Просмотров: 214 | Опубликовано: 2020-09-15 16:16:26

Квант

  • Бек! Бе-е-е-к!
  • Ау?
  • Шықсаңшы. Кешігеміз ғой.
  • Қазір.

      Феннің ызыңы естілгенде барып Бекбол өзінің қарсысында тұрған кір мәшине үстіндегі бармақ жуандығындай целлофанның ауызын буып, ваннаның астындағы кішігірім банкаға жасырды. Астыңғы ерініне салған қошқыл иістіні раковинаға түкіріп жатып, шұбатыла созылған көгжілтім сілекейінен жиіркенгендей жылдам су ағызған. Үйренбегендікі ме, жүрегі лоблып, запыран көтерілді. Жайшылықта тістеріне щетка жуытуы қиын еді. Осы жолы ұзақ ысқылады. Лоқсығанына қарамай, щеткасын тілінің үстіне де біраз сырғанатып алған. Бұл жуынып шыққанда Кәмилә да шашын желпілдетіп болған екен.

  • Сонша ұзақ отырғаның не?
  • Темекі қойғалы бері қиын боп қалды...
  • Үйреніп кетесің. Иісі жағымсыз. – Кәмилә тыжырынып келіп, құлағының үстін ебедейсіз жапқан Бекболдың шашын тарады. – Бүгін қидырып тастайық.
  • Иісінің жағымсыз екенін бүгін байқадың ба?
  • Киін енді. Емтиханға кешігеміз.
  • Қай аудитория еді?

Асханада қуырған жұмыртқасын тәрелкеге салып жатқан Кәмилә:

  • Үш жүз сегіз, – деп дауысын көтеріңкіреді.
  • Екеуміз бір аудиториядамыз ғой.
  • Иә. Бек! Қай пиджагімді кисем болады?
  • Түнде сұрыңды дайындап қойып ең ғой, Ками!

Тағы да тыжырынды.

  • Осы не әдет?
  • Ол түндегі көңіл күймен таңдалған.
  • Түс көрдің бе немене?
  • Иә. Айтпақшы тойды күзде жасасақ қайтеді?
  • Ұзатуыңды жасағың келсе... Ал негізі үйлену той жазда ғой.

Қастарының түйіскен жері мен мұрнының үсті әнтек әжімденді де:

  • Қой. Қызылымды киіп шыға берейін, – деп пиджагін қолына ұстаған күйі сыртқы есікке беттеді.

Жол бойына шыға қалғанда екеуінің қол көтеруін күтпестен қызыл Tоyota тоқтады. Баратын жерлері жақын болса да, көліктің жаңалығын ұнатқан Бекбол төрт жүз теңгеге келіскен. Артқы орындығына жайғасып, қозғалған көліктің жүрісін жүргізуші екіншіге ауыстырғанда барып Кәмилә баж ете қалды:

– Ойбай, ұмыттым. Кеше түнде сұр пиджагімнің қалтасына салып, дайындап қойған едім.

– Нені?

– Шпоргалка.

– Үйге кірсек кешігеміз. Уайымдамашы. Берілген парақтарды толтырып шықсаң жетеді емес пе?

– Тү-у-у, қиын болды...

Радио сарнап тұр.

– Соғыс оты сөнбеген Сириядан отандастарымыз елге оралды. Президенттің тікелей тапсырмасымен жасалған «Жусан» гуманитарлық операциясының нәтижесінде 47 қандасымыз туған жерге аяқ басты.

Жүргізуші радионың дауысын көтеріп:

  • Соттау керек. Отанынан бездірген қу сақал... Бізді құртатын осылар, – деп нығырлай сөйлеп, қоштамас па дегендей айнасына қарағыштай берген. Бекбол мен Кәмилә оқу орнының алдынан түскенде жаңалықтардың соңын тыңдап үлгерген жоқ. Жүргізуші бұның ұсынған ақшасына қарап:
  • Бауырым, қайтарымсыз жоқ па еді? – деп ебедейсіз ыржалаңдап көлік есігінің қалташасын қармана берді. Сыңғырлаған тиын дауыстары естіледі.
  • Өй, осы бала-шаға да темір-терсек салып ойнайды, – деп Бекболға тағы қараған. Артындағы мәшинелер сигналдатып, жол бойын азан-қазан қылды.
  • Жақсы, аға. Қажет емес.
  • Ренжіме, бауырым. Жүргізуші тағы да ебедейсіз ыржалақтап ап, жүріп кетті. Ерекше сигналдатып тұрып, бар газын басып өткен ақ Audi-дың рөлінен сақалды жігітті байқады Бекбол.
  • Өле ме?.. Алдың ба?
  • Нені? Ә, жоқ. Майда жоқ дейді.
  • Бәрі осы. Алу керек еді.
  • Майдаланбай-ақ қойшы енді. 

 

***

– ...Бек, қай пиджагімді кисем болады?

– Түнде сұрыңды дайындап жатыр ең.

Кәмилә тыжырына сұр пиджагін қолына алды.

– Киетін киімім жоқ.

– Артыңнан келеді ғой.

– Жазға дейін жүрем бе осылай, – деп буыны кеткендей мойнына асыла берді.

– Ками! Жылдам шығайық енді.

Жол бойына жақындағанда Бекболдың көзіне өтіп бара жатқан қызыл Tоyota жылы ұшырады. «Жаңа сияқты» деп ішінен бір ойлады да, жол бойына шығып қолын көтерген. Ақ Audi келіп тоқтады да, сақалы орақ көрмеген қарасора секілді жүргізуші көзі шыңылтырлана иек қақты.

– Университет... – Мәшинесін байқатпай аңдаған Бекбол: – Үш жүз, – деді.  Жүргізуші ешбір ыңғай танытпастан сыртқы тұтқасы сынған есігін ішінен өзі ашты.

– Қазақ радиосында таңғы жаңалықтар. Соғыс оты сөнбеген Сириядан отандастарымыз елге оралды. Президенттің тікелей тапсырмасымен жасалған «Жусан» гуманитарлық операциясының нәтижесінде 47 қандасымыз...

Жүргізуші радио арнасын ауыстырып, әуен естілгенінің ешбіріне аялдамай, қайта айналып жаңалықтарға тоқтады. Бас мүфтидің сөздері оқылып жатыр екен, жүргізуші радионы бірақ өшіріп тастағанда бұлар діттеген жерлеріне де жетіп үлгерген еді. Қайтарым ақшасын берісімен, ақ Audi-дың кәрі моторын шыңғырта жүріп кетті.

– Өле ме?

– Шпоргалкаңды бейберекет пайдаланба. Білетін сұрағың келсе барынша өзің жаз. Жарай ма?

– Басымда оқығаннан қалған ештеме жоқ, – деп Кәмилә тағы да Бекболдың мойынына асылып алды.

Аудиторияға кіріп, сырт киімдерін шешіп үлгеремін дегенше емтихан сұрақтары ашылып, таратылып жатты. Екеуі аудиторияның екі бұрышына түсіпті. Кезекші мұғалім Бекболдың бакалаврдағы курстасы Арай екен. Қазір осында кіші ғылыми қызметкер.

– Магистратураға кешігіп түсіп, емтиханға да кешігіп жүргенің не? – деп әзілдегендей болып көзінің астымен Кәмиләға қарады. – Шпоргалка қолданбаймыз. Камерадан қарап отыр. Ескерту болмайды. Бірден акт толтырамыз.

Бекбол курстасына әзілдегісі келіп, Кәмиләға қарап тоқтап қалды. Өңі қашып кетіпті. Мүлдем таныс емес сұрақтар келген-ау. Емтихан барысында бір-екі рет ымдасып көріп еді, кезекші курстасы мүмкіндік бермеді.

– Бекбол! Сендерге бола мен жауапқа тартыламын.

«– О-ой, қаншық! Бірге оқыған кезде емтихан сайын жігіттердің бір көзі жазуында болса, бір көзі шпоргалка жапсырылған сенің ақ саныңда болушы еді ғой.

– Тоқ саны деп айтыңыз.

– Қызыл суға қызып келгенде таңертең екі бұтыңның ортасына талай сол тоқ санын қысып жатып оянғаныңды қалай ұмытарсың.

– Жә. Арыға барыспайық», – деп денесін шымырлатып бастаған ойларын Бекбол тез жиып алды. Кәмиләнің қоян көздері жәутең-жәутең етіп бұған қарағыштай береді. Бұл не істесін? Ойымен жатақханадағы оқу залдарын адақтап жүріп, өзіне жәутеңдеген оның көздерін көрген сайын жүзі күйіп барады. Байқаса Кәмилә камераның дәл астында отыр. Оны түсіруге мүмкіндігі шектеулі. Өзі де байқаған сыңайлы. Сұр пиджагінің ішкі қалтасынан қобыраған қағаздарын шығарып, ішінен бірін таңдап алды да, жазып отырған парағының астына жасырып, көшіре бастады. Өңі кірейін деген сияқты. Көздері түйіскен сайын, жымың етіп көзін қысып қояды. Өтірігі өзіне ғана аян адамға сенім арта қараған көздерден артық қандай ауыр жаза болсын?

Екі сағаттық емтихан уақытының жартысына жуықтағанда шекесіндегі көк тамыры білеулеген кезекші Арай сыртқы шығып кетті. Арада бес минут өтпей тексеруші кіріп, бірден Кәмиләнің орнына қарай беттеген. Бота көздері жасаурап кеткен оның алдындағы парақты жұлып алғанда астынан тілімдей қағаз еденге салмақ салғысы келмей қауырсындай қалықтап түсті.

– Бізбен жүріңіз!

– Ағай, кешіріңізші?!

– Бізбен жүріңіз деймін! Емтихан басталғалы көшіріп отырсыз. Ұялмайсыз ба?

Кәмилә төбесіндегі камераға бір, Бекболға бір, тексерушілерге бір қарады. Көмек тіледі. Қорғаушы тіленді. Кірпігін қақса жасаураған көзі бұлай кететінін сезіп, тынысы жиілеп кеткен.

– Біз көз жұма қарап едік. Ректораттан хабарласып жатыр.

Ол тағы да камераға бір, Бекболға бір қарады. Тексерушілерге жанарын тоқтатпады бұл жолы.

– Ағай! Бір рет ескерту берсеңізші, – деген Бекболдың дауысы шықты. Кәмилә осы сәтке дейін тістене ұстап тұрған көз жасын еркіне жібере салған.

– Ағай, кешіріңізші!

Есіктен Арай кіріп келгенде тексеруші бұрылып:

– Кезекшісіз бе? Неге қарамайсыз? – деп жекіп сөйледі.

– Бұл қыз көшіріп отырған жоқ еді ғой, – деп Арай бәйек болып барады.

– Ескерту болмайтынын айтып па едіңіз?

– Иә, – деп Арай шын ықыласымен Кәмиләнің жанына келген. 

– Дұрыс қарамаған сіздің де үстіңізден акт толтырамыз.

Тексеруші Кәмиләні ертіп шығып бара жатқанда Бекбол да еріксіз орнынан көтеріліп, есікке беттеген. Арай жалма-жан алдынан шықты.

– Қайда барасың? Сенің де үстіңнен акт толтырады қазір. 

– Толтыра берсін, – деп итере шығып кетті. 

– Бекбол...

Коридорға шығып еді, Кәмилә иығы селкілдеп тексерушінің артынан кетіп барады екен. Жүгіріп жетті де қырықтардан асып қалған еркекті қолынан тартып тоқтатты.

– Аға! Бір жолға кешіріңізші! Қызыңыз бар шығар сіздің де!

– Сен әлгі аудиторияда отырған жігіт емессің бе?

– Иә, аға. Былай шығып сөйлесейікші.

– Жібер қолымды!

– Аға! Кішкентай қызды сонша жылатқаныңыз не?!

– Шпоргалка пайдалану заңсыздық...

– Түсінем, аға! Бірақ ол жұмыс істемейді. Стипендиясымен ғана... Түсініңізші! Адамбыз ғой!..

Тексеруші еркек сәл ойланып, жаны ашығандай күрсініп алып:

– Әй, жүріңдерші, – деп қолын сілтеді.

Үшеуі ректораттағы жоғарғы қабатқа көтеріліп келе жатқанда Кәмилә жылауын да, жалынуын да тоқтатты. Дұрысынан шешіліп кетеді деді ме, әлде жалғыз емес екендігін сезінді ме...

Үшеуі 12 қабаттағы кабинеттің алдына келгенде іштен дарақы күлкі естілген. Бұлар кіре бергенде күлкісін тыя алмай тұрған қарынды қара бұларға қарап тіптен қарқылдай жөнелді.

– Тағы да тостағанын жуғандар ма?

– Келісейік дейді мына біреуі. Қызды қорғағанын қара, – деп бұларды ертіп келген тексеруші кабинетке кіре телефонын алды да: – Арай, жаңа шпоргалкамен ұсталған қыздың да, артынан шығып кеткен жігіттің де жұмысын сызып таста. Жазғы оқуға қалады.

– Аға!..

– Не аға? Заң бәріне ортақ. Бар, бар. Сендерсіз-ақ жұмысымыз көп.

Бағанағы қарынды қара сериялы күлкісін әлі аяқтамаған екен, тағы да қабырғаларды дірілдетіп әкетті. Бекболдың көмейіне келген «ш» мен «с» дыбыстары тістерінің араларында қалып кетіп, Кәмиләні ертіп шығып бара жатқанда есікті бар күшімен жапты. Бар келгені осы болды оның қолынан. Бекболдың тіс арасында қалып кеткен дыбыстарының барлығы лифт ішінде төгілген еді.

– Мұның барлығын менің көзімше не үшін айтып жатсың? Төкпедің бе әлгінде?

– Олар сөз түсінер деймісің?

– А, сенің айтып жатқаның сөз екен ғой...

 

***

– Ағай! Бір рет ескерту берсеңізші, – деген Бекболдың дауысы шықты. Кәмилә осы сәтке дейін тістене ұстап тұрған көз жасын еркіне жібере салған.

– Ағай, кешіріңізші.

Есіктен Арай кіріп келгенде тексеруші бұрылып:

– Кезекшісіз бе? Неге қарамайсыз? – деп жеки сөйледі.

– Бұл қыз көшіріп отырған жоқ еді ғой, – деп Арай бәйек болып барады.

– Ескерту болмайтынын айтып па едіңіз?

– Иә, – деп Арай шын ықыласымен Кәмиләнің жанына келген. 

– Дұрыс қарамаған сіздің де үстіңізден акт толтырамыз.

Бекбол қара терге түсіп отыр еді. Қазір Кәмиләнің артынан шықса, екеуінің де үстінен акт толтырады. «Жүз мың айлықты сосын қайда жеткіземіз? Оның да, менің де басымда кредит. Пәтер, кредит...». Бекбол ойша есептеп, иығы қушиып бара жатқанда әп-сәтте жасын тыйып алған Кәмиләға көзі түсті. Өңменінен өтіп кетердей тесіле қарап тұр екен, бұл көзімен далбалақтап бейберекет бірнәрсені ымдайын дегенше темір есік тарс жабылған.

– Биыл ешкімді аяп жатқан жоқ. Қит етсе акт толтырып, жазғы семестрге қалдырып жатыр.

Бекбол далбасалап терезеге қарап еді, алдағы жылғы өтетін университет мерейтойының баннерін іліп жатыр екен. Не жазып шыққаны есінде жоқ, тек ертерек бітіруге тырысып, жұмысын Арайдың алдына апарып өткізгенде, қолына кішігірім қағаз ұстатты. Түсінбеген Бекбол бетіне қараған.

– Менің нөмірім ғой. Қазір емтихан уақыты біткен соң хабарлас. Бар көмегімді аямаймын.

Жас та болса мұғалім деген аты бар курстасының сөзін көңіліне демеу қылып шыққан Бекбол Кәмиләні іздеді. Телефонына хабарласып еді, өшірулі тұр екен. Алқынып жүріп, ректорат артындағы орындықтардан әзер тапты. Тапты да, кілт іркіліп қалды. Не барарын, не бармасын ойланып, тұсалған аттай жанына ілбіп әзер жетіп отырған. Төселген жантақ үстінде отырған секілді.

– Қалай тапсырдың?

– Ками! Сен стипендиядан айрылдың. Ол сол жерде-ақ анық болды. Өзімдікін сақтап, бірдеме қылып жеткіземіз ғой...

– Мен сенен ақша сұрадым ба? Қалай тапсырдың деймін!

– Болатын секілді. 

– Менікін сұрағың келмей ме?

– Ками!..

– Жоқ. Шын сұрашы.

– ...Қалай?!

– Жақсы. Мен жазбай-ақ 5 алатын болдым. Қалай дейсің ғой? Мені ректоратқа апарып тексерді. «Шпоргалка бар ма?» деді. «Бар» дедім. Содан юбкамның етегін көтеріп, саныма жасырған буманы бір алып бердім. «Тағы бар ма?» деді. «Бар» дедім. Төстартқышыма қолымды салып ем, өзім де құлын мүшесі жаңа өсіп келе жатқан қыздай қылып тартқан екенмін, ала алмадым.  Ағытып жіберіп... қолым жетпеді. Пиджагімді шешіп қарынды кісіге теріс қарап тұра қалып ем, ол да епті екен, қарулы саусақтарымен ағытып жіберді. Анарымның ұшы қатайып, денемнің құсеттеніп бара жатқанын сездіргім келмей, жылдамдатып ондағы буманы тағы бір алып ұстаттым. Мен сенің көзіңше ғана киініп, шешініп жүріп сезінбейді екенмін, сайқалдықпен өзгенің алдында шешінгеннің де өзінше ләззаты бар ма, қалай?..

– Кәмилә!..

– Не Кәмилә? Ішінде қарны жуан тексеруші бар екен. Сол мені ұнатып қалған секілді. Бүгін кешке кездесуге шақырды.

– Кездесуге?!

– Иә. Соны ойланып отырмын. Жо-жоқ. Сен ойлағандай барсам ба, бармасам ба деп емес. Не киіп барсам екен? Қалай ойлайсың?

 

***

Екеуі лифттен шығып, жаяулап келеді. Екеуінің де жапалақтап жауып жатқан қардан жылдам қозғалғысы келмей ілбіп келеді.

– Ками?

– А?

– Әлі талай бұлармен кездесетін кез туады.

– Мен оны ойлап келе жатқам жоқ.

– Енді?

– Қайдан жұмыс іздейтінімді ойлап келем. Ай соңында кредит төлеу керек қой. Сенде де стипендия жоқ, менде де. Бұрын да жетіп қарық қылмайтын еді.

– Ками!..

– Жоқ. Рас қой. Неге, білмесем де, өзім жаза салмадым екен. Сен де бекер шықтың артымнан. Сенікін үйтіп-бүйтіп жеткізуге болар еді мен жұмыс тапқанша.

– Ками деймін?!

Кәмилә артына бұрылғанда шырша бұтақтарын қағазға орап гүл етіп сыйлап тұрған Бекболды көрді.

– Осы ма бар ойлағаның? Бар уайымың?

– Сен маған ренжімейсің бе?

– Несіне ренжиін? Бекбол Кәмиләні жол бойында ұзақ құшақтады. Суықтан мұрны иіс сезбесе де, бетінен иіскеді. Шынымен тәтті иісін сезді ме, жоқ, көкірегінде жатталған иісті ойлады ма, түсініксіз.

– Жүр, кафеге барайық.

– Сосын сенің шашыңды алдырайық.

– Темекі де тартайық.

– Уәде ше?

– Бүгінше болады, – деп қулана күлді Бекбол.

– Тағы бастап кетесің ғой сен...

 

***

Жапалақтап қар емес, қорғасын жауып жатқандай екеуі еңсесін тіктей алмай қайтты. Сөз бастасам деп терең жиған демі текке шығып, шылымсырап келеді. Үйдегі ваннаның астындағы банканы ойлады. Таңертеңгідей жиіркенген жоқ бірақ.

Үйге кіре ваннаға кіріп, суын ағызып қойды. Банканың ішіндегі бармақ жуандығындай целлофанға тағы қол жүгірткен. Айнаға қарап ебедейсіз өсіп кеткен шашын біраз жұлмалап тұрды да, таңертеңгідей тісін жуып сыртқа шықты. Кәмилә киімін ауыстырмастан диванда теріс қарап жатыр. Өлі тыныштық. Асханадағы су кранының бұзылып тұрғанына көп болған. Тамған тамшының тырсылы раковинаға емес, тура миына тамып тұрғандай тесіп барады. Кәмилә сәл бұрылып:

– Туһ! Осы кранды жөндейтін де еркек табылмады ғой, – деп зарлана үн қатты.

Бекбол асханаға келіп кранды шетіне қарай ысырып қойып, тың тыңдап тағы біраз тұрған. Креслоға келіп отырған қалпы қалғып кеткен ол, Кәмиләнің тықырынан оянып кетті. Сыртқа шығуға дайындалып, киініп жатыр екен.

– Қайда барасың?

– Айттым ғой.

– Кәмилә! Сол жерде мені намыссыздығынан немесе жігерсіздігінен қалды деймісің? Әлде айналдырған алпыс мыңға құнығыппын ба? Мына пәтердің ақысы, күнделікті жүріс-тұрыс, ас-ауқаттың ақшасы мойныма қамыт болғанда қай жағына тарт дейсің?

– Өзің ат та, мен арба екенмін ғой. Кешір, бірақ қалай тартсаң да ат та өлді, арба да сынды.

– Сындырғың да, өлтіргің де келіп тұрған өзіңсің!

– Иә, бар кінәнің бастауы өзім екенін білемін. Бірақ арба мен ат ортасында қашанғы қор болуға болады?

Бекбол үнсіз қалды. Қалай, не түсіндірерін білген жоқ. Ваннаға кіріп кеткен Кәмилә қолына бармақ жуандығындай аузы буылған целлофанды алып шықты: 

– Бекбол! Не уәдеңде, не сөзіңде пәтуә жоқ екен.

– Бірден қоя салу оңай дейсің бе?

– Бірінен біріне өтейін дедің бе? Болды. Шеге бер.

– Қалай болса да тастасам болды емес пе?

– Екеуміздің айырмашылығымыз осы жер, Бекбол! Сен үшін нәтиже маңызды. Мен үшін процесс, – деді де Кәмилә есікті сыртынан жауып шығып кетті.

Бөлмеде Бекбол мен өлі тыныштықтан басқа ештеңе қалған жоқ. Креслода шалқая қимылсыз, тіпті демсіз жатқан Бекболға қарап тыныштық бөлмеде өзін тіптен жалғыз сезінген еді.

 

***

Шаштараздан шыққан екеуі үйге көңілді қайтты. Бекболдың қысқа шашпен жүргені екеуіне де ыңғайсыз, қызық көрініп келе жатқаны тағы бар. Әрбір дүкеннің алдынан, тоқтап тұрған көліктердің жанынан өткен сайын Бекбол терезелеріне бір қарап, ескі әдетімен басын бір сілкиді. Бұрынғыдай желпілдеген шашы жоқ.

Кафеден жаңа шықса да екеуі ескі әдеттеріне басып шәйға отыра бергенде Бекболдың телефоны безек қақты.

– Қалайсыздар, мама? Менде бәрі жақсы. Сол үйдеміз. Емтиханнан келдім. Қасымда тұратын басқа жігіттер жұмыста. Иә, иә. Айта беріңіз. Қанша керек еді? Жақсы. Қаңтар соңында жіберемін ғой. Жақсы. Әкеме сәлем деңіз.

– Не дейді?

– Қаңтарда қарындасымның оқуының ақшасын құю керек екен. Соған ақша жинай бер дейді!

– Менің кредитімді жабуға мүмкіндігің болмай ма сонда?

– Неге болмасын?! Табылады ғой.

– Табылады ғой... – деп Кәмилә көңілсіз бокалға шәй құя бастады. 

– Не болды саған?

– Жәй. Бұл сөздің соңы немен тынарын көзіммен талай көрдім емес пе? – деді шәй ұсынып жатып. – Осы жаңа жылда ауылға бармай, қалада қалып жұмыс істейін бе?

– Не жұмыс?

– Мүмкін даяшы, мүмкін кассир...

– Осы жылды үйіңде қарсы алып, ата-анаңмен бірге болмасаң, жазда үйленіп кетеміз. Сосын қашан барасың?

– Білмеймін. Әрқашан отбасың, туған-туыстарыңа бүйрегің бұрады да тұрады. Шынымды айтсам, саған күйеуге шығуға қорқамын. Жеке өміріміз болмайтын сияқты.

– Қара аспанды төндірмеші.

 

***

Бар үйді жалғыз билеп-төстеп отырған тыныштықтың телефон шырылы зәресін ұшырды. Шашы қобырап креслода отырған Бекбол бейтаныс нөмірге ұзақ үңіліп, шырамытқандай болды да экранын түртіп қалды.

– Алло! Бекбол қалайсың?

– Жақсы.

– Араймын ғой. Кәмилә не істеді?

– Ештеңе. Сол күйі қалды.

– Неге хабарласпадың? Бір жағына шығысатын едік.

– Жә, қажеті жоқ. Енді кеш, – деді Бекбол көңілсіз.

– Жоқ, кеш емес. Сен қазір біздің үйге келсеңші. Ақылдасайық.

Бекбол екіұшты ойдың құйрығының қайсысын ұстарын білмей отырды да:

– Адресің қалай? – деп сәлден кейін жауап қатты.

– Байтұрсынов пен Құрманғазы көшелерінің қиылысы. Сонда келсең өзім күтіп аламын.

– Жақсы. Қазір шығамын.

Бекбол телефон тұтқасын тастап, экранға қарағанда Кәмиләнің кеткеніне үш сағаттан асып кеткенін аңғарды. Жаңа жылдық көңіл күйі жоқ қаланың есігінде аяз ата бейнеленген дүкенінен темекі сатып алды да, такси тоқтатты. Сұрғылт түсті Opel-ге отырып қозғала бергенде жолдың арғы бетіне Land cruiser-дің тоқтағанын аңдады. Таныс секілді көрінді көзіне.

Радио сарнап тұр.

«Сириядан оралған 47 қандасымыздың отызы 1-5 жас аралығындағы балалар, және 11-і әйелдер. Сирияға бір кездері діни сауатсыздықтың кесірінен асып кеткен қандастарымыз қашанда көмекке зәру еді. Президентіміз гуманитарлық операция жайында бастама көтермегенде, қандастарымыздың тағдыры не боларын кім білсін», – деген тұсынан жүргізуші радио дауысын бәсеңдетіп:

– Иә-ә-ә, – деп бұған назар салды. Ал мұның саясатқа зауқы жоқ. Әңгіменің өрбімесін түсінген жүргізуші радио арналарын ауыстырып отырып орыс радиосына тоқтады. Арғы жақтан Михаил Эфремовтың оқуындағы Геннадий Шпаликовтың өлеңі басталды.

По несчастью или к счастью,

Истина проста:

Никогда не возвращайся

В прежние места...

Діттеген жерінде Арай күтіп тұр екен, мәшинеден түсе сала:

– Жүр, – деп дедектетіп дүкенге алып кірді. – Не ішесің?

– Не ішкені қалай?

– Мені неге іздемейді десем, қойып кетіп пе едің?

– Жоға!

– Бір 5 жұлдызды коньяк. Шокалад және кофе, – деді де Бекболға бұрылып: – Мүмкін балауыз шам алармыз.

– Қажеті қанша? Жақын маңда аптека жоқ па еді?

– Ауырып тұрсың ба? – деп Арай қуақылана күліп, лезде күлкісін жиып алды. – Біз Кәмиләнің мәселесі жөнінде сөйлесеміз.

Қыз бен жігіт арасындағы бөтелкенің мақсаты біреу ғана. Иығына бес жұлдыз қадаған бұл қоңыр да сол ісін адал атқарды. Түбі көрінбей жатып Арай Бекболдың тізесінде отырған. Осы сәттен кейін қоңырға ешкім назар аударған жоқ. Бекболдың санасындағы аптекаға соқпағаны қыздың ыстық демі шарпығанда соңғы рет жарқ етті де жоқ болды.

 

***

– Алло! Бекбол қалайсың?

– Жақсы.

– Араймын ғой. Кәмилә не істеді?

– Ештеңе. Сол күйі қалды.

– Неге хабарласпадың? Бір жағына шығысатын едік.

– Жә, қажеті жоқ. Енді кеш, – деді Бекбол көңілсіз.

– Жоқ кеш емес. Сен қазір біздің үйге келсеңші. Ақылдасайық.

Бекбол екі ұшты ойдың құйрығының қайсысын ұстарын білмей отырды да:

– Қажеті жоқ. Өткен іс өтті. Көңіліңе рақмет! – деп Арайдың жауабын күтпестен телефон экранын нұқып қалды. Кәмиләнің кеткеніне үш сағаттан асып кеткен екен. Креслодан тұрды да, не үшін бел жазғанын ұмытып аңтарылып біраз тұрып, ескі курткасының қалтасын ақтарды. Жоқ. Костюмдерінің қалтасынан да табылмады. Бетін мұздай сумен шайып, себепсіз тоңазытқышты ашты. Үйдің іші сонша күңгірт. Лампасы күйіп кетпеді ме деп люстраға қарағаған. Үшеуі түгел жанып тұр. Кең бір бөлме мен төрт адам беймарал сиятын асхананы арлы-берлі кезіп жүріп алды. Балконға шығып, жерде жатқан қорап ішінен бір талын тауып алғанда қуанғанын көрсең. Тұтатардың алдында өз тәуелділігіне жыны келіп, лақтырып та жібергісі келді. Әттең, тұтатып қойған еді. Көшеден мәшинелер ағылып жатыр. Әне, сұрғылт түсті Opel өтіп барады. Бұл мәшинелердің ескіргені сонша иесі жууға да ерінеді-ау. Жолдың арғы бетіне Land cruiser келіп тоқтады. Көзіне таныс. Университеттің автотұрағынан көрген болса керек. Жол жиегіне ыңғайланып тоқтамағанына қарағанда қазір жүріп кетуі тиіс. Бұл шылымының соңғы тартымын ішіне жұтқанда барып, көлік есігі ашылып Кәмилә түсті. Бағыты – аптека. Land cruiser жүріп кете ме деп еді, жоқ, жол жиегіне шығып әбден оңтайланып тұрып алды.

– Рас болғаны ма? – деп ойлауы сол екен, жан ұшыра сыртқы есікке беттеді.

 

***

Таңертеңгі Арайдың сүт қатқан шайына да қарамай үйіне жетуге асықты. Жүрегі атқақтап келеді. Есіктен кіре сыртында жирафтардың суреті бейнеленген «Саванна» пакетіне толтырылған бөтелкелерге сүрініп құлай жаздады. Іші толған сыра. Ешбірі ашылмаған. Бөлмедегі үстел үстінде түгесілген вино мен орталап қана ішілген бір бөтелке сыра тұр. Терезенің алдында бұл шекпейтін Winston. Екеуі бірге жататын кездегідей етіп қос төсек салынған. Оның бір бұрышында Кәмилә. Креслоға сылқ етіп отыра кетті. Төбесінен жай түскен секілді. Өзегі өртеніп барады. Кәмилә көрпесінен басын шығарды да:

– Ертең соңғы емтиханнан кейін ауылға қайтам. Мамамды сағындым. Папамды... Ауылдағы үлкен үйдің от жағылатын жалғыз бөлмесіндегі пештің түбінде отырған шығар екеуі! – деп жылап қоя берді. Қысылып басталған жылауы өкпесі кепкен өксікке айналды. Ұртын толтыра бота секілді боздап та алады...

 

***

Шашын қысқартса да шалқалап қайыратын әдеті қалмаған Бекбол арқасындағы қабырғаға басын соғып алды. Кәмилә екі иығы дірілдеп, алақанымен аузын жаба ұзақ күлді.

– Ками! Әдет қой енді.

– Кеше анау тексерушіні тоқтату үшін артымнан жүгіріп келе жаттың ғой. Сол кездегі желпілдеген шашың көз алдымнан кетпейді.

– Онда неге қидырдық?

– Сен әрқашан жүгіріп жүрмейсің ғой.

– Сондай сәтте менің шашым туралы ойлап үлгердің бе?

– Менің қыз екенімді ұмытып кетесің көп кезде.

– Емтиханның жауаптарын дәл солай есте сақтауға болмай ма?

– Ол жауаптардың сенімен қатысы жоқ қой, – деп Кәмилә Бекболға көзінің астымен қарады. Бірдеңе айтуға оқталғандай ыңғайланып отырды да:

– Бек! Мен бір жарым айдай ауылда болсам, мұндағы жұмыстарымды саған сеніп қалдыра берейін бе?

– Әрине!

– Бірақ, қорқамын!

– Неден?

– Сен жауапсыздаусың ғой! Кешегі менің артымнан жүгіріп шыққаныңның өзі отбасылық мәселелерге жауапсыздығың секілді.

– Сені қалай жәутеңдетіп, ер адамның алдында жылатып қоямын?

– Әкемдей адамның алдында жылағанның несі айып?

– Егер артыңнан жүгіріп шықпасам осылай отырар ма едік?

– Білмеймін. Сәттік эмоция мен оның салдары екі бөлек дүние ғой.

– Қойшы! Бәрі жақсы болады, – деп Бекбол Кәмиләні бауырына басып құшақтап, маңдайынан иіскеді.

– Ылайым, солай болсын! Ертең шығып кетейін онда ауылға.

– Өзім шығарып салам ғой!

 

***

Ол сырт киімсіз ентігіп жолға шыққанда Land cruiser жүріп кеткен еді. Алақтап жан-жағына қарады. Ешкім көрінбейді. Бүкіл денесінің ыстығы бетіне шапшығандай болды да, көзінен жылы боп басталып, иегіне қарай мұздап жылжып жерге тамды. Алақанымен бетін уқалап еді, жылап тұр екен. Өз-өзін ұстағысы келген жоқ. Суға салған қам кірпіштей бүкіл кеудесі шым-шым еріп бара жатты.

– Бекбол!

Таныс үнге лезде жалт қараған ол ақ пальтолы қызды бас салып құшақтай алған. Өксігін баса алмай солықтап кеп жылады.

– Неге желең жүрсің? Жүр, үйге кірейік, – деп қолындағы сақырлаған сыра толы «Саванна» пакетін мұның қолына ұстата салды. – Айтпақшы, сен не шегетін едің? Winston бола ма?

– Болады, болады.

Кәмилә өзіне бір бөтелке вино, Бекболға он бөтелке сыра алған екен. Бағана үйден шыққан қызға ұқсамайды. Жарқын сөйлеп отырған Кәмиләға таңдана қарап отыр. Ол өзінің сөзін тауысып бітер емес.

– Осы такси болып жүргендерді түсінбеймін! Келіскен бағаңның үстінен тағы пайда көргісі келіп тұратын не әдет? «Қайтарым жоқ», – деп. Джипіне мінсең де сол, қарапайымына мінсең де сол. Аптекадағы әпкеге рақмет, сөзге келмей майдалап бере салды.

– ...

– Бек! Мен ертең ауылға қайтамын. Шығарып саласың ғой, иә?

Бекбол «Бек» деген еркелетуін Кәмиләнің аузынан қайта естігеніне жаны бүрлеп кеткен еді.

– Иә. Шығарып саламын!

 

***

Сақырлаған бөтелкелерді тоңазытқышқа бейберекет салды да, Кәмиләнің жинап қойған сөмкелерін сыртқа алып шығып кетті. Екеуі де бір, айдаладағы мола да бір. Ләм деп тіл қатыспады. Автобус жүрерде ғана Кәмилә:

– Маған ештеңе айтқың келмей ме? – деген.

Бекбол айтқысы емес, сұрағысы келді. Бірақ батылы бармады. Тіпті оны ойлағысы келген жоқ. Аузына түскені:

– Жолың болсын! Ауылдағыларға сәлем де! – болды да, қол бұлғап қала берді.

Көзі мөлтілдеп автобуста біреуі кетті. Көзіндегі мөлдірлігі ызаға айналып вокзалда біреуі қалды.

 

***

Қидырып тастаған шашын сілкіп қайырамын деп Кәмиләға тағы күлкі болған Бекбол автобус қозғала салысымен арзандау пәтер іздеуге кірісті. Кәмилә да, өзі де енді стипендия алмайды. Ай соңында соған сенген дүниелер бар еді және алдағы айға да осы стипендияға жоспарлар бар-тын. Ағасы айтушы еді: «Қолыңа түспеген ақша – сенің ақшаң емес», – деп.

Пәтер жылдам табылды және қызығы, дәл өзі тұратын үйге қарама-қарсы үйдің төртінші қабатынан. Тарлау, әрине. Іші де керемет емес. Бірақ, таза. Хабарласып еді, пәтер иесі орыс кемпір:

– Бір айдан кейін босайды, – деді қарлығыңқы дауыспен.

– Қазір келісіп қойсақ болмас па, апа?

– Болады. Бірақ маған балалары жоқ отбасылы адамдар керек.

– Жас отбасымыз! – деп еді, кемпір әзілқой екен:

– Онда тоғыз айдан кейін басқа пәтер іздейсіңдер, – дейді. Алдын-ала пәтердің аз көлемде ақшасын төлеп келісісімен, өзі тұрып жатқан пәтер иесіне қара аспанды төндіріп хабарласты. Ертесіне үйді босатып, жігіттердің пәтеріне сегізінші жігіт болып көшіп барды. Артылған ақшаның барлығын орын-орынымен жұмсады. Енді Кәмиләға естірту ғана қалған.

 

***

Бекбол тоңазытқыштағы бөтелкелерді күнде біртіндеп босата берді. Қосымша жұмыстар шықса жылдам бітіруге тырысып, кейде түн баласы көз ілмейтін. Ақшасы арзымайды, бірақ. Сонда да істейді. Қолы қышығаннан емес, Кәмиләнің ісін ойлағысы келмегеннен. Сенейін десе, Кәмиләнің арын қимайды, сенбейін десе, ішілген вино, сыра, бұл шекпейтін Winston, екеуге арналған төсек. Кей түндері өз-өзін жұлып жеп қоя жаздайды. Арай ше? Араймен болғаны саналмай ма? Оны да ойлағысы келмейді. Кейде «бірінші бастады» деп бақай есепке де кететіні бар. Бірақ ол маңызды ма? Қалай болғанда да ластанған дүние ластанды емес пе?

Осылай иіні салбырап болып жүргенде Арайдан хабарлама түсті: «Менікі кешігіп жатқан сияқты. Кездесейікші».

Осы хабарламаны алған кезде Бекбол өз-өзін тастай салды. Оған дүние біткен мәнсіздікке айналды. Құр сүлдерін ғана сүйретіп Арайдың пәтерінің алдына қалай барғанын сезген жоқ. Ал, Арай есікті жымсия күліп ашты да сарнай жөнелді:

– Бекбол, алдырмаймын деп шештім. Енді менің ішім білінбей тұрғанда ертерек үйленуіміз керек. Әйтпесе, екі жақтан да ұят болады.

– Екі жақтан да? Менен ұят емес пе?

– Сенен несіне ұялам? Қыздық ар-ұятымсыз келгеніме ме?

– Ол да мүмкін.

– Бала бірінші аяқ артқандікі емес.

– Соңғысынікі де емес шығар.

– Айдың 5-10 аралығында келетін. Міне бүгін 15-не ауып барады. Қасқалдақтың қанындай болсын келсеші...

Бекболдың ары қарай тыңдауға шамасы келмеді:

– Жарайды. 18-і күні бірге дәрігерге барып қаралайық.

– Олар алғашқы 4 аптада толық анықтай алмайды.

– Олар анықтай алмайтын дүниені сен астыңа қарап анықтап отырсың ба? – деп Бекбол қалшылдап кетті. – Оның үстіне төрт апта емес, бір жарым ай өтті емес пе?

– Әәә, иә, иә. 18-і күні барайық. Барайық. Бүгін қонып кететін шығарсың. Әнел үйде жоқ. Бір аптаға іссапарға кеткен.

– Жоқ. Үйге барамын. – Бекбол үйден шығып бара жатып: – 18-і күні таңертең дайын отыр, – деп есікті тарс жапты.

 

***

18-і күні таңертең Арай Бекболға қарлығыңқы дауыспен хабарласып, ауруханаға бара алмайтынын ескерткен. Ал ертесі күні Кәмиләдан хабарлама алды. «Бірінші вокзал. Сағат таңғы 8:00. 9-вагон. 1-орын».

Бүгін 19-нан 20-сына ауысып барады. Бекбол сандалып көшеде жүр. Жәй жүрген жоқ. Кәмиләнің өзін күтсе, Арайдың «қонағын» күтіп жүр. Бірақ сол екіншісінің келу-келмеуі неғайбыл. Бар істеген күнәсін мойнымен көтеруге бар. Бірақ қайсысын көтерген жеңіл? Үш жылдан кейін көріп, жалғыз рет жанына түнеп, жатырына жан бітірген арғы жағы бұлыңғыр Арайдың ба? Жоқ әлде, жеті жыл жүріп, кеше ғана сеніміне селкеу түсірген Кәмиләның ба?

Таңғы сағат бес жарымдардың кезінде ойы екіге жарылды.

Қолын бұлғап көлік тоқтатты да, ұйқысырап отырған жүргізушіге қарап:

– Шамалған станциясы. Бес мың, – дегенде жүргізуші келісе кетті.

– Таң атпай ол жақта не жоғалттың?

– Жұмыс қой.

– Нан табу оңай емес. Мен өмір бойы автобус айдағанмын...

Ары қарай естіген жоқ. Құлағына құлаққабын киіп, музыканың дауысын барынша шығарды. Әйел грек тілінде ән шырқайды. «Пойыз таңғы сағат сегізде келеді». Әннің қайырмасында қайталанатын сөз осы. Сағат 6:30-да Шамалған станциясына жеткен Бекбол релстің ортасына түсіп алып Алматыға қарай жүре берді. Құлағындағы музыкадан басқа ешбір үн естілмейді. 7:16-да Бекболдың құлағындағы ән тынды. Бірақ дәл осы пойыздың 9 вагонының 1-орынындағы қыз құлағында бұл ән Алматыға жеткенше қайталанады.

 

***

Таңғы сағат бес жарымдардың кезінде ойы екіге жарылды.

Қолын бұлғап көлік тоқтатты да ұйқысырап отырған жүргізушіге қарап:

– Байтұрсынов пен Құрманғазы көшелерінің қиылысы. Бес жүз, – деді.

Үйінің сыртынан қарап еді, терезесінде жарық жоқ екен. Бетін сипаған сайын алақанын тырнаған сақалын алуға дүкеннен ұстара сатып алып, орынына қайтып келгенде төртінші қабаттың терезесінің жарқырап тұрғанын байқады.

Ортаңғы саусағын бүгіңкіреп ақырын қаққан есіктің артынан таныс дауыс естілді:

– Кім бұл?

– Мен, Бекбол.

– Зәремді алдың ғой, – деп Арай үрейлене есікті ашты: – Қайдан жүрсің?

– Сағынған шығармын...

– «Үф» деші қане.

– Шайыңды дайындасаңшы, – деп нығырлай сөйлегенінен Бекболдың сап-сау екенін анық байқаған Арай асханаға жүгіріп кетті.

Бекбол ұзақ жуынды. «Көсе» деген аттан ада қылғаннан артық атағы жоқ сирек сақалын тазалап алып, самай шашына дейін ұстарасын оңды-солды сала берді. Бетін тазалап жуып, қоқыс шелегіне еңкеймей педалін басқан сәтте ұстараны тастай саламын деп ойлаған. Бірақ қоқыс шелегінің аузы ашылғанда не қуанарын, не қайғырарын білмей қалды. Ваннадан теңсетіле шыққан ол асхана есігінің жақтауына сүйеніп тұрып:

– Үйге кім келген, – деді.

– Кім келгені несі? Әнел іссапардан ертең келеді. Немене қызғанып бастадың ба?

– Қызғанып емес, қызыл көрген бұқадай боп тұрғаным бар.

– Бұқадай?.. – қуақылана тағы күліп жақындай бергенде Бекбол Арайдың алқымынан ала түсті:

– Алдағың келсе артыңды тазалап жүріп алдағайсың. Түсіндің бе? – деп итеріп жіберген.

– Бекбол! Кеше ғана келді. Түсінесің бе? Білмеймін қалай болғанын. Шын айтам...

Бекбол сағатына қарады. 7:45. Енді үлгеріп жете алмасын да, үлбіреген жанын жұбата алмасын да сезді. Сезді де сол есіктің жақтауына арқасын тірей отыра кетті.

– Құрметті жас жұбайлар, мына жерге қол қойыңыздар! Сонымен, Бекбол Рысқұлбек және Кәмилә Нұртай. Сіздерді заңды некелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бақытты болыңыздар! Неке куәліктерін ресми тапсыру рәсімі 25 наурызда өтеді.

– Рақмет сіздерге! Рақмет! – деп Бекбол мен Кәмилә кезек-кезек алғыстарын жаудырып неке сарайынан шығып бара жатты.

Бекбол қалтасынан шылымын алып жатып:

– Жүре бермей, заңды некеге тұрып алғанымыз да дұрыс болды.

– Иә. Той кезінде сабылып кетеміз! Бір іс болса да тындырып қойдық, – деп сұр пиджагінің ішкі қалталарын ақтарып тұрған Кәмиләның: – О, мынаны қара, – деген қуанышты үні естілді.

– Бұл не?

– Есіңде ме, алдында емтихан кезінде қызыл пиджагімді киіп, сұр пиджактың қалтасында шпоргалкаларым қалып кетіп еді ғой.

– Иә.

– Тү-у. Сол емтихан күні осы сұрды киюім керек еді. Жалғыз сол сабағым ғана төрт болып, жоғары стипендияға іліге алмай қалып ем. Шпоргалкам болғанда... – деп Кәмилә стипендия үстінен қосылатын оншақты мыңды ойлап кетті.

Кәмиләні ақпанның 20-ы күні таңертеңгі пойыздан күтіп алуға кетіп бара жатып өзінің дәл осы жерде жылағанын есіне еліп, езу тартты. Қызғаныш деген қиын ғой.

Бекбол Кәмиләні үйге әкеліп тастады да, жылдам жұмысқа кетіп, кештеу оралған. Кешкі асты екеуі ұзақ ішті. Түн ортасы ауа сыбырласып қана сөйлесіп жатып Кәмилә:

– Бек, – деп бастады.

– Ау?

– Алдында емтиханнан шыққан күні, сен көшеде жылап тұрдың ғой.

– Есімде жоқ...

– Тү-у!.. Негізі сенің тапсырып шыққаның дұрыс болды. Тек... Мен өзімді қорғансыз сезіндім. Анау ректораттағы дәуқарының күлкісі батып кетті. Сенен басқа сүйенетін адамымның болмағанына, өзіме жыным келді.

– Сол үшін ұрыстық па?

– Білмеймін. Қуанышымды да, қайғымды да көтеретін сенсің ғой. Басқа кімім бар? Мүмкін, менің барлық жағыма сен жетпейтін шығарсың. Физикалық тұрғыдан үлгере алмайтын шығарсың. Мүмкін, содан ашуға берілермін. Бірақ, қалай болғанда да сен менің тағдырым секілдісің.

– Тағдыр деген жәй ғана өмір емес пе? – деп Бекбол темекісін алып балконға беттеді.

Кәмилә өзі жоқта Бекбол көшіп алған пәтерде бірінші рет жастыққа басы тиді. Жігітінің қойнына кіріп алған. Бекбол қыздың шаштарын саусақтарымен тарағыштап, ауық-ауық иіскеп қояды.

– Үй шынымен жақсы екен. Таза. Жайлы.

– Табыла кетті, әйтеуір.

– Дәл қарсыдағы балкон біз тұрған үйдің балконы ғой, ә?

– Иә.

– Кім тұрып жатыр екен қазір?

– Білмеймін. Сатамыз дегендей қылды ғой пәтер иесі.

– А-а-а.

– Үйдегілермен сөйлестім. «Ертерек той қамына кірісе берейік» дейді.

– Біздікілер де, – деді Кәмилә жігіт құшағынан босанып жатып. – Жеті жылда не өзгермеді. Мен кеттім. Сен келдің. Сен кеттің, мен күттім. Адамдарды бір-біріне сонша матап тастаған тағдыр деген осы ма сонда?!

– Тағдыр – таңдау ғой. Алдымызда мың-миллион жолдар бар. Тіпті, біздің санамызда күнделікті қанша таңдау туындайды – сызылған сонша жолымыз бар секілді. Олардың бір-бірімен қиылысуы қажет емес. Квант секілді. Бір сәтте бірнеше жерде бола алады.

– Түсінікті тілге аударасың ба?

– Мысалы, менің Құдай жазған жастайымнан спортқа бейім тағдырым болуы мүмкін. Бірақ мен оны таңдаған жоқпын. Мүмкін, Құдай жазған тағдырымның кейбір тармақтарында мен мүлде басқа адам шығармын. Тіпті, менің қасымда сен емес, басқа қыз шығар.

– Сонда Тәңір бізді бір-біріміз үшін ғана жаратпаған ба?

– Арғы жаққа мен үшін тереңдеу, ауырлау болады, Ками! Кванттың физика мен адам тағдыры турасында жеткен жетістіктерім әзірше осы ғана, – деп Бекбол терезе алдындағы шылымын алып балконға шыққанда қарама-қарсы бұрын өзі тұрған үйдің балконынан да өзінің шығып келе жатқанын аңдап, тосылып қалған. Қайта анықтап қараған кезде балконда жайылып тұрған киімдерден басқа ештеңе таппады. Санасы тұманданып, дежавю туралы ойлап тұр. 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған