Жынды шеше
Ырду-дырдумен жүріп, жазғы семестр де аяқталып, бір курс артта қалды. Барлығының басын қосатын аудитория іші босап, студенттер жан-жаққа тарыдай шашылды. Бірі туған топырағына, бірі еңбек тоқсанын өткізуге бет алды.
Жүрдек пойыздың ішінде келе жатқан Нұршатта осы көптің бірі. Оқу жылын жақсы аяқтаған ол- жолға көңіл-күйі көтеріңкі болып шыққан. Бірақ, әйнек алдында отырған қазіргі сәтте манағы көтеріңкі көңілі пәс тартып, жанарын алысқа қадаған күйі үнсіз қалған. Жүрегі ала бөтен күйге еніп, тынышы кете бастады. Пойыз Астанадан ұзаған сайын оның туған жеріне деген сағынышы, әсіресе, асыл анасына деген балалық ыстық махаббаты арта түсті.
Анасының мейірімге толы жүзін көргенше асық болған көңілі алып-ұшып бір толас таппады. Оның ем қонбай, жадап жүрген сәтін көз алдына елестеткенде жас жүрегі езіліп, қабырғасы қайысқандай болды. Қиындықпен өткен балалық шағы дәл бүгінгідей көз алдында. Ұзақ жол үстінде, міне, соның бәрі жадына оралды.
Балалық шағы Семей полигонына жақын Егіндібұлақ елді мекенінде өтті. Бұл қазақтың данагөй, үшем биінің бірі – Қаз дауысты Қазыбек бидің атақонысы. Бұл аудан Семей полигонының зардабын тартты. Полигон алаңы үш облыспен: Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодармен шектесті. Барлығы 18,5 мың шаршы шақырым жазықтықты алып жатқан сынақ аймағы – бұл бұрынғы Абыралы ауданының, сондай-ақ онымен шектес Абай, Бесқарағай, Жаңасемей, Шұбартау, Май, Егіндібұлақ, Қарқаралы аудандарының жері.
Мектепте сабақта отырғанда «Ертең жер сілкінеді, бір қабат киімдеріңді, тіскебасар азықтарыңды алып, жазық далаға шығып кетіңдер» деп ескертетін ұстаздары. Айтқанындай таңғы сағат 8-де «Воздушное тревога» беріліп, жұрт тайлы-таяғы қалмай үйден қашып шығушы еді. Алаңқайға жетіп алған балалар жағы мәз. Анасының пісірген бауырсағын жеп, құртын тістелеп, ойнап кететін. Сол күні көкке жанарыңды қанша қадасаң да, Күн көзін көре алмайтын. Қап-қара болып тұтасқан аспан әлеміне ұзақ қарайтын. Кешкісінде үйге оралғанда іргесі сөгілген үйін көрген әке-шешесі «Осы үйді жамаудан шаршадық» деп аһ ұратын.
13-14 жастағы мына оқиға естен кетпейді. Әдеттегідей дабыл қағылып, жер сілкініп, үйден қашып, шыққан. Сөйтсе, ересектер жағы өздерінен он жас кіші кенже сіңілісін алып шығуды ұмыт қалдырыпты. Жүгіріп үйге кірсе, сіңілісі Назгүл үйдің бір бұрышында бүктеп қойған киіздің үстінде тербеліп отыр. Көтеріп алайын десе, «Мен кәтет (котаться. авт) болып отырмын» дейді. Сықырлап тұрған қабырғалардың бірі құлап қалмай тұрғанда, үйден сытылып шықпақ болып кенже сіңілісін құшағына қысып алып, сыртқа ұмтылды. Кейде мектепте сабақ жүріп жатқанда оқыстан жер сілкінетін. Абыржыған оқушылардың бірі партаның астына жасырынып, бас сауғаласа, бірі шығар есікке ұмтылып, кептелісте қалған кезі де болған.
Бірде осындай жер сілкінісінен әке-шешесі сыртқа шыққан жоқ. «Бұларыңыз не, қазір үй құласа, үйіндінің астында қаласыздар ғой» деген ересек әпкелерінің сөзіне «Қашанғы қаша берейік. Сабаннан жасалған үй ғой, жазым қыла қоймас. Ажалымыз осыдан болса көріп алдық» деп отырған орындарынан қозғалмаған. Бір емес, бірнеше рет қайталанған бұл жағдай үлкендерді әбден титықтатқан болуы керек. Бірақ, ойнап жүрген балалар ол кезде іргесінде полигон жарылып жатқанын қайдан білсін?! Күзге қарай үлкендер құлауға шақ қалған үйлерді жөндеуге кірісетін. Әсіресе іргесі сөгіліп кеткен үйді жөндеу оңай болмайтын. Жұрт үйлерін жамап жасқаса да, қыста іргесінен суық ызғар ішке еніп тұратын. Отты үзбей жақса да үйдің іші жылымай, пештің түбіне жиналып, жылынатын.
Бәрі де есінде. Тілі шыққанан бері анасын тәте дейтін. Оның себебін әкесі «ата-әжелерің тірі кезінде тәте деп кеттіңдер» деп түсіндіретін.
Ес кіріп, етек жинай бастаған кезде анасының ауырғанына ерекше мән беретін болды. Көрші-қолаңның «Шешелері керемет көрікті, ұқыпты, ақылды еді. Полигонның зардабынан қор болып қалды-ау» деп мүсіркеп айтқан күңкіл сөздері құлағына шалынған.
Бірде сабақ әзірлеп отырған бөлмеге жақын келіп, есіктің сыртынан ішке құлақ түрді.
«Не дейді, не айтып жатыр?», даусы анық естілсе де бір ауыз дұрыс сөз ұға алмады. Қайдағы бір мағынасы жоқ, түсініксіз бірдеңе. Бір сөзіне екінші айтқан сөзі үйлеспейді. Бұл ұзақ шыдап тұра алмады. Есікті шалқасынан ашып жіберген. Міне, қызық! Анасы кәдімгідей-ақ жүн иіріп отыр, аузы сөзде, қолы-қолына жұқпайды. Арасында ұршықты жерге қойып-қойып қалады. Түк түсінсе бұйырмасын. Бұл бірдеңе деп айтуға әрекет жасап көрмекші еді, мұнысынан түк шықпады. Көтеріліп кетті, тыңдайтын түрі жоқ. Нұршат сілейіп қараған күйі ұзақ тұрды. Арада біршама уақыт өткен. Анасын енді ғана көргендей ол бет-әлпетіне дұрыстап көз тоқтатып қараса, шешесінің қатты жүдеген жүзі оңған шүберектей әппақ. Әдемі томпақ бетінің еті кетіп, жақ сүйектері пышақтың қырындай болып білініп, арып кеткен. Етсіз денесін тек жұқа тері жасырғысы келгендей. Нұршаттың жан дүниесі астан-кестен болып кетті. Шешесінің кезіндегі мұң мен жүзіндегі шаршағандық белгісін көргенде өзін ұстап тұра алмады. Жүгіріп барып, құшақтай алып:
- Тәте, тәте деймін, сіз неге беталды сөйлей бересіз, өзіңізді-өзіңіз
қинап…
Анасы үнсіз.
- Айтшы, неге, неге?
- Қайтейін құлыным. Бұл да бір тағдырдың жазуы шығар. Сөйлегім-ақ келмейді. Мені әлде бір күш итеріп тұрады. Енді түні бойы ұйқы көрмеймін.
Нұршат тағы бірдеңе деп айтпақшы еді, ендігі сөзін шешесі тыңдамады. Онан әрі шыдап тұра алмады. Сыртқа атылып шыға берген.
Түстен кейін мектептен екінші класс оқитын сіңлісі Гүлнұр өте көңілсіз оралды. Үйдің ересегінің бірі болып қалған бұл бауырының қас-қабағында кірбің барын бірден байқады.
- Сені кім өкпелетті?
- Ешкім.
- Ендеше, неге көңілсізсің?
- Сол. Ендігәрі тәтемді көше жаққа жібермеңдерші, жұрттың бәрі қарайды. Класқа енсең кейбір жаман оқитын қыздарға дейін маған қарап күледі.
- Енді не істе дейсің? Сен оны елемеген бол, бар ынта-ықыласың сабағыңда болсын. Олар кейін түсінетін болады.
- Сонда да… Гүлнұр аузын бұртитқан күйі теріс айналып кетті.
Нұршат шырт ұйқыда жатқан. Шошып оянды. Құлағына қарсы бөлмеден шыққан дабыр-дауыстар естілді. Өңі ме, әлде түсі ме? Кенет құлағына «Мен ешқайда бармаймын» деген анасының жан дауысы жетті. Лып етіп көтеріліп, үкідей ұшып, қарсы бөлмеге жеткен. Байқағаны – ақ желекті бір-екі дәрігер болды. Сірә, анасының сырқаты қатты ұстап, «Жедел жәрдем » шақырған болуы керек. Көп ұзамай олар тәтесін алып, сыртқа беттеді. Шешесінің бұлқынып қарсыласқанына қарамастан көлікке бір-ақ салды. Көлік демде от алып, орнынан қозғала берді. Түн қараңғылығын қақ жарған шамның жарығы аула алдынан алыстап кеткенше бұлар көзбен ұзатып салды. Ішке енсе ұйқыларын аша алмай қаз-қатар тізілген бауырларын көрді.
- Тәтеміз қайда кетті?..
Жанарға мана кептелген ыстық жас төгілуге шақ қалған. Жаутаңдап жауап күтіп тұрған бүлдіршіндерді көргенде көңілі босап бара жатты. Ана бір бұрышта ораудағы екі айлық Жанар шыр-шыр етіп жылайды. Оны өзінен үш-төрт жас үлкендігі бар әпкесі жұбатып әлек.
Үйге енген соң Нұршаттың көңілі мүлде құлазып кетті. Осынау кең үйдің іші босап қалған сияқты. Әсіресе, анасының орыны үңірейіп тұрғандай. Төсекке жатқаннан соң ұзақ уақыт көзі ілінбеді. Алуан жайларды ой елегінен өткізіп жатыр. «Менің достарым Шынар, Қаламқастар бақытты ғой, шіркін! Аналары әрқашан қасында. Тіпті бір күнге шешесі бір жерге кетсе, жыларман күй кешеді. Енді бірнеше айлар бойы біз қалай шыдармыз», - деп мазасыз ой құшағында әрі-бері дөңбекшіп ұзақ жатты.
Ұйқысы мүлдем келер емес. Ақыры орнынан көтеріліп, ауыз үйдегі үстелге келді. Қандай күш итермелегені белгісіз, үстелде жатқан қағаз бен қаламды қолға алған.
Көз алдынан анасының ақ кірген шашы, ерте әжім түскен жүзі кетер емес. Ойына осыдан үш-төрт күн бұрын шешесіне қойған сауалы оралды. Қолы дір-дір етіп, ақ қағаз бетіне әлдебір дүниені өрнектей берді:
Қарап сенің шашыңа,
Ойға қалам әрқашан.
Қартайдың ба, анашым,
Шашың ерте ақ шалған.
Мазаңды алған сырқаттан,
Жадап-жүдеп жүрмісің!-
Деп өзіңе үн қатқан,
Сауалыма үнсізсің…
Жауабыңның орнына,
Көкірек керіп күрсіндің.
Сырыңды ана жүзіңнен,
Айтпасаң да түсіндім.
Қамығады жас жаным,
Жан аяулым сен үшін.
Өмірдегі бар-барым,
Сүйем ана сені шын.
Күрсінбеші, қамығып,
Асылым менің-анашым.
Ауырып-сырқап жүрсең де,
Біздерге әркез панасың…
Жанардан жарыса аққан ыстық тамшылар сиясы кеппеген жыр дүниенің бетіне тырс-тырс тамып жатты. Алғаш рет он үш жастағы мұның жүрегінен жыр жолдары осылай туды. Ол дел-сал күйде ұзақ отырды. Ақыры қалам ұстаған қолы сылқ ете түсті. Шаршағанын енді сезгендей.
Шілденің шыжыған күндерінің бірі. Тас төбеден төнген ару күн сәулесін аямастан айналаға төгіп тұр. Дала тымырсық. Үп еткен жел жоқ. Ауыл ішінде бейсауат жүрген жан көрінбейді. Тек бір топ бала үйдің көлеңкесіне пайдаланып, доп ойнауға кіріскен. Кәдімгі он бестік ойыны. Қабырғаға допты он бес рет қағып, жерге түсіруге болмайды. Алғашқы болып бастаған Нұршат он бестікті үздік ойнап шықты. Мұнан кейін Гүлжан, Балқия ойнады. Ендігі кезек шикіл сары Гүлдендікі. Әдеттегідей бәрі қосылып санап тұр. Бірлік, екілік… төрттік…, доп мүлт кетіп жерге домалап кетті.
- Болды, ойыннан шық. Бәрі шу ете қалды.
- Жоқ, бұл есептелмейді. Қайтадан бастап ойнаймын, - деп беті шімірікпестен Гүлден допты жерден көтере берді.
- Болмайды, шық ойыннан,- деді Мәнзия.
- Соңғы рет бір көрейінші, - деп өтінді Гүлден.
- Мейлі, көрсін, - деді Нұршат осы сәт сөзге араласып, басқаларын тыныштыққа шақырды. Бірлік, екілік,…, тағы да доп қиыс кетті. Енді болған шығар деп күтіп тұрса, жоқ, сары қыз допты кеудесіне қысып алып:
- Әрі-беріден соң доп менікі. Бермеймін. Өздерің басқа доп тауып алыңдар, - деп сес көрсетіп қарап тұр. Оның ойланбай айтқан бұл сөзіне бола Нұршат күйіп кетті.
- Гүлден, мұның дұрыс емес қой, - деп құрбысының әділ еместігін растауға тырысты.
- Сенің шаруаң болмасын, - деп қасарыса түсті Гүлден.
- Сен осылай бәлсіне берсең, ендігәрі ойынға қоспаймыз… Біз көппіз… Егес қыза түсті. Қыздардың бәрі Нұршаттың сөзін құптады. Сол сәт айтар сөзге жауап таба алмай дал болып қалған сары қыз ызадан жарылардай болып:
- Менімен егесетін сен кімсің? Мықты болсаң, анау жынды шешеңді жазып алсайшы, - деп тақ ете түсті. Соңғы сөз Нұршаттың жүрегіне найзадай қадалды. Оқыстан естіген сөз оны есеңгіретіп тастады. Дем арасында не дерін білмей сілейіп қалған ол, сәлден соң өзіне келіп:
- Бар айтпағың осы ма еді, басыңа түссе көрер едім, - деп ұмтылып, жағасына жармаса түскісі келген. Бірақ, жанарына толып қалған жасты жасырғысы келіп, жалт беріп, жүгіре жөнелді. Соңынан жүгірген құрбыларының айқайлаған даусына да қайырылған жоқ үйге жеткен бойы жастыққа басын тығып, қыстығып жылап жіберген.
Түннің бір уағы. Шырылдап сәби жылады. Қатты шаршаған болуы керек, ораулы нәрестені кеудесіне салып ұйықтап жатқан әпкесі оның даусынан ояна қоймады. Бұл көзін ашып алып, назарын сәби жаққа салған. Ол тыпырлап қозғалып, ара-кідік кішкентай аузын қимылдатып, тамсанып қояды. Тағы да жылай бастады. Мойнындағы жіпке байлап қойған еміздікті аузына салып, алдарқата тұрмақ әрекетінен ештеңе шықпады. Еміздікті сыртқа шығарып тастап, жылауын одан әрі үдетті.
Лаж жоқ, ұйқылы - ояу күйі кішкентай шыныны қолға алып, орнынан көтеріле берді. Қолына іліккені үстел үстінде тұрған тостаған толы сүт болды. Баланың әбден қарны ашқан екен, шыныдағы сүтке құныға бас қойып, түк қалдырмай ішіп салды. Сәлден кейін сәби тынышталып, пысылдап ұйқыға кетті.
Таң рауандап атты. Сәби қайта-қайта қозғалып, мазасызданып жылай бастады. Тіпті жылай-жылай көзінің алды көгеріп кеткен. Жұбатқанға көнбеген соң, апайы тағы да сүт берген. Сәби бәрін лақ еткізіп бірақ құсты. Мұнысы аздай қызуы көтеріле бастады. Бұлар енді шынымен абыржиын деді. Қатты қорқып кеткен олар әдеттегідей телефонға жүгірді.
- Иә, тыңдап тұрмын,
Әкесінің таныс дауысы құлағына жетуі мұң екен.
- Бұл біз ғой, Жанар қатты ауырып жатыр, үйге келіңізші, - деді.
- Қазір, қалқам.
Телефонда тұрған қызының үнінде діріл барын әке бірден сезді. Қызметтес жолдасынан кешірім сұрап, үйге асығып енген бойы пештің қасына ошарылып, жиылып қалған балаларын көрді.
- Әке, Жанарды жұбатсақ жұбанбайды, сүт берсек ішпейді, бәрін
құсып жатыр, - деп жағдайды жедел жеткізе қойған тетелес сіңлісі Сағыныш болды. Сәби сұлық жатыр. Әке жүрегі дір ете қалды. «Балапаным-ай» - деп алақанымен сәби денесін ұстап көрді.
От болып жанып тұр. Ұшып тұрған ол ауылдың басыңда тұратын дәрігер келіншекке хабар берді. Жып-жинақы, сүйкімді келген дәрігер тез арада жетті. Демде баланы қарап шығып: «Тамақтан ұшынған екен». Не беріп едіңдер?», - деді.
- Мен түнде сүт бергенмін, тостағанда тұрған.
- «Тостағанда тұрған сүт» дейсің бе? – деді осы сәт жұлып алғандай тіл қатқан Сағыныш. –Ол сүт іріп кеткен еді ғой. Мен оны төгіп, ыдысын жуамын деп жүріп ұмытып кетіппін.
- Түсінікті, -деді дәрігер. –Мына дәрілерді күніне үш рет сүтке қосып беріңіздер. Баланың қызуы түспесе, хабарласыңдар,- деп орнынан тұра берді. Үйдің ішінде тыныштық орнады. Манағыдай емес, дәрі берген соң кішкентай Жанар да тынышталып ұйқыға кетті. Үнсіздікті әкесі бұзды:
- Балаларым, бұларың жарамайды, бұл нәресте ештеңені білмейді, сендер не берсеңдер соны іше береді. Баланы бұдан былай кезектесіп күтіңдер. Бірыңғай әпкелеріңе сенгендерің дұрыс емес. Ол сендерден қанша үлкен болса да шаршайды ғой,- деп ақылын айтқан.
- Әке, біз енді ойынды көп ойнамаймыз, Жанарды кезекпен бағамыз. Үш сағат мен, үш сағат Нұршат, үш сағат Жасұлан бағады, - деп Сағыныш сөзін пысықтап қойды.
- Мен Жанардың жаялығын жуайын десем, Гүлнұр маған: «Кірі өзінде қалады, тазалап жуа алмайсың» деп ұрыса береді,- деп жеті жасар Айнұр да сөйлеп қалып жатыр. Бұлардың сөздеріне әкесі еріксіз езу тартқан. Іштей елжіреп, балаларының маңдайынан иіскеді. Іркес-тіркес тоғыз баласының айтқанын тыңдап отырып, біраз уақытты оздырып алыпты. Енді жұмысқа асығу керек. Бөбегіне қараса, ол әлі пысылдап ұйықтап жатыр. Әлгіндей емес, қызуы қайта бастаған. Кеудесіне қуаныш толып, көңілін демдеген әке сәбиін мейірлене сүйіп, үйден шықты.
* * *
Тағы да бір тамылжыған жаз айы келді. Аспан жүзі шайдай ашық. Алыстан көк зеңгірмен атасқан биік шыңдар мұнартып көрінеді. Сонау бір көз ұшында бұлдырап сағым ойнайды. Шығыстан жайлап майда самал есті.
Нұршаттың бүгін құрбыларымен бірге қызылды-жасылды гүлге оранған қыратқа шыққанына да біраз болған. Құшағын әсем гүлге толтырған ол үйге жеткенше асықты. Көңілі шат, жүзі жарқын. Ол үйінің есігін ерекше қуанышпен ашты. Бөлменің іші шаттыққа толы. Балалардың барлығы жуырда ғана ауруханадан келген анасының айналасында. Үндері жарқын- жарқын шығады. Тұп-тұнық күміс күлкілері сыңғырлай төгіледі. Анасының тізесінде отырған кішкентай Жанар былдырлап бірдеңе деп тіл қатқандай болады. Гүлнұр сәбиге қолын созып шақырса да жақындайтын түрі жоқ. Қайта, анашымнан енді айырмаңдар дегендей, мойнынан тас құшақтап, жіберер емес. Енді бір кезде екі қолын сілкілеп, Гүлнұрмен ойнағысы келгендей ыңғай танытады.
- Шынымен, қанша рет сүт беріп бақсаң да, енді ол бізді менсінбейді,
деді осы сәт Сағыныш.
Барлығы бұл сөзге мәз болып күліседі. Кешкілік кішкентайлардың барлығы даладан алаңсыз алысып-жұлысып, ойнап келіп, үйге кеш оралды. Жастыққа басы тиісімен Нұршат маужырап, мызғып кетті.
Тықырлаған аяқ дыбысынан басын көтеріп алды. Көзін ашып қараса, анасы екен. Қасына кішкентай Жанарды отырғызып қойып, қолына бұлардың мектепке киетін киімдерін алған. Не істегелі жүр екен деген оймен жатып, қайта қалғып кетіпті. Таңертеңгілік тәтті ұйқыдан оянған тетелес қыздар ана бір жерде қаз-қатар қойылған оқу киімдерін бірден байқады. Мойын жағалары мен жеңдері әппақ. Апыр-топыр көтерілген олар, дайын тұрған киімге қарай жарыса ұмтылды. Түнімен тыным таппай осы киімдерді жуып-өтектеген анасы осы сәт олардың ту сыртынан жымиып қарап тұрған еді. Енді міне, қатты қуанған бүлдіршіндері риза болып, мұның мойнына асылып, бетінен сүйіп жатыр.
* * *
- Алақай, тәтем дүкеннен келеді. Сөмкесінде алған заты бар. –Айдын мен Гүлнұр алдымен тұра ұмтылды. Сөмкеге жармасып үлгерген Гүлнұр болды.
-Таласпаңдар, бәріңе де базарлық әкелдім. Міне, Айдын мынау саған әкелген әдемі көйлегім,- деп ұстата берді. –Ал, Нұршат саған бір түгілі екі бірдей ақ тәпішке әкелдім. Бірін осы жаз бойы ойынға киесің, бірін оқуға киіп барасың. Кіршіксіз аппақ аяқ киім Нұршатқа бір көргеннен-ақ ұнады. Аяғына киіп көріп еді- шап-шақ. Шаттықтан басы айналардай болып, шешесінің жүдеу тартқан жүзінен алма кезек сүйіп алды. Іле:
- Тәте, сіз білесіз бе, сіз жоқта әкей бізге аяқ киім алып берді. Бірақ, бірі де аяғымызға дәл болған емес, - Нұршат сөзін аяқтамай жатып:
- Қанша дегенмен әкенің аты әке ғой деп Айдын тақ ете қалған.
Сол күні-ақ Нұршат ақ тәпішкесін киіп, құрбыларының қатарына қосылған. Түстен кейін барлығы бұлақ басына барып, балшықтан ойыншық жасауға кірісті. Олар жасаған «дүниелерін» кептіріп, қияқ арасына жасырғанша бірталай уақыт өтіп кетті. Нұршат енді байқады, манағы аппақ тәпішкесі балшықтан көрінбейді. «Бұлай барсам тәтемді өкпелетіп аламын ғой»,- деп ойлап тәпішкесін жуып алмақ болып, қатты сарқырап ағып жатқан бұлақ басына келді. Ол алдымен бір жақ аяғындағы тәпішкені суға тосып, тазалап жуып алды. Іле, екінші сыңарын жуа бастаған. Кенет, аяғы көк шөптен сусып, тайып кетті. Еңкейіп барып, қос қолымен жер тірей құлады. Шолп етіп суға құлаған ақ тәпішке сусып, қолынан шығып кеткен еді. Алақанына су астындағы тастар қатты батты. Ауырсына көтеріле беріп қараса: тәпішкесі жоқ, мойнын созып қараса, сонау жерде судың қатты ағынымен қалқып, ұзап кетіп барады. Қуалап берген. Сол-ақ екен, табанына әлдене кірш ете қалды. Ауырсынып отыра қалған, кәдімгі көп шөңгенің бірі. Көп ойланбай қолының ұшымен тартып қалған. Әлгі орыны дыз ете қалды да, қара қошқыл қан көрінді. Ол бөгелмеді. Жалма-жан бұлақ бойлай жүгірді. Енді бірақ кеш еді. Тәпішке тым ұзап кеткен болатын. Ол дәрменсіз күйде тұрып қалды. Бірақ, бұл жолы бұған ыза болып жыламады. Көңілі құлазып, еңсесі түсіп үйге жетіп қалғанда, әпкесі қарсы шыққан еді. Көзі жасаурап болған жайды айтқан. Әпкесі бұның жүзіне барлай қарап: «ештеңе етпейді Нұршат, тәтемнің дені сау болса, әлі талай аяқ киім алып береді»,- деді.
Бір ауыз сөзі бұған қуат берді. Оның кір-қожалақ жүзінде кенеттен нұр ойнап шыға келді.
* * *
Жадыраған жаз айының базары тарқап, қоңыр күз келді. Аспан жүзін тұмшалап алған қорғасын бұлттар күн сәулесін жасырып, шүйіліп тұрып алғалы қашан. Бірнеше күннен бері жауған күзгі суық жаңбыр да бір толастамай-ақ қойды. Күні кешегі сұлу ақ қайыңдар мен теректердің жасыл жапырақтары сарғайып, үзіліп түсіп, бұтақтары жұтаң тартқан. Ағаш арасында аяғын жайлап басып, ауыр ойдың жетегінде келе жатқан мұның көңілі пәс еді. Жуырда ғана анасы тағы да ауруханаға кеткен болатын. Енді міне, ілгері басқан аяғы кері кетіп, сүйретіліп келе жатыр. Барғысы да келмейді сол үйге. Бірақ, ойланып ұзақ тұруға болмайды, ендігі бөлме іші азынан суып кеткен де шығар. Тек асығу керек. Қазір мұның соның ала бауырлары келеді. Олар да осынау ұясынан бір жылылық іздейді. Әзірге мынау салқындық сызын сездірмеу керек.
Арада аз уақыт өткенде бөлме ішіндегі манағы суықтық сейіліп, көңілсіз тыныштықты мектептен оралған бауырлары бұзды. Ә, дегенде үйдің іші олардың ашық үні мен таза күміс күлкісіне тұнады. Сол сәт Нұршат : «Осындай балаларының базарлы сәтін анамыз ең болмаса сыртынан тамашалап, қарап отырса етті. Қалқайып ортамызда жүргенінің өзіне не жетеді, шіркін-ай»,- деп ойға берілетін.
* * *
Ертеңгілік мұны вокзалдан сіңлісі Сағыныш қарсы алды. Көптен бергі көргені осы, ол есейіп кеткендей. Бойынан бұрынғы ойнақылықтан гөрі салмақтылық басым байқалады. Амандық- саулықтан соң:
-Анам сені әбден сағынған болар,- деді Сағыныш Нұршатқа жанарын
қадаған күйі.
Олар қаланың сырт жағында орналасқан ауруханаға жеткенше біраз уақыт өтіп еді. Нұршаттың көптен тағатсыздана күткен сәті де туды. Аурухана дәлізінде анасын күткен бес минут тым ұзаққа созылғандай көрінді. Жұдырықтай жүрегі кеудесіне сыймай лүп-лүп етеді. Бір қараса анасы келіп қалған екен.
- Ботақандарым-ау, менің! Жылы үні құлаққа жетер-жетпестен үкідей ұшқан екеуі де шешесінің ыстық құшағына жарыса ұмтылған еді. Сағыныштан сарғайып, балаларын күткен ана да мойнына асылған қос қарашығының бетінен өбіп, аймалап ұзақ тұрды. Нұршат әбден мауқын басқан соң, анасына дұрыстап көз тоқтатты. Қатты жүдеген. Көзінің нұры солғын тартқан. Апалы-сіңлілі екеуі де осы сәт таңданыстан аңырып қалған.
- Қатты жүдепсің, тәте.
Оның бар айтқаны осы болды. Осы сәт Нұршаттың ішкі жан дүниесі астан-кестен болып жатқан еді. Шешесінің көзіндегі мұң мен жүзіндегі жабырқаулықты көргенде көкірегі қарс айрылды.
«О, асыл анам. Мынау ем қонбай, мезі қылған ауру біртіндеп қажытып өзіне бағындырайын дегені ме? Бауыр-етің –балаларыңның алдында қуыршықтай шөгіп қайда барасың? Анашым-ау, біз сенің аялы алақаныңның жылы табын сағынғалы қашан? Жыл құсындай болып алыстан жеткенде осындай күйде боласың. Не істеуге болады бұл тағдырға? Бір ай емес, бір жыл емес, он жеті жыл. Кешегі шыр етіп дүниеге келген Жанарың да бүгін он жетісінде гүл жарып, әдемі бойжеткен болды. Оның да өсіп, ержеткенін бір уақыт дұрыстап қызықтай алдың ба?». Қатты толқып кеткен Нұршат анасының аялы қолын жайлап қысып, оның ерте ақ кірген самайына қадала қарап, ой теңізіне батып отырып қалса керек.
- Сіз бақыттысыз...
Нұршат селк ете түсті. Қараса толықша келген медбике әйел бұлардың қасына жақын келіп қалыпты.
-Қараңызшы, балаларыңыз қандай ақылды, әрі көркем бойжеткен болған, деді бұларға қараған күйі.
-Сіз бақыттысыз,- деді ол тағы да ұзай беріп, қайта бұрылып. – Уақыттарыңыз болып қалды,-деді.
Сол сәт анасы да қос құлынына қараған бойы: -Сендерді қолыммен баптап, қанатымның астына алып мәпелеп жеткізе алмадым-ау. Сонда да, міне, қанаттарың қатайды. Енді алысқа ұшыңдар, балапандарым менің! Ал енді ботақандарым, келші, келіңдерші. Анасы екеуінің бетінен, маңдайынан кезек-кезек сүйіп,құшақтап жіберер емес.
Есіктен сыртқа шыға бергенде, бұлардың артынан: -Ботақандарым-ау, сол,- деген анасының үні естілген.
Олар бұрылып қараса анасының жанарынан аққан тамшы жарыса төмен құлапты. Нұршаттың қайта қайырылуға дәті жетпеді. Өзін жыламауға қанша қайрат қылса да, жанары жасқа толып көз алды бұлдырап бара жатты. Алдына түсіп, сіңлісі озып бара жатыр.
-Сағыныш, тоқташы, бірге жүрейік. Даусы қарлығып шықты. Сіңлісі үнсіз.
–Неге жауап қатпайсың, әлде сен де жылап барасың ба?
–Енді ше...