Адам қарады: 29 | Жарияланды:

АНАМ АЛЫП КЕТЕДІ...

Мирас бүгін тағы да шошып оянды. Оның жылаған дауысын біршама балалар мен тәрбиешілер есітіп-ақ жатыр. Бірақ біреуі келіп басынан сипап, кеудесіне қысып, құшақтаған жоқ. Бәріне бәрібірдей. Ешқайсысының онымен жұмысы жоқ. Бала жүрек біреу-міреу келіп қалама деп, әлі де өксігін баса алмай, аңырап жылауын бағанағысынан күшейте түскен. Айналадағы түнек пен үнсіздіктен қорқып отыр. Ытқып шыққан жасынан бет-аузы әбден суланып, жуынып қапты. Солай біреу жұбатама деп жылап отырып қалай ұйықтап қалғанын да білмейді. Жеті жасар баланың тағдыры қиын-ақ. Ол ешқашан шын қуанып, қалағанын алып, бақытты болып көрмеген.

Есін білгеннен бері көріп келе жатқаны ылғи да бір адамдар. Өзі сияқты керегі болмай, тастанды болган жетімдер. Түсі суық, қатал, бірдеңені қиратып не бұтына жіберіп қойса жұдырықтай жөнелетін тәрбиешілер. Осының күллісі Мирастың бала жүрегін солқылдатады, ақырын ғана үн шығартпай ауыртады, қақсатады. Ол осынау қатыгез жалғанда жападан-жалғыз. Қасында еміреніп, еркелететін анасы жоқ. Ол анасының аты-жөні де белгісіз. Белгілісі сол ол Мирасты керек қылмаған, өлсе-өлсін деп қарабасына жүк санап қыстың аязында айдалаға, жол бойына тастап кеткені. Шырылдап жылап-жылап, дауысы өшерге сәл-ақ қалған үш айлық Мирасты сонда жолаушылар тауып, жұқалаң көрпеге оралған баланы қолдарына алып, суықтан денесі көгергенін көріп жылытып, полицияға хабарлаған. Сонда әлгі тауып алғандар: “Сорлының ажалы жоқ екен, періштесі қағыпты” десіп екі-үш сағат мұздай асфальт үстінде жатқан Мирасты шын аяған. Міне, сол тастанды бала бүгін жеті жасар жетім. Оның да басқалар сияқты ата-ана құшағын көргісі, анасың қанып иіскегісі келеді. Сағынады, әркімнен жан жылуын іздейді. “Анам келіп жылама деп айтар” деп ойлап, күні бойы бір бұрышқа тығылып алып көп-көп жылайды. Еңіреп тұрып, қиналып, өксіп-өксіп жылайды. “Мама сені сағындым” деп айтқысы келеді. Өзге балалардай анашым “қошақаным” деп еркелетеді, маңдайымнан сүйеді, мені иіскейді, сосын қатты-қатты құшақтайды дегісі келеді. Ал әкеммен ананы-мынаны істедік, ертегі оқыдық, ол мені арқасына міндіріп алып ат болды, екеуміз көп-көп шаптық деп мақтанғысы келеді. Бірақ...әттең сол бір бірақ...

Мирас әлі күнге дейін анам келеді деп сенеді, мені алып кетеді деп ойлайды. Тіпті соның қалай болатының да ойластырып қояды. Сол сәтте басқа балалардың алдыңда өсіп олардың көздерін қызықтырып, қызғантып кетпекші. Олдағы жаңа жылда да, туған күнінде де бір тілекті қайталай-қайталай береді. «Мамам келсін» деген тілегін ішінен айта беретін. Тәрбиешісі әр ұрған сайын, ұрысып қатты айтқан сайын жүрегі қарс айрылып, далаға қаша жөнеледі. Балалар үйінің қорғанынан ата-анасына құландай ойнақтап, маз-мейрам боп еріп бара жатқан балаларды қызықтап, ұзақ көзін алмай қарап тұрады. Іштей сондай болғысы келеді. Жас толған көзіне әлденелер елестеп кетеді. Көзінің алдында әке шешесімен сайрандап, әр адым басқан сайын секіріп бара жатқаны тұра қалды. Әкесінің оны екі аяғын жоғарыдан салбыратып мойнына отырғызып алғаны елестеп кетті. Жанында анасы келе жатыр. Мирас оның қолынан қысып ұстап алған. Оған қайта-қайта “мама, мама” деп айтады. Әлгі анасы ендігі жерде Мирасты жерге көтеріп түсіріп, бетінен шүлп-шүлп сүйіп, “ананы-мынаны алып берейін бе?” деп сұрап қоймайды. Мирастың бар арманы осы еді. Елестеп, бір кезде сағымдай жоғалып кететін бар тілегі, қиялындағы ойлары. Олары жоғалып қалғанда, Мирастың көңілі ортаңдап, іштей қанжылап қалады. Әр күнін екі көзі төрт болып күтумен өткізеді. Қарқ қылып та балаша ойнамайды. Адамдарды аңдумен болады. Бейтаныс әйел келе қалса, жүгіріп барып, кішкентай ғана қолдарымен әлгі әйелдің белінен құшақтай алып, “ мама-ау сені көп күттім ғой, аналар сені келмейді деді бірақ мен білдім, сен келдің мама, мені алып кетші” деп жылай салады. Мөлдіреп аққан тап-таза маржандай көз жасы құрғамай, бетінің бәрін алып кетеді. “Мен сенің анаң емеспін” деген сөздерді естігеннен кейін өз-өзіне келе алмай тағы үнсіздікте, бірөзі көп отырып қалады. Сосын тағы да күтуін жалғастырады. Есік ашылған сайын, дәлізден әлдебіреудің тырсылы естілген сайын көңілі басылмай толқып, елеңдей түседі. Ішінен “Мамам келді” деп ойлайды. Кейде есік ашылғанын күтуге шамасы жетпей, жүгіріп жөнкейді. Дәлізге қараса тәрбиешіден басқа ешкімді көрмейді. Мектептен баласын үйге алып кету үшін келген ата-аналарды көріп, жан-жағына жалтаң-жалтаң қарап өз мамасын іздейді. Көзіне тағы да сол бір елес келіп, анасы өзін күтіп тұрғандай күй кешеді. Әр кісіге барып “менің анамды көрдіңіз бе?” деп сұрайды. Ешқайсысы жауап қатпайды, үнсіз бажырайып, жек көріп қарап тұра береді. Бірде Мирасқа аналарың туралы айтып беріңдер дегенде, ол ештеңе айта алмай, тершігіп қиналып кеткен. Үнсіз, не айтарын білмей, партаны шұқып тұрып қалған. “Отыр” деген өзден соң ғана «менің анам келеді» деген бірауыз сөздерді қайта-қайта қайталай берген. Бәрінің де естігенің білгеннен соң ғана тоқтаған.

  Мирас әр күнің солай күтумен өткізіп жүр. Жатарда “анам ертең келеді” деген үмітпен көзін жұмып, сол ойлармен бірге ұйқыға кетеді. Таңғысын “ бүгін анам келеді” деп оянады. Ал мектепке “анам күтіп алады” деген сеніммен аттанады. Оның әр күні осылай өтіп жатыр. Осынау үмітке толы сөздерін, сан рет жыласа да тастамақ емес. Өйткені оған өмір сүруге күш-қуат беретін, қолындағы бары анасы тастап кетерде ораған көне көрпесі мен күнде қайталайтын осы сөздері ғана. Әлгі көрпесін анда-санда иіскеп ұзақ отырады, онысының мәні анамның иісі сіңіп қалған шығар-ау деген үміті, бірақ ештеңені иіскеп біле алмайды өйткені ол көрпеде ескі киім-кешектің иісінен басқа ещтеңе жоқ. Ол мұны біледі бірақ, оны қолына алып көкірек тұсына қойған сайын анасын құшақтағандай сезімді бастан кешеді. Сол көрпеге қайта-қайта телміріп қарайлап отырып, өзінше анасының бет-пішінің елестетеді. Әр мезет аузынан шығар сөзі” анам келіп, алып кетеді” дегені ғана. Иә, Мирас әр күн сайын осы сөздерді қайталаумен жүр, анасының келетініне сеніп-ақ жүр. Күтіп, сағынып-сарғайып, тезірек біреуге “мама” деп айтқысы кеп жүр...Мүмкін әлі талай күнін осылай өткізер...күтумен өткізер. Кім білсін ...    

Қазақ тілінде жазылған