Адам қарады: 172 | Жарияланды: 2018-09-15 07:11:10

Пәтер және жатақхана

 

  • Пәтерде тұратын балалардың өмірі қандай рахат, ә, – деді тентек Есқат мұрнын бір тартып тастап.
  • Оның несі рахат бопты?
  • Рахат емей немене, – деп екіленген Есекең саусақтарын бүгіп ала жөнеледі,
  • Ұлардай шулаған студенттер мазаларын алмайды. Мұны бір де. Өз тамақтарын өздері ішеді. Екі. Үшіншіден, киіміңді біреу киіп кетпейді.  Төртіншіден ешкім ешқайда жұмсамайды, – деп аузы-аузына жұқпай зуылдаған бұжыр бет досымның бесінші тармаққа келгенде тілі тұсауланды да қалды.
  • Енді ақыры айтқан соң, бесіншісін де айтсаңшы?
  • Ой, енді оның несін айтасың, рахат қой, – дейді бесіншіге дәлел таппай қиналған ол, «тәулік бойы қызмет атқаратын» танауымен алысып отырып.

Әлгінде ғана Гүлшат апай ауыстырып берген тап-таза төсегіміздің үстінде шалқамыздан түсіп жатып, үнсіз келіскендейміз. Қазір құлаққа ұрған танадай болып тұрған жатағымыз, кеш түскеннен-ақ азан-қазанға айналады. Жұрттың бәрі сабақтан келе монтиып бөлмесіне кіріп кетіп, тып-тыныш шәйін ішіп, жазуын жазып отыратын Руслан мен Құрметолла деймісің. Небір пысықайдың бөлмесінен көрмеген дүниелерді солардан көріп, көзіміз аударылып-төңкеріліп шаршайтын. Ашқарақ көзге теледидар мен тоңазытқыш бірден ілігер. Анау бұрышта қазан бұрқылдап қайнайды, дастарханның үсті тәтті-пәттіге толы, терезеге перде ілінген, жерге әспеттеп кілем жайылған, сөреде рет-ретімен кітап жинаулы. Жатақтың бөлмесіне емес, «Қазақстан» қонақүйіне кіріп кеткендейсің. Құрметекең жылы жымиып қойып гәзет оқып, Руслан пернетақтасын аямай сабалап сайтына материал салумен әуре. Көздің жауын алар көрініс.

Ал өзге ұлдардың бөлмелері дәл осы бөлмеге антоним мағынада ғұмыр кешіп жатты. Сол кезде біреу келіп «әй кещелер, пәленбай жыл өткен соң осы кешіп жатқан өмірлеріңді сағына еске алып, қызық күндер екен ғой дейсіңдер» деп ақылманси қалса ит қосып қууға дайын едік.

«Не дұрыс тамақ жоқ, біріміздің киімімізді біріміз киіп кетеміз, бір кереуетте үш адам ұйықтаймыз, түнгі 3-те дүкенге жортып барамыз, ал мұның несі қызық!» деп Аршын шыдамай атып тұрып, әлгі ақылдының алқымынан ала кетер ме еді, кім білсін.

Ә, айтпағым пәтердегі балалар туралы еді ғой... «Жатағыңды қойшы осы» деп еншілерін бөлек алып кеткен достарымыз, арада ай өтпестен қайта-қайта келгіштейтінді шығарды. Бір жолы картошка пен сәбіз алып кетеді, келесіде күріш сұрай келеді, үшінші жолы бір тонна «бұйымтайды» ортаға тастай салып қарап отырады. Араласып жүрген соң көмек етесің. «Пәтерақы қинады... Гүлшат апайдың айқайын сағындық» дейді. Тағы бір жылы сөз айтып жұбата қалсаң, кемсеңдеуге шақ отыр. Осы кезде «Әй, Есқат аспаз!» дейміз даусымызды қатаңдатып:

  • Осы күніңе шүкір де! Азан-қазан болса да қазаныңнан ас кетпейді, бөлмеңнен адам арылмайды, айналаңнан күлкі үзілмейді. Қуықтай пәтерге қамалып отырғанда не табар едің, а?!

Есекең ләм-мим деместен, пышылдақ мұрынының өтінішін жерге қалдырмаған күйі басын изей береді.

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған