Адам қарады: 26478 | Жарияланды: 2020-04-24 10:09:33

Ерасыл-Қабанбай

поэма

Бісміллә сөз бастайын жаңылмастан                 

Жаныма серік болды, жырым жастан

Тарихты бір қозғайын батыр жайлы

Сөз тартып сыр жасырған тау мен тастан

 

Тайғанда бүгін Найман бағың бастан         

Бойымда соны ойласам арым тасқан

Еліме өзің жайлы сыр шертейін

Азырақ жазбасамда ғалам дастан

 

Жайылған жер жаһанды Найман елім

Өзіңе тиер ме екен пайдам менің

Найманның Наймандығын танытпасам

Бүгінгі ұрпақтығым қайда менің

 

                       ***

Сегіз өзен Алтайдың саласында

Сол өзеннің ел қонған жағасына

Бұл тайпаны атапты сегіз жұрт деп

Сегізінші ғасырдың шамасында

 

Найман сөзі сегізді білдіреді

Солай дейді деректер кім біледі

Белгілі ғалымдардың айтуынша

Найманның дәлелденген түркі тегі

 

Сегіз Оғыз-Найманның түбі түркі

Түркі тілдес болғанмен қазақ-ұлты

Бас ұраны – Қаптағай мал мен басы

Көп тараған қазақта Найман жұрты

 

Оғыз хан әуел бастан түбі Найман

Байкал мен Орхан – Ертіс жер жайлаған

Шығыс пен Батыс жақпен сауда жасап

Болыпты бір ханнымыз – Төре Найман

 

Төреден Білге ханмен жалғасады

Тарихта бұл шындыққа жанасады

Білге хан өлгеннен соң Бұйрық Даян

Билікке әке орнына таласады

 

Екі хан осылайша ажырасты

Халқының берекесі бағы қашты

Шыңғыс хан осы сәтті пайдаланып

Бұйрыққа көп ұзамай соғыс ашты

 

Бұйрық-Даян бұған қарсы тұра алмады

Найманның қалың жұртын басты қайғы

Наймандар моңғолдардан жеңілген соң

Енисей қырғыздарын паналайды

 

Күшілік Даянханның бір баласы

Хан болуға Күшіліктің келді жасы

Даяннан соң еліне хан болуға

Ешкімнің Күшілікке жоқ таласы

 

Осылай Күшілік хан билік еткен

Болыпты Күшіліктің билігі өктем

Сол кезде Күшілік хан айла асырып

Күн туды Наймандарға көптен күткен

 

Күшілік ел жағдайын көп біледі

Найманды біріктіру тек тілегі

Осы оймен Қарақытай астанасы

Баласағұн қаласына кеп кіреді

 

Қонағын қолпаштаумен хан сарайы

Гурхан хан жылы жүзбен қарсы алады

Күшілікті осылай қолпаштауға

Гурхан ханның бар еді басқа амалы

 

Тамырын Күшіліктің басып көрмек

Күшілікке әйелдікке қызын бермек

Осылай Күшіліктің арқасында

Найманның қалың жұрты өзіне ермек

 

Күшілікте сезеді мұны іштей

Ала алмасын біледі мұны күштей

Гурхан ханға уәдесін бергеннен соң

Күшілік масаттанып күледі іштей

 

Күшілікке қарайды жаймен барлап

Көндір деп Наймандарды қойды талап

Сеніміне кірген соң император

Күшілікке береді қару-жарақ

 

Күшілік алғаннан соң қаруларды

Беспалық, Қойлық пенен Еміл барды

Үгіттеп Наймандарды әскер жиып

Әскерін Гурхан қанға қарсы салды

 

Осылайша жеңеді Гурхан ханды

Біріккен Наймандардың бағы жанды

Қарақытай хандығы күйреген соң

Хан тағына Күшілік отырады

 

Кезінде Күшілік хан билік еткен

Наймандар оңтүстікке дейін жеткен

Өлген соң хан Күшілік ел бөлініп

Халықтың бірлігі жоқ күйі кеткен

 

 

 

Алакөл, Балқаш, Есіл қоныс тепті

Бір шеті Ұлытау мен Ертіс жетті

Жетісу, Сырдария, Алтай жерін

Наймандар осылайша мекен етті

 

                      ***

Білмейді мұны ешкім қай ғасырда

Алдағы ұрпақтарға жалғасуда

Тарихта өзгешелеу Найман жайлы

Мына аңыз айтылып жүр ел аузында

 

Шындық па әлде өтірік ойдан терген

Бір жігіт болған дейді Найман деген

Сол Найман орта жаста отау құрып

Артынан жалғыз ғана ұрпақ ерген

 

Найманның Тоқпан деген ұлы барды

Ұлы жүзден Дулаттың қызын алды

Көп ұзамай Тоқпан мен енесі де

Қайтыс болып Ақсұлу жесір қалды

 

Енді ойлайды Ақсұлу ата жағын

Тұқымы қалмайды-ау деп Найман шалдың

Сіңілісі Әлпешті әпереді

Ойланып таппаған соң басқа амалын

 

Сіңілісі бір ұл тапты Найман шалдан

Бар жоғы Найман шалдан бір ұл қалған

Белгібай ер жеткен соң отау құрып

Жеңгесі Ақсұлуды жар қып алған

 

Ақсұлу Белгібайдан екі ұл тапты

Үлкені Сүйінше мен Сүгірше атты

Сүгіршеден Ергенекті, Бағаналы

Найманның ұрпақтарын жалғап жатты

 

                        ***

Төлегетай Сүйіншінің бір баласы

Немере – Қаракерей бір дарасы

Байторы, Мейрам, Байыс және Мақта

Байжігіт – Найман елдің бір жалғасы

 

Байжігіттен тарайды Мәмбет ата

Мәмбеттің бір ұрпағы Қожақұл ата

Мен ақтардым тарихын бабалардың

Шежіреде жазылған болмас қата

 

Мәмбет ол Қожақұлдың әкесі еді

Бұдан басқа балалары бар деседі

Әкесі осы ұлын үлгі тұтып

Әр істе Қожақұлмен кеңеседі

 

Ал Қожақұл әкесі еді Ерасылыдң

Батыры үлгісі еді сол ғасырдың

Әкенің жолын қуып батыр болған

Ерасыл сынығы еді сол асылдың

 

Осы арада азырақ болмаса айып

Ерасыл батыр жайлы толғанайық

Батырдың батырлығын айтпас бұрын

Бала шақ өміріне оралайық

 

                     ***

Жалғайтын бір ғасырдан бір ғасырды

Ұмытпау керек қазақ бір асылды

Найманды білем десең ол – Қабанбай

Қазақтың біртуары – Ерасылды

 

Мың алты жүз тоқсан екі жылда анық

Туғанын деректерден білдім танып

Өмірге келген жері Ерасылдың

Алакөл маңындағы Тоқта-Барлық

 

Барлықтың асқан сұлу табиғаты

Төрт түлік малға жайлы шөбі нәрлі

Арасан таптырмайтын жанға дауа

Алакөл түссең суы емге дәрі

 

Одан әрі жалғасқан Жалаңаш көл

Жер асты жатқан байлық берері мол

Ақ сазаны шортандай суда ойнаған

Қамыс басқан жағасын қамысты көл

 

Осындай табиғаттың арасында

Барлық пен Алакөлдің жағасында

Ерасыл келді өмірге қалмақтармен

Жоңғарлар билеп тұрған сол ғасырда

 

Әкесі Қожақұл да батыр болған

Ер батыр ел күзетіп жау торыған

Барлықта Жоңғардың бір шайқасында

Қожақұл қаза болды жау қолынан

 

Ол кезде Ерасыл ұл он бірдегі

Әкесіз жетімдікті ол біледі

Ағасы Есенбайдың арқасында

Ерасыл ерте есейіп ес кіреді

 

Ерасыл бала еді өрімдей тым

Ағасы еркелетіп Ерім дейтім

Бауырмал ағасының арқасында

Інінің жетімдігі білінбейтін

 

 

Он алтыға Ерасылдың келген кезі

Айырып оң мен солды білген кезі

Ағасы түнделетіп мал күзетте

Барлықтың естен кетпес сол бір кеші

 

Сол күннің түні тұнық айы жарық

Айнала күндізгідей бәрі анық

Сол түні Өлмеш бастап бір топ қалмақ

Кетеді Есенбайдын ішін жарып

 

Тау етегі кішкентай сайда ғана

Қылаң берді таң туып айналаға

Қан жоғалтқан Есенбай тілге келмей

Қиналып көзін жұмды айдалада

 

Бұл қаза ауыр тиді Ерасылға

Ерасыл бұл қайғыға шыдасын ба

Сайлады бес  қаруын күндіз түні

Ауылдан, ағайыннан сыр жасыра

 

Ерасыл жас болсада намысты еді

Кеудеде қалмақтардың қалды кегі

Айрылып әкесінен ағасынан

Өмірде сүйеуі жоқ жалғыз еді

 

Ерасыл тыншымады кек өтелмей

Қалмақтарда есесі қап кетердей

Ағасы Есенбайдың өліміне

Ағайын да қояды бас көтермей

 

Сонымен Ерасыл көп ойланбады

Есінде ағасының қорланғаны

Әкеден қалған қылыш қанжарымен

Төрт қырлы ақ найзасын қолға алады

 

Астындағы төл аты – Ардакүрең

Кеш еді ақшамдағы алаң-елең

Ерасыл мал іздеген жоқшы болып

Бет бұрып қалмақтарға асты белең

 

Астында Ардакүрең жолсыз белең

Жолсызды Ерасылда қылмайды елең

Көреді бір малшыны сай ішінде

Өлмештің малын баққан жалшысы екен

 

Тосады қас қарайып күн батарды

Ерасыл малшыдан аз сыр тартады

Малшының аты Ердене ұлты-қырғыз

Олдағы ашылып шер тарқатады:

 

 

 

Жеті жастан көріпті ол жетімдікті

Дейді ол сыртым бүтін ішім күпті

Келбетті анасына көзі түсіп

Әкесін осы Өлмеш өлтіріпті

 

Анасы қайтыс болып ішқұсадан

Бұл Ерден жеті жаста жалғыз қалған

Он жылдай уақыт өтті кек алам деп

Жетелеп келеді алға үміт-арман

 

Ерасылда Ерденеге сырын айтты

Өлмештен арадағы болған жайтты

Қалмақтың тұрған үйін байқамаққа

Ердене ауыл жақты шолып қайтты

 

деді Ердене бір өтініш айтсам деп ем

Кек алып аман-есен қайтсаң деп ем

Егер де бұл Өлмешті өлтірсеңіз

Мен сізбен өз еліме қайтсам деп ем

 

Ерасыл серпіп тастап қалың ойды

Ат ерттеп қаруларын салып қойды

Бауырым аман шықсам біргеміз деп

Ерденені арқасынан қағып қойды

 

Еңгенде қараңғыға көк түнегі

Қалмақтың тұрағына кеп кіреді

Өлмешті шыққан кезде оңашада

Мойнына қанжар сұғып өлтіреді

 

Қойған соң ойындағын іске асырып

Қайтады басқа жолмен түнді асырып

Екеуі әпкесіне бет бұрады

Кетеді Керей жаққа із жасырып

 

Келеді әпкесі мен жездесіне

Ердене қайтты еліне ертесіне

Әпкесі бауырының ерлігіне

Я сенерін білмейді сенбесінде

 

Осылай әпкесіне тұрақтады

Ерасыл бос жатпады бірақтағы

Жылқы бағып жүргенде тағы бірде

Ауылын жақсы ісімен қуантады

 

Жүр еді Зайсан жақта жылқы бағып

Жататын қамысты өзен жәймен ағып

Бір кезде шыға келді бір топ қабан

Қамыстың арасында жүрген лағып

 

 

 

Ерасыл қалды бір сәт сасқалақтап

Қара қабан кетердей бастан аттап

Асығыс қанжарына қолын салды

Қабанның да ойы жоқ кейін қайтпақ

 

Келіп қалды бетпе-бет қара қабан

Өгіздей өңмеңдеген түрі жаман

Ерасылда қанжарын оңталайлап ап

Жүрек тұстан бойлата қанжар салған

 

Қанжарын оңды-солды ойнатады

Қаптаған қара қабан алда тағы

Ерасыл қызулықпен тоқталмастан

Жолдағы бар қабанды жайратады

 

Жасынан қайсар болған бала ерді

Ағайын батыр бол деп бата берді

Жездесі қабан жайлы жағдайдан соң

Ерасылды Қабанбай деп атап еді

 

Қазақта ойпыл-тойпыл заман еді

Жоңғардың билеп тұрған заманы еді

Батыры сол заманның ер Ерасыл

Тарихта Қабанбай боп қала берді

 

Жасынан таң қалдырып тәмәм елді

Ерасыл әрнәрседен дара келді

Қолына қару ұстап жау шапқанда

Бар жоғы он алтыда бала еді

 

                      ***

1717 ж. Қасіретті жыл болды қазақ үшін

Ұлтарақтай жері жоқ қалғаны шын

Елімайлап шұбырған қазақ елі

Дайындалды соғысқа жинап күшін

 

Қазақ елі шұбырған елімайлап

Пана қылды Жем бойын Жайық жайлап

Алғашқы айқас басталды қалмақтармен

Бұланты мен Арқаны тегіс бойлап

 

Бұл соғыста қалмақтар жеңіледі

Қазаққа басталғандай өмір енді

Жеңген қазақ тықсыртып қалмақтарды

Жылжиды алға соғыстың көші ілгері

 

Аякөзге кеп қалды күзде міне

Қазақтарға таяды күткен күнде

Дүрбін-Ойрат бастаған қалмақтармен

Кездеседі Аякөздің өзенінде

 

 

Ойраттардың батыры Дошы-Долаң

Деседі ол да асқан батыр болған

Өр тұлғалы қап-қара түсі суық

Оңайлықпен әскерін бермес қолдан

 

Оқшаулау дараланып тұрған шетте

Дошы-Долаң шықты алға сөйлемекке

Ағасының өлімі еске түсіп

Қабанбайдың қаны ойнады көрген бетте

 

Ойлануға мұрша жоқ қас қағымда

Қабанбай жетіп барды дәл қасына

Дошы-Долаң атымен шегінді артқа

Білмейді қашқаныма ма сасқаны ма

 

Қабанбай тұрды іштен кекке кек деп

Қалмақтан өш алмаса кегі кетпек

Қос батыр бір-бірінен тұр тайсалмай

Бүкіл әскер шулап жатыр жекпе жек деп

 

Қалқанын алға ұстап Қабанбай да

Атымен шауып шықты алаңқайға

Дошы да дайын екен қаймықпастан

Найзасын туралады салған бойда

 

Қабанбай айқайлайды қанға қан деп

Ағамның кегі үшін жанға жан деп

Дошы да сілтеп қалды ақ найзасын

Найзасы соғылады қалқанға кеп

 

Қабанбай да жібермей осы сәтті

Екпінменен Дошыға келді қатты

Ес жиғызбай қалмақтың дәл қасынан

Алдаспанмен тамағын орып өтті

 

Ентелейді айқайлап арттағы топ

Жатыр бәрі Ерасыл – Қабанбай деп

Алға ұмтылды Қабанбай тоқталмастан

Жатты жерде Дошы-Долаң қан жоса боп

 

Ары қарай жалғасты соғыспенен

Екі жақта жоғалтты көп әскерін

Қалмақтар одан әрі соғыса алмай

Қазақтар аяқтады жеңіспенен

 

Елі үшін ағасы үшін қайтып кегі

Жұртына көңіл толып қайтып еді

Ерасыл Қабанбай боп бұл соғыста

Ең алғашқы еді бұл жекпе-жегі

 

 

 

Ерасыл өткенді ойлап саралап кең

Қоштасты ерте есейіп бала шақпен

Бұл соғыста көрініп шықты Ерасыл

Алғаш рет Қабанбай деген атпен

 

                          ***

1718ж. жетеді Аякөзден хабар суық

Қалмақтар қазақтарды жатыр қырып

Ауылдарды тонапты дегенді естіп

Бес жүз қолмен Қабанбай шықты суыт

 

Бұл кезде Аякөзде күз деседі

Қабанбай Арсаланмен кездеседі

Арсаланның Өлмеш туған ағасы еді

Кездесудің бар еді өзге есебі

 

Ей, қалмақ қане қандай батырың бар

Батырың Арсаланды шақырыңдар

Ауыл тонап халықты қыратындай

Қатын-қалаш балада не құның бар

 

Өзіңдей талайларды көргем, - дейді

Өлмеш те өз қолымнан өлген дейді

Ал сенде иманыңды үйіре бер

Ажалың ей Арсалан менен, - дейді

 

Сенің шамаң жетеді қатындарға

Өзіңнің батыр деген атың бар ма

Дегенде Арсаланда намыстанып

Қалмақтар арасынан шықты алға

 

Дегенде арттағылар күліп жатыр

Өзінше Арсаланда мығым-батыл

Өлмештің кегін алмақ ол да бүгін

Шығады жекпе-жекке екі батыр

 

Қабанбай да найзасын оңтайлы ұстап

Кіндік тұстан ұратын кісіге ұқсап

Қабанбай сәл еңкейіп шауып келіп

Найзасын сұғып алды жүрек тұстан

 

Құлады аттан Арсалан ебелектей

Қасынан Қабанбай да тұрды кетпей

Ағасының екі рет өшін алды

Арсалан көзін жұмды тілге келмей

 

                     ***

1723 ж. Қазақтың Шығысы мен Жетісуы

Сырдария оңтүстік жері нулы

Сол жерлерді жоңғарлар жаулап алып

Ұлытауды алмаққа бетін бұрды

 

Бұл соғыста Абылхайыр бастаған топ

Бөгенбай, Қабанбай мен Жәнібек боп

Малайсары, Абылай, Саурық қостап

Жолға шықты Ұлытауды қорғамақ боп

 

Алапат соғыс боп қан төгіледі

Жол ортада жоңғарлар жеңіледі

Көп әскерін жоғалтқан жоңғар жағы

Ұлытауға жетпестен шегінеді

 

                         ***

1723ж. тарихта бұл соғыстың болғаны шын

Батырға халқы үшін бұл да бір сын

Қабанбай сол соғыста көзге түсіп

Қорғайды Түркістанның қорғанысын

 

Қабанбай тамсандырып халқын жұртын

Ерлікпен шығып жүрді аты дүркін

Аякөз шайқасында хан Абылай

Байқайды Қабанбайдың батырлығын

 

Қабанбай әр шайқаста тоқталмады

Ол әскер емес еді қатардағы

Бірнеше соғыстан соң Абылайдың

Қабанбай бас батыры атанады

 

Қабанбай бұл кездері түмен басы

Қайратты есе бермес ердің жасы

Аян боп батырлығы дүйім жұртқа

Ерлігін мақтан етер кәрі-жасы

 

Отыз бес жыл бұл соғыс жалғасады

Соғыстың бұл соғыста бар ғажабы

Жеңіліп қазақтардан қалған жоңғар

Амалсыз шекарадан әрі асады

 

                     ***

1730ж. Аңырақай-Алакөл шайқасында

Бел буып өлім-өмір айқасында

Жоңғарды ойсырата жеңді сонда

Үш жүздің батырлары арқасында

 

Үш жүз де бас қосады Сұңқар тауда

Ұлы жүзден – Төле би, Жолбарыс ханда

Орта жүзден-Қабанбай, Шақшақ, Жәнібек

Кіші жүз-Тама, Әсет, Тайлақтарда

 

Бөгенбай – бас қолбасшы бұл соғыста

Ұрандатып атойлап кірді ұрысқа

Жоңғарлар мен қазақтың батырлары

Жекпе-жекке шығады осы тұста

 

Басшысы жоңғарлардың Халден-Серен

Қас батыр мергендігі болған ерен

Жоңғардың батыры боп аты шыққан

Жылдамдығы тез дейді соққан желден

 

Бұл соғыс басталады жекпе-жекпен

Болады бұл соғыста шығын шектен

Айрылып сор далада әскерінен

Шөл қысып жоңғарлардың есі кеткен

 

Жоңғарлар сусыз жерде аялдамай

Қашады Аякөз бен Шарға қарай

Бұл соғыс қазағыма жігер беріп

Сеніммен жетеледі алға қарай

 

Жоңғарлар бұл соғыста шегінеді

Қол жинап қайта ұрысқа бекінеді

Жоңғарлар жаңаша бір ұрыс бастап

Қазақтар бұл соғыста жеңіледі

 

Болат ханның баласы Әбілмәмбет

Әке орнына сайланды хан болып бек

Абылхайыр таласып хан орнына

Жеңілуге соғыстың болды себеп

 

Хан болмаған Абыхайыр ашуланып

Соғысқа келместей боп енді қайтіп

Жау қолына әскерін тастаған ол

Соғыспастан еліне кетті қайтып

 

Ауылдарға бұрыпты көшін дейді

Жәй халықтан алыпты өшін дейді

Абылхайыр жәй қайтпай ел тонаған

Халқы мұны ешқашан кешірмейді

 

Қабанбай бұл соғыста бөлінбестен

Қалмақтың әскерінің жолын кескен

Қарқара маңындағы қалмақтармен

Соғыста төтеп берді жеңілместен

 

1741ж. Шағанның Шыңғыстағы шабысында

Түсті батыр кезекті ауыр сынға

Ойраттарды Шағаннан қуып шығып

Алып еді Абылайдың алғысында

 

Бұл шайқаста ойратпен Шыңғыстағы

Қабанбайдың әскері топ жарады

Соғыста қылған көзсіз ерлігімен

Қабанбай Дарабоз деп атанады

 

 

 

1750 ж. Қытайлар әскерімен жинап күшін

Қазақтың пайдаланып оңтай тұсын

Кіреді жерімізге өлтірмекке

Жоңғардың Әмірсана билеушісін

 

Ашынған Қабанбайда кек тұнады

Болмайды ел ішінде көп тұрағы

Сайланған әскерімен көп ұзамай

Қабанбай Қытай жаққа бет бұрады

 

Мұндайға бұл Қабанбай шыдасын ба

Қытайларды тосыпты бір асуда

Ес жиғызбай қырады келген жауды

Қытайларды қуады қырды асыра

 

Ығысып Қытай елі шатақты ерден

Байланыс орнатады біздің елмен

Мойындап батырлығын Қабанбайдың

Қазақтың маршалы деп атақ берген

 

1758 жыл күз айы анық

Қабанбай осы тұсты пайдаланып

Екі елдің саудасын бастап берді

Үрімжіге үш жүз жылқы айдаттырып

 

Саудаменен екі елдің арасына

Қытайдың Үрімжі атты қаласына

Тапсырады сауданы Туматаймен

Өзінің Едіге атты баласына

 

Қытайменен болған соң байлам нақты

Қабанбай осы істі де қолға алыпты

Осылай қытай-қазақ бір-бірімен

Саудамен алыс-беріс орнатыпты

 

Қазақтың Қабанбайы болған мақтан

Жәдігер сақталыпты сонау шақтан

Қытайлық император монетасын

Батырға естелікке сыйға тартқан

 

Білмейді оны ешкім қазір қайда

Сақтаулы шығар бәлкім мұражайда

Екінші құнды монет болған дейді

Ең кенже немересі Садырбайда

 

                       ***

Жан жақты жау жоңғарлар жайлап жатты

Хан Абылай жасайды байлам нақты

1751 жыл тамыз айы

Көп күттірген тамыздың таңы да атты

 

 

Малайсары басқарып оң қанатты

Хан Бабасы басқарып сол қанатты

Бас қолбасшы Қабанбай бастап кетті

Жоңғарларды бетке алып түстік жақты

 

Жол тілеп жырауымыз Ақтамберді

Соғысқа аттанғалы жатқан елді

Соғысқа бара жатқан Қабанбайдың

Кенже ұлына батыр бол деп бата берді

 

Қабанбайдың кенже ұлы – Әлі батыр

Әкесіндей қайратты әрі батыл

Он алтыда әкенің жолын қуып

Алғаш рет соғысқа бара жатыр

 

Қабанбай жолға шықты тосылмады

Соғысқа отбасында қосып алды

Көмекке бір бүйірден осы тұста

Наурызбай жасағы кеп қосылады

 

Сарбаздар бек сайланған арын қатты

Ташкентке таяу жерге дамылдапты

Ауғанда түн төбеден таң бозарып

Соғыста басталды деп дабыл қақты

 

Алакеуім кез еді осы шақта

Бір-біріне таяды екі жақта

Алға шығып бір ноян айқайлады

Ей, қазақ таяма деп біздің жаққа

 

Өңмеңдеп едіреңдеп алға шығып

Әскерге көрсетеді оғаш қылық

Біздерді жеңеміз деп келдің бе деп

Күледі қазақтарды мазақ қылып

 

Айқайлап жатыр әскер жекпе-жек деп

Жоңғардың мазағына есе кетпек

Жас батыр намыстанып бұл мазаққа

Шығады жекпе-жекке Елшібек кеп

 

Найзаласып бастады екі батыр

Өздеріне сенімді қайтпас батыл

Арт жағында қалың қол атой салып

Елшібек деп айқайлап елі жатыр

 

Қас батырлар Елшібекті қоштап бүгін

Жас батырды жекпе-жекке қосқан бүгін

Қабанбай осы тұста байқап қалды

Елшібектің атының осалдығын

 

 

 

Мұнша шапшаң болар ма аты мықты

Езіп таптап кетердей аты тіпті

Шапқан бетте тоқтамай ағып келіп

Кеуделеп кеп Елшібектің атын жықты

 

Елшібекте құлады атпен бірге

Бір аяғы қалыпты үзеңгіде

Аңтарылып қалыпты қалың әскер

Бұл жағдайды болар деп күтпей мүлде

 

Көп ұзамай Еспенбай шыға келді

Таң қалдырып алдында тұрған елді

Қолында қылышы мен қалқаны бар

Жоңғардың батырына тура келді

 

Жоңғардың масаттанды түрі жайнап

Тұр бұған Еспенбайдың іші қайнап

Қос батыр шайқасады Еспенбайдың

Алдаспан қолындағы қылышы ойнап

 

Намыстан Еспенбайдың өңі сұсты

Болған соң ызалықпен арын күшті

Сол арынмен Еспенбай салды қылыш

Жоңғар басы домалап жерге түсті

 

Өлтіріп жекпе-жекте бұл жоңғарды

Еспенбай Елшібекті құтқарады

Сенен емес атыңның нашарлығы

деп Қабанбай Елшібекті жұбатады

 

Бұдан әрі екі жақ айқасады

Ұран кескі ұрыс боп шайқасады

Бұл соғыста жеңіліп жоңғар жағы

Ташкенттен әрі қарай тау асады

 

Әскері Қабанбайдың кірді ішкері

Жаудан босап қуанды ел іштегі

Жоңғарлардан азат қып оңтүстікті

Қабанбайдың бұл кезекті жеңісі еді

 

                        ***  

1752 жыл Еділдің қалмақтары

Бір төбеде бас қосып саңлақтары

Осы жазда Еділдің бар қалмағы

Қоныс теуіп Қытайға аумақ бәрі

 

Жер ауып Қытай жаққа көшкен қалмақ

Жан-жағына қарайды еппен барлап

Қарақалпақ жұртында зорлықпенен

Өздерімен көшіріп бірге алмақ

 

 

Мұны естіп Қабанбай жата алмады

Мамыражай жаздыңда атты таңы

Қабанбайда ертелеп қалың қолмен

Қалмақтарға Еділдің аттанады

 

Қалмақтардың қалмайды еш амалы

Бара жатқан көш тоқтап кеш қалады

Осылайша Қабанбай әскерімен

Қарақалпақ елін де құтқарады

                  

                      ***

Бұдан соң жоңғарлардан бетті бұра

Дайындалды қазақ-қырғыз жорығына

Ұлы жүзден Шапырашты, Дулат, Албан

Наурызбай әскерімен толығуда

 

Малдыбек қырғыздардың сатқыны еді

Қалмақтың көмекшісі боп тірегі

Сол қырғыз қазақтармен қарсы болып

Қалмақпен ту астында бірігеді

 

Шалкөлде, Шарынды мен Шонжа, Кеген

Қырғыздың Малдыбегі иемденген

Қырғыздың ойында жоқ еш алаңсыз

Қазақтар соғыс ашып келер деген

 

Бір атты шауып келді терістіктен

Қырғызға көрінді бұл ерсі тіптен

Жау шапты – Қабанбайлар бастаған топ

Абылай ту астында өзі тіккен –

 

деген хабар Малдыбекке келіп жетті

Бірақта Малдыбекте сенім мықты

Қалмақтың бауырына кірседағы

Әрнәрседен секем ап көңіл күпті

 

Қырғын соғыс басталды елді шауып

Қырғыздарға осы сәт төнді қауіп

Қырғыздардың мекенін басып кіріп

Малдыбекті ұстайды ебін тауып

 

Қырғыздармен соғыссыз келісуге

Отырмақшы қазақтар келісімге

Бірақ қырғыз келіспей бұл шешімге

Біршама уақ дау туды ел ішінде  

 

Келіспейді бұл сөзге қарсы тарап

Қазақтармен соғысып қарсы тұрмақ

Ортасында соғыстың мерт болады

Атақты Шынқожа мен Көкжал Барақ

 

 

Мұны көріп Қабанбай егіледі

Бұл қазаға бар қазақ тебіренді

Кек алмаққа Қабанбай атқа қонды

Бұл кезде қарт Дарабоз жетпіс үште еді

 

Ойнақтаған Қубас ат астындағы

Сезгендей ме тыншымай арқырады

Әтеке атты қырғыздың бір батыры

Қабанбайды жекпе-жекке шақырады

 

Мұны естіп қазақтар аңтарылды

Жетпіс үштегі аяды қарт батырды

Жас батырлар жол бер деп өтінгенмен

Ер Қабанбай келіспей атқа мінді

 

Қырғыздардан Қабанбай кек алмақты

Жауына өшпендікпен тура шапты

Екі көзі анталап аш қасқырдай

Әтеке де жақындап келіп қапты

 

Екі жақта айқайлап ұрандайды

Ұранға Қубас шыдап тұра алмайды

Астындағы кәрі ат бол дегендей

Қабанбайда найзасын туралайды

 

Әтекеде қас батыр өте сақты

Екі батыр бір-бірін көзбен бақты

Жау жақындап келгенде Қубас атта

Екі аяғын көтеріп тікке шапты

 

Әтеке де тақады екпіндете

Ақ найзасын оңтайлап серпімекке

Одан бұрып Қабанбай шалт қимылдап

Найза ұшын сұғады өндіршекке

 

Қатты екпіндеп Құбас та талай жерге

Аман ба деп иесі қарайды ерге

Қабанбайда артына қарап еді

Еш қимылсыз Әтеке жатыр жерде

 

Жетті шауып қасына Абылайда

Сенбейтіндей әлі де дәл бұлайға

деді оған арқадан қағып тұрып

Дарабозым дәл сендей батыр қайда

 

Шынқожа мен Көкжал Барақ талай сыннан

Бір болып Қабанбай мен шайқасты сан

Енді міне сол достардың кегін алып

Қабанбайдың жүк түскендей арқасынан

 

 

 

Бұл жекпе-жек әскерлерге жігер берді

Қырғыздарды тықсырып ілгері енді

Ес жия алмай қазақтың шайқасынан

Қырғыздар бұл соғыста жеңіледі

 

                      ***

Осы арада біршама жылдар өтті

Қабанбай жетпіз сегіз жасқа жетті

Омыртқаның тұсынан шаншу кетпей

Аяқасты ауырып болды дертті

 

Асқа көңіл тарпайды тәбеті жоқ

Күннен күнге барады азып – жүдеп

Емші балгер бақсыға қаратпаққа

Ақылдасты ұлдары әулеті кеп

 

Батыр қайта тұрмасын түсінеді

Азып-тозып қалыпты құр сүлдері

Түркістаннан келген бір емші-балгер

Қабанбайды бұлауға түсіреді

 

Алланың салғанына бар ма шара

Мазасын алмасын деп бала-шаға

Майсара бәйбішесі Қабанбайдың

Ордасын тіктіреді оңашаға

 

Бұлаудан соң біршама тәуір болды

Жанына шақырады қауым елді

Ей, ағайын сеземін, - деді батыр

Ол жаққа да кететін уағым келді

 

Алыстан көрінердей мынау елге

Қабірім тұрсын жота қия белде

Айналамды ата-бабам қоршап жатар

Қағып жатар бетімді соққан желде

 

Жиналған алыс туыс жақындары

Батырдың артын бағып отыр бәрі

Қарт сарбаз айналаға көзін салып

Қасына Дәулетбайды шақырады

 

Жаныма жастайыңнан болдың серік

Батыр болдың шыңдалдың қасыма еріп

Жоқтатпай мына мені елді басқар

Ел-жұртты тапсырамын саған сеніп

 

Алғанда жау жағадан бөрі етектен

Есіңде елің болсын шықпа шектен

Жіберме қас жауыңды басқа өрлетіп

Тараған ұрпағы едің асыл тектен

 

 

Осы сәтте аптығып екі атты кеп

Айқайлады ағайын жау шапты деп

Түрегелді орнынан жатқан батыр

Ауруы меңдеген кетседе үдеп

 

Шыдамады Қабанбай түрегелді

Жатса да әлі құрып құр сүлдері

Келген жау өзі өлтірген Әтекенің

Әкесі-Қарабекті біледі енді

 

Бір-біріне жақын еді ауылды елде

Батырдың хал-жағдайын біледі елде

Әскері Қабанбайдың жәйін бағып

Күтеді алыстамай жақын жерде

 

Батырдың да әскері дайын еді

Өшпенділік кеудеде бар кешегі

Бұл келген Қабанбайдан өш алмаққа

Қарабек-Әтекенің әкесі еді

 

Ей, Қабанбай таусылды татар дәмің

Өлтіруге мені енді келмес әлің

Хош айтысып еліңмен жаңа  ғана

Бақұлдасып өлгелі жатыр едің, -

 

деп Қарабек батырды қайрап қойды

Қабанбайды жеңуге сенім молды

Шыққан кезде Қабанбай әскерімен

Іркіледі бастап келген бір мың қолы

 

Айтқанынан қайтпады Қарабекте

Алға ұмтылды өңмеңдеп салған бетте

Ат үстінде ойнақтап айқайлайды

Қабанбаймен шығам деп жекпе-жекке

 

Бұны естіп арттағы ел аңтарылды

Сақтай гөр деп ауызға ап тәңірді

Отыз жыл жолдас болған Қубас атты

Жалдан сипап Қабанбай атқа мінді

 

Қарабектің әскері қатты састы

Қабанбайдан сескеніп артқа қашты

Мұны көрген Қарабек намыстанып

Алға қарай атына қамшы басты

 

Қабанбайда көнбейді бұл мазаққа

Бірдеңені сезгендей Қубас атта

Қос құлағын қайшылап осқырынып

Бір сілкінді орнынан осы шақта

 

 

 

Тұрсадағы бойында ауыру дендеп

Қабанбайдың ойы жоқ бұлай өлмек

Дімкәс батыр сиынды құдайына

Ей, аллам өлер шақта қолдай гөр деп

 

Бір-біріне қарсы шапты тоқталмады

Айқасты екі жақтың қос тарланы

Қарабектің найзасы жерге түсіп

Ал Қабанбай қылышын оңтайлады

 

Қарады отты көзбен Қарабекке

Қабанбай қалғандайма әлсірепте

Қас батыр соңғы демін ішке тартып

Қанжарын салды сұғып дәл жүрекке

 

Түскендей зілдей ауыр жүк үстінен

Алды да бойын жинап тынысты кең

Меңдеп алған ауыру шыдатсын ба

Өзі де құлап түсті ат үстінен

 

Ұрандап Қабанбайлап жатыр жұрты

Жүректерге орнады қайғы бұлты

Жетпіс сегіз жасында ерлік жасап

Ер Қабанбай өзі де көзін жұмды

 

Бұл батырдың ең соңғы ерлігі еді

Жүрегі тыншыды ма кім біледі

Осындай батырлардың арқасында

Жеткізген осы күнге бүгінгі елді

 

Қорғаным арысым ай жау жақтағы

Орманым қалқаным ең жел жақтағы

Деп Шағалақ шауып келіп осы сәтте

Қабанбайдың денесін құшақтады

 

Қартайғанша кеудесін оққа төсеп

Өлгенінше көрмепті аттан түсіп

Асқан батыр болмапты Қабанбайдай

Деп айтыпты ғұлама Мәшһүр Жүсіп

 

Қабанбай теңдесі жоқ болған мықты

Еліне бола білді қорған мықты

Абылайдың оң қолы – бас батыры

103 рет жеңіспен оралыпты

 

                     *** 

Ерасыл, Нарбала мен Ізбасар деп

Хан батыр, Абылай қойған Дарабоз деп

Көкірек әулие деп және жұрт атайтұғын

Тарихта Қабанбайдың есімі көп

 

 

Болғанда соғыс деген тажал мұндай

Жаныңда жүреді екен ажал ұдай

Қабанбай қандай соғыс болсадағы

Намазын оқиды екен қаза қылмай

 

Қабанбайдың тұлғасы ғажап екен

Бойы екі метрден асады екен

Найзасы бес келінің шамасында

Киімі жүз келіні басады екен

 

Бүркіт көз дөңес мұрын кең маңдайлы

Иекте шоқтай жанған қызыл қалы

Бұқа  мойын құс кеуде қалың қасты

Қоян тобық – белгісі маңдайдағы

 

Денесі тығыршықтай зор денелі

Арқасы қалың түкті бұл бір белгі

Алақаны күректей жұмыр білек

Осындай болса керек ердің ері

 

Қабанбай міне осындай ұлы тұлға

Күй келгенше оқырман қостым жырға

Өтседағы сан ғасыр Қабанбайдың

Ерлік ісін бола ма ұмытуға

 

Осындай өр тұлғалы зор салмақты

Тапсада мықты деген ат алмапты

Отыз жыл серік болған Қабанбайды

Көтерген Қубас аттай ат болмапты

 

Қабанбайдың тағы бір бар ғажабы

Найзасынан талайдың болды ажалы

Найзамен ағып келіп ат үстінде

Жердегі құмалақты дәл басады

 

Қабанбайдың Майсара алған жары

Қыз ағасы атақты  - Малайсары

Ел жұртына үлгілі ақылды әйел

Қабанбайға Майсара болған жәйлі

 

Әйелі Майсара да батыр болған

Өзіне отбасына болды қорған

Қабанбай екінші рет некелесіп

Екі әйел Қабанбайдан жеті ұл туған

 

Қабанбайдан тараған жеті ұл екен

Жаңылмасам аттарын атап өтем

Үмбетей, Сырымбет пен Кішкентайы

Едіге, Байтық, Мойнақ, Әлі деген

 

 

 

Батырдың кенже ұлы Әлі деген

Бас қосты жоңғар қызы Мәнәйменен

Әлінің бес перзенті Шығыс жақта

Алматы облысын мекендеген

 

Әлісі жұрттан асқан бай болыпты

Батырлығы ақылына сай болыпты

Сол Әлі басын қосып қалың жұрттың

Соңғы рет әкесіне ас беріпті

 

                     ***

Отыз жылдай өмірді бірге кешіп

Сан соғыста бір шауып бір белдесіп

Қубас атты ат болған шыққан жері

Ақсуатта бір ауыл – Қызылкесік

 

Бес мыңдай жылқысы бар Құланбайды

Жайлаған шөбі шүйгін бұл аймақты

Ат мінседе қаншама дәл Қубастай

Қабанбайға ешбір ат құтаймапты

 

Қубас атта айтарлықтай аттың бегі

Мұндай атты ұстайды ердің ері

Құланбайдай атбегінің жылқысынан

Қубасты тай күнінен тапқан жері

 

Бітімі өзгешелеу бөлек тұрқы

Мойны ұзын сұлуша қаз мойынды

Төс сүйегі бөлініп бұты алшаң

Шымыр дене қарасаң көз тойымды

 

Түр-денесін алғандай түркіменнен

Желгенде жел еседі екпінінен

Тұқымы тек қазақы қазанаттан

Тілерсегі бұртиып жатыр төмен

 

Аузын ашса күректей қасқа тісі

Атан түйе секілді мығым күші

Белдемесі қанатты тұяқ жұмыр

Шымқай келген тобылғы торы түсі

 

Бет-бітімі бүркіттің қабағындай

Шықшыты қас бураның сабағындай

Екі көзі ботадай осы атқа

Қубас деп ат қойыпты бай Құланбай

 

Сол Қубас ат Қабанбайға болды серік

Отыз жыл өткізіпті бірге жорық

Соғыс жәйін біледі ат болса да

Талай атты мерт қылды төспен соғып

 

 

Қубас ат айрылған соң иесінен

Иесі шықпай жүрді күнде есінен

Жолатпай ешбір жанды маңайына

Кәрі ат самарқау бір күй кешірген

 

Қубас аттың жасырын бар жұмбағы

Иесі кеткеннен соң тайды бағы

Қабанбай өлгеннен соң көп ұзамай

Ауырмай Қубас ат та көз жұмады

 

Бір ауыл Шығыстағы Қызылкесік

Мыңғырған мал өсірген бұл бір бесік

Қубасқа сол ауылда ескерткіш бар

Көрерсің бара қалсаң жолың түсіп

 

Осынау Тоқта-Барлық  даласында

Топырақ бұйырыпты дара шыңға

Батырдың жатқан жері Найман қорым

Алакөл Жалаңашкөл арасында

 

Мен жаздым біразырақ бабам жайлы

Нағыз батыр біртуар адам жайлы

Қанша батыр туса да енді қайтіп

Ерасыл – Қабанбайдай бола алмайды

 

Аз да болса тоқталдым өміріне

Ардақтайды батырын ел бүгінде

Қабанбайдың есімін берді бүгін

Аягөздің әскери бөліміне

 

Мен отырмын беріліп жыр қиялға

Бабамыз ел күзетіп тұр қияда

Бар дейді ескерткіші Қабанбайдың

Шетелде – Қытайменен Түркияда

 

Бар дерек осы болды қолымдағы

Іздеумен жан-жағымды шолдым тағы

Бас ием жолға шықсам әрқашанда

Мүсінге Үшаралдың жолындағы.

 

Қазақ тілінде жазылған