Барсакелмес хикаясы
Менің кәсіпкерлік өтіліме биыл құдай қаласа жиырма жеті жыл толады. Былайша айтқанда еліміздің егемендігімен жасты.Мені құрдастарым алғашқы жылдарда мені алып сатар деуші еді,қазіргі нарық заманына сай бизнесмен дейтін болды..Осы жиырма жылға жуық мерзімде мен айналыспаған сауданың түрі қалмады. Алғаш сауданы Нарынқол мен Қоғалының кәртөшкесімен бастадым. Кейінірек Шелектің қызанағы мен Қаскелеңнің қиярын және Жәркенттің жүгерісін саттым.Алғашқы жылдардай емес кейінгі жылдарды тауардың бұл түрлері азайып кетті.Оның себебін ақырын анықтап қарасам жанар-жағар май қымбаттаған, жерді өңдейтін техникалар тозып біткен, әкімшіліктегілер шаруаларға қажетті жағдай жасалуды қойған, (бұрында шекесін қыздырып жүргені белгілі болатын) шаруалардың кезінде алған кредиттері өсіп, кейбіреулері баспанасынан айрылған. Соның нәтижесінде бұл тауарлар мүлде азайып кеткен. Қарап жатуға болмайды, мен дереу Қытайға барып көк өністің түр-түрлерін әкеп сата бастадым.Қытайдың алмасын «местный» алма деп, қызанақтарын Қаратұрықта өзім өсіргенмін, ал қиярларды Түргендікі деп сатуды жалғастырдым. Кейінірек Қытайдың аяқ киімдерін Италиянікі, Бішкектің Дордойынан әкелген кәстөм-шалбарды «Польский» деп ал өзбектің шұлықтарын «Турецкий» деп, саудамды жандандырдым жібердім. Бекер обалы не керек жағдайым жақсарып, әйелім шуба киіп өзім шет елдің мәшинесін мінетін жағдайға келдім.Бұрынғыдай емес қазір Болашақта базарында бес, Барыс базарында алты контейнерім бар. Бәріне сатушы ұстаймын. Бұл сауданың арқасында мен бармаған жер, араламаған базар қалмады десем де болады.
Ел сияқты саясатпен айналыспаймын.Газет-жорнал дегендеріңізді айына- жылына бір қараймын, онда да әйелім сатып әкелген кезде ғана.Жинаған біраз қаржыларымды енді қандай бизнеске салсам екен деп жүрген кезім болатын.Бір күні әйелім «Қазақстан» газетін сатып алыпты.Диванда жатып газетке көз жүгірттім.Қарасам «Барсакелместегі базар» жөніндегі мақала шығыпты.Оқысам керемет бизнес болатын сияқты.Мақаланы жазған Ақтөбелік Нұрекеңе разы болғаным соншалық сол мақаланың соңына дейін оқымай дереу сол күні Барсакелмеске жол тарттым.Талай сауда жасап жүріп өмірімде «Дарын» сыйлығын, «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» «Мәдениет қайраткері» тіптен «Абырой» сататын базарды естімеппін.Бос жатқан қаржымды салатын жер тапқаныма қуанып, енді «навардың» көкесі болатын болды –деп, ертесінде Барсакелмес базарына тартып кеттім.Маған «Дарын» сияқты сыйлықтары мен қайраткерлер керек емес, маған керегі шындық және ғылым кандидаттары мен ғылым докторы.Бір-екі мешок «Абырой» да ала кету ойымда бар. Базарды аралап жүріп «ғылым кандидаттары» мен «ғылым докторын» сататын қызға келдім.Қызды көрсем күліп кететін әдетіммен әлгі қыздан «оптом» үш мешок «ғылым кандидаты» мен екі мешок «ғылым докторын» сатып алдым. Бағаларының қымбаттығына қарамадым.
«Шындық» сатылатын жерді әрең таптым.Базардың бір қызметкерінен :
-Шырағым, шындық сататын жерді көрсетіп жібермесең мен таба алмадым,деп едім:
-Қазіргі кезде «Шындық» табу өте қиын, ол өзі кейінгі кезде деффецит болып кетті. Сіз алыстан келген екенсіз, тығып қойғын бір мешогы қалып еді соны алыңыз, бірақ менің тауып берген еңбек ақымды жөндеп беріңіз және үстіне бір мешок өтіріктен қосып беремін деді.
Оның айтқан бағасының үстіне «еңбегің бар ғой»- деп мың доллар бердім де бір мешок шындық пен бір мешок өтірікті арқалап алдым.
Енді біраз абырой алып кетейін деп сатушыға келсем сатушы қыз:
-Аға, абыройдың бір күндігі ғана қалды,бір жылдығын Ақтөбеден келген Жүнбет ағай алып кетті деді.
-Шырағым, мен сонау Алматыдан келген адаммын.Барлық абройды ақтөбеліктер алып кесе біз қайтпекпіз,оның үстіне бір күндік китайский «самопал» абройыңды алмаймын, маған ең болмағанда бір жетілік абырой тауып бер,есеп беру жиналысының қарсаңында керек деп едім сатушы қыз:
-Ағай осы базар ашылғалы Алматыдан ешкім келмеп еді. Сіз бірінші болып келдіңіз, сіздерде де «абырой азайып кетіпті» деген сөз рас болды-ғой. Бастықтың таныстарға деп тыққызып қойған екі мешок «Абройын» берейін. Бірақ «оптовый» бағасымен бермеймін, бізде бала –шаға бағуымыз керек деді. Керемет «навар» болайын деп тұрған кезде пұлдың несін аяйын, айтқан бағасын беріп екі мешогын алып алдым. Алатын тауарларымды толық алып болған соң шығып бара жатсам, шыға берісте Нұрекеңе жолыққан сыпырғыш сатқыш апам отыр, мені көріп:
-Шырағым, алыстан келген екенсің мына сыпырғыштың оншақтысын ала кет, сендерде де сыпырып тастайтын қозы және мес қарын пара алғыштар бар шығар, соларға керек болады деді.
-Апа, пара алғыштарды мұндай қол сыпырғыштармен сыпыра алмайсыз, оларды күреп тастайтып булдезер керек, мына сыпыртқыңызды баяғы «дедовский метод»дейді. Мұндай сыпыртқыштармен майда-шүйде бес-он теңге алатындарды да сыпыра алмайсыз Қазір бізде мұны пайдаланбайды, сіз одан да шаң сорғыш сатыңыз, қанша дегенмен техника ғой деп ақыл айтып дереу Алматыға тарттым...
Мұндай өтімді тауарларды базарға шығарып қор қылғанша әкімшіліктегілерге өзім апарып дереу сатып жіберейін деп ертесі әкімшілікке келдім.Бұрын соңды осы мекемеге келіп көрмептім. Мейрам күндері әкімшіліктегілер өздері келіп «жетімдер үйіне көмек, соғыс ардагерлеріне көмек, анаған көмек, мынаған көмек, бәленшенің туған күні, түгеншенің өлген күні, суботник» деп, тиісті пұлдарын алып кететін. Келсем есіктің алдында бір милиция отыр. Оған жағдайды айтып едім рұхсат қағаз (пропуск)алу керек заң солай деді. Ол қызға барып едім :
-Кімге барасыз, сізді кім шақарып еді, бұл жер кім көрінген адамдар кіре беретін жер емес –деп,қағазын бермей қайтарып жіберді.
Милицияға келіп ақырын жағдайды айтып едім, жолатпады. Оңаша қалған кезде:-Шырағым, саған бір ғылым кандидатын берейін мені кіргізіп жібер деп едім ол маған таңырқай қарап:-Сіз не айтып отырсыз, бізге ол атақ бес тиынға да керек емес, бізді МВД деп атайды, түсіндіңіз ба? деді.
МВД ны білмейтін мені шала сауат деп па едің? Ол «Министерство внутренных дел» деген сөз дедім мен ашуланып. Ол маған қарап:
-Олай емес, халық біздерді «Малограматный внуки Дзержинского» дейді. Өңіңіз жылы адам екен, бір сағатқа кіріп шығыңыз деп мені ішке кіргізді.
Оған рахметімді айтып, қолына бес-он теңгесін беріп ішке кірдім.Кірген бойда өзім танитын, бізге ылғи келіп тұратын Жылтыр деген досқа бардым. Оған келген жұмысымды айтып едім, ол қарқылдап тұрып күліп жіберді.
-Сіз ерте туып, кеш қалған адам екенсіз,алып келген ғылым кандидаттарыңыз бен ғылым докторыңызды ешкім алмайды. Өйткені мұнда бөлім бастығы болып келген адам бір айдың ішінде ғылым кандидатын , ал орынбасарлар мен бастықтар екі айдың ішінде ғылым докторлыған алып алады. Қазір бізде ғалым емес адам жоқ.Сондықтап сіздің тауарларыңыз бізде өтпейді деді.
-Онда өздерің сатып алыңдар, сендер өсетін адамсыңдар керек болады дедім.
-Сіз сауданың соңында жүріп саясаттан мүлде артта қалған адам екенсіз, бөлім бастығы болмай тұрып ғылым кандидаты болып бізді өле алмай жүр дейсіз бе?Өткенде бір жігіт сіз айтқандай «өсуіме керек» деп сол атақты сатып алған екен, ертесінде оны «менің орныма таласуы мүмкін»деп бастық оны жұмыстан босатып жіберген. Сондықтан тыныштық керек, біз ол атағыңызды тегін берсеңізде ала алмаймыз деді.
-Онда біраз «Абырой» мен «Шындық» сатып алыңдар, бос қайтам ба десем, Жылтырым тағы да маған қарап күледі.
-Сіз Марстан түскендей сөйлейді екенсіз.Бізде сол шындығыңыз бен абыройыңыз болса мұнда жұмыс істеп неміз бар? Сіз әдірістен жаңылып келіп отырсыз.Сіздің мұндай қажетсіз тауарларыңыз бізге қажет емес,бос қайтпаңыз маған өтірігіңізден азырақ беріп кетіңіз, сол керек болып қалады. Ал енді маған мешайт жасамай барыңыз –деп, мені шығарып салды.
Сонша жерден алып келіп түкке жарамай қалған тауарларым мені банкротқа ұшыратты. Енді көрмегенім Барсакелместің базары болсын деп үйге келдім. Кеде сала мені банкротқа ұшыратқан шындық пен абройдың кеңірдегін қос қолдап қыса бастап едім құлағымның түбінен:
-Сені қандай жын қағындырып жатыр, менің кеңірдегімде атаңның басы қалып па еді, қоя бер мені деп әйелім санымнан оңдыртпай шымшып алған кезде бірақ ояндым.
Япырмай, адамның түсіне кірмейтін пәле кіреді екен, «түс түлкінің боғы» деп атамыз тегін айтпағанын сонда түсіндім. Мен де сияқты осындай түстердің өмірде болмауын тіледім.