АЛТЫН ҚАЛАМ ТУРАЛЫ


2009 жылы қоғамдық қызметтің әр саласында еңбек етіп жүрген Қуат Домбай, Досым Сатпаев, Кенже Жұманұлы, Расул Жұмалы және Айдос Сарым «Алтын қалам» әдеби сыйлыған өткізу туралы бастама көтерген болатын. Мақсат – еліміздің рухани-мәдени дамуына Қазақстан азаматы ретінде өз үлестерін қосу және жас таланттар мен жаңа есімдердің қалың жұртқа танылуына ықпал ету. Бұл конкурстың басты ерекшелігі - бастамашыл топ пен қазылар алқасының мүшелері әдебиетшілер емес. Жаңа әдіс жүлдені әділ өткізудің кепілі. Сондықтан "Алтын қалам" жүлдесі үздіктерді қаламгерлер емес, оқырмандар анықтайтын Қазақстандағы бірінші конкурс.

"Алтын қалам" ұлттық әдеби жүлдесі алғаш рет 2010 жылы өткізіліп, "Жылдың үздік прозасы", "Жылдың үздік поэзиясы", "Жылдың үздік балалар шығармасы", "Жылдың үздік драматургиясы", "Жылдың үздік ғылыми-іскерлік жұмысы" аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды. Сонымен қатар, «Қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі үшін» аталымы бойынша саяси қылмыскер деп айыпталып, Қытай түрмесінде 40 жылдай отырған, «Қылмыс» атты 6 томдық кітапты абақтыда жазып шыққан, Қытай өкіметі тарапынан саяси себептерге байланысты қудаланған қазақтың арда азаматы, бүкіл ғұмыры азаттық үшін күреспен өткен Қажығұмар Шабданұлы марапатталды. Бұл қаламгердің туған отанынан алған алғашқы әдеби сыйлығы болды.

Алғашқы шараға үш ай ішінде еліміздің әр өңірінде тұратын 75 автордан 92 шығарма келіп түсті. "Алтын қалам" әдеби жүлдесі екінші рет 2011 жылы ұйымдастырылып, 115 автордан 240 шығарма түсті. Бұл жолғы конкурстың бір ерекшелігі - ТМД елдерінің авторлары да қазақстандық қаламгерлермен бірге бақ сынады.

"Үздік шетел әдебиеті" номинациясы бойынша молдовалық Вика Чембарцеева мен ресейлік Роман Рубанов үздік атанды.

2014 жылы "Алын қалам" жүлдесіне 165 автор қазақ және орыс тілдерінде жазылған 364 шығармасын жолдады. Авторлар қатарының артуы "Алтын қалам" әдеби жүлдесінің тәуелсіз және әділ өтенінің айғағы. Аталған жүлде қазақстандық оқырмандарға бүгінгі қаламгерлермен танысуға, олардың еңбектерін бағалауға, балалар мен жасөспірімдерді көркем шығармаларды оқуға ынталандыруға және патриотизм арқылы салауатты, мәдени ортаны қалыптастыуға септігін тигізеді.