Абсурд
Тағы
Іңір. Тәңір жатсынып, налып іштей,
Жанарынан бір тамшы ағып түсті.
Жалқы көзін қадайды жан біткеннің,
Тірлігіне танытып жалыныш күй.
Бүгін
Мола кезіп келемін сенделіп мен
Өлсе өлер қайғыдан пенде біткен
Өлімнен биік оқып үрзада жыр
Бір қошемет күтемін енді өліктен.
Неге
Ұлиды жел көзімнен көргенде мұң,
Мен бұрын осы жерге жерленгенмін.
Тәңір тағы жылап тұр ағыл-тегіл,
Сүйектерін суарып өлгендердің.
Өмір
Бұл Тәңірдің түсі екенін түсінгеннен
Мүрделерді санадым мүсінделген
Сәттерімді санадым есте қалған
Арманымды санадым ішімде өлген
Сосын
Тамшылаған жасымды тосып алып
Бақытымды іздедім бос ырғалып
Сол өлеңді іздедім іңірде өлген
Жүрегімді іздедім сосын барып
Келемін мен
Қайғы кешіп көңілім қаяулана
Құштым сені қара жер - аяулы ана.
Мен әкелген өлеңнің мүрдесін бұл
Қай ауылға көмейін қай аулаға?