Адам қарады: 71761 | Жарияланды: 2020-04-10 05:45:19

Соғыстан кейінгі ұрпақпыз...

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына!

 роман-трилогия

 

              Бұл еңбегімді Екінші дүниежүзілік соғыста

              от кешіп, қан майданда ерліктің жарқын

              үлгісін көрсетіп, ұрыс даласынан

              оралмаған әкелердің рухына  арнаймын.      

                                                                                             Автор.

 

 

БІРІНШІ БӨЛІМ

 

Жиһанға жат болсын деп соғыс аты,

                                                                           Сақтаулы қол қойылған әлем хаты.

                                                                            Бала аш, ана жесір, әке құрбан,

Болсын деп жаралмаған адам заты...

(ән жолдарынан)

Ашық қызғылт сары шапағы шығыс жақтан арайлана білініп, айналаға ерекше, көз қызығарлық рең бергенімен, алтын күннің өзі жер көкжиегінен көтеріліп шығуға ерінгендей, асыға қоймаған шақ.

       Көше бойы сары жез легенін  даңғырлатып, таң бозынан  тезек  теріп жүрген 9 – 10 жастар шамасындағы тәпене бойлы, тыриған арық қара баланың қимылы асығыс. Емпең қаққан оның есі – дерті көбірек тезек жинау болғанымен, көңілі әлденеге алаң екендігі байқалады. Анадайдағы жатаған үйге жиі-жиі жалтақтай қарап, қос шырағының қиығымен де сол жақты бағып жүргені көрер көзге білініп тұр.

            - Әй,  жүгермек,  өз  жағыңа  барып  тер. Бұл  жерден  өзім  терем.  Тезек тек  сендерге  ғана  керек  пе?! – Бұл  баяғы көрші тәтесі Қалишаның  жағымсыз  тарғыл  даусы.

       «Қап,ұсталып қалғаным-ай.Сайтан құсап қалайша тез сап ете қалды...» деп ойлап үлгерген ол легенін сүйреген күйі бұл маңнан жылыстап ұзай берді. 

      ... Анасының: «Қой, балам, қазақта «көрші қақысы –Тәнірі қақысы»деген тәмсіл сөз бар. Қоңсы отырғанды ғана емес, тегі, кімді болса да ренжітуге болмайды. Бұйырғаны болар, тезекті өзіміз жақ пен үлкен көшеден тере берсеңші» деген уәжіне Сәмет онша құлақ аспайтын. Сондықтан,  көбінесе Қалиша тәтенің өзінің өңінен аумайтын тарғыл сиырын  ауыл  шетіне табынға  қосуға  кеткен кездегі  уақытты  пайдалана  қояды.  Сол  үшін  ерте  тұрады  да,  тезек теруді Қалишаның  үй жағынан бастап, сол маңның бар тезегін  сыпырып  әкетеді.  Өзі  ішінен:  «Ал  ендеше,  қайтер  екенсің»  деп  мәз  болып, ұрысқақ тарғыл тәтеден қулығын  асырғанына  дән риза.

            Тезек терген бір рахат өзі.  Маңдайың   тершіп,  арқаң  көктемгі еріген жыбысқы қардай жіпси  жүгіре-жүгіре  терген  тезегіңді  қапқа   аударып  саласың да, қайтадан  легеніңді  қаңғырлатып сүйрей  жөнелесің.    Жинағаның  орта  қаптан асқанда, иығыңа  қабыңды   асып, тезек  толы  легеніңді  сүйреген күйі үйдің ауласына әкеліп, жайып  қоясың.  Тезек  сап - сары боп әбден  кебуі  керек  қой...

         Сәмет таңертеңгі  шайға  шейін  екі,  кейде  үш  рет  осылай  әкеп  тастайды.  Шайын   ішіп, әлденіп  алғаннан  кейін  тағы  да  тезек жорығына аттанады.

         Бұдан бөлек, жаз  бойы  анасымен  ауылдың  сырт  жағындағы  жыра  бойынан  қурай,  мия  орып, арқалап  үйге  жеткізеді  де  қораға  басады.  Орған  ермен,  қурайлары  жер-көкке  симайтындай  көп  көрінгенімен,  Сәметтің қора ішінде әрі-бері ойқастай  жүріп  таптауынан  соң  шөгіп,  азғантай  болып  қалады. Дегенмен,  күнде,  екі  күннің  бірінде  шама-шарқыларынша  орып, үйе  берген  соң, қораның іші  қурай,  мияға  лықа  толады.  Толуын   толады-ау,  бірақ  суық  түсе  соларды  жаға  бастаса, аз  күнде  ортайып,  енді  бір-жар  аптадан  кейін  түгесіліп  те  үлгереді. Одан  кейін  бұлар даладағы  үйілген  қамысқа  қол  салады.  Бар  болғыр, қамыс та қурай құсап қауқиып,  жер-көкті  алып  тұрғанымен  қызуы  жоқ.  Лап  етіп  тез  жанады да, тез сөнеді. Шіркін, ауыл іргесіндегі мына  станса тұрғындары  тас  көмір  дейтін  отын  жағады.  Оны қора-қора  қылып  үйіп  әкелудің  керегі  жоқ  екен. «Екі-үш  тоннасын  түсірсек -  біздің  үйге  жетіп  жатыр.  Күніне  бір  жарым-екі  шелек  жақсақ  болды,   үй  монша  боп  ысып  кетер еді.  Бірақ,  бізде  таскөмір  алатын  ақша  қайда?!» деп,  анасы  көмірдің тамашасын  талай  әңгімелеп,  қызықтырып  қойған.

            Апыр-ай,  ақшамыз  болса  біз де  қыста  көмір алып,  үйді  қыз-қыз   қайнатып  қояр  едік.  Сонда мен жаз  бойы тезек теру,  қурай  орып,  арқалау  бейнетінен  құтылар  едім.  Былтыр  көктем  ұзаққа  созылып, үйілген үш шана қамыс  та, Қамет ағасы  мен Ғалым  бөлесі  шауып  әкелген  екі  арба  көкпек  те,  жаз  бойы  өзі терген  тезегі, анасы Ғазизамен  орған  қурай, ермені тақа таусылған. Көршілерден: «қарызға бір арқа   қамыс бере тұршы»  деп  анасы  бірнеше  рет  сұрап  алған.  Олардың  да  жетісіп  отырған  жайы  белгілі.  «Ренжіме,  өзімізде  де  аз ғана  қалды.  Міне,  көріп  тұрсың-ғой»  деп  ерінбей  қорасына  апарып  көрсетеді.  Сонда-ғой,  қораның  бұрышында  атам  заманнан,  нағашылары бұлармен бірге  тұрған  кезден  бері жатқан жыртылған керзі, рәзіңке етіктер, тозығы жетіп киюге келмейтін пима, өкшесі  кере  қарыс  ботый  дейтін дәу бәтіңкелерді  жаққаны.  Сөйтіп,  ілдәлдалап  наурыздың  жылымық  күніне  шейін    әупірімдеп  жан  сақтағандары  бар.  Солардың жанған кездегі ғана емес, аяқ киімдердің қоламтасы мен күлі құрығырлардың  қолқаны қапқан иісі  мұнша   ащы, мұнша сасық  болар ма...?!

         Мұнда дүниенің  пәлесі жыра бойынан  қурай  ору-ғой.  Анасы «кепкен қурай»,  «піскен  мия»  десе  де  өздері  зілдей  ауыр.  Анасының  орғанын  бұл  әр  жерге  жинап, оның көмегімен, буған кезде бір қолтықтан сәл ғана асатын мия, қурайды  арқасына  салып  алып,  мықшыңдап  үйге  жеткенше  неше  демалады.  Кендір  арқан  алақанын удай ашыта  қиып,  ақ  тер,  көк  тер  болып,  «үх»  деп  үйге  де  жетеді-ау,  әйтеуір!  Бүйтіп, итшілеп  қурай  орғаны да, от жаққаны да  құрысын...

            Анасы:  «Сен  әлсізсің. Өзің сияқты  Сағым мен  Ораз  күшті.  Мен   көтергенді  қиналмай көтеріп  әкетеді», - деп  ұлын  қайрап-қайрап  қояды.  Мұның  намысы  келіп, жақтырмай шамданып қалады.

       - Жаяу жарысқанда  мен ылғи олардан озып,  шаң  қаптырып  кетемін.

       - Е, сенің озып  кеткеніңнен  не  түседі?  Үйге  пайдалы іс істеуден  озық  болу  керек.

       - Олар  күшті  болғанымен  менімен  төбелесуге  қорқады.

       - Сені  ерегесуге,   төбелесуге  қоя  бер.  Оған  мәстірсің-ғой! – деген  анасы  сөзді әрі  қарай  тереңдетпейді.  Әйтпесе,  намысқой  ұлының  өткен  жолдағыдай:  Ендеше сол Оразың мен Сағымыңа  көтергіз отыныңды – деп,  арқалаған қурайын  тастай  салып, айдалаға  қашып  кететінін  біледі.

      - Олардың  әкелері  бар.  Ет-майды  сенен  көбірек  жейді. Сондықтан  денелері  ірі.  Нешауа, Құдай бізді  де   жеткізер.  «Жас  өсер,  жарлы  байыр»  дегендей,  Қамет ағаң  мектебін  бітіріп  жұмыс  жасаған кезде  біз  де ел қатарлы соғым  соярмыз.  Сары  ешкінің  сүті  ғана  емес,  ет-майға  да  жарып,  қарық  болармыз. Сенің де денең солар сияқты өсіп, күшті боларсың.  Құдай  сол  күнге  тезірек  жеткізсін, -  деген  анасы  талай рет көз жасын мінезі шәлкес ұлына көрсеткісі келмей кемсеңдеп,  сырт  айналып  кеткені  бар.

        ...«Ораз», «Ораз»  дейді-ғой.  Сол  Оразының  мектептегі  түрін  көрсе – білер  еді. Өмірі  сабаққа  дайындалмайды. Қайдан дайындалсын, мектептен  келісімен  тамағын  іше  салып,  тап  бір  жұмысқа  асыққандай,  үйінен  безе  жөнеледі.  Көше  кезіп,  қаңғып-қаңғып  кешкі  тамаққа  бірақ  келеді.  Мұғалім  сабақ  сұрап  тақтаға  шығарған кезде сыныптастарына: « Қалай  еді?  Не  еді?» – деп  иегін  көтере  ымдап,  мүсәпірсіп тұрғаны.  Достары оны жамандыққа  қалай  қисын,  сыбырлап,  мұғалім  сұрағының  жауабын  айта  қояды.  Өзінің қалқиған құлағы  мұнша  сақ  болар ма,  анадайдан  естиді.  Бұлардың  сыбырлағанын  шала-пұла  қайталап,  әйтеуір  бірдеңені  айтқан  болады.  Солай мүләйімсіп,  «қалай  еді?» - деп  тұрғанына  намысы  келмейді  өзінің.  Мұғалім  де  қашанға  тықақтай берсін,  «келесі  жолы  дұрыстап  оқып  кел»  -  деген  ескертуін  айтып, қимаса да, амалсыздан  «үш»  деген  бағаны  қойып  береді.  Ойлап  отырса,  бұл  Ораз  мектеп  табалдырығын  аттағаннан  бері  үштен  жоғары    баға  алып  көрмепті.  Көрші тұратын Сағым  екеуі  Ораздай  емес,  әр  сабаққа  мұқият  дайындалады.  «Мен  айтайыншы,  ағай»  - деп,  қолдарын  көтеріп  тақтаға  шығады.   Тақылдатып   тапсырманы    айтып  беріп  бес  алады.  Кейде  төрт  алады.  Төрттің  өзіне  бұлар  намыстанып,  келесі  жолы  беске  түзетуге  асығады.   Күлшәт тәтейлері  бұларға  разы  боп:  «Міне,  Сәмет пен Сағым, Өмірсерік пен Қажыгерей сияқты беске оқыңдар»  -  деп, басқа сыныптастарына  үлгі  етіп  отырғаны.  Мақтағанды  жек  көрсін бе,  бұлардың  көңілдері  марқайып,  қоқиланып  қалады. 

            Бірақ, сол Ораздың жақсы жақтары да бар. Дауысы керемет енді! Әнді нақышына келтіріп қалай құйқылжыта шырқайды. Денесінің ірілігінен бе, қара күшке де  мығым. Қар күреу, отын жару сияқты жұмыстарын мұның шамасы жетпей, мықшыңдап жатқанында: «Сәмет, қане мен көмектесіп жіберейін» - деп, шешіне сап кіріскенде, шаруаны опырып жібереді. Өткенде-ғой, Ораздың төменгі сынып оқушылары арасындағы шаңғымен үш шақырым қашықтыққа жүгіруден мектеп чемпионы атанғаны. Сол жарыста суық өзіне оңбай тиіп, ауырып жатқанында көңіл сұрап барып:  «Ораз досым өліп қалмаса екен» деп мұның қыстыға жылағаны бар. 

        Бүгін де, міне, ертелетіп «тезек жорығын» баяғы Қалиша көршінің үй маңынан бастап кетті. Легенін сықита толтыруға жақын қалғаны сол еді:

  • Ей, жынды шата, аузыңа сиейін! Бұл жерге өзің

 білмейтін қай әкең, қай заманнан бері тезек жайып, саған даярлап қойып еді?! – деген оқыс шыққан қарлығыңқы дауыстан селк етіп, арт жаққа бұрыла жалт қарады.

Тап жанында бетінің қазан түбіндей қап – қара өңі шұбар ала секпілмен өрнектелген көршісі Қалиша әзірейілдей өзіне төніп тұр. Анасы айтпақшы, «бір көзі мәғырыққа, бір көзі мәшырыққа» қылилана қарап, түтігіп кеткен түрін көріп шошып кетті. Қорыққаннан қапелімде аузына жөнді сөз де түспеді:

       - Мен азырақ тезек жинап алайын деп...

        - Әй, мыйсыз, біздің үйдің маңындағы тезекті тересің де әкетесің, жылан жалағандай етіп тересің де әкетесің. Өз жағыңа бар да, тере бер деп қанша рет айттым. Енді біз жаққа жолағаныңды көрсем, айтпады деме – тура аяғыңды сындырамын, қу шата!

       Қорқып тұрса да, жан алардай болып тепсінген көршісіне жасқана, көздері жыпылықтай қарап:

      - Тәте, мен шатақ болып не істедім сізге?

      - Әй, мен сені шатақ деп тұрғаным жоқ. Шата деп тұрмын. Сен тылақтай болып шата ғана емес, шатақтығың да бір басыңа жетерлік екен ғой – деп жұлқынған Қалиша мұның қолын қағып жіберіп, сүйреу үшін жиегі тесіліп жіп өткізілген сары жез шылапшындағы тезегін жерге аудара салды.

      - Бар, шата деген сөздің мәнісі шақша басыңа кірмей тұрса, шешеңнен сұра да, біліп ал...

        Бір жағы леген толы тезегінен айырылғанына іші удай ашыған, екіншіден,«шата» деп шала бүлінген қара қатынның қысастық қылығына жыны келген Сәмет үйіне жұлқына кірді.

  • Мына қара Қалиша  мені «шата»,«шата» деп

шаптығып, әбден шамыма тиді. Мен бұрындар естіп көрмеген, білмеген ол не сөз?

  • Оның үйінің маңынан сол тезек құрығырды теріп

 нең бар еді, құлыным-ау. Неше рет айттым емес пе ол жаққа жуыма деп. Ақыры, міне, ауыр сөз естіп келіп отырсың, - деген анасы иегі кемсеңдеп, көзі жасаурай, бетін теріс қарай бұрып әкетті.

        - Ауыр болғанда «шата» деген не сөз өзі?

        - Білмей ақ қой. Жаман сөз ол. Бишара, долы қатынның өзі кім, сөзі кім?! Оның өзін де, сөзін ойлама, есіңе де алма...

      ...Жасы 40-45-тер шамасындағы, өзінің өңіне өмірі   шыр бітіп, денесіне ет жиналып көрмеген тыриған арық, қатқан қайыстай қақиған Қалишаны ауыл адамдары сол пошымына қарай «қара қатын» атап кеткен. Оның ашуланшақ, сөз көтермес долы болатын жөні де бар. Өзінен оншақты жас үлкен күйеуі Сүйеудің өңеші өмірі арақтан кеуіп көрмеген, ел атап кеткендей «алқаш». Ауылға тиіп тұрған стансаның көмір базасында көп жылдан бері жүкші болып істеп жүрген оның ішпейтін күні жоқ. Жұмыста жүргенінде вагон түсіріп, ара – арасында біреулердің көмірін, ағашын тиеп, өзі айтпақшы, «қалым» жасайды. Одан қалса, мәстір, забскладтың көздерін тайдыра бере бөтелкелестерімен бір-жар қап көмірді жасырын сату арқылы арақтық пұл түсіріп, тамақ жібітетін Сүйеу жанұяның жағдайына бас ауыртып көрген жан емес. Балаларының тамағы, киімі бар ма, үйге отын, су түсірілді ме, оны да ойлауға мұрша жоқ. Қалишаның бір дәтке қуат ететіні:  әйтеуір, ішкіш күйеуінің  стансансадағы жүкшіліктен жанын жалдап тапқан азды - көпті еңбекақысын ол емес, аяғымен барып, шашауын шығармай, өз қолымен  санап алады. Түнеу жылдары: «ақшаны анаған ұстап қалды», «мынаның құнын мойнымызға басты» деген сылтаумен үйге жарытып ақша әкелмей, діңкені құртқан. Оның жұмыс орнына барып білген Қалиша  Сүйеудің айтқанының бәрі ойдан құрастырылған ертегі екендігіне көзі жеткен. Стансаның басшылығына бар жағдайды айтып, содан бері алқашының еңбекақысын кассадан өзі бір тиынын қалдырмай сыпырып алатын болды.

       Қазақтың: «Құдай баланы ұятты болсын деп қызға береді, жарымасын деп жарлыға береді» деген тәмсілі рас-ау. Өздерінің балалары да біраз бар. Құдды, бірі бірінің көшірмесі сияқты 8-9 қара домалақтарының алды мектеп бітірген, үш–төрт ұл – қыздары мектептің оқушылары да, кейінгілері бет ауыздары жағал-жағал, шаштары ұйпа-тұйпа болып, мұрын қорасындағы «ақбоз аттары» кезекпен «шауып шығып», қайта кіре жарысып жүретін оқу жасына толмаған балақайлар. Инкубатордан шыққан балапандардай, бірі біріне аумай тартқан балалары үлкенінің киімін кішісі киіп тоздырып, мектептен  берілетін ауыз толырып айтуға келмейтін болмашы көмек киім-кешектің септесуімен, тоңбас қамын ойлап, әйтеуір, ілдәлдалап жан бағып жүрген жандар. Ауылда тұрса да, өмірі бақша салып әдеттенбеген, соғым соймақ түгіл, қорасына тышқақ лақ бітіп көрмеген, әйтеуір, берекесі кеткен жанұя.

       Басына тартса, аяғына жетпейтін шарасыздық күйін кешіп отырған отбасының осындай жағдайында далбасалап жүрген Қалиша ашуланшақ, көкдолы болмай қатсін? Оны айтасыз, «күйеуі бар» деген аты болмаса, қыс қамын ойлап, азамат басымен үйлеріне ағаш, көмір түсіру міндетін де Сүйеу, өзі айтпақшы, «қайыстай қара қатынының» мойнына жүктеп қойған.

        Отын-суды ертерек қамдауға күйеуінің «ақаңнан» қолы босамайтындығына көзі әбден жеткен ол «сенген қойым сен болсаң» дегендей, қолды бір сілтеп, жаз бойы тырнақтап жиып, көр-жерге тығып ұстайтын тиын тебеніне қыстың көзі қырауда өзі дірдектеп жүріп стансадан көмір, ағаш сатып алады.Оның өзінде, бүкіл қыс бойына жетерліктей отын алуға ақша қайдан құралсын, от жағу маусымы бойына көмірді бір-екі тоннадан бөліп-жарып түсіріп, «өлмеген құлға жаз да келер» деп, көктемге жетеді.

       Дана қазақтан сөз артылған ба, «жақсыдан жаман туар, ауызға атын алғысыз, жаманнан жақсы туар адам айтса нанғысыз» дегеніндей,бір таңданарлық нәрсе: олардың тұңғыш ұлдары Тоқбай үйінде жөні түзік тәрбие көрмесе де, мектепте сабағын тек «беске» оқыды. Онжылдықты тәмәмдаған соң облыс орталығындағы құрылыс техникумына қиналмай түсіп, ойдағыдай оқып кетті. Анасының айтуы бойынша, техникумдағы білімі де, тәртібі де кілең «бес» көрінеді.

       Ұлының әжептәуір дауысымен көркемөнерпаздар үйрмесінде әуелете ән айтып, спорт жарыстарында алдына жан салмайтын желаяқтығымен өзі оқитын техникумның намысын қорғап, жүлдегерлер қатарында жүрген беделді студент екендігін анасы көршілерге, кәдімгідей, мақтанышпен жария етіп жүреді. Енді қайтсін-әй, әркім өзінде барын базарлайды емес пе?!                       

       ...- Зейнел,  Зейнел-ау. Әй,  Зейнел!  -  Құлақтың  жарғағын  жарып  жіберердей  ащы дауыс  көше  ғана  емес,  бүкіл  ауылдың  үстінде  қаздай  қалықтап  ұшып, жаңғырығып  тұрғандай.  «Әу» - деген  жауап   болмаған  соң  әлігі  дауыс  бұрынғыдан  да қаттырақ,  ашулы  шықты.

       - Уай, Зейнел,  жер  жұтып  кетті ме, қу ғана қаншық?! – Бұл – қызын  күніне  неше   жоғалтып,  неше  тауып, қарғыс толы айқайға  басып  жататын  Шәукен   тәтенің  әдеттегідей  әуені-ғой.

       «Апырай,  Зейнел қайда  кетіп  үлгерді  екен?  Шешесінен  тағы  таяқ  жейтін  болды-ау!»

       Тәтенің  ашуы  қатты,  долданған кезде  қызын аямай  соғып  тастайтын  әдеті  бар.

Ойына  бір  қулық  сап  ете  қалған Сәмет  үй  тасасынан  Зейнелдің  даусына  салып:

        – « Әу-у!» деп  созылта,  әндете  сызылтты.

        - Үй,  тілеуің  құрығыр,  тез  үйге  жет!

        - Қа-а-зір... – Дауысын қыз   үнінен   айнытпай   салған ол қарсыдағы  Зәуре  апаның  үйіне  жүгіре  жөнелді.  Ойлағанындай-ақ  Зейнелдің  қаперінде  ештеңе  жоқ,  көрші  апаның  қызы  Сәниямен  төргі  бөлмеде  бестас  ойнап  отыр.

      - Зейнел,  тәтең  ауылды  басына  көтеріп  сені  іздеп  жатыр.  Таяқты сағынып қалмасаң, үйіңе тезірек жет, тағы да  тоқпақ  жейсің.

      Анасының  ашуынан  қатты  қорқатын  қыз  қолындағы  жаз  бойы үздіксіз ойнағаннан майланып,  жып-жылтыр  болып  кеткен  бестасты  тастай  сала  құстай  ұшты.

            ...Зейнел  екеуіміздің  тұзымыз   жеңіл  өзі.  Аналарымыз  іздей  қалғанда,  ойын  қызығына  алданып тез  ести  қоймай  бір  таяқ  жейміз.  Айтқан  тапсырманы  ұмытып  кетіп,  орындамағанымыз  үшін  екі   таяқ  жейміз.  Ақжар  апамның  Жұмашы   да  шешесінен  жиі  тоқпақ  алып  жатады. Ол өзі пысық,  бәрін  айна – қатесіз  тындырымды  істейді.  Бәрібір  Ақжар  апаға    жақпайды,  қит  етсе  Жұмашты  соғып  тастайды.  Ой,  ол  апа  тіпті  келіні  Күлпәшті  де  шықпыртып  алады.   Мінезі  адуынды.  Өткенде  осы  Шәукен  тәтемен    ұрсысып  қалып,  Ақжар апа  оны жерге  еркектерше  алып  соғып,  төмпештегені  бар.  Ауылда  ол  ападан  бәрі  қорқады.  Тіпті,  еркектердің  өзі  ол  кісіден  сескеніп,  ығына  жығылып  жүреді.  Бірақ,  ашуы  қайтқанда  одан  қайырымды,  одан  мейірімді  адам  жоқ.   Қолындағы  ең  соңғысын  көршілерге  бөліп  беруге бар.  Қысқасы,  үлкендер  айтпақшы,  «бірде  көл,  бірде  шөл»...

            Кезекті  бір  таяқ  жеген  соң:  «Әй,  енді  осыдан  кейін  сақ  болып,  анамның  айтқанын  бұлжытпай  орындап  жүрермін-ау.  Сонда  тоқпақтан  аман  болармын» - деген уәжге бекінемін. Бекінгенімді қайтейін, артынша әйтеуір  тағы  бірдеңе  бүлдіріп,  тәтемнің ащы  шыбығының  дәмін  татып  жатамын. 

            Өткенде-ғой,  Ерлік  пен Теңдік    Серікбол  ағаларының  жирен  байталын  жеккен  арбасымен  бүкіл  көшені  даңғырлатып  келе  жатыр  екен.

Бұл  Ораз досы  екеуі Сәметтің  жатаған үйінің  көлеңкесінде, биыл қыста «Пионер» газетінде жарияланған:  «бір-екі» деп соқты ләңгі, қосылып екі әңгі, сабақта олар алады  «бір-екі», «бір-екі»  деп сықақшы Оспанхан ағайдың жазғанындай,  екілене  ләңгі  теуіп,  қызығына  беріліп  жатқан.      

      - Ей, Сәмет,  Ораз,  жүріңдер  тезек  тереміз.  Арбамен  кәтәтсә   етеміз – деген  Ерліктің  сөзінен  кейін  ағалары  жұлқынып тұрған байталының басын тартып,«тр-р» деп  тоқтатты.

      -  Қазір  мен  үйден  қап  алып  шығайын. – Ораз үйіне  қарай  тұра  жүгірді.  Артынша  қоңыр  жамау  салынған  ақсұр  кенеп  қапты  қолтықтап,  жүгіре  келіп  арбаға  қарғып  мінді.

            ... Тап төбеде алаулап тұрған мыс табақ – күн  шыжып тұр.  Басына  қалпақ  та  кимеген  мұның  шекесінен  күн  өтіп, үстінен тер  дегенің  ағыл-тегіл  ақты.  «Ой, Сәмет,  мәләдес»  деп  Серікбол  мақтаған  сайын  сап-сары  боп  күнге  кепкен  тезекті  жүгіре-жүгіре  теріп,  орта  қап  қылып  қайта-қайта  арбаға  әкеліп төгеді.  Жер-көкті өртеп жіберердей күйдіріп – жандырып тұрған күннен  қап-қара   боп  түтіккен бұлардың үйден алып шыққан екі торсық сулары баяғыда таусылған. Ыссылап, тілдері ауыздарына сыймай  шөлдеген  тезекшілер күн  ұясына  қонуға  бет  алғанда  ауылға  кірді-ау,  әйтеуір.

      Үйге еніп, бір бақыраш суды демалмастан, езуінен ағыза қылқылдата жұтып, жан шақырғаны сол еді, анасы есікті  іштен іліп алды. «Тағы бір таяқ жеу сойқаны басталады - ау» деп ойлағанша болмады,  әйда, таяқ деген тажалың шашсыз тақыр басына бұршақша төпелей жауып кетті. Қатты ашу үстінде баласының басынан ұрғанына өзінің де жаны ашыды ма екен, кім білсін, басты жөніне қалдырып, енді таяқ құрығыры жамбаста, май құйрықта ойнақтауға көшті.

       - Көтім-ай, көтім-ай! Өлдім, өлдім-ау!-деп ойбайлағанына да  аяушылық танытары байқалмайды. «Қалай бақырсам да, оған анамның жаныашырлық білдіріп тоқтайтын түрі жоқ» деп ойлап үлгерген Сәмет енді денесі қанша ауырып тұрса да міз бақпай бедірейіп, жылауды доғарып, ерегесіп алды.

            - Есалаң,  өзіндей  Оразды  көрмеймісің.  Ол  үйінен  қап  алуға  жүгіргенде,  сен  де  бір  қапшық  ала  шықпаушы  ма  едің.  Серікбол,  Ерліктерге  де  көмектесіп,  дайын  арбамен  өзің де  үйге   бір  қап  тезек  алып  келсең  артық  боп  кететін  бе  еді, мыйсыз? Енді маған айтпай үйден бір адым аттап шығып көрші, тура мойныңды үзейін – деп, ұра – ұра жартысы сынып қалған таяғын қазандық жаққа лақтырып жіберіп, өзі де әбден шаршаған анасы жайдақ орындыққа «үһілеп»отыра кетті.

       «Оның  сөздерінің  бір  артығы  жоқ.  Бәрі  рас.  Өзім  де  топаспын-ау.  Біреулерге  иттей  болып  тезек  тергенім – терген-ақ,  бір  қапты  өзіме  де  толтырып  әкелсем  ешкім  «қой»  демейтін  еді-ғой.  Бүгін таяқ жеп, ертеңінде ұмытып кетіп, сол қателікті тағы қайталайтын өзіме  обал  жоқ!»

         Анасы  күйінбей  қайтсін,  ұрыспай  қайтсін!  Әкелері  соғыстан  қайтпай,  «хабар-ошарсыз  кетті»  деген  қағаз  келген екен...

       Оның: «бес бірдей баламды асырап – жеткізу үшін жарғақ құлағым жастыққа тимей, тыраштанып жүргенімді Құдай көріп, бір жақсылығын жібере ме деген үмітпен сарғая күтіп келемін. Бірақ, ондай күннің туары байқалмайды...» деп, көз жасы көлдей болып, көрші Зәуре апаға мұңын шаққанын естіген.

       Анасына аудан орталығындағы Әзиза әпкесінің ескі болса да «болыскей кереует» деп мақтап-мақтап берген темір төсекке жату бұған қайдан бұйырсын, нағашы ағасынан қалған, қозғалған сайын сықырлап, шамыңа тиетін ағаш төсегінде көрпені басына тұмшалай жамылып, өтірік ұйықтаған болып олардың құпия сырларын талай тыңдаған. Қамет ағасы қаладан келген кезде ол төсек те Сәметтің өзіне тимейді. Анасы сол ағаш төсекке екеуіне төсек салып береді. Қашан келсе де сіркесі су көтермей жүретін ағасы:

«Мұнда жатпа, тепкілеп ұйқы бермейсің. Бар, төменге түсіп ұйықта!» деп, мұны итеріп-итеріп жерге сырғытып тастайды. Анасының: «Бауырың емес пе, жаныңда жатсын. Жер суық, тоңып қалады» дегеніне қиқар ағасы құлақ аспайды. Сөйтіп, суық жерге салынған төсекте аунап жатады.

         Ағаш төсектегі «қатты ұйқы» өзіне бек ұнайды. Олай дейтіні - сондай «ұйқы» үстінде мұңдас екі ананың бірі – біріне ақтарған өзгелер білмейтін құпияларын тыңдап, қолма қол қабылдай қоятын қауашағына талай рет қотарып құйып алған еді.

       Бірде сондай құпия сырды Зәуре апа:

       -Ана қыздай болып ыздиып жүретін Жәкулә кенже ұлы Жұбатқанды өзіміз «поляк Жақып» деп атап кеткен диірменші Якубтан тауыпты ғой. Жәкулә ұн тартуға барып жүріп табысып, сүйкеніскен істің «тәтті жемісі» көрінеді.

       -Бәсе, басқа балалары қазақ өңдес те, бұл ұлының түрі орыс сияқты әппақ. Жоғары қарай түрілген дүрдиген ерні де Жақыптың ернінен аумай тұр – деген Ғазизаның сөзін көршісі әрі қарай жалғастырды.     

      - Ақжардың Жұмаш ұлы ауылдағы дүкеннің сап – сары сатушысы Шерненкі қақолдан туған деп жүр ғой білетіндер. Сол Шерненко дүкенінің есігін іштен бекітіп алып, сыртына «тауар қабылдап жатырмын», кейде «ревизия жүріп жатыр» деген тақтайшаны іле салады екен де, екеуі бір жарты арақты орталарына қойып қазірге шейін оңаша ойнап-күлетін көрінеді.

       - Көрші-ау, бұл әңгіме тек екеуіміздің арамызда қалсын-деген  Ғазиза сыбырлай сөйледі. – Әлігі езуі жиылмайтын күлегеш Күлмақыш та кішкентай сары қызын біздің ауылға Қапқаздан жер ауып келген шешен Дағидан туыпты. Ол қызының түрі де көздері бақырайып шешеннен аумай тұр ғой өзі...

        - «Бас басыңа бай қайда?» демекші, қай бір жетіскеннен дейсің. «Күйеуің хабар-ошарсыз кетті», немесе: «соғыста ерлікпен қаза тапты» деп қара қағаз алып қара жамылған ауылдас әйелдер көп қой. Соның өзінде «мүмкін жаңсақ хабар болар» деген үмітпен, соғыс жеңіспен аяқталған соң да «үмітсіз шайтан» деп, азаматтарын сарыла күтті ғой байғұстар. Сүйтіп, екі-үш жыл тосып, жарының келуінен әбден күдер үзгендер, жылдар бойы  жар құшағын аңсаған тірі жан иелері емес пе, табиғаттың жазылмаған заңы бойынша амалсыздан тіршіліктерін жасайды да. «Ат аунаған жерде түк қалар» деген емес пе атам қазақ. Содан ғой, соғыстан кейін әкесіз туған ұл-қыздардың көбейіп, ормандағы саңырауқұлақ сияқты қаптап кеткендігі... 

       Мұндай «құпия» әңгімелерді көп тыңдап, санасында сақтағанымен, Сәмет сол естігендерін ешкімге тіс жарып айтқан емес. Бірақ, өмірдің осындай көлеңкелі, балалар түсініп болмайтын тылсым жақтары да болатындығын түйсінген-ді.       

      ...Қамет ауылда  онжылдық  мектеп  болмаған  соң,  қаладағы  «Әйәй  тәтенің»  үйінде   тұрып  оқиды. Ағасы бұдан бақандай он жас үлкен. Әйәй тәтесі анасы Ғазизаның әпкесі Әзиза ғой.

        Кішкентай кезінде -  тілі  жаңа  шыққанда  өзі  солай  атап  кетіп,  қазірге  дейін  «Әйәй  тәте»  деп  атайды.  Міне,  сол    тәтесінің  баласы Ғалым  мен   Қамет қыс айында шанамен аудан  орталығынан  ауылға  келеді.  Үлкендер  қала мен ауыл арасы  жиырма  шақырым  дейді.  Бұлардың үйіне  қонып,  ертеңінде  таң  қараңғысынан  тоғайдан  қамыс  шабуға  аттанады.  Тоғайдан  түн  жарымында  екі  бірдей  шананы  қамысқа  сықай  тиеп  оралады.  Түнделетіп  бір  шананы  түсіреді.  Үйіп,  жан-жағынан  арқанмен  байлап,  ағаш,  оны-мұнымен  бастырып   тастайды.  Сөйтпесе  болмайды,   өйткені, бір басталса апталап ұлитын атақты  «ебі»    желі  екілене   соғып кеп бергенде,  жолындағының  бәрін  ұшырып  әкетеді.  Тіпті,    кей  жылдары  боран  үйдің  төбесіне  шейін  қармен  басып,  үрлеп  тастайтынын  қайтерсің.  Қайсыбір   жанұялар  үйінен  шыға  алмай,  көршілері  олардың  есіктерін  аршып,  босатып  алып  жатқанын  өзі  сан  рет  көрді. Ол «ебі» жарықтықтың  жақсы  жағы  да  бар.  Төбе-төбе  қылып  үйіп  тастаған  қардың  басына  шығып,  етегіне  қарай  шаңғы,   шанамен  сырғанап, желмен жарыса құлдилаған  қандай  тамаша, қандай ғанибет!

            ...Қамет  ағамның  мінезі  қызық  өзі.  Өмірі  басымнан  сипап,  «бауырым»  деп  еркелетіп  көрген  емес.  Еркелеткенің  не,  зірк-зірк   ұрсып,    жылы  сөз  айтып  көрмепті.  Қарсыласа қалсам жағымнан дәу   шапалағымен  аямай  салып жібереді.

       «Қаладан  бүгін Қаметім  келеді» деп  қуанған  анасы  ең  соңғы  ұннан  бауырсақ  пісірді. Бұл Матренка аталатын кемпірден  кебекке  айырбастап,  қияр  мен  картоп  әкелді. Ет  жоқ,  анасы  кәртөшкені  майға  басып,  кәдімгідей,  қонақ  күтетіндей  дайындалды.  Дайындалмай  қайтсін, жаз болса колхозда  істеп  тапқан  тиын-тебенін,  басқа  кезде  біреулердің  қатты-қайырым  шаруасын  тындырып,  картөшке,  бидай,  ұн  алып,  соны  жиырма  шақырым  жерден  жолшыбай арба,  шанаға  салып  әкеліп,  асырап  тұрған  тұңғышы – асыраушысы  келгелі  жатса.  Соның  өзінде  мектептегі  сабағына  үлгереді  екен.  Анасынының  айтуынша  оқуының  бәрі  бес.

            ...Шибұт – Ораздың   еркелететін  ағасы  Бәкір  бар.  Жұмаштың  Ақай  ағасы,  Ерлік пен Теңдіктің  Серікбол  ағасы  бар.   Менің  ағам  әне,  бүгін  келе  жатыр.   Жаңағылардың  ағаларының бәрі  бауырларымен  әңгімелесіп,  әлденелерді  айтып,  шүйіркелесіп жүреді.  Рәгәткісін, садағын, қол арбасын  жасап  береді. Менің ағам соларды жасап бермек түгіл, маған  өмірі  жылышырай  танытып  көрген  емес.  Қашан  да    жақтырмай,  шытынап  жүргені.  Әрине,  Сағым,  Жұмаш,  Өміштерге: «ағам   қиын қатал, мені  жақтырмайды»  деп  айтпайды.  Ағам  келгенде  ананы  жасап  береді.  Кәңки,  шана  әкеп  береді  деп  мақтанады.  Өткенде  бұдан үш  жас  үлкен  семіз  Төкеш  құтыршақтанып  тиіскенде: 

        -Тұра тұр, бәлем,  төрт-бес  күннен  кейін Қамет  ағам  келеді.  Айтып әкеңді  таныттырамын  - деп,  дөңайбат  көрсеткен болатын. Анау сол өтірігіне сеніп, «мен қалжыңдап тұрмын ғой» деп, кәдімгідей қорқып, қипақтап  қалған.

            Бірде  анасы екеуі жеке қалып әңгімелескенде:

       - Барлық  балалар  ағаларына  еркелейді.  Менің  ағам  мені  еркелетпек  түгіл,  басымнан  сипап  көрген  емес.  Мені не  үшін  жек  көреді? – деп  сұрағаны  бар.

            - Ой,  құлыным-ау,  қаршадайынан  әкелеріңді  жоқтатпай,  бізді  асырау  үшін  қабырғасы  қайысып,  қара  жұмысқа  түскен  жалғыз  ағаңа  не  кінә  қоясың?  Бір жағынан  мектептегі  оқуы,  екінші  жағынан  бізді ашықтырмай,тарықтырмай жеткіземін  деп  мұрнынан  шаншылып  жүр  емес пе?!  Қайта  алдыңда сондай асқар  тауың  – ағаң  болғанына  қуанбайсың ба?  Ол болмаса  қалай  күн  көрер  едік?  Былтыр колхоздың  қырманынан  арбамен  аудандағы  зәгәтзернаға  астық  тасып  жүргенде  өгіз  үркіп,  ағаңның  арба  астында  қалғаны  ойыңда ма?

            - Ойымда.  Арбаның  астындағы  сом  темірі  арқасын  ырситып  кесіп  кеткен.

            - Әне,сонда сол темір арқасына емес,жазатайым басына  тисе  не  болар  еді?  Біздің  де  саудамыздың  бітіп, сорлап қалғанымыз  емес пе?!

            - Ораз,  Сағым, Ерлік пен Жұмаштарға  ағалары  ешқашан зекіп, ұрсып, соқпайды-ғой...

            - Сенің  өзіңнен де бар.  Ерегесесің.  Шамаңа  қарамай,  қарсыласа  кетесің.  Әке  орнындағы  асыраушы  ағам-ғой  деп,  өмірі  ағаңның  ыңғайына  жығылуды  білмейсің.  Тарығып  жүреді,  жұмыстан  жүйкелеп  шаршап  жүреді.  Сондықтан-ғой,  саған  қатал  боп  көрінетіні.  Әйтпесе,  сені  неге  жек  көрсін?  Жалғыз  бауыры  емессің  бе...?!

            Бұл үнсіз келіскендей,ойланып отырып  қалды.

            Әй, өзім  де  бір  жақсы-жаманды  айырмайтын  ақымақпын-ау.Асқар таудай ағамды бағалай  алмай  жүрген ессізбін. Шынында, ол болмаса қайтер едік...

            ...Қазір-ғой,  үлкенбіз.  Бірінші-екінші  сыныпта  оқып  жүрген  кішкентай  кезімізде  ағаларымызға  «телефон»  соғамыз.  Ерлік, Жұмаш,Сағым сияқты достар қосылып  күндіз-түні  ызыңдап,  әсіресе  суық  түскенде  қаттырақ «әндетіп»  тұратын  бағаналарды  айнала  қоршап  тұра  қаламыз.   Қолымызда  бір-бір  тас.  Бағананы  таспен  «тақ-тақ»  еткізіп  соғып-соғып жіберергенде, бағана бұрынғыдан да қатты  ызың  шығарып әндетеді.

        - Әлеу,  Бақтығали  аға,  Жұмәділ аға,  қашан  келесіз.  Халыңыз  қалай? – деп  бағанаға  құлақтарын  тосқан бұлар «телефонмен»  сөйлесе  бастайды.

        - Арынтай  аға,  маған  зауодски  қармақ  керек.  Тәтем  мен  Серікбол  ағама  балық  әкеліңіз – деп, балықшы  ағасымен Ерлік қызу  «сөйлесе»  бастайды.  Өзі   болса,  тіпті,  «сөйлеспейтін»  жері  жоқ.  Қаладағы  Ғалым  ағасымен,  көрші  колхоздағы Рахым  нағашысымен «тілдеседі».Таспен төпелеп  ұрған сайын бажылдай түсетін бағанаға  құлақтарын  тақап,  қызу әңгімелескен бұлар:  «Әне, ағам маған  ананы  әкелетін  болды,  мынаны  жасап  беретін  болды»  деп,   бір-біріне  даурығыса  мақтанады.  Ағаларының  дауыстары  естілмесе  де,  өздерінің  айтқандарына  өздері  кәдімгідей сенеді.

       ...Ол кез  қазіргідей,  үлкендер  айтпақшы,   «қой  үстіне  бозторғай  жұмыртқалаған»  заман ба? Ел  басына  зауал  боп  келген Екінші дүниежүзілік соғысының  аурытпалығынан  ел  еңсесі  тіктеле қоймаған,  тәй-тәй  басқан сәбише, жаңа – жаңа  бой  көтере  бастаған  кез.

            Қаз  балапандарындай соңынан үпір-шүпір  ерген бес бірдей  балаларын  асырау  үшін  анасы  колхозда  күні-түні  еңбек  етеді.  Осы  күнгі  сияқты  қол  ұшы  тиіп  кетсе  ай  соңында  айлығын  бір  тиынына  шейін  қалдырмай  санап  алатын  уақыт  емес.  Жасаған  жұмыстарына  еңбеккүн  жазылады. Еңбеккүн  есебіне  шәй,  қант,   кездеме  мен  киім-кешек   босатылады.  Ара  тұра  жазым  болып  мертіккен,  ауырып  қасапқа  түскен  мал  еттері  колхоз мүшелеріне таратылады.Колхоз  бақшасынан  алынған  қауын-қарбыздан  өз  есебіңе  жаздырып  алуыңа  болады.  Міне,  осы  алғандарыңның  бәрі  «қара  спискіден»,  мұрнынан  тізгендей  теріліп,  жыл  аяғында  еңбеккүннен   ұсталады.  Қалған  еңбегіңе өзіңе  тиесілі  астық  беріледі.

            Әй,  сол  кездегі  адамдардың  сүйектері  алмастай  асыл,  пейілдері  заңғар  аспандай  кең  еді-ау!  Қазіргідей  бәрін  өзі  істейтін  техника мен   механизмдер  қайдан  келсін?  Жұмыстардың  көбісі  қолмен  атқарылатын  болғандықтан,  колхозшылар  діңкелеп  шаршайды.  Сонда  біреуінің  бір  ренжіп,  қабақ  шытпайтынын  қайтерсің!  Аша, тесе, тырмаларын  мойындарына  салып,  жұмысқа  әндетіп  барып,  думандатып  қайтады.

      «Өзіме  қалмайтын  болды-ау» деген сараңдық атымен  жоқ.  «Көрші-ау,  өле  жегенше  бөле  жейік те»   деп,  бірін-бірі  дәмге  шақырып,  көше  бойына  балаларын  шапқылатып  жүргендері. Әсіресе,  ұйымшылдықтарын  айтсаңшы!  Біреу  қора,  не  үй  салуға  ниет  білдірсе,  бүкіл  ауыл  болып  жабылып  береді.  Бейнебір,  еңбекқор  құмырсқалардың  жанұясы  дерсің!  Қуаныш, қайғы, мұң-мұқтаждары  ортақ. Біреуінің   қуанышына  қуанса – шын  пейілмен,   кемерінен  асып  төгілген  көктемдегі  өзендей,  ақтарыла  шаттанады.  Ал,  қайғырса – ауылдасы үшін  қабырғасы  қақырай  сөгіле,  таусыла  қиналады.  Қолынан  келсе  сол  қайғының  жартысын  өзіне  аударып,  мойнымен  көтерісуге  бар. 

            ...Балаң  көңілінде  жатталып,  жиі  елес  беріп  өтетін  мына  бір  оқиға  Сәметтің  жадында  мәңгілікке  сақталып  қалыпты. Онда  бұл  екіншіден  үшінші  сыныпқа   көшкен  болатын.

            Әр  ана  әдет  бойынша  жаңа  оқу  жылына   балаларын  қолдарынан  келгенше  дайындайды-ақ.  Ақшанқай  бәтестен  көйлек  тігіп,  «кәпірәтіптен»  шалбар,  аяқтарына  сандал  әпереді.  Әкелері  бар  балалар  көзді  қызықтырып  «парный»  кәстөм – шалбар  киеді  сықитып. «Жоқ  жомарттың  қолын  байлайды» демекші, бұл  жолы  анасы  Сәметтің  көйлегін  жаңартқанымен,  қысқа  жіптей  күрмеуге  келмеген  жадағай  жағдайы  шалбар  әперуді  көтермеді.  Сондықтан, ағасы  Қаметтің  шалбарын  кішірейтіп,  лекерлеп  беруге  тура  келген.  Оның  өзі  мұғалім  болып  істейтін  нағашысынан  ауысқан  дүние.  Пәлен  жыл  киіліп,  жуылып, оған  тарлық  еткен  соң  ағасының  иелігіне  көшкен  болатын.

            Үстіне  жаңа  киім  ілген  балалар  көрші- көлемдерді  жағалай  жүріп  «байғазы»  сұрайды.  Ондайда  үлкендер  де  тарылып,  сараңдық  жасамайды.  «Киімің  тозықты  болсын.  Өзің  киіп  тоздыр»  деп,   балаларынан  жасырылған  мәмпәси,  не  қанттан  уыстап  бере  салады.  Байғазы  сұраушы  баланың  арқасында  сол  үйдің  шуылдақтарының  да  «құдайы  жарылқап»,  ауыздары  тәттіге  тиіп,  мәре-сәре  болып қалады.

            Ертең  оқу  деген  күні  «байғазының»  жазылмаған  заңы  бойынша үйлеріне  Сәметпен  күніне  неше  араздасып,  артынша-ақ  ауыз  жаласып  шыға  келетін, өзінен екі сынып төмен оқитын  Өмеш досы  келе  қалмасы  бар  ма!  Үстінде  ине-жіптен  тап қазір шыққандай әдемі кәстөм-шалбар.  Аяғында  судай  жаңа қызыл  сандал.

            -  Туу-у,  Өмеш,  зауыттан  қазір  ғана  шыққандай  жарқырап  кетіпсің  ғой!  Киімің  тозықты  болсын,  өзіңнің  жасың  ұзақ  болсын!

            Анасы  қуанып,  баланың  бетінен  сүйді.  Әлі  бастықпай,  жаңа  болғандықтан  сіресіп  тұрған  киіммен  өзін  қолапайсыз  сезініп,  сопиып  тұрған  баланың  күткені  ол  тілек қана емес – басқа. «Тауықтың түсіне тары кіреді» демекші, жасырын  ұсталатын  көк   дорба  ішіндегі  сары  майдай  сақталған  кәмпит пен мәмпәси.

            Досының  үстіндегі көз қызығарлық кәстөм – шалбарды  көрген  бұл  су  тиген  сабынша  бұзылып  сала  берді:

            - Бәрі  мектепке  жаңа  киіммен  барады.  Мен  не,  қайыршымын  ба?  Кимеймін  мұны!

            Үйдегі  жалғыз  «мебель»  -  қолдан  жасалған  ағаш  төсектің  басындағы,  ертең  мектепке  киюге  әзірленген  шалбарды  есік  көзіне  қарай  атып  ұрды.  Атып  ұрды да,  еңіреген  күйі  жерге  жата  кетті.

            - Ақымағым-ау,  енді  қайт  дейсің?  Жоқ  нәрсені  жерден  шұқып  табайын ба?  Обалың  әкеңнің  түбіне  жеткен  қарғыс  атқыр  соғысқа  болсын!  Әкең  тірі  болса  сен  де  жаңасын  кимес  пе  едің? – Баласын  тізерлей  отырып  құшақтай  алған  ана  қыстығып  жылап  жіберді.  Қос  жанарынан  сорғалаған  күйініш  пен  дәрменсіздік  жасы  ұлының  басына  тырс-тырс  тамып,  шаш  арасына  таралып,  жоғалып  жатыр.

            - Мә,  Сәмет.  Мынаны  сен ки.  Маған  тәтем  басқасын  алып  береді.

            Аналы-балалы  екеуі  жалт  қарағанда  Өмештің  жүзінен  аяушылық  пен мөлтілдеген мейрімділіктің  ізін  көрді.  Өзі  жылауға  шақ  тұр.  Шалбарын  еденде  тұрған  жайпақ  орындық  үстіне  тастай  салды да,  балақтары  тізесінен  келетін  дамбалымен  далаға  қарай  безе  жөнелді.

            Анасы екеуі  «тостағандарын  жуып»,  біраз  шер  тарқатқан  соң  барып  сабаларына  түсті.  Енді  бір  сәтте  жаңағы  қылықтарына  ұялғандай,  ана  мен  бала  бірі  біріне  көз  астымен  ұрлана  қарап,  көрші  үйге  қарай  бет  алды.  Ғазизаның  қолында  оймақтай  ғана  сырлы  тостаған.  Тостаған  ішіндегі  не  екенін  сіз  өзіңіз  де  сезіп  отырған  шығарсыз,  әрине,  байғазы – кәмпит.

            Жәмила анасына  Өмеш  болған  жәйді  қаз  қалпында  жеткізсе  керек,  есік  алдына  келгендерді  көршісі  жайдары,  күле  қарсы  алды.

            - Е, несі  бар  екен.  Досы  «пәдәркі»   деп  берген  соң  киіп  алмаушы  ма  еді?  Қане,  кие  ғой.

            - Жоқ,  көрші.  Өмеш  өзі  кисін.  Ниетіне  рахмет!

            - Ештеңе  жоқ. Киім баланың пәк көңілінен  артық  па?  Басқасын алармыз тағы да...

            Осы  сөздерді  айтқан  Жәмилә   көршісінің  қолындағы  кәстөм мен шалбардың  орауын  жазды  да,  Сәметке  өз қолымен кигізді.  

            - Міне,енді қатып кеттің. Өзің киіп тоздыра ғой.

            Иіліп  мұның  бетінен  екі  қайтара  сүйді.  Қолдарына  тәтті  тиген  балалар  үлкендерден  құтылғандарына  қуанғандай  тезірек  сыртқа сытылып  шыға  берді.

            Кішірек  кезін ой  сарасынан  өткізіп, Сәмет бала болса да, баз базында көңіл қанатымен қалықтай  ұшып,  өткен өміріне  сапар  шегіп  кететіні  бар...

            Көздеріне боталай жас  алған  анасының  жүдеу,  шарасыздық  кейпі...  Бір  жағына  тартса – екінші  жамбасына  жетпей,  ашылып  қалатын  келте  тондай,   «жоқшылық»  атты  қолбайлау  анасының  жігерін  құм  етіп,  кеңпейіл  кеудесін  еріксіз  басатынын  білсеші. Колхоз  шаруасынан  қолы  қалт  етіп  босай  қалған  кездерде  көрші-көлем,  ауылдастарының  киім  кешек,  көрпе-сырмақтарын  тігіп,  қант-шәйлығын  айыратынын,  шелектеп, дорбалап  «қолүздік»  деп  берген  азын-аулақ  астық,  ұнды  күнкөрістеріне  қамзау  қылатынын  менің  келте  түсінігім  қайдан  білсін!

            Барды-жоқты  екі  бөлменің  «ішкі  үй»  аталатын  бөлмесіне  нешеме  түрлі – түсті  көрпелерді  жайып  салып:  «Көрпенің  үстінен  басқа  жер  құрып  қалды ма  ойнағандарыңа? Аулақ, жүнін  ысырасыңдар!» - деп, қарындасы Жауһар екеуінен қызғыштай  қориды.

      Анасының  «көрпе  науқаны»  әсіресе  қыс  айларында  қызып,  әлекке  түсіп  кетеді.  Өйткені,  колхоз  шаруасы  пәсейіп,  қолдары  босаған  ауылдастардың  әртүрлі  тойға  дайындығы  көбінесе  сол кезде басталады. Кей кездері, уәделесіп алғандай  бірнеше  қыз  қатарынан  тұрмысқа  шығады.  Ондайда анасының тіпті,  жарғақ  құлағы  жастық  көрмей,  мұрнын  сіңбіруге  уақыты  болмайды.  Енді  қайтсін,  қыз  ұзатушылар: «пәленнің  қызының  көрпесін  тіктің,  менің  баламның  жасауына  қол  үшін  бермейсің бе?» – деп,  кәдімгідей-ақ  өкпе  артады.  Анасының алаулаған әдемі жүзі қызылды- жасылды  көрпелердің нұрына  бөленіп, тыным таппай,  одан  әрмен  мұрнынан  шаншыла  түседі.

            Әйтеуір, бәрінің бабын, көңілін тауып, «бала – шағаңның қызығын  көр»  деген ақ  тілеу  алып  жүргені. Бір қызығы, бір де біріне: «менің мына ісіме  мынанша  төлейсің» деп, еңбегін ешқашан саудалап  көрген  емес.  Көп  берсе  «көп»  демейді, аз  берсе  «аз»  демейді, барына  разы.,,

            «Қызымның  тойына  шақырамын.  Өз  қолыңмен  атқарысасың ғой» - деп,  алғысын  жаудырған  көрпе  иесі  риза  болып  кете  барады.  Олай  дейтіндері анасы–Ғазизаның  гармон  тартып,  ән  айтатын, татарша нақышына  келтіре  жыр  жырлайтын  өнері  де  бар. Сөйтіп,балаларын жеткізу үшін,  балапанына  аузымен  су,  жем  тасыған  қарлығаш құсап тыраштанған  анасын  «жаңа  шалбар  әпермедің»  деп  қинағаны  есіне  түссе, Сәметтің анасына  деген  аяныш  сезімінен  жүрегі  сыздап,  өткір  біз  сұғып  алғандай  шаншып-шаншып  кетеді.

       ...Үш жыл қатарынан аудандық бәйенкөматқа шақырылғанымен, жеме-жемге келгенде, «Соғыс жесірінің балаларын асыраушысы болмауына байланысты міндетті әскери борышын өтеуден босатылсын» деген Үкіметтің Қаулысы бойынша

сонша жыл әскерге алынбай, жолдан қайтқан Қаметті биыл тағы да бәйенкөматқа шақырды. Ғазиза осымен төртінші жыл қалаш-тоқаштарын, бауырсақ, жұмыртқа мен «суқари» аталатын пешке кептірілген қаудырлақ нанын қапқа салып,бәйенкөмға баласымен бірге келді. «Әскерге алып кете ме...» деген қорқыныш бойын билеп, көңілі алаң болғанымен, «жылдағыдай облыстық бәйенкөмнің пәрменімен ала қоймас» деген үміті де жоқ емес...

        Бәйенкөм ауласы у-шу, иін тірескен жұрт. Әскерге барушылардың ішінде «ақаңды» ішіп алып айқайға басып әндетіп жүргендер де, иықтарын ішке ала сүмірейіп, қабақтары түсіп кеткен боздақтар да жеткілікті. Ботадай боздап, «менің балам әскерден пәре беріп қалдырылып отырған пәленшенің баласының орнына бара жатыр» деп, бәйенкөм басшыларын қарғап-сілеп, жылап жүрген ата-аналар да баршылық. Енді бір топ  қолдарындағы арақ жартылай құйылған қырлы стақандарын қайта-қайта соғыстырып, «жол болсын»  айтудан жалығар емес.

       Қамет өздері достарымен «муму» атап кеткен аласа бойлы, әдеміше келген иманжүзді ақшулаң қызға қимастықпен үздіге қарап: «Қош бол, қалқа, көргенше, қайта айналып келгенше. Уәдеңе берік бол, мен сендікпін өлгенше...» деп, майда қоңыр дауысымен сызылта әндетіп тұр. Қайтсін-ай, бақандай үш жыл бірін-бірі көрмей, сағынысу кімге жеңіл тисін. Ақ білегіне жігітінің саусағының үші тиіп үлгермесе де, бірін-бірі іштей иемденіп, ынтық болып жүрген қыз бен жігіттің ортасына «үш жыл» деген сынақ мерзім сынадай қағылуы оңай болсын ба?!

      ...  Жоқ! Бұл жолғы іштей дәмеленген үкілі үміті шорт үзілді. Ғазиза ананың ғазиз жүрегі кеудесіндегі қабынан суырылып шығып, қорабы березентпен қапталған «груз-такси» аталатын машинаға тиелген болашақ солдаттармен бірге ауладан ұзай берген ұлы Қаметпен бірге әлдеқайда аттанып бара жатқандай күй кешті. Басқы кезде қыстыға, тығыла жыламсырап тұрған. Енді ұлының шынымен кетіп бара жатқанына көзі әбден жетіп, жылдағыдай қалдырудан үміті үзілген ана: «Құдай-ау, бармысың! Бала–шағамды ұлардай шулатып, жылғыз асыраушымды заңсыз әкетіп бара жатқан басшыларға қаһарыңды төк! Шиеттей балаларымның обал-сауабы кімге айтып шағынайын, Аллам-ау...» деп, көз жасы көлдей болып аңыраған Ғазизаның зарын естіген жиналғандардың көбісі ананың қасіретінің жанында өздерінің бастарындағы жағдай жеңіл-желпі, өткінші бірдеңе сияқты көрініп кетті.

  • Сабыр ет, қызым. Соғыс жоқ, тыныш заман-ғой, әйтеуір. Құдай бала-шағаңа саулық берсін!-деп, сақалы белуарына түскен қария Ғазизаның иығынан қақты. - Міне, кәрі саулықтай, дәлірек айтсам, тоқсанға таяу жасым бар мен де екі бірдей немеремді әскерге жөнелтіп отырмын. Олар келгенше мен болам ба, болмаймын ба, бір Құдай ғана біледі. Сабыр ет.

  ... «Кетті, әне, ағаң. Кімнің баласының орнына

болса да, әкетті жолың болмағырлар» – деп, үйге жылай кірген анасына не жұбату айтарын білмей,үнсіз қалған Сәмет қипақтап, екі алақанын бірі-біріне ысқылай берді.

  • Мүмкін былтырғыдай Үштөбеден қайтарып

жіберетін шығар...

  • Үш жыл қатарынан қалдыра бермей, бірінші шақырғаннан-ақ алып кеткенде, міне,Тәкен, Ақандармен бірге қайтып та келетін еді... –деп жыламсыраған Ғазиза көк сандықтан Қаметтің көйлектері мен мәйкісін шығарып, иіскеп-иіскеп:

       -Балапаным-ау,өзі момын еді, қағынған орыстар қоңаштап, тиісіп жүре ме...? – деп, дауыс шығара жылап жіберді.

        - Иіскеп көрші. Ағаңның дәл өзінің иісі.

        - Ия, мен шөмішпен су құйып, ағам басын, мойынын жуғанда осы иісі бұрқырап тұратын...

        Қаңырап, боп – бос болып қалғандай үңірейіп тұрған үйге сыймай, екеуі екі жерде шоқиып, жетімсіреп отырғанда, қызы Күлжан мектептен оралды.

  • Алып кетті ме?
  • Ия, улап-шулап шағарып салып келдім, –деп

кемсеңдеген анасына Күлжан мен Сәмет қосылып, үйдің іші азан-қазан болып кетті.

         Дәл осы сәтте үйге көршісі Шәукен мен оның күйеуі Қали кіріп келді. Оларды көрген анасы қолындағы Қаметтің көйлегін сандық үстіне қойып:

  • Міне, ұлымның тер иісі сіңген киімдерін иіскеп,

мәз болып отырмыз – деген Ғазиза көп жылғы көршілеріне шағынғандай, қайтадан жылап жіберді.

        -Құдай-ау, ел аман, жұрт тынышта осынша жылағандарыңа жол болсын! Отан алдындағы азаматтық борышын ел қатарлы атқаруға баруының өзі абырой емес пе?! Қан-қасап соғысқа да шығарып салып, күйеуіңді күні бүгінге шейін «келіп қалар» деген үмітпен күтіп жүрген сенің, тіпті де жылайтын жөнің жоқ. Болды, көзіңді жасқа шылай берме. Күнделікті оқитын намазыңда Алладан заманның тыныштығы мен баларыңның амандығын тіле. Жүрміз – ғой, міне, әскерге шығарып салатын бала түгіл, бір шикі өкпеге зар болған біз де...

      «Әншейінде ұшып, қонып, бей-берекет сөйлеуі, кіріспес жерге кірісіп, қыстырыла кетуі арқылы елден сөз естіп, жеккөрінішті болып қалып жүретін Шәукен тәтеден мынандай ақылға қонымды, жөн сөз шығады деп кім ойлаған. Тіпті,былтыр сол орынсыз ұшқалақтығы арқасында Ақжар ападан таяқ та жеген жоқ па еді?!» Сәмет осы ойдың жетегінде отырғанда:

  • Ия, Ғазиза, сонша таусылатындай ештеңе бола қойған жоқ. Балаң көзден таса кеткеніне ішің қоңқылдап, жүреігің сыздап отырғанын түсінеміз. Шүкір, әне Венера қызың да, «көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, оқуын бітіріп, қызмет жасап, бір жағыңа шығысатын уақыты таяу.Сәмет ұлың мен Жауһар қызың әлі кішкене болғанымен, Күлжаның да мектебін бітіруге жақын. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деп, қазақ аталарымыз айтқандай, ұлың да әскери борышын атқарып, үйге жетіп келгенін білмей де қаларсың. Оның арғы жағында Қаметіңнің үйленіп, Арғын атаның бір шаңырағының көтерілуі, өзіңнің немере, шөбере сүйіп, сүйікті әже болып, төрде шәниіп отыруың да көрініп тұрған жоқ па?! – деп, Шәукеннің күйеуі Қали әңгімеге араласа бергенде:

        -Өйдәйт, мына қазақтар Қамет баламыздың бастаңғысын бізден жасырып жасап отыр екен–ғой деп, көршілері Жәмила тәте мен Зәуре апа есіктен әзілдей кірді.

       Сәлемдесіп, хал сұрасудан соң Қали сөзін әрі қарай жағастырып, қасындағы жары Шәукен екеуінің сонау Қарағандының ФЗУ – ында оқып жүріп танысқандарын, үйленіп, бірге еңбек еткендерін, орыстардың Азиялық ұлттарды бөліп, кемсіте отыра жасаған қиянаттарын жырдай қылып әңгімелеп берді.

        Сол арада Шәукендер келісімен қара қазанға салынған ас та пісіп шығыпты.

         -Аға, тәте, келіңіздер. Ас суып қалады-деген Күлжанның ауыз үйдегі даусы шығып, қолдарын шайған бұлар дастархан басына жайғасты. Тамақ артынан шай келіп, меймандар түн жарымына шейін әңгіме-дүкен соғып, көңілді отырды.

        - Ал, «кел демек бар, кет демек жоқ», біз қайтайық. Талайдан бері Ғазизаның дәмді шайын ішпеген едік, «той сылтауымен тон бітер» демекші, Қаметтің әскерге жүру сылтауымен басымыз қосыла әңгімелесіп, демалып бір серпіліп қалдық – деген Жәмиланың сөзінен кейін көршілер шығуға бет алды.

       - Ішіміз қоңқылдап, ұл-қызыммен үйге сыймай отырғанда әдейілеп келіп жұбатып, көңілімізді аулағандарыңа көп рахмет!

        – «Көрші қақысы –Тәңірі қақысы» емес пе! Қамет сенің балаң болса, бізге де бөтендігі жоқ.

  • Балаңды көп уайымдай берме, айдалада жалғыз отырған жоқсың. Құдай ұлыңның аман-сау келіп, тойын бірге тойлауға жазсын – дескен көршілер үйді-үйлеріне тарасты.

      ...Ағасы әскерге кеткелі Сәметтің жүрегі сыздап, көңілін қорғасындай ауыр мұң басып, терең бір ой құшағынан арылмай жүр. 

«Қит етсем, ұрсып, зікінеп, мені жек көретін ағам аудан орталығында жүргенінде сағына қоймаушы едім. Алыс кетіп еді, көңілім алаң болып, ойымнан шықпайды. Бұл қалай екен? Әлде, жүректе қыжыл, өкпе болғанымен, іштей оны жақсы көрем бе? Демалысқа келіп кетсе жақсы болар еді. Әй, кеткені кеше ғана, әзір жібермейді – ғой» деген ойлар мазалап, өзі де түсінбейтін бір халде жүргенінде ағасынан хат келді. Анасы кемсеңдеп, «кәне, тезірек оқып жібер» деп, ұлына ұсынды.

          Үйде жүргенінде ағасы көрші тұратын Ханша тәтеге өлеңмен хат жазып, бұл ешкімге білдірмей, оның қолына табыстап жүретін. Бұл хатты да солай өлеңмен жазыпты. Бастан аяқ қалай құрастырған десеңші! Анасы тыңдап отырып, жасаураған көзін қайта-қайта сүрткіштеп, көңілі босап отыр. Барып түскен жері – Украинаның Днепропетровск деген қаласы екен. Комбат деген дәу командирдің машинасын айдап жүрген көрінеді. Бір топ жолдастарымен түскен суретін қоса салған екен, жансыз бейнесіне қарап: «түріңнен айналайын, момыным-ау» деп, фотоны «шөп» еткізіп сүйген анасы тостағанын да бір жуып алды.

  • Ал, қане, тап қазір   отыр да хат жаз.Оқып мауқын басып, сағынышын сейілтсін – деген Ғазиза хат мәтінін дауыстап айта бастады: «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты, сүттен ақ, судан таза көруші балам Қамет...!» деп бастаған анасының бір сөзін қалдырмай Сәмет жазып отыр. Ойына Қобыланды батыр жырындағы Тайбурылдың ақылдылығын суреттейтін жолдары сап ете қалып, жаңағы хаттағы «судан таза» деген жерінен кейін «бетегеден биік, жусаннан аласа...» сөздерін қосып қойды. Кейіннен, бірер жылдан соң хаттағы сол сөздерді тіпті де орынсыз қосқанына іштей ұялып жүрді.
  • Соңыра Күлжан тәтең сабақтан келгенде әдрісін дұрыстап жазады, кәнбертке салып, дайындап қой.

       ... Сабағын оқып отырғандай сыңай көрсеткен Сәмет жаңағы хаттың соңына: «Ассалаумағалейкум, аға! Мені төсекке жаныңызға жатқызбай, итеріп-итеріп түсіріп жіберуші едіңіз. Қазір төсекке емін-еркін жалғыз жатып, жайлы болып қалған шығар. Өзім солай ойлаймын. Бірақ мен сізді бәрібір жақсы көремін,  сағындым...» деп жазды да, әпкем оқып жүрмесін деп, кәнберттің желім жағылған ернеуін тілімен жалап, жауып тастады. Солай істеген соң ол өзін, біртүрлі, жақсы сезініп, бойы жеңілейіп қалды.

       ...Үлкен әпкем Венераның да мінезі қызық осы.  Тура  Қамет ағамның   мінезіндей. Мені өмірі еркелетіп көрген емес.  Ұрсып,  қашан  болсын  мазақтап  жүргені.  Өзім тыриған арық болғандықтан «инелік»  дей  ме,  «тазеке»  дей  ме,  әйтеуір  қоймайтын  аты  жоқ. Ол мені «таз»  атағалы  қай  заман! Алты жасымда Сабырбай ата үй салу үшін ойған  құдығының  лай  суына  шомылғаннан  басыма  саусақ  басындай  теміреткі  түсіпті.  Ауданнан  машинамен  арнайы  шыққан  доқтырлар  басында  теміреткі,  қотыр,  тіпті,  қызарған  бөрткен түскендерді көрсе болды,  бәрін  машинаға  лақша  тиеп  қалаға  әкелетін бір науқан басталды. Жалғыз мен  емес, ауылдан  Ерлік,  Теңдік, Өмеш, Амангелді мен  Аблайқаннан басқа тағы жиырмашақты бала бар. Бәрімізді шулатып апарып ауруханадағы таздарды емдейтін тоқ машинасының  астына салды. Шалқамыздан,  етпетімізден,  екі  қырымыздан кезек  жатқызып  қойып,  тоқпен  шытыр-шытыр еткізіп  шашымызды  күйдірді. Кейбір қорқақ балалар бақырып жылап, аурухана ішін азан-қазан қылды. Сөйтіп,  он  күн  емдеп,  басымызға сасық  май  жағып, таңып тастады.«Үйлеріңе барған соң үш күннен кейін дәкені шешіп,бір ай үзбей жағасыңдар» деп, қосымша тағы сасық май берді. Өмеш,  Ерлік пен Теңдіктікіндей  емес, менің  шашым сол  күзде-ақ  қаулай  өсіп,  тоққа  түскенім  білінбей  де  кетті.   Бірақ Венера әпкем үшін  «таз»  атым  сол  күйінше  қалып  қойды. Мен  да  қарап  қалмаймын.  Ол  «инелік», «таз»  десе, мен  «жылауық»,  «қаңғыбас»  деп  мазақтаймын. Ашуға булыққан ол: 

  • Не, тазеке, тағы таяқты сағынып,«көтім-айлап»

жылағың келіп отыр ма? – деп, сөзбен шымшылайды.

         Екеуіміздің ұрсыс, төбелесімізге  анамыз  күйініп:  «Үлкенмін  деп    сен    ұялмайсың,  кішімін  деп  әпкеңді  сен  сыйламайсың. Өңкей  Жанахиннің  балалары деп,  ұрсып  жүргені.  Әпкесі  қолымен  ұрса,  бұл  қолына   не  түссе,  сонымен  салып  қалады.  Таяқ   жеп  жатса  да, ерегесуін тоқтатпай,  алған  бетінен  қайтпайды. 

«Жанахиннің  балалары»  деуінің хикаясын анасы: «баяғыда  Жыланды  ауылында  Жанахин  дегеннің  отбасы болған. Жанұяның  оннан  астам  балалары  бірі-бірімен  итше  ырылдасып,  күнде  төбелесетін. Үйінің  жанынан  өткен    адамдар олардың  ойбайды салып,  төбелесіп - қырылысып  жатқандарын  көріп:  «осыларға  не   жетпейді?»  - деп  жағаларын  ұстайтын.  Содан  ауылда  бір  үйдің  балалары  төбелесіп,  ұрсысып  қалса:  «Өй, өңкей  Жанахиннің  балалары»  деген  сөз  мақал  болып  кетті. Сол сияқты,  бірі-біріңе  қырғидай  тимей,  үлкенің  кішіге  қамқор,  кішің  үлкенді  сыйлап,  ауызбірлікті  болыңдар» - деп,  тәрбиелеп  отыратын.

            Венера әпкесі  жетінші  сыныпта  оқып  жүрген  кезінен  бастап  жазғы  демалыста  колхоздың  шөпшілеріне  тамақшы  болып  шығады. Жұмысшыларға  бөлінген  ет - май, макарон мен қанттан Венерамен  бірге  оқитын  Қалдықан  дейтін  қызы  екеуі  ақырындап  жымқырып,  үйге  жеткізіп  тұрады.  Ол да  әпкесімен  бірге  істейтін-тамақшы.

            - Біз  үшін жастайынан  масаға  таланып,   шыжыған  күн  астында колхоздың  жұмысында  жүр.  Сен  болсаң  әпкеңді  құрметтеудің  орнына  қарғадай  болып  төбелесуге  даяр  тұрасың. Үлкенді сыйлау, ұялу  деген  болу  керек-қой, - дейді  анасы.

            -  Өзі – ғой. Алдымен мені «таз» атап, мазақтап  тиісетін, - деп  ақталғанымен,  анасының  сөзіне  мойынсұнып,  әпкесіне  жаны  ашып,  өз  қылығына  ұялып  қалады. «Енді  ерегеспейінші»  деп  іштей өзіне  уәде  бергенімен,  ертеңіне-ақ, әйтеуір бір себеппен әпкесі екеуі ұрсысып шыға  келеді.

        Кейде Венера мен одан кейінгі Күлжан әпкесі жанжалдасып қалады. Күйініп кететін анасы:

  • Енді сен екеуіңнің төбелесулерің жетпей тұр еді -деп, қолына солқылдақ көк шыбығын алады.

Сол арада Венера анасының қолындағы шыбығына жармасып:

  • Ағатай-тәтетай, ендігәрі төбелеспейін. Құдай ақына, соқпашы, тәтетай-деп жалынып, жалбарынып шырылдай бастайды.
  • Соқ, соқ, тағы да соқ. Өлтір, өлтір! – деген Күлжан әпкесі жалынбайды да, шыбыққа да жармаспайды. Безірейіп алған күйінде мелшиіп тұрып алады. Көзінен шыққан бір тамшы жас көрмейсің. Таяқтан қорықпайтын қайсар, намысшыл, әрі жігерлі. 

Күлжан әпкесінің мінезі осындай -  Венераға мүлде ұқсамайтын, қарама-қайшы. Әпкесіндей шапшаң, жеңілтек емес, салмақты. Мектептен үйге келіп, шай-пайын іше салып сабағын оқуға кіріседі. Сондықтан, Венера сияқты  үш пен  төртке  емес,  кілең беске оқиды. Сәметтің сабағын бақылап, мектепке  киімдерін дайындап, тазалыққа, тәртіп пен өнерге тәрбиелеп, ұқыптылыққа  үйретіп  отыратын  да сол әпкесі.

        - Сен  «қазақ»  атты  батыр  да  батыл,  өзгеге  өзегін  жарып  беруге дайын – мәрт, қайсар  ұлттың  ұрпағысың. Өзің  ешкімге  қиянат  жасама,  ешкімге  есеңді  де  жіберме.  Қобыланды,  Алпамыс  батырдай  жаужүрек  жауынгерлердің  тұяғы  екеніңді  естен  шығармай,  оларды  мақтан  тұтуың  керек.  Солардың  атына  кір  келтірмеуге  тиіссің.  Өзің ылғи:  «Мен  Қобыланды  батырмын»  дейсің-ғой.  Міне,  сол  Қобыланды  атын,  Абай,  Жамбыл  аталарыңның  бай,  қасиетті  тілін  әрқашан  құрметтеп,  төбеңе  Ту  етіп  ұстау – парызың!  - деп,  миына  құйып  отырады.  Бұл  болса: « меннен  бар-жоғы  бес-ақ  жас үлкен. Мұның бәрін қайдан біледі?» – деп,  таң  қалып,  әпкесінің әр сөзін санасына сіңіріп, ойына тоқып алуға тырысады.

         Оған қоса әпкесі белсенді комсомол. Бұлардан  бір  сынып  жоғары  оқитын  Жұмаш, Қабден, Дариға мен Кемалдардың  отряд  вожатыйы. Соларға сабақ соңынан концерт  дайындатады. Табиғатқа  апарып,  әртүрлі  қызықты  ойындар  ойнатуға да  уақыт  табады.  Кеше  ғана  Бердібек  Соқпақбаев  деген  жазушының  «Жекпе жек»  деген  кітабын  әкеп:

            - Оқы, осы кітаптағы  оқушы, чемпион-боксшы Мұрат  Батырбаевтай  батыл,  еңбекқор,  тәртіпті де  үлгілі  бала  болып  өсуге  тиіссің.  Бұл  сенің  қолыңнан  келеді, - деп,  өзіне  сенім  білдіре,  қайрай  айтқан.  Кітапты  ала  сала  оқуға  кірісіп  кетті.    Өте  тартымды да, қызықты екен. Кешеден  бері оқудан  бас  көтере  алар  емес...

       Жанұяның ең кенжесі және ең еркесі Жауһар қарындасы.Кейде кенже болған соң еркелеп Сәметпен ұрсысып    қалатыны  болмаса,  қылығы  тәтті-ақ.  Өзі  сап-сары,  сүп-сүйкімді.  Жан  торсығы сияқты мұның  жанынан  бір  елі  қалмайды.  Күшеніп  турникке  тартылғыш-ақ.  Кіп-кішкентай  болып  ап  өзі  топ-толық,  әлді.  Бақа, Батыш, Оқан  сияқты  өзімен  жасты  ұлдармен  күреседі.  Сәметтің  үйретіп  қойған  мыту,  жата қалып лақтыру, жамбасқа  салу мен  іштен  шалу  әдістерін шебер  меңгеріп  алған.  Күрескен  кезде  әлігі  ұлдарды  сол  әдістердің  біріне  салып  лақтырып  жібереді. Қыздан  жығылғандарына ұялған олар жылап  қалады.  Намыстанған  Жұмаш  пен  Жұбатқан  ағалары  інілеріне:  Өй,  қортық!  Қыздан  жығылғаның  аздай,  жылағаның  масқара  емес пе? – деп  қайрап-ақ жүргендері.

            Домалаңдап,  жүгіріп  жарыса  жөнелгенде  де  ұлдардан  озып  кетеді.  Сәметпен  қосыла біраз жүгірген соң,  кішкентай  емес  пе,  «шаршадым»  деп  қалып қояды. Бірақ, сол дайындығының өзі денінің саулығына игі әсерін тигізіп, жүгіргенде ұлдарға шаң қапқызуға да, алып соғуға да  жеткілікті  болып, «палуан», «желаяқ  қыз»  атанып  кетті.

       ... Жаз  айларында  балағының  ұзындығы  тізеден  келетін,  тәте,  апалары  қолдан  тігіп  беретін  дамбалдан  басқа  киім  кимейді.  Жалаң  аяқ,  жалаң  бас  шапқылап,  ұзақ  күнге  ойнайды.  Толарсақтан  келетін  көшедегі бұрқыраған шаңды  кешіп,  құйындай  ұшып  келе  жатып,  табандарын  тас,  пияла  кесіп  кетеді.  «Ойбай», «Ойбай»  деп отыра  қалады да  аяқтың  ырсиып,  қанаған  жарақатына  топырақты  уыстап  құя  бастайды.  Арада  үш-төрт  минут  өте  ме,  жоқ па  қан  сап  тиылады.  Көштен,  қызық  ойыннан  қалсын  ба:  «ей  тоқтаңдар»  деп,  басында  елу-алпыс  қадам  ауырсынып,  қиқаңдай  жүгіргенімен,  әрі  қарай  түк  болмағандай  шапқылай  жөнеледі. 

        Ұят-ай! Бала  кездегі  «бомба  жаратын»  өнерді  алғаш  өзі  бастап,  Өмеш, Марат, тағы басқа  достары  қостаған  қылықтары  ойға  түсіп,  жымиып  күліп қойды...

            Бірінші  сыныпты  бітіріп,  екінші  сыныпқа  көшкен  жазғы  демалыс  болатын.  Достарымен  Сабырбай  ата,  Жұрқабай  аталарының,  сәл  кейінірек  Атамбай  ағаларының  үй  салғанда  қазған  құдықтарына  арықтағы  суды  жіберіп,  соған  күні  бойы  шолпылдатып  түседі.  Адамша жүзуді  үйренгені   былай  тұрсын,  итше  малтап,  екі  қолды  судан  шығармай екі  жанға есіп,  матросша  малтауды  үйреніп  алды.  Бірі-бірінен  асып  түсіп,  алысқа  сүңгуден  жарысады.  Құдай-ай,  сонда-ғой  Марат  досының  Шұқат  атты  бауырының  құдықтағы  суға  шомылып  жүріп  тұншығып  өлгені.  Байғұстың  қолындағы  тістелген  бір  кесек  наны  су  бетінде  қалқып  жүрді-ғой.  Шұқаттың  денесін  Серікбол  аға  судан  шығарып  алғанда  өлген  адамды  алғаш  көрді.  «Бұл қанды  су,  енді ол  құдыққа  түспеңдер»  деп  үлкендер  бұларды  тиып  тастаған. Он-он бес  күн  ол  құдыққа  қорқып түспей  жүрді  де,  семіз Төкеш  құдықтағы  суды  ағызып  жіберіп, жаңалап құйған  соң   қайтадан  шомылып  жүр. 

      ...Бүгін, әдеттегідей, ақ  таңнан  тұрып,  күн  сәл  көтерілген  соң-ақ  барлығы  құдық  басына  ақылдасқандай  бірінен  соң  бірі  келе  бастады.    Үстілеріндегі  жалғыз  киімдері – дамбалдарын  лақтырып  тастап,  тыр-жалаңаш  қалыпта  сүңгіп-сүңгіп  кетті.  Сол  түскеннен  мол  түсіп,  бірін-бірі  қуып, дәгәнәлкі ойнады. Түскі тамақ ішер уақыты  таянғанда қарындары әбден ашып, суға ұзақ  шомылғаннан  тістері  сақылдап  тоңды.  Сонда да  судан  шыққылары  жоқ...

        Бұлардың досы Жарқын  орысша  оқиды-ғой.  Орысшалап  кеткенде  барлығы  қызыға  да,  қызғана  қарап  қалады. Бірақ, өз ана  тілін  менсінбей,  орысшалай беретін мақтаншақтығы жаман-ақ. Ол:

            - Последний раз,  жопу  напоказ, - деп судан көтенін  жарқ  еткізіп шығарып, қайта  сүңгіп  кетті.  Бұлар  Жарқынның  сөзін  қағып  алып,  жамырай қайталап, суды қимай,  қайта-қайта сүңгіп  жүр. Қарын құрғырлары да бір жағынан бақа кіріп кеткендей шұрылдап  маза  берер  емес.

            - Ей,  қазір  тезірек  тамаққа  барайық  та,  түстен  кейін  жинала  қояйық.  Тағы  қуыспақ  ойнаймыз.

            - Дабай,  сөйтейік.  Әйтпесе  менің  ішіме  құрбақа  түсіп  кеткендей,  құрылдап  тұр – деп, Қодар – Сағым  Сәметті қостап қойды.«Последний раз жопу  напоказ»  десіп  соңғы  рет  көтендерін  жарқ  еткізе  сүңгіді де, судан атып-атып шыққан бұлар жаурағаннан тістері сақылдай  дірдектеп  дамбалдарын  киіп-киіп  алысты.

            «Шү-у, қарақұйрық» деп шаңды бұрқырата кешіп жапа  тармағай шауып  бара  жатқан  достарын  Сәметтің даусы  тоқтатты.

  • Ей,  тоқтаңдар,  қазір  мен  бомба  жарам.
  • Бомбасы  несі  тағы?
  • Қайдағы  бомба? – дескен достары аң-таң.

Көшенің    ортасына    тоқтай    қалып,    қарасұр    дамбалын   тізеден  төмен  түсіріп  жіберген  Сәметтің  қылығына  бәрі «мынау қайтпек-ей» таң  қалысып, үдірейіп  тұр.  Қос  қолымен  толарсақтан  келетін  борпылдақ  топырақты  көсіп-көсіп  үйіп  жіберіп, жалаңаш  көтенін  үйілген  топыраққа  тақап,  күшеніп  кеп  «тарқ»  еткізді.  Әбден  күнге  кеуіп  кеткен  үлпілдек   топырақ мойын тұсқа  көтеріле «бұрқ» ете  түсіп, ауаға жайыла тарап жатыр.

  • Өй  мынау шынында нағыз бомба-ғой...
  • Мұны  қайдан  ойлап  таптың-ей?
  • Қане,  біз  де  бомба  жарып  көрейікші!

Достарының    да     «бомбалары»     дайын     тұр   екен.   Дайын болмай  қайтсін,  ақ  таңертеңнен  бері  балық құсап судан  шықпай  шомылған  бұлардың  іштеріне  жел  қарысып қалды емес пе?!  Тек  «осырақ»  атанбас  үшін  бірі-біріне  естіртпей, ақырын күшене сыздықтататып,  жіберіп жүр ғой! 

       Сәметтің бұл ойлап тапқаны  жақсы  болды-ау, өзі... Достары   рахаттанып,  «бомба»  жару  арқылы  емін-еркін  іштегі  желден  арылып қалды.  Тіпті,  келе-келе  «менің  бомбам  күшті  шықты»,  «менікі  сенікінен  қатты  жарылды»  деп дауласып, «бомба жарудан»  өзара  жарысатын  болды.

     ... Төбеден ауған күн еңкейіп, екінді уақыты таяп қалса да, шілденің шыжыған ыстығы қайтпай, жер-көкті күйдіріп тұр. Жанға сая болар лүп еткен жел де жоқ. Қалидың үйінің көлеңкесіне жайылған қомша үстінде Сәмет пен Зейнел өздерінше әңгімелесе шүйіркелесіп, енді бірде, бала емес пе, бірдеңеге келісе алмай даурығысып бестас ойнап отыр. Сәмет ойыннан жалығып, оның үстіне күннің ыстығына шыдамай, мазасызданып кетті.

  • Зейнел, дабай мына арықтағы суға түсейік. 
  • Дабай, түссек түсейік.Мен де мына бықынатқан

ыстыққа шыдай алар емеспін.

       Көйлектерін шешіп,лыпашаң қалған екеуі мәз-мәйрам бола күлісіп, шалпылдата шомылып жүр.

  • Әй, Сәмет, ойының осылғыр. Сенің-ақ осы

 ойының таусылмайды екен! – Үйінен әлденеге ашуланып, долдана шыққан Шәукен сіңілісінің суланып, тарамданып кеткен шашынан жұлқып-жұлқып, бетінен шапалақпен тартып жіберді.

       - Өй, сексиген қу ғана қаншық. Үйдің қарасын көрмей, қаңғисың да  жүресің. Бар, ыдыстарды жу... 

       Шәукен  ұдайы орынсыз жерге тұмсығын тығып,үлкенмен де, кішімен де еш себепсіз ұрсысып, тілінің ащылығынан бір рет өзінен едәуір кіші Ақаннан, енді бірде Ақжар ападан оңбай таяқ жеп, масқара болғаны бар.

        Елге де әбден сүйкімі кеткен Шәукен «таз ашуын тырнап алады» демекші, әлденеден туындаған ашуын өз жөнімен тұрған баладан алғысы келгендей:

  • Сен, сәмиген Сәмет,«менің әкем Отан қорғаған»,«Елі үшін ерлік жасап өлді» деп, балаларға ылғи өтірік мақтанасың. Өзің математиканы білесің бе? Соғыс 1941-жылы басталып,1945 – жылдың мамырында аяқталды.Сен болсаң 1947 – жылы тудың. Сонда өзің құрсақтан шығуға асықпай, қанша уақыт іште жатқансың? Басқалар іште тоғыз ай, тоғыз күн жатса,сенің жатырда жатысың елден ерекше, төрт-бес жыл болғаны ма? Өтің жарылып, өліп кетсең де айтайын: сен некелі әкесіз – шата болып туғансың...! – деп, көздері қылилана шатынап, өзінің боғымен жасты балаға шайпулана шаптықты.

       Жазықсыз екенін білгенімен, ашу қанша қысып тұрса да, шешесіндей адамға қарсылық танытарын, не басқа бір ауыр сөз айтарын білмей,  состиып тұрып қалған Сәметті Шәукен:

        -Қағынып кеткір,бар үйіңе-деп, желкесінен түйіп қалды. Арықтың жиегінде қамсыз тұрған ойын баласының аяғы балшықтан тайып кетіп, суға былш ете түсті. Бұл жазым дегенді қойсаңшы, арықтың ернеуіне кірігіп, жабысып тұрған жалғыз ғана қырлы қара тасқа оңбай соғылған Сәметтің маңдай тұсынан қан бұрқ ете қалды. Шекесінің қанағанын аңғармаған ол ауырған маңдайын алақанымен сипап жібергенде, қолына жұққан қып-қызыл қаннан шошып кетті. Көздері алақандай болып, аңыраған күйі үйіне қарай құстай ұша жөнелді.

         -Ойбай-ай, ойбай-ай!-деп, бақыра жылап, үсті-басы су, беті қан мен балшықтан көрінбейтін ұлын көрген Ғазизаның қорыққаннан көзі бақырайып кетті.

        -Құдайым-ау,сорлы басыма тағы қандай қасырет бердің?! Не болды? Кім тиді, ойбай? – Көз жасы көлдей болып бетін жауып, сасқалақтаған ананың есі шыға:«Аллам-ай», «Аллам-ай»-дегеннен басқа аузына сөз түспей, тек соны тотықұсша қайталай берді.

       –Тілің бар ма, не болды, айтсаңшы, балам–ау?

  • Шәукен шибұт мені нұқып жіберіп, арыққа

құлатып тастады... Сен некесіз туған шатасың–деп, тағы басқа жаман бірдеңелерді айтты...

        Ақжар апа Шәукенді алып соғып ұрғандағы «шибұт» деген сөзі есіне түсіп, қазір ашу қысқан сәтте Сәмет сол келеңсіз сөзді қолданып тұр.

       - Жүр, не оны өлтірейін, не сол бедеу қатынның қолында өзім өлейін! – деген Ғазиза ұлын сол беті-аузының қан-қан, балшық күйінде қолынан жетектеп, дедектете жөнелді.

       - Әй, Шәукен, жетім бала, жесір қатын деп бұл қай басынғаның? Өзіңнің боғыңмен жасты ес білмейтін балаға «шата» деп айтуға ауызың қалай ғана барды...? – Ызадан қалшылдап, бет әлпеті түтігіп кеткен ана әрі қарай сөйлей алмай булығып, дауыс шығара жылап жіберді.

       -«Шата» деп айтсам, шата екендігі өтірік пе? Оған неге сонша талағың тарс айырылып тұр.

       -Құдай жазаңды берсін шибұт. Көтіңнен қатты боқтан басқа ештеңе шықпайтын сен қара қатын баладан садаға кет! Сол пейіліңе қарай ғой, Алламның бір шикі өкпеге сені зар қылып қойғаны... – Қара жерге бір тізерлеп отыра қалып, қыбыла жаққа екі қолын көтеріп, алақан жайған ана әлдебір дұға ма, аят па, бірдеңелерді күбірлей ұзақ оқыды да, дауысын қатты шығарып:

       -Уа, Тәңірім, мұң-зарымды естіші бір! Жетім бала, жесір қатынды басынып, зар еңіреткен мына Құдайдан қорықпайтын найсап қатынды балаға сол зарықтырған күйіңде зарықтыра гөр. Жіберші қосымша және бір зауалыңды. – Тағы да күбірлеп бірдеңелерді оқыды да, «Аллаһу әкпар» деп бетін үш қайтара сипады.

       - Сол сорлының сандалған сөзін қайтесің. Оның жазасын, көр де тұр, көп кешіктірмей Алла береді. Жүр, үйге кеттік – деп, баласын қолтығынан алған Ғазизаның бағанағы әлем тапырық болған жүзіндегі ашудың ізі де қалмапты. Өзінің Тәңіріден жалына сұрағанын беретіндігіне, сондай бір сенімді, риза түрмен ұрсыс болған жерден жылыстап ұзай берді...

      ... Жаңағы зәрлі сөздің улы мағынасы басын айналдырып, миын тесіп жіберердей шанышқалатқан Сәмет анасының қолынан босап, үйіне жүгіре-жүгіре кірді. Көзінен аққан ащы жасы тоқтамастан сорғалап, көйлек омырауы шылқылдап кеткен. Үйге кірген бойы өксіп-өксіп жылап жіберген ұлының түтігіп кеткен жан аярлық кейпін көрген анасы шошып кетті:

      -Құдайым-ау,соншалықты күйрей таусылатындай саған не болды? Сол көкбет қатынның өзі кім, сөзі кім? Іріген ауыздан шіріген сөз шығады. Есіңе де алма оның қотыр тілінен шыққан былжырағын-деп, қалбалақтап тұрған анасының жүзіне жанары жасқа толы ұлы бір сәт сондай жеккөрінішті, жиіркенішті көзқараспен қарап қалған.

      -Аллам-ау, көз қарасың қандай суық еді... Балам-ай, жауыға қарайтындай не жаздым саған? Ең болмаса менің кінәмді айтып өлтірші...

      - Ешкімге де керек емес, не ағама, не әпкелеріме сүйкімі жоқ мені әкесіз не үшін тудың?       

        - Уай, Жаратқан ием, өз баламнан осы сөзді естірткенше, қара жеріңнің қойнына алсаңшы мені...

        ...Сәмет өзі  былтырдан  бері  жаздырып  алатын  «Пионер»  газетінен  соғыс жайында, советтік  батырлардың  фашистермен  айқасқан  ерліктері туралы   оқығанда:  «Менің  әкем  де  осындай  ерлік  жасады-ғой.  Неге  оны  жазбайды  екен?»  деп  талай  ойға  батқан.  Әкесінің  батырлық  шайқасын  ойша  елестетіп,   өзі  де  сондай,  әкесіндей батыл, қайсар да,  батыр  болғысы  келетін.

            Өмеш,  Марат,  Күләш пен Сағым  бәрі  бірі-біріндегі  әңгіме,  ертегі кітаптар  мен  батырлар  жырын алмасып,  кезектесіп  оқиды.  Алғаш  рет,  былтыр үшінші   сыныпта  оқып  жүргенде  «Қобыланды  батыр»  жыр-кітабы  қолына  түсті.  Паһ,  шіркін!  Басында  дулығасы,  үстінде жарқыраған сауыт,  қолында  үкілі  найзасы,  астында  қысылтаяңда  ақыл  беретін  Тайбурылдай  пырағы  бар  Қобыланды қандай  ер! Батырдың  қалмақтармен  шайқасып, оларды қынадай  қырған  ерлігін  айтсаңшы!  Міне,  содан  бері  кітап  оқығыш  болып  кетті.  «Алпамыс  батыр»,  «Қырық  қыз»,  «Қозы Көрпеш-Баян  Сұлу»   хиссаларын  іздеп,  балалардан  сұрап  алып  оқып  жүр.  Биыл,  4-сыныптан  бастап  ауылдағы  кітапханаға  жазылып,  соның  тұрақты  оқырманы  болып алды.  Кітапханашы  дегенің  әлемдегі  ең  бақытты  адам-ғой.  Керек  кітабын  таңдап,  газет-журналдарын  қажетінше  алып,  күндіз-түні  оқыса да  ешкім  қой  демейді.

            Төртінші  сыныптың   алқашқы  оқу  күнінде  Күлшәт тәтейлері:  «Қане  жазғы  каникулда кім,  қандай  кітап  оқыды?» - деп  сұрақ  қойды.

            - «Қазақ  ертегілерін» оқыдым.

            - «Балтық  жағалауы  халықтарының  ертегілерін»  оқып  шықтым.

            - «Кішкентай  Дик»  кітабын  оқыдым – деген  сыныптастары  жамырай  жауап  беріп  жатыр.

            - Қане,  Сәмет,  сен  қандай  әдеби  шығарма  оқыдың?

            - Владимир  Клавдьевич  Арсеньевтің  «Дерсу  Узала»,  «Қазақ  ертегілерін»,  «Қырық  өтірік»  және  «Қыз  Жібек»   хиссасын  оқыдым.

            -  Ал  осылардан  үзінді,  немесе  кітап  не  туралы  екендігін – мазмұнын  айтып  бере  аласың  ба?

            -  Айтам.

            Базарбайдың  Төлеген,

            Ерте  туып  көбеген.

            Он бес жігіт  басшы  алып,

            Алпыс  жігіт  қосшы  алып,

            Ақжайыққа  жөнеген.

            Өткен  айдың  нешесі?

            Ай  қараңғы  кешесі.

            Падишадан  кем  емес,

            Ер  Төлеген  мүшесі – деп,  мәнеріне  келтіріп қызбалана, тоқтаусыз  зуылдата жөнелгенде,  сыныптастары  тым-тырыс  ұйып,  қызыға  тыңдап  қалған.  Әрі  қарай  хиссаны  жалғастырып,  Төлегеннің  қалмақпен  айқасына  көшті:         

        Төлеген  сонда  тұрады,

            Алладан  пәрмен  сұрады.

            «Құдай-ау,  өзің  жар  бол» деп,

             Қалмаққа  мойнын  бұрады.

        Қорамсаққа  қол  салды,

             Қол  салғанда  мол  салды.

             Ақ садақты  қолға  алып,

             Шірене тартып  қалады.

             Зуылдап  жебе  кетеді,

             Қалмаққа  таман  жетеді,

            Жауына  енген  сұр  жебе

             Тесіп өтіп  кеудені,

             Үй  орнындай  төбені

             Аударып  тастап  кетеді...!

            Төлеген  батырдың  ерлігіне  сүйсінгендері  ме,  жоқ  әлде  Сәметтің өнеріне  риза  болғандықтан ба,  бүкіл  сынып  дуылдата  қол  соғып  жіберді.

      - Ой,  Сәметім,  жарайсың!  Тіпті,  хиссаны  түгелдей  жаттап  алыпсың-ғой...

   Сол  ерлікті  өзі  жасағандай қызбаланған бұл  сабасына  түсе  алар  емес.

            - Тәтей,  әрі  қарай  айта  берейінші.  Соңына   дейін  жатқа  айтамын.

            - Болады,  айналайын.  Түгел  білетінің  байқалып  тұр.  Көрдіңдер  ме,  балалар,  қандай  кітап  оқысаңдар  да,  Сәмет  сияқты  оған  мән  беріп, терең түйсініңдер. Тіпті  жаттап  алсаңдар  да  артық  болмайды.  Сол  әдеби  шығарманың  мазмұнын  біліп  қана  қоймай,  ойларыңа  тоқыңдар.  Жақсысынан  ғибрат  алып,  жаманынан  жиреніп,  оны  өз  өмірлеріңе  өзек  ете  біліңдер, - деген  ұстаз  сабағын  әрі  жалғастырды.

            Ер Төлегеннің ерлігімен  қанаттанып,  соның  әсерінен  арыла  алмаған  бұл  бір  сәт  қиялға  ерік  берді. Шіркін, Қобыландыдай  батыр  болсам... Қобыланды  батыр  жырын  оқып,  талай  жерін,  әсіресе,  батырдың  жаумен  шайқасқан  тұстарын  жаттап,  тоқталмай  айтып  бере  алатын ол содан  бері  өзін  Қобыланды  батыр бейнесінде сезінеді.  Сағым – Алпамыс батыр,  Өмеш – Толағай  батыр.  Әй, бәрінен де Қобыландының  ерлігі  ерекше-ау!  Сол  ел қорғаған баба  мен  өзімнің  болмысымда  бір  ұқсастық  бар осы.  Сондықтан да достарымның арасында Қобыланды  батыр аталып  жүрмін-ғой.  Өткенде  Қобыландының  кітаптағы  суретін  қолына  ұстап,  қабырғадағы  ортасынан  шытынап жарылған  айнаға  салыстыра қараған.  Батыр бабадан  өзінің  түрі  аумай  қалған  сияқты  ма,  қалай  өзі...

       ...Алтындай жапырақтары сарғайған сары күз кетіп, табиғат-ананың етегін бозқырау шалған қоңыр күз де өтті. Табиған шебер ғой, міне, енді жаурап қалмасын дегендей, жер бетін әппақ мамық көрпеге қымтай орап тастаған көптен күтіп сағындырған қыс та түсті. Сабақтан  келіп  тамақтарын  ішіп  алған  балалардың  бәрі әдеттегідей  жыра  басына  жиналған.  Жыра  биік,  шананың  басын  қоя  беріп  зулай  жөнелгенде,  сол  екпінмен  жыраның  қарсы  бетінің  жартысынан аса  көтеріледі.  Арындаған ағыны  басылған сәтте қайтадан  бұрылып  кері қарай  зырылдап береді.  Биыл  дегенің қар әдеттегіден  көп  жауып, «ебі» жарықтық   жыра-жыраның  бәріне  үріп  толтырып  тастады. Тіпті тамаша, рахат!

            - Ей,  менің  шанам  бәріңдікінен де озып  кетеді.  Вот,  смотрите! – Темір  шанасымен  зырқырата  жөнелген  Жарқынның  айтқаны  рас.  Құйындай  жүйткіген  күйі  жыраның  екінші  беткейіне  шығуға  шақ  қалып,  бұрылған күйі кері салды. Бұлардың  қасына  қайта  келген ол:

       - Міне, осылай тебу керек – деп, риза кейіппен шанасын қоқилана сипап қойды.

            - Енді  сенікі  зауодски  шана-ғой...

            - Қолдан  жасаған  шанамен  зауодскиді  салыстырасың ба?

            - Сендер  де  заводской  шана  покупайте,  -  деген  Жарқын  Жұмаш пен Сағымның  бетін  қайтарып  тастады.

            Шынында, зауодтан әлігінде  ғана  шыққандай  жап-жаңа  шана  әдемі-ақ.  Әлумин  аппақ  табандары мен құрсауланған  арқалығы  жалт-жұлт  етеді.  Шабақтары  көк,  қызыл,  сары түспен  сырланған – көздің  жауын  алады.  Өзі  қалақтай  жеп-жеңіл  екендігі  көрініп  тұр.

     - Жарқын-ей,  бере  тұршы,  мен  бір  рет сырғанап  келейін. Бір-ақ рет...

     - Ия,  мен  сен  үшін алыппын  ба?  Өзің  сатып  ал да,  сколько хочешь теп!

     - Ақшам  болса  алар  едім.  Тәтемнің  шана  әперуге  жағдайы  жоқ-қой...

     - Әкеңді  ерте  жалмаған  өзіңнен  көр.  Я здесь при чем?

     - Өй,  шанаңды  да,  өзіңнің  де  аузыңды   ұрып   қойдым.   Бермесең  берме,  әкеге  неге  тіл  тигізесің? – деген Сәмет жұдырығын  түйіп, Жарқынды  жақтан  салып  жіберуге  шүйлігіп  келді де, өзін әрең тежеп  қалды.  «Әкесі  педсәбетке  салып  жүрер».

     - Әкесі  мектеп  директоры  болған  соң,  кеудесіне  нан  пісіп  жүр-ғой.

     - Бізбен ойнап  не  қыласың.  Бар  өзіңнің  орыстарыңмен  ойна, - деп, Сәметтің достары  Жарқынға,  жеп  қоярдай,  жеккөрінішпен қарап,  жан-жақтан жамырап кетті.

       Сағым  ызадан  жарылып  кетердей  болып  тұрған  Сәметтің  алдына ағаш шанасын сырғытты.

     - Ол  «шоқыншықтың»   сөзін  қайтесін.  Мә,  менің   шанамды  теп.

     - Ой, ондай  сатқын – орыспен  неғып  тәжікелесіп  тұрсыңдар! – деген  Жұмаш  Жарқынның  шанасын аяғымен теуіп  кеп  жіберді.  Шана жыра басынан төмен  қарай  зуылдай  жөнелді.

            - Шанамды  неге  тебесің?

       - Керек болса, мен сенің өзіңді де теуіп жіберемін-деген Жұмаш Жарқынды желкеден түйіп қалды.  – Бар, шанаңның  соңынан.

            Шанасының  артынан  ылдиға  домалап кеткен  Жарқынның  артынан  бұлар  үнсіз  қарап  тұр. Көңілдерінде «жазым  болмаса  екен»  деген  қорқыныш  та жоқ емес.

  • Директор  әкесіне, не апасына  айтып  шу

шығаратын  болды-ау...

  • Жиналысқа не,  педсәбетке  салмаса неғылсын...

        - Өй,  сендер-ақ  көлеңкелеріңнен  қорқып  жүреді  екенсіңдер. Мен соның  әуселесін  көріп  алдым.  Бұл  іске  сендердің  қатыстарың  жоқ.  Өз  мойныма  аламын, егер шу шыға қалса – деп Жұмаш достарының қорқынышын сейілтіп тастады.

            -   Мен  кеттім.  Сабақ  оқуым  керек – деген  Сәмет жазда тезек теруден босамайтын, қазір  шана  орнындағы,  ернеуінен  тесіп  жіп  өткізіп,  лекерлеп теуіп  жүрген  сары  жез  шылапшынға  отырып  төмен  құлдилай  жөнелді.  Етекке  жеткенше  неше  рет   айналып,  көп  ұзамай  тоқтап  қалды. Жаңағы орысбақай Жарқынның қылығынан кейін қызу  ойыннан  сән  кетті.  Әрқайсы  сырғанақ  майданын  тастап,  үйді-үйіне  көңілсіз  ілбіп  барады...

            Жарқын  бақытты-ғой.  Үстіне  ылғи  жаңа  киім  киеді.  Шанасы  да,  шаңғысы  мен  «ләстішкі»  кәңкиі  де  бар.  Әкем  тірі  болса,  менің  де  қағанағым  қарқ,  сағанағым  сарқ  болып  жүрер  едім. Оның әкесінің  Жарқынға әпермейтін  нәрсесі  жоқ. Тіпті,  қолына  сағат  тағып,  астына  «Орлөнөк»  белесебетін де мінгізіп  қойған.

       Зауодски  болмаса  да, Зәкер  әкелері  қолдан  жасап  берген  ағаш кәңкиі, шаңғы,  шаналары  бар Ораз, Базар, Жұмандар қандай бақытты десеңші!

       Зәкер  аға соғысқа  қатысып,  қан  майданнан  аман-есен, жеңіспен  оралған.  Өткенде отряд уажатый  Күлжан әпкесі Зәкер  аға  мен  Зәуре  апаны   мектепке  шақырып,  оқушылармен   кездесу  өткізген.  Алды орден,  медалға  толы  майдангер  аға  соғыстағы  ерліктерін,   достарының  майдан   даласындағы  батырлықтарын  жырдай  етіп  айтып  берген. Кәмунис Зәуре апа да соғыс жылдарындағы тылдағы еңбек ерліктерін жырдай етіп айтып, бұларды таң қалдырған болатын.

      – Сабақтарыңды  жақсы  оқыңдар.   Тәртіпті   болып,  шынығып   өсіңдер.  Ел басына   күн  туған  жағдайда  Ұлы  Отанды  қорғайтын сендерсіңдер -  деген Зәкер аға  майдандас    достарының  суретін де  көрсеткен болатын.

      Сәмет  майдангер  ағаға  қызыға қарап қалған.

«Үлкейгенде мен  де  солардай  боламын...!»

            Кей  кезде  балалармен төбелесіп  қалғанда,  Жұмаш, Жұбатқан, Сәмет, Ерлік  пен Теңдік сияқты әкесіздер бірігіп  кетеді. «Біз  бауырласпыз.  Әкелеріміз  қан  кешіп,  Отан  үшін  опат  болды.  Әкесі  барлар  тиіссе  маған  айтыңдар.  Әкелерін  танытам» - деп ешкімнен қорықпайтын, өзі күшті  Жұмаш  бұларды  қайрап - қайрап  қояды.  Жайшылықта,  ойнап  жүрген кезде  бөлектенбегенімен,   ұрсысып,  төбелесіп қалған  жағдайда  әкесі  жоқтар  бірінің  сөзін  бірі  сөйлеп, бір жақ болып шыға  келеді.

       ...Қысқы  болсын,  жазғы  болсын  демалысты  Сәмет  асыға  күтіп  жүреді.  «Каникулда  қалаға  барам»  деп  достарына  алдын-ала  мақтанып,  жарнамалап  та  бітеді.  Қыста  барғанда  бөле ағасы  Ғалымның  шаңғысын  теуіп, «ләстішка»   кәңкиімен, әйдә,  құйындай  ұшады.    Қаладағы  Әйәй  тәтесінің  тамақтарын  айтсаңшы  бәрінен. Сонда жүргенде  екі  күннің  бірінде тұшпара, мәнті мен  бәліш жеп  тояды.  Олардың бақшасы,  алма  бағы  бар.  Тұздалған  қияр, қып-қызыл алмалары мен  қызанақтары  қандай дәмді!  Жеп  жатсаң  тоймайсың,  жегің  келе  береді.

        Біздің  ауылда  орыстар  ғана  бақша  салады.  Соларға көксүт,  кебек  апарып, айырбасқа  қияр, қызанақ,  сарымсақ  пен  қауын-қарбыз  алады.  Анюта баба мен төтә  Поля  жақсы.  Олар не берсе де,  молырақ  салып,  балаларды  риза  етеді.  «Керең  қатын»  мен  Матрөнә  кемпір  сараң.  Кебекті  көп  апарсаң  да,  аз  апарсаң да  бір қалыпты.  Шелектің  түбіне  ғана  салып  береді,  жарымағырлар.  «Керең  қатын»  дейді  бәрі  сол  сап – сары сүйкімсіз сараң  апаны.  Атының  нақты  кім  екенін  балалардың  бірі  білмейді, белгісіз...

      Бұлар да қу. Көксүтке су қосып, білініп қалмас үшін араластырып-араластырып апарады. Бір күні төтә Поляға апарған көксүтіне суды көбірек қосып жіберіп, ұятқа қалғаны бар.

       «Ай-ай-ай,Самет, как тебе не стыдно! Я и так тебя не обижаю, а ты воду добавил...» дегенінде, не сылтау айтарын білмей, ұяттан қып-қызыл болып кетіп, жерге қараған. Сөйтсе, орыс апасы мұның шелегіндегі сүтті өз шелегіне қотарған кезде, сүттің соңы суға айналып, ұрлығының бәрі әшкереленеді екен. Оны кім білген, ұят ай ... Содан бері сараң апаларға апарған көксүтке су қосқанымен, Поля тәтесіне барғанда су қоспай, таза күйінде апаратын болған.

       Үйлерін көшенің арықтан су келетін бас жағына салатын орыстарың не деген пәле десеңші! Төмендегі қазақтар суға орыстар суғарып болған соң ғана ие болады. Суға қанбаған бұлардың бақшалары мол өнімді қайдан бере қойсын. Оның өзінде бақша салуға қазақтар кейінгі жылдарда ғана әдеттенді...

 Сәмет солардың үйіне жеткенше, шелектің түбіне тапталып, деңгейі екі елідей түсіп кететін кебекке бес саусақты салып жіберіп, астынан қопсытып көтеріп-көтеріп қояды. Кебегі аз болса, алары да аз екенін біледі, енді қайтсін-ай...

            Біреуден  сатып  алған  азғантай  нәрсеге  адам  тоюшы  ма  еді,  өзіңде  болмаған  соң. Қалаға  келген  сайын  Сәмет,  әйдәй,  қарық  болады.  Жаздағы  жайқалған  бақтағы «скороспелка» аталатын  уылжып  піскен  сары  алмасын  айтсаңшы!  Күзде  барғанда қызыл алма мен  мөлдіреген  жүзімге  де  бір  тояды.  Мұны  Әзиза  шешесі  көп  жұмсамайды.  «Самауырға  жаңқа  жар»  деп  кішкентай  өткір  балтаны  ұсынып  жатып:  «байқа  қолыңды  шауып  алма»  деп  ескертеді.  Ара-арасында  өзі  «қалай  жарып  жатыр екен?»  дегендей,  сырттан  бақылап  кетеді.  Келген  сайын:  «Міне,  маладес.  Жігіт  болды  деген осы!  Ертең-ақ, анаңды  асырайтын  азамат  болып  шыға  келесің,  Құдай  бұйырса»  деп  мақтап-мақтап  қояды.  Мақтағанды  кім  жек  көрсін,  бұл терлеп-тепшіп  ағашты  екілене-екілене  жарып, жұмысты қызыға  істейді.  Таудай   боп  үйіліп  жатқан  жаңқаны  көргенде  өз-өзіне  риза  болып,  көңілі  толады.  «Дәу  шешемнің  керегіне  жарадым»  деп, өзінің істеген  ісіне  сүйсініп, марқая түседі. 

        Анасы  Ғазиза бала кезінен:  жалқау  болма.  Әр  істі  тыңғылықты да,  тындырып жаса.  Үлкендердің  тілін  алып,  көмектесіп  жібер.  Тіпті,  айтқызбай, өзің біліп  істе.  Одан  ештеңең  кетпейді,  алғысын  аласың. Үлкендер разы болып,  батасын  береді – деп, күні  бүгінге шейін құлағына  құйып  отырады.

       Бұған риза болған Әй-әй  тәтесі  тығып  қойған  кәмпит,  шикаладын,  мәрмеладын  уыстап  қалтасына  салып  береді. Өз  үйіне  мұндай  ас та төк молшылық дүние  қайдан келсін, бір қарқ болады...?!

            Өткен  жылы-ғой  жазғы  демалыста қалаға келгенде  тышқақтап,  масқара  болғаны.  Түскі  тамаққа  Әйәй  тәтесі пәрәмәш  пісірді.  Майын  ағызып,  ыстық  пәрәмәшті  тойғанша  жеді.  Алма  жеді,  ерте  пісетін  жүзім  жеді.  Бақшада «пәсклөн»  деген  бүлдірген  уылжып  пісіп  тұр  екен,  содан үзіп қомағайлана  асады.  Көзі  қимай  арық  жағасындағы  «ежевика»  аталған  қара  бүлдіргенді рахаттана  жеді.  Рахаттанғанын  қайтейін,  кешке  қарай  барлық  жегені  желкесінен  шықты.  Іші  бұрап,  ыстығы  көтерілді.  Аузынан  да  кетті,  артынан  да  кетті.  Қайта-қайта  дәретханаға  жүгіріп,  есі  шықты.  Құса-құса  тамағы  қырнап  ауырып,  жұтындырмай  қалды.  Ғалия  әпкесі  аурудың бәрін емдейтін доқтыр  емес  пе: «әр  нәрсені  жеп  сасықкеңірдек  болып  қалғансың-ғой. Сен будущий солдатсың, ештеңе  етпейді.  Мынаны  іш,  тәуір  боп  кетесің»  деп,  қапшықтағы удай ащы дәріден бірнеше рет ішкізді.  Түн  жарымына  шейін  дәретханаға  жүгіріп,  әйтеуір,  бір  уақытта  ұйықтап  кетіпті.  Сол  ойына  түссе:  «Өмірімде түк  көрмегендей, бәрін  сонша жей  бергенім  не?  Біразын  ертеңінде  жесем де  қолымнан  ешкім  қақпайтын  еді ғой» – деп қызарып, кәдімгідей  ұялып  қалады.

        Қаланың мөп – мөлдір көк аспанында алақандай да бұлт жоқ. Тас төбеге көтерілген күн жарқырап, ауа райы шайдай ашық. Сәмет ыстықтамас үшін жеңіл-желпі киініп, өзін үлкендерше сезініп, көңілі көктемдегі судай тасып базар аралап келе жатыр.

        Жылда қалаға келер кезде ол міндетті түрде мұқият дайындалып ақша жинайды. Жыра бойына барып, көкмайсада арақ ішетін ағалардың арақтан босаған шөлмектерін дүкенге өткізіп, әдеттегідей кәмпит, прәндік емес, ақшалай алады. Кейде сатушы Шерненко ағаның таза қазақ тілінде:

       -Кассада ақша аз, басқа бірдеңе ал-деп кергіп қалатыны бар.

        -Аға, кәникүлде қалаға барайын деп едім, тиынмен беріңізші. Көп ақша емес қой – деген мұның өтінішін жерге тастамай, басын  шайқаған сатушы ағасы сылдырлаған тиындарды қолына ұстата салады.

         -Рахмет, аға, деп қуанған бұл өз жөніне кетеді.

        Сәметтің табыс табатын басқа да өнері бар.

Оның жасаған рәгәткісі мен садағына, кәдімгідей, «зәкәз» түседі. Өйткені, садақтың ағашын жұмсақ, оңай иіле салатын жіңішке ағаштан емес, таңдап жүріп діңі жуандау, мықты ағаштан жасайды. Жебенің ұшын қаңылтыр қиығын иіп, ерінбей әдемілеп, үшкір етіп жасайды. Ол  садақ, әрине өзгелердікі сияқты емес, алысқа атады және «дік» етіп дәл тиіп, «кірш» етіп қадала кетеді. Рәгәткісін де серпіні қатты рәзіңкеден жасап, соларды Өмеш, Шолан, Мұқан мен  Марат сияқты әкелері бар балаларға сатады. Әкесі жоқтардың ақшасы да жоқ...

         Міне, осынша «байлықпен» алшаң басып қалаға келген Сәмет  жайма базардан  алманың  ұнтақталған  ұнын,балмұздақ, ұйғыр акадан  шашлық алып жеді.  Базардың күншығыс  жағындағы  кішігірім  үйшіктің  алды  ығы-жығы  халық. «Не  сатып жатыр екен топырласып  кезекке  тұратындай?» Жақын келгенде байқады:  елдің  бәрі, арасында өзіндей балалар да бар, «бокал» аталатын үлкен күрешкеге  құйған  мөп-мөлдір,  ашық  қызыл  түсті  көз  қызықтыратын  сұйықты  сатып  алып  ішіп  жатыр.  Сыра  дейін  десе,  сары,  не  қоңыр  емес.  Шарап,  сыра  болса,  балалар  ішпес  еді-ғой.             Не  де  болса  ішіп  көрейін  бұл  көздің  жауын  алардай  мөлдіреп  тұрған  нәрсені. Кезек соңына  таман  келіп:

        - Кто  последный? – деп, білгенінше  орысшалап кезекке тұрды. Өшіреті  келді-ау,  әйтеуір! Алатын нәрсесін не деп  сұрарын  білмей  тұрған  мұның  көзі  үйшіктің  маңдайшасына  үлкен  әріптермен  жазылған  «Ларёк»,  астына  кішірек  әріптермен таңбаланған «Учаральского  сельпо»  деген  сөздерге  түсті.«Байлығына» мақтанғандай марқайып, бақандай үш  сомдық  кесек ақшаны  сатушыға  ұсынды.

  • Ларёк  дайти!
  • Что-что? – деген  сатушы  бұған  жымия  қарап тұр. Кезекте тұрғандар да жамыраса ду күлді.

       - Вот эти дайти!  - Бірдеңе  бүлдіргенін  сезе  қойып, сасқанынан дәу ағаш бөшкені нұсқады.

       - Это  морс  называется,  -  деп   бокалды  толтырып  ұсынған сатушы  да,  кезектегілер де   күлкілерін тоқтата алар емес.

            Масқара  етіп,  күлкіге  қалдырған  морс  деген  пәлесін  апыл-құпыл ішіп,  тезірек  ол  жерден  тайып  тұруға  асықты.

        ...Анасы бұл  ес  білгелі  қаз  ұстайды.  «Үйрек пен  тауық  лас  құстар,  нәжіс  жейді» - деп, оларға  жоламай,  тек  қаз  асырайды.  Колхоздан  күзде  еңбеккүнге  алған  екі-үш  қап  бидайды  ұшырғанда  шыққан  қалдығын,  ұнның  кебегін  беріп,  семірту  үшін  қаздарды  жаз  бойы  жемдейді.  Қысқа  қарай  сары  ешкінің  есейіп,  текешік  болған  лағын, оған  қоса  сол  қаздарды  сойып  алады.  Үлкен  соғым  союға  жағдай қайдан келсін...

            Зәуре  апа:  «көрші  қақысы,  тәңірі  қақысы»деген ғой қазақ аталарымыз.  Осы  қаздарыңнан  тұқым  алсам»  деп  анасына  көптен  бері  қолқа  салып  жүретін. Олар кеше  колхоздан  бір  жылдың   еңбеккүнін  бидаймен  алған  екен.  Бүгін   біздің  үйге  келіп  отыр.  Қолында  орта  қап  бидай.

            -  Көрші-ау,  көп  жылдан  бері  силасып,  ағайыннан  жақын  болып  кеттік.  Мынау  Сәметіңе  әкелген  жейдем.  Мынау балалардың  шайына – деп, үлпілдеген, жұп-жұмсақ байкы  жейде  мен  газетке  оралған  біраз  кәмпит,  прәндікті  жайдақ  үстөлдің   үстіне  қойды.

            - Япырмай,  көрші,  болмадың-ғой.  Көңіліңнен   садаға.  Арнайы қалап  келген  екенсің, алшы.  Өзімнің  ата  қазым  мен  ана  қазымнан  басқасын, қалағаныңды таңда. Таңдап ал да  Сәния қызыма  ырым  қылып  асыра.

            -  Уай,  бәрекелді! Бала-шағаңның  қызығын  көр! – деп разы болған апа алғысын жаудырып жатыр.

            ... Зәуре  апаға  берген  ата  қаз  бен  ана  қаздан  балапан  дегенің  биыл  өріп  жүр. Есесіне  біздің  қаздардан  береке  қашты.  Ана  қаз  жұмыртқаларын  басып  жатқанда-ақ  біраз  жұмыртқа  шіріп  кетті.  Балапан болып  оншақтысы  шығып  еді,  оның  төрт-бесеуі  өліп  қалды.  Сәметтің есіне  «біреуге  берсең – сол мал – құс  берген  адамыңа  ауып  кетеді»  деген  анасының  бұрындар  айтқан  сөзі  ойына  түсті.

            - Тәте, Зәуре апаға  қаздың  тұқымын  бекер  бердің.  Әне,  олардың  балапандары  шұбап  өріп  жүр. Біздікі төрт-ақ балапан. Сағым: «біздің қаз сендердікінен  көп» деп  ылғи мақтанады. Бермеу керек еді–деген Сәмет  жыларман болып тұр. 

        - Көршінің  көңілін  қимадым-ғой.  Солай  боларын  білсем де  беруге  тура  келді.  «Сәнияма  арнап»  деп  қалап  келген  соң  қалай  бермейін? Қазақта  силаған адамың қалаған  нәрсені  қимай  тұрсаң  да  беретін  ағайыншылық  жол  бар,  балам.  Сен  оған  ренжіме.  Түсінем,  өзің  бағып – қаққан  қаздарыңа,  әрине,  ішің  ашиды-ғой.  Құдай  берерін  тауыспай,  бас  аман  болсын...

      Ақ  таңертеңнен  көк шөпте  жайылтып,  түс  кезінде  қаздарды  қораға  балапандарымен  қамап,  демалдыратын  тәртіп  бар.  Сол  әдетімен  Сәмет  құстарын  айдап  әкелуге  көшенің  арғы  бетіндегі  көк  шалғынға  барып  еді,  қаздары  жоқ  екен.  Әрірек барғанда анадайдағы  Ақжар  апаның  үй  салғанда  ойған  құдығында  Сағымның қаздарымен  бірге  жүзіп  жүрген  өз  аққанаттыларын  көрді.

  • Кіш, кіш! –  Жерден  доң  алып  қанша лақтырса  да, құстары  жағаға  жолар емес.

       - Тига, тига... Бар  болғырлар,  сендерді  қазір  шығарам. – Сәмет үстіндегі  мәйкісін  сыпырып  тастап  суға  түсті.  Құдықтың  ортасына  «кіш-кіш»  деп  жеткені  сол еді,  Зәуре  апаның  ата  қазы мен  өзінің  ата  қазы  жабылып кеп берсін!  Екеуі екі жақтан талап, мүйіз тұмсықтарымен  шұқығандары  мұнша  ащы  болар ма!  Қолымен  «кіш-кіштеп»  жасқаса  да  қоятын  түрлері  жоқ.  Мойнынан  келген  су  ішінде  не  тебе  алмайды.  Жағаға   қарай  қашайын  десе,  екі  жақтан жанын шығара тістелеген құрығырлар  жүргізер  емес.  Бір  уақытта  қаздардың  мойны  қолдарына  ілікті-ау. Екеуін де қылқа мойындарынан қылқындыра ұстады.

  • Ал, енді қайтер  екенсіңдер, бәлем...

        Бірақ, ерте  қуаныпты.  Шұқуға  мұршалары  келмеген  қос  ата  қаз  мұны қанаттарымен  сабалай  бастады. Бас-көз демей ұрғылаған пәлекеттердің қанаттарының  қаттысы-ай!  Анасының  ашуланған кездегі  шыбықпен  соққаны  да  мұндай  ауыртпас.  Амалсыздан,  мойындарынан ұстаған қолдарын  босата  салып,  су  астына  сүңги қашты.  Сол  сүңгігеннен  жағадан  бір-ақ  шықты.

            - Ит – шошқалар!  Көрсетем  қазір  мен  сеңдерге! – Қыстыға  жылаған  Сәмет  жүгірген  бойы  үйінің  қорасындағы ағаштардың ішінен  төрт-бес  құлаштық  жуан  сойылды таңдап  алды. Мұның  тасұр-тұсырын  естіп,  үйден  жүгіре  шыққан анасы:

            - Өй, балам, не болды? Андағы  сойылың не, тағы  кіммен  төбелестің? – деп, шошып кетті.

            - Қаз, қаздар  талады... Судың  ішінде... – Ызадан  қалш-қалш еткен ол анасын  айналып  өтіп,  құдыққа  қарай  құстай ұшты.

            Құдықтан шығып жеңістеріне қоқилана масаттанған қаздар екі жаққа теңселе, маң-маң басып     үпір-шүпір ерген  балапандарымен  қара  жолға қарай бет алған екен. Сойыл  көтеріп,  өздеріне  қарай оқша зулап  келе  жатқан қожайынын  көрген  құстар  жан-жаққа  бытырай  қаша жөнелді.

            - Мә,  саған!  Міне,  сенің  сыбағаң!  - Тістене  сыбырлап,  өз қазын  сойылымен  құлаштай  осып-осып  өтті.  Өзі  долданып  жылап  жүр.  Басын  қорғалақтай  қашқан  қазды  тағы  үш-төрт рет  періп-періп  жіберді.  Енді  бұрылып  Сағымның  ата  қазын  сойылымен  екі рет ұрды. Осыдан кейін ғана  ызақорлана  ышқынған  Сәметтің  ашуы  қайтып, сабасына түсейін деді.  «Көршінің  қазын  өлтіріп  алсам,  тағы  шу  шығып, әдеттегідей  мен  кінәлі  болып  қалармын» - деген  ой  қылаң  беріп,  сойылын  жерге  түсірді.

            Өзін жаудың бетін қайтарған Қобыланды батырдай сезінген, кегі  қайтып,  бойы  жеңілейіп қалған ол жанына  анасының  келгенін  байқар  емес.

            - Құдайым-ай, өзіміздің  ата  қазымыздың  топшысын  сындырып  жіберіпсің-ғой.  Обал-ай,  обал-ай!  Жау көргендей соншалықты  дүлейлене соққыламасаң  қайтер  еді, құлыным-ау...

            - Неге  өздері  мені  талайды.  Сол  керек  өзіне!

            - Олар  балапандарын  қорғаштады-ғой. Қай ата-ана,  қандай  жан-жануар  болмасын,  балаларын  қорғайды  емес пе?!  - Анасының аяушылықтан түрі  бұзылып,  көздерінен  тарамданып  жас  ағып  тұр.

            - Өзімнің   қолымнан  жем  жеп  жүріп,  өзімді  талағаны  дұрыс па?

            - Әй, балам-ай, олар  хайуан-ғой.  Адамның  ойлағанындай  ой,  ақыл  қайда оларда? Адам баласының  жан-жануардан  айырмашылығы – сол ақылы, ойлау мен аяушылық қабілетінде емес пе?!

            Үйге  айдап  келісімен  ата  қазды  Сәмет пен анасы  қора  ішінде  қаумалап  ұстап  алды.  Сала  құлаш  дәкемен  сынып, жер сызып жүрген  қанатын  жоғары  көтеріп,  екінші  жақ  қанатына  іліндіріп  байлап  қойды.  Байқұс, әбден зәрезәп болып қорқып  қалған екен. Жан-жағына  жалтақтай, елең-елең  ете қарап,  аяқтарын  әрең  ауырсына  басады.

            ...Сәмет топшысы  сынған  ата  қазды  көрген  сайын  аяп,  жүрегі  сыздап  қоя  береді.  Ол  да,   жүрегінің  шайлыққаны  болар, мұны  көрсе  болды – айдалаға  қаша  жөнеледі. Қанаты да жазылмай, қатты  жүдеп-жадаған  қазды  анасы аяп, «босқа арам өледі» деп бір айдан  кейін  сойғызып  тастады.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                       

            Бірақ, болбыраған еті  көкбақа  болып  кеткен екен  жеуге  келмеді.  Келесі  жылы  да  балапан  шығып  мандымаған  соң,  анасы күз түсе,  қалған басқа қаздарды  түгелдей  сойғызып  алды. Сонымен, жанұядағы қаз асырау үрдісі де доғарылып тынды.

            Бірақ,  сол  ата  қаздың жалтақтаған үрейге  толы  көздері,  бұрынғы  қайратынан  айрылып,  қорқып  айдалаға қаша  жөнелетін  мүсәпір  кейпі  Сәметтің  көз  алдынан  әлі  күнге  шейін  кетер  емес. Ойына түскен сйын: «ашу үстінде ақылсыз  хайуанның  обалына  қалғаным-ай»  -  деген  өкініші  өзегін от түскендей  өртеп  кетеді...

 

       -Апай, әнеу күнгі алған кітабымды оқып бітірдім. Енді басқа кітап алсам деп едім...

       - Бәрекелді, Қанат! Бесінші сынып оқушысы үшін бес күн ішінде мына кітапты оқып бітіру дегенің өте жақсы үлгі. – Кітапты қолына алып, іші-сыртының бүтіндігіне көз жеткізген Күлжан:

       - Асқаров, қане, кітаптың авторы кім екенін және ол не туралы жазылғанын қысқаша айтып бере аласың ба, айналайын?

          -Сәмет досым «осыны оқы» деп мақтап, кеңес берген бұл кітаптың авторы – Владимир Клавдиевич Арсеньев. Кітап Тайгада өмір сүріп, табиғатты, аң-құстар мен жабайы жануарларды жанындай сүйетін Дерсу Узала деген аңшы туралы айтылады. Ол аң-құстарды жөн-жосықсыз ататын қатыгез адамдарды жек көреді және аң, құстарды қорғайды. Кітап жас оқырмандарды мейірімділікке,  табиғатты сүюге, оны аялап, қорғауға тәрбиелейді...

         - Болады, айналайын, мәләдес! Түгел мән беріп оқып шыққаның да, мазмұнын жақсы ұғып алғаның да көрініп тұр. – Риза болған Күлжан оқушының басынан сипап, арқасынан қағып қойды.

        -Қанат, енді қай кітапты оқитын ойың бар. Мен тез тауып бере қояйын.

          - Апай, Бердібек Соқпақбаев ағаның «Біз де бала болғанбыз» атты кітабын берсеңіз. Үлкен балалар соны қызық кітап деп мақтап жүр.

          -Қазір, қазір, бауырым. – Ішкі бөлмеге кіріп кеткен кітапханашы көп кешікпей қайта шықты.

          -Мінеки, қызыққан кітабың. Кәртішкенің мына жеріне қолыңды қоя ғой...

           -Рахмет, апай, Сау болыңыз-деген құртақандай оқушы күлімдеген күйі есіктен асығыс шыға берді.

          Ойы – өзін қызықтырған кітабын оқуды тезірек бастап кету...          

        Кітапхана техникумын тәмамдап, сол жылы – ақ ҚазМУ-дың қазақ тілі мен әдебиет факультетінің сырттай бөліміне түскен Күлжан кітапханашы болып істегеніне үшінші жыл. «Кітап – білім бұлағы» деп, қазақтың ұлы педогогы Ыбырай Алтынсарин айтып кеткендей, сол екі жылдан астам уақыт оған қаншама білім, қаншама ілім, қаншама биік рух сыйлады. Былай қарап отырсаң, кітапханашы дегенің келген адамыңа сұраған кітабын беріп, кәртішкесіне жазып қойып, қарап отыратын оңай қызмет сияқты. Іс жүзінде бәрі басқаша! Әрине, берген кітабын тізіміне алып, сонымен іс біттіге санап, тып - тыныш қарап отыратын кітапханашылар да бар шығар.

         Кітапты білімнің қайнар көзі ғана емес, тәрбиенің нағыз қуатты құралы деп білетін Күлжан Исақызы оқырмандармен ой бөлісу, жаңа шыққан әдеби кітаптарды бірігіп талқылау, пікірталас (диспут) пен конференциялар өткізуді жолға қойды. Атаулы күндерге байланысты тақырыптық кештер  мен кітап оқырмандарын патриоттыққа тәрбиелейтін  Соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесу ұйымдастыру    сияқты көптеген игі істерді атқару арқылы, білімді, танымы кең, рухы биік саналы ұрпақ тәрбиелеуде кітаптың маңызы зор екендігін әріптестері–кітапханашылардың облыс бойынша өткізілген тәжірибе бөлісу семинарында дәлелдеп, үлкен үлгі көрсетті. Ол тәжрибесі облыс бойынша таратылып, Күлжан Исақызы Республикалық сала басшылығының Құрмет Грамотасымен марапатталды.     Институттың үшінші курсын аяқтап, мұғалімдік қызметке ауысар сәтте жас  оқушыларын, өзінің сүйікті кәсібін қимай, қатты қиналды. Алайда, бала кезден ұстаз болу арманының орындалатындығына деген қуанышы басымырақ еді...

 

     ...Мектепті орташа тәмамдаған Венера облыс орталығындағы кәпірәтіп техникумына түскен еді.  Бір жарым жыл оқып, оны ойдағыдай бітірген соң, қызының тезірек үйге қайтуын Ғазиза асыға күтіп жүргенінде, ауылға қатынаған бір таныс адам арқылы Венера анасына:

«Мұнда мені біреулер жібермей жатыр. Келіп алып кет!» деп асығыс жазған үшбу хатын таныс адам арқылы беріп жіберіпті. Не жағдай екенін анық білмей, пұшайман болған Ғазиза: «Апырай, жібермей жатқан кім болды екен?». «Тәксиге отыра салып қызымды алып қайтсам ба екен, әлде...?» деп, ойланып –толғанғанша, артынша қызын алып қашып кеткені туралы хабар келді.

         Арада бір ай уақыт өтті. Құдалар жақтан еш сыбыс жоқ, тым – тырыс. Не «қызыңыз бізде, уайымдамаңыз» деген, не «пәлен уақытта барамыз» деген хабар-ошар келмеген соң, Ғазиза не ойларын білмей қорқып, уайымдап жүр. «Милицияға хабарлау керек»деген ойға бекінген жаздың ұзақ күнінің сәске кезінде Венера қызы ойламаған жерден үйге  сап етіп жетіп келді. Қасында ұзын бойы еңкіш тартқан арық, бір көзі ақшиып аспанға қараған, өңі сұп-сұр, түсі суық орта жастардағы ер адам мен аласа бойлы, оның да түксиген жүзінен жылулық атаулы сезілмейтін жас жігіт бар. Есіктен ене салысымен Венера анасының мойнынан тарс құшақтаған күйі ботадай боздап жыласын кеп. Топ-толық  боп домаланған, қызыл алмадай екі беті томпиып, үріп ауызға салардай сұлу қызының екі жағы қушиып, жүдеп-жадап кетіпті. Өңі боп боз болып, көзінің қарасынан ағы көбейіп, оның сүлесоқ халдегі түрін көрген ана шошып кетті.

  • Балам – ау, сені тірі аруаққа айналдырған не жағдай? Мен көрмеген екі айдың ішінде не халге түскенсің? Әлде, сені зорлап алып қашып кетіп, қорқытып ұстап отыр ма...?

       Қызы тіс жарып ләм-мим демей, тек жылай береді. Бір сәтке жылауын тоқтатса, артынша қайта өксік қысып, боздап қоя береді.

  • Венера, болды. Жетеді жылауың... – Зірк ете

түсіп, қызын көзбен атып, алара қараған жас жігіт күйеу бала болып шықты.

  • Қазақта: «дидар ғайып, нәсіп ғайып, неке ғайып» деген үш ғайып бар. Сол айтқандай, ғайыптан, ойламаған жерден, екі бала өздері келісіп,сіздермен құда болып отырмыз. Менің атым –Дүйсембі, мына отырған менің балам – Теміртас. Торғын атты құдағиларыңыз бар, ол науқастанып, келе алмады.
  • Дәм қосып, құда-құдағи болуды Құдай жазған

екен, бір айдан астам уақыт тым-тырыс жатып алғандарыңыз қалай? Не ойларымызды білмей, қатты қорқып қалдық...

  • «Ештен кеш жақсы» дегендей, реті солай болды.

 –Құданың ақшаңдаған көздері жерге қадалып,  бет аузы да тыржыңдап кетті. Жақтырмаған сыңайы.

            -Ең болмаса «бара жатырмыз» деп, бір-екі күн бұрын хабар айтып жіберсеңіздер де болатын еді, сынағандай болмай. Дайындалып отырар ек...

-Оқасы жоқ. Біз асығыспыз, бір шай ішеміз де,

 бүгін кешкі  аптабозбен қайтамыз.

        ...Сонымен, бұл құдалық елде, жерде жоқ, қазақта болып көрмеген ерекше құдалық болып шықты. Ақи көз құда айтса-айтқандай, алдыларына сойғалы әкелген қойға бата жасағанымен, олар тамаққа қарамай, бір шай ішті де, жау қуғандай асығыс  аттанып кетті.

       ...Мінезі ашық-жарқын, не бір қиындыққа мойымай, ерлерше қасқая қарсы тұрып, жеңбей тынбайтын батыл әпкесінің ботадай боздауын, жүдеген түрі мен пәс көңлін көргеннен – ақ, бала болғанымен түйсігі мол, жаны нәзік, сезімтал Сәмет бұлар біліп үлгермеген бір келеңсіздіктің бар екендігін шамалаған. Екі шырағы көз жасынан ісініп, адам аярлық мүсәпір кейіптегі Венераның анасының құшағынан босап, мұның бетінен сүймек болып ұмсынған сәтінде, бағанадан қыстығып тұрған Сәмет шалт бұрылып, өкіре жылаған күйі үй іргесіне тиіп тұрған жыраға қарай жүгіре жөнелді. Не себепті олай – су тиген сабынша бұзылғанын өзі де білмейді. Әпкесінің күйеуге тиіп кеткен «сатқындығына»  ма, әлде кеше ғана таң шолпанындай жарқырап жүрген (Венера деген сөздің өзі Шолпан жұлдыздың аудармасы-ғой!) апайының жүдеп-жадап, ботасынан айырылған аруанадай боздағанына ма, жоқ ес білгелі сол тентек тәтесімен ерегесіп, төбелескен кездеріне өкінгеннен бе, әйтеуір, адасып, құлан түзде жол таппай аласұрған жолаушыдай, өзі де түсініп болмаған бір мұңлы күй кешкен еді...

        Жылай – жылай екі көзі көнедей ісініп, әлсіреп жатып жырадағы көк майса үстінде ұйықтап кеткен інісін «қадірлі құдаға» шәй беріп шығарып салғаннан кейін Күлжан әпкесі келіп оятып алды.Анасының: «не болды қарғам-ау, ауырып қалдың ба, әлде?» деген сөзіне жауап та берместен төсекке жата кетті. Басын тұмшалап жауып алған күйі, ұйықтағаны, не ояу екені белгісіз, қимылсыз сұлқ түсіп жатыр...

      ...Бұтақсыз  теп-тегіс  ағашқа білегі мен тақым күшінің көмегімен мысықша  өрмелеп шығудан, ләңгі тебу,түрнікке тартылудан  алдына  жан  салмайтын  Сәмет  жүгіруге  де  ұшқыр  еді. Ауылдағы «таз  көше»  аталатын  сырт жақ  көшенің  балаларымен  жүгіруден  жарыс  өткізіп  жүргендеріне биыл үшінші  жаз. Міне, бүгін де жарыс. 

       ...Бұлардан  төрт-бес  жас  үлкен, өзі жақсы штангашы ғана емес, көпсайыс спорты бойынша да аудан чемпионы атағы бар Жеңісбек  жарысқа   төреші  болуға  келіскен.  Қолында қысқа сапты желпілдеген қызыл  жалау.

            - Қане,  стартқа  дайындалыңдар, - деген  ол  қайдан,  қай  жерге  шейін  жүгіру  керек  екендігін  түсіндіріп  жатыр.

            - Низкий  старт  жасайсыңдар.  Қане,  на  старт!  Внимание! Марш!

 - Қызыл  жалау  сілтелісімен  желаяқтар сөреден  ыта-ыта  жөнелді. Әр  командадан  бес-бестен, он  желаяқ  алғашқы  он бес - жиырма  метрін  қатарлас  жүгіріп  өтті.  Әрі  қарай  бірі-бірінен  аралары  алшақтай  бастады.  Ең  алдыда  құйындай  ұйтқыған  Сәмет. Артында өкшелей қуып  келе  жатқан  Сағынайдың Серігі.  Ол – «таз  көшенің»  желаяғы.  Одан  кейінгі  Ерлік – біздің  көшенің  намысын  қорғаушы. Осы тәртіппен мәреге зуылдай жетіп, қалған жетеуі қашықтықты іркес-тіркес аяқтады.

Екі  жүз  метрге  жүгіруде  бірінші  орын  мен  үшінші  орын  бұларға  бұйырғанына  намыстанған  Әсен жылдағы сияқты  тағы  шу  шығарды. Ол өзі  төртінші  болып  келген болатын.

       -   Мен стартта кешігіп тұрып  қалдым.  Қане,  қайтадан  жүгіреміз.

       -   Жақсы,  қайта  жүгірсек,   қайта  жүгірейік! –  Қаны қызған  бәйге  аты  сияқты тыпыршып, тағы  да  жүгірісті қалап тұрған Сәмет келісе кетті.

            Жеңісбек  тағы  қызыл  жалауын жоғары көтерді.

        -   На старт!  Внимание!  Марш!

        -  Ытқып,  зырылдай  жөнелген  жүйріктердің  ішінде  бұл  жолы  тағы  да  Әсен  төртінші  болып  қелді.  Бірінші  орын  - Сәметтікі,  екінші – Серік,   үшінші – біздің  Ерлік.

        -Енді бір шақырымға жүгіреміз. Көреміз кімнің озғанын. –Бұл тағы да «жығылған күреске тоймас» дегендей, жеңілісіне намыстанған сол Әсен.

          Бір шақырым қашықтық шамамен қай жерден қай жерге дейін болатынын, өзі де сол қашықтыққа жүгіріп жүргендіктен, мөлшермен білетін Жеңісбек қашықтықты белгілеп, желаяқтарға түсіндіріп өтті.

        -На старт! Внимание! Марш!

Бұл жолы сөредегі спортшылар саны сегіз.

Қашықтықты біршама жоғары жылдамдықпен бастаған Әсен алғашқы жүз метрде алдыға шықты. Шамамен екі жүз метр өткенде, Сәмет бұл жылдамдық өзіне аздық ететінін сезіп, қадамын ширата түсіп, басты қарсыласының алдына түсіп алды. Біраз өкшелеп, соңынан ерген Әсеннің демалысы жиілеп, ентіге бастағанын байқаған Сәмет «бәлем, қайтер екенсің» дегендей, бастаған жылдамдығын түсірмей жалғастыра берді. Қашықтықтың бір бұрылысында көз қиығымен арт жаққа қарағанда, Әсеннің төртінші болып келе жатқанын көрді. Мәреге екі жүз елу метрдей қалғанда Сәмет шалт «жұлқыныс» (рывок) жасап, өзінің артындағылардан тіпті алыстап кетті. Енді бір сәтте мәре сызығын жеке-дара кескен ол басты қарсыласын шаң қаптырғанына ғана емес, өзінен кейін ентіге жеткен Ерліктің ерлігіне де сүйсініп:

       -Ерошкам, жарайсың! Намысты қолдан бермедің!-деп, командаласын құшақтай алды.Үшінші орында-Сағынайдың Серігі.Төртінші орында тағы сол – Әсен.

 «Таз көше» бұл жолы да осылайша жеңілді.

            - Сен,  Сәмет, жылдамдықты тым арттырып, бәрімізді әдейі шаршаттың. Оның  арамдық! – деген Әсен  мұның  қолынан  ұстап  жұлқып  жіберді.

            - Неге  жұлқисың!  Күшті  болсаң  кел.  Екеуіміз  жеке  жарысайық.  – Ашу қысқан Сәмет те  оның  қолынан  жұлқи тартып  қалды.

            - Ой,  әкеңнің... – Әсен қарсыласына оң қолын  құлаштай  сілтеді.  Еңкейіп  үлгерген  Сәмет  қарсыласын  сол  қолмен  іштен  «ыңқ»  еткізді  де,  оң  қолымен  шықшыттан  перді. Есеңгіреп, шалқалақтай  құлауға  шақ  қалған  Әсенді  ұмтыла беріп ұстап   қалған Жеңісбек:

            - Қане,  доғарыңдар!  Спортты  шынығу  үшін  пайдалана  ма  десем,  сендер шекісу  үшін спортпен  айналысады  екенсіңдер-ғой. Мені  төбелестеріңе  төрелік  етуге  шақырдыңдар ма? – деп, қатты ашуланған ол екеуін де желкеден түйіп-түйіп жіберді.   - Мен  ұрайын  дегем  жоқ. Өзі  қол  жұмсаған  соң, қорғандым.  – Сәмет спортшы  ағаларын  төрелік  етуге  арнайы  шақырып,  ақыры төбелесіп, масқара  болғандарына ұялып, көзімен жер шұқып тұр.

            - Екеуің де жетісіп тұрсыңдар... - деген  Жеңісбек  қолын  бір  сілтеп,  оралған  қызыл  жалауын  желп-желп  еткізіп  кете  барды.

            Жарыстан да,  ойыннан  да  осылайша  сән  кетті.

       Ол  төбелестегі  жаңағы  әдісті  бокспен бұрыннан айналысып жүрген бөле ағасы Ғалымнан  үйренген.

«Әттең, сол  бөлемдікіндей «лапа», бокс қолғабым мен соққылайтын «мешөгім» болса ғой...

            «Жекпе-жек»  кітабын үш-ақ  күнде  оқып  тауысып,  қатты  әсерленген  Сәмет  алдына   таудай  мақсат  қойды.  «Қайтсем  де боксшы Мұрат  Батырбаев сияқты шымыр, күшті спортшы болам...!»

       ...Өмеш пен Сәмет ала таңнан  ерте  тұрып,  төмен  жақ – ауыл  сыртындағы  диірменге  қарай  желе  жорта  жөнелді.  Үш шақырымдай  жүгіріп  келген  соң  денешынықтыру  жаттығуларын   бастады.

            - Өмеш,  қане  енді  штангага  кезек  берейік. 

Сәмет өткен жылдың күз айында  «ДТ»  тракторының  каток  дөңгелектерін  лом  темірге  кигізіп  штанга  жасап  алған  болатын. Жаттығудың бір  түрін  бітірісімен  кезекті  Өмеш  досына  берді. Сәметтен үш жас кіші ол егіздің сыңары болғандықтан, әлжуаздау, күші де өз қатарластарынан кемшін еді. Күнде ертемен жүгіріп, темір   көтерген  төрт  ай  ішінде  бұлшық  еттері  білеуленіп,  екеуі  де  кәдімгідей,  спортшыға    ұқсап  қалған.

            - Қане,  енді  сен  кіріс.

               Өмеш те ақ  тер,  көк  тер  боп,  білгенінше  жаттығуларын жасап жатыр.

            - Сен  пресс  жаттықтырғанда   тізелеріңді  бүкпе.  Ішке  түсетін  салмақты  азайтып   аласың.  Міне,  былай.  -  Сәмет  штанганы  мойнына  салып  белін  бүгіп,  қайта  тіктелетін  жаттығуды  көрсете  бастады.  Еңкейіп,  тіктелген  сайын     рахаттанып,  қимылды  үдете  түскісі  келеді.  Бұлшық  еттері  бұлт-бұлт  еткен оның денесі  бусанып, терлеп кетті.

            Енді  екеуі кезектесіп,  штангамен  «сығымдап көтеру»,  «жұлқа  көтеру»  әдістерін  меңгеру  жаттығуларын жасай бастады.

       - Бүгінге осы жетер. Тер қатып қалмас үшін денені  он-он бес  минуттай  суытып  алып,  сумен  шынығуға кірісейік...

      ...1-Мамыр  мерекесі  қарсаңында  өткелі  тұрған  оқушылардың  жеңіл  атлетикадан  мектепаралық  жарысын  тамашалауға  халық  көп  жиналды.

        - Құрметті  оқушылар,  спортпен  шұғылданып,  денешынықтырумен  айналысқан  адамның  дені  сау,  шымыр  болып  өсетінін  сендер  жақсы  білесіңдер.  Әмин  Тұяқов,  Ғұсман  Қосанов  ағаларыңдай  жүйрік,  Қажымұқан,  Балуан  Шолақ  бабаларыңдай  ер  де,  батыр,  Бауыржан  Момышұлы  аталарыңдай  қаһарман, қазақтың  намысын  жыртатын  қайратты  да  жігерлі  азамат  болып  өсетіндеріңе  мен  сенемін.  Ертең  Отанды  қорғайтын    патриоттарымыз  да  сендерсіңдер, - деген  мектеп  директоры Жақыпов  ағайлары  құттықтау  сөз  айтып,  жарыстың  басталуын  жария  етті.

      - Қане,стартқа  дайындалыңдар! –Денешынықтыру  пәнінің  мұғалімі,  гимнасшы  Георгий  Георгиевич  әмірлі  даусымен  жарыс  тәртібін  түсіндіріп жатыр:

         - Алдымен  5 - 6 -7- сынып  спортшылары 100, одан кейін  60 метр  қашықтықта  сайысады.

         Сәмет  «таз  көшенің»  желаяқтарымен  жарысып  жүргенімен,  мынандай  көпшілік  алдында  үлкен сайысқа  түсіп  көрмегендіктен  жүрексініп  тұр. Оның  үстіне сөре алаңында сап түзеген қарсыластары:  Черненко,  Кульбякин,  Ширяев пен Тепляковтардың  бойлары  сорайған-сорайған  биік,  сирақтары  ұзын.  Сәметтің  бойы  олардың  иығынан  ғана  келеді.

        - На  старт! -  Төреші  қызыл  жалауын  көтерді.

         «Бисмиллә рахмани  рахим.  Алла  өзің  қолдай  көр». – Сәмет күбірлеп Құдайға  сиынып  алды. Анасы бұған жастайынан солай үйреткен.

  • Внимание! Марш!

Мұның алдындағы іріктеу жарысында Сәмет ең жоғары көрсеткішке жетіп, одан кейінгі бес спортшы да осы финалға шыққан болатын.

        Алты  желаяқ  финалдық сөреден  ытқи-ытқи  жөнелді. Ал дегеннен суырылып алдыға шыға берген Сәмет осы 100 метрлік жарыста құйындай  ұшып, сол  аққан  бетімен  қызыл  лентаны  бірінші  болып  кеудесімен  қиып  өтті.

  • Бәрекелді,  Сәметім!  Тәрбием  бекер  кетпепті.

Жарайсың, жеңісің құтты болсын!

        «Мынау  алғаш  қолыма  қалам  ұстатып,  әліппені  жаттатқан тұңғыш   ұстазым Жәмила   тәтейімнің  даусы-ғой». 

            Есі-дерті  де,  барлық  сана – сезімі  де  озуды  ғана  ойлаған  Сәмет айналасындағыларды көріп,   ажыратудан  қалған. Бірақ, алғашқы ұстазын дауысынан таныды. Өзінің  желдей  ескен  екпінінен  бе,  жоқ  әлде,   жастары қатарлас  болғанымен,  өзінен  бойлары  ұзын,  денелері  де  үлкен  қарсыластарын  шаң  қаптырған   жеңіс  қуанышынан  ба,  әйтеуір  көздеріне   ыстық  жас  толып,  кімнің  кім  екенін  тани  алар  емес.  Бәрі  тұман  арасындағы  сияқты,  еміс-еміс...

            Сәмет пен Өмеш  досы  екеуінің  бір  жыл  бойы  ертелеп  жүгіріп,  турникке  тартылуы,  штанга  көтеріп,  суық  сумен  шыныққан еңбектері арқасында 100  метрге  ғана  емес, 60 және 200 метрге  жүгіруден де алдына  жан  салмады.  Сәмет – мектептің қысқа қашықтыққа жүгірудің  чемпионы! 

        400 метрге жүгіруден бұрындар стадиондағы жаттығуларда байқалмаған, орыс сыныбында оқитын Серік Сапаров атты оқушы жеңіс тұғырына көтеріліп, Сәмет екінші орынды иеленді. Өзі көп сөйлемейтін момын, бірақ сабақты тек «беске» оқитын Серік үндемей жүріп-ақ талай нәрсені тындыратын болып шықты. Күнде таңертең станса жаққа ары екі, бері екі шақырым жүгіріп келген соң, үй ауласындағы турникке тартылып, штанга көтеріп шынығатын жақсы спортшы екен!

        ...Жарыстың ең қызықты 1000 метр қашықтыққа жүгіру додасына он бір желаяқ сөреде тұр. Төреші қолындағы қызыл жалау желп етіп, «марш» деген әмірлі бұйрығымен қатар шықты. Ал дегеннен алға ытқи шыққан орыс сыныбындағы Эм Генаның жылдамдығы ерен. Оның соңынан қалыспауға бекінген Темірбай атты атлет Генаны өкшелей қуып келеді. Өкшелегенін қайтейін, шама-шарқы жарты айналым, яғни 200 метрге ғана жетті. Бірте-бірте жылдамдығы пәсейе түсіп, төртінші болып келе жатқан Сәметтің соңына сырғыды. Екінші айналымда жылдамдығын арттыра түскен Сәмет алдындағы Жұмаш, Сағыммен бәсекелесе жарты айналым қатар жүріп, енді солардың алдына түсіп алды. Өзінің мүмкіндігін дәл мөлшерлей білетін ол соңғы 200 метрде күтпеген жерден жұлқыныс (рывок) жасап, оқша зулап келе жатқан Генаны өкшелей қуды. Ұлты кәріс пәлекетіңнің артқа сақтаған күші әлі бар екен, жеткізбей кетті. Ешкімге дес бермеген Эм Гена чемпион атанып, екінші жүлдені Сәмет жеңіп алды.  

           Кейінірек, оныншы сыныпта Сәмет оқитын қазақ сыныбына ауысып келген Серік Сапаров спортта ғана емес, оқуға да мықты екендігін дәлелдеді. Әсіресе, мый ашытарлық математика, химия, геометрия мен физика пәндерінен Қажы Қасымжанов екеуі жарысқа түскендей, тақтаға бір есепті бес-алты түрлі жолмен шығарады. Тіпті, олар еш ойланып жатпастан, шемішке шаққандай, бормен тақтаны тақ-тақ еткізіп есеп шығарып  жатқанда, сыныптастары: «мыналар соның бәрін қалай естерінде сақтайды екен» деп, ауыздарын аша таңданып отырады. Бір сүйсінерлігі екеуі де есептерін көшіріп алуға достарына дәптерлерін беріп жатып: «құр көшіре бермей, ойланып, саналарыңа тоқып алыңдар. Институтқа түсерде бәрі алдарыңнан шығады» деген жанашырлықпен ескертуді де ұмытпайды. Әсіресе, сынып старостасы, мінезі қатал Қажы Қасымжанов достарын «жалқауланбай, бос қылжақтамай дұрыс оқыңдар» деп  қамшылап, ақыл айтудан жалықпайды

.      ...Жақын күндері, жеңіске жетіп, жүлдегер атанған спортшылар  аудандық  спартакиадаға  мектеп  намысын  қорғауға  баратын  болды. Сәмет Өмеш екеуі ертеңгісін өздерінің үйдегі бұрынғы жаттығу жоспары бойынша, ал кешкісін   мектеп стадионында командаластарымен тер  төге  жаттығып  жүр...

 

     ...Солдатқа алынғанына бір жыл өткенде, бала кезден еңбекқор, өтірік сөз, көлгірсу мен алдау мен арбау сияқты жаман қасиеттерге қаны қас Қамет командирлеріне, Жарғы мен әскери міндетіне адал болып, жақсы қызмет еткені үшін, жол сапарына кеткен күндерді есептемегенде, туған елінде он тәулік демалыста болып қайтқан-ды.

       Енді, міне,уақыт, шіркін, сағат тіліндей тоқтаусыз зымырай өтіп, үш жыл әскери қызметі аяқталып, үйге қайтар мерзімі де келіп жетті.

       Аяулы анасын, қарындастары мен жалғыз бауырын үздіктіріп, сағындыра күттірген Қамет Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып елге келгенде, жыл мезгілі-ақ қар, көк мұз – қыс айы еді. «Қыбыла» желі апталап соғып, бір күн дем алса, «сеннен мен кеммін бе?» дегендей, қарымтасына үш-төрт күн «ебі» аталатын дүлей бораны тоқтамастан азынай соғатын қиын уақыт. Оралғанына үш күн өткенде жанұядағы өзінен кейінгі қарындасы Венера күйеуімен келіп сәлем беріп қайтты. Өзі аудан орталығындағы Әзиза шешесіне, көрші ауылда тұратын нағашыларына барып амандасып келді.

         -Балам, үш жыл ел қарасын көрмедің, біраз демал. Достарыңа барып арала, қыдырып, көңіл көтер-деген анасының сөзіне Қамет:

         -Тәте, қазір қыдырыстап жүретін уақыт па? Тезірек жұмысқа орналасу керек. Мына өзіміз өсіп –өнген қара шаңырақ та «қартайып», әр жеріне тіреуіш қойылып, ескіріп кетті. Ел қатарлы үй салып, жағдайымызды түзеп алмаса болмайды-деген Қамет сол күннің ертеңінде аудан орталығына жөнелді.

       Автобазаға жұмысқа орналасып, алған машинасын екі апта жөндеуден өткізген соң, тауға қарағай тасуға аттанды.

      «Құдай-ау, өзі ескі машина екен, баламды жол қырсығынан, апат-қиындығынан сақтай-гөр» деп, анасы әр намазында дұғасына қосып, тілеуін тілеп жүр. Тілемей, алаңдамай қайтсін, «ГАЗик» аталатын шүкиген машинасы жиі бұзылып, жүргенінен тұрғаны көп. Тамыр-танысың болмаған соң жаңа машинаның кілтін бұған кім ұстата қойсын. Суық жерде астына кіріп жөндеген болады. Қалың қарлы, бораны азынаған қыста тау ішінде қарағай тасу қай бір оңған шаруа? Неше рет көлігі бұзылып, таудың жолында түнеп қалған күндер де бастан өтті. Бірақ, онсыз да көңілі алаң анасы : «ойбай, құрысын, таста мына ескі машинаңды» деп байбалам салмас үшін жолда қалғанын Қамет ешкімге тісінен шығарған емес. Кейіннен, бір жарым жыл өткен соң, астына жаңа машина тигенде ғана: «Қанша лекерлесең де, ескінің аты ескі емес пе, бір күні түн ішінде тау аңғарында машинам жүрмей қалды. Түнімен оталдырып машинаны жылытып отыруға бензин қайда? Тісің тісіңе тимей сақылдап, дірдектей тоңған кезде таң да атпай қояды екен. «Жыртық үйдің Құдайы бар» дегендей, бір кезде үздіге күткен таң атып, таудан қарағай тиеп келе жатқан дәу машина тіркемесіне алып, әупірімдеп аудан орталығына жеткізді»-деп әңгімелеп бергені бар.

       «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, уақытпен санаспай, жанды сала еңбек етуінің арқасында Қаметтің тасы өрге домалап жүре берді. Азын-аулақ мал бітіп, аналары сиыр сауып, жыл сайын ел қатарлы соғым соятын болды. Бұл кезде кітапхана техникумын қызыл дипломмен тәмамдай сала, сол жылы Университеттің сырттай бөліміне түсіп, үшінші курстан бастап мектепте мұғалім болып қызмет жасап жүрген қарындасы Күлжан Қаметтің бір жағына шығысып, жанұя жинақ кассасына ептеп ақша салу жағдайына жетті...

       Қазақта: «Жүргенге жөргем ілінер» деген жақсы тәмсіл бар. Сол айтқандай, өздері тұрып жатқан сапқоздың құрылыс ушаскесіне шопыр керек дегенді естіген Қамет шаруашылық басшысымен келісіп, сонда орналасып алды. «Май шайқаған бармағын жалайды» демекші, ішінде жүрген соң қарап қалсын ба, сапқоздан жартылай бағасын төлеп те, кейде төлемей, ептеп-септеп те құрылыс материалдарын жинай бастады. Әкесіздік пен жоқшылықтың дәмін ерте татып, жастайынан өз бетінше тіршілік жасауға, ерінбей еңбек етуге дағдыланғаны, әсіресе, осы кезде пайдаға асты.

        Енді бір жылдан соң ауылдың өздері тұрып жатқан көшенің жоғарғы жағындағы Першин атты орыстың үйін сатып алды. Ол үйі ескірек болғанымен, жер ушаскесі мен бақшасы кең, алдында құйылып қойған үйдің іргетасы да даяр екен. Қамет көп уақыт өткізбей, сол жылы-ақ жаңа үйдің құрылысына «бісміллә» деп  кірісіп кетті.

       ...Мектепті бір кісідей-ақ жақсы аяқтап, Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетіне құжаттарын өткізген Сәмет емтиханға жатпай-тұрмай дайындалып жүр. Жалдап тұрып жатқан пәтерінде түннің бір уағына шейін кітап кемірсе, күндіз Горький паркінің көкмайсасына әкесінің үйінде жатқандай жамбастай жайғасып алып сабаққа дайындалады. Барлық емтиханды жақсы тапсырып, бір пәннен «бес», екі пәннен «төрт» алып, «Құдай бұйырса түсемін ғой» деп, емексіп жүр. Ойша студенттік өмірін көзге елестетіп, тәтті қиялдың жетегінде жүргенінде, «кәлладағы тәтті қиялды базардағы ащы нарық бұзар» деп «өз ағам» - өзбектер айтпақшы, әдемі әйдік жоспарын «конкурс» деген қызыл көз пәле быт-шыт етіп бұзды да жіберді.

        «Мен ұрлық қылғанда ай жарық болды» деп, ұрлық үстінде ұсталып қалған бір ұры айтпақшы, 

сол жылы екі бірдей түлек – мектептің он бірінші мен оныншы сыныбын бітірген сансыз үміткерлердің университеттегі конкурс додасында мұның асығы тәйкі түсіп, бағы жанбады.

        Арман болған Алматы қаласында оқып, студенттік өмір кешу бақыты бұйырмай, дәу қоңыр шабаданы мен сыйымдылығы кішігірім қаптан кем бір де кем емес торкөзге  артынан ерген қарындасына, анасы мен әпкесіне, ағайын-туғандар мен көршілердің балаларына базарлықты сықита толтырып, «қайтқан малда береке бар» демекші, ауылға «береке» болып оралды.

       Кешінде сапқоздың құрылыс ушаскесінің машинасын айдайтын ағасы жұмыстан келді.

  • Қалай, студент болуыңмен құттықтайық па?
  • Ол бақыт бұйырмады. Оқасы жоқ, оның есесіне мына бітпей тұрған үйдің құрылысын аяқтап аламыз.
  • Міне, міне, «болар бала – боғынан» демекші, азамат болатын бала солай айтса керек – деп, қуанып кеткен ағасы: – «Өзің комсомолсың, өзің талқан жейсің» деп, қомағай немересіне баяғыда бір ата айтқан екен, сол айтпақшы, өзің жақсы спортшысың, келешек солдатсың сенен не жұмыс артылады? Құдай бұйырса, күзде әскерге жүргеніңше жаңа үйге қоныстанып та қалармыз...

        Қашан болсын өзіне қабақ түйіп, жылы сөз айтып көрмеген мінезін білетін Сәмет ағасының көңілденіп,  бұған адамша сөйлеуіне бір жағынан таңданса, екіншіден, «жақсы сөз-жарым ырыс» деп үлкендер айтқандай, өзін жақсы сезініп, көңілі өсіп қалды...

  • «Темірді қызған кезде соқ» демекші, діттеген оқуыңа дер кезінде түсіп кеткенің жөн болар еді. Екі жыл әскерге берген уақыт біліміңді қарайтып тастайды-ғой. – Бұл Сәметке бала кезінен тәрбие беріп, оқу-жазуын бақылап, жөн сілтеп қана қоймай, өзінің ісімен үлгі көрсетіп жүретін кіші әпкесі Күлжанның сөзі.

       - Жарайды, «сабақты ине-сәтімен» демекші, атқарған әскери міндетің еңбек өтіліне баланатын да тәртіп бар. Сондықтан, солдаттан қайтқан соң да оқу кеш емес. Сол екі жыл өтіліңнің конкурс кезінде көмегі тиеді – деп, әпкесі бауырының көңіл – күйін түсіргісі келмей, сөзінің соңын жаймашуақтатты.

       ...Бұрындар Қамет үй шаруасын шаруалаған кезде қасында жүріп: «ананы әкел», «мынаны былай ұстап тұр» сияқты жұмыстарды атқарған Сәмет енді ағасы істеген сол шаруаларды өзі жасап жүр. Ағасы бауырын таң бозынан тұрғызып алып, бүгінгі істелуге тиісті жұмысты: «былай жасайсың» деп көрсетіп, тапсырма береді.Сәметті ерте оятқан баласына анасы:

       -Әлі жас қой, сонша ерте оятпай – ақ қойсаңшы, тағы біраз ұйықтай тұрсын – деп, кіші ұлына жаны ашиды.

        - Ештеңе етпейді. Қайта осы бастан жұмысқа ширап шынықса, әскердегі қызметі жеңіл болады...

        Шынында, үй салу кезіндегі үлкен етіп құдық қазып, көрші атаның тор биесін сұрап алып атпен балшық айдау, үй ішіндегі бөлмелерді бөлу, сол каркас керегелерді сабан араласқан балшықпен сылау сияқты шаруаларды өз бетінше істей береді. Сәл кейінірек терезе, есіктердің  жақтауларын (откостарын) теп-тегіс етіп шығара алатын дәрежеге жетті. Осы        жұмыстарды ағасы көрсеткендей етіп ойдағыдай жасағанына өзі қуанып, бір уақыт істеген істеріне мақтанышпен тамашалай қарап тұрады да, қасына анасын шақырады.

  • Тәте, қараңыз, қалай әдемі жасадым.

        - Бәрекелді, азамат болды деген осы! Міне, ағаңды жалғызсыратпай, бір жағына шығысып жүрсің. Өстіп-өстіп құрылыстың барлық жұмысын өз бетіңше жасай алатын жағдайға жетесің-деген Ғазиза ұлының мақтаныш араласқан жүзіне ризалықпен елжірей қарап тұрады.

       -Ия, ағамның: «Бауырым, жарайсың! Бір жағыма сүйеу болып жүрсің» - деген сөзін өмірімде естіген емеспін. Көрсетіп кеткен тапсырмасының кішкентай ғана бірдеңесін дұрыс жасамай қалсам:

        -Әй, қу жалғыздық-ай! Жалғыздықтан құтыла алмадым-ау!-деп, қашан болсын күйініп, таусылады да жүреді. Тапсырмасын қанша тырысып жақсы істесем де мен оған жақпаймын...

       - Көрсеткен ісін дұрыс жасамағаныңа ашуланып айтқаны шығар. Әйтпесе, қайдағы жалғыздық...

       - Анау күні бір тойдан мас болып келгенінде де салынған төсегіне жатпай:

      - Мен жалғызбын. Майдангер әкеден қалған қу жалғызбын!-деп жылағаны есіңізде ме? Сіз, «Сәмет, ағаңның жанына барып құшақтап, төсегіне жатқыз» - дегеніңізде, қолтығынан демей берген маған ала көзімен жақтырмай қарап, «кет әрі» деп кеудемнен итеріп жіберген...

       - Сен де қай-қайдағыны ұмытпайды екенсің. Оның бәрі атың өшкір арақ шайтанның айтқызып тұрғаны ғой – деген Ғазиза мұңайып, иығы қушия еңкіштеніп, терең ой құшағына батып кеткен...

      ...Томпаң қағып, «заготзерно» аталатын шағын ауылдағы қызмет орны – балабақшаға күнде таңертең асыға басып, үйінің жанынан өтетін орта бойлы, бұйра шашы толқындана желбіреген қараторының әдемісі – Әлия қызға Қамет қақпа ішінен ұрлана қарап, қызығып жүргеніне біраз уақыт болған. Келе-келе әдемілікке қызығушылығы ыстық сезімге, ал ол сезімі махаббатқа ұласқанын өзі де білмей қалды. Өзінен он жас кіші болғандықтан ба, жоқ әлде, ес білген кезден көрші тұрып, ата-анасымен аралас-құралас ағайын іспетті, қыздың өзі қарындасы сияқты болып кеткендіктен бе, әйтеуір, жақындасып, көңіл білдіруге жүрегі дауаламай-ақ қойған. Бір жағынан: «мен сізді аға тұтып жүрсем, мынауыңыз ұят-қой...» десе, мен не бетімді айтамын деген қорқыныш та жоқ емес. Сөйтіп, әрі-сәрі болып жүргенінде Құдайдың өзі сәтін салды. Таңертеңгісін ерте үйдің жанында машинасының капотын көтеріп қойып, кешеден бері жанармайды дұрыс бермей тұрған карбюраторын шұқылап тұрған.

  • Сәлеметсіз бе, аға! – Сыңғырлаған қоңырау сынды әуезді дауысқа жалт бұрыла қарады.

Дәл қарсы алдында өзінің бір ауыз сөз айтуға батпай, қиялын шарықтатып, тек сырттай қызыға тамсандырып жүрген әдемі қыз– Әлия тұр.

  • Сәлемет бол, айналайын! Үйге кіре-ғой, шаруаң

бар болса анам үйде. – Күтпегендіктен сасқалақтап қалып, Қамет аузына түскен сол сөзді айта салды.

  • Жоқ, рахмет, аға. Ертелетіп бақша шөптеп жүріп сағатқа қарамаппын да, жұмысқа кешігіп қалатын түрім бар.Уақытыңыз болса, апарып тастамас па екенсіз?-деген қыздың қарлығаш қанатындай қиғаш қасы қиылып, алма жүзі алаулай бұған өтінішпен қарап тұр.
  • Уақытым жеткілікті. Отыра-ғой, қарағым-деп, машинаның капотын «тарс» еткізіп жапқан жігіттің көлігі орнынан жәйімен қозғала берді.

       «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деген емес пе атам қазақ. Бірі сұрап, екіншісі жауап беріп, жол бойы әңгімелескен олар қызмет орнына жеткендерін байқамай да қалды. Машинадан түсуге ыңғайланған қыздың жұмыс телефонын сұрап алып, ұмытпас үшін ойша бір қайталап өткен Қамет:

        -Әлия, айып етпе, бүгін, не ертең бірге киноға барсақ қайтеді?-деп, қызға сұраулы жүзбен қарады.

         -Ретіне қарай көрерміз, аға. Телефон соғасыз-ғой-деген қыз майысқан сүйрік саусақтарымен қоштасу рәсімін жасап, асыға, типың қағып машинадан ұзай берді...

        Тегінде, бұл Әлия қыздың өмірі де шекер мен бал емес-ті. Ата-анасы ерте қайтыс болып, тұл жетім қалған апалы-сіңлілі екі қыз бен алдыларындағы ағасы аталас ағайындылардың жанұялы балаларын әке ретінде паналап, солардың қолында үшеуі үш бөлек тәрбиеленіп жатқан.

       Обалы не, Әлияның кейінгі әкесі де, шешесі де мейірімді, момын адамдар еді, қолға алған қызына өгейлік көрсетпей, өздерінен туған ұл-қыздарынан кем қылмай асырап, жеткізген. Екі көзі қарақаттай, бұйра шашы толқындана желбіреген қарлығаш қас, алма мойын, қараторы келген әдемі қыз – Әлия десе дегендей болып бой жетті.

         Үй шаруасын қолы қолына жұқпай, тиянақты істейтін еңбекқор, үлкенді үлкендей сыйлап, өзінен кейінгі бауыр, сіңлілеріне қамқорлық танытып, айналасына мейірім шашып жүретін қуақы, әзілқой қыз ауылдағы талай жігіттердің көз құртына айналды. «Құдай қосқан құда болсақ» деп, оның әке-шешесін жағалайтындар да баршылық.

        Міне, осындай толған айдай толықсып, күзде піскен қызыл алмадай уылжыған қызға, өмір көріп, оның ащы-тұщысын татып өскен Қаметтің қырындап, жар етіп, жанұя құруды ойлауы-табиғи нәрсе емес пе?! Араларын бөліп тұрған он жас дегенің не тәйірі!

«Ерлі – зайыптылардың жас айырмашылығын төсек теңестіреді» демекші, Құдай бұйырса, күні ертең екі-үш балаға ана болған кезде, екеуінің жас айырмашылығы жойылып, теңесіп кететіндігі де талассыз шындық.

       ...Қыздың ер адамға қарағанда тез есейіп, оң-солын ерте бажайлайтындығы өмірдің заңы іспеттес.

Әлия да жігіттің жастайынан еңбекке араласып, өзінен кейінгі қарындастары мен жалғыз бауырын жеткізіп, оқытып, ел қатарына қосу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей,өз бетінше үй салып, тіршілік жасап жүргенін көрші тұрғандықтан көріп, біліп жүр.

Ақылды қыз соларды ой елегінен өткізіп, жігіттің:

              Тілейтінім: өмірлік боп бірге жүрсең,

               Махаббаттың отына жанып-күйсең.

               Маңдайыңа ешқашан күн тигізбей,

               Адал жарың болар ем мені сүйсең» - деп, ыстық ықыласы мен сүйіспеншілік сәлемін өлеңмен өрген ынтызарлық хатына, ғұмырында мұндай ерік-жігерді сиқырлап тастаған ғашықтық сезімді  басынан өткеріп көрмеген қыз ақын болмаса да, жанары жасқа толып, жүрегі елжірей:

            Көгаршының болайын,

            Оң қолыңа қонайын.

            Айлық емес, жылдық емес,

            Өмірлігің болайын...– деп, жаздың толықсыған айлы түніндегі кездесу сәтінде жігітке әсерлі де, әуезді әнмен жауап берген.

       Әлия бала кезден ән десе ішкелі отырған асын жерге қоятын ән құмар еді. Ел аузында жиі айтылып жүрген әндерді ғана емес, жаңадан шыққан әндердің әуенін радиодан ести сала қағып алып, сөзін іздеп жүріп жаттап, құйқылжыта шырқайтын-ды.

        Ғашықтық құдыреті емес пе, Қаметпен кездескен сайын жүректегі нәзік, сырлы сезімін әнмен жеткізіп, содан өзі де, жігіті де жан ләззатын алады. 

       Өткен аптадағы кездесу кезінде, жүректерді жалындатып, жандарына балдай ләззат сыйлаған алғашқы ыстық сүйістен соң қол алысып, серт байласқан. Бұл серттесудің өзіндік мән-мәнағасы бар еді. Өйткені, Әлияның әкесі көрші ауылдағы бұрыннан аралас-құралас болып жүрген беделді ақсақалдың баласына қызын беріп, құда болуға сөз байласып жүрген екен.

       Сол сөз байласуды анасы сөз еткенде қызы:

        -Менің жүрегімнің қалауы - Қамет. Одан басқа жігіттің басы алтын, кеудесі күміс болса да, судай тасыған байлығы шашылып жатса да маған қажет емес. Берсеңдер - қолдарыңнан, бермесеңдер-жолдарыңнан кетемін-деп, кесіп айтқан. Айтқанынан қайтпайтын қиқарлығын да, қандай жағдайда болмасын, сертінен таймайтын мәрттігін де, адамгершілігі мен бірбеткейлік мінезін де жақсы білетін ата-анасы амалсыздан қайсар қыздарының дегеніне көнген.

        Сол жылдың жапырақтары сарғайған сарала күзінің сәрсенбісінің сәтінде, Ләйлі мен Мәжнүндей жүректері бірге соғып, бірінсіз бірі тұра алмайтын қос ғашық шаңырақ көтеріп, үйленіп тынған.

       ...Жас келіннің анасының Ғазизаға бұрындар тікелей болмаса да, құдашалық жақындығы бар – тын. Сол себепті, өзімен түйдей құрдас болғанымен, екі сынып төмен оқитын Әлияны Сәмет жақын санап, «қарындасым» деп сыйлайтын. Тентек балалардың қылжағынан қорғаштап, қамқорлық танытып жүретін. Болашақты кім болжап білген, бір күндері өзіне жеңге боларын құдыреті күшті Құдайым сездірді ме әлде, әйтеуір, араларында сырт көзге білінбейтін аға-қарындастық сияқты рухани жақындық бар-тын.

     Бұрындар қарындас ретінде сыйлайтын жан енді туған жеңгесі болып шыққан соң арадағы сыйластық арта түспей қайтсін?! Бақша шөптесе де, құдықтан су тартса да, басқа да шаруа істесе де, екеуі егіз қозыдай жарасып, шүңкілдесе әңгімелесіп жүргендері. Оның үстіне екеуі де әнқұмар. Қай жұмысты жасаса да, қосыла әндете шырқап, ауланы думандатып жүргендері. Несін айтасың, жырлары да, сырлары да бір – ортақ! Жеңгесі өзінің сүйікті жарына деген сүйіспеншілігін, ынтықтығы мен іңкәрлігін жыр етеді.

Оның да өзіне деген сый-құрметі мен ынтызарлығын, жар ретінде ғана емес, өмір көріп ысылған, қай мәселеде болмасын, ақылшы аға ретіндегі сұңғылалығын, тіпті, өзін жақсы көретіндігі сонша, үстіне қонған шыбыннан да қызғанатын қасиеттерін әңгімесіне арқау етеді.

        Сәмет болса, әлемге әйгілі суретшінің «Мона Лиза» картинасындағы айдай ару сынды, жеңгесінің өзі де жақсы білетін, ауылдағы  Риза сұлуға деген іңкәрлігін, ыстық сезімі мен сүйіспеншілігін сыр етіп шертеді. Оның артынан жүгірген екі жылдан астам уақыттан бері, білегінен де ұстатпаған алғашқы махаббатының ұстамдылығын, періштедей пәктігі мен ар мен намысты Ту етіп көтерген өнегелі тәрбиесін жыр етіп тауыса алмайды.

         «Жеңге» атты тату, жүрекке жақын, мұңдассаң мұңыңды ұғып бөлісе білетін, сырлассаң сырыңды жүрекпен қабылдап, жанымен түсіне алатын адамым бар мен қандай бақыттымын! Бұрындар мұндай шаттыққа толы, құс қанатын байлап, аспанға шарықтай қалқығандай тамаша, бір керемет, ғанибет тіршілікті кім басынан өткеріп көрген?!»

       Жеңгелі болу – Сәметтің өміріне ерекше бір өзгеріс енгізіп, таңғажайып күйде жүр. Бала кезден әкесіздіктен көрген құқайы, рухани күйзелістері, жанұядағы арқа сүйер  ағасының «жалғызбын», «мен жалғызбын» деп, мұны санға да, санатқа да қоспай бөлектенуі – жанын жабырқатып, жүрегін ауыртушы еді. Венера әпкесінің де зікінеп, қағып жіберуі, мұны өмірі басынан сипап көрмеген суықтығы, осы шаңыраққа жеңгесі түсіп, мұңдасып, сырласқаннан бері, көңіліне көгілдір көктем келгендей жас жанына шуақ құйылып, бәрі ұмыт бола бастаған еді.

     ...Қыркүйек – ерте күздің басы болғанымен, жадыралы жаздың жылуы мен алтын күннің қызуы әлі қайта қоймаған шуақты бір күнінде Сәмет пен жеңгесі бақшада жұмыс жасап жүрген. Кәртөшкінің сабағы сорайып өсіп кеткендіктен, бұл-екінші қайтара түптеуі. Әдеттегідей, екеуінің де қолдары істе болса, ауыздары әңгімеде. Ара-арасында қосылып, әндете шырқап та жібереді. Жеңгесінің: «Ыстықтап кеттік, он минөт демалып алайық» деген сөзімен бір сәтке екеуі тізе бүккен болатын.

         Әлия жеңгесінің мінезі салдыр-гүлдір, тіл ұшына келгенді ойланып жатпай, аңқаулықпен лақ еткізіп айта салатын қожанасырлау  –тын. Әңгіме арасында:

  • Бүгін бір қызық болды. Ағаң екеуіміз ұйқыға жатып, таңертең оянғанымыз сол еді, Қамет:

       -Мен түнде сені құшақтамақ болып едім, сен «Сәмет, қойшы...Қойшы енді, Сәмет...» деп, ұйқылы-ояу ыңырсып, теріс қарай аунап кеттің – дегені...

       Жігіттің жүрегі зырқ ете қалып, жеңгесінің әрі қарай не айтқанын естіген жоқ. Тұла-бойы тоқ соғып жібергендей қалтырап кетті. Мыйы «зың-зың» етіп, басы шыркөбелек айналып жүре берді...

        Отырған жерінен ұшып тұрып, үйге сүріне-қабына жүгіре кіріп,төрдегі қомшаға домалай құлады.

        «Құдай-ау, мынау сұмдық-қой! Әке орнындағы ағамның менен әйелін қызғанғаны масқара екен! Сонда есебі: ол жоқта мен жеңгеме қол жүгіртеді екенмін-ғой...Сұмдық! Сұмдық! Некесіз туып, әкеміз бөлек болғанымен, бір ананың құрсағында жатып, сол ананың емшегін емген бауыры емеспін бе... Солай арамдық ойлауға қалай ғана дәті барды?! Масқара! Масқара! Мені кішкентай кезімнен жек көріп, зіркілдеген қатыгездігінің себебі де мен некесіз туып, екеуміздің әкеміз бөлек болғандықтан  екен ғой...» - Осы ойлар миына оқша қадалып, жүрегін парша-паршасын шығарардай шанышқалатып жіберді. Бүк түскен күйі өзін тоқтата алмай, өкс-өкси жылап, көйлек омырауы малмандай су боп кетті. «Ешкім басымнан сыйпап, жылы сөз естіп, емірену көрмеген мұндай итшілеген өмірдің тақ әкесінің аузын ...»

       ...Әй, шаршап – шалдығу дегенді білмейтін, шіркін, қайран жастық-ай десеңші! Сәмет ала таңнан тұрып үйдегі құрылыс жұмысына жегіліп жүрсе де, кешкісін құрбы, құрдастары арасында болатын ойын-сауықтан, «вешерден» қалып көрген емес.

       «Мынаны бітіріп тастайын» деп, жасап жатқан жұмысын қимай, күйбеңдеп жүргенінде Марат досы асығыс жетіп келеді.

  • Түһ, осы сенің-ақ шаруаң бітпейді екен. Шал

құсап пыш-пыш етіп, түртіншектейсің де жүресің. Жұмыс ешқашан таусылып көрген емес. Өлген күні ғана бітеді. Жүр, вешерден кешігіп қаламыз – деген досы мұның басына шөмішпен шелектегі салқын суды құйып, тездетіп жуынуына көмектесіп жібереді. Кейде қылжақсыз, қалжыңсыз жүрмейтін ол ожау толы салқын суды ышқырдан әрі сар еткізіп, «мынау сенің жайбасарлығың үшін» деп, досын «баж» еткізіп қоятыны да бар.

       Міне, бүгін де кешкісін, өмірі бітіп болмайтын құрылыс шаруасын мұрынынан шаншыла істеп жүрген Сәметке Марат досы әдеттегідей «мынау әлі пышылдап, өгізше жұмыс жасап жүр ме – ей» деп жазғырып емес, жайдарылана, күле келді.

  • Әй, Пышеке, саған мына деген қыз тауып

қойдым. Өзі аппақ, сұлу, бізден екі жас кіші. Ең бастысы: оның өзі саған сыртыңнан ғашық екен. Дабай, таста жұмысыңды. Тезірек жуын да, киін.

  • Мен танимын ба, қай жердің қызы екен?
  • Танымайсың, бірақ танысасың. Көрші ауылдың

қызы. Есімі елге ерте жарияланған, атына заты да сай – Жәрия. Самый главный: басқа қыздардай бәлсінетін қыз емес екенін естіп келдім. Етегі ашық, ешкімнің көңілін қалдырмайтын ышқыры бос қыз көрінеді. Сол көңілшектігінен ғой, «Сәмет досыңмен таныстыр, мен оған ғашықпын» деп, маған өз аузынан айтуы.

  • Мына хабарың рас болып, бәрі ойдағыдай

 шықса, саған менен бір «домбай портвеин».

       ...Марат бастаған үш жігіт пен Жәрия жәләп ұйымдастырған, қыз деген аты бар үш жас әйел түнімен «жынойнақ» салды. Сараң әйелдің құйған шайындай  таң бозамықтанып атуға таяп қалғанда, кетуге ыңғайланған Сәметті құшағындағы қыз оңайлықпен босатқысы жоқ.

     -Кетпеші, кетпеші... Болшы тағы қасымда. Бұрын сені қалай көрмегенмін? Қолым енді ғана жеткен арманымсың, аяулымсың сен... -  Жігіт ернінен сүлікше жабыса сүйіп, «ең болмаса тағы бір-екі сағат жатшы қойнымда» – деп, мойынынан тарс құшақтап, мауыға ыңырси тіл қатқан оның құрсауынан әрең құтылған Сәмет:     

  • Жәрия,тағы кездесеміз ғой.Үй салу шаруасы

бастан асады. Күзде әскерге жүргенге шейін  бітіруіміз керек – деп, қыздың жанынан тезірек кетуге асықты.

       «...Алла-ай, жеңілтек қыздардың қалада көп кездесетінін, олардың жігіт құшағына өздері құлайтындары туралы студент жігіттерден естігенім болмаса, мұндай арсыздықты кім көрген? Қала жарайды – қала. Ауылда да осындай болады екен -ау. Сұмдық! Олардың ата-аналары, аға-әпкелері қайда қарайды екен?! «Қызым – үйде, қылығы – түзде» деген тәмсіл осындайдан айтылған шығар.

       Екі жылдан бері соңынан салпақтап еріп жүрсем де, ернінен бір сүйгізіп, сүйгізгенің не, білегінен сипатып көрмеген Риза – нағыз періште екен-ғой! Мектептегі би кештерінен, немесе кинодан кейін  шығарып салған кезде үйіне екі көше жетпей:

  • Рахмет, осы жерден әрі барма. Әкем көріп

қойса – масқара болады – деуден танбайтын оның анасынан алған тәрбиесі мен үлгі-өнегесі неткен керемет десеңші!...»

       Осы ойлардың жетегінде үйіне тізелері қалтырай, белі сыздап, шаршай жетіп, «бір-екі сағат болса да ұйықтап алайын» деген оймен, төсегіне шешінбестен қисая кеткен Сәмет лезде қор ете түсті.

       ...Қанындағы жастық жалыны отша лапылдап, тағат таптырмай жүрген жас жігітке керегі де осы еді. Жәрия аптасына ең кемі екі рет «сені сағындым» деп, майысып Сәметті өзі іздеп келіп тұрады. Оның бұл ауылда  «подругам» дейтін өзі сияқты ойын-сауық, «вешерді» аңсап тұратын қыздары да көп екен. Бірде ана үйде, бірде мына үйде вешер. «Вешер» деген аты ғана, әйтпесе, нағыз «жын ойнақтың» өзі. Әке-шешесі іздемейтін, сұрауы жоқ қыз ба, әйтеуір, «ана ауылдағы подругама бардым», «мына ауылдағы туған күн кешінен келдім» деп, қыдырыстап-ақ жүргені. Қыздың айтуы бойынша, мектептің жеті сыныбын тәмамдағаннан кейін «денсаулығына байланысты» оқуды доғарыпты. «Күнде жиын, күнде той жүрген жерім-ай» деп, әнде айтылғандай, мына жүріске тәні де, жаны да ауырмайтын Жәрияның оқуға келгенде «денсаулығы жарамай», тұралап қалатыны таңданарлық екен... 

        Осындай әуейілікпен жадыралы жаз да, жапырақтары сарғайған күз де өтті. Қырбық қары жер бетін ала–құла жапқан қарашаның қара суығында Сәмет,Сағым, Марат пен Ораз сияқты сыныптастарды ағайын–туған, дос-жарандар әскерге улап–шулап шығарып салды...

      ...Көрші аудандағы бір жылдан бері көрмей сағынған және осыдан бір ай бұрын босанып, ұл туған қызының үйіне Ғазиза артынып, тартынып жетті. Венера анда-санда, әйтеуір, пошта арқылы телефонмен аман-саулығын айтып хабарласқаны болмаса, құданың баяғыдағы «ерекше келуінен» үш-төрт ай өткенде, қазақ салтымен  «төсек-орын апару» рәсімінен кейін олар көріспеген еді.

         Қызының кейіпі дәл былтырғыдай жүдеп-жадаған болмаса да, өңі сынық, көңілі пәс. Тағы да анасын бас салып, ботадай боздап қоя берді.

  • Көрген күнім-күн емес, тозақ – деп, бірнеше

 жылдан бергі күйеуінен көрген азапты өмірін еңірей отырып айтып берді.

  • Өзі іше ме, саған сонда не қылмайсың дейді?
  • Ішеді, ішпесе де жетісіп тұрған жоқ. Бірге істесіп жүрген азаматтар қонаққа шақырғанда, немесе, өзіміз әріптестерін шақырып, сыйласақ та, артынан міндетті түрде жанжал шығарады. Басты сылтауы: «анау саған қадала қарады», «мынау екеуің бірі-біріңе жұмбақтана көз тастадыңдар...». Кетіп қалайын десем, ел-жұрттан ұят. Мүмкін, сәбиі туған соң, соған алданып қоятын шығар деп дәмелендім. Бәрібір сол жаман әдетін қояр емес...
  • Әке-шешесін шақыртып, айтпадың ба?
  • Айтылды ғой. Олардан қайыр жоқ, қайта ушықтырып, жел беріп кетеді. «Біз әпереміз деп көздеген қызды алмай, қайдағы бір татар әйелдің қызын алған өзіңнен көр» деп, келген арада әкесі де, шешесі де ұлын қайрап-қайрап құтыртып кетеді  –деп, көз жасын тия алмай отырғанда, есік ашылып, орта жастар шамасындағы ақшулаң келген, өңі жылы әйел сәлемдесе кірді.

       Танысып, жөн сұрасып, шәй ішіп болған соң:

  • Құдағи-ау,сіз қызыңызды құлдыққа беріп қойғаннан саусыз ба? Мен мына Теміртас күйеу балаңыздың аталас жақын ағайынымын. Бірақ, шындығын айтайын, мен ұл өсіріп келін алған, қыз ұзатып, немерелі болып отырған ана болсам да, ғұмырымда тап мынандай безбүйрек, аяусыз жанды көрсем көзім шықсын. Қызыңыздың көрген күні күн емес. Теміртас екі күн сау болса, бір күн мас.
  • Сонда қызыма не кінә қояды, не істе дейді?
  • Құдай-ау, жындыға дауа бар ма, пәлен деп қояр

 кінәсі де жоқ.Тіпті, ішпеген күннің өзінде мас адамнан әрмен қатыгез, айтып жеткізе алмайтын мейірімсіз.Венераның ақ қар, көк мұз құрсаулаған қыстың түн жарымында жалаң аяқ, жалаң бас, ішкөйлекшең біздің үйге қанша рет қашып келген есебінен жаңылып та қалдым. Неше рет көгала қойдай қылып сабап жатқанында, айқай- шуды естіп, арашалап алған күндер болды.

        Теміртас менің өз туысым-ғой, сізге жағынайын деп айтып отырғаным жоқ. Менің де сондай балаларым бар, бір күні «қата тимесе, бата тиіп» дегендей, жазатайым мертігіп, немесе, Аллам бетін әрі қылсын,одан жаман жағдайға ұшырап қала ма деп қорқамын.

       Байқаймын, қызыңыз да, өзіңіз де Құдайға қараған, қақ-соқпен ісі жоқ момын адам екенсіздер...

         «Тәңірім-ау,атың өшкір соғыстың ащы запырандай зардабы – жетім-жесірлікті, жоқшылық пен жан күйзелісін көп көріп, енді ел қатарына қосылдық па деп жүргендегі көрсетпегің осы ма?! Қара нан мен қара суға қарасақ та, барымен базар болып, ешкімді басындырмай, ешкімге алақан да жаймай, өзіміз бен өзіміз шүңкілдесіп, «тәуба» десіп отырғанымыздың өзі бір ғанибет екен ғой. Қызым жастайынан әкесіз қалғанына жаны күйіп өсіп, енді есейгендегі алар сыбағасы осы ма еді...?!»

       Мыйын зыңылдатып, инедей шанышқылаған осы ойлардың жетегінен шыға алмай, ұйқының ауылы алыстап, түн жарымына шейін дөңбекшіп жатқан Ғазизаның көзі іліне бергенде,тосын айқайдан шошып оянды. Орнынан тұрып үлгергенінше:

        -Үйдің айналасы толған аттың ізі. Мен жоқта кім келді? Қане, айт шыныңды,- деп зіркілдеген күйеу баласының зәрлі дауыс шықты.

         Ауыз үйге сүріне-қабына жүгіріп шыққандағы көргені:Теміртас жерде жатқан қызының бұрымын қолына орап алып, үстінен әзірейілдей төніп тұр.

       -  Әй, қызымның не жазығы бар? Бұл қай басынғаның, іздеуші, сұраушысы жоқ деп пе едің?-деген анасы оның қолын қағып жіберіп, Венераны тұрғызып алды.

        Енесінің келгенінен хабарсыз ол  қылмысының үстінен түскеніне айтуға сөз таппағандығы ма:

        -Қызыңыздың кінәсі де, айыбы да жетерлік-деп, ақталғандай, бірақ істеген ісіне ұялған, не абыржыған түрі байқалмай, бедірейіп тұр. Ішкен демесең, есін білмейтін мас емес, сөздері мірдің оғындай ап-анық.

          -Жарайды, түн жарымында сенімен салғыласар жәйім жоқ, Құдайдың таңы атсын, ертең сөйлесем,-деген Ғазиза қызын жанына алып, төр бөлмедегі төсекке жатып қалды.

        Ертесіне тұрғанда күйеубаласы енесінің жүзіне қарауға беті болмады ма,үйден кетіп үлгеріпті...

         Венера анасын үй сыртына шығарып, айнала түскен ат іздерін көрсетіп:

         -Міне, түнделетіп оралғанда, әдейілеп үйді айнала ат ізін салады да, «кім келдінің» астына алып тиседі. Артынша таяқтың астына алады.

       -Мынау сұмдық екен! Енді не ойың бар? Күнде өстіп жазықсыз сөз естіп, ащы таяғын жеп, осындай итшілеген өмірмен тұра бермексің бе?

       -Тағы біраз байқай тұрайын. Арақ ішпегенде, кей   кезде болмаса, маған көп байланыспайды. Мүмкін тағы бір баласын туып берсем, ақылы кіріп қояр...

       -Мен не дейін, зорлап алып қашып кеткені аздай, таяқтан көзіңді аштырмай жүрген күйеуіңді қимай  тұрған сияқтысың. Ішіме сыйған сыртыма да сиясың. «Байқай тұрайын» дейсің, балаң бар,бір оймен ол да жөн шығар. Жетім бала, жесір қатынның көрген күнін, мұңы мен зарын бір адамдай тарттық қой. Бірақ, әйтеуір сақ болшы, қызым, қата тимесе, бата тиіп, жазым етіп жүрмесін...

       ...«Қалиды қамап қойыпты» деген суық хабар ауылға телефон сымынсыз-ақ тез тарап кетті.

        -Не үшін қамапты? Оны кімнен естідің?

         -Обал-ай, не бүлдіріп қойды екен? – Сұрақты бірі-біріне қойып, таңданғандары болмаса, анық-қанығын ешкім білмейді. Арада бір апта өтті.

         -«Масқара, түнделетіп біреудің өгізін ұрлап сойып алғаны үшін тұтқындалыпты!» - деген қауесет рас болып шықты.Тергеу жүріп, тағы үш-төрт апта өткеннен кейін, жаманат жерде жата ма, «сот Қалиды төрт жылға кесіп жіберіпті» - деген сөз ауыл ішінде гу-гу етіп кетті.

         Күйеуінің күйігі жанына батып, өзін қоярға жер таппаған Шәукен не істерін білмей, торға түскен торғайдай шырылдап жүр.

         -Ол жала! Шалым ұрлық жасайтындай жанына не зор келіпті. Қастық ойлаған біреулер біздің қораға малдың бас-сирағы мен терісін, қан-жынын қасақана тастап кеткен - деп, зар илеуден танбайды. Мал ұрлығының дәлелі сол үйден шығып отырса милиция қайтсін, іс қозғап, ақыры сот соттап тынған.

       Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, құса болған Шәукен бір күні кешкісін апақ – сапақ мезгілде Сәметтердің үйіне кіріп келді. Келе еңірей жылап, көршісінің аяғын құшақтай құлады.

        -Ғазиза-ау, менің түнеу күнгі ақымақтығымды кешір. Үйден Қалиымның бір қылығы үшін ашуланып шығып, сондай иттік істегенімді өзім де аңғармай қалдым. Кешіре гөр, айналайын тәтетай...

        -Ашу ашуымен,өзіңнің Зейнел сіңіліңмен қатар өсіп келе жатқан, балаң іспетті Сәметіме қандай ауыр сөздер айтып, жүрегін ауыртқаның ойыңда шығар?

        -Ойымда, бәрі ойымда. Балаңнан да кешірім сұрайын, тек сен кешірші...

        -«Қалған көңіл-шыққан жан» деген. Шыққан жанды қайта кіргізе аласың ба? Кешірім сұрап, кішірейіп қайтесің, маған күнің түсіп тұрған жоқ...

        -«Мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылған» демекші, бір шикі өкпеге зар болып, Құдайдан бала тілеп жүргенімде, тоқал ешкінің күйін кешіп, шалымнан тірідей айырылып зарлап қалдым ғой мен бейшара бейбақ...

       -Естіп жатырмын. Құдай қайырын берсін.

        -Айып шапан ретінде мына сыйлығымды қабыл ал, көрші. Мынау Сәметіңе деген пәдәркім-деген Шәукен сөмкесінен қағазға ораған әлденелерді сылдырлатып шығарып жатыр.

        -Жоқ, әуре боп қайтесің. Сыйлық дәметіп  отырған жоқпын. Тәуба, барыммен – базармын. Сен қалай табалап айтсаң да, Құдай жеткізсе - жетіп келе жатырмыз. – Ғазиза жаңағы бунақ-түйнектерді қайтадан Шәукеннің сөмкесіне салып қойды.

       -Тәтетай-ау, құлдығың болайын. Кешірші мен жынды қатынды, кешір. Құраның қолыңда, Аллаң ауызыңда қасиетті адамсың ғой, - деп зар еңіреп, көршісінің аяғын қайтара құшақтай жығылған Шәукен өлердегі сөзін айтып жалынды.  

       -Жарайды, өз кінәңді біліп, түсінсең болды. «Мұсылман адамның өкпесі шәйі орамал кепкенше ғана созылуы керек» деген исламның қағидасы бар, кешірдім – деп, көзіне жас алған Ғазиза зор қайғы арқалап отырған құдайы көршісін құшақтап, бетінен екі қайтара сүйді.

        Көңілдің нәзік пернесін дұрыс баса білсең, адам баласының  әп сәтте өзгере салатын қасиеті қызық қой. Үш ай бойы бірінің бетіне бірі қарамай, дүрдараз болып жүрген көршілердің көңілдері көктемдей құлпырып, арада түк болмағандай, жадыралы жаздай жайнап шыға келді.

        -Кешіріміңе рахмет! Бала-шағаңның қызығын көр. «Сый қылсаң-сыпыра қыл» демекші, шалыма пал ашып берші. Басына түскен пәледен құтылар ма екен.

        -Қой, ойбай! Аллаға серік қосу-күнә, шариғатқа қайшы. Жас кезімде басына іс түсіп келген бір-жар адамның көңіліне қарап, пал ашып берген едім. Қазір ондай күнәлі іспен айналыспаймын...

        -Айналайын, тек саған үкілі үміт артып келіп отырмын, соңғы тілегімді орындашы - деп, жыламсыраған көршісінің көңілін қимаған Ғазиза:

        -Жүр, қасиетті Кітапты қолға алмас бұрын екеуімізде тазаланып келейік – деп, екеуі ауыз үйге шығып дәрет алып, қайта кірді. Боқшаға салынған Құранын сандығынан алған Ғазиза оны төбесіне көтеріп үш қайтара сүйді. Жайдақ дөңгелек стөл үстіне қасиетті кітабын жайып, әлдебір дұғаларды күбірлей оқыған соң, төрт қырлы тиекті жоғары қарай бас бармағымен шертіп жіберді.

«Әліп!» Осы тәртіппен тиекшені тағы үш қайтара лақтырды. « Екі әліп, бір жим, бір дал». – Құранды парақтай ақтарып отыр. « Екі әліп, бір жим, бір дал» - деп, қайталай күбірлеген ол сол тақырып (әрине, арабша) жазылған бетті тауып оқи бастады.

       - Бәрекелді, саған ұзақ жол - сапар түсіп тұр. Алла бұйырса, сол сапардан соң, Юнус пайғамбар Саллалаһу ғалейкум Ассаламның басына түскен пәлекеттен арылғаны сияқты, Қалиың да мына шырғалаңынан құтылып келеді. Одан көп ұзамай қыз – сәби сүйесің. Құдай қаласа, артынша тағы жүкті болып, бір қыз перзент көресің...

        -Ой, Жаратқан ием-ай, баласы бар болсын, бәрінен де шалым аман-есен келсе екен - деп, жыламсырай кемсеңдеген Шәукен көршісін тарс құшақтап бетінен сүйіп-сүйіп алды. – Әмин, айтқаның айдай келсін...!

        Шәукен қанша айтқанымен, жастайынан Қарағандының ФЗУ-ында оқып, сол жақта жұмыс жасап, өзінің зеректігі мен арсың-гүрсің өжеттігі арқасында орысша да әжептәуір үйреніп алған-ды.  

        Күйеуі Қалидың соттығына қатысты құжаттары мен өзінің ССРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Беляевтың атына жазған өтінішін, тағы басқа қағаздарға толы қоңыр папкасын шамаданына сықай салып, «бисмиллә» деп Мәскеуге аттанған ол дәл он екі күннен кейін қайтып оралды.

        Бірінің қуанышына бірі шын жүректен қуанатын, қайғысы да ортақ ауыл тұрғындары емес пе, көрші-көлемдер мен басқа көңіл жақындар Шәукеннің есігіне тыным бермей кетті.

        - Ия, не жақсылық, не хабар бар?

         - Сапарың сәтті болып қайтты ма? –дескен тілектес жұртшылыққа екі езуі екі құлағына жетердей қуанып қайтқан ол әңгімесін айтып тауыса алмайды.

        «Сұрай-сұрай Меккеге де жетесің» деген рас екен. Қызыл, жасыл шамдары жарқыраған Мәскеуге түнде жетіп, тәксимен қонақүйге келіп орналастым. Барар жеріңді айтсаң болды, тәкси сөзге келмей жеткізіп салады екен. Ертеңінде тағы да тәксимен Отанымыздың жүрегі – кіремілге бірақ жеттім...»

       -Ойбай, барғанның бәрін кіремілге тексермей кіргізе бере ме екен?

        -Қалай қорықпай бардың? Кезек көп күттің бе?-деген сұрақтар сөзін бөліп жіберген Шәукен:

        -Сендер сөзімді бөлмеңдер. Мен өзім бәрін «пә пәрядку» әңгімелеп берем-деп, хикаясын әрі жалғады.

       -  «Неден қорқайын, онда отырғандар да өзіміз сияқты адамдар. Мен секілді әртүрлі мәселелермен барғандар көп екен, кезекке жазылып күтіп отырдым. Бірақ, бірінші күні кезегім келмей, ертеңіне сол жазылған кезек бойынша алғашқылардың бірі болып кірдім. Депутаттың қабылдау бөлмесіне:

  • Здірәстите, тәуәріш Беләев-деп кіріп бардым.

Ол төрдегі орнынан ұшып тұрып өзіме қарсы жүріп, ұсынған қолымды алды. «Сәдитес» деп орындықты нұскап, мен жайғасып алған соң, саған өтірік маған шын, хал-жағдай сұрастырды. Құдай-ау, біздегі шекесінен қарап, аспанды тіреп тұрғандай, сыздап әрең сөйлесетін шікірейген шенеуніктер сияқты емес, өте қарапайым екен.

       Жинап апарған барлық құжаттарыммен әбден танысып алғаны көрініп тұр, мені көп ұстаған жоқ.

        -Уайымдамаңыз, алаңдамай үйіңізге қайта беріңіз. Бәрі дұрыс шешіледі – деп, есік көзіне шейін шығарып салып, қол беріп қоштасты».

        -Шәукен, шыныңды айтшы, депутатқа қанша ақша бердің? – деген Зәуренің сөзіне ол шамданып:

       -Ойбай, ақша сұрайтын біздің парақор шенеуніктер сияқты деп пе ең. Соқыр тиын да бергем  жоқ. Бәрінің қатаң тәртіпке бағынатындығы мен қарапайымдылықтарына таңдай қағып, бізде де сондай тәртіп орнаса ғой, шіркін-деп, өзім де таң қалып, қатты сүйсінгенімді несін жасырайын.

       ...Мәскеу сапарынан кейін арада екі айдай уақыт өткен. Шәукеннің ойында ештеңе жоқ, Зейнел сіңілісі екеуі таңертеңгі шәйін ішіп отырғанда есік ашылды.

       -Мені тосып отырған адамдар бар ма...? – Екі езуі екі құлағында, ыржия күліп Қали кіріп келді.

          -Тәңірім-ау, менің мұң-зарымды естіп, көрген екенсің...Аман-есен келдің бе, арысым-ау...

         Сасқалақтаған Шәукен орнынан  үш ұмтылып әрең тұрып, күйеуін дауыс шығара жылап бас салды.

         -Жә-жә, жылама. Шынымен күйеу керек екен өзіңе. Мәләдес, сенің арқаңда шықтым ғой, әйтеуір.

        -Менің емес, бір Құдайдың арқасы деп айт.

         Ешкімге де, тіпті Шәукеннің өзіне де  «келе жатырмын» хабарын жібермегенімен, тез арада бірі-бірінен естіп: «аман-есен келдің бе?» «ұзағынан сүйіндірсін» десіп, сәлемдесуге келген ел қаптап кетті. Көп кешікпей қой сойылып, кешкісін шағын болса да той рәсімі жасалды.

       ... Арада төрт ай өтті. Денесі түсіп, өзін біртүрлі жайсыз сезінген Шәукен кешкісін ертерек жатып қалған. Қатты ұйықтап кеткен екен, бір уақытта біреу қарнынан түрткендей болып, оянып кетті. Қасында жатқан Қалидың шынтағы тиген шығар деген оймен екінші қырына аунап түскені сол еді, іші бағанағыдан да қаттырақ солқ-солқ етіп қозғалып кетті. «Құдай-ау, шынымен сол ма...» - Сенер-сенбесін білмей, қыбыр етпестен тың-тыңдап жатыр. Арада бес-алты минөт өткен шамада іші алай-түлей болып, бір жағындағы қозғалыс екінші жаққа қарай «зыр» етіп ауысып кетті.

       «Жаратқан ием-ау, көз жасымды көрдің бе, тілеуімді бердің бе...? деп, жыламсырай күбірлеген Шәукен күйеуін жұлқып оятты.

  • Қалкен, сүйінші! Құдай тілеуімізді берген

сияқты. Бойыма сенің ұрпағың бітіпті...

       -Ақсарбас, ақсарбас! Аллам-ау, он бес жыл бойы үмітімді үзбей күтіп жүруші едім... Өлгенім тіріліп, өшкенім шынымен-ақ жанатын болды ма? – деп, сот төрт жыл абақтыға кескенде де, көзіне жас алмай, безірейіп отырып алған арыстай азамат еңкілдеп жылап жіберді.

        ...Табиғат-ананың бусанып, жер-көкті алтын күннің шуақты, шырайлы сәулесі құшағына алған көгілдір көктемнің алғашқы күні Шәукен уақыты жетіп босанды. «Дүниеге мен келдім» деп сүйінші сұрағандай, үй ішін іңгалаған сүйкімді үнге бөлеген қыз туып, ауыл-аймақ қуана тойлаған еді.

         Арада тағы жыл жарым уақыт өткенде, яғни келесі жылдың жадыралы жазы өтіп, жапырақтары сарғайған сарала күзінде Қалидың қара шаңырағында және бір шілдехана тойы тойланды. Бұл жолы да Шәукен күйеуінің аузынан түсіп қалғандай, аумай тарқан қыз туып берді.

        ...Жаңа туған шақалақтың қырқынан шығару тойына «той десе, қу бас домалайды» дегендей, көрші-көлемдер көп жиналды. Артық-ауыс байлығы болмаса да, «қазақ» атты, жиған-тергенін бала үшін аямай шашатын ұлы ұлттың бір бұтағы емес пе, Қали талайдан бері осы тойға деп семіртіп жүрген екі жасар өгізшесін сойып тастапты. Ас желініп, шәй ішіліп, қырқынан шығарудың барлық рәсімі жасалған соң, топ ортасына толқи, даусы дірілдей шыққан Шәукен:

  • Ау, жарандар! Мына менің сары шалымның

темір тор қапастан аман-есен шығуына да, бір шикі өкпеге он бес жыл бойы зар болып жүріп, перзент көру бақытына ие болуымызға бір Тәңірімнен басқа, тілеуін бергір, Ғазизаның қатысы бар. Түнеу жылы, бір қарағанда қарапайым, елге жақсылық қана тілеп жүретін осы көршімді, жалғыз оны ғана емес, мен сияқты тентектеу мінезі бар баласы Сәмет екеуін қатты ренжіткен едім. Еш жазығы жоқ жандардың жүрегін жаралап, таудай назасына қалған болатынмын...- деп, әрі қарай сөйлей алмай қыстығып қалды. Сәл тыныс алып, сөзін  жалғастырған ол ана жылғы болған жанжалды бүге-шүгесін қалдырмай түгел баяндап берді.

        -Ой, оның дұрыс болмаған екен.

        -Жазықсыз жанның жүрегін жаралаған адамның назаға қалары хақ қой-деген дауыстар әр тұстан естілді.

        -Дәл солай! Мен Ғазизаның назасына қалдым! Бірақ, иманы кемел, кешірімінің кемшіндігі жоқ көршім менің ақымақтығымды кешіріп, Қолына қасиетті Құранын ұстап, дұғаларын оқу арқылы өз назасын қайтарып алды. Қайтарғаны сол емес пе, Ғазизаның кітап көтерген кезінде қасиетті Құранында жазылған: «Юнус пайғамбарымыздың басына түскен пәлекеттен құтылғаны сияқты, Қалиың тар қапастан босайды. Аман-сау келіп, сәби-қыз сүйіп, артынша тағы бір перзент-қыз көресіңдер» деген сөзінің бәрі айна-қатесіз келді. Осы жақсылықтардың бәрі – бойына қасиет дарыған Ғазизаның Жаратушыдан жалбарына сұрап, тілегінің қабыл болуынан – деп, Шәукен қайталай жылап жіберді.

       -Бұрын екеуіміз жеке отырып кешірім сұрасам, енді, міне, ел-жұртымның алдында аяғыңа жығылып кешірім сұраймын. Мынау менің саған деген шексіз алғысымның белгісі, азырқанбай қабыл ал. - Көршісін құшақтап екі бетінен кезек сүйді де, саусағына жарқыраған жақұт көзді алтын сақинаны кигізді.

         -Бәрекелді, міне, жөн білгендік.

         - «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дегенің осы да! – Гуілдескен жұрт Шәукенге ризалықтарын білдіріп жатыр..

         -Көрші, пейіліңе рахмет! Анаңның дүниеден өтерінде өзіңе сыйлап, көзіндей болған сақинаны өзің тақ. Сен бердің, мен алдым деп есепте. - Ғазиза сақинаны шешіп, Шәукеннің саусағына салды.     

        ...Шәукен айтса айтқандай, Ғазизаның шыққан жері киелі, тектілердің қатарынан еді. Әкесі Нүсіп марқұм жыл – он екі ай бойы намазын қаза етпейтін тақуа, Құран көтеріп, ем-дом жасайтын емшілік қасиеті бар-тын. Тау баурайындағы ауылда  тұратын ол жылт етіп көктем шығысымен тау-тасты аралап емдік шөптерді жинап кептіріп, олардан дәрі-дәрмек даярлайтын. Тіпті, неше жыл бала көтере алмай жүрген келіншектерді емдік шөптерімен емдеп, дұғалық жазып, үшкіру арқылы сәби сүю бақытына жеткізген қасиетін марқұм болып кеткен ескі көздер білгенімен, кейінгі толқын ұрпақ қайдан білсін?!

         Ғазиза да дініне берік анасы Мәдинамен бірге бала кезінен намазға жығылып, дәретсіз жүрмейтін тазалығымен, бес уақыт намазын қаза қылмайтын тақуалығымен ерекшеленді. Әкесі де, анасы да дүниеден өткен соң, қасиетті Құран Ғазизаның иелігіне өтіп, ол кітап көтеру, дұғалық жазып, үшкіріп емдеу қасиеттері арқылы ел аузына ерте  іліккен. Бірақ, кеңестік сұрқия саясатының қудалауынан сескеніп, ондай қасиеттерін жария қылмаушы еді.

        ...Сәмет өзі «махаббаты» жастайынан оянып, ерте «қағынған» жігіт қой. Әскерге дейін өзінен екі жас кіші болғанымен, онан да ертерек «қағынған», ышқырының тым бостығы, еркек атаулының қолын қақпайтын   «көңілшектігімен» аймаққа ерте жария болған, атына заты сай Жәрия атты, қыз есебіндегі әйелмен әуейі болып жүрген еді. Екі жыл әскери  борышын атқарып, елге қайтқанында, жастайынан ерте «ауызданып», қатын қызығының дәмін татып қалған қу емес пе, қыздардың соңынан салпақтап, сөз айтып айналдыруды артық жұмыс санады. Екі жыл етек көрмей, «ашығып» келген ол қыз іздеп бос әуресі не, ешкімге «аулақ» демейтін дайын тұрған баяғы Жәриясының үйреншікті ыстық құшағына кірді де кетті. Сол кіргеннен мол кіріп, онымен екі күннің бірінде кездесіп, өмірлік жар таңдауға мұршасы келмей, ұлыққан арланша әуейіленді де жүрді.

«Ат аунаған жерде түк қалар» деген аталарымыздың сөзі рас екен. Пушкин жарықтық айтпақшы, шырылдауық шегіртке сияқты ыршып, көгалда ән салып «кайф» болып жүргенінде Жәрия:

       - «Сәмет, сен әке атанатын болдың. Құрсағыма сенің шаранаң біткелі үш айдай уақыт өтті»  деп, жерден жеті қоян тапқандай ыржия күліп тұр.

Қызықтап жүріп ондай күннің туып қаларын ойлап жүрген кім бар, жігіт шошып кетті.           

       - Қой! Менің балам екендігіне көзің жете ме?

       - Ішімдегі тұңғыш сәбиіммен ант етейін, сенімен жолыққалы мен ешкімді маңыма жолатып көрген емеспін. Өзің ойламайсың ба, екеуміз күнде, күн ара бірге болып жүрміз. Сонда мен басқамен қай уақытта кездесіп үлгеремін? – деген сөзіне қуану қайда, қарсы уәж айта алмай, сілейіп тұрып қалды.

       Қыздан қулық артылған ба, Сәметтің сөзден ұтылғанын пайдалана қойған ол:

     - Бір мінім бар, сол өзіме батады,

       Бәрінен де жаман ғой соның атағы.

       Адасқанның айыбы жоқ, кешірсең,

       Көңілімде қуаныш боп жатады – деп басталған оншақты шумақ өлеңмен қоса, көзінің жасы да даяр тұр екен, көлдете төгіп – төгіп жіберді. – Бәрін түсінем, менің өткен – кеткенімнің бәрі сенің көңіліңде сайрап тұр. Достарыңның алдында да ұялатыныңды білемін. Бірақ, ойнақтап жүріп от басқан мендей бейбақтың бар кінәсін кешіре біліп, маған үйленсең, бетіңе жел боп тимес едім. Өмір – бақи қарыздар болып, құлың боп өтуге әзірмін – деген ол жігіт мойнынан тарс құшақтап, өксіп-өксіп ұзақ жылады. Жас бала мен әйел атаулының көз жасын көрсе ет жүрегі езіліп, қоса жылауға шақ қалатын, тезірек жұбатуға асық болып, қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысатын ол не айтарын білмей:

  • Жәрия, жылама. Болды, жылама – дей берді...

 Сәметтің «бұрандасы» босап, қобалжып тұрғанын сезген әккі қу қыз ағыл – тегіл  көз жасын сүртпестен:

    «Қара да болған шашыма,

Уайым түсті басыма.

Азабын жардың тартқанда, ей тартқанда,

Жасыма жүрек, жасыма!

Сүйемін сені, сүйемін.

Үнемі ойлап жүремін.

Ақырғы жауап алғанша, ей алғанша,

Лүпілдеп соғар жүрегім...–деп, жаңағы жылағанынан болар, сәл қарлығыңқы, құйқаңды шымырлатар дауыспен бір аянышты, мұңлы әуенге салып әндетіп қоя берді.

Көңілі босап, ләм – мим деп тіс жармай бұл тұр.

-Алмаймын десең ашығын айт. Ертең барам да аборт жасатып, балаңнан құтыламын. Сонда сенің жазықсың сәбиіңнің көгермей жатып көктей солатындығына кінәлі кім боларын бір Құдайдың өзі біледі... Тереңірек ойлан, Сәмет! – деген ол кілт бұрылды да, қасынан тездете басып ұзап кетті.

       Қыз аты бар бұл әйелдің тағдырының бұзылу тарихын содан бұрынырақ, өкси – өкси жылай отырып баяндап берген оның өз аузынан естіген еді.

        «Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан әкем Қасен соғыс аяқталып, ауылға келген соң, майданда немістерге тұтқын болып түскені үшін Сталиннің тұсында «Отанына опасыздық жасаған сатқын» ретінде 25 жылға сотталып кетеді. Оның аман келуінен күдер үзген анам, тірі жан емес пе, пендешілікпен  біреуден ұл туып қояды. Алайда,  «амнистия» жарияланып, ол үш жылдан соң қайтып оралды. Әрине, намысшыл әкем шешеме қайта барсын ба, көрші ауылдағы бір жас қызға үйленді. Балалы-шағалы болып, қалған өмірінде ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шықты. Жасы жетіп, дәмі таусылғанда жарық дүниеден өтті.

        Әкем тұла бойы тұңғышы мені еркелетіп қасынан шығарғысы келмесе, мен оны жанымнан артық жақсы көрдім. Анам да жақсы, әкем одан да жақсы, екеуін де қимай, екі оттың ортасында өскен мен бірбеткей, ерегескіш, бая – шая болып өсіп келе жаттым. Екі ауылдың арасында жортып жүріп, тәрбием де кемшін  түсті ме, әйтеуір сабаққа да зауқым соқпайтын құлықсыз болдым.

       ... Он төрт жасымда алыстағы Жарбұлақ ауылына шешемнің: Қыстың көзі қырауда қайда барасың? Үсіп өлейін деп пе едің?» дегеніне қарамай, бір құрбымның үйіне баруға жолға шыққан едім. Жолшыбай орта жастардағы бір орыстың жүк машинасына қол көтеріп тоқтатып, отырып алдым. Отырғанымды қайтейін,  жарты жолға жетпей, машинасының ішінде әлігі жолың болмағыр сары сапалақ мені шыңғыртып, қызыл қанымды ағыза зорлады. Арада оншақты шақырымнан кейін тағы, одан кейін тағы, қысқасы діттеген ауылға жеткенше бірнеше рет зорландым...

      «Біреуге тіс жарып айтатын болсаң, бауыздап өлтіремін». Осылай қорқытып, артынша «мынаған кәмпит алып же» деп, қолыма бес сом ұстатты да, өзі ауылға кірмей, кері қайтып кетті. Шамасы, «біреуге айтып, милицияға ұстатып жіберер» деген қауіптенгені болар.

Сүйтіп, жетінші сыныпта оқып жүрген мен он төрт жасымда қатын болдым. Содан кейін – ақ есейгендік өмірім басталды. Тәлейлі тағдырыма ерегескен түрім бе, жоқ «енді жоғалтар нем қалды» дедім бе, әлде шынымен еркек құшағының табы ұнап қалды ма, әйтеуір маған көз тастаған беті жылтыр еркектің бірінің қолын қақпай, құшақтарына құлай бердім» деген ол біраз жылап, хикаясын әрі жалғады.

      -Бұл жиіркенішті қылықтарымды айту маған оңай тиіп отырған жоқ. Алайда, сен барлық шындықты біреудің аузынан емес, өзімнен естіп, білсін деп ағымнан жарылып отырмын. Бірақ, міне, он сегіз жастан асқан шағымда, қол жетпес арманым – сен жолығып, өмірде шынайы махаббаттың бар екенін түсіндім – деген ол жігіт мойнымнан тарс құшақтаған күйі, тоқтай алмай, ботадай боздап жыласын кеп!

       Әкесіз өсіп, жетімдіктің, жоқшылықтың зардабын, рухани да моральдық тауқыметін молынан тартып, қамкөңіл болып өскен Сәмет қыздың жанын түсінгендей болып, «қандай аянышты тағдыр» деп, оған қосыла жылағанын өзі байқамай да қалды.

      ...«Ең алғашқы махаббат басталады мектептен» деп, ән жолдарында айтылғандай, Сәмет оныншы сыныпта оқып жүргенінде, өзінен бір сынып төмен оқитын Риза атты қызды құлай сүйген еді. Ең болмаса білегінен де ұстап көрмеген алғашқы махаббаты мектепті бітіріп, Семейдің құрылыс техникумының бұғалтыр мамандығында оқып жүргенінде, Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Ерік есімді жігіті достарымен машинаға лақша басып, алып қашып кетеді. Мұны әскерде жүрген Сәметке жан досы Марат хат арқылы естіртіп, үш күн бойы нәр татпай, казарманың каптеркасында жылап жатып алды. Адамның жанын терең түсінетін рота командирі капитан Карапетянның өзі жанына келіп, туған бауырындай басынан сипай отырып біраз ақыл – кеңесін айтып, сабасына түсірген болатын. Сүйтіп, алғашқы пәк махаббаты сәтсіздікпен аяқталған еді.

      ... Әлгіндегі «тереңірек ойлан, Сәмет!» деп кеткен Жәрияның сөзінен кейін ол өз-өзімен қалып, тұңғиық қалың ойдың құшағына орана берді...

       «Ол қыз өмірдің шырмауықтай шырғалаңына бір оратылып, қайта шыға алмай жүрген бейшара. Қалай дегенімен жаны нәзік әйел заты ғой. Тағдыр тәлкегіне тым ерте, жастайынан ұшырап, жетімсіреп жүргені аздай, менен жүкті болып, ел бетіне қарағысыз халге қалып отыр. Мен: оған «аулақ»! деп, жарық дүние есігін ашып үлгермеген жазықсыз періште – сәбидің аборттан парша-паршасы шығып, шыбын жаны ұшып кетсе, мені Аллам кешірмесі хақ! Жанымдай жақсы көрген сүйіктім Риза болса жат біреудің жары боп, соның ошағын жағып, ұрпағын өсіріп жатыр...

      Жәрияға: «сен көкпар додасына түскен лақтай, талайларға тапталған қалдықсың. Екеуіміздің жолымыз екі бөлек. Өзіңнің теңіңді тап!» деуге толық қақым бар. Бірақ, анамның: білмегеннің білместігіне кешірімді, мейірімді, қайырымды бол – деп, жастайымнан санама сіңірген тағлымы қайда қалады? Мектептегі мұғалімдерімнің, үйдегі тәрбиеші – әпкем, ұрпақ тәрбиесіне саналы ғұмырын сарп етіп жүрген  ұстаз Күлжанның адамгершілік пен адалдыққа, ар мен азаматтыққа тәрбиелеген өсиетін жерге тастағаным болып шықпай ма?! Бала кезден басыма жастап оқыған «Мөлдір махаббат», «Ботагөз», «Инеш», «Махаббат, қызық мол жылдар», тағы басқа әдеби шығармалар мен «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Айман – Шолпан» хиссаларын өзім жатқа айтып, «солардағы кейіпкерлердей болсам» деп армандаған асқақ ойым, маған ғибрат болмай, жәй бір сәттік сүйсініс қана болып шыққаны ма?

       Жоқ! Мен сол бір адасқан қаз сияқты жол таппай,  өмірден опық жеп, тағдыр тәлкегіне ұшыраған жанды құтқаруым керек! Кім көрінгеннің мазағына ұшырап жүрген бейбақтың өткеніне кешіріммен қарап, өзіме жар ету арқылы босағадағы қадірсіз басын төрге шығарып, ұрпақ сүйгізіп, ана атандырсам, ол менің намыссыздығым емес, үлкен Азаматтығым болмай ма?! Сол бір адасып, тұғырыққа тірелген жанды түзу жолға салып, бақытты етсем – бұл менің өмірдегі ең жарқын, қайырымдылық пен адами тұрғыдағы  үлкен адамгершілік ісім болмас па?!

Ия, талай ел саусағын шошайтып маған күлер, достар мүсіркер, дұшпандар сөз етіп табалар. Мейлі, кімнің аузына қақпақ қоярсың, айтар – айтар да қояр. Тек Жәрия сенімімді ақтап, адал жар бола білсе – менің адамгершілік миссиямның орындалғаны!»

       Осы ойға берік тоқталған Сәмет Жәрияға үйленді!

       Аузынан түсіп қалғандай өзінен аумайтын қыз бала аман – есен дүниеге келіп, есімін алғашқы сәтсіз махаббаты– Ризаның құрметіне «Риза» деп қойды.

       ...Сәмет «Екінші дүниежүзілік соғыс» деген сұрапылдан соң туып, әкесіздіктің, жоқшылық пен тапшылықтың рухани жан күйзелісін молынан тартқан ұрпақтың өкілі ғой. Ойын баласы емес пе, көршілердің, немесе ауылдағы әкесі біргәдір, есепші сияқты шолақ бастықтардың балаларымен ерегесіп, төбелесіп қалатын кездер жиі болып тұратын.

Өзінің бойы аласа, тыриған арық, сондықтан әлсіздеу еді. Бірақ, әлі жетпей, таяқ жеуге айналса, ызақорланып, қолына не түссе, сонымен аямай салып қалатын намысқой, біреудің қиянатын кешіре алмайтын кекшіл болып өсті. «Біреу тисе қалса» деген есеппен, соғыста болып келген нағашысының «солдатский» белдігін кәстөмнің, жаз айларында көйлектің ішінен тағып алатын. Сол мінезін білетін анасы Ғазиза: «ойбай, тыныш жүр, сотталып кетесің. Байқұс – ау, сені арашалап алып қалатын әкең де жоқ» деп, санасына сақтықты жиі құйып отыратын. Анасының сол ескерту сөзінен жасқанып, талайларға есесін де жіберген еді.

 Әскерде жүргенінде спортпен үзбей айналысып шынығып, бокс өнерін бір кісідей үйреніп келген соң, бұрындар есесі кеткен біраз балалардан кегін алып, жаны жәй тапқан болатын...

       Бірақ, «жазмыштан озмыш жоқ» деген рас екен. Анасы жиі айтатын «сотталу» атты пәледен қанша сақтанып жүрсе де, бәрібір қашып құтыла алмады.

       ...Әскерден келген соң аудандық қаржы бөлімінің «госстрах» бөлімшесінде инспектор болып қызмет істеп жүрген кез. Жаздың жалын сынды ыстығын аямай шашып тұрған шілде айының бір күнінде аудан орталығынан ауылына жету үшін автовокзалдың жанында автобус тосып тұрған.

       Өзі құралпас үш жігіт, қиралаңдаған удай мас болмаса да, ішіп алғандары білініп тұр, Сәметтің жанына таяп келді. Ішіндегі сорайған ұзын бойлысы қарсы алдына тақала тоқтады:

- Ей, братан,темекің  бар ма?

– Жоқ, темекі шекпеуші едім.

       - Не, сен молдасың ба, әлде қызсың ба?

       -Бауырым, ілік іздемей, өз жөніңе жүрсеңші. Мен саған кедергі жасап тұрған жоқпын. – Сәмет әлігілердің төбелес шығармақ ойын сезіп, қорғануға іштей әзір болып тұр.

            - Қараңдар, мына духтың маған кедергі жасауға қауқары жетеді екен – деген ұзынтұра оның бет тұсына оң қолын сермеп кеп қалды. Сәмет бұғып үлгеріп, еңкейген күйі бүйір тұсынан сол қолымен осып жіберді. «Ыңқ» етіп бүгіле берген оны іле-шала оң қолмен жағынан оңдырмай ұрды. Ұзын бойлы адамның құлағаны да ебдейсіз екен, теңселіп барып кескен теректей сұлап түсті.

Бұлайша соғу бала кезде бөлесінен үйренген, әскерде бокспен айналысып жүргенде жетілдіре түсіп, әбден төселіп алған сенімді тәсілі еді.

        Өздері үшеу болғандықтан, ондай қарсылықты күтпесе керек, қасындағы достары бір сәтке аңтарылып тұрып қалды да, екеуі екі жағынан Сәметке жақындай берді. Сол арада жығылып жатқаны да түрегелді. Жасқаншақтай басқан ол, жаңағы алған соққыдан беті қайтып қалса керек, өзі шабуылдауға батылы жетпей, жанындағы жандайшаптарына:

     - Ей, текешіктер, не қып сүмірейіп тұрсыңдар? Қане, мына духқа біздің кім екенімізді көрсетіңдер! – деп ақырып жіберді.

     - Әкеңнің... Екеудің толықша келгені әріректе жатқан жұдырықтай тасты жерден көтеріп алып, төрт – бес қадам жерден құлаштай сілтеп қалды.

Бұл тастың бағытын аңғарып үлгеріп, сол жағына қарай бұғып үлгерді. Тигенде қалпақтай ұшырып түсіретіндей қатты ағынмен атылған тас оң жақ құлақ тұсынан «зу» етіп өте шықты. Сәмет шалт қимылмен атылып барып тас иесін иек астынан баспен қақырата періп жіберді! Ол теңселуге де шамасы келмей, шалқасынан құлап түсті.

         Ойдан жүйрік нәрсе бар ма: «Жеделдете, естерін жидырмай шабуылдамасам, ана екеуіне мынау қосылып, өз жағдайымды қиындатып алармын!»

            Осы ой миында найзағайдай жарқ етіп, үшіншісіне тарпа бас сала шабуылдауды ойлап үлгергені сол еді, арт жағынан «баж» етіп жан ұшырған ащы дауыс естілді. Жалт қарағанда көргені: өзі алғаш ұрып сұлатқан ұзынтұра басын ұстаған күйі жерде ойбай салып домалап жатыр. Оның тап жанында жаңағы бұған сілтенген жұдырықтай қара тас. Сөйтсе, бұл жалтарып кеткендегі жанынан зуылдай аққан тас арт жағындағы ұзынтұраның басына тиіп, қалпақтай ұшырыпты. Ойға алған үшінші қарсыласына жұдырық сілтеп үлгерген жоқ, бағанадан «бесплатный» гладиатор ойынын көріп, жаппай қызықтап тұрған жұртшылықтың арасынан:

       - Милиция!

       - Милиция келе жатыр! – деген дауыстар естіліп, артынша үш бірдей сарбаз жетіп келді.

       Ой дегенің оқтан жүйрік – қой: «ойпырым–ай, вокзал маңы толған әйелдерді айтпай – ақ қояйын, еркектердің үлкен – кішісі бар, бір де біреуі әлігі бұзақыларға: «Әй, қойсаңдаршы. Өз жөнімен жүрген адамда не ақыларың кетті» деп айтуға жарамағандары мұны таң қалдырып, жағасын ұстатты. «Менің орнымда сол қызықтап тұрған адамдардың біреуі, немесе олардың аға, не інісі болуы әбден мүмкін-ғой. Сондай жағдай бола қалса да араша түспей, тап осылай тамашалап тұрар ма еді, қайтер еді...?!» деген ой санасында найзағайдай жарқ етті.

       Келіп жеткен милиция ана үш бұзақыға қоса Сәметті де ішкі істер бөліміне апарды. Бәрінен жауап алып, хаттамаларын да толтырып, «ауданнан алыс кетпеңдер, керек болған кезде шақыртамыз» деп, босатып жіберді.

      Босатқанын  қайтейін, өң түгіл, түске де кірмейтін «қызық» үш күннен кейін басталды...

        Түскі асқа кетуге аз қалған уақыт еді, Сәметтің қызмет орнына милиция формасындағы сержант пен аға лейтенант сау етіп кіріп келді. Мұның фамилиясы мен атын сұрады да, жауабын ести сала, «сіз тұтқындалдыңыз!» деп, қолдарын артқа қайырып кісен салды!

       ...Бұзақылармен  арада болған  жанжалды ертеңінде жұмысқа келгенде айтып беріп, басшылар ол жағдайдан толық  хабардар еді. Олардың көздері бақырайып, не айтарын білмей сілейді де қалды. «Госстрахтың» бастығы Маркин Иван Федорович:

–Не үшін тұтқынға аласыздар? Оның ешқандай

кінәсі жоқ – қой! – дегеніне пысқырған да жоқ, «сот ақ – қарасын айырады» - деп, алдыларына салып айдады да кетті.

       ...Мұнымен шатақтасып, таяқ жеген, бірақ өз жемтіктесінің атқан тасынан дене жарақатын алған «главарь» аудандық мал дайындау мекемесі бастығының баласы болып шықты. «Күштінің к...і диірмен тартады»-демекші, бұзақыны «арақ ішпеген», аузына ішімдік атаулыны татып алмайтын Сәметті «орта дәрежедегі мас» деген анықтаманы тиісті кеңселерден әкесі алып берген екен. «Өздігінен әңгімелесіп, жайбарақат тұрған» үш азаматты қорлап, балағаттауының соңы төбелеске ұласып, әлігі «арты күштінің» баласын Сәметтің «бұзақылықпен ұрып жыққанын, артынша жұдырықтай таспен жақ сүйегін сындырғанын»  әлігі үшеуінен басқа да «көрген» куәлар табыла кетіпті...

Тергеуді ұзақ созбақтататын несі бар, бәрі алақандағыдай айқын нәрсе емес пе, «қылмыс дер кезінде ашылып», айналасы бір айдың ішінде тергеу аяқталып, сот болды. «Заңдылықтың сақталуын қатаң қадағалаушы» тұлға прокурордың таққан айыптау қортындысын, ақ – қарасын таразылап, әділ шешімін шығараушы би (судья) қолдап, «қоғамдық орында мас күйінде бұзақылық әрекетпен жазықсыз адамның денесіне «ауыр жарақат салған» айыбы толықтай «дәлелденді». Сот аяқталып, «әділ би» Сәметтің мойнына үш жыл мерзімге бостандықтан айыру жазасын іліп, жазасын күшейтілген (усиленный) режимдегі колонияда өтеуге Үкімін сол мезетте қолма – қол шығарып берді. Соттың оған кесетін жазасының алдын-ала келісіліп, жазылып қойылғаны Үкімнің сол мезетте дайын тұрғандығынан белгілі болып қалды. Адвокат жалдап жазған касациялық шағымын жоғарғы истанцияға жібергенімен, «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген тәмсілдің дәлеліндей, ол далбасадан түк те шықпады.

Үкім бекігенше Алматының тергеу изоляторында екі айдай жатып, Жоғарғы соттан: «...аудандық соттың  Үкімін  бұзуға негіз жоқ» деген жауап келді (шығарылған Үкім «әділ» болғандықтан).

          ...«Тек Жәрия сенімімді ақтаса...» деген күмәнді ойды құдіреті күшті  Жаратушы Сәметтің басына бекер салмаған екен. «Адал жарың болып, бетіңе жел боп тимеймін» деп ант берген Жәрия Алланың жіберген алғашқы сынағынан – ақ сыр берді. Жанұя құрып бірге тұрып жатқандарына алты ай уақыт өткенде, әлігінде айтып өткен «жақ сындыру» оқиғасы орын алып, ауданның абақтысына қамалды. Құдай қосқан «адал жары» емес пе, күн құрғатпай абақтыдағы тамақ әкеліп, «мойыма, ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді» деп, сабырлыққа шақыра қайрап, «морально» қолдап жүрді.

      Қалай «қолдағаны» сот өтіп, Сәметті этаппен Алматыға жөнелткеннен кейін мәлім болды...

       Онымен бірге тұрып жатқан кезде  анасы Ғазиза: «әй балам, мынауың дос, жолдастарың келсе, солардың көзіне көзін қадай сұқтанып, ауыздарына кіріп кетердей итініп отырады. Сен аңқау оны байқамайсың да. Осының сықпыты жаман. Әйтеуір, түбін қайырлы қылсын, байқашы» деп сақтандырғаны бар. Ант беріп, анандай жағдайда қосылған жарын жаман ойға қимай, анасының ол сөзін баласы «орынсыз секем» санап, жақтырмай қалған еді.

        Көзбен ғана емес, жүрекпен сезетін көпті көрген ана емес пе, сол секемі бекер болмапты. «Сүйікті жарына» қолдау болып, аудандағы абақтыға тамақ әкеліп жүрген Жәрия милиция қызметкеріне де «қолдау» көрсетіп жүріпті. Кімге дейсіз ғой. Сәметтің өзімен ес білгеннен бірге жүріп, бірге тұрған көршісі, бір жапырақ жүгері нанын бөлісіп жеген, сірке басып, оған себілген дус исі мүңкіген көйлектерін кезек киіп  өскен милициядағы Ораз атты сыныптас «досына». Ал ендеше! Екеуінің ол «тірліктерін» бәрі біледі екен де, Сәмет қана сезбеген. Ол біліп қалса, «абақтыдан қашып шығып, екеуін жамсатып масқара болар» деген оймен ешкім бұған білдірмепті. Жанына әсіре қатты батқаны, Махамбет батырдың: «Ежелгі дұшпан ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп жырлағанындай, ежелден жәләптікті кәсіп еткен Жәрияның опасыздығы емес. Балалық кезден «жанымыз бір» деп, құшақтасып бірге өскен Ораздың сол достықты Жәрия-жәләптің лас құшағынан алар бір сәттік ләззатқа айырбастаған сатқындығы. «Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» дегеннің кері келген Жәрия екеуінің жолы, әрине, екі тармаққа бөлінген өзендей, екі айырылып тынды...

      «Иттің басын алтын табаққа салсаң – шоршып түсер» демекші, Сәметтің: «адасқан жанды тура жолға салып, бақытты ету» «наивний» ісі осындай түңіліспен аяқталған еді...

       ...Тергеу изоляторында өзінше бір өмір, өзінше бір тіршілік. Күніне екі рет, «шиқ» етіп ыңырси ашылғанда жүйкеге тиетін темір тор мен есіктерін салдыр – гүлдір еткізіп, «қыдыртуға» шығарғаннан басқа «қызығы» жоқ өмірлерін бір сәтке болса да жеңілдетіп, сергіп алу үшін зектердің ойлап таппайтыны мен жасамайтын хикаялары жоқ екен...

       Камераға есіктен жаңа тұрғын кіре салысымен:

- Қай статья? Қандай мерзім?-деген сұрақ қойылады.

            - Пәлен статья, түгенше жыл... – жауабы естілген соң:

- Пәлі, сол да сөз бе екен? Парашада отырып – ақ жазаңды өтеп шығуға болады! Қайта ертерек отырғызғаны өте дұрыс болған. Неғұрлым ерте отырғызса - сол құрлы ерте босап шығасың – деген «жұбату»  сөздер айтылады.

       Бір күні камераға Өскемен жақтан бір жас жігіт келіп түсті. Өзінің негізі жасық па, әлде таяқ көп жегендіктен зәрезап болып, әбден қорқып қалған ба, жалтақтап, әркімнің бетіне тура қарай алмай, жанарын төмен сала беретін бұл бейшараның аты, затына кереғар – Берік екен.

      Тиесілі сұрақ – жауаптар айтылған соң,  камерадағы бұрын үш рет отырып шыққан, «төртінші ходкадағы» төртбақ келген, қыли көзді, түсі суық, «косой» кличкалы қазақ жігіті:

      - Келгенің жақсы болды. Талайдан бері «свежий» қан ішпей, кенезем кеуіп жүр еді – деп, жатқан нарынан атып тұрды.

        - Леха, тезірек қанын ішуіме дайында мына кешаны, шыдай алар емеспін! – деген «косойдың» зілді сөзінен кейін әлігі байқұста тіпті жан қалмады.

     - Ой, мен қорқам. Бұрын қан беріп көрген емеспін...- деп, жыламсыраған Беріктің  көздерін, түсінің суықтығы «косойдан» да асып түсетін еңгезердей Леха қара қожалақ шүперекпен таңып тастады:

     - Қане, үніңді шығарушы болма! Әйтпесе, «косойдан» кейін мен де ішем қаныңды...

       Бұрын мұндайды көрмеген Сәмет «шынымен қанын іше ме?» деп ана байғұсқа іштей аяушылық білдіріп, жаны ашып тұр.   

      Леха Берікті төменгі қабаттағы нарға жатқызды да, екі қолын нардың екі жағына мықтап байлап тастады.

     - «Малый», өткір кездікті әкел!

       Аласа бойлы, «қылмыскер» деуге қимайтындай он сегіз, он тоғыз жасар шамасындағы жылпос қара бала көзі таңылған Беріктің оң жақ қолының тұсына, бетон еденге қаңылтыр тәлеңкені «тарс» еткізіп қойды. Қолына қалайы қасықты алған ол соның сабымен білектегі күре тамырдың үстінен қатты батыра, кескенге ұқсатып  сызып жіберді.

      Камера тұрғындарының бәрі жым – жырт үнсіз қалып, айналада өлі тыныштық орнап үлгерген ...

        Сол арада оң аяғын сылтып басатын, соған орай «хромой» кличкалы Алик атты орыс жігіті темір шәйнекке дайындап қойған суын жаңағы тәліңкеге сыздықтата құя бастады. Сылдыр – сылдыр етіп аққан судың даусы Алик бар болғыры шәйнекті жоғарырақ көтере түсіп құйған сайын, тып – тын камерадағы сырылдаған су даусы қатая түсті. Беріктің нардағы басы екі жаққа кезек қалтақтап:

  • Болды, болды! Қаным азайып, басым айналып барады! – деп, ышқына, еңкілдей жылаған байқұстың сөзіне «косойдың»:
  • Бұл қанға мен қанбай қаламын. Тағы жарты литр ағызамыз – деуі мұң екен, «қан беруші» есінен танып, мойыны ұстай алмаған басы сол жақ иығына қарай сылқ ете түсті.

      -  Жарайды, «қан алу» қызығынан мына сорлы шынымен өліп кетіп, пәлесіне қалармыз, тезірек бетіне су бүрік! – деген оның сөзінен кейін, «Малый» көздегі шүперекті сыпырып, бетіне «суф» деп ауыз толы суды бүркіп жіберді.

        - Мен тірімін бе...? – Есін жиған Берік өлеусіреген дауыспен сыбырлап, аларып кеткен көздерін сығырайта ашқанда, кездікті де, қанның ізін де көрмеді. Камерада отырғандардың «ду» етіп, құлақ жарғандай қатты шыққан күлкісінен, камераның кір басқан қабырғалары діріл қағып, қақырап кеткендей болды... Міне, «мысыққа ойын, тышқанға өлім керек» дегендей, осы сияқты қызықтар камерада жиі болып тұрады. Бір айта кетерлгі, өзін – өзі қорғай алатын, намысын таптатпайтын жігіттерге ондай «спектакль» жасалмайды екен.

     ...Сүйтіп, Сәмет әсем Алматының күшейтілген режимдегі 14 –ші «әсем» колониясында жазықсыз жазасын өтеуге кірісті...

      ... Шіркін, бостандықтың қадірін жайшылықта біле бермейді екенбіз. Денсаулығың қандай байлық болса, бас бостандығың содан бір де кем емес байлық екен – ғой!

Колонияны зектер қысқаша «зона» деп атайды. Зонаның өндіріс аймағында екі ауысыммен, кәдімгі өзіміз күнде көріп жүрген шифонер, триляж, тумбочка, диван сияқты  жиһаздар шығарумен айналысты.

Әр бригаданың күндікте орындауға  тиісті нормасы бар, соны өл – тіріл, орындауға тиіссің! Бұл «курорттың» берер тамағы белгілі – ғой. Жақсы қожайынның иттері бұлар ішкен «баланданы» бір иіскеген соң ішпей, теріс айналып кетері анық! Аптасына екі рет балықтың сорпасын (ухасын) беретін күндері асхананың стол басы тұрғындарға толы болады. Басқа уақытта адам аз. Әсіресе, бұрыннан отырған тұрғындар уха болмаған күні жанындағылардан өзіне тиесілі нанын алғызады да, тамақ ішуге бармайды.

      Зектердің екі, не үш адамнан «семейка» болып тіршілік ететін тәртібі бар. «Семейка» дегенде басқаша жаман ой туындап қалмасын, тамақтары, сырттан келетін «передача» сияқты ішіп – жемдері, іштегі сырлары ортақ олар кино болған күндері  әңгімелесіп бірге барады, кешке бірге қыдырады.

      «Жең ұшынан жалғасу» деген қазіргі кезде өркендеп тұрған «дерт» онда да бар. Сырттан жасырын ақша кіргізіп, ішкі тәртіпті бақылайтын «дубак» - бақылаушылар арқылы екі есе бағасына  арақ алғызып ішу дәстүрі дәуірлеп тұр екен. Тек бұрыннан отырған сенімді адамдар ғана «дубактармен» келісіп, арақ алғызу мүмкіндігі бар. Әркімге сене бермейтін оларың «екі қарап, бір шоқитын сауысқанша» өте сақтықпен қимылдайды.

        Сәмет «семейкадағы» екі досымен «запретный плод слаще» деп орекеңдер айтпақшы, қаңылтыр банкіге жиһазға арналған лакты құйып, оған тұз салып жиі араластыра отырып, тұнған соң арақ орнына ішіп те көрді. Тек, ішкеннен кейін бір аптадай жүрек айнытар дәмі кекірген сайын аузыңнан кетпей, дәретханаға барып отырғаныңда да лактың исі лоқсытып – лоқсытып, құсқыза жаздайтыны  жаман. Бір рет ішкеннен кейін ол құрығырды аузына алмай қойған болатын.

      Қазір ойлайды: « ит екеш ит те ұрттамайтын  атың өшкір сол жынды суды  ішпесек те өлмес едік – қой! «Дубактарға» ұсталып қалсақ  ШИЗО – ға бірнеше тәулікке қамалып, сорымыз қайнар еді...»

    Аптаның жексенбі күні – асыға, зарыға күтетін демалыс. Жаз айында зектер зонаның шет жағына орналасқан екі қабатты моншаның жайдақ төбесіне шығып, денелерін сулап күнге қыздырынады.Төбеде жүрген оларға тікенек сыммен қоршалған дуалдың үстінен Алматы тұрғындарының жүрген-тұрғаны, үздіксіз ағылған машиналары алақандағыдай көрініп тұрады. Жетекке алған баласымен әлденені қызу талқылап, сықылықтай күлісе әңгімелесіп бара жатқан ата – аналарды, қысқасы көз алдыдағы қаланың қарбалас тіршілігін көріп, ішің қазандай қайнайды – ау, шіркін!

«Әттең, қанаты бар құс болсам, алысқа ұзамай-ақ, қала үстінен біраз самғап, шарлай ұшып, бостандық өмірдің дәмін бір сәтке болса да татып, қайта оралар едім» деген ойдың өзінен жүрегің дүрсілдей жиі-жиі соғып, көңіліңді ауыр мұңның тұманы басып кеткенін сезбей қалады екенсің...

      Түрмеде отырып шыққан кейбір бөспелердің: «мен зонада корольша өмір сүрдім» деп, мақтана сандырақтайтынын қайтерсің. Атасының басы! Бас бостандығыңнан асқан байлық жоқ екендігін тікенек темір сымның ар жағында зарығып, түрменің быламық – ботқасының тұщы дәмін татқанның бәрі бес саусағындай біледі. Біле тұра жаңағыдай өтірік сандалма сөзді мақтаныш үшін айтады...

      Қазақ аталарымыздың: «Құдай айдаса бармассың, дәм айдаса қалмассың» деген өмір тәжрибесінен алған тәмсілінде айтылғандай, Сәмет осылай, ойламаған жерден, еш жазықсыз түрме дәмін де татқан еді.     

     ... «Тек жүрсең – тоқ жүрерсің» демекші, зонаның қатаң тәртібіне бағынып, жұмысын жақсы істегенінің арқасында, бір жылдан соң, зектер тілімен айтқанда «химияға» шығатын болды. Дәлірегі: сотталған бабы (статьясы) «химияға» шығаруға сәйкес келіп, зона басшылығының берген жағымды мінездемесі мен «ходатайствосы»  сотқа жіберілді. Прокурордың, адвокаттың қатысуымен сот процесі өтіп, судьяның: «Өтелмеген жазасының қалған мерзімін халық шаруашылығы құрылысында жұмыс жасауға босатылсын» деген Үкімі шықты. 14 – колониядан сондай Үкім бойынша босатылған 324 сотталушы шілденің шіліңгір ыстығында этаппен Атырау қаласына жөнелтілді.

       «Этап» дегеннің өзі бір қиямет қайым. Ми айналдырар ыстықта поездың зектерге арналған вагонына бөшкеге нығыздала салынған «селедка» балықтай тиеп тастайды. Тамақты былай қой, су ішу, дәретханаға бару дегенің қиынның қиыны. Дәрет қысып сұрансаң:  «шыда, сен курортта жүрген жоқсың!» деп, зірк-зірк еткен жауап естисің. Шыдамай, тағы да қайталай сұрансаң, екі-үш «дубак» қолыңа кісен салып, басқа вагонға апарады да, енді сұранбастай етіп төмпештеп жібереді. Мұндай «тәрбиелеу» шарасынан өткен жан екінші қайтара дәретханаға сұрануға зауқы да соқпас...

         Зіркілдеп адамды қорлау, ауыз ашар болсаң балағаттап, тепкілеп тастау оларға түк те емес. Мұндай заңсыздық овчарка иттері арпылдап, босатса жеп қоярдай жұлқынатын этаппен айдау кезінде ғана емес, тергеу изоляторындағы, түрме мен зонадағы қалыпты жағдай. Құдай қайтара басқа салмасын, дос түгіл дұшпаныңа да тілемейтін қиямет. Сен бірнеше рет сотталған «Құдай атқан» рецидивист бол, немесе шалт басып, қателесіп түскен жөні түзік адам бол, олар үшін бір-ақ өлшем – сен зексің. Болды, бітті! Әсіресе, басқасы басқа, сені адам құрлы көрмей, моральдық тұрғыда қорлауы – жаныңды жаралап, жүрегіңді жарылғалы тұрған шиқандай сыздататып жібереді екен...

       Осы жерде «дәм айдаса қалмассың» деген қазақтың даналығын тағы да ауызға алудың реті келіп тұр. Сәмет әскерде Каспий теңізінің арғы жағасындағы туысқан әзербайжан елінде Отан алдындағы борышын атқарып, теңіз балығын жеп, сорпасын ішкен жан еді. Міне, енді тағы да сол кәрі Каспидің, бірақ бергі жағалауындағы Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласында теңіз балығының дәмін тату бұйырыпты.

        Этаппен итшілеп жете салысымен, «сатып алушылар» да даяр тұр екен, топ-топпен «Водстрой», «Сельстрой» трестеріне қарасты ПМК, СМУ – лардың өкілдері тізімдеп, бөліп – бөліп әкетті. Сәмет «Водстройдың»  ПМК – 17 кәсіпорнына түсті...

      Шіркін, бостандық – ай! Елден, жерден жырақ жүріп, туған – туыс, дос – жарандарды сағынсаң да, «вольное поселение» аталатын бостандықта ел қатарлы еңбек етіп, тиесілі жалақыңды аласың. Жұмыстан соң киноға барып демаласың ба, спортпен шұғылданасың ба, достарыңа барып қыдырасың ба – бәрі өз еркіңдегі тіршілік қандай рахат, қандай ғанибет! Сені адам орнына санамай зіркілдеп, қоқаңдайтын «дубактар», «строиться на проверку!» деп, жиі жүйкеңе тиетін саңқылдаған бұйрық, сені жеп қоярдай жұлқына арсылдайтын тістері ақсиған овчарка иттер жоқ. Тек жұмысыңды дұрыс істеп, айына бір рет «спец комендатура» атты мекемеге ат басын бұрып, «мен бармын» деп белгіленіп отырсаң болғаны.

       ...Ойпырым – ай, «абақты, түрме, зона» дейтін құрығырларың өртейтін оты жоқ демесең, нағыз тамұқтың өзі – ғой! Әбден зәрезап болатындығың соншалықты, сонда бастан кешкендерің бостандық өмірде жиі түсіңе кіреді. Сені милиция, «дубактар» қуып, қай тесікке кіреріңді білмей, қашып жүресің. Немесе, түсіңде түрмеге қайта түсіп, темір тордың ар жағында отырғаныңды көріп: Аллам – ау, тағы да қиямет өмірдің басталғаны ма? Бұдан  құтылып шығар күн туар ма...? – деген қорқыныштан қара терге түсе малшынып, шошып оянғаныңда: «е, түсім екен-ғой» деп қатты қуанып, тәубаңа келеді екенсің.

       Ия, құдыреті күшті Құдайым «бостандық» атты алтынға да айырбастауға болмайтын басты байлығыңнан ешқашан айыра көрмесін...!

       ...Ғазизаның қолына «Қамет екеуіңіз тез жетіңіздер!» деген шұғыл телеграмма тиісімен, ананың ойы онға, санасы сан-саққа жүгіріп, ұшарға тек қанаты болмады.Түскі асқа келген баласына:

       -Бастықтарыңнан сұранасың  ба, қайтесің? Әлігі дойыр күйеу қарындасыңды жазым етіп,жарақаттап қоймаса жақсы болды...-деп, жыламсырай жеткізген.

        - Құдай сақтасын. Ондай жаман ой ойлама. Баяғы үйреншікті әдеттерімен тағы жанжалдасып қалған шығар... – Өзінің де көңіліне күдік аралас қорқыныш кіргенімен, анасын аз да болса тыныштандыру үшін осылай жақаурата сөйледі.

       -Киініп, даяр отырыңыз. Мен түстен кейін басшылардан сұранып келейін.

        ... Жүрегі алабұртып, өзін қоярға жер таппаған ана «Аллам-ау, әйтеуір аман болса екен. Қаншама сөз естіп, таяқ жесе де, бізге білдіргісі келмей, жасырып жүретін қызынан бұрындар мұндай хабар алып көрмегендіктен, жүрегі лоблып, қатты қобалжыды.

        ... Ана мен бала қызының үйіне кешкі апақ-сапақ уақытта жетті. Машинадан асыға түскенде көргендері:  есігіне қолақпандай қара құлып салынған үй жабық тұр екен. Қорқынышы бұрынғыдан да қоюланып, жүрегі аузына тығылған Ғазиза тезірек баяғыда «құдағи-ау, қызыңызды біздің мына доңызға құлдыққа бергенсіз бе?» деп, жанашырлық танытқан көршінің үйіне аптыға кірді.

       -Құдағи, есенсіздер ме? Венерамның өзі аман-сау ма, әйтеуір...

      -Сабыр етіңіз, құдағи. Қазір бәрі жақсы, әлігі тасжүрек тағы арақ ішіп, таяққа жығып тастаған. Аудандық ауруханада он бес күн жатып, кеше ғана шықты. Дәрігерлер  «миы шайқалған, бүйрегіне зақым келіп, екі қабырғасы майысқан» деген диагноз қойыпты.

        - Аяушылықтан жұрдай жолың ғана болмағыр доңыз-ай! Қызым қазір қайда өзі?

         - Қалпыңа келіп, сауыққанша біраз демалсаңшы-дегеніме қарамай, таңертең жұмысына кірісіп кеткен. Дүкенінде, қазір келіп те қалар.

         -Қой, мен барып, қызымды өз көзіммен көрмейінше жүрегім өрекпіп, тыныштала алар емеспін...– деп, үйден шығуға бет алған оны көршінің:

        -Құдағи, сіз дүкеніне барсаңыз ол жылап көрісіп, елден ұят болар. Алаң болмаңыз, қызыңыз аман – сау. Одан да қазір мен Венераға бала жүгіртіп жіберейін. Құлыптың кілтін маған қалдырып кеткен – деген көрші сыртқа беттеп, үйдің есігін ашып берді. – Жолдан шашап келген сіздер шешініп, жайланып отыра беріңіздер, мен шай қойып жіберейін.

        ...Үйіне келіп анасы мен ағасын көрген Венера есіктен кірген бойда дауыс шығара жылап жіберді. Екеуін кезек мойындарынан құшақтаған күйі өкси- өкси еңіреп, сабасына түсе алар емес.

        -Жаратқан ием-ау, жетім-жесірлік көріп, тарығып өскендері аздай, мынандай жүрегі тастай қайырымсыз хайуанға қосып жылатуыңды-ай! Алғаш көргеннен – ақ, сығырайған көздерінен мейірім шапағаты сезілмей, сыздап отыруынан секем алып едім, қайтейін, қайтейін... – Анасы қызына қосыла жылап, өзін тоқтата алар емес.

       -Жә, осы төккен көз жастарың жетер. Тастемір келген соң ақ-қарасын айырып, бір жағына шығарамыз-деген Қаметтің сөзінен кейін ғана қос мұңлық жылауын қойды. Үйге кірген көршінің:

       -Ал, құда-құдағи, жолдан әбден шаршаған шығарсыздар. Жүріңіздер, шай дайын-деген сөзінен кейін аналы-балалылар қарсы беттегі үйге бет алды.

          Шай үстіндегі әңгіме «әркім өз басындағы ауруын айтады» демекші, Венераның көріп жүрген қорлық-зорлығы жайында болды.

  • Келген сайын беті жараланып, не көзі көгеріп

тұрғанын көріп, «не, тағы таяққа жыққан ба?» деп сұрағанымда:

         -Жоқ, отын жарып жатып ағаш тиіп кетті-деуші едің. «Әр келген сайын таусылмайтын бұл не деген жарақат» деп, көңіліме секем алсам да, өзің ашылып айтпағаннан кейін әрі қарай сөз қозғамаушы едім,енді қайтейін-деген анасының сөзін Венера бөліп жіберді.

        - Басқы кезде екінші баласын туып берсем, жыны басылар деп, бәрін жасырып жүргенім рас. Оның үстіне, біржола айырылысып кетпеген соң, оны сіздерге жеккөрінішті қылмайын деп, өтірік айтуға тура келді. Екі тұрмақ, міне, Жаратқан иемнің сыйлаған үш бірдей ұлын туып беріп, бетіне тік қарамасам да жақпай-ақ қойдым. Екі күннің бірінде таяқ жегізіп, мені ел бетіне қарағысыз етіп отырған байы құрысын. Сіздермен бірге кетемін...

       -Кешке жұмыстан Теміртас келсін, не себеппен осындай басынғандық жасап, қорлап жүргенін өз аузымен айтсын-деген ағасының уәжінен кейін, бұл жайындағы әңгіме сонымен доғарылды.

        ...Қызметінен, әдеттегідей, «ақаңа» бөгіп қызу келген Теміртас үйде отырған енесі мен қайынағасын көре сала жынын шақырған бақсыдай:

        -Не, мені шауып алып, ауылдан көшіріп жіберуге келдіңдер ме? Қолдарыңнан келгенін істеп бағыңдар-деп, бұларға сүзеген бұқаша көзін алартып, ежірейе қарап тұр.

         -Ей, ешкім сені шауып та, жаулап та алуға келген жоқ. Менің қарындасымның іздеуі, сұрауы жоқ деп пе едің? Таяқтан көзін ашырмай, қорлайтындай  қандай кінәсі, не жазығы бар, соны айтшы өзің? – Қамет қанша ашу қысып тұрса да, өзін әрең-әрең сабырмен ұстап, күйеубаласының уәжін тыңдамаққа бекінген.

       -Мен ешкімнің алдында есеп беріп көргенім жоқ, бермеймін де...- деген Теміртас есікті «тарс» еткізіп лақтыра  жауып, үйден жын қаққандай жұлқына шығып кетті. Сол күні отауына қонуға да келмеді...

         Ертесіне қызының төсек-орнын тиеп, машина кабинасына жайғасып отыра берген Ғазиза:

  • Қамет, сен Мәкет немереммен жайлап жүре бер.

Венера екеуіміз екі баламен жеңіл машина жалдап, соңыңнан еріп отырамыз. Әйтпесе, бұларды аңдыған әлігі малғұн ұстап алып, жазым етуден тайынбайды-деген ана машинадан асығыс түсе берді...       

        ...Сүйеу мен Қалишаның техникумда оқып жүрген ұлы Сәкен қара шаңыраққа сағына, аңқылдай кіріп келгенде, мас әкесі алдынан, әдеттегідей бұлғақтай, тілі күрмеле қарсы алды:

        -Әй, оқымысты, облыстағы рестәрәныңнан маған базарлыққа ең болмаса бір жарты арақ әкелдің бе?

        -Ой, әке-ай. Бұл атың өшкір қу арақтан аузыңыз құрғамай, өмірден өтетін болдыңыз-ау. Бір ғұмырға жетіп-артылатындай армансыз іштіңіз-ғой, енді қойсаңызшы сол ит те ішпейтін құрығырды...

          -Шешең мені тәрбиелеп, үйретіп болып, енді сен қалдың ба, күшік-деп, баласына тап берген Сүйеу мен баласының арасына қаланған қабырға сияқты қасқая тұра қалған Қалиша:

          -Үй, сүмелек сорлы! Саған сөз де, тәрбие де жүруші ме еді? Қане, алқаш, қайт кейін!-деген Қалишаның өктем үнінен жүні жығылып қалған

 Сүйеу түсініксіз бірдеңелерді міңгірлей айтқан күйі ауладан шығып кетті.

        Техникумында оқи жүріп, кешкісін ресторанда даяшы болып қызмет істеп, әр ай сайын қаза қылдырмай, анасына поштамен ақша жіберіп отырған баласының тіршілігіне қуанып, «тәуба» айтудың орнына, «арақ» деп, кезенесі кепкен әкенің түрі осы...

          Әйел затының пешенесіне жазылып қойғандай, Қалиша күндізгі өмірі таусылып бітпейтін ұсақ-түйек үй шаруасынан шаршап, тұяқ серіппей қатты ұйықтап кеткен. Қай уақыт екені белгісіз, әйтеуір оқыс, қатты шыққан дауыстан шошып оянып, ұйқылы-ояу көзін ашқанда, көрген сұмдығынан талып түсе жаздады:     Кешінде өз қолымен жұмсақтап, жәйлі етіп  салып берген төсегінің үстінде Сәкені қызыл қанға боялып, қимылсыз сұлқ түсіп жатыр. Жанында меңірейіп, үн-түнсіз сілейіп тұрған күйеуі. Қолында қан-қан балта.

        -Ойбай, ойбай! Баламның түбіне жетті мына сұмырай алқаш! – Атылып барып, қолындағы балтаны жұлып алған ол шүйде жағымен күйеуін желке тұстан қойып қалғанын өзі де сезбей қалды. Құлауға шақ қалып, тәнтіректей, екі жаққа теңселе басып үйден шығып бара жатқан Сүйеуде шаруасы қайдан болсын, тезірек ұлының жанына ұшып барды. Есі кіресілі-шығасылы күйде Сәкенінің басын сипалай берді.

         -Құлыным-ау, не істеген саған мына малғұн... Не істеген...

         У-шудан шошып оянған екінші ұлының:

          -Апа, көрші ағадан «Скорый» шақыртайын ба?-дегенде барып, есін сәл жиғандай болды.

         -Шақырт, ойбай! Тез барып шақырт!...

         Әбүйір болғанда, дәрігерлер тез жетіп келді.  Жедел көмектерін жасап, уколдарын салған соң ұлының көзін сығырайта ашып, су сұрағанында:

        -Жаным-ау, тірі екенсің. Тәуба, Құдайым бір сақтады, әйтеуір...

        -Алаң болмаңыз, апа. Басына тиген соққыдан құйқасының  жырылып кеткені болмаса, жарақаты аса қауіпті емес. Ауруханаға әкетеміз, -деген дәрігерге:

        -Айналайын, ұлымды жіберіп қойып,  үйге қалай сиямын, ойбай-деп, Қалиша жылап жіберді.

        -Айттым-ғой, қауіп-қатер жоқ. Бір-екі күн жатып емделіп шығады. Сізді бәрібір онда ешкім ішке кіргізбейді. – Дәрігерлер жаралыны үйден дембілге салып ала жөнеліп, «жедел жәрдем» машинасы орнынан жәйлап қозғала берді.

        Ертесіне ел-жұрт тағы бір сұмдықтың куәсі болды. Қалишаның ауласындағы қора төбесінің мәтке ағашында Сүйеудің мүрдесі асылулы тұрғанын Сәкеннен кейінгі ұлы көріп қалып:

        -Апа, әкем қорада асылып қалыпты-деп, үйге шошына жылап, айқайлай кірді.

        -Аллам-ау, не дейді. – Жығыла-сүріне жүгіре шыққан Қалиша, төбеде көзі аларып, тілі аузынан сүйем қарыс салақтап шығып, басы сол жағына қарай қисайып кеткен күйеуін көргенде:

        -Жаратқан ием-ау, ендігі көрсетпегенің осы ма еді?!-деп, дауыстай өкірді.– Алқаш түгіл, шалқаш болсаң да, жастайымнан тар төсекте табысып, қырық жыл қосағым болған шалым – ау...   Сегіз бірдей бала сүйдіріп, бетіме келіп көрмеген Құдай қосқан қосағым-ай... деп, көз жасын көлдей етіп еңірегенде, жаманат хабар қашанда тез тарайды емес пе, у-шуды естіп жиналып қалған жұрт қосыла жылап:

        -Рас-ау,қыздай тиген күйеуі еді, енді қайтсін-ай...

        -Жақсы болсын, жаман болсын, еңбек етіп балаларын асырап отырған момын жары еді-ғой...

         -«Жақын келсе тебіскен, алыс кетсе кісінескен» демекші, ішсе де, тышса да, әйтеуір, балаларының әкесі еді марқұм - десіп, өзара гуілдесіп кетті.

        Сол арада сирендерін, ботасын іздеген боз інгендей боздатқан «скорый» мен милиция да жетті.

          ... Тергеу, тексеріс тез өтіп, Сүйеу марқұм  арақтың «белогорячка» атты ауруынан ба, жоқ әлде, ұлының басынан аққан қанды көріп «өлтіріп алдым ба» деген қорқыныштан асылып қалды ма, анық-қанығын  ешкім анықтай алмады. Әлде, «біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейдінің» кері келіп, артында іздеуші, сұраушысы жоқ адамның асылу себебіне бас ауыртуды артық жұмыс санады ма, әйтеуір, беймәлім, жұмбақ бір өлім болып қалды. Прокуратура мен милицияның есебіне «суицид» деген белгі қойылып, іс сонымен тәмамдалды...

       ...Қамет пен Әлияның қосылып, шаңырақ көтергендеріне ширек ғасыр толғанда, олар өздерінің: «тұрмысымыз біреуден ілгері, біреуден кейін» дегендеріндей емес, ауылдағы ауқатты, бай-бақуатты, қатарластарынан бет-беделі озық жанұя болып қалыптасқан еді. Отбасында іркес-тіркес туған төрт ұл мен райханның бір тал гүліндей майысқан қыз тәрбиеленіп, өсіп - жетілді. Тұңғыш ұл облыс орталығындағы құрылыс техникумын тәмамдап, мастер болып еңбек етіп жүрсе, оған тетелес туған қыз тұрмысқа шығып, сәбилі болды. Одан кейінгі ұл зоотехникалық – малдәрігерлік институттың екінші курс студенті – жақсы спортшы, білімді де, білікті шәкірт. Алтын асық сынды сүйкімді кішірек екі ұл мектептің үздік оқушылары.

       ... Отағасының қай істі тапсырса да, ерінбейтін еңбекқорлығы мен жауапкершілік жүгін терең түсінетін қасиеттеріне көздері жеткен сапқоз басшылығы, міне, он төрт жылдан бері Қаметке сүт пермесінің «молоковоз» машинасын бекітіп берген. Ауданнан бұларға алғаш бөлінген молоковозын да осы Қамет иемденіп, бес жыл қызығын көрді. Осыдан бір апта бұрын келген жап-жаңа сүт тасу машинасын бұған бергенде, басқа шопырлар:

        -Қаметтен басқамызға жаңа машина қол емес пе, бізге неге берілмейді?-деп, кешегі өткен жалпы жиналыста біраз шопыр күндеушілік танытқан.

         -Жайлаудың қиянды, жартасты жолдары арқылы баратын қауіп-қатерлі жерлерге, жандарың соншама тәтті, қорқып бармайсыңдар, Қамекең сөзге келмей жүріп кетеді. Оның астына қандай машина тисе де, жөндеуге бір күн тұрып көрген емес. Өйткені, қолы қалт еткен арада өзі жөндеп ала қояды. Ол аз болса, Қаметтің май заводына өткізген сүттері үнемі жоғары майлылықпен өтеді және бір де бір рет сүтті ашытып жіберу пәктісі тіркелген емес. Қане, кім ол сияқты жауапкершілікпен жұмыс істей алады? - деген сапқоздың бас инженерінің сөзіне ешбір шопыр қарсы уәж айта алмай, көздерімен жер шұқып қалған.

        «МТФ» аталатын сүт фермасындағы сүттің сапасын, майлылығы мен тазалығын, сауыншылардың санитарлық жағдайын бақылайтын – лаборант лауазымын оның Әлия келіншегі атқарып келе жатқанына да, міне, он төрт жыл. Ақ шатырдай халат пен жаңа жауған ақ қардай «шәпішкісін» басына киіп алып, томпаң қаға лабароторияда жұмыс жасап жүретін оның қызметіне де сырттан «пыш-пыштап», қызғанышпен қараушылар жетерлік.    Ондайларға «ішің күсйсе, тұз жала» дегендей, мән бермей, өз ісін әндете жүріп, адал атқара береді. Әлия мен Құдай қосқан қосағы Қаметтің жанұялық бюджетіне кіретін табыстары да едәуір. Еңбекақыларына қосылатын әр ай сайынғы сыйақы, нормадан тыс еткен еңбектері үшін төленетін қосымша ақы, жыл қортындысы бойынша берілетін қомақы ақша мен мейрамдарда қолдарына тиетін сыйлық ақшаларларды қосқанда кіретін кірістері – шынында, кісі қызығарлықтай жоғары. Сондықтан ғой, көре алмайтындардың  қызғаныш танытып,  іштері күйіп жүретіндіктері...

        Қызғаныш иелерінің іштері күюдің көкесі «Ұлы Октябрь» мерекесінің қарсаңында болды. Ұзақ жылдардағы жемісті еңбегі үшін, Темірбаев Қамет Исаұлының кең кеудесіне аудан орталығында өткен мерекелік жиында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы «Еңбек Қызыл Ту» Орденін өз қолымен салтанатты түрде қадаған еді.

        ... Кімге болса да есігі ашық, дастарханы бай, көңілдері мен пейілдері одан да бай және сол дастарханы ешқашан жиылып көрмеген жанұяға келер меймандары да, аралас-құралас болып жүрген дос-жарандары да көп. Үйден дәм татқан қонақтар:

        -Қолы ашық Әлияның дастарханынан ішіп, жеген астың ерекше дәмді болатыны қалай екен осы? Біз тап солай жасаған ас, қанша тырыссақ та ол әзірлегендей дәмді болып шықпайды. Не сиқырың бар?, - десіп таңдана, таңдай қағып жатады.

       -Дәмді ас әзірлеуді үйренгің келсе, менің енемнің қолында ең кемінде бес ай тұрып, оған шәкірт болуың керек. Дайындаған асымның дәмді болуы – енемнен алған тәрбием. Сол кісінің үйретуі мен көрсеткен үлгі-өнегесі. Ас әзірлеу ғана емес, үйді, төсек-орын мен ыдыс-аяқты таза ұстау, қонақ күте білу, қазақтың ырымдары мен салт-дәстүрлерін өмірде қолдана білу – соның бәрі – бөлек үй болып шыққанға дейін енемнің қолында он бір жыл тұрып үйреніп, оның тәрбиесін көруімнің арқасы. Қазіргі кездегі жас келіндердің үйлене сала: «Жеке шығамыз, енемізден бөлек тұрамыз» деп тұштақтауларының, ене тәрбиесін көруден қашқақтауларының нәтижесі – көтерілген шаңырақтарының быт – шыты шығып, үйленген жас жұбайлардың ажырасып жатулары. Араларында сәби болып үлгерсе, тіпті қиын. Ел аман, жұрт тыныш, бейбіт заманда ананың жесір, баланың жетім атануы – қай заңдылық, қай моральға, қай имандылыққа тура келеді?! Сондай жастардың ата-аналары «іштен шыққан шұбар жыландарына» ақыл айтып, тоқтатудың орнына, жел беріп, «байсыз да өлмейсің» деп, қыздарын ажыратып алып жататындығы, өзім де сондай ұл- қыз өсіріп отырған ана, әже емеспін бе,  жаныма қатты батады...

        Мен өзі тұрмысқа ерте, небәрі 19 жаста шықтым ғой. Үй шаруасын жастайымнан істеп жүрсем де, көп нәрсені білмейді екенмін. Бімегенімді бетіме баспай, ерінбей үйретіп, тәрбиелеген, туған анамдай қамқоршым болған енеме өмір бақи қарыздармын!-деп, Әлия жаст келіншектерге жанары жасқа тола әңгімелеп беруден жалыққан емес. Әйтеуір, бірі болмаса бірін ұғып, құлақтарына кіріп, саналарына сіңе берсін деген аналық, жанашыр қамқорлығы ғой...

      ...Туып-өскен ауылындағы  өзіне білім беріп, қанат қақтырып ұшырған қара шаңырақ–мектепке Күлжан Темірбаева мұғалім болып оралған – ды. Білінбей зымырап, сынапша жүйтки сырғыған, шіркін, уақыт-ай десеңші!

       «Есімде әліппені жаттатқызып, қолыма алғаш қалам ұстатқаның...» деп, әуезді де, әсем ән жолдарында айтылғандай, мыңдаған шәкірттеріне қаріп үйретіп, санасын білім нәрімен суарған басқа ұстаздармен тізе қоса жас жеткіншектерге дәріс беру-таудай жауапкершілік қана емес, әркімнің уысына түсе бермейтін үлкен бақыт екен ғой!                        

        «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп, қазақтың ұлы ойшылы Абай хакім айтқандай, ұстаздықты өзінің өмірінің мәні деп ұғып, шәкірттеріне білім нәрі мен тәлімді тәрбие беруден жалықпаған Күлжан Исақызының мектеп өмірімен кірігіп, біте қайнасып кеткеніне де жиырма тоғыз жылдың жүзі болыпты!

      «Ана тілің-арың бұл, ұятың боп тұр бетте.

       Өзге тілдің бәрін біл,өз тіліңді құрметте» - деп, ақын Қадыр Мырзәлі айтқандай, қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беріп, Мағжан, Ахмет, Сәбит пен  Мұхтарлардың  бай, әуезді де, ұлы тілін жас өскіннің сүйіп, төбесіне көтере мақтан тұтарлықтай дәрежеге жеткізе тәрбиелеп жүрген оның атақ-даңқы аудан, облыс асып, Республика көлеміне әйгіленгелі қашан! Тіпті, Ресейдің қолтығында жүрген Сәбет Одағы кезінің өзінде «СССР-дің еңбек сіңірген мұғалімі», «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі» атақтарын алуы, өзінің боданындағы екінші сорт санайтын мемлекеттегі, жалынан сипата бермейтін асау, амбициялы Ресейдің өзі Күлжан Исақызының ерен еңбегін мойындағаны емес пе?!

          Елімізде Тәуелсіздік таңы атқан тұста, ұстаздардың ең жоғарғы наградасы – Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен, «Құрмет» Ордені, тағы басқа бірнеше мерекелік медальдармен марапатталуы – оның мұхиттай терең білімінің, үздіксіз ізденісі мен тер төге еткен еңбегінің жемісі емей немене...!

         Ұстаздық бай тәжірибесі методикалық кітапша болып басылып, Республика көлемінде мектептерге таратылуы, монографиялық еңбектерінің дүркін-дүркін баспа беттерінде жариялануы - Күлжан Исақызының шәкірттеріне ғана емес, ұстаз-әріптестеріне таптырмас көмек болғаны хақ!

        Тәуелсіздік таңы атқан заманда келмеске кеткен компартияны қанша жерден жамандасақ та, сол бір де, бірегей саяси партияның идеология, бақылау мен   қатаң тәртіп сақтау, тағы басқа көптеген мәселелердегі рөлін қалай жоққа шығаруға болады?! Тіпті, одақтас елдерді Мокваның уысынан шығармас үшін саясат, қулық пен бақай есеппен болса да, еш ақы-пұлсыз жоғары оқу орнында жастарды оқыту, студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету мен халықты емдеу, жұмыспен қамту, одан басқа да сансыз проблемаларын шешуде компартяның бірыңғай, жоспарлы бағыт ұстағандығы – қазіргі, еш нәтиже бермейтін даңғаза реформалардан көз ашпаған, қым-қуыт, түсініп болмайтын берекесіз жағдайда көзден бұлбұл ұшып тұр-ау!

       Күлжан ұстаз коммунист ретінде, мектеп партия ұйымының қоғамдық негіздегі хатшысы лаузымында ұжымда темірдей тәртіп орнату, формалдыққа жол бермей, ұстаздардың өз ісіне ізденіс, творчестволық тұрғыда келуіне қатаң талап қойды. Білім мен тәрбие шаңырағында өзара сыйластық пен түсіністік, жоғары моральдық ахуалдың берік қалыптасуына коммунистік принципшілдікпен  тер төге еңбек етуі – әрине, тәрбиелеп, оқытып отырған жеткіншектерінің болашағына салынған инвестиция екендігі даусыз!

         Бір ғана мысал келтірсем: инвестицияның жарқын бір жемісі – Күлжан Исақызының оқытып, тәлімді тәрбие берген шәкірттері: ұлтын қалтқысыз сүйген азамат, қаламы қарымды журналист, Қазақстанда алғаш шақырылған кәсіби Парламентіне бір мандатты сайлау тәртібі бойынша халықтың өзі қалап, тікелей сайлаған депутат Қанат Асқарұлы Асқар. Өткір де, әділ жазатын, білімі мен бойдағы бар қабылетін қарапайым халықтың мүддесіне жұмсайтын Қанат Асқарұлы журналистік қызметінен бөлек, Мәскеудің орыстандыру саясаты кесірінен тапталып, қағажу көріп жатқан – қазақ тілінің жанашыр - күрескері ретінде көп тер төккен азамат. Ол ол ма, қылышынан қан тамып, «түф» деп түкірген түкірігі жерге түспей тұрған коммунистік партияның шексіз, шетсіз билігі тұсындағы ерлігін айтсаңшы! Сол жылдарда Талдықорған облысын басқарып, барлығын бір шыбықпен айдап, жусатып –  өргізіп отырған облыстың басшысы-бірінші хатшы Жигулинмен білек сыбана айқасқан ерлігін! Өзінің облыстық «Жерұйық» (қазіргі «Жетісу») газетінде бірге қызмет істейтін әріптестері: жазушы-драматург Тәкен Әліпбай мен бөлім бастығы, қаламы қарымды қаламгер Кемал Құсайын, сол газеттің бас редакторы-жазушы Тұрсын Әбдуәлидің қолдауымен, өзімбілерлікке салынып ұлтқа бөлу, қазақ кадрларды шеттетіп, әр  саланың басшылығына тек басқа ұлттардың өкілін тағайындап, одан басқа да көп былық-шылығын әшекерледі. Қазақстан Орталық Комитеті мен ССРО коммунистік партиясы Орталық Комитетіне дәлелді шағым түсіріп, орталықтан шыққан мүйізі қарағайдай комиссия олардың келтірген фактілерінің растығын амалсыздан мойындап, соның нәтижесінде, бір тал жүні қисайып көрмеген Жигулиннің аяғы көктен келіп, жалпасынан жығылып түсті. Қазақстан ғана емес, бүкіл Совет Одағы «қалай болар екен» деп құлақ түріп, бағып отырған атпал Азаматтардың бұл ерлігі – айға шапқан арыстанның ерлігімен тең еді!

       ...Шілденің жер-көкті күйдіріп тұрған жаздың мый қайнатардай шіліңгір ыстығы сәл саябырсыған, бірақ тымырсығы қайта қоймаған бір кешінде үй сыртынан әлдебіреудің жыламсырай:

         -Айналайындар, жаздым, жаңылдым. Менен бір білместік өтті-деп, есіктен кірмей жатып зарнаған дауысы шықты. Үйдегілер «әкеу, апақ-сапақта зарлап, жамандық шақырып жүрген кім бұл?» – деп ойлап үлгергендері сол еді, артынша Теміртастың жағы қушия жүдеп-жадап, сүмірейген бейнесі көрінді.

Үй табалдырығынан аттай бере:

        -Кешіріңіздер, қойдым бұл атың өшкір арақты. Бәрі сол әзәзілдің кесірі. Кешіріңіздер – деген ол балаша еңкілдеп жылап жіберді.

        -Күні кеше ғана көрместей болып, «қолдарыңнан келсе, аспанды төбеме тастап жіберіңдер» деп шіреніп, адамша сөйлесуді де қажет етпеген батыр едің. Енді қай бетіңмен келіп тұрсың. – Ғазиза оның өткендегі бейбастақ, ұятсыздық  ісі көз алдынан көлбей өтіп, ашудан қалтырай сөзін әрі жалғады.

         -«Жібекті түте білмеген жүн етер» деп, таң шолпанындай жарқыраған Венерамды таяқтың астынан алып, жүнше түтіп қорлағаның аздай, мына қайынағаңа, маған тіл тигізенің өмір – бақиға ұмытыла қоймас.

        - Мойындаймын. Бәрін мойындаймын... Мына қаракөз немерелеріңіз үшін соңғы рет кешіріңіздер.

          Бағанадан үнсіз, іштей тығылып тұрған Қамет:

  • Түнеу күні берген сауалыма жауап бермеп едің,

сонша қорлайтындай қарындасымның не жазығы бар, соны айтшы қазір – деп, оның жауабын күтті.

        -Еш жазығы жоқ, аға. Бәрі арақтың кесірі...

        -Сен кеше ішкен арағыңды ертең де ішесің. Екі күннің бірінде жегізген тоқпағыңнан қарындасым денсаулығын да әбден құртып алды. Емдетіп, енді ғана қалпына келіп қалды. Бір ай болды, ел қатарлы еңбек етіп, адам санатына қосылғалы. Енді келіп, мазасын алма. Осымен әңгімені доғарайық...

       -Ағатай-ау, соңғы реткі сынағыңыз болсын. Кешіріңізші – деп, Қаметтің аяғын құшақтай      жерге құлай кеткен Тастемір көз жасын төгіп-төгіп жіберді.

        - Мен Венераны жанымдай сүйемін. Онсыз күнім жоқ. Түріме қараңызшы, ол кеткеннен бергі екі ай уақыт мен үшін тозақ болды дегеніме сеніңізші.

        -Қызымды жақсы көретінің де, үш балаңның әкесіз өсетіндігі де енді ғана есіңе түсті ме? Мен тірі тұрғанда, балаларың қақ-соқ көрмей, әкесіздікті сезінбей өсетіндігіне сенімдімін. Бірақ, қызым үшін мен жауап бермей-ақ қояйын, Венера өзі шешсін. Қайтам десе жолы ашық. Сеннен күдерім үзілген, бармаймын десе, сенің де жолың ашық – деген Ғазиза «сөз тәмам» дегендей, сырт айналып кетті.

        ... Бақша жақты жағалап кеткен ерлі-зайыптылар  күбір-күбір, күңкілдесе сүт пісірім уақыт сөйлесіп қайтты. Венерадан «не шештің», «қайтетін болдың» деп ешкім сұраған жоқ. Бәрін өз еркіне салып қойды.

        Кешіне ас пісіп ет желініп, артынан шәй ішілген соң Венера сыбырлап қана:

       -Тәте, мынау өлердегі сөзін айтып жалынды. Балалар үшін мен үйге қайтсам қайтеді? – деді анасына жасқаншақтай қарап.

        -Айтқан уәдесінде тұратындығына көзің жетсе, бар. Мен сені айырып алып, қаракөз құлындарыңның әкесіз өскенін қалап тұрғаным жоқ. Жетім-жесірліктің удай ащы дәмін білгісі келген адам мендей - ақ татып көрсін. Құдай, әйтеуір, оныңа сабыр суын шашсын...

         Жүк тиелген ГАЗик машинасы ертеңгі таңғы салқынмен Қамет үйінің ауласынан жайлап шығып, бірте - бірте ауылдан ұзай берді...

      ... Кішкене ауыра бастаса: «Я, Алла, аламын десең, қыстың қытымыр суығынан аман-есен шығарып, жаз аяғы кеңігенде ала гөр. Қақаған аязда қабір басына барған адамдарға ауыртпалық түсіреді» деуден жаңылмайтын Ғазиза анаға биылғы көктем жайсыздау тиіп тұр. Қатты ауырып, бірнеше рет «жедел жәрдем» шақырылып, көмек көрсетілді.

         Көрші ауданда тұратын Сәмет анасының көңілін сұрап, көріп қайту үшін облыс орталығына асыға жеткенде, түс мезгілі таянған еді. Өмірде қуаныш пен қайғы әркез кезектесіп жүреді емес пе?!     Газет, журналдарда әртүрлі тақырыпқа жазған өткір,  қадау-қадау материалдары жиі жарияланып, Қазақстан Журналистер одағына қабылданған Сәмет кейінгі кезде көркем әдебиетке ден қойған болатын. Бірнеше рет әр қилы тақырыптарға жарияланған облыстық конкурстарда мақалалары жүлдеге ілікті. Ең соңғы рет Талдықорған облысы бойынша өткен «Жер бетіне бейбітшілік» атты байқауда бас жүлдеге ие болды. Міне, бүгінгі қуанышы - өндіріс тақырыбына өзі істейтін завод өмірі туралы жазылған «Мәңгілік күрес» атты тұңғыш кітабы жарық көріп, соны анасына әкеліп тұр. Ал көңілге қаяу салған уайым-қайғысы, әрине, аяулы анасының хал үстінде жатуы.

       Қашанда ас-адамның арқауы емес пе, талайдан бері астан қалған шешесінің көздері шүңірейіп, жақ сүйегі сопайып, жүдеп-жадап кеткен.

  • Анашым, қалайсыз – деп, жұп-жұқа, қан-сөлсіз

алақанын қолына алып, аялай сипаған ұлын көргеніне қуанғаны болар, ол сәл езу тартып күлімсіреді.

       -Тәуба, тәуір, жақсымын.

        -Тәте, сүйіншімді беріңіз. Менің тұңғыш кітабым шықты. Сізге арналған. Міне, қазір сізге оқып беремін – деп, сыртында суреті бар, жұқалау келген, ақшулан мұқабалы кітапты қолына алды.

       «Сүйікті жары от кешіп, Отан қорғау жолында майдан даласында опат болып, бес баласын асырап, оқытып, жеткізген аяулы да, ардақты, ғазиз анам Ғазизаға арнаймын. Автор».

        -Бәрекелді, өркенің өссін! Тәуба, осы қуанышты күнді көрсетіп, мені бақытқа бөлеген Аллама мың да бір шүкір! Анау бір жылдары бала-шағаңнан айырылып, қам көңіл болып, араққа да бой алдырып жүргеніңде өліп кетсем, өкінішім өзіммен бірге кетер еді. Келіннен ажырассаң да, шүкір, Руслан, Қарлыға немерелеріммен қайта табысып, араласып, қамқор болып жүрсің. – Анасы ентігіп қалып, сәл тыныс алған соң сөзін әрі жалғастырды.

       - Міне, Құдайыма тағы тәуба айтам, жөрнәліс, жазушы болдың. Бала-шағаң, үй-жайың, қызметің бар. Соны көрдім – көңілім тоқ. Енді, тап қазір өлсем де армансызбын. Қане, көрейін... – деп, қолын созған анасына Сәмет кітапты ұстатты.

       Әлсіз қолдары қалтырағанымен,  алақанына салып, аялай ұстаған ол кітаптың мұқабасын «шөп» еткізіп екі қайтара сүйді. Ішкі бетіндегі ұлының суретін сипалай отырып:

      - Жастайыңнан сенің де естімегенің, көрмегенің қалмады-ау, шақар тентегім – деп, нұры тая бастаған жанары жасқа толған көздерін кітаптан алып, ұлының жүзіне сондай бір сүйінішті, қуанышты көзқараспен қадала қарап қалды.

        - Жарайсың, балам! Бұзықтығың бір басыңнан асса да, ақылды тентегім болдың...     

        Өзінің үйдегі тәрбиеші, ұстазы Күлжан әпкесі әлігінде бұл «кітабым басылып шықты» деп, жайраңдай кіргенде, анасы жатқан бөлмеден сытылып шыға жөнелген. Содан қайта бас сұққан жоқ. Қазір кіріп, кітабымды көрген соң: «жарайсың, тентек бауырым. Менің үйретуім мен тәрбием босқа кетпепті» сияқты разылығын айтып, бетімнен сүйеді» деген ойлармен Сәмет әпкесінің қуанышты  сөзін тосып біраз отырды. Бөлмелердің бірінен шығып, біріне кіріп жүрген Күлжан сол күйі мұның жанына жоламады. Әңгімелесіп сүт пісірімдей уақыт өткенде:

       -Ал, тәте, мен кетейін. Уайымдамаңыз, Құдай сәтін салса, жазылып кетесіз. Сау болыңыз – деп, қимай қоштасқан Сәмет анасының салқын тартқан маңдайынан сүйіп, еңсесі езіле есікке беттеді.

      -Сәметай, асықпа, қайда кеттің? – Әпкесі ұйқы бөлмесінен шығып бауырының жанына келді.

       -Мына көрімдікті іздеп әрең тапқан жоқпын ба? Шәй қойдым, қазір қайнап та қалар. Кітапты маған көрсетпей кетіп бара жатқаның қалай? Залға стол әзірлеп қойдым, асықсаң да шәй ішіп бірақ кетесің...

       Сәмет әрдайым: «менің апайым оқығаны мен тоқығаны көп тәжірибелі ұстаз - педогог. Өмірде кездесетін бар жағдайды әділ таразылап, дұрыс пайымдай білетін жақсы психолог. Менің тәрбием бала кезден сол әпкемнің мойнында болды» деп, осы күнге шейін мақтана айтып жүретіні бар.

        Күлжан шай үстінде қолындағы әдемі қапшықтың қақпағын ашып:

        -Мынау мен техникумнан зейнет демалысына шыққандағы ұжымның маған естелікке сыйлаған дүниесі. Қаламың ұшталып, жазарың көбейсін деген ниетпен осыны өзіңе арнайы сыйлаймын – деген әпкесі бауырының бетінен екі қайтара сүйіп, алтын қаламды Сәметтің қолына ұстатты. –Тұңғыш кітабың құтты болып, классик жазушы дәрежесіне жет!

       -Рахмет! Көп рахмет сізге! Мені кітап оқуға дағдыландырып, сіздің бала кезден берген тәрбиеңіз бен үлгі-өнегеңіздің жемісі ғой бұл. – Толқып кетіп, көзіне кептелген жасты көрсетпеуге тырысқан Сәмет алдымен анасының одан кейін әпкесінің бетінен екі қайтара сүйіп, есікке беттеді. – Алла бәрімізді тек осындай қуаныштарда жолықтыруға жазсын...

...Сәмет тегі, балаларды жастайынан жақсы көретін-ді. Өзі үйірсек болғандықтан ба, бейтаныс, бір көрген балалар да мұны төңіректеп, жанынан шықпайды. Олармен ойнауға бұл да жалықпайды. Өзінен жеті жас кіші осы қарындасын арқасынан тастамай өсірді. Жан торсықша байланған Жауһар да ағасы қайда барса сонан табылып, көлеңкесіндей еріп жүреді. Көрші тәте, апалар : "Өздеріңдей Сәметті көрдіңдер ме, әне! Қарындасын қайда барса да қасынан бір елі қалдырмайды. Сол сияқты бауырмал болыңдар – деп, балаларына үлгі тұта сөйлейтін.

Әй, балалык-ай десеңші! Үлкендерден мақтау естігеніне Сәмет те көп-көрім марқайып, қоразша қоқиланып қалатын.

Қазір, міне: "Балаларды кішкентай кезімнен жанымдай жақсы көріп, үйірсек болуым - өз перзенттерімді тірі жетім етіп, күз жапырағындай қалтырап, сағына сарғаюыма көрінген ғой"— деген ойдың ми түкпірінен қылаң беретіні бар.

...Бүгін сенбі. Сәмет қаладағы он үшінші маршрут бойынша жүретін автобустың артқы орындықтарының бірінен терезеден қала тірлігіне бей-жай көз салып келеді. Бағыты – орталык универмаг. Демалыс күнін пайдаланып, өзіне қажетті уақ -түйек заттар сатып алмак.

- "Папа!" – Автобус салонының алдыңғы жағынан оқыс шықкан етене, жанына жақын дауыс оны тоқ соққандай селк еткізді.

«Ұлым! Менің ұлым...!»

Найзағай жарқылындай жылдам ой санасында лезде жарқ етті. Жүрегі бұлқынып, кеудесінен шығып кетердей дүрсілдей жөнелді. «Ол қайдан жүр екен?» Сартап сағыныштың ащы күйігі тамағына өксік боп тығылып, тынысы тарылып кетті. Ұлына деген ыстық сезімі жанарын ылғалдап, ұлына тезірек жетуге асықты. Жолында тұрған жүргіншілерді итере-митере кимелеп, алға қарай ұмтылып бара жатыр.

-Не болды сонша? Орныңнан су шыққандай жұлқына кимелемесеңші...

Жақтырмай, шаян көргендей тыжырынған жуан қара әйелді қаға-маға автобустың алдыңғы жағына жетті. Жан-жағына алақтай көз салып тұр. Қос шырағына оттай басылуы тиісті, бір көруді аңсаған ұлы көрінбейді. Шығар есіктің жанындағы отырғышқа жайғасқан жеті-сегіздердегі бала мен арықша келген ер адам қызу әңгімеге беріліп кетіпті. Сөз аужайынан ұғып тұр: әкелі балалы екеуі әлдебір күлдіргі кинодан шыққан беттері. Жарыса сөйлеп, мәз-мейрам күлісіп отыр. Бақытты жандар! Әлігіндегі "папа" деген дауыс сана түбінде жаңғырығып, құлағынан, құлағынан емес, ми түкпірінен кетер емес. "Дүниедегі бала атаулының дауыстары бірі біріне егіз қозыдай ұқсас болады екен-ау!" – Бұл Сәметтің бұрын соңды байқамаған, білмеген өзіне ашқан тың жаңалығы еді.

Ми түбіндегі найзағай отындай жарқ еткен: "Ең болмаса, ұлымды бір көріп қалатын болдым" деген нәзік үміт пен көңіліне қуаныш сәулесін сеуіп өткен оймақтай ой қас қағым сәтте ағып түскен жұлдызша зым-зия жоғалып, қарақотырлана бастаған жан жарасын сыздатып жіберді. Алдағы аялдамадан түсті де, үйіне жаяу тартты. Ешкімді көргісі, тірі пендемен сөйлескісі жоқ. Бөлмесінің есігін іштен іліп, көрпені басына тұмшалай жауып алған күйі тым-тырыс жатыр. Қос жанардан ағыл-тегіл болып құс жастыққа толассыз ағып жатқан сағыныштың сартап жасын тиюға тырысқан да жоқ.

...Санасында шайқасып, итжығыс түсіп жатқан екі ой Сәметті аласұртып, жатқан жерінде түйнек келгендей дөңбекшітті.

 Алғаш айырылысқан кезде Сәметтің бір ойы: “Бақытын жартылай орталап, жетімсіретіп жаутаң қақтырардай балаларыңның жазығы қанша? Дүниеге келтірген екенсің - оларды уайым - қайғысыз асырап жеткізу, оқытып, екі аяғынан тік тұрғызып жіберу - әкелік қана емес, азаматтық борышың. Екі ақымақ тіл табыса алмай, кең жазираға сиыспағаны үшін бейкүнә, пәк көңіл сәбилер жапа шегуі тиіс пе? Ел басына күн туған соғыс кезі емес, ит басына іркіт төгілген бейбіт өмірде бақытсыз ететіндей өз кіндігіңнен жаралған өміріңнің жалғасы - балаларың не жазып қойды? Не үшін «тірі жетім» деген запыран сөздің ащы уытын татуы тиіс? Балаларын әкесіз етпес үшін өз өмірлерін пида етіп, көздеріне шөп салып, қорлап жүрген әйелдерімен де тұрып жатқан азаматтарды да көріп жүрсің. Сен солардан артықпысың...? Өміріңді мәңгілікке жалғастырушы - ұлың мен қызыңның бақыты, болашағы жолында Зияданың шайпаулығын да, тек “өзім’‘ деген эгоистік мінезін кешіріп, қайта қосыласың» дейді.

 Екінші бір ой: «Сап-сап! Сабыр ет, аптықпа! Шаңырағыңды шайқалтпай, өз ошағыңның отын өшірмес үшін сен неге ғана көнбедің? Сол “іштен шыққан шұбар жыландарыңды” әкенің шексіз мейрімі мен қамқорлығынан айырмас үшін бәріне көнген азамат басыңды қорлаған, оған деген адал, пәк махаббатыңды аяусыз таптаған оның барлық ақылсыздық қылықтарына шыдаудай-ақ шыдадың емес пе?! «Зиядамның көңіліне қаяу  түсірмейінші» деген ақ, ізгі ниетіңді лас табанына салып аямай жаншыған әйеліңнің қайырымсыздығын, тек өзінің менмендігі мен «бас көтерместей қорқытып алай            ын» деген эгоистік көзқарасымен өзіңді жазықсыз қаматып, милицияның қоқысын тергізіп, дәретханасын тазалатқызған қорлығына шыдауға бола ма?! Басқа оспадарсыз қылықтары мен мейірімсіздіктеріне көз жұма кешіргеніңмен, сүйіп- күйіп қосылған сені, өзінің ұрпақтарын асырап - сақтап, ішіндіріп-киіндіріп, тарықтырмас үшін қандай ауыр еңбектен болса да қашпай тірлік еткен күйеуінің, басқасы басқа, дәп кейінгі - бас бостандығын шектетіп, темір торға қаматқан қорлық - қайырымсыздығын қалай  кешіруге болады?!

Қызығына тоймас жастық шағыңның ерлі-зайыпты болып бірге тұрған он жылдан астам уақыттың, «арада өткен сегіз жыл сергелдеңмен ахау, сәлем айтып жіберсең нең кетеді, әгугәй, әгугәй...» деп Роза шырқайтындай, сегіз жылдан астамын кикілжің, дау-дамай, түкке тұрғысыз арпалыспен өткіздің. Сол уақыт аралығында туған анаңа қарлығаштың өртке тұмсығымен су тасығанындай да қайырымың, көмегің тимепті. Дос - жаран, ағайын-туысқа да жат болып, бір Зияданың әуеніне аударылып, төңкерілдің. Тек соның қабағы қарс жабылмасыншы, жауар бұлттай түнермесінші деп, қолыңнан келгеннің бәрін жасап баққан жоқсың ба?! Олай болса, перзенттеріңнің тірі жетім атануына сен кінәлі емессің. ІІІыдамның да шегі бар...

 Азаматтық ұятың мен бауыр етің - балаларыңның алдында арың таза, ниетің мен пейілің ақ!» дейді.

Тағы бір ой: “Жарайды. Балалар үшін қайта табыстым дейік. Бұрын жақсы жаққа бет бұруға сан рет уәде беріп, титтей де өзгермеген мінез-құлқының аяқ астынан басқа арнаға түсіп, жараса кететіндіктеріңе сенімің кәміл ме? «Етпен біткен мінез сүйекпен бірге кетеді» деген тәмсіл бекер айтылған ба...Арада өткен төрт-бес ай ішінде балалар сені аз да болса ұмытып, көңілдері суыды. Саналарынан сәл де болса шығара бастағанда қайта қосылып, қайтара айырылысып жатсақ, сәби жүректеріндегі бітеу жараның аузын тырнап ашып, жаңартқандай болмаймын ба?! Өзімді қойшы, не көрмеген құқайым. Қиналармын, қиналармын да шыдармын. Қауқарсыз, нәзік сәби жүректері қайтара соққан дауылдың аласапыранын көтере алар ма...?»

       Осы жайлардың оң-терісін ақыл тезіне салған Сәмет: «Балақандарымның жүректерін ауыртқанша, не болса да өзім көріп, өзім көніп, сағына-сарғая жүре бергенім жөн» деген тоқтамға келген еді...

Міне, осы тайға таңба басқандай анық, бұлтартпас та, дәлелді нық ой алғашқы, әлсіз, дәрменсіз ойларды жаншып тастап, жігітті сабырға шақырып, сабасына түсіретін.

Ал кейіннен ойлап отырса — бір шаңырақ астында түтін түтеткен өмірдің алғашқы бірер жылынан басқа уакыт аралығында күліп - ойнап, жарқылдасып, тату - тәтті тұрған күндері өте сирек. Төрт - бес күн ұрыс-жанжалсыз, жаймашуақ тіршілік орнай қалса: «Е, өз қателігін түсініп, тату тұруға бел буған ғой. Енді қырық пышақ болмай, ырың-жырыңсыз өмір сүретін шығармыз» деп, кәдімгідей-ақ үміттеніп қалады. Үміттенетін де сол ынтымақты бұзып алудан қорыққандай, бетегеден биік, жусаннан аласа күй кешеді. Қайдан!

 Баяғыда шалы қайтыс болған бір апаға: «Өлер адам өлді, енді қайтып келмейді. Одан да ұлыңның рұқсатымен бір қолайлы шалға тиіп алмайсың ба?» деп ақыл айтқан көршілеріне жесір қалған апаның: «Ондай атты күн қайда, оны білер ұл қайда?» дегеніндей, татулықтары  әрі кеткенде алты-жеті күнге ғана жетіп, жанжалдасып, бәрі баяғы таз қалпына келеді. Зиядасы тыныш өмірден жалыға ма, шу шығарудың бір жолын ойлап таба қояды. Өзі ондай себептерді қиюластыруға шебер ақ! Бір «тамашасы», кезекті ұрыс ұйымдастыру үшін жаңа сылтау, бұрын көтерілмеген «тың тақырыптың» оп-оңай ғана табыла кететіндігі...

...Сәмет жұмыс істей жүріп, кітап, қағаз кеміріп, көктем бойы емтиханға дайындалумен болды. Жадыралы жаз туып, «Бірінші май» мерекесі қарсаңында Жауһар қызмет жасайтын облыстық сот мекемесіне қарындасын құттықтау үшін әдейілеп ат басын бұрған.

  • Сәлеметсіздер ме, әдемі қыздар... Ертең туатын мерекелеріңіз құтты болсын! –деп, қарындасының жұмыс бөлмесіне енгенде, оның қарсы жағында отырған орта бойлы, қараторы, әдеміше келген иман жүзді қыз орнынан тұрып:
  • Сәлем алдық! Төрлетіңіз, аға. Сіздің де мейрамыңыз құтты, денсаулығыңыз мықты болсын-деп, жігітке орындық жылжытты. – Отырыңыз...
  • Жұмыстарыңызға кедергі келтірген жоқпын ба?
  • Оқасы жоқ. Он минуттан соң түскі ас уақыты.

Жауһар, сен шай қойып жібер. Атағы мейман ағаныкі болсын, өзіміз де бірге ауқаттанып алайық – деп, қыз жайдарылана күлген кезде, жүзі бұл-бұл жанып, бұрынғысынан да әдеміленіп кетеді екен.

  • Бәлі, мен сендерді таныстыруды да ұмытып

кетіппін ғой. Бұл менің өзіңе талай қызықтарын әңгімелеп берген ағайым...

        - Менің есімім Жан. Жасым сізден үлкен ғой, «Жаным аға» деп сәлемдесіп жүрсеңіз жөн болады.

        -Көке, өтірік айтпа! Жаңа танысқан қызды алдауға бола ма екен?

        - Жарайды, есімім туғаннан бері Сәмет.

        -Менің атым да баяғыдан, сәби кезімнен Биша-деп, күлімсірей қолын ұсынған қыздың тырнақтарына талғаммен, жұқалап лак жаққан сүйрік саусақтарын Сәмет алақанында бір сәтке сүйсіне ұстап қалды:

        - Саусақтарыңыз өте әдемі екен.

         -Құрбымның өзі әдемі емес деп кім айтты, - деп жылы жымиған Жауһардың сөзіне үшеуі де қосыла күліп жіберді.

         Тегі, қашанда қыздар отырған жер қызыққа толы, берекелі де, мерекелі емес пе, лезде дастархан жайылып, стөл үсті әртүрлі тағамнан жайнап кетті. Әзіл-күлкі, зілсіз қалжың араласқан түскі ас дәмді де, мәнді болып, бір сағаттық үзіліс уақыт өте шықты.

        «Ат бір басқан ізін үш басады» деген қазақтың мәтелі өмірдің өзінен алынған шындық-ау, осы...

        Осы бір сағаттық қана отырыс – «Құдайым соттың, прокурор мен милицияның ауылына жақын қондыра көрмесін» деген Сәметтің берік ұстанымын быт – шытын шығарып бұзып жіберді.

        Сәмет пен Биша екі күннің бірінде қол ұстасып киноға, ара-арасында  облыс филармониясы мен Алматыдан келген концерттерге бара жүріп жақынырақ білісті. Бірі-біріне деген қызығушылығы ынтызарлыққа ұласып, ол сезімдері ақыры таза махаббатпен ұштасқан еді. Сол жылдың жадыралы жазында екеуі үйленіп, шаңырақ көтерді...

         Биша мектеп қабырғасынан кейін облыс орталығындағы заң техникумын тәмамдаған-ды. Бір күнін бос өткізуді жастайынан жаны қаламайтын ізенімпаз қыз жас жарымен ақылдасып, Қаз МУ-дың заң факультетіне, әрине, сырттай бөліміне түсіп келді.

        Жарты жыл бойы көз майын тауыса емтиханға дайындалған еңбегі ақталып, Сәмет те облыс орталығындағы құрылыс техникумының кешкі бөлімінің студенті атанды.

 

 

       ...Еңбек жолын облыстық сот мекемесінде сот отырысының хатшысы қызметінен бастап, қалалық соттың аға сот орындаушысы, қалалық нотариалдық кеңсенің нотариусы сатыларынан таза еңбегі арқылы өткен Биша Арпабаева заң техникумын тәмамдағаннан кейін Қазақ Мемлекеттік Заң факультетінің сырттай бөліміне түсіп, оны да ойдағыдай бітіріп алған еді. Заңгерліктің қыр-сырын бір кісідей меңгеріп алғанымен, бағындырған жетістігін әрі қарай талмай іздену мен білімін мейлінше толықтыра түсуден жалықпайтын еңбекқор Биша Қожағұлқызын жоғары басшылық облыстық Әділет басқармасының бөлім бастығы лауазымына көтерген болатын.

       Әділет саласында төрт жылдай істеп, білімін байыта түскен ол елге танымал заңгерге айналған-ды.

       Көктемнің күшіне енген жарқыраған бір жаймашуақ күні жұмыс кабинетінде отырған Бишаны Басқарма төрағасы Сәкен  Ербатыров шақырып алды.

  • Сәлеметсіз бе, Сәкен Кәкенұлы – деп, күле

кірген әріптесін бастығы жайдары қарсы алды.

       -Ия, Биша, хал қалай? Мына қызметіңде шаршап жүрген жоқсың ба?

       -Неге шаршаймын, Сәкен Кәкенұлы. Бірдеңені дұрыс жасамадым ба, неге олай дедіңіз? – «Не боп қалды екен» деген сұраулы жүзбен бастығының бетіне таңдана қарап қалды.

       -Жоқ-жоқ, бәрі дұрыс. Бұл жерде қашанға шейін отырасың? Сот лауазымына жоғарылайтын уақытың жетті емес пе?!

        Қол астындағы қызметкерлерінен жасы үлкен болғандықтан ғана емес, өзінің қарапайымдылығы және байырғы әріптесін өзімсініп, қарындас санап,  ресмилікпен шікірейіп емес, «сен» деп сөйлей беретін басшысын бұл да сөз орайында аға деп атай беретін.

       -Ой, аға, маған ол лауазымды кім дайындап қойыпты? Екіншіден, сот болу үшін менің ақшам қайда? Сіздің менің азды – көпті еңбегімді бағалаған осы пікіріңіз бен пейіліңіздің өзіне рахмет!

       -Қой, Биша. Басшылардың бәрін жаппай қаралайтын ондай жаман сөзді ендігәрі айтпа. Олардың бәрі қолыңдағы бес саусағың сияқты бірдей емес. «Бастықтар түгелдей жемқор» деген пікіріңнен арылу керек.  Өзің қай мекемеде істесең де көрсетілген сенімді әруақытта білімділікпен, жоғары жауапкершілік, тиянақты еңбегіңмен ақтап жүрсің. Қане, қазірден бастап құжаттарыңды жина да, әзірле. Босқа уақытты өткізбей, тездетіп жоғарыға жіберейік.

        Мұндай ұсынысты мүлдем күтпеген Биша сасқалақтап, беті де ду етіп қызарып шыға келді.

       -Ой, ағатай, көп-көп рахмет. Деніңіз сау болып, бала-шағаңыздың қызығын көріңіз.

       -Оқасы жоқ. Қатарымызға әділ би болып қосылуыңа тілектеспін, Биша...

       ...Қазақта: «Тектіден текті туар, тегіне тартып» деген тәмсіл бар. Сәкен Кәкенұлының арғы тегі жоңғарлармен соғыс кезінде батырлық ерліктерімен ғана емес, қара қылды қақ жаратын әділдігімен аты шыққан Жарылғап би еді. Аты алты Алашқа әйгілі болған Жарылғап баба ел бастаған көсемдігімен, сөз бастаған шешендігімен қатар, алдағы болар істі сезіп, біліп, дәл айтатын әулиелік және жоқ-жітікке қашанда қол үшін созатын қайырымдылық қасиеттерімен ел аузынан түспейтін қадірлі адам болған-ды.

«Алма ағашынан алыс түспейді» деген емес пе, би бабасының сол тектілік қасиеттерінің барлығы тал бойынан табылатын Сәкен Кәкенұлы қай жерде еңбек етпесін, қол астындағыларға қамқорлық танытып, еңбектерін әділ бағалап, қызметтерін өсіріп жүреді. Кейіннен өзі де үлкен лауазымдарға ие болып, даңғайыр заңгер ғана емес, Жарылғап бабасы сияқты, есімі ел аузында жүретін сыйлы, беделді де, қадырменді азамат атанды. Мемлекет тарапынан бірнеше Орден, медальдармен марапатталған Сәкен Кәкенұлы үшін ең үлкен марапат – елдің оған деген сенімі, сыйы мен құрметі еді.

       Арада үш-төрт ай өткенде, аудандық соттың судьясы лауазымына тағайындалған Биша Арпабаева

терең білімді, біліктілік пен асқан жауапкершілікті талап ететін судьялық міндетіне кірісіп кетті.

        ...Құдыреті күшті Құдайдың ретін келтіріп жіберген бір сынағы ма, жоқ әлде, аудандық сотқа түскен істердің жағдайы солай болды ма, кім білсін, Биша Қожақұлқызына ал дегенде осы өңір халқын күндіз ойынан, түнде ұйқысынан айырып, екі жыл бойы қан қақсатқан «кислый» бандасының қылмыстық ісін қарау еншісіне тиді. Үйлерді үптеп, қойма мен мекемелерді тонаған, түнде жортқан қорқау қасқырдай, түн қараңғысында қыз-қырқындарды зорлаумен қоймай, алтын сырға, сақиналарын сыпырып алып жүрген қылмыстық топ көпке шейін ұсталмай жүрген еді. Тіпті, асқан қатыгездіктері емес пе, әйелдердің құлақтарындағы сырғаларын етімен қоса жұлып алып, қызыл қанын ағызған фактілер де болғандығын істі қарау барысында белгілі болды. «Көп жортқан түлкі құйрығынан айырылар» демекші, ақыры дәніккен «қорқау қасқырлар» қақпанға түсіп тергеліп, ісі сотқа жеткен-ді. Өте күрделі санатындағы аталмыш қылмыстық істі қарауды жүрексіне бастағанымен, ширек ғасырдай сот жүйесінде істеп, ҚР Конституциясын, «Қылмыстық істер Кодексіндегі» баптар мен тармақтарды «шемішкеше шағатын» Арпабаева іс қарау барысында көп қинала қойған жоқ. Қылмыстық істегі 28 эпизодтың әрқайсында топтағы  11 қылмыскердің  қаншалықты қатысы бар екендігінің егжей-тегжейін анықтап алды. Іс жүргізген тергеушіден күмәнді фактілерді нақты, бұлтартпас дәлелдермен қосымша әкелуге талап етті. Міне, осындай асқан біліктілік пен жоғары жауапкершілікті талап еткен  «кислый бандасының» қылмыстық ісін қарау өз уақытында аяқталып, әділ үкімі шықты. «Аса қауіпті рецедивист» саналатын Кислициннен бастап, қалғандарының бәрі қылмыстық істерге қатыстылығына орай тиісті жазаларын алды. 

        Заң бойынша қылмыскерлерге тиесілі адвокаттардың соттың жоғары сатыларына жазған касациялық шағымдары қанағаттандырылмай, Үкімнің күші өзгеріссіз қалды.

Алғашқы сынақтан мүдірмей өтіп, жоғарғы басшылық тарапынан алғыс алған судья Биша Арпабаеваның өзінің білімі мен біліктілігіне сенімі артып, әріптестері арасындағы беделі беки түсті.

      

 

 

 

 

 

 

         

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Екінші бөлім

 

Сүйемін сені, өмір...

 

                                           Сүйемін өмірді -

Қашаннан дәстүрлі салтым менің.

                                           Сүйемін өмірді,

Сүйемін отты өмір жарқын лебін.

                                           Әр үйде шам жанды,

      Жұмыстан жәй басып шаршап келем,

                                           Сүйемін өмірді,

                                           Тамаша ертеңге кәміл сенем...

 

            (К.Ваншенкиннің сөзіне жазылған

                          «Я люблю тебя, жизнь» әнінің аудармасы)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

...Қалалық соттың үкімі бойынша он тәулік әкімшілік қамауда болған Сәметтің кемпір ұршығындағы таусылмас жіптей созылған кесікті мерзімі аяқталды-ау, әйтеуір! Милиция ауласынан шығып, таза ауаны кеуде кере, қомағайлана жұтты. «Босанып шыққаным рас па, осы» - дегендей, жан жағына жалтақтай қарап біраз тұрып қалды. Батыс жақ көкжиек қызғылт арайға бөленіп, қаңтардың түйе құйрығындай келте күні, әдетінен жаңылмастан, жайлы ұясына қонуға айналған екен. Күнделікті аула сыпыру, қамауда отырғандарға бір мезгіл тамақ әкелу, қар күреу мен дәретхана тазалау  сияқты ұсақ-түйек жұмыстармен далаға шығып жүрсе де, жарық дүниені көптен бері көрмеген жандай, кәдімгідей-ақ сағынып қалыпты. Аула төңірегіндегі «алып кел, шауып кел» шаруасында өзін тұсаулаған аттай қолайсыз сезініп, кібіртіктей беретін. Бұл арада еркінен тыс өткізген он

тәулік бойы желке тұсынан көрінбес қос шырақ тесірейе қарап, әлдебіреу басқан ізін жансыздана аңдып тұрғандай әсерде болды. «Бостандықтың қадірін жайшылықта біле бермейді екенбіз ғой. «Ит тойған жеріне»-деп, түрмеден босана салысымен қылмыс жасап, қайта түсетіндердің қалай таңы атып, күні батады екен? Онсыз да қысқа, бір-ақ рет берілетін ғұмырды темір тор ішінде өткізетін тіршілік иелері өздерін «өмір сүріп жүрміз» дейді-ау. Тіпті, ақылдан ада, табиғат сыйлаған түйсікпен ғана өмір кешетін құс та самғап ұшар кең аспан асты мен еркін қалықтар бостандықты қалайды емес пе...?»

Осы ойдың жетегінде келе жатып, автобус аялдамасына жеткенін сезбей де қалды. «Таныс біреу-міреу кездесіп қалмаса игі еді. Жерден шыққан мәдідей болған мына түріммен ұят-ты».

       Аялдамаға құлақ етін жердей гүрілдей келіп тоқтаған ескі автобусқа зып ете түсіп, арт жақтағы елеусіз орындықтардың біріне жайғасты.

Қанша беттегісі келмей тұрса да өз ошағына оралуға тура келді. Есікті ашып, ішке енген Сәметтің көздері кіре берістегі кісі бойы айнаға түскенде, өз түрінен өзі шошып кетті.

Пошымының соншалықты келісіп тұрмағанын білгенімен де, тап осындай деп ойламапты. Қарсы алдында сақал-мұрты өскен, жақ сүйегі шығыңқы, көзінің қарасынан аласы басым жүдеу кескінді бейне қарап тұрды. Онсыз да арық денесі қушиып, асарын асап, жасарын жасаған қарттай еңкіш тартып кеткен.

Ваннаға ыстық су ағызып, шолпылдатып ұзақ жуынды. Аптап ыстықтағы көптен бері суарылмаған бақшадай, суға деген кенезі кеуіп-ақ қалған екен. Құйынған сайын бусанып, рахаттана түсті. «Асханаға барып тамақтанып келсем бе екен, әлде?» Асқа зауқы соқпай, райынан тез қайтты. Үйінен шығып, қарсыда тұратын көрші кемпірдің қоңыр дермантинмен қапталган есігінің қоңырауын «дыз-з» еткізіп, үстемелете басып-басып жіберді.

       -Кіре бер, қорықпа! - Әрқашан қуақылданып, қулана сөйлейтін Шура апайының таныс, жанға жайлы қоңыр даусы.

        -О, Сәмет! Кел, кел, төрлет! - Есіктен кірер кірмес кімге болса да қонақжайлық танытып, отырғызарға жер тапайтын ежелгі әдетіне басып тұр.

        -Сәлеметсіз бе, ІІІура апай!

         -Бар бол. балам. Жол ортасында неғып состиып тұрсың? Отырсаңшы, - деп жік-жапар болды.

Қай кезде болмасын жинақы, тап-таза жүретін пысық кемпір. Қарапайым тігілген кең көйлек, ұсақ қызыл гүлді алшалғышы өзіне жараса қалған. Арқалықсыз орындықты жылжыта бере:

       -Бөтен адамдай табалдырықта тұрмай, өтсеңші. Қарның ашқан шығар, мен тездетіп борщ жылытып жіберейін. Өзің сүйсіне ішетін украин борщы, - деген ол асыға басып, ас үйге бет алды.

       -Рахмет, Шура апай. Руслан мен Қарлығаның қайда кеткенін білмейсіз бе? - Әйелінің есімін атауға аузы барар емес. Сондықтан балаларын сұрады.

       -Зияда балалармен ауылына кеткен.

        -Көп болды ма?

        -Ұмытпасам. өткен сәрсенбіде. – Кейуананың әрдайым күліп тұратын шуақты жанарына лезде мұң кіреукесі торлана қалды. Олардың кеткеніне өзі кінәлі адамдай көздері жыпылықтап, жүзін төмен салып тұр.

-Мен борщты тездетіп...

-Жоқ апай, әуре болмаңыз, - деген Сәмет сәл кешіксе, көрші апайының қолқасына көніп қалармын деп  қорыққандай асығып, апыл-құпыл сыртқа қарай беттей берді.

«Не деген мейрімді жан! Қашан көрсең де әлдекімдерге қамқор болып жүргені. Танымайтын, айдаладағы біреуге қолында бар ең соңғысын беріп жіберуге бар. Дүниедегі адам атаулы осы кісідей қайырымды болса, реніш, ұрыс-керіс сияқты келеңсіздіктер атымен жоғалар еді. Тамаққа қарамағаныма өкпелеп калды-ау!»

Қашанда Зияда екеуі шәлкем-шалыс келіп, дүрдіараз күй кешіп жүргендерінде шыр-пыр болып араға түседі. Бұлардың татуласуын өтініп: ех, жастар, жастар, күрмеуге келмейтін кысқа жіптей өлшеулі өмірдің қаншасын түкке тұрғысыз күйкілікпен өткіземіз. Сыйлаңдар бірі- біріңді, сыйлаңдар... - деп қинала күрсінетін. Туған анаң да осындай-ақ болар!

Алданыш болсын деп теледидар тетігін басып еді, өзінің сүйікті әншісі Мақпал Жүнісованың концерті жүріп жатыр екен. Сіркесі су көтермей, бұрындар сүйсіне тыңдайтын әннің өзі жүйкесіне тиіп, теледидарды қайта өшіріп тастады. Еш нәрсеге құлқы жок. Жапан далада адасып, жол таппаған жолаушыдай болған өзінің шарасыздық халін ойлады. Көңілі құйын, жүрегінде аласапыран дауыл. Бар тірлік атаулыны тәрік еткендей, бойында бұрын соңды болып көрмеген немкұрайдылык, сең соғып кеткен балықтай сүлесоқтық бар.

Шамды өшірді де, төсегіне шешінбестен кисая кетті. Әлігінде ғана ыстық судан денесі балбырап. маужыратқан бір тәтті ұйқы басқан сияқты еді, онысы сылып тастағандай жоғалыпты. Қанша тырысса да кірпіктері айқасар емес. Санасын тұмандай сансырата торлап, қаумалай түскен сансыз мазасыз ойдан ада болып дүние төңкеріліп кетсе де сезбестей терең ұйқы құшағына батып кетуді жан жүрегімен қалады. Он күн ғана емес, бір жыл көрмегендей сарғая сағынып кеткен жарық дүниедегі ең жақыны, бауыр еті - ұлының бейнесі көз алдынан көлбей өте беріп, тоқ соғып жібергендей жүрек тұсы шым ете қалды.

“Көзіңнен айналдым мөлдіреген. Мені құшақтамасаң ұйықтай алмаушы едің, қайтіп жүр екенсің?” Белгісіз бір күш қолқасын темір қырғышпен қырып жатқандай, тынысы тарылып кетті. Ұлына деген сартап сағынышы көздерінен жас болып толассыз ағып, құс жастыққа жаңбыр тамшыларындай тырс - тырс тамып жатқанын ауыр ой құшағына оранған ол сезер емес. У-ух! Жаны жай таппай сыздап, қос шырағын төбедегі бір нүктеге қадаған күйі ауыр күрсінді. Күрсінісінен запыранның зәрлі, жусанның удай ащы кермек дәмі сезілгендей.

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, ит басына іркіт төгілген мына заманда демінен жалын құсардай аласұра, “ах ұрып” жатқан бұл жігіттің басына не күн туды? Нар жүгін көтерердей қылшылдаған атпал азаматтың өмірден түңілердей сеңсоқты боп, ұйқы көрмей дөңбекшіп жатуына не себеп?

...Сәмет мен Зияда түйдей жасты еді. Бір мектептің қатар сыныптарында оқыды. Жыл құсындай, анда-санда жылт етіп өтіп тұратын би кештерінде бір-жар рет вальс билегендері болмаса, араларында пәлендей ештеңе сөз болған емес. Көрші ауданнан келген Зияда әке жағынан туысатын апайының үйінде тұрып оқитын. Өзі бір түрлі кызық. Тым менмен бе, жоқ әлде, тумысынан тұйық болып өскен бе, әйтеуір ешкімге іш бермей оқшырайып, бөлектеніп жүргені. Шамасы, әке-шешесі ауқатты адамдар болса керек. Қашан көрсең де сәнді киімдерге малына киініп, онысына мақтанғандай, кұрбы құрдастарына менсінбей, паңдана қарайды. Сол мұрын шүйірген паңдығынан ба, жанынан, әдеттегіше, шүйіркелесіп, пыш-пыштап сыр айтысқан қыздарды да көрмейсіз. Әйтеуір, елден ерекше бөлектеніп қалған, түсініп болмас бір құпия жан.

Ғұмыры таусылмастай көрінген мектеп өмірі аяқталып. табақтай аттестат та тиді-ау қолға! Көппен бірге Сәмет те қоңыр чемоданын сүйреп Алматыға жетті. Мектепті өзінен бір-жар жыл бұрын тәмамдап, оқуға түскен ауылдас студенттердің ауыздарынан сулары кұрып, тамсана әңгімелейтін Алматысы. Өзінің жастайынан жатса-тұрса армандаған жүрек қалауы – журналист мамандығы  болғанымен, «қаламгерлікке бағын сынаушылар көп» деген жайсыз хабарды естіген соң, ол жаққа баруға жүрегі дауаламады. Құжаттарын еш жерге тапсырмастан, аңысын аңдығандай біраз жүрді. Ойы: «Қай оқу орнына құжаттар аз тапсырылса, сол жерге ат басын тірейін. Әбүйір боп әйтеуір бір жоғары оқу орнына түсіп кетсем, бір жыл оқыған соң, өзіме арман болған журналистика факультетіне ауысып кету соншалықты  қиын шаруа бола қоймас...»

Қаланы шарлай, жағдайды барлай жүріп байқағаны: «келе ғой» деп, құшақ жайған оңай-оспақ оқу орны жоқ. Ойлана келе: «Неде болса, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне тапсыру керек» деп шешті. «Нар тәуекел! Жығылсам нардан жығылайын!»

...Зияда шет тілдер институтының неміс тілі факультетіне ат басын тіреген екен. Әдрісін білмесең, әдейілеп іздесең де таба алмайтын алып шаһарда халықтан жыртылып айырылатын «көк базар» ішінде екеуі кездейсоқ тоқайласып қалды. Шет жерде кездескендіктен бе, Зияда ашық-жарқын әңгімелесіп, екеуі мәре - сәре болды да қалды. Бір-біріне тұрып жатқан пәтерлерінің әдрісін берісіп, емтиханға бірге дайындалуға уәде байласты. Бар пәле сол емтиханға дайындалудан басталды.

...Кешегі уәде бойынша Сәмет Горький атындағы парктің кіре беріс қақпасы жанына келгенде, күні бойы елдің апшысын қуыра күйдірген аспандағы алып мыс табақ жынынан айырылған бақсыдай жуасып қалған еді. Батыс жақ қызғылт-сары реңге боянып, алтын күн жылы орнына қонуға айналған-ды.

Он сегіз деген жасты артқа тастап, он тоғызға аяқ артқан бозбала өмірінде тұңғыш рет басынан өткергелі отырған қызбен кездесу сәтіне таң атысымен әзірлене бастаған. Сан жағы қушықтай, балағы далаяқтай «клеш» шалбарын табада май шыжғырғандай шыжылдатып, қырын ұстараның жүзіндей етіп екі қайтара өтектеді. Өткенде көк базар алаңында сыған әйел жасырын өткізіп жүрген нейлон көйлекті удай бағасына қарамастан сатып алған, сонысын киді. Аспанда шөкімдей бұлт болмаса да, кеше ғана, тағы да сол тілеуің бергір сығандардан жең ұшынан жалғасып алған «балонье» плашын шиыршықтап орап алды. Оралған күйде бұл өзі бар-жоғы білінбейтін, қос уысыңа сыйып кететін жеңіл, ұршықтай ғана. Әрине, бүгін оның қажеті шамалы. Бірақ, уақыт ағымынан қалуға бола ма, мода...

Уақыт құрығыр мұндайда тез өте қоюшы ма еді, «келем деген жеріңде күтіп тұрмын, сәулетай, күткен қиын сарғайып тұрған жанға...» деп ән жолдарында айтылғандай, сағат тілі бір сәтке тоқтап, демалғысы келгендей баяу жылжиды. Білегіндегі оқуға жүрер алдында ғана анасы сатып әперіп, өмірінде алғаш рет таққан сағатының бетіне қарағыштап, жүрегі өрекпи соғып тағатсыздана күтіп тұр.

- Қайырлы кеш!

Сыңғыр ете түскен қоңырау дауысқа селк ете жалт қарады. Бейқам тұрғанына ыңғайсызданды білем, қолындагы гүл шоқтарын қызға ұсына беріп:

 - Сәлеметсің бе, - деп қысыла жымиды. Қолайсыз жағдайдан өзі құтқарып алғысы келді ме, қыздың: “Ал, жігіт келсе, қыз дайын” - деген орынды әзіліне екеуі қосыла күліп жіберді.

Сәметтің қыз пошымына бажайлай қарауға енді ғана шамасы келді. Қынама белді көйлегі қысқа болғандықтан, тоқ балтыры айқынданып, биік өкше туфлиі бойын бұрынғыдан сұңғақтата түскендей. Қос иығына төгілдіре кырыққан қою қара шашы ақсары жүзіне жарасып-ақ тұр. Жіңішке етіп түзеген қастары да домалана біткен толықша келген әдемі бетімен жарасымды үйлесім тапқан.

       -Не болды сонша сұқтанып? Танымай тұрғаннан саумысың? - деген Зияда, жігітке ұнап тұрғанын біліп, наздана күлді.

        -Шынында да танымастай болып әдеміленіп, нағыз хас сұлудың өзі болып кетіпсің.

        -Қойшы, көзге мақтауға бола ма екен? Одан да кешті қалай өткізетінімізді келісіп алайық.

       -Киноға барсақ қайтеді? - деген Сәмет қыз жүзіне барлай қарады.

       -Жігіт өзі кесіп айтар болар. Бүгін қайда бастасаң да құзырыңа құлдықпын. - Зияда осы сөзін дәлелдегендей жігітті қолтықтап алды. Жұптары жарасқан екі жас парк ішіндегі "Родина’' кинотеатрына бет түзеп барады.

...Асқар да, өр кеуде Алатау аясындағы Алматының айлы түні. Кинодан шыққан Сәмет пен Зияданың парк ішінде қыдырыстап жүргендеріне біраз болған. Олардың көргендері «Джазда тек қыздар» атты күлкілі кинофильм еді. Екеуінің де бірінші рет көруі. Езу жиғызбас сюжеттерге толы фильм көруге жеңіл екен, екеуіне де ұнады. Серуендей жүріп киноны талкылап, пікір бөлісті.

Екеуінің де аяқтары талды білем, бір топ караған түбіндегі ағаш орындыкка жайғаса отырды. Алтын табақтай дөңгелене толған айдың дірілдеген нәзік сәулесі жастарды ұялтпайын дегендей, қараған бұтақтарының арасынан өтпей, қалың жапырақ арасына сіңіп, жоғалып жатыр. Әлігіндегі кинодан шыққан кездегі сияқты еркіндік, жарасты әзіл мен көңілді күлкі біржаққа қашып кеткендей, екеуі де үнсіз. Сол үнсіздікпен демдерін іштен алып, тым-тырыс, қозғалыссыз қалған.

       -Жұлдыздар көп... Ертең күн ыстық болады... - Еңсені езердей тылсым тыныштықты бұзғысы келген қыздың тіл қатуынан да еш нәтиже шықпады. Әлсіз сыбыр жігіт тарапынан жауапсыз қалды.

 Сәмет бүгін өзін-өзі танымай отыр. Қыздар қауымы ішінде қашанда еркін әзілдеп, қуақыланып, олардың алдында өзін судағы балықша сезінетін. “Әншейінде ауыз жаппас, той болғанда өлең таппас” - деп, қыз алдында жігерінің құм болып, дәрменсіз кейіпке енгеніне намысы келді. Кеудесінен шыға қашардай бұлқынған жүрегінің асау дүрсілі бүкіл парк аумағына естіліп, жаңғырып тұрғандай сезінді. Сол намыстың оты оған қамшы болып тиді ме, бір кезде тақалып, тізе түйістіре отырған қыздың аш белінен айқара құшақтай алды да, қаймақтай ернінен «шөп» еткізіп сүйді. Мұндай «ерлік» жасауға батылының жеткеніне өзі де таңданып қалды. Ересек жігіттердің ындыныңды құртып, тамсандыра әңгімелегендерінен естіп, білген "сүйісу” деген “романтиканы” бастан кешуі тұңғыш. Кинолардан  көріп жүргеніндей, жағына ащы шапалақ сарт ете түсе ме деп қауіптеніп, тосылып қалды. Жоқ, үнсіз отырған қыз тарапынан ондай оғаш қылық та, қарсылық та байқалмайды. Тек, еш қимыл, қозғалыссыз сұлқ отыр. Соған еркінсіді ме, қызды бауырына қыса тартып. үлбіреген ернінен сүлікше сорып ұзақ сүйді. Еріндері отша лапылдап жанып тұр екен. Екеуінің де денесіндегі жеңіл дірілді сезді. Жігіттің өне бойы қызып, басы айналғандай масаң күй кешіп отыр. Бұрын-соңды басынан өткеріп, түйсініп көрмеген, бойды балқытар ләззаты мол түсініксіз бір күй...

-Сәмет, үйге кайтайықшы... - Сыбырлай шыққан әлсіз,  естілер-естілмес үннен жігіт есін сәл жиғандай болды. Баяу, мас адамша екі жаққа теңселіп кеткен ол отырған орнынан әрең тұрды. Көздерін ұшырастыруға қорыққандай, бірінің бетіне бірі қарамаған екеуі такси ішінде де тіс жарысқан жоқ.  Тұрып жатқан үйінің ауласына тақай келіп тоқтаған көліктен түскен кыз биік қақпа ішіне қоштаспастан, жүгіре басып еніп кетті. Сәметтің шамалауынша, мектеп партасында оянған «Риза» атты риясыз, пәк те, кәусар тұңғыш - бала махаббаттың жүрекке салған жарасының орны қарақотырланып жазыла бастағаннан кейінгі, есейіп, ес тоқтатқан махаббат осылайша, ойда жоқта, күтпеген жағдайда кез болды.

...Барлық пәннен емтиханды ойдағыдай тапсырып, сынақтан сүрінбей өткен Зияда студент атанды да, Сәметтің арманына айналған ондай бақыт жонын көрсетіп, бұдан сырт айналып кетті. Пәндердің бәрін «төртке» тапсырғанымен, «конкурс» атты қызыл көз пәледен өте алмай қалды. Қоңыр шамаданға «балаларға» деп, кәмпит-мәмпәси сияқты тәттілерді сықай тиеген базарлықтан бөлек, бір жұп бокс қолғабын торкөз сеткіге салып алып, «ауыл қайдасың» деп жол тартута тура келді. Қолғап үшін тәтем: «өзі ақша жоқта мына дөңбектеріңді неменеге сүйреп әкелгесің?» деп ұрсатынын білгенімен, бала кезден армандаған бұл алтынға бергісіз дүниені сатып алмасқа шарасы болмап еді. «Е, қайбір ұрсыс естімей жүрген бейбақ Сәметпін. Ұрсар, ұрсар да қояр. Қып-қызыл ақшаға келген нәрсені отқа жағып жібермес...»

Қызық - шыжығы өмірі таусылмастай көрінген жасыл жапырақтары жадырай күліп, сыбырласа жайқалған жадыралы да, базарлы  жаз өтті. Сол жасыл жапырақтарды жылата, сағыныштай сарғайтып, еркіндік дәуірімен қимай қоштасқандағы ұзатылып бара жатқан қыздың сыңси жылағанындай сіркірей жауған сілбір жаңбырын бір толастатпаған қоңыр күз де жетті. Енді бір айдан соң Сәметтің қолына: “Үсенов, сіз Совет Армиясы Қарулы күштері қатарына әскери міндетіңізді атқаруға шакырыласыз” деген аудандық комиссариаттың шақыру кағазы тиді.

Бұл кезде ұлы лирик Абай хакімнің: «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай, біреуі келер ерте, біреуі жәй» деп жырлағанындай қарашаның қара суығы түсіп, қыс ауылының хабаршысы - алғашқы қар да қара жердің бетін жасырып үлгерген-ді.

“Әскерге жүретін болдым” деген шұғыл телеграмманы алғанда, күзгі ауылшаруашылық жұмыстарында болып, оқуына енді ғана кіріскен Зияданың ұшып жетуге қанаты болмады. Ағайын-туғандар мен дос-жарандар жиналған шығарып салу кешіне дәл келіп үлгерген ол той тауқыметін атқарысып, аяғынан тік тұрып қызмет қылды. Сәметтің аттанар алдындағы: «тосасың ба мені?» - деген сұрағына:

  - «Тосам, жаным! Сені өмір бақи күтіп өтуге бармын...» - деп, көз жасына тұншыға сыбырлаған.

Зияданың махабаттың сағыныш сазына толы, жүрекжарды хаттары төрт-бес күнде бір келіп тұрды.

Бауырлас азербайжан елінде тиісті екі жыл әскерлік міндетін атқарып ауылға оралған Сәмет мемлекеттік мекемеге қызметке орналасты.

Қазақтың қай мақал, тәмсілі ойдан шығарылады, бәрі өмірден алынады емес пе?! «Адамның ойлағаны болмайды, Құдайдың бұйырғаны болады» деген рас екен. Ойламаған жерден тағдырдың соққан оқыс дауылы жел ұшырған қаңбаққа ұқсатып, Сәметтің өмірін басқа арнаға түсіріп жіберді. «Жақ сындыру» оқиғасы бойынша талай шырғалаңды бастан кешіп, арада бірнеше жыл өткенде Зияда екеуінің өмір жолы қайта тоғысты. Жігітті құшақ жайып, қуана қарсы алған қыздың айтуы бойынша денсаулығына байланысты «академка» алып, институттағы оқуын келер жылы әрі жалғастырмақ екен.

Көп кешікпей, олар үйленуге сөз байласты.

...Бітпестей көрінген той өтіп, қонақтар да тарқады. Алғашқы неке түні. Екі жастың көптен бергі асыға, аңсай күткен сәті. Жаңа түскен қардай ақшаңқай жайма төселген жар төсегінде қос құшақ ашқарақтана айқаса кеткен. Қабынан шығып кетердей бұлқынған тынымсыз жүрек дүрсіліне бірі - біріне іңкәр екі жастың тән дірілі қосылып, ләззатына тойып болмас ыстық сүйіс басталды. Сол тәтті ләззаттан масайып, басы айналған Сәмет ұзақ аймаластан сон, қос иінінен ентіге дем алып, қолдары қалтырай жас жарының жатын киімдерін шешуге бет алды. Сәл бөгелсе айырылып қалатындай асығып, тырсиған қос анарын жапқан төс қабының  түймелерін саусақтары дірілдей жеделдете ағытқан ол қыздың бар лыпасын сыпырды-ау, әйтеуір!

-Ештеңе таппайсың! - Әлсіз, жер түбінен естілгендей сыбырлай айтылған қыз даусы оның жүрегіне өткір қанжар сұғып алғандай, денесін дір еткізді. «Ештеңе таппайсың!», «ештеңе таппайсың!» - Миын зыңылдатып, жарықшақтана жаңғырыққан сол қос ауыз ащы сөзден шекесі солқылдап, ағзасының бүкіл жүйке тамырлары өз қызметтерін атқарудан кілт бас тартқандай қимылсыз, сұлқ түсті.

Инесі бір орнында тұрып қалған күйтабақша, санасында сансыз қайталанған қос ауыз сөздің тотияйындай зәрлі де, ащы мағынасы түйсік түкпірінде жаңғырығып, өртше жанған балғын денесіне мұз аралас су құйып жібергендей, табан астында суып сала берді. Тұла бойын шексіз дария түбіне шым батып бара жатқандай дәрменсіздік билеп, сүлесоқ күй кешіп жатыр. Аса бір тәбетпен ішкелі отырған дәмді асына бұралқы ит ауыз салып кеткендей тітіркеніп, осы жаңа ғана өліп-өше сүйісіп, аймаласқан сүйікті жарына лезде жиреніш сезімі пайда болып үлгерді.

«Сол бір Алматы - астана аясындағы, алақұйын, қысқа абитуриенттік өмірден бастама алып, ата - ана, қоғам, болашақ ұрпақ алдында асқар таудай жауапкершілік жүгін жүктеген жанұя құру сынының баспалдағына аяқ басарда, айнымас серік, өмірлік сыңар мен аяулы да, адал жар болу үшін екі жақ үшін ең басты, ең қажетті де, қымбатты нәрсе - «махаббат» - атты асыл, отқа салсаң жанбас, суға салсаң батпас қасиетті сезім болды ма?»

Осы бір, шешуі беймәлім шексіз есептей шытырық, қорытындысы белгісіз сұрақтың нақты жауабын Сәмет қазірдің өзінде тақ еткізіп айтып бере алмас еді. Рас, ұнатты. Бір сәт көрмесе сағынып, қауышқанша асық болды. Кездесу сәтінің таусылмауын жанымен де, тәнімен де қалап, сол кездесуден рухани азық, жан ләззатын алды. Ал, осы сезімі - өмір төсінің қым-қиғаш, сан қилы қиындықтарына салған сайын шыңдалып, суарған болаттай шыныға түсетін, өмірде кездеспей қоймайтын сындарлы шақтар мен тағдырдың салуы әбден мүмкін тәлкектердің бәріне шыдас бере алатын берік те, асыл махаббат сезімі ме еді?

Жер - ана топырағынан сансыз нәзік тамырлары арқылы нәр алатын жаңа көктеген гүлге жер қуатынан басқа, тіршілік кіндігі – күн атаның нұрлы шапағының қажет екендігіне кімнің таласы бар? Сол сияқты, балалықтың бал дәуренін өткізіп, есейгендік өмірге қадам басқан жас жігіттің ата-ана құшағынан басқа да рухани жан саясын іздеуі - өмірдің табиғи заңдылығы.

Оның үстіне, ойнақтап жүріп от басып, Жәрия атты арсызды «бақытты етем» деп, ауызы оңбай күйіп, пұшайман хал кешіп жүрген сәттегі жан саясы – Зияда қызға деген оянған нәзік сезімі десек, ол сезімнің ет пен тері арасындагы жел сияқты өткінші болуы да, тамырын терең жайған алып емендей орнықты, қайратты болуы да мүмкін ғой...

 Асыл сезімнің беріктігін, қуаттылығы мен мәңгіліктігін сынайтын «уақыт» атты сыншы бар емес пе? Екеуінің сол сезімдері уақыт-сыншының тегеурінді сынағынан өтті ме, жоқ па? Жастықтың лезде лап етіп, отша жалындаған алғашқы сезімінің жетегінде кетіп, Зияданың бар болмысын, бейнесін өзінің ой-санасында қиялындағыдай, өзі қалағандай етіп жасап алған жок па?

Санасындағы кіршіксіз, пәк бейнемен іштей тілдесіп, ойша қауышып, хат аркылы жүздесіп жүрді ғой. Ойлап тұрса, астанаға оқу іздеп барған балаң шақтағы саусақпен санарлықтай ғана кездесулерден басқа, еске алар бірге өткізген күндері де болмапты...

 Жарайды, бұл оны жан-тәнімен, құлай сүйсін делік. Ал гүлдей нәзік, қылдан жіңішке қыз сезіміне терең бойлап, ой жүгіртіп көрді ме? Санасына маза бермей, ми қатпарларында бал арасы сияқты ызыңдап, дамыл таптырмаған сансыз сұрақтарға жауап іздейді. Тағы да «уақыт» атты қатал да, әділ сыншы алдынан көлденеңдей шығып, көңіл түбіндегі күмәні мен дүдәмалын, суырылмастай берік қағылған мыс шегедей орнықтыра түседі.

Алғашқы неке түнінде болған жәйға күні бүгінге шейін қайтып оралған емес. Тіпті, соны есіне алып, көз алдына келтіруден қашады. Бірақ, екеуінің арасындағы, егер солай атауға болса, «махаббат» атты асыл сезімдеріне, жан тұнықтарына неке төсегі үстіндегі, нақ сол қарғыс атқан сәттен бастап жамап-жасқауға да, ешбір дәнекерге де келмейтін қою қара сызат түскені еш талассыз, айдан анық еді...

...Обалы не, олар түңғыштары Қарлыға дүниеге келгенше бір адамдай-ақ тату-тәтті тұрды. Жарының алдындағы, қара жер қойнына кіргенше өзінің бетіне шіркеу болып өтетін алғашқы неке төсегіндегі абыройсыздық айыбын білгендіктен бе, жоқ әлде, өзінің басқа бақай есебі болды ма, әйтеуір Зияда Сәметке жайылып жастык, иіліп төсек болуға тырысты. Қарлыға туған соң «қар жауып, із басылды» деді ме, немесе Үсеновтар әулетіне бір жан қосқанын міндет кылды ма, ол жағын кім білген, адам танып болмастай өзгеріп кетті.

 «Біздің үйде жанартаулар бұлқынып,

  Әлсін-әлсін тұрады жер сілкініп» деп ақын жырлағандай, бас білмейтін асау тайдай жиі мінез көрсетіп, себепті себепсіз шу шығарып ұрсысуды әдетке айналдырды.

Бірде шудың шығуына мынандай жағдай себеп болды. Бұлар тұрып жатқан ауданда теміржол желісі болмағандықтан, жұртшылық қыстық көмірді көрші ауданнан барып алатын. Сәмет анасы тұрып жатқан ауыл іргесіндегі теміржол бекетінен қыстық көмір алуға аттанған. Барған сапары сәтті болып, өзі сұрыптап алғандай ірі «Семей» көмірінің дәл үстінен түсіп, машина толы көмірді  үй ауласына таудай қылып аударып тастады. «Жақсы болды, жауын-шашынға ұрындырмай, өз уақытында түсіріп үлгердім» деп, қуанышы қойынына сыймай аңқалақтай           үйіне кіргенде, Зияда қуанудың орнына қабағын қарс жауып, түнере қарсы алды.

-Не, әбден үйретіп жіберді ме?

Сәмет не болғанын түсінбей, аңырая тұрып қалды.

-Кім нені, кімге үйретіп жіберді?

-Шешең мені қалай ұстап, қалай тұқыртуды үйретіп жіберді ме?

 -Ей, сен осы айдалада өздерімен өздері, саған салмақ  салмай, сенен ештеңе сұрамай, тіршіліктерін жасап жатқан менің анамда не ақың кетті? – Анасын жазықсыз қаралауына, еш себепсіз, жоқ жерден ұрыс шығарғанына күйіп кетіп:

 -Саған осы не жетпейді? Анам сенің көзіңе шыққан сүйел болып көріне ме? Саған жұмыс жаса, ақша тап деп отырған мен жоқ. Шүкір, денім сау, аяқ-қолым балғадай. Менің тапқаным бәріне жетіп артылады. Екеуімізге ортақ қос қарғаларымызды тарықтырмай, ойнап-күліп, ынтымақ пен татулықта өсіріп-жеткізуге болмай ма? Қойсаңшы, бүйректен сирақ шығарып, жоқ жерден ұрыс бастайтын қылығыңды...

-Тапқан ақшаңды міндет қылма! Қатын алған екенсің, бала таптыруды білген екенсің, асыра. Елдің еркегі сияқты машина ал, дача сал...! – Долданғаннан беті көгеріп, көздері алара сазарып алған әйелі тепсініп тағы бірдеңелерді қоқсытуға айналғанда,  оның сөзінің соңын тыңдамай, қолын бір сілтеп:

-Тапқанымды міндет қылып отырған кім бар? Саған дауа жоқ екен, айтқан сөзім қор – деген Сәмет үйден тезірек шығып кетуге асықты.

 Бұрындар білдірмей жүреді екен, Зияда біреудің жылтыраған бірдеңесін көрсе, қызғаныштан құлап түсетін көрсеқызар, өте дүниеқор жан болып шықты. Басқаның өзінен бір мысқал болса да төмен тұрғанын, өзінен аспағанын қалайтын іші тар екені анық байқалды. Оның үстіне, мірдің оғындай тіліп түсер тілі жыланның уындай ащы, адыраспан тұнбасындай зәрлі-ак! Шу шығарар кезде, ойпырым-ай, қайдағы-жайдағы бірдеңелерді ойлап тауып, қиюын келістіре зырылдатқанда, тіпті, Сәмет алғашқы кезде «солай ма еді...?» деп, не айтарын білмей аңырайып тұрып қалатын. Сәлден кейін дұрыс-бұрысына бажайлай ой жүгірткенде барып, «өй, мынауың мені көрнеу нахақтан нахақ қаралау ғой» деп, жаны күйіп кетеді.

Басқа уақыттарда кезекті жанжал өтіп, жаңбырдан кейінгі бұлт астынан алтын шуағын шашып, жарқырап шыққан күндей қайта татулык орнаған соң, ащы запырандай жүрекке тиетін кикілжің ұмытылып сала беруші еді.

Өткенде, екеуі бір тату, көңілді отырғандарында:

-Өзің бір қарағанда бәрін терең түсінетін, жақсы-жаманды бажайлап, қорытынды жасай алатын жансың. Енді бірде өзіңді ұстай алмай, дірілдеп-қалшылдап, аузыңнан не кіріп, не шыққанын білмей көгереңдеп шыға келесің. Сол долылығыңа не себеп екенін айтшы...? - деп сұрағаны бар.

-Жынды шешеміз Рақима барлық балаларын бірі-біріне қарсы қойып, бірін екіншісіне шағыстырып, бәйе-шәйе қылып өсірді. Содан осылай көкбет болып шыға келгенімді өзім де сезбей қалдым. Баланың барлық мінез құлқы ананың уыз сүті мен көрсеткен үлгі-өнегесі арқылы қалыптасады ғой. Өзің байқап жүрсің, әкем жуас, тек бала-шағасын тарықтырмай, ешкімнен кем қылмай өсіруді ойлайтын еңбекқор. Бірақ, оның тапқанын дарақылана шашып жіберіп, бір апта өтер-өтпес «ақша жоқ, бітті» деп, сымпиып отыратын шешеме «қайда жұмсап үлгердің?» дейтін адам жоқ. Бірдеңе десе шу болып, жанжал басталатынын білетін әкем «бұл қалай?» деуден де қалған. Тіпті, анада-санда жыл құсындай жылт етіп көрініп кететін автолавка келгенде әкеме: «біреу-міреу үйге бас сұға қалса, ұят болар» деп, отардағы колхоз  малынан құйрығы тегенедей бір қойды автолавка иесімен бір жәшік араққа «бартер» жасап жіберетін анамның санасыздығын қайтерсің. Мәселе үйге біреулердің келуінде емес, өзінің құлқынының құрып, арақ ішуге сылтау іздеп отыруында екеніне менің әбден көзім жеткен. Сандыққа сықай салып қойып, әртүрлі сылтаумен, тіпті, «көңілім қатты құлазып отыр» деген желеумен өзі жападан жалғыз арақ ішіп отыратындығына зығырданым қайнап кететін. «Мұның не, ұят емес пе?» десем, «сенің ырысыңды ішкем жоқ, шаруаң болмасын» деп, бетімді қайтарып тастайды. Әкемнің беделімен колхозда өмірі ши басын сындырып көрмеген ақылсыз шешемнің кесірінен ол байқұстың еңбегі қор, тіршілігі сор болып жүргеніне өзімнің де жаным ашиды. Соғыста болып, басынан үлкен жарақат алған ол колхоз бастығы, бригадир болып істеп, табысты табудай ақ тапты. Қазір, қартайған шағында, міне, телім-телім болып, колхоздың қойын бағып жүр. Қолдағы барды ұқсатпаған соң таптың не, таппадың не... Елдің бәрі әкемді қадірлеп, «Дүке», «Дүке» деп сыйлайды. Тек бір ғана адамға – шешеме қадірі жоқ – деген Зияда ағынан жарылып, көзіне жас алғаны бар.

-Сен сондай жағдайлардың бәрін білесің, түсінесің. Бірақ, өзің ақылсыз іс жасайсың. Балаларға да ес кіріп қалды. Солардың жүректерін ауыртпай, тату болып, ынтымақта өмір сүрейікші...

-Оның рас. Шу шығармай, дұрыс тұруға тырысамын ғой. Бірақ, долылық қысқан кезде, жақсы ой мен оңды жоспарларымның бәрі ұмытылып, көтін қысып қалатынына өзімнің де таңым бар...

...«Көңіл бір атым насыбайдан қалады» демей ме қазақ аталарымыз. Ұрыс - керіс жиілеп, жанға жара салар жанжал мен жүйкеге инедей қадалатын ұрсыс қайталанған сайын Зиядаға деген ыстық сезімі көк мұз үстіне шашылған қоламтадай суи берді. Аралары екі айырылған өзен тармақтарындай алшақтай түсіп, ақыры - неше жыл бойы жүйкені жүндей түтіп, төзімді тоздырған дау - жанжалдың шегіндей болған өткен жолғы келеңсіз оқиғаға апарып тірелген-ді...

      ...Тұңғиык ой теңізінен арылып, терең ұйқы кұшағына беріліп кетуді қанша каласа да, онысынан ештеңе шықпады. Кірпіктеріне әлдекім көзге көрінбес тіреуіш қойып койғандай айқасар емес. "У-x-x!" Жалын ата күрсініп, екінші жамбасына аударылып түсті. Енді сол жанға жарақат салған келеңсіз оқиға көз алдынан кино экранындай көлбей өте берді.

        ...Сәметтер тұратын көпқабатты үйдің келесі бөлігіндегі шахтер Айтбек атты жігіттің пәтері жиналған қонақтардан жыртылып айырылардай. Сәмет пен Зияда сәл кешігіңкіреп келіп, қонақтар орындарына жайғасып қойған екен, жастар жағы: «О, Сәбе, жоғары шығыңдар! - деп орындарынан тұрып, төр жаққа өткізіп жіберді. Дастархан да келісті жасалыпты. Шұжық, қазы-қарта, жал-жая, жент сияқты ұлттық тағамдар, бал, алма, мейіз, өрік,  секілді таңсық жемістер де столдан орын алған. Әр жерде моп-момақан болып, көздің жауын алатын әртүрлі шараптар мен шампандардын кыл мойынды, тоқ бүйірлі шишалары «мені іш», «мені іш» дегендей мөлие қалыпты. Ара - арасында көз жасындай мөлдіреген, жуасты сөйлететін, қорқақты батыр, ұялшақты шешен ететін арқыраған  ақмағанбеттің құтылары да тұр қоқиланып. Бірнеше табақпен буы бұрқырап ауызға салсаң еріп жүре беретін, дәмі тіл үйірер тұшпара келді алдыға.

Осы тойдың күнәһары, осынша қонақтардың жиналуына себепші болып отырған бір жасар сәбидің құрметіне көптеген жақсы лебіздер білдірілді. Ішілді, желінді. Тегінде ішімдік атаулыны татып алмайтын Сәмет пен төрдің қақ тебесінде отырған әдеміше, талша бұратылған aққұба келіншектен басқалардың бәрі ішіп отыр. Әркім өз шама шаркынша, бірі тиіп-қашып, енді біреулері рөмкелерін жартылай ішуде.

Тостың тезірек айтылып бітуін шыдамсыздана тосып, “сол үшін алып қоялық” деген сөз ауыздан шыға салысымен, “көрдім бе, жоқ па” дегендей, көмейге құя салып, қасқая қарап отырған да бірлі-жарым қонақтар бар. Обалы не, той қызықты, көңілді-ақ өтіп жатыр. Ішіп-жеудің арасында ән шырқалып, би биленді. Асаба да келісті жігіт екен, отырыстың сәнін келтіріп, орынды әзіл, нелер қуақы да, күлдіргі әңгімелермен елдің ішегін қатырып, күлкіден езу жиғызбады.

Осы тойдан бір апта бұрын басталған ұрыс-жанжалдан мезі болып, жүйкелеп, еңсесі көтерілмей жүрген Сәмет бір жасап қалды. Оқушы кезден мәнеріне келтіріп сықақ оқитын өнері бар еді, соны көрсетті. Маскүнемнің кейпіне сала бұлғақтап, былдырлай орындалған сықақ жиналғандардың көкейінен шығып:

       -Ой, Сәмет, жарайсың! Тағы біреуін оқып жібер, - деп жамырасты.

       -Сәбең дәл біздің кейпімізді айнытпай салып бір  қатырды-ау!

        -Ей, мынау сен екеуміз ғой! - Бұл ішімдікке көбірек көңіл бөліп, сықақтан өз бейнесін көргендей болған бір - жар жігіттердің жүрекжарды сөздері. Еш ашу-ызасыз, өздерінің қылықтарын мойындап, сана түпкіріндегі ұяттары бой көрсетіп отыр.

        Зияданың  бұрыннан әнді бірсыдырғы жақсы орындайтын өнері бар және даусы да келісті еді.

       -Сәмет, өкпені қой. Ренжіме. Менің бір еркелігімді көтере алмайсың ба? - Бір апта уақытқа созылған кикілжіңді айтып тұр. Өзі тіпті көңілді-ақ. Күйеуін құшактап, бетіне бетін тигізген күйі:

      -Одан да өзіміздің сүйікті әнімізді бірігіп орындайық - деді өтінгендей. Бағанадан бір де бір тосты құр жібермей, еркектермен қосыла ішкен арағы өзіне жаққандығы болар, ақсары жүзіне қызыл шырай тарап, екі беті алаулап, әдеміленіп кетіпті. Шырадай жанған көздері де көңілденіп, жалт-жұлт етеді. Той кызығынан және әйелінің ымыра, ынтымаққа шақыруынан, неше күнгі еңсесін езген көңілсіздіктен арыла бастаған Сәметтің әйеліне деген реніші де ұмытылуға айналған. Зияданың өз кінәсін мойындағандай болып, бірге ән шырқауға шақыруы-күйеуінің көңіл көгаршынын көкке шарықтата ұшырып жібергендей күй кешті.

Татулықты қалап, мезі еткен кикілжіңнен арылуды аңсаған ол көп ойланбады. Әйелінің иығына оң қолын аскан күйі:

    Көргенімде алғаш өзіңді- мөлдіреген жас кезің,

    Түсінбедің бе әлде жанымды, биледі ме бір сезім.

    Еріксіз оның қасына таныстым барып мен өзім,

    Күлімдеп көзі жай ғана, «Ақтоты» деді ол өзін-деп, екеуінің талай той кештерінде қосыла айтатын "Ақтоты" әнін бастап кетті. Сәметтің даусы пәлендей керемет болмағанымен, ойын-қызықтарда айтуға жарайтын бірсыдырғы қоңыр даусы бар. Келіншегінің келісті даусымен қосылған ер даусы шырқалған әннің сәнін келтіріп-ақ жіберді. Иірімдерін нәзік сезім, терең көңілмен нақышына келтіре айтылған ән құдіретімен сиқырланған ел бір сәт тына қалып, тұңғиық ой құшағына беріліп кеткен.

         Жанымның гүлі, жүректің үні,

         Өзіңсің жалғыз Ақтоты!

         Жанымның гүлі, жүректің үні,

         Өзіңсің жалғыз Ақтоты!

Көк жүзіне шарықтай шалкып, жерге қалықтай, жәйлап қонған ақ көгаршын сынды баяу ғана аяқталған әннің біткеніне өкініш білдіргендей, ел тым-тырыс отырып калған. Енді бір сәтте:

- Ой, бәрекелді! Көп жасаңдар! - Жұрт дабырласа ризалықтарын білдіріп, дүркірете қол соғып жіберді.

Жайшылықта да ішімдікке теріс қарамайтын Зияда қызды-қыздымен біраз сілтеп-ақ жіберді. Майын тамызып, сөздің түбін түсірердей шебер сөйлейтін әдетімен әр нәрсені сампылдай, көңілді әңгімелеп отыр. Ішкені басына шығып кетті ме, жоқ әлде өзінен асқанды көре алмайтын іштарлығы ұстап кетті ме, төр төбесіндегі ішімдік атаулыға жұғыспай, минералды сумен қанағаттанып отырған әдемі келіншекке қарадай шүйлікті. Оны ғұмырында алғаш көруі болса да ретін тауып қағытып, шымши сөйлеп, тобықтан кағып отыр. Қанша рет қағытқанына мән бермей, келішектің кұлағынан асыра салған қылығына Зияданың ашудан жарылардай түрі бар.

- Ертең барахолкаға шуба іздеуге  барамын – деп, қатар отырған мосқал тартқан әйелге әңгімелеп отырған  келіншек сөзіне шоғайнаша жабыса қалсын.

- Көрдік акшаңның көп екенін. Әуеде бар, жерде жоқ болып отырғанын сол ақшаңның буы ма? - деді Зияда көздері ақшиып.

Жазықсыз келіншек өзінің еш себепсіз сөз естігеніне күйіп кетті:

       -Әй, менде не ақың кетті осы? Бір емес, екі емес, бірнеше рет қағытып мазаны ала бердің ғой. Қойсаңшы, мен  саған бірдеңе дедім бе...?

      -Елден ерекше оқшырайып, танау көтеріп менсінбейтіндей осы сен кімнен артықсың? Салмақтағаның байыңның машинасы мен бастықтығы шығар? - Зияда қос қолымен екі бүйіріне таянып, келіншекке ала көздерімен ата қарады. Ата жауын көргеннен бетер сұрланып, қарсыласын түтіп жіберердей жанына итіне жетіп келді.

Балконда бір топ жігіттермен салқындап тұрған Сәметтің құлағына әйелінің тарғылдана, шаңқылдай шыққан үйреншікті даусы түрпідей тиді. «Тағы да ұстасты-ау біреумен». Көпшілік жиналып, ішімдік ішілген жерде бүйректен сирақ шығарып, шу көтеретін әйелінің шайпау мінезіне айдай қанық Сәмет үйге өрт тигендей асыға кірді. Ойлағанындай-ақ әдемі келіншектің жанында жынын шашқан бураша шаптығып тұрған Зиядасын көрді. Жүзінде бағанағы әдеміліктің ұшығы да қалмаған. Әлігінде ғана қызыл алмадай шырайлана алаулаған беті бишаралықтан тарғылданып, көгеріп кетіпті. Сыпайы ғана күлісіп, сызылта ән шырқаған, әдемі әзіл сөздер айтқан әйел осы дегенге адам сенбестей.

       -Зияда-ау, не болған саған? Біреуді неге жазықсыз жәбірлейсің? Жүр, үйге кетеміз...

       -Сен сүмелек жағымсынбай жайыңа тұр! - Долылық қысып, қалш-қалш еткен Зияда шапалақпен күйеуінің жағынан салып жіберді. Онсыз да ел бетіне қарағысыз болып, күйініп тұрған Сәмет қолының қалай көтерілгенін өзі де сезбей қалды. «Сарт» ете түскен шапалақ пен "гүрс" етіп құлаған келіншектің бейшаралана шыжбалақтаған даусы іркес-тіркес шығып, үй ішінің берекесін кетірді. «Өлімнен ұят күшті» деген емес пе, кірерге тесік таппай ыңғай- сызданған тепсе темір үзер азамат дәрменсіз, бейшара қалыпта қос иығы түсіп, үн-түнсіз көрші шаңырағын тастап шыға берді...

Тойдың мәні де, сәні де жоғалып, қонақтар да көп ұзамай үйлеріне тарасып кетті.

Ертеңінде сот - медициналык экспертиза дәрігерінің  анықтамасы мен өзімен жүз грамды бөлісіп ішіп жүретін ымы-жымы бар екі келіншекпен бірігіп жазған актіге арызын қосқан Зияда қалалық милиция бөліміне барды.

Сол күннің кешінде дiкің-дікің етіп, жан алғыш әзірейілдей әкіреңдеген қазақ жігіті - учаскелік инспектор Сәметті милиция кеңсесіне ала жөнелді...

Өзі еңбек ететін шахта бастығы Китайкиннің ара түсуі болмаса іс насырға шабар ма еді, кім білсін? Сәметті бұзақы ретінде екі-үш жылды арқалатып, түрменің төрінен бір-ақ шығаруға әйелдердің акт жазудағы "шеберліктері" мен Зияданың көзінің көгергені туралы дәрігер берген анықтама жетіп артылатын еді.

...Түн ортасы әлдеқашан ауып, Үркер шоғырланған мезгіл болса да ұйқысы құрғыр бас білмейтін асаудай жолар емес. Екі жаққа алма кезек аунақшумен жамбасы тесілер болды. Ұлының бейнесі көз алдынан  кетпей, оған деген сағыныш оты өзегін өртеп жібергендей ауыр күрсінді.

...Көп жағдайда жас жұбайлардың тұңғыш көрген перзенттері кейінгі балалардан ыстық болатыны бар. Бұлардың жәйі басқаша қалыптасты. Қарлығаның туғанына үшін ай толғанда Зияда:

-Қызымызды төркініме апарып тастаймын. Нағашы апам қарайды – деп, ақылға салмай өзі кесіп-пішіп отыр.

-Ойбай-ау, құртақандай сәбиді емшектен айырғаның обал емес пе? Қазір күн де ыстық, ауруға шалдығып кетсе қайтесің?– Осылай деп қарсылық білдірген Сәмет әйелінің қатыгездігіне күйіп кетті.

-Е-е, сенің нең кетеді. Әлден-ақ қолым боқтан шықпай, жаялық жуумен шіритін болдым. – Зияданың түсі бұзылып, танауы қусырыла қалды. - Ұйқым қанбай, басымның даңғарадай болып жүргенінде сенің шаруаң қайдан болсын...

Әйтеуір бет бақтырмаудың әдісі ғой. Әйтпесе, қыздарының ұзақ түнге бір - жар рет қана оянғаны болмаса, өте тыныш. «Қорғаныстың ең тиімді тәсілі — шабуыл» деген қағиданы қазық қылып, соны мықтап ұстанатын келіншегі:

- Маған сенің жаның ашушы ма еді? Әбден діңкелеп өлетін болдым - деп, ақыр заманды одан әрі төндіре түсті.

        - Салқын күз түскенше шыдай тұралықшы енді. Түнде бір мезгіл өзім тұрып қарармын, - деді Сәмет өтіне. – Ақылға салып, жөнге келсеңші бір мезгіл.

Күйеуінің орынды қойған қарсы уәжіне келіншегі енді басқа жақтан орағыта соқты.

        -Не, жаман кемпір қай бір жетістіріп тәрбиелейді – деп, бергің келмей отыр ғой. Ештеңе жоқ, бәріміз де сол қара кемпірдің - ақ тәрбиесінен өсіп, жетілгенбіз. Менен артық болмаса, кем бағып, күтпейді.

Әйелі сөйтіп мәмлеге өлсе де келмейтіндігін білдіріп, кесіп, шегелеп айтты: Апарып тастаймын!

  • Сен тағы да басқа жаққа лағып кеттің. Тым

болмаса, бір жасқа толмаған іштен шыққан перзентіңді қалай қиып бергелі отырсың? - Сәмет «мынаған сөз өтпес» дегендей, шарасы таусылып, қынжыла сөйледі.

Жанұядағы балалардың тұңғышы Зиядадан басқа, одан кейінгі бес-алты ұл - қыздардың бәрі де сол нағашы апасының тәрбиесінде болғанын Сәмет бұрыннан білетін-ді.

“Шешеміз көтін көтеруді ауырсынатын жалқау. Бізді тапқанына болмаса, басқадай міндетсінетін ештеңесі өте кеткен жоқ. Мен өз апамның, яғни әкемнің анасының бауырында өстім. Әр нәрсені байыппен ойлау, ас әзірлеу, үйді, ыдыс-аяқты таза ұстау мен қолда бардың өзін  ұқсата білу қасиеттерім сол апамнан алған үлгі-өнегем. Апам мені «Зақан», «Зақан» деп еркелетіп, бетіме ешкімді қаратпай өсірді. Рақима шешем басқа балаларының бәрін боқтан арылмай жатып-ақ нағашы апама апарып тастайтын. Апамыздың жасырақ кезінде бақтырғаны жарасын –ақ, ал едәуір жасқа келіп қалған кісіге деген мейірім мен аяушылықтан жұрдай екендігі емес пе, шешеміздің өз балаларын бірінен соң бірін анасына бақтырып қойып, өзінің қыз құсап емін-еркін сайран салып жүруі. Әйтеуір, қопақтатып жүріп сол апамыз өсірді бәрін” - деп, тату отырған күндері талай рет жырдай қылып айтып берген. Енді қазір өзі де анасы шиырлай салған сол ескі сүрлеуге түскелі отыр...

   Ақыры, “бейшара жеңді, бейбақ көндінің” кері келіп, жаздың аптап ыстығында тұла бойы тұңғышы -Қарлығаны төркініне апарып тастап тынды.

Қыздарының жөргектегі уілін, езу тартқан сәби күлкісін, тәй-тәй басып, қаз тұрған кездегі балдай тәтті қылықтары мен алғаш тілі шыққандағы былдырын қызықтап көрмегендіктен бе, Қарлығаға екеуі де суық. Әрине, «іштен шыққан шұбар жылан» емес пе, жақсы көреді. Кемпірдің қолында жүрген кезде «қандай болды екен?» деп сағынады, көргілері келеді.  Бірақ, ұлдарына ет - бауырлары елжірегендей емірену, өліп - өше үстіне түсіп жақсы көру жоқ. Қарлыға төрт жасқа толғанда бұлар өз қолдарына қайта алды. Сәмет әуел бастан балажан болғандықтан, қызын еркелетіп, ойнатып, үлкен адамша сөйлескеннен болар, әкесіне тез үйреніп, бауыр басып кетті. Бірақ, «бала-тамыршы» деген емес пе, шешесінің өзіне суық екенін, жақтырмайтынын, өзінен кейінгі бауыры Русланнан бөлектейтінін білгендіктен бе, Қарлыға да оны бөтенсиді. Анасынан қорқып, жасқанып, қақпақыл көріп өскендіктен, өзін өгей сезініп, сәбише еркінси алмайды.

Бірде мынандай жағдай болған...

Зияда күйеуінің еңбекақысы қолына тиісімен, әдеттегіше қала дүкендерін аралап кетті. Ұлы мен қызы әкесінің мойнына еркелей асылып, күресіп, «ат бол», «түйе бол» деп, арқасына мініп алып, әйда, үйде асыр сала ойнап жүр. Үйдің іші сәбилердің сыңғырлаған күміс күлкісіне толып, сондай бір жаймашуақ, еркіндік пен әке мен бала арасындағы рухани жан жақындығының тамаша бір атмосферасы орнап тұрған-ды. Улап-шулап, мәз-мейрам болып жатқан әкелі-балалылар есіктің еш тықырсыз, жәйлап ашылғанын сезбей де қалды.

-Түһ, мыналар әкесін жаңа көріп қалыпты ғой...

Есік көзіндегі қабағы түнере түйілген, сұрланып, өң-түстен айырыла ашу қысқан анасын көрген сәбилер селк еті түсіп, бірі әкесінің мойынынан, екіншісі арқасынан жедел, асыға түсіп, тезірек аулағырақ жылыстап кетті. Көздеріне үрей ұялап, бірдеңе бүлдіріп қойғандай жүздерін төмен сала, қорқыныштан сөлбірейіп тұр.

 -Өй, жандарым-ау, менен неге қашып кеттіңдер?-деген әкесінің сөзіне не деп жауап берерін білмеген қос бүлдіршін бір нәрсеге кінәлі жандай, анасының бетіне жаутаң-жаутаң қараған күйі үнсіз қалды.

Балаларының бұл бейшара кейпі Сәметке кейіннен әбден түсінікті болды. Сұмдық-ай! Сөйтсе, Зияда ұл – қызын әкесіне қарсы тәрбиелеп, жеккөрінішті жасау үшін «көп еңбек сіңіріп» жүреді екен. Бәсе, шешесі үйде болғанда сүйікті сәбилері бұған жоламауға тырысып, әкелері құшақтап, «күресуге» шақырған кезде, қашқақтап, шешелеріне жалтақтап қалатынын бұрындар байқап қалған-ды...

Жанындай жақсы көріп қосылған жарына деген жүрек жылуынан «лап» етіп жанып кеткен қамыстың қоламтасындай да қызуы қалмағанын білсе де, «қайтем енді, қарғаларымның көздерін жәудіретіп, жетім етпес үшін Құдайдың басқа салғанын көрем де, бәріне көнем» деп ойлайтын. Некенің алғашқы түнінде жүрегіне түскен қою қара сызатты, тағдыр қосқан қосағының бойындағы қатыгездік пен секемшілдік, менмендік пен жаныашымастық қасиеттері дәнекерге, еш жамап-жасқауға келмейтін үлкен жарықшаққа айналдырып жіберген еді...

...Бір шешімге келгендей Сәмет орнынан асығыс қарғып тұрды да, киіне бастады. Шығыс жақтан бозамықтана атып келе жатқан таңды көрер көзбен атырған жігіт жалма - жан үйден шығып кетті. Сәметтің: «Баска жерге кетуіме байланысты жұмыстан босатуыңызды сұраймын» деп жазылған парақтағы өтінішімен өзі еңбек ететін шахта кұрылысы басқармасының бастығы Китайкиннің кабинетіне енді. Коллектив басшысы оны әдеттегіше, отырған орнынан тұрып, жайдары қарсы алды.

- О-о, Сәмет! Кел, кел! Жағдайыңның шет жағасын естіп жатырмын. "Сүт сұрай келе шелеrінді жасырма" деген, не бұйымтайың бар? Көмек керек болса ұялма, айта отыр...

- Анатолий Никифорович, жұмыстан босануға келдім. - Сәмет қолындағы өтінішін ұсына берді.

Китайкин қағаз бетінен жасырын сыр окығандай, көз алмастан, тұнжырап отыр.

- Тағы бір үйдің уықтары сынып, шаңырағы ортасына түсе құлағалы тұр ма шынымен? – Басшы өзімен өзі сөйлескендей күбірлей берді.

        Анатолий Никифорович Текелі шахта кұрылысы басқармасы ұжымымен көп жылдан бері біте қайнасып, бірге жасасып келе жаткан жан. Он сегіз жасында тау-кен жұмысының проходкалаушысы болып шахтаға түсті. Звено басшысы, бригадир, ауысым (смена) мастері, учаске бастығы сияқты қызмет баспалдақтарынан өтіп, бірнеше жыл шахтаның бас инженері лауазымында еңбек етті.

Жер асты жұмыстарының бүге шігесіне дейін жетік білетін, экономикалық жағынан сауаты мол, үнемі ізденісте жүретін жаңашыл басшы. Адамгершілік, қарапайымдылык пен кішіпейілдік секілді ізгілік қасиеттері молынан пішілген. Міне, сол қасиеттеріне қарап осыдан екі жыл бұрын шахта ұжымы Китайкинді дауысқа салу арқылы өздеріне басшы етіп сайлаған болатын. Өзімшіл, көпшілдігінен бюрократтылығы басым, сын айтқан адамның соңына шырақ алып түсетін бұрынғы бастықтарынан бас тартып, осы адамға үлкен сенім білдірген-ді.

Жаңа басшы сенім жүгін бір адамдай-ақ көтеріп әкетті. Жоспар да үнемі орындалып, бұл ұжымда ынтымақ, түсіністік пен өзара силастық атмосферасы берік орнады. Сүрініп, жаза басқан жан табыла қалса, шахта бастығымен жеке әңгімеден кейін қалыпқа түсіп, қателігін ендігәрі қайталамастай болып шығады. Бір қызығы, ешкімге дауыс көтере зекіп, ашу шақырып, айқайлап көрген емес. Сол үшін де бүкіл ұжым өздерінің басшысын силайды. Мастерлер мен кіші басшылар көп жағдайда соған ұқсауға тырысады.

Үнсіздікті бұзған Китайкин қинала тіл қатты:

-Сәмет, мүмкін балаларың үшін оған сынақ беріп,

үшін тағы да бір байқап көрерсің?

        -Бәрін терең ойластырдым, Анатолий Никифорович. Басқа жол қалмады...

        -Қайтеміз енді? Қолдан келер шара жоқ, - деген басшы өтінішке «қарсы емеспін» деп бұрыштама жазды да парақты Сәметтің алдына ысырды. Орнынан тұра берген жұмысшысын айқара құшақтаған күйі:

       -Сау бол! Әрқашан сәттілік тілеймін және сенің бақытты боларыңа сенемін! - деп, босаған көңілін сездірмес үшін тезірек кетуге асыққан жігіттің соңынан қимас сезіммен қарап қала берді.

    ...Арқырай ызғып, жол апшысын қуыра жүйткіген Текелі - Үштөбе жолаушылар автобусының таңғы бірінші рейсі небәрі бір сағаттан соң-ақ облыс орталығы - Талдықорған қаласына жетті.

Жанұясынан еншілікке тиген бар байлығы – қоңыр портфелі мен киім-кешек салған көне көкшулан шабаданын қалада пәтер жалдап тұратын қарындасы Жауһардың үйіне қалдырған Сәмет шәйді асыға ішіп, жеделдете шықты. Барар бағыты – қалалық еңбекке орналастыру бюросы.

Төр алдындағы стөл басында отырған тапалша келген, жас ортасынан асқан ер адам Сәметтің сәлемін естімеді ме, көзіне кептей киген көзәйнек үстінен жігіт бетіне тесірейе бір қарады да, үн қатпаған күйі алдында қобырсып жатқан қағаздарына қайта шүйлікті. Басын көтерді-ау, әйтеуір бір кезде:

- Құлағым сізде.

- Жұмыс іздеп келдім.

- Мамандығыныз, білімініз кандай? - Әлденеге ренжулі ме, жоқ шаршап тұр ма, сынықси тіл қатты.

- Шахтермын. Осыдан он бес жылдай бұрын  он бір жылдықты тәмамдағанмын. - Шалдың жігітті сынағандай бажырая қарағанын жақтырмады білем,Сәмет те қырсыға жауап беріп тұр.

-Семья жағдайыңыз?

-Айырылысып кеткенмін...

Қарт көзілдірігін сүртіп қайта көзіне жапсырды да, әңгімелесіп тұрған адамының бетіне тесіле қалды. Жанұясынан ажырасушыларды көбінесе ішкіштер ауылынан деп түсінетін ол қарсы алдындағы жинақы, үсті - басы мұнтаздай, галстук таққан әдемі жігітті ондайлар санатына қимады. Басын түсініксіздеу бір шайқап, ыңырана тіл катты:

-«Ауылқұрылысы» тресі жаңа завод салу жұмысын бастады. Ірі панельді үй құрылысы заводы. Соған баруға қалай қарайсыз?

- Маған бәрі бір. Сайтантресінің жұмысына болса да баруға әзірмін.

-Ендеше, құжаттарыңызды әкеліңіз. Жаңа завод кұрылысын 2315-жылжымалы  механикаландырылған колоннасы жүргізіп жатыр. Сонда жұмыс жасап, завод құрылысы аяқталғанда, сол өндіріс орнына ауысатын боласыз.

Жігіттің қолына құжаттары мен жолдама қағазын ұстатқан қарт құрылыс мекемесіне қалай жетуді тәптіштей түсіндірді.

       -Рахмет. Сау болыңыз.

        -Жолыңыз болсын!

        ...Баяғыда, бала кезінде желаяқ атанған, күрескенде өзі тұстас ұлдарды алып соғатын құртақандай сары қыз - Жауһар бой жетіп, мектептен кейін Жамбыл ата қаласының технологиялық техникумын бітірген болатын. Табиғат заңы бойынша тұрмысқа шығып, ана атанған. Қарындасының  Еркегүл, Айман атты екі қызы бар. Сәметті алғаш «ата» деп атап кеткен еркетотай Ерекегүлді көрген сайын осы жиенінің сәби кездегі былдырлай сөйлеп, ішек сілесін қатыра күлдіретін қызықты қылықтары ойына түсіп, көз алдынан күні кешегідей көлбеңдей өте береді.

         ...Міне, Сәмет спорт костюмін асықпай киіп, аулаға шықты. Жұмыстан келе салысымен жаттығулар жасап, денесін шынықтыру баяғыдан бергі әдеті. Ауада бетті қаратындай шыңылтыр аяз бар. Аяғындағы жеңіл, сүт түстес кроссовкасының табанына тапталған ақшаңқай қар аттаған сайын сықырлап, ән салғандай бебеулейді. Ауызынан бұрқырай шыққан демі ауа кеңістігіне тарап, жоғалып кетіп жатыр. Жеңіл жаттығулардан бастап, бірте бірте шалт қимылдарға ауыскан кезде, бусанған денесі шиыршық атып, бойын құс қауырсынындай жеңілдік биледі. “Енді жүгіруге болады».

Күншығысты бетке алып, бүлкілге салған Сәметтің сүйреген қол шанасы жеңіл сырғып, соңынан ерген ерке күшікше бұлаң қағып, қалысар емес. Бағыты - қаланың сырт жағына таман орналасқан “Балдырған» балалар бақшасы.

Жанат күйеу өзі қайырымды да, көпшіл, аңқалақтап қалған көңілшек жан. Қолындағы барын, өзіне қалмаса да, ең соңғысын біреуге ұстата салатын мәрт. Жауһардың әйелдік пендешілікпен: «өй, өзімізге қалмайды ғой» деген сөзіне:

-Ештеңе етпейді. Құдай берерін тауыспасын-деп, түк болмағандай отыра береді. Бірақ, оның бұл адамгершілік, жанашырлық қасиетін пайдаланып, алаяқтардың алдап кететін жағдайлары жиі болып тұрады...

Сәмет келгелі күйеу баласы Жанаттың өзі айтқандай,  Құдайы оңдап, “көрім” болып калған. Ертелі кеш қызын балабақшаға апарып, әкелу тауқыметінен құтылған. Тауқымет десе тауқымет!

Ертеңгісін, кешкісін елдер жұмысқа бару, кайту уақыттарында автобус іші адамдарға аузы, мұрнынан шыға толып келеді. Мұндай иін тіресте баламен түгіл, жеке адамның бас сұғуы үлкен азап. Кірсе, түсе алмай, түймелерін жоғалтып, айқайласып, шуласып жатқан жүргіншілер. Осыны көрген Сәмет «екі жеп, биге шығу» қулығына көшкен. Ертерек тұрып, жиені Еркегүлді оятуға кіріседі. Таңертеңгі тәтті ұйқыдан айырылу сәби түгіл ересек адамға да жайлы  тимейтіні белгілі. Сәби ұйқысын қимай қыңқылдап, тұрғысы келмей, біраз қиналады-ак. Құртақандай табаны қытықталып, танау қысып ояту әдістері іске қосылады. Олардың бәріне еті үйреніп, орнынан тұрмай  «байкот» жариялап жатып алатын жиеніне кейінгі кезде Сәмет басқа тәсіл ойлап тапқан. «Шанаға отырғызып сүйреймін» деген сөз аузынан шыға салысымен, Еркегүл орнынан ұшып тұрады. Нағашысы оның былдырлаған әңгімесін тыңдай жүріп, киіндіреді. Енді бір қарағанда, үсітіп алмас үшін ауыз мұрны тұмшаланып, көздері ғана жылтыраған жиенін қол шанаға отырғызып, тротуар бойымен кұйғытып бара жатқан Сәметті көресіз. Бүгін де сол тәсілдермен жиенін оңай оятып алды.

-Ата, на саньке поедем. Да?

- Не, сен қазақша ұмытып қалдың ба?

-Жок, билем. Шанамен катать етесин да, ата?

- Ия, шанамен барасың.

Орысша-қазақшасын араластыра тілін әрең сындырып тұрған жиеніне күлкісі келеді. Бұл қайта қазақшаны меңгерген түрі ғой. Сәмет алғаш мұнда келгенде, сүп- сүйкімді, томпақ жиені ана тілінде екі сөздің басын қоспақ түгіл, қазақша түсінбейтін. Бірдеңе айтсаң: «мынау не деп тұр» дегендей, аузыңа қарап, таңданғаннан көздері дөңгеленіп тұрып қалатын.

Оған да кінә жоқ. Бір жарым жаска толысымен қаланың бар балалары секілді балабақшаға барды. Күні бойы сонда. Тәрбиешілермен де, жанындағы бөбектермен де шүлдірлесіп орысша сөйлеседі. Орыс тілінде шүлдірлескен соң ана тілін қайдан үйренсін? Осыны көрген Сәмет: «Ойбай-ау, өз ана тілін білмеу деген не? Масқара ғой, мынаy. Ең болмаса үйде қазақша сөйлесіп, ана тілін ұмыттырмау керек қой!» – деп, күйеу баласы мен қарындасына ренжіген. Содан бері олардың үйде тек қазақша сөйлесуін қадағалап, жиеніне ана тілін үйретуді өз міндетіне алған еді.

Әрине, үйреніп қалған ауыз қазақшадан гөрі орысшаға бейім. Дегенімен, баланың қабылдау қабылеті үлкендердей емес, зерек қой, тез көндікті. Алғашқы кезде ондай «қинауға» көнгісі келмей, біраз қиқалақтаған. Ондайда Сәмет: «Қазақша сөйлемесең, сенімен ойнамаймын» деп бұлданып, бұртия қалады. Ойын баласы емес пе, нағашысының шартын қинала-қинала қабылдауға тура келеді...

      Міне, сонымен екі бірдей іс бітті. Жиен де балабақшадан әкелінді, кешкі жүгіру шаруасы да өтті.

        Үйге енісімен Еркегүл үйреншікті әдетіне басты.

- Ата, түйе болшы! Нағашысы  оны мойнына отырғызып, құлатып алмас үшін қос колынан ұстап алды. «Бах-х, бах-х!»

Тайраңдай шапқан ұзын сирақ түйенің үстіндегі «түйеші» мәз-мәйрам. Біраз шапқан соң түйеге міну жалықтырып, «шок-шок» (шөк-шөк деген түрі ғой) деп, түйесін шөгере бастады. Бұл да нағашысының үйреткені. Әйтпесе, атын естігені болмаса, затын өмірінде көрмеген түйені қалай шөгеру керек екенін сәби қайдан білсін...

Іркес-тіркес болып жұмыстан қайткан Жанат пен Жауһар есіктен кіре Еркегүл олардың мойындарына асылды.Тілін қазақшаға әрең бұрап, асыға-аптыға балабақшада көрген, білгендерін баяндап жатыр.

Бесіктегі бес айлық Айман «үлкен әпкесінің» әңгімесін «тыңдап» жымия күліп, тып-тыныш жатыр. Өзі тамағы тойса болды, көп жыламайтын, көбінесе ұйқыға бас қоятын момын...

 Өйтіп-бүйткенше кешкі ас әзір болып, әңгімелесе отырып тамак ішілді. Сәмет осы үйге келгелі күнделікті тіршілік қос тамшыдай ұқсас. Екі адам айналуға әрең келетін ас үйден басқа бір кеңірек, бір кішкене бөлме бар. Сәмет сол кіші бөлмені еншілеген. Қыз – күйеу мұның басындағы жағдайды түсініп, қас қабағына қарап, бәйек болып жүргендері. Киімдері жуулы, төсегі салулы. Оларға салсаң, ағаларының қолын еш нәрсеге тигізгісі, саусағын қозғалтқылары жоқ. Жанат Сәметтің Еркегүлді балабақшадан әкелуіне де қарсы болған. "Мен бәрібір жүгіруге уакыт жіберуім керек қой" деген соң ғана көнген.

Күндізгі, кешкі дыр-думан тірліктің бәрі өтіп, ұйқыға жатар мезгіл Сәмет үшін қиямет қайым – жан азабы. Жарық өшіп, өзімен өзі қалған соң-ақ тынышы кетіп, ой азабын аркалайды. Жанын жегідей жеп, жүрегін қырғыштай тырнаған ойлардан өзін қоярға жер таппай дөңбекшиді.

Бауыр еті – ұлының суретін қолына алады. Жәудіреген қара көздерін мұң торлап, сағынышпен: "Папа-ау, мені жетім етіп тастап кететіндей не жаздым. Не жазығым бар! Басқа көрер қызығым бір төбе, Русланымның өзі бір төбе" деуші едің, ол айтқандарың, әлде, жалған болғаны ма?! Келер, оралар деп, сағына, екі көзім төрт болып, сарғая тосумен-ақ күнім өтті ғой. Сені ылғи аңсап, күндіз - түні ойлап жүретінімді мамама білдіртпеймін. Әйтпесе, ол ашуланып, мені ғана емес, Қарлыға әпкемді де ұрып тастайды. Біз одан қорқамыз.

Бұрын мамаммен ұрсысып қалғандарыңда, Қарлыға екеуімізді жетелеп, Талдықорғанның бассеиніне апарып қайыққа отырғызып, суға шомылдырушы едің. Одан кейін қаланың паркін аралатып, қыдыртып, «морожный» әперетінсің. Тамақ ішкіміз келіп тұрмаса да «қарнымыз ашты» деп алдайтынбыз. Өйткені, солай айтқанда сен бізді «сталабайға» отырғызатыныңды білеміз ғой. Ол жерден ылғи өзіміз жақсы көретін борщ, кәтлет, лимонад, кисел әперетініңді сағындық. Қайтып оралсаңшы! Тезірек кел, келші!" — деп, көздері боталап, бұған жалынышты жүзбен, сағына, жалбарына карап тұрғандай,

            Ой...Таусылмайтын ой... Бірін бірі кезекпен тынымсыз алмастырып, түйдектеле қайта оралатын, сананы сансырататын сансыз көп ойлар ұйқының ауылын бұған жолатпай аулақ қашырып, түннің бір уақытына шейін жаралы жолбарысша аласұртады. Кірпігі айқасып кетсе болды, түсіне жүдеу, аянышты кескіндегі ұлының ренжіп, өкси жылап жүргенін көреді. Ұйқысы шайдай ашылып, содан қайта көз ілу жоқ. Астынан су шыккандай аунақшып, саржамбас болып сарылып жатқаны. Амалсыздан жарықты жағып, кітап оқыған болады. Оймен маталған мый кітаптың мазмұн, мағынасын қайдан қабылдасын, бір-жар бетін аударған соң қайта жаба салады. Содан тезірек таң атып, жұмысқа барар уақыттың жылжып жетуін асыға күтеді. Сүйікті ұлына деген сағынышын, ойды да, бойды да меңдеп алған уайым-қайғыны да білекті сыбанып, тау қопарардай екпіндете істеген еңбек арқылы ұмыта алатынын жақсы біледі...

  ...Жұмыс киімдерін торға сықай толтырып алған Сәмет завод құрылысы жүріп жатқан жерге келгенде, сараң әйелдің құйған шәйіндей бозамықтанған таң енді ғана қылаң берген еді. Тым ертерек келген екен, құрылыс басындағы вагоншада күзетшіден басқа тірі жан жок. Құрылыс нысанының басталғанына онша көп уақыт өте қоймағаны айқын көрініп тұр. Ақ қар бетін жапқан фундаменттер сұлабасы ұзыннан ұзақ созылып, тізілген теміржол вагондар составын еріксіз көзге елестетеді. Одан сәл оңға таман қызыл кірпіштен өрілген ғимараттың бірінші қабаты бітуге таяу. Сабыр оны: «әкімшілік-тұрмыстық корпусы болар» деп шамалады.

 ...Сағат тілі сегізден әлдеқашан асып кетті. Жұмыстың басталар уақыты болғанымен, асығар ешкім көрінбейді. Құрылыс басына жеткізетін арнайы автобус жоқ болар, жұмысшылар бірден, екіден келіп жатыр. Ол келгендерге «жұмыска шығыңдар» деген жан жок. Ал, өздігінен құлшыныс танытып, кірісуге ыңғай көрсеткен пенде және жоқ.

Бағана келісімен танысқан, аяғын сылти басатын күзетші Омар қарттың қыздыра жаққан «буржуйкасын» алқа қотан қоршай отырған жұмысшылар қысыр әңгімені соғып жатыр. Төрдегі, беті шимайдан, кірден көрінбейтін қолдан жасалған ағаш столға итіне жабысқан бір топ "храп" ойынының қызығына беріліп үлгерген. Ортаға көбірек ақша жиналып қалған сәтте карташылар жылан арбаған торғайша сілейіп, жым - жырт қалыпта ойын жүргізуші - ''банкирдің" қолына үздігіп, телміре қарайды. Енді бір топ сол қожалақ столдың бір шетінде «теке» (козел) соғып отыр. Қолдарына тізе ұстаған домино тастарын құлаштап, қызбалана ұрғанда, қиқалаңдап әрең тұрған стол жанына батып ауырсынғандай ыңыранып, шайқалақтап кетеді.

Арпа ішіндегі бір бидайдай, бір-жарының болмаса, басқаларының ауыздарында темекі. Паравоз оттығынан шыққан түтіндей будақтатқан олардың түрін бозғылт тұман арасынан ажыратудың өзі қиын. Өмірінде аузына алып көрмегендіктен, Сәмет темекі түтініне шыдамайтын. Басы зеңіп, ауырып кетті. Далаға шығып таза, салқын ауаны кеуде кере жұтты. Қайта кіріп, бағанағы меншіктеген орындығына қайта жайғасты. "Апырай ә, қашанғы отыра берер екенбіз? Бұлардың мастер, прорабтары болмаушы ма еді? Бригадирлері кайда?"

Сәметтің адамның іс қимылы, сөйлеген сөзі мен сырт әлпетіне қарап, оның қандай адам екендігіне ойша баға беріп, өзінше қорытынды жасай отыратын әдеті бар еді. Онысы көп жағдайда айна қатесіз келіп, дұрыс болып шығатын. Сол әдетіне басып отырғандардың әрқайсысын көз астымен барлай қарап, жеке-жеке мінездеме бере бастады.

Қолындағы картасын құлаштай сермеп, әр сөйлеміне тұздық қоса сөйлеп отырған ұзын бойлы дударбасты "дәу де болса отырып келгенсің-ау" деп шамалады. Екі сөзінің бірі жаргон. Басқалар өзінен ығатын сиякты. Сөздерінен ұқты, аты Вася-Василий. Оның қарсысындағы шикілі сары, орта бойлыны өз намысы үшін қарсы тұра білмейтін жігерсіз, ынжықтар қатарына қосты. "Тюремщиктің" жаргондары мен намысқа тиер боқтық сөздеріне айыл да жиып, шыбын шаққандай көрер смес. Әлденеге кінәлі адамдай көздерін жасқаншақтай төмен салып, қибыжықтап, картасын үлестіруді ғана біледі. Есімі Коля. Ойыннан ұтылып отырған да сол. Сәметтің оған қараптан қарап жыны келді. "Сорлы, тыныш отырмай, ақша салып карта ойнау не теңі екен...?"

Көздері жағалай сырғып, жуан пештің ішіне кіріп кетердей итініп, алды мен артын отқа кезек қақтап тұрған тапалтаққа тоқтап, «ішкіш» деп жорамалдады. Олай ойлайтын да жөні бар. Көзінің алды қалталанып, бет аузы қыж-тыж болып, қан - сөлсіз өңі тозығы жеткен ескі шүберек секілді боп-боз. Өзінің айтып отырған әңгімесымағының төркіні де, мағынасы да тек арақ жайында. Кіммен, қалай ішті, қанша ішті,ішті,ішті...

Болашақ әріптестерінің мына доғал, қарабайыр тіршіліктері Сәметтің жүрегін май ішкендей кілкітіп, айнытып жіберді. Ой айнасын өзі кеше ғана еңбек еткен, тонның ішкі бауындай жақын, бірақ тағдыр жазуымен қимай қоштасқан шахтерлер өміріне еріксіз бұра берді.

...Міне, кезекке шыққан Сәмет дағды бойынша ғимараттың екінші қабатындағы үшінші тау - кен учаскесінің мастерлер бөлмесіне көтерілді. Бұдан да ерте келген екі-үш шахтер мен учаске бастығының орынбасары Ербол Атыманов темекілерін шегіп, жәйімен әңгімелесуде.

       -Сәлем бердік! - Сәмет қол беріп, бәрімен жағалай амандасып шықты. Енді біраз отырған соң автобустың келесі рейсімен жеткен звеноның басқа мүшелері бөлмеге кірді.

       -Ал, жігіттер, бүгінгі берілетін тапсырма: забойдағы бірінші кезектің жігіттері қопарған тау жыныстарын вагонеткаларға тиеп, жоғарыға жөнелту. Екінші: тазаланған он екі метр забойға темір жол төсеу. Үшінші: сол забойдың қабырғаларын бекіту. Соңғы тапсырма: забойды бұрғылап, жарып, үшінші кезектің жігіттеріне жұмыс бағытын әзірлеу. Осы жететін шығар? Жоқ, әлде аздау ма? - Жымия күлген Ербол әріптестеріне қулана қарады. Қалжыңдап тұр.

        -Ой, Ербол Нүрсеитович, жеті бірдей алып жігітке бұл жұмыс не болады? Тағы бір екі операция қос. Қалжыңға қалжыңмен жауап қайтарып отырған звено жетекшісі Володя Мишин. Кезек соңында қаншама шаршап, шалдығып тұрса да әзіл- қалжыңынан жаңылмайтын, қушыкеш жігіт.

       -Жарайды, уақыттарың қалса, су жүретін атыздарды тазалап қоярсыңдар. Өздерің илейтін терінің пұшпағы ғой...

Әзілдесе күліскен звено жігіттері «шұңқыр» аталатын, киімдерін кептіруге арналган камерадан жұмыс киімдерін алып киді. Төменгі қабатқа түсіп, номерок алды. Кезектен шыққан соң бұл номерокты қайта өткізу керек. Осы бойынша сенің шахтадан шыккан-шықпағаның анықталады.

Жер асты жұмыстарында қауіп-қатер мол болғандықтан, сақтық шаралары қатаң сақталады. Аккумуляторлы батареямен жанатын шамдарын каскаларына тағып алған жігіттер «клеть» аталатын түсіру, шығару алаңына келді.

Міне, болат арқан бойымен зырлап «клеть» те жетті. Басқа горизонттың жігіттерімен қосыла Сәмет те жолдастарымен тиелiп, зырылдай төмен құлдилап кетті. Әр горизонтта кезек аялдап, шахтерларды түсірген «клетъ» көп кешікпей бұлар жұмыс жасайтын 15-ші горизонтқа келіп тоқтады. Әр горизонт арасы 10 метрден. Яғни, бұлар жер қыртысының 150 метр тереңдігінде тұр.

Әдетте, “шахта" дегенде, шахтерлер өмірінен бейхабар адамдардың көз алдына қара түнектей қараңғы, көрдей суық, көңілге сұсты жер асты елестейді. Жер асты екені рас. Бірақ, оның өзіндік қиындығымен қоса, басқаға айырбастамас қызығы мен жанға берер ләззаты жеткілікті.

...Міне, жұмыс орнына келіп, забойдағы жағдайға бажайлай көз тастаған жігіттер қазір жүргізетін операцияларын неден бастап, немен аяқтайтындығын талқылап алды. Кімнің қай операцияға тұратындығы белгіленді. Осы кезде Мишаның шахтаға түсе сала электр тоғына қосқан шәйнегі қайнап,“мен дайын" дегендей сақырлап коя берді. Әзілдей отырып жер астында ішкен шәйдан дәмді нәрсе бар ма екен, шіркін! Әркім қойындарына тыға келген "тормозоктарын" ортаға қойды. "Тормозок"- шахтерлер тілінде, дамыл алу сәтіндегі өздерінің жүрек жалғар асы.

- Саша, сенің Марияң өзіңді сүйіп, жанындай жақсы көреді екен, ә? Қарашы, «тормозогыңдағы» ет қандай қомақты. Бір емес, екі звеноның жігіттеріне азық боларлықтай...

Бұл әзілді айтып отырған қарт шахтер Садырбек Ілиясов. Өзі зейнет демалысында. Өмір бақи проходкада еңбек еткен. "Аманшылық болып, зейнетке шейін жаным шыдаса..." деп, зейнет демалысына шығар сәтін асыға күтіп жүретін. Зейнетке шыққанына екі ай толар-толмас қайта келіп тұр. Қолында жұмысқа тұру туралы өтініші. "Жігіттерді сағынып кеттім. Екі қолым алдыма симады". Осы сияқты, зейнетке шықса да жұмыс жасайтын  шахтерлер мұнда көп-ак. Бәрінің айтатындары: "шахтаны, жігіттерді сағынып кеттім".

Міне, шахтерлар “перфератор” атайтын шурф бұрғылау машиналарының төрт-бесеуі бірдей іске қосылып, жер астын дүмбірлетіп шуға толтырып жіберді. Бейнебір, соғыстағы бірнеше пулемет станогының қосыла оқ атқан кездегі «та-та-та-сы». Маңдайларындағы шамдарының жарығы забой ішін тініткілей шарлап, тағы да сол соғыстағы прожекторларды еріксіз еске түсіреді. Бірақ, бірі - өлім мен өмір майданы болса, екіншісі – ел ырысын еселейтін - бейбіт еңбек майданы.

 Сәмет бұрғылаған шурфтарын жоғалтып алмас үшін үстілерін таспен бастырып қойып, дереу келесі шурфты бұрғылауға кірісті.

Қиялында, өзін шахталас жігіттерінің ортасында көріп, рахат күйге енген ол, кайда отырғанын есінен шығарғандай, қалың ой құшағына еніп кеткен.

Шурфтар даяр болған соң бұлар бұрғылаған шұқырларға жарылғыш зарядтар қоя бастады. Забойдан аулак барып, қалқаға жасырынған жігіттер “гүмп”, "гүмп” етіп жарылған жарылғыштардың санын санап отыр. Міне, ең соңғы заряд та жер солқылдата жарылып тынды.

Қойған заярдтардың жарылған санын санап отырмаса болмайды. Өйткені, олардың ішінен бір-жары әлдебір себеппен жарылмай қалатын жағдайлар болады. Олар қауіпті. Сондықтан, шахтерлар жарылу қауіпі сейілген кезде ғана забойға оралып, «отказ» берген зарядты капсулдан бөлек ажыратып, залалсыздандырады.

Жарылыс сәтті өтті. "Парода" аталатын тау жыныстары әрі-бері зырылдай жүгірген тиеу машинасымен вагоншаға тиеліп жатыр. Вагоншалар электровозға тіркеліп, клетьке жеткізіледі. Клеть жер үстіне көтеріп, парода одан әрі отвалға апарылып төгіледі.

Забойға жарты шеңберше иілген рамаларды қойып, тау жыныстарын бекіту жұмысы инемен құдық қазғандай ауыр. Онымен де іс бітпейді. Енді әлігі рамалардың сыртынан опалубка орнатып, бетондау қажет. Ер жігіттің қайраты мен қабілетінің сынға түсер шағы осы. Бұл жұмыстардың бәрі дерлік қолмен істелетін болғандыктан, көп еңбек пен қыруар уақытты талап етеді.

Жоспарланған күндік тапсырманы орындап, еңбегіңнің нәтижесін көру қандай ғанибет! "Осының бәрін шынымен-ақ біз атқардык па?" дегендей, біткен ісіңе қызыға да, сүйсіне қарайсың. "Көз қорқақ, қол батыр" екендігіне одан сайын илана түсесің. Шаршағаныңды сонда ғана біліп, бұлшық еттеріңнің біртүрлі, жанға жайлы сыздауын сезесің. Бірақ, душ қабылдап, жуынған соң-ақ денеңнің талмаусырап шаршағаны сылып тастағандай жоғалып, бойыңа тың күш құйылады. Сергіп, таң асырып жаратқан арғымақша шиыршық атып, ширап шыға келесің.

Бір қызығы, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүргісі келетін бір де бір шахтерды көре алмайсың. Әркім неғұрлым жұмыстың ауырын істеп, жеңілін жолдастарына қалдыруды көздейді. “Шаршады-ау" деген кезде серігін екінші біреуі алмастыра қояды. Бес саусақ бірдей ме, жалтақтау, жалқау адам шахтаға түсе қалса, не аз уақыттың ішінде жолдастарына теңеліп, «мынау» деген шахтер болып шығады, немесе, толкын қақпақылдаған жаңқадай жағаға ысырылып, шахтадан өз еркімен кетіп тынады.

Әсіресе, шахтерлық өмірдің ащы-тұщысын, тіршіліктегі қайғы-мұңы мен қуанышын тең бөліскен көп достарын айтсаңшы! Əрқашан әзіл-қалжыңы қатар жүретін қарт шахтер ұлты неміс Иоган Россты, сырт көзге ұрысқақ, қатал көрінетін украин - Анатолий Немовленконы қалай ғана ұмыта алар! Достары үшін еш қиындықтан тайcалмай, отқа да, суға да түсуге әзір, жаны нәзік Роман Ди, қой аузынан шөп алмас жуас, ал жұмыс десе ішкелі отырған асын жерге қоятын, той-томалақтарда да ән-жырымен отырысты жандырып жіберетін татар жігіi Галим Ниғматуллиндер өмірімен біте қайнасып, туған бауырдай болып кеткен жоқ па?! Мереке-мейрамдарда жанұяларымен бірге бас қосысып, тойлап, мәре-сәре күн кешпеуші ме еді?! Сол өмірді, сөйткен достарды қалайша санасынан өшіріп, жүрек түпкірінен қалай лақтырып тастар?!

Әне, он бесінші горизонттан «тауға» көтерілген достар "клетьтен" түсіп, тұрмыстық корпусқа қарай асыға басып барады. Жүздерінде шаршағандық ізі байқалғанымен, кеуделерін кере, тек шахтерларға тән тәкаппарлықпен бастарын тік ұстап, әзілдесе, көңілді күлісіп келеді.

Осы суреттер көз алдына елестегенде, аяулы достары мен шахтерлық қимас өмірін аңсап, жүрегі сыздап қоя берді. Терең демалып, ауыр күрсінгенін өзі де сезбей қалды...

     - Әлі отырсыңдар ма, омалып? Жұмысқа неге шықпайсыңдар? Өңкей арамтамақтар...

Есіктен айкайлай, апшыны қуыра кірген ұзын бойлы, қас - кірпіктерін боз қырау шалған ақсары жігіт - учаске бастығы Алексей Большаков еді. Бірақ, ондай құқайға бәрінің еті өліп, үйреншікті іске айналып кеткен бе, одан именіп, айылын жиған ешкім байқалмады. Бұларға емес, көзге көрінбейтін әлдекімдерге айтылып жатқандай, тырс етіп қозғалып, орнынан тұрған ешкім жоқ.

- Кімге айтып тұрмын мен, керегеге ме?

- Қане, Андрей, шық тезірек!

- Қазір тұрам ғой...

- Коля Пастух, шапшаңдат!

- Вася, саған арнайы нұсқау кажет пе? Болыңдар!

«Қылқылдап қоймадың-ау, енді жылжымасақ болмас» дегендей, отырғандардың бәрі пеш төңірегіне кептіруге қойған киімдерін жәйлап кие бастады. Селқостык иектеп, мойындарына нығыздала отырып алғандай қимылдары енжар. Жұмыс қолғаптарын жүре киіп, аяқтарына зіл тас байлағандай зорға қозғап сыртқа беттеп барады.

Учаске бастығының жанына таяп, кадр бөлімінің инспекторы берген жолдаманы ұсынғанда байкады: бет-аузы қалталанған ісіңкі, домбығып тұр. Көздері де кілегейленіп, қанталай қызарып кеткен.

- Бұрын қайда жұмыс жасап едің? – Аузынан сарымсақ пен арақтың ашқылтым демі бұрқ ете түсті.

- Текелі шахта құрылысы басқармасында.

- Ім-м, шахтер екенсің ғой. Мұнда қандай жел айдап келіп калдың?

Кешегі ішкен арақтан басы зеңіп кетті ме, көздерін сығырайтып, маңдайын тыржитып жіберді. Қойған өз сұрағына жауап күтпей:

- Құрылыста істеген екенсің, қауіпсіздік техникасы инструкциясын оқымай-ақ қояйын. Білетін шығарсың, бірақ абай бол. Инструкция алғаның туралы қолыңды кейін қоя жатарсың, журнал алыста қалды. Жұмысыңа кірісе бер...

"Жұмыс уақытында арақ ішуі таңданарлық екен". Осы оймен әкімшілік - тұрмыстық ғимаратында жұмыс жасап жатқан жігіттердің тобына қосылды.

«Жұмыс жасап жатыр» деген аты ғана. Әйтпесе, әркім өз білгенінше қарекет етіп, өнбес іспен айналысып кеткен. Қабырға өруді бастаған мына бір екі жігіттің жандарында дайын кірпіш жоқ. Кірпіштің аударылған жеріне, кемінде отыз қадамдай бар.

- Коля, кірпіш тасимыз ба? — Қолына носилка алған Сәмет бағанағы картадан ұтылып, өзі «ынжық» деп баға берген жігіттің қасына келді.

- Мен дайынмын, ал кеттік!

Вася "тюремшик" бастаған топтың жұмысқа кірісер түрі байқалмайды. Шытырлай жанған алауды алқақотан қоршап алған. Отқа алды-арттарын кезек бұрып, темекілеріне өштері кеткендей үсті-үстіне сорғыштап, қызу әңгімеге беріліп кетіпті. Сөз қызығына ұйытқы, елді аузына қаратушы – Василий.

Енді бір топ кеше жауған үлпек қарды ағаш күректермен бұрқырата күреп жүр.

-Вася, мына аралыққа кұйған бетонның опалубкасын кеше сен алмап па едің? Бетон аса қатпай тұрғанда артық жерін кырып тастасаң бұлай әуре болмас едік. - Опалубканы керіп кеткен бетонды темір сапты балтамен шақылдата шауып жатқан, Сәмет әлі атын біліп үлгермеген орта бойлы, қараторы қазақ жігіті наразы үнмен тіл катты.

-Мен олай істеген болсам, бүгін саған жасайтын жұмыс табылмаған болар еді. Сен қайта маған рахмет айтуың керек. - Өз жауабына риза болғандай қарқ-қарқ күлген Василий жанып жатқан отқа итіне түсті.

Осы кезде өзі аударатын ЗИЛ-130 машинасы құрылыс алаңына гүрілдей келіп тоқтады.

- Бугор келді. Ей, бугор келді. Орындарыңа!

Жан-жаққа тарыша бытырап, жұмыс орындарына тарап кеткен алау маңындағы құрылысшылардың әрқайсы өзіне лайық жұмыс таба қойған. Өз істеріне беріле, жанын сала істеп жатқан адамның сыңайын танытуға тырысуда.

Аласа бойлы, толықша келген ақшулан жігіт Сәметтің жанына таяп, әлді саусақтарымен қол қысысып амандасты.

        -Геннадий Литвин. Осы учаскенің бригадирімін.

        -Сабыр Үсенов. Сіздерге жұмысқа келдім.

        -Өте жақсы. Қуана қабылдаймыз.

 Әдеміше өңін жел қаққан бригадир жігіттің бойынан Сәмет адамды өзіне еріксіз тартатын бір жылылықты сезінді. Сыпайы сөзі мен адамға сырғақтамай тура қараған, аспан тұңғиығындай көкшіл көздерінен мәдениеттілік, тәрбиелік пен мейрімділік байқалады.

        -Сәмет, тас қалауға қалайсың? - Бригадирдің әлдекімдерше сызыла қалмай, бірден “сенге” көшіп, өзімсіне сөйлеуі де ұнады.

        -Қолға қалақ ұстамағалы бес-алты жыл болды. Бұрын жаман қаламаушы едім. Осы аралықта ұмытыңқырап қалмасам...

        -Оқасы жоқ. Бастығып кетесің.

 Бригадир қойын қалтасынан тұрмыстық корпустың типтік картасын шығарды. Сәмет бұрындар құрылыста, кейіннен шахтада істегенде карта, план сияқты архитектуралық сызулармен көз қарақты болып, түсінбеген жерлерін мастер, бригадирлерден сұрап, үйреніп әбден төселіп алған. Сондықтан, Генадий жәйіп салған сызықтарды оқу қиындық әкелмеді.

         -Учаскемізде сызуды (чертежды) талдап, оқи білетін адам жоқ еді, жақсы келдің-ау! - Литвин жас балаша аңқылдап қуанып тұр.

        -Кей кезде нарядпен, басқа шаруалармен кеңсе жаққа кетіп қалғанымда, бригада жігіттерінің тұйыққа тіреліп отырып қалатын кездері жиі қайталанатын. Енді ондай жағдайдан сен құтқаратын болдың, - деді ол күлімсіреген риза жүзбен.

        -Мен қайсысын қалауды бастайын, Гена?

        -Қолың бастыққанша санитарлық торапты жәркемдей бер. Өзім күрделі қабырғаны өруге тұрайын.

Әлігінде кірпіш қалауды бастап кеткен жігіттер кешегі қалған ерітіндіні (раствор) уатып, суға қайта жібітіп қойған еді. Өйткені, ерітіндінің қашан даяр болып, өздеріне қай уакытта жетері белгісіз.

Обалы не, ерітінді дайындайтын БРУ-дың жұмысшылары жұмыс орындарына таң қараңғысынан-ақ келеді. Ыстык су жоқ. Құм, топырақты жылытып тұрған арнайы батареялар тағы жоқ. Таудай боп үйілген кұмның астына жылыту үшін тасталған екі-үш құбырдың септігі теңізге тамған тамшыдай-ақ. Түнімен суық алып, тоңазып қалған БРУ-дың механизмдерін жылыту да жанның азабы. Жаққан алаудың түтінін жұтып, қап-қара болып қақталған жұмысшылар БРУ-ды ит өлгенде әрең жүргізеді. Әлігінде, елді дүрліктіре келген Литвиннің ертелете барып, өзі көмектесе жүріп, ерітіндіні жасатып әкелген беті болатын.

Бригадирінің ақтарыла сөйлеген ашықтығы ма, жоқ әлде өзіне бұрыннан таныс iсiне құлшына кіріскені әсер етті ме, Сәметтің пəсейіп жүрген көңілі көтеріліп, бойы жеңілейіп сала берді. Басқы кезде цемент ертіндісіне отырғызған әр тасын сығалай ұзақ қарап, "кисық отырғызып койдым ба?" дегендей, қимылы тұсалған аттай кібіртіктей берген. Бірте-    бірте машықтана түсіп, түскі үзілістен кейін қолдары, тіпті жүгіріп кетті.

      ...Жүрекке түскен жара қанша ауыр болғанымен, медицина каталогiнде жазылмаған, таптырмайтын бірден бір ем бар. Ол – уакыт.

Сәметтің жанын сыздатқан балаларына деген сағыныш пен қимастық дертін олардан айырылғаннан бергі өткен уақыт сәл де болса жеңілдеткендей еді. Әрине, құлан таза айықтырып жіберуге уакыт-емшінің шамасы, құдіреті жете қояр ма екен, сірә? Әсіресе, әкелерімен шүйіркелесіп, сықылықтай күліскен сәбилерді көргенде, ұлы мен қызының бейнесі көз алдына келе қалып, көңілі дауыл ұшырған шөптей әлем-жәлем болып кетеді. Дегенімен, бұрынғыдай емес, көпшілік демалыс орындарына баруы жиіледі. Алғашқы кездерде күйеу баласы мен қарындасы ондай орындарға сүйрегендей етіп, зорлап апарушы еді, өзімен бірге істейтін әріптестерімен араласып, театр, киноға солармен бірге барып жүр.

"Уақыт" атты өмір машинасының дөңгелегі асықпай, жәйімен айналып, күн артынан күн өтіп жатыр. Табиғаттың бұлжымас заңын әдетінен жаңылдырып, өзінің қалауы бойынша  өзгертерлік құдіретті күшті ғылыми-техникалық прогресс әлі ойлап таба алған жоқ. Таба алмас та...

Өзінің жазылмаған заңы бойынша, коңыржай күз қолындағы билігін үскірік пен аязды қарын боратқан қысқа ұсынады. "Құқым жүріп тұрғанда бір сайраңдап қалайын" дегендей, қысекең ышқына гуілдеп, қарлы боранын ұйтқыта, жан-жануар, тіршілік атаулыны еркіне көндіріп, ыктырып алуға тырысады. Бірақ, оның да уақыт шіркіннің заңдылығына бағынбаска шарасы қайсы? Бірте - бірте әлсіреп, күш қуаты кеміген соң, адамзат, аң – құс, жануар атаулыны өзіне ғашык еткен көгілдір көктемге патшалық тағын ұсынады. Міне, осы тәртіп бойынша думанға толы жадыраған жаз етіп, жәйімен жылжып, жапырақтарын сарғайтқан сары күз жетті.

Бүгін бірінші қыркүйек. Күздің алғашқы күні болғанымен, жазға бергісіз жылы екен. Әдеттегіше ерте тұрған Сәмет спорт костюмін киіп, есік алдына шықты. Лүп етіп жапырақ қозғалтар жел жоқ. Айнала тып-тыныш. Саф алтындай таза ауаны кеуде кере, құшырлана жұтты. Біраз шалт қимылдар жасап, денесін қыздырған соң күн шығысты бетке алып, құлан бүлкекпен жүгіре жөнелді.

Ия, бүгін бірінші кыркүйек..

Тұңғиықтан бір мұңлы саз естілгендей жүрегі сыздап, көңіл айнасын белгісіз бір сағыныш кіреукесі торлады.

...Күміс қоңырауы күмбірлеген, балғын жүзді, бақыт күлкілі балалары асыр салған мектеп ауласы. Парталарынан сыр исі аңқыған қоңыр салқын сынып бөлмелері кино лентасындай тізбектеліп, көз алдынан көлбеңдей өте берді.

Жүздерінен мейірімділік, көздерінен ізгілік нұры төгілген ұлағатты ұстаздарының бейнесі...

Мектеп табалдырығынан, арман жолына қимас сезіммен аттанғандарына табаны күректей он жеті жыл толып, жігіт ағасы атанып үлгеріпті-ау! Сынапша сырғып, желмен жарысқан сәйгүлікше жүйткіген ұшқыр уақыт-ай, десеңші!

Сол бір жастық шақтың еркелігін, артық - кем кеткен балалық шолжаңын кешіре біліп, жандарына жайсаңдық, кеуделеріне кеңпейілділік шапағатын, көңілдеріне ізгілік сәулесін сепкен аяулы ұстаздар бейнесін қалай ғана ұмыта алар!

Білім нәрімен сусындату үшін бойларындағы бар  қайрат, күшін жұмсаған терең білімді тарихшы Күлшат Қабдолдаева, оқушыларын жанындай жақсы көретін географ Жамалхан Қазымбетова, неміс тілінен дәріс берген қатал да, әділ Сәкен Қабдолдаев, тағы басқа мұғалімдер «қалдырған ізің мәңгілік, жадымда тұрар жаңғырып...» деп, ән жолдарында айтылғандай, бұлардың өмір жолдарына мәңгілік із қалдырып, жүрек төрінен орын алды.

Ал, ұлы Абай, Ахмет, Мағжан мен Мұхтар тәлімін үйретіп, қасиетті ана тілді бойға сіңдіріп, қастерлеуді дәріптеген Ақаш Омарбаев, орыс тілін үйреткен Анна Петровна Табакова, қарапайым да кішіпейіл физик Жомарт Ихсанов сынды ұстаздарымызға мәңгілік қарыздар емеспіз пе?!

"Өткен күнде белгі жок" дейді халық мақалы. Бір ойдан солай шығар. Бірақ, өз басы оған онша келісе бермейді.

...Бұлар жиырма сегіз еді. Алтын ұя - мектептен түлеп ұшқан жандары жастық жігерге толы, арман қуған жиырма сегіз түлек болатын. "Өмір" атты күрделі де қым-қиғаш сан тарау жолдан адаспай шығып, ұлы Абайдың: "Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан!"- деген өсиетін орындап, өз орныңды тауып, қажетті жеріне кірпіш болып қалану да оңай іс емес екен. Ол жолда адасуың да, сүрінуің де мүмкін. Бірақ, сол кедергі, қиындықтарды жеңу жолында тәлімді ісімен, өнеге-үлгісімен көкейіңде қалған аяулы ұстаздардың әр сөзі, балаң көңілге ұялаған өсиет - тағылымы бағыт көрсетіп, жігер мен қайрат беретіндігін өз өмірінде сан рет байқады. Қаншама рет күрделі жағдайда, тарығып, тұйықтан шығар жол таппай тұрғанында сол ұстаздарының бейнелері адасқан сәттегі жөн сілтеушісі, бетке ұстар темірқазығы болған жоқ па?!

Сол аяулы да, ардақты ұстаздардың алдын көрген, бүгінде халық шаруашылығының әр саласында абыройлы еңбек етіп жүрген сыныптас достарын мақтанышпен еске алады. Еске алып, аңсай сағынады. Балалықтың бал дәуренін бірге өткізген достарын, шөлдеп, суды аңсары ауа қалаған жолаушыдай, көргенше асық болады.

Әзілкеш, қайдағы бір жоқ күлдіргі сұмдықтарды ойлап тауып, қыран топан күлкіге батыратын Сағым мен Марат сауда саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етті (марқұм, топырақтары торқа болсын). Сол кезде-ақ салмақты, әр нәрсені байыппен шешетін, аузынан артық бір сөз шықпайтын, керісінше, оқу атаулыға қырғидай тиетін, ал достарына көмек қажет болған кезде қанат байлап ұшуға әзір, мектепті алтын медальмен бітірген Өмірсерік Жортуылов қазір техника ғылымының  докторы, академик, профессор. Мектеп қабырғасында жүргендерінде оқушылар комсомол комитетінің хатшысы, өзін әлде бір кияңқы қылыктары үшін талай рет шықпыртып алған қатал Рысқайша Сұлтанова, Жомарт ағайларының орнына талай сабақ түсіндірген сыныптасы Қажыгерей Қасымжанов пен ақын Күләш Қанағатова ше? Олар сол кезден-ақ ұстаздар жолын қуып, мұғалім болуды мақсат тұтпады ма? Қазір сол армандарына жетіп, бойларындағы бар білімін, қайрат-күшін жас бүлдіршіндердің тәрбиесі мен тиянақты біліміне жұмсап отыр.

Жүгірген кездегі ұшқырлығы үшін «истребитель» атанып кеткен, мектепте ай сайын шығып тұратын «Жас қалам» окушылар газетінің редакторы Қанат Асқаровтың (иманы жолдас болсын) журналист болатындығына ешкім шәк келтірмейтін. Шынында да, ол  қаламды өміріне серік еткен беделді журналист, белгілі коғам кайраткері дәрежесіне жетіп, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғаш шақырылған Парламентінің депутаты болып жемісті еңбек етті.

Осылардың бәрі көз алдынан тізбектеліп өткен Сәметтің жүрегі, біртүрлі, талмаусырағандай сыздап қоя берді. Жастык шақтарының бал дәуренін бірге татысып, кұлындай тебісіп ойнаған қимас дос, құрбыларын бір көруді жан-тәнімен, бар болмысымен қалады. «Шіркін-ай, сол қатар жүрген көп күндерінің бір сәтін, ия, тек бір ғана сәтін қайта оралтса...

Бала емеспіз бе, кім біледі, каншама «менікі зілсіз әзіл, залалсыз калжың едi» дегеніммен, достарымның кіршіксіз көңіліне қаяу түсіріп, ренжітіп алған күндерім де болған шығар. Алақұйындай шапшаң, алды - артты ойлатпайтын, ойын-қызыққа еш тоймайтын албырт балалық шақта әр нәрсенiң артық-кемін, дұрысы мен бұрысын ақыл таразысына салып екшеп, саралайтын дәрежеде болмадым ғой. Жалынды жастық пен бозбалалық арынға мас едім.

Құлын-тайдай тебісіп, бірге өскен достарым-ау, өздеріңе деген еркелігім де, балалық тентектігім де болған шығар. Қалт басып, мүлт кеткен жерім болса ренжімеңдерші! Кешіріңдер мені, қимас достарым...!

 

 

...Кеншілер қаласындағы өзегін өртше жандырған жағдайлар, сүйкімді балаларынан, сүйікті ісі мен өмірдің қызық-шыжығын бірге бөліскен шахталас достарымен қош айтысу – күздің ұзақ, тынбай жауған сылбыр жаңбырынан кейінгі балшық сынды Сәметтің еңсесін езіп жіберген еді. Содан бері не ашылып сөйлемей, не жарқылдап күлмей, томаға тұйық, жабырқау күй кешкен. Көңілін зіл батпандай басқан кою тұман сейілмей-ақ қойған болатын.

Таңертең жұмысқа кіріскеннен бері көңіл көкжиегінің кірі пышақпен сылып тастағандай жоғалып, бойы жеңілейіп, көктемнің жаңбырынан кейінгі табиғаттай құлпырып сала берді...

Астауындағы цемент ерітіндісін тауысқан Сәмет күрек, қалақ, уровень сияқты жабдықтарын жинастырып жүр. Көтеріңкі көңілмен әлдебір әннің әуеніне беріле ыңылдайды.

       -Жарайсың, ұлы құрылысшым! Бұрынғы ескі мамандығыңды ұмытпапсың...

Сәмет бетін бұрғанда жанында жылы жымиып тұрған бригадирін көрді. Солдатша шекесіне қолын апарған Литвинов:

       -Благодарю за службу! – деп, тақ ете түсті.

        -Қазақстан Республикасына қызмет етемін! - Іле-шала әскерше сіресе қалып, лезде қайтарылған жауапқа екеуі де ақтарыла күліп жіберді. Бұл Сәметтің талайдан бергі ұмытыла бастағандай болған жан жадыратар, шынайы да, алғашқы күлкісі еді.

...Жұмыс күнінің аяқталуына бір сағаттан асар-аспас уакыт қалғанда — кұрылыстың күре тамыры- кран істен шығып, сілейіп тұрып калды. Жоғарыдағы жұмыс орнынан, арқан  бойымен сырғыған матросша, қысқа адыммен жылдамдатып жүгіре түскен краншы әр тетікті бір шұқып ақаудың себебін іздеуге кірісті. Қанша әуреленгенімен таптырар түрі жоқ.

Күндіз жылымық болғанымен, күн кешке қарай суытып, жаяу борасын бет қаратпай тұр. Аяз қарыған саусақтарын әлсін әлі демімен үрлеп жылытып, қайта шұқылайды. Тас қалайтын ерітінділерінің әлі жарты астауы бар. Жұмысшылар не істерін білмей ошарылып қалды. Кранның жөнделуін күтейін десе, қашан жөнделері белгісіз. Ол жүргенше ерітінді қатып қалуы мүмкін.

Осылардың бәріне бір шеттен салғырт көз тастап, "күл болмасаң - бүл бол" дегендей, шекесінен қарап тұрған Вася:

-Енді кран жүргенімен де ерітіндіні тауыса алмаймыз. Ерітіндіні күректеп қоршаудың түбіне тасып, қармен көме салайық. Ешкім көрмейді-деді  кежегесі кері тартып, бүйректен сирақ шығарып жүретін ежелгі әдетімен.

- Мейлі, бірақ әрірек тастаңдар. Басшылар ертең көрiп қалып, миды шірітіп жүрмесін. – Осыны айтып, бағанадан жылы жерге кіріп кетудің жөнiн таппай, жіпсіз байланып тұрған Большаков бүрсең қағып вагоншаға қарай бет алды.

«Мәссаған безгелдек!» Басқа-басқа, осы құрылыстың ыстық-суығына жауап беретін учаске бастығының аузынан осы сөздердің шыққанын өз құлағымен естімесе, Сәмет сенбес еді.

-Сенген қойым сен болсаң – күйсегенінді ұрайын! –Қазақша мәтелдеп кеткенін өзі де сезбей қалған оның өңі бұзылып сала берді. Сөзін әрі орысша жалғады.

-Үйлеріңдегі дүниелеріңді өліп бара жатсаңдар да олай шашпас едіңдер ә? - деді даусы тарғылдана. -Ерітіндіні үшінші қабатқа носылкамен тасып, тас қалауды жалғастырамыз!

Бұйрық бергендей кесіп айтты. Ешкімде үн жоқ. Білек сыбанып кірісер жан адамның сыңайы байқалмайды. "Қайтеміз" дегендей бірі-біріне жалтақтап қарағыштай береді. Ашуға булыққан Сәмет жерге бір түкірді де жоғарғы қабатқа көтерілді. Сәлден соң қайта түсті. Қолдарында қос шелек. Шелектерді ерітіндіге сықай толтырып, үстіңгі қабатқа қайта дедектей жөнелді. Қимылы мен бет әлпетінен тау суындай буырқанған ашудың табы көрініп тұр. Сол арынмен қалақшасын алып, қолы қолына жұқпай қабырғаны қалай бастады. Арада он минут шамасындай уақыт өткенде, Василиден басқа жұмысшылардың бәрі іске кірісіп кетті.

Саяқ шыққан аттай шошайып жалғыз қалған Вася не істерін білмей әлі тұр. "Бригадир, мастер болмасам да жұмысшылар менің ығыма жығылып, ыңғайыма көне беруші еді" деп ойлады ол. "Не сиқыры барын, мына бір пысықай келді де, бәрін билеп, төстей жөнелді. Ешкімге көзге шұқығандай "былай ет" деп ешнәрсе айтпайды. Бірақ, әйтеуiр, бәрі соның соңынан еріп жүре береді. Пәлекетің сес дейтіндей сес білдіріп, біреулерге дауыс та көтерген емес. Түсініп болмайтын бір таңданарлық жағдай».

Енді бір сәтте аяғын сүйрей басқан ол жоғары қабатқа көтерілді де, етік қонышына тыққан қалақшасын суырып, тас қалаушылардың сапына еріксіз қосылып кетті.

Құрылыс басындағылардың бәрі ауыздарына су толтырып алғандай үнсіз. Жанарларын төмен салған күйі бүкшең қағып жұмыс жасауды ғана біледі.

...Өгіз аяңмен қыс, тасбақа қимылмен көктем өтіп, жадыралы жаз да жетті жәйімен жылжып.

Өзге трестердің, қаладағы басқа құрылыс ұйымдарының жағдайлары қандай екенін кайдам, завод іргесін көтерушілердің жәйі мандымай-ақ қойды. Орыстардың: «Раствор бар, кирпич жок-сижу курю, кирпич бар, раствор жок-сижу курю» деген әзіл сөздерінің жаны бар осы. Істері сәл жылжи берсе - кірпіш бітеді. Кірпіш болса, ерітінді жоқ - цемент таусылған. Тұсалған аттай тағы да тұрыс. Оған қиналып, қабырғасы қайысқан адам және жоқ. Мұндай мимырт тірлікке прораб, мастерлердің еттері үйреніп кетсе керек, қыңк етіп, қабақ шытып, "неге бұлай" деп шу көтерер түрлері байқалмайды. Әйтеуір, әр ай соңында одан-бұдан қағыстырып, күніне бес-алты сомнан айналатындай етіп наряд жабады. Бұдан артық, я кем емес, жақсы істесең де сол, жаман істесең де сол - бір қалыпты. Бұл теңгермешілік ақы төлеу тәртібін жұмысшылар да әбден біліп алған. Сондықтан да селт етіп, суырылып шығатын жан жоқ. Өмір бойы арба тартып, ығыр болған көтерем атша қимылдары бей-жай, серпіліссіз. Бәрі бірқалыпты, қызғылықсыз. Еш өзгерісі жоқ мимырт тіршілікке селқос, самарқау карайды.

Жер-ананың бетін жайнатқан жаз келгелі құрылысшылардың құдайлары тіпті жарылқады. Завод кұрылысы жүріп жатқан алаңнан жүз - жүз елу қадамдай жерде бұратыла, сыңғырлай күлген ерке тотай бұлақ ағып жатыр. Екіден, үштен бөлініп, бoшалаған түйедей арық жағасын қуып кеткендер шешініп тастап, күнге қақталуда.

Күн қызуынан қашып, бір шоқ тал түбіндегі көлеңкеге жасырынған топ Василий бастаған "тринкaшылар". Ойын қызығына беріліп кеткендері сондай, айнала дүниенің бәрін ұмытқан. Әлсін-әлсін дауласып, қызыл кеңірдек болып отыр.

-Ақшаңды сал! Сен көрсет ақшаңды, әйтпесе, ойыннан шық! - деді Вася өзеуреп.- Қарсы қолда ойнап отырған Леонидтің бір уыс кір-кір умаждалған үш сомдық ақшаларды калтасынан шығарғанын көріп, көңілі жайлана қалды.

-Тринка! Қолындағы картасын көк шөпке төселген картон үстіне құшырлана ұрып, ортада жатқан акшаны Василий өз алдына жинап жатыр.

Сергей екеуі бірін-бірі құпия көзқарастарынан түсіне қоя ма, қолдары шығып, ұтып отырған солар. Қарсыластарының мойындарына су кетіп, карталарын көңілсіз үлейді. Оңай болсын ба, бүгін ғана алған аванстарын түгелдей ұтқызуға жакын. "Қырсыққанда қымыран іриді" деп, ұткызғандарын қайтарып алуға қанша тырысса да қолдары шығар емес. "Үмітсіз— шайтан...» Осы кезде арақ-шарап толтырған торды көтеріп, Коля жетті арсалаңдап. Өзі жерден жеті қоян тапқандай көңілді. Келген бетте шөлмектерін салдырлатып, торымен қоса арықтағы суға салып койды. Салқындатпаса тамақтарынан өтпейтіндей:

- Қазір-ак мұздап шыға келеді-деп, қуаныштан екі езуі жыртылардай ыржия күлді. Қырлы стақандарды жеделдете жуып, қол балаша елпең қағып жүр.

Аванс, айлық берген күндері жұмыс уақыты таусылмастай көрінеді-ау Вася бастаған топ үшін. Сағаттың бес болуын күтпей-ақ «собразға» жиналған ақшаны қолына ұстатып, арақ-шарапқа шабарман жұмсайды. Ол шабарман баяғы Коля. «Дүкенге неге тек мен баруым керек?» деген сұрақпен басын қатырып та жатпайды. Өзіне жүктелген меншікті міндеттей, кімдікі екені белгісіз кір-қожалақ «дежурный сеткіні» алады да, асығыс жөнеледі.

Сондай күннің ертеңіне осы жігіттердің ық жағына жүрудің қиыны-ай! Кейде біреулерінің жұмысқа көздері көгеріп, беттері жараланып келеді.

 Бұл енді, сау күндері іште сақтап, ішіп алған соң ара қатынастарын анықтағандар. Ауырып, мүлдем жұмысқа шықпай қалатын кездері де болады. Ол да жиі қайталанып тұратын үйреншікті жəй.

...Өндірістің күнделікті бітпейтін шауасы, ай соңындағы «жоспар! жоспар орындау керек!» деген таусылып болмас алашапқынмен,  екі жылға жуық уақыт зырылдай жүгіріп өте шығыпты.

Жарымен қосылған күннің ертеңінде – ақ Сәмет:

 -Биша, кейінгі өміріміз қалай болады? – деген күмән ой басыңа келмесін. Өзің жақсы болсаң, мен бір адамдай кісінің жанын түсініп, сыйлай білетін азаматпын. Бұрынғы әйелімді еріккеннен тастап, алтын асықтай ұлым мен сүйікті қызымды тірі жетім ету маған оңай емес екенін саған айтқанмын. Сол қарғаларыма деген сағынышымды аз да болса жеңілдету үшін Құдайдан тілеп, маған сәби сүйгіз-деген өтініш білдірген - ді.

Алла сол тілекті қабыл қылып, бір жылдан соң сүп-сүйкімді құртақандай қара қыз дүниеге келіп, атын Диляра деп қойған болатын. Міне, сол періште сәби екі жасқа таяғанда Сәмет:

-Биша, кейінгі кезде қошақандарым бірнеше рет түсіме кірді. Ауылға барып, хал-жағдайларын көзбен көріп, беттерінен сүйіп қайтайын. Сен балаларыма киім-кешек, оны – мұны базарлық сатып алып қой. Осы аптаның сенбісінде жол жүрейін-деген.

-Дұрыс, өз балаларың ғой. Барсаң барып кел-деп, ертеңінде-ақ балаларға базарлық даярлап қойған еді.

...«Әлігі Зияда шу шығарып жүрмесе игі еді», «Қозықандарым қалай қарсы алар екен?» деген оймен, жүрегі атқылақтай соғып, тізелері дірілдей         есікті жасқаншақтай ашқан Сәмет табалдырықтан атай бере:

-Сәлеметсіңдер ме? - деп сәл бөгеліп тұрып қалды. Ешкімнен еш жауап жоқ.

Торғай балапандарындай көздері дөңгелене қалған Қарлыға мен Русланның жүздерінде бір сәт қуаныш оты жалт етіп, әкесіне қарай ұмтыла бергендері сол еді Зияданың:

-Отырыңдар, әрі! Әкешілін бұлардың. Сендерді керек қылмай, қатын алып кеткен бұл сұмырайда нелерің бар?! – деп, балаларына ала көзбен ата қараған зілді әмірінен тайсақтаған олар артқа қарай жылыстап шегіншектей берді.

-Жандарым-ау менің. Сағындым ғой өздеріңді...-Тым құрыса балаларының беттерінен сүйіп кетуге ұмсынған Сәметтен қашқақтаған олар үйдің төріне шығып кетті. Осы сәтте шешесінің әуеніне жығылған Қарлығаның, қанша айтқанымен төртінші сыныпта оқитын ересек емес пе:

 -Неге келдіңіз? Бірге тұрғанда мамамды жылатқаныңыз жетеді. Енді бізге жоламаңыз...- деген сөзінен Сәмет басына біреу таяқпен салып қалғандай есеңгіреп қалды. Көзінен ыршып түскен жасын сүртпестен:

-Жарайды... Кейін бәрін түсінерсіңдер. Түбі өзімді табарсыңдар. Әйтеуір, өздерің аман болыңдаршы...- деп, қолындағы балаларына деген пакеттегі сыйлық пен конвертке салынған ақшаны орындық үстіне қойған ол қабақтары жыбырлап, еріндері қозғала кемсеңдеген күйі иықтары салбырап,  үйден сөлбірейіп шыға берді...

«Қайтейін, асау, қаһарлы аналарыңның қабағынан қаймыққандарың ғой. Әйтпесе, үйге алғаш кіріп барғандағы қуанышты жүздеріңді анық көрдім емес пе... Өзімді қойшы, не көрмегенмін, неге көнбегенмін. Сендердің нәзік жүректеріңдегі ескі жараның аузын тырнап ашып, қайта жаңғыртып жібердім-ау. Қайтейін... Не дейін, не айтайын...»

...Сәмет кейінгі кезде қалайша, неге екенін өзі де білмейді, қолы қаламды қалап, завод өмірінен газетке бірдеңе жазғысы келді де тұрды. Мектепте оқып жүргенінде әдебиет сабағынан мазмұндама, шығарма жазудан «бестен»  төмен баға алмаушы еді. Бірақ, сол кезден газетке өлеңдерін, шағын мақалаларын жариялатып жүретін сыныптас досы Қанат Асқарұлы сияқты емес, газет, журналға ештеңе беріп көрмеген.

22 – сәуір – Лениннің туған күніне орай жылда, дәстүрлі түрде «коммунистік сенбілік» өтетін дәстүр бар. Міне, сондай сенбілік заводта кеше өтіп, бүгін сол туралы шағын мақала ма, заметка ма, жоқ әлде информация ма, қай жанр екенін өзі де білмейді, әйтеуір бірдеңені жазып, облыстық «Октябрь туы» газетіне алып келді. Редакция атаулыға бұрындар бас сұғып көрмегендіктен, жүрексініп, толқып та тұр. Дәліз бойымен жүріп кабинеттерді жағалай көзбен шалған ол маңдайшасында «Құрылыс, байланыс және транспорт бөлімі» деп жазылған кабинеттің алдына аялдап, емен есігін жасқаншақтай қақты.

 -Ия-ия, есік ашық, кіре беріңіз.

        -Ассалаумағалейкүм!

        -Уағалейкүмассалам! Сәлемші болсаң төрлет –деп, орнынан тұрып, жымия күлген жасы отыздар шамасындағы жігіт қолын ұсынды.

        - Отырыңыз. Мен осы бөлімнің басшысы Кемал Құсайын деген мұртты боламын. – Әзілдей күлген кезде байқағаны: онсыз да түсі жылы журналистің өңі бұрынғыдан да жылышырайланып кетеді екен.

         - Мен Сәмет Үсенов деген азаматпын. КПД заводынан мына шимайымды әкеліп едім...

        Бөлім басшысы бар-жоғы бір жарым параққа жазылған дүниені зер сала оқып отыр. «Мынауыңыз жариялауға келмейді» дегенді айта ма деп, орнында қозғалақтай тықыршып бұл отыр.

       -Бәрекелді! Тәжрибеңіз жоқ екендігі көрініп тұр. Бірақ, сізде қаламгерліктің негізі бар. Мен мұның өзіңіздікі сияқты мұртын түзеп-күзеп, газетке берейін-деген Кемал мақала жазудың тәртібін, ерекшеліктері мен қыр-сырын, неге баса көңіл аудару керек екендігін ерінбестен сүт пісірім уақыт түсіндірді. Ара-арасында әзіл-қалжыңы мен анекдотын айтып, күлдіре отырған бөлім басшысы:

       -Сәке, ешкім де журналист, жазушы болып тумайды. Газет-журналдарды, әдеби кітаптарды көп оқыңыз. Жәй, сюжетін қуып судыратып қана оқымай, мағынасына, сөйлем құрау, сөз ойнату мен жазу стильдеріне мән беріп, көңілге түйіп оқыңыз – деп, қоштасу рәсімімен қолын ұсынды.

       -Аман-есен болып,жазып, хабарласып тұрыңыз.

       -Берген кеңесіңізге көп рахмет.Сау болыңыз!

       Сәмет газет редакциясынан арқаланып, өміріне бір өзгешелік енгендей қуана, шабыттанып шықты.

  Арада үш күн өткенде Сәметтің мақаласы «Октябрь туына» «Заводтағы сенбілік» тақырыбымен «жарқ» етіп шыға келді. Газетті қолына алысымен шыдамсызданып, ашқарақтана оқып отыр. Қайталап тағы да үш рет оқыды. Пәлі, біраз түзетіліп, өзгертілгені болмаса, бәрі өзінің жазғаны! Өмірінде тап осындай қуанбас! Бейне бір роман жазып тастағандай қанаттанып, бір ай бойы қайталап оқып, тіпті, әр сөзін, үтір, нүктесіне шейін жаттап алды. Содан бастап газетке мақала жазып, жариялап тұруды алдына мақсат етіп қойды.

 

...Өгіз аяң тірлікпен, мимырт жылжу күйін кешкен завод құрылысының басталғанына табаны жалпақ үш жыл өтіп, төртінші жылға аяқ басты. Жоғары жақтан тықыр таянды ма, әйтеуір, кейінгі кезде құрылыс басына басшылар жиі қатынап, қайшы алысып кетті. Көп кешікпей, бұл қарбаластың сыры ашылды. Жоғарыдағы басшылар үшінші тоқсанның аяғында заводтың іске қосылуын қатаң талап еткен екен. Бұл тығырықтан құтылудың бірден бір жолы — жиі конкурстар өткізу аркылы істі ілгерілету.

Енді, әйда, "жау шапты" басталды десеңші! Треске бағынышты он сегіз бірдей жылжымалы механикаландырылған колонналар бәйгеге жүйрік қосқандай, ең таңдаулы деген бригадаларын конкурсқа жіберіп, әдеттегідей күш сынастырады. Әр конкурс соңында жеңімпаз мекемелер, бригадалар анықталып, ол колонна, бригадалар мен озық шыққан жұмысшыларға ақшалай-заттай силықтар, «Алғыс хат» пен Грамоталар тапсырылады.

Қайдан шығып жатқанын қайдам, үш жыл бойы емге таптырмай тоқыратқан құрылыс материалдары бұлақ суындай құйылды. Жандары мұрын ұшына таянған кезде басшылар құс сүтінен өзгенің бәрін табатын сияқты. "Тоқпақ мықты болса, киіз қазық жерге кірер" - деген мақалдың жаны бар ay, осы!    Япырай, құрылысқа қажетті материалдардың бәрі ай сайын жоспар бойынша жүйелі түрде босатылып тұрса, мұндай «жау шапты» қарбалас та, асығып-аптығу да болмас еді ғой. Жоғары лауазым иелері араласып, тықыр таянған кезде ғана социалистік жарыс қызып, жұмысты ілгерілетудің бар шаралары қолданылуда. "Ойбай" мен "аттан" араласып, қауырт істелген істің қай бір шекесі қызған сапасы болушы еді? Сәмет оның да көңілдегідей емес екенін күнделікті көріп жүр. Бір – жар рет трест пен колонна басшылары алдында іс сапасының нашар екендігін тілге тиек етіп, сөз қозғап көрген. «Е-е, мына жұмысшы жөн айтып тұр-ау» деген ешкімді байқай алмады. Қайта "бүйректен сирақ шығарып тұрған қандай адам өзі" дегендей, жақтырмай қарап, немесе естімеген сыңаймен теріс айнала берген. Бәсе, қарапайым жұмысшыдан дұрыс ақыл мен ұсыныс шығатындығын қай басшы мойындай қойсын...!

Осыдан біраз уақыт бұрын өздерінің бас инженерінен: "Көш жүре түзеледі ғой. Бəрі қалпына келеді. Өзіңе қатыссыз іске бас сұға бермесеңші" деген ескерту естіді. «Құрысыншы бәрі» деп түңіліп, бас ауыртып, босқа сөз шығын қылудың артықтығына көзі анық жеткен. Көзі жетіп, қолын бір-ақ сілтеген.

"Етпен біткен мінез сүйекпен кетеді деген халықтың мақалы осы Сәмет сияқтыларға қарап айтылған-ау шамасы. «Күл болмаса - бүл болсын» деп қол сілтеген жігіт өнері екі-үш күнге ғана жетеді.

Сәмет Василидің: "Сен осы бригадир, не мастер емессің. Неліктен қимаң кышып, пысыксыйсың да жүресің? "Құмырсқа жолыңды біл, Аязби әліңді біл" деген. Көрінген тесікке сұғына беріп, мүйізің қайырылып қалмасын" деген қоқан-лоққысын бұдан бұрын да естіген. Енді кайтсін, елді ықтырып жүрген көп-көрім аптариқаты көз алдында мұзша еріп, өзіне бас шұлғып тұратын жігіттердің көбісі Сәмет пен Литвинді төңіректеп кетсе...

Алғашқы кезде Василий ол туралы: "Басшыларға жағыну үшін жанын салады" пікірінде жүрген. Байқап тұрса, тіпті де олай емес. Сәмет бригадир, мастерден бастап, прораб, бастықтармен де жиі шәлкем-шалыс келiп қалып жүреді. Онда да өзінің жеке басының қамы үшін емес. Әңгіменің төркіні: "Неге құрылыс материалдарын дәл мезгілінде жеткізбейсіңдер?" "Құрылыс алаңында технологиялық процесті қашан дұрыс ұйымдастырасыңдар?" деген сияқты жұмыс бабындағы әуендер.

Ғұмырында өз құлқыны мен жеке, қарақан басының қамы болмаса, коллектив намысы, жауапкершілік жүгі секілді қасиеттерді бойына сіңіру түгіл, тұшынып, сезініп көрмеген Василий Сәметтің жәйін қайдан түсінсін? Шолак ақылына қалай сиғыза алсын? Содан ғой: "Япырау, бәрінен де осыған көп керек пе, сау басына сақина тілеп алып жүргені" деп, оның қылығын миына сыйғыза алмай, бас қатыруы...

Дегенімен, жек көре тұра, өзі Сәметтен біртүрлі именiп, ығып тұрады. Арықтығын блдірмей, жонын күдірейтетін  қасқырша, қанша сыр бермейтін десе де, оның алдында пәсейіп, аласарып қалғанын сезіп жүр.

...Қай құрылыс нысанында болмасын, қанша істесең де бітпестей көрінетін күйбеңі көп іс- обьектіні пайдалануға берер кездегі әрлеу – сырлау, тазалау сияқты ұсақ- түйек жұмыстар.

«Көп түкірсе – көл» деген емес пе, конкурс соңынан конкурс өткізіліп, соның арқасында, жарды үздіксіз ұрғылап, мүжитін толқынша, жұмыстар бірте-бірте еңсеріліп, құрылыс тәмамдануға таяп қалды,

«Осы қаркыннан таймасақ, бір айдың о жақ, бұ жағында заводты пайдалануға беріп қалармыз...»

Құрылыстың бітуге айналғанын медет тұтып, көңіліне көктем шуағындай жылылық ұялаған Сәметтің тәтті ойын жанына жүгіре басып келген табель жүргізушінің сөзі бөліп жіберді.

- Самет, здравствуйте. О чем задумались? – Үйреншікті әдетімен орысша сөйлеп тұрған ақсары келген әдеміше келіншекке жүзін бұрып:

-Есен бол, Сәуле. Заводымыздың ертеңін көз алдыма келтіріп, қиялдап тұрганым ғой, - деп әзілдей күліп, әдейі орысшасына қазақша жауап қайтарды.

 -Сәмет, тез арада прорабтар вагоншасына барыңызшы. Заводтың болашак директоры шақырып жатыр.

- Жайша ма екен?

-Тороплюсь, там узнаете... – Жауабын тағы да орысша жүре қайырған ол арматура цехына бет алды.

Бұл келіншектің асығып – аптықпай жүретін күні болсайшы! Қашан көрме, безек қағып, мұрнына су жетпей, шауып жүргені. Қазақша түсінгенімен, сөйлемейді. Ана тілін нашар білетіндігіне қысыла ма, қазақшасы  «жок», «бар», «солай» сияқты тоқ етер жауаптардан асып көрген емес. Сәметтің: «мемлекеттік тілді қашан меңгересің?» деген бір - жар ескертулерінен кейін, кездескен жерде сөйлесуден қашқақтап, тайқып кетуге асығады.

 Әр жаңалық атаулыны қанын жерге тигізбей, бірінші естіп, елге тарататын «саққұлақ» Васяның айтуынша, болашақ заводтың лаборатория бастығы болып осы Сәуле тағайындалатын көрінеді.

Өздерін неге шақыртқанын білмей, үнсіз тосып отырған жігіттердің бас-аяғы жиналды-ау деген кезде, есіктен аласа бойлы, жұқалтаң келген ақсары өңді жігіт ағасы жып етіп кіріп келді. Мысықтабандап, дыбысын сездірмей, елеусіз келгендігі сондай, кіре берісте отырған Сәмет пен бір-екі адамнан өзгелері оның енгенін сезбей де калды.

 - Сәлеметсіздер ме, қырандар! Алдымен танысып қоялық. Аты-жөнім: Роберт Михайлович Казаков. Заводтың болашак директорымын.

Өндірісімізге білікті, кәсіпқoй жұмысшылар даярлау мақсатында Алматы үй құрылысы комбинатына оқушылар аттандырмақшы болып отырмыз - деген ол курсқа баратындардың тізімін жариялады. Болашақтағы қалыптаушы мамандардың арасында мұның да фамилиясы бар екен.

...Үш ай оқуда болып қайтқан Сәмет заводтың

өндіріс цехына кіргенде өз көзіне өзі сенбегендей, таңдана тұрып қалды. Кеше ғана емес пе еді, асыға көшіп кеткен жұрт орнындай, бәрі аңғал-саңғал болып шашылып жатқаны...

Өз қолдарымен орнатқан бетон нығарлау столдары, стержень созуға арналған қыздыру машинасы мен дайын бұйымдарды қалыптан шығару үшін қолданатын аударғыш механизмдердің бәрі жылы ұшырап, көзіне оттай басыла кетті. “Менсіз бір ісің де атқарылмайды. Өндірістің қожайыны мына өзіммін!» - дегендей, алау түсті көпірлі (мостовой) кран тәкаппарланып, маңғаздана қарайды. Бәйгеге жаратып қойған арғымақша қасқайып тұрған «СМЖ» бетон құйғыш машинасын көріп, Сәметтің көздері шоқша жанып кетті. Өйткені, АДК-да жүрген үш ай бойы осы машинада істеп, жетік меңгергендіктен, сонда өткен конкурстарда бірнеше рет озық шығып, бас бәйгені жеңіп алған еді.

 Шыдамай кетіп құю машинасына «дік» еткізіп тоқ берді де, рельс бойымен әр жылдамдықты қосып, әрі-бері жүйткіте зырылдатты. Жүйрік мінгенде желік пайда болатын шабандозша, бойына сергектік бітіп, тезірек жұмысқа кіріскенше асықты.

...Заводтағы жаңа өмірін қалыптаушылар бригадасының бригадирі болып бастаған Сәметке АДК комбинатында оқып, тәжрибеден өтуі көп нәрсеге үйреткені жұмыстың бірінші аптасынан-ақ анық көрінген еді. Мұның басқа ауысымның қалыптаушыларынан екі есе артық құйғаны өз алдына, бұл шығарған өнімінен бірде бір рет ақау (брак) болған жоқ. Өзі ғана емес, ауысымындағы жігіттеріне еңбек өнімділігін арттырудың тәсілдерін теориялық түсіндірумен қоса, тәжрибе жүзінде көрсетіп, үйретуінің нәтижесінде, олар да  тұрақты түрде күндік норманы бір жарым еседей артық орындай бастады. Өзі болса, екі есе, одан да артық орындап, көрсеткіш тақтасында Сәметтің бригадасы бірінші орынды ешкімге бермеді.

...Еліміздегі «қайта құру» үдерісі аясындағы демократия мен жариялылық, өзін өзі басқару мен ашықтық саясаты өмірге енген тұста Сәмет Үсеновты

заводтың жалпы жиналысында бүкіл ұжым бірауыздан қолдап, дауыс беру тәртібімен, қалыптау цехының ауысым (смена) мастері етіп сайлап алған еді. Ол аталмыш лауазымды өзіне деген сенім мен мойнына артылған жауапкершілік жүгі деп санағандықтан, көрсетілген сенімді ақтауға барын салып, еңбекке бұрынғыдан да қызығушылықпен, шабыттана, құлшына кірісті. Бұл кезде ол техникумын тәмамдап, қолына «Өндірістік-азаматтық

құрылыс» мамандығы бойынша дипломын «өте жақсы» деген бағамен қорғап алған-ды.

        Мастер болып сайланғалы Сәметте тіпті тыным болмай кетті. Бұрын екінші линияда бригадир кезінде өз бригадасына берілген тапсырманы орындау үшін басқару - ұйымдастыру, темір-бетон өнімдерінің сапасын бақылау, құю машиналарының, немесе кран, тағы басқа сол сиякты техника, механизмдер сынып қалған жағдайда тез жүргізіп жіберу үшін жөндеушілерге көмектесіп жіберетін. Енді бұл міндеттер үш есеге көбейіп, үш линиядағы бригадада атқарылатын дәл осындай процестерге, ондағы ұжымға жауапты. Жұмыс жасағысы келген адамды жұмыстың өзі іздеп тұра ма, әйтеуір, тыным жок. Шаршағанын кезек аяқталып, душ бөлмесіне жуынуға кіргенде бір-ақ сезеді. Оған дейін бірдеңеге алаңдамақ түгіл шаршауға «уақыты жоқ».

Ертең күн сенбі. Сәмет бүгін ауысымның соңында

қалып, өз сменасының жоспары есебіне тағы екі-үш сағат жұмыс жасауға ұйғарған.

Бүгін өзі, Құдай қолдап, жиі істен шыға беретін техникалардың бәрі тоқтаусыз істеп, карташылар айтпақшы «қол жүріп», істері ілгерілеп-ақ тұр.

«Соны пайдаланып, өндірте істеп қалайын» деген оймен жүгіре басып селектрге жетті. Мақсаты – бірінші кезектің жұмысшылары кетіп қалмай тұрып өзіне қажетті қиыршық бетон мен цемент ертіндісін алып қалу.Әйтпесе, екінші кезекке келетін бетон араластыру  цехының жұмысшылары кезекті қабылдап алып, бұған қажетті бетонды жасап бергендерінше ең кемі жарты сағат уақыт өтеді.

- Рая, ноль жиырма бес ерітінді, екі текше метр қиыршық бетон бер. Қалай түсіндің? – Селектрдің

тетігін басып, арғы жақтың жауабын тосты.

- Түсіндім, Сәмет. - Тапсырысты қайталап айтқан қыздың даусы қырылдай естілді. «Ноль жиырма бес ерітінді, екі текше метр киыршык бетон».

Мастер СМЖ бетон құйғыш машинасының тегістегішіне, бункерден түсер жолындағы жұғып қалған бетонды қырғышпен түсіріп, тазалай бастады. Кезек алмастыру арасында осылай дұрыстап тазалап алмаса, таңертеңнен бергі жұғып, тұтылып қалған бетон қалдықтары қалың болып қатып, екінші кезектiң соңында тазалауға келместей күйге түседі.

...Бірінші кезектін жұмыс уақыты аяқталып, екінші кезекке келген жұмысшылар да біртіндеп жинала бастады.

Қашан болсын, жұмысшылардың алдының келуін Құдайдай тосып, тезірек тайып тұруға асығатын Василий цехтан шығуға бет алды.

Ол үшінші постағы құю машинасында істейтін.

-Вася, машинаңды тазаламай қайда кетіп барасың? - деді оны көзі шалып қалған Сәмет.

- Менің кезек уақытым бітті. Неге артық жұмыс істеуім керек? - Василий жүре сөйлеп барады.

Сәмет оның кейінгі жиырма минут уақыт аралығында ештеңе істемей, цех ішімен өткен-кеткендерге, одан қалса, техникалық бақылау бөлімінің Венера атты, еркек атаулыға қылымси көз тастап, бұраңдай қалатын бойдақ келіншекке сөйлеп, уақыт өткізіп тұрғанын көрген. Онысын іші жақтырмағанымен, "бункерiнде бетоны бітіп қалған болар" – деп үндей қоймаған. «Айтақтай-айтақтай қасқырдан да ұят болды» демекші, өзіне тиісті жұмысты өзі біліп істемеген адамға тықақтап, әркез көзге шұқып істетуге де адамның өзі бетінен басып, зәпіс болады екен. Айтпайын десе - істеп тұрған кылығы мынау. Шыдамай кетті:

- Яцун, қане, қайт та машинаны тазала!

-Түсінбейсің бе айтқанды? Менің жұмыс уақытым бітті.

-Ей, сенің жиырма минут бойы әңгіме соғып, текке уакыт өткізгеніңді мен көрмеді деп ойлайсың ба? – деді Сәмет ашуға булығып. - Айдың аяғында: «Елмен бірдей еңбек еттім. Менің еңбекке қатысу коэффицентім неге төмен? Әділ қоймағансыңдар» деп қақсағанда ауыздыға сөз бермейсің...

-Жарайды, маған тиесілі коэффицентті Коля Пастухқа қой.Машинаны сол тазаласын да,құя берсін.

-"Маған не істейсің" дегендей, беті шімірікпестен жылыстап цехтан шыға берді. Жөн сөзді "жөн" демей, айтылғанды артына да қыстырмастан жөнеле берген қиқардың қылығы Сәметтің қанын қайнатып, қалшылдатып жіберді. Сол күйінде жүгіре басып барып, Василийдің алдына кесе көлденең тұра қалды. Ашудан өңі түтігіп кетіпті.

- Қане, қайт кейін, ұятсыз!

- Сен-ақ ұятты бол. - Қос қолымен бүйіріне таянып, жерге “шырт" еткізе бір түкірді де, кетуге бет алды. - Ұятты саған бердік, бастық!

Жүре берген Василийдің иығынан нығарлай ұстай алған Сәмет оны өзіне қарай жұлқи тартты. Бұл енді бағанадан іштей буырқанған ашудың шегіне жетіп, лап етіп жанған отша, сыртқа лықсуы еді.

- Ах, сен жұлқи біледі екенсің ғой!

Яцун келсаптай жуан жұдырығымен Сәметтің сол жақ самай тұсын ала құлаштай салып жіберді. Бірақ,  осы қас қағым сәтте не болып қалғанын өзі түсініп те үлгермеді. "Ынқ" ете түскен дыбыс естілді де, Вася түбінен кескен терекше серейіп, жерге құлап түсті.

Сәметтің сонау әскер қатарында қызмет еткен кезде бокспен айналысып, жаттыққан реакциясы жойыла қоймапты. Василийдің жаңағы тисе ондырмай сұлатып түсіретін соққысына сәл еңкейіп үлгерген бойы, өкпе тұстан сол қолымен осып жіберіп, оң қолымен жақтан қақырата соққан болатын. Бойшаң адамның құлағаны да көрер көзге ерсі екен. Шананың дəртелеріндей ұзын сирақтары көкке қарай дерең етіп көтеріліп кетті де, «сарт» етіп қайтадан жерге соғылды. Бұзақының басы бетон еденге қатты тиді ме, жоқ әлде, жаңағы соққыдан есеңгіреп қалды ма, қимылсыз сұлқ түсіп жатыр...

Ашумен, оқыс істеген ісіне сасып қалған мастер де Васяның жанында үн-түнсіз сілейіп тұр.

- Не жетпеді сендерге?

Сәмет дауыс шыққан жаққа мойын бұрғанда, жандарына таяп қалған Ждановты көрді. Жүгіріп келгендігі екі инінен дем алып, ентіккенінен білініп тұр. Цех бастығы еңкейіп, басы мең-зең болып, мас адамдай орнынан көтерілуге әрекет еткен жігіттің қолтығынан демеп, тұрғыза берді.

- Барып салқын суға жуын! – деді ол қатқыл дауыспен Василийдің үстiнiң шаңын қаққылап.

- Ал сенімен, Үсенов, әңгіме кейін!

- Біз әлі есептесеміз! – деген Вася цехтан шығуға бет алды. Бұл енді «ұялған – тек тұрмастың» кері.

Сәмет ұяттан кірерге тесік таппай, ұнжырғасы түсіп кетті. Мастердiң бұлайша жер болып, ыңғайсызлануы – цех бастығының "сенімен әңгіме кейін" деген сөзінен де, сол кісіден ертең алатын сыбағасынан да емес, ағасындай сыйлап, жақсы көретін адамының алдында келеңсіз жағдайға ұшырағанына шынайы ұялысы еді.

Тегінде, Сәмет қол жұмсау, төбелесу ең соңғы іс -

санасыздардын ісі деп білетін. Үлкен-кішілі жәндіктер мен хайуанаттар әлеміндегі тірлік иелерінен адамның айырмашылығы — тілдесе білу мен ойлау қабілетінің жоғарылығы. Сондықтан, бірі-біріне қол жұмсап, төбелескен адамдарды көргенде: "қалайша тіл табысып, түсінісуге болмайды?" - деп ойлайтын. Айналымға келмейтін қысқа ғұмырда неге адамдар бірін бірі ренжітеді? Күш көрсетіп, тіпті, бірі екіншісін жарық дүниемен қоштастыруға шейін барады. Өмірде кесіп-пішуге болмайтын әртүрлі жағдайда, сан қилы мінезді адамдардың тіл табыспай, іс-әрекеттері қайшы келіп қалған сәттерде парасаттылыққа, адамгершілік пен ұят сынды асыл қасиеттерге жүгіну арқылы ортақ шешім тауып, мәмілеге келуге болады емес пе?- деп пайымдайтын.

Цех бастығынан жазбаша сөгіс алып тынған Сәмет Василиймен болған кикілжіңде ұстамсыздық танытып, оған қол көтергеніне әлі күнге дейін өкініп, іштей опық жеп жүр. «Ол бірінші соқты, мен қорғандым. Бас пайдама бола, немесе жеке шаруам үшін емес, өндіріс қамы тарапында жанжалға бардым» деген бір ой ми түбінен қылаң беріп, өзін ақтағысы келеді.

"Өзіңнің әлсіздігің мен ұстамсыздығыңды ондай сылтаулармен бүркемелеп, қорғаныш етпе. Қандай жағдай болса да сенің қол көтеруге қақың жок! Оның үстіне, сен жаман-жақсылы, өндірістің ыстығына күйіп, суығына тоңуға тиісті, ұжым сайлап, сеніп қойылған мастерсiң. Күшті болсаң – айтқаныңды жұдырықпен емес, бір ауыз сөзіңмен, бедел, ықпалыңмен орындата біл. Сонда ғана сен дұрыс басшысың. Күні ертең бұдан жоғары лауазым иеленгеніңде де туындауы мүмкін қайшылықты, төбелесу, қол жұмсау арқылы шешпекпісің...? Олай жарамайды. Ұстамдылыққа, сабырлык пен салқынқандылыққа өзіңді өзің тәрбиелеп, көпшілікпен ортақ тіл табысып, сыйласа білуді қазірден бастап үйренуің керек. Басқару тәжірибесі мен адам психологиясын дұрыс түсініп, әр адамның жүрегіне жеке кілт таба білу қасиеттерді тап бүгіннен бойыңа қалыптастыра бер!» - дейді екінші бір ой.

Амалсыздан осы ойдың дегеніне жығылып, іштей мойындап тынды. Сондықтан да өткен іске өкінеді, сол қылығы үшін опық жеп, қапа болады...

...Осыдан үш-төрт ай бұрын заводтың көркем өнерпаздар үйірмесі құрылған болатын. Сол үйірме бүгін беташар концертін қойып, өз өнерлерін әріптестері алдында сынға салмақшы. Сахна төрін төгілдіре жауып тұрған алқызыл пүліш көл бетіндей толқып кетті де, шымылдық сыртына қара костюм шалбар киіп, ақшаңқай көйлегіне қара галстук таққан Сәмет шыға келді. Зал іші сілтідей тына қалған. Ол өзі оқушы кезден Отан, мемлекеттік-ана тіліміз, партия туралы патриоттық өлеңдерді жаттап, нақышына келтіре орындайтын. Әсіресе, сықақ тақпақтардағы кейіпкерлердің бет-пішін, қимылдарымен келтіріп, көрермендерді күлкіге қарық қылатын.

Микрофон алдына таяп, жүрек толқуын басу үшін залдың арт жағына көз салды. Кеудесін кере тыныстап, зор дауысымен тау қыранынша саңк етіп бастай жөнелді:

Біздер бүгін ұлылықтай алыппыз,

Біздер бүгін ақиқаттай анықпыз.

Тағдырлары табыстырып алдымен,

Армандары біріктірген халықпыз!

  Азап пен мазақ, бодандық пен қуғын-сүргін көрген, бостандық пен туысқандықты қалап, достық пен бейбітшілікті көксеген тағдырлас ұлт пен ұлыс өкілдерінің асыл арманы мен аңсай күткен тілегін сұңқар ақын Әбдіраштың Жарасқаны  жырына арқау еткен екен. Халқымыздың мызғымас достығын:

 «Достығымыз қайсарлықпен көктеді,

 Оны жерде солдырар күш жок, тегі.

 Жанымызбен, қанымызбен жазылған,

 Куә бұған көне тарих беттері!» – деп бір қайырып тастапты дүлдүл ақын.

Қазақ халқының жеңіс жолындағы ерен ерлігі мен жанкиярлығын тау шатқалынан кұлаған арынды өзен ағысындай бір арнаға тоғыстыра білген Жарасқанның тасқынды өлеңiн Сәмет:

Таңдарымыз дәйім күліп атады,

Күндеріміз дәйім күлiп батады.

Қазақ елі - біздің байтақ еліміз -

Орындалған армандардың Отаны! - деген жолдармен аяқтап, бүкіл халықты саясына алғандай құшағын жайып тұра қалғанда, бүкіл зал бір сәтке сілтідей тыныштыққа бөлене қалды.

Жандарын баурап алған ұлы күш - өлеңнің мәнерлеп, нақышына келтіре орындаушысына тап келіп, сол сиқырлы өлең жолдарының аяқталғанына өкінгендей, тынши қалған көрермендер бүкіл корпус қабырғасын солқылдата қол соғып жіберді. Алақандар дауылы аяқтала бере алқызыл шымылдық баяу сырғып ашыла берді. Осы кезде сахна төрінде жартылай иіле сап құрған хордың:

Жаралған намыстан қаһарман халықпыз,

Азаттық жолында жалындап жаныппыз.

Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен,

Аман-сау қалыппыз, аман-сау қалыппыз! - деп, асқақтата шырқаған әні зал ішін кернеп, күңірентіп жіберді. Заңғар аспандай, асқар тау айбынындай жалынды жігерге толы ән құдіретіне елтіп, қыбырсыз отырған жұртшылықтың осы кейпі жылан арбаған торғайдың бейкүнә дәрменсіздігіндей еді. Жігерлі,сиқырлы сазға толы құдыретті ән әуені керермендерге ғана емeс, бүкіл байтақ елімізге жетіп, барша қазақ халқына жаңғырыға естіліп тұрғандай...

    ..Завод пайдалануға берілгеннен бері күзетші болып жұмыс жасайтын, шамамен жетпістерден асқан аяғын сылтып басатын иманжүзді атамен Сәмет емен-жарқын сәлемдесіп, хал-жағдай сұрасып жүретін. Көрген сайын әдрісін айтып: үйге келсеңші, дұрыстап бір әңгімелесейік. Өзің бір тәрбиелі, үлкен сыйлаған бала екенсің. Үйдегі апаңмен танысып, қаймақ қатқан шайын ішесің-деп, шақырып жүретін-ді.

"Апама барып, сәлем берермін" деген уәдесі бойынша Сәмет Омар ақсақалдың үйне келгенде, қаланың кешкі шамдары жанып, ақшам уакыты туған еді. "Дыз-з" еткізіп қоңырауды басып қалғанда, арғы жақтан аяқ дыбысы естіліп, есіктен аласа бойлы шүйкедей ғана ақсары апаның жүзі көрінді.

 -Сәлеметсіз бе, шешей!

- Бар бол, балам! Кел, төрлете ғой – деген, самайын ақ қырау басқан әже қонағына жол берді. Жасы келгенімен, әлі тың екендігі пысык қимылы мен сөз ширақтығынан білініп тұр.

- Шамалауымша, Сәмет деген балам өзің боларсың. Омекең талай айткан, көрмесем де танып тұрғаным содан ғой. - Кейуана жайдарылана күлді де, сөзін әрі жалғады:

- Мен Қамқа деген әжең боламын.

 -Ақсақал көрінбейді, бір жаққа кеткен бе?

  -Ертең милиция күні ғой. Милиция кеңсесі жағына кетіп еді, енді келіп те қалар...

  -Атам бұрынғы тыныштық сақтау қызметкері ме еді? - Таңданғанын жасыра алмаған Сәмет қарияның бетіне аңырая қарап қалыпты.

 - Ә, айтпаған екен ғой. Ол милиция ардагері. Әр мереке сайын ол атаңды қастерлеп, президиум төріне отырғызып қоятынын кайтерсің. Жас қызметкерлерге тәлімгерлік ет, тәжірибеңді үйрет деп хан көтеріп жүргендері қаусаған жаман шалды, – деген әжей сөзін күлкімен аяқтады.

Кейуананың бастауымен Сәмет тап-таза, қарапайым ғана жинақталған қонақ бөлмесіне өтті.

       Кейбір қалалықтардың үйлерінде аяқ басар жер қалдырмай, ағаш бұйымдарымен толтырып тастайтындарын көріп жүрген жігіт креслоға жайғасып, жан жағына бажайлай көз тастады. Төрдің оң жақ бұрышына түрлі - түсті теледидар қойыпты. Сол жақ қабырғаны тұтастай түкті кілем жайлаған. Кілем үстіне ілінген екі бірдей қырдың кызыл түлкісі «маған қалай қызыға қарамас екенсің» дегендей, құлпыра калыпты. Оң қапталдағы қабырғаны тұтастай кітап сөресі алып тұр. Ұлы Абайдың, Қабдеш пен Бердібектің шығармалары, шетел жазушыларының қолға түспейтін жинақтары рет-ретімен қойылыпты. «Бүтін бір кітапхана-ғой мынау. Бас қойып оқыр ма еді, шіркін!» деп ойлады. Төр алдына оюлы киіз төселіп, киіз үстіне қызылды, жасылды өрнектермен көмкерілген қомша тасталыпты. Басы артық дүние жоқ. Бәрі жарасымды, орынды жинастырылған.

Әжей біліп айтқан екен, көп кешікпей есіктен Омар ақсақалдың даусы шығып, артынша өзі де бөлмеге сөйлей кірді.

- Оу, мен жоқта қонақ келіп қалыпты ғой.

- Ассалаумағалейкум, ата! Уәде бойынша келіп қалдық. Сәмет қартқа қос қолын бірдей ұсынды.

- Уағалейкумассалам. Қош келдің, балам! – деп, қария мейманымен қуанышты жүзбен сәлемдесті.

Шәй ішіп. біраз әңгімелескен соң:

- Ата-ау, бұрын милиция қызметкері болғаныңызды естімеген екенмін. Қызык әңгiменiң көкесі сізден шығарын сезіп, естелік тыңдауға бекiндiм – деді арқаны кеңге салған Сәмет.

- Ал, балам, тыңдауға көңілің кеткен екен. Төр үйге барып жайғасалық. Есте қалған көрген- білгенімді айтып берейін. Білгеніңнің зияны болмас.

Зал төріндегі қомша үстіне құрақ көрпе төселіп, күмпиген қос жастық тасталды. Шынтақтай қисайған ақсақал әнгімесін бастап кетті.

...Әкем аяқ асты ауырып, төсек тартып жатып қалғанда, мұрынымның боз сұйығынан арылмаған қара сирақ мен әлі бес жасқа да толмаған сәби едім. Бай малын бағып жүргенде боранда қалып, әкемнің үсікке шалынғаннан жабысқан ауруы ма, әйтеуір екі өкпесі қысып, aуa жетпей тынысы тарыла берген ол көп кешікпей жарық дүниемен қош айтысып кете барыпты. Қос жетiмек - өзімнен бір-жар көйлек бұрын тоздырған ағам Құрманбек екеумізді асырау үшін бай үйінің отымен кіріп, күлімен шыққан анамыз да кеселге шалдығып, қара жер қойнауына енді.

  Анам марқұм тіршілікпен қош айтысарда:

 -Ал, жамағайын, ел-жұртым, бұғанасы қатпаған қос балапандарым өздеріңе аманат! Қақ-соқ көрсетпей, бас-көз болып, өздерің бірер жыл қамқорлықтарыңа алсаңдар, ар жағында өз қолдары ауыздарына жететіндей есейіп калар.

Жас өсіп, жарлы байымас дейсің бе, қылған жақсылықтарыңның қайырымын қайтарар. Ер мойнында қыл арқан шiрiмес. Тіпті, бұлардан қайтпаса, Құдайдан қайтар. Көз қырларыңды сала жүрерсіңдер – деп, бақұлдасуға келген ағайын, жекжаттарға кұдайдай тапсырыпты. Дүниеден өтіп бара жатқан өзін емес, артында сүйеусіз қалып бара жатқан біз үшін шырылдап, қимастықпен үзіліп кете барғаны еміс-еміс есімде.

Анамыздың қабырғасы сезгендей-ақ қайысқан екен. Сәрсен бай біздей қос жетiмекке қамқорлық жасамақ түгіл, жанашырлық пиғыл да танытпады. Бұғанамыз қатып үлгермей тезек тергiзiп, қозы, лақ бақтырды. Сонау бел астынан су тасытып, отын жарғызды. Оның бәрі ештеңе емес-ау, "жетім қозы тасбауыр, жайылар да отығар" дегендей, көндігіп кетер ме едік. Сәрсеннің жазықсыз ұрып-соғуы мен бай әйелінің: "Әй, желкең қиылып, жер жастанғыр арамтамақтар. Жалмаң-жалмаң етіп, осы сендер-ақ тамаққа тоймайды екенсіңдер. Шешелеріңді жұтқан осы жалмақтаған пиғылдарың ғой" деп жазықсыз жәбірлеуі еттен өтіп, сүйекке жететін. Онысын азсынып, қолына не түссе сонымен соғып жіберетін.

Балалықтың бал дәуренін татып үлгермей,әке мен ананың саялы құшағынан айырылған қос жетім тағдыр тәлкегіне осылайша ерте түстік. "Аузы қисык болса да, бай баласы сөйлесін" - деген рас екен. Байдың ұлынан қалғанды ішіп, содан артылғанды жедік. Солардан қалған кәкір-шүкір шоқпытты киіп, әйтеуір, өлмес күй кешіп жаттық.

Жастайымнан әділетсіздік пен тепкішек көргендiкі ме, жоқ  әлде, туа біткен қасиет пе, мен еті тірі, батыл, әр нәрсеге икемі бар пысық болып өстім. Сәрсеннің өзімнен төрт жас үлкен баласымен белдесе кеткенде, алып соғып, дәт дегізетінмін. Жығылғанына намыстанған бай баласы: "Омар соғып жіберді" - деп, көз жасын көлдете әкесіне шағым айтып, талай рет мені соққыға жыққызды. Көздерімдегі ұшқындаған кек отын көрген Сәрсен: «Бөлтіріктің қасарысуын» деп, жазықты-жазықсыз мені өршелене таяқтайтын. Сондай бір ащы таяқтан соң ызалана булығып, қожайынымның бәйгеге қосуға жаратып отырған арғымағын жарып өлтірдім де, түн қараңғысын жамылып тайып тұрдым.

"Ішкі жақта Кеңес өкіметі орнапты" деген хабар еміс - еміс естілгенімен де, Жетісу жерінің шалғай ауылында феодолизм қою қаймағының мұрты да бұзылмай тұрған заман болатын.

“Үштөбеде балалар үйі бар екен. Жетімдерді паналатып, камқор болатын көрінеді" деген сөз құлағыма жетіп, жолға шыққанымда небәрі он-ақ жаста болатынмын. Содан бастап Үштөбенің балалар үйінде тәрбиеленіп, үкіметтің саялы құшағына алындым. Кейіннен балалар үйі Алматыдағы нөмірі он екінші мектеп интернатына ауыстырылып, сол мектепті ойдағыдай аяктадым.

Талдықорған облысының Қаратал аудандық әскери комиссариатына: «Мені әскери училишеге жіберулеріңізді сұраймын» деген өтінішпен келгенімде мен он тоғыз жаста едім. Бағым жанып, әскери училищенің курсанты атанып, оны үздік бітіріп шықтым. Арада бір жыл өткенде: «Неміс фашистері тұтқиылдан шабуыл жасап, Ұлы Отанымызға қауіп төнді» деген мұздай суық хабар бұрқ ете қалды. Лейтенант пагонындағы мен Орта Азия соғыс Округінде жасақталып жатқан Сақтаған Бәйішев комиссарлық еткен нөмірі жүзiншi қазақ ұлттық бригадасына жіберіліп, зеңбірек — пулемет взводының командирі болып тағайындалдым.

...1942 - жыл. Атақты Калинин майданындағы талай боздақтарды жер жастандырған қантөгic ұрыстар. Әсіресе, Молодой Тут қаласын алу үшін болған шайқас аса сұрапыл, жантүршігерлік қырғын болды. Қала екі жақтың қолына кезек өтіп, майдан даласында қан дегенің өзен боп ақты.

Міне, осы қырғын соғыста мен басқарған взвод ерекше ерлігімен көзге түсіп, өзім екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» Орденімен марапатталдым. Осы шайқасқа кірер алдында: "Ұрыста коммунистер қатарында шайқасқым келедi" деген өтінішім бойынша комунистік партия қатарына қабылдандым. Өкінішке қарай, ұрыс даласында сол аяғымнан жарақат алып, госпитальға түстім. Жан күтетін кез бе, бойымды жауға деген өшпенділік оты кернеп, жарақатым жазылар - жазылмас сұрана жүріп, госпитальдан шықтым.1943 - жылдың қақаған қаңтар айында 39-шы Армияның Калинин майданындағы 629-шы атқыштар полкына жіберіліп, пулеметшілер взводын қабылдап алдым - деп, қарт майдангер сәл үнсіз отырып, ауыр күрсінді.

1943 - жылдың маусымы. Смоленск облысының Ярцево станциясы түбіндегі 215-ші биіктік... Мыйдай жазық даланың ортасындағы жау үшін де, біз үшін де соғыс стратегиясына қолайлы-ақ жер!

Көп ұзамай, "соғыс тәңірісі" аталатын ауыр артиллерия дайындығы (артподготовка) басталып кетті. Айнала от жалынға оранған, аспан асты мұнартқан көк түтін. Күндізгі мезгіл болса да, көзге түртсе көргісіз. Екі жақ та қапы қалмас үшін жан алып, жан беріп атысуда. Аспаннан қорғасын жаңбырша жауып, өлім ұрығын шашырата төккен бұл сұрапыл соғыстан тірі шығатындардың бар екендігіне сенудің өзі қиын.

Енді жаяу әскерлердің кезегі. Біздің взводқа бекіністің оң жақ қанатына шабуыл жасау міндеті жүктелген-ді. «Сталин үшін»,   «Отан үшін алға!» - деп, жауынгерлерімді шабуылға көтерген мен алғашқылардың бірі болып жау бекінісіне жеттім. Келген бойда біздің солдаттарға пулеметпен ажал оғын бүркіп, бет каратпай тұрған бір пулемет ұясын көзім шалып калды. Жау траншеясы бойымен еңкейе жүгіріп, жақындай бере, екі гранатаны тастап-тастап жіберіп едім, от шашқан пулеметтің үні өшты. Жанына келсем, жау жер жастаныпты да, қаһарлы қару сол қалпында, еш зақымданбапты.

Менің қолымдағы пулемет енді фашистердің өздеріне тажал болып, ажал қорғасынын септі. Қызу ұрыс салып жатып, бұкпантайлап келген жау солдатын байқамаппын. Дәлдеп атқан оғынан ауыр жарақат алып, окоп түбіне ес - түссіз құлап түсіппін. Атыс біраз саябырлаған кезде өзімнің байланысшым Сағымбек Тұрлықожаев ұрыс даласынан сүйрелей шығарып, медсанбатқа жеткізіпті. Сол аяқ, оң қолымның сүйектері зақымданған екен. Москвада емделіп, онан кейін Иваново қаласындағы әскери госпитальға ауыстырылдым. Сол жерде 1944-жылдың көкек айына дейін емделуден өтіп, Ұлы Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі ретінде әскери қызметтен босатылдым.

Бекініс алудағы ерлігім үшін бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен наградталған екенмін, оны кейіннен алдым.

- Оy, жігіттер, әңгімелеріңді сәл доғара тұрасындар ма, қайтесіңдер? Тамақ дайын - деген Қамқа әжейдің үні естілді де, артынша өзі бөлмеге кірді. - Жүріңдер, қолдарыңды жуыңдар...

Қарт солдат сұрапыл соғыс майданы мен сол ұрыс даласында Отан үшін жандарын қиған қанды көйлек достарының рухына тағзым етіп, бас игендей орнынан қозғалмай үнсіз отырып қалды. Жанары тая бастаған қос шырағын бір нүктеге қадаған күйі терең ой теңізіне шомып кетіпті.

- "У-у-х!" - Ауыр күрсінген қария қиралаңдай орнынан тұра берді. Жүр, балам, астан кейін әңгімемізді әрі қарай жалғастырармыз.

Қазы қарта, жал мен жая салынып, құс етін қосып асылған тамақ өте дәмді екен. Әлігіндегі шай үстіндегі сияқты әзіл-қалжың мен көңілді күлкі болмағанымен,  ас тәбетпен желінді. Сәмет те, қария да жаңағы әңгіменің әсерінен арыла алмай отыр.

Тамақ артынан шәй келе қалып, суыртпақтаған бір жар ауыз сөз айтылғаны болмаса, үнсіз ішілді.

-Құртақандай ғана жаным менің. - Ұйқысынан жаңа оянған немересі-Әсетті қасына алып, шынтақтай жантайған қарт әңгімесін әрі қарай жалғады.

...Госпитальдан оралған соң ауылда көп отыра алмадым. Себебі, соғыс салған ылаңның елдегі қым-қуыт жағдайын пайдаланып қалғысы келген ары таза емес жандар көбейіп, неше түрлі қылмыстар етек алып кетіп еді. Қылмыс атаулымен ымырасыз күрес жүргізуге септігімді тигізіп, олардың түп тамырларына балта шабу үшін тенізге тамған тамшыдай болса да көмегімді қосуды азаматтық борышым санадым, - деді Омар ата қайтадан ой тереңіне сүңги беріп.

- Тыныштық сақтау саласындағы еңбек жолымды Талдыкорған облысының Киров аудандық ішкі істер комиссариатында учаске инспекторлығынан бастадым. Ал дегеннен-ақ бұл қызметтің қиындығы ұрыс даласындағы неміс фашистерімен соғысудан бір де кем емес екендігіне көзім жетті. Өйткені, майдандағы жаумен ашық, бетпе бет келесің. Ал, іштен жегі құртша кеміріп, елмен қоян-қолтық араласып жүрген қой терісін жамылған қорқау қаскырларды қарапайым адал еңбек адамдарынан айырып көр!

...Телефон арқылы ішкі істер бөлімінің кезекшісі баяндаған: "Жеті және тоғыз жасар екі қыз бала жоғалып кетіпті..." деген суық хабарды естігенімде, демалуға жатқан менiң ұйқым шайдай ашылып кетті. Балалар ойнап жүріп адасып кеткенге мүлдем ұқсамайды. Күндіз көл жағасында кетіп бара жатқанын бір кемпір көріп қалған, басқа еш дерек жоқ. Не істеу керек? Мезгіл түн ортасы. "Сонда жазықсыз жас сәбилерге қастандық жасалғаны ма?" Көп ойлануға да уақыт тығыз. Ал, таңның атуын әсте күтуге болмайды. Қылмыскерлер тарапынан келген іс болса, олар ізін жасырып, кұтылып кетулері кәдік.

Бақанас ауылының бір жағы Іле өзенінің қамыс- құрақты жағалауымен ұштасып жатса, екінші қапталы сирек сексеуіл өскен ондаған шақырымға созылған жазық дала. Іздестіруді неден бастау керек? Оперативті топпен осыншама көлемді аумақты сүзіп, із кесу үшін ғана бірнеше күн кетеді. Ойлана келе: «тұрғындарды жергілікті радио торабы арқылы көмекке шакыру қажет» - деп шештім.

Бүкіл милиция қызметкерлері аяқтарынан тік тұрғызылды. Олармен бірге ауыл тұрғындары жағалай сап құрып, терең қамыс қойнауына сыналап ене берді. Әрқайсының қолдарына ұстаған алаулары тоғай ішін күндiзгiдей жарқыратып тұр. Төрт - бес шақырымды артқа тастаған адамдар әбден шалдыққанда, іздеушілердің орта тұсынан үрейлі

дауыстар естілді. Қызыл қанға боялып, тыржалаңаш

шешіндірілген екі қыз баланың өлі денелері сол жерден табылды.

Қалың кұрақ ішіндегі резина етіктердің болымсыз ғана түскен іздерінен басқа еш айғақты зат жоқ.

Өзім және аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы бастап, бірнеше оперативті топқа бөлініп, әр аулаға жағалай тексеріс жүргізуді жөн көрдім. Жанымдағы көмекшіммен кезекті бір аулаға кіргенде, еденге түскен, тоғай ішіндегі ізге ұқсас көмескі іздерді көзім шалып калды. "Ойлануына мұрша бермей, күтпеген жерден сұрақ қойып, сол кездегі оның бет әлпетін байқау керек" деп шештім. Қаперсіз ұйықтап жатқан азаматты жеделдете оятқанда, көзін ашып алған әлгі

адам төбесінен әзірейілдей төніп тұрған екі бірдей милиция қызметкерлерін көріп, сасқалақтап қалды.

 -Жазықсыз сәбилерді не үшін өлтірдің,  қаныпезер жауыз?! - дедім жүзінен көз алмай.

Жолдас подполковник, мен ешкімді өлтіргемін жоқ, - деген ол бетіме тіктеп қарай алмай тайсақтап, арсыз жүзін жасыра берді.

- Бұлтара алмайсың! Қылмысың дәлелденді. Одан да өз аузыңнан мойындап, кінәңді жеңілдет! — дедім сенімді, нық дауыспен. Интуициям алдамапты:

- Мен мас едім. Кешіре көріңдер! – деп зар еңіреп,

адам кейпіндегі хайуан милиция бастығы екеуіміздің аяғымызды құшақтап құлай кетті. Хайуан демей, ондай тіршілік иелерін адам деуге қалай аузың барар? Әлігі сұмырайдың бақа сияқты қан-сөлсіз тарғыл жүзі мен жіпсиген көздерін күні бүгінге шейін ұмыта алар

емеспін. Атың өшкір қаныпезер жауыздың фамилиясы да жадымда қалыпты: Салтыков еді.

Қарияның бойын жиіркеніш сезім билеп кеткендігі соншалықты, өңі бұзылып, соғыстың зардабы - беті оң жағына қарай қисайып кетіп:Николай Салтыков -деді күбірлей, қос жанарын жоғары қадаған күйі.

       Сәмет: «ақсақалдың қартайғандығына қарамай күзет күзетіп жүруінде қайсарлық, «еліме аз да болса пайдамды тигізсем» деген осындай отаншылдық сыр бар екен-ау» - деп ойлады.

Қарт бір сәт үнсіз отырып қалды да:

- Балам, дүниедегі ең ақылды, ең сана сезімі жоғары тіршілік иесі – адамның қолымен не ғана жасалмайды? Адам игілігі үшін нелер зәулім үйлер, ғарышқа самғап ұшатын космос корабльдері де, қарап көз тоймайтын нелер әдемі, жүректің нәзік пернесін тербейтін таңғажайып суреттер де адамның қолынан шығады. Ал, хайуан да жасамайтын қатыгездік, найза бойламас арамдық пен аярлық та адамнан шығады. – Майдангер қарт Сәметтің бетіне жанары суланған көздерін қадаған күйі сөзін әрі қарай жалғастырды.

-Балам! Көптен бері байқап жүрмін. Өзің жөн

білетін, сөзге тоқтайтын, ана тәрбиесін көрген бала сияқтысың. Өмірдің ашы-тұшысын көп татқан, жақсыны да, жаманды да бастан өткерген менiң сөзімді тыңдасаң - ғұмырыңда біреудің қиянатын көріп тұрып, оған көз жұмып қарама. Әлсіз жанға

әрқашан да арашашы, жанашыр бол. Осы күні біреудің кеңірдегіне біреу пышақ тақап тұрғанын көрсе де, «тарт қолыңды» деп сес көрсетіп, қалқан болатын адамдар қалмай барады. Бар, бірақ ондай жандар арпа ішіндегі бір бидайдай өте сирек.

Арашашы болып, əділетсіздіктің бір тамырына болса да балта салып, жәбірленушінің алғысын алсаң, одан биік, одан заңғар адамгершілік болмақ емес. Өмірде көргені көп, түйгені мол, көкірегі көлдей сұңғыла қартпен мейман мейірімділік, адамгершілік, туған Отанды, ел-жерді сүю, ана тіліміздің қазіргі пұшайман жағдайы мен тағы басқа тақырыптарға біраз әңгімелескен соң, екеуі екі бөлмеге салынған төсектеріне демалуға жайғасты.

...Сәмет төсекке қисайғанымен, кірпігі ілінбей дөңбекшiп жатыр. Түн жарымынан әлдеқашан асып кеткен.Көздерін жұмса болды, ақсақалдың жаңағы айтқандарының бәрі қаз қалпында кино лентасындай жылжып, көңіл айнасынан көлбей өте береді.

"Неткен кеңпейіл, неткен әділ ғазиз жан. Былай қарасаң – асарын асап, жасарын жасаған қара шал. Ал, жақынырақ сырласып, жан пердесін ысырып еді, көне көмбенің көзін ашкандай, інжу - маржанға кенелді де қалды. Осынша тарихты ішіне сиғызып, от кешіп Отан қорғаған, бейбіт өмірде ел тыныштығы мен адамдардың қауіпсіздігін сақтауда қыруар іс тындырып, ажалмен де бетпе-бет келіп, жеңіп шыққан елеусіз, үндемей ғана күзет күзетіп жүрген қарияның

қарапайымдылығына таң қалды. Дегенмен, ескі көз қарияларымыз батыл да батыр, жандары жайсаң, сүйектері асыл-ау! Жастайынан жетімдік пен жалшылық өмірдегі қорлықты, жоқшылық пен рухани күйзелісті бір басына жетерліктей көрсе де, мойымай, тек алға басып, елі мен жеріне қызмет етуден шаршамай келе жатқан мұндай көненің көзіндей шежіре қарттардың жыл, ай сайын емес, күн өткен сайын қатары сиреп бара жатқаны қандай өкінішті...

               «Неменеге жетістің, бала батыр,

                Қариялар азайып бара жатыр.

                Бірі мініп келместің кемесіне,         

                Бірі күтіп кезегін жағада тұр...» - деп, біртуар жыр жампозы, қазақтың ақиық қыран ақыны Мұқағали қалай тура, дәл тауып жырлаған десеңші!

      ...Ғазиза ана күннен күнге нашарлап, көпке бармайтындығы белгілі болды. «Алматыға апарып, үлкен доқтырларға қаратайық» деген келіні Бишаға: ниетіңе рахмет, айналайын. Жақсыны да, жаманды да көп көрдім. Міне, балаларымнан немере, шөбере сүйдім. Шалым майданға аттанғанда: «Үш баламмен қалып бара жатырмын. Қайтып аманшылықта көрісеміз бе, жоқ па! Біз қайтіп күн көреміз» деп, өкси-өкси жылап қалып едім. Тәуба, Құдай өлтірмеді. Иса шалымның қара шаңырағы құлаған жоқ, аты өшкен жоқ. Ана жылғы Арғынтай ботамның қайғылы қазасы қабырғамды қатты қайыстырып кетті. Бірақ, «орнында бар оңалар» демекші, Арғын немеремнің орнына басқа арғынтайлар дүниеге келіп, шүкір, үбірлі-шүбірлі болдым. Енді арманым жоқ. Мені қозғап, сабылдырып әуре болмаңдар, Пейіліңе ризамын-деп, доқтырға қаралудан бас тартқан.

        Міне, есі кіресілі – шығасылы болып жатқан Ғазиза-анамен қоштасып, бақұлдасуға  әр жерде күн көріс қамымен тарыдай шашылып жүрген ұрпақтары, құда-жегжат, жерлестері мен ағайын-туғандар келіп-кетіп жатыр. Сәмет бала-шағасымен келгенде, осының алдында ғана адам танымай жатқан анасы көздерін жәйлап ашып, «келдің бе?» деп, ақырын ғана сыбырлай сөйледі. Алақанын алақанына алып, оны-мұныны айтып, сәл де болса анасының көңілін аулаған Сәмет қасындағылардың бәріне:

       - Бізді бір сәтке жеке қалдырыңыздаршы – деп, бөлмеден шығуларын өтінді.

        -Анатай, тіршілік бар жерде қаза да бар. Сізге әлі күнге сәби көрінгеніммен мен де, міне, алпыс деген асуға таяп қалдым. Өзіңіз жақсы білетін шариғатта, өмірден озған адамды туған әкесінің атымен шығаратын дәстүр бар.Татар дәмім таусылған шақта мені кімнің ұлы деп шығарады. Менің әкем кім?

       Ұлының жүзіне нұры сөніп, қарасынан аласы басым жас толған көздерін қадаған күйі, бірдеңе айтпақ боп ернін жыбырлатқанымен, ұлы ештеңе түсінбеді. Сәмет жаңағы сөздерін екінші рет қайталай бергенде, ауыр дем алып жатқан анасы ауа жетпегендей аузын қинала ашып, ышқына бір дем алды да, денесі босап, сылқ ете түсті.

       -Анашым-ай, қайран анатайым-ай – деп, өкіре жылған Сәметтің даусын ести сла даладағы жұртшылық үйге жаппай лап қойды.

      У да шу, дауыс сала жылағандардың қайсы кім  екенін біліп болмас сапырылысқан көрісу басталды. Қабырға жағалай қойылған орындықтарға келіндер қатар – қатар отыра қалып, қазақтың ұлттық салты бойынша жоқтауларын бастай жөнелді:

               Құндыздайын жағамдай,

               Едің-ау самал, саямдай.

               Анамды көрмей өсіп ем,

               Болған ең туған анамдай.

               Тұңғышымды мәпелеп өсірген,

                Білмесімді кешірген,

                Не дейін мына тағдырға,

                 Шырағыңды сенің өшірген – деп, екі бүйіріне таяна теңселген Әлия келінінің  жоқтауына:

                 Көңілін мейірім жайлаған,

                 Ұрпақтың қамын ойлаған,

                 Кешегі жүрген анамды,

                 Өлед деп кім ойлаған?

                 Жақсылыққа жақсы жалғасса,

                  Кісінің көңілі толмас па,

                  Диляра немере қызыңнан,

                  Шөбере сүйсең болмас па...?! –деген Бишаның сай-сүйекті сырқыратқан жоқтауы жалғасып кетті.

        Осы кезде өзінің үйінде ауырып жатқан Венера анасының қазасын телефон арқылы естіп, ұшарға қанаты болмай, такси ұстай сап жеткен болатын. Аңырай келіп, төр төбесінде көлденеңдей қойылған  төсекте беті жабулы анасын құшақтай, үстіне ұзыннан түсе құлады. Ботадай боздап, екі көзден аққан жас өңірін жауып, өзін тоқта алмай зарлауда:

           Қызыңнан тұңғыш мен едім,

           Аяулы анам сен едің.

           Ақ сүтін берген мәпелеп, 

           Алтыным-ау, неткен кең едің?

           Тотыдайын тордағы,

            Құлап жатқан ордағы,     

            Бір құлының мен едім,

            Тағдырдың ісі ол дағы.

             Еңіреп енді жылайын,

             Көзімнің жасын бұлайын.

             Өмірім өтті-ау өксікпен,

             Жыламай қайтіп шыдайын.

              Басыңа күнде барармын,

              Суретіңе сағына қарармын,

               Көп кешікпей, анашым,

               Қасыңа мен де барармын...-деп, өзін ұстай алмай еңірегенде, қосыла егілмеген жан қалмады.

        Екі күннен кейін, тіршілігінде өмірдің «тар жол, тайғақ кешулерін» молынан тартса да, мойымай, қасқая қарсы тұра біліп, ұрпақтарын өсіріп, жеткізген Ғазиза ана 92 жастан асқан шағында, жер-ана қойнындағы мәңгілік үйінен тұрақ тапты.

       Осы кезде, бұдан сүт пісірім уақыт бұрын, марқұмның мүрдесін ақымға кіргізе берген тұста дәл төбеге келіп, содан бері еш жаққа жылжымай тұрып алған ала бұлт  селдете құйып-құйып жіберді. Төгіп өтті де, артынша сап тиыла қалды...

         Жерлеу рәсіміне жиналған жұрт:

        -Бәрекелді! Мына өткінші жаңбыр құдыреті күшті Құдайдың білдірген жақсылық белгісі болар...

        -Бұйырса, өмір – бақи аузынан Алласын, қолынан қасиетті Құраны мен тасбиғын тастамаған, жайнамаздан бетін алмаған тақуа анамыз пейіштің төрінен орын алар...

        -Дәл айттың! Өмірі өтірік айтпаған, істегені тек мейірімділік, иманы кәміл ананың барар жері тек сол жұмақ болар. Әмин, әмин! – деп дуылдасып кетті...

...Завод директоры Роберт Михайлович Казаковтың мінезіне адам түсініп болмайды, осы. Өте тәкаппар ғана емес, өзінен шені төмендерді менсінбей, шекесінен қарайды. Ал, кей кездегі әрекеттері тіпті кызык. Жұмысшылармен жәмпеңдей сәлемдесіп, хал-жағдай сұрасады. Қолыңды қыса сілкілеп, әзіл-қалжың білдіріп, ара-тұра күлдіргі анекдот та айтып жіберетіні бар. Әйтеуір, құбылмалы жел сияқты, қазақ аталарымыз айтпақшы «бірде көл, бірде шөл».

Жұмысшы дегенің әр сөзден, қас қабақтан айтар ойың мен болашақ әрекетіңді сезіп, тап басып біліп қоятын, барометр іспеттес, сезімтал халык қой. Директордың әмпей - жәмпей сәлемін естіген соң - ақ: "Роберт Михайлович тым кішіпейілденіп кетіпті, осы сенбідегі демалысым өлді дей бер"- деп, оның артынан бірі - біріне көз қысып жымыңдай күліседі. Вася заржақ сияқты қулар: "Коля, завод директоры өзіңмен қолдасып тұрып амандасты, енді бір апта бойы қолыңды жумайсың ғой" тәрізді қыршаңқы лебіздерді төгіп-төгіп жібереді.

Ол сөздердің жаны бар екендігін Сәмет кейінгі кезде байқап жүр. Жайшылықта бетпе-бет келіп қалғанда болмаса сәлеміңді алмай, қақшиып кете барады. Естімеген, көрмеген адамша мелшиіп өте береді жаныңнан. Берген сәлеміңнің жауапсыз қалып, айдалаға лағып кететіндігі көрер көзге ерсі екен. Ондай кездерде Сәмет: "Сәлемдеспесе, сәлемі түссін. Неменесіне елпектеп, емешегім үзіле калды" деп, өз- өзіне ұрсып бітеді. Әрине, сәлемі сатулы емес, бүкіл

коллективтің тағдыры сеніп тапсырылған басшы азамат дейді ғой, баяғы. Оның үстіне жасы да үлкен. Әйтпесе, бұған күні түсіп тұрған жоқ. Бала кезден үлкеннің алдын кесе көлденең өтпеуге, өзінен бір көйлек болса да бұрын тоздырған жанға алдымен сәлем беріп жүруге тәрбиеленгеннен соң, қарсы жолыққан адамға амандаспай өту қиын екен тегі.

«Жел соқпаса - шөптің басы қимылдамайды» дегендей, шындығында да директордың дұрыс сәлемінен соң-ақ бұларға цех бастығы қолқа салады.

- Жігіттер, сенбіде жұмысқа шығамыз ба, қалай? -

Жұмысшыларға өтінішпен, қиыла қарайды.

- Евгений Григорьевич, әр сенбі сайын жұмыс жасаймыз. Әбден тойдырып бітті ғой.

- Біздің жанұямыз жоқ па? Бала-шағамызбен адамша демалып, бір мезгіл қыдырғымыз келмей ме екен? – деген наразы дауыстар әр жерден естіледі. Василий мен оның ықпалындағы бір-жар жігіттер тіпті, құқық соғып кетеді.

- Конституция берген заңды демалысымызда демаламыз. Ешкімнің де зорлап жұмыс істетуге қақысы жоқ – деп, сенбіде шықпайтындарын білдіре, ат құйрығын кескендей шолақ қайырады.

-Түсіну керек қой, жігіттер! Бұйырып тұрған ешкім жоқ. Айдың аяғы таяп қалды. Жоспардың орындалмай қалатын қаупі бар. Жалынғандай, жұмысшылардың бетіне өтінішпен көз тастайды.

-Материалдармен өз уақытында жеткілікті қамтамасыз етілсек, ай сайын: «Ойбай жоспар күйіп барады», «тапсырма орындалмайтын болды» - деген айқай-аттаннан құтылар едік. Мұндай шабуылдау қашан таусылады? - деген наразылықтар айтылады.

-Евгений Григорьевич, осы жолы соңғы рет шығамыз.Онда да сіздің жеке өз басыңызды силағандықтан. Бұдан кейін сіз сұраманыз, біз де шықпаймыз! – деп жатады енді біреулері.

Шындығында да, ешкімге дауыс көтеруді білмейтін, әрдайым жымия күліп тұратын кішіпейіл, ақкөңіл цех бастығын бар жұмысшы сыйлайды. Tіптi. кері тартпа Вася, қыңыр Юралардың өзі ал дегенде ертоқымын бауырына алған асау аттай тулап шыға келгенімен, біраздан соң Ждановтың ыңғайына жығылып, көніп қалғандарын өздері де сезбей қалады.

...Завод кәсіподақ комитетінің есеп беру- сайлау

конференциясы комитет төрағасы Николай Усачтың баяндамасынан басталды.

- Жолдастар! – деп, көтеріңкі леппен басталған ұзын сонар, жалпылама баяндаманың ішінде іліп алар ештеңе жоқ сияқты. "Анау істелді", "мынау істеліп жатыр" сынды іш пыстырар жалаң мадақтау. Атқарылмаған, атқарылу түгіл, қолға алуға әрекет етілмеген жұмыстар жөнінде ауыз ашар емес.

-Баяндамашыға қандай сұрақтарыңыз бар? – Казаков жайлы орнын суытып алудан қорыққандай, сәл кетеріле бере орындығына қайта отырды. - Қане, тездетіп сұрақ қойыңыздар, уакыт шектеулі - деп, зал ішін көзбен сүзіп өтті.

Топ алдына көздеріне көзәйнек киген орта бойлы, тығыршықтай қараторы жігіт шыкты. Бұл – электр цехы бригадасының бригадирі Роман Бектияров еді.

Роман өте білімдар, жан-жақты, ой - өрісі кең жігіт. Қай такырыпқа әңгіме қозғасаң да, тізгінін босатқан хас жүйріктей суырылып сала береді. Ұжым алдында апта сайын саяси сабақ өткізетін инженер-техникалық қызметкерлердің ішіндегі жұмысшылардың  жалғыз өкілі - осы Роман.

      -Николай Петрович, осыдан үш ай бұрын заводтың кәсіподақ, партия ұйымына хат жолдаған едім. – Төрде қаз-қатар тізіле отырған президиум мүшелеріне жағалай көз салды да сөзін әрі жалғады:

-Ол хатта завод дирекциясы, бас инженер тарапынан еш қолдау болмағандықтан, коллективімізде аты бар, бірақ заты жоқ өнертапқыштар мен жаңашылдар ұйымы жұмысын өлі нүктесінен қозғау үшін касіподақ комитетінің ықпал етуін сұраған едім. Оныма еш жауап болмай, су аяғы кұрдымға айналып кетті. Осы жайында не айтасыз? - Орнына отырмай сұрағына жауап күтті.

Осы кезде ән айтатын адамдай тамағын кенеген завод директоры орнынан ырғала тұрды.

-Бұл мәселені кәсіподақ конференциясында емес,

басқа күні арнайы қарау керек. Сондықтан, жауап берілуін қажет деп таппаймын. -  Бәрін өзі шешіп, өзі пішетін сыңаймен, залда отырғандарға:

- Тек нақтылы іске жақынырақ, тоқ етер сұрақтар қойыңыздар – деп, Бектияровтың бетіне жақтырмаған сыңаймен, сынай қарады.

Роман күйіп кетіп, даусы қатқыл шықты:

- Роберт Михайлович, бұрыннан қаралса – үш айдан бері қайда қалды ол мәселе? Өзіңізге де талай айттым."Көремізбен" шығарып салдыңыз...

- Айтылды емес пе, енді несіне қазбалай бересің?

– деп, Казаков жігітке шытынай көз тастады.

Осы кезде залдың тұс-тұсынан:

- Бектияров дұрысын айтып тұр.

- Романның айтқан сөздерінің бәрі жөн.

- Өз басының қамы емес, коллективке ортақ іс үшін шыр - пыр болған адамның сөзiн неге қақпақылға саласыз? - деген наразы дауыстар шығып, отырғандар дуылдасып кетті.

- Жоқ, жоқ, сіздер мені қате түсінбеңіздер. Менікі

өндіріске қатысты сұрақтарды басқа уақытта қарайық дегендік қой...

Украин өңдес бұйра шашты, әдеміше келген толықша келіншек мінбеге көтерілген кезде, завод директоры Казаков артын шоққа басып алғандай, отырған жерінде тықыршып кетті.

Завод басшысының бүгінгі жиналыста көргісі келмей, аса қауіп қылған адамы осы - еңбек және еңбек ақы бөлімінің инженері Тамара Кирилова еді. Тамара жаңаша еңбек әдісі — бригадалық мердігерлік әдісіне бригадаларды, ең болмаса, тәжірибе ретінде бір-екі бригаданы көшiру туралы ұсынысын көптен бері өткізе алмай, жігері құм болып жүрген болатын. Сол жөнінде  директордың алдына талай барып, дәлелді, нақты есепке құрылған пайымдаулары бетон қабырғаға сoғылғандай, еш аяқсыз калған-ды. Осы себепті, басшы мен екеуінің арасына қара мысық жүгіріп өтіп, неше рет шәлкем-шәліс келіп қалған-ды. Жаңалық атаулыға үрке қарайтын, "тек өзімнің айтқаным бойынша істелсін" дейтін Казаковтың

тісі ауырған жан құсап тыржиып отыру себебі сол.

- Сөзіңізді нақты, тоқ етерін айтып, он минуттан

артық уақыт алмаңыз, - деді ол жақтырмай.

-Құрметті әріптестер, біздің заводта еңбекті

ұйымдастыру дұрыс жолға қойылмаған, өндіріс мәдениеті жоқтың қасы. Сол себепті, еңбек өнімділігінің төмен болып, жұмысшылардың еңбек ақысының мардымсыз екендігі жасырын емес – деп, дауысы толқи шыққан Тамараның сөзін, директордың басын қақшита көтеріп, сөйлеушінің аузына кіріп кетердей бағжия карап:

-Бұл мәселені де жұмыс тәртібі бойынша шешеміз, - деп бөліп жіберді.

-Сөзді бөлмеуіңізді сұраймын... Ыстық-суығын бірге көтерiciп, өз қолымызбен салған заводымызды проектілік күшіне ендіріп, меже биігінен көрінуіміз үшін орын алған мына олқылықтар мен кемшіліктерді

тез арада жоюымыз керек.

  •  Бұл өндірістік лездеме емес, кәсіподақ

жиналысы екенін ұмытып отырсыз-ау деймін, жолдас Кирилова. Сондықтан, таза өндіріс тақырыбын қамтитын бұл мәселені әр апта сайын өтіп тұратын лездеменің үлесіне қалдырсақ деген ұсыныс білдіремін.

- Кирилова айтпақ ойын толық жеткізсін. Ол сөйлегенде неліктен қақпақылдай бастайсыз?

- Жолдас директор, адамды қорлауыңыз жетер енді – деп, ашынған наразылық дауыстар зал ішін кернеп кетті. Тіпті, арт жақта отырған бір-жар жұмысшылар өз наразылықтарын аяқтарымен еденді теуіп, тарсылдату арқылы білдіріп жатыр.

Мұндай жаппай қарсылыкты күтпегендіктен бе,

Казаков не айтарын білмей қызарып, күмілжіп қалды.

- Менікі күн тәртібін бұзбаудың амалы. Өкінішке

қарай, сіздер оны түсінбей отырсыздар. Енді жиынды қанша созсаңыздар да мейлі – деп, орнына отырды.

«Көп коркытады, терең батырады». Бұл оның көпшілік пен шындық алдындағы шарасыздығы еді.

-Жұмыс қолын көбейтіп қана қоймай, бригадалық

мердігерлік еңбек ету әдісі бойынша, еңбекақы төлеуде теңгермешілік жойылып, әр адам ортақ іске қосқан нақтылы үлесі бойынша ақы алатын болады. Бұрындар қалай еді? - Көпшілікке сұраулы жүзбен көз тастап, сөзін жалғастырған Тамараның дауысы бағанағыдай жасқаншақтай емес, нық, сенімді де, көтеріңкі шықты.

- Бұрын деймін-ау, күні бүгінге шейін, цехта жүрген жұмысшы жұмыс істесе де, тиіп-қашып, сегіз сағат уақытты ілдәлдалап өткізіп жүрсе де, барын салып, жақсы еңбек еткен адаммен бірдей еңбекақы алады. Мұндай теңгермешілікте еңбектің түпкі нәтижесіне деген ынталық пен мүдделік кайдан

болсын?! Сәмет Үсенов басқарған жалғыз бригадаға енгізілген  жаңа еңбек тәртібі бойынша әр бригадада бригада кеңесі құрылып, айдың соңында кеңес мүшелері әрбір жұмысшының бригадаға нақты қосқан үлесі бойынша, тиісінше еңбекке қатысу коэфицентін (КТУ) кояды. Міне, сол еңбекке қатысу коэфиценті арқылы еңбекақы бөлінеді – деп сөзін аяқтаған Кирилова мінберден түсе берді. Залдың әр тұсынан:

- Жарайсың, Кирилова! Молодец,Тамара! – деген ризашылық дауыстар айтылып жатыр.

...Сөз кезегін алған Сәмет ширақ қимылмен мінбеге көтерілді.

- Мен қысқа сөйлеймін. Біздің қалыптау цехындағы үш бригаданың екеуі күнделікті жоспарлы тапсырмаларын үлкен қиындықтармен, көбінесе заңдылы демалыс – сенбі күндерінде жұмысқа шығу арқылы болса да орындап жүр. Ал, Стукашов басқарған бригада меже биiгінен көріне алмай, біздің цехтың завод бойынша өтетін социалистік жарыстың ең соңына қалып қоюына бірден бір себепші болып отыр. Адамнан адамның еш айырмашылығы жоқ. Мәселе тек еңбекті дұрыс ұйымдастыра алмау мен жұмыс регламентін сақтап, тиімді пайдалана білмеуде. Мәселе арақ ішіп, ертеңіне жұмысқа шықпай қалу, немесе, терең ішістен кейін, жұмыс күнінің тезірек аяқталуын күтіп, тек уақыт өткізетін ад