Адам қарады: 81 | Жарияланды: 2018-06-21 02:37:05

Тамұқ

2 актілі трагедия

 

Белсенді         - большевик

Қызыл жаға  - қызыл комиссар

Тәуекел           - ауыл қариясы

Зере                -  Тәуекелдің кемпірі

Асыл              - Тәуекелдің келіні

Құрақбай      - ауыл жігіті

Келіншек

Кемпір   

Арғы жағадан келген Еркектер

                                             

                                              1 АКТ

                                              1-сахна         

Жойқын жұт... Үйірілген ауыл адамдарының алдында Қызыл жаға мен Белсенді, айбат көрсете ұрандатып тұр.

Белсенді. Жолдастар! Сәбет үкіметі біздерді құлдықтан құтқарып, еркін өмірге қолымызды жеткізді! Бәлшебектік партия, басы артық малды үкіметке өткізу жайлы өкім берді. Кімде-кім қарсы шықса, «халық жауы» боп саналады! Айтылды - бітті?! Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!

Қызыл жаға. (шеттеу тұрған Келіншектің қасына кердеңдей жақындап, көтеріп тұрған баласын тапаншасымен түртеді) Бала?.. Солдат?!.

Келіншек, баласын қорғағысы келіп, көпшіліктің ортасына қарай ығыса бергенде баланы шап береді. Бала, шар ете қалады.

 Келіншек. Тиіспе, балама?! Тарт қолыңды?! (Қызыл жағаның қолын жұлқи ысырып, баласын құшағына қысқан күйі адамдардың арасына кіріп кетеді)

Белсенді. (кекірейе шіреніп тұрған Қызыл жағаға жағымпаздана) Солдат, жолдас кәмиссар, болашақ бәлшебектік партияның солдаты! Ол қатынға мән бермеңіз. Ауылдың топас қатыны не біледі дейсіз?! Жолдас кәмиссар, уақыт тар. Күн батпай тұрып, келесі ауылға тездете жетейік.  

Екеуі кетеді. Ауыл қариясы Тәуекел бастаған бір топ адам үрпиісіп тұр. «Иттің балдары, онсызда тігерге тұяқ қалдырмай сыпырып әкеттіңдер ғой?!... Күніміз не болмақ?!. Қайда барып жан сақтаймыз?!.» десе күңіренген көпшілік, жылап-еңірей бастайды. Топ арасынан Құрықбай жұлқынып шығып, Тәуекел қартқа жүгінеді.

Құрақбай. (Тәуекелге ұмтылып келіп) Ақсақал, бұдан әрі шыдасақ, аша тұяқ тұрмақ, өзіміздің теріміз тірідей сыпырылайын деп тұр. Не айтпағыңыз бар?

Тәуекел. Айтарға сөз таппай, тығырыққа тірелген осы болар?

Құрақбай. Ендеше, мені тыңдаңдар!.. Таң қылаң бере үйлер жығылып, арғы бетке көшеміз! («қайда көшеміз... жылы орнымызды суытқанда не табамыз... Жат елде жайымыз не болмақ» сынды зар илеген сауалдар қарша жауады) Доғарыңдар?! Арғы беттегі ағайындармен жасырын тілдестім. Шекарадан күтіп алады. Бізден керегі шекараға жету!..

Кемпір. Құрақбай-ау, үй-жайымызды кімге тастаймыз? Жат елге барғанда күніміз не болмақ?!

«Соны айтсай?!. Ол жақтағылар қайбір жетісіп отыр дейсің?!. Қандасым демесең, алдындағы малын кім бөліп бере қойсын?!..» десе күбірлескендердің арасынан Келіншек суырылып шығады.

Келіншек. (баурына баласын қыса еңіреген бойы Құрақбайдың алдына тізерлей жалбарынады) Құдай үшін, аңға кеткен Қорғасбегім келгенше күте тұрыңдаршы?! Қорғасбек... Қорғасбек бізді таппай қалады ғой?!

Құрақбай. Қорғасбегіңді күтем деп, ауыл елді қырып алар жайым жоқ?! Таң бозарғанша жетсе – жетті, жетпесе, өз обалы – өзіне?!

Келіншек. Алыс емес, ағайынсың ғой... Қорғасбекті бір күн, бір түн күтейікші?! Құдай үшін, Қорғасбекті тастамайықшы?!

Құрақбай. Сен қатын шаужайыма жармаспай, мына балаңның тағдырын ойла?! Ей, шуламастан тыңдаңдар?! Жылы орыннан көтерілу, маған оңай деймісіңдер?! Қаламын дегендерге зорлық жоқ. Бәлшебекке жем болып отыра берсін. Өз басым, таң алакеуімде көшемін. «Ерем» дегенің – соңымнан ер! 

Кілт бұрылып кетеді. Ауыл адамдары жәймен тарасады. Ортада Тәуекел шал мен кемпірі Зере қалады. Қастарында,  жақында қайтыс болған абысынының нәрестесін көтерген жас келіні Асыл үрпиіп, үнсіз тұр.

 Зере. Әкесі-ау, Құрақбайдың сөзінің жаны бар. Келесіде бәлшебек аямайды... Не де болса, елмен бірге көтеріл.

Тәуекел. Көтеріл?! Сен... Көшке ілесе аласың ба?

Зере. Көшке ілесерлік шама қайда?! Сал аяқпен ұзаққа бара алмайтыныма құдай куә. (Асылдың қолындағы немересін қолына алып, маңдайынан мейірлене иіскеп, көзіне жас келеді) Құлыным... Кішкентай ғана қоңыр қозым?! (кеудесіне қыса үнсіз еңірейді. Немересін келініне қайтарады) Қалқам, келінжан... Молдабегімнің күйігіне шыдамай, Жолдыбекжанның анасын жерге бергелі айдың жүзі болғанын білесің. Жалғыз төбел қайның... Әулеттің жалғыз тұяғы... Молдабегімнің көзінің ағы мен қарасы өзіңе аманат! Қайтейін?.. Салтанатыңмен түсірген келінім ең?.. Зар заманға тап болам деп ойлаппын ба?! Сапарбегім бәлшебектің оғына ұшса да төркініңе кетпей отырғаныңа Алла разы болсын?! (зар еңіреп) О, қара жер?.. Қос құлынымды қойныңа қосарлата жұтқаннан тойындың ба?!  

Асыл. (енесін құшақтап, қосыла жылап) Ене... Енеке, мен сіздерді тастамаймын?!

Зере. Басың жас. Маған алаңдамай, атаң мен қайныңды құтқар!..

Асыл. Ене, о не дегеніңіз?! Сізді жалғыз тастап қайда барам?!

Зере. Қарсыласпа?! Жалғыз тұяқты арғы бетке жеткіз.

Асыл, енесінің құлағына сыбырлайды.

Зере. (қуанып) Рас па?! Ақсарбас!.. Әкесі-ау, ақсарбас?! Сапарбегім тұяқсыз қалды деп күңіреніп жүрсем?! О, Жасаған, шүкір... Тәубә қылдым өзіңе?! Әкесі-ау, сүйінші?!

Тәуекел. (абдырай қуанып) Рас па, шешесі?!

Зере. Қуана бер, әкесі?! Өшкенің – жанды!..

Тәуекел. Е, Жасаған?! Естірткеніңе шүкір?! Орнында бар – оңалар?!.

Зере. (асығыс тапсырма жаудырып)Бұдан кейін, тіптен қалуыңа болмайды?! Жолдыбекжан мен бойыңдағы баланы құтқаруың керек!.. Былай болсын...   Кебеженің түбінде сақтап қойған талқанды, шаңырақта ілулі тұрған бір үзім құйрықты күйдіріп, әдемілеп шыла. Матаға түйіп, Жолдыбекжан жылағанда таңдайына сала қоярсың. Көзің қарауытып бара жатса, өзің де таңдайыңа баса қой. Ашығып, түсік боп қалып жүрмесін. Тіпә, тіпә, беті аулақ!.. Талқынды кеудеңе таңып ал. Біреу-міреу көз алартып, тартып алмасын.

Асыл. Жақсы...

Зере. (немересін сипап) Қозым... Өзі әкесіне тартқан момын. Қарны ашса да үндемей жата береді. Әлде... (кемсеңдеп) Жат елге жер ауатынын біліп туды ма екен?!

Тәуекел. Әттең, зар заман-ай?! Алдымдағы малымнан айрылып, қос арысымды қолыммен көмемін деп ойлаппын ба?! Осынша қасыретке белшеден батқанды көргенше, шыққыр көзім – шықсашы?! Төңкеріліп түскен зар заман?! Кемпір, тастамаймын!.. Қиын-қыстауда жұртқа тастап кете алмаймын?! Келінжан, Жолдыбекжанды алып, сен кет!.. Енеңді жалғыз қалай тастаймын?!

Асыл. Сіздерді тастап, мен қайда барам?! Ешқайда кетпеймін?!

Зере. Әкесі... Келінге бас боп, Жолдыбайжанды жетелеп, елден қалма. Алаңдама!.. Босағамда қалып жатырмын ғой, бір кебі болар?! Шұнақ құдай-ай?! (дауыс сала күңіренеді) Молдабегім мен Сапарбегімнің көзі тірі болғанда, бүйтіп қор болар ма ем? 

Тәуекел. Сабыр, шешесі... сабыр?.. (ауыр күрсіне) Елу жыл отасқан адалым ең... Тіршілікте орта жолда тастаймын деп ойласамшы? Көшке ермесем, шаңырағым ортаға түскелі тұр. Ұшарға – қанатым, қонарға – құйрығым қырқылады деп ойласамшы, мен бейбақ?! Ерсем-ерейін... Жалғыз тұяқты аман алып қалармын, бәлкім? (кемсеңдеп Зерені баурына тарта) Бұл сапардан тірі оралуым екіталай. Жақсы-жаман бір жастықта ғұмыр кештік. Тілім тиіп, тізем батқан жерім болса, кеш мені?!

Зере. Әкесі-ау, о не дегенің?! Қабылан қайратты қос бірдей ұл тапқызған қосағым-ау?! Қиын-қыстауда қолтығыңа демеу бола алмай, жұртта қалып отырған дәрменсіздігім үшін, кеш мені?! Өзіңдей азаматтың етегінен ұстатқын құдайға разымын! Қош бол, әкесі?!

Тәуекел. Қош бол, өмірсерігім?!

Қос мұңлық құшақтаса көрісіп, қоштасады. Жөргектегі Жолдыбекті көтерген Асыл, үнсіз жылап тұр.

                                                          2 – сахна

Үдере қашқан ел жартас жағалап келеді. Бір жартастан екінші жартасқа секіре берген Келіншектің көтеріп алғанбаласы құзға құлап түседі. Құздан баланың шарқұрған дауысы естіледі. Келіншек, шыңғыра құзға ұмтылады.

Келіншек. Құлыным?! Өтемісжан?!

Құзға баласының соңынан секірейін деп жатқан Келіншекті Асыл ұстап қалады.

Асыл. Қайда, тоқта?!

Келіншек. (зар илей шыңғырып) Жібер!.. Жібер деймін?!

Асыл. Тоқта, қайда секірмексің?!

Келіншек. (есінен тана шыңғырып) Құтқар... Жалғызымды құтқарыңдар?! Өтеміс... Өтемісжан?! (Асылмен арпалысып) Жібер?.. Жібер деймін саған?!

Асыл. (Келіншекті жібермей құшақтап тұр) Көмектесіңдер?! Баланы құтқаруға көмектесіңдер?!

Құрықбай. Қане, жол беріңдер?!. (адамдардың арасынан сыналап келіп, құзға үңіледі) Бітті?! Шыңырауға түсіп кетіпті?! Оған жетер арқан жоқ.

Келіншек. (жанұшыра шыңғырып) Ааа?! Өзім... Өзім құтқарамын, өзім?!

Құрықбай. (қамшымен Келіншекті осып жібереді) Доғар?! Құз түбінде қыстырылып қалған баланы қайтіп құтқармақсың?! Артымыздан бәлшебектер қуып келіп қалуы мүмкін. Елді иірмей, ер соңымыздан!

Келіншек. Ааа?! Бармаймын!.. Құлынымсыз ешқайда бармаймын?!

Адамдар үнсіз өтіп бара жатады.

Тәуекел. (Асылға) Келін... Арқаңа байлаған баланы түсіріп алмашы?!

Асыл. (арқасына байланған баланы ұстап көріп) Ата, қорықпаңыз?! (Келіншекті сүйрелеп) Жүр?!.

Келіншек. Тиіспеңдер маған?! Ботам?.. Ботақаным?!

Құрықбай. (Асылға кіжініп) Мына немені не ерт... Не, тастап кет!.. Ей, қатын?! Үніңді өшірмесең, балаңның артынан жіберем?! Өшір үніңді?!

Асыл. Жүре беріңіз... Қазір... Қазір ереді...

«Өтемісжан!... Құлыным?!» деп шырқыраған Келіншекті баурына баса сүйрелеген Асыл, ауған елдің соңынан  еңірей  еріп барады.

                                     3 – сахна

Жолдан қажыған ел, аштықтан бұралып келеді. Келіншектің шаштары бұрқырап, есі ауған жанша күбірлеп келеді.

Келіншек. «әлдекіммен ерегіскендей өз-өзімен сөйлеп) Әәә, Қызыл жаға?.. Өтемісімді тартып алған сен ғой, ә?! Осыдан қолыма бір түсерсің?.. Сазайыңды тартқызамын?! Өтеміс... Өтемісжан?!. (ыңырси әндетеді) Әлди, әлди, ай бөпем... Жылама бөпем, жан бөпем... Жілік шағып берейін...

«Есінен ауды бейшара... Қайтсін, көз алдында баладан айрылу оңай деймісің?» деп күбірлескен адамдар легі өтіп жатыр.

Асыл. (Келіншекті сүйрелеп) Жүр... Елден қалмай, жүр деймін?..

Келіншек. Асыл?..

Асыл. (қуанып) Туһ, атымды айттың... Демек, бетің бері қарады.

Келіншек. (Асылдың қуанышына мән бермей, жансыз көзбен) Екеуміздің алтыбақан басында салатын әніміз есіңде ма?

Асыл. Байғұсым-ау, әнді қайтесің?! Жүр, елден қалып қоямыз, тезірек жүр?!

Келіншек. Аяғым талды. Қорғасбекті айтам... Өтемісжанды мінгестіріп, жылқыға кеткен. Келетін уақыты болды. Күтпей кетіп қалсам... АҺ?! Таппай... Таппай қалады ғой?! (отыра кетеді) Аһ?! Қорғасбек... Қорғасбек бізді іздеп, таппай жүрсе ше?! (Қолын шапаттап сықылықтай күліп) Менің әнімді естісе, Қорғасбегім тез табады?.. (елірі әндетеді) Зибаш-ай, қасыңның қара қиғашы-ай, құрбыңды сәулем сыйлашы-ай!.. (сықылықтай күледі) Алтыбақанды менің Қорғасбегім тербетіп тұрған. Ой, Қорғасбек неге көрінбейді?!

Асыл. Бейшара... Қорғасбегің де келіп қалар?.. Жүр!.. (орнынан тұрып, баланы арқасына қайта таңып, Келіншекті жетелеп) Қане... Көш ұзамай жүрелік. Елден қалып қойып, далада қалармыз.

Келіншек. Бармаймын... Қорғасбексіз ешқайда бармаймын?!

Асыл. Ендігі қалғаны қасқырға жем болу еді, тұр?! Жүр деймін саған?!. «жүрмесіне көзі жетіп) Айтпақшы, сенің Қорғасбегіңе бара жатырмыз.

Келіншек. Қорғасбекке ма?!

Асыл. Иә, Қорғасбегіңе барамыз. Өтемісің екеуі арғы беттен сені күтіп алады дейді?.. Мен қазір... (өзі жылдамдата кеудесінен матаға түйілген талқанның бір ұшын алып, нәрестенің аузына тосады. Бала, құмарлана сорады) Жәрайды... Жолдыбекжан сәл әлденіп алсын. Мен қазір... Сен жаңылыстың... Мен, ешқашан ән салған емеспін. Сапарбек... Сапарбегім шырқайтын!.. Алтыбақанның көркі еді ғой?! (елірген жанша жәймен сықылықтай) Кейде ыңылдай қалсам; «Сені жылқы күзетіне апарып ән айтқызу керек. Дауысыңды естіген қасқырлар, қорыққаннан өздері-ақ қашып кетеді» дейтін?! Соңыңда тұяғың қалғанын білмей кеткенің өкінішті?! (кемсеңдеп) Құдай қаласа, ұлыңның атын – Сапарбек қоямын. Әкесінің атын өшірмесін!.. (аңырай жылап) Кері кеткен зар заман?! Сапарбегім-ау, құдай қосқан жан жарым?! Топырағың кеппей жатып, бойымдағы балаңды алып, туған жерден безіп қашамын деп ойлаппын ба?! Басыңа барып құран оқып, қоштаса алмағаным үшін кеш мені?! О, Жаратқан?.. Қос аманатты аман алып қалуыма күш бере гөр?!  (нәрестені баурына қысып отырып, қалғып кетеді.)

Асыл, ырылдаған қасқырлардың дыбысынан шошып оянады. Келіншек, тістерін ақсита қасқырларға қарсы айбат шеге жүгіріп жүр. Ештеңеден қорықпайд. Тығалмашақ ойнаған жанша, мәз бола тістерін сақылдатып қояды. Нәрестені дереу арқасына таңа сала, беліндегі кездігін суырып алып, қасқырға қарсы айбат көрсете бастайды. Төнген қатер қаперіне кірмеген Келіншек, мазақтай ырылдап, қасқырлармен ойнай бастайды.

Келіншек. Ә... Ойнағыларың келдіңдер ма?! Кел!.. Келіңдер,ойнайық?!

Біресе сықылық ата, біресе қасқырша тістерін сақылдата мәз болған Келіншекті дәу қасқырстартып әкетпекке ұмтылады. Асыл, Келіншекті жұлқыи, өзімен тасалап, айғаға басады.

Асыл. Қайда барасың сорлы-ау, бері... Менің тасама кел?! (кездігімен қасқырларға айбат көрсете айқайлап) Жоғал?! Жолама?! Кет!.. Кет деймін саған?! (жанұшыра айғайлап) Ата!.. Ата?!

Қасқырлар екі келіншекті қоршай бастайды. Гүрс еткен мылтықтың дауысы шығады. Мылтықтың дауысынан қорыққан қасқырлар, тұра қашады. «Қайт!.. Қайт?!» деп, қарлыға айқайлай, мылтығына сүйене әрең басқан Тәуекел шал, ентіге басып жетеді.

Тәуекел. (келіншектердің аманын көріп, әлсірей отыра кетеді) Аман... Аман екенсіңдер ғой?!. (мылтығына сүйенген бойы ауыр демалады. Жылдам жүремін деп, терлеп кеткен.) Сендерге жар болған Жасаған иемнен айналайын?!

Асыл. (атасына ұмтылып) Ата?! Ататайым... Дер кезінде жеттіңіз-ау?! Сәл болмағанда?.. (нәрестені сипай, булығып жылап жібереді)

Келіншек, болып жатқан оқиғамен жұмысы жоқ, қасқырларша шоқақтап жүр.

Тәуекел. (Келіншекті аяп) Ақылынан адасып... Хайуаннан асып несі қалды, сорлының?!

Асыл. Олай демеңізші, ата?!

Тәуекел. Мен жәй... Бәлкім, баласының қасыретінен у іше бергеннен, осылай... Өз қиялымен жүрудің өзі бақыт болар?.. Шырағым... Қалып қойғандарыңды байқамай қалыппын, кешір мені?!

Асыл. Жолдыбекжанды нәрлендіремін деп отырып, байқамай қалғып кетіппін?! Қайта, дер кезінде оянып үлгердім?!. Әлсіреп әрең жүргеніңізде әуреге салғаным үшін Сіз мені кешіріңіз?!

Тәуекел. О не дегенің, қарағым-ау?! Сәл болмағанда, қос шырағымнан көз алдымда айырылып қала жаздағанымды қарашы?! (немересін сипан) Құдай сақтап қалды?!. Шүкір?.. Амандықтарыңа шүкір! Қане... Ел ұзамай жетіп алайық?!

Жетелескен үшеу, алыста жөңкіген жұрттың соңына ілеседі.

                                         2АКТ

                                         1- сахна

Ілбіген адамдардың түрінен жан шошырлық. Аштық қыстап, адам сиқынан кете бастаған. Сілелеген Асыл, сүрініп кеткен жерінде қалғып кетеді. Аш адамдар Асылды қоршалай бастайды. Осыны сезгендей, Асылдың арқасына таңылған бала шырқырап жылайды. Шошып оянған Асыл, өзіне құзғындарша төне қараған аштарды көріп, кездігін сермей жанталаса орнынан тұрады.

Асыл. Жоғал?!. Жоғалыңдар!.. Жақындағаныңды жарып тастаймын!.. Жоламаңдар?!

 (Амалы жүзеге аспасына көздері жеткен тірі өліктер, ілби басып кете барады. Нәресте безектей жылайды. Асыл, еесіріктене күліп) Жыла... жылай ғой?! Жылағаның, демек, тірісің... Кішкентай ғана бойтұмарым менің, жылағың келмесе де жыла. Сен жыламағанда күніміз не болар еді? Ақылдым менің!.. Апаң ұйықтап кетпесін. Шаршаған жоқпын, жоқ?.. Ашыққандар қасқырдан бетер аңдып жүргенде, апатайыңа ұйықтауға болмайды?!. Көрдің бе, сен мені әлден қорғай бастадың. Балапаным... Жеткіземін!.. Әлі-ақ тамұқтан құтылып, жарқын өмірге жетеміз!.. Солай ғой?! Сен кейін өскенде, ініңе қорған боласың... Сапарбекжанды айтамын. Ә... Сен әлі білмейді екенсің ғой? Сапарбегімнің орнын бассын деп, болашақ ініңді солай атадым. Екеуің-ақ... Күллі әулеттен екеуің-ақ қалдың. Әлі көресің... Үлкен бәйтерекке айналамыз!.. Өйткені сендер, асыл текті әулеттенсіңдер!..

Шұбырғандардың соңында баласын көтеріп келе жатқан әйел, сүрініп құлайды. Құлаған орнынан тұрмайды. Кішкентай баласы шырқырап жылайды. Ілбіген адамдардың қайрылуға мұршалары жоқ. Құрақбай жанынан жетіп барып, әйелді тексеріп көреді. Өліп қалғанына көзі жетіп, айқай салады.

Құрақбай. Ей, тоқтаңдар?! Мына әйел өліп қалды... Қаны суымай тұрғанда тездетіп пісіріп жейік?!

Шұбырған тірі өлекселер, қуанғаннан   Құрақбай мен әйелді қоршап тұра қалады. Тіске басар жейтіндеріне қуаныса күбірлесе бастайды.

Асыл. Сұмдық?! Адам етін қалайша?.. (жиіркеніштен лоқсиды)

Құрақбай. Аш болсаң – атаңды жерсің?! (шырқырай жылаған баланы көрсетіп) Мына, анасынан айрылған бала, түбі өлері анық. Қанын суытпай, қоса пісіре салайық?!

Келіншек. (шырқыраған баланы көріп, Құрақбайға қарай ұмтылады) Өтеміс?! Құлыным?!. (жүгіріп барып, кішкентай баланы Құрақбайдан жұлып алып, кеудесіне басады) Өтеміс... Ботам!.. Жылама...

Құрақбай. Бер!.. Баланы бер маған?!

Келіншек. Жоғал?! Тиіспе ботама?! Қолыңда өлемін!.. Тарт қолыңды?! (баланы шөпілдете сүйіп) Апаң сені ешкімге бермейді?! Өтемісім, құлыным, сәл болмағанда айрылып қала жаздадым ғой?! Қазір... Әкең алдымыздан күтіп алады?!

Құрақбай, қасындағы жігіттерге ымдайды. Бәрі Келіншекті қоршай бастайды.

Құрақбай. (баланы жұлып алуға ұмтылып) Өй, есуас қатын, сенің балаң емес! Бер баланы?!

Асыл. Тоқта!.. (Келіншектің алдына тұра қалып, кездігін Құрақбайға кезейді) Жақындама?!

Құрақбай. Кет жолымнан?!

Асыл. Анасын жесең де жетер?! Балаға тиіспе!.. Бейшара баланың әкесімен құлын-тайдай бірге өскеніңді ұмыттың ба?!

Құрақбай. (қасындағыларға айқайлап) Ауыздарыңды ашпай, ұстаңдар мына қатынды?!

Асыл. (жан дауысы шыға) Ұрпағы қалсын... Аясаңшы?!

Құрақбай. Ей, қатын?.. Кісінің ұрпағын ойлағанша... (арқасындағы нәрестені меңзеп) Өз әулетіңнің ұрпағы құрып кетпеуін ойла?! Кет жолымнан?!

Асылға қарай тап бергенінде,  алдына мылтығын кезенген Тәуекел шал тұра қалады. Мылтықтан ыққан Құрақбай, амалы таусыла, кейін шегінеді.

Тәуекел. Құрақбай, тоқта?! «Өткелден алып өтетін ер-азамат» деп соңыңа ерген елді жеп тауысайын демесең, тиіспе балаға?! Есі ауған бейшара, балаға уанып, бәлкім өзіне келер?! Еркекпін десең, қос жетімекке тиіспе?!

Құрақбай. Аш бала – тоқ баламен ойнамайды!.. Өлетін адам – өлді!.. Қасқырға жем қылғанша, мына... Тірі өліктердің арғы бетке аман жеткенін ойлайық та?!  

Тәуекел. Сөзіңнің шындығын мойындамасқа амалым жоқ?! Бірақ... Әр шаңырақтан бір тұяқ аман қалсын. Естеріңді жиыңдар?.. Біз – адам боп жаратылдық. Жақсылап тыңдаңдар! Әр әулеттен құрығанда бір адам, арғы бетке жететін болсын! Балаға тиіспеңдер. Әулет өшпесін!

Құрақбай. Әулетшілін?! (айналасындағыларға жекіп) Ей, неғып сілейіп тұрсыңдар?! Қане, қазан көтеріңдер?!

       Осыны күткендей шұбырған ел, қазан қамына кірісіп кетеді.Күллі әлем «Елім-ай»-лап күңірене теңселеді.

                                       2-сахна

Босыған елдің соңынан Қызыл жағаның қасында Белсенді бастаған қол, айнала қоршап, мылтық кезеніп тұра қалады.

Қызыл жаға. (тапаншасын кезене айқайлап) Контры?! Бараны?! Куда собрались?! А ну, назад?!. С именем революций стойте?!

Тәуекел. Қаш!.. Бетің ауған жаққа қашыңдар?!

Адамдар тым-тырақай қаша бастайды.

Белсенді. (мылытығын аспандата атып салып)Тоқта?!. Қайда барасыңдар, тоқтаңдар?! Бәлшебектік партияның атымен бұйырамын, тоқтаңдар?! (қашқан ел, қорыққаннан иіріліп тұрып қалады) Ах, контралар?! Қайда қашып барасыңдар?!

Құрықбай. Қайда қашқанымызда жұмысың болмасын. Сенің, тірідей түткен  бәлшебегіңе емес?!

Белсенді. Ә?!. Қытайға барамыз деңдер?! Ақымақтар!.. Қытайда сендерді құшақ жая күтіп отыр деп кім айтты, а?!

Тәуекел. Ей, Белсенді?! Алар малды – алдың!.. Қысты күні жүнін қырықтырып, тұяқ біткенді қырдың. Енді не керек?! Сүйегін сүйреткен босқынның саған қажеті не?! Көріп тұрсың... Мал түгілі, тышқақ лағымыз жоқ. Тиіспей, жібер бізді?!

Белсенді. Жібер?! Атаңның басына жіберемін?! Қайт!.. Кері қайт!

Тәуекел. Ей, Белсенді?! Әкең иманды еді. Сендей жауыз қайдан туған?!

Белсенді. (Тәуекелді қамшымен осып салып) Кәрі қақпас?! Сорлы әкем, өмір бойы сенің жылқыңды бағып, босағаңда құл болумен ғұмырын тауысты. Иманын бағаласаң қайда қалдың?!

Тәуекел. Құл ретінде емес, теңдесімдей қасымда ұстағанымды білесің. Сенің өзіңді баламдай бауырыма басып жетілдіргенімді қалайша ұмыттың?! Сен көрмесең де – құдай көріп тұр?!

Белсенді. Оттама, құдай жоқ!.. (тұрғандар «Астапыралла!» десе күбірлеседі) Өктәбір реболисиәсінің күн көсемі Ленин жолдас солай айтқан!  (тұрғандар «құдайсыз... Құдай атсын...» деседі) Ендігі жерде жалғыз құдай, ол – Бәлшебектік партия! (Тәуекелдің сақалын сығымдай мысқылдап)  «Баламдай бауырыма басып» деп, көлгірсуін?! Қос көкжалыңнан қалған шоқпытты кигізіп, жуындысын ішкізгеніңді ұмыттың ба?! Екі бірдей ұлыңды жайратып салғаныма өкінбен?! Күні бітіп, мен атқа мінгенде, «баламдай» деп, мүәйімси қалыпты ғой?! (Асылды мазақтап баурына тартады) Сұлуым, лезде ұсқының ұшып, қожалақтанып кетіпсің ғой?!

Асыл. Жібер?! Тиіспе маған, жауыз?!

Белсенді. (жұлқынған Асылдың жағынан тартып жібереді) Ә, адамнан гөрі – албастыға ұқсап, түтінің шығып тұрса да, «байдың келінімін» де?! Ха-ха-ха?! Түрпәтіне қарамастан кісімсуін?! (Асылдың бұрымынан сүйреп) Ендігі жерде, тақымымның астында билеп, етігімді шешетін күңім боласың?!

Асыл. Өлтірсең де тақымыңа түспеспін, жексұрын?! Жібер!.. Жібер?!

Тәуекел. Ей, құдайсыз?!. Күнәға батырмай, босат келінімді?!

Белсенді. Сен қақпас, тірі қалатыныңа қуан! Ха-ха-ха?! (Асылды аймалап) Асауын қарай гөр?! Тула, тула?! Несі бар?.. Шуаш сасыған шұлығымды жуатыныңа риза бол!..

Шыдай алмаған Тәуекел атып салады. Атқан оғы жаңылып, Белсендінің қасындағы солтадқа тиеді. Ию-қию атыс басталы кетеді. Босыған ел, беті ауған жаққа тым-тырақай қашады.

                                          3- сахна

Дәу тастардың тасасында мылтығын құшақтаған Тәуекел шал мен нәрестені баурына тастай құшақтап алған Асыл, жасырынып жатыр. Айнала ауыр үнсіздік. Есін жиған Асыл, жәймен маңайды барлай қарайды. Құйрық майға шыланған талқанның соңғысын таңдайына салып сорған нәресте, бейғам ұйқыда. Асыл жәймен кеудесін көтеріп, мойнын соза жан-жағына қарайды. Көзіне, тұсындағы қойтастың түбінде паналап жатқан Келіншек түседі. Асыл, атасын жәймен оятады.

Асыл. Ата?.. Ата, ояныңыз?..

Тәуекел. А?.. (оянып, айналасына қарап) О, Жасаған?.. Сілелеп келіп, ұйықтап кетіппін ғой?.. (немересінің амандығына көзі жете қуанып, маңдайынан иіскейді) Бізден басқа жан қалмаған ба?

Асыл. Қорғасбектің келіншегі қалған секілді... Мен қазір?... (еңбектеген бойы Келіншекке жетіп, абайлап түртеді) Еейии?..

Келіншек. (шошып оянып, баласын жалма-жан баурына басып) А?!. Бермеймін?! Тиіспе балама?!

Асыл. Тссс! Балаңа ешкім тиіспейді?! Атам екеуміз бен сенен басқа жан көрінбейді. Жүр, жәймен жылжыйық. (Жылдамдата өз орнына жетіп, нәрестені арқасына таңа бастайды) Ата, мына жерден тездетіп кетейік. Кім білсін... Әлігі жауыз келіп қалып жүрмесін?!

Тырс етіп түскен тастың дыбысынан екеуі де селк ете шошып қалады. Тастардың арғы жағынан еңбектеп Құрақбай бастаған бірнеше адам көрінеді.

Құрақбай. Барсыңдар ма?!

Тәуекел. Бармыз... Өздерің ше?

Құрақбай. Күллі ауылдан аман қалғанымыз осы-ақ?! Әрең қашып құтылдық. Қалғандарын, солдаттары қырып салды. Бұған да шүкір... Белсенді жаудан бетер аямастан қырып салуда. Дәлдегендей-ақ едім, оғым тимей сан соқтырғанын қарашы?! Атаңа нәлет, ақыр түбі қолымнан ажал қаптырармын?! Қане, жылжиық!..

 Қуғыншылардан құтылған Құрақбай, Тәуекел шал, Асыл, бала көтерген Келіншек және бірнеше адам, шекараға қарай жанталаса қашып келеді. Әбден сілелеп, бір-біріне сүйенісе, отыра кетеді. Аштықтан бұралып, көздері қарауытады. Құрақбай, шаршағаннан есінен танып отырған Асылдың арқасына таңулы баланы ұрлап алмақ болады.

Асыл. (селк ете) Құрақбай?! Не істеп жатырсың?! АҺ?!. (баланы бермеуге жанталасып, Құрақбаймен арпалыса кетеді) Тиіспе!.. Тиіспе деймін, балаға?!  

Құрақбай. Ел шетінен арқалап келесің?.. Арғы бетке тірі жетуі екіталай. Оданда?..

Асыл. (кездігін безеп)  Жолама!.. Арам қаныңды судай ағызамын?! Ата?.. Ата?!

Асылдың шыңғырған дауысынан есін жиған Тәуекел шал, мылтығын алам дей бергенінде, екінші жігіт мылтығын бермеуге жармаса кетеді. Келінінің шыңғыруынан бойына күш жинаған Тәуекел, жігітті өңменінен итеріп тастап, мылтығын Құрақбайға кезене қояды.

Тәуекел. Құрақбай?! Атам!.. Ендігі асылатын ет – сенікі болад!..

Асылды қоя берген Құрақбайдың түрінен жан шошырлық. Құрақбайдың уысынан құтылған Асыл, жылаған бойы жүгіріп келіп, атасын тасалайды. Атасын тасалап тұрып, арқасына таңған нәрестені жылдам шешіп, кеудесіне ауыстыра таңып алады. Жылаған баланың аузына талқанның дәмі қалған шүберекті сала қояды.

Құрақбай. Сен шалдың азарың өтті-ау, әбден?!

Асыл, баланы мықтап құшақтаған бойы, Келіншектің қасына барады. Келіншек, баласын тас құшақтап алған.

Келіншек. Бермеймін?.. Өтемісжанды ешкімге бермеймін?!

Асыл. Бермейсің, бермейсің!.. Тыныш... Балаңды оятып жібересің?

Асыл, еліре бастаған Келіншекті тас құшақтай алып, басынан сипалап, тыныштандыруда.

Тәуекел. Әй, Құрақбай?.. Кел бері... Сөйлесетін сөзім бар.

Құрақбай. Мылтығыңды түсір!..

Тәуекел. (мылтығын түсіріп) Қорықпа, атпаймын. Кел... Қасыма кел! (қасына жақындаған Құрақбайды оңашалап, жәймен сөйлеп) Былай болсын... (төсқалтасынан кішкене Құран кітабын шығарып) Құранға қолың қойып ант бер!

Құрақбай. Не үшін?!

Тәуекел. Мұсылманның баласысың, менен қорықпасаңда – құдайдан қорқарсың?!Бұдан әрі жүруге күшім үзілді. Талабым... Тірі қалған күнде де, түбі құдайдың алдына барарың хақ!..

Құрақбай. Сен шал... Мені тым, малға теңеп жібердің ғой деймін? Мен... Ақыр түбі жолда қалатындарды болмаса?..

Тәуекел. Сондықтан айтып отырмын. Өзімді құрбандыққа атайын, бірақ... Құран ұстап тұрып, немерем мен келінімді арғы жағаға аман жеткіземін деп ант бер?!

Құрақбай. (Құранды ұстап) Құдай куә... Ант етемін! (кезерген еріндерін жалай) Сен шалды тезірек?..

Тәуекел. Асықпа?!. Жобалауымша, арғы жаққа қозыкөш жер қалды. Осы тойынғаныңмен жетесің. Анау, есі ауысқан бейшараға тиіспе. Есі ауысса да, бір әулеттің шаңырағын сақтап келеді. Сен былай ет... Бірәздан соң, дәрет сындырған боп, тасалау жерге кетемін. Сол кезде... Соңымнан жетіп, қасқыр атқан болып, бірнеше рет мылтықты ат! Қалғандар сені «қасқыр атып алды» деп, ойлап қалсын. Соңғы өтінішім... Келінім көрмесін!.. Көрсе, татымай қояды. Ол сорлы да әлсіреді. Баланы көтеру үшін, әлденіп алсын. Уәде ғой?

Құрақбай. Уәде!..

Тәуекел. Ендеше... Мен, тасаға кеткенімде, соңыма ерерсің.

                                      4- сахна

Ауыр күрсінген Тәуекел шал, Асылдың қасына келіп отырады. Ұйықтап жатқан немересін маңдайынан мейірлене иіскейді.

Асыл. (мейірлене күлімсіреп) Қайнағама тартып, мінезі ауыр болғаны мұндай жақсы болар ма?! Таңдайына сәл бірдеңе тисе болды, ұйықыға басады?!

Тәуекел. Қияннан арқалап келесің... Алла разы болсын, балам?..

Асыл. О не дегеніңіз? Аманатты жеткізу – құдай алдындағы парызым.

Тәуекел. Е, шырағым... Қандай да бір кер заман болмасын, асыл тұқым – асылдығын танытады. Әкең, мыңғыра мал біткен, көзі ашық, сауаты бар үзеңгілесім еді... Бәлшебектің айдауында, итжеккенге кетті... Менің қайбір күнім қалды дейсің? Сендерді жеткізсем, арманым жоқ. (қойнынан терімен қапталған кішігірім көне кітапты шығарып, маңдайына тәу ете, дірілдеген алақанымен сипап,  Асылға ұсынады) Қарағым... мынау – жеті атамнан әрі түп-тұқияным жазылған әулетімнің шежіресі... Немерелерім ата-тегін біліп жүрсін.

Асыл. Ата, салып қойыңыз... Өскен кезде, немерелеріңізге өзіңіз үйрететін боласыз?

Тәуекел. Ал!.. Қойныңа тығып қой!.. Жеті атасын білмейтін, жетесіз ұрпақ өспесін?! Көрімде тыныш жатсын десең, аманатымды қабылда!

Асыл. Көр?.. Қайдағы көр?!

Тәуекел. (абдырап барып есін тез жинап) Енді... Шайтан емеспін, түбі баратын жерім ғой?! Ақыл-есім дұрыста табыстап жатқаным ғой, қарағым?!  Біздер, керегесін кеңінен жайған әулет болғанбыз. Мыңғырған мал, жалқауға бітпейді. Еңбегімізді еміп мал таптық. Бәлшебекке жем боламын деп ойласамшы?!. (шежірені Асылдың алақанына салып) Жақсылап тығып қой. Өзіңе аманат!.. (Асыл, атасының сөзінен асып кете алмай, кітапты баланың жөргегіне жасырады) Мен қарауылдай тұрайын. (мылтығын қоштасқандай сипап, Асылға береді) Сен, мылтыққа сүйеніп отырып шамалы мызғып, тынығып ал...

Ұзақ жолдан қалжыраған Асыл, ештеңе ойланбастан, атасына күлімсірей қараған бойы, отырған жерінде мылтыққа сүйенген бойы мызғып кетеді. Келінінің ұйықтағанына көзі жеткен Тәуекел шал, немересін соңғы рет маңдайынан иіскеп, орнынан жәймен тұрады. Осы сәтті аңдып отырған Құрақбай, қосыла тұрады. Ұйықтап жатқан келіні мен немересіне соңғы рет қимастықпен қараған Тәуекел шал, алысқа ұзап бара жатады... Гүрс еткен мылтықтың даусынан Асыл шошып оянады.

                                        5 – сахна

Ілбіген аз топтың алдынан жер астынан шыққандай Қызыл жаға мен Белсенді шыға келеді. Мылтықтарын кезенген солдаттар, айнала қоршап, тұра қалады.

Белсенді. Әәә?! Ақыры қолыма түстіңдер ме?!

Келіншек. (Қызыл жағаны танып) Қызыл жаға?!

Белсенді. Иә, Қызыл жаға!.. Немене, сәлем салайын деп па едің?! Тфу, албастыдай түрің құрсын?!  Өй, Тәуекел шалды қайда құртқансыңдар?

Құрақбай. «Жақсы ит – өлігін көрсетпейтінін» білмеуші ма ең?! «Әлсіреген келінім көмем деп әуре болмасын» деп, бізден бөлініп кетті. Ендігі... (бетін, алақанымен сипайды)

Белсенді. Ақыр түбі арам қатқан екен ғой?! Ха-ха-ха?! Мыңғырған мал айдаған Тәуекел шал, көмусіз қалды?!

Келіншек. (есірік күйде Саусағын шошайтып) Қызыл жаға?.. Өтеміс... Өтемісжан қайда, ә?!

Қызыл жаға, өзіне бедірейе қараған Келіншектің қолындағы баланы көрмекке, тапаншасының ұшын тигізеді. Келіншек, баласын бұрып әкетеді. Қызыл жаға ерегіскендей, баланы жұлып алмақ болады. Перзентін қорғауға орасан күш пайда болған Келіншек, баланы Асылға ұстата сала, Қызыл жағаға қасқырша ырылдаған бойы тап береді. Тосын шабуылды күтпеген Қызыл жаға, қорғанып үлгермейді. Қызыл жағаның алқымынан алған Келіншек, тастай қатып, буындыра бастайды.

Белсенді. (Келіншекті атпаққа ұмтылады) Контра, жібер?!

Атпақ болған Белсендіні, Құрақбай бұрын атып салады. Көз алдындағы оқиғадан есеңгіреген солдаттар, сілейіп тұрып қалысады. Өтемісінің өтеуін алғысы келіп, көзіне қан толған Келіншек, Қызыл жағаның кеңірдегін аш қасқырша тістелеп, адамнан – албасты кейпіне ауысқан. Тынысы таусылған Қызыл жағаның аяқ-қолдары сылқ етеді. Осыны сезгендей Келіншек, аузы қан-қан болған күйі, сілейіп, отырып қалады. Жан түршігерлік көріністен тұлабойлары түршіккен солдаттар, кезенген мылтықтарын түсіріп, қамауда тұрғандарды тастап, біртіндеп кете бастайды. Тұрғандар есін жинаймын дегенше, солдаттар кетіп қалады. Көз алдындағы сұмдықтан жаны түршіккен Асыл, күңірене теңселіп отыр. Ат тұяғының дүбірі естіледі. Арғы жағадан жеткен екі еркек, жүгірісіп жетеді.

Еркек 1. Ат-көлік аман жеттіңдер ме, бауырлар?!

Еркек2. Қарауылдап күткенімізге қаншама күн? Жеттіңдер-ау, әйтеуір?!

Межелі жерге аман жеткендеріне көздері жеткен шұбырған аз топ, келгендермен құшақтаса «бауырым-ай»-ласа көрісіп жатыр. Армандаған жеріне жеткеніне көзі жеткен Асыл, мылтықты көкке қарата кезеніп, ұлыған қасқырша күңірене айғай  салады.

Асыл. О, Жасаған?! Тамұқтан құтылдым?! Құтылдым?! Сапарбек, тамұқтан құтылдым?! Еһей, Сапарбек, аяулым?! Жатырымдағы ұлыңды жеткіздім?!. Ұрпағың үзілмейді, Сапарбек?! (нәрестені шөпілдете сүйіп) Жеттік?!. Енді өлмейміз. Ата!.. Енеке!.. Қайнаға?! Жолдыбекжанды... Ұрпақтарыңды аман жеткіздім!.. Аманатты орындадым! Тамұқтан аман алып өттім?! (деп, еңіреген бойы шүріппені басып қалады)

Гүрс еткен дыбыстан нәресте шошып оянады. Келіншек есін жиғандай жүгіріп барып, баласын баурына құшады. Асыл, Келіншекті құшақтаған бойы еңіреп отыр. Қуана қауышып жатқан Құрақбайлардың дауысын, арғы жағадан естілген қытайлардың дауысы басып кетеді. Құлаққа жат дауысты естіген Асыл,шошына нәрестені баурына қысады.   Большевиктердің тамұғынан құтылған Асылдың көздерінде, жаңа тамұқтың алдындағы үрей пайда болып, меңірейген бойы отырып қалады.

Арғы жағадан қытай мен қазақ дауыстары араласа естіліп жатады...

С о ң ы                              29.05.2018                 

 

   

      

   

    

 

         

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған