ішем, не кием демей өзгелерден ілгері жүрдім. Күйеуге шыққанымда да сүйеу болды, осы пәтерді қиынсынбай алып берді. «Ағатайым!» деп жаныма жақын тартып, құрмет тұттым. ... Кейін жалғыз қалғанымда да көмегін аямады. Жоқшылық көрмедім! Әйткенмен елдің пыс-пыс сөзі ол жаққа қарай аяғымды тыйды... Мен оның қалауына қарсы шыға алмаймын. Сені қолдағанымды білсе...
– Бірақ бұл менің өмірім ғой. Мен өз тағдырыма өзім балта шаба алмаймын. Мен біреудің жетегімен жүретін мал емеспін. Алла асырып жаратқан адамзатпын. Мен жаңқа емеспін, ағыспен ығып жүре беретін...
– И рыба плывёт против течение, и достигаеть поставленную цель, - деп Олжасик қыстырылды.
Асыл Мәлике тәтесінің «Әкең өлтіреді!» деген зарланғанына осылай уәж айтып, қалаған оқуына түсіп алды. Бірақ жандүниесінде от жоқ, салғырт, айнала тірлікке қызығушылығы бәсең, жарты көңіл, әлденені іздейтіндей. Нені? Өзі де түсінбейді. Демалыс күні болатын. Орталық сауда дүкенінде телефонмен сөйлесіп тұрған Талғамды көріп жүрегі лүпілдеп кетті. Жанында жүрген Олжасик пен досын елемей жылдам жүріп, Талғамның қасына жетер-жетпестен «Сәлематсыз ба!» деп жүзі алабұртып тіл қатты. Талғам сөйлесіп тұрған қалпында Асылға бас изеп, жүзіне аңтарыла қарап қалды. Біруақ «Аsli, жаным, бұл сенбісің!» деп шат күйде құшақтай алды. Өзімен-өзі сөйлеп жатқан телефонмен ісі болмады. Асылдың қолынан жетектей жөнелді. «Ей, ейй!» деген Олжасик пен досын адам ғұрлы санамай, қастарынан өте шықты.
Тосып тұрған көлікке отырды. Жүргізушінің қасында отырған жігіт Асылға үңіле қарап: – Ах, Талғам, талғам десе талғамсың-ау, атыңа затың сай!
Асыл бұл сөздерді құлағына ілмей, көздері жолға тесіліп қалған. Аңсарымен қауышардай жол бойындағы жазулардың бірін қалдырмай оқып келеді. «Клипмейкер» деген жазуды көргенде жүзі нұрланып, Талғамға асқан сүйіспеншілікпен мөлдірей қарады.
Студия қиялындағыдан қораш көрінді. Ат шаптырым деп елестеткені ән жазатын аппаратура бөлмесі мен кабинасы және төрде орналасқан сахна ғана. Бірақ ауқымды экраны бар, маңы көрнектелген.
Ән жазғызуға келген танымал әнші екен. Ол белгілі сазгердің әнін орындап тұр. Әннің шырқалу сазына жаңалық кіргіздім деп ойлай ма екен, кей тұстарын жөн-жосықсыз соза береді. Құлаққа әдемі әуезімен сақталып қалған ән өрнегін сетінетіп үйлескен нақышын бұзады. Асыл бұл ойын әншіге жасырмай айтып еді, ол мысқылмен қарап басын шайқады. Қыз күтпеді, тұрған орнында, кеудесінде тулаған шабыттың ырқында шырқап жіберді.
Көзіңнен бір ұшқын
Ұшты ма білмедім?!
Әйтеуір нұр құштым,
Әйтеуір гүлдедім.
Көктемнің бұлбұлы
Кеудеме қонады.
Құшаққа қыр гүлі
Толғандай болады.
Кел билейік, кетпе менің қасымнан,
Қызғалдағым, таң нұрымен ашылған.
Сезім, шіркін, ақ жаңбырға ұқсайды,
Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған.
Талғам қыздың жүзіне сүйсініспен қарап қалған. Ән аяқталған соң «Браво» деп қол соқты. – Әуесқой әнші жүрегімен айтады, кәсіпқой нотамен. – деп өз байламын жеткізді. Әнші тіл қатпай, сыпайы жымиып, басын шайқап шығып кетті.
Асыл әнді орындау барысында өзінің қателескенін көмейімен түйсінді. Танымал әнші ағаның әрбір нотаға реңк беруде біліми шеберлігімен астасқан айрық өнер қуатын сезінді. Нотаны білмей ән салу жолды түйсікпен таңдаған жолаушыдай күй кешсе, нотаны білгеннің бағыты айқын, әр соқпақты ырқына көндіріп, көздеген мақсатына еш қиындықсыз кеуілімжай жетеді. Демек әрбір дауысты тыңдап, саралап, атының мағынасын ашып, санаға сіңіріп, көкейге бекіткен кезде ғана ән орындау шеберлігін меңгеретінін түсінді. Әр нота әуезінің сиқыр үнін есту, сезу, түйсіну арқылы орнымен пайдалану керектігін ұғынды. Енді оның оқуға деген құштарлығы артып, шабыттана түсті. Әсіресе ән өнеріне байланысты пәндерді құшырлана оқыды.
Бірақ бастапқы курс болғандықтан әртүрлі пәндер оқытылады екен. Өзінің бас мақсатынан бөгде дүниелерге мойын бұрмай, зейінінің әр жасуын соған ғана байланысты біліммен кемерінен аса мөлтілдетіп, жүрек тереңінен інжудей пісіріп шығарайын десе болмайды екен, жанама пәндерді де оқып, сынақ тапсыру керек. Бірінен-біріне шатылып әбден шаршаған күні Асыл «Клипмейкерге» асығатын. Ондағы ән жаздыруға келген әншілердің орындауын тыңдап, түсірілген шағын бейнебаяндарын көріп, біліміне білім үстегендей болатын. Кейбіреулерімен тіресіп қалатын.
– Нота ғана қуаламай, әрбір сөздің сырын ашып ән айтсаңшы... Білесің бе, саған айтар ақылым, ән жазсаң қазақ тілінің төл әріптерін қолданбай-ақ жаза берші.
– Ол, калай?
– Біздің ауылда «р-ға» тілі келмейтін бір кісі болған. Ол тілінің сақаулығын білдірмеу үшін, үнемі «р» әрпі жоқ сөздермен сөйлейтін. Сен де сөйт.
– Не дейсін?
– Орыс әріптерімен-ақ жаза берсеңші, жаныңды қинап қайтесің.
– Разве слова роль играеть? Музыка тамаша болса болды.
– Онда сөздің қажеті не? Музыкалық композициялар жазып жүре бермейсің бе?
– Турине карасам адем кызсин, а так чип-чистый зануда екенсин.
Бір күні Талғам қолына микрафон ұстатып «сахнаға шық» деп әмір етті. Қабағын түйіп алған. Асыл еш қарсылықсыз шықты. Жарық әсерлерін қосты. Әртүрлі бояулы түтінін будақтатты. Камерасын дайындап, «Баста!» деді. Асыл кідірмеді:
Сонда да Өмірдің жаз бен көктемі,
Тағдырдың талай жанды құлатқан өткелі,
Жасыта қойған жоқ мені.
Жаныма демеу болған арманым бар көктегі,
Барымды соған арнадым.
Жолдарға жолдар жылдарға жыл тағы жалғадым,
Соңынан құс боп самғадым,
Жеткізер бір күн білемін мен сол бір арманым.
Алдамайды асыл арман,
Тұрса да қанша тосқауыл тосып алдан.
Тасып арман басыламын,
Жолында өтермін талай асулардан,
Бәрібір мен саған жетем асыл арман...
– Тоқта!
Талғам қыздың қоңыр сазды әуезіне музыка сазымен үйлестіріп ән жазуға кірісті. Таң ата бітірді. Бір шетте қалғып-шұлғып отырған Олжасик қызды үйге алып қайтты. Есіктен шыға бере Асылдың көзі таныс көзбен тоқайласып қалды, бірақ әбден талықсып шаршаған ұйқылы-ояу зердесі, оған көңіл бөлуге әлі келмей, бір жалт етті де, өте берді. Әлгі адам тоқтап, артына бұрылып, тесіле қарап тұрып қалды.
Келесі күні асыға жеткенде есік алдында Сағын тұр, асынып алған гитарасы бар. Қолында әдемі гүлшоғы.
– Сағыын!
– Сәлем. Кеше сені байқап қалып... «Сен ба» дееп түскенмін. Мен мынаның үстінде, ағамның пәтерінде тұрамын. Өлеңдеріме ән жазғызайын деп кірсем, ана «профессорың»: «Бұл көше шатпақтары, көше шатпақтарына көше композиң ән жазбаса, мен жазбаймын», - деп шығарып салды. Мә, туған күніңмен!
– Рақмет. Гүлдерің әдемі екен. Туған күнім екені есімнен шығып кетіпті.
Сағын гитарасын термелеп тарта жөнелді. Жаймен әндете бастады.
Кешегі өткен күндер тәтті елес,
Сағынышпен сарғайып отырмын әттең кеш.
Толқыған жүрек, балқыған сезім,
Енді ол күндер қайта келмес
Қайта келмес, қайта келмес, қайта келмес, әттең,
Қайта келмес ол күндер, әттең, қайта келмес.
Қайғыға толы болсадағы бұл күндерім,
Сонда да сүйемін сені еш себепсіз.
Сағындым десең сенесің бе,
Талай түнді ұйқысыз өткіздім, білесің бее....
– Балалығың қалмапты-ау, Сағын.
– Сонда сен ересейіп кеттің бе?
– ...
– Мейлі, не десең о де, туған күніңмен! Аңсаған арманыңа қол жеткізе бер! Бар жақсылықты тілеймін!
– Asli, бүгін сенің туған күнің бе? Онда, жүр кеттік, жуамыз. Заодно жазған әніміз бар. Екі туған күн қабат келген, – бұл жақсылықтың белгісі ғой. Айқайлатып атап өтпесек, құдайдан ұят болады!
Асыл Сағынға қош деп те айтпады. Сырт айналып Талғамаға қарай жүріп кетті. Ол екеуінің соңдарынан тұнжырай қарап тесіледі. Осыншама талмай іздеп келгенінде адам ғұрлы санамады, елес көргендей де болмады. Оқу орнына жаяу барып-қайтып, әр тиынын тірнектеп жинап, қыз әкесінің ақша татырмасын біліп, тым құрғанда айлық лимитін көтерейін деп салған бірлігі де елеусіз қалды. Сағын орнынан серпіле тұрып, кеткен екеудің бағытына қарай жүрді. Қасына бір көлік тоқтай қалды, ішінен дауыс шықты:
– Аслиді көрдің бе?
– Жаңағы клипменмен кетті ғой, – деп үндемей-түндемей қасына отырып алды. Ол да түс демеді. Көлігін айдап, бір көше асқан соң, келесі қиылыста орналасқан шағын кафеге тоқтады. Ішіне енді, Сағын артынан ілескен. Екеуі ләм демей Талғам мен Асылға жасалған үстелге келіп отыра кетті. Талғам даяшыны шақыртып, бокал алдыртып, екеуіне толтырта шарап құйғызды. Олжасик итеріп қойды. Сағын құдды шөлдеп келгендей шімірікпей қылқылдатып жұтып алды. Басын салбыратып біраз отырды да гитарасын дыңқылдата бастады.
– Кеше жазған әніміз классный, бірақ бетіңді бүркеп алғаның дұрыс болмады.
– Қаланың бетпақ қыздары емес қой, әкесі көрсе өлтіреді, ну өлтірмесе де оқудан шығарып алып күйеуге береді, өйткені ол қызының өнер колледжінде оқып жүргенін білмейді.
– Ну тогда, даланың тәртіпті қызы болғанша, қаланың бетпақ қызы болғаны артық екен.
– Ия, родной, сен тура айтасың, ей! Тура тауып айтқаның-ай!
– Сағын, маймыл болмай үйіңе қайтсаңшы.
– Қайтпаймын! Саған арнаған өлеңімді айтпай кетпеймін!
– Онда, что сидим, кого ждем, сахнаға шық, шырқа.
Сағын Олжасиктің алдында тұрған бокал шарапты жұтып алып, сахнаға қарай аяңдады, гитараны шерте термелей жөнелді:
Жүрегім менің соғады бір сен деп,
Бір сені деп, бір сені іздеп, көрсем деп.
Бір өзіңнен нәр алсам деп, қуанышқа кенеліп бір қалсам деп.
Жүрегім, жаным сағынады өзіңді, жүрегімнің бар тынысы көзіңде,
Жүрегімнің қаны мен мен күлкің менен сөзіңде.
Жүрегіме орналасқансың күн болып, атады ол нұр болып, батады ол мұң болып,
Сәулесі тәтті нәр болып құйылады жүрегіме.
Мен сені іздеймін, сені іздеймін минут сайын, секунд сайын,
Жан-жағыма жалтақтап, қиылыстардан алақтап,
Көшелерден, аялдамалардан, көріне ме екен деп.
Сен жоқсың!
Жоқ екеніңді білсем де, қайта-қайта қараймын,
Сен жоқсың аяулым.
Бірақ менің кеудемде, мәңгі қалған бейнеңді,
Көз алдыма елестетіп, мәз боламын өзімше.
Есімде менің сені алғаш көргенде, «бақытым» деп жар салғаным әлемге,
Болжамастан не боларын әріде, арман екен жар салғанның бәрі де.
Аңғал жүрек соққан екен кеудеде.
Енді білдім, сен биік шынарсың, мен шөп етектегі,
Қанша талпынсам да биігіңе жетпеген, жетпеген соң аяғыңа бас ұрған.
О, арманым менің, асылым менің!
Қол жетпес арманымнан артық, бақытымнан зор бақытым,
Қайғым менің бақытты!
Мен саған бата алмаймын, сөз сала алмаймын, сен менен биіксің,
Мен жете алмаймын, айта алмаймыын... алмаймыыы...
Келеке-мазақ па, мадақ па, «Браво! Браво! Настоящиий Перо» деп Талғам мәз. Әнді Асылға қарап қолын созып айтқаннан, оның екі беті ду-ду, қып-қызыл. Орнынан тұрып сыртқа шығып кетті. Артына Олжасик ере жүріп «Кеттік пе?» деді. Асыл «Сағынды алып шықшы» деп өтініш жасады. Екеуі мінгізіп алып, есігінің алдына әкеліп тастады. «Жерге кіріп кете жаздадым ғой, ұялсаң етті! Бұдан былай көзіме түспейтін бол!» деп зекірген Асылдың сөзінен Сағын есін тез жинап алған тәрізді, жер шұқып мөлиіп үндемейді.
Рас, ән сәтті шығыпты. Дене бітімі қиюласып біткен сымбатты денесінің сұлулығы ішкі жан дүниесімен ұштасып, ән сөзімен үйлескен асыл арманы жүрегінің әр тінінде тербеліп, қанында бүлкіл қағып, көмейіне келгенде күйсандықтай әр нотаны тап басып қиялға беріле романтикалық сарында орындаған қыз дауысы естірменнің құлағын жаулап алыпты. «Жүзін бүркеген бұл кім?» даурыға іздеген жан көп. Бетін жапқаны үшін Асылға ренжіп еді, бұл плюс болып, елеулі рөл атқарып, әнсүйер қауымның ынтығын арттыра түскен. Талғамның аты даңққа бөленді. Студиясының рейтнгі өсті. Ән алғашқы күннен-ақ «Ән тв-нің» хидпарады сапына үміткер болып ілігіпті. «Клипмейкердің» айналасын торауылдаған ел, жұмбақ әншіні суретке тартып алмақ. Талғамның құлағын сарсылтқан тілшілер, бетін көлегейлеп, басын шайқап, иығын қиқаңдатқаннан басқа ол сыр шашпайды.
Бірақ сол кештен Асыл да хабар-ошарсыз кетті. Алғашқыда басын сопайтып кафеге жалғыз тастап кеткені үшін бұл қатты өпкелеп еді. Оның ұзаққа созылған үнсіздігі жанына бата бастады. Телефон нөмері де жоқ. Әлгі «Перо» есіне түсіп, соны іздей бастады.
Ол көп іздетпеді, терезеден сыртқа қарай салып еді, есік алдындағы пәс қоршауға мініп отыр екен.
– Әй, Перош, Asliдің нөмерін берші.
– Неге «Перош», менің атым Сағын.
– Ё моё, «Перо» десе Перо екенсің ғой, қазақша атың да сол! Немене, сенде сабақ жоқ па, қашан көрсем, осы жерде қылқиып отырасың?
– Мен «аграрныйда» оқимын.
– Ә-әә!
Талғам нөмерді ала салып хабарласып еді. Жөндем жауап болмады. Ол Асылды оқитын жеріне іздеп барды.
– Asli, тоқтай тұршы, сәлем. Сен не, маған өпкелеп жүрсің бе, мен саған ба десем. Ана «Перошыңды» алып, мені тастап зытыпсың.
– Біріншіден, ол «Перош» емес Сағын, екіншіден, ол менің ауылдасым, біз ауылдасымызды ешқашан да тастамаймыз, усёк!
– Қойшы, сен, бүйректен сирақ шығармай, қазақша аты да Пероға келіп тұр ғой.
– «Перо» деген қауырсын, «Сағын» деген Сағыныш, екеуі миллион қайнаса да
сорпасы қосылмайды, түсіндің!
– Ё моё, мен не деймін, сен не дейсің? «Буратиноны» білесің бе, характерімен сондағы «Перо» деген персонаждан аумайды ғой деймін.
– Ия, кім, басымды қатырмашы! Пероң да, өзің де, ары жүріңдерші. Ғылыми жоба қорғайтын кезімде сендермен алысатын жағдайым жоқ, уақыт тапшы.
Талғам аң-таң, айналасы түгел мұның атын атап шуылдатып жатқанда, бұл қаннен-қаперсіз, қайдағы бір ғылыми жобаны айтып миды шатады. Түкке түсінбей қыздың артынан аңтарыла қарайды.
Асылдың өнер тарихынан беретін апайкасы ән орындау шеберлігінің сырын терең меңгеру үшін өткен ғасырдағы даңқты әншілердің өмірі мен шығармашылығына, дауыс тембріне зерттеу жұмысын тапсырған. Бұл ғылыми жоба болашақ әншіге зор нәтижесін берді. Ол контральта туралы мол мағлұмат алып, күйсандықтың пернелерінде ойнай отырып көкейіне түйіп алды. Патетика сөзінің түбірін танып, ән айтуда екпінді орнымен қолдану сырын меңгерді. Жатпай-тұрмай неше күн дайындалған еңбегі зая кетпей жоғары баллға қорғап шықты. «Уф» деп бір демалатын күн туды.
Ол жүйткіп отырып «Клипмейкерге» жетті. Ғылыми жобадан алған әсері бойын билеп алған. Қолына микрофонды ала салып шырқап жібергісі келетіндей жүрегі лепілдеп көліктен түсті. Есіктің алдында Талғам мен Сағын әңгімелесіп отыр. Асыл екеуіне көрінбей ішке еніп кетті. Сахна шығып шырқай жөнелді.
Алтын күн аспаны, алтын дән даласы,
Думанды бастады далама қарашы.
Кең екен жер деген,
Жерге гүл шықты ғой,
Дән егіп терлеген қазағым мықты ғой.
Менің елім, менің елім,
Жырың болып төгілемін.
Гүлің болып егілемін, елім,
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Айнала қарасам,
Асықты жүрегім,
Заманға жарасам,
Жарасып тұр елім,
Біздің ел Орденді
Көтерді туларын,
Ел мен ол тербелді,
Тербеле жырладым.
Талғам мен Сағым жүгіріп кірген. Екеуі де Асылға аң-таң. Гимн дейін десе, біртүрлі орындап тұр. Ән дейін десе сөздер гимнге келеді. Ішкі нұрдан көздері жарқырап, жүзі балбұл жайнап, тынысы еркін алып шырқағаннан әннің шырайы ашылып, өзіне ынтазар етіп баурап алған. Ән аяқталған сәт екі көрерменнің сыртынан «Жарайсың! Жаса сандуғашым!» деп шапалақ ұрған ер адамның дауысы шықты. Екеуі жалт бұрылды. Бейтаныс кісі сахнадан түсіп келе жатқан Асылға адымдай басып, құшақ толы гүлдерін ұсынып үлгерді. Студия ішін балауса гүлдердің балғын жұпары басып кетті. Сұраулы қараған үшеуге:
– Мен, Ақжарқын Байдәулет, мына асыл қарындасымның дауысына тәнті болып, қол ұшымды созбаққа келдім. Өздерің білесіңдер, жаз айында, астана күнінде, жас әншілер арасында «Астана жұлдыздары» байқауы өтеді. Соған мына Асылды дайындасақ па деп едім. Ютуб желісінен көріп, көңіліме жағып, тәнті боп қалдым. Сен бейне жасауда асқан шеберсің, менде қаражат, Асыл бұлбұл – үш жақ біріксек, жеңіс қолда. Не дейсіңдер?
Мына тосын ұсынысқа Талғам да, Асыл да не айтарын білмей мүдіріп қалды, ал Сағын әлденені есіне түсіргісі келгендей мына адамға тесірейіп қарап қалған. Осы кез сырттан бір жігіт кіріп, Сағынды жетектеп алып кетті.
Үнсіз қалған екеуге Ақжарқын: – Онда кең дастарқан басында отырып асықпай шешейік, жүріңдер, – деп жетелей жөнелді. Жолдан Олжасик қосылып, Сағын екеуі соңдарынан ерді.
Қаланың жоғары дәрежелі мейрамханаларының біріне келіп тоқтады. Сыртынан қарасаң зәулім мейрамхана анау-мынау қалтасы таяз жарлыларды үркітетіндей маң, тәкаппар. Олжасик пен Сағын кірер ауызға тақап қалған сәтте, Ақжарқын мырза артына саусақтарын шырт еткізді. Күзет екеуін жолын бөгеп, ішке жібермей қойды.
– Кащеей! Кащей ғой бұл! Бұл мұнда неғып жүр? – деп Сағын дауыстап жіберді. Артына бұрылып сұрқия жылмиған жымиысынан танып қалды, – Бұл Ақжарқын емес «Кащей Бессмертный» ғой.
Түйсігі бір жамандықты сезіп, жүрегі зырқ ете қалды. Олжасик сұраулы жүзбен Сағынға тесіле қарады. Ол Асылға бір жаманшылық болатындай көрініп, ішке енудің қамын ойластыра бастады. Бірақ әрекеттерін түк шықпады. Күтуден басқа амал таппады. Асыл да көп отырмады, бір сағаттан өтер-өтпес Ақжарқынның қошеметімен сыртқа шықты. Қызды Олжасикке мінгізіп жіберіп, Сағынды алып қалды. Екі жігіт қолтықтан ұстап, дедектетіп әкеп төбесінен басып көлікке мінгізді. Бір белгісіз аулаға кіріп, бейтаныс үйдің жертөлесіне қамап кетіп қалды.
Қараңғы бөлмеде Сағынның үрейден төбе шашы тік тұрды, қорқыныштан есікті тоқпақтап айқайлады, аяғы есіріктеніп бақыруға айналды. Бірақ бүлк еткен ештеңе болмады. Көзі ағып кеткендей қап-қара түнекте өзін айдаһар жұтып қойып, қазір қортылатын астай, соны құрсағында қалтырап жатқан қояндай күй кешті. Уақыт та тоқтап қалған сияқты, тас табандап өтпейді. Асылды күтіп, оның жалт еткен бір сәттік бейнесін көру үшін, «Клипмейкердің» алдындағы қоршауға мініп отырғанда да уақыт осылай сағыздай созылып өтпеуші еді. Әйткенмен, ол қуанышты сәтті күткен шуақты минуттар болса, бұл ертеңнен үміт етер сәуле жоқ, тіпті уақыттың өзі қараңғылыққа жұтылып тоқтап қалған өлі мезет. Оның саналы ақылы өз қызметін жоғалтып, орнына соқыр сезімі алға шығып, жанқалтасына тастамай салып жүретін Асылдың суретінің бетін сипап: «Асылым! Күнім менің! Айым менің! Жарығым, шексіз сүйемін ғой сені, махаббатым!». – деп тебірене күбірлеп жатыр. Өмірінің бір секундынан күтер үміт жоқ беймәлім сағатта, санасына сәуле боп жанған шырақтай, жанына қуат беретін сияқты.
Сағын ғайып болды, оны іздеген жан болмады. Тек соңғы сөзін естіген Олжасик қана алаңдаушылық білдірді. Сезігін Асылға жеткізіп еді, ол «Қияли адам ғой, бірнәрсені шатып-бұтып жүрген де» деп құлағының сыртымен тыңдап, сол мезет ұмытып кетті. Жан тілегімен қабысып жатқан «Клипмейкердің» жаңалыққа толы шығармашылық өмірі буырқана аққан өзендей қалтылтақ жаңқаларды елеусіз жағаға лақтырып жіберетіні белгілі. Сол асау ағынның арынынан қалмау үшін бар зейіні мен ықыласын соған ғана аударған Асылға Сағынның жаңқа ғұрлы елерлік орны жоқ еді. Тек Олжасик қана... Талғам да қолы сәт босағанда терезеден қарап қояды, бірнәрсе жетіспейтін сияқты, бірақ елеусіз нәрсеге бола санасын қинап ойланғысы келмейді.
Қанша күн өткен белгісіз бір күні есік ашылды. Қыбыр етпей мелшиіп жатқан Сағынға қарап, келгендердің бірі «мынау өліп қалған ба» деп күбірледі. Көтеріп сыртқа шығарды. Жұмып алған көздерін сығырайта ашқанның өзінде, кірпіктерінен сыналап енген сәуле жанарын шымырлатып қарықтырып жіберді. Сүйрелеп әкеліп көлікке мінгізді. Аздаған уақыттан соң «Кащейдің» алдында отырды.
– Оу, Сағыын, бұл сен бе едің! Менің ең жақсы көретін сыныптас құрбымның ұлы. Ей, оңбағандар, көздерің соқыр ма, бұл менің ауылдасым ғой. Тұрған орындарыңда тура атып тастайын ба! – деп алып келген жігіттерге қаруын кезек-кезек оқтады. Олар «Біз білмей қалдық, басеке, сіздің сыртыңыздан жаман сөздер айтқаны үшін жазаладық» деп ақталғансып бақты.
– Ә, солай ма!? Менің батырларым ешқашан да өтірік айтпайды, Сағын. Байқамай тіліңе ие болмай қалғансың ғой. Келешекте де ұмытпа. Мен қатынша өсек айтқан еркектерді ұнатпаймын. Ақыл-есі түзелгенше қамап қоямын, көнбесе жойып жіберемін. Қазір, өзің де білесің, техниканың заманы. Оған дәлел басыңнан өткен оқиға. Сен екі-үш күн жоқ болып кеттің, іздеген жан болмады. Оның себебі мынау. Мына соткаң арқылы ағаңа «алаң болмаңыз екі-үш күн Ардақ досымның үйінде боламын, сынаққа бірге дайындалатын едік» деп хабар жаздық, ал әке-шешең алаң болмас үшін, сенің атыңнан олармен де ескертіп сөйлесіп қойдық. Универіңе «ауру» деген анықтама алып тапсырдық. Көрдің бе жазаны, мына телефон арқылы, осылай шетсіз-шексіз созыла береді. Сен желіде барсың, ал өмірде жоооқ! Сондықтан, жан керек болса, аяғыма оралғы болма, тіліңді мәңгілікке байла, жадыңнан Асылды өшір! Онымен шаруамды тәмамдағанша аузыңнан бір сөз шықпасын! Ойластырып жатқан ісіме кедергі жасасаң, үрім-бұтағыммен жоқ қып жіберемін! Мұның өтірік емес екенін шешеңнен естіп білген шығарсың. Сөздерім есіңде болсың. Менің атым аузыңнан шықпасын. Асыл менің кім екенімді білмейтін болсын. Ал әзірше боссың. Жігіттер, мына батырға жол көрсетіп жіберіңдер. менің ауылдастарым ақылды, маңлайына тиген тырманы екінші рет баспайды.
Кащейдің қолшоқпарлары оны жетектей жөнелді. Жолай бір бөлмеге енгізіп, бетперде киіп алған адам бұған жақындай бергенде... Арғы жағы беймәлім. Есін жиғанда үйінің маңындағы аялдамада отыр екен.
Сағын оралған соң сұлқ түсіп жатып қалды. Сырт тірлікке жүрегі суынып, терезеден қарауға да жасқанды. Немере ағасы жұмыста, азын-аулық жалақысы тамақ пен коммуналдық төлемдерге ұшпа-ұш жетеді. Ас үстінде жеңгесі күйеуіне жетіспеушіліктің зарын тізімдеп ызыңдай бастайды. Жеп отырған тамағы кеңірдегіне тіреліп, Сағын орнынан тұрып кетеді. Бұл кеткен соң екеуінің сөзі жарасып, жарқын күлкінің дыбысы естіле бастайды.
Алайда Сағын да тек жүрген жоқ, сабақтан бос уақыттарында кафе-мейрамханаларда даяшылық қызмет атқарып, күнде өзі жейтін наны әкеліп тұрады. Үй болғалы бері жоқшылықтың тақсіретін татқан жеңгесі үшін бұл теңізге тамған тамшыдай көзге көрінбейді. Сондықтан көп жатуға дәті шыдамай, келесі күні сабағына барды. Достарымен кездесті. Жадыраған күннің сәулесі жанарына құйылып, сол арқылы түнерген ішкі жан дүниесін нұрландырып, қаяу шалған көңілінің бұлтын ыдырата бастады. Сабақтан соң «Клипмейкердің» алдындағы күнделікті орнына отырды. Терезеден Талғам айқайлады:
– Сәлем, ақыным, қайда жоғалып кеттің, көрінбей қалдың ғой?
Сағын қолын көтеріп белгі берді. Олжасиктен келіп түскен Асыл мұны байқап қуанышты жүзімен: – Қайда кеттің менің, Пером менің, мені тастап, не болды саған, айтшы маған? – деп тақпақтай жымиып тіл қатты. Сағын өксіп жіберді. Көздерін білегімен сүртіп, іші мұң ба, қапа ма, нала ма, әлде өкініш пе, мылқаудай тіл қатуға мұршасыз тұңғиық жанарымен мөлтеңдей қарады. Одан кейін тұрды да, кіреберіске еніп кетті. Баяғы ашық-жарқын Сағын жоқ, әлденеге шарасыз күй танытқан құнысқан денесі сөлбірейіп барады. Түкке түсінбеген Асыл соңынан тесіле қарап тұрды да, студияға кірді. Ән жазғызып жатқан әншінің сөздерін еркінен тыс қайталап күбірлейді.
Өзіңсіз жүрек жылап-жүдеп,
Қонады жанарыңнан,
Мұңнан қара түнек.
Куә ғой, әнім, сенсіз маған,
Өмір жоқ, жаным!
Көзіме қара да көрші өзіңді,
Байқадың ба саған деген
Ыстық сезімді.
Есікті тасыр-тұсыр ашып Ақжарқын кіріп келді. Ән жазып отырған Талғам жақтырмай, қабағын шытып, басын шайқады. Ол арынын басып, Асылға ілтипат көрсете иіліп, қолынан сүйіп амандасты. Қыз ыңғайсызданып қолын тартып, кейін шегініп тұрды. Ән жазылып болған соң, кезекте тұрғандарға: – Студия бүгін жабық, үш күн менің қарамағымда, әуре болып келіп жүрмеңдер, – деп жариялап таратып жіберді. Талғам түсінбедім дегендей сұраулы жүзбен қарады.
– Ұмытып қалдың ба, Астанаға барып клип түсірмейміз бе?
– Ә, ия, қашан жүреміз?
– Қазір.
– Мен әпкемнен сұрануым керек.
– Сұранатын түк жоқ, Олжасик келісіп қойған, хабарлап айта салады. Олжасик кел мында.
Есіктен кірген Олжасикке Асыл сұраулы қарады, ол келіскен райда басын изеді.
***** *****
Хижап кигеннен бе, әлде әкесіне деген құрмет сезім бе, Асыл ашық жүрмейді. Мойнына дейін жабық, тобығына түспесе де тізесінен төмен киеді. Қызы-жазы бүркеу, төбесінің ұшынан болса да әлдене тағып, торлама не шайы орамал тартып алады. Әкесінен жасқанып киім де сұрамайды, сол мектеп кезінде кигені, етейіп кетпеу үшін асты да тартынып ішеді. Әйтсе де шеше күйеуінен жасырып Мәликеге қаражат жіберіп тұрады. Қайда оқитынын іштей сезетін ағасы Қайсар қарындасының талғамына қарай киім әперіп қояды. Асыл да сұғынбайды, қанағат деп бағасына қарап, әйтсе де татымдысын, бір киерлік емес шыдамдысын алады.
Алайда Талғамға бұлай киініс ұнамады. Бірақ Асылға ашық айтпай, тұла бойын тіміскілеп, құмырсқадай жорғалап өтті де, Ақжарқынға қарады.
– Дұрыс, – деді ол, – Мұндай киіммен сахнаның көркі бола алмайсың, тем более аламан бәйгенің. Астанаға жетсек, ондағы ең бағалы сауда нүктелерінен ең таңдаулысын әперемін. Саған қарап аузының суы ағып сүйсінбеген адамды сонда көремін.
Ақжарқын айтқанын істеді. Астанаға жеткен соң, Талғамның ойластырған бейнебаянының мазмұнына сай бастан-аяқ не түрлі киім алды және қандайы, қымбаттан қымбат! Бағасына қарап Ақжарқын қабағын шытпады, қайта Асыл киіп шақтаған кезінде, оған қарап сүйсінгеннен көздері оттай жанды. Қызбала емес пе, талғаулы киімдерді киген сайын жүрегі атша тулап, көңілін еріксіз жайлаған шаттықтан жүзі шырайланып қазғалдақтай құлпырды. Шаш үлгісін жасатып, әр тал жібіне дейін алтын жіптермен әдіптелгін қызғылт сары көйлегін, хрусталь туфлиін кигенде, аяулы астананың таңдаулы орындарында бейнеге түсіріп, әнін шырқатып, жазып, бейнебаянды толық аяқтап шыққанда, Асыл «Астана ханшайымының» нақ өзіне айналды. Әсіресе түнгі Бәйтеректің түрлі-түсті шамдармен боянып атқылаған бұрқақтары арасымен ән тербеп келе жатқан мезетін айтсаңшы! Асқақ Бәйтерек, қасиетті судан шашу шашқан жер ана, асыл тастары сәулемен ойнаған сәукеле киген ару, тіпті бетін бүркеген шілтері де қыз пәктігін мақтан еткендей жарқ-жұрқ етіп жанды баурайды. Ән де көрініске сай мағынасын ашып тұр.
Түн жанған жандар, келем жалғыз мен,
Айналам үйлер занғар.
Қай қала әдемі бар,
Өзің бір әлемде, мен де ән бар.
Астана - жастығымның қаласы,
Махаббат пен сағыныштан жалғасқан арасы,
Астана - достығымның қаласы,
Бүкіл әлем, және мен арнаймын әнді осы
Таңдансын бәрі саған, армансың әлі маған
Астанам, шаттығым сен, жайнай бер, гүл қалам!
Түн - жанған жандар, келем жалғыз мен
Айналам үйлер занғар.
Талғам сүйсіне қарап тұрып: – Виктория! Жеңіс біздіке! Жарайсың, сұлуым! – деп Асылды құшақтап алған. Шат қуаныштан жүзі жарқыраған қыз да жігіттің көзінен көз алмай риясыз пейлімін тесіліп қалған. Бір-біріне деген кіршіксіз таза сезімнен екеуі де Ақжарқынның түсі бұзылып сұрланып кеткенін байқамады. Тіпті қолын қалтасын сұғып әлденені алмаққа икемделгенін сезбеді. Осы кез сыртта жүрген Олжасик енді. Асыл дереу өзін жинап алып, оның жүзіне қарады. Ол «жолға шығатын уақыт болды» дегендей рай танытты.
– Жоқ! Бұл жетістікті жуу керек. Әсем қала Астанаға келіп отырып жумай кету құдайдан ұят!
– Жөн. Жусақ жуайық.
«Біз қайтамыз» деп Асыл қарсылық білдірмекке оқталып еді, Ақжарқынның жүзіндегі кірбіңді байқап тежеліп қалды. Қорытылмаған астай көкейінде тұрған бейнебаян мен мұның киіміне жұмсалған қаражат, бұрылып кетуіне ырық бермейтін бұғау екені енді ғана санасына жетіп, кеудесі шым етті. Адам жүзіне тіктеп қарамайтын, әсіресе ер адамға. Көзінің қырымен Ақжарқынның жүзін шолып өтті. Қалың қарақоңыр шашты, құйқасын көрсете оң жағынан солға қарата қайырған, атжақты, қыстың шуақ күніндей қоңырқай көзінен ызғардың табы білінеді. Өзіне ықтырып алатын күштің қуаты сезіледі. Көз маңынан әжімнің сызбалары көрінеді. Екі ұрты тоқ көрінгенмен, мұрын тұсынан езуге қарай тартылған терең арық сызықтың аңғарында суалуға бет алғаны байқалады. Етженді, шымыр денесі қунақ көрінгенмен егде, неге екені белгісіз, қанша іш тартқанмен, адамды кері итеріп тұратын беймәлім әсері бар.
Тағы да міне, жай адам кіре алмайтын, Астананың қымбат мейрамханаларының бірі «Selfieге» алып келді. «Selfie» он сегізінші қабатта орналасқан екен. Астана алақандағыдай бар сұлулығын жар етіп көз тартады. Түске кірмеген ғажап, құдды жаннат бағы дерсің. Бірақ мұны елейтін Асылда күй болмады. Көңілінде алаң. Жемтікке тап болған күшігендей айта-қайта сұқтана көз алмайтын Ақжарқыннан сескенулі. Күдіктен жүрегі алағызып, дегбір таптырмайды. Олжасик қана демеу, соған жабысып қасынан қалмайды. Ас та төк мол жасалған дастарқанда да осы жағдай сақталды.
Әйтсе де оны елең қылып жатқан Ақжарқын жоқ, Асылды биге шақырды. Нәзік тербеле ойналған әуеннің ырқында қыздың белінен аялай ұстап, бірт-бірте құшағын тарылтып, бауырына қысады. «Үлкен кісі ғой» деп бастапқыда қарсылық көрсетпеген Асыл қателескенін біліп кері итерді. Бір-біріне айқасқан бұтақтай жабысқан қолдардың ажырамасын сезгенде зәресі ұшып екі қолын алдына қойып жанұшыра итерді. Оң қанатта отырған біреудің қол көтеруімен кенеттен музыка тоқтап, Асылды құтқарып қалды. Артық кеткенін ұғып, Ақжарқын бірден кешірім сұрауға кірісті. Күллі елдің алдында аяғына жығылудан да арланбады. Үлкенді құрметтеп өскен қыз кешірім берді, бірақ «кетемін» деп кесіп айтты. «Мақұл» деп ол да келісім берді.
– Өзім алып келдім, өзім апарып тастаймын, сәл отыра тұр.
Осы екі ортада даяшы келесі үстелде отырған қонақтар тарапынан жіберілген коньякті әкеліп тапсырды. – О-о-о! Луи XIII де Реми Мартен! – деп Талғам дауыстап жіберді. Ақжарқын бұрылып қарап еді, «Хусейн» деп сұры бұзылып кетті. Сақалы қауғадай арап па, ағылшын ба, әлде басқа ұлт па, «Хабиб» деп қолын көтеріп күлімсіреді. Ақжарқын солай қарай жүрді. Сөйлеген адам екеуі балконға шығып кетті. Аздаған уақыттан кейін оралып, тез кетуге асықты. Жүзі суық, қақпанға түскен қасқырдай ызалы, масайып қалған Талғамның «коньякті тауыспай кетпеймін» деп қиғылық салғанына шыдамай, Асылға байқатпай өкпе тұстан сылқ еткізіп, Олжасик екеуі демей сүйреп алып шықты.
Алматыға талтүсте келіп жетті. Жолайрыққа келгенде Ақжарқын көліктерді тоқтатып, бұларға қарай жүрді. Асылға қарап:
– Сәтті түсірілген клиптің қуанышында еркінсіп артық кетіппін, кешір. Өзіңе алға киімдер мен сыйлықтарды қайда салайын?
– Қажет емес! – деп Асыл бұрқ етті. Ауқымды қаражатқа алынған киімнің мойнына қарғыбау боп тағылып, мынаның қолында жетектегі итке айналатын айна-қатесіз ұғып тұр.
– Жоқ! Қажет емес! Өз әйеліңізге беріңіз, - деп нықтап қайталап айтты. «әйеліңізге» деген сөз тіліне қайдан орала кеткені белгісіз, осы сөз тілінен шыққанда тұла бойы дүр ете қалды. Мынау қымбат дүние жалғыз қарғыбау ғана емес, біреудің айрандай ұйып отырған жанұясына іріткі салушы, әлгі ел өсек қып, артынан қарғыстайтын жезөкше-ойнасқа айналдырмақ екен ғой.
– Жооқ! Керегі емес, аулақ! –деп жан дауысы айқайлап шықты, – Адал арымды ластамаңыз! Әйеліңізге апарып беріңіз.
– Білемін, сен ондай емессің. Мен де сенің пәк арыңды былғамаймын, тіпті оны ластауды титтей болса да ойына алған адам болса, сол ойлаған басын жұлып тастаймын! – Сәл ойланып, алқынған демін басып. – Менде әйел жоқ. Мен емес, мені тастап кеткен. Өзімді шын сүйетін адамды іздеп сандалғанмын. Жөнсіз ғашық болып маңдайымның тасқа тиетіні бар.
Қапаланған жүзінен жалғандықтың нышаны көрінбейді. Бұған жылыұшырай күлімсіреген жанардан тұнжырған мұңның кекті ұшқыны кей сәт қылаң беріп қалады.
– Мақұл, – деді көзіне жылу ұялатып. – Студияға қойып қояйық, ән айтқанда сол жерден киіп тұрамын. Қабағы түсіп кеткен Ақжарқын біруақ: – Ә, жарайды, тамаша шешім! – деді жүзі шырадай жанып, сәулесінен тал түстегі күн тұтылғандай. Ол жүргізушісіне белгі беріп, Асылға алған киімдер мен сыйлықтарды Олжасиктің көлігін салғызды да, өзінікіне мініп жүріп кетті. Келесі күні студияда құлыпталатын көрнекті жаңа шкаф пайда болды.
4
Кенеттен келген өмір толқынының иірімінде айналған «Клипмейкердің» тірлігі сабасына түсіп, баяу ағысына қайта оралды. Сессия уақыты. Асыл көп келмейді, анда-санда соғады. Оны аңдып тұрғандай Ақжарқын да бір жағынан сап ете қалады. Мұның келгенін Талғам да тек жібермейді. Екеуі ән жазады, клип түсіреді. Әр келген сайын шкафта жаңа киім дайын тұрады. Ақжарқын да қыздың талғамына сәйкес, қиялындағы затын тап басып, соны алып қояды. Жаңа киім жаңа сюжетке жетелейді, шабыт оянады, кеудеде ән тербеледі. Жүректен тебіреніп шыққан ән дауыс танымайтын құлақты да баурап алады. «Бүркеулі қыз» бүгінгі таңда барлық хитпарадтың басты орындарын жеңіп алған. Халық аузында дақпыртқа айналып, даңққа бөленген. Жаңа әнін күткен тыңдарман есіктің ауызын торауылдайды. Бірақ Асыл бұған да айла тауып алған, өзін ұмыттырып барып қайта жанады.
Талғам екеуінің қатынасы бөлек. Әсіресе ән жазған кезде жұп көгершіндей құрқылдасып шүйіркелесіп кетеді, Ақжарқынның бар-жоғын елемейді. Анда-санда бас көтергенде мұның отырғанын көріп Асыл жылы жымиып қояды. Бұл да жанына азық. Жазылымның соңын күтеді. Өйткені жазу аяқталған соң Талғам «ух» дейді, «Жуу керек! Жумасақ құдайдан ұят болады» деп бұған қарайды. Әрине бұл «ләппай» деп құрақ ұшады. Қалағаны кафе ме, мейрамхана ма, кейде өзі ұсынып таңдаулысына апарады. Күнде ішкеннен соң, алкоголге жеңіліп, Талғам жылдам мас болады. Сол кезде сыланған гримнің астынан жасамыс әжімнің іздері тарамдалып шыға келеді. Нақ осы мезет Ақжарқынның жаны кіреді. Ұқыпты Талғамның ізі де қалмайды. Табан астында реңі тозып, жасы Ақжарқынмен қатар, тіпті асып та кетеді. Келесі күні жұмысқа да сол қалпында келе салады. Жағымды, сүйкімді клипмейкердің бар-жоғы білінбейді.
Асыл Талғамның өнерін бағалайды. Жүрегі мен сезімімінің, салқынқанды ақылының тезінде сараптай отырып тиянақты жасаған жұмысының нәтижесінде тың-татымды дүниелер туындайды. Бірақ ішімдікке салынғалы бері ойының ұшқырлығы жоғалып, жаңашылдығы жойылып, таптаурын дүниелерді қайталайды. Бөтелкенің құдығында дарынды өнер иесі жойылып кетпесін деп оның қылтың-сылтыңын елемей барлық еркелегін көтереді. Бірақ шектен асқан мезет...
Мұндай кезде Асыл оған қарамайды, үдеріп алшақ жүреді. «Қымбатты Asli!», «Құрметті Асыл ханшайым!» десе де мойын бұрмайды. Тіпті 3-4 күнге дейін ат ізін салмай кетеді. Ол қоңырау шалып әлек, «сабақ қиындап кеттті» деп бұл сылтауратады. Талғам «көптің бірі ғой» деп елемей қоя салайын десе, жүрегін тізгіндеген бір белгісіз күш қамыттай құрсап бас бұрғызбайды. Асылдың дауысында тылсым құдірет бар, тыңдап отырсаң қарапайым, тыңдап болған соң әр нотаның сазы санаңды билеп, тіліңнен ыңылдап кетпей қояды. Бірақ атақ-даңқы шыққалы бері кеудесінде наны пісіп, тәтті ыңыл тілінен қашып, менменсіп, тәкаппарланып, шамын жаққан Асылды да түртпектейді. Ақжарқынды адам деп санамайды. Астамсып, сәл нәрсеге қитығып, қасақана ішіп кетеді.
Ал Ақжарқын Асылды ұмытпайды, құдайдың құтты күні балғын жұпары аңқыған әдемі гүлдерді әкеп тұрады. Басында елеп алып жүрді, Ақжарқынның дидары әкелген гүлдеріндей лаулап нұр жанатын. Асыл осы жанған ұшқыннан қорқып, кейін елемейтін болды. Ақжарқын мұнда да амалын тапты, гүлдің хош иісі жан баурайтын тірі әтірлерді әкеліп, шкафына қаз-қатар тізіп қойды. Бұған келгенде Асылдың дәті шыдап тұра алмады. Әтірлердің сиқыры бар, басын айналдырып алды, жағынбаса жұпар иісін сағынып тұратын болды. Және бір құдіреттісі бұл әтірлердің иісі кәдуілгі әтірлердей емес әудем жерге дейін аңқып тұрады. Қабағын түйіп келе жатқан жүргіншілер де, мұның қасынан өткенде, жүзі ашылып хошуақтанып күлімсірейді. Қас қақпай әрдайым күзетте тұратын сақтығы дәл осы иісуға келгенде арбалып, қателік жасағанын кештеу сезді. Өйткені бала жасынан көксеген арманы орындалып, Ақжарқын қаражатын құйып, Талғам бейнебаянын жасап құрақ ұшып жатқанда, бұл да бей-жай қала алмай екеуіне де мейрленіп, шуағын төге нұрлана қараған.
Асыл Ақжарқынды күнде көріп жүрсе де, әр кездескен сайын түйсігі қарауылға тұрып тіксіне қалады. Бір жерден көрген сияқты. Әйтәуір бір жаман оқиғамен есте қалған сияқты. Бұған тесіле қарағанда жон арқасына дейін мұздап, сырты мығым болғанмен, іші қалтырап кетеді. Үрейден жан дүниесі шошынып, бір беймәлім қорқынышпен санасының зәре-құты қалмайды. Отырыстан тез тұрып кетіп қалуға асығады. Бірақ Талғам оның жалтақ-жалтақ қарағанын сезбей, жұмыстан әбден қалжырап шыққан соң мынадай жайлы орында сергіп, айра-жайра отырғанды жақсы көреді. Мұндай кезде ол ештеңені көрмейді, сезбейді. Жемге бас қойған малдай бәрін ұмытады. Әсіресе бәленбай жыл ұсталып тұндырылған шетелдік шараптың дәмін алып жіңішке түтікшемен сыздықтата ішіп, тілімен таңлайына басып, тамсанып ішкенді жақсы көреді. Мұны байқап қалған Ақжарқын мырза әр отырыста Талғамға шараптың жаңа түрін алып беріп, дәмін таттырып, рақатқа бөлеп қояды. Талғамның ештеңемен ісі жоқ, көзін тарс жұмып, күнібойы тастүйін жиылып жұмыс істеген тәні мен санасы босаңсып балбырап ләззатқа батады. Ақжарқын Асылды баяу биге шақырады. Қыз өзінің бейнеклиптерін қаражатын төлеп жүрген адамның қолын қақпай биге шығады. Бастапқыда алақанына алақанын қойып, белінен аялай сипап еркінсіп бара жатқанын сезіп тыйым салған, бірақ одан беті қайтқан Ақжарқын жоқ, мұның қылығын әзіл-қалжың ғып Талғамға айтып қояды. Ішіп алған Талғам Асылға кінәлай қарайды, келе-келе шараптың ауанына салынып ашуланатынды шығарды. Күні Ақжарқын мен Талғамға қарап қалған Асыл үндемей құтылады, бірақ Ақжарқынның харам ниетіне ырық бермей, өзін алшақ ұстайды.
Осындай күндердің бірінде Талғам Асылды бас салып аймалауға көшті. Алғашқыда абдырап қалған қыз жай ғана қолдарын қағып қарсылық жасады. Ол ырық бермей өңмеңдеп бара жатқан соң орнынан тұрып кетті. Бірақ Талғам жабысып айрылмады. Осы мезет Ақжарқын жұлып алып, ашудан жүзі түтігіп кеткен, әумесерді ұрып жібермекке жұдырығын көтере бергенде Асыл ұстап қалып басын шайқады. Аяқ-қолы кесілген көпардай тақымдап сүйреп апарып таксиге салып жіберді. Асыл Ақжарқынның жүзіне тік қарамай Олжасикке дереу мініп кетіп қалды.
Қыз мінген көліктің бағытына қарап сілейіп тұрған Ақжарқын «Мен сені шексіз сүйемін ғой, жаным» деп күбірледі. Талғамның еркінсіген әрекеті көз алдынан көлбеңдеп кетпей, тістері шықырлай кіжінеді. Асыл жүзін ары-бері алып қашқанмен бетінен аймалағаны көрінді, тіпті ернінен сүйіп алғандай көрінді, қолын ары-бері сумаңдатып, тіпті кеудесіне қол жүгірткендей көрінді.
– Мына иттің, өктемдік жасап, қорғаштап жүрген асыл жанның пәк тәнін арсыздықпен ластап жатқанын қарашы, мен оған көрсетімін әлі! – Асылдың нөмерін теріп, – Жаңағы ақымақ сенің арқаңда атақ-даңққа бөленіп жүргенін білмейді. Тағы менсінбей адал арыңды былғамақ қой. Анығында студия оныке емес, сенікі, сенікі! Мен саған оны әперемін. Тіпті продюцерлік орталық қып ашып беремін. Сөзім серт!
Трубканың ар жағынан үннің сыбысы да білінбеді, бірақ сөз аяқталған соң байланыстың үзілген дыбысы шықты.
Ақжарқын өзінің босаңдық жасап жүргенін түсінді. Мейірімділіктің мақсатқа жетер жолда кедергі жасағаннан басқа пайдасы жоқ. Жылдар бойы жинақталған тәжірибеден түйгені: көздеген мақсатына жету үшін жұмырықтай жинақылық пен тас кескен болаттай беріктік қажет. Бірақ бар болмысымен беріле-аялай сүйген Асылының қарадан ада пәк көңіліне қатыгездікпен дақ салғысы келмей, бұл ұстанымнан тартынып, қамқорлықпен жүрегін жаулап алып, сеніміне ие болып, таза жолмен жетуді ойлаған. Бірақ...
Ақжарқын офисіне келген соң, көптен бері көкейінде там-тұмдап жиналған таудай реніштен туындаған кекті жоспарын іске асыруға кірісті. Алдымен хирург Медғатты шақырды. Оны «қарақұрт» деген де лақап аты бар. Бұлай атану себебі умен айналысады. Қажетіне қарай у жасап береді. «Қарақұртқа» тапсырманы берген соң, інісі Асылбекке қоңырау шалып, Қасымхан екеуінің тез жетуін талап етті. Одан кейінгі шаруа Олжасик...
Асыл біраз күнге дейін студияға келмей жүрді. Ол жақты мүлдем естен шығарып, біржола қол үзуге бел байлады. Күндегісіндей сабаққа бара жатқанда біреу соғып өтті. Қаңғалақтап жаяусоқпақтың шетіне отырып қалды, ұшып кеткен сөмкесін алуға оңтайланғанда, жаңағы соққан адам кешірім сұрап, қолына алып берді де жалт бұрылып кетті. Кабинетке келген соң, кітабын алып жатқанда, қосарланып бүктелген бір жапырақ қағаз түсті. Ашып еді: «Мен Сағынмын. Кездесейік. Сабақтан кейін өзіміздің сауда орталығына кел. Өзім іздеп тауып аламын», - дегенді оқыды. Бірақ Сағын кездесуге келмеді. Түн ортасына дейін күтті. Қоңырау шалып еді, «мұндай нөмер тіркелмеген» деген жауап келді. Жан-жағынан біреулер торауылдап жүргендей сезініп, жүрегін үрей жайлап, дереу үйге қайтты.
Келесі күні Олжасиктің көлігіне міне бергенде, бет-жүзін бүркеп алған біреуді көріп кері серпілген. – Тез отырсаңшы, мен Сағынмын ғой! – деген дауыс шыққан соң ғана мінді.
– Мына түрің не? Жас бала болып кеттің бе?! Неменеге шпион сияқты жасырынып жүрсің.
– Ол – «Кащей», Кащей бессмертный!
– Кім? Кімді айтасың? Есіңнен шатысқан шығарсың!
– Ақжарқынды айтамын.
– Ақжарқын!
– Менің шешем солай атайды, анығын айтқанда құрдастары. Сәби кезінде бір дертке шалдығып, шашы түгел түсіп қалып, шаш өспейтін айнабасқа айналыпты. Өзі тырыли арық екен. Қатарлары қалжыңдап «Кащей Бессмертный» деп ат қойыпты. Кащей сұлу қыздарға құмар екен. Оларды көрсе жанып кетеді екен. Қалағанын алып береді екен. Бірақ ол қыздар пайдаланып-пайдаланып, соңында басқа жігіттермен жүріп кетеді екен. Бұған кекетеніп алған Кащей сұлу қыздарға үнемі бір жаманшылық ойлап тұрады екен. Олар алдап-арбап айдауында жүргізіп, қалауын істетіп, пайдаланып-пайдаланып алады екен де, жөніне жібере салады екен. Ал енді бәле қуып артынан қалмай бара жатса шетке сатып жібереді деген лақап та бар. Сондықтан әлі күнге бойдақ.
– Ол кім сонда? Мен танымаймын ғой.
– Өй, есіңде жоқ па? Ана клубта ше, мектепте соңғы рет ән айтқан кезіңде, осы адамнан қорқып, сахнада қақайып қалып едің ғой, әлгі сұғы оқтай, бұл сол Ризабек.
– Ризааабеек! Маэстро Ақааан...
Бәсе, сұғанақ көзінен еш жақсылық көрмеуші еді, ашуланған кезде ызғар төге қараған мұз сүңгідей суық назарынан тұла бойы тітіреп қалтырап кететін. Өміріңдегі барлық сәтсіздіктердің бастауы осыдан бас алған екен ғой. Бірақ ...
Көлік кілт тоқтады. Өмірі сөйлемейтін, отырыс, дауда да тілін жұтқандай үндемейтін Олжасикке тіл бітті: – Диффаман, ябеда, иуда суков, түс көліктен! Жап-жақсы мужикті жамандап! – деп Сағынды көліктен сүйреп түсіріп, желкесінен итере былш еткізіп құйрығынан бір тепті. Түкке түсінбеген Асыл:
– Олжасик, мұны не?
– Олжасик деме мені, мама ғана Олжасик дейді!
– Мақұл, Олжас, Сағын саған не істеді, сонша жынданып!
– Ол жақсы адамға жала жауып отыр. Айтшы өзін, ол брат саған қанша жақсылық жасады. Карьеріңе көмектесіп жатыр. И бабла валить как снег. Сенен ештеңесін аяп жатқан жоқ қой. Клипінді айт, алтын көйлек пен хрусталь туфля қанша тұрады, ойлап көрші. Какой-то бір дурактын сөзіне ересін бе? Просто он тебя любить. Отелло, хренов! Кешір! Ғашықтардың көзі соқыр болады, қызғаныштан қарсыласына жала жаба береді. Өзің ойламайсың ба, ол лысый емес, әп-әдемі причёскасы бар, как ласковый май...
– Әжептәуір-ақ тілің бар екен ғой. Мен сені қазақша сөйлейді деп ойламаппын.
– Мен қазақпын. Кровь есть кровь, ген жібермейді. Так что абайла, мен бәрін түсінемін.
5
Ризабек дүниеге басында бір тал шаш жоқ айна тақыр болып келіпті. Жас әке-шешесі бұған назар аудармай, тұңғыштарын асты-үстіне түсіп құрақ ұшыпты. Атасы Қазынабек қана бәр мәселені бірден түсініпті. Азан шақырып: «Көркінен кемшін қылсаң да, Алла Тағалам, бақ-талабын таудай етіп, ырыс-несібесін төгіп беріп, ризашылығыңа бөлеп өт!», – деп есімін Ризабек қойыпты. Баласы Үмбетқұлға бермей, өзіне тән ғып бауырына басыпты.
Мектепке дейін ол шаш туралы ойламады. Бірге өскен ойындастарының шашын ұстарамен қыртылдатып алып жатқанда өзінде өспейтініне қуанды. Бірінші сыныптың есігін ашқаннан-ақ бар қасірет басталды. Өзі әдемі санаған қыздың жанына отырып еді, қыз басына бағжия қарады да, «тақырбаспен отырмаймын» деп басқа баланың қасына көшті. Бұл қызды бірден ұнатып қалды. Оған дүниедегі ең жақсы заттарды сыйлағысы келіп тұрды. Қыз мұны көрсе сайтан көргендей қашатын болды. Сөйтіп жүргенде, алтыншы сыныпта ма, қыздың жанында отыратын, мұны мазақтауға дайын тұратын бала «Кеше «Кащей Бессмертный» деген кино көрдім. Тура мынадан аумайды. Өзі шидей арық, тақырбас, айнабас, «Кащей Бессмертный!» деп саусағын бұған шошайта ішін басып ішек-сілесі қата күлді. Бүкіл сынып ду ете қалды. Сүмірейген Ризабек кірерге тесік таппады. Сол күннен Ризабек деген есімі жоғалып «Кащей» деген лақапқа ие болды. Балалардың қасында жүруді қорсынып, оқшаулана бастады...
Ризабектің әкесі Асылдың әкесімен қызметтес, ортасынан қыл өтпейтін тату дос болатын. Асылдың бір жасқа толар тұсаукесер тойына Ризабек те ілесе барды. Тәй-тәй басқан кішкене сәбиді көргенде сүйсініп кетіп көтеріп алды. Сәби қыз бұған еш жатырқамай қарап мөлдірей жымиды. Әбден қағажау көріп запыс болған баланың көзінде жас мөлт етті. Шарапаты мол Хақ Тағала осындай сәби пәк көңілімен кем-кетігіне қарамай адамзаттың бәрін тең сүйеді. Асылдың риясыз таза жанарынан Алланың жүзін танып Ризабектің жүрегі лүп етті...
Қалың ойдың тұмасында отырған Ризабекке қызметшісі Асылбектің келгенін хабарлады. Інісін бауырына тартып құшақтап амандасты, үй-іші, ата-анасын қал-жағдайын сұрап төрге шығарды. Бір-екі күн қаланы көріп демалған соң үйге қайтуын ескертті. Асылбек қуанып кетті, Қасымханды ертіп алып, Асылды іздеп тауып, қаланың таңдаулы жерлерін аралатып, көңілін аулап, жүрегін жаулап, өзіне қарату еді. Бірақ ағасының сөзі тәтті ойын бөлді.
– Қасымханның шаруасы бар, осында қалады. Сенің қасыңда менің адамым болады, қалаған жерлеріңді көрсетеді...
– Мен қалыңдығымды көргім келеді.
– Айтсаң, көрсетеді, тауып береді. Кім ол?
– Ұмытып қалдыңыз ба, көке, Мұқалмастың қызы Асыл ғой.
– Не-еее!
Ризабектің ашудан жүзі түтігіп кетті. Інсінің жағасынан ала түсті. Оқты көзі ызғар атып, көкжал қасқырдай алқымын қысып, кеңірдегін суырып алатындай саусақтары жымырылып барады. – Аға! – деп қылқына шар ете қалған інісінің дауысынан есін жиып, уысын ашып жіберді. Орнына барып отырды да, біраз үнсіздіктен соң, ызбарлана:
– Бүгін, жоқ, қазір үйге қайтасың! Аслан, мынаны үйіне қайтар, қаладан көрмейтін болайын!
– Кетпеймін! Сол үшін келгенмін. Өлтірссең өлтіріп таста. Мен оны сүйемін! Әкемнің тілін алып, үндемей жүргенмін.
– Түсін, Асыл, бауырыым, сен екеуміз жау болмай-ақ қояйық. Мен ол қызды сатып алғанмын.
– Әне, өзің де айтып тұрсың, құдайдың өзі қолдап «Асыл» деп атымызды бір ғып тұр.
– Сенің атың Асылбек, ешқандай Асыл емес! Айтқанды неге ұқпайсың, құлағың бітеу ме? Мен ол қызды әкесінен сатып ал-ғаан-мыын.
– Жалған! Мұқалмастай намысқой адам саған өлсе де қызын бермейді. Сен сияқты .... «шалға» өрімдей жап-жас қызын бермейді!
– Қазір, міне, мә, тыңда, бәрін айтпай-ақ түсінерсің.
Ризабектің қосқан ұялысынан Мұқалмастың дауысы шықты: – Сөзден тайғанымды қашан көрдің, Ризеке. Әр кезде қалт еткізбей орындаймын ғой. Айтқаныңыз болсын. – Естідің бе?! Енді еш алаңсыз үйге қайта берсең болады. Аслан, уау, Аслан, шығарып сал мына баланы.
Тоқ ұрғандай есеңгіреп қалған Асылбек кетіп бара жатып ортан жолдан бұрылып, жыландай ысылдап: – «Кащей» десе Кащей, нағыз зұлымсың ғой, жан-жағыңда жүргеннің бәрі жалмап біттің-ау, он екіде бір гүлі ашылмаған қызда не ақың бар еді! Аясаң етті!
Теріс қарап тұрған Ризабек естімегендей сыңай танытты. Сол күні, Асыл Сағынға етегін түріп мәрмәр тәнін көрсеткен күні, ішін қызғаныштың оты өртеп Мұқалмасқа жетіп барған. Көреген әкесі Ризабектің Асылға деген ерек көзқарасын танып, қолындағы биліктің әлеуетінде кеншардан жекеншелендіріп алған ортақ сүбелі шаруашылықты «досымсың ғой, құдай қосса құда бола жатармыз» деп төс қағыстырып Мұқалмасқа берген. Ризабек келіп, бет-аузы бүлк етпей, Асылға ауыз салғанда не айтарын білмей, өңменінен найза қадалғандай бүк түсіп отырып қалған.
– Мұқа, алмақтың да салмағы бар, әкем уақтында біздің сөзімізді тыңдамай, «бауыр-баламнан досым артық» деп күнкөріс жасап отқан табысты шаруашылығымызды сізге сыйға тартып жіберді. Біз де қудаламадық, шынтауйытқа келгенда қайтып алуға қауқарымыз бар. Әкеміз «достыққа берен ер ғой, біздің де бір тілегімізді берер» деп басу айтқан соң қойдық. Сол күн туды, қызың бойжетіпті. Қиядағы қыран көзім шалды, ашық-шашық жүргенін қойсын, сыбай-салтаң басы бос қыз емес, бұдан былай мына киімді киіп жүрсін. Тағы да басқа қажеттерін өзім алып беріп тұрамын.
Мұқалмас күні қарап отырған шаруашылығынан қазір айырылып қалатындай өзінен бәленбай жас Ризабектің алдында бүгежек қаққан. – Сөзден тайғанымды қашан көрдің, Ризеке. Әр кезде қалт еткізбей орындаймын ғой. Айтқаныңыз болсын!
Уақыт өте «досым» деп оңдырмай опық жегізген Үмбетқұлдың зұлымдығына өзегі өртеніп, қашып кеткен Асылды сылтауратып қатынын сабаған.
– Өззім күң болсам да қызымды қор қылмаймын, өлтірсең өлтір. Біреуге құл болып байшыкеш болғанша өлген артық, – өміріден қарсы келмеген ол алғаш тіл қатып бажылдады. – А-а-а. – деп бақырып қып-қызыл болып тұра ұмтылған, бірақ ортадан сылқ етіп бүк түсіп, жерді шоқпардай қолымен салып-салып жіберген. Құдды үй теңселіп кеткендей болды. – Қураған қу дүниееее! – деп арыстандай ақырып-ақырып жіберді. – Не істей аламын, не! – Орныннан тұрды да бұрылып кетіп қалды. Әйелі орнында шоқиып: – Дәті берік адамдарда мұң болмайды деуші еді, ал мынаның шері терең екен-ау. Неге сабай бермеді, - деп морт сынған ермінез күйеуін аяп жүрегі езілген...
Ризабек қайта оралған Асланға қарады, ол басын изеді. Қасымханды шақыртты.
– Ассалам, Қасеке, кел, төрге шық. Жігіттер қалаған жерлеріңе апарып, әбден ындыныңды қандырған шығар. Әкеңе тартып ермінезді көкірек жігітсің. Ауылдың бетке ұстар азаматтарын құрметтейтінімді өзің білесің, бәрі менің қол астымда тірлік жасап, зор табыстарға жетіп жатыр, сені де сырт қалдырмай бауырыма тартып, қанатыма алмақпын. Әйткенмен, жігіттің жігіттігін анықтау үшін сынақтан өткізетінімді естіп жүрген боларсың. Берілген тапсырманы еш ойсыз қаз-қалпында орындаған сабаз ғана қатарға қосылып менің зор сеніміне ие болады.
– Ия, білемін!
– Аслан, әкел!
– Міне, мынау өзің қалап менен сұрап жүрген «Джиптің» кілті, ал мынау осы «Джипке» апаратын бір шымшым дәрі. Бұл жай ғана сынақ, орындайсың ба, орындай алмайсың ба, өзің білесің. Ертең менің жігіттерім бір мейрамханаға сені даяшы етіп, кез-келген бір адамды нұсқап, соның ыдысына осы дәріні салып апаруды тапсырады. Нақ осы сынақ мына кілттің де, сенің де тағдырыңды шешеді. Бұған не дейсің? Жауабыңды қазір айт. «Иә» десең, міне жарқын өміріңе жолашар шашу дәру, мұның ішінде қанша түйір болса сонша ақша және мына кілт, жоқ десең әнеки, аулыңа қайтар билет, бос жүрісіңнен әбден зәрезап болған әкеңнін қаһарына ілігіп, кірпігіңе дейін шаң қауып мал бағу. Таңда, ерік өзіңде.
Қасымхан көп ойланбады. Көптен бері санасын арбаған «Джиптің» қашықтан басқаратын сәнді тетігі мен шадыман өміріне жол бастайтын бақ кілті ойлануға мұрша бермей, «иә» деп басын изегенін өзі де білмей қалды. Ойластырған жоспары еш кедергісіз іске асып келе жатқанына мейманасы тасыған Ризабектің жүзінен зымиян күлкі жүгіріп өтті. Бұл көнбестікке басып, ары-бері бұлғақтаса, Асылдың мойнына салынатын қыл бұрау еді.
– Асеке, ертең мына баланың бүкіл әрекетін бүге-шегесін қалдырмай бейнежазбаға түсіріңдер. Шаңның түйіріндей қателік жіберсеңдер, жандарыңды аламын! – деп негізгі тапсырмаларды бұйырып, бір жақты қылған соң, Олжасикті шақыртты.
***** ***** *****
Асылдың таңнан көңілі шалқып, көкейін әуен тербеп, асығыс жинала бастады. Студияға тез жетіп, ән шырқап, әдетінше өрекпіген жүрегін баспақ.
– Білмеймін не болғанын, түнімен әлденеден үрейленіп, ұйықтай алмай шықтым. Амал жоқ теледидар көріп отырмын. Су ішуім жиілеп кетіп еді, сахыр боп қалдым ба? Қайтсем екен, ә? – деп сұраулы қараған Мәлике тәтесіне үн қатпады.
– Танымал клипмейкер Талғам Самғат кенеттен қайтыс болды. Алғашқы сараптама нәтижесінде ішімдіктен уланған. Түнгі сауық орнынан келе жатып құлаған көрінеді. Досы Самұрат Досанға қоңырау шалып үлгеріпті. Соңғы сөзі «Asli! Asli! Қымбатты Asli…» деп былдырап көз жұмыпты.
Еш алаңсыз жерден жеті қоян тапқандай самбырлаған диктордың сөзінен Асыл сілейіп тұрған орнында гүрс құлады. Байқап қалған әпкесі басын ұстап үлгерді. Ойбайлап Олжасикті шақырып, екеуі көтеріп диванға жатқызды. Су шашып есін жинатты.
– Қызым-ау, аяқ астынан не боп қалды, үрейімді алдың-ау! Айтшы, ә?
– Сабақтан бас алмайды, содан истощение болған, мазасын алмаңыз! Одан да әдемілеп дәмді тамақ жасап беріңіз.
– Мақұл, мақұл, – Мәлике асханаға қарай жүгірді.
Тілшілер де тыныш жата ма, түнгі сауық орнының егесінен де сұқбат алуда.
– Ризабек мырза, таңғы жаңалықтарды естіген шығарсыз, танымал клипмен Талғам Самғат, қайтыс боларының сәл-ақ алдында, сіздің сауықханаңыздан шығыпты. Ішкіліктен уланып көз жұмды деген сараптама қорытындысы бар. Ішімдіктеріңіз қолдан жасалған ба?
– Өй,өй, ол не дегенің, біздің шараптар таза, тексеруден өткен, лицензия бар. Қатаң-қатаң тексеру жүргіземіз. Клипшіңңің өзі ішкіш, жүрегі отырған ғой...
Сақал-мұрттан жұрдай айнабас адам сөйлеп тұр. Басы дыңылдап жатса да Асыл Сағынның айтқан сөзін есіне алды. Мынаның Ақжарқынмен еш ұқсастығы жоқ сияқты. Ақжарқынның тап-тұйнақ алынған қалың шашы, самайынан басталған жұқа сақалы, қалың емес мұрты бар. Салиқалы, салмақты. Тілшілерден жасқанғаннан ба, сөздерінен шатысып, кекештеніп жауап беріп тұрған мынау тәрізді күйгелек емес.
Суық хабардан жаны күйзеліп сұлқ түскен Асыл келер күні орнынан тұрып, үстін түзеп сабаққа бармаққа бекінді. Үйде жата берсе қайғыдан жүрегін шер басып өліп кететіндей көрінді. Бұл күйін Олжасик те сезді ме, ілесе шықты. «Көптен бері ақша жинап жүр едім, бір джип көзіме түсті, соны сатып алмақпын» деп, түк болмағандай әлпетін қуаныш билеп сөйлеп келеді. Құдды ешкім өлмегендей жайбарақат. Қабағын түйіп жақтырмай қараған Асылға:
– Енді неғыл дейсің маған, өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін жасайды, екі туып бір қалғаның емес пе қой, сен де есіңді жи! Ол кетсе Ақжарқын бар, соның айтқанына көніп, әншілік карьераңды түзе. Тіпті «Клипмейкерді» саған әперіп, продюцерлік центр ашып беретін шығар. Ақша жетеді, сен дегенде жаны ерек, уыстап шашуға даяр.
– Тоқташы, тоқтатшы, құдай үшін! – Асылдың дауысы құмығып шықты. Олжасик қазір көрді, қыздың көзінен аққан жас, өңірін сулап тастаған сияқты. Оның сөзін елең қылмай көліктен түсіп кетті.
Мамыражай мамыр айы болса да, аспанды бұлт торлап, жеңіл-желпі киінген тоңазитындай. Асылдың артынан келіп біреу үстіне киім жапты. Жалт қарағанда, Досанды көрді. Шер боп кеудесінде жиналған қайғысы саңылау таппай кернеген жаңартаудай бұрқ ете қалды. Досанның иығына басын қойып өксіп-өксіп жылады. Ол «қоя ғой» деп арқа-басынан сипады. Жақын маңдағы дәмханалардың біріне ертіп барып әңгімелесіп мауқын басты. Асыл Досанға сенеді. Ойында ешқандай арамдық жоқ адал. Мөлдіреген жанары ашық аспандай тұп-тұнық, қараған сайын талған жанарың тұңғиығынан қуат алып нұрлана түседі.
Талағам досын «мистер Пуаро» деп таныстырған. Ол заң саласын бітірген, адвокаттық қызмет атқарады. Жеке іздестіру жұмыстарымен де айналысады. Қорғау ісінде де алдымен зерттеу жұмыстарын жүргізіп алып бұлжытпас айғақпен қорғайды. Досының көп ішкенін жақтырмайтын. «Досым, осыны қойсаңшы» деп реніш білдіретін. «Біз сен сияқты томар емес өнер адамымыз. Бізге шабыт керек. Мұнсыз шабыт жоқ. Адамның жан дүниесі еш алаңсыз бейғам күйге енгенде шабыт та қанатын қағып жетіп келеді. Ал жан дүниеңе өлшеусіз босаңдық беретін осы шарап. Солай ма, қымбатты Asli!?», – деп ділмәрситін.
– Соңғы күндері ешқандай оқыс оқиға болған жоқ па?
– Білмедім. Соңғы отырысымызда ол мас болып қалды. Ақжарқын ашуланып таксиге салып жіберген. Одан кейін кездеспедік.
– Ақжарқын неменеге ашуланды екен? Талғам мастықпен артық-ауыс сөйлеп қоймады ма екен?
– Жооқ, ештеме демеді. Күндегі әдеті ғой, трубкадан шарабын сораптап отырған. Бір мезет арыстандай ар етіп маған атылып умаждай жөнелді. Сол кезде бас салған Ақжарқын оны менен ажыратып, ашуланғаны сонша дәу жұдырымен періп жібере жаздады. Қатты ашуланып кетіпті. Мен де қорқып жылдам кетіп қалдым.
Досан айтқандарын мұқият тыңдады. Тіпті қолындағы соткасына жазып отырғандай көрінді. Одан кейін оқу корпусына жеткізіп салып, таксиге мінді. Асыл музыка кабинетіне қарай жүрді. Ол мұнда ән айтып көрмеген, тыңдаушы ғана. Бүгін микрафонды қолына алып шырқай жөнелді.
Алыс сапардағы сағынышым,
Жамандықты жасыратын қорғанышым.
Жақсылықты асыратын қолдап ісін,
Досым.
Күндерді арқалап жеңіл ауыр,
Боласың шатырым тұрса дауыл.
Мен үшін болып кеткен туған бауыр,
Досым, Досым.
Жалғыздықта қалдырмайтын жан серігім,
Мұңайғанда тауып берер әр себебін.
Сырласуға маған тек сен керегі,
Досым.
Заманымда өзіміздің көрдік талай,
Қанша рет жыртылса да кері жамай.
Сағынамын сол кездерді қазір қалай,
Досым, досым...
Сол жерде дайындалып отырғандар Асылға аңтарыла қараған. Микрафонды қойып шығып кеткен, артынан ұстазы әлдене деп дауыстап бірдеңелер айтады. Оларға ұнамаған шығар, Сағыннан естіп алған көше әні ғой. Талғам санасынан шықпай жанын күйзелте берген соң, дауысын барынша шығарып айқайлап тұрып айтып еді. Соған ренжіп жатқан шығар. Көздерін сүртіп қойды. Талғам деген сайын көзінен жас сорғалап толастамайды. Елеусіз, бірақ көкейден ерекше орын алған тәтті күндер әп-сәтте ғайып болды. «Клипмейкер» деп құстай ұшып барушы еді, енді ол да бөтен, «Қымбатты Asli» деп сағына тосып тұратын Талғам жоқ. Оның пәс қоршауында гитарасын құшақтап отыратын Сағын да ызым-ғайым. Күн сайын жанына жаңалап гүл егетін тіршілік тоқтап қалған тәрізді. Сілбіреп қар аралас жаңбыр жауып тұр. Мамырдың сәулесі мол нұрлы күндерінің шуағына алданып бой жазған жеміс ағаштары бүрсиіп әдемі гүлдерін қайда тығарын білмей үйсіз-күйсіз бейшарадай сүмірейеді. «Клипмейкердің» жанында, Сағынның орнында, жылап отырған жерінен Олжасик тауып үйге алып келді. Үсті-басы малмаңдай су, қалш-қалш етеді. Мәлике тәтесі мына түрін көріп Олжасиктің жер-жебіріне жете ұрсып жылап жүр. Жалғыз әпкесінің қызына дұрыстап қарай алмағанына өзегі удай ашып өкінетін сияқты. Асылды көрпеге орап, сыртынан тас қып құшақтап алған. Денесіндегі жылуын бөліп беріп, бауырына деген оттай ыстық жүрегінің табымен жылытпақ. Олжасик қайнатып әкелген таңқурай қайнатпасы қосылған шайды балапанының аузына тұмсығымен су құйған көгершіндей тамызады. Жылы көрпе мен әпкесінің мейірімді құшағында Асыл маужырап ұйықтап кетті.
Қанша ұйықтағаны белгісіз, түс көріп жатыр екен дейді, өсекші қатындардың аузын көлегейлеп сөйлейтін әдетімен теледидар құлағына сыбырлап жатыр: – Тергеу амалдары барысында Талғам Самғаттың өз ажалымен қайтыс болғаны анықталды. Медэксперт-криминалист Медғат Қанжарұлы Қасымның жүргізген медициналық сараптамасының нәтижесінде, алькогольді ішімдікті мөлшерінен тыс қолданғаны салдарынан жүрегі көтере алмай тоқтап қалған.
Асыл жанына бататын қауесетті тыңдағысы келмей кері аударылып жатты. Сонда да әлгі бейауыздың тартынатын түрі жоқ. Мұнымен қоса аударылып жыбырлап артынан қалмайды: – Болашағынан зор үміт күттірген талантты адвокат Досан Самұрат жол апатына түсіп қазаға ұшырады...
Арғы жағын тыңдағысы келмей Асыл құлағын тарс бітеп алды. Жапа шеккен сәбидей иегі кемсеңдап жылап жатыр, суалып қалған жанарында жас жоқ, ауыр наладан жүрегі дүрс-дүрс соғып, иығы селкілдеп жатыр. Қанша шығармаймын деп тістеніп алғанмен дыбысы шығып кетті, сыбырлақ теледидардың үні өшті.
Ақатай апаның жаңғағы гүлдепті дейді. Аппақ күлтелері нәзік самалдың лебіне елбіреп дірілдейді. Жаңғақ ағашы қасиетті, құрбандықсыз гүлдемейді, отырғызған адам дүниеден өткен кезде ғана гүлін ашады деген лақап бар. Апа дүниеден өткен ғой, сірә.
Сайраған бұлбұлдың дауысы естілді. Көргісі келіп, ынтазары ауып, гүлдердің арасынан іздей бастады. Жаңа түскен келіндей ақша гүлдердің қалқасында отыр екен. Сарғылт тұмсығы мен қызғылт төсі ғана күн сәулесіне шағылып кемпірқосақша түрленіп шұғылалы түс шоғырын шашады. Даусы да анық, тастан-тасқа соғылып, таудан құлай аққан бұлақтай табиғи ырғақпен сыңғырлатады.
Асыл селт етіп оянып кетті. Расында бұлбұл сайрап отыр. Қала түтінінен қашып жоғары өрлеген бәйтеректің сидам жапырақтарынан арасынан көрінбейді. Күн ашық. Терезеден төгілген жарық көздеріне құйылып, жан дүниесін сәулелеп, көңілін нұрландырды. Жуынатын бөлмеге еніп, ыстық суға шомылып, тұла бойын жайлап алған кірбіңді түгел айдап шығып, қайғы-мұңнан айығып сергіп шықты. Мәлике тәтесі дайындап қойған шайдан бір-екі ұрттап сыртқа бет алды. Қабағы жадырап тұрған қызға артық сөз айтпай бетінен сүйіп шығарып салды. Олжас та көлігінің есігін ашып дайын тұр екен, бұрынғы көлігіне қарағанда мынасы еңселі екен, «құтты болсын» деп кіріп отырды.
Олжас Асыл ойлаған бағыттан бөлек жолға түсті. Көзді ашып-жұмғанша межелі жерге жетіп үлгерді. Есікті Ақжарқын ашып, қолынан демеп қошеметпен түсірді. «Құтты болсын!» деп әдемі гүлшоғын ұсынды. «Клипмейкер» деген жазу жоқ, орнында түрлі түсті әріптермен «Асыл жұлдыз» продюцерлік орталығы деп жарқ-жұрқ сәуле шашып тұр. Көлік тоқтаған жерден кірер есікке дейін жолкілем төселіп, үстіне қып-қызыл раушангүлдер шашылған. Жан-жағынан гүл күлтелері мен көбелектері қалықтаған, күн нұрымен құбылатын түсті шашулар атылып жатыр. Халық әртісі де шақырылыпты, танымаса да өз міндетін атқарып, өмір жолын көлденең тартып, сөздерді сабындай көпіртіп, мендей болсаң кем болмайсың деп, соңына таман салтанат иесіне арналған бір-екі ауыз сөзбен тілегін тәмамдады. Одан кейін бір жағын Ақжарқын, екінші жағын Асыл ұстап, есікке кере тартылған таспаны кесіп, жаңа продюцерлік орталықтың ашылғанын жариялады.
Студияның іші жөндеуден өтіп, сән-салтанаты жарасып кеңейіп қалыпты. Ән жазатын жаңа құрал-жабдықтармен толықтырылыпты. Мұның бәрін көріп тұрған Асыл көліктен түскен кезде жымиған қалпынан жаңылмады. Талғам отырған айналмалы креслода үнсіз сахнаға қарап отыр. Төрт-бес минуттан кейін орнынан тұрып сыртқа қарай беттеді. «Сабаққа барамын» деп Олжастың көлігіне қарай жүріп еді, алдынан тоқтай қалған джиптен Қасымхан ағасы шығып құшағына алып амандасты. «Орталығың құтты болсын!» деп тоқмейіл үнмен арқасын қақты. Неге екені белгісіз, туған бауырын қазір көріп тұрса да, көңілінде оған деген жылу оянбады. Ағасының құшағынан сытылып, Олжастың көлігіне отырды.
6
Ризабек Асылды түсінбеді. Күллі арманына қол жеткізді. Ханшайымдай құрмет көрсетіп, екінің бірі кіре алмайтын шоу бизнес әлемінің ордасынан ойып тұрып орын алып берді. Және қанша уақытта! Саусаққа салып санарлық бес-алты айдың ішінде ғана. Бұл қызға енде не жетпейді?! Төтеннен тиген ауыр қазаға дес бермей есеңгіреп қалды ма? Олай болса...
– Аслан, тікұшақты дайында, теңізге ұшамыз. Жоғары дәрежелі сападағы екі-үш күндік азық сал.
Асланның жүзі салыңқы, артынан Хусейн ере кірді.
– Ассаламу алейкум уа рахматуллахи уа баракатух, «Хабиб» бауырым! «Шақырусыз қонақ сумақай итпен тең» дейді қазақ нақылы, әйтсе де ит адамның жақын досы деп құрмет көрсетеді, қайсысына жатқызсаң да өзің білесің, келіп қалдық.
Ризабектің сұры бұзылып кеткен. Қып-қызыл боп қаны бетіне шапшыған. Қазір атылатын барыстай мына адамға атырыла қарап қалған. Бірақ оған қыңқ еткен қонақ жоқ, жемтігінің аңысын аңдыған кобрадай оқты көзін қадап ызбарлана сөйледі:
– Мұсылман мұсылманға дос-бауыр. Жер бетінде кәпірлер билік жүргізген кесірінен ақырзаманның белгісі зинақорлық пен гомосекуализм заңдастырылып, бисексуализм қалыпқа айналып бара жатыр. Аллаһ Тағаланың хақ шариғатына қарсы шығып, адамзат санасына қауіп тудыратын мұндай кешірілмес күнәні қолдап отырған мемлекеттерді түбімен жойып, жер бетіне ислам халифатын орнату Хақтың жолы. Пайғамбарымыз салла Аллаһу алейһи уә сәлламның кәпірлерге қарсы ғазауат соғысында қолға түскен тушымыздың мүшріктер ту ұстаған қолын шапқан, ол сол қолымен көтерген, сол қолын да шапқан, ол молақ қолымен туды кеудесіне қысып көтеріп «Аллаху әкбар!» деп ұрандаған. Пайғамбарымыз салла Аллаһу алейһи уә сәлламға Аллаһтан әмір жетіп, ту ұстаушыға жаннатты сүйіншілеген. Аллаһ жолында шаһид болуға дайын нақ осындай батырларымыз қазір де бар. Дүниеге келбетті туылған әр мүслиминаны Аллаһ Тағала хақ жолында жанын аямайтын шаһидтерге қатындыққа жаратқан. Сен зор күнәға батып сондай мүслиминаның бірі Аслимен әуейі боп жүрсің. Аллаһ алдыңдағы күнәңді еселетпей тыю үшін сол қызды алып кетуге келдім.
– Жоқ! Бере алмаймын! Мен де сол шаһидтеріңнен кем емеспін. Өз елімде қылмыс жасап, өрім жастарын азығырып, халифаттың жолына салып, туған жерін тастап кетуге мәжбүрледім. Он екі бір гүлі ашылмаған пәк қыздарын көндіріп алдыңа сап бердім. Бұл қыз менің бала жасымнан құштар арманым. Бере алмаймын!
– Сен бізге ант берген халифат жауынгерісің. Әлемге ислам билік жүргізетін ұлы жолда ешқандай кедергі болмау керек. Әйел сайтанның тұрағы, қылымсыған сұлу болмысымен арбап сен сияқты түзу жолда жүрген мүміндерді адастырады. Оның айғағы сенің Аслиің. Мұсылман әйелдеріне өнердің қажеті жоқ. Олардың бар міндеті уақытымен күйеуге шығып, соның көңілін аулап, бала тауып, ұрпағын өрбіту ғана. «Хабиб» сертті бұзба. Біздің жақсылығымызды ұмытып кеттің бе?! Аллаһтың алдында зор күнәға бас қойып, өзеңге батып өлмекке ниет қылғаныңда, өзіңді құтқарып алып, осы күйге жеткізбедік пе?
– Мен сол кезде де осы қыз үшін ажалға мойынұсынғанмын! Бұл жолы да ол үшін өлуге дайынмын!
– Хақ жолын бұзбақсың ба!? Абайла! Біздің қолымыз ұзын, үрім-бұтағыңмен опат болып кетпе!
Ашудан қаны қайнап басына шапшыған Ризабек тартпадағы қаруын ала салып атып тастағысы келген. Бірақ шашының әр талына дейін қаруланған әккі «жауынгер» қолын созамын дегенше «тісімен» оқ ата салмасына кім кепіл. Шарасыздықтан қолын алдына қойып, көзін жұмып үнсіз қалды. Осы мезет Медғат кіріп келді, онымен қоса енгендей әлдеқандай масалар ызыңдап, Хусейн қағып үлгерем дегенше мойын күре тамырынан шағып үлгерді. Дәп осы жағдай оның оққағарының басында өтіп, тыпырлады да қалды. Әлден уақыттан кейін мойыны қақайып қалған Хусейн есін жиып «Құп болады, тақсыр! Әміріңізге құлдық!» деп оққағары екеуі Ризабекке тағзым етіп шығып кетті.
Ризабек офисінде жалғыз қалды. Ішкі бөлмеге еніп, бойындағы жасанды дүниенің бәрін шешіп тастап, өзінің сүйікті креслосына отырды. Аслан қабырғаға ілінген кинотеатрды қосты. Астанада түсірілген бейнеклиптегі Асылдың кірсіз пәк мөлдіреген көздеріне сүйіспеншілікпен қарап тебірене күбірлейді: – Теңдесізім менің, асылым менің, қымбаттым! Шексіз сүйемін ғой сені, жаным!!! Таза, пәк, Asli-ім! «Дәл осылай атасам, есі шатасып жүрген қыз мені Талғам деп қабылдап, жүрегінің құлпы ашылып, маған деген сезімі оянар» деген үміттен қуат алып, жүзі нұрланып шыға келді.
Бейнеклип аяқталысымен теледидар көрсетілім арнасына ауысып, « ... жүйткіп келе жатқан көліктерінің электр жүйесінің ақау шығып «Ал-Матин» компаниясының қызметкерлері жанып кетті» деген жаңалықтарды естігенде Ризабектің күпті көңілі орнығып көзін жұмды. Алла қолдап әр шаруасы ши шығармай рет-ретімен бітіп жатыр. Ендігі кезек...
Асылдың тұсаукесер тойынан кейін сол үйге күнде барып тұратын болды. Үй шаруасынан қолы босамайтын анасы сәбиіне қарауға шамасы келмей мұрнынан шаншылып жатқанда мұны келгеніне алғашқыда қуанды. Уақыт өте күдікпен қарап, Асылын мүлдем көрсетпей қойды. Қайсар тіптен өштесіп алды, «маньяк» деп сыртқы дарбазадан асырмады. Мұны көрсе ызасы қозып, үйінің маңынан да жүргізбей, тепкілеп қуды. Қуа жүріп: – Білесің бе, соқыршектен қалай жазылатынын, оны сылып тастайды, бір күні мен де сені сылып тастаймын, – деп екіленеді. Сонда да үмітін үзбей, Асылдың туған күнінде, анасына торт пісіртіп, алып келді. Қарсы алдынан шыға келген Қайсар, жанталаса қорғағанына қарамай, тортты тартып алып, бетіне былш еткізді. Қорланып кеткені сонша, өлмекке өзенге қарай жүгірген. Зымырап келіп ағын суға қойып кеткен. Бірақ су таяз екен, басымен қадалып, мойыны қайырылып, тоғытылған қойдай оңқа-шоңқа құлады.
– Ей, Алладан үлкенсің бе, Алла ғана алады сенің жаныңды, оған дейін шаттанып өмір сүр, – деп басына сәлдесін орап отырған «дәруішті» көрді. Аулақта екі-үш нөкері тұр. – Ал, енді, өлімге итерген әңгімеңді айт.
Ризабек бүге-шегесін қалдырмай әңгімесін түгел айтып берді.
– Біріншіден, – деді «дәруіш» сұқ саусағын шошайтып, – Тақырбас десе, сол да мұң боп па, басыңа сәлде ора, болмаса парик ки, оған көнбесе, Кащей екеніңді дәлелде. Сол сияқты ешкімді кешірмейтін аяусыз қатыгездігіңмен, алпауыт күшіңмен дәлелде. Екіншіден, қыз туралы айтсам, ол әлі сәби ғой! Ол өскенше қимыл жаса, табыс тап, байып ал. Сол кезде сенің андағы айна басыңның ешкімге қажеті жоқ, ақшаң болса болды, сенен өткен сұлу жоқ, жаныңа қажеттінің бәрін сатып аласың. Үшіншіден, мен сені құтқарып алдым, амалым жоқ, енді сенің кіндік әкең боламын. Біз күштіміз. Налыған мұсылман бауырларымызға қол ұшымызды созамыз. «Жылағанға көмек берсең сауабы мол» дейді Аллах Тағала. Сенен көмегімді аямаймын, әр бастамаңа демеу беремін. Бірақ бастаған ісіңде бостық танытсаң аямаймын.
Ризабек сөзінде тұрды. Кіндік әкесінің әмірін ойындағыдай бұлжытпай орындап сеніміне кіріп алды. «Төңкерістен бұрын осы өзеннің бойынан сығандар алтын шайған екен. Нақты орынды қариялардан сұрастырып біліп анықтасаң, сол өнімнен түскен табыстың он пайызы сенікі» деп тапсырма берді. Уақтында Ризабектің атасы Қазынабек жергілікті кеңесте уәкіл қызметін атқарыпты. Ауыл-аймақ назарда, кім келіп, кім кетіп жатқанын қатаң бақылауда ұстайды екен. Бір жылдары ауыл малын бағатын падашының: «Өзеннің жағасыннан сығандар табырын көрдім, өздері кірді көп жуады екен, күнде су ішіп жүрген суатынан сиырларым жерінген соң, жүндібастарға барып әй, бір, айқайға бастым» деген сөзін естіп іздеп барған. Бірақ жиналып кетіп қалыпты. Тұрған жерлеріне де еш белгі қалдырмай жып-жылмағай ғып тазалап кетіпті. Атасы таппаған соң, падашыны шақырып алып, «суайт неме, бекерге әуре қылдың» деп ренжігеніне ашуланған малшы ілестіріп апарып көрсетіпті. Расында әр-әр жерде жинақталып қалған майда тастарды көзі шалып ойланып қалыпты. Әйткенмен қарбаласқан тірліктің ауанында ұмытылып кетіпті. «Алла сұрағанды береді» деген рас, Ризабек әлгі падашыны іздеп тауып, жерді анықтап, кіндік әкесіне хабарлады. Ол сөзінде тұрып, уәдесін орындады. Сөйтіп жүріп «қарақұрт» Медғатпен танысты. Ол әмбебап дәрігер ғана емес, сонымен қатар инплантант егеуді игерген. Сағын есі ауып жатқан кезде сып еткізіп құлағының бөбешігіне енгізе салған. Бірақ енгізілуінде ақау болып, Сағынның құлағынан әлдекім сөйлегендей сыбырлар шығып, «жын иектеді» деп молдаға оқылып, тәуіп аралап кеткені сондықтан. Қайсардан да өшін алды, дүниеқоңыз әкесін қармаққа түсіріп, қызғанып жүрген қарындасын еш қиындықсыз сатып алды.
Асыл бүгін қолында, уысына қысулы. Көнбей бара жатса бауыры Қасымханды көлденең тартады. Талғамның шарабына у салғаны, оған апарып бергені, оның ішкеніне дейін бейнеге түсірілген. Ол аз боп жатса тіміскіленіп сұрақтың астына алып тығырыққа тіреген Досан Самұратты қағып өлтіргені де жасырын бейнекамераға тіркелген. Олжасик те шет қаламады. «Қарақұрт» Медет жасаған дәріден есі тана бастаған Талғамға «Клипмейкерді» Асылға тарту еткен сыйлық қағазды күштеп жаздырғаны таспада. Сөйтіп Қайсар айтқандай, тыныш өмір сүруіне кедергі жасаған «соқыршектерді» Қасымханның қолымен сылып тастады. Енді Асылдың бұдан басқа алаңдайтын ешкімі жоқ. Олай болса...
Ризабек орнынан ұщып тұрды. Қолына алған пультті басты. Сып етіп Аслан кірді.
– Тікұшақ дайын ба?
– Көктөбедегі мекенде дайын тұр.
– Олжасикке хабарла, Асылды алып келсін! Қасымхан да қалмасын!
Олжасик келген соң, қолына алма шәрбәтін ұстатты. «Жолда Аслиге бересің, міндетті түрде ішетін болсын» деп бұйырды.
7
Асыл көзін ашқан кезде креслода отыр екен. Алдына екі адамдық дөңгелек үстелде дастарқан жайылған. Қарсысында Ақжарқын. Костюм, көк түсті көйлек, галстук тағынған.
– Қайырлы күн, – деп амандасып бокалына шәрбат құя бастады. Түкке түсінбей айнала қарады. Еуростильде жабдықталған бөлме, тіпті төбесіндегі аспан да қимылдап өмірдегідей тірі көрінеді. Енді сезді, аспан ғана емес, еден де, күллі бөлме де тербеліп тұрған сияқты. Күллі бөлме емес бүкіл әлем айналып тұрғандай жүрегі айнып лоқсуға шақ қалды. Ақжарқын сусын ұсынып үлгерді. Екі-үш күн су татпағандай асыға-аптыға ішті. Сонда да тербелістің басылатын түрі жоқ, Ақжарқынға сұраулы қарады.
– Яхта ғой, біз теңіздің ортасындамыз. Сенің жетістігіңді атап өту үшін осында алып келдім.
– Қандай жетістік?
– Өзің білесің, Талғам өнердің адамы еді ғой, сап таза өнерді жоғары бағалайтын. Сенің дауысыңды, жүрегіңмен тебіреніп орындайтын қабілетіңді феномен деп, мен жоқ кезде ескерусіз қалмасын деп өзінің студиясын заң жүзінде саған тарту етіпті. Өлетінін сезген ғой марқұм, соңғы кездері жүрек тұсын уқалап жүретінін байқап қалып едім. Сол кезде «Қымбатты Asli, Asli!» деп күбірлеп басын шайқап-шайқап қоюшы еді. Өлер сәтінде де осы сөздер тілінен түспеді-ау. Әйтсе де, қымбатты Асли, бүгін демалатын күн. Теңіздің шипалы ауасында жаманшылықты мидан сыпырып тастап, тек жақсы күндерден үміт етейік. Бақытты болуға ұмтылайық. –деп Ақжарқын баданадай бірлән тас орнатылған алтын жүзікті алдына қойды. Асыл орнынан тұрып кетті. Шайқалақтаған дүниенің ауанында дірілдеп:
– Бетін бұлт кіреукелеген жарық жұлдызды көрдіңіз бе!? Байлық-дәулетті қайдам, мен ән салғанды жақсы көремін, сол кезде жаныма қанат бітеді, әуелей аспанға көтерілемін, қалықтап көкте ұшып жүремін. Мен сахнада ғана өмір сүремін, қалған уақытта құрлықта қалған балықтай ауа қармап тұншығамын.
Асыл осы сөздерді айтты да есікке қарай жүрді. Емін-еркін тысқа шықты, бірақ телегей-теңіз су. Басы айналып шайқалып кетті. Осы кез дүр етіп кеме от алды, бағыт алып жүріп кетті. Алдында тұсбағдар тәрізді Асыл тұр. Толқындаған көл-көсір суды қақ жарып келеді. Блюз стилінде емірене орындаған Сағынның баяу әні естіледі.
Сонау көкте –
Қол жетпес жерде сен барсың,
Жүрекке жаққан сәулесін.
Саусағын созып ұмсынған,
Көрдің бе жанның әуресін.
Жұлдызым менің көктегі,
Арманға мініп көктедім.
Қиялым ұшқыр болса да,
Жетпейді-ау саған, жетпейді...
Сонау көкте –
Қол жетпес жерде сен барсың,
Жүректе от боп жанасың.
Ішімді өртеп жалының,
Білдің бе, салған жарасын...
Жұлдызым менің көктегі,
Арманға мініп көктедім.
Қиялым ұшқыр болса да,
Жетпеді-ау саған, жетпеді!
Ризабек қиял қанатында самғаған бейкүнә қызға үндемеді. Жүрегі қалаған қызының туған күніне тортын жеткізе алмай, бетін былш етіп жағылған күндегі күйді басынан қайта кешіп томсырайып келеді.
Қалың ойдың ішінде сол күндерге қайта оралып, оқиғалары көз алдында көлеңдейді. Әкесінің артына қалмай жүріп парик алдырып киді. Айнаға қарап еді, расында әп-әдемі сымбатты жігіт болып шыға келді. Қуанып мектепке жүгірді.
– Оу біздің «Кащейіміз» ханзада бопты ғой. Жолдаң бақа кездесіп, екеуі сүйісіп қалып, бақа да ханшайымға айналған шығар бәлкім. Бақ-бақ ханшайымың қайда ханзада-а-а! Әлде бәрі жасанды ма? – деп жақсы көріп жүрген қызы жақындап келіп басынан парикті жұлып алып қасындағы балаға бере салды, әлгі бала келесіге, бұл бер деп қолын бір созды, екі созды, үшінші рет созбады, әлгі қыздың жанында көлеңке сияқты еріп жүретін, мазақы түрмен өрескіл жымиып тұрған баланы бар күшімен секіріп баспен аузынан соқты. Тақырбасты пайдасы тиді. Әлгі артқа шалқалақтап барып қабырғаға соғылып есеңгіреп құлады. Қан-қан ауызын сүрткенде төрт күрек тісі қолына түсті. «Сол қыз паригімді жұлып алмағанда мен мұндай күйге түспес едім. «Ханзада» қалпымда қалатын едім. Сүйгенім үшін ол мені жек көрді. Елдің алдында әжуалауға дайын тұратын. Менің пәк бала махаббатым өсе келе кекке айналды. Мен одан өшімді алдым. Ауылдың аты шулы жүргіш жігітіне ақша төлеп, кеудесін көріктей кептірген қыздық пердесін жыртқыздым. Ол жігіт сүйіп тұрса да, мен берген ақшаның күшімен күллі жігіттердің алдында қызбен бетпе-бет кездесіп, «жәлеп» деп жар салып тастап кетті. Ақшаның құдіретін мен сонда білдім. Ақша тұрған жерде махаббат гүл ашпайды».
– Мені Алла таз қылды, сен өркөкірек сұлулығыңнан жезөкше болдың. Хақ Тағаламен тайталасқа түспеу керек, ар жағын өзің сараптап ал! – деп кіжінді өзімен-өзі, – Мен сұлулықты сүйемін, Алла жаратқан пендесіне теңгермеушілікпен қараған сұлуларды жазалаймын! Байлық-дәулетке зор адамдар ешқашан жаманшылық жасамайды, тек сатқындық жасағанды аямайды. Паң көңіліне қаяу салғандарды аяусыз жазалайды.
8
Тайталасқан тірліктің қалтарысында «Астана жұлдызы» мегажобасы да таяп қалыпты. Жобаның бірінші кезеңі бойынша түсірілген бейнебаяндары қолдау тауып Асыл шақыру қағазын алды. Қызу дайындық басталып кетті. «Клипмейкерді» іздеп келген әнші-сазгерлер «Асыл жұлдыздың» есігін қағып, іздегенін таппай қапаланғандары бар. Бірақ мұны елейтін Асылда уақыт жоқ. Курстастарын ертіп әкеліп шулыған болып дайындалып жатады. Бір шешімге келе алмай әрқайсысы әр тарапқа тартады. Байқауда айтатын әнді таңдай алмай дауласады. Тыныштықтық жақсы көретін Талғам артық адамды жаны сүймей шығарып жіберетін. Ризабек те солай етпек болып ойға алып еді, музыкадан хабары жоқ, Асылға не себеп айтарын білмей үнсіз қалды. Жанындағы оққағары және сенімді қызметшісі Аслан кейінгі кезде бастығының қабағының салыңқы жүргенін көріп авторадионы қосып қоятын. Ризабек «Гүлдер» әнін тыңдап отырып, түнерген өңіне қан жүгіріп, жүзі шырайланып шыға келді. «Бұрыл, «Асыл жұлдызға» айда!» деп әмір берді. Студияға жүгіре басып кіріп: – Қымбатты Асли, мен таптым, сенің даусыңа, айту мәнеріңе «Гүлдер» әні сай келеді екен. Сенбесең, тыңдап көрші.
Ән таңдалып алынған соң, Ризабек орындаушыны көріктендіруге ерен құлшыныспен шабыттана кірісті. Тырнағының ұшынан төбесіне дейінгі әр нүктенің әуен ырғағына сай реңк беріп тұруын қадағалады. Аяғында басы ашық алтын хрусталь туфлиден шығып тұрған саусағының тырнағы қызғылт алтын сырмен боялған, үстіндегі ақ күміс көйлегіне гүлдердің сұлбасы сызылып, асыл тастармен бейнеленген. Мойнында платина шынжырға ілінген алқаның жүзі сан түрлі сәуле шашу үшін әр түсті құнды тастармен көрнектелген. Басына киер ханшайым тәжі де дәл осылай өрнектелген. Тапсырыс берген дизайн шебері әр тасты түстімузыканың сәулесіне сай құбылатындай үйлесіммен орналастырған.
Ән расында Асылға арналып жазылған сияқты, күллі халық назарлаған байтақ сахнаға шыққанда еш қысылмады. Жан дүниесінің тебіренісімен үндесіп, жүрегінен тербеліп шыққан іңкәр сезімнің шабытында туаған елінің төскейінде нәзік самалымен ырғала өскен қызғалдақтай сыңғырлады.
Таң нұрыменен жасалған
Моншақтардай шашылған
Жауын алып жанарды
жан әнім байтақ даламның
Ақ гүлдердей салар кім
салар кім?
Сыңғыр-сыңғыр гүлдер
Қоңыраудай күлген
Сылдыр-сылдыр үнмен
Жанды баурай білген
Ғашықтардың әнін шырқа
Шырқа гүлдер, гүлдер
Түрлі сырлы түске боялған
сәні көз тояр ма
кең даламның еркесі
Сен көңілімнің толқыны
Сезім күйін шертесін
шертесін
Сылдыр-сылдыр гүлдер
Қоңыраудай күлген
Сылдыр-сылдыр үнмен
Жанды баурай білген
Ғашықтардың әнін шырқа
Шырқа гүлдер, гүлдер.
Жұлдыздай сан құбылып сәуле шашқан Асылдың даусына сүйсінген Ризабектің жаны кеудесінен суырылып шығып аспанда қалықтағысы келгендей алып-ұшқан. Көзінде жасы сорғалап, Асылды тосып алу үшін, сахнадан шығар тұсқа шайқалақтай басқан. Жолында тұрған Ризабекті елемей Асыл қасынан өте шықты. Әр қатысушыдан сұқбат алып тұрған тілшіге қарай асыққан. Тілшімен сұқбатын аяқтап жүре бергенінде алдынан осы байқаудың танымал продюцерінің бірі түрік жігіті кідіртіп: – Қымбатты Аsli, бізбен жұмыс істеуге, біздің орталықтың шақыртуына қалай қарайсыз? – деп сұрақ қойды. – Жоқ, ол бармайды, біздің жоспарлаған ауқымды жобамыз бар, – деп жауап қатып үлгерді Ризабек. Сәл, ойланыңқырап, Ризабекке қиығының ұшымен қарап өтіп:
– Ойланып көрейін, - сәл кідіріп, – Екі-үш өткен соң хабарласыңыз, – деп Асыл жүріп кетті. Жүзі күреңітіп, қазір атылатын жыландай, сұқты көзін ызбарлана қадаған Ризабекке назар салмады. Ол сөзінде тұрып, бір апта шамасында хабарласып, сол жігітпен жолығысып, бірігіп жұмыс істеуге келісімін берді.
ЭПИЛОГ
Зырылдап өтетін уақыт қуаты таусылған сағаттай бір орнында сыртылдайды. Ризабек бөлмесінен шықпайды. Сәуле түсірмей қараңғылап тастаған. Көрдегідей тіршіліктің белгісі де білінбейді. Ас та ішпей жатқанына көп болды. Аслан әкеліп қойған құрма мен суды ғана талшық етеді. Оның өзіңде қарны сазып бара жатқан соң тәни құлықпен талғажау қылады. Әлденені күтетін сияқты. Адам ба, ажал ма, оны бір құдайдан басқа ешкім білмейді.
Бір күні сүйретіліп далаға шықты. Асығатын сияқты. Есігін ашып дайындап тұрған көлікке де отырмай жаяу тартты. Орталық алаңаға жетті. Кешкі салым қыдырыстап жүрген ел. Құлағына аңсар дауыстың үні естіледі. Ризабек бұрылып қарағанда, алып экранда ән салып тұрған Асылды көрді. Тізерлеп отыра қалды. «Asli! Asli! Қымбатты Asli!», – деп күбірлейді.
Бұл – Ризабек. Өктем биліктің тізгінін қолына ұстаған. Көктегі құдайдай адамның жанын алып, қаласа өмір берген. «Мен сұлулықты сүйемін, Алла жаратқан пендесіне теңгермеушілікпен қараған сұлуларды жазалаймын! Байлық-дәулетке зор адамдар ешқашан жаманшылық жасамайды, тек сатқындық жасағанды аямайды. Паң көңіліне қаяу салғандарды аяусыз жазалайды» деп аузын толтырып сөз сөйлеген. Дүниенің бар жақсысын ақша сатып аламын деп кеуде соққан алпауыт.
Әйткенмен ол мына қызға қиянат жасай алмады. Өйткені тірлігіне аса қат нәрселерді ұсынғанда да, сабырлы жүзінен пайдакүнемдікпен қылымсудың ізі де білінбеді. Көздері сол сәби кезіндегідей, бұлақ суындай тап-таза, түбінен шаланың ізі де көрінбеген мөлдір қалпынан айнымады. «Бақ-дәулетің тасып, дүниеге әмірің жүріп, адамның жанын аларсың, бірақ сатып ала алмайсың. Жанның құнын айқындайтын махаббат қана. Махаббат бар жерде ғана жан шынайы өмір сүреді» деген сөздің құдіретін Ризабек қазір ғана, алып экрандағы Асылдың сыңғырлаған дауысын ести, бейкүнә пәк кірсіз дүниенің алдында тізеге құлап, көзінің сорасы ағып отырып ұқты.
Сұлулығы өмірдің жүрегімде,
Жүрегімнен іздеп тап маржанымды.
Інжу-лағыл жетілген тереңімде –
Көздерімде сәуле боп жарқылдаған.
Керек емес байлық-дәулет тасынған,
Еркімді алып, шабытымды жаншыған.
Бақыттығым да, шаттығым да өнерде,
Жыласам да табылатын қасымнан...
Көңіл түкпірінен ой тербей шырқаған Асылдың әні бұған бағытталып астарлы сыр шертетіндей: «Музыка мені беймәлім әлемге жетелейді. Санама тәуелсіз, бірақ жан дүниеммен үйлескен таңғажайып ғалам. Онда мен әуенмен қабысып, тұтасып, бір-ақ тұлға айналып, кәдуілгі нотадай сазданып дыбыс шығарамын. Мына жаныма жат қарадүрсін тірлікте тура жол таппай қателесіп шалыс басатыным сондықтан шығар...».
– Тоқташы, мынау Ризабек пе?
– Сол сияқты.
– Жылап отыр ма, не?
– Солай сияқты.
– Сорлы Кваземода, жаман түріне қарамай, менің Асыл қарындасыма көз салып...
– Неге олай дейсің? Сүйген сұлу, жүрегінде махаббаты барлар әрдайым сұлу. Әне, қара, экранға телміріп, сенің қарындасыңа табынып жылап отырған жоқ па, Қайсар? «Шіріген бай» деп едің, қане байлығы, тізерлеп басымен жер соғып отыр!
– Сен, немене, зұлымды жақтай қалдың! Сендерді түсіну қиын-ау осы, әйелдер.
– Немесіне ренжисің, жаным-ау, махаббат деген мәңгі ғой, ол ешқашан өшпейді. Мені сүйетінің рас болса, мұны айтпай-ақ, ішпен сезер едің-ау.
Қайсар үнсіз. Ризабекке тесіліп қалған. Өсіп кеткен сақал-мұрты арық ешкінің бауыр жүнінідей самал желмен желбірейді. Басындағы паригі ұшып кетіп жерде домалап жатыр. Тақыр басы қалт-қалт етеді. Кешкі күннің шапағы төбесінде секіріп, жалт-жұлт ойнақ салады.
Ән таусылған. Асыл жоқ. Дүние қараң. – Махаббатсыз дүние бос, дәулет-байлық бәрі тұл, бұл тірлікте тұтқа жоқ, қайда барсаң жалғыздық, уа, құдайым, не жаздым, аларың болса, қазір ал! – деп Ризабек ақырып жіберді. Елеусіз келіп артында тұрған Аслан қолтығынан демеп тұрғызып алды.
– Абу Талип ағзам келіп отыр, қомақты қаржы түсетін ауқымды тапсырыс бар дейді.
– Онда неғып тұрмыз, Асеке, іске сәт!
ІІ БӨЛІМ
Сүйген жүрек өлмек емес
ЖҮРЕК
ПРОЛОГ
– Міне, Әбдуәлі, сенің келген дүниеңе қайтатын мезетің жетті. Әр пенде қайта оралатын кезінде, менен өміріне қажетті бір қабілетті ала кетеді. Ол ақыл алып – жұртқа даналық үлгісін көрсету, келбет алып – сұлулық сипатын паш ету, байлық алып – дәулеттің құдіретін таныту, мейірімділік алып – қайырымдылық шарапатын жар ету, кедейшілік алып – барға қанағат, жоққа салауат мағынасын ұқтыру, қылмыс алып – қылмыс таңбасының зардабын білдіру ... Таңдау ерік өзіңде. Бірақ ұмытпа, қалаған қабілетің аузыңнан шыққан бетте бойыңа қонады. Қайтпайды, басқа таңдау болмайды.
– Иә, Аллам, мен түсіндім. Менің ұққаным адамда бір ғана қасиет болса ол барлық жақсы қасиеттерге ие бола алады. Сол арқылы дамып, көздегеніне жетеді деп білемін. Ол – махаббат. Махаббат бар жерде бақыт бар.
– Дұрыстап ойландың ба? Өкінбейсің бе? Махаббат бір жақты болады. Сен сүйгенмен ол сүймесе қайтесің.
– Мен сүйсем жетіп жатыр, мен өзімнің махаббатым арқылы оны да, өзімді де бақытты ете аламын. Мен махаббатты таңдадым.
– Иә, Әбдуәлі, сенікі де дұрыс шығар, бірақ мен саған бір мүмкіндік берейін. Мына бір оқиғаны зерделеп көр, содан кейін пікіріңнен айнырсың.
***** ***** *****
Алла адамды жаратқан соң, пейіш бағынан мекен берді. Әмбеге аян, онда жанға қажеттінің бәрі бар. Не кием, не ішем демей қаннен-қаперсіз жүре берсең болады. Әрине адам да солай, бірақ алғашқыда еш алаңсыз жүрсе, келе-келе қабағың мұң шала бастады. Бақтың ішін аралап әлденені іздейтіндей. Айқайлап біреуді шақыратындай. Әдемі дегеннің бәрін жинап, онымен бірнәрсе жасап, сонымен сырласып, кейде мұңданып, кейде қуанып шаттана күледі. Мұны байқаған Жаратушы, адам ұйықтап жатқанда, оның жүрек тұсындағы қабырғасынан өзі тектес, бірақ добал емес, қағылез жанды жаратып, қасына қосып қойды. Таңнан тұрған адам құшағын айқара ашып керіле бергенде қолы нәзік денеге тиіп жалт қарады. Оны көргенде, таң қалып, ұйықтап жатқан жанға зерделей қарады. Бірден ғашық болды, "Әй-әй!"" деп бетінен сипады. Орнынан ұшып тұрып, жинап жүрген әдемі заттарын, тәтті-тәтті жемістерді әкеліп, жан-жағына үйіп қойды. Жан оянған соң, кіп-кішкентай сүйкімді алақандарымен аузын басып есінеп алды, көл жағалай тізіле өскен балқұрақтай кірпіктерін қағып-қағып мөлдіреген көздерімен жәудірей қарады. Адамның жүрегінде махаббат лап ете қалды. Әй-әй деп бетінен, шашынан аялай сипады. Әй-әй кел деп жеміс-жидек пен гүлдерге қарай шақырды. Жан қысылып жәутең-жәутең етті. Мұндай сұлулықтан есі ауысқан адам "әй-әй кел" деудің орнына әйел деп одан әрі даурықты. Жан өзің нұқып "әйел"? Түсіндіруге шамасы жетпеген адам "ия, ия" деп басын изеді.
Міне осыдан бастап екеуінің ортасында ғажайып өмір басталды. Адам әйелге пейіш бағының бар жақсысын әкеліп тарту етіп тұрды. Әйел оны қуана-қуана алып алғысын айтып жүрді. Әйел де шат, адам да риза, бір бақытты ғұмыр кешіліп жатты. Бірақ күндердің күні әйелдің жүзі кіреукелене бастады. Ол адамның әкелген заттарына бұрынғыдай қуана қарамады. Жай ғана басын изеп, жанына қоя салды. Кейде сол заттарды қойған орнында ұмытып кетті. Адам басында бұл қылыққа алаңдаушылық білдіріп еді. Келе-келе ол да елеусіз қалдырды.
Дәл осы мезет уәсуәс сап ете қалды. Ол әйелге кенеттен кездескен сияқты жолай соқтығысып қалды. Әйел ұшып түсті.
Шайт:
- Ой, кешіріңіз, байқамай қалдым. Айып етпеңіз! Ғафу етіңіз!
- Ешнәрсе етпейді. Өзім де кінәлімін ғой, көрмей қалған. Сіз де кешіріңіз, - деді әйел бар әдемілігін көрсете жымиып.
Шайт:
- Қандай көркем едіңіз. Толықси піскен құлпынайдай уылжып тұрсыз ғой. Тәп-тәтті, тәп-тәтті шығарсыз! Татып көріп, дәмін алсам, талып түсемін-ау, шіркін!
Әйел айтылған сөздің мағынасын түсінбесе де, жүзі қып-қызыл болып "рақмет, рақмет" дей берді қылымсып.
Шайт:
- Не істеп жүрсің?
Әйел:
- Қыдырып жүрмін.
Шайт:
- Сол-ақ па!
Әйел:
- Басқа не істеймін, қызығатын ештеңе жоқ қой.
Шайт:
- Бар. Құдай оны сендерден жасырып қойған. Жеме деген алманы дәмін алсаң, өміріңде көріп-білмеген, басыңнан өткермеген ләззаттың құдіретін танисың.
Әйел:
- Онда сол алманы әперсеңші маған, қызығын бірге тамашалайық.
Шайт:
- Мен әпере алмаймын. Көріп тұрсың ғой, мына көрікті сымбатымды бүлдіргім келмейді. Ол тек адамның ғана қолынан келеді.
Әйел: – Адам Алланы сүйеді. Артық қылмысқа бармайды. Одан да кел, мен көмектесемін, екеуіміз бірге алып, сол ақымақсыз-ақ қызыққа екеуіміз бата берейік.
Шайт: – Олай болмайды. Тек адамның тәні арқылы ғана әрекет жасап құмардан шыға аламыз. Нәпсі атты ләззаттың тәтті шымбайына бойлай аламыз.
Әйел: – Онда адамды көндірейін. Содан кейін сен екеуміз өзің айтқан әлгі тәттінің рақатына ... – деп қымсына қызарып төмен қарады
Әйел Шайттан оралған соң Адамға жан деп қарамай қойды. Оған деп дайындап қойған қымбатты заттарын, пейіштің кереметінің кереметін тауып әкелсе де иілмеді. Ештемеге түсінбеген Адам одан не керек деп сұрады. Әйел алманы нұсқап көрсетті. Адамның екі көзі тас төбесіне шығып, үрейі ұшып кетті. Отыра қалып "Алла! Алла! Алла!" деп кешірім сұрады. Әйелге қарап басын тоқтаусыз шайқады.
Әйел адамды наз-наласы, өкпе-зарымен көндіре алмасын біліп, көзін жұмып өлетін күй байқатты. Әйел үш күн бойы сол жатқан орнынан қыбыр етпеді. Адамның әкелгенін ішпеді, жемеді. Күннен күнге әлсіреп кетіп бара жатты. Сөйлеуге шамасы келмеді. Пейіште өлім деген жоқ әрине, бірақ әйел оны іздеп тапты. Адамның қаперін мұң шалды. Өзінің жалғыз жүрген күндері есіне түсіп, тіпті еңсесі түсті. Егер мына сүйікті жаны кенеттен пайда болғандай, кенеттен ғайып болса қалай күн кешеді? Мына пейіште не үшін жүреді? Жалғыздықпен күн кешкен өмірдің не қажеті бар? Алла мені түсінер, алманың бәрін жемейді ғой. Біреуін жесе жетеді. Онымен алма түгесіліп қалмайды ғой. Тұнып тұрған жоқ па? Сол кезде әйел адамға қолын соза "Ах!" деді сылқ түсті. Адамның зәресі ұшып алмаға қарай жүгірді....
***** ***** *****
– Енді не дейсің? Қалауыңнан таймайсың ба? Нәпсінің құдіреті күшті. Оның сиқыры жан дүниеңді билегенде тежеуге дәрмен жоқ.
– Жоқ! Мен Алла жолында жүрген адаммын. Жүрегім де таза махаббаттан жаралған.
– Жүрегііің?!
– Уа, Аллам, мен өзіңе деген сезімге риясыз сенемін. Ол өзіңе деген шексіз махаббаттан тұрады. Өйткені, Аллам, сен шынайы сүйген адам тектес қарапайымсың, әр пендеңді бір сәт есіңнен шығармай, жақсылығыңды міндет қылмай, елеусіз жасайсың, қалағанын бересің. «Ұлылық қарапайымдылықтан шығады» деген сөз осыдан негіз алған. Барлық игі істердің үлгісі, Аллаһ Тағалам, өзіңсің. Сен жүрегіне махаббатың дәнегін еккен адамдардың мейірімі арқылы жаһанға тарап, имандылық нұрына айналасың. Мен де солардың бірі болғым келеді.
– Қалауың болсын!
Әбдуәлі шығар тұсқа қарай беттеді. Осы мезет алдынан сұлулығына теңеу жетпес әсем бойжеткен күлімсіреп шыға келді. – Ассаламуалейкум, Уәли хан! – деп сәлем салып амандасты.
– Мен Алла емес, хан емес, Алланың құлы Әбдуәлімін!
– Ғафу етіңіз, жүрегіңізге үңіліңіз, бәлкім әлемді аяғының ұшына бас ұрғызған Уәлі – Әл-Уали боларсыз. Пенденің жанын саусақтарының ұшында қақпақыл қылып ойнап, қаласа ала салатын ажалдың иесі емеспісіз.
– Астафируллах! Астафируллах! Аллам, Аллам, Хақ Аллам, мынандай астам күнәнің кесепатынан сақтай гөөр! А...а...аааа! – деп қылқына сыбырлады Әбдуәлі. Бірақ бүлкілдеп соққан жүректің лүпілі үдеп кетті, кеудесінің тұңғиығынан күңгірлеп көмескі дауыс шықты:
– Қалауыңды айт, сұлу қыз. Құдаймен теңдесер жағдайым жоқ, бірақ құдай емес, құдайдан былай емес жанмын.
– Жалқы махаббатпен өмір мәнді емес, құмарлықты да қосып ал. Құмарлықсыз махаббат жоқ. Қай-қай сезімнің алып баратын шегі ләззаттың шәрбаты. Онсыз өмірдің қызығы жоқ.
– Тауып айтыылғ-аааа-ааан сөөө.....
Жаңағы көмескі дауыс құмыға сыбырлап барып үзіліп кетті. – Жоооқққ! – қылқына шыңғырып жіберді Әбдуәлі, – Барлық күнәнің бастауы құмарлық! Атама! Айтпа оны маған. Алланың алдында зор айыппен тірлік еткенше, қайтпай осы дүниеде тозақ отына өртенгенім, күнәһар өмірден мың есе артық.
– Өмір Алланың теңдесіз сыйы. Жарық дүниеге адам болып жаратылған соң ерік өз қолында. Хақ Тағала асық жаратқан адамзатына таңдау еркіндігін берген. Не істеймін, не қыламын, қалай тұрып, қалай жүремін десе өз еркінде. Қамшының сабындай бір тұтам ғұмырдың әр секундын жанның рақаты үшін ғана сүру керек. Ләззаттың шәрбаты деген сұлу құшу, махаббат деп аталатын сезімнің тереңінен сүзіп тәтті дәмін тату. Сұлулық үлбіреп өскен гүл сияқты. Әр гүлдің өзіндік хош иісі, балшырыны бар. Дардай адам бола тұра, әр гүлдің нәрін сорған жәндік ғұрлы құның жоқ па, құмарлықтың тізгінін тежемей, өміріңнің әр сәтінде сұлуды құш, нәрін тат, жарық дүниенің рақатына бат. Тежелмен, еш ойланбан, құмарлықты махаббатпен қосарлат.
– Сен сайтан, сайтансың! Күнәға, күнәға, күнәға айдап... әғузу билләһи минәшайтани раджим, әғузу билләһи минәшайтани раджим, әғузу билләһи минәшайтани раджим...
1
Арпалысып жатып Әбдуәлі көзін ашты. Төсегінің қасында отырған намазхан досы Иман кәлиманы сарнап отыр. Дәрігер үстінен төне қарап тұр.
– Все норме, теперь можно не волноваться.
Дәрігер кейін шегінген соң қасында отырған намазханның желке тұсынан бұның жүзіне тесіле қарап тұрған Асланды көрді. Сұсты көзінің сұғын қадап: – Бәрі орнында ма, – деп зілді тіл қатты. Аллаға шүкірлік етіп қайта-қайта шаһадат айтып отырған намазханға назарын аударып: – Кәлимаңды зарлай берме, мен тірімін, әлі өлмек емеспін! – зірк етті. Досынан мұндайды күтпеген ол абыржып қалды.
– Кәлима таийбаны айту өлім шақыру емес өмір сүруге ұмтылу, ол жүрекке қуат береді, – деп өзімен өзі толғана тіл қатты Әбдуәлі. Иманның көзі шарадай болып, сандырақтап жатыр ма деп, жайбарақат жатқан досының жүзіне түсінбестікпен қарады. Бастапқыда момақан, көп сөйлемейтін, біртоға, жанарына мейірім сәулесі ұялаған, жетімдер үйінде септесіп тірлік кешкен, егізқозыдай бауырласып өскен жолдасынан алғаш рет қатқыл сөз естіп жабырқап қалған. Артынша жылы сөз естіп көңілі жібігенмен, көкейінің қалтарысынан сумаңдап шыға келген алаң жүрегіне беймәлім мазасыздық әкелді.
... «Аз қамтылған отбасы және жалғызбасты ана» тізімінен және үлкен-кішісімен мүсіркей қараған ауылдың назарынан құтылу үшін Әбдуәлі мектепте бар қырынан үздік болуға тырысты. Білім бәйгісі, өнер, сурет сайысынан, спорт жарыстарынан да қалмай баршасына барып жүрді. Ұстаздар да үйреніп алған. Олимпиада, конкурстарға оқушылардың қатысуы міндеттелген қатынас қағаз келе қалса, Әбдуәлінің «аз қамтылған отбасы, жалғызбасты ана» деген тіркеуі ұмытылып, соған қарай жүгірді. Анасы жалғызілігін білдірмей жол пұлын тауып берсе, ол да жер қаратпай жүлделі орындардан түспеді. Алтыншы сыныбында аудандық олимпиада тапсырмаларын аяқтап, нәтижесін тосып тұрғанда, өз ауылдастарының арасында бұған деген біртүрлі көзқарас пайда болды. Барлығының жүзінде аяныш, өзін алып келген ұстазының көзінде мөлтілдеген жас: – Анаң газға уланып, реанимацияға түсіпті, – деп еңіреп жылап жіберді. Өзі мектепке жаңа қабылданған жас ұстаз еді. Әбдуәлінің қолынан тас қып ұстап алған. Ар жағынан келіп қалған ересек мұғалім «Доғар!» деп зірк етті. Сілейіп тұрып қалған Әбдуәліні жұбатып, көңілін аулап, үміт артар сөздер айтып жатыр. Ол «Анашым!» деп бақырып жіберіп, өзін қоршап алған топты жарып сыртқа ұмтылды. «Ұстаңдар!» деп айқай салды мұғалім. Жан-жағынан қаумалап ұстап алған оқушы-ұстаздардан босап шығуға тырысып, «Анам! Анашым-ай!» деп зарланғанына қарамай, қапсыра қысып жібермейді. Біруақ кеудесі қысылып, жүрегі тоқтап қалғандай талықсып кетті.
Есін жиғанда ауруханада жатыр екен. Кеудесінің қысқаны тарқамай, жүрегі демігіп қинала соғады. Анасы дүниеден өтіпті. Өзі жүрек талмасымен мүгедекке айналып, жанашыр жан табылмай, жетімдер үйінен бір-ақ шықты. Мұнда Алла жарылқап Иманмен табыстырды. Үлкен ағасындай бауырына алған бозбала мұны имандылыққа үйретті. «Алла сұрағаныңды береді» дегенді санасына мықтап түйіп, Әбдуәлі анасына жаннат тілеп үзбей дұға етті, бұ дүниеден із-түссіз жойылып кетпес үшін, өзіне сау жүрек сұрап жалбарына құлшылық жасады. Алла құр қалдырмады, құлшылығын қабыл етіп, тілеуін орындады.
Айғағы міне, кеудесіндегі жаңа жүрегі демікпей, өмірге құлшына соғып тұр. Көзін ашқан сәттен дегбір таппай дүрсілдеп, аурухананың сал төсегінен атып тұрып, күн жанған жарқын дүниеге кідіріссіз безе жөнелгісі бар. Бірақ «асыққан сайтанның ісі» деп сабыры тежеп, дәрігердің бақылауында толық жазылмайынша орнынан тұрмақ емес...
Әйтсе де, бір жағынан Алласына сыйынып, бір жағынан Асланға бұйрық беріп, шаруаны ойлап қамкөңіл. «Қазына-Бақ» корпорациясының жай-күйі көңілін алаңдатуда. «Асыл жұлдыз» тіл ұшында, қаперіне түсіре алмай дал. Жалғыз емес, Иман келіп тұрады... Аслан да... Бірақ ол неге бұл жерден шықпай жүр. Жаулары сезіп қалса, қастандық жасайды ғой. Иман жоқта дереу ескерту керек.
– Аслан, бұл жерден енді сені көрмейтін болайын. Телефонды тастап кет. Шығатын кезде өзім хабарласамын. Дұшпандарымыз байқап қалып, қиянат жасауы мүмкін. Сақ болайық. Жан-жағыңда барлап жүр, келер жолыңды толық тексеруден өткіз. Бар!
– Всё, ты оздоровел, брат, будем выписывать, – деп Исай Саламан хабарлаған күні Асланды шақырды. Аурахананың есігінің алдына қап-қара «Геленд Ваген» тоқтады. Жолды бөгеп қалған оның артынан такси дабылын бажылдатады. Әбдуәлі соған барып отырды. ...Ол Асланға қоңырау шалып Абылайхан мен Төлеби көшесінің қиылысында күтуіне әмір берді. Сол жерден қара машинаға мініп, Иманды таксиге тастап, офисіне келіп түсті.
2
Талғам қайтыс болғаннан кейін тоқырауға ұшырап, өзіне продюцер іздеген Асыл, әлгі түрік жігітіне келісім берген еді. Бірақ ол тек өз тіліндегі немесе сөзі қазақ, әуені түрік әндерді шырқатуға құштар екен. Ән сөзіне зерек мән бере орындайтын Асыл, енді не айтып тұрғанын өзі де түсінбейтін қалге жетті. Сөздерін ұмытып қалып «быды-быды» дей салса да естілмей елеусіз қалды. Өзінің кім екеніне санасы жетпей екіұдай күй кешті. Мұндайға төзбеген ол кетпекке бел буды. Сол жерде шәкірттікте жүрген Ханмұратпен танысып, ол өз студиясына шақырды. Тегі қазақ қой деп келісім беріп, алайда түрікпен ортадағы келісімді қалай бұзарын білмей қипақтап еді, Ханмұрат лезде шешті, маған қарызсың деп қойын кітапшасына түртіп қойды. Асыл оның бұл қылығына түсінбеді, әйткенмен құтылғанына қуанып ескерусіз қалдырды.
Пысықай Ханмұраттың әнді тереңінен тербейтін қасиеті жоқ болып шықты. Тек судың бетімен сызып, бір күндік әндердің желігінде хит қуалаған жан екен. Көркемдеушісі де Талғамдай әр нотаның тамырын басып құбылта сайрататын, әуеннің ырғағы мен үннің әуезі үндестіре отырып ән сазының құдіретіне бойлататын қабілеттен ада екен. Мына әрлеуші өз қиялының жетегінде әнші дауысын естімей шатқаяқтайды екен. Тек жеңіл әндердің және таныс арқылы даңғыр-дұңғырын реттеу арқылы желікпе әуенге құмарлардың аясында ғана ән жазып, соның арқасында дақпырты шығып жүр екен.
Музыка бір жақта, дауысы бір жақта лағып жүреді. Асыл екеуін ұштастыра алмай әлек. Еркін құстай қалықтай шырқайтын жан сарайы ашыла алмады. Кеудесі құлыпталған сандықтай бар әсемін ішіне жасырып бүлк етпеді. Талғамның сүйіспешілігімен, Ақжарқынның махаббатымен, Сағынның құштарлығымен жүрегі шабыттанып ән салған екен. Енді үшеуі де жоқ. Талғам дүниеден өтті, Ақжарқын кенеттен жүрегі тоқтап қайтыс болды, Сағын жындыханаға түсіп қуып кетті. Тәкаппарлығының арқасында бар байлығынан айрылған Асыл дағдарысқа ұшырап ауылғы оралды. Ризабектің жаназасына да қатысты. Ағасы Қайсар оның бұл қылығына қайран қалды. Қарындасына тесіле қарап жауап күткенде, ол ештеңе демеді. Тек қолындағы асылтастармен көмкерілген білезікті сипағыштап, көзінде мөлтеңдеген жас қана тұрды.
Ақжарқынмен ортада салқындық орнағаннан кейін, ол келмей кеткен. Бірақ туған күнін ескеріп, қолына асылтастармен өрнектелген білезік тақты. Алмаймын деп айтуға оқталып еді, күн жарғымен шағылысып, неше түрмен құбылған сәулесіне арбалып, еріксіз білегін көлденең тартқан. Неге екені белгісіз, Ақжарқынды көргенде, еркелігі ме, қасақана қитығады. Елемеген рай танытады. Кетіп қалғанда кеудесінде белгісіз мұң пайда болады. Жүзін жылытып, мейірім шапағын оятайын десе, санасы жібермейді. Қартаң жүзі мен жасы сезімін тежейді. Алайда Ақжарқын кәрі емес, отыздан жаңа асқан ордабұзар жігіт. Тек әжім тілгілеген ескі жүзі алпысты айқындайды... Ал Ризабек деп танығанда көңілі мүлдем жериді. Енді міне ...
Жаназаға Қасымхан да қатысты. Асылмен бірге ауылға оралған. Досы Асылбекпен төс қағыстырып амандасты. Қасымхан баяғы бала емес, еңселі, тұрықты. Жасына жетпей жүзіндегі балалығы жоғалған. Астында жаман жигули емес, жап-жаңа ақінжу Прадо. Асылда ойы барын сездірген Асылбекке «Оған жолаушы болма! Оның өз орны бар» деп сұстана қарағанда, құдды Ризабектен аумай қалды. Көнбей қарсы шықса, асып тастайтын түрі бар. Алайда Асылбек қасарысып «жиналып қалыппыз» деп, бір жүретін құралпылас достарын шақырып, кеш жасады. Асылды да қалдырмады. Көңілін торлаған қапа-наладан серпіліп бой жазуға құлшынған қыз да қарсылық білдірмеді. Мұны «көндіге» санап құстай ұшқан Асылбек, аға-жеңгесінің үйін дайындап, алып қашуға бел буды. Бірақ Асылдың артында көлеңкедей баспалап жүрген Қасымханды естен шығарды. Кештен кейін Асылды көлікке алдап салып жатқанда, ол да сап ете қалды. Қарсылық білдіріп айбат шеге ұмтылған Асылбекті сылқ ұрып, ол тамағын қармана қылқына құлап, комаға түскен аурудай естен танып сұлқ жатты. Қасымхан тіл қатпай қарындасының білегінен ұстап көлігіне мінгізді де жүріп кетті.
Қашан көрсе аңдып жүретін Қасымханға Асыл түнімен ашуланып шықты. Таң ата жарық дүниенің нұры жүзіне түскенде ғана. – Өләә, байға тиіп мен не істемекпін? Біреудің шуаш нәскиін жуып, ішкиімін тазалап, таңнан сиыр сауып, боқтыққа араласып жүрмекпін бее! Рақмет саған, братан! Ақылыңнан айналдым!
«Оның өз орны бар» деп айтқан сөзіне іштей риза болып, қабағы ашылып, күлімдеп шыға келді. Сөйтсе де сыртынан аңдудан әбден зәрезап болған кеуілі шемен болып қатып қалған өшпенді ашудан айықпады. Ерте тұрған ағасы әлденеден сескенді ме, анасының қарсылығына қарамай, Асылды алып қалаға қайтты.
Мұнда да күзетте, маңында Олжас торауылдайды. Тақ мұның оққағарындай. Баяғы Олжасик жоқ, ысылған, тіс қаққан әккі. Қасымхан екеуі спортзалдан шықпайды. Көкжал қасқырдай дүр, күлкінің жылт сәулесі жоқ ызғар атқан суық назарымен тік қарағанда, жай адамның жүрегі зу етіп табанына түсіп кетер. «Асыл жұлдызға» кіріп-шыққандарды камерадан бақылап отырғаны.
Қалаға келген соң, Досболдың хабарламасымен, Асыл курстастарымен баратын, Алма-Арасан шатқалына серуенге жиналды. Басына кепка, үстінде жағалы жұқа жемпір, сыртынан күләпарасы бар қара түсті желқорық, бұтына көк джинси киді, көзіне әйнегі түрлі-түсті дөңгелек авиатор тақты. Жол үсті қызық болды. Өнерпаз жастар емес пе, аядай автобустың ішінде Дулат пен Сәулет биге басты. Асыл өзіне сельфи жасай жарасым тауып отырған Сабира мен Досболды суретке тартып алды. Қыз жігіттің иығына басын сүйеген, жігіт те қызды құшақтап алған, жаны сүйсініп еміренгендей төбесін иіскеп сүйіп отырған тәрізді көрінді. Көліктен түскен соң да жұптары жазылмады. Сәбираның басы жабысып қалғандай, жай тұрғанда да Досболдың иығынан алмады.
– Екеуің әдемі жарасады екенсіңдер, - деп Асыл Досболға жылыұшырай күлімсірей қарады. Жастар серуеннің шаттығын бойларына сыйдыра алмай жарыса ән шырқады. Бір-бірін бағып салған әннің шырайы кіріп көңілдің гүлін ашты.
Асыл Досболдың қасынан кетпеді. Сәбира сол жағында жүрсе ол оңында, оң жүрсе, солынан жабысты. Жігіт те ықыласын аямады. Дастарқан үстінде дәмнен алып бере отырып, Сәбираны ұмытып кеткен мезеттер де болды. Екеуі оңаша жүріп шатқалдың көрікті тұстарына суретке түсті. Көбіне Асыл, әртүрлі қалыпта сұлулығы мен әдемілігін жариялай әдемі жымиып тартылды. Кепка шешілді, киілді; бүркеулі мойын ашылды, жабылды; көзілдірік алынды, салынды; шаш жайылды: басын бір шетіне қарай әнтек иіп, белінен түскен қызғылт алтын шашын жіңішке ақзон саусақтарымен саумалай сипап, жәудір көздерін мөлдірете кірпіктерін дірілдете қақты, – әйтеуір қиялындағы ракурстың бір де бірі қалмады. Бара жатқанда орта алшақ болса, қайтарда қолтықтасып қайтты. Сәбираны ұмытып қасынан байқамай өтіп кетті.
– Біз сенімен араласпаған соң білмейді екенбіз, нағыз арсыз екенсің ғой! – деген дауысты естіген кезде ғана есін бір-ақ жинады. Не айтарын білмей күмілжіп қалды. Осы кез қайдан келіп қалғаны белгісіз, әлгіні Олжас жақтан салып жіберді. Атыла жүгірген бір-екеуін сұлата салды. Асыл шыңғырып жіберді. – Доғаршы, доғар! Доғар деймін саған, доғар! – деп Олжастың кеудесінен соққылай жөнелді. Ол үндемей тұра берді. Қабара қараған сұсты жүзінен адам шошиды. Асылдың тоқпақтарын шыбын шаққан ғұрлы көріп тұрған жоқ. Домбал қабырғаны балталаса да түк ұқпасын біліп, әлсіздіген күйінген Асыл: – Кешіріңдер! Кешіріңдер! Кешіріңдерші мені, – деп, үдере тұрған курстастарының жүзіне жәудірей қарап, – Кешіре гөр, Сәбира! Бір білместік болды, – деп құрбысына телміріп біраз кідірді де, Олжастың алдына түсіп жүре берді.
Көліктің ішінде еңкілдеп жылап келеді. Қоңаш көрген сәбидей өксіп-өксіп жылайды. – Неге ұрасың оларды, олар менің достарым ғой. Сен араласпай-ақ өзіміз-ақ бәрін шешетін едік қой. Ұрыс-керіс көрмей өмір бақи осылай оқшау жүремін бе! Ұрыссам да, төбелессем де, олар менің достарым ғой. Араздасамыз, табысамыз... Сендерден кім сұрады, мені қорға деп. Басынып басыма шықтыңдар ғой, тегі. Жеке өмір сүрмек болып әкемнен қашып шығып едім, сендерге тап болдым. Әр қадамым санаулы, еркін жүргізбейсіңдер. Тіпті әжетханаға дейін аңдисыңдар. Шешінуге де мұрсат бермейсіңдер. Жатар орныма дейін камераларыңды сұққылап тастаған шығарсыңдар. Айтшы енді өзің, Олжасик, қалай өмір сүремін. Өмір бақи осылай түрмесіз қамауда жүремін бе?!
Олжаста үн жоқ. Үйге келіп бір-ақ тоқтады. Көлікті ашып, ілтипатпен қолынан ұстап түсіріп, үйге алып кірді. Алдынан шыққан Мәлике тәтесі жылағанын көріп, Олжасқа алара қарап, Асылды құшағына ала маңдайынан сүйіп:
– Айналайын, күнім, жаным, золотцам, алтыным менің! Әлемнің бар сұлуы жетпес ханшайымым менің! Жүре ғой, қазір малинамен шай беремін, көңілің сергіп, қабағың ашылып, бәәрііі жақсы болады.
Келер күні мұндай тұтқын күйіне ашуланған Асыл студияны жапты да, қайта-қайта қылтыңдап келіп жүрген Ханмұраттың қол астына кіріп алды. Қазір соның иелігінде. Бас жүлдені өзі алып бергендей бұған қожа. Еркін билеп алған. Қатыны емес дегені болмаса, басқаны бәрі соның еркінде. Талғам мен Ақжарқынға бар еркелігін көрсетіп кетем десе кете қалып, келем десе келе салып, ортасында қылт етіп өпкеліп шыға жөнелу енді жоқ. Продюцерсіз әнші мақрұм, мына заманда еркіндік ерсі, еріктік ағат, қалаған әнді айту әдепсіз, тіпті әншілік дарынын да жоғалтып алған секілді жаны меңіреу. Көмейі ән салмайды, орындайды. Нотаға қарап сөйлейді. Әр түсте боялған басындағы шашынан, тікірейген кірпігінен бастап, башпайындағы тырнағының ұшына дейін жасанды. Әнді жүрекпен емес нотамен айтатын тақ-тұқ орындаушы, Әлгі бір ертегідей қолдан жасалған көмейі бар құлтемір бұлбұл секілді. Тетігін бұраса бір сарынмен ән салады, өшірсе үнсіз қалады.
Ханмұрат икемге көніп, илеуінде жүретін пенделерді жақсы көреді екен. Өзі ештеңеден сескенбейтін қамсыз өжет, қағу көрмей өскен шолжаң, қала емес аймаққа әмірі жүрген алпауыт шонжардың баласы екен. «Асыл жұлдыз» сияқты студиялар ол үшін сығып тастайтын сіркемен тең. Ол әнші емес сұлу қыздардың коллекциясын жинайды. Әншілік жай сылтау. Сол үшін жан-жақтан көз тартымды қыздарды шақырып, сұлулық бәйгесін, жастардың ән байқауларын өткізіп отырады. Икемге көнгендерін мерзімі өткенше пайдаланып, келер жылы басқасына ауыз салады. Өзін ерек санаған қыздарды қолға түсірудің басты құралы елемеу, продюцер жігіттің айласы осыдан тұратын. Асылдың көнбегеніне ызасы келіп, оны елеусіз қалдырып, әндері сәтті шығып жатса да мұрнын тыржитып, жақтырмай сахнадан тыс қалдырды. «Қай қыз көрсе талып түсетін тұлғасына» жалданып, ырқына көнбеген Асылдың қасарысқанынан нәпсісі санасын улап, қолдан жасар қайран жоқ әлсіздігінен арсыз шабуылға шығып, көзіне тік қарап: «Ақтық, пәктік аурудың сөзі, сау адам оны айтпайды. Секс – табиғи инстинкт, ол сананың ырқына көнбейді. Ар-ұят деген әлсіз пенделердің ойдан шығарып алған құранды нормалары», – деп аянышпен тіл қатты. Ашық айтқан мына сөзден ұялып, Асыл кірерге жер таппай, қып-қызыл болып кетті. Қарсы уәж айта алмай төмен қарап сырт айналды.
Міне осындай құрғақ есепке құрылған жалған продюцердің жетегінде жүріп, Асыл жинаған бар тәжірибесін жоғалтып алды. Жүрегі де қанат қақпай нота қуалап ән салуға көшті. Сезімсіз шыққан әні тыңдарманның жүрегін баурамай, ал оны сұлулығымен жаулау үшін, онсыз да рәңді жүзіне бояу жағып, жасандылыққа бой алдырып, өз-өзінің сұрқын қашырды. «Бүркеулі қыз» дақпыртқа айналып, шаңға көміліп, ол мүлде өмірде болмағандай аты өшті. Қызбала мақсат жолында әлсіздік деңдегенде ең соңғы қадамға баратыны анық. Асыл да осыған тірелді. Сахнадан кетпей қалқып жүру үшін бір мықты демеуші ұстау керек. Ол үшін қылымсыған әдемі күлкің мен сұлу тұлғаң болса жетіп жатыр. Өмір талқысында жүріп үйренген Асыл да бұл екеуі де бар. Ән жүректен шыға ма, жоқ па, ол маңызды емес, сахнада жүрсе болды, басқасы рөл ойнамайды. Бүгін тағдырын шешетін кездесу, соңғы шешімге аяқ басатын сәт, бар әдемісін жариялай киінген Асыл сыртқа қарай қадам басты. Осы кез оның алдын орап Әбдуәлі кіріп келді. Жолын бөгеп, қолынан ұстап:
– «Кірпігінің ұшынан бастап башпайының тырнағына дейін боянған, нотамен ән салатын жасанды үн, табиғи дауыс жабайылыққа баланған жоғары білімді, байлықты астамшылық емес жағдай санаған ақсүйек әнші» деген сендей болар, сірә.
– Сен кімсің, маған баға беретін, - қолын жұлқи тартып алып, Қасымхан ағасына қарап еді, ол назарын төмен салып сырт айналып шығып кетті. Енді Асланға тіктелді. Ол ізет жасап Әбдуәліге жол берді.
– Алланың құлы Уәлі ханмын. Ақжарқынның жаны, Ризабектің жалғасымын.
Мына сөздерді естігенде Асыл не айтарын білмей абдырап тұрып қалды. Түрі жас болғанмен көзінің оты Ақжарқыннан аумайды. Шуақ шаша күлімсірегенмен тереңінен әлсіз сұс байқалады. Бірақ сылбыр, бос. Үні мен сөйлеу мәнері айна-қатесіз соныке. Баласы ма? Олай болса «әкесін сойып қаптағандай» деген сөздің мәнісі осы шығар. Соңы қайда апарып соқтырары белгісіз кездесуден сақтаған мына оқиғаға арсыз көңілі алақайлап шапалақ ұрды. Әйтсе де бойына сіңген әдетіне басып қитығып шыға келді. Кесе көлденең тұрған Әбдуәліні баса-көктей жүре берді. Алдын тосқан Олжасқа келгенде кібіртіктеп еді, біреу әмір берді ме, ол кейін ысырылып жол берді. Таксиге отырған сәт артына үңілді – Англияның королевасындай кортеж.
3
«Абу Талип ағзам келіп отыр». Сонау бала шағында суға батпақ болған жерден құтқарып алғаннан бері Абу Талип шейхпен бірге. Етене араласқаннан кейін ағзам болды. Бүгін соның қарамағында. Оның насихаты мен танымын санасына сіңіре жүріп осындай күйге жетті. Ол да мұны кеудеге қақпай өсіп-өнуіне зор мүмкіншілік жасады. Әйткенмен өтемі де оңайға түскен жоқ...
– Алланың жолы дамудың жолы, – деп уағызын бастайды Абу Талип ағзам. – Алланың сөзі құранның тылсым сырларын терең игере алмаған дүмше молдалар дамуды тежейді. Алланың құдіретімен ашылған әрбір ғылыми жаңалықты теріс ұғындырып, адамдар арасында жаулық әрекетін пайда қылдырып, лаңкестік тудырады. Дүниенің әрбір даму сатысында бір-бір пайғамбар келгендей Құран аясында тағы бір пайғамбардың келуі ғажап емес. Қасиетті кітапта мынадай ақиқат айтылған «Қауымдардың қайсысына болса да елші жіберілген!». Сондықтан да мені құлақ сап тыңдаңдар, өйткені мен – Құдіретті де Жалғыз Алланың Елшісімін, мен алғашқы да, ақырғы да емеспін, мен Алла тағаланың жаққан мыңдаған жұлдызының бірімін. Бұл жұлдыз өз жарығы өшкенше сіздерді Жалғыз Алланың жолымен жүргізеді, түзу жолмен, қараңғыдан жарыққа, сүйіспеншілікке, жер мен аспанның бақытына, берекесіне жеткізеді...
Уағызының тұңғиына шомғаны сонша, бұ пәниде жасап жатқан тірлігі мен тақуалығына малданып өзін пайғамбар санайды. Бірақ бұл сөздерін санасы көр қараңғы тобырдың ортасында болмаса, білімді ортада тіл жармайды. Абу Талип көзін ашқаннан жиһангез. Қай ұлт екенін адам танып болмайды. Өз игілігіне ие бола алмай отырған босаң мемлекеттің барлығында азаматтығы бар. Дінде де солай, барған жері христиан болса христиан, иудей болса иудей, ал мұнда мұсылман. Әр діннің ілімін толық меңгерген. Алайда сана-сезімін толық ислам үстемдігі жаулап алған. Қай елде жүрсе, ныспысы да сол елдікі, бірақ жүрегі «Халифат». Аты-жөні сан алуан. Бұл жерде халықтың тіл икеміне қарай сіңіп Әбу Тәліп атанған. Азаматтығы бар жердің бәрінде кәсіп ошақтары бар.
Сонау тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта осы елдің де азаматтығын алып алған. Мұнда еш қиыншылық көрмеді, тиісті мекеменің шенеунігіне доллардың құйрығын көрсетіп еді, ол сөзге келтірмей тіркеді де жіберді. Руын сұрағандарға қожамын деп, ата-баба жолын қуған діндармын деп мұсылмандықты насихаттайды. Әсіресе жалғыз хақ дін ислам діні жер бетіне әмірін жүргізгенде әлемде бейбітшілік орнайды. Адамзат баласы бір мемлекетте өмір сүргенде ғана бір мүддемен бір-бірін түсінеді деп уағыздайды.
Адам жанына қажеттіні жасайтын кәсіпті толайым еңсергенде ғана жер-әлем сенің уысыңда болады. Пайғамбардың да басты мақсаты – дүниені мұсылман дініне қаратып, кәсіпкерлерді өз дініне кіргізіп, не мүлде жойып жіберу еді. Ол қасиетті соғыс жариялады. Осы жолды ұстанған Әбу Тәліп шеих барған жерлерінен міндетті түрде кәсіп ашып қояды. Әсіресе игерілмей жатқан кен орындарына әуес. Сонымен қатар ол харам-халал деп бөлмей, әр ұлттың сұранысына сай күнделікті өмірге қажетті нәрселердің бәрін қамтиды. Оған жұмысшыларды тартады. Насихат жүргізеді. «Жерде бір дін, бір діл, бір тіл болғанда ғана мамыражай уақыт орнайды. Әр адам жалқы мақсатта бір-бірін түсініп тірлік жасайды. Бір дін ол – хақ мұсылман діні, бір діл – хақ құран сөзі, бір тіл – ол Алламен тікелей байланыс жасайтын құран тілі. Алламен байланыс жасау – бекітілген намаздарды оқып Аллаға тікелей құлшылық жасау. Дүниелік тірлікке бой ұрып нәпсінің жолында артық қылықтар жасап күнәға бату, я ғайбат сөйлеп күнәға бату емес, тек шариғат жолымен құлшылық жасап, Алладан сайланған әмірлерінің тілін алу. Сол кезде Алла иіп игілікке бөлейді» дейді. Және оны дәлелдейді де. «Сен бүгін Аллаға көп дұға еттің, құдіретті Рахман саған иіп игілік берді», – деп аямай сыйақы береді. Ал қитығып қарсы шыққандарға бермейді. Бойұсынбағандарға «шариғат жолын бұзып кері кеткендерден Алла игілігін қайтарып алады» деп қарық қылған дүние-мүлкінің бәрін тартып алып қаңғыртып жібереді.
Ол келген аймағына жай келмейді, «жұмыс орнын ашамын» деп инвестиция ала келеді. Расында жұмыс орнын ашады, мемлекет күдік тудырмастай табыс береді, жұмысшыларында қарық қылады. Оның экономия саласындағы қызметкерлері аянбай жұмыс жасап, әр аймақтың ерекшелігіне қарай табыс бағдарламасын дайындайды. Және жұмысты қатаң бақылауда ұстайды. Ол жұмысшыларына «Алла өтірік айтқанды, жалқаулықты қаламайды. Еңбекті бес мезгіл намазды уақытымен оқығандай мүлтіксіз орындап тұрса, Алла сол кезде иіп, мол игілікке бөлейді деп үйретеді. Жалқаулықтан арылу үшін күнде мына дұғаны «Аллам мен сенен әлсіздік, жалқаулық, кәрілік, қорқақтық, сараңдық атаулыдан және қабір азабынан сақтауды сұраймын. Аллам нәпсіме тақуалық бер. Нәпсімді пәкте. Расында сен ең жақсы пәктеуші затсың. Сен жанымның иесісің. Аллам мені тақуалығы жоқ жүректен, тойымсыз нәпсіден, пайдасыз ілімнен, қабыл болмайтын дұғадан сақтауыңды сұраймын. Иә, Аллам, мен сенен жай тапқан, сенімен кездесетін күнге иман еткен, тағдырға риза болған, бергеніңе қанағат еткен нәпсі сұраймын» деп сыйынып қайталап жүрсе Алла жалқаулықтан құтқарады, кәріліктен аулақ қылады, нәпсінің кесепатынан сақтайды, адал игілікке бөлейді. «Намазға қатты мән беру керек, намаз да жалқаулықтың дауасы. Шариғи кітаптарды көбірек оқу керек, салих мұсылмандармен жиі көрісіп тұру керек. Нәпсіге ие болу керек. Оны еркіне жіберсең шәхуат пен жалқаулықты қалайды. Аллаһу Тағала әрбір іс-әрекетімізді, әрбір ойымызды көріп, біліп тұрғанын ойлау керек. «Қоғам түзелгеннен кейін жер бетінде бүлік шығармаңдар. Үрей мен үміт арасында Аллаға жалбарыныңдар! Шын мәнінде, Алланың рақымы жақсыларға жақын» деп уағызын санасына үздіксіз сіңіреді. Әбутәліптің жеркілікті билікпен де сәлемі түзу. Мемлекеттік деңгейде қандай да бір қызмет атқарады. Тендер комиссиясының құрамында. Билігі жоғары, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, жоқ қылып жіберуге құдіреті жетеді.
Сонау Ризабекпен кездескенде де ол жерді тегін аралап жүрмеген болатын. Ескерусіз жатқан кен орындарын анықтау, бақылау жүргізу. Сол жерде тағдырдың тауһіметін жастайын татқан жасөспірім бозбаланы Алла тауып кездесіріп көздеген мақсатына тура жеткізіп еді. Осы уақытқа дейін Ризабек тапсырмаларды қалтықсыз орындады, енді бір қыздың кесірінен қарсылық көрсетіп, оң қолы Хусейннің көзін жойды. «Халифат жауынгерлері» үшін бұл сатқындық, оның жазасы өлім.
Рас, ағзамның түр-әлпетіне қарап жас бере алмайсың. Қарттар сияқты олпы-солпы емес жинақы, ширақ, жастар секілді бос емес әлеуетті мығым. Еркектің сымбатын бағалайтын қыздардың көзіне бір көргеннен мен мұндалап тұратын былжыраған қария, аузынан сөзі түскен бозөкпе жас емес, көзін сатып қызыға қарайтын нағыз бабындағы еркек. Айдауға көнбесе жалынан тістеп қайыратын жарау сақа айғыр.
Ол «қария, шал» деп атағандардың басынан салып жібереді. «Көргені жоқтың көзі жоқ, ірігеннің аузынан шіріген шығады, өй, жетесіз, әйтпесе әлі суретін жоғалтпаған жасан тұлғамды, ақ түспеген қап-қара шашымды, піл сүйегіндей қаяусыз мәрмәр тістерімді байқастап, жасыммен емес асыл басыммен бағаласаң болмай ма?! Егер құрмет көрсеткің келсе «ағзам» деп бас исең жетіп жатыр» дейді.
Әбу Тәліптің Халифат деуі жай сылтау, оның өз ғазауаты бар, өз өмірін жасанту үшін бәрін жасайды. Ол балиғат жасқа толған балғын қыздарды жақсы көреді. Олар уылжып піскен құрмадай тәтті. Одан кейін қатайып кетеді, дәмін жоғалтады. Дәл осы балғын қыздарға оны тұла бойы иіп, еркектік қабілеті ашылады. Басқаларға тірі өлік, қыбыр еткен тірлік білінбейді. Мәңгілік жастың элексирін еркек қуатының талмай қызмет жасауы арқылы өзінің күш-қутының арттыруынан көріп, ол қуатты беретін балғын пәк қыздар деп ұғынып, тек сол қыздармен аптасына екі рет төсек қатынасында болып күш жинайтынын түсінді. Ол екі күн – сәтті күн сәрсенбі мен қасиетті жұма. Ал рамазан айынды 3-4 күнге дейін ұлғайтып, сілесі қатып жатып қалатын. Мұны ағзадағы ескірген энергияның жойылып, орнына таза энергия құйылып жатыр деп ұғынатын.
Жер бетінің хазіреті Әбу Тәліп өзіңе жаннат бағын орнатып қойған, тіпті шарабына дейін жасап алған. Пәктігін жоғалтпаған бейкүнә жас қыздардың хор қыздарынан қай жері кем. Жаңа қауыз жарған гүлдей балғын таза емес пе. Жаннат бағындағы хор қыздарының сипатының бір белгісі шығар. Өйткені бұл дүниенің ішкілігі есті таңдырып есуас қылса, о жақтың шарабы мас қылмай ләззатқа бөлейді. Әйтсе де шариғатқа қарсы келмей, зинадан аулақ әр қызбен некеге тұрып, он сегіз жасында талақ қылып, дене тұлғасын сақтап, қыздық пердесін қалпына келтіртіп, сұлу ғып тәрбиелеген қыздарын "интимный жиһад" деп бағалап халифат жолындағы шаһидтерге тарту етеді.
Абу Талип өз қыздарын таңбалап тастайды, халифатқа сіңірген еңбегінің айғағы іспетті. Үлбір гүлдей сұлулығын жоғалтпаған, жыныстық қатынаспен күннен-күнге құлпыра түскендерін қыз саудасына салатын. Оның бұл қылығын білетіндер, одан тауар алмауға әрекеттенсе де, балаң қыздардың сұлулығын көргенде тағат тауып тұра алмай, қалай сатып алғандарын өздері де білмей қалатын.
Мәңгілік билікті ойлаған Абу Талип, оны Алланың қолында біліп, жер бетінің бәрі Алла иелігінде болуын көздеп, соның жолында талмай қызмет етеді. Жер бетінде Халифат орнаған кезде ғана ол өз мақсатына толық жететін түсініп, «Халифат жауынгерлерінің» қатарын көбейтуге аянбай ат салысады. Бұл мақсатта жаратылысы төмен пенделерге «Отан, ұлттың керегі жоқ. Адамзат баласы Адам атадан тараған бір-ақ тек. Оның ұлты бір, тілі де бір. Жер бетіне Халифат орнаған соң, жерде жалғыз Ислам мемлекеті, жалғыз құран тілінде табысып, момындар еш бөлінбей бақытты ғұмыр кешетін болады. Дәл қазіргідей түр-түсімен бағаламай, Алла жаратқан тұлғасымен кемшіліксіз, хаммасы тең болып қызмет жасайды» деп өзі билік жүргізген ортасында жатпай-тұрмай насихаттайды. Күнін көріп, тамағын асырап отырған бейбақтар оған қарсы келмей бар тілегін орындайды. Қыздарын күңдікке беріп, ұлдарын «шахидтікке» сайлайды. Олар жоғалып кетсе де Алланың жердегі көлеңкесі құдіретті хазіреттен дауламайды.
Осы рабат өміріне «хор қыздарын» тағайындап тұратын Ризабектің бұл қызметnен бас тартқан соң, тілеуі орындалмай ындыны құрыған Әбу Тәліпті ашу қысып, жыны қозған бурадай шабынып кекшілдігі оянды. Өзінің пейіш тірлігіне нұқсан келтірген, Ризабектей берен жігітті сындырған Аслиге құмары ашылып, қатындыққа алмаққа ниеттенген. Бірақ жан досы Хусейн мен «Халифатты» аямаған Ризабек мұны да тек қоймасын түсінген. Тыңшыларын жұмсап, сол қызды анықтауға күш салған. Алайда денсаулығында түк ақау жоқ алпауыт жігіттер кенеттен инсульт алып, қан тамырларының жарылғаны сонша, аузынан қан атқылап құлаған.
Әбу Тәліптің пиғылын әу бастан-ақ түсінген, «Асли!» деп шақуаты басына шапқан әңгіні өлтірмей, бейкүнә қыздың басынан қауіптің арылмасын ұғынған Ризабек оны өлтіруге бел байлаған. Медғат жынды қылуды ұсынғанмен, оның да емі табылып айығып кетеді деп жанын алуға шешім қабылдаған. Бірақ бұл мақсатты іске асыру үшін жоспар құрып, қалай әрекет жасайтынын тиянақтау керек. Әбутәліптің аңсарын бағып, уақыт ұту керек. Ол үшін...
4
Ризабек Әбу Тәліпті құшақ жая қарсы алды. Қонақ бөлмесінің төріне отырғызып, құрдай жорғалап қызмет жасады. Бөлмені де құдды пейіш бағындай жасантып, тіпті тірі көбелектерді ұшырып қойған. Олар тәж сипатты төбесіне қонып, жұпары аңқыған дуалы мисктей көңілді баураған. Жан жүйесі балқыған ол сақтықты ұмытып, әдемі біреуін саусағының ұшына қондырып көрді де. Әсіресе балқұрақтай майыса иіліп қызмет жасаған балғын қыздар күллі сана-сезімін жаулап билеп алды. Оның ішіндегі жауқазын гүлдей әсем балбыраған балауса сұлуды көргенде, келген шаруасы естен шығып, Хусейн мен «Халифат» сырғып бір шетте ескерусіз қалды. Жады байланып, басты мақсатын ұмытқан жанбақы, сұлуды құшақтап мекеніне қайтты. Қасына еріп келген нөкерлері де көбелектердің иісіне арбалып, мас адамдай көздері кіреукеленіп, мәңгірген күйде артынан ерді.
Ордасына оралған соң жас балғын Жанбанудың ындынын қандыра алмай, күйекке түскен қояндай төрт аяғы аспаннан келіп шалқасынан түскен. Жүрегі талмаусырап дәрігерді шақыртқан. «Ағзаңыз әбден әлсіреген. Қабылдаған күшті дәрумендер мен жасыңыздың қуатынан артық қимылды көтере алмай тұралаған. Демалып ес жинаңыз» деп кеңес берген. Бұған Әбу Тәліп «еркектік қуатым шау тартып қалды ма» деп қапаланып күйзеліске түскен. Ал жанып тұрған Жанбану сағат сайын емес минут сайын қатынасқа түсуге дайын. Мезгілдің жиырма төрт сағатында қайысса да қынатын түрі жоқ. Дәрулі сумен суарылған қызғалдақтай лапылдап сұлулығы артпаса кемімеген. Жүзі балбұл жайнап, құмарын қайрап, балбыраған қырым етсіз сұлу тәніне магниттей тартады. Қынабы да ерекше, қанша піскілеп жатса да кеңеймей, қайта тығызданып, мүшеңді нәзік саусақтарымен қысып саумалай сипағандай, ләззат шіркіннің шырынына бойлата батырады.
Әбу Тәліп жастығы мен еркектік қуатын сақтау үшін, ауа райы ерек, өзені сарқырап аққан тау баурайында қоныс теуіп, марал асыраған. Бұл киелі малдың бір мүшесін тастамай түгел жейді. Харам болса да жас пантті спиртке, жұмыртқасын өзі жасап алған «жаннат шарабына» тұндырып, жыныс мүшесін кептіріп ұнақтап, қайнаған сумен ішіп, жануар қайысатын кезде жейтін маралшөпті тұңба қылып дайындап, мүйіз қанын ішіп кәріліктен сақтанатын. Жанбанумен айқасқанда мұның бәрі түкке татымай қалды. Бар болғаны бір аптаға шыдап, одан әрі ауруға шылдығып жатып қалды. Қартайған екенмін деп кеудесін зор мұң басып, сенімді нық шығатын дауысы бәсеңсіп, бейшара қалге түсті.
Өстіп жүргенде шаруашылығының тізгінін жіберіп алды. Басқа елдердегі сыбайластарымен форум өткізе отырып, Жанбану туралы айқанда, олар бірауыздан «сенің сақтығыңды әлсірету үшін әдейі жіберілген тыңшы» деген жауаптар алды. Әбу Тәліп бір қыздың жолында көлеңкесінен қорғанған сақтығын жоғалтып, Ризабекті уысынан шығарып алғанын осы кез ұқты. Жаннат бағының таптырмайтын құры болса да, әлгі қызды құртпаққа бекініп шақыртқанда, ол жоқ болып шықты. Түгел бақылауда тұрған камераның ілкісіне түспей ғайып болған. Күзетшілердің біреуі де көрмей «білмедік» деп иықтарын көтерген. Ашудан долданғаннан табан астында күзет басшысын атып тастады. Бірақ одан түк нәтиже болмады. Есі кіріп, күш жинаған соң, нәпсісі тіріліп, Жанбануді іздеп аңсай бастады. Оған қолы жетпейтінін біліп, ең күшті жауынгері Ризабектің жанын билеп алған Аслиге құмартып, Хусейннің оң қолы болған Назарды қолбасшы етіп, алып келуді тапсырған. Назар қызды көргенін, әп-сәтте тауып, дедектетіп алып келетініне сөз берген. Сол екі ортада ол да қан атып өліп, қыз көзден бұл-бұл ұшты. Ашуланған Әбу Тәліп мұны істеген Ризабек деп өш алуға бел буған. Өзімнің кіндік балам деп жиырма бес жыл бойы өзі тізгінінде ұстаған басыбайлы құлы бүгін бір қыздың жолына бұны құрбан етті. Мұндай кезде Әбудың жолына кедергі болып тұрғандарды жойып жіберу деген қағидаты бар. Тыныш жатқан бизнес көзіне топырақ шашқан Аслиді ең бірінші құрту керек. Оны шаһидтердің қатыны қылып, қазіргі күнәһар тірлігінен көзін ашу керек. Мына тірліктен кейін, Ризабекке жақындап еш нәтиже шығара алмасына көзі жетіп, атқыш жалдап оққа байлаған.
Ризабек те Асылды ойлап, жаны сыздап, қам жасауға кіріскен. Оған пластикалық ота жасап, жүзін өзгерте алмайды. Асылды білетін Хусейнді өлтірді. Назардың көзін құртты. Енді Әбу Тәліппен пен оның маңында жүрген жандайшаптарын жойып, Асылды біржола ұмыттыру керек. Сахнаға бетін бүркеп шыққаны жөн болды. Енді сахнаны да, құрғанда бес жылға дейін санасынан шығарып, ауылға жіберу керек. Әлгі продюцермен сөйлесіп, яки өнер саңлақтарын ортаға сала отырып, оларға нәпақасын беріп, Асылдың мүлдем дауысың жоқ деп бетіне басып, сахнаға шығармайтындай етуді ойластырды. Әйткенмен сахна деп жан ауруына ұшыраған қыз ол әрекетті елең қылмады. Алған бетінен қайтпай майда продюцерлерді жағалауды шығарды. Ризабек те қасарысып тағы бір айланы қолданды.
Талағамның досымын деп танысқан көркемдеуші:
– Талғам тумысынан ғажап аранжировщик қой. Ол жоқтан бар жасайтын керемет шебер. Көріп жүргеніңдей, одан қалған бір шәкірт, не танымал әнші жоқтың қасы. Өйткені Талғамнан шығып, жеке шығармашылыққа қадам басқанда, білікті мамандар әнші дарыны жоқтығын ашып айтып адасудан сақтайды. Ал Талғам кеңпейіл, ол бар күш-қуаты мен шеберлігін ұштастыра отырып, жай дауыстың ғажап дауыс жасап шығарады. Әр клавиштің құдіретін Алладан сезінген ғаламат дарын ғой. Сондықтан сен де адаспай, аулыңа қайтып, ән мұғалімі болсаң жетіп жатыр. Кейін шәкірттерің өрлеп, сахна төрінен орын алып жатса, ұстаз үшін ол да үлкен бақ. Меццо-сопрано ля-ның төменгі октавасынан басталып екінші октавасына дейін созылатын әйел баласының қалыпты дауысы. Бұл типтегі дауыстар ашық-қанық, ортасында толық та жұмсақ естіліп, төменгі ноталарда ауқымды алып кең тыныспен шырқайды...
– Меццо-сопрана екенімді кімнен естідіңіз, бәлкім «контра» шығармын.
Мұндай сұрақты тоспаған ол басын қасып: – Талғаммен жолыққанда естігенмін, – Әр сөзін бағып аузына тесіле қарап отырған қызды жаңылыстыру үшін шамына тию керектігін пайымдап, – Сен туралы сұрағанымда «көп қыздың бірі ғой, сахнаға тұлғасы келіп тұр, пайдаланып болғасын жібере саламын». «Оның не, жас қыздың арманына балта шауып, үмітінің қанатын кескенің қалай» десем, «Қойшы соны, талантты болса бірсәрі, құлшына кірісіп жетекке алатын. Сахнаға шыққанына мәз сұлусымақтардың бірі ғой. «Аяқ-қолым түзу болса болды әншімін» деп есі ауған әсіре қызылдарды айтпашы. Құдайдан ұят болады».
Сөз атқан оқпен бірдей, тиген жерін талқандап өтеді. Тау қозғалса қозғалмайтын Асылдың салмақты мінезінен грамм да қалмаған. «Мен сонда қума, қуғышбек екенмін ғой!». Атылып сыртқа шықты. Кафеге қайта кірді. «Көрсетемін саған қуманы» деп даяшыға қолын көтерді.
– Бір бөтелке шарап әкел!
– Қандайын?
– Ең күштісін!
Артынан біреу түрткендей болды. Салып жіберетіндей жалт қарады. Мәлике тәтесі. «Жолай өтіп бара жатып сенің отырғаныңды көріп бұрылдым» дейді. Сөйткенше даяшы шарап пен бокалды әкеп қойды.
– Ей, көргенсіз, тоқта! Жап-жас қызға мына шарапты әкеліп отырғаның қалай?! Әкімшіңді шақыр! Әйтпесе полиция шақырып, күл-талқандарыңды шығарамын.
Әкімші келді. Дау-дамайға ұласты. Тәтесі еліріп бой бермейді. Әкімші жалынып әлек. Олжас келіп ертіп кетпесе даудың қаншаға ұласатыны белгісіз еді. Үйге келген соң Асыл кірпік қақпай түнімен ойланып әлгі қудың айтқанының бәрін жалғанға шығарып, ертеңіне шабыттанып тұрды. Бірақ Ханмұраттың әрекетінен сенімі шайқалып көкейіне күдік ұя салды. Әйтсе де ол алған бетінен қайтпады. Ризабек қайтерін білмей әлек болды. Осы мезет, құдайдан сұрағандай, «Асыл жұлдызды» даулаған Талғамның туысқандары тап болды. Асылды алаяқ деп қаралап, жауапқа тартып, соттатып жібереміз деп үркітті. Бірақ оған қыңқ еткен Асыл болмады. «Даулағаны осы болса, бүгін ал!» деп қарап отыр. Ризабек бұл істі Олжасқа тапсырып, ол адвокатпен беттестіріп, Талғамның қойған қолына экспертиза жасата отырып, дауды шешті.
5
Теледидар көріп жатып ұйықтау Ризабектің әдетінде. Жай ғана суреттеріне қарап жату емес сөздерінің бірін жібермей тыңдау үшін дауысын шығартып қояды. Шаршағандықтан ба, ұзақ көрмейді, алғашқы бір-екі минуттен кейін-ақ көзі жұмылады, одан кейін ұйқының тұмасына шым батады. Теледидар да үйреніп алған, Асыл туралы түсірілімдерді көрсетіп болған соң, телехабар бағдарламасына ауысады. Ризабектің санасына еніп, ондағы хабарлар түсінде жалғасын тауып, тіпті фильмдердгі оқиғаларды өз басынан өткеріп шығады.
— В этом все дело, правда? У тебя есть то, чего не хватает моему супругу, а у меня — то, чего недостает твоей жене. Похоже, нам нужно произвести двойную пересадку души. Вернее так — двойную пересадку сердца!!!
«Пересадку сердца!». Ризабек орнынан ұшып тұрды. Қасында тұрған тетікті басты. Аслан кіріп келді.
– Көлікті дайында! Медғатқа айда, Исайдың клиникасына барамыз.
Медғат қызмет бабымен жүріп, қияли жігіт Исаймен танысып, оның жүректі өсіріп шығару туралы гипотезасына қызығушылық білдіріп, өзімен ілестіріп әкеліп, осы бағытта еш алаңсыз айналысу үшін ғылымыи-зерттеу клиникасын ашып берген. Содан бері өткен жиырма жыл ішінде клиника ілкімді ғылыми жаңалықтар ашып, Исай – профессор Исай Саламанға айналған. Оның қасында жүріп имплант жасаумен әуес Медғат ағзалардың қызмет жасау ерекшеліктерін зерттей жасанды ағзаларды жасаумен айналысқан.
Исайдың клиникасында жүректі ауыстыру кәдуілгі сағаттың батареясын алып-салғандай дәрежеге жеткен. Құдіретті Жаратушыға бас иген Исай қайырымдықты жолға қойған. Жетімханалардағы жүрек ақауы бар баларды тегін емдеу, донор табылса жаңа жүрек салып беру де бар. Осындай балалардың бірі Әбдуәлінің жетімханада тәрбиеленетін мерзімі аяқталса да, екі жылдан бері осы клиниканың тіркеуінде.
Қарақұрт Медғаттың бала Әбдуәліге қамқорлығы ашылып, туған бауырындай қарайды. Бұл жайында Ризабекке айтып еді, Аслан екеуі мазақтай күлді. «Адам баласына жаның ашымай, қиянат жасағанда шімірікпеуші едің, енді не болды?!» деп. Медғаттың қабағы түнеріп, сұстанып, қазір пинсетін сұғып алардай рай танытқан соң, екеуі де күлгенін қойып, «қарақұрт» деген атауды тыйып, Медғат Қанжарұлы Қасым деп ресми қатынасқа жол салған. Дәл осы кезден бастап олар жас емес егде тартқандарын сезген.
Әбдуәліні көргеннен көптен жүрек іздестірумен айналысып жүрген Медғаттың тірлігін білетін Ризабек, өз өмірінің жад картасын жасауды тапсырған. Асылмен шамалас жас балаң жігіттің сипаты көкейін баурап, әсіресе бұйраланған қалың қара шаштары толқынданып ес-жадын жаулап алған. Көзін жұмса, желкесінде өрілген тұлым, маңдай шаштары артқа қайырыла желбіреген жігіт бейнесі сұлбаланып кетпей тұрып алады. Көп ойланбай Әбдуәліні өз атына жаздырып алды. Тағдырдың тәлкегіне тастап кеткен әкесіне өкпелі бала қарсылықсыз бойұсынды.
Жүрек туралы көп ойға салған «Періште жүрегі» фильмі. Киноны көріп шыққан соң Ризабек үнемі толғаныс үстінде жүрді. Ғаламтор жүйесіне кіріп «Согласно опросу, проведенному в Ганновере (Германия), каждый третий пациент, нуждающийся в трансплантации, не хотел бы получить орган от преступника или самоубийцы. И половина из них отклонила бы орган, взятый у животного (например, пересаживают клапаны сердца свиньи). Суеверие? Подсознательный страх потерять самого себя? Возможно. Биолого-технологические проблемы трансплантации органов практически решены. И около пяти лет назад ученые заинтересовались психологическими проблемами, возникающими у таких пациентов. Выяснилось, что многие из них испытывают странное ощущение, словно их личность изменилась. Так, профессор психологии Бригитта Бунцель из Австрии сообщила о женщине, которая после пересадки сердца чувствовала, что в ее теле есть кто-то другой, что она уже не «я», а «мы», словно она делит свое тело с другим человеком... Из опрошенных Бунцель пациентов примерно 6% говорят об изменениях личности, связанных, по их мнению, с пересадкой сердца. В других исследованиях эта доля доходит до 21 и даже 31%, но считается, что на деле она еще выше: многие стесняются говорить о странных переживаниях, опасаясь, что их примут за сумасшедших» дегенді оқып сенімі беки түсті. Ал жаңағы фильмдегі сюжеттен кейін Ризабек нық шешімге келді. Клиникаға жеткен соң, Медғат пен Исайды шақырып, өз ойын жеткізді. Екеуі де бұл шешімді қолдап серпіліп қалды. Дәрінің күшімен жүрген баланың болашағына үт кірді, қарауытқан өміріне сәуленің алғашқы ұшқыны жарқ етті. Баланың қамын қамдаған олар Ризабекті ұмытып кетті.
Ол Медғат пен Асланды оңаша алып қалып: «Әбу Тәліппен шаруаны ілік шығармай сәтті аяқтау керек. «Асли» деп мауыққан мысықтың, оған жету жолында ешкімді аямасы белгілі. Әбдуәлінің ағзасына менікімен сәйкес келіп отырса, мен Әбуді ашық өлтіремін. Ол әрекеттің адамы. Маған әлдеқашан атқыш жалдап қойған шығар. Оның қарамағындағылардың тек қалуы мүмкін емес. Менің қорғанышымды күшейтіп, тек оқ тиетін тұсты ашық қалдыру керек. Оқ жүректен емес, бастан да емес, біз белгілеген жерден тисін. Іс-қағаздарын реттеп болған соң осы шаруаны бастаймыз. Артымда қалған екеуіңе менің лаңым тиіп кетпес үшін менен аулақ кетіп, астыртын әрекет жасаймыз. Өздеріңе әйгілі әркім өз үлесімен жүйедегі өз қызметін атқарады. Аслан Әбдуәлінің қамқоршысы болады. Әрине біз Алла емеспіз, ауытқулар болуы мүмкін. Бірақ мен қайта оралуға тырысамын».
Медғат кіндіктері байланып туған сыңарындай болған досының сөздеріне түсінбестікпен меңірейе қарап тыңдап отыр. Ол аяқтаған соң, бірдеме айтуға оқталып еді, Ризабек басып тастады. Асланды ертіп шығып кетті. Өлетінін біле тұрып, өзгенің бақыты үшін жанқиярлыққа қадам басқан досының ерлігіне елжіреп, өмірі жібімейтін көзінің сұсынан алғашқы рет жас тамып кетті. Жай ғана әуестік деп санаған Асылға деген махаббаттың ұлылығына көзі жетті. Құрбандықсыз махаббат жоқ деп жырлайтын әуейі ақындардың сандырақтары ақиқат болғаны ма!
Әйткенмен жан-жақты қарастырылып жасалған жоспар іске аспай қалды. Әбу Тәліптің атқышы жылдамдық танытты. Әлденені сезді ме, Ризабек те оқты көргендей, кері серпіліп үлгерді. Оқ тамақты жапырып өтті. Құдай сақтап кеңірдегін ғана жұлып, күре тамырлары сау қалып, қан айналымы бұзылмай, миға зақым келмепті. Мұндай боларын күнібұрын сезгендей Медғат та жедел жәрдемді дайындап қойыпты. Ризабекті салған бетте дабылын безілдетіп зуылдай жөнелді. Жаны шықпай, жүректі салып үлгеру керек. Миды сақтап қалу керек.
Медғаттың хабарлауымен Ризабектің қаза болғанын естіген Әбу Тәліп көңіл айта келді. Бұл рәсімге байланысты жоралғы орындалып болған соң, діттеп келген басты шаруасына көшті. Ризабекке еншіге берген «Қазына-Бақ» корпорациясы енді мұның иелігіне өту керек. Өйткені келісім бойынша мұрагерлік қарастырылмаған. Туған-туыстары мен үрім-бұтағы еншілей алмайды. Медғат бұған келіскен рай танытты, адвокатты шақыртып, Ризабектің жазып кеткен мұрагерлік құжатын оқытты. Рас, құжатта Әбу Тәліптің берген мүлік-жайы өзіне – со қалпында қайтарылыпты. Өз күшімен жетілдіріп-өркендеткен шаруашылықтары Әбдуәлі Ризабектің атына бекітіліпті.
– Ол кім? – деп шақ ете қалды Әбу Тәліп, – Шақырыңдар бері, оны, маған!
– Әбдуәлі Ризабек – оның баласы. «Қазына-Бақтың» қожасы!
– Сен, адвокат, аузыңды жап, әйтпесе басыңды аламын! Ризабектен әулие емессің! «Қазына – Бақтың» қожасы менмін! Мына мееен!
– Ә, Ризабекті өлтірткен сіз екенсіз ғой! Ата Заңмен бекітілген қылмыстық кодекспен жауапқа тартыласыз!
– Ей, кеңкелес, қандай заңды айтып отырсың, заң мен, «Өл!» десем өлесің, «Тіріл!» десем тірілесің, тіл мен жағыңа сүйенбе, көзіңді құртып жіберемін!
– Сабыр етіңіз, әке, сіз үлкен адамсыз ғой, түсінесіз, заңнан аттап ешкім кете алмайды. Мұрагер келсін, шешімін өзі айтар. Одан да мына өзіңізге арналып жайылған дастарқаннан дәм татыңыз.
Сол-ақ екен қонақжайға қалықтаған жұпарлы көбелектерін ерте кірген балғын қыздар талшыбықтай бұрала билей бастады. Әбу Тәліптің көзіне Жанбану елестіп, ындыны кеуіп жүрген тәні қозып, әрбір қыздың тұлғасына жеке-жеке үңіліп есі кетті.
6
Уәлі келген күннің ертеңінен «Асыл жұлдыздың» жөндеу жұмыстарына кірісті. Күндіз-түнде де әр әрпі көзді арбай, қиығын салса-ақ кідіртпей өзіне қызықтыра жетелей жөнелетін жарнама жазбалармен өрнектеп безентіп қойды. Құдды өзі ойнайтындай өңдеуіш аспаптың пернелерін басып отырып алды. Таңырқаған кейіпін жасырмай қарап тұрған Асылға:
– Шық, – деді, – "Көктем сезімді" айт.
Ол үнсіз көнді. Сынайын дегендей әнді шырқай жөнелді. Уәлі сүйемелдей шабытына қанат байлады.
Сағыныш көктемінің
Жаныңнан өткені мұң.
Сезімдер мұздақтанып,
Жүрегім сыздап талып,
Әйтеуір баяғыдай,
Жаныңда жоқ керім үн.
Әйтеуір баяғыдай,
Жаныңда жоқ керім үн.
Жұлдыздар нұрдай жарық,
Кеткендей күнге айналып.
Ал бүгін жарқылдамай,
Қарайды салқын қалай.
Біздің де жанымыздың,
Жылуы мұздай неғып.
Біздің де жанымыздың,
Жылуы мұздай неғып.
Бір кезде өліп-өшкен,
Сезімді көңіл ескен.
Еске алсам салқын ғана,
Сенбейсінң жарқылға да.
Сезімдер ғұмыр мәні,
Көктемдей құбылмалы.
Сезімдер ғұмыр мәні,
Көктемдей құбылмалы.
Асылдың Талғамнан кейін әнді тебірене жүрегімен шырқағаны осы шығар. Жан дүниесі сүйсінгеннен елжіреп көзінен тамшылап жас ақты. Нені аңсап іздеп жүргенін бүгін түсінді. Жетім көңілі анасымен табысқандай балбұл жайнады. Екі қолы аспапта ән әуенін әр ырғағына мұның даусына реңк беріп үндесе ойнаған Уәлінің екі көзі бұған телміре қарап қалған. Асыл да жанарын алмайды. Жоғалтып алған риясыз махаббатын тапқандай. Ақжарқынның тесіле қараған махаббатының сырын бүгін түсінгендей. Махаббат сұлулығы көзде ғана, ал сырт келбеті құр тұлып екенін енді аңғарған тәрізді. Жігіттің шерлі назары мұны аялай, жан дүниесі баурай, құшағына тартып бара жатса да қарсыласпай рақатқа бата түседі. Үш жыл бойы жатырқаған көңілі бүгін кеңінен жайылып айра-жайра қуанышқа кенелген. Таспаға жазылған әнді тыңдап көргенде, өте сезімді шығыпты. Қуаныштан жүзі жанған Уәлі Асылдың бетінен сүйіп алды. Ол әлсіз кері итергендей болды.
Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Күз айының жадыраңқы күндерінің бірі. Қараша қарауытып-қарауытып тұрып бүгін қабағын ашқандай. Күн сәулесі де өткір, көз қарықтырады. Студиядағы жұмыстарын аяқтап, сыртқа шығып көзілдірігін киген. Көлікке мінер сәт «Абди!» деп бір қыздың қол бұлғап шақырғанын байқап қалды. Асыл түкке түсінбей жан-жағына елеңдей қарады. Қастарында Абди деген жан жоқ сияқты еді. Уәлі де аяғын кабинаға сала бұрыла қарады, көзін біраз аңтарылып тұрды ішке кіріп отырды. «Қайдан көрдім» дегендей маңлайын уқалап ойға батты. Келесі күні де осы уақиға қайталанды. Бүгін жалғыз қыз емес, үшеуі қолдарын бұлғап шуылдай айқалады. Бірақ өткендегіден жақын, тосқауыл жасап Олжас пен Қасымхан бөгеп тұр. Әсіресе ішіндегі ақша бет, дөңгеленген бадана көзінде ерекше мейірім шуағы төгліген биязы жүзді қыздың ажары нұрланып, ерекше қол бұлғайды. Зер сала үңіле қараған Уәлі «Арука!» деп оқушы баладай ербелеңдей жүгірді. «Сіздер кімсіздер, жіберіңіздер!» деп жасқап тұрған екеуге дүрсе қоя берді.
– Әбди, таныдың ба, мені! – деген қызға, – Аружансың ғой, екеуміз бір партада отырған сыныптасым, анам қалап екеумізді қосқан көршім, сыңарым! – құшақ жайды. Екеуі құшақтасып көрісті, одан кейін бәрі шұрқырасып жөнімен кетті. Ешнәрсеге түсінбей состиып тұрған Асыл қайтерін білмей ағаларына қарады. Асланға бұрылды. Ол көліктің есігін жауып, кеткендердің соңына бағыт алды. Олжас әре-сәре тұрған Асылды жетектеп мінгізді де жүріп кетті.
Бұл тірлік енді күн сайын қайталанатын болды. Келісіп қойғандай әлгі қыз «Әбди» деп Уәліні күнде тосып алады. Ол ілесіп жүре береді. Келесі күні түк болмағандай, қаперінде қаяу жоқ студияға келеді, бұл сауал сала қарайды, ол үндемейді, тек мөлиіп, көздері арқылы еніп, жан дүниесіне сіңіп кетеді. Әрбір тілегін қалтықсыз орындап, дәл ойындағыдай атқарып шығады. Көңілінің төрін төстеп, қызбаласына тән қанша менмен-тәкаппар болса да, нәзік жүрегін жаулап билеп алады. «Жоқ» деп айтуға қауқары жетпей тілсіз бас изеп мөлтең қағып жетегіне ере береді. Далаға шықса мүлдем жат адам, әлгі қызбен табысып, бақыттан басы айналып, аузы бір тыңбай сөзді лек-легімен жібереді. Жүзі жарқын, шат көңілінің нұры сыртқа шығып тұрады. Бұл бір нәрсе айтайын деп ұмсынса сырт айналып, қыздарын ертіп тез-тез басып әрі жүріп кетеді. Аты да өзге, мұның қасында Уәлі, аналардың тілінде Әбди. Мұндай екіжүзділігіне алғашқыда терісіні симай ашуланып артынан қуып жетіп иығынан тартып қалып «Мұның не» деп тіл қатқанша, оның ызғарлы көзі аяз бүркіп, қолын қағып жіберіп: «Кетіңіз, бұдан кейін сізді бұл жерден көрмейтін болайын» деп мүлде жат адам шағатын жыландай ысылдаған. Қасында тұрған қыздардан ыңғайсызданып, одан демеу күтіп жәутеңдегенімен, бейне мазақ еткендей көздерін төңкере күлімдеген ақша қыздың қолтығынан ұстап «Шатасқан біреу ғой» деп бұрылып жүре берген. Сонда да мойымай артынан қалмай ерген. Бір күні қасында жүрген үш қыздың екеуі тоқтап, бұған қарап: – Қыздың намысыңыз қайда, кет деп сізге жол көрсетті ғой, неғып әрі жүрмейсіз. Құрбымыздың бақытына кедергі жасамаңыз. Бәріміз ұзынетекті әйел баласымыз ғой. Бір-бірімізді түсініп жәрдемсейік. Аружан Әбдиді сүйеді. Бала жасынан егіз қозыдай бірге өскен. Марқұм шешесі сәби кезінен-ақ Аруканы келінім деп атайтын. Әбди анасының ақ тілеуін орындайды. Екеуі үйленеді. Ақылыңыз бар болса сіз ортаға кірігіп, екі жастың бақытына балта шаппаңыз.
Асыл үндемей қоя салайын дейді. Бірақ күндегі тірлік әне бір фильмдегідей айна-қатесіз қайталанады. Уәлі «Асыл жұлдызға» ерте келеді. Тазалығын тексереді. Күніне екі қайтара жуғызып, айнадай ғып сүрткізеді. Гүлдердің де тазалығын бақылайды, уақтылы суын құйғызып, күтімін қаперден жібермейді. Мұның жолын тосып, көрген мезет есікті ашып жіберіп, алдына бір құшақ гүлшоғын шашып жіберіп, қолынан ұстап иіскеп, одан кейін құшырлана сүйеді. Бұл «оййй» деп ыңғайсызданып ашулана қолын тартып алады. Одан кейін екеуі үн-түнсіз отырып ән жазады.
Бұл күндері Асыл да ақын-сазгер болып кеткен. Ол үйден жазып келгенін ыңылдап орындайды. Уәліхан күйсандыққа салып түзетіп шығады. Компқа салып өңдейді. Одан кейін сахнада орындатып, бейнеклип түсіреді. Уәлінің қиялы ұшқыр. Әуен ырғағына үйлес сахнаны баптап, көркемдеп, уақиғасына сәйкес әнді жазып түрлендіріп жібереді. Екеуі тілсіз жарасым тауып, тек көзбен сөйлесіп бақытқа кенеледі. «А» деп ауыздарын ашса бақытты сәттің тұнығы шайқалып, көзден ғайып болатын сияқты. Абай айтқан «ғашықтық тілі тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл» деген осы. Жарасым тапқан жүректер қатар аяңдаған күліктердей еш алаңдамай жайбарақат соғады. Сыртқа шықты болды, алай-түлей дауыл тұнығын шайқап, кеудесінде дүрсілдеген алашапқын басталады.
Көпе-көрнеу көзді бақырайтып қойып жасалып жатқан екіжүзділікке санасы жетпей Асланға сауал салған. Ол басын шайқады. Қасымханнан сұрады «Үндемей жүре берсеңші, миың жетпейтіңге басыңды ауыртып қайтесің» десе, Олжас «түсінесің бе, қарындасым, оның махаббатындай ұлы сезім жер бетінде жоқ қой, бір сен үшін құрбандыққа барды, бір сен үшін осындай қалге жетті. Терпи, это твоя учесть. Сүйсең, көнесің, сүймесең де сол, Ризекең бір амалын табады» деп жұмбақ сөзбен пәлсапа соғады.
Бүгін де ауыр мұңның жетегінде студияға енген Асыл Уәлінің ұсынған гүлдерін алмай, қолдарын ұстатпай, аққудай сырғып қасынан өте шықты. Сөйлемейтін ауызға тіл бітті.
– Республикалық «Жарық жұлдыз» байқауы жарияланыпты, соған дайындықтарды бастасақ, қалай қарайсың, Asli?
– Неее!
– Бұл атыңды Олжастан білдім, таңырқамай-ақ қой!
Онсыз да айтайын деп жүрген ұсынысын бұрын айтқан соң, ия деп басын изеді. Бірақ дауысы жанына етене жақын сияқты. Жүректен бастау алатын сырлы да жұмсақ байыпты үнді кімнен естіп еді! Ол... Баласы екен ғой.
Айтса айтқандай, аумайды-ақ, құрақ ұшып байқау дайындығына кірісіп кетті.
7
Уәлінің бір түсінгені өзіне иелігі офисте, махаббатының тұрағы студияда ғана екен. Ал сыртқа шыққан соң Әбдидің қарамағында. Ол кейде бет бақтырмай, мұны қалаған жақтарына баспай, табандап жүрмей қояды. Аружанның маңынан айналып шықпайды. Cана мен жүрек тайталасқа түседі. Бірақ сезімі жоқ салқын ақыл жол таппай сенделгенде, кәусар сезімнің тұрағы ыстық жүрек жеңіске жетеді. «Асыл» деп қаражат іздеп офиске барады, «конкурс» деп студияға тартады. Кейде ашуға бой алдырған жүрек өш алу үшін сананы сергелденге салады. Түнгі клубтарға жетеліп, Әбдиді Аружанның көзінше басқа қыздармен жырбыңдатып, «әуселеңді көрейін» деп екеуінің ортасына от жағады. От жағамын деп жүріп кейде елігіп кетеді. Өткен шақтары қаперіне оралып, Әбу Тәліптің «жиһад» жолындағы тапсырыстарын орындап, әсемпаз қыздарды «әдемі өмірге» тартады. Олар байыбына бармай, ақ-қарасын анықтамай, кейі сұрап-білмей-ақ көне кетеді. Неге бұлай деп таңырқайды Уәлі. Ақжарқын бұларды аяушы еді, енді бала Ризабектің ақкөңілін аяққа таптаған тәкаппарлықтары үшін еш қымсынбай қылмысты ісін жасай береді.
Иә сол кезде еліне жаманшылық жасағаннан басқа көк тиын пайдасы жоқтарды шет асырғаны рас, ол үшін өкінбейді де. «Адамды жоғарғы сана деп әспеттейді, жалған, жеме-жемге келгенде төмендігін көрсетеді. Менің түкті білмей Кащей болып жүре бергенім дұрыс еді, мына сұлуларың қылықтарымен менен өткен Кащей ғой» деп таңырқайды. Қырыққа жетпеген сақа жігітті қорлап, жасына жеткізбей қартайтқаны үшін құшырлана өшін алады. Мұның бәрі сұлулығын саудалап әдемі өмірге ұмтылған қарекеттерінің ақысы. Талақтың ойыншығына айналған «Интимный жиһадтың» қыздары адам емес көлеңкеге айналады, көзге көрінбейтін елестей елеусіз қалқып жүреді.
Өткен кезінде бойына сіңіп қалған төменшік әдетімен тіл қатса да, ол қыздарға сүйкімді болып көрініп тұрды. Бір жігіттің «қыздар қырық айлалы, оларға сенбеу керек» деген сөзіне толық көзі жетті. Сымбатты жігіт көрсе, оның жандүниесінің қалтарысына қарамай, бір сөзіне жалп етіп құлай салатын, көріксіз жігіт көрсе, оның жандүниесінің жайсандығына қарамай «маймыл» деп даттай салатын кесір қылықтарына қайран қалады. Шайтаннан тиген сұлу сипаты мен құмарлықтың шабытында Әбу Тәліптің ізін қуып көзін сүзген қыз атаулының қыздан нәзік жолын аяусыз қияды.
Дін жолында жүрген Әбдуәлінің мұндай тірліктен жүрегі айнып, таң намазынан қалмай, күн шыққанша қыбырсыз отырып дұға жасайды. Аллаға жалбарынып кешірім сұрайды. Ол түсінде әрдайым құрсауда байланып жатқанын көреді. Ар жағынан «жаным, балам» деп қолын созып жылаған ақ жаулықты ананы көреді. Менің мұндай анам жоқ еді ғой деп шатасады бір ой. «Жоқ бұл менің анам Күнайым» деп тілі анасына дұға жасап жатады. Ұйқысынан жылап оянады. Орнынан ұшып тұрып дәрет алады. Асыл да ардақты анасының есімін ұмытпай тұрғанда тағы да тағы үстемелеп дұға жасайын деп тәһажуд намазын оқиды. Өз-өзіне ие бола алмай қалған күйіне налып Алладан пәрмен сұрайды. «Хақ Тағалам, сұрадым, жүрек бердің, Аллаһым, тағы да жалбарынып сұраймын, екі жүзімді біріктір, адасқандардың жолын емес, өзің салған хақ жолды нәсіп ет!». Тәһажудты таң намазына ұластырып, таң ағарып атқанша, күн арқан бойы көтерілгенше құлшылық жасайды. «Ақ жолда жүр» деп санасына жеткен Уәлінің жетегіне ереді. Сұлу деген Асыл Әбди үшін түк әдемі емес көптің бірі, бірақ жүрегі өліп-өшіп риясыз сүйеді. Асылды айрық сүйген Уәлі үшін әр қызға жасалған қиянат Асылға да жасалғандай көрінеді. Ризабектің Халифатты сату қапері тұрмақ түсіне кірмеген. Асылға ауыз салған кезде ғана ол бәрін түсінді. Ол қыздарды ғана емес өз Отанын сатып жүргенін, пайданкүнемдердің мұның туған елінің байлықтары мен асылдарын тонап жүргенін білді. Таң намазында отырып, өмірі бас қоспайтын санасы мен жүрегінің жіксіз тұтасқан сарасында Әбдуәлі ақ пен қараны өстіп айырады.
Аружан кедей отбасынан шыққан. Әдемі жүзі мен балғадай аяқ-қолы сымбатына дақ жоқшылықтың қамытында өмірлік қалдырып қоятынынына сенбейтін. Үміті аяқ асты болмай, бақытын да, нәсібін де тапқан сияқты. Асыл сияқты тікбақайдан тартынып, ақбоз атты ханзадасынан айырылмақ емес, өліспей-беріспейтіні айқын. Бірақ Әбдидің оның алдында құрдай жорғалайтынынан сескенеді. Әсіресе «Асыл жұлдыздағы» тірлігін көріп, қорқыныштан жүрегі аузына тығылады. Өйткені ондағы Әбди бөлек, мұны мүлдем танымайды. Бір күні өзімсініп күлімсіреп кіріп еді, «сен кімсің» деп итеріп шығарып жіберді. Жылап достарына барды. Білегін сыбанып алған Айгүлім «жүр, мен оған көрсетемін» деп жұлынды. «Артын бағайық» деп қандай жағдайда да сабырлығын жоғалтпайтын салмақты Үржан тоқтау салды. «Геленд Вагенді» қайтеміз деп ыржиды Гүлім. «Сен олай ойлама, гелен ваген мінгеннің бәрі бірдей бақытты емес» деп Аруды көрсетіп жымияды Үржан.
Қыздың бар қауқары көзіне келеді ғой, жылап-жылап бармаймын деп шешкен. Күнде уақытында орнынан тұрып таранып, сипанып, боянып жатқан өзін көріп, кұр есеп емес Әбдиді шын сүйетінін түсінді. Мұны байқаған достары үндемей-түндемей әдемілеуге кіріскен. Гүлім бет-жүзін әрлесе, Үр киімін таңдап әзірлеген.
Басында «геленд вагеннен» түскенін көріп, басын айналдырып алмақ еді, бала жасында оның Әбдуәлі деген аты да ұнамай Абдиге аударып алған еді. Оның үстіне жақсы оқитын баладан көшіріп алу да пайда. Анасы жапсырып жүрсе де, іштей «тақыр кедейге келін болар жағдайым жоқ, онсыз да шаң қауып жүргенім аздай, қосылып топырақ жұтайық» деп қасарысатын. Сондықтан бар деген балалардың қасында жүруге тырысатын, өсе келе оны да тастады. Мың жерден жырбаңдап жағымпаздансаң да, ол кекірейіп шалқая түседі екен. Қайта әдемілігіңді паш етіп, елемеген сыңай танытып, оқшау жүрсең, түгел артынан жүгіреді екен. Осы позицияның ұстанған Аружан 11-сыныпқа дейін жүрді. Бірақ олардың біреуі де ұнамады. Әбдиді көріп жүрегі құстай шарықтады. Ой жетегінде ол күндегі жеріне қалай жеткенін байқамай қалды. Құшағында толы гүл «Арука, Аруым менің!» деп Әбди жүгіріп келеді. Оның ақша қызға деген сезімін бағамдаған Асыл енді одан бойын аулақ салды.
Бұған шыдай алмаған Уәлі Медғатпен сөйлескеннен кейін қарсы шыға алмады. «Біз құдай емеспіз. Сана жеңе ме, жүрек жеңе ме, оны Алла біледі» деп қолдарын жайды ол. Бір қуанғаны, бұрын Талғмнан қызғанып, бүгін Абдимен ортадағы күйді бастан кеше жүріп, Асылда Талғамға деген махаббаттың жоқ болғанын, өнер жолында шығармашылық қатынас қана болғанын түсінді. Ол Абди қарсы болса да сүйрелеп апарып Асылдың ән жазуын тоқтатпады. Пернеде отырып ән шабытында нұрланып тұрған Асылдың жүзінен көз алмады. Екеуінің жанарлары тоғысып жүректі баураған ғажап сезіммен тұтасып айрықша нұр шашты.
8
«Қазына-Бақтың» мұрагерінің орнына отырғанын естіген Әбу Тәліп мықты деген нөкерлерін қасына ертіп Әбдуәліге жолығуға келді. Әбдуәліні көргенде ай-шақ жоқ, дауға басты.
– Мынаның бәрі меніке, ұмытпа! Әкең өлді, мен қайтып аламын, есепшотты дайында!
– Ассалаумалейкум, қария, алдымен амандасып...
– Өйтіп мені алдаусыратпа, мен сәлемге зәру емеспін, ақылың болса, алдыма келіп сәлем берер едің. Мына мүлік-дәулеттің исламның дамуына қосар үлесі мол. Хақ жолында Ризабектің өсіп-өнуі үшін сыйға тартқан едім, бірақ ол адасып, бір төмен етек үшін ұлы мақсатты аяқ асты етіп, сатқындық жасады, сөйтіп Алланың қарғысына ұшырап өлді. «Қазына-Бақ» менің игілігім, адвокат алып келдім, заңды құжат жасап қайтып аламын.
– Кім айтты оны саған, бірінші түріңе қара, тегіне қара, мұның бәрі менің жерімде, отанымда тұр, демек мұның бәрі менің меншігім.
– Мұсылманда отан, жер деген жоқ, бәрі ортақ. Әкеңдей тал түсте адаспа, Алла қаһарына ұшырайсың.
– Бәлки, Әл-Адлдің қаһары сендерге түсер. «Ұлттар мен ұлыстарды жараттым» деген Алла сөзіне қарсы шыққан нағыз кәпір сендер шығар. Ислам бейбітшілік діні, ол әр ұлттың салт-дәстүрімен санасып мәзхаб шығарған. Сенің лаңкес пиғылыңды Алла қолдамайтыны айқын.
– Халифат жолындағы Ғазауат соғысында ұлт жоқ, отан жоқ, тіл жоқ, ділі құран, тілі құран, сөзі мұсылман бауырлар ғана бар. Бұл ақиқат жолы. Алла белгілеген хақ жол. Жер бетінде тек күшті тектің тіршілік ететіні аян болып қалды. Сол озық ойлы алдыңғы қатарлы ғалым адамдарды бір дінге біріктіріп жер бетінде билік жүргізетін сәт туды. Бұған әр нәрсеге құлшылық жасаған екіжүзді дін емес Бір Аллаға хақ ислам діні сай.
– Жер бетінде ұлт жойылып, мемлекет жойылып, бар адам бір патшаға бағынған кезде ақырзаман орнайды деген. Сен және сен сияқтылар ақырзаманның зор белгісі дажалдан еш айырмашылықтарың жоқ өркениетінің басты қатерісіңдер.
– Сыбайдас-жемқорлықпен уланған елің туралы маған айтпай-ақ қойшы, ақша берсең жанын сатып жіберуге дайын іріп-шіріген отаныңда парасыз ешкім жетістікке жетпейді.
– Ол кеңес өкіметінен қалған бюрократтар болмаса, қазіргі заманның тәуелсіз азаматтары сатқындыққа бармайды.
– Мұндайға шариғат үкімдері жүретін халифат керек. Сол кезде әр адам Алла дарытқан қабілетіне қарай өз орнында жұмыс істейді. Әр бөлшек тиісті қызметін атқарып кедергісіз алға жылжыйды. Қазір әркім пара бергеніне қарай орын тауып, ел дамудың орнына жалған ақпаратпен балшыққа батқан көліктей тығылып тұр, – Бала деп келгені бәле болып шыққанын түсінген Әбу Тәліп айлаға көшті, – Біз Хақ жолында жүрміз ғой, Алладан асқан ешкім жоқ, әркім өз жазасын тарту керек. Бизнесменде отаншылдық пайда болғанда даму болмайды. Саудагерде отан жоқ. Саудагер Мұхаммед әлемге саудасын жүргізу үшін ислам дінін ойлап тапқан. Мұсылмандарда мекен жоқ тек шариғат заңы бар. «Отан» деп ойдан шығарылған қызыл сөзге ергендерге өсу тежеу, даму жолын зерделей алмайтын көрсоқыр. Ол енді серіктесің де, досың да емес, қарсыласың, шептің арғы бетінде қалған жауың. Осыны ойла, балам. Бүгінгі шалқыған дәулетің емін-еркі көсіле сөйлеп, әмір бере сөйлеп отырғаның мына баршылықтың күші. Ризабекпен жасасқан келісімшартты жаңғыртып, сіз-біз дескен ынтымақта жемісті тірлік жасайық. Ұлы дініміздің жер бетіндегі билігі үшін «Халифат» жолында риясыз қызмет жасайық.
– Мына жасан дүниеде байлық пен дәулеттің ешкімге қажеті жоқ екен. Зияннан басқа еш пайдасы жоқ. «Халифаттың» да, Жаһанданудың да көздеген мақсаты бір. Екеуі де жер-әлемге билігін жүргізу. Тек «Халифатты» лаңкес деп жариялап, жаһандандандыруды заңдастырып қойған. Ислам әлемі 73 тарапқа бөлініп, қияметтің қамын баптап, Алла берген нақты өмірдің дамуынан сырт қалып жатқанда, жаһандану жалында отырған шонжарлар бәрін ысырып тастап, өркениет тетігін қолына ұстап, алдыңғы қатарлы технологиясымен бар әлемді жаулап, тілі де ғылым тіліне айналып, адамзат құлқын қарусыз ділімен-ақ билеп алған. Халифат жолындағылар құранда жазылған «білім ал, білім ал, білім ал, ғылымды игер» деген сөздің мәнісін еңсермей, дамудан мақұрым күйкі тірлікпен айналысып кетсе, керісінше құранның «оқы» дегенін дұрыс түсінген жаһандықтар технологияның түр-түрін шығарып, Алланың адамға берген құдіретінің шексіздігін танытуда. Бұл дәуір өркениеттің дәуірі. Қасаңқағида жалаң уағыздардың ауанында тіл мен жаққа сүйенбей, адам игілігіне жаратқан Алланың табиғат заңдылықтарын игеріп, өркниет төбесінде насихат айтып, жамағат көбейтетін уақыт.
Әбу Тәліп үнсіз қалды. Сана-сезімі уланған мынаның әкесінен еш айырмашылығы жоқтығын байқады. Өзімнің кіндік балам деп, жиырма бес жыл бойы өзі тізгінінде ұстаған, басыбайлы құлындай болған ол да бір қыздың жолында мұны сатты. Ұлы мақсаттың орындалуына кедергі жасағандарды жойып жіберу деген бұлжымас қағидат бар. Ал осы фитнаның тетігі, құйып жатқан бизнестің көзіне топырақ шашқан, әлгі Аслидің көзін ең бірінші жою керек. Оны шаһидтердің қатыны қылып, қазіргі күнәһар тірлігінен көзін ашу керек. Мынау да сонымен әуейі болып, тура әкесінен аумай, сол қыздың көтінде жүрген сияқты. Тұрып жатқан мемлекетінің заңымен жымдастырылған мұрагерлікке жасар шарасы болмай, жас Әбдуәлі бұл жайында қаперіне алмай тұрғанда көзін жойып, «Қазына-Баққа» қол жеткізуді ойлады.
– Ақылың бар ма десем... Әрине жассың ғой. Әкең Ризабек сендей кезінде еш ойланбай, Хақ жол – исламды риясыз қабылдап, қалтықсыз қызмет жасап еді. Бертін келе сайтанның құралы бір етек үшін дінін сатты. Әрбір әйел кісінің қойнында бір шайтан болады. Біреу сырттан қарағанда, шайтан ол әйелді жақсы-сұлу етіп көрсетеді және ол әйелге кейбір істерді орындауды үгіттейді. «Шашыңды жайып, бет- әлпетіңді бояп, қысқа киімдер киіп өз-өзіңді күт. Басқалар саған таңдана, құмарлана қарайтындай болсын», – дейді. Ол әйел де бұлжытпай орындайды... Сөйтіп әкең осы кепті киіп, жүрегіндегі асыл сенімді қуып шығып, сайтанның қолжаулығына орын берді.
Асылға күйе жаққан мына әділетсіз сөздерді естіп Әбдуәлінің көздері шатынап кетті. Кеудесінде булығып долырған ашуы кеуіп сыртқа тепті. Өрекпіген демі алқынып шықты. Алайда, осы әрекеттерге кереғар, дауысы бәсең байыппен сөйлей жөнелді.
– Әркімнің өз шариғаты бар, ол пайымында. Қалай пайымдайды, шариғатты солай ұстанады. Олар адастым деп те ойламайды. Мұндай түйткіл қаперіне кірмейді де. Ойындағы шариғаты қаз-қалпында орындалмаса ол ешкімді де аямайды, жақынын да жазалайды. Оқымаған білімсіздер надан келеді, дүмше деген солар, ең ақыры Алланың көзге көрсетіп бұйырып тұрғанын да теріс ұғынып өз тілегін орындайды, оны Аллаға жабады. Мен Аллаға сыйынып, өз ұлтымды ұмытпаймын. Алла әр ұлттың қамын салт-дәстүріне қарай сайлаған.
Жасына сай емес салихалы сөйлеген Әбдуәліге Медғат үңіле қалған, қазір бірінші жақ сөйленді, енді қарама-қарсы екінші жақ сөйлеу керек еді, аузын бағып күткенімен ол үнсіз қалды. Іште жатқан адуын ер ақылды жастың уәжіне бас иген тәрізді.
– Әйтсе де, кім келсе де құшағын айқара ашқан қонақжай халықпыз ғой, өзіңізге арналып жайылған дастарқаннан дәм татыңыз, Әбу.
Сол-ақ екен қонақжайға қалықтаған жұпарлы көбелектерін ерте кірген балғын қыздар талшыбықтай бұрала билей бастады. Осы қыздардың бірі Асли болар деп алданып, Әбу Тәліптің ындыны кеуіп жүрген тәні қозып, әрбір қыздың тұлғасына жеке-жеке үңіліп есі кетті. Осы сәт шым еткізіп қолын әлдене тістеп алғандай әсер қалдырды. Жалт қараса қолына қонған көбелек, жанын арбаған Жанбанудың көзімен мөлдіреп тұр.
Кездесу сәтті аяқталды. Медғат Әбу Тәліп пен ере келген нөкерлеріне ажал заһарын екті. Өзінің на-на көбелектер арқылы індет таратып, жанпида досының соңғы тілегін орындады. Асылды аулаған қанішерлер кенеттен қызға жақындай қалса, қолындағы білезігі бойларындағы на-на вирустармен байланысып әрекетке кіріседі, қан қысымдары көтеріліп, аузы-мұрнынан қан атып, табан астында мерт болады. Әбу Тәліпке егілгені ерек, ол енді жыныстық қатынасқа тоймайды, толассыз қатынастан зорығып жүрегі жарылып өледі.
9
Әбди Аружанға ілесіп туған жеріне, көріп қайтуға ниет қылды. Анасының моласына соғып, құран оқып қайтпақ. Асланның қызметінен бас тартып, жолаушы көлікпен баруға бел буды. Аружан жеңіл көлікті қалаған еді, бірақ Абди қабақ шытып жақтырмаған соң үндемеді... Ауылын сағынғаны соншалық, терезеден зуылдан өтіп жатқан көріністерден көз алмады.
Сәуір айы. Жер жылып, көк бой алып, қызғалдақтар құлпырған уақыт. Жол жағалай жарысқан адыр-төбелер қып-қызыл. Ашық тұрған желкөзден көкмайсаның тәтті лебі бет-жүзін аймалап, туған жерге деген сүйіспеншілікті меймілдетіп, кемерінен асырады. Ауылға деген сағынышы дегбірсіздікке басып, кішкентай баладай сабырсыздана берген соң көзін жұмды.
Байқамай жолдың ойығына тап келіп шалт бұрылған көліктің шайқалысынан оянып кетіп, жан-жағына адырая қарады. – Қайда кетіп бара жатырмыз, тоқта! – деп ақырды. Орнынан тұра жүргізушіге қарай ұмтылды. – Абди, Абдеш, не болды саған, сабыр етші! – деп кеудесінен тосқан Аружанға ызалана қарап. – Ә, сен екенсің ғой, мені ұрлап бара жатқан! – деп тамағынан шеңгелдей ұстап қылқындыра жөнелді. Қолының қаттылығы сонша, Аружанға дем жетпей, жүзі сұп-сұр болып, жантәсілім етуге шақ қалды. Қасындағы жолаушылар екі қолынан ұстап тартса да дес берер емес. Көлікті кілт тоқтатқан жүргізуші, қолына балғасын алып «мынамен ұр, соқ, аяма» деп бақырғанша, көлік есігін ашып жіберіп, кіріп келген Аслан: – Басеке, оныңыз не, біз мұндамыз! – қолын бұлғап ұн қатқанда, қасында тұрған Иманды көргенде есін жиып, Аружанның мойнына қолын тартып алып, ес-түссіз жатқан қыздың бетін шапақтап, «Арука! Арука!» деп шырылдай жөнелді. Иман қызды дереу көтеріп, далаға алып шығып, жол шетіндегі көгалға жатқызды. Әбди жүрегіне массаж жасап, аузына ауа үрлеп, тыныс алдыруды жасай жөнелді. Абырой болғанда, сәлден соң қыз көзін ашып, үстінен төніп тұрған Әбдиден шошынып, Иманның кеудесіне тығылды. Ол Асланға бұрылып, қара джипке қарай жүрді.
– Боржасық неме, менің өміріме қайдан пайда болды, мен оны өлтіріп тастаймын. Бүгінше дегені болсын, айдаңдар соның аулына.
Мұндай сұмдықты басынан өткеріп көрмеген Аружанда зәре жоқ. Иманға тығылып, күллі бойын билеп алған үрейден есін жинай алмай қалш-қалш етеді. Абдиді көргісі келмей, одан жан дүниесі тітіркене қорқып, алдыңғы орындықтың қалқасына, шошынған сәбидей аяқ астына бұғынады.
Ауылға жетіп, көліктен түскен мезет, алды-артына қарамай үйіне қарай құстай ұшты. Есік алдында күтіп тұрған анасының құшағына тығылып өксіп-өксіп жылады. Анасы түкке түсінбей абдырап қалды. Өзіне қарай күлімсіреп келе жатқан Абдиге жалтақ-жалтақ қарады. Ол «Ана!» деп Аружанмен қоса құшақтай алды. Қыз безе қашып үйге кіріп кетті. Жылаудың көкесі енді болды. Абди тоқтай алмай еңкілдеп тұрып жылады. Қаперіне кірмеген мынадай уақиғадан ыңғайсызданған ана оны ертіп үйге кірді. Арттарынан Иман ерді. Аружан басқа бөлмеге еніп шықпай қойды.
Уәли көліктен түскенде кімге айналатынына көзі жетіп, Асланға бұл жерден кетіп қалуды тапсырды. Туған жерім деп құстай ұшып жеткен Әбдиге, аңсап келген құсалы жанға кедергісін тигізгісі келмеді. Өзі де дүниеден өтіп, тірі жүрген ата-анасымен қауыша алмайтынын тап қазір түйсініп, үнсіз мойындаған еді. Адам баласына әке-шешенің орны бөлек, есейіп-ержетіп, тіпті өлмелі қалдегі кемпір-шал болсаң да, олардың орны ерек, соңғы демге дейін жүрек төрінен түспейтіні хақ екен.
Аружанның әкесі Қасымбек келген соң, анасы оның бөлмесіне енді. Теріс қарап соткасын шұқылап отырған қызын бауырына қысып, жылаудан албырап ісінген бетінен сүйді. Не болды деп сұрап еді, кызы басын шайқап, сөйлейтін рай танытпады. Ары-бері алдаусыратып сыр тартып еді, жұмған аузын ашпады. Әрекетінен түк шықпасын байқап, екі құрбысына қоңырау шалып, тез жетулерін сұранды. Сол екі ортада Қасымбек кіріп, Әбдиді зиратқа апарып келетінін айтты.
Анасының қабірін көрсеткен соң, Әбди құран оқыды, дұға жасады. «Анашым, дүние жалған десе, ол неге жалған, міне көз алдымызда жарқырап тұр ғой деп таласушы едім. Қаперімде ештеңе жоқ, асып-тасыған көңілімнің жетегінде, еш алаңсыз шаң қауып ойын қуатынмын. Тек мектепті жәрдем есебінде берілетін киімді алғанымда, төрт көзі түгел бақырайған сыныптың алдында өзімді мүсәпір сезініп қорынып қалатынмын. Өзіңе келіп «ендігәрі мұндай киімді алмаймын» деп қиғылық салушы едім. Бірақ сен үндемей-түндемей жиналып жұмысыңа кете баратынсың. Меңірейген үйдің суық қабарғаларына қамалып, әлдеқандай жымысқы мұң сыналап санама кіре бастағанда атып шығып, ауыл сыртында доп қуып жүрген достарыма қарай зымырай ұшып, «әу» деп ауыздарын ашқанша ойран-топыр ойынның қақ ортасына кіріп кететінмін. Жаңағы мұңға жеткізбеймін деп қанша жанталассам да ол қуып жетіп, әбден сілем қатып шаршаған кезімде санамды шиырлап, әкем туралы сауалдармен көкейімді қаузайтын. Қыңқылдап сұрай берген соң, бір күні аямай шапалақпен тартып жібердің. Содан ол сұрақ мазаламай санамнан ізім-ғайым жоғалды. Әйткенмен мұң шерге ұласып, сексеуіл шоғындай сөнбес қозаға айналды. Басыма ауыртпалық түскенде тұтанып отқа айналса да, өртке ұласпады. Білім алсам, ғалым болсам, өзіңдей қасиетті асыл жанды тастап кеткен ақымақ адамға дәлелдеу үшін, сені көкке көтеріп, қазіргі заманның әдетінде даңқыңды шығарып, құдіретіңді танытсам деп едім. Бірақ...»
Жер – көк – аспан – қабір – қаққан қазықтай сұңқиған адам – қыбыр еткен ештеңе жоқ, тіршіліктен ада тылсым дүние. Тек Қорқыттың қобызындай ызыңдаған жылауық жел құлақты теседі. Жалғыздықтың не екенін тұла бойымен түйсінген безбүйрек жүрек те сыздап алғашқы рет шаншығандай болды. Бәлен уақыт отырған орнынан тапжылмай, қимылсыз қақайған досының төбесінен ерекше ысыған күннің табы өтіп, ауырып қала ма деп қипақтаған Иман, амал жоқ қасына барып сірескен мәйітті көтергендей сүйемелдеп әрең тұрғызды. Әбдидің көзінде жас жоқ, үнсіз соңынан ілесті. Қайтып келген соң, Аруканың мазасын алмай, жолға шықпаққа ниеттенді. Анасымен тұрған үйінің табалдырығын аттап, маңдайшасына маңдайын түйістіріп, шүйіркелесіп ас ішкен жеріне отырып, жатын бөлмесінде анасының қойнында жатқан мезетін елестетіп көрсем деп еді, ол ойы да орындалмады. Өскен жайы бұзылып, мал қорасына айналыпты. Жанына медеу бір белгі қалмаған соң туған жері де жат болып, қарайлайтын жан да сырт беріп, жалғыздықтың зары көкейінде сарнағаннан, қашып құтылуға асығып, Асланға қоңырау шалмаққа телефонын алды.
– Жоқ, бала, кете алмайсың. Көрші ақысы қиын, о дүниеде Алланың талқысында қаласың дейді. Мал алып, анаңа бағышылап құдайыңды таратып, жол түссе, ертең қайтасың. Сабыр ет, балам.
Ия, айтпақшы, құдайы тамақ бар екен ғой. Әбди Қасымхан әкенің сөзін құп алды. Түнде Айгүлім мен Үржан жетті. Олар ешкімге кідірмей бірден Аруканың бөлмесіне өтті. Ол әрең шыдап отыр екен, амандаспай жатып жылап жіберді. Кемсеңдеп отырып басынан өткен зауалын бүге-шегесін қалдырмай айтып берді.
– Жынды ма, не ол! Ма-паңа айттың ба? Үйде неғып жүр ол? Көзің құрту керек қой! Бүйте берсең, бір күні қылқындырып өлтіре салар.
– Сабыр ет, Гүлім. Алдымен ақ-қарасын білейік. Содан кейін шешім қабылдасақ та кеш болмайды ғой.
– Нуу, конечно, как всегда, сенікі осы ғой. Ал, айтшы, кәне, не істемексің, ақ-қарасын қалай білмексің?
– Енді, былай нетіп, шақырайық, сөйлесейік...
– Аһа, Арука аздай, ууу, бізді де қылқындырсын. Нет, не хочу, психологсың ғой, сен-ақ сөйлес.
– Қолыңмен көрсетпеші, есіме түсіріп, әлі көз алдымда, ойыма оралса дірілдеп кетемін.
– Енді не істейміз, оу, ақылды?
– Мен қайдан білейін, Арука айтсын. Жақсы-ақ жігіт қой, анасы қайтыс болғанда «жүрек ауруына ұшырап, клиникада жатыр» деп естігенмін. Күшті дәрілерді қабылдағаннан ағзасы уланып, сондай болып қалған шығар. Өзі жалғыз, қол ұшын созар ешкім жоқ. Жәрдемдессек болмай ма? Ең болмаса себебін сұрайық.
– Сонда да қорқамын, жыны қозып қалса, қайтеміз?
– Жын демеші. Қасымызда жүргенде жынды емес сияқты еді ғой. Қалағанымызша қаланы аралатып, сұрағанымызды, тіпті таңдағанымызды қымбатсынбай алып беріп еді ғой. Сендерге тиіспейтін шығар, маған неғылса, қорғап қаласыңдар ғой.
– Ой, сондай дәу жігітке біздің шамамыз келе ме? Екеумізді екі жаққа шиіріп жіберер.
– Онда балаларды шақырайық.
– Ауылда кім бар?
– Асхат пен Нұрбол ауылда деп естігенмін.
– Ия, олар ауылда. Мал бағып, кәсіпкер боламыз демеп пе еді.
– Да, да, дұрыс, дұрыс, екеуі де здоровый, екі жағынан ұстаса, тырп еткізбейді.
– Онда, шығайық. Гүлім, сен оған маяк таста, Арука, сен балаларға хабарла.
– Ой, пысық, ал сен ше?
– Ал мен сөйлесетін орын дайындаймын, давай кірісіңдер.
Үш қыз ұма-жұма сыртқа шықты. Қоңырау шалып әуре болмай-ақ, есік алдында тұрған Әбди «Арука! Арука! Кешірші мені!» деп өзі-ақ жүгіріп келді. Жаңағы қорқып отырған Айгүлім батыр боп кеткен. Алдына тұрып алып, кеудесінен қос қолдап итереді. Бір жағынан бойы жетпей Үржан да қалқалағансыйды.
– Қыздар, сендер де кешіріңдерші, бірақ түсінуге тырысыңдаршы. Бәрін айтып берейін. Арука менің өмірім ғой. Анамның көзі ғой. Ол кісі бір жамандықты сезді ме, Аруканы маған теліп, әрдайым мақтап «жанынан қалма, басқаларға берме, қорға» деп үнемі жадыма құйып отырушы еді... Бәрі ойдағыдай жақсы-ақ болып келе жатыр еді... Жүрегім...
Ары қарай қарай айтқызбай, артық құлақ естімесін дегендей ауладан сыртқа алып кетті. Артынан екі қыз ілесті. Олар үндемей жүріп отырып Үрдің үйіне келіп кірді. Аң-таң болып анасы қарсы алды. Қызына сұраулы жүзбен қараған. Ол анасының бетінен сүйіп «бәрі жақсы» деп қасыңдағылармен өз бөлмесіне өтті. Қоныс аударуға әзір, әр бұрышын тазалап, қыздың жиған жүгіндей үй сатуға дайын қатып тұр. Мұны байқаған қыздар бір-бір орындықта қақайып отыр. Әбди тұрған қалпы әңгімесін айтып өтті.
– Ия, біз екеуміз, сенсеңдер де, сенбесеңдер де ақиқат осы. Ол басқаны, мен Аруканы сүйемін. Ол да өз сүйгеніне деген сезімін жоғалтпау үшін менімен күреседі. Мен де...
– Онда...
– Жоқ, мен бұл жүректен бас тарта алмаймын. Өйткені жүрек ауыстырған адамдар, бөтен екі тән бір-бірін қабылдағанша дәріні үзбей уыстап ішеді. Менде ондай жоқ. Ұйқым тыныш, денсаулығым мықты. Мына дүниеді тұл жалғыз қалған мен үшін осындай күшті жүрек керек. Анамның атын өшірмей, дүниеге үбірлі-шүбірлі көп ұрпақ әкеліп, немере сүйіп, немене көріп, алып бәйтеректей саялы әулет құрғым келеді. Жанымда жүрегіммен құрметтеп сүйген Аружанның болғанын қалаймын. Бір минутта ұзатқым келмей сөз салмақ ойым бар. Жаным, қолым міне, жүрегім міне, – деп тізерлеп отырып Аружанға қорабын ашып, бірлән таспен апталған неке жүзігін ұсынды. Арыстанның қармауына түскен жайрандай Аружанның жанары жәутең-жәутең.
– Неменеге асығып жатсың? – деді Гүлім, – Арука әлі кішкентай ғой, үйленетін жаста емес.
– Асықпасаңшы, асыққан сайтанның ісі, – деді Үрім, – Сезім бар жерде, сенім де бар. Оқуларыңды аяқтап, еш алаңсыз бас қосқандарың жөн ғой.
– Мен күтіп жүре алмайды екенмін. Бүгін бар да, ертең жоқ дүние, Арукаммен тезірек бас қосып, ұрпақ сүйгім келеді.
– Тем более, шешілмеген мәселе көп...
– Ал сен алды-артын ойламай асығасың.
– Есімнен кетпейді. Әлі хат жазыспайтын балдырған кезіміз. Туған күнім болатын. Алдыма біреу шимайланған парақты қоя салды. Бастапқыда мән бермедім. Кейін ысыра салдым. Үзілістен келсем әлі тұр. Зер салсам, қаламсаппен салынған жүректің суреттері мен жазу тұр. Оқи жөнелдім «Жаныым!!! Арука туған күніңмен!! Өмірің ұзақ болсын, ешқашан ауырма. Бақытты бол. Мен сен қатты қатты жақсы көремін. Жаным сол әрқашан күліп жүр. Жәнеде менің және менің ғана единственная жан жолдасым бол. Сенің жан жан жақсы көретін Ә-иің». Сол кезден бұл хат менің жүрегімде сақталып қалды... Мен келісім беремін. Сенің жөніңді білмей қорыққан едім, енді түсіндім, бар ауыртпалықты бірге көтереміз.
Айгүлім мен Үржан да, ар жағынан естіп тұрған Үржанның анасы да мына сөзге қайран қалып ауыздарын ашып қалған.
Қайтар жолда Әбди мен Уәли дауласып қалды.
– Сен маған қайдан тап болдың, бүйтіп құлдықта өмір сүргенше өлген артық. Жүрегіме жақын жалғыз-ақ адамымен жақын жүріп араласа алмасам, сүйе алмасам, қосыла алмасам, несіне тірі жүрмін деймін!
– Саған қайдағы махаббат? Сенде жүрек жоқ қой. Махаббат жүректе болмай ма?
– Иә, сенің айтқаның дұрыс шығар, бірақ сен менің жадымды жоя алмассың. Оның үстіне Алла махаббатты жалғыз жүрекке ғана емес, бүкіл ағзаларға да берген. Олар да Алла берген өз мүмкіндіктерімен сүйеді.
10
Ризабек бүгін ғана бәрін ашық түсінді. Ол ерек жаратылған жүрегінің жетегінде риясыз сүйді. Мейірімі тасыған ерекше сезімімен Асылды айрық санап, оның жолында талай адамды құрбандыққа шалды, опа таппады, оны тәнінің кемшілігінен көріп өзге адамның қуысында да өмір сүріп әрекет етіп еді, онда да опа таппады. Көңілін дауасыз шер кеузеп, тұңғиық ойдың қойнауында бөлмесіне Медғатты шақырды. Ол келген соң жүзіне, Әбдидің әрекетін есіне сала, сауалмен көз тастады.
Алла «құранды оқы да құлшылық қыл, түбіріне үңілме десе», Медғат та осыны ұстанады. Құдайдың қалауымен әмір сайланған босс айтты болды толғанбайды, қалтықсыз орындайды. Өйткені Алланың құдіретімен билік жүргізіп отырғандарға қарсы келуге ешкімнің қақысы жоқ. Оның үстіне Ризабек мұны бір қатерден алып қалған. Жас кезінде қыздардың пәктігін қалпына келтіруге байланысты қателік жасап, Әбу Тәліп тұрақты алармандарының алдында кінәлі болып, кірсіз атына дақ түсіп, іскерлік беделіне нұқсан келіп, ауқымды айыппұл төлеп әрең құтылған. Күмәнді тауарлардың орнына Ризабек жедел табиғи пәктерін тауып беріп, Медғатты бір ажалдан құтқарып, өз қанатының астына алған.
– Ризеке, осы денеден сізге сәйкес келер артық тұлға жоқ. Оның үстіне сізді Ризабек деп таныған Асыл сізді өлдім сүймейді. Өзін ғана сүйген менмен тәқаппар қыз алдына кілем боп төселсеңіз де елемейді. Абдиге рұқсат беріп, жүрегіңізден ол қалаған қызға орын беріңіз.
– Мен олай істей алмаймын. Жан жүрегімді баураған Асылға деген зор махаббатым Аружанға деген тинамдай сезімге жол бермейді. Сен адам санасына сыймайтын қиялды шындықа айналдырдың. Өзгенің кеудесінде тұрып, өзіндік менін жоғалтпаған мені жасап шығардың. Саған сенімім мол. Асылдың қиялындағы жігітінің тұлғасын тауып, маған арнап жаңа дене өсіріп шығармайсың ба? Менің жадымның қойнауы – миымды сақтап қоймап па едің? Айтқан тапсырмама қажетті материалды тәнімнен алып қалмап па едің? Енді соған кіріс! Адам жаратушысыз екі өмір сүре алмайды екен. Мен бұл жүректен кететін шығармын. Сүйген санаға жүректің қажеті не?! Оны сүйетінімді жадымда сақтасам жетеді. Өмір бақи сүйіп өткен жүрек өз мекенін тапқан сияқты. Жады мейіріммен cусындаған жанның көкейінде өмір сүре берсін. Құдіретті Алла да ерік берген екі жас өз қалауымен өмір сүрсін. Сен менің соңғы тілегімді орында, мына қатыбас дүниеде адам қаражатсыз толық өмір сүре алмайды. Екеуін ақшадан тарықтырма. Үйлену тойын теңіз үстінде ақ лайнерде дүркіретіп өткіз.
Ризабек бұл жолы екі жастың бақыты үшін өзінен артына еш белгі қалдырмауға тырысты. Тек құмарлықтан ада пәк махаббат пен нұрланған өмір сыйлады. Медғатпен шаруасын тәмамдап болған соң, садақтан атылған жебедей зымырап «Асыл жұлдызға» жетті. «Жарық жұлдыз» мегажобасы да таяп қалған еді. Дайындаған әндерінің жетістігі мен кемшілігін сараптап, қайта орындап қателіктерін түзегендей болды. Әйткенмен, алаң кірген көңілдің ауанында ән ойдағыдай шықпады. Жаз айының ми қайнатар ыстығында сілбіреп жауып тұрған жауынға терезден қарап тұрып екеуі үнсіз бір-бірімен тілдескен.
– Mенің өзіңе деген сезімім арқылы Алла саған деген махаббатын жеткізіп, сенің жай адам емес, таңдаулы екеніңді білдіретін шығар.
– Бала шағында қиыншылық көрмей ата-ананың мейірім-шапағатында өскен бала қатыгез тәкаппар болып өседі. Ата-анадан жырақ өскен, шетқақпай көріп, ауыртпалық көрген бала мейірімді кішіпейіл болады.
– Мұны не үшін айттың?
– Рас, Ризабектің жасы егде, шашы жоқ, айнабас, ол мені өліп-өшіп сүйсе, төрт құбыласы тең, талантты Әбдуәлі елемеді, дене-тұлғасы үйлеспеген, дарынсыз Аружанды қалады. Неге?
– Тағдыр деген осы, – деп жауап қатады Уәли.
Иығың қиқаң еткізеді Асыл. Бас игісі келмесе де, көз алдында өтіп жатқан тірлікке қарап еріксіз мойындайды.
– Мен еш кінәм жоқ, Алла адамды солай жаратқан, сәл кінәрат байқаса сырт қарайтын, – деп ақталады іштей.
Көліктері де ерте келіпті. Екеуі қосақтала есіктен қатар шықты. Қолдарын бір-біріне жанаса тиіп кетеді. Алаңғасар «кішкентай бөбектер» бір-біріне жабыса айқаса кетеді. Бұл тамаша сәтті үзбей жалғастыра берсе болар ма еді, әйткенмен қазір Аружан келеді. Екеуі іштей ұғысып көліктерін уақытынан бұрын шақыртқан тәрізді. Екі қол бірі-біріне магниттей тартыла созылып барып үзілді. Әбдиді тежеп, Арудың қарасы көрінгенше Уәли мініп үлгеріп, көлікті басқа бағытқа бұрғызды.
– Әбутәліп аурудан өлермен қалыпқа жетіпті. Сізбен жолығысып тіл қатысқысы келеді. Мекенжайына шақырып жатыр.
– Шақырса, барайық! Өлім аузында жатқан адамның көңілін сұрау, соңғы тілегін орындау сауап.
– Әбутәліп қауіпсіз болғанмен, маңындағылары қауіпті. Ізбасарлары қастандық жасауы мүмкін. Хасаны бәле іздеген бүлікшіл...
– Е, ол әңгіден бала бар дейсің бе, ұрғашы атулының қадірін білмей, нәпсісінің ойыншығы етті. Алла оған сонша сұлу беріп, ұрпақты нәсіп етті дейсің бе? Зинақорға тұқымсыздық дертін қосақтап беретін жазасы бар еді...
– Қайда барамыз?
– Офиске тарт, Асеке, Медғатпен ақылдаса жатармыз. Оның «наналары» бар ғой, сол жерде мәселені шешерміз.
Діттеген жерлеріне жеткенде, Әбутәліптің де көлігі келіп тоқтады. Ол бұларды күтпей-ақ өзі асыға жеткен секілді. Аслан артқы есіктен ішке еніп кетті. Медғатқа ескертіп, Әбдуәлі орнына барып отырды. Есіктің аузында тұрған сақшы жігіттің рұқсатымен Әбу Тәліп кабинетке енді. Аяғын сылбырап әррең басады. Баяғы сақа айғыр күйі жоқ, арып-ашқан тырыли арық, күйектен шыққан сасай текедей сақалы селкілдек, даусы дірілдек. Әйтсе де сесі сес, айтқанынан қайтпайтын алжыған қақпастай бір жақ. Қасында Хасан. Едірейген топас түрінен кекесін-мазақтың табы байқалатын секілді.
– Балиғат жасына толған балғын қыздар уылжып піскен өріктей дәмді келеді. Балиғатқа толмаған піспеген көк өріктей қатты нәрсіз келеді...
– Бала кезімде құлын мүшесі бұзылмаған балауса қыздарға әуес айдаһарлар туралы ертегілер естуші едім, сөйтсем, ол мақлұқтардың түк кінәсі жоқ екен, олардан әрмен жауыз нағыз айдаһар сіздер екенсіздер ғой. Сол әбжыландарыңыз балиғат жасына толып, асып кеткендерге қалай қарайды?
– Ондайлар сақталып дәмін бойына жиған құрмадай нәрлі, қартайған денеңе қуат беріп, жастық шағыңа қайта әкеледі. Өлермен шағымда бойыма күш жинайын, қиналған шағыңда қол ұшын беріп, әкеңді өлімнен арашалап алған кіндік атаң едім ғой, Аслиді маған бер.
Асыл туралы мынадай сорақы тілекке дәті шыдамай қаруын іздеп жанталаспақ еді, бірақ ондай болмады. Сабыры басым Әбдуәлі салқынқанды түрмен жайбарақат қарап отыра берді. Аузынан жыны аққан Әбу Тәліп «ең болмаса бір көрсетші» деп жалынды. «Ажал аузындағы адамның бір тілегін қанішерлер де орындайды, тілегімді бер» деп мөлиеді. Әбдуәлі селт етпеді. Нәпсі деп жанын сатқан әңгіге «көлеңкесін де көрмейсін» деп сыздана жауап береді.
Қабылдау аяқталды дегендей қолын көтерді. Медғат кірді, масалары да қосақтала ұшып, Абу Талип пен нөкерлерін шағып шықты. Олар қайда келгендерін білмей естен танды. «Қазына-Бақ» пен оның адамдары жадтарынан біржола жойылды.
11
Асыл «Жарық жұлдызды» жеңіп алды. Ханмұраттың дайындаған әншісі де қалыспады. Халық тез қабылдайтын той әуендерінің сарынында жазылған жаңа әнді орындады. Бұл әншінің шеберлігіне таң қалды. Жеңіл деп менсінбейтін әннің де өзіндік нақышы барына көзі жетті. Екеуі мәреге қатар жетті. Уәли Асылмен келісе отырып, нақты кезеңдегі жастардың таңдауына сай лирикалық әнді соңына дайындаған. Әділқазылар тең түскен екеуін саралай келе, жүлдені замануи бағыттағы ұлттық дәстүрдегі Асылдың киім үлгісін бағалап бас жүлдені тапсырды.
Қуанышын Уәлиге, Уәли емес-ау Ақжарқынға тезірек жеткізу үшін, сахна сыртына құстай ұшты. Ол жоқ болып шықты. Далаға атылды, алақ-жұлақ жан-жаған қарап іздестерді, жоқ.. Жаны күйзелгеннен аяғына тұра алмай жерге жалп етіп отыра кетті. Анасы жоғалтқан сәбидей жер тепкіледі. Көзінен аққан жас өңіріне құйылды. Мұны байқаған тілшілер жан-жағынан қаумалай бастады.. Жүгіріп жеткен Олжас көтеріп алып, үймелеп қалған жұртты танкідей қаға-жара, Асылды кабинаға салып жүріп кетті. Еңіреген Асыл "Қайда-қайда" деп шыңғырды. – Ол енді жоқ, – деп күңк етті Олжас. Қосулы қалған радиодан: – Қаламызға белгілі дәулетті кәсіпкер Әбдуәлі Ризабек жас ару Аружан Нұрмұқаға сөз салатынын жария етті. Рәсім теңіз алабында аппақ лайнердің аясында өтеді...
– Ах! – аласұрды Асыл. – Апар, апар! Апар мені сонда!
– Текке әуре болма, білесің ғой, ол ол емес. Босқа налып қалып...
– Апар, ең болмаса сұрын бір көріп қалайын, жүрегім суынсын.
Дәл осылай боларын күнібұрын сезгендей-ақ жеке ұшақ дайындап қойыпты. Әулеп аспанға көтерілген соң, Асылдың жобада орындаған әні салон ішінде қалықтай жөнелді.
Өзіңе сөзім бар айтатұғын,
Жүректің түбінде көптен сақтаған.
Өзіңдей адам бұл дүниеде,
Біліп жүр, жаным, енді жоқ маған.
Қайдасың қайда, асылым, сен менің,
Қайда жүрсің, сен мәңгі ғашығым!
Тыңдашы, тыңда, жүрек дүрсілін,
Қалмасын сырым іште жасырын!
Жеткіздім сөзді сенен жасқана,
Ал сенің ойың шығар басқада?
О қатыгез едің өмір неткен!
Жансыз бейнеңді жүрмін жастана.
Қайдасың қайда, асылым сен менің,
Қайда жүрсің, сен мәңгі ғашығым!
Тыңдашы, тыңда, жүрек дүрсілін,
Қалмасын сырым іште жасырын!
Ойлағам мен де сен деп сыңарым,
Есімің болды таққан тұмарым.
Бөлініп кетті неге жолдар,
Өзіңді аңсап жүрек жылады.
Қайдасың қайда, асылым сен менің,
Қайда жүрсің, сен мәңгі ғашығым!
Тыңдашы, тыңда, жүрек дүрсілін,
Қалмасын сырым іште жасырын!
Асыл мына әннің не үшін таңдалғанын қазір ғана жүрегімен ұғынып, жан дүниесімен күйзеліп отыр. Әннің әрбір сөзі шын ғашық Ақжарқынның бейнесін көз алдына келтіріп, қия алмай үзіле қоштасқан соңғы сәттегі шерлі күйін тербеген. Жай сөзбен айтып жеткізе алмасын біліп, әнмен, ия, әнмен және сол әнді өзіне айтқызып, жан тебіренісі арқылы күллі бойынан өткізіп, өзінің шынайы махаббатын жеткізген екен ғой. Шынымен-ақ, жаңағы байқауда, жаны шектен тыс сезімге беріліп, жүрек толғанысының шабытында қалықтап әннің қалай орындалғанын сезбей қалып еді. Алдыңғы конкурстарда өз ауқымының шегін біліп тұратын, бұл жолы бағамдай алмады. Тек тыңдармандардың дуылдата ұрған шапалағынан төмен орындамағанын сезген. Асып-тасқан шаттығын қойнына сыйдыра алмай жүгірген. Сөйтсе....
Көзінің жасын сүртті. Қош деп айтуға еркі жетпей үн-түнсіз кетіп қалғанына назалы. Әйтсе де өзінің кесір қылығынан оған өкпелей де алмады. Тек көкейін қаузаған өкініштен өз-өзіне ие бола алмай үнсіз жылайды.
Асыл неке жүзігін салатын сәтке тура жетіпті. Ол қалыңдықпен қосақтала ортаға шықты. Аружанға қарап күлімсіреп келе жатқан Әбдуәлі мұны көргенде сәл іркіліп, әлденені есіне түсіргісі келгендей қабағын шытты да, жүрегінен от алған шат қуанышы жүзінде қайта жанып қалыңдығына бұрылды.
Аружан бүгін шат-шадыман. Үміті ақталды. «Гелен ваген» емес, аппақ ақ кеме мінді. Үстіндегі неке көйлегі де бағалы, тапсырыспен тігілген тың үлгі. Асыл тастармен көмкерілген басындағы тәж қандай! Ағылшын королевасынан да еңселі, «төмендегілерге» көз жанары жетпей төбеден үңіле қарайды. Қасындағы құрбылары да қымбат. Олар да тапсырыспен көйлек тіктірген. Аружан аппақ күміс көйлекте, Гүлім мен Үр көгілдір киген, диадема тағып алған, гүл перизаттарындай үлп-үлп. Аружанның қуанышы бойына сыймай ер балаға тән қылығымен ыржияды. Айгүлім ауыз жаппай сөйлесе, Үржан үнсіз, сыпайы жымиысымен әдемілігіне тартымдық үстейді.
Өзгенің жүрегі жарыла қуанып, ас та төк шалқыма байлықта, жоғары дәрежелі өтіп жатқан салтанатынан өз орнын таппай Асыл кері қайтты. Жүрегін шерлеген қайғы-мұң, өкініш те, сағыныш та ізім-ғайым жоғалып, құр сүлдері қалған.
12
Ризабек ғалымдар таппаған жаңалықты ашты, ол – мәңгілік өмір. Ол енді шектеуден тыс кемел адам, көктегі періштеден кем емес десе де болады. Ол сүйек сындырар алапат суықта да қатып қалмайды. Мың градустық оттың ішінде жатса да жанып кетпейді. Күн батыстан туып, аспан жерге айнадып түссе де мыңқ етпейтін берен адам. Мұны құдайдан кем емес Медғат Қасым жасап шығарған. Болашақта зу етіп аспанға көтеріліп, күллі планеталарды емін-еркін аралап шығатын жағдайға жетеді. Оған уақыт пен мол қаражат және жасауға қажет элементтердің бәрі қолда болу керек. Ол үшін дүниеқоңыз адамдарды пара беріп алдап қойса жетіп жатыр.
Бұл енді адам емес, пенде емес – Киберік Медғат. Бұған діннің де, шариғаттың да енді керегі жоқ. Күнә жасап тозаққа өртенем деп үрейленбейді. Бұл өлмейді. Тек тәні ескіріп жоюға жөнелтіледі де, жаңа тән жасалып, қайтадан соны киіп алады. Бір ағзасы сыр берсе, оны ауыстырып жаңасын салады. Тіпті сүйетін жүректің де қажеті жоқ, оның орнына бүкіл бойына қуат беретін батарея тұрса болды. Тек кім екенін жадына тұтатын есі болса жеткілікті.
Енді Киберікке тежеу жоқ. Күнә жасадым деп қауіптенбейді. Кәсіптің түр-түрімен айналысады. Биллион да зиллион табыс кіргізіп, жер бетінің күллі байлығын тартып алады. Пайданы ас та төк жасайды. Өйткені үстіндегі киімдері сәл жылт еткен сәуледен қуат алып, тіпті ол жоқ болса өзара үйкелістен энергия пайда болып, жүректің қызметін күшейтеді. Ағзасы реакцияға түспейтін ғарыш материалдарынан жасалған сайын өміршең болады. Ал ол үшін мол қаражат керек. Бұл жолда адам құлқына қажетті нәрселерді түр-түрімен шығарып жасай білсе еш опық жемейді. Жастарға шат күлкі сыйлайтын көңілді сауықтар, одан да айықтырмай күннен күн еселей түсетін тәтті шараптар, арақтар, есірткілер, тәнқұмарын жаулайтын әдемі қыздар, еркектің қуатын еселейтін дәрі-дәрумендер, бір-біріне деген қастығын өршітетін дінаралық соғыстар, оған қажетті қару-жарақтың түр-түрлері. Баю жолында елін де, жерін де, тіпті жанын да аямайтын шенеуніктерді пара беріп пайдаланып игілігіне жарату, тіпті келе киберіктердің өз дінін жасап шығару да ойда.
Киберік Медғат ақ күміс жейдесін киіп, мойнындағы жасыл түсті платина галстугін түзетіп, сыртынан алтын жіптен тoқылған костюм-шалбарының киді. Айнаның алдында сәнденіп тұрғанда бөлмеге енген Медғатты байқап, сарт бұрылып құшағын жая жүрді.
– Әке, біз сенің арқаңда көп жетістікке жеттік. Бұл ісіміздің ары қарай дамытуымыз үшін орасан еңбек ету қажет екені белгілі. Мен дайынмын. Сіздің ғылыми жұмыстарыңызды өрбітіп дамытуға күш салайық. Әуелі сіздің өміріңіз мәңгілік ету үшін жаңа деңгейге қадам жасап, жадты да еттен емес ақаусыз металлдан жасаудың жолын қарастырайық. Сіздің өміріңіздің жолында мен жадымды мәңгі еңбек етуге сарп қылуға дайынмын.
Әйтсе де, бәрі қамтылғанмен жыныстық жолмен даму жетілмеген. Сондықтан Киберікте махаббат сезімі жоқ. Бірақ ол ертең өлмейді ғой, мәңгі жасайды. Әкесі Медғаттың бірнәрсе ойлап табатынына көзі жетеді, болмаса шәкірттері. Қазірден дарынды балаларды жинап осы болашақ ғалымдар дайындауды қолға алу керек. Тап қазірден...
Ол сыртқа беттеді.
– Тоқта, Ризеке, андағы сықиған киімді шешіңіз, айнала жұрттан бөлінуге болмайды, далада қайнаған жаз...
– Мейлі, менің салқындатқыш жүйем бар ғой, кәдімгі көліктердегідей айналып тұрған жоқ па?
– Сонда да сіз саналы адамсыз, адам күні адаммен, олардан бөлінуге болмайды.
– Мен адам емес кибермін, Ризабек емес, Киберікпін!
– Мақұл, сіздің дегеніңіз болсын, алайда барған жеріңізде ыңғайсыз жағдайда қалмас үшін, санаңызды ауыстырып Киберіктің «миын» салайық, сонда сізге адамдарың еш қажеті болмай қалады.
– Сана жойылған соң адам да жоғалады, мен қалай адамзат болып сүремін, жай ғана сезімі жоқ әдемі қуыршаққа, кәдуілгі қолға тағатын бижутериден артықшылығы жоқ әшекейге айналмаймын ба?
– Тауып айтылған сөз! Міне сізге арнап жаздық киіміңізді дайындап қойғанмын, киіп алыңыз.
Медғатқа мойынұсынып, берген киімді киіп шықты. Құбылмалы көк түсті жұқа джинси, суреті бар жағалы ақ сұр футболка, жаздық аппақ жеңіл аяқ киім. Толқынданған бұйра қара шашты, бетінде бір сызық жоқ, аққұба өңді, жиырма жастың шамасындағы келбетті жігіт күлімсіреп тұр. Медғат айнаны нұсқады. Ол айнадан өзін көргенде қуанышы қойнына сыймай діттеген жеріне тез жетуге асықты.
Есікті серпи аша ішке енгенде, есікке қарама қарсы орындығын қойып, тесіліп отырған Асылды көрді. Қайтерін білмей, басын сипады. Төмен қарады, қайта үңілді. Жақындап келіп зерделей қарап тұрған Асылға: – Менің атым, – деп аузын аша бергенде Асыл саусақтарымен жауып: – Ақжарқын, – деді.
– Менің атым Ақжарқын, – деп қайталады ол.
Асыл оны жетелеп әкеліп күйсандыққа отырғызды да ән бастады. Ол кідірмеді сүйемелдей жөнелді. Сонау Талғамнан, Уәлиден артық болмаса кемшілігі жоқ. Ән айта алмай зарығып жүргеннен бе, қайырмасын екі қайтара созып барып тоқтады. Маңлайынан аққан терді саусағымен сырып тастап, оған мейірлене қарады. Жан дүниесімен беріле шырқаған жан толғанысына тебіренбей жайбарақат отырған Ақжарқынға түсінбей, жақын келіп жүзіне үңілді. Жылт-жылт еткен мөлиген көздерден басқа ештеңені көрмеді. Жүрегі суынып жалт бұрылып, сумкасын алып шығып кетті.
Осыдан кейін Асыл Киберікті ән жазар кезде ғана іздейді, қалған уақытта ұмытып кетеді, көрген сәтте ғана есіне түсіп құшақ жаяды. Киберік махаббат деген осы екен-ау деп қуанады. Оның қажетін өтеу үшін көбірек ән жазады. Асыл да бұған ризашылықпен қарайды. Махаббат деген қажеттілік деп ойлайды Киберік. Көбірек қажетін ашып жақсы көрінуге тырысады. Асыл да оның күшікті еркелеткендей басынан сипап қояды. Өмір бойы іздеген махаббатын тапқандай Киберік мәз.
Әйткенмен өзін-өзі алдаған жалғандық пен жылуы жоқ сұлу салқындыққа шыдамады ма: – Сенің барлық жеріңді жақсы көремін, бірақ мөлиген көздеріңді жек көремін. Маған жолыққан жігіттердің бәрінде сол Ризабектің көздері мөлиіп тұрады,– деп Асыл ойындағысын бүпесіз айтып салды.
Мұны естіген кезде кемел адамның көзіне мұң тұңды. Ол сықырлаған темірден кәдімгі адам секілді тәнін сезіне алмайды. Кеудесінде жүрек емес, лүпілдеп соқпайды, бұрап қойған сағаттай сырт-сырт, сырт-сырт, сезімнен ада суық. Махаббат жоқ тұл кеуде. Жүрекпен тербеген Асылдың әндерін тыңдап отырып қөзінен саулап жас ағады. Әйткенмен жас емес, соған ұқсап жай су ағады. Ыстық сезіммен бетті тіле ағатын табиғи жасы да жоқ екен ғой.
Бәлки санасын сағынышымен сыздатқан адами жадты да алып тастау керек шығар, онда кіммін деп өмір сүреді. Адам аты өшіп таза киборг болып құлтемірге айналмай ма?! Адам сағыныш аталатын тәтті сезімімен адам екені анық. Әйтсе де істер амалы жоқ шарасыздығынан, адамның жан жүйесімен мен жүрегін ауру-дертке шалдықтыратын ой мен сезімді жадтан алып тастау керек деп ойлады. Тірлік етуіне қажеттілік бар, соны іске асыру үшін әрекет бар, мәңгі адам үшін бұдан артықтың қажеті жоқ. «Әйткенмен ой мен сезім жоқ жерде өмір сүрудің не мәні бар, өйткені олар жоқ жерде кім үшін, не үшін өмір сүрмексің» деп күмілжиді.
Келесі күні Асылға деген сағыныш пен күйініште келген Киберік сахнаға шығып «Жарық жұлдыз – мен» деп орындай жөнелді. Асылдан көзін алмай, ыстық жас бетін тіліп, телміре шырқады.
Ашық аспан төрінде шүпірлеген жұлдыздар,
Сен қарама жүзіме, қара жарық жұлдызға.
Сол жұлдыз мен,
Сәуле төккен төрінен.
Қауыз ашқан үлбіреп,
Ғажап гүлге керемет.
Күндіз көрсең тұнжырап, қалатының белгілі,
Түнде жанған жан дүнием жарық жұлдыз секілді.
Сол жұлдыз мен,
Сәуле төккен төрінен.
Қауыз ашқан үлбіреп,
Ғажап гүлге керемет.
Көрме мені көзіңмен, жүрегіңе алып біл,
Көкірегімде жұлдызым аппақ нұр боп жанып тұр.
Сол жұлдыз мен,
Сәуле төккен төрінен.
Қауыз ашқан үлбіреп,
Ғажап гүлге керемет.
Әннің сөзі керемет болғанмен, сезімсіз салқын орындалды. Жанды дауыспен емес жасанды дауыспен айтқаны көрініп тұрды. Тетігі істемей қалған ба, жас та ақпады. Көздің телміргені рас, бірақ бедірейген беттің көлеңкесінен көрінбей қалды. Асыл күндегісін қайталып, үндемей шығып кетті.
Басы салбырап оралған Киберік Медғатқа мұңын шақты.
– Қанша дегенмен құдіретті Алланың жасағанынан артық дүние жоқ екен ғой. Бір-бірімен үйлескен ағза қызметін қапысыз орындап тынымсыз жұмыс істейді екен. Киборг болған күн құрсын, адам емес құлтемір екеніңді түсінесің. Медғат, мен бүйтіп өмір сүргеннен гөрі бұл дүниеден баз кешейін. Алланың өзі берген тағдыры ғой, кешірер. Менің бар жазығым бір ерек жанды құрметтеп сүйгенім шығар, соған жету жолында талай қателік, кешірілмес күнәлар, ауыр қылмыстар жасадым. Алла тозақ отына өртеп-өртеп тазалап, риясыз махаббатым үшін жаннаттан орын берер. Мен бұл жалған дүниеге екіншілей келетін болсам, құбыжық тұрмақ, күллі ұрғашы атаулы бұрылып қарайтын сымбатты болсам да жүрегімнен махаббатқа орын бермеймін. Тек Алла бұйырған сыңарыммен қосылып, жалқы раббыма бойұсынған ұрпақтар тәрбиелеп, жалғыз жаратушыма деген ерен сүйіспеншілігімді дамытамын. Өле-өлгенше құлшылық жасап жүрегімдегі махаббатымды тек соның жолына сарп етемін. Алладан жаралып өзінен басқа ешкімді сүймейтін менмен тәкаппар адамзатқа жүрегімнен орын бермеймін.
13
Ақжарқынның келмей қалғанына бір апта толған. Қанша ойламайын десе де, «Сол жұлдыз мен, сәуле төккен төрінен. Қауыз ашқан үлбіреп, ғажап гүлге керемет» деп еріксіз күбірлеп қояды. Көлік айдап келе жатқан Олжас ішіп алған ба, малтасын езіп отыр. Кейінгі кезде арақ сасып жүр. Кабинаның іші бықсық, желкөзді ашып қойса да, тазарып оңбайды.
– Ты пойми, сестр, айналайын қарындасым, түсінші мені. Ондай адамды жер бетінен көрген жоқпын. Сені бақытың үшін ауыр қылмысқа барды, байлығын аямай шашты, «аяғымның астына төсе» десең брилианттан жол салар еді. Саған жағамын деп, адам айтса нанғысыз, өзін құрбандыққа шалды, өмірін қиды. Жүрегін өзгеге салып алдыңа қайта оралды. Онда да біреудің өміріне қиянат жасағысы келмей екінші рет өлді... Айтшы, не істей аламын, оған деген таудай аяныштан жаным шыдамай арақ ішіп кеттім-ау! Ерлік деп ауыз толтыра айтатын дақпырттың нағыз ақиқатына соның құрбандықтары арқылы көзім жетті. Ащы шер жүрегімді жеп, назасын басу үшін вискиді ашырқанбай ішем. Айтшы маған, сестр, не керек саған?! Неге «жек көремін» деп оның жүрегін жараладың. Ол енді өзін-өзі жоймақ. Мейлі, өзің біл, мен сенемін. Ол тағы да оралады. Оның саған деген ұлы махаббаты о дүниеде де тыныш жатпаса белгілі. Ол жасалып өмірге қайта оралатынына сенемін.
Асыл бұл сөздерді көкейіне түйіп алып, түстен кейін оны мекемесіне іздеп келді. Жолыққан Аслан "Ол сен үшін сымбатты боламын деп жүрегін Абдиге салды, бірақ оның бақытты өміріне нұқсан келтірмеу үшін жүрегін соған беріп, сенің алдында мінсіз көріну үшін жасанды тұлға жасатып қайта оралды. Сен ұнатпаған соң, санаңды улап болашақ өміріңе кедергі жасамау үшін, өзін жоюға бел буды».
Асылдың тұла бойы дүр ете қалды. Әрбір есікті ашып іздеп жүр. Асығып жүріп Медғатқа соғысып қалды.
– Мен оның мені сүйген мөлдір көздерінсіз өмір сүре алмайды екенмін. Қанша адамның көзіне үңілгенмен, менмен тәкапрарлықтан басқаны көрмедім. Шын сүйген жан ғана кішік келетінін түсіндім. Мына жер жаһанды айналып шықсам да, менің тәкаппар пиғылым осы мөлиген көздерден артықты таба алмасын білген соң, жек көремін деп өзеуреп едім. Одан артық жанның жоқ екенін біліп шешім қабылдап келіп отырмын. Мен де сол сияқты, содан басқа таңдауым жоқ, жүрексіз саналы кибер болғым келеді. Тек соны бақытты етіп қасында жүрсем болды. Бір тілегім есіміміз туған кездегі қалпындан қала берсін. Ризабек аңсағанына жетіп бақытты ғұмыр кешсінші.
Аузын жиып болған жоқ. Ризабек баяғы қалпында тақырбас боп алдынан шыға келді. Асыл көздерінен көз алмай: – Қандай қателескенмін сен тұлғалы-ақ жігіт екенсің ғой. Қайда жүрсің, әбден күттім ғой сені. Сен керексің маған! Менің бар іздегенім бақытым сенің жүрегіңде екенін енді түсіндім. Ең ұлы байлық махаббат екен, бар адамдар оны елемейді, жоқтар өмір-бақи шарқ ұрып іздейді. Сені сүйетінімді қанша жасырып, жүрегіме тыйым салып, сезімімді тежеп жүрсем де болмайды екен, сенен басқаға көңілім аумайды, сені аңсап тұрады. Киберіксің бе, басқа ма, бәрібір, сені көзіңнен маған деген керемет сезімді, ақын-жазушылар асқақ махаббат деп дәріптейтін сезімді көріп тұрмын, мен де темір емес еттен-сүйектен жаралған пендемін ғой, сол өзің айтқан Ризабек, Ақжарқын, Әбдуәлілердің аңсар тілектері орындалсыншы, кім болсаң да мен саған көндім.
Ризабек Асылдың қолынан ұстады. Ұшына қолының лебін тигізуге қорқатын саусақтарды елжірей аялап тұр. Жан жоқ деген кеудесіндегі «жүрегі» алқына сартылдайтын сияқты. Құдайдың бере салған осыншама бақытына күллі жүйесі елжіреп, көзінен аққан ыстық жас бетін күйдіреді.
– Ешкімнің көзін алдап бақытты еткім келмейді, әркім жүрек қалауымен аңсарына жетіп, бақытты ғұмыр кешсін, – деп күбірлейді.
Одан кейін «сенен бір белгі болсын» деп Асылын жетелеп апарып, дөңгелек тұғырдың үстіне тұрғызды. Асты-үсті, төрт құбыласына түгел аппақ сәуле құйылып, құдды тұла бойын суретке түсіріп жатқандай әсер қалдырды. Ол есін жинап қарсы әрекет жасағанша сәуле де сөніп, тұғырдан түскенде айнала тұрғандардың кім екенін ұмытып, мұнда неғып жүргенін түсінбей әрқайсысының жүзіне жәутеңдей қарады. Сол мезет есік ашылып, балауса шағынан көңілін жаулаған Ерәділ кіріп келді. Ол оған қарай ұмсына жүгірді.
– Сен қайдан келдің, мен мұнда неғып жүрмін, тезірек бұл жерден алып кетші, – деп жалбарына тіл қатты. Ерәділ оны құшағына қысып, сыртқа шығып кетті.
– Міне Асыл да дайын, өзіңіздің Асылыңызды жасап беруге әзірміз.
– Керек жоқ, сақталып тұра берсін. Өміріме қуат беріп, осындай дәрежеге жеткізген асыл жанымды, ұлы махаббатымды, Алла берген қалпында сақтағым келеді, – деді де Ризабек өз бөлмесіне еніп кетті.
Міне, мыңжылдық тілегі орындалды, бірақ одан қандай опа бар, таз қалпына қайта оралды. Ол Асылдың жүрегін ауыртқаннан басқа адами өмірдің ләззатын бере алмайды ғой.
– Қашанғы қосалқы бөлшектерімді жөндетіп жүремін, – деді күбірлеп, – Ия, Аллам, сен ұлысың, сен менің астам пейілімді өстіп аяусыз жазаладың-ау, – деп Ризабек өзін-өзі жою тетігіне саусағын қойды.
ЭПИЛОГ
– Аптықпа, өз-өзіңе қол салмай-ақ қойсаң да болады. Алла иіді. Хақ Тағала жаратқан адамсыз қандай тіршілік болмақ. Сенің ұлы махаббатың арқылы біз өте ірі табыстарға жеттік. Ежелгі биотехнология құпияларын зерделей, заман ағымындағы жаңа ғылыми жетістіктермен жандандыру арқылы, біз саған жаңа тұлға жасау үстіндеміз. Кәдімгі адамдай өмір сүретін боласың.
Аллаға сыйынып жатып, талықсып барып көзін ашқанда, Медғат, Исай, Аслан жүзіне үңіліп тұр екен. Не айтар екен деп күткен сыңай бар. Ол Асланға күлімсіреп: – Ақша деген осы, сен ешқашан өлмейсің, қажетіңді жасатып, қалауыңды сатып аласың. Медғатқа бұрылып: – Сен мені дүниеге екі әкелген әкемсің, мәңгілік ғұмырымда маған керексің, келесі кезек сенікі.
– Жооқ, – басын шайқады Медғат, – Махаббаттан жаралған сенің өміріңнің мәні мәңгілік таусылмақ емес. Сенде жай адамның басында болмайтын, Алладан берілген ерен қабілет – құдіретті махаббат мұғжизасы бар. Менде ше? Маған мәңгілік өмірдің қажеті не? Мен оны қалаған күнде де, өлімнен кейін тірілуім екіталай. Сен үшін ісімді жалғыстыратын менен де асқан дарынды шәкірттерім бар. Олар оқып-жетілген соң, менің түкке де қажетім болмай қалады. Бір Аллама сыйынып, намазымды оқып, жасаған күнәларыма кешірім сұрап, құлшылығымды жасай берейін, – деді Медғат.
– Даа, Ризачик, ты ещё не угомонился, от твоей пламенный любви мы тоже загорелись, сколько гениальных открытий сделали. И ещё сколько сделаем, ты только гори, лелей, не погасни.
Медғат Ризабектің адам нанғысыз ғаламат күш-жігерге толы сүйіспеншілігін бағалап «Киберік» деген атауды алып тастап, ақиқ құрбан шалып, құлағына азан шақырып, қамат түсіріп «Ақжарқын Ризабек» деген адами есім берді.
Күндердің күнінде ол ұялысын ақтарып отырып, «Блокнотқа» жазып қойған Асылдың нөмеріне көзі түсті. Қосып әлеуметтік жүйелерден іздеп шықты. Тек вацаптағы авада тұрған суретін көріп, кеудесі шым ете қалды. Жарық дүниеге сырт, қараңғы тұңғиыққа тесіліп тұрған сұлбаны көрді. Сүйгеніне қосылып бақытты болмады ма, енді не керек? Вацапқа «Сені ұмытуға қанша шыдаймын десем де ерік-жігерім жетпеді. Сағыныштан санам сазып өлетін болдым-ау, жаным. Сені сүю осыншалық қасірет деп ойламаппын. Жаным күйзеліп, өзіңді аңсай, суреттеріңе мөлдірей телміре қарағаннан басқа қолымнан не келеді? Шектің бәрін алып тастап, еш тежеусіз жайып салайын десем, өзіңе деген ыстық та сұлу махаббатым қасиетін жоғалтып, жұтаңданып шыға келетін сияқты. Жүрегімнің пәк таза сезімін түсінбей қатыгездікке ұрынардай көңілім діріл қағады». Көп күттірмеді, оқығанның белгісіндей көк таңба ашылды да сұрақ белгісі қойылды. Одан кейін «Сен кімсің? Кім болсаң да маған алыс емес жақын адамсың. Түсімде ән салып жүремін. Қасымда үнемі бір жан демеп жүреді. Мен бұған қайран қаламын, тірлігімде әу деп ауыз ашып көрмегенмін. Бәлкім өткен өмірімде болған шығар. Сол кездегі тіреуші періштем сен шығарсың?!».
Мұны оқып Ақжарқынның ойына алаң кірді. Көңілі бұзылды. Қазір ол бұрыңғы Ризабек емес қой, әр қыздың жүрегіне шоқ салар бұйрабас көркем жігіт, енді неге Асылдың қасында емін-еркін жүре алмайды. Бірақ есінен Медғаттың байқаусызда айтып қалған сөзі шықпайды: «Мың жерден сымбатты жас жігіт болсаң да, сені «Ризабек» деп таныған Асыл, сені ешқашан сүймек емес». Осы сөз жүрегіне тікендей қадалып қапты. Сондықтан Асылдың адами бақытты өміріне кол сұққысы жоқ еді.
Әйткенмен Асыл деп еді, ауылын сағынды, әке-шешесін көруді аңсады. Оларға амандасып қайтуға бел байлады. Орайы келсе, кәртейіп қалған әкесіне мәңгілік өмірді ұсынбақ. Бірақ астам пиғылынан түйсігі үркіп, «асстафируллахи субханалаху тағала» деп, тұңғиық ойға батты. Медғат айтпақшы, бұл өмір тек Ризабекке ғана, басқа адамдарға арналмаған шығар. Әкесіне мәңгі ғұмыр сыйлаймын деп тірідей өлтіріп алса қайтеді. Тірі қалған күнде де, өзін кім екенін ұмытып, мүлдем басқа күй кешсе не істемек? Осыған қарап ол ұсыныс жасауға еш қақысы жоқтығын түсінді. Кемел адам болғанымен, Алладай құдіретті емесін ұғынды. Сондықтан мәңгілік өмір, кемел адам туралы ұғымды ішінде сақтап, жанға жақ ашпады. Сыртқа шықпаған ащы запырандай өзегінде кептеліп қалды. Тіпті «мен де кибер боламын» деген Асылға жол бермей, адами тірлікке бағыттаған себебі де осы еді.
– Асылдың жағдайы қалай болып жатыр, ән салып жүр ме!– деп Қасымханнан сұрады.
– Осы жерден кеткелі ән айтқан емес. Ол туралы ойланбайды да. Ерәділге күйеуге шыққан, бес жыл тұрса да, балалары жоқ. Екеуі бірге жатпайды-ау, шамасы... күйеуі ішімдікке құмар. Асылдан бұрын қалағаны болған көрінеді. «Соған үйленбедім, ғайыптан сен сап етіп, қалай көніп қалғанымды білмей қалдым» деп өкінетін сияқты. «Мұның бәріне сенің әлгі «жанашырларың» кінәлі» деп айыптайтын секілді.
– Неге оның әлсіздігіне біз жауап беруіміміз керек? Алла жазған тағдыр сондай. Әйткенмен, өкінетін түгі жоқ. Асылдай жанды қолына қондырып отыр. Мен ше... Қанша қиыншылықтың зардабын шексем де олар сияқты алкаголь, есірткі, зинақорлыққа құмар емеспін.
– Өйткені сенде дәм сезу, нәпсіден ләззат алу ағзалары табиғи емес, толық сезіне алмайсың, – деп тіл қатты тыңдап отырған Медғат. «Есіме салмасаң, білмейтін бе едім» дегендей Ақжарқын оған ызбарлана қарады.
– Олай емес, мен жасанды болсам да денсаулығымды сақтаймын, тек сүйгеніммен болуды қалаймын. Кибер болсам да, Алла менде, жүрегімде, ес-жадымда, мені тастап кеткен жоқ, қайта шыңдай түсті. Заратустраның «сверхчеловек» кемел адамы, бәлкім, мен болармын. Ия... Ия! Мен! Дәл қазір түсіндім. Бар кемелдіктің бастауы махаббаттан бас алады. Тек махаббаттан ғана... Алайда Асылға не болған? Есін жоғалтып алған ба?
– Ол жадты тоқып алу құрылғысының кері әсерінен болар. Асығыс жасағандықтан кеткен қателік, – деп Медғат Ақжарқынға мін таға қарап, лезде серпіліп, – Әйткенмен Ерәділ де жадыланған, оның көкейінде Асылға деген ынтазарлық көңіл жоқ, жақындаса болды, су құйған оттай сөніп қалады.
Ақжарқын Медғатқа қабағын кере көз тастап, ризалықтың ұшқыны қызыл жалқын болып томпиған бетінің ұшында ойнады.
– Жиналыңдар! Ертең жолға шығамыз. Құбылмалы көліктер дайын тұрсын. Ауылға барамыз. Бірің де қалмайтын болыңдар.
Баяғы қатыгез Ризабек жоқ, қатаң тәртіпте тырп еткізбей, уысында тұншықтырып ұстайтын. Қазір бауырмал, Медғатты әке тұтса, Аслан мен Исай арқа сүйер ағаларындай, Қасымхан мен Олжасты тай-құлындай тебіскен құрдастарына балайды. Той-думан, отырыстардан қалдырмайды. Әбу Тәліп өлгеннен кейін оның орнын басқан Хасанмен де тату серіктес. Өйткені Хасан қарапайым тірліктің адамы. Оған жоғары идеологиялардың қажеті шамалы. Ризабектің басқару амалының аясынан шықпайды. Одан пайда көргені болмаса, зардап шеккен жері жоқ.
Дүр етіп көкке атылған ұшақкөлік, көзді ашып-жұмғанша, Мұқалмастың шаруашылығының маңынан өтетін күрежолдың үстіне топ етіп, бір-екі шақырым қалған ауылға қарай зуылдай жөнелді. Түнімен арақ қуалып есі ауып отырған падашы қос құда –
Момынжан мен Шынарбектің төбелерінен зу өтіп, лақ етіп соққан екпін лебінен, әрең тауып әкеліп, бас жазып отырған жартыларымен қоса тоңқалаң асты. Аспаннан келіп тау құлағандай зәре-құттары қалмай бақырып жіберді. Естерін жинап қаранғанша көліктер ғайып болды. Екеуі бөтелкенің түбінде қалған жүз грамды бөліп ішіп, бірі «екі «тәрелке» көрдім» деп, екіншісі «үш» деп дауласып, ақыры төбелеске ұласты. Талып құлаған құдалар естері жиналған соң, «белый горячка» болдық, арақты қояйық, бүгінгі ішкеніміз соңғы болсын деп, «қоштасар» жасау үшін дүкеннен қарызға алуға қосарлана шапты.
Есіктің алдында тосып тұрған туған-туыстары мен көрші-қолаңға бас изеп амандасып, әкесімен төс қағыстырды.
– Денсаулығыңыз жақсы ма, әке?
– Шүкір, жақсы, бір Алла деп...
– Тіршілік-тұрмысыңыз тәуір ме, әке, бақуатысыз ба?
– Алланың берген ырзығын тірнектеп жеп отырмыз, балам.
Ауладағы ауқымды бастырманың астына мол дастарқан жайылыпты. Жап-жас балаң жігіттің атасымен ересек адамдай байсалды сөйлескеніне таңырқайтын сияқты. Салихалы салқын жүзінен сұрақ қоюға сескенетін райда, құдды тамақ ішуге келгендей, ішінара сөйлеп қалғандары қасындағылармен сөз қағыстырып қауқылдасып қалады. Ас тартылып, тамақ ішіліп болған соң, Мұқалмас ниет білдіріп, Ақжарқынға сырт кетпей ауыл ішінен қыз таңдап үйленуіне бата етті.
Одан кейін аңғырт кеттім бе деп сасқалақтап Ақжарқыннан: – Келін бар ма еді? – деп сұрап қалды.
– Менің балама жазылған бір-ақ қыз бар ғой, Мұқа, қызыңды дайындай бер.
Мұқалмас сұп-сұр боп кетті. Ақжарқынның жүзіне тесіле қарады. Төбе құйқасы шымырлап кетті. «О, құдайым, мынау тура Ризабек қой! Тіріліп келген бе?!"».
– Астапыралла! Астапралла, қария, есіңіз ауған ба, жүз жас оңай емес, сірә, алжығансыз-ау шамасы, қай қызды айтып отырсыз?! Менде бір-ақ қыз бар ғой, оның өзі күйеуде.
– Көре жатарсың, біле жатарсың...
Қазынабек үнсіз қалды. Төмен қарап ойға шомып отыра берді. Баласының жат екенін, жат болғанда, о дүниеден тіріліп келген өліктей суық екенін сезініп отыр.
– Түсімнен шықпадың, қашан көрсем жап-жас жігіт болып, аспан мен жерді жол қылып ұшып жүресің. Жаназаңды шығарсам да, неге екенін білмеймін, ішкі түйсігім арқылы сенің тірі екеніңді білгенмін, бірақ тәніңді жер қойнына берген соң, келеді деп ойламап едім.
– Қайта оралмауым керек еді, ауылымды аңсап, өздеріңізді сағынып...
– Қайта оралмауың керек еді, өлген адамның тірілгенің қашан көрдің, тіпті мұндай сөздің айтылудың өзі Алла алдындағы кешірілмес ауыр күнә ширк емес пе!
– Әке, қай құбылыс та Алланың құдіретімен болмай ма, бұл ширкке жата қоймас. Алайда, Сізбен сөз таластыру үшін келген жоқпын...
– Қашан қайтасың?
– Өзіңіз білесіз, көп аялдауға қақым жоқ, қазір кетемін.
Қашқақтап Ақбике анасы жүр. Жақындайтын сыңайы жоқ. Бастапқыда құшақтап маңлайынан сүйген еді, Ризабекті өпкендей бойы сескеніп, салқыны тиіп кететіндей аулақ жүр.
Қазынабек өзіне тесілген Ақжарқынның назарын сезді. Ол басын көтеріп алғанда, баласының күлімсіріген жылы жүзбен рұқсат сұрап тұрғанын көрді.
– Аллам жолыңды оңғарсың! Әр қадамыңа пәрмен беріп, көксегеніңе қолың жетіп, Ар-Рақман берген қасиетің баянды болып, мәңгі-бақи көгінде өркендей бер! Аумин!
– Аллаху әкбар! – деп бетін сипап Ақжарқын көлігіне отырды.
Бүгін Асылдың туған күні еді. Биыл көктем ерте келді. Жаны елігіп Асыл дала кезе шыққан. Бәйшешектер жер жарған. Қалың, аяқ астында кілемдей төселіп жатыр. Ғайыптан Сағын сап етіп шыға қалды. Қолына жинап алған бәйшешектерін ұсынды. Үндемеді, тек мөлдіреп жүзіне сүйсінпеншілікпен қарай берді.
– Ол келіпті ғой, бәрімізді өзен жағасынан ұйымдастырған кездесуге шақырыпты.
– Кім ол?
– Кащейді айтамын, бессмертный деп едім ғой, рас екен.
– Жұмбақ сөйлемей айтсаңшы, кім ол?
– Сенің қымбатты Ақжарқының!
– Қайда ол?
– Әкесінің үйінде.
Қолындағы гүлдері қолынан сусып түсіп, Асыл ауылға қарай жылдамдата басты. Артынан Сағын басы салбырап еріп келеді.
– Асықпасай, әне, Қасымхан күтіп тұр ғой.
Рас, ақінжу «Праданың» қасында ағасы күлімсірей қарап тұр екен. Асыл жеткенде жұпары жан сарайын ашқан балғын гүлшоғын ұсынды. Сағынды кабинаға отырғызып, Асылды көліктің артынан құрылған гардеробқа енгізіп, таңдауына қарай киінуін ұсынды. Ол артық киінбеді, үстіндегі көйлегін қалдырып, тек көзіне бірден түскен белдікті алып, әлі де сынын жоғалтпаған жіңішке беліне тағып алды. Бет-жүзін түзеп, қолындағы асыл тасты білезігін сипап өтті.
Өзеннің ағысы баяулаған, суы мол, жағасы жасылданып көгі көтерілген тұсына әр түсті қалқандармен қоршалған, маңлайында «Асыл жұлдыз» деп түрлі сәулемен жарқылдаған жайға келіп тоқтады. Ішіне енгенде сыртынан ауқымды болып шықты.
Қолына хош иісі аңқыған бәйшешек шоғырын ұстаған сымбатты жігіт қарсы алып, «Мен» дегенше, Асыл күдістенген саусақтарымен оның ернін басып:
– Ақжарқын!
– Ия, мен Ақжарқынмын, – деп жауап қатты ол.
Екеуі ортада жайылған дастарқанға барып отырды. Сусап келгенін білді ме, жігіт су құйып үлгерді. Қыз ішкен соң, басын көтеріп аспанға қарады, тербеліп тұрған сияқты. Аспаннан күн төмен түсіп, құдды салпыншағы нұр төккен шамдал тәрізді ілініп тұр. «Бұл қалай?» деген сыңаймен Ақжарқынға назарын салып еді, – Бұл әуе кемесі – «Алқызыл желкендер». Тек ауа мұхитында ғана жүзеді.
Асыл аузы ашыла таңырқай қарады, ернін сылп еткізді. Ауылдың қарабайыр қызындай жүзі мешеу, қараңғы. Ақжарқынның санасын жарқ етіп бір ой найзағайдай тіліп өтті. Медғаттың сөзі қаперіне келіп, төбе шашы тік тұрды. Әу бастан-ақ қателесіпті ғой. Алла қиянат жасағанға бақыт бермейді. Әрдайым Asliдің жолын кесіпті. Бәрін орнына келтіру керек. Сақтық жасап сараптама көлігін де айдай шығып еді. Жады талдау кабинасына Асылды енгізіп ес-жадын қалпына келтірді.
Енді қандай боларын екен деп Асылға сынай қарап тұрғанда, ол «басеке» деп есіктен кіріп келген Асланды танып қалып: – Асла! Аслан! – деп шар ете қалды Асыл, – Қайда жүрсіңдер? Неге мені тастап кеттіңдер!? Жүрегім әбден зар болды-ау, шіркін! Мына адам кім? Танымасам да, мен неге оны ессіз сүйемін?!
– Жүр. – деді Аслан, қолынан жетелеп далаға алып шықты. Өз есігінің алдында алқызыл желкенді аппақ кеме тұр. Үйінен жүгіре шыққан күйеуіне кететінін хабарлады. Нешеме жыл жадынан жаңылып адасқанын, бүгін жан қалауын тауып, сонымен бақыт жолына сапар шегетінін айтты. Маңында не жағдай болып жатқанын түсінбеді ме, көңілді отырыстың масаң тұманында түс көріп жатырмын деп ойлады ма, әйелінің ызынынан зәрезап болған күйде: – Барсаң бар, – деді күйеуі, – бізде бәрібір өмір болған жоқ, тек күн кешу ғана болды. Менен рұқсат, кетем десең кет, барам десең бар, жетем десең жет, адиос амигос! – деп қолын бұлғап қала берді.
Асыл бақылдасып болған соң кері бұрылып, ақ кеменің сатысында тұрған Ақжарқынға қолын созды. Өзі армандаған әдемі өмірді осы артық жан ғана ұсына алады екен. Онда неге тартынады. Көкейінің іңкәр қалауына қайтіп қарсы тұрады. Тұрмыстың қасаң қағидатының екпінінде қашаңғы қауырсындай ыға береді. Жоқ, бұлай жасай алмайды, Алла берген жалқы жанның көксеуіне қарсы тұруға әл-дәрмені, күш-қуаты, ерік-жігері жетпейді. Ойы мен сана-сезімін, күллі жаратылыс-болмысын шырмаған шынжырдың әр легін талқандап, ел сөзіне қарсы, таңдауының соңынан кетеді.
Ол тосқан қолды жанұшыра ұстай алып: – Ақжарқын! Жоо-жооқ, Ризабек, ия Ризабек! – деп құшақтай алды. Көзінен аққан жас өңірін жуды..
Құдірет деген осы, ақ кеме ал қызыл қанаттарын жайды да, орнынан тік көтеріліп, ауа мұхитының толқынында қалықтап бара жатты.
– Менің Ризабегім бала жасынан тынжылы, бітімі бөлек ерек жан екенін біліп едім, енді міне ажалға бойұсынбай, арман қанатында шарықтап жүр.
– Ей, шал, алжығансың ба, қайдағы Ризабек, ол өлген, бұл баласы ғой.
– Ризабек үйленген емес, шариғатты қатаң ұстанатын, зинаға барған емес, бала жасынан Асыл қызымды сүйген еді, міне көрдіңдер, ешнәрсеге қарамай алып бара жатыр.
– Алда технологияның заманы қарыштап келеді, ойыңа кіріп-шықпаған осындай ғажаптардың талайы болады әлі, – деп толғана сөйледі Сағын. Жаңа Медғатқа жолығып, құлағына тығылған инплант алынып, есі түзелген.
– Махаббат деген осы, ол ақыры дегеніне жетіп, алып тынды-ау, – деп әйелі Қайсарға қарады. Қайсар айтар жауап таппай үнсіз қалды.
Самал желмен елбіреген нарт желкендердің қанатында бұлттан асып, мөп-мөлдір көгілдір аспан аясында жаны шалқып, қуаныштан жүрегі жарыла:
– Менің арманым қанат қақты – деп құшағын жая тебіренді Асыл.
– Менің махаббатым қалықтап аспанға ұшты, – деп шаттанды Ақжарқын.
– Біз шырқау биіктерге самғаймыз!
– Біз жеті қат көкте қалықтаймыз!
– Біз қыраннан да жоғарымыз!
– Біз бұлттардан да биікпіз!
– Біз жұлдыздардан асқақпыз!
Махаббат неге жерде жасауы керек, күйбең тірліктің торында шырмалуы керек?!
Жо-жооқ!!! Ол сонау заңғар ғарышта, жұлдыздардан да биік самғау керек!
Соңы. 11.07.2019 жыл