Адам қарады: 144 | Жарияланды: 2020-09-15 16:17:14

Ауылға бардым...

Мен кеше ауылға бардым...

Қап-қара нөсер жауында қалдым,

Қап-қара дүлей дауылда қалдым!

Қанатым осы ауыл емес пе еді?!

Қанаттың сездім ауырлағанын.

Самғай алмадым... сайрай алмадым,
Тұтылды неге айдай арманым?!
Қара нөсердей көз жасын
тоқтата алмадым!
Қара дауылдай ашуын
қайтара алмадым...

Алпысқа келген ағамды көрдім!
Ағамды көрдім

Тозып, түтілген жағамды көрдім.
Тілім де тілім кезерген еріндерінен,
Жалға берілген даламды көрдім...


Алшаң да алшаң басып жүретін,
Емен де жарқын тасып-күлетін,
Әкім-қаралар ашуландырса,
Қалаға атпен басып кіретін!


Өлермен, өжет ағам бұл менің!
Өкпелі неге, ей, маған? Білмедім...
Қайтарып бер деп талап етті ме,
Даламның кегін?!


Ауылға бардым....
Ірегісінің көрсем де сөгілгенін көп,
Іштей мүжілдім. Егілгенім жоқ!
Бұл жақта түк те өзгермепті әлі,
Ән ұранымның қайырмасы да сол

«Менің Елім, Менің Жерім!», деп!

Ауылдан келдім...
Жүрегім төгіп қара нөсерін,
Ішімде соғып қап-қара дауыл!
Ұйқым бұзылды... Қала. Көше. Түн.
Ойымнан шықпай қойды тек неге?
Бақытын таппаған ауыл...


 

 

Қазақ тілінде жазылған