Мыстан кемпірдің ұлы
Ертеде ит тұмсығы өтпейтін ну орманда бір мастан кемпір өмір сүріпті. Әбден қартайып, жүруден қалыпты. Өмір бойы адамдарға жамандық жасап, олардың талайын тасқа, талайын хайуандарға айналдырған екен. Енді соларды қайтадан адам кейпіне айналдырайын десе сиқыры жетпепті. Сөйтіп халықтың қарғысына қалыпты. Төсек тартып, ауырып жатқан мыстан кемпірдің құлағалы тұрған ағаш үйшігінің пешінен бір жылан шығыпты. Ол мыстан кемпір жатқан ағаш кереуетінің басына дейін сусып келепті. Айыр тілін жалаңдатып, ысқырыпты. Мыстан кемпір жаналғыш келген екен ғой деп ойлап, қатты қорқып кетеді.
- Сен менің жанымды алуға келдің бе? –деп сұрапты.
- Жоқ! Сен әлі өлмейсің! Өмір бойы істеген жаманшылықтарыңды түзеуің керек! –депті.
- Мен жасаған қателіктерімді түземек болдым. Бірақ қолымнан келмеді. Аяғым жүруден қалды, қолдарымды да көтере алар емеспін. Жанарым да сөніп барады. Жанымды алсаң, ала бер! –деп мұңайды мыстан кемпір.
- Сен олай деп жалтарма! Шын ниетіңмен әрекет етсең, бәрі де қолыңнан келеді! Мен саған тағы да бір жылдан кейін қайтып келемін. Осы уақыттың ішінде адамдарға істеген жаманшылықтарыңды түзет! –деп жылан қайтадан пешке кіріп кетеді.
Мыстан кемпір сүйретіліп, төсегінен тұрады. Шапанын киіп, белін буынады. Қолына сиқырлы таяғын алып, далаға шықпақшы еді. Ағаш үйінің айналасын өрмекшінің ұясы басып кеткен екен. Таяғымен өзіне жол ашып, әрең дегенде сыртқа шығады. Басын шалқайтып, аспанға қарап еді, төбеде қаптаған қара құстар айналып ұшып жүр екен. Өлексеге жиналатын құзғындардың әрекетін жақсы білетін мыстан кемпір солай қарай бармақшы болады. Жолда келе жатып, ол жерге барғанда не істеймін деп ойлады. Бірақ ойын жинақтағанша алдыңғы жақтан жас нәрестенің іңгәлаған дауысы жетті құлағына. Шыр-шыр етіп жылаған сәбидің үні мыстан кемпірдің жүрегін шымырлатты. Ол жүрісін тездетті. Әйтпесе құзғындарға жем болар деп ойлады. Құзғындар өлексеге жиналған екен. Мыстан кемпір таяғымен ары-бері сермелеп, қара құстарды үркітіп жіберді. Атты адамның сүйектері әр жерде шашылып қалған екен. Атын да, өзін де жыртқыштар жепті. Өйткені бұл орманда қабылан да, жолбарыс та бар. Тіпті қасқырлар да аз емес еді. Мыстан кемпір жылаған нәрестені іздей бастады. Атты адамның өзіне қауіп төнгенін сезген соң құндақтаулы баласын асығыс болса да аман қалсын деген оймен сол маңдағы бір биік самырсынның айыр бұтағына қыстырып үлгерген сияқты. Сол әрекетіне қарағанда аттағы адам әйел болса керек. Өйткені шашылған сүйектердің жанында пәрше-пәршесі шыққан әйелдің киімдері де жатыр еді. Атты әйел кім болды? Бұл маңға қайдан келді? Әрине бұл сұрақтардың ешқайсына мыстан кемпір жауап таба алмады. Ол енді ағаш бұтағындағы баланы жерге түсіріп алуға әрекеттенді. Амалдап жүріп түсіріп те алды. Тездетіп үйіне қайтты. Құндақтаулы шақалақ ұл бала екен. Қарны да ашып, астын да бүлдірген нәрестенің алдымен бұтын құрғатты. Енді баланы немен тамақтандырамын деп ойланды. Өйткені бала әлі емшек еметін еді. Мыстан кемпірдің отын шабатын көне шоты болатын. Соны қолына ұстап, далаға шықты. Не істесем екен деп ойланып тұрғанында бір аққайыңның діңінен шырын ағып тұрғанын көреді. Ол дереу тас ожауын әлгі шырын ағып тұрған жерге тоса қояды. Кезінде өзі де талай сусынын қандырған аққайыңның шырынын әкеліп, сәбидің аузына тосты. Шырынға тойған шақалақ жылағанын қойып, пырылдап ұйықтап қалды.
Мыстан кемпір тәтті ұйқыға кеткен баланың бетіне қарап, ұзақ отырды. Оған қараған сайын мейірімі оянды. Жүрегі елжіреп, оны жақсы көріп кетті.
Сол күннен бастап бала күн санап өсе бастады. Емшек сүтін ембесе де, мыстан кемпір не тамақ берсе де ішіп-жей берді. Осылайша бала бір жылдың ішінде онекі жасқа толды. Мыстан кемпір өлетін күні жақындаған сайын ұлының жағдайына алаңдай берді. Өйткені жаналғыш жыланның оралатын уақыты жеткен еді. Жылан оралғанша ұлына сиқырлы таяғының қасиетін үйретіп үлгермеді ғой. Бір күні ол ұлын қасына шақырып алып, былай деді:
- Ұлым, мен жақын күндері о дүниеге аттанамын. Сондықтан мені жақсы-лап тыңдап ал. Айтқандарымды бұлжытпай орындайтын бол. Мен өмір бойы адамдарға кесір келтіріп, жаманшылық жасадым. Адамдардың бақытын ұрладым. Мына таяқ сиқырлы таяқ. Жақсылыққа сілтесең, ісің оңғарылады. Ал жаманшылық болсын десең, адамды тасқа немесе хайуанға айналдыруға болады. Мен сені осы жасыңа жеткенше иманды, адал болуға тәрбиеледім. Енді мен өлген соң саған ақыл айтып, тура жол көрсететін тек өзіңнің ақыл-парасатың мен жүрегің ғана. Жүрегің нені қаласа, соған бағынасың.
Анасының мына сөзі балаға ой салды. Бұл кісі өзі жасаған қателіктерін түзеуді маған тапсырып отыр деп түсінді.
- Апа, сіз өмір бойы адамдарға жамандық жасадыңыз. Ал енді өлер алдында маған қандай аманат қалдырасыз? Сіз өкінбейтіндей қандай іс қылайын? –деп сұрады.
- Мына таяғым аманат! Мұны игілікті мақсатыңа пайдалан!
Мыстан кемпірдің соңғы демі таусылар сәтте айтқан сөзі осы болды. Өйткені пештен шыққан жылан оның жанын алып қойды. Жыланның келгені де, анасының жанын алғаны да баланың көзіне көрінбеген болатын. Жаналғыш жылан мыстан кемпірдің аузына кіріп, ғайып болды. Ұлы анасын арулап, жер қойнына тапсырды. Енді қалай өмір сүремін деп ойланып отыр еді, үйдің босағасында сүйеулі тұрған сиқырлы таяқ былай деп адамша сөй- леп кетті:
- Сен әлі жас болсаң да қолыңнан көп нәрсе келеді. Қалай өмір сүремін деп қиналып тұрғаныңды көріп тұрмын. Алғашқы қадамыңды туған анаңның аң-құстарға жем болып, шашылып жатқан сүйектерін жинастырып, жер қойнына тапсырудан баста. Онсыз ісің алға баспайды!
- Анамның сүйектерін қайдан табамын?!
- Жүр, мен жол көрсетемін!
Сиқырлы таяқ баланы осыдан бір жыл бұрын туған анасы мерт болған жерге ертіп әкелді. Әр жерде ақжем болып шашылып жатқан сүйектерді бір жерге жинастырған бала сол маңға жерледі. Анасының басында отырып, білген дұғасын оқып, бетін сипады.
- Ал енді анаңның жаны жаннатқа барады. Жолың оңғарылады. Мен кезін-де мыстан кемпірдің күштеуімен көп адамдарды жансыз денелерге айналдыр-ған едім. Енді сен екеуміз оның қателіктерін түзеуіміз керек. Қане, баста алға! –деп сиқырлы таяқ баланың алдына түсіп алып, орманның ішіндегі соқпақ жолмен жүріп кетті. Орманның шетіне шыққанда алдан биік-биік жартастар кездесті. Сиқырлы таяқ кілт тоқтап қалды.
- Сен неге тоқтадың?! –деп сұрады бала.
- Мына жартастарды көріп тұрсың ба?
- Иә. Көріп тұрмын.
- Бұлар адамдар! Бір ауылдың адамдары! Олар мал-жанымен елін шапқан жаудан қашқан кедей ауыл еді. Жаудың қолбасшысы мыстан кемпірді бұларды тасқа айналдырмасаң, өзіңді дарға асамын деп қорқытып, жанын қинаған соң тасқа айналдырды. Содан бері көп жылдар өтті. Әне, анау жартастан жылт-жылт етіп ағып тұрған тамшыларды көріп тұрсың ба?
- Иә, көрдім.
- Көрсең, ол адамдардың көз жастары! Енді сен оларды оят!
- Мыстан кемпір маған сиқырлы сөзін үйретпеді ғой? Енді қандай сөзді айтуым керек?!
- Мен саған сиқырлаудың құпиясын айтпаймын. Ал сиқырдан құтқарудың жалғыз жолы иеттің адалдығы! Аллаға сиынып, жақсы тілек айтуың керек. Өзің жақсылап ойлан.
Сиқырлы таяқтың сөзі баланың жанына жаққандай әсер етті. Қандай сөз айтсам екен деп бір сәт ойланып, тұрып қалды. Бір кезде ол:
- Ақ таяғым, бақ таяғым! Теріске баспа, оңыма баста! Ұйықтағандар оянсын! Өз үйлеріне оралсын! –деп дауыстады бала. Осы кезде аспанда күн күркірегендей жойқын дыбыс естілді. Жер сілкінгендей жартастар сатыр-сұтыр жарылып, сынықтары төменге домалап, құлай бастады. Ұйқыларынан оянғандай, адамдар керіліп-созылып, есінеп, оянып жатыр. Айдаған малдары да, жүк артқан ат-өгіздері де бойларына қан жүгіріп, қозғала бастады. Мына көрініске баланың аузы ашылып, таңғалып тұр. Мұның бәрі қаршадай баланың қолынан келген іс екеніне адамдар сенер-сенбесін білмеді. Олар мыстан кемпір тұр ма деп алаңдай бастады.
- Бәрі көрген түстей артта қалды! Уайымдамаңыздар! Тіршіліктеріңізге орлыңыздар! –деп дауыстады бала. Сөйтті де өзі алға қарай жүріп кетті. Артына бұрылып қарамады. Өйткені оны сиқырлы таяғы асықтырған еді. Әлі де істейтін істері көп еді. Бала ұзақ жол жүрді. Қаншама хайуандарды, тастарды тірілтіп, адам кейпіне оралтты. Адамдарға жақсылық жасағанына жаны сүйсінді. Жер бетінде адамдар көбейді. Бәрі де баланың сиқырлы асатаяғынан бойларына жан бітіп, жүректері қайта соға бастағанын біле бермейді екен. Ал бала болса адамдардың көздеріне көрінбей, көк аспан мен қара жердің арасында сағым- елестей қалқып жүреді ылғида. Оның жүргенін иман жүзді адал адамдар ғана көріп-сезеді. Өйткені ол періште болатын.