Просмотров: 45 | Опубликовано: 2020-09-15 09:21:39

Қалаға барсам қарным ашады

              Қалаға барсам қарным ашады. Шөл болса алқымнан алады. Ұят беттен жұлып, шымшиды. Сосын тәрелкедей тәбетімді табан астында кірлетіп алам. Ағайын-туыстарым жоқ емес бар. Дос дегенің жыртылып-айырылады. Ол айналайындар жайлы ауыз толтырып айтқанмен  дастархандарынан ауыз толтырып  тамақ іше алмайсың. Қалай дейсіздер ма? Былай.

            Артынып-тартынып, Алматыға келгенде алдымен автобустан оң аяғыммен түсем деп сол аяғыммен жер бассыппын. Артымнан ырсылдап келіп қалған трактордың дөңгелегіндей  бүжір-бүжір дәу қара әйел басып кетіп жазым болам ба деп сасқанымның кері ғой. Ырымшылдығым ұстап, автобусқа қайта мініп, артымнан ештеңе қуып келе жатпағанына көз жеткізіп оң аяғыммен асфальтқа қойдым. Ең бастысы мынау тасқалада аш қалмау керек маған. Сондықтан қамсыз болмай самса жеп, сағыз шайнап, екі тәрілкеден тамақ ішіп, артынан Алматының «машалка нанын»  кептеп алдым. Тойғанымды тексеру үшін күркірете кекіріп едім, көшедегі кісілер селк етіп, теректегі құстар желп етті. 

            Жолай келе жатып, шемішке шақтым. Әйтеуір қарным тойды. Сөйтіп, туысымның үйіне көңілді кіріп бардым. Амандық-саулықтан кейін шәй қойды. Сол арада жеңгеміз дүкенге желкілдей жүгіріп кетті. Әуре болмаңдаршы десем де әуре болды. Сатып әкеп дүкеннің тұшпарасын қайнатты. Бұрқылдап ол бәле піскенше екі-үш қияр мен қызанақты кесек турап, мойенезді өлтіріп салып, тұз сеуіп дастарханға қойды. Магазиннің нанын лезвенің қалыңдығындай  кесіп, алдымды  а души  қалап тастады. Әңгіме айтып, ауыл-аймақтың жайын жырлап, әкелген базарлығымды – құртымды, қымызымды, маңызымды көмбеге көңнің астына көміп пісірген таба нанымды шығарып  қуантып тастадым. Туыстарым  мен әкелген ауыл дәмін көргенде қонағын ұмытты. Сөйтіп, нанды тізеге ұрып екіге бөліп,  маңызға матырып жеп, артынан құрт сорып жетісіп қалды. Сосын  үйлеріне келген қонағы, яғни мен естеріне түсе кеттім. Менімен бірге кәстрөлде  бұрқылдап қайнап, фаршы ақтарылып жатқан 35 тал тұшпара естеріне алды. Тақ бір ет асып, жатқандай отыз бес тал тұшпараға бәріміз шуласып, шұрқырасып жатып әзер дегенде дастарханға отырдық. Дастарханның  тарлығын-ай,  керегедей көңілдің кеңдігін ұрмайды да екен. Біріміздің тіземіз бірімізге тақалып, қолымыз-қолымызға айқасып, дастарханның бетінде қала көшелеріндей кептеліс басталды.

               Жеңгеміз желкілдеп, сояудай сауасақтарына жабыстырған тырнақтарымен жаңа ғана бұйраланған шөмеледей шашын ары-бері түртіп түзеп қойды да, тамақтан құйды. Алдыма ас келді.Тәрелкемді алып, ешкімге білдірмей  қарап қойдым. Үш тал тұшпара, екі тал ірі кесілген пиязбен жарты тәрелке  тауықтың бульонында шомылып жүр. «Іш-же»  деп жандары қалмай қайта-қайта қинаған соң бір талын іліп алып аузыма ұрдым. «Наннан алсаңшы, ұялма!»,  «еще немношко» деген соң алдымдағы кесілген екі тілімін жедім. Машалкадай жұмсақ екен. Кәдімгі тісі жоқ апамның иекпен илей салатын асы екен. Тісіме тимей жатып, еріп, езіліп кетті. Аздан соң шай келді. Оған көздің жасындай ғана тетропакеттің көкпенбек сүтін қатты. «Құмшекер салсаңшы, қайным...» дейді, жеңгем. Төрт бұрыш шақпақ қанттың біреуін кесеге кесектей сүңгітіп жібердім. Құйған шайы жылымық бірдеңе. Көңіліне келмесін деп: «Жеңге, шайыңыздың бұрқылдап қайнап жатқан жерінен құйсаңыз» деп қойдым. Әкел деп кесемді алып, тефальдың түбінен қағымен қосып қотара салды. Кесемнің ішінде кесек-кесек қақтар сеңдей соғылысып жүр. Оны ұққан жеңгем қайсы. Әшейін мені әңгіменің астына алып, оны-пұныны сұрап, өзі жасаған салатты өзі тауса жеп қойды. Ағам да бір ішек болып қалған ба аузына ас апармады. Жоқ әлде маған жетсін деп, тартынып отыр ма, онысы бұлттай бұлыңғыр.

            10 минут өтті дегенде  таралкемдегі екінші тұшпараны шанышқымен шұқып алып, жейтін жеріме тастай салдым. Шайнамадым бірақ. Ішінде фаршы жоқ, ақтарылып кетіп абыройы шашылып қапты.Тұшпараның нанын ұзаққа сақтау үшін дәретхананың қағазын қосады дегенді емес-еміс естігенім бар. Соған қарағанда мен жеп отырған тұшпараға туалеттің қағазы да, салфетка да қосылмаған сияқты.Үшіншісін жеуге ұятым ұялып қалды.

             Бір кезде ішім құрылдап, дырылдай бастады. Ішектерімді біреу қолмен  бұрап жатқандай бүрістім де қалдым. Қайта-қайта қарнымды толтырып жел келеді, желмен бірге маңдайыма тер келеді. Сыртқа білдіртпей шығарып жіберейін десем аядай үй аяйтын емес.

            Жыным келді. Дәретхана  құрылысынан бастап, қала құрылыс басқармасына дейін жапыра боқтадым. Ара-арасында тоқтадым. Ентігіп, көңілімнің күйін келтіріп, ішімді ұқалап, өз-өзімді жұқалап, дастарханда отыра бердім шыдап, қайтем. Әлгі, құрғыр тар дәретханаға кіріп, айнала алмай үйелеп құлап, орнымнан қайта тұра алмай ішім кеуіп, ішкенім сыртқа теуіп, былғап алып абыройдан айырылып қалам ба деп қиналып отырғаным-отырған. Оның үстіне асханаға  жабысып тұрған туалеттің қабырғасы қаныңды қайнататындай жұп-жұқа бірдеңе. Шай ішіп, тұшпара жеп отыған кісілерге ішіңдегі революцияның құрылдаған, дырылдаған, ыңылдаған  үнін қалай ғана естіртіп отыра бермексің? Біреудің ішінде өтіп жатқан майданға екіншінің араласуға, халін сұрауға, қағазын апарып беруге қандай қақысы бар? Ешқандайда. Атам қазақ «Тісі ауырған мен іші аурғанның  көңілін сұрама»  демей ма. Сондықтан тісімді-тісіме нығыздай қысып, қара терге түсіп  ауылдағы жүгіріп бара салатын  иесіз қирап қалған кеңселерді, есі шығып ескірген моншаларды, құлап кірпіші тоналып төбесі түсуге айналған балабақшаларды еріксіз  еске ала бердім. Олардың да қадірін түсінетін күн болады екен-ау деймін ішімнен, кереметтей ішім ауырғанда.

 

 

Қазақ тілінде жазылған