Басы жоқ бастық
«Басы жоқ бастық. Кәдімгідей ма?» деп сұрайды алжыған құрбым. «Кәдімгідей» дедім. Мойыннан жоғары не көтеріп жүргенін білмеген адам басы жоқ емей немене? Салқар да салқар жолы бар, көргені көп, түйгені түгел екіаяқтының парасаттылығынан пенделігі қалай биік болар деп басымды шайқай бердім. Басымды шайқап тұрып басымды бассалдым. Ухх, менікі орнында тұр. Бұған да күмәнданғандай болып, саусағымды жымқыра түйіп, шекемді, шүйдемді тоқ-тоқ еткізіп тоқпақтай жөнелдім. Жоқ, әшейін пісіп тұрған қарбыздай екен.
Қағазы көп кеңсе жұмысын дөңгелетіп алып кету кім көрінгеннің қолынан келмес. Оған расымен де бас керек. Керек болғанда да менікіндей мәләдес бас. Бірақ басшылыққа қайдан екенін басы жоқ өңкейлер өңкеңдеп келіп алады ей. Тіреулері арматура аралас бетоннан. Жел де, дауыл да жыға алмайды. Жер сілкінсе де, ел сілкінсе де мыңқ демейді. Бәрі семіргіш, егеуқұйрықтай кеміргіш. Бәле болғанда сол, басы жоқтардың кесірінен басың ауған жаққа, босып та, басып та кетесің.
Осындай ой орманымның аңдары ақырып,құстары шулап, суыры сұңқылдап «Халықты алдап асыраймын» мекемесіне келдім. Есікті ашып қалғаным сол, қарауылы дубинкамен дүңкілдетіп қуып шықты. Сөйтсем, түрім темірдей қап-қара, иығымды тіршілік түсірген, белімді бишікпен пен басшылық бүккен, мүсәпір екенмін. Айнаға қарамағаныма алты жасымнан кейін, елу жыл еңірей, қырық жыл қыңсылай өте шығыпты. Сақалым сабсиған, көзім ақиған. Әбден теперіш төсегі арқамды жауыр, қабағымды ауыр, ашуымды дауыл еткен екен. Шақ еткенге шап еткен шал боптым да қалыппын.
– Ескі заманның есуас шалы, ең болмаса лыпаңды дұрыстап келсең ғой. Андағы түріңмен түрмеге де кіргізбейді ей, – дейді қарауыл қарқылдап.
– Несі жаман? Басымда бөрігім, қолыма таяқ –серігім, иығымда шапаным, орденім жоқ, атағым, аяғымда мәсім бар, давай есік ашыңдар. Айтпақшы, бұтымда атқа да, таққа да ыңғайлы шалбарым бар, ішінде жамаусыз жаңа дамбалым бар. Несі ұят? – дедім қамшымды сығымдай, сілкілеп.
– Ең болмаса, гәлөстік тағып келмейсің бе қыртымбай неме, сені бастығым көрсе, қаны қара судай қайнап жылы креслодан қарғып кетер. Анау жолы сендейлер керзі етікпен бастықтың қан-қызыл алашасын әбүйірлеп тастапты. Содан бері строго тыйым салды,– дейді қарауыл қатқыр.
Шатақ шығару шалға жарасады. Қазір деймін қамшымды шошайтып. Шапанымды тастап, жағамды ағытып, жеңімді түріп, гөлөшімді шешіп, сақалымды тұштаңдатып, бастық бөлмесіне басып кірдім. Ойепырмай-ау, хан сарайындай деген кабинетте ауы ағытылған, қарны қанардай беті түкті бір мықты сілейіп қапты. Қорылы қабырға құлатардай, қолтық иісі жылатардай. Тентіреген көзім терезе іздеп, таза ауа таппай тыпыршыдым. Мына сорлының тазалығы менің аяқ артар бестімнен ары ғой деймін танауымды тыржитып. Жәңегі жарнама ғып айтқан қан-қызыл алашаның үсті бәйге жүйріктерінің тұяғы жұлмалаған жердей жырым-жырым. Еденге лақтырылып тастаған кір-кір ұйықтар иістеніп жатыр. Жайлаудай жағасына, басшы деген бағасына бойламаған сиқына сақинам сықырлап, жүрегім тыпырлап кетті.
«Басеке»–деймін, немеремдей немеге сыпайылықпен сымпылдап. Ол болса жөнді жауабы жоқ, ақтаңылтақтанған бетін үскілеп, мәңгірген басын, майланған шашын қақсата қасыды. Қасып еді қайзығағы қардай ұшып, кірпік-шашыма құйып кетті. Басымды сілкіп қалдым. Істеп тұрған миым, азғантай ғана сыйым басы жоқа басшының алдында екі этаж, үш этаж екенін түсіндім. Түсіндім да, түріне қарап түңілдім. Түңілдім де, берекесіз бетіне үңілдім.
–Аяғыңызды шештіңіз бе? – дейді, шаңытқан көзін шатынатып.
– Шештім, әке шештім. Аузың мен ауың ашылып қапты. Қайсысына қарайын, – дедім лақылдай лоқсып.
–Түнде іштіңіз ба? Басыңыз ауырса жуып берейін,– деді тартпасын тықырлатып.
– Жоқ әке, мен сенің қаныңды қасықпен ішуге келдім. Қаныңды ішіп отырып маңыз миыңа нан матырып жеймін, санаңнан салат жасаймын.
Сонда қалай дегендей басы жоқ басшы басын быртық-быртық саусақтарымен қорғаштап, өзіне сілтенген қамшыдан жасырды. Көтерем жылқыдай үйелеп жатқан жерінен сиыршалап тұрып еді шалбары шешіліп қалды. Жалма жан қолымен еркектік абыройын бүркемелегені сол, қасқыр тіс қамшыммен басынан салып қалдым. Басынан қаңылтырдың қаңғырлаған даусы шықты. Керілген кеудесінен періп қалсам бос бөшкедей боздап кетті. Сырты «тоқ» болғанмен іші «аш» екен. Бетондай беліненен атап өтіп, өкпе тұсынан қамшы ұшымен түртіп, өкпелеген елдің өкініш аралас, қайғы жағалас әңгімесін әндетіп айтып бердім. Оған бетінің жүні де жыбыр етпеген соң жоқтау ғып жеткіздім. Оған да түктері тікіреймеді. Сосын сыңсу ғып сөзбен, қалың етін, қалың бетін сабаладым-ай. Май басқан жүрегін тікенек-тікенек сөзбен араладым-ай. Былқ етпейді. Екі беті бүлк етпейді. Көңілсіз көзіне қарасам жұртта қалған үйдің үңірейген терезесіндей қорқынышты. Қорқынышты болған да халықтың жағдайынан да аянышты екен. Барлық қайғыны бір өзі көтеріп көтерем болғандай меңірейген меншікті мінезімен көзіме кінәлай қарады. Тақ бір мұны мен мұншама қайғыға қамап қойғандай алдында шашылып жатқан қағазға қарады. Сөйтсе-ем, басы жоқ бастыққа қонақ боп кеткен мен ғана емес екенмін. Мендей епті, текті шалдардың бірнешеуі басы жоқ немені менен бұрын-ақ қаға-соға кетіпті. Әр қайсысы сөзбен түйретіп, қамшыны басына билетіп, әбден әлек етіп, әлсіретіп тастапты. Сондықтан кетік-кетік кертілген – көңілі, көркі кеткен көшедей – өмірі бұлтты күннің бұлыңғыр таңындай, арба жолдың шаңындай шұбатылып шашылып қапты. Аяп кететін жүрегім малға да жанашыр ғой деп, әлгінің ашылып қалған ауы мен аузын қамшымның сірне ұшымен түртіп, түре жауып бердім. Ең болмаса да, ем болмаса да басы жоқ бастыққа басымның істейтін шетін ғана қамшымен шертіп көрсеттім. Шайтанды да, сайқалды да, байталды да қамшы ғана тәрбиелейтінін басы жоқ бастық сезді ма екен? Сезген шығар, сезім баста емес қой.