Адам қарады: 94 | Жарияланды: 2020-08-03 09:24:53

Кітапқұмар Сайра

 Сағат кешкісін сабағына дайындалып болған соң қолына қызықты кітаптың бірін алды. Далада күн ызғарлы. Күзде күн ерте батады. Осындайда кітап оқып отырғанға не жетсін!

    Жанына өзінен алты жас кіші қарындасы Сайра жетіп келсін.

- Сен қандай кітап оқып отырсың? – деді бетіне қарап. Қос жанары жұлдыздардай жарқ-жұрқ етеді.

- Түу! Сайра, ана жаққа баршы! – деді Сағат жақтырмай. – Оны қайтесің? Бәрібір оқи алмайсың.

- Суреттерін көрейінші.

- Бұл кітапта суреттер жоқ, - деп Сағат тыржаң етті.  

- Неге жоқ? Сыртында бар ғой!

- Сыртында бар, ішінде жоқ. - Ағасы мазасыз қарындасынан тезірек құтылғысы келіп, кітаптың ішін көрсетті.

    Сайра төрт жаста болса да ширақ. Бәрін білгісі келіп тұрады. Үйде әке-шешесіне сұрақтарды жаудырып: «Анау не? Ол не үшін керек?» деп әбден естерін шығарады. Көп білгісі келеді-ақ. Бірақ мұны үлкендер түсінбей жүр. Әкесі жұмыстан келіп, Сағаттың кітабынан екі есе жуан кітапты оқып отыр.

- Әке, кітап қайдан шығады? - деп сұрады Сайра. Еркелеп әкесінің алдына отырып алды.

- Қызым, барып бөлмеңе ойнай қойшы, - деп Сағдат  әкесі басынан сипады. 

- Әке, айтыңыз, кітап қайдан шығады? – деп қыңқылдап қоймаған соң кіржіңдеп,  көзілдірігі әйнегінің астынан қинала қарап:

- Көріп тұрсың ғой қызым, әкең кітап оқып отыр, мамаңнан барып сұрай ғой, - деп шығарып салды. Сайра әкесін өте жақсы көреді. Жақсы көрген адамын ренжітуге бола ма? Амалсыз ас үйге келген. Шешесі екі білегін түріп, ыдыс-аяқ жуып жатыр екен.

- Мам, кітап қайдан шығады? – деп сұраған. Бірақ дауысы құмығып шықты. Шешесі жұмыстан келгенше үйдің іші ыбырсып кеткеніне күйгелектеніп тұр еді.

- Барып, теледидардан мультфильм көре тұршы, көріп тұрсың ғой, қолым тимей жатыр, - деп шешесі де сұрағына жауап бермеді. Жауап бергісі келеді-ақ. Бірақ Сайраның сұрақты қарша борататынын біледі. Біледі де, басын ауыртқысы келмейді. Міне, енді ағасы да мұны қақпайлауын қояр емес.

- Суреті жоқ кітаптар қызық емес қой, иә? – деді Сайра тықақтап.

- Неге қызық емес? Қызық болғанда қандай! – деді ағасы жұлып алғандай. – Тек мағынасын түсінсең болды.

   Сайра анасы дүкеннен сатып әперген электронды әліпбидің тетіктерін басып, біраз әбігерге түсті. Екі қиғаш таяқша мен ортасында көлденең жатқан таяқшасы бар әріпті басып қалып еді «А» деген дыбыс шықты. «А» деді өзі де ауызын ашып. Дөңгелекке ұқсайтын әріптің астындағы тетікті басып еді «О» деп үн қатты. «Ә, бұл о деген әріп екен ғой» деді іштей Сайра өзінше бір жаңалық ашқандай. Сөйтіп, ағасы сабақта болғанда әріптерді басып жүріп біразын үйреніп алды. Бірақ тез зерігіп ағасының жанына қайта келді.

- Г-г-а-р-л-и...

- Гарли емес, Чарли, - деп түзетті ағасы.  – «Чарли және шоколад фабрикасы».

- Чиколад! – Сайраның екі көзі жайнап кетті. – Сонда ол бала чиколад жеген бе?  

- Қайдан білейін, мен әлі бұл кітапты оқып болған жоқпын.

- Ал, мына жерде не деп жазылған?

- Британ аралдары халықтарының ертегілері.

- Ертегі? Аға, маған ертегі оқып берші!

- Ой, мазамды алмашы. Мамаға айтсаң саған қызықты ертегі айтып береді.

- Мама ыдыс жуып жатыр.

- Онда әкеге бар.

- Әкем кітап оқып отыр.

- Мен де кітап оқып отырмын.

- Т-о-м. Том. С-с-о-й-й-е-р. Сойер. Б-а-с-ы... – Сайра ежіктеп оқи бастады.

- Түу, баршы енді. Бұл кітапты оқу саған әлі ерте. Мен мұны саған бере алмаймын. Жыртып қоясың. Сосын маған кітапханашы апай ұрысады.

- Бұл кітапты саған кітапханашы апай бере ме?

- Иә. Сен кішкене өс. Мектепке барғанда әріптерді үйренесің. Сосын кітапханашы апай саған да кітап беретін болады.

- Рас па? – деп қуанып кетті Сайра.  – Сонда маған да кітап бере ме?

- Әрине, береді.

- Алақай! – деп Сайра анасына қарай жүгірді. Ас үйді басына көтере айғай салды.

- Мама!

- Не болды тағы?!

- Менің кітап алғым келеді.

- Иә, иә, аламыз, - деді анасы күйгелектене қара қазанның күйесін қырып жатып.  

ІІ

    Арада бірнеше күн өтті. Сайраның тәтті қылықтарына үй ішіндегілердің бәрі күле беретіні несі? Әкесі архитектор болатын. Ол үнемі неше түрлі сызбаларды қарандашпен сызып отырады. Сайра  шешесіне жүгіріп барып:

- Мама, әкем сурет салып жатыр, бірақ суреттері маған ұнамайды.

- Неге ұнамайды?

- Өйткені бояуы жоқ, әкем өскенде жақсы суретші бола алмайды.

- Неге? – анасы таңырқап, өзіне қарсы сұрақ қойды. Тіпті күліп те жіберді.  

- Өйткені, ол кішкентай кезінде бояп үйренбеген. Суретті қалай бояу керек екенін ешкім үйретпеген.

 Сайраның бұл сөзіне шешесі де, әкесі де мәз болып күлген.

-  Құлыным-ау, суретші болу үшін кітапты көп оқу керек. Сосын сурет салуға деген қабілет керек.

- Қабілет? Ол не?

- Ол... ол... – анасы жауап бере алмай, мүдіріп қалды.

- Мама, сен де кітапты аз оқыдың ба? – деді Сайра анасының қиналып кеткен түрін көріп.

- Иә, аз оқыдым. Ал, бәрін білуі үшін көп оқуың керек.

- Түсіндім, - деді Сайра мұңайып.     

ІІІ

     Сайра балабақшаға барады. Ол жерде өзі секілді балалар көп. Ойыншықтар да мол. Доп дейсіз бе, қуыршақ дейсіз бе, бәрі бар. Ұлдар  - көлікпен, қыздар жұмсақ аюмен алысып жатқанда Сайра ештеңеге қызықпай, сөреде тұрған суреті бар кітаптарға қызыға қарап тұрды.

-  Сайра, келе ғой, бізбен ойнасаңшы, - деп тәрбиеші Алма апайы қолынан ұстап, балалардың жанына әкелді.

- Ой, көйлегің қандай әдемі! Мамаң сатып әперді ме?

- Иә.

- Сен неге ойнамай тұрсың?

- Ойнағым келмейді. Кітап оқығым келеді.

- Кітап оқығың келе ме? Қазір, қазір, саған қызықты ертегі оқып берейін, - деп тәрбиеші апайы «Алтын сақа» ертегісін оқи жөнелді. Мұндайда Сайра мұқият тыңдап, ертегілер әлеміне еніп кететін. Қиялы арқылы әлемді шарлап, саяхатшы болып жүретін. Бірде қызық болды. Сайра балалардың барлығын жинап, бір қызық ойын бастады.

- Мен саяхатшы Сайрамын! Ал, сен, - деді Бекжанға. – Біз жүзетін теңізде кеме капитаны боласың!

- Ура! Мен капитан болам! – деді Ержан жұлып алғандай.

- Ержан, сен ұшақ басқарасың. Ұшақ капитанысың. Дүние жүзін шарлаймыз, ұқтың ба?

- Ұқтым.

- Ал, мен кім болам? - деді елеусіз қалғысы келмейтін Олжас.

- Сен пойыз жүргізушісі боласың, жақсы емес пе? Пуф-пуф деп пойыз жүргізесің. Ал қалған бәріміз саяхатшы боламыз.

- Ура! – деп айғай салды балалар. Олар әуелі бір-бірінің белінен ұстап, пойыз болып ойнады. Сосын кеме секілді толқып жүзді, ең соңында қолдарын екі жаққа сермеп ұшақ болып ұшты. Бірақ балалар бұл ойыннан тез зерігіп, Сайраға бағынбай кетті. Қыздар – қуыршаққа, ұлдар құрамалы конструкторға жармасты.

   «Мен кемені де, ұшақты да басқара алмадым. Өйткені мен қалай басқару керек екенін білмеймін. Сол үшін кітаптан оқып алуым керек, - деп ойлады Сайра. Сол күннен бері үйдегі электронды әліпбиден әріптерді үйрене берді.      

ІV

  Сағат күнде сабағына дайындалып, бестік баға алады. Мектеп үйден алыс емес, қарсы беттегі әсем ғимарат. Көшеден өтсе болғаны, лезде жетіп барады. Мектепте кітапхана бар. Балалар өздеріне ұнайтын қызықты кітаптарды осы жерден алатын. Сағат осыдан он бес күн бұрын кітапханадан бірнеше кітап алған. Соларды қайтаратын уақыт та болып қалыпты. Кешке үйге келгенде сол кітаптарды оқып, өзін мазалай беретін Сайраға мазмұнын айтып беретін. Ол ас үйдің маңдайшасында ілулі тұрған сағатқа қарады. Үшке он бес минут қалыпты. Сағат сырт киімін әзірлеп, сыртқа шықпақшы болды. Есіне бөлмеде қуыршағымен ойнап отырған Сайра түсті. Әке-шешесі жұмыста. Қарындасына қарайтын ешкім жоқ. Олар күн сенбі болған соң Сайраны бұған сеніп табыстап кеткен. Оны үйде жалғыз қалдыруға болмайды. Үтікті тоққа тығып, жуынатын бөлмедегі суды ағызып, бір нәрсені бүлдіруі мүмкін. Амалсыз қарындасын өзімен бірге алып баруға тура келді. Мұны Сайраға айтқанда қалай қуанғанын көрсеңіз.

- Алақай! Мен кітапханаға барам!  - деп ағайлап, үйді басына көтерді. Үстіне ақ куртка мен бас киімін, аяғына етігін киді.

  Екеуі қол ұстасып далаға шықты. Күз болса да далада күн суық. Қазан айының өкпек желі ызғарлы. Бет шыдатпайды. Сағат бағдаршамның жанына келгенде кідіріп қалды. Жанына әрі-бері көліктер зуылдап өтіп жатыр.

- Бағдаршамның қызыл түсі жанып тұр. Бұл кезде тоқтау керек, иә? – деді Сайра ағасына қарап.

- Иә.

- Ал, сары түсі жанғанда ше?

- Ол кезде жолды кесіп өтуге дайындаламыз.

- Жасыл түсі жанғанда жүреміз ғой, иә?

- Иә. Жасыл түс жанғанда көшеден өте беруге болады.

- О, Сағат, қарашы, сары түс жанды. Міне, енді қызыл түс.... Жүреміз бе?

- Тоқта! Қолымнан жіберме! Жан-жағымызға қарап алуымыз керек, - деді Сағат ағасы.  – Көлік қатты келіп тоқтай алмай қалуы мүмкін. Абай болу керек!

  Сағат пен Сайра кітапханаға кірді. Кітапханашы апай екеуіне қарап:

-  Қалдарың қалай, балалар? Қандай кітап аласыңдар?   - деді.

- Маған «Жабайы алманы» беріңізші, - деді Сағат.

- Мен де кітап алғым келеді, - деді Сайра.

- Сен оқи аласың ба? – деп сұрады кітапханашы Райхан апай.

- Ол оқи алмайды, - Сағат қарындасының орнына жауап берді.

- Маған кітап беріңізші, үйде әріптердің бәрін үйреніп алған соң оқимын, - деп қиылды Сайра.     

- Есімің кім?

- Сайра.

- Сайра, сен әуелі оқып үйреніп ал. Сосын саған қалаған кітабыңды беремін, жарай ма?

  Сайра өзінің оқи алмайтынын ойлағанда күйініп кетті. Өзі бұзылып кеткен.

-  Мүмкін, саған суреті бар кітап берермін, - деді кітапханашы кішкентай қызды жұбатпақ болып.

- Жоқ,  - деп кесіп айтты Сайра.  – Суреті бар кітаптар мен де бар. Мен оқи алатын кезде келемін!

- Жақсы, - деді кітапханашы күлімдеп.  – Әріптерді үйреніп, оқи алатын кезде келе ғой. Саған қызықты кітаптар әзірлеп қоямын.

   Ағасы кітап алған соң үйге қайтқан. Сайра көңілсіз келе жатты. Ол өмірінде оқыған адам мен оқымаған адамның тең емес екенін сезді.

V

    Сайра көп күн көңілсіз жүрді. Үйде электронды тақтаның тетігін басып үйренген әріптерді ұмытып қалмайын деп, көз алдына елестетіп, іштей қайталады. Балабақшаға  қалам мен қағаз апарып, әріптерді еске түсіріп жаза бастады. Ата, апа, ана деген сөздерді баттитып жазды. Бұл жетістігіне өзі мәз болды.

-  Әріп үйреніп жүрсің бе? Саған әлі ерте емес пе? – деп тәрбиеші апайы таңырқады.

- Ерте емес,  - деді Сайра.  – Менің тезірек оқығым келеді.

- Жақсы, ендеше жаза бер, мына әріптерді жақсы жазыпсың, - деп Алма апайы мерейін өсіріп қойды. 

   Арада екі апта өткенде Сайра әріптерді түгел жаттап алды. Қысқа сөйлемдерді ежіктеп оқып, мағынасын түсінетін дәрежеге жетті. Әрине, анасы қызының талпынысын қолдап көмектеспесе, бір өзі үйрене алмас еді. Оқи білген қандай керемет, ешкімге жалынбайды. Бір айдан кейін әкесінің газетін де іркілмей оқитын болды.

-  Менің түстен кейін дайындығым бар, мектепке баруым керек, - деді Сағат.  – Мұғалім қосымша сабаққа шақырған.

- Мен де барайыншы, - деді Сайра сырт киімін киіп жатқан ағасына жәудірей қарап.

- Болмайды, мені ұзақ күтіп қаласың. Саған қарай алмаймын. Есікті сыртыңнан жауып кетемін. Папа мен мама келгенше қуыршағыңмен ойнап отыр.

- Ой, менің ішім пысады. Барайыншы, - деп қиылған Сайраның есіне бір нәрсе түсіп.  – Мен мектеп кітапханасына барам. Өзіме қызықты кітап алам. Кітапханашы апай оқи алатын кезде кел деген.

     Ағасы сағатына қарады. Үшке он бес минут қалыпты. Тездетпесе кешігуі мүмкін. Әке-шешесі жұмыста, қарындасына қарайтын ешкім жоқ. Сайраны жалғыз қалдырып кетуге болмайды. Үтікті тоққа тығып, крандағы суды ағызып, бір нәрсені бүлдіруі мүмкін. Амалсыз қарындасын бірге алып кетуге тура келді. Мұны Сайраға айтқанда қалай қуанғанын көрсеңіз.

- Алақай! Мен кітапханаға барам! – деп Сайра үйді басына көтере дауыстап жіберді. Тіпті қатты қуанғаннан бір орнында секіріп алды. Қос жанары бал-бұл жайнап, асығыс киінді.  Үстіне әдемі ақ курткасын, басына гүлді бас киімін киді. Күз мезгілі болса күн суық. Қараша айының өкпек желі ызғарлы.

        Сағат пен Сайра мектепке кірді. Сайра күзетші ағайға; «Сәлеметсіз бе?» деп ізетпен амандасты. Ол ылғи өстиді. Ал қоштасарда «Сау болыңыз!» деуден жалыққан емес. Өткен жолы да ұзын бойлы, жүзі жайдары ағайға таңдайы тақылдап сәлем берген. Үлкен адамдардың өзі күзетшіні көзге іліп амандаса бермейді, ол болса Сағатпен мектепке жиі келетін сүп-сүйкімді кішкентай қыздың амандасқанына кәдімгідей қуанып қалады. Екеуі кітапханаға апаратын дәлізге қарай бұрылды. Таныс есікке енгенде алдарынан кітапханашы апайы қарсы алды.

- Қалдарың қалай, балалар? Қандай кітап аласыңдар?

- Райхан апай, маған «Менің атым қожаны» беріңізші, - деді Сағат. – Бірақ қазір сабаққа баруым керек, қайтар кезде алып кетемін.

- Мен де кітап алғым келеді, - деді Сайра.

- Сен оқи аласың ба?

- Иә, - деді Сайра. – Мен барлық әріптерді үйреніп алдым.

- О, талабың зор қыз екенсің! Жарайсың! – деп кітапханашы таңырқап қалды.  

- Райхан апай, мен қосымша сабақтан шыққанша қарындасым сіздің жаныңызда отыра тұрсыңшы, - деді Сағат.

- Жарайды, отыра тұрсын, - деді кітапханашы кішкентай қызға қарап. – Сенің атың Сайра емес пе еді?

- Иә, Сайра.

- Сайра, қазір саған қызықты ертегілер әкеп берейін.

   Қоңырау соғылып, Сағат сыныбына қарай асықты. Сайра ағасын ұзақ күтті. Кітапханашы апай берген кітаптарды оқып, әбден шаршады. Кітапханаға келетін оқушылардың қатары да сирей бастады. Оқу залы жып-жылы екен, маужырап ұйқысы келіп, есіней берді. Кішкентай қыз мыңдаған кітап самсап тұрған сөрелерге қарап қызығып кетті. Орнынан тұрып, тіз қатар тізілген сөрелерді аралап, кең бөлмеге кірді. Үйге бір қызықты кітап апарайын деген оймен еденге отыра кетіп, төменгі сөредегі кітаптарды бірінен соң бірін суыра берді. Сәлден соң көздері жұмылып, кітаптардың үстіне жатып, ұйықтап кетті.

   Бұл кезде қараңғылық түсе бастаған. Кітапханашының телефоны шырылдай жөнелді.

-  Алло...

- Райхан апай, бұл сіз бе, мен көршіңіз Азатпын ғой. Сіздердің үйлеріңізден төбемізге су  ағып жатыр.

- Не дейсің? Су... Ойбай, қазір барам, балалар бір нәрсені бүлдірген шығар. Бұлар бірнәрсе бүлдірмесе жүре алмайды.  

  Кітапханашы апыл-ғұпыл сырт киімін киініп, оқу залын көзімен бір шолып өтті де,  есікті құлыптап, үйіне асықты.

    Сағат сабақ біткен соң кітапханаға келіп еді. Есік жабық тұр екен. Кітапханашы апай бір жерге шықпақ болып, өзімен бірге Сайраны ертіп кеткен шығар деп ойлады. Бұл кезде даланы қараңғылық басып, қас қарая бастаған. Шелегін салдырлатып еден жуып жүрген апайдан сұрап еді, кітапханашының бағана кетіп қалғанын айтты. Бірақ жанынан кішкентай қызды байқамапты.

    Сағат не істерін білмей, ақыры үйіне қайтты. Жол бойы қарындасын ойлаумен болды. Қараңғы көшеде самаладай жарқыраған шамдар да көңілін көтере алмады. Өзі тұратын  үшінші қабатқа қарап еді, пәтер шамы жанып тұр екен. Әке-шешесі де жұмыстан келгенін білді. Олар мұның жалғыз келгенін көре сала:

-  Сайра қайда? – деп таңырқай сұрады.

- Бағана кітапханашы апайдың жанына қалдырып кеткенмін, сабақтан шықсам, кітапхананың есігі жабық тұр екен.  Мен апай үйіне алып кеткен шығар деп ойладым.

   Анасының жүрегі бір сұмдықты сезгендей дүрсілдей жөнелді. Дереу Сағаттың сынып жетекшісіне хабарласып, кітапханашыға қоңырау шалған.

- Алло, кітапханашы Райхан апайдың үйі ме екен?

- Иә, иә, тыңдап тұрмын.

- Мен 5 сыныпта оқитын Сағаттың мамасы едім. Сағат бағана сіздің жаныңызға қарындасын қалдырып кетіп еді.

- Қарындасы...  – Сол сәтте кітапханашының есіне кішкентай Сайра түсті.

- Ойбай, оны Сағат ертіп алып кеткен жоқ па? Мен кітапхананы жапқан кезде ешкімді байқамадым.

- Не? Не дейсіз?! – Сайраның мамасы жанұшыра дауыстап жіберді. - Қызым, қызым қайда менің?!

- Сабыр сақтаңыз, мен қазір мектепке барамын, сол жерде кездесейік, - деп Райхан телефон тұтқасын қоя салды. Өне бойын тер басқан. Қаршадай қыз қайда кетті екен? Мектеп ішінде адасып, көшеге шығып кетті ме? Жүрегі алқымына тығылып, дүрсілдей соқты. Сайраның анасының тілі күрмеліп, көздері бақырайып, отағасына қарады.

- Сайра, Сайра жоғалып кетті!

- Не?! Жоғалып кеткені қалай?!

- Мектепке кеттік, іздейміз...

    Бұл кезде даланы қою қараңғылық басып, аспандағы жұлдыздар жарқырап тұр еді.  Мектеп күзетшісі Бекет шыңғырған ащы дауысты естіп, кітапхана жаққа қарай жүгірді. Іште кішкентай қыздың бақырған дауысы естілді. Құлыптаулы есікті аяғымен бір теуіп сындырып, қабырғадағы тетікті басып қалып, жарықты жарқ еткізді. Әп-сәтте бөлме іші жарқырап сала берді. Қарсы алдында бір кітапты құшақтап жылап тұрған қызды көріп, құшақтап, көтеріп алды. Сайра әлі солқылдап жылап тұр еді.

- Жылама, бәрі жақсы, мен күзетші Бекет ағаңмын ғой, қазір сені мамаңа апарамын, - деп басынан сипады. Бұл кезде ұстаздар да келіп жетті. Көп кешікпей мектепке кітапханашы апай, Сайраның әкесі мен шешесі жарыса кірді. Анасы қызының аман-есен екенін көріп, тұра ұмтылды.

- Мама! – Сайра күзетші ағасының қолынан сырғып түсіп, анасына қарай жүгірді.

- Құлыным! Ботақаным менің! – деп анасы Сайраны құшақтап алып, бетінен шөлпілдетіп сүйе берді.

- Мен сені жақсы көрем мама! Жақсы көрем! - деді еңіреген Сайра.

- Мен де сені қатты жақсы көрем. Жылама қызым, бәрі жақсы. Міне, көрдің ғой, әкең де келді.    

   Сайра енді әкесінің мойнына асылды. Мектепке алқынып жеткен кітапханашы Райханның маңдайы шып-шып терлеп кетіпті. Маңдай терін сүртіп, жүзіне күлкі үйірілді.

- Бәрімізді әбден шошыттың ғой, - деді ол күлімдеп. – Біздің ең кішкентай оқырманымыз кітапты өте жақсы көреді екен, түнге дейін оқып, кітапханада қалып қойғанын қарашы! – деді кінәсін жуып-шайып.

- Сіз Сайраның кітапханада екенін қайдан білдіңіз? – деді әкесі күзетшіге қарап.

- Бұл кішкентай қыз мектепке келген сайын менімен міндетті түрде сыпайы амандасады. Ал кетерінде «Сау болыңыз, ағай!» деп қоштасып кететін. Бүгін амандасты да, қоштасқан жоқ. Сағаттың жалғыз кетіп бара жатқанын көргем. Кішкентай қызды үлкендердің бірі алып кетті ме, мен қалай көрмей қалдым деп ойладым. Мектеп үлкен ғой. Бағана ағасы екеуінің кітапхана жаққа кетіп бара жатқан. Жаңа қыздың шыңғарған дауысын естіп, ойыма бірден Сайра келді. Содан кітапханаға қарай жүгірдім. Қалғанын өздеріңіз де білесіздер, - деді күзетші болған оқиғаны баяндап.   

- Сайра, сен неге апайыңның жанынан кетіп қалдың? - деп сұрады анасы.

- Мама, кітапханада қызықты кітаптар өте көп екен. Соларды оқып жатып, ұйықтап кеттіппін. Апай мені байқамай қалды.

- Не де болса бұл бір естен кетпес оқиға болды, -  деді кітапханашы Райхан. – Бағана үйдегі жүгірмектер кранды ашып, астыңғы қабатта тұратын көршілердің төбесінен су шорылдатып қойыпты. Содан есім шығып, асығып кішкентай қызды мүлдем ұмытып кетіппін. Сіздерден кешірім сұраймын!

- Оқасы жоқ, - деді Сайраның анасы. – Бұл оқиға бәрімізге үлкен сабақ болды. Сайраны уайымдап қатты шошып кеттім ғой.

   Сайраның қуанышында шек жоқ. Ол өмірінде әкесі мен шешесін, ағасын күзетші ағай мен кітапханашы апайды қатты жақсы көріп кетіп еді. Жақсы көргені соншалық, бағана оқыған кітабын қолынан тарс қылып ұстап алыпты.

- Апай, мына кітапты алайыншы, - деді Сайра жылағанын қойып. Жақсы көретін адамдары көріп, жүзі жадырап кетті.  

- Ала ғой, үйіңе апарып оқы. Сен өзі кітапты өте жақсы көретін қыз екенсің. Енді саған үнемі кітап беріп тұрамын,- деді кітапханашы апайы күлімдеп.

   Барлығы қуанышты еді. Мұғалімдер «Сайра қашан біздің шәкіртіміз болар екен?» дегендей кішкентай қыздың зор талабына қуанып, сүйсініп тұрды.           

                                                                                                        

 

     

 

 

 

  

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған