Адам қарады: 420 | Жарияланды: 2020-09-15 16:28:08

Жеңге

Интернатта оқып жүргенімде мені үнемі бір бейтаныс әйел іздеп келетін. Өзін "жеңгеңмін" деп таныстырған. Қандай жеңгем екенін ол айтпапты, мен сұрамаппын. Әр келген сайын қолында жеміс-жидек салған жемсауы, басында алқызыл абадогі, аяғында ескі үлгідегі балеткасы. Сол аяғынан сылтып басатын. Жүрісінің шойнақтығы ғана болмаса, басқа болмыс-бітімі сау. Мені шақырғанда, балалар "ақсақ тәтең келді" деп мазақтап шақыратын. Басында қысылып жүрдім. Кейін мән бермей кеттім.
Жеңгем сөзге сараң. Көбіне мен әңгіме айтам, ол қосылады. Сосын бұйра шаштарымды салалы саусақтарымен тарамдап отырып, әлдене есіне түскендей көзіне еріксіз жас алады. Онысын түсінбесем де, жаралы кейпіне жаным ашып, әзіл айтамын. Ол күледі. Осылайша жайдарлы әлем қайта өзін табады.

Бірде демалыс күндері өзіне шақырды. Бардым. Тоғыз қабатты тұрғын-үйлердің бесінші қабатында тұрады екен. Үй деген аты ғана болмаса тым жұпыны. Кеңес үкіметінен қалған иін тірескен ескі үйлер бір-біріне иық сүйеп әрең тұр.
- Бұйырғаны осы болды - деді лажсыз кейпіме қарап. - Осы үйде міне он бір жыл күнелтіп келемін... Айтпақшы, сен ұнжырғаң түсіп кеткенде әкеңе ұқсап кетесің. Білесің бе соны?
- Әкемді танисыз ба?
- Ия, бала кезден бірге өстік. Ол мені үнемі қорғап, қолпаштап жүретін. Ол қайтқаннан кейін, өзімді өзім қорғауға тура келді.
Баяу ғана жымиды. Өз мұңын жасырған кезде осылай жымия салатыны бар екен. Осы жолы да сонысын қайталады.
- Сен биыл нешедесің?
- Он үште.
- Жігіт бопсың ғой. Мектеп бітірген соң қайда түсесің?
- Мүмкін КаЗГу-ға. Әлі шешпедім.
- КаЗГу жақсы. Әкең де сонда оқыған. Одан хабардар шығарсың.
Мен басымды шайқадым. Негізі білетінмін, бірақ ол туралы айтқым келмейді. Жалпы әкем жайлы әңгіме маған жақпайды. Мені тастап, басқа әйелге кеткен соң ба, өкпем қара қазандай. Білуімше екінші отбасымен де бақытты бола алмапты. Араға жыл салып дүние салған. Жас күнінде жасаған былықтарын жақтырмай әжем де кейіс білдіріп отыратын. Айтуынша анамды жиі ұратын, маскүнем болған, бір-екі рет түрмеге түскені де бар екен. Қайсыбірін санамалап жатайын. Өз кезегінде қателік жасады, ғұмырын баянды ете алмады - өз таңдауы. Менің оған ренішім де, іші-бауырымды езілтіп бара жатқан сезімім де жоқ. Баяғыда кешіргем.
Екі бөлмелі шағын пәтердің есігінен ене бере көзім бірден шығыс жақтағы терезеге түсті. Болмашы сәуле төгіп тұрса да сондай жарық екен. Алдына екі түп жалбыз гүлі қойылған. Үй ішін жалбыз исі жайлап кетіпті. Және кітаптардың исі.
- Саған қандай кейіпкер ұнайды?- деді жеңгем кітаптарын нұсқап.
- Бальзактың Гобсегі.
- Неге, ол нағыз сараң, сұмпайы кейіпкер емес пе?
-Білмеймін, мен әлі сұмпайының кім екенін білмеймін-. "Мүмкін әкем шығар" деп қосып қойғым келді. Бірақ бұл ойымнан дереу айныдым.
-Мен шәй қойып жіберейін- деді пальтосын іліп жатып. Ол асханасын сыңғырлатып біраз жүрді. Мен кітаптар арасынан өзіме таныс авторларды іздеп әлекпін. Таптым; Хэмингуей, Скот, Томас, Ремарк...
- "Жоғалған ұрпақтарды" сүйіп оқисың ба?-деді күтпеген дауыс. Артыма жалт қарап едім, подносын көтерген жеңгем тұр екен. Ыңғайсызданып қалдым.
- Иә - дедім сасқанымнан.
- Мен де сүйіп оқимын. Тіпті осыларды алу үшін аптасына екі рет қаланың анау басындағы кітап дүкеніне барып тұрамын.
- Мен де өзімді жоғалған ұрпақ сезінемін-дедім мен кеудемді белгісіз бір мұң кернеп.
Ол үндемеді. Үстел үстіне шайын асықпай қойды да, абадогін алып, орындыққа жайғасты. Маған баяу қимылмен шай ұсынды. Араны сәттік үнсіздік басты. Әркім өз ойымен әуре. Әлдене уақыттан кейін тосыннан сұрақ қойды.
- Егер әкең тірі боп, сенен кешірім сұраса оны кешіре алар ма едің?
- Мен оны баяғыда кешіргем.
- Олай емес сияқты.
- Сіз мені білмейсіз.
- Сен де оны білмейсің.
Шайын сораптап ішті де, сөзін жалғады.
- Адамның ішкі жағдайын тану үшін оның сырт келбетін тану мәндетті емес. Адамның өзімен сөйлесу керек. Ұғысу керек. Сенің әкеңмен жолықпағаның өкінішті-ақ-.
"Гамлетті" көргелі барғанда қасымда бір егде әйел осылай күрсініп еді. Жеңгем маған соны есіме салды.
Дауыс ырғағын жоғалпай келіп;
- Сен ақылдысың ғой, ақылдысың. Бәрін кезегі келгенде түсінесің- деді қайта жайдарланып. - Тек сол кезде мені де кешіре алсаң болғаны...
Мен сол тұста осы әңгімелерден ештеңе ұға алмадым. Ұққым да келмеген шығар, кім білсін. Мен кешіруді оңай екен деп түйдім. Адам ренжіген адамын ұмытса, оған деген өкпе-ренішін де ұмытады деп түсіндім. Қателесіппін. Кешірімді болуды да уақыт үйретеді екен.

*****

Қараша келмесе де, жұтқа ауа кеңсіріккке барып мұз боп қатардай суық тұр. Тек қала болмысы ғана қозғалыстың арқасында бұл самарқау күндерді елемегісі келгендей маңғаз. Бағдаршамның бергі және арғы бетінде үймелескен бір топ адам. Қатал уақыт бәрімізді тықсыра қуып, бағдаршамның қызыл түсіне әкелген. Әрі қарай қанша бағдаршам басып өтеріміз белгісіз. Белгілісі - біз тоқтаймыз, уақыт тоқтамайды. Бізден кейін де осынау ала-құла желекжолдан қаншама адамдар сапырлысып өтіп жатады. Бізден кейін қала жаңа ұрпақтың жүрегімен өз бойына қан тарата береді. Және бәрінің ойында бір сұрақ болады; " бұл күйбең тірліктің күйігі қашан бітеді екен?" деген.
Жолдың келесі бетіне өте бере оң иығыма түскен салмақты сезіп, жылдам бұрылдым. Бетіме қарап жымыңдап тұрған сол баяғы жеңгем. Оқудың әлегімен көріспегелі екі айдың жүзі болған. Ол осы уақыттарда маған қанша рет келіп, қанша рет телефон соққаны есімде жоқ. Енді бетіне қарауға ұялып тұрмын.
- Хәлің қалай, балам ("балам" деп атауды өзі сұраған) - деді ерекше көз қараспен. Ажарын әжім басса да, жайдарлы күлкісін жоғалтпапты. Жымың қағады. Әлде менімен кездескенде ғана осылай күле ме екен?! Біз жақсы көретін адамдарымызды көргенде өзіміздің қалай күліп тұрғанымызды байқамамыз. Дәл сол сәтте өз болмысыңды сартыңнан бақылай алсаң ғой. Өз-өзіңе таң қалар едің.
- Салеметсіз бе?! Жақсымын, өзіңіз?-. Қанша жерден байсалды түр танытсам да, өзімді ересектерге тән ұстай алмадым . Онымды жеңгем де аңғарды білем, сөз ауасын ауыстырып әкетті.
- Көрінбей кеттің. Ауырып қалған жоқсың ба?
- Жоқ. Бәрі жақсы. Тек сол тоқсан соңы, оқу дегендей...
- Әбігерміз де...
- Солай...
- Сабағың енді қалай болып жатыр?
- Екі сабағым ғана қалды. Орыс тілі, алгебра. Соны тапсырсам болды, үйге қайтам.
- Әжеңе ма?
- Иә...
Мен төмен қарап, әңгімені іліп кете алмағаныма сәл қынжылып тұрдым. Ол болса менен көзін алмай тұр. Айналасынан ағылып жатқан адамдарды елер емес.
- Күн суық ғой. Тамағың ауырып қалмасын.
Жылдам мойынындағы қоңыр шарфын шешіп, маған орады. Қысылып тұрмын. Керек емес деуге дәтім бармады. Оның үстіне бойымды әлдебір бұла сезім кернеп, міне,міне көзімнен жас болып ағардай әрең тұрмын. Ата-анадан тұл өскен жетім басым болмашы мейрімге балқып кете барды. Ес біліп, етек жиғалы көрмеген анамды сағындым. Адам болған соң, анадан туған соң оған деген аяулы сезім бәрібір іште жатпай ма. Тек сол сезімді өлтіріп алмау әркімге парыз.
- Ендеше жол болсын - деді жеңгем елжіреп тұрған жаныма үңіліп. - Сабағыңды беске оқы...
Ләм-им деместен, бағытымды бетке алып кете бардым.
- Әжеңе салем айт - деді артымда қалған дауыс. Ол жылап да жылап тұрғандай ма  қалай.

*****
Интернатты тоғызыншы сыныптан тәмәмдап, колледжге түстім. Жаңа орта, бейтаныс адамдар, көз үйренбеген көшелер. Жатырқау мен жалғызсырау кезеңі басталды. Осы сәтімді еске алсам, әр түн сайын жатақхана балконынан дәріхананың қызылды-жасылды жарығына қарап тұрған өзімді көремін. Сондай бір зарыққан күндер еді.
Мектеп бітірген соң жеңгемнен хабар ала алмадым. Тіпті ол жайлы ұмытып та кетіппін. Санаулы ғана достар бас қосып, мектеп бітіргенді тойлап, алдағы өмірдің беташарын жасап тастағанбыз. Енді қарап отырсам қуанатын өмір емес екен. Арттағы өмірмен салыстырғанда қиындығы мол және көңілсіз. Уақыт өткен сайын бәрі қиындайтынын алғаш түсіндім.

- Саған тәтең келіп тұр - деді кезекші қара кемпір қатал. Түнгі он екі жарымда қандай тәтем келгені маған да қызық. Көзімді шала-пұла ұйқалап аштым да, кезекшінің артынан жүрдім.
- Қоймайды екен өзі - деді кезекші сатыдан түсіп бара жатып.
- Кімді айтасыз?
-Тәтеңді айтам да. Басқа кім болушы еді. Сені бір көрмесем кетпеймін деп тұрып алды. Жылауға шақ. Кімің сонша?
- Тәтем шығар.
Кезекші кілт тоқтап, басын шайқады. Күлгенін әлде кейігенін аңғара алмадым. Бірақ "тәтем" оған амал қалдырмағаны анық.
Бірінші қабаттың корридоры жарық тұрады. Қабырғасына тіреп ұзын екі орындық қойған. Жұмсақ, мамық. Бәрі отыруға таласып жатады әйтеу. Сол орындықтың біреуінде басын салбыратып жеңгем отыр. Мені анадайдан танып, атып тұрды да, қарсы жүрді.

Жүгірген сыңайлы ма, әлде сылтып басқаны солай көріне ме, қасыма жылдам жетті. Күтпеген жерден бас салды. Демі жиілеп, жүрек соғысы кеудемді соққылап әкетті. Тұңғыш рет өз жүрегім емес, өзгенің жүрегі менің кеудемді тесіп барады.
Өксігін бас алмай тұрған сияқты. Көп ғұмыр жасап, көп жылаған адамның жайы. Шөл даланы басып өтіп, суға жетуге сәл-ақ қалғанда жығылған жарымжан пенденің хәлі. Арқа тұсы бүлк-бүлк етеді.
Шаштарынан баяғыда үйіне барғанда иіскеген жалбыз гүлінің исі шығады. Және ескі кітаптардың. Осы екеуі ғана оның өміріндегі ғажап дүниелер ма дерсіз. Қалғаны...
- Сені көп іздедім -деді өксігін бас алмай.- Неге жоғалып кеттің?! Неге менің хаттарыма жауап жазбадың?
Мен үндемедім. Ол жауап алу үшін сұрақ қоймаған еді.
- Әжең мені сенен алыстатқысы келеді.
Тағы өксік толы сөздер. - Оның олай істеуге хақысы жоқ. Білдің бе?! Хақысы жоқ.
- Сәл отырып, демалыңыз.
- Сенің де олай істеуге хақың жоқ. Сендер бәрін өздеріңше жорисыңдар. Бәрінің тағдырына сырттан том пішіп, жарытпайсыңдар.
Басын жерден алмай құмығып тағы сөйледі. Бірақ көп сөзін түсіне алмадым (кейбірі тіпті есімде де жоқ).
- Кешірім дегенді білмейсіңдер...
Ол ұзақ жылады. Мен үнсіз тыңдадым. Жұбатуға тиісті едім. Бірақ өмірдің өзі жылатқан жанды өмірдің өзі ғана жұбатады екен. Бұл жағынан тәжірибем жоқ еді.
Ол ұзақ жылады. Сосын көз жасын сүртіп, мені тағы бір құшақтады да, кешірім сұрап, келген ізімен кете барды. Аяғын сылтып басып...
Кейде мазам болмай жайсыз түстер көргенде аяғын сылтып басып, кетіп бара жатқан жеңгемді көремін. Дәл сол ұйпа-тұйпа шашынан жылбыз исі аңқыған, мені шексіз жақсы көретін жеңгемді...
Бұл оның соңғы келуі еді... Одан кейін көріспедік...
 

*****
Маған ешкім туған анамның кім екенін айтқан жоқ. Көлденең сөздер оны "алқаш болған", дейді, "ауру болған" дейді. Қалада ескі пәтерінде асылып өлген дейді. Мүмкін, болса болған да шығар, кім білсін! Ал, мен білетін менің анамның шаштарынан жалбыз гүлінің исі мен ескі кітаптардың исі шығып тұратын... Және ол өз баласын сондай жақсы көретін…


Соңы!
 

Қазақ тілінде жазылған