Адам қарады: 18449 | Жарияланды: 2018-03-26 02:49:34

Біз де жекешелендік

Қостанайдағы Дәмер ағамның үйінде отырып ол кісінің:

– Жеңгеңді жекешелендіріп алдым, – дегенін естіп ішіп отырған тамағыма қақалып қалғаным бар.

– Бір сен емес, алғаш естіген атаулы осы кейіпті киген, – деп көкем мән-жайды түсіндірген болды. – Қолымнан келгені сол... бажайлап қарасам, қазіргі ел-жұртыңның айтар әңгімесінің дөйі осы жекеменшікке тірелген сияқты... ана дөй заңдағы баптың өзі осыған тіреліп даурығып жатыр емес пе?!. Тоқетері,  мына заман тек жекеменшіктен тұрады екен. Өз басыма жекешелендіретін бірде бір зат бұйырмапты. Ең аяғы үй, қора-қопсы, аз-маз мал атаулыны «төріңізден көріңіз жақын» деген мәнде сөз айтқан соң қолдағы келін-балаға басыбайлы өткізіп бергенбіз. Содан «бүйректен сирақ шығарып», басқа біреудің меншігіне өтіп кете ме деген қауіппен мына қара кемпірді жекешелендіріп алдым, – деп қарқылдап кеп күліп, оның мөр басылған, куәландырған қатырма қағаздарын алдыма жайып салды.

Көзім жұмылып, аузым аңқиған маған: «Баяғыда-ақ сөйтуім керек екен» деп алып жекешеленген жеңгемнің жай-жапсарын айтқанда кәдімгідей көзім ашылып, бірден мен де неге ғана сөйтпеске деген ой келді.

Сөйттім де мен де көкемнің жөн-жобасын тәптіштеп сұрап біліп, бірден меншіктеп беретін мекемеге тарттым.

Ондағылар: «Естімеген елде көп... деген, қатынын жекешелендіруге келген сізді көрдік» деп таң-тамаша болған болып, райымнан қайтпас мені білгендіктен: «Жеңгемізді жекешелендіру үшін ол кісіні дүниеге әкелген әке-шешесінің жазбаша куәландырған рұқсаты керек» дегені.

Салып ұрып атам мен енеме келіп мән-жайды айтып едім, екеуі де «Астапыралла!» деп жағаларын ұстап, маған аса мән бере бажайлап қарап, «ауру-сырқаудан» дін аман-есен екенімді біліп, енем көрші бөлменің есігін жауып алып қызымен телефонда сәл-пәл күбірлескен болып келіп:

– Ал балам, жекешелендіру үшін сен бізге... – деп алып, көки-сөкиді көктетсін келіп. Көки-сөкидің үлкені – мына отырған үйлеріне күрделі жөндеу өткізуім керек екен... Кенже баласының үйлену тойын түп-түгел мойныма алуым керек екен...

... Ашуға булығып үйге келсем қатын:

– Не, жолың болмады ма!? – деп ыржиады.

– Атаңанәлет сенде табалап отырмысың! – деп алара қарап едім:

– Оу, көкіме, көзіңді аш. Не, жекешелендіру оңай деп пе едің! Мүлік, зат емес, бақандай адамды жекешелендірмек болады! Тағы да ашуланады, бақырып-шақырады! Тәубеңе кел! Менің құнымды білесің бе өзің!? Отасқан отыз жылдағы отыңмен кіріп, күліңмен шыққан маңдай терімді бағала! Бір емес, бақандай бес баланы тоғыз ай көтеріп толғатып, жеткізіп есейткендегі еңбегімді ескердің бе!.. – деп тереңнен тартып тебіренген кемпірді әзер деп тоқтаттым-ай!

– Қойдым кемпір! Бүйткен жекешелендіру бар болсын, – деп сабырға шақырып едім:

– Қоймаймын! Осыны біліп, Дәмер қайын ағадан естіп, менде әрекет жасап... сені мен жекешелендіріп алғанмын... әке-шешеңді ертерек жұтып қойған өзіңнен көр. Ондағылар сенің әке-шешеңнің қайтыс болғандығы жөніндегі анықтаманы талап етіп, апара қалып едім, сені маған басы бүтін жекешелендіріп берді... – дейді.

Сасқан үйрек артымен жүзеді деуші еді:

– Әп, бәрекелді, оң болған. Бізді біреулер жекешелендіріп алмай тұрғанда мұнымыз жөн болған, – деппін.

Қазақ тілінде жазылған