Адам қарады: 826 | Жарияланды: 2018-07-16 02:34:43

Гараж сатылады

Кереуеттің қасындағы орындыққа қойған ұялы телефон шылдырлап қоя берді. Көзі ілініп кеткен Мүшекең селт етті. Бір жамбастап жатқан қалпы үміттеніп,   қолын созды:

  • Алло. Сізді мұқият тыңдап тұрмын.
  • Хабарландыруыңыз бойынша. «Гараж сатылады» депсіз. Қанша тұрады?
  • Хабарландыруды қайдан оқыдыңыз?
  • Даңғылдың бойындағы бағанға жапсырған екенсіз. Содан.
  • Қай даңғылдың? Достық па? Абылай хан ба?
  • Бәрібір емес пе? Достықтың бойындағы бағаннан. Бағасы қанша болды екен?
  • Бағасы сатып алушыға өте тиімді.
  • Сонда...
  • Не «сонда»?
  • Бағасы қанша деймін?
  • Айтып тұрмын ғой, сізге қолайлы бағаға беремін деп.
  • Сонда қанша енді? Бағасын айтсаңызшы?
  • Өте арзан. Алсаңыз, өкінбейсіз. Өле-өлгенше, рахмет айтасыз.
  • Алдын-ала рахмет, олай болса. Арзандау гараж іздеп жүр едім. Бағасын айта салсаңыз.
  • Алдымен жай-жапсарын біліп алғаныңыз дұрыс болар. Менікі жай гараж емес.
  • Енді қандай гараж?
  • Қалың темірден арнайы жасалған. Мұндай гараж Алматыда біреу ғана.
  • Апырай, ә! Қорқа бастадым. Қымбат емес пе?
  • О-ой, жоға. Өте арзан. Көшпесем, сатпас едім.
  • Ғафу етіңіз, түн ортасында мазаңызды алғаныма. Арзан болса, біреу алып кетер деп көре сала,  телефон соғып жатқаным. Қанша тұрады?
  • Сіз қызық адам екенсіз. Күнде ала салатын арзан бірдеңе емес қой. Алдымен жақсылап біліп алмайсыз ба?!
  • Иә, енді... оныңыз дұрыс. Дегенмен «құнын алдымен біл» деп, жанымда әйелім тықақтап тұр.
  • О-о, әйеліңіз өте ақылды адам екен. Құны дегені өте дұрыс. Құнсыз нәрсені алмақ түгілі, жолап керегі жоқ. Жұрттың көбі құнсыз нәрсеге ұмтылып, өз қадірін өздері кетіреді. Сіздің өте ақылды адам екеніңізді осындай ақылды әйелді жар еткеніңізден байқап қалдым. Бұл – біріншіден. Ал, екіншіден, арзан гараж іздегеніңізді толық қолдаймын. Менің гаражыма тап келген сіз – бақытты адамсыз.
  • Сөзіңізден үміттеніп тұрмын. Таңсәріден барып көрсем бола ма?
  • Әрине, болады. Ертең таңғы алтыда келем десеңіз де, мен мақұлмын.
  • Әйелім «бағасын айтсын да» деп тұр.
  • Сізге құрметпен айттым ғой арзан деп.
  • Нақты айтсаңызшы. Біз асығып тұрмыз. Әйелім «ұйықтайық» деп...
  • Асыққан – сайтанның ісі. «Асығыс түбі – қапылыс» деген. Қандай нәрсені де асықпай, біліп барып алғаныңыз жөн.
  • Тү-үу, ал, жарайды. Асықпайық. Бағасы...
  • Менің әйелім де күңкілдеп жатыр: «малтаны езбей, бірден айтсаңшы» деп. Жалпы, әйел деген халықтың ақылы мүлде жоқ емес, бар. Дажы әжептәуір! Бірақ, бизнестен хабары шамалы. Оңай нәрсе көреді. Кім айтты оңай деп?
  • О-ооу, бағасын қашан айтасыз? Біз шаршадық.
  • Шаршағаныңыз дұрыс. Сіз – нағыз азамат екенсіз. Кейбіреулер шаршадық деп қиналмайды. Керісінше. Өзіңе дүрсе қоя береді. Оңбаған дей ме, қырт дей ме, алаяқ дей ме, есуас дей ме – айтпайтыны жоқ. Мен соның барлығын естісем де, шыдап келе жатырмын. Маған ескерткіш қою керек.
  • Апырай, ә! Сізге обал екен. Расында, бизнес оңай емес. Бірдеңе ғыларсыз. Гаражыңыздың бағасы қанша сонымен?
  • Е, міне, осы сұрағыңыз дұрыс.
  • Апырау, бағанадан бері сұрап тұрғаным сол ғой!
  • Е, айту қиын емес. Айта салсам, гараждың шын, нақты бағасын білмей,  арманда қаласыз. Оны жасауға қанша уақыт кеткенін, қоятын орнын табу үшін, металл іздеу, оның архитектурасын ойластыру, төзімділігін, желден, сыз-дымқылдан, ыстық-суықтан,  ұрылардан сақтау мен сақтану шараларын жүзеге асыру үшін қыруар еңбек сіңірілгенін, машақатын білмесеңіз, гараждың өзіне лайықты бағасын білуіңіз мүмкін емес. Дәнекерлеушіні ойдан да, қырдан да іздегенімді айтсам, әңгіме көбейіп кетеді. Таңдап жүріп, қаладағы ең мықтысын тапқаныма өзіме-өзім өлгенше сүйсіндім.
  • О-оой, онда қымбат шығар. Алуға ақшамыз жетпес. Дегенмен, ақыры сұрап қалдым, айта салсаңыз...
  • Ну, братан, бәрінің де бірден сұрайтыны осы ғана. Басқасын білгісі келмейді. Шіріп тұр ма, қисайып, құлайын деп тұр ма, оны білмейінше, қалай сатып алуға болатынын мен түсіне алмаймын. Бизнесте ұсақ-түйек деген болмайды. Әр винтик, әр гайканың өз орны бар. И еще, бар болғанда қандай! Ал, гараж деген – машинаның үйі. Осыған айрықша мән беру керек. Менің қайран қалатыным – жалпы жұрттың бизнестен хабары жоқ.
  • Бизнесі құрсын, бағасын айтсаңызшы.
  • Қазір айтам ғой. Сіз басқалардың барлығынан да ақылды адам екеніңізді ішім сезеді. Басқа даңғылдардың, мәселен, Абылай хан, Рысқұлов, Райымбек, Момышұлы даңғылдарында, барахолкадағы, көк базардағы, басқа да барлық базарлардағы, Алматының көптеген көшелеріндегі бағандарға, аялдамаларға ілген жарнамам бойынша хабарласқандардың ешқайсысы да бизнестің әліппесін білмейді.
  • Сол хабарландырудың бәрін бүгін іліп үлгердіңіз бе?
  • Қайда-ан, он жыл болды іліп жүргеніме...

Телефон үзіліп кетті.

Келесі күні де телефон шылдырлады. Басқа дауыс:

  • «Гараж сатылады» депсіз...

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған