Адам қарады: 91 | Жарияланды: 2017-03-14 03:32:14

Қайсар қоян және оның достары

                                   /БАЛАЛАРҒА  АРНАЛҒАН  ЕРТЕГІ/

 

 Қатысатындар: 1.Қоян, 2.Қасқыр, 3. Барыс, 4.Сиыр, 5.Тышқан, 6.Айболит

                       /Орман іші. Сахнаға ән салып, секіріп Тышқан шығады/

Тышқан:- Таза ауада дем алып,

                  Секіремін биікке

                  Жүгіргенде оталып

                  Жеткізбеймін киікке...

                            Шынықсаң шымыр боласың,

                            Күш-қайратқа толасың

                            Намысын қорғап еліңнің

                            Олимпиадаға барасың

                    Төсектен ерте тұрыңдар                  

                    Қақпаға допты ұрыңдар

                    Жалқау бала атанбай

                    Спортқа мойын бұрыңдар...

Тышқан:- Саламатсыңдар балалар...

Балалар:- Саламатсыз ба?

Тышқан:-  Денсаулықтарың жақсы ма? Дені-саудың жаны сау дейді. Егер

                   сендер мен сияқты спортпен айналыссаңдар күшті, қайратты

                   боласыңдар...Сендер спортпен айналысасыңдар ма?...

Балалар:- Иә...

Тышқан:- Олай болса қазір бәріміз бірге дене шынықтыру қимылдарын

                 жасаймыз. Қәнекей қолды  алға созамыз, жоғары көтереміз,

                 қайтадын түсіреміз, бір-екі, бір- екі...бір-екі..бір-екі...Ооо

                 жарайсыңдар. Енді өкепені шынықтырамыз, бірінші терең тыныс

                 аламыз, уффф, енді шығарамыз, фууу, дем аламыз, шығарамыз, дем

                 аламыз, шығарамыз, дем аламыз, қайтадан шығарамыз. 

                 Жарайсыңдар рахмет балалар. Қазір енді езуімізді

                 шынықтырамыз яғни бәріміз бірге күлеміз.../күлкі жіберіледі/

                 Тамаша көп-көп рахмет, мен сияқты спротпен шұғылдансаңдар,

                 ешқашандай ауырмайсыңдар.../Осы кезде ысқырықтың дауысы естіледі/

                 Ой, ысқырық мені біреу шақырып жатыр, жарайды балалар мен

                  кеттім.../Тышқан жүгіріп кетіп қалады/

        /Қасқырдың ұлыған дуысы естіледі. Сахнаға өлең айтып Қасқыр шығады/

  • Мен қасқырмын орманда,

Жемтік іздеп жортамын

Аңшы келіп қалғанда,

Зәрем кетіп қорқамын

              Қ-сы

Ақ қоян-ау, ақ қоян,

Ұстап алсам жеп қоям

Майлы сүйек етіңе- ей..

Сылқия кеп бір тоям...

 

Қоян көрдім ақ түсті,

Семіз өзі нақ күшті

Етті көріп қып-қызыл

Көзден бұл-бұл кеп ұшты...

           Қ-сы

Қасқыр:- Ет жемегеніме тура бір ай болды. Асқазаным ұлып

                тұр.../ұлиды/ Мен жаңа ғана семіз ақ қоян көрдім. Қоян болғанда

                қандай? Балалар, сендер көрген жоқсыңдар ма? Сол қоянды көрсем,

                қылғытып бір-ақ жұтар едім...Қоянның еті қандай тәтті...

                   Сендер Қоянның қуырдағын жеп көрдіңдер ме? /Барыс келеді/

Барыс:- Амансың ба, Қасқыр мырза...

Қасқыр:- О, Барыс, қайдан келесің?

Барыс:- Сайдан келемін, Қасеке...

Қасқыр:- Жәй жүрсің бе?

Барыс:- Барыс жәй жүруші ме еді, қатты жүрмін. Өзің ше?

Қасқыр:- Мен ба, мен жұмбақ жаттап жүрмін, саған бір жұмбақ жасырсам 

                таба аласың ба?

Барыс:- Ал, айтып көр...

Қасқыр:- «Орманда оның тұрағы, салпиған екі құлағы»

Барыс:- Ол ма, ол әрине, есек...

Қасқыр:- Қайдағы есек, дұрыс емес...Ойлан...

Барыс:- «Орманда оның тұрағы, салпиған екі құлағы» Ыммм, не болды екен

                а....Жабайы ешкі...

Қасқыр:- Өзің ешкі...Балалар қәне, кім біледі? Ол не?...

Балалар:- Қоян /деп айқайлайды/

Қасқыр:- Дұрыс айтасыңдар, ол - қоян. Қояным менің қайдасың?

Барыс:- Аааа, қоян ба?...

Қасқыр:- Айтпақшы, Бәке,  қарның ашып тұрған жоқ па?

Барыс:- Әрине, қарным ашты...

Қасқыр;- Олай болса қоян демекші, осы арада бір семіз қоян секіріп жүр

                ұстап алсақ екеумізге жетеді... Ой, бір шылқыған майлы етке

                тоямыз...ауууууууу  /ұлиды/

Барыс:- Қоян дейсің бе, ол сенің бір асаған апандай аузыңнан ауыспайды ғой.

              Ал мен, семіз ала сиыр көрдім. Сол қояның Сиыр екеуі бірге

              қыдырып  жүр...

Қасқыр:- Семіз сиыр...ООО.. оны да Қоянмен бірге қосып ұстап алу керек...

                Бүгін жолымыз болды, қызыл етке қарық болатын болдық.

Барыс:- Ендеше, Қасқыр мырза уақытты көп созбайық, жүр қоян мен сиырды

              тауып алайық.../Екеуі кетеді/ /Музыкамен ән салып Қоян мен Сиыр келеді/

Сиыр: - Сиыр деген атым бар,

   Айран, қаймақ затым бар

   Тойып алып сүтіме,

   Пеш түбіне жатыңдар...

Қоян:-  Қоян деген атым бар,

             Қуанышқа батыңдар

             Қасқыр жүрсе далада

             Тарс еткізіп атыңдар...

Қоян мен Сиыр:- Бала, бала балақан,

                              Сары тұмсық балапан

                              Қол соғыңдар кәнекей,

                              Ауырмайды алақан.../ Төралы мен Төреғалидің салған әнімен/

                              /Екеуі қол ұстасып айналып билейді/

Қоян;- Сиыр апа...

Сиыр:- Ау, ақ Қоян не дейсің?

Қоян:- Сен қандай бақыттысың?

Сиыр:- Неге?

Қоян:- Адамдармен бірге тұрасың, ал мен болсам далада қашып жүрем.

Сиыр:- Ия, адамдар өте керемет қой. Әсіресе, адамдардың мына залда

             отырған әп - әдемі ұлдары мен қыздары бар. Олар қандай сүйкімді,

            тәртіпті...Мен адамдарға сүт беремін. Менің сүтімнен айран, құрт,

            ірімшік, май жасайды. Айран, сүт, ішкен балалардың ден-саулығы

            мықты болады, өздері сондай тәтті болады...

Қоян:- Айран, оны қалай жасайды, ащыған сүтке су қоса ма?

Сиыр:- Жоға, оны шалап деп атайды. Шыжыған шілдеде мұздай шалап ішсең

            шөлің қанады. Ал, айран майлы, қою болады.

Қоян:- Шөлдеген де кола ішпей ме?

Сиыр:- Кола мен шалапты салыстыруға болмайды. Айран ішіп құрт жеген  

             Бала сабағын  беске оқиды...

Қоян:- Айтпақшы, адамдар құртты қалай жиді. Не олар торғай ма?

Сиыр:- Қоян, сен қандай құртты айтып тұрсың?

Қоян:- Кәдімгі жыбырлаған ақ құрттарды айтамын...Денем түршігіп кетті.

Сиыр:- Жоқ, сен түсінбедің ол ондай құрт емес

Қоян:- Ал енді қандай?

Сиыр:- Құртты менің сүтімнен жасайды.

Қоян:- Қалай?

Сиыр:- Ақ жаулықты апалар менің сүтімді шелекке дыз-дыз-дыз деп

             сауады.../шелекке аққан сүттің дауысы керек/

Қоян:- Содан құрт шыға ма?

Сиыр:- Жоқ, одан кейін сүтті ашытып, ұйыған сүтті қалтаға құйып сүзеді.

Қоян:- Сосын, құртты алып жей береміз бе?

Сиыр:- Ту, ақ Қоян-ау неменеге асығасың құрт әлі дайын болған жоқ

Қоян;- Қашан дайын болады құрт жегім келіп аузымның суы құрып бара

             жатыр.

Сиыр:- Енді аз ғана шыдай тұр. Әлгі қалтаға сүзген сүзбені қазанға салып

              қайнатамыз, саламыз сосын тағы қалтаға салып сүзіп қоямыз.

Қоян;- Туу, қашан дайын болады?

Сиыр:- Енді қалтаға құйған сүзбені табаққа құйып, тұз салып қолмен сығып-

             сығып сарайдың төбесіне жайып қояды.

Қоян:- Енді дайын болды ма?

Сиыр.- Иә, дайын алда жей бер.../күледі/ Айтпақшы құрт деген сөздің

             шешуін білесің бе?

Қоян.- Жоқ, ол қалай?

Сиыр:- Құрт деген, қазақтың ұртын рахаттандыратын тағам ұқтың ба?

Қоян:- Шіркін.., адам баласымен дос болсам ғой, арманым жоқ.

Сиыр:- Оның қиындығы жоқ, мен сені кешке ауылға бірге алып кетемін

Қоян:- Ауыл, ол қандай болады?

Сиыр:- Ауыл – көркі тамаша...Ауылда керемет адамдар тұрады. Олар

             қазақтың салт-дәстүрін, ата жолын сақтайды.

Қоян.- Салт-дәстүр деген не?

Сиыр:- Жер бетіндегі әр-бір ұлттың өз  салт-дәстүрлері, ұлттық киімдері

             болады. Мысалы қазақ деген ұлттың өз дәстүрі бар. Бала өмірге келсе

              шілдехана жасап, бесікке салады, тұсауын кеседі, жасы беске

              толғанда ер баланы сүндетке отырғызады. Атқа мінгізеді той

             жасайды.

Қоян;- Қандай керемет? Ауылда кімдер тұрады?

Сиыр:- Ауылда кимешек киген ақ жаулықты әжелер, басына қазақтың

             оюымен өрнектелген  тақия мен шапан киген аталар тұрады. Олар ақ

             көңіл, қайрымды, өнегелі болады. Ауыл деген мынандай

             болады?.../Ауыл туралы бір-екі шумақ ән айтады Ж.Жексеннің орындауындағы

                «Ауылым» әні/

Қоян:- Мен барсам, маған тиіспей ме?

Сиыр:- Әрине, тиіспейді....

Қоян:- Сиыр апа, менің жүрегім дүк-дүк етіп бір нәрсе сезіп тұр.

Сиыр:- Не сезіп тұр, Қоянжан?

Қоян;- Қасқырдың иісі шығады, қасқыр...

Сиыр:- Қасқыр, ойбай, ойбай, ол бізді жеп қояды, үйде кішкентай емізулі

             бұзауым бар еді, енді қайтемін. Бұзауым жетім қалатын болды ғой

             /жылайды/

Қоян:- Ту, Сиыр апа саған не болды? Қасқыр келсе, бірінші мені жейді.

Сиыр:- Қасқыр түгілі қабаған иттенде қатты қорқамын.

Қоян:-  Неге қорқасыз? Сіз маған қарағанда ірісіз және басыңызда

             қарағайдай екі мүйізіңіз бар?

Сиыр:- Болса қайтемін...

Қоян:- Біз жауға оңайлықпен берілмеуіміз керек.

Сиыр:- Қалайша? Сонда не істейміз?

Қоян:- Қасқыр келген кезде мен қашамын...

Сиыр:- Не, сонда өзің қашып, мені жаудың қолына беріп кетпексің бе?

Қоян:-  Жоқ, сіз дұрыс түсінбедіңіз, мен Қасқырдан қашып алдаймын.

            Ал, сіз жасырынып тұрасызда ана мүйізіңмен артынан келіп қатты

            сүзесіз жарай ма?

Сиыр:- Бір түрлі  қорқып тұрмын...Сен неге өзің сүзбейсің?

Қоян:- Менде мүйіз бар ма, бұл құлақ қой...

Сиыр:- Ажалымның жеткен жері осы шығар...

Қоян:- Қорықпа, деймін әне, олар қырдың астында келе жатыр, мәссаған

            жалғыз емес, қасында Барыс бар.../Алысқа көзін тігіп/

Сиыр:- Барыс, ойбай, онда біттік, құрыдық,  мен екеуін қалай сүземін?

Қоян:- Айқайламай, тоқтай тұршы...Ойланып алайын, айтпақшы, менің

            осында  бокстен әлем  чемпионы Тышқан деген досым бар.

Сиыр:- Тышқан...Дем арасында Боксер Тышқаныңды  қайдан табасың?

Қоян:- Мен қазір мына ысқырықпен қатты ысқырсам  ол жеті қабат жердің

            астында жатса да жетіп келеді.../Ысқырықпен ысқырады...Зуылдап қолында

               боксердің қолғабы, Тышқан келеді/

Тышқан:- Қоян досым, не болып қалды? Тағы да бұзық біреулер тиісіп

                жатыр ма? /Секіріп жан-жағына қолын сермеп/

Қоян:- Досым, бұзық болғанда былай, бізді осында Қасқыр іздеп жүр...

Сиыр:- Қасында Барыс бар...

Тышқан:- Қорықпаңдар, қорыққанға қос көрінеді дейді. Не де болса нар

                 тәуекел...

Қоян:- Былай жасаймыз, Қақыр мен Барыс келгенде мен қашамын Қасқыр

           мені қуады. Барыс сиырды қуады. Тышқан сен- Барысты ұрып

           құлатысың, Ал, Сиыр апа сен  Қасқырды сүзіп құлатасың. Келістік па?

Тышқан:- Базар жоқ... Барыстың быт-шытын шығарамын...

Сиыр:- Е, аруақтар қолдай гөр...Қасқырдың сүзіп қабырғасын сындырамын...

Қоян:- Олар келді, дайындалайық. Сиыр апа, сіз ана жерге жасырынып

            тұрыңыз.../Музыка... Қасқыр мен Барыс келеді /

Қасқыр:- Ах, бәлем, мұнда тұр екенсіңдер ғой...

Барыс:- Әлгі қасыңдағы семіз сиыр қайда?

           / Қасқыр Қоянды қуады. Барыс Сиырды қуады. Қоян жерге жығылады.

            Қасқыр бас сала  бергенде Сиыр жүгіріп келіп Қасқырды сүзеді.

            Қасқыр тоңқалақ асып Сиырдан қашады. Тышқан Барыстың алдынан

            шығып бокстей бастайды. Қатты ұрғанда ногдаундқа құлайды. Қасқыр

            айналып келе бергенде оны да иектен ұрып ноукдаундка құлатады...

            Қасқыр мен Барыс жерде талып қозғалмай жатады/

Сиыр:- О, күшті болды. Тышқан, саған көп-көп рахмет сен болмағанда біздің

             бұларға күшіміз жетпес еді...

Тышқан:- Өткенде екі Аюдың қонжығын ұрып құлатқанмын.

Қоян:- Сиыр апа көрдіңіз ғой менің достарым қандай? Балалар, қолдарың бос

            кезде спортпен айналысу керек. Бірақ, біреудің мұрнын бұзу үшін

            емес әрине...Жаулардан қорғану үшін.

Тышқан:- Қоян досым өте дұрыс айтады. Балалар, сендер де үйде жүргенде

                компютердің алдында көп отырмай, далаға шығып таза ауа жұтып,

               доп теуіп, секіріп дене шынықтырумен айналысыңдар.

Сиыр:- Біз бір ажалдан қалдық...Енді бұларды не істейміз?...

Тышқан:- Орман Полицейін шақырып қаматып тастайық..

Қоян:- Жоқ, тоқтай тұрыңдар...Біз ең алдымен орман дәрігері Айболитті

            шақырайық..

Сиыр:- Қоянжан, саған не болған жауға адам көмек бере ме?

Қоян:- «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген мақал бар...Мүмкін бұлар бір 

             қателік жасаған болар ааа..  /Қасқыр мен Барыс жерде ыңырсып жатады/

Тышқан:- Мен дәрігер Айболиттің үйін жақсы білемін қазір шақырып

                 келемін /Тышқан кетеді/

Қоян:- Сендерге соққы қатты тиді ме? Бірінші бастаған өздерің біз

            қорғандық

Сиыр:- Қорғанбағанда ше, қорада бузауым жетім қалатын еді...Тұрыңдар

             енді жерге жата бермей...

Қасқыр:- Белім, белім –ай, белім сынып қалған –ау деймін қозғалар емеспін

Барыс:- Басым айналып кетті...Мен қайда жатырмын.../Осы арада жедел

                жәрдемнің дауысы естіліп дәрігер Айболит келеді/

Айболит:- Қәне кім аурып қалған сен бе? / деп сахнадан түсіп залда отырған

                  балаларға барады. Бір баланың ішін тыңдайды Ит үреді/

Айболит:- Масқара ішіңе ит кіріп кеткен бе? /Екінші баланың ішін тыңдайды.

                   Оның ішінен мысық мияулайды/

Айболит:- Сенің ішіңде мысық не істеп жүр, тышқан аулап жүр ме?

Қоян:- Дәрігер ағай, науқастар міне жатыр

Айболит:- А, анда ма? /саханаға шығады/ Қазір жүректерін тыңдайын

Қасқыр:- Аааа, мама... 

                 /Жүректері тук-тук деп қатты соғып жатады. Қасқырдың ішін тыңдап көргенде

                    қасқыр жел шығарып кояды.

Айболит:- Фууу, мыналар қатты 

                   қорыққан ғой мен қазір укол салып жіберейін / деп үлкен щприцты

                        алып шанша бергенде қасқыр шошып кетеді/

Қасқыр:- Ойбай, ойбай құтқарыңдар, құтқарыңдар /деп залда отырған

                 балалардың қасына тығылады/

Сиыр:- Даусының жаман ашщысын-ай, не деген қорқақ едің?

Айболит:- Онда мын Барысты шаншайын /деп ұмтыла бергенде олда  қашады/

Барыс:- Ай, құрыдым кешіріңіздер мен енді бұзақы болмаймын /деп

               балаларға барып тығылады. Тышқан келеді/

Тышқан:- Ау, батырларға не болған? Балалардың арасына тығылып...

Қоян:- Достар, біз оларды ортаға шақырып уәдесін алайық...

Сиыр:- Мен Қасқырға сенбеймін, ол қайтадан бас салуы мүмкін...

Айболит:- Қоян дұрыс айтады, «сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ»

                 деген сөз бар. Бір жолға кешірім берейік солай ма, балалар?

Тышқан:- Дәрігер мырза дұрыс айтады, кешірім берейік...

Қоян:- Қасқыр, Барыс бері келіңдер ортаға шығыңдар...

Қасқыр:- Қооорқаамын...

Барыс:- Менде бір түрлі қорқып тұрмын...

Қасқыр:- Дәрігер мырза инесімен шаншып алмай ма?

Айболит:- Инеден неге қорқасыңдар, бұдан мына балалар да қорықпайды

                  солай ма?

                 Мен сендерді «Дос» деген дәрімен шаншамын

Барыс:- «Дос» деген қандай дәрі тұмауға қарсы ма?

Қасқыр:- Мүмкін, салқын тиіп жөтелгенге шығар, бірақ менің ден-саулығым

                жақсы керек емес.

Айболит:- Жоқ, бұл ешқандай ауруға емес, бұл «Дос» деген дәріні

                   қабылдасаң, дұшпандарың азайып достарың көбейеді. Мейрімді,

                  ақылды боласың...

Сиыр:- Тышқан мырза, олай болса сен тағы мына Қасқыр мен Барсқа бір-екі

             удар беріп жібер...

Тышқан:- Жарайды...

Қасқыр:- Ойбай жоо...жоқ, удар керек емес  /деп екеуі Айболиттің қасына

                келеді. Айболит екеуін шаншады/

Барыс:- Ай, қандай ашщы?

Қасқыр:- Ооо, шым ете қалды

Қоян:- Қалай әсер етіп жатыр ма?

Айболит:- Дәрі бірден әсер береді

Қасқыр:- Достар, менің жүрегім елжіреп бауырып былбырып барады. Бәріңді

                жақсы көремін. Ақ Қояным сені сондай жақсы көріп қалдым

Сиыр:- Мені ше?

Барыс:- Сені мен жақсы көріп қалдым

Сиыр:- Қой ей, мынаны қара менің ауылда өз досым қара бұқам

             бар.../тарқылдап күледі/

Тышқан:- Қандай керемет дәрі, Дәрігер ағай, мына дәріңмен біздің орманда

                  тұратын ала мысықты шаншуға бола ма?

Айболит:- Әрине болады.

Қасқыр:- Мен балалрды барып құшақтайыншы, оларды қатты жақсы көріп

                тұрмын. Бұрын қандай қатал, тентек болғанмын. Енді ұялып

                тұрмын...

Барыс:- Мен, мен мұғалімдер мен тәрбиеші апайларды жақсы көріп қалдым

              барып менде құшақтайыншы.../Музыка жіберіліп, Қасқыр мен Барыс

                  залға түсіп баларды құшақтайды/

Сиыр:- Әй, Қасқыр сен бекерге ұялғанша, оданда Барыс екеуің Қоянға арнап

             ән  салып беріңдер.

Тышқан:- О өте табылған ақыл.

Қасқыр:- Жарайды, Барыс жүр ән айтайық /деп сахнаға шығады/

Қоян:- Ал, бастаңдар тыңдайық...

Қасқыр:- Біздің қояндар, қояндар, қояндар...

                 Алматының қояны айбат екен,

                 Астананың қояны қайратты екен

                 Атыраудың қояны аңқау болса,

                 Ақтаудың қояны батыр  екен

Барыс:- Біздің қояндар, қояндар, қояндар...

             Ақтөбенің қояны ақылды екен

             Қызылорданың қояны қайсар екен

              Шымкенттің қояны шымыр болса

              Оралдың қояны әдемі екен...

Қасқыр мен Барыс:- Біздің, қояндар, қояндар, қояндар...

                                   Павлодардың қояны пысық екен,

                                   Семейдің қояны семіз екен

                                   Қостанайдың қояны қайтпас болса,

                                   Тараздың қояны тапқыр екен... /Ерболат                

                        Құдайбергеновтың «Біздің жігіттер» әнінің ізімен/

Айболит:- Достар, балалар мінекей көрдіңіздер ғой, Қасқыр мен Барыс енді

                  тентек болмайтын болды. Сендерде өз ата-аналарыңды,

                 бауырларыңды, достарыңды Қазақстан атты байтақ Отандарыңды

                 мәңгі бақи жақсы көріп, сүйіп өтіңдер...Олай болса, бүгінгі

                 қуанышқа арнап ән айтып би билеңдер.../ «Қара жорға» әні қосылып

                барлық қуышақтар «Қара жорға» биін билейді

Қазақ тілінде жазылған