«Мен жындымын» сатылып жатыр
Бұл романның шығуына мұрындық болған былтырғы өткен «Алтын қалам» әдеби бәйгесі. «Мен – жындымын» романы 2009 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан осы байқаудың 2016 жылғы жеңімпазы. Жеңімпаз ретінде көлемді роман таңдалған соң, байқауды ұйымдастырушылар ортақ антологиядан тыс, бұл шығарманы жеке кітап ретінде шығаруды жөн көріпті. Кітап жанрына «әжуа аралас мұңлы роман» деген анықтама беріліпті. Траги-комедиялық сарында жазылған шығарманың бүкіл оқиғасы Тәуелсіздік жылдарында өтеді. Бас кейіпкер Тауфихтың бастан кешкендері мен санасында шарпысқан ойлары, түрлі көңіл-күйдегі психологиясы арқылы бағаланатын бүгінгі қоғамның қалтарыс-бұлтарысы роман сюжетін тартымды ете түсері сөзсіз. Кітаптың формасы да сәтті таңдалған деуге болады. Өйткені, бір романның 42 бөлімге жіктелуі, оның әрқайсысына жеке тақырып берілуі романды тартымды ете түскендей. «Қазір баяғыдай қалың-қалың романдар оқылмайды» деп сылтау айтуға, өзін ақтап алуға шеберленіп алған қалың оқырманды қызықтырудың бір тәсілі осы шығар, бәлкім. Тағы бір айта кетер жайт – бұл тұсаукесердің өзгелерден өзгерек болғаны. Олай болатыны, бұл шара басқа жерде емес, кітап дүкенінде өтті. Әдетте, тұсаукесерге келіп, кітапты жазушының өз қолынан хан талапай үлестіріп әкететін қонақтар бұл сапар сиясы кеппеген романды кітап дүкенінің кассасынан сатып алып жатты. Болашақта кітап авторлары ескеретін бір жайт осы екен дестік. Мұны – қазақ жазушыларының нарыққа бейімделуінің басы деп бағалау керек. Роман авторы Тұрысбек Сәукетаев жиналған жұртқа, ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп тұрып, өз кітабы жайлы: – Қоғам туралы, өмір туралы, сіздердің әрқайсыларыңыз туралы ойым мен ықыласым, көзімнің жасы мен жүрегімнің қаны осы шығарманың ішінде. Сондықтан, сіздерге айтарымның бәрі қолдарыңызда кетіп бара жатқан кітапта деп ойлаймын, – деді. Романның шығуына демеушілік көрсеткен «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясы мен «QazКom» банкі алдағы уақытта да «Алтын қалам» жобасына атсалысатын болады.
Алмас Нүсіп, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ