Адам қарады: 190957 | Жарияланды: 2020-09-15 07:55:15

Пардон, бұл менің орным еді

пардон

бұл менің орным еді

кеше… жоқ әлде…

былтыр ма

ал бәлкім ғасырда мен өткен,

бұл орын менікі секілді еді ғой әуелде

мен тұрып кетіп ем, әлдебір себеппен,

сіз қайдан келдіңіз?

тұрыңыз,

немесе жылжыңыз.

сәл ары,

тағы да,

тағы ары.

кетіңіз

сөкпеңіз

өтініш

мен тұрған маңайда темекі шекпеңіз

 

далада нөлден аз 35 фаренгейт

осынша бір сұмдық бұл неткен кеш, дүлей, дауылдан,

жауыннан жалығып

батыпты

ел мұңға

 

әй қойшы соларды

 

даяшы, кел мұнда,

кел деймін,

тұрмысың естімей,

тұрмысың естімей?

ең арзан шараптан құй қәне,

jack daniels?

құя бер

маэстро, музыка!

ой әкең, тағы да beatles.

тағы да yesterday

 

тағы да өткен күн

тағы да бос ойлар

жүректі байлаулы құлдайын сүйреген

сенбеймін, мен қалай өзіңді өткердім

маңызсыз құндылық билеген

жастық-ай, соншалық дарақы, соншалық көл көсір.

музыкант, мазаққа салмашы

тыңдағым келмейді, өтінем

болды, өшір

 

болды өшір, өтініш,

мына әуен өкініш

әуезі болуға тым тәтті, әдемі,

ал менің өткенім, әдемі...

сұрықсыз...

білмеймін...

барлығын жаратып жер-көктің

біздерге

өзінің қасиетін қимаған құдай да пәтшағар

сол бізге бермеген үлесін беріпті шайтанға

жарайды, даяшы,

мен кеттім,

ақшаны ал,

қалғанын қайтарма

 

шығарып салмағын,

өзім-ақ кетемін,

өзіммен сырласып, өзіме дәлелдеп,

құдайдың дәл мендей есуас екенін,

не дейсің?

хех)

дәл айттың.

ол менің не теңім?

 

айтпақшы,

жаңағы отырған кім еді?

Қазақ тілінде жазылған