Адам қарады: 65 | Жарияланды: 2018-09-15 11:53:07

Әке көрген адамның естелігі

 

Біздің ауылда мінезді адамдар көп. Сондай мінезді адамдардың бірі – менің әкем болатын. Ауылдағылардың бәрі оның осы мінезінен қаймығатын. Қаймығатын деймін-ау, жасы кішілері оны осы «бұзықтығына» қарап сыйлайды. Әйтпесе, әкемнен де өтіп кеткендері бар ғой.  Ешкімнің үйіне беталбаты кірмейтін. Өтірік айтпайды, өсек-аяңға араласпайды.  Өзім ауданнан ұзап ешқайда шығып көрмегенмін. Тоғыз бітіргенде аяқ асты Алматыға оқуға баратын болдым. Әкем екеуіміз арбаға отырып алып, шаңдақ жолмен ауданға қарай тартып бара жатырмыз. Ол кезде ауылда мәшинесі аз. Қазір ғой, елдің бәрі арбасын тастап, бір-бір мәшине мініп алғаны. Анда-сонда ауылға жолым түскенде, сол арбалардың қораның бір бұрышында қаңтарылып тұрғанын көремін. Қазір ешкімге керексіз болып қалған. Әйтпесе баяғыда талайымызды тасыған «классикалық» көлік еді ғой. Кейде ауылдық жерден атарбны көзім шалып қалса, жастық шақтағы қызықты кездер мен қай-қайдағы нәрсе еске түсіп кетеді. Сонымен, ауданға қарай аяңдап бара жатырмыз. Ертең таңертең Алматыға баратын автобусқа отыруым керек. Өмірі ауылдан шығып көрмегенмін. Әкемнің артында кәдімгідей есейіп қалған адам құсап үнсіз отырмын. Он беске енді толсам да, осы жолы мені болашағынан үлкен үміт күтетін есейген жігіттей көріп сөйлесті. Онысы маған күлкілі болып көрініп жатыр. Мен әлі баламын ғой! Балалықтан қалған шалалығымыз әлі басылмаған. Ауданда оқып жүргенде өңшең бұзық балалармен дос болдым. Солардан жұққан бір әдет бар болатын. Салиқалы тақырыпта әңгіме қозғала қалса, әлгіге жырқ-жырқ етіп күле береміз. Жастықтың шалығы сияқты көрінгенімен, бұл біздің өзімізше өмірге араласа бастаған, айналамыздағы нәрселерге жастық мінезбен жауап бере бастаған кезіміз екен. Сол әдетпен әкемнің айтқан ақылын есейген жігіт құсап қабылдағым келмей қырсығып отырмын. Бірақ әкем бәрібір айтқанына көндіріп келе жатыр. Әкеңнен асып қайда барасың?!.... Таңертең мені шығарып салды. Автобус енді жүргелі жатқанда терезесінен қарасам, қолын бұлғап тұр екен. Ескі сары автобус әрең дегенде орнынан ыңырана қозғалып, ырғалып барып жүріп кетті. Көз ұшында қалып бара жатқан жолдың шетінде тұрған арбаны байқадым. Тура бір ұзатылып бара жатқанда туып-өскен үйін қимай тұрған қыз секілді қайта-қайта артыма қарап қоямын.  Шыдай алмай, автобустан секіріп кеткім келіп еді, қаладан мені алып кетуге келген әпкем жеңімнен тартып қалып, қайтадан орныма әкеп отырғызды. Баланың ауылдан шықпағаны қиын екен. Алматыға келгенде де бір жыл бойы түсімде ауылда жүрдім. Шыны керек қой, сайын далада еркін өскен шу асауды тас қоршауға әкеп қамап тастағандай күй кештім. Есіл-дертім дала мен ауыл болатын. Солай қарай қашып кеткім келіп тұрады. Қойшы, әйтеуір, үш күннен кейін тозаққа да үйренесің деген, бірте-бірте қалаға да үйрендік. Коллледжді де бітіріп, КАЗГУдың журналистика факультетіне оқуға түстім. Әкемнің сол кезде қалай қуанғанын көрсең. Қой сойып, көрші-қолаңды шақырып, кәдімгідей кішігірім той жасап жіберіпті. Бірінші курсты бітіре салып, ауылға қарай асықтым. Жазғы демалыста ауылға барған сайын алдымнан бірінші болып әкем шығатын. Көліктен түсе салғанда, анандай жерден қасқайып қолын созып тұрады. Бауырға басып, емірене иіскеу деген жоқ. Сондай «суық» болатын. Қанша жерден кеудемді сағыныш кернеп, алыстан аптығып жетсем де, «жігітке сезімге салынуға болмайды» дегендей, жәй ғана қол беріп амандасады да қояды. Осымен бітті. Сол кезде шешем мені бас салып құшақтайды да, әлгі сағыныштың бәрін «компенсация» жасап кетеді. Әкемнің маған берген тәрбиесі сондай болатын. Қазір өткенге ой жүгіртіп қарап отырсам, әкемнің осы істегені дұрыс екен. Ұл бала сонда сезімшіл, секемшіл болып кетпей, ермінезді болып өсетіндей. Шешем мені нөлебайға барғанша үйде жуындырды. Бір күні менің ұятым оянып кетіп, моншаға кетіп бара жатқан ересек балаларға ілестім де,  солармен бірге моншаға барып келдім.  Содан кейін моншаға да өзім баратын болдым. Әкем мені өмірі моншаға апармайтын. Өзі барып келеді. Мен де оған ілескім келмейді. Өйткені әкемнің әуретін көргеннен жаман ұяламын. Сөйтсем ол да осыны біліп, әдейі ілестірмейді екен. Кейде көшеде әкесімен қол ұстасып, моншаға кетіп бара жатқан үлкен балаларды көріп қалсам, осы нәрсе есіме түседі. Оларда ұлттық тәрбиенің осы бір жағы жағы ақсап тұрғандай болып көрінеді де тұрады. Әйтпесе, біле білсең, әкеңнің әуретін көріп өскеннен жаман нәрсе жоқ. Әке деген кез-келген адамға алынбайтын асқар тау, тектілік пен тәрбиенің эталонындай болуы керек.  Оның әуретін көргенде қандай тәрбие аласың?! Әкем менің нағыз еңбектің адамы болатын. Таңертең ерте тұрып, кешке қарай малды жайғап барып үйге бір-ақ кіреді. Бізге бір рет те дауыс көтеріп көрмепті. Өзіміз де одан сөз естіп қалмауға тырысып жүреміз. Көшеден қанша жылап келсек те, таяқ жеп келсек те, әкемізге естіртпейтінбіз. Әлсіз, әлжуаз болып көрінгіміз келмейді. Әкеміздің көңілін түсіргіміз келмейді. Қанша қатал болса да, баласына ұрсып-жекімейтін не деген махаббат деп ойлап қоямын. Қолы тиіп, сөзі өтіп кетсе, бала оны көтере алмай қалады дейтіндей болып көрінетін. Қайткенмен, қазақ: «Әке қарғысы оқ, шеше қарғысы боқ» деп өскен халық қой. Кейде баласына айқайлап жатқандарды, ұрып жатқандарды көргенде, ұрсып-соқпай-ақ бізді қас-қабағымен тәрбиелеген әкем марқұм не деген әулие еді деп ойлаймын. Әкемнің өзі былтыр осы уақытта қайтыс болып кетті. Бірақ оның арбамен мені ауданға алып барғандағы жолда келе жатып айтқан ақылын ұмытқан жоқпын. Шаңы шыққан соқпақ жол, арбаның сықырлағаны дыбысы мен әкем марқұмның жүрісі шабандап қалған ақтабанға «Шу, Жануар!» деп жатқаны әлі құлағымның түбінде тұр. Адам баласының естелікпен өмір сүретінін ескерсек, мұндай шуақты шақтар жадыңда мәңгілікке жатталып қалады екен....

 

 

Қазақ тілінде жазылған