«АЛТЫН ҚАЛАМ 2019» ТӘУЕЛСІЗ ӘДЕБИ ЖҮЛДЕСІНІҢ ЕРЕЖЕСІ


ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕ

«АЛТЫН ҚАЛАМ» тәуелсіз әдеби жүлдесі (әрі қарай - конкурс) 2019 жылы мынадай мақсатпен өткізіледі:

  1. Жас және қазақстандық қаламгерлерді дәріптеу;
  2. Қазақ қаламгерлерінің қатысуымен әдеби кештер және мастер-класстар өткізу;
  3. Бүгінгі Қазақстан әдебиетінің базасын қалыптастыру және оларды жариялау.

 

ҰЙЫМДАСТЫРУ КОМИТЕТІ

Ұйымдастыру комитетінің құрамына  құрылтайшылар өкілдері және конкурс меценаттары, ықылас танытқан ұйымдардың өкілдері кіреді.

Конкурстың ұйымдастыру комитеті Конкурс қатысушыларын марапаттау рәсімін ұйымдастырады, қазыларды Конкурс қатысушыларының шығармаларын бағалауға шақырады. 

Ұйымдастыру комитеті қабылданған шығармаларға рецензия жазбайды, оларды авторға қайтармайды және басып шығару немесе жариялау үшін баспа үйлеріне жөнелтпейді. Сонымен қатар, ұйымдастыру комитеті Конкурсқа ұсынылған жұмысқа байланысты авторлармен хат алмаспайды. 

Ұйымдастыру комитеті www.akalam.kz. сайтында оқырмандардың жоғары бағасын алған шығармалардың авторларын хабардар етеді және марапаттау рәсіміне шақырады. 

ЖЕҢІМПАЗДАРДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ МАРАПАТТАУ ТӘРТІБІ

Барлық жұмысwww.akalam.kzсайтына орналастырылады ( әрі қарай - сайт).

Дауыс беру екі кезеңмен жүргізіледі: бірінші кезеңде үздік шығармаларды сайт оқырмандары дауыс беру арқылы анықтайды. Олар лайықты әдеби шығармаға 2019 жылғы қазан айының 1-не дейін дауыс береді. 

Мұнан кейін, сайтта ең көп дауыс жинаған жұмыстар әрі қарай жеңімпазды анықтау үшін қазыларға табыс етіледі.  

Конкурстың Қазылар құрамына ұйымдастырушылардың өкілдері, белгілі тұлғалар және меценаттар, жоба серіктері кіреді. 

Қазылар әр аталым бойынша жеңімпазды жасырын дауыс беру арқылы жүлдеден үміткерлердің соңғы тізімінен таңдайды.  www.akalam.kz  сайтындағы дауыс беру қорытындысы мен Қазылар мүшелері жайлы ақпарат Конкурс қатысушыларын салтанатты марапаттау рәсіміне дейін жарияланбайды. 

Қазылар Конкурс қатысушыларымен хат алыспайды. Қазылар шешімі өзгертілмейді. 

Ұйымдастыру комитеті жоба серіктерімен, жекелеген кәсіпорындармен келісе отырып Конкурстың арнайы сыйлығын тағайындауы мүмкін.

Қазылар кез келген аталым бойынша жеңімпазға немесе дипломантқа атақ беруден бас тартуға құқылы.

Конкурс жеңімпаздарына дипломдар 2019 жылдың күзінде өтетін Конкурс қатысушыларын марапаттау  рәсімінде табыс етіледі. 

Марапатату шарасы өтетін орынға барып-қайту шығынын Конкурс қатысушысы өзі көтереді.

ЖҮЛДЕ ҚАТЫСУШЫЛАРЫ

Конкурсқа кез келген адам, танымалдығына, кәсіби дайындығына, шығармашылық одақтардағы мүшелігіне, мекен-жайына қарамастан қатыса алады.

Конкурсқа ортамызда жүрген, көзі тірі авторлардың шығармалары ғана қабылданады.

Конкурсқа шығармаларды автордың өзі ғана жолдай алады/соавтор, автордың (құжаттағы) аты-жөні  көрсетілмеген шығармалар,  үшінші бір адам арқылы жіберілген жұмыстар қаралмайды. 

Шығармалар қазақ немесе орыс тілдерінде жазылуы тиіс.

Қатысушылар бір мезгілде Конкурстың бірнеше номинациясына жұмыстарын ұсына алады.  

Әрбір қатысушы Конкурстың бір жанрына 3 шығармаға дейін жолдай алады. 

Конкурстың 2019 жылы жарияланған аталымдарына сәйкес келмейтін жұмыстар қаралмайды.  

Конкурсқа алдыңғы жылдары ұсынылған жұмыстар екінші рет қабылданбайды және қаралмайды. Сонымен қатар, Конкурсқа факспен, қолдан жазып жіберілген шығармалар қабылданбайды және қаралмайды. 

Қазылар және ұйымдастыру комитетінің мүшелері Конкурсқа үміткер ретінде қатыспайды. 

ЖҰМЫСТАРДЫ ҰСЫНУ ТӘРТІБІ

Қатысушылар туындыларын конкурстың akalam.kz сайтына кіріп, өздері жөнелте алады  немесе ұйымдастыру комитетінің adebiet2014@gmail.com,  kenze2002@mail.ru электрондық мекен-жайына жолдауы керек. Келесі мәліметтер толық  көрсетіліп толтырылуы тиіс: 

  1. Тегі, есімі, әкесінің аты (құжат бойынша), жасы, мекен-жайы, қысқаша шығармашылық өмірбаяны, сондай-ақ қосымша кез келген ақпарат (бұл мәліметтермен тек ұйымдастыру комитеті танысады);
  2. Байланыс телефоны,  e-mail (бұл мәліметтермен тек ұйымдастыру комитеті танысады);
  3. Шығармалар электрондық түрде (файл форматы - Microsoft Word немесе RTF, шрифт Times New Roman немесе Arial Cyrillic, шрифт мөлшері 12, жолдар арасындағы интервал 1,5);
  4. Жоғарыда көрсетілген мәліметтер толықтырылған хаттың электрондық поштамен ұйымдастыру комитетіне жіберілуі Сіздің Конкурс ережесімен келіскеніңізді, сонымен қатар жолданған шығармаларды әрі қарай ұйымдастыру коимитетінің пайдалануына автоматты түрде рұқсат бергеніңізді білдіреді  (төменде көрсетілген «Шығармаларды пайдалану» бөлімін қараңыз). 

Назар аударыңыз! Қатысушылар үшін конкурс анонимді түрде жүргізіледі.  Конкурсты өткізу және қорытынды шығару кезінде қатысушылардың тіркелу мәліметтерін  ұйымдастыру комитеті мен сайт администраторы ғана қарай алады. Егер Конкурс қатысушысы сайт жұмысына ат салысуға ниет білдірмесе және біздің авторымыз болғысы келмесе, тіркелу мәліметтері сол күйі  жарияланбайды. Мұндай жағдайда деректер редакцияланып, байланыс телефоны мен мекен-жайы көрсетілмеуі мүмкін. 

Конкурсқа жұмыстар түрлі аталымдар бойынша  2019 жылғы наурыз айының 15 күні мен 2019 жылғы қыркүйек айының 15 күні аралығында қабылданады.

КОНКУРС АТАЛЫМДАРЫ 

2019 жылы Конкурс келесі аталымдар бойынша өткізіледі: 

  1. ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПОЭЗИЯСЫ
  2. ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПРОЗАСЫ 
  3. "ДАРАБОЗ" - ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК БАЛАЛАР ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР ӘДЕБИЕТІ
  4. ЕСЕНЖОЛ ДОМБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК САТИРАСЫ
  5. ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ФАНТАСТИКА ЖӘНЕ ДЕТЕКТИВ ШЫҒАРМАСЫ
  6. ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК КИНОСЦЕНАРИЙІ МЕН ДРАМАТУРГИЯСЫ
  7. ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНЕ ҚОСҚАН ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕГІ ҮШІН
  8. ЕСЕНҚҰЛ МАМАНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ АРНАЙЫ ЖҮЛДЕ ҮЗДІК ҚАЗАҚ РОМАНЫНА БЕРІЛЕДІ 

ШЫҒАРМАЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУ

Автор, Конкурсқа өз шығармаларын жолдай отырып, олардың ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасының түрлі қалаларында жариялануына, топтамаға енуіне немесе жеке кітап ретінде жарық көруіне келісімін береді сондай-ақ, автор авторлық қаламақы алуға ұмтылмайды.  

Ұйымдастыру комитетінің электрондық мекен-жайы: adebiet2014@gmail.com