Адам қарады: 238 | Жарияланды: 2018-04-06 02:15:24

Бесік

    Қыр астынан сопаң етіп шыға келген тепловоз оқыстан боздап қоя бергенде қаннен қаперсіз отырған  Сәлімгерей селк ете қалды. «Әкеңнің тап аузын ұрайын...» Денесіне қас қағым сәтте діріл жүгіртіп,  зәре құтын ұшырған қу темірді жеті атасынан бері сыбап алды. Жыланқұртша ирелеңдеген  ауыр құрама  Сәлімгерей боқтады екен-ау  деп қыңа қойған жоқ,  он шақты үйі етекке шашырай орналасқан шағын  стансаға  аялдамастан қара жерді солқылдатып тартып барады. Соңғы вагонның төбесі  қыр айналғанда  сартылдаған дыбыс та құлақтың түбінен  алыстап, өше бастаған. Үстіндегі сары жейдесі күнге оңып, ағарып кеткен  кезекші әйел жалаушасын көтеріп, құраманы көзбен ұзатып салғаннан кейін үйшігіне қайта  кірді. Оның  самбырлаған  даусы маңайға анық естіліп тұр:

–Алло жетінші, он екіні қабылдаңыз.

Ұйқысынан шошып оянған  тіршілік қайтадан балбырап, қалғи бастады. Таңертең қырға сиыр айдай шыққан екеу стансаның түбіндегі  теректің көлеңкесіне жайғасып,   жасырып әкелген жартылықтарын  бір жапырақ газет тігіндісінің үстіне қойылған стакандарға жағалай құйып, қызара бөртіп отыр.Тіс тимеген  екі тал қияр әзірге   мұрындармен екі ортаға қатынағаны болмаса,  азулы  ауыздарға түсе қойған жоқ, бүтін. Көк шөпке жамбастап, созылып жатқан  жирен шаш сақалы өсіп кеткен иегін бір сипап алып, қырлы стаканға қол созды.

–Ал, Саша құдайым денімізге саулық бере гөрсін.  Ырымын жасап, соғыстырған   жоқ, шалқалай бере  шалт қимылдап  су ішкендей өңешіне қотара салып, езуіне жұққан арақ жұғындысын алақанының сыртымен олай-бұлай сүртіп, қалғып-мүлгіп біраз отырды. Іргедегі теректің басынан қалықтап, үпелек ұшты. Өңі азып-тозып, көзінің алды көлкілдеген  Саша темекі тұтатып, шалқалап жата кетті. Көк аспан көз алдында төңкеріліп тұр. Үп еткен самалмен тербеліп, танауын қытықтаған селеудің бір талын  жұлып алып, сойдиған тістерінің арасына жүгіртті. Қысыр әңгімеге сараң  екеу  бір шөлмек арақты орталап қалған кезде  етектегі ауыл жақтан шаң-шұң айқай шығып қалған.  Алақандарын  көлегейлеп төменге тесіле қарағандарымен  Аняның есігінің алдында ошарылып тұрған 5-6 адамнан басқа ешнәрсені іліктіре алмады. Шала мас екеу шайқатылып, еңіске түскен кезде флягасын салдыратып сүйреп бара жатқан әйел төбеден ұрғандай дүрс еткізіп жаманат хабарды  айтып салды:

–Ана Аня  бишара өлім қалыпты ғой. Қисалаңдаған екеу мына тіршіліктің өткінші екенін енді ұғынғандай естерін жинап алды. «Марқұмның жатқан жері жайлы болсын». Андрей шоқынып алды. «Апыр-ау, бұл қалай болғаны күні  кеше ғана көршінің үйінен көрген жоқ па еді. Марқұм, бір бөтелке арақ қоямын дегенің қайда деп, дүйім жұрттың көзінше өзін  біраз тақымдап  алып еді. Күнінің өтіп бара жатқанын қу жүрегі сезген екен-ау ә байғұстың»  Сәлімгерей талқаны таусылғанға дейін домалаңдап жүгіріп жүретін қағылез келіншектің  бес күндік жалғандағы есте  қалған қылықтарын қанша ойланса да есіне  түсіре алмады. Марқұмның жүз грамм ішкеннен кейін бір кездердегі әдемі жанарының  оты азайып,  басы бұлғаңдап отырып салатын әнінен басқа түк те қалмапты.   Сәлімгерейдің санасында  күні кеше көзі тірі, ал бүгін орталарында жоқ Аня туралы қалып қойған үзік  көрініс осы ғана. Алғаш Сымбат екеуі бас құрап, осы ауылға көшіп келгендерінде Аня сылаңдаған жас келіншек еді.Әй, дүние-ай!  Кейін жолдасы табан астынан жол апатынан қайтыс болғаннан соң байғұс бірден шөгіп, іштей кемірген  сары  уайымның әсерінен  араққа салынып кетті. Айналдырған он жылдың ішінде  сүйкімді келіншектің орнында  өңі тотығып қарайып кеткен, сырт қараған адам  10-15 жасты артық беретін  самай шашын ақ шалған әйел пайда болған.

Ауданның орталығынан жеткен молда әппақ шатырдай шапанының сүметілген етегін көтеріп, көліктен түскенде  өлік шығатын үйдің есігінің алдында ошарылып, өзіне үркектей қарағандардың арасынан  мұсылманша қос қолын ала жүгірген  бір де бір пенде  табылмады. Молда кіре беріс дәліздің сыры оңып кеткен сықырлауық тақтайына кебісін қалдырып, арақ пен сарымсақтың күлімсі иісі сіңіп қалған  төргі бөлмеге озды. Ескі керуеттің үстінде созылып, Аня жатыр. Жанарының сәл ашық қалғаны болмаса, сол қалпы. Молда іштей күбірлеп, марқұмның тәтті дүниенің қызығына тоймай, тояттап қарап жатқан жанарын жапты. Ескі алашаның үстіне тізе бүккен молда жағалай түрегеп тұрған жамиғатқа бір қарап алып:

–Марқұмның ныспысы кім еді,-деді.  Жұрт бір біріне қарады. « Анядан басқа кім болуы мүмкін».

–Бүгін о дүниелік болып кеткен марқұмның азан шақырып қойған шын есімі кім? Соны сұрап тұрмын. Сәлделі адам өзіне тесірейе қараған көпшіліктің ішінен  «қазақ боларсын-ау» деп топшыласа керек, Сәлімгерейге жүзін бұрып еді, ол қипақтап қалды.

–Ау, ағайын, Мұхаммедтің үмбеті, мұсылман емессіңдер ме? Молданың жанарына суық сес ойнап шыға келді. –Марқұмның паспорттағы шын аты-жөні қандай еді? Абырой болғанда топ ішінен жөн білетін біреу табылған.

–Аты Айша, марқұмды күйеуі солай деп атайтын.

–Әкесінің аты кім?

Жұрт тағы да иіріліп қалды. Иықтарын қозғап, бір біріне қараған. Тұтамға толмайтын қысқа ғұмырдың  тураған еттей болып өте шыққан  қас қағым сәтін осы топырақта өткізіп, бүгін о дүниеге аттанып кеткен марқұмның аты-жөні мен тегіне әшейінде мән бермей, қу арақтың қызығымен кеткендеріне өкінген.

–Ұмытпасам, Есенқұл,-деді әлдекім. Молда өзін қоршалап, жағалай тұрғандарға  отырыңдар деп ишара жасап еді, бес алды еркек пен үш-төрт әйел жүрелеп тізе бүкті. Сай сүйекті сырқырататындай мақаммен құран оқылып, бет сипасты.

–Марқұмның бір  ата -анадан туған жақын жуықтары бар ма еді,-деді молда құран оқылып біткенше шарт жұмып алған көзін ашып, жан жағына қарады.

–Жорик деген інісі мына Антонда тұрады, қалғанын білмедік.

–Марқұмды туған ошағында бір күн түнетуге де болар еді,-деді молда қиналған кейіп танытып. –Бірақ   шілденің ми қайнататын  мына ыстығына  мәйіт шыдас бермейді. Соңынан іздеп келетін ешкімі жоқ болса, күн тас төбеден аумай тұрып, марқұмды жер қойнына тапсырайық. Айтпақшы, жер қазатын адамдарың дайын ба,-деді сөзін ортасынан үзіп.

Үш-төрт жігіт күректерін иықтарына салып, ауыл маңындағы қорымға беттеді. Төмпешік болып жатыр демесең, бәрі де көз таныс адамдар. Қорымшылар жұмысты бастамас бұрын бір бір стакан арақты өңештеріне тастап, тамақтарын жібітіп алғаннан кейін шаңы бұрқыраған топыраққа күректерін қадады. Тобықтың тұсынан басталған қабірдің тереңдігі белуардан асқан кезде  бағаналы бері состиып қарап тұрған молда  шұңқырдың ішіне секіріп түсіп,  марқұмның  мұсылманша бір бүйірден үңгіп, қазылатын «үйін» көрмегеннен кейін ренжіген сыңай танытты.

–Ау, ағайын мыналарың не?

–Қабір,-деді тұрғандар жамырасып.

–Мұсылманға арналған  қабірдің лақат жасап, қазылатынын білмейсіңдер ме түге? Мыналарың табытқа арналған мола ғой. Молда шапанын шешіп тастап белуардан келетін қабірдің бір бүйірін ойып қазып, шаруаны әрең дегенде ыңғайлап, үстінің шаңын қаққанда  « апыр-ай, мұсылманша жерлеудің машақаты көп екен ғой» деп бас шайқасты топтанып тұрғандар. Бейіт басында тағы да құран оқылып, бұған дейін  мұсылман рәсімімен сүйекке түскендермен  денесі жуылған Айшаның тәнін топырақ бүркеді.

Қорымнан қайтқандар күректерін иықтарына бос  тастап, Айшаның  баспана  деген аты болмаса, шарбағының қадалары  түбінен опырылып сынып, маңайын қурай басып кеткен үйіне жиналды.  Жалғыз аяқ жылан жолдың  қапталымен жарыса өскен   қурай мен тікенектің арасынан  төбелері қылтылдап дәретханаға қатынағандар  қақырынып-түкірініп,  беті қолдарын шайып, үйге бас сұққан.  Иесінен айырылған қара шаңырақ жетімсіреп тұр. Сұп-суық мына қабырғаларға ғайыптан тіл бітсе, енді  мына үйдің табалдырығынан  мәңгіге аттамайтын Айшаның ішкі жан қиналысы туралы талай сырды ағынан жарылып, ақтарып берер еді-ау шіркін. Әттең, тіл жоқ. Айтарын  ішке бүгіп, тымырайған   мылқау тіршілік.

Қаралы шаңыраққа қатарлары бір адамға кеміген аядай ауылдың сақал сауған қариясынан бастап, төмен етекті қатын қалашына дейін түгел жиналды. Құран оқылмағанымен отырғандар білгендерін  іштей күбірлеп, беттерін сипасты. Соңғы жылдары ғана иегіне шошайтып сақал қойған Толықбай арақ құйылған стаканды алып тұрып, сөз бастады:

–Қандай әйел еді шіркін! Мен осында мал дәрігері болып келгенімде  отыздағы... жоқ, жиырма бестегі көзі мөлдіреген жас келіншек болатын. Заман қандай... Әр үйден кем дегенде  он-он бес жиырма майда мал мен  5-6 сиыр өріп шығатын У да-ду. Петрович кеңшар директоры... деп өткен кеткенді қазбалап,  тіршіліктің  тұңғиығына шым-шым батып бара жатқан  Толықбайды әлдекім костюмінің етегінен тартып, қиястау кетіп бара жатқан  сақалдыны  қақпайлап,   қайтадан  жолға салып жіберді. Толықбайдың есіне той-домалақта емес, қазада отырғаны енді түсті ме білем, абдырап қалды. Белортасынан үзіліп қалған әдемі әңгіме қайта жалғаспады.

–Марқұмның жатқан жері жайлы болсын!-деп сөзін қысқа қайырды.

Құлқындары қурап, шөлден қаталап   келген адамдардай   еріндерін жалап отырғандар стакандағы арақтарын өңештеріне қотара салған. Азуларда  ащы  қиярлар қарш-қарш шайналып, шанышқылар тарелкаларды сылдырлатты. Толықбай арақты толғап зорға ішті. Шоқша сақалды қуалай аққан арақ костюмінің өңіріне тырс-тырс тамады. Біреулер тебіреніп сөйледі, біреулер көзіне жас алып, енді біреулер сықсыңдап жылады.  Қазан көтеріліп, ет асылмағанымен есесіне  арақ есепсіз ішілді. Сәлімгерейдің  соңғы стакандағы арақты сарқып ішкені ғана есінде, әрі қайрайғының бәрі бұлдыр...

Үйіне келсе о тоба  қақ төрінде анасы марқұм  отыр. «Апыр-ау бұл кісінің дүние салғанына отыз жылдан астам уақыт болған жоқ па» деп ойлап та қойды. Апасы жай отырған жоқ, үй талдан жасалынған ескі бесікті әрі бері шиқылдата тербетіп, ыңылдап ән салады. Бала күнінен өзіне таныс мақам.

–Жарығым неге жалғыз жүрсін, келін қайда?

Сәлімгерей самайын қасып, күмілжіді.

–Құлыным-ау, әкең екеуміздің жаратқаннан жылап   жүріп тілеп алған баламыз емес пе едің. Мына бесікті әкең марқұм сен дүниеге келген жылы  ұста Мұханға бір тайыншасын беріп жасатқан. Арманымыз осы бесікте сенің кіндігіңнен өрген  балалардың тербетіліп жатқанын көру  еді. Енді мынау қу бесікті тербетіп отырмын..

Кейуана таусыла сөйлеп, есікке беттеді, езіліп бара жатыр.

–Апа, қайда барасыз? Анасы бетінен сүйді:

–Балам бесігіңе ие бол!

Ескі есік шиқылдап  жабылды. Сәлімгерейдің мына көріністен денесі түршікті. Денесін тер басып жатып, оянып кетті. Шешесі де бесік те жоқ. Түсі екеніне қуанды.  Түнде  мал қораның іргесіне бір  жамбастай құлап, оң қолын басына жастанып  ұйықтаған  екен,  ұйып қалған алақаны тызылдап қоя берді,  есін жинай алмай  мәңгіріп біраз отырды. Құйрығын бұлғаңдатқан Құтжол  иесінің бетін қайта қайта  жалап, қыңсылайды. Ауыл үстіне төніп тұрған  алып таудың ар жағынан күн шығып келеді. Сәлімгерей  неге екені белгісіз орнынан ширақ көтерілді.   Жуынып-шайынып сандықтан костюм-шалбарын алып киінді. Бұдан бір жыл бұрын мұның аузы құрғамай,  арақ ішкенінен шаршап, төркініне кетіп қалған Сымбаты мен кішкентай Жолдасбегінің соңынан барады. «Ұмытпаған шығар».

Қыр астынан тепловоз боздап қоя берді. Доңғалақтары сартылдап, жүйіткіп барады...

Қазақ тілінде жазылған